ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ БАПКЕРЛЕРІ (жалғасы.)
17.11.2018 0 2 504
Қыдырбек Рысбек
Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан
Жастар Одағы және С.Бердіқұлов
атындағы сыйлықтардың лауреаты,
спорт тарихшысы
АЛТАЙ ТАНАБАЕВ
Қазақ елі ұлттық құрамасының тізгінін ұстағанға дейін бұл азамат қалың жанкүйерге бапкерлік білігімен таныла қойған жоқ. Алтай ұлттық құрамаға келген бойда ұлттық намысты, елдік мүддені ту етіп ұстады. Алтай жеңіс кілті, табыс көзі ұлттық намыс пен тынымсыз ізденісте, табанды еңбекте екенін қапысыз ұққан азамат. Алтай талай жігіттердің қолы жетпей жүрген бас бапкерлікке майлы мансап ретінде қарамады. Бәз біреулер тәрізді бас жаттықтырушылықтың жалына қос қолдап жабысып алып, айрылмас үшін жанталасқан жоқ. Алтай бас бапкерлікке қазаққа қызмет ететін тетік, зор мүмкіндік деп қарады. Қара бақайына дейін қазақи азамат бәз біреулер тәрізді легионерлердің шашбауын көтерген жоқ. Алтай өз бауырын шетке қағып, легионерді арқадан қағуға арланды. Неде болса, қазақ баласының қарымына сенді! Қолда тұрғанда алаш ұландарын қияға қайрап салуды мақсат тұтты. Осы жолда небір қарсылыққа душар болды. Бірақ тіні берік, ділі күшті ер мұзжарғыш кемедей кеуделей, опыра қимылдады.
Алтай Танабаев екі жарым жылдай Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері болды. Алтайдың командасы Азия құрылығы бойынша жүлдегерлер сапына берік орнықты. Бірнеше балуан құрылық чемпионы атанды. Бірнешеуі жүлдеге ілікті. Алтай жастар құрамасының қатпарына енді бойлай бастаған тұста республика күресі жетекшілерінің бірі, дүниежүзілік федерацияның бюро мүшесі Дәулет Тұрлықанов ұлттық құраманың тізгінін ұсынды. Дәулетті Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров қолдады. Сөйтіп, Танабаев ұлттық құрамаға келді.
Бұрын үш ұйықтаса, түсіне кірмеген қызмет. Ердің ері ғана иығын тосуға тиіс жауапкершілік. Келген бойда көптен бері ішін қыжылдатып жүрген тірлікке тәуекел қылды. Ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі жеті балуанның бесеуі кавказ бен саха жігіттері. Ең жеңіл салмақтағы екі спортшы ғана қазақ. Танабаев қатты қорланды. Өзге ұлтты жек көргендіктен емес, қазақ баласы ешкімнен кем емес деген жалтақсыз, өткір сезімге табанын тіреді. «Қазақ күресе алмайды», дегенді кім шығарды?!» деп аһ ұрғанда аузын жалын шарпыған. Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Рамазан Нұрманов ағалары ешкімнің алдында төменшіктеген емес. Олар кімнен кем соқты?! Кімге есе жіберді?! Жер шарын дәргейіне келтірген совет құрамасына алшаң басып, атойлай кірген осы ағалары емес пе? Тау қопарар екпінмен республика спортының басшысына осы сауалды көлденең тастады. «Біз ең алдымен бауырлардың топ жаруына мүдделі болайық. Біз олардың әкесіндей адамдармыз. Жігіттерге теріс қабақ танытпайық. Туғандарымызды сыртқа тепсек, онда жатбауыр болғанымыз. Сырттан біреу келсе, құрақ ұша жөнелеміз. Сол ілтипатты әуелі өзімізге жасайық. Қазақ баласы өзгелер секілді біреуге алақан жаймайды, кісі елінен нәпақа іздемейді. Олардың жалғыз Отаны – Қазақ елі! Елдің намысын ері қорғауы керек!» Жан дүниесі ұлтсыздана бастаған талайларға Алтайдың бұл ұстанымы ұнаған жоқ. Бірақ Танабаев айтқанынан қайтпады.
Әр салмақтағы күшті балуандардың тізімін жасап, аймақтардағы спорт басқармаларына телефон соға бастаған. Аз уақытта жеті салмақтың әрқайсысына 5-6 мықтыдан жинап алды. Нағыз тартыс енді басталды. Ұлттық құраманың жаттығу жиындары жігіттің жігітін анықтайтын бейбіт майданға айналды. Мысалы, 55 келідегі Дәулет Ниязбеков бір жаттығу үстінде жібін үзбей бес балуанмен белдесуге тиіс. Әрқайсысымен екі минуттан айқасады. Сырттай қараған адамға республика ұлттық құрамасының жоспарлы, қалыпты даярлығы. Ал кемерінен ішке үңіліп, қатпарына қол салсаң, бүтін елдің мүдделі азаматтары жұмыла атқаруға кіріскен берекелі тірлік екеніне көзің жетеді. Басшысы Алтай болып еркін күрестің көптен бері бабы тая бастаған шаруасы оңалып, кем-кетігі бүтінделе бастаған.
Алтай бапкер алғашқы күннен құраманың тәртібін нық ұстады. Чемпион мен жүлдегерлер көппен бірдей. Жаттығудан бір минут кешікпейсің, соңынан бір минут ерте кетуге хақың жоқ. Күрес қуған екенсің, бір күнің босқа өтпесін. Әр күнің бір-бір кірпіш болып қалануға тиіс. Балуан әр жаттығудан ой түюге тиіс, әр жаттығу пайдаға аспаса, бәрі бекер. Бас бапкер балуандармен жеке-жеке сырласуға көшті. Әрқайсысының жан дүниесін ұқпаса, маңдай тердің босқа кететінін түйсінді. Жігіттер де ашылып сала берді. Бапкерлер алқасы мен балуандар арасында бүкпесіз, шынайы сыйластық орнады.
Танабаевқа дейін ұлттық құраманы басқарған Бауыржан Нұрмаханов — жігіттің төресі. Иманға ұйыған азамат. «Кеше ғана сенің орныңда отырғанмын» деп, тәкаппарланған жоқ. Құраманың бір қапталын қара нардай сүйреп кете барды. Жұдырықтай ғана Руслан Өмірәлиев күрес десе, емініп, елітіп тұратын қазақ. Біреулер жұмыстан қашса, Руслан жұмыстың соңынан қуып жүреді. Кезінде Совет Одағының балалар біріншілігін ұтқан Өмірәлиев өзі жетпеген биікке шәкіртім жетсе деп, бапкерліктің шыңына өлермендікпен ұмтылған жайсаңның өзі. 2011 жылғы Қазақстан спартакиадасында үш бірдей шәкірті олжа салған Асқар Әбдірашев нағыз ақкөңіл, кең қолтық азамат. Бір кезде құрқылтайдың ұясындай жатақхана бөлмесіне отбасымен бірге соқталдай төрт шәкіртін паналатса, әлі де бар тапқанын солардың аузына тосатын кеңпейіл жігіт.
Осындай ынтымағы жарасқан жаттықтырушылар алқасы 2011 жылы тарихи ерлік жасады. 1997 жылы Мәулен Мамыров дүние жүзі біріншілігінің қола медалін олжалағаннан бері қазақ баласы еркін күрестен әлемдік чемпионаттың тұғырына шықпаған болатын.
Түркиядағы дүниежүзілік чемпионатта бас бапкер Алтай Танабаевтың қос шәкірті – Дәулет Ниязбеков (55 келі) пен Дәурен Жұмағазиев (60 келі) қола жүлдегер атанды. Бұл додаға құрама сапында бес қазақ балуаны қатысты. Екі бірдей бауыр жер шарының ең таңдаулы балуандарының сапына қосылған сәттегі Алтай мен үзеңгілес достарының жан сезімін, ішкі бұлқынысын тілмен жеткізу қиын.
– Қарсыласымен қиян-кескі айқасқа түскен Дәулет Ниязбековке үзіліс кезінде «Дәулет, саған бүкіл қазақ үміт артып отыр. Сен жығылсаң, елге қай бетімізбен көрінеміз. Дәл қазір Жаңақорғандағы ата-анаң, ағайын-туғандарың, достарың қандай халде екенін ойлашы», дедім. Сол мезет Дәулеттің жанары жарқ ете қалды. – Бұл – бас бапкер Алтай Танабаев басынан өткерген көп оқиғаның бірі ғана.
Бұл табыс кездейсоқ емес еді. Алтай Танабаев ұлттық құраманы аяғынан нық тұрғызу үшін көп ізденді. Бір жолы кезіндегі әлемге әйгілі жаттықтырушы, ғылым тілімен айтсақ, күрестің академигі Вадим Псаревке арнайы барды. Сондағы мақсаты: майталман бапкермен асықпай әңгімелесіп, пайдалы кеңес есту болатын. Вадим Александрұлы қарсы болған жоқ. «Бір саған айтқанша, көптің тыңдағаны дұрыс болар. Жігіттерді жина. Таудағы дайындық туралы білгенімді ортаға салайын», деді. Алтай дереу бапкерлердің басын қосты. Вадим Псаревтың лекциясы өте тартымды әрі көңілге қонымды болды.
Келесі жолы әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлықанов Алтайдың өтінішімен дайындық базасына әдейі келіп, құраманың жаттығу жоспарын үстінен қарап берді. Ақыл-кеңесін аяған жоқ.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Таңат Сағындықов, самбоның білікті маманы Михаил Шепетюк, өзінің қадірлі ұстазы Мұсабек Қапанов Алтайдың тілегін жерге тастамай, білгендерін бөлісіп отырды.
Алда – Лондон олимпиадасы. Жігіттер тас-түйін. Бір күні Бауыржан Нұрмаханов жүзінен шуақ шашып тұрып: «Алла жазса, үш-төрт жігітіміз Олимпиада медаліне таласады. Балуандардың бабы жақсы», деді сенімді үнмен. Бауыржаннан мұндай сөзді күтпеген Алтай орнынан атып тұрды.
…2011 жылы Дағыстандағы жаттығу жиынында Ақжүрек Таңатаров екі мәрте Олимпиада жеңімпазы Мәулет Батыровты тас-талқан ғып жеңіп шықты. Алтай сол мезет Ақжүректің ішкі қуатын анық сезінді. Бұл жігіт сұмдық қайратты әрі жүректі екен. Танабаев іштей Лондон олимпиадасына Ақжүректі апаруға бекінді. Бірақ ойын ешкімге білдірген жоқ.
Бауыржан Нұрмахановтың айтқаны айдай келді: Дәулет Ниязбеков пен Дәулет Шабанбай Олимпиаданың қола медалі үшін белдесуде қарсыластарына есе жіберіп, бесінші орынға табан тіреді. Ал Ақжүрек Таңатаров Олимпиада ойындарының қола медалін жеңіп алды. 1996 жылы Атланта ойындарында Мәулен Мамыровқа бұйырған қола жүлдеден кейін қазақтың еркін күрес балуандары 2012 жылға дейін олимпиада медалін ұтпаған еді. Сондықтан Ақжүректің бұл табысы қазақ жанкүйерлерін бір сілкіндіріп тастады.
– Ақжүректің жекпе-жегінен кейін күрес залында Алтай қарсы ұшырасты, – дейді саңлақ журналист Бақтияр Тайжан. – Қуаныштан жылап келе жатыр екен. Мені көрген бойда «Айттым ғой, қазақтан шығады деп, айттым ғой!» деп, құшақтай алды. Қоң етінен ет кесіп алсаң, «қыңқ» демейтін Алтайым екі иығы бүлк-бүлк етіп, солығын зорға басты.
Алтай Танабаев Лондон олимпиадасынан кейін бас бапкерліктен босады. «Іште өкініш қалды, – дейді Алтай көкейдегісін бүгіп қалмай. – Алпыс жылда еркін күрестен бір қазақтың әлем чемпионы болмағаны жаныма батып жүр. Үш-төрт жылда Олимпиада мен әлем чемпионатының үш медаліне қол жеткіздік. Енді бір ышқынсақ, «алтынға» да жетер ме едік…»
Кейін Осетияға жолы түскенде шәкірттері олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының «алтынын» күреп тұрып алған атақты бапкер Қазбек Дедегкаев Алтайдың қызметінен босағанын естіп: «Қазақтар Лондонда керемет күресті. Басшылар сырттан тренер шақырғанша, сенен айрылмауы керек еді ғой», депті өкінішін жасыра алмай. «Ер-жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер», дегенді аталарымыз осындайда айтқан шығар.
Ұлтына деген кіршіксіз махаббатпен қазақтың намысын жоқтаған Алтайдай ерлер тым сиреп кетті ғой…
РУСЛАН ӨМІРӘЛИЕВ
ҚР еңбек сіңірген
жаттықтырушысы
Боз кілемнің еңбек торысы кім, десеңіз, талай бапкердің атын атауға болады. Ал сол азаматтардың қатарында Руслан Өмірәлиевтің орны бөлек. Себебі, Русланның жан-дүниесі күреспен біте қайнасып кеткен. Ол он төрт жасында Алматыдағы республикалық спорт интернатына оқуға түскеннен бері үлкен ортада шыңдала бастады. Сонау Маңғыстаудан күрес қуып келген қара бала уақыт өте келе боз кілемнің қыр-сырына қаныға түсті.
Бала кезінде-ақ Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров секілді атақты балуандардың жолын қууға тәуекел етті. Сол ағалар туралы дерегі бар жапырақтай қағаз көрсе, жатып кеп жабысатын. Ал Руслан үшін Қажымұқан бабасының жөні бөлек. Күш атасының жойқын күші туралы аңызға бергісіз әңгімелер, ел арасына тараған атақ-даңқы кішкентай ғана баланың қиялын көкке шырқатып, намысын шарқайрақтай жани түсетін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары америкалық Дэн Гейблдің даңқы жер жарып тұрды. Ол белдесудің басынан соңына дейін бұғалық бермес шу асаудай арқырай арпалысатын сұрапыл балуан еді. Русланның айтуына қарағанда, Дэн Гейбл күніне он шақырым жүгіруді әдетке айналдырған екен. Жаттығу кезінде бес-алты балуанмен айқасса да шалдықпайды деседі. Олимпиада жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы Павел Пинигин: «Талай мықтымен айқастым. Бірақ Дэн Гейблмен белдескендей шаршаған емеспін», дейді. Олимпиада және әлем чемпионы Дэн Гейбл біздің Русланның да кумиріне айналды. Бозбала Руслан Гейблдей болсам деп, таңмен таласа жүгірді, тау-тау темір көтерді, қатарластарымен қара тер боп тынбай алыса жүріп тастүлек қырандай топшысы беки түскен. Еңбек еш кетпейді екен. Алысқанның көк етін сықпа құрттай сірестіре бүретін қайсар бала Совет Одағының жасөспірімдер біріншілігін қатарынан екі мәрте ұтып алды. «Осылай бұрқыратып, тарта берсем, Олимпиада шыңы да көрініп қалар», деген үмітпен ересектер дуына да екпіндей кірді. Еңку-еңку жер шалып жүріп, талай доданың дәмін татты. Бірақ үлкендер күресіне қарсыласты дегелең қақтырған ұшқырлық пен тас үгітер қайратың аздық қылады екен. Ересектер күресі сыртынан екі адамның қаржысып, тайталасуы тәрізді көрінгенімен, тұнып тұрған ғылым екеніне бірте-бірте көзі жеткен
Руслан үлкен кілемде жайындай жұлқынып, бурадай бұлқынған ердің өзі еді. Қазақстанның ұлттық чемпионатында жеке-дара шықты. Бірнеше ірі турнирлерде топ жарды. Бар бұйырғаны осы екен. Мұндайда адам ойы сан тарапқа шарқ ұрады емес пе. Бір кездегі Шәміл Серіковтың күресі қандай еді, шіркін! Қазір қарап отырса, Русланның Шәміл ағасына еліктеген күндері жайдақ құнанмен құла дүзде дүркірете шапқан сәтке ұқсайды. Шәміл әлем чемпионатында қораға түскен жалғыз жолбарыстай қарсы шыққанды жайпап өтуші еді. Ал Жақсылық Үшкемпіровтың есеп пен дәлдікке, сұмдық төзімге құрылған белдесулері ше? Руслан бұл ағасының күресін де жадына тоқып өсті. Шәміл мен Жақсылықтан кейін Русланның жанын жадыратқан балуан – әлем чемпионы Дәулет Тұрлықанов. Дәулет ағасы мұның көз алдында Еуропа мен Қап тауының жолбарыстай борбаңдап, жонын күдірейте шабынған талай батырын шөкелете еңсеріп, кеуделеріне мінді емес пе?! Тек бұлар ғана емес, жер жүзіне даңқы жайылған ондаған балуанның белдесулері Өмірәлиевтің көкейіне кино лентадай қатталып, жинала берді, жинала берді. Сөйтсе, бұл да тегін емес екен.
Жасы отыздан аса бере іштегі қалың қатпар шоқтана бастады. Иә, Руслан екі мыңжылдық тоғысында тәуекелге мініп, белді шарт буынды. Иығына видеокамера іліп, қолтығына киіз кітабын қысып алып, бапкерлік кәсіпке біржола бет бұрды. Содан ешнәрсеге қайырылған жоқ. Бір жағынан топ баланы жиып алып, баптауға кіріссе, екінші жағынан балуан күрестің ішек-қарнын ақтарып, тас-түйін ізденіске көшті. Аңсары – күрес, көзайымы – балуан балалар. Алдына келген құйтақандай баланың күрес әліппесін дұрыс меңгеріп, күрестің іргетасын дұрыс қалағаны – бапкер үшін ең басты міндет. Руслан бұл іске жанын салып кірісті. Содан жарыстан жарыс, жаттығудан жаттығу… Жұрт күресіп жатады. Күрес залының бір шетінде камерамен кілемді көздеп Руслан отырады. Үйге жетісімен алты қырды көктей созса, таусылмайтын видеотаспаға тесіле қарап отырғаны. Мұндайда Русланға екі-үш сағатың қас-қағым тәрізді. Үйдің тірлігі жайына қалады. Зайыбы «қонаққа барайық» десе, Русланның «қонағы» — таспадағы белдесулер. Талдайды, сұрыптайды, әйтеуір, қызығына тоймайды. Сөйтіп жүріп, бірнеше жылда үйдегі дәу шкаф видеотаспаға толып шыға келді.
Табиғатынан біртоға, салмақты жігіт тұрмыстың, күрестің небір тауқіметін тартса да, таңдаған жолдан тайған жоқ. Жоқ іздеген жолаушы тәрізді кілем үстін шиырлаудан, чемпион іздеуден бір сәт жалыққан емес. Әуелі бір жарым жылдай Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде балаларды тегін баптады.
Сол қарадомалақтардың арасынан Мейіржан Бейсебаев үздік шықты. Әкесі Серік Бейсебаевтан күрес әліппесін үйренген Мейіржан біраз уақыт Русланның үйінде тұрды. Талапты жігіт 2004 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Бұл табыс Русланның рухын көтеріп тастады. Балуан кезінде ұлттық құрамада Нұрғали Рахманқұлов, Тұрарбек Мағажанов, Асқарбек Иманқұловтардан тәлім алған Руслан Өмірәлиев күрестің қиясына қанат қағар ұрымтал сәттің туғанын жан жүрегімен сезінгендей болды. Ол Қаркен Ахметұлы атындағы спорт интернатында кішкентай балалардан дербес топ құрып, жүйелі тірлікке көшті. Сол талапкерлердің ішінде 8-сыныпта оқитын жұқа ғана қағілез бала бапкердің назарын өзіне аудара берді. Бұл баланың аты-жөні – Дәурен Жұмағазиев еді.
Дәурен Жұмағазиев – еркін күрестен 60 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 жыл), Азия чемпионы (2011), Азия чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері (2010). Алматы облысы Шоқан ауылының тумасы. Алғашқы бапкері – Серік Бейсебаев. Руслан бұл баланың бойынан күреске деген керемет құштарлықты байқады. Жаттығу десе, жанып тұрады. Бапкердің тапсырмасына сондай тиянақты. Ұстазы белгілеген жүктемені үнемі асыра орындағысы келіп тұрады. Кейде көңілі қалаған әдіс-айланы бапкеріне көрсетпей, тығылып жасап жатады. Жаттығудан қалу, кешігу деген атымен жоқ. Ең бастысы, қарсыласынан қорқуды білмейді. Кіммен болса да, қасқиып тұрып айқасуға даяр. Руслан мен Дәурен талай соқтықпалы, соқпақсыз өткелдерден бірге өтті. Екеуінің тізе қоса тер төккен жылдары зая кеткен жоқ: Дәурен Жұмағазиев 22 жасында дүние жүзіндегі ең мықты балуандардың қатарына қосылды. Қазақтың еркін күрес тарихында әлем чемпионатының медалін олжалаған әзірге төрт балуан бар. Олар: Мәулен Мамыров, Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев және Ақжүрек Таңатаров. Шәкірті осындай дәрежеге жеткен Русланды еңбегі жанған бапкер десек, сөзіміз қате болмас.
Расул Қалиев – 57 келі салмақта Азия чемпионы (2014), Азия ойындарының (2014) және жастар арасындағы әлем чемпионатының (2011) күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013). Шығыс Қазақстан облысы, Жарма өңірінің тумасы. Спорт интернатына Дәуренмен қатар келді. Қазақи тәрбие бойына сіңген бала еңбекқорлығымен, шыдамдылығымен, мақсаткерлігімен ұстазының ілтипатына бөленді. Расулдың басқа балуандардан ең басты ерекшелігі: жүйкесі берік. Аса жауапты белдесу алдында кей спортшы түні бойы дөңбекшіп шықса, Расул алаңсыз ұйықтайды. Сосын өте жылдам. 2014 жылы Расул Қалиев 57 келі салмақ бойынша дүниежүзілік рейтингте көш басында тұрды.
Қанат Бердиев – 84 келі салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2011). Маңғыстау күрес мектебінің түлегі. Русланның қол астында еркін күреспен сегізінші сыныптан бастап шұғылданды. Қазақстан чемпионатында үздік шыққан Қанат Азия құрлығындағы ең белді балуандардың қатарынан орын тепті. Қанаттың Саха мен Дағыстандағы айтулы халықаралық жарыстарда жүлдегер атануы осы сөзімізге айқын дәлел. Тізеге жасалған отадан кейін Қанат Бердиев бұрынғы бабына келе алған жоқ. Қанат Руслан бапкердің мақтан тұтар шәкірттерінің бірі.
Данияр Қайсанов – 74 келі салмақта Азия ойындарының күміс, Азия чемпионатының қола жүлдегері (2018). Семей өңірінің тумасы. 17 жасынан Руслан Өмірәлиевтің қол астында жаттығады. Мінезі салмақты, жайсаң жігіт. Жасы 25-те. Руслан бапкердің сенім артқан шәкірттерінің бірі.
Жігер Зәкіров – 74 келі салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2015). Алматы облысы, Қарасай ауданының тумасы. Жетінші сыныптан Руслан Өмірәлиевтің қол астында жаттығады. Жасы 28-де. Қазақстанның екі дүркін чемпионы.
Есболат Нұржымбаев – 97 келі салмақта Азия ойындарының күміс жүлдегері (2014). Кереку өңірінің тумасы. Сегізінші сыныптан Руслан Өмірәлиевтің қол астында жаттығады. Жасы 25-те. Белі мен иығының жарақатына байланысты біраз уақыт өз деңгейінде белдесе алмады. Қазір бабына келе бастады.
Руслан Өмірәлиевтің бұл саңлақтардан басқа жастар арасында әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алған Нұржан Ысқақов, Азамат Шағапұлы, Ислам Азизов, Ілияс Жұмай секілді шәкірттері тағы бар. Руслан алдына зор мақсат қойған білікті маман. Ол 2009-2010 жылдары Қазақстан жастар құрамасының екінші жаттықтырушысы болса, 2010-2012 жылдары республика ұлттық құрамасының аға тренері боп қызмет атқарды. Республика спортының басшылары 2013-2014 жылдары Русланға еліміздің бас құрамасының тізгінін сеніп тапсырды. Руслан Өмірәлиев 2017 жылдан бастап Қазақстанның 23 жасқа дейінгі жастар құрамасының бас жаттықтырушысы.
– Шәкірттерім – менің байлығым, – дейді Руслан бапкер. Өтпелі кезеңде жұрттың көпшілігі дүрк көтеріліп, дүние қуған тұста Өмірәлиев боз кілемге қара терін тамшылатып балуан баптап жатты. Соңынан қалың қолдай шәкірт ерткен Руслан бапкер – халқымыздың ардақты азаматтарының санатында.
НҰРҒАЛИ САФИУЛЛИН
ХХ–ХХІ ғасырдың тоғысында қазақ спортының бағына біткен бапкерлердің бірі әрі бірегейі Нұрғали Сафиуллин екені анық. Түркістан топырағында дүниеге келген Нұрғали ағамыз қашан көрсең – қарапайым қалпынан, қазақи мінезінен айнымайтын, жүзі нұр шашып тұратын қызыл шырайлы кісі. Кейде жаттығу жиынына жолымыз түседі. Сондай кезде ағамыз шайын қойып, дастарханын жайып, бәйек боп қалады.
Ғылым тілімен айтқанда «бокстың академигі» дәрежесіне жеткен Нұрекеңде кісімсу, кейбір академиктер тәрізді атағын бұлдап ыңырану, шалқаю атымен жоқ. Уақыты кең болса, Астанадағы бокс орталығынан жарыс өтетін жерге жаяу тартып отырады.
Қысқасы, біз ол кісіні таныған отыз жылдай уақытта бірқалыпты, мұсылмандық сипаттағы қалпынан айныған емес.
Ал шәкірттеріне келсек, кілең тұлпар мініп, ту алған саңлақтар. Енді Сафиуллин шекпенінен шыққан батырларға қысқаша тоқталып көрейік.
Мырзағали Айтжанов – Совет Одағы кубогының күміс жүлдегері (1987), жастар арасында Еуропа(1988) және одақ чемпионы. 2013, 2014 жылдардың қорытындысы бойынша дүние жүзінің екі дүркін ең үздік жаттықтырушысы. Нұрғали аға бір әңгіме үстінде «Менің ең дарынды шәкіртімнің бірі Мырзағали», деген еді. Айтжанов рингтегі айқастарының басым көпшілігін нокаутпен ұтқан шойын жұдырық боксшы. Еуропа чемпионатында қарсыластарын шетінен кескен теректей сұлатып салған Мырзағалиды бокс мамандары «мистер нокаут» деп атағаны тегін болмаса керек. «Жазмыштан озмыш жоқ». Айтжановтан таяқ жеген талай боксшы одан атақ жағынан асып кетті. Бұл жерде Сафиуллин мен Айтжановтың арасын суытып, жас боксшыны ұстазынан айырған кісілердің теріс әрекетін айтуға тиіспіз. Олар Мырзағалиды бокс биігіне жеткізе алған жоқ. «Айтжанов басқа тренерге ауысам дегенде, «кетпе» деуге тәкаппарлығым жібермеді, – дейді Нұрғали Сафиуллин. – Ол кезде жақсы шәкірттерім аз болған жоқ. Соған мастанып, екінші жағынан шәкіртімнің «кетем» дегенін көңілге ауыр алып, лапылдап тұрған өндірдей жасқа «бара бер», дедім. Осы қателігім үшін кейін талай өкіндім».
Мырзағали спорттық норматив тапсырудан Совет Одағы құрамасындағы ең үздік спортшының бірі болды. 100 метрге жарысқанда 11секундтан сәл асып барып, мәреден өтетін. Бұл жүгіруден арнайы дайындығы жоқ бозбаланың нәтижесі. Теннис добын алысқа лақтырудан және ядро серпуден совет құрамасында топ бастады. Ядро серпігенде салмағы 54 келі Мырзағали 90-100 келі жігіттерден кем түспейтін. Ал оның соққысының қуатына ауыр салмақтағы боксшылардың өзі қайран қалушы еді.
26 жасында жұдырықтасуды доғарған Мырзағали Құланов бапкерлік жолды таңдады.
Нұржан Сманов – Азия ойын-дарының жеңімпазы (1994), Азияның екі дүркін чемпионы (1994,1997), Совет Одағы халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері (1991), жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс (1990) және қола жүлдегері (1989).
Бала кезінен қара жұмысқа жегілген Нұржан Нұрғали ағасына бірден ұнады. Еңбекқор, табанды, шымыр бала оқуға да зерек екен. Жарыс пен жаттығу жиындарында қолы қалт еткенде кітап оқиды, сабағына мұқият қарайды. Сафиуллиннің: «Әлсіз, нашар адам ғана үшке оқиды», деген сөзін көкейіне тоқып алған Нұржан мұғалімдерін ренжіткен емес.
Тумысынан алғыр бала Совет Одағының балалар, жастар біріншілігін қатарынан төрт рет ұтып алды. 90-жылы Еуропа чемпионатында топ жарды. Қазақ, совет құрамаларының бапкерлері жұдырықтай ғана Нұржанды капитан ғып сайлады. Екі бірдей құраманың капитаны барған жарысының бәрін еркін жеңумен қатар, сол бәсекелердің ең үздік боксшысы атанып жүрді.
Нұрғали Сафиуллин Нұржанның алысқа сілтейтініне сенімді еді. Бірақ, «Адамның айтқаны болмайды…» екен. Тоқсаныншы жылы 18-дегі көкөрім жігітке демікпе деген ауру жабысты. Бұрынғыдай құйын-перен жүгіру жоқ. Бұрын күш-қуаты бойына сыймай тасып тұратын. Енді жекпе-жектің соңына қарай аяқ-қолы зіл тартып, шалдыға бастайтын әдет тапты. Бірақ еменнің иір бұтағындай бозбала тоқсан бірінші жылы Совет Одағы спартакиадасының финалында уфалық Андрей Пестряевты кәдімгідей тықсырды. Бірақ Мәскеудің қабағын баққан төрешілер Нұржанға жеңісті қимады.
Тоқсан екінші жылы қыста ТМД біріншілігі қарсаңындағы жаттығу жиынында демікпесі асқынып, ауруханадан бір-ақ шықты. Сөйтіп, 1992 жылғы жазғы Олимпиада ойындарынан шет қалды. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады», деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Тоқсан үшінші жылы Пәкістандағы жарыс кезінде ішкен суы таза болмай, жұқпалы дерт жабысты. Қайсар жігіт сонда да алған бетінен қайтқан жоқ. Ұзақ емделіп барып, 1994 жылы қазақ боксшыларынан бірінші болып Азия ойындарында жеке-дара шықты. Тістеніп жүріп Азия чемпионатын жеңіп шықты. Ал бойдағы сырқаттың салдарынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдесі ұстатпай кетті.
Қанатбек Шағатаев – әлем кубогының күміс жүлдегері (1994), Азия ойындарының жеңімпазы, құрылық чемпионы (1994), Совет Одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991).
Алланың жазуымен Қанатбектің талай жекпе-жегін көзбен көрдік. Жайшылықта жаны жайсаң, қарапайым жігіт рингке шыққанда буырқанып, дауылдатып айқасатын. Қолы ұзын, жұдырығы балғадай. Қос білегі алмас қылыштай жарқылдап, шабына сілтегенде еріксіз сүйсінуші едік. Сөйтсек, Қанатбектің де «аяғында тұсау бар екен». Сексен тоғызыншы жылы әскерде жүріп сары ауру жұқтырыпты. Адам бойындағы қуаттың сақталуы, артуы бауырға тікелей байланысты. Ал Шағатаев жиырма екі жасында бауыр кеселіне шалдыққан. Жеті-сегіз жыл Қазбек Мырзақұловта жаттығып, 18 жасында Нұрғали Сафиуллиннің қол астына көшкен Қанатбек 1991 жылы Совет Одағы халықтарының спартакиадасында жеңіске жетті. Біле білсек, бұл жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін ерлік.
1994 жылы Хиросимада екі қазақ боксшысы Азия ойындарының чемпионы атанды. Нұржан Сманов пен Қанатбек Шағатаев. Екеуі де Нұрғали бапкердің шәкірті. Сафиуллиннің сол тұстағы бапкерлік білігін осы деректен-ақ пайымдай беріңіз.
Мұхтархан Ділдәбеков – Сидней олимпиадасының (2000) және әлем чемпионатының (1999) күміс жүлдегері. Азия ойындарының жеңімпазы (1998). Мұхтархан Нұрғали ағасының қол астына 17 жасында келді. Көкпаршы бозбала бұған дейін бокс қолғабын киіп көрмеген еді. «Мұхтарханды көрген сәтте ауыр салмақта қазақтың абыройын асыратын батыр ұлға жолыққанымды іштей сездім, – дейді Нұрғали аға. – Оның басты қаруы – жылдамдығы. 100 метрді 11,15 секундта зулап өте шығады. Жеңіл салмақтағы ұшпа жігіттердің өзі Мұхтарханға ілесе алмайды. Бұған қоса ішкі қуаты сұрапыл. Осы қасиеттерін ескеріп, арнайы дайындыққа кірістік. Мысалы, кубалық Алексис Рубалкабаның бойы 2 метрден асады, салмағы 130 келіге жақын. Мұхтархан оның иығынан ғана келеді (191см, 98 келі). Сидней олимпиадасында Ділдәбеков Рубалкабаны жылдамдықпен алдын орай отырып ұтты. Осының алдында ғана неміс боксшысы Рубалкабаның жойқын соққысынан орнынан тұра алмай қалды. Ал олимпиада басталуға жарты жыл қалғанда Рубалкаба Қарағанды рингінде әлем кубогының жеңімпазы, өзбек Закировты, Азия ойындарының чемпионы Рустам Сайдовты есеңгіретіп тастаған болатын. Мұхтархан болса, Алексистің ауыр соққысына ұрынбай, өте сауатты ұрысты».
1999 жылы Мұхтархан әлем чемпионатының финалында түрік боксшысы Синан Самилмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек Ділдәбековтың басымдылығымен өтті. Бұған дәлел: бес төрешінің үшеуі жеңісті Мұхтарханға берсе, бір төреші екі жақ тең деген шешімге тоқтады. Ал… бесінші төреші 28:12 есебімен таразы басын Самилге аударып жібереді. Қазылар алқасы бес төрешінің жазған ұпайларын есептеген кезде Самил жеңімпаз болып шығады. Сол кездегі бокс ережесінің шикілігінен Мұхтархан қолда тұрған әлем чемпионы атағынан айрылып қалды. «Мұхтарханның жұлын омыртқасында кінәрат бар. Соның салдарынан оң қолымен құлағын ұстай алмайтын еді. Мен жаттығу барысында, бәсеке қарсаңында ту сыртынан қапсыра құшақтап, шалқайта созған бойда жұлқып қаламын. Сол сәтте омыртқасы сырт етіп орнына түседі. Омыртқадағы кінәраттың себебінен ол оң қолмен тура ұра алмайтын. Сол себепті оны қапталдан ұруға, төменнен жоғары оң қолмен орай ұруға бейімдедім». Бұл – Нұрғали бапкер айтқан құнды әңгіменің бір үзігі ғана.
Қанат Ислам – Бейжің олим-падасының (2008) және әлем чемпионатының (2007) қола жүлдегері. Қанаттың әлемдік деңгейдегі боксшы болып қалыптасуына Нұрғали бапкер көп еңбек сіңірді. Бұл туралы Сафиуллиннің өзін тыңдап көрейік: «2001, 2002 жылдары Үрімшідегі жаттығу жиындары кезінде Қанатты көріп жүрдім. Тәрбиелі, жігерлі жігіт. Жеңіске деген құштарлығы керемет. Қарсыластың соққысын қапысыз аңғарады. Бірақ ұрыс тактикасында кемдік бар. 2006 жылы Үрімшіге бапкер болып бардым. Содан бастап Қанатты жүйелі түрде баптай бастадым. Табиғатынан дарынды жігіт айтқаныңды қағып алады, тапсырманы тиянақты атқарады. 2007 жылы әлем чемпионатының жартылай финалында Қанат тай боксшысынан басым болды. Бірақ төрешілер бізге қиянат жасады. Қанат Ислам Бейжің олимпиадасының жартылай финалында кубалық Карлос Бантомен терезесі тең өнер көрсетті…»
Бақыт Сәрсекбаев Олимпиада чемпионы атанғанда Қанаттың өзі жеңімпаз болғандай шаттана қуанғаны әлі көз алдымызда. Мұндай сезім ұлтын құлай сүйетін адамда ғана болса керек.
…Нұрғали Сафиуллин. Жер дүниені дуылдатқан бокс майданында шәкіртінің үстіне төне түсіп: «Оян! Сен қазақ емессің бе?!» деп намысты жаныған бурыл шашты, қызыл шырайлы бапкер әредік есіме түседі. Ол кісінің қазақ боксына, оның ішінде ұлттық құрамаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз…
ӘДІЛБЕК СЕРІКБАЕВ
Жақында Алланың қалауымен Қармақшыға жол түсті. Кәдімгі «Тұрмағанбет бастаған жүз шайырдың ауылы» кейінгі жылдары балуандарымен де әйгілі бола бастаған. Сол балуандардың ұйытқысы, балпаң басқан батырлардың ұстазы Әділбек замандастың тірлігіне сырттай тілеулес боп жүр едік, енді, міне, боз кілеміне береке дарыған Қармақшыда құрыш білек, бекем бел бауырлармен жүздесудің реті келді.
Әділбек Үргенішбайұлының айрандай ұйыған балуан шәкірттерімен дидарласудың өзі бір ғанибет екен. Кілең ауыл иісі аңқыған өзіміздің балалар. Әділбек балуандардың туған әкесі тәрізді. Аудан орталығы үшін құлашы кең, еңсесі биік күрес сарайынан көңілге жайлы леп еседі. Ұстаз бен шәкірттер арасындағы жарасым, шынайы сыйластық табалдырықтан ішке аттағаннан бірден аңғарылды.
Жаңа ғасыр тұсау кескеннен бергі кезеңде Қызылорданың самбосы мен қазақ күресін өрге сүйреп, кейінгі жылдары дзюдоның да иық тұсына білек арта бастаған «Қармақшы» клубының нәтижелері талай облыстағы спорт басшыларының ұятына тұз сепкендей. Нақтылай айтсақ, Әділбек Серікбаевтың шағын командасы небір іргелі облыстардың шамасы жетпейтін асуларды бағындырып жүр. Сөз құрғақ болмасын, Әділбек Үргенішбайұлы баптаған Қызылорда облысы (негізі қармақшылықтар) қазақ күресі құрамасының кейінгі он жылдағы басты нәтижелеріне назар салайық:
2007 жыл. ҚР жазғы спартакиадасы. Қызылорда облысы, командалық 1-орын;
2009 жыл. Ауыл спортшыларының республикалық «Ақбидай» спартакиадасы. Қызылорда облысы, командалық 1-орын;
2010 жыл. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін спартакиада. Қызылода облысы, командалық 1-орын;
2013 жыл. Ауыл спортшыларының республикалық «Ақбидай» спартакиадасы. Қызылорда облысы, командалық 2-орын;
2014 жыл. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін спартакиада. Қызылорда облысы, командалық 2-орын;
2015 жыл. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан Республикасының кубогы. Қызылорда облысы, командалық 1-орын;
2015 жыл. Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының кубогы. Қызылорда облысы, командалық 2-орын;
2017 жыл. Ауыл спортшыларының республикалық «Ақбидай» спартакиадасы. Қызылорда облысы, командалық 1-орын.
Осы жерде мына деректі де келтіре кетейік: 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан Республикасының кубогында топ жарған Қызылорда командасының сапындағы 9 балуанның бәрі «Қармақшы» клубының спортшылары. Жоғарыдағы олжалы бәсекелердің бәрінде қармақшылықтардың үлесі басым болғанына жарыс протоколдарын парақтап отырып көз жеткізуге болады.
Біз Әділбек пен оның командасының ұлттық күрестегі жеңістеріне аздап тоқталдық. Серікбаевтың қазақ күресімен қатар самбо және дзюдо күресінен ел намысын жоғары ұстап жүрген шәкірттері аз емес. Енді Әділбек Серікбаевтың әлем және құрылық деңгейінде олжа салған ұландарына кезек берейік:
Бауыржан Райысов – қазақ күресінен дүние жүзінің чемпионы (2008 ж.) және қола жүлдегері (2010), Азияның жеңімпазы (2010), самбодан Азия чемпионы (2006), құрылық біріншілігінің күміс жүлдегері (2004). А. Харлампиев мемориалында үшінші орынға ие болды. Қазақ күресі және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ғалымжан Абдрахманов – қазақ күресінен дүние жүзінің чемпионы және «Еуразия барысы» турнирінің жеңімпазы (2014), самбодан Азия чемпионы (2018) және құрылық чемпионатының қола жүлдегері (2015). Қазір дзюдо күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында белдесіп жүр. Қазақ күресі және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Алмат Қодаров – самбодан Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2000, 2001). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Мейіржан Қуанбаев – қазақ күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2008), Азия чемпионы (2007), самбодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2008). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Динара Қодарова – самбодан Азияның 2 дүркін чемпионы (2012, 2018). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Дархан Сержанов – самбодан Әлем кубогының жеңімпазы (2007), Азия чемпионы (2010). Азия чемпионатының күміс (2006) және қола (2007) жүлдегері. Дзюдодан әлем кубогы жарысында үшінші орынға ие болды (2010). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Айбек Серікбаев – қазақ күресінен жастар арасында әлем және Азия чемпионы (2011). Қазақ күресі, самбо және дзюдодан Қазақ елінің бірнеше дүркін чемпионы. Қазіргі таңда 100 келі салмақ бойынша Қазақстан дзюдо құрамасындағы ең таңдаулы балуанның бірі.
Еламан Ерғалиев – қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы (2017). Дзюдо күресінен Азияның жастар біріншілігінің (2013) және Еуропа кубогының күміс жүлдегері (2015).
Еламан Қармақшының тумасы. Қызылорда облысы құрамасы сапында бірнеше жыл Әділбектің қол астында тер төкті. Е. Ерғалиевтің жеке жаттықтырушысы Дархан Әлмаханов – Әділбек Серікбаевтың төл шәкірті.
Нұрым Сәлімгереев – самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегері (2014).
Ерлан Жақсыбеков – дзюдо күресінен Азияның жастар чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері (2012, 2013).
Бұл балуандар – Серікбаев бапкердің сүт бетіне шығар қаймағы деуге татитын өрендер. Ал жоғарыдағы үш күрес түріне белбеу күресін қосқандағы қармақшылық Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлерін түгендесек, он саусақты он қайтара санасақ та тауыса алмаймыз. «Кейінгі жылдары Қармақшыны «шайырлар мен балуандар ауылы» деп айтатын болды, – дейді Әділбек Үргенішбайұлы жанары ұшқын атып. – 2000 жылдардың басындағы бір алқалы жиында «100 шайырдың кіндік қаны тамған Қармақшыдан 100 спорт шеберін баптаймыз», деп жерлестеріме уәде берген едім.
Қазір спорт шеберінің қатары 80-нен асты. Құдай қаласа, айтқан межеге жетеміз. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов спортшыларды қолынан келгенше қолдап отыр. Ол кісіге шәкірттерім мен жанкүйерлер атынан алғысымды білдіремін. Қармақшылық азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, осындай дәрежеге жеттік. Ендігі мақсат: жеңіс жолын бұдан да биік белестерге көтеру».
«Қармақшы» спорт клубы қазақ күресінің жанашыры, ұлттық мұра десе, ішер асын жерге қоятын Рзақұл Нұртаев аудан әкімі болған кезде өмірге келіпті. Бұл жайында Әділбек Үргенішбайұлы былай дейді: «Рзақұл аға клубтың құжаттарын Астанаға әдейі барып, реттеп әкелді.
Сол кісінің тікелей атсалысуымен бір бақуатты азамат автосервис орталығы жасаймын, деген ғимарат балуандарға бұйырды. Елге тіреу болар осындай азаматтың жәрдемімен Қармақшы күресі қанатын жая түсті».
Біз барған кезде Әділбектің үйінде төрт балуан тұрып жатыр екен. Мейірбек Орынғалиев сонау Ақтөбеден Әділбек ағасынан тәлім алу үшін арнайы келіпті. Сұңғақ бойлы бозбаланың арманы – алты алаштың намысын асырар балуан болу. Мейірбекпен бірге көрші Арал ауданының Тасбөгет ауылынан Ринат Тоғызов, Қызылқұм баурайындағы Майлыөзектің тумасы Әлмахан Спандияр, қызылордалық Арман Жалғасбекұлы Әділбектің шаңырағына ат басын тірегелі бірнеше жыл болыпты. «Бұл балалар зайыбым Гүлнар екеумізге туғанымыздай болып кетті, – дейді Әділбек бүкпесіз көңілден. – Балалардың жағдайы болмаған соң оқу ақыларын, тамағы мен киімдерін өзіміз көтеріп отырмыз. Аллаға шүкір, Гүлнар мен ауырсам – бірге ауырады, жадырасам – бірге жадырайды. Шәкірттердің аяқ-қолы ауырса, емдеп береді.
Кейде қаржыдан қысылсақ, ұннан неше түрлі тамақ жасап, балаларды тойдырып отырғаны. Үйдің жанында аздаған жеміс-жидегіміз бар. Гүлнар содан тосап дайындап, шәкірттерімнің бойында витамині толыса түссін деген ниетпен күздің қара суығы мен қыста оларға вареньемен ыстық шай береді.
Өзім ауылдағы құдайы астарға бара қалсам, балаларға деп қазы-қарта, жал-жая, тәтті-жұмсақ әкелетін әдет таптым…» Атам қазақ мұндайда «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», деген. Немесе «Еріне жаққан әйел елге де жағады, Ерін баққан әйел елін де бағады», деп түйіп айтқан. Қырғыз, өзбек құрамалары Қармақшыға келсе, түсетін үйлері Серікбаевтың отбасы. Әділбек пен Гүлнардың шаңырағы – есігі жабылмайтын, қонағы арылмайтын құтты орда екенін күрестің басы-қасындағылар әлдеқашан мойындап қойған.
Кешегі совет өкіметі қирап, қазақ өкіметі орнаған өліара кезеңде Серікбаевтың он шақты шәкірті ұзақ жыл осы шаңырақтан түскі, кешкі асын ішіп отырыпты. Топ балуанның күнде кіріп-шығатынын байқаған көршілердің бірі: «Әділбектің үйі күшті балуандар шығаратын завод па?» депті сүйсінгенін жасыра алмай. Сол – басыңа тартсаң, аяғыңа; аяғыңа тартсаң, басыңа жетпеген кездің өзінде Әділбек пен Гүлнар бірнеше баланы Алматы мен Қызылорданың жоғары оқу орындарында өз қаржыларына оқытқан екен.
Екеуі байлыққа мелдектеп, кеңірдегінен кеп отырса, бір сәрі, Әділбек шәкірттері қызылсыраған сәттерде разьезде мал бағатын әкесінің талай тайыншасы мен қошқарын сойып тастапты.Ұлдарын бетінен қақпай, қолдағы аз ғана малын мың бастан кем көрмеген Үргенішбай ақсақал мен Тамара әжемізге Алла разы болсын, дейміз.
Әділбек сырттай үстірт қараған адамға қарапайым тренер, ал ішкі жан дүниесіне, тірлігіне терең үңілер болсаң – соңынан қалың қол еретін кең қолтық қазақтың нақ өзі!
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 575
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 7 483
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 829
ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ
Авг 29, 2020 0 12 437
ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Мар 13, 2019 0 15 699
ҚАЗАҚТЫҢ АЯУЛЫ ТҮСТЕРІ
Дек 4, 2024 0 3
АВТОПОРТРЕТ
Дек 4, 2024 0 4
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.