ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЖӘНЕ «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ– 2020» ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЖӘНЕ «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ– 2020»
Жанна ИМАНҚҰЛ, «Жалын» журналының қызметкері Қазақстан Республикасының Еңбек туралы Заңында «еңбек қатынастары – тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негізінде белгілі бір еңбек... ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЖӘНЕ «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ– 2020»

Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері

Қазақстан Республикасының Еңбек туралы Заңында «еңбек қатынастары – тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негізінде белгілі бір еңбек қызметін жүзеге асыруы жөнінде туындайтын жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастар» деп көрсетілген. Еңбеккке қабілетті адамдарды жұмыспен қамту, сол атқарған жұмысына сай еңбекақы төлеу маңызды мемлекеттік мәселе.
Өндіріс факторларының нарықтары – бұл сұраныс пен ұсыныстың өзара әрекеті нәтижесінде жалақы, пайыздық кіріс пен рента формасында еңбекке, капиталға және табиғи ресурстарға бағалар қалыптасатын нарықтар. Өндіріс факторларының нарығы адамның күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарлар өткізілетін кәдімгі нарықтан (тауарлар мен қызметтер) сатып алушылары жеке және өндірістік мақсаттағы әртүрлі тауарларды өндірушілер болып табылатындығымен ерекшеленеді.
Экономикалық ғылым өндіріс факторларының (ресурстарының) төрт тобын бөліп көрсетеді: еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік. Факторлық нарықтардың ішінде еңбек нарығы ерекше орынды иеленеді.
Еңбек нарығы – негізгі тауар – еңбек күшін айналымға жіберуге байланысты экономикалық қатынастардың жиынтығы. Жұмыс күші – адамның еңбек ету қабілеті, адам өз қызметінде пайдаланатын дене және рухани қабілеттіліктерінің жиынтығы. Еңбек – бұл оны иеленуші адамнан бөлінбейтін жалғыз тауар. Иеленуші-адам сату сатып-алу объектісі болып табылмайды, яғни жұмысшы емес, оның еңбекке қабілеттілігі сатылады және сатып алынады.
Еңбек нарығының ерекшелігі мынада: оның реттегіштері тек экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық факторлар болып табылады. Олар ұдайы өндіріс сипаты мен және тауар ерекшеліктерімен, жұмыс күшімен байланысқан.
Еңбек нарығының мынадай ерекшеліктері бар:
•Тауарға – жұмыс күшіне меншіктік құқық оны иеленушіден бөлінбейді, яғни сатып алушы (жұмыс беруші) көптеген тауарлардың бірі ретінде жай ғана жұмыс күшін сатып алмайды, сондай-ақ адаммен істес болады.
•Сатушы мен сатып алушының өзара қатынасы ұзаққа созылады, яғни еңбек нарығында сатушы мен сатып алушының өзара қатынастары қызметкерді жалдау шарты жасалған уақытқа дейін жалғасады.
•Жұмыс күшінің әртүрлі кәсіптік-біліктілік деңгейі, технологиялармен, еңбекті ұйымдастырудың саналуандылығы, жалдаудың келі-сімшарттық (контрактілік) жүйесіне көшу және т.б. тауар-жұмыс күшін сатып алу кезінде мәмілелерді жекешелендіру қажеттігін туындатады.
•Еңбек нарығына кәсіптік одақтардың, еңбек заңнамасының, жұмыспен қамту мен кәсіптік дайындықтың мемлекеттік саясатының, кәсіпкерлер одақтары мен басқаларының елеулі ықпал етуі.
•Ақшалай емес факторлар – жұмыстың күрделілігі мен беделділігі, еңбек жағдайлары, оның денсаулық үшін қауіпсіздігі, жұмыспен қамту мен кәсіптік өсуге кепілдіктер, ұжымдағы моральдық ахуал және басқаларының орын алуы.
Еңбек нарығының мәні оның қызметтерінен көрінеді. Еңбек нарығының негізгі екі қызметі ажыратылады:
•экономикалық функция, ол еңбекке қабілетті халықты ұдайы өндірудің оңтайлы үдерісін қамтамасыз етуді білдіреді;
•әлеуметтік функция, ол табыстар мен адамдар әл-ауқатының қалыпты деңгейін қамтамасыз етуден құралады.
Еңбек нарығының субъектілері. Экономикалық түсінік ретінде еңбек нарығы бір мезгілде тауарды сатушылар болып табылатын оның иелері (жалдамалы қызметкерлер) мен сатып алушылар (жұмыс берушілер) арасындағы өзара қатынастарды бейнелейді. Қоғам үшін бұл өзара қатынастардың ерекшелігі мен маңыздылығына байланысты олар еңбек заңнамасында заң жүзінде ресімделеді. Осылайша еңбек нарығының субъектілері кәсіпкерлер (ірі, орта, ұсақ фирмалар), жалдамалы қызметкерлер, кәсіподақтар, сондай-ақ өзінің уәкілетті органдарымен бірге мемлекет болып табылады.
Кәсіпкерлер мен жалдамалы қызметкерлердің еңбек нарығында бастапқыда әртүрлі мүдделері болады. Кәсіпкерлік сектордың мақсаты жұмыс күшін тиімді пайдалану арқылы пайданы барынша арттыру болып табылады.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіретін тікелей субъектілер жалдамалы қызметкерлер (жұмыс күшін иеленушілер) табыстардың артуына, еңбектің қауіпсіз жағдайларының қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік кепілдіктердің жақсартылуына мүдделі. Еңбек нарығының қызмет етуі бұл мүдделердің теңгерімін қолдау үшін қажет. Жалдамалы қызметкерлердің мүдделерін қорғау үшін әртүрлі институттар әрекет етеді. Еңбекшілдердің неғұрлым бұқаралық ұйымдары – кәсіподақтар, әдетте, әлеуметтік-экономикалық мүдделердің ортақтығы бойынша құрылады.
Мемлекеттік органдар еңбек нарығында мемлекеттің әлеуметтік саясатын, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету соңғы есепте, еңбек нарығының қызмет ету тетігін жетілдіру мақсатында әрекет етеді. Жұмыс күші нарығының субъектісі ретінде мемлекет мынадай қызметтерді атқарады. (5-сурет)
Еңбек нарығының құрамдастары. Еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс, ұсыныс және баға қалыптасады, бұлар осы нарықтың негізгі құрамдастары болып табылады.
•Еңбекке сұраныс – еңбек нарығында ұсынылған жұмыс күшіне деген қоғамдық қажеттіліктердің жалпы көлемін бейнелейді.
•Еңбек ұсынысы – халықтың саны және құрамымен (жынысы, жылы, білімі, кәсібі, біліктілігі және т.б.) сипатталатын жұмыс күшінің жалпы саны.
•Жұмыс күшінің бағасы (жалақы).
Еңбекке сұраныс жұмыс берушілердің тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру үшін қажетті қызметкерлерді қажетсінуін білдіреді. Еңбекке сұранысты бос жұмыс орындары, сондай-ақ жұмыс берушіні қанағаттандырмайтын қызметкерлер орнына оларды алмастырушылар іздестіретін жұмыс берушілер қалыптастырады.
Еңбекке сұраныс бәрінен бұрын оған төленетін еңбек нарығының ақылық деңгейіне байланысты болады. Еңбекке сұраныс пен оның бағасы жалақының өзара байланысы еңбекке сұраныс заңымен білдіріледі, оған сәйкес жалақы өскен кезде кәсіпкерлер тарапынан еңбекке деген сұраныс азаяды. Бұл өзара байланыстың кескіндік бейнесі еңбекке сұраныстың қисық сызығы деп аталады.
Еңбек бағасынан бөлек: демографиялық факторлар (туу, өлу) еңбек ресурстары әртүрлі әлеуметтік топтарының экономикалық белсенділігі, зейнеткерлік жас, халықтың көші-қоны, кәсіподақтардың белсенділігі және т.б. факторлар ықпал етеді.
Жалақы.
Номиналды және нақты жалақы.
Жалақы – бұл қызметкерге еңбегі мен жұмыс күші үшін берілетін төлем. Ол номиналды және нақты жалақы болып бөлінеді. Номиналды жалақы – бұл қызметкердің өз еңбегі үшін алған ақша сомасы.
Нақты жалақы – бұл номиналды жалақыға сатып алуға болатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалар жоғары болған кезде номиналды жалақы (ақшаның жалпы сомасы) өседі, ал нақты жалақы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағаларының жылдам өсуінен төмендейді.
Жалақының шамасына жалдамалы қызметкердің жасы, оның білімі мен кәсіпқойлылығы, еңбек қызметінің өтілі, қызметкердің біліктілігі, орындайтын жұмысының сапасы мен мерзімдері және т.б. сияқты көптеген факторлар әсер етеді. Сондай-ақ жалақының жалпы көлеміне кәсіподақтар да ықпал ете алады.
Кәсіподақтардың еңбек нары-ғындағы рөлі. Кәсіптік одақтар не кәсіпорын, не сала, не белгілі бір кәсіп қызметкерлерін біріктіреді. Кәсіподақтың мақсаты – өз мүшелерінің жалақысын барынша арттыру, олардың жұмыс жағдайларын жақсарту және қосымша төлемдер мен жеңілдіктер алу.
Кәсіподақтар еңбек ұсынысы мен оған сұранысты тікелей реттей алмайды. Осыған байланысты жұмыс күші нарығында делдалдық қызметтерді жүзеге асыратын арнаулы мекемелердің рөлі күшейеді.
Еңбек биржасы және оның қызметтері. Еңбек биржалары – бұл еңбектік жалдау кезінде жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы делдалдар болып табылатын мекемелер.
Бұл мекемелер, әдетте, мемлекеттік мекемелер болып табылады. Еңбек биржаларының екінші аты – жұмыспен қамту қызметі. Жұмыспен қамтудың мемлекеттік қызметтерімен қатар толып жатқан жекеменшік делдал фирмалар бар, заманауи нарықтардағы олардың тиімділігі айтарлықтай жоғары.
Бүгінгі күні қазақстандық іс-тәжірибе үшін жұмыспен қамту проблемаларын шешуде компьютерлермен жарақталған жұмыс орындарының қорларын жасау жөніндегі шетелдік тәжірибе өзекті болып табылады, ол жерде бос жұмыс орындары мен жұмыс күшінің ұсыныстары туралы ақпарат жинақталады. Жиналған мәліметтер кәсіпкерлерге де, жұмыссыздарға да ұсынылады.
Жұмыспен қамту 2020 — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты — жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.
Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.
Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру барысында елде қарқынды дамушы еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі мен жұмыспен қамту деңгейі тұрақты өсуде. Соңғы 10 жылда жұмыспен қамтылған халық саны 6698,8 мыңнан 8141,4 мың адамға артты, ал жұмыссыздық деңгейі 2010 жылғы 12,8 %-дан 2017 жылдың соңында 5,5% төмендеді.
Жол картасы шеңберінде жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы шараларын әзірлеу және іске асыру әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерімен байланысты уақытша экономикалық қиындықтар кезеңінде (2008 – 2010 жылдар) де жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшу, бір жағынан, жұмыспен қамтудың одан әрі өсу мүмкіндіктерін кеңейтеді, екінші жағынан – еңбек нарығына жұмыс күшінің ішкі резервін тартудың, еңбек ресурстарының сапасы мен экономикалық белсенділігін арттырудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және іске асыруды талап етеді.

Бағдарламаның негізгі міндеттері
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен нәтижелі қамтылуға тарту;
Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту;
Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Бағдарламаны жүзеге асыру:
1 кезең – 2011 (пилоттық)
2 кезең – 2012 – 2015 жылдар
3 кезең – 2016 – 2020 жылдар

Нысаналы индикаторлар
Жұмыспен қамту-2020 бағдарла-масында көзделген міндеттерді іске асыру барысында 2019 жылға қарай мынадай нәтижелерге қол жеткізілетін болады:
Бағдарламамен 1,5 млн. дейін адам қамтылатын болады;
Кедейлік деңгейі 8,2 %-дан 6 %-ға төмендейді;
Жұмыссыздық деңгейі 5,5 % аспайтын болады;
Жұмыспен қамтылған халық құрамындағы өз бетінше жұмыспен айналысушылардың үлесі 33,3 %-дан 26 %-ға төмендейді;
Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 20% құрайтын болады деп жоспарланып, сол жоспар бойынша нақты жұмыстар жасалып жатыр.
Еліміздегі ең ірі екі қаладағы еңбек нарығы туралы статистикалық деректерге үңілсек, Алматыдағы еңбек нарығының негізгі динамикасы – сауда секторына тиесілі болған. Қала экономикасының өсуі мен жұмыспен қамтылған азаматтар көрсеткішінің 50 пайызы аталған сектордың еншісіне тиесілі.
Ал Елордамыз Астанада жалдамалы және тұрақты еңбек нарығының динамикалық қозғалтқышы – құрылыс секторы болып табылады. Бұл Астана қаласындағы жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша, еңбеккерлер өсімінің 20 пайызын құрайды екен.
Жастарымыз жыл сайын мыңдап оқу бітіріп, диплом алады. Бірақ көп жағдайда ол маманға сұраныс жоқ болып, жастар жұмыссыздардың қатарын толықтырып жатады.
Бұл жағдайда жастарға білім беру, кәсіпке баулу барысында еңбек сұранысына сай мамандық алуларын қамтамасыз ету керек.
Жастар жұмыссыздығы өте өзекті мәселе. Жұмыссыздық қоғамда, елдің дамуында үлкен дағдарыстар тудырады. Оның себептерін тек бір жақты қарауға болмайды, өйткені олар сан алуан. Жастар жұмыссыздығының басты себебі – оқу орындарының еңбек нарығының талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас – мамандарды бірден қабылдай қоймайтыны. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде көрініс беріп жатыр. Бұл дағдарыстарды шешетін дуальды жүйе елімізде жаппай ендіріліп жатқаны қуантады. Өйкені, бұл жаңашылдық жастарды жұмыссыздықтан арылтып, жылдам әлеуметтенулеріне жағдай жасайтын бірден бір мойындалған жүйе.
«Жұмыспен қамту-2020 бағдарла-масы» бойынша жаңа жұмыс орындарын құру, әсіресе ауылшаруашылық саласында бизнес ашуда көп жеңілдіктер жасалған.
Даму жағдайы орташа аудандар мен шағын қалалардың әлеуметтік жағдайын, халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген бұл бағдарлама негізінде жұмыс істеген жандар аз уақытта үлкен жетістіктерге жете алады.
Бұған себептер – шағын несие беру шарттарының барынша жеңіл болуы;
Оқыту және жұмысқа орналасу жүйесінің тиімділігі;
Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу;
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы ауыл тұрғындары мен жастардың бойына ертеңгі күніне деген сенімділікті ұялатып үлгерді. Жұмыссыз жүрген жастар осы бағдарлама арқылы жұмыс тауып, кәсіп ашсам дегендер аз пайыздық мөлшерлемемен қаражат алып, кәсіптерін бастап, пайда тауып жатыр.
Елдегі еңбек нарығы мен сұранысқа ие бағыттарды болжап, болашақ үшін ауқымды бағдарлама қабылдап, оны жүзеге асырып жатқан жобалар жалғасын таба берсін.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *