Бас қала құрылысы тоқтамайды Бас қала құрылысы тоқтамайды
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ, тілші              Астана құрылысы ешуақытта бәсеңдеген емес. Қашанда қарқынды. Ол болашақта да бір сәтке тоқтамайды. Өйткені халық... Бас қала құрылысы тоқтамайды

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ,
тілші

             Астана құрылысы ешуақытта бәсеңдеген емес. Қашанда қарқынды. Ол болашақта да бір сәтке тоқтамайды. Өйткені халық саны көбейген сайын қала аумағы да кеңіп барады. Сәт санап шаһарда зәулім ғимараттар бой көтеріп, тұрғын үйлер мен балабақша, мектеп, емханалар да жылдан-жылға арта түсуде.

Астана құрылысына 2,3 триллион теңге жұмсалды

            Баспана қашанда кімнің болмасын басты мәселелерінің бірі екені белгілі. Ал бас қалада мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар қатары 45 мыңнан асады. Жақында бұл сан біраз болсын азайды. Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Қошқарбаев, 50 және 50/1 мекенжайындағы «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде Астана қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша салынған тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 328 отбасы баспаналы болды.
Бұл тұрғыда биыл Астана қаласында барлық қаржыландыру көздері есебінен салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 2 млн шаршы метрге дейін жетеді деп жоспарлануда. Тұрғындардың қажеттілігіне қарай әлеуметтік нысандар да көптеп бой көтеруде. Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, биыл 2 балабақша мен 3 мектеп пайдалануға берілсе, енді тағы 3 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бас қаланы салуға 20 жыл ішінде 2,3 трлн теңге жұмсалғанын атап өткен -болатын. Сондай-ақ, 1997 жылмен салыстырғанда биыл қала экономикасы 5,3 триллион теңгеге жетіп, 20 жыл бұрынғы инвестиция көлемі 50 есеге артқанын, Астананың дамуына жұмсалған мемлекет бюджеті 3 үш есе өсіммен толыққанын айтқан Үкімет басшысы мұның барлығы Мемлекет басшысының жемісті еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.

                 Үштен бір бөлігі салынды

              «Астана бас жоспары» ҒЖЗИ» ЖШС директоры Сәрсембек Жүнісовпен елорданың 20 жылдығы қарсаңында болған сұхбатта «қазіргі уақытта Астананың қанша пайызы салынды, қарқынды құрылыс қашанға дейін жалғасады?» деп сұрағанымызда, ол былай деп жауап берген болатын:
– Қазіргі уақытта Астананың үштен бір бөлігі салынды. Алайда қай жылы салынып болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі қала құрылысы бір сәт те тоқтамайды. Мысалы, Мәскеу де әлі күнге дейін салынып жатыр. Онда зәулім ғимараттардан бөлек, бұрынғы бес қабатты үйлер бұзылып, орнына 20-25 қабатты тұрғын үй кешендері тұрғызылуда. Сол сияқты Астана құрылысы келешекте де жалғаса береді. Ескі үйлер күреліп, орнына жаңалары пайда болады. Жалпы, 10 жылдан кейін Астана гүлбақ пен саябаққа бай, жасыл желекке оранған, әсем де жайлы қалаға айналады.
Реновация бағдарламасы бойынша қаланың оң жағалауындағы ескі және апатты үйлер мен ғимараттар сүріліп, олардың орнына жаңа нысандар мен саябақ, гүлбақтар салынуда. Жалпы, 20 жыл ішінде 40-тан аса жаңа гүлбақ пен саябақ салынып, қаланың айналасындағы 40 мың гектардан аса жер орманды алқапқа айналған. Айта кету керек, алғашқы жылдары отыр¬ғызылған ағаштардың биіктігі бүгінде 6-10 метрге жеткен.
Өткен жылы әлем елдері көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің арқасында «Нұр әлем», «Конгресс орталығы» сияқты бірегей ғимараттар тұрғызылып, жаңа қалашық бой түзесе, биыл да елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар нысан пайдалануға берілді. Еліміздің әр аймағы бас қалаға тарту жасап, нәтижесінде шаһарда Жетісу саябағы, Әлия Молдағұлова аллеясы сияқты демалыс орындары мен бірқатар ескерткіш, субұрқақ пайда болды. Сол сияқты аймақтардың Астанаға тартуы жобасы бойынша Есіл өзеніне оң жағалау мен сол жағалауды жалғап жатқан балық тәріздес көпір салынды.
Қазіргі уақытта құрылысы қарқынды Астананың аса жылдамдықпен салынып жатқанына шетелдіктер де таңырқап, таңдай қағуда. «Шетелдік сәулетшілер Астананың сәулетін жоғары бағалайды. Норман Фостер мен Кисе Курокава Астанаға келген сайын қаланың аса қарқынмен өсіп жатқанын, өздерінің төл туындыларын көргенде ерекше сезімге бөленіп, толқыныста болып, шаттанып қалатын», – деді Сәрсембек Жүнісов тағы бір сөзінде.

Тақтайдай тегіс жолдар

Сонымен қатар, ретіне қарай, қалаішілік және қалааралық күре жолдар да салыну үстінде. Қазірдің өзінде Астананың сыртымен өтетін «К-1» және «К-2» деп аталатын екі бірдей айналма жол бар. «К-1» жолының ұзындығы – 86 км. Бүгінде оның үштен бір бөлігі пайдалануға берілген. Алдағы уақытта Тілендиев даңғылынан Қорғалжынға, ол жақтан бірден Қосшы ауылына шығатын жолды салу жоспарланып отырған көрінеді. Мысалы, Алматыдан келе жатқан жүк көлігі айналма жол арқылы қала сыртымен Қарағандыға, Көкшетауға, Қостанайға өте алады. Ал «К-2» айналма жолының ұзындығы – 40 шақырым. 8 жолақтан тұратын бұл жолда бағдаршам қойылмаған. Көрші облыстан шыққан жолаушылар Астананың ішіне кірмей-ақ осы жол арқылы діттеген жеріне жете алады. Бұл белгілі бір деңгейде елорданы көлік түтінінен қорғайды. Бас жоспарға сәйкес, алдағы уақытта осы айналма жолдардың қиылысында жеті ықшам аудан пайда болады деседі. Сондай-ақ, биыл қала әкімінің бастамасымен 56 км веложол салынды.
Қаланы тұрақты дамыту үшін Астана агломерациясының өңіраралық схемасы да әзірленген болатын. Оның құрамына агломерация өзегі – Астана қаласымен қатар, Ақмола облысының Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының 123 елді мекені кіреді. Агломерация аумағының жалпы алаңы 2,2 миллион гектарды құрайды. Мұндағы негізгі мақсат – қолда бар ресурсты пайдалану арқылы елорда және қала маңы тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын бірыңғай қала құрылысы кешенін қалыптастыру. Бұл тұрғыда жақында ғана Астанадан 30 шақырым қашықтықта орын тепкен Ақмола облысына қарасты Қабанбай ауылында испан технологиясымен жұмыс істейтін кірпіш зауыты ашылды. Енді жылына 30 млн қызыл кірпіш шығаратын бұл зауыт елорданың құрылыс индустриясына зор серпін бермек.

«Ақылды» аудан салынады

Байқоңыр ауданының «Жастар» ықшам ауданындағы Бараев, Кравцов, Тәшенов және Хусейн көшелерінің шекарасында «ақылды» аудан салынбақ. Мұның жобасын «Astana Innovations» АҚ жасаған. Ал ондағы «болашақ аралын» құру инвесторлардың қаржысына жоспарланған. Осындай жаңа үлгідегі аудан құру болашақта салынатын ықшам аудандарға бағдар болмақ. Жобаны жасаушылар «Жастар» ықшам ауданын бекерге таңдамаған көрінеді. Бұл орынның қаланың қақ ортасында, ыңғайлы жерде орналасқаны ескерілсе керек. Жобалаушылар мол қаржы жұмсамай-ақ тұрғындарға жайлы, өмір сүруге қолайлы, дұрыс сәулеттік жоспарлау және әлеуметтік технологияларға негізделген «ақылды» аудан құрмақ. Мәселен, «ақылды» ауданда «Smart Metering» жаңартылған су есептегіштерімен «ақылды үй» бой көтермек. Мұндағы энергияны тұтыну, суды пайдалану, жарық және басқа да коммуналдық қызметтерді жаңа технологиямен ұсыну тұрғындарға қаржылық шығындарды еселеп қысқартуға мүмкіндік бермек.
Бұдан басқа, тұрғындардың бір-бірімен және қызмет көрсететін ұйымдармен өзара электрондық іс-қимыл жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс та қолға алынбақ. Осының нәтижесінде үйде болып жатқан оқиғалар туралы құлақтандыруға, қашықтықтан басқаруға, төтенше жағдайда үйді токтан, газ қызметінен шұғыл ажыратуға мүмкіндік тумақ. Қауіпсіздік те қатаң сақталып, ондағы тану камерасы тұлғаны деректер базасымен сәйкестендіріп, базада болған жағдайда ғана есік ашылмақ.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Сарыарқа ауданында гастрономиялық базар салынуда. Құрылысы енді басталып жатқан базардың басқалардан ерекшелігі – сатып алған азық-түлік өнімдерінен сол жерде-ақ кез келген тағамды дайындатып, тамақтануға да барлық жағдай қарастырылады. Ал алдағы уақытта Есіл ауданындағы «Мәскеу» іскерлік үйінің жанынан жеке инвесторлар есебінен 9 қабатты паркинг салынбақ. Бұл нысан көлік нөпірін азайтуға зор мүмкіндік бермек. Сол сияқты «Астана» әлеуметтік корпорациясы жасаған жобалар қатарында заманауи жабық аялдамалар да бар. Жыл соңына дейін қалада осындай 32 аялдама пайда болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта оның бірнешеуі жүзеге асырылған.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *