ӨРТЕҢНЕН ӨНГЕН ГҮЛ ӨРТЕҢНЕН ӨНГЕН ГҮЛ
Сәлиман МҰҚАШҚЫЗЫ этнограф, қолөнер шебері «Сұмдықты сездірген періштем екен…» Бала кезімде апамның көңілінен шықпай қалсам, «Әй, әкесін жұтқан» – дейтін. Бұл сөз жүрегіме тікенектей... ӨРТЕҢНЕН ӨНГЕН ГҮЛ

Сәлиман МҰҚАШҚЫЗЫ
этнограф, қолөнер шебері

«Сұмдықты сездірген періштем екен…»

Бала кезімде апамның көңілінен шықпай қалсам, «Әй, әкесін жұтқан» – дейтін. Бұл сөз жүрегіме тікенектей қадалып, күллі әлемге кектене, әкемді көмекке шақырып, жолын тосып жылап, құмалақ ашып, әбігерге түсуші едім. Жанымдай жақсы көретін әкемді қалайша жұтып қойдым екен деп айна алдында аузымды ашып қарап, түсіне алмай дал болатынмын. Сөйтсем, жағдай былай болыпты. Әкем 1942 жылы (Талдықорған облысы Көксу ауданы Мұқыры аулының «Төшке» деген сиыр фермасының бригадирі менің әкем – Мұқаш Дүйсембіұлы. Мен 1940 жылы ақпан айында туыппын) шілде айында 46 жасында соғысқа алынатын болып, ауыл-аймақ шығарып салу үшін біздің үйге жиналыпты. Әкем үйден шығар алдында:
– Жыламаңдар, жыламай аттанайын, аман-есен келер ме екем… – деп орнынан тұрып, үйдің артында байлаулы тұрған атына міну үшін бір аяғын үзеңгіге салып, екінші аяғын жерден көтере бергенде, төңіректен көрінбей ойнап жүрген мен шырқырап жүгіріп келіп, аттың теріс жақ бауырының астынан кіріп барып, жерден көтеріліп бара жатқан әкемнің аяғын құшақтай алып, жібермей:
– Ата, ата, қайда барасың? Ешқайда бармашы! Мені да ала кетші! – деп жылаппын.
Бір аяғы үзеңгіде ыңғайсыз асылып қалған әкенің аяғын екі жасар сәби құшағынан туыстар зорға босатып алыпты. Шырқырап, әке аяғын етігімен қапсыра құшақтап айырылмайды екенмін.
Осы жағдайды көріп тұрған ел жылап, у-шу болып, көріп тұрған ел күңіреніп сұмдық болды дейтін.
Әкем мені құшақтап, өкіріп жылап, зор дауысты бауырына қысып сүйгенде жыбырлатып, тікенектей қадалған денемді түршіктірген қатты тиген мұрты бар қара шал (бет-бейнесі есімде жоқ) шошынып қосыла шырқыраған сәби даусы, улап-шулаған көп дауыс.
Аспан әлемін күңіренткен осы ғаламат көрініс екі жас бес айлық жас нәрестенің жүрегін дүр сілкіндірген сәт болса керек.
– Ойпырмай, мына жас нәрестенің жүрегі не сұмдықты сезіп тұр екен! Әлде періштесі бір бәленің боларын сездіріп тұр ма? Әшейінде атқа мініп кеткенімде елемеуші еді, мұнысы несі? – депті. Әкем сонан соң мені әлдилеп, көтеріп жүріп ұйықтатып, аттанып кетіпті.
Апам: – Әкеңнің үйден құр сүлдері шықты, сүйретіліп атқа зорға отырды. Ойпырмай, осы жасқа келгелі балаға мейірі түскен ер-азаматты көргенім сонда. Шыбын жаны сенің үстіңде еді. Бар пейілі түсіп, жанын сала жақсы көретін еді, – деп, жүрегі қарс айырыла отырып есіне алып таңғалатын.
Соғыста хабарсыз кеткен қайран асыл әкем! Менің бар айтқанымды орындайды екен. Таңсәріден кетіп, егістікті аралап, түске таман түтігіп, шаршап келгенде мен арсалаңдап, алдынан шыққанымда, алдына отырғызып алып, ары-бері аралатып қайтады екен. Пісірген күлше нанның ортасын дөңгелетіп әкеме алғызып, дөңгеленген нанды білегіме аяғыма киіп, дөңгелек дастарханның үстіндегі тамақты бір жағына ысыртып, үстіне шығып би билеп, ән айтады екем. Қырқынан жаңа шыққан сіңлімді бесіктен әкеме шешкізіп алып, өзімді бесікке бөлетіп, сөйтіп жатып ұйқтайтын көрінем.
– Қойсаңшы, ана шаранаға обал емес пе? – десе, әкем:
– Бесікке жатқысы келіп аңсары ауып тұр ғой, мауқын бассын да, деп мені бесікке бөлеп қояды екен. Аяғым бесіктен тіземнен төмен сорайып шығып жатқанын көрген ел күлетін көрінеді.
Мен екі көзім төрт болып, әкемнің келуін көп жыл күттім, сағына күттім. Сол себепті оны бір күн ұмытпай, дәтке демеу етіп жұма сайын құмалақ аштым. Сейсенбі күні кешкісін құмалақты жастығымның астына жастап жататынмын. Шүберекке түйілген қойдың 41 құмалағы. Сәрсенбінің сәтті күні ертеңгісін, түйіншегімді шешіп, құмалақты уыстап, ары-бері араластырып:
– Ей, Алла, сәтін сала гөр,
Тілегімді бере гөр.
Атамның жолын аша гөр – деп күбірлей отырып, апамды мына құмалағым не деп сөйлеп тұр айтып берші деп шақырамын. Апам көз қиығын тастап, маған бағдарлап қарайды да:
– Кімге аштың? Құмалағыңның түсуі жақсы екен, босағасы берік, жол түсіп тұр, – дейді. Құмалағым болар істі дәлме-дәл болжап, сайрап жатқанына кәміл сенетін мен:
– Әкеме, әкеме! – деймін дегбірсізденіп. Апам еріксіз кеудесін кере ауыр күрсініп алады да:
– Ә-ә! Атаң келіп қалар… – дейді де сырт айналып кетеді. Жақсы сөз естіген сайын елеңдеп, қуанып қаламын. Шынында әкем келе жатқандай, қарасы көзіме көрінгендей әсерге бөленіп еріксіз көшеге шығамын (Жол үйдің іргесінде). Жол торып ары-бері жүріп аламын. Алыста қараңдаған адам болса қарсы жүріп, ауыл адамының бірі екеніне көзім жеткенде көңілім құлазып, өз-өзіме күбірлеп:
– Әкем келеді, қайтсе де келеді, келеді әкем! Әне пәленшенің әкесі келді ғой. Бір аяғы ағаш, енді бірінің қолы жоқ. Тек өзі аман болып, жаралы болса да келсе екен. Мейлі, аяғың, қолың жоқ болса да келші! Өзім асыраймын. аташым-ау! Мен өзіңді қатты сағындым ғой. Күнде жолыңды тосамын, алдыңнан шығып, қатты құшақтағым келеді. Қайдасың? Хат жазшы, өзім барып ертіп келейін. шыдамым жоқ. Білсең ғой, менің қалай сағынғанымды, ә-ке-е-ее, сағындым ғой!
Жігерім құм болып, еріксіз көз жасыма ерік беремін. Салым суға кетіп шаршап, шақырайған күннің шыжыған ыстығынан дел-сал басым мең-зең болып, жадап-жүдеп, пәс көңілмен амалсыз үйге қайтамын.
10-11 жасыма дейін құмалақ аштым. Бір күні құмалағымды жорып бер дегенімде апамның көзіндегі мөлтілдеген жасты байқап қалдым. Сонда ғана апамды қатты аяп, өз-өзімнен қысылып, жүрегім шаншып, денем ұйығандай ыңғайсыз жағдайда қалдым. Осы қылығыммен бала мінезді, ақкөңіл анамның шиеттей үш баламен қалған асыл анам Ұлдан Байрақымқызының жаралы жүрегін одан сайын жаралап жүргенімді түсіндім.
Ұлтымыздың жорамал сенімі, әдет-ғұрпы мен ырымына қарама-қайшы келген менің ісім, әкемнің қатерлі алыс жолға аттанарда жолын бөгеп, шырқырап: «Ешқайда бармашы, мені де ала кетші» деп шаужайына жабысып жібермей, жылағаным, шынында да бір сұмдықтың жаршысындай жамандықтың боларын (екі жас бес айлық сәбиге), бір тылсым күш… – «періштем» сездірген болар… кім біледі!..
Осы күнге шейін сол сәттегі болған оқиға көз алдымда, әкемнің күңіренген зор дауысы құлағымда, әттең-айы көп ой-сана өн бойымда… Туған жер Төшке, алақандай ойпаң жер, белес-белес қыраттар мен биік-биік таулармен көмкерілген табиғаты ғажап сұлу өлке. Әкемнің ізі қалған аймақ та қаз қалпында өшпестей өмір бойына санамда жатталып қалған екен.
Бар ауыртпалық бір өзіне түскен апам байғұс қиналғанда әлгі сөзді айтады екен ғой. Сонда мен өкпелеп, ішімнен «Тұра тұр бәлем, ұрысқаныңды әкеме айтып, тастатармын сені» деп іштей кіжінетін едім.
Аз күнгі әке мейірі бойыма дарытқан еркеліктің, еркіндіктің дәмі таңдайымда қалған маған аса ауыр болды. Әкемді сағынумен, аңсаумен жастық шағым өтті. Соғыс өрті өміріме өшпестей дақ салып, толыққанды әке мейірін көре алмай, бұғып, тұйық, жасық болып өстім.
Туыстардың мейірімсіздігі, өмірдің ыстық-суығы қым-қиғаш жағдай табиғи бойыма біткен көп салалы өнердің тұншығуына себепкер болған сияқты.
Сәби болсам да әрбір жүрегімнің дүрсілін, жан-сезімімен сезіне білген аяулы қорғаушы тірегім, өмір жолын нұсқаушы ұстазым әрі ақылшым болатын әкемнен айырылған соң, шиырланған өмір жолында адасып кеткен сияқтымын.
Ақыл-есі толыспаған жас сәбидің әуеніне төңкерілу, тек үлкен жүректі адамның ғана қолынан келер!..

Сағыныш

Сенбеймін-ау өлгеніне сенбеймін,
Қойып жерге жоқ топырақ салғаным.
Жарты ғасыр санаулы өтсе дағы,
Естіледі құлағыма зарлы даусың.

Осы күнде әкетай мен анамын,
Болсам да ана, мен саған баламын.
Уызына тоймаған қозыдайын,
Аңсап жүрем өзіңді әкетайым.

Жөргегімде үміт маған артыпсың,
Үмітіңді әке қалай ақтармын.
«Ұмытпасын құлыншағым мені» деп,
Дауысыңды құлағыма құйыпсың.

Сағынамын өзіңді, сағынамын,
Есімде шығарып жолға салғаным.
Құлағымда-күңіренген дауысың,
Кеп қалар деп жолыңды тосудамын.

ҚАСІРЕТТІ АНА

1941 жылы көрші кейуананың ұлы үйленіп, келін түсіргеннің ертеңіне соғысқа алыныпты. 1945 жылы соғыс бітеді, бірақ ұл хабар-ошарсыз.
Екі көзі төрт болып баласының жолын тосып сарғаюмен күні өткен ана аса кәрі болмаса керектін. Үміті күннен-күнге бұлыңғырланып, арманы алыстаған сайын алаңдаған көңіл, уайым-қайғы, жегідей жеген ана мен жас келін уақытынан ерте қартайып осы халге жеткен-ау. Шамалап есептегенде келіні сол кезде 26-28 жаста екен.
Кейуана үмітін үзбесе де, келер жолы ұзарып бара жатқан соң, жетім балалар үйінен немістің бір жасар ұлын асырап алып, атын ырымдап Келербек деп қойыпты.
Ақ жаулығы алдыңғы өңірі мен қушиған арқасын жауып, екі бүктеліп, таяғына сүйенген шүйкедей ғана кемпір есік алдына шығып, екінші қолымен көзін көлегейлеп, жан-жағына бағдарлай қарап, іздегені көзіне көріне қоймаған соң, «Келербек, а, Келербек, қайдасың?» деп таяғына қос қолдай сүйеніп, кеудесін көтергендей болады. Көп кешіктей, үрпек сары шашы желкілдеген, жүндес, ақ-сары, қою қасты, көгілдір көзін көлегейлеген қою кірпіктерінің ұштары қайқы, ұйпа-тұйпа, әппақ жалбыраңқы, беті мен мойнына дейін, мұрнының үсті шүпірлеген қоңыр секпіл басқан шикі сары 4-5 жастағы ұл, танауы тершіп жүгіріп келіп, еміренген әжесінің құшағына кіріп кетеді. Шүйіркелесіп қалған әже мен немере тапалтақ кішкене үйге енеді.
Мен 12 жастамын. Мектепке жақын тұратын бауырым Оңғарбектің ұлын көрші балалармен ойнатып жүріп, шақырған соң Келербектің де үйіне кіреміз. Менің көзіме кәрілеу болып көрінген екінші әйел осы үйдің келіні екен. Шәй ішіп отырмыз. Сыртта сытырлағандай дыбыс естіліп еді, кейуана есік жаққа бетін бұрып, «Есікті ашшы. Балам келіп қалды ма?» деп еді, келіні сыртқа шығып қайта оралып, «Ешкім жоқ» деді.
Тым-тырыс. Үн жоқ. Әркім өз ойымен. Үнсіздік…
Осы үйге қанша кірсем сонша қайталана беретін осы жағдайды жүрегім шымырлап отырып байқаймын. Осылайша сырттағы сықырдан үміттеніп, зарыққан, зары өз басымнан өткен маған етене жақын жай еді. Кезінде менің де тағатсыз әкемнің жолын тосқан үмітімді, асыл арманымды еске түсіреді. Бала менің де, қартайған аналардың да аңсары бір арнаға құйылып, екі жүрек тамырының соғысы бір арнада тоғысқандай кейуананың жүрек соғысын, зарын бала болсам да оның көңіл-күйін, күйзелісін қалтқысыз ұғамын, жаным ашып аяймын.
Біздің үй осы жерден қашық. Күнделікті ертеңгісін сағат сегіз болмай мектепке жетер жолда мектепке жақын тұрған үйінің алдындағы биіктеу жерде қарауыл қарап тапжылмай тұрған кейуананың кең пішілген ақшыл ұзын көйлегінің етегін жел кеулеп желпиді.
Ақ жаулығы желбіреп, екі көзін алақанымен көлегейлеп, жол бойына ұзақ қарап тұрған кездері анадайда келе жатқан маған денесі зорайып, алыптай көрінетін. Мен көзімді ала алмай, тапжылмай тұрған тірі жан емес, елес, балбал ескерткішін көргендей таңқалатын едім.
Бүкіл адамзатқа соғыстың салған зілбатпан зардабының қайғы-қасіретін бір өзі арқалағандай құса болған кейуананың қасіретті бейнесі іспетті. Иә, нағыз соғыс қасіретінің символы тірі елес болатын.
Ардақтаған боздағынан айырылып, өмірден баз кешкен, қайғы-қасіретпен, сағынышпен, үмітпен көз жұмған қайран, қасіретті шерменде, асыл ана! Обалың кімге…
«Орнында бар оңалар» деген, сап-сары үрпек кішкентай ұл Келербек дыңдай жігіт болып, анасын бағып-қағып, ауылда тракторшы болып қызу еңбекке араласып, ер жетіп, ұл-қыздарын құтты орнындарына қондырды. Кішісі институтты бітіре, Алматының еркетотай қызын жетектей келеді. Ас та төк той жасайды. Әкесі Келербектің қуанышында шек жоқ.
Ауылға келін болып түскен қала қызы әдетінше кіндігін ашып, мықынынан төмен бір қарыс белдемше іліп, балтырын жарқыратып, ашық-шашық киінгенін қоймапты. Атасы кемпірі арқылы ескертсе, «бұл мода» деп тыңдамайды.
Бір күні таңғы дастарханға отағасы кешігіп келгенде үйдегілердің көзі атыздай болады. Қария тыр жалаңаш, етегі кесілген мәйкені иығына іліп алыпты. Бұтындағы шалбардың екі балағы ауынан сәл төмен кесілген, сорайған күректей аяғының басына сүйретпе іліп ата келеді де, әдетінше төрдегі көрпеге малдас құрып отырмай, келіні сияқты кішкене орындыққа қарсы қарап отырады. Келіні:
– Ата, что с вами? – деп кесе ұсынады.
Атасы кесені алу үшін жер-көкке сыймай көстиген екі бұтын алшақтатып, кесені алып, үндемей шәйін ішіп отыра береді. Кесені босатып, ұсынарда тағы екі бұтын екі жаққа талтайтып кесені келінге ұсынады. Осылайша қайталана берген соң келіні шыдамай: – Ой, как неу-доб-но! – деп бетін басыпты.
Сонда 86 жастағы атасы міз бақпай, бұтын талтайтып отырып, кесені беріп жатып:
– Бұл – мо-да! – деген екен
Осыдан кейін келіні ел қатарлы киініп, ақылды келін атанып, елдің құрметіне бөленген екен.

ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ

1945 жылы көктемде соғыс бітіп, Оңғарбек бауырым ауылға келді. Сол жылдың соңында 19 жастағы Рәзияға үйленеді. Келесі жылы ұл туды. Екі жарым айлық декреттен кейін жұмысқа шықты.
Бала анамның қарауында жылай береді. Прәндікті сулап дәкіге салып аузына салса, лоқсып бақыра берген соң, баланың аузына Ұлдан апам емшегін сала береді. Сүт шықпағаннан соң одан әрі бақырып жылайды, не істерін білмей әбден сасады. 3-4 күннен кейін 52 жастағы анадан сүт шығып кетіпті. Ешкімге айтпай жасырып емізе береді, тамаққа үйренгенше. Екі ананы емген бала балпанақтай болып жақсы өседі.
Бала сергіп ұйықтамаған кезде менің қарауымда, бес-алтыға қараған жастамын. Баланы көтеріп биік табалдырықтан өте бере бала қолымнан түсіп кетіп, аздап мұрнының үстін сырып кетіпті (қанаған жоқ). Жұмыстан келген аға, үй артында ойнап жүрген маған екпіндеп жетіп келіп, қолымнан шап беріп ұстап алып, құдды желкесінен бүріп ұстаған күшікше мен ауада ілініп қалдым, тез бе тез жамбасымнан үш рет осып-осып жібергенде етім күйгендей дуылдап, тыз-тыз еткен көтенім ашып көпке дейін дуылдап, құдайдың құдіреті көпке шейін ағаны көрсем денем дызылдап қоя беретін болды. Бауырына басып иемденіп, жүрген немересін жасқа тола апама айтпай жамағайынға беріп жібергенін апам білмей де қалыпты.
Апам ертеден кешке дейін фермада соғысқа алынғанша әкеме еркелеп, еркеліктің дәмін татып қалған мен байғұс, апамнан гөрі жұмыста болған соң сирек көрінгендіктен болар, көзіме жиі көрінетін Әлимашқа, жетім қозыдай телініп қалсам керек.Әлимашты көрмесем алаңдап тұра алмаймтын мен сабаққа бірге барамын да партасына үшінші болып жарбиып отырамын. Өмірі бетімнен қаққан емес.
Өзіме таныс мұғалім Заманбай ағай сабақ берді.Отыра-отыра ішім пысқанда мұғалімнің орындығының артына шығып алып, өлең айтатын көрінемін. Жездем Заманбай айтып күліп жүретін. Қашанда болса Әлимаш мені қолтығына қысып жүргенін көрген көршілер апама «әпке, балаларды қалай тәрбиелегенсіз, бір-бірінен екі елі ажырамайды ғой» дейтін. Сөйтіп, біздің анамыз бөлек екенін білдім.Шешесі қайтыс болып, 2-3 жасынан менің апамның бауырында өскен.
Оқуға бірінші сыныпқа барғаннан-ақ мұғалім сабақ түсініктемелерін тақтаға жазып түсіндірді. Неге екенін түсінбедім, мен тақтаға жазылғанды оқи алмадым.
Жан-жағыма қарасам оқушылар түгелдей тоқтамай көшіріп жазып отыр.
Сол себепті көзімнің мүкістігі бар екенін түсіндім. Амалдап, қасымдағы оқушының жазғанына қарап көшіре бастадым. Осылай қайталана берген соң, ол дәптердің парағын көтеріп ұстап я болмаса қолымен көлеңкелеп көрсетпейтін болды.
Менің басқа балалардай емес, кемістігім бар екеніне қорланып, уайымдайтын болдым.
Бірінші сыныптамын. Бір күні мектепте жазуға қаламым жоқ. Аға жазбай отырғанымызды байқап жаныма келіп, партаның астындағы дорбамды жұлып алып, ішіндегісін партаға қотарып төге салды. Қарның ашқанда жейсің деп салып берген нан да түсті, қалам жоқ. Ағай нанды ала сала есіктен далаға лақтырып, «нан тасығанша» деп көзі ежірейіп, Оңғарбек «одан да қаламыңды неге тасымайсың» деп зекіді. Ол кезде жоғары білімді мұғалім өте аз болатын. Аға 7 сыныпты интернаттан оқып, бітіріп Алматыдағы педучилищеге 1939 жылы түседі. 1940 жылдың ақпан айының бас шенінде әскери міндетін өтеуге Ресейге аттанады. Содан соғыс басталып, 1945 жылы көктемде елге қайтып, детдомда тәрбиеші болып жүріп, мектепке мұғалім болып орналасқан кезі екен (Кейін 10-15 жыл сырттай оқып диплом алды ғой).
1948 жылы жаңа оқу жылында көрші ауылға аға-жеңгемді мектепке ауыстырады. Бәріміз: Әлимаш, Бишөкен, апам мен аға-жеңгем 6 адам көшіп барып, тоқал тамға кірдік.
Қыркүйек айының соңы. Мен сабақтан үйге келсем апам қолын добалдай ғып ақ шүберекпен орап алыпты.Қаны сыртына шығып жерге тамып тұр. Көп кешікпей аға-жеңгем келді. Апам келініне, қарағым: ана нанды жабарсың ашып бара жатыр дейді. Қолымды шауып алдым дегенде, «сен маған нан жап деп айттың» дегендей бұрқырап айтпағаны жоқ, көгеріп-сазарып аузы-аузына жұқпайды. Апамның ашуы басылсын деп 2-3 сағатқа көрші үйге барып қайтып келсе, долданып тұқым-тұяғымнан түк қоймағаны. Оған не айтамын жас адамның (23 жаста) осынша қазымыр, қытымыр,осынша долылығына не дауа? Не кешкі ас жоқ, не төсек салынбады. Бір уақытта менің киімімді далаға лақтыра бастады деді. Апам сонда ғана кет деп тұрғанын түсініпті де тез көрші үйдің терезесін қағып: «Әкем мені ауылыма апарып салшы» дегенде көршісі: «Әпке қазір түннің 02.30 екен. таң атсын» дейді. Апам:«Жоқ, қазір апарып таста» депті. Ат арба есік алдына келеді.
Оңғарбек болса «не маған, не әйеліне үн қата алмай төмен қараған күйі отырды да қойды» деді.
Апам қолына түскен текеметін, өзінің көрпе жастығын, қазанын ғана алып, менің үйде жоқ екенімді сонда ғана сезіп, ары-бері таба алмаған соң ауыл қайдасың деп ауырып жүрген Бишөкенді алып ауылға кете барады.
Үйдегі жанжал басылмаған соң Әлимаш мені ертіп,көрші қыздың үйінде қонып қалыппыз. Қыс өтіп жаз келді. Оқудан каникулға шықтық. Мен апамды Бишөкенді сағынып, 12 км. жаяу ауылға келдім. Анадайдан көріп келем, үй азып-тозған, екі терезенің асты, ортадағы қабырғалардың қалыңдығы 10 см-дей болатын сылағы түсіп ырсиып кірпіштері көрініп қалыпты. Төбесіне шөп өскен. Үйге кірдім, апам плитаның ығында жіп иіріп отыр. Апамды құшақтап жылап жібердім. Ертеңіне, «Әк әкеліңіз. Үйді өзім майлаймын» дедім.
Үй ішінде төбеден тамшы аққаннан ойдым-ойдым түсіп қалған сылақты батпақпен майлап, қабырғалардың айғыз-айғыз тамшы суының ізін әктедім. Биік стол жоқ, кішкене орындыққа шығып, төбеге шөткемен әк жаққанда шашырап көзіме, бүкіл үстіме шашырайды. Орындыққа тұрып төбеге созылып әрең жетсемде, апама білдірмеуге тырысамын.
Сыртын майлау үшін анам дөңгелете жерді қазып, топыраққа топан салып, су құяды мен жалаң аяқ әлгі топырақты ары-бері илеймін.
Алдымен төбені майлау үшін апам кішкене басқыш тауып әкелді. Оның ұзындығы төбеге әрең жетті. Тіктеу тұр. Сол басқышпен жартыдан төмен шелекке салынған балшықты төбеге шығару үшін басқыштың бірінші сатысына қойып, өзім сол сатыға шығып шелекті екінші сатыға көтеріп, ұстап тұрып өзім көтерілдім, осылайша жоғары төбеге жақындағанда Бишөкен төбеде арқанды ұстап, шелекті тартып алу үшін дайын тұрады. Мен шелекті көтере бергенде апам ұзын сырықпен шелектің түбінен демеп көтеріседі де, шелекті үйдің төбесінен асыра көтергенде Бишөкен тартып алады.
Осылайша көмектесуге тура келді. Төбеде қиналса да шелектегі батпақты арғы бұрыштан бастап төгеді. Біраз көтерілген батпақты мен төбеге шығып, жайып, жағамын.
Бишөкен көмектеседі, ауыртпалыққа қиындыққа төзіп, айнала үйдің қабырғасын да қара сылақпен сылап, әктеп қойдық.
Мен 1949 жылы 8-9 жастамын, сіңлім 7-де. «Басқа түскен баспақшыл» деген. Осылайша елдің бәрін таңқалдырып 3 ай дегенде тамыз айының аяғында үйімізді танымастай етіп жаңартып қойдық.
Анам бізді зорығып қалмасын деп күнара, екі күнде, үш күнде шамамызға қарай демалдырып отырған соң ба, өз басым аса қиналмаған сияқтымын.
Бір күні жолдың жағалауындағы томардың үстінде отырған екеудің саңқылдап сөйлеп отырғандарына көңілім ауды. Түр-түсі өзгеше әдемі киінген, беті қолына күн тимеген ақ-сары жігіттің алдында отырған сары шашы иығын жапқан өзі әппақ, қызыл ерін қыз жігіттің мойнына асылып сөйлеп отыр.
Мектепте қазақ тілі мұғалімінің: (менің бауырым Оңғарбек) ілімі бойынша; «Орыстар мәдениетті халық, біздің елді мәдениетке үйретті. Олардан үлгі алыңдар, шал-кемпірді тыңдамаңдар, олар ескі феодализмнің қалдығы, біз жақсы өмір кешіп жатырмыз. 1960 жылы Коммунизмге жетеміз» дегендегі мәдениеті осы ма? Өздері ұялмайды ғой деймін ішімнен.
Көрсем білсем, үйренсем деген құштарлықтың жетегімен ауыл адамдарына қарағанда өзгешеліктері, еркін қылықтары қызықтырып, анықтап көргім келіп, ойнаған болып жақындай түсіп, оларға көз қиығымды салып қоямын. Бір уақыттта саңқылдап отырған қыз оң қолын барынша маған созып, сұқ саусағын шошайтып мені нұсқап: Орыс қызы «Пусть они работают, а я буду есть» дегені. Содан бері ойымнан, ол қалайша менің еңбек ақымды жей алады деген ой жиі мазалайтын болды. Кейін өз елімде, өз жерімде отырсам да ІІ сорттағы халықтың мүшесі екенімді түсіндім. Осы түсінік намысымды қоздыратын Апам жүгерінің ұнынан жұқалау күлше пісіреді. Жүгеріден ботқа пісіреді. Күндегі күнкөріс осы. Осылайша ептеп-септеп отырғанда апам облыстық ауруханаға түсіп қалды. Үйде сіңлім екеуіміз. Сіңлім Бишөкен пысықтау еді. Бізге көршілер көмектескен болар. Кешкісін күн бата екеуіміз шошайып, сығырайған май шамның алдында отырып, апамды сағынып жылайтынбыз.
Жарық түсіріп тұратын май шам түтіндеп бықсып, қоңырсыған иіс шығарып сөнуге айналғанда, керосинді көтеріп пілтеге жеткізу үшін су құямыз да, төсек салып жатып қаламыз.
Құдай оңдап апам ай жарымда үйге оралды. Бір күні апам табалдырықтың түбінде, ішінде домаланған нәрсесі бар сары қапты алып қараса, төрт литрлік кастрюльдің ернеуіне бір елі жетпейтіндей тоңазыған қара малдың іш майы екен. Үйдегі жоқшылықты сезінгеи итім – Сырттан, ауыл тұрғындарының бірі мал сойып, майын ерітіп, мөшекке жасырып суыққа қойған жерінен үйге алып келіпті.
Негізі Сырттан ұры емес, жылмаңдаған ашқарақ та емес, ол тапқырлығымен бізді аштықтан құтқарды.
Бишөкен аяғынан жүре алмай 1-ші сыныптың жарты жылын оқып, оқуға бара алмай, оқи алмай ауырып қалды. Бір жылдай күнімен-түнімен безектеп жылай беретін. Апам 12-км қашықтықтағы аудандық ауруханаға арқалап апарады. Ішіне кіргізбеген соң, есігінің алдына отырып, ары-бері жүрген ақ халаттының етегіне жабысып, баланы көрсетіп, қарап берші дейді. Не айтып тұрғанын түсінбеген ақ халаттылар мойын бұрмай кете барады. Әлденеше осылайша сәтсіз аяқталған соң және уақыт өте өзі жүруге бейімделіп қисық-қыңыр жүре бастады. Жүре-жүре бір қолымен тізесін басса, денесі аздап көтеріледі. Осылайша «тірі жан тіршілігін істейді» деген ақырын жүре бастаған. Апама тартқан өте сұлу өңді, қызыл шырайлы еді. Амал не, тоңқандап қалды.
Соғыс басталғалы 10 жыл баққан колхозға әкемнен қалған тор биенің ақысы төленбегені белгілі болды. Апам колхозға қарыз екенін айтты.Үйде менен басқа бас көтерер адам болмаған соң, не де болса деп, 1949 жылдың күзінен бастап түске дейін мектепке, түстен кейін колхоздың егістігінде оныншы бітіргенше жұмысшы әйелдердің арасында жүріп, олар не істесе мен соны істедім. Қызылшаның түбін қопсытып, арам шөбін отадық. Қызылша аршып оны 25 келілік зембілмен өлшеп өткіземіз. Маған зембілдің екінші жағын көтерісетін адам жоқ. Бишөкен отырып қызылша аршыды.Сол себепті мен сыяқты көмекшісі жоқ жұмысшынікі 40-50 зембіл болса, менікі 10-20 зембіл. Күніне 65-70 көтереміз. Екі жақтыкінде түнделетіп жүріп бітіреміз. Күнделікті жағдай осы.
Үйге берілген тапсырмаларды терезенің алдында тізерлеп тұрып оқып жазамын. Дастарханды жерге жерге жәйіп тамақ ішеміз.
Жаз ортасында бригадир біздің үйге жарты мөшек қант, мөшек толмаған бидай әкеп тастапты мынау қарызыңнан қалғаны осы депті.
Апамның қолында тұрып,өздерінің бұл үйге бөтен, жат адам екеніндерінің сыры- апамның отымен кіріп, күлімен шыққан ақ пейілін , күшін пайдаланып жүрген арам пиғылдары апамның абайсызда қолын шауып алып, шаруашылыққа уақытша жарамай қалған соң айқындалған. Олар бұқпантайлығының шегінен асып, ашу-ыза кернеген аға-жеңгем 1948 жылы күзде түнгі сағат 02-30да үйден қуып шыққанда апам асығыс дүниесінен түк алмай, еліне көшіп кеткен. Осындай себептермен 2-3 жылдай аштықты,жоқшылықты,тапшылықты бастан өткердік. Тумағанын білдіріп өзекке тепті.
«Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» десе де есейе келе білгенім, аға соғыстан қайтқаннан кейін, соғыстан қайтпаған қызыләскердің отбасы үшін берілетін ақшаны алып жүріпті. Осы қитұрқылықты біліп қалған біреулер заң орнына айтып қойыпты. Сол себепті өзіне тиесілі емес ақшадан қағылған.Оңғарбек аға ақшаны апама алып бермеген, айтпаған.
Апам өгей болғасын өстіді деп айтпасын деп соғыс кезінде бес жылдай ішіп-жегеннен қалған біраз малды ағаның той-томалағына ішіп-жеуге жұмсап жіберген, тек тор биені ғана қалдырған.
Аға кейінгі кезге дейін айтып қоймайтын, әкемнен 16-қой, 2-3 сиыр қалған еді, осы мал қайда дегендей маған 2-3 рет қайталап сұрай берген соң білгенімді айттым. Айта берсе «Шөженің қылығы көп – қой «көп».
«Ағама жеңгем сай » болды. Ағаның балаларына, елге айтқандары: Мен картошка сатып, үйлену тойымды өзім жасадым. Біз жаңа үйленгенде астымызға сабан төсеп жаттық» т.т осындай шындыққа жанаспайтын талай сөздерді естідік.
Бір жақсысы осынша кіріптарлықтан құтылдық.
Айналайын ел-жұрт сыртқа теппеді, барынша көмектесті. Жағдайымызды қариялар үнемі бақылап отырды.Соғыс, соғыстан кейінгі жылдар шықпа жаным шықпа деген кедейшіліктің тамыры кең жайылған ауыр кезең еді ғой. Ел барымен көмектесті. Аздан бидай, жүгері берсе, апам тас диірменге салып үгетін.Көршілер тамақ істегенде шақырады.Осылайша, күз 1948-49 жылғы қыс өтіп. Көктемде көз көрген жақсылар аузынан жырып, шөпке ілінген екі қозы, ұрғашы бұзау, балаларыңа жұмыртқа деп бес-алты тауық әтешімен біздің аулада пайда болды.Апам күтіп-бағып, өсіріп,қойлары егізден туып, танасы бұзаулап , қорамыз малға толып өсіп-өнді.Жағдайымыз ел арқасында жақсарып,, ел қатарына қосылдық. Бишөкен екеуміз азды-көпті жұмыс істедік.Еңбегімізге қарай ақы төледі.
Үй шаруасына икемі жоқ жеңгем шешесін, шешесінің қолындағы ағасының отбасын кішкене үш қыз балаларымен келінін, осы үйде тұрып оқитын оқушы қыз Еркежанмен алты адамды көшіріп алыпты деп естідік.
Апам ертеден кешке дейін фермада жұмыста болған соң сирек көретіндіктен болар, көзіме жиі көрінетін Әлимашқа, жетім қозыдай телініп қалсам керек. Әлимашты көрмесем алаңдап, тұра алмайтын мен сабаққа бірге барамын да партасына үшінші болып жарбиып отырамын. Өзіме таныс мұғалім Заманбай аға сабақ береді. Отыра-отыра ішім пысқанда мұғалімнің орындығының артына шығып алып, өлең айтатын көрінемін, немесе тұрып жүріп сабақ түсіндіргенде орындығына отырып алатын көрінемін. Жездем Заманбай айтып күліп жүретін. Қашанда болса Әлимаш мені қолтығына қысып жүрген көршілер апама «Әпке, балаларды қалай тәрбиелегенсіз, бір-бірінен екі елі ажырамайды ғой» дейтін. Сөйтіп, біздің анамыз бөлек екенін білдім. Шешесі қайтыс болып 2-3 жасынан менің апамның бауырында өскен.
1950 жылдың жаз айы. Не керек, менен бес жас үлкен, көрмесем тұра алмайтын әпкем Әлимаштан құдайдың құдіретімен, адамдар ісімен ажырап қалдым. Бір отбасы екіге бөлініп, ол ағаның қолында қалды, біз Бишөкен мен апам үшеуіміз біргеміз. Айтуға тіл жеткісіз сағынамын. Қысқы ақпан айындағы он күндік демалысқа зорға шыдадым. Сынықтан сылтау іздесем керек, және жанында қарайып жүрген менен өшін алатынын ол уақытта қайдан білейін. Бір нәрседен боқтап сөйлеп еді өкпелеп, «Менің өліп қалған әкемді неге боқтайды?» – деген ренішті айтпай, «Әлимаш қайдасың?» деп 18 шақырым көрші ауылға тартып кеттім. (Оңғарбек ағайым мектепке ауысқан. Ол ауылдың қайда екенін білмеймін). Әйтеуір баратын жолды сұрап-біліп алсам керек.
Таудың етегін жағалай салынған жол батысқа қарай созылып жатыр. Күн бата ауылға жетіп үйді тауып бардым. Әлимашпен кәдімгідей көрісіп жыласып табыстық. Осы кеткенімнен мол кетіп, қайтпай қалып қойдым. Мен көрмеген жарты жылда Әлимаш есейген, керемет сұлу, әппақ, қызыл шырайлы, қап-қара ұзын шашы тірсегіне түскен, үріп ауызға салғандай бойжетіп қалыпты. Байқаймын, мінез-құлқында өзгеріс бар. Айнаға жиі қарап сылаңдай береді.
Әлимаш тамақ істеп жүріп ыңғайы келген кезде сырт көзден тасалап, терезенің алдына, перденің ішіне «ішіп ала ғой» деп тамақ әкеп береді. Түк білмегендей жанында отырған маған үстемелеп құйып беріп отырады.
Біраз жүргеннен кейін апамды, сіңілімді сағынамын. Жазғы демалыста үйге кетіп, апама көмектесемін. Өстіп жарты жылғы оқуды үйде, жарты жыл Әлимаштың жанында боламын. Осылайша өкпелегіш сорлы басым әрі-сәрі күй кештім.Екі жақты да сағынамын.Әлимашың өзгерісін қалтқысыз ұғамын.
Бір күні кешке қарай бетімнен сүйіп «мына хатты бәленше бәлен жерде тұр, апарып бер, оқыма» дейді. Оқымаймын оның бергенін кері әкеп беремін.Әдеміше келген ақ-сары, қыр мұрынды, ашаңдау жігіт. Айыбы – басқа ұлт азаматы.
Ешкімге көз қырын салмай паң жүретін әпкеме неше түрлі сыйлықтар жасап жүретін кездесулері сирек әрі жасырын.Мен сияқты хат тасығыш почтальондары бар болуы керек.
Ерте тұрып екі қыз Әлимаш пен Еркежан үйді сыпырып, сиырып сабаққа кетеді. Айтып-айтпай не керек, барлық үй жұмысы – үш қыздың мойнында. Үйде жеңгемді қосқанда үш қатын айқайлап шақырып, жұмсауды ғана біледі. Әрі жатып ұйықтауды, тамақ ішуді ғана біледі. Әсіресе Еркежанда тыным жоқ. Түнде бәрі жатып қалғанда жуылмай үйіліп тұрған баланың жаялығына шейін жуып-шайып, барлық елден кеш жатады.
Сол үйдің кірін жуады. Есік алдында қалай болса солай шешілген аяқ киімдерді жуып, қатар-қатар тізіп қояды. Төсек орынды күніне екі-үш рет қайта жинап, жастықтардың құлағын тікірейтіп сәндеп жинап қою әдеті еді. Мене аздап үлкендеу болса керек. Үйдегі адамдардың бірі мені жұмсамақ болып шақырса, Әлимаш мен үшін де өзі үшін де істі атқаратын. Мен үшін асқар Алатаудай Әлимаш отырған жерде менің атым аталса да, мыңқ етпей отыра берем. Көбінесе бала бақтым.
Еркежан оқуға барғаннан-ақ интернатта оқыпты. Кейін туысымыз деп жеңгемнің ағасының үйінде оқытқан. 1950 жылы, ұмытпасам, 5-ші сыныпта оқыды. Бір күні Еркежан екеуміз су әкеле жатқанымызда айтқаны: «Мен интернатта 2-ші сыныпта оқып жүріп, менен жоғары сыныпта жақсы оқитын жігітті ұнаттым. Екеуміздің бір-бірімізге берген уәдеміз бар. Болашақта бірге боламыз деген. Мен жоқта қыздармен сөйлесіп, қалжыңдасуына рұқсат еттім» деді.
1951 жылы Әлимаш жазғы демалыста ауылға келіп біздің үйге, жездем Заманбайдың үйіне келіп-кетіп жүрді.
Бір күні киноға барамыз деп мені ертіп шықты. Әдемі киінген. Дала көзге түртсе көргісіз қараңғы. Жолға шыға бере қатарласа ат жетектеген жігіттер ілесті, таныдым. Мені апарып киноға кіргізіп жіберді де, біткеннен кейін тосып алды.
Жолға шықтық. Әлимаш қатарына қарай қолымнан тартса тартыншақтап артта қалып, ұялмасын деген оймен ынтызар сезімдеріне аз уақыт болса да жағдай жасағым келеді. Өстіп ілби басып үйге жеткен уақытта мен үйге қарай бұрылдым. Ондағы ойым жеке қалдыру (үйге кірмеймін күдік тудырмас үшін). Соңдарынан ұзақ қарап тұрамын.
Жол ортасында екі жігіт, жетегінде екі ат, ортада аппақ көйлегі нұр шашып, құлпыра сылаңдаған ару… Ақырын ілби басып жүріп барады.
Қос ат шынайы махаббат ынтызарлығын сезінгендей демін ішке тартып, бастарын төмен салып, «ұялмаңдар» дегендей ілби басады. Аяқ басыстарын білдірмейді, кей кезде ғана сыртылдаған буындары мен анда-санда бірінің пысқырғаны болмаса, жануар екеш жануар да шынайы сезімге тілеулес сияқты.
Айнала сілем-сілем қыраттар, Лабасы тауының шошақ биігі алыстан аңдып, демін ішіне тартып, қызықтап тұрғанын сезініп екі ғашық ұяла ма екен, әйтеуір бірін-бірі іштей ұғысатын сияқты. Тілім жетіп суреттей алмайтын көрініс ұзақ бола түскеніне тілеулес едім.
Айсыз қараңғы түнде құшақтасып не қол ұстасып жүргенін көрген емеспін.
1952 жылы жазда апама көмектесуге ауылға келдім. Шыжыған тамыз айының 21 күні аспаннан жай түскендей «Әлимаш қайтыс болыпты» деген суық хабар ауылға жайылып үлгеріпті.
Үйдегілердің айтқаны: бір күні Әлимаш велосипед теуіп келуге сұранады. Қайдан алғаны белгісіз, ақ көйлек, ақ туфли, ақ шляпа киіп біраз уақыттан кейін қайтып келіп, «басым ауырып тұр, жата тұрайын» деп жатып қалады. Қатты абыржулы еді дейді. Ұйқыдан оянғанда көзқарасы өзгеріп, есі ауып, жігіттің атын атап сөйлей беріпті. Қашып кетіп күйеуге шығуға кеткен болу керек, бірақ райынан қайтқан дейді. Осы жағдайды естіген әлгі жігіттің ағасы Оңғарбек ағаға кісі салып,бізге беріңдер өзіміз жазып аламыз дегеніне көнбей, райондық больницаға салады. Одан Алматы әкетеді.
Ол кезде басқа ұлтқа үйлену бірен-саран естілетін, аға-жеңгенің қатты қысымына шыдамаған деді білгендер.
Қайран, асыл жан, арманына жете алмай дүниеден баз кешіп, ажалынан үш күн бұрын 17 жасында өмірден озды.
Көзіме ешкімді ілмей мойындамай, шын жетімдік көріп мен қалдым. Анда-санда басына барып өзін көргендей мауқымды басып жылап қайтам дәтке қуат.
1952 жылдың күзгі оқу жылына аға-жеңгем ауылға көшіп келіп мектептің жанындағы тоқал тамға кіріпті.Жасқа толмаған ұл баласы бар. Апама ағаның кейбір қылықтарына келіспеймін дегенімде: Апам – ойбуу, оның несін айтасың, ол «нұқ қой, нұқ»
-Нұқ деген не сөз?
-Түк білмейді деген сөз, ол сенің жалғыз бауырың, оған еш ренжіме, несіне ренжисің, үйіне барып баласына қарап берсеңде, оларға көмек қой, деді солардың қамын ойлап көзіне жас алып.Қайран асыл жан, солардың көз алдында жүрсе, талабы бар қызыма қол ұшын берер, пейілдері түсер, не бопты сонша көздері ашық қой жол көрсетер. «Өмір барда өлім бар» деген, бір күні қисая кетсем осы екеуіне қарасар деп лажсыздан үміттенеді екен ғой. Көздерінше ауырған Бишөкенге көз қырын салмаған «көзі ашық» деген бауырдан не үміт, не қайыр күтті екен апам байғұс деймін есейе келе.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, апамның айтқанымен аға үйіне барып баласын ойнатып, қайтып жүрдім.Жеңгеме де көмектесемін, ананы-мынаны әкел, бірдемені істей сал деп жұмсайды. Екі айтқызбай ауырып жатыр ғой деп, шәйді төсегіне апарып елпілдеп тұрамын.
Нәтижесінде үйдің барлық тауқыметі менің мойныма ілініп қалғанын аңғармай да қалыппын. Жұмыстан келе сала, ауырып тұрмын деп жатып қалады. Оянғанында екі қолын басының астына салып, шалқасынан түсіп жатып алады. Бірақ жұмыстан қалған емес.1-2 сағат кеш келген аға, жеңгемнің іргесіне жатып ол да ұйықтайды. Мен зыр жүгіріп 1-1,5 км жердегі құдықтан мойын ағашпен су тасимын, кір жуып, пешке от жағамын. Сырттағы кілеттен ет әкел дейді. Кілеттен етті менің ғана алатынымды байқаған көрші әйелдердің бірі білегіне шелек іліп келіп «ет берші» дейді. Бердім. Келесі жолы кілет ашылғанда екінші көрші де осылай ша ет сұрайды. Бердім. Осылайша екі рет қайталанды. Бірінші көрші үшінші рет келгенде біліп қалса ұрсады деп қайтарып жібердім.
Сөйтсем ол жеңгеме айтып қойыпты. Сол күні сабақтан келе мені төмпештеп ұрып тастады. Өзім кінәлімін деген оймен көндім. Күнде таң қараңғысында оятып, біраз жердегі орыс үйінен сүт әкел дейді. Таң қараңғысында иттерден қорқа-қорқа сүтке барып келіп, пешке от жағып көмірмен. Шәугімді, кешкі қалған тамақты қойып өзім сабаққа кетемін.
Осындай мазасыз күннен соң түнде жеңгем, аға үшеуміз сабаққа дайындалуға отырамыз.Күндізгі күйбең тірліктен әбден қалжырап, ұйқым келіп мазам кетеді.Ұйқылы-ояу оқыған оқуда не не мән болушы еді. Жеңгем, немене көзің көрмей ме? Ананы әкел, мынаны тез істемейсің деп зекіп сөйлейтін болды.
Үйде жүргенде біраз кітап оқыған едім, шығарма жазғанда соның көп пайдасы тиді. Қазақ тілінен сабақ беретін ағайым Оңғарбек тексеріп отырғанда жеңгемнің менің жазған шығармама көзі түскен болу керек, «қалай жазылған?» дегенде, «ой, көшіріп алған ғой» дегені. Шығармама ылғи мазмұнына – 5, грамматикасына – 4 қоятын.
Осындайда қорғаштап-қолпаштап жүретін әпкемнен айрылғаным ойымнан шықпай өксіп, аңсап жүрем. Өңкей үндеместердің ортасында өскен әрі тұқыртып төменшіктетіп отырғандықтан ба, біліп тұрсамда ежірейген ағаның көзіне көзім түскенде, көмейіме тас тығылғандай білгенімді ұмытып сөйлей алмай қаламын. Таудай талабым мұқалып, жігерім жаншылып қалған ба екен.?! Оның үстіне қас қылғандай Оңғарбек аға 1-сыныптан 7-сыныпты бітіргенше қазақ-тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Жеңгем де сабақ берді. Нағыз үндеместің өзі болдым, іштей қорланамын. Оқуға зауқым болмады. «Көз көрмеген естімегенмен бірдей» деген. Өмірімде орасан зор , іштен тынған қасіретке душар етті.
Демалыс күні болса керек, балаларды ойнатып, көрші үйдің есік алдында жүргенбіз. Мен жалаңаяқпын. Жеңгем Рәзия жаңа әдемі қызғылттау штапельден көйлек киіп шығыпты. Әлгі көйлекке қызыққанымнан көз алмай, «осындай көйлек әперші» деппін.
Үндемей көршімен сөйлесіп тұра берді. Көрші үймен біздің үйдің арасы дуалмен жабылған, тек ара-қатынасқа ашық жер бар. Баланы ертіп, сол жерден өте бергенімде, жеңгем менің өкшемді аяқ киіммен басып кетті.
Байқамаған шығар деп ентелей басып алға оздым. Екінші рет әдейі, үшінші рет нығарлап жібермей басқанында жығылып түстім.
Сол кезде аяғымен теуіп-теуіп жібергені, жанталасып тұра салып, қашып едім, қуып жетіп, түйгіштеп тұрып соққаны. Үйге кеттім. Намыстанып ешкімге айтпадым.

***
Оныншы оқып жүріп қысқы демалыста институтқа түсу үшін денсаулығым жөнінде құжатты ауылдан 12 км райондағы дәрігерлерден алу керек екен. Жаяулап районға барып сұрастырып, поликлиниканы тауып бардым. Кірдім. Бір есіктің алдында аяғы, қолы дәкемен оралған адамдар отырған есікке жақындап оқысам «хирург» деген жазу бар. Неде болса кіріп көрейін деп кіріп бардым. Дәрігер жөн сұрады, «ағай менің сіңлімнің аяғы ауырады, ертіп келсем қарап бересіз бе?» дедім.
– Алып кел көрейін.
Ертеңгісін ертелеп жаяу поликлиникаға жеттік. Рентгенге түсірдік.
Дәрігер:
–Ауырғалы неше жыл?
– 8 жыл.
– Қап, осынша неге кешіктіргенсіңдер, жамбасынан жіліншігі тайып қисық біткен екен. Операция жасау керек.
Үш жетіден кейін операция жасалды. Бір ай гипсте болып, гипсті шешкеннен кейін балдақпен жүруді тапсырып үйге шығарды. Бойы тіп-тік ұп-ұзын әдемі. Хирург екі жылдан соң қайта операция жасау керек деді. Сау аяғынан ауырған аяғы бес сантиметрдей ұзын болды. Үйде отырып қалған Бишөкеннің болашағын ойлап, үйде оқыттым. Хат танымай ұмытып қалыпты. Мектепте жүріп хатты үйрету жазғызу, арифметиканы түсіндіру, кішкене кітап әкеп беріп оқыту, жазу жазғызып, кітап оқытып өзімше сауатын аштым, айтқанымды тез орындап қояды. Тақпақ жаттайды, орысша ауыз екі сөзді түсінетіндей халге жетті. Қағылез болды.
Құсайын Нұртаев деген абзал азамат, ауыл адамы мектеп директоры еді. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде сол кісіге «Сіңлімнің жасы кәмелеттік жасқа келіп қалды. Еңбек кітапшасы керек: мүгедектік алу үшін» деп едім, ағай үн қатпастан еңбек кітапшасын жазып берді.
Дәрігер денсаулығым туралы құжат бермеді. «Көзің нашар соқыр боп қаласың деді» Содан ақ халат киген таза жұмыс қой деп медучилищеге оқуға түсіп бітіріп, сол қаладағы облыстың өзінде ауруханаға жұмысқа орналастым.
Тағы «жетінші сыныпты бітірді» деген куәлік алып, сіңлімді Талдықорғандағы он айлық кройкошитя деген курсқа оқуға түсірдім. Сонан соң ауылдағы тігіншілер ұжымында еңбек етті. Бишөкенді сол жердегі хирургтарға көрсетіп Алматыға апарып профессорға операция жасатайын деп жолдама алып военный госпитальға әкеп жатқыздым. Операция жасалды. Гипспен үйге шығаратындығын Бишөкен хабарлады. Олай болса таксимен әкелу керек. Есептесем отыз сом. Ондай ақша жоқ.Не істеймін енді деп ауруханада кешкі кезекте отырмын. Сол күні ұжым басшысы Анна Алексеевна Анищенко да жұмыста еді.
– Ол менің көңілсіздігімді байқап жаныма келіп не болды? – деп еді, жылап жібердім. Жағдайымды айттым. Ол үндемей кабинетке кіріп кетіп 2-3 минуттан кейін қасыма келіп;
Ертең ауру адамды алып Алматыға ұшады. Қайтарында сіңліңді ала келеді. Адресін бер; және тұратын үйіңе әкеледі деді. Жүрегім жарыла қуанып ертеңіне түске таман алып келіп, төсегіме салып кетті. Мен такси алып ауылға апарып орналастырдым.
Осылайша әрбір істің басын қайырып дана, абзал халқымның көмегімен оң-солымды ажырата білетіндей жағ-дайға келіп, 1965 жылы тұрмыс құрып, тұңғышымды тудым. Осылайша өз-өзімізбен жүргенде, «апам ауырып жатыр»-деген телеграмманы көрші үйдің жәшігіне салып кетіп, ол ертеңіне менің жәшігіме салған телеграмманы кешіктіріп кешкісін алып, түнделетіп ауылға жетсем, апам келмеске бет бұрған екен. Сол түні күн шыға көз жұмды, асыл анам. Осы күнде кеш қалыппын деп қатты өкінемін!
«Сөзге сөз айтпаса сөздің атасы өледі»деген. Айтарым, ырду-дырду басылған соң, апамның жан күйері Бишөкен екеуміз-ақ, сонда да болса қырқына дейін қорған тұрғызуды ойладық. Шығатын 120 сомды үшке бөлейік, Оңғарбек аға да баласы емес пе, отымен кіріп күлімен шыққан деп отырғанда аға келіп қалды. Ағаға айттым. Көзімен жер шұқып отырып естілер – естілмес «иә» деді де бұрылып жүре берді Ертеңіне үйіне бардым. Сыртқы қақпасынан кіре верандыда столдың жиегінде кесе сүртіп тұрған жеңгемнің қатулы қабағын байқадым. Аға есікке сыртын беріп отыр екен, бұрылмады. Сәлемімді ешкім естімегендей, далада состиып тұрып қалдым. Жеңгем бірінші тілге келді:
– Е, немене?
Ақшаға, дедім сыбырлағандай
Қайдағы ақша?! Немене қорған тұрғызып… өзіміздің шешеміздің қайда қалғанын да білмейміз! Ақша жоқ! – деді қадап.
Шешеңіздің қайда қалғанын білмесеңіз жамандығыңыз шығар. Не айтар екен деп әдейі келдім-дедім де шығып кеттім.
Ағаның көмегінсіз-ақ қорған тұрғыз-дық. Жылы жақындады.Апам жасы келе бізге ескертіп айтқаны.Шалымнан қалған тор биені жылыма сойыңдар деуші еді. Осыны естіген аға жиі келгіштеп, өз пайдасын күйттеп, ойын іске асырып, әншейінде қарасын көрсетпейтін аға, мен Алматыдан келгенше үш жылдық еркек тайыма айырбаста, сойысқа бәрібір емес пе?» деп Бишөкенді көндіріп кетіпті.
Олай болса дастарханның біраз шығынын көтерсін. Оларға қара тайды апам берген дедім. Белгіленген күн жетіп, аға қара тайды әкеп союға айналды.Жүзінде күлкі, жайнаңдап жүр.
Ойыма әр нәрсе келіп, көзіме жас тығылып «Тойға сойылып жатса бір сәрі. Әншейінде сұсты адамның осынша масайрағанына жол болсын» деп тіксініп қалдым. (Ағамның осы көңіл-күйін көрші-қолаң, жегжат-жұрағат бәрі сезініп, демдерін ішке тартып жақтырмады.) Қалай аузымнан шығып кеткенін білмеймін «Құдай бар болса саған бұйырмасын» деппін.
Ас берілгеннен бері жыл аса ауылға барып, сәлемдесуге ағаның үйіне бардым. Шәй ішіп отырғанымызда жеңгем;
– Әй қыз, әлгі сендерден алған бие жылан шағып өліпті. Тайымыз босқа кетті» дегені.
Анамның жылы өткен соң Бишөкен тұрмыс құрып екі ұл туды (біріншісі шетінеп кетті). Кейін біз Алматы жанындағы Райымбек ауылына көшіріп алдық. Жер алып там салуға көмектестік.
Бір күні әңгімелесіп отырып сөзден сөз туып қу күйеу жігіт (Оңғарбай) аға туралы мынадай мінездеме айтқаны: «Ол кісі өз пайдасына келгенде мысық сияқты түк-көргем жоқ, түк-білгем жоқ деп көзін жұмып аларын-алады» дегені.
Кішкене күнімде, алғаш рет «өліп қапты» деген сөзді естіп, өлгеннің қандай болатынын көріп-білгім келіп, апалар жылап барып жатқан үйге мен де бардым. Есіктен кіре бөлменің сол жақ қабырғасына таяу, үлкен шүберекті керіп көлегейлеп қойыпты. Шетінен сығалап, ішіне кіріп көргенім, астына ұзын-ұзын қурайдан төсеніш жасап, дене бітімі толысқан әппақ қызды тыр жалаңаш жатқызып, екі қолын кеудесіне айқастыра салып, қолының үстіне және ұятты жерін құрым киіздің жұрнағымен жауып қойыпты.
Мен жанына жүрелеп отырып, е-е, өлген деген ұйықтағандай болады екен ғой деп, қолымды денесіне тигіздім. Суық екен. Шығып кеттім. Есімде қалыпты.
Уақыт өте бұл оқиға ұмытылған.
1972 жылы апамның асына келген ауылдағы әжелер-апалар айтқан әңгімелерінен, бәленшенің қызын қораның төбесі ортасына түсіп, басып қалғаны туралы сөз қозғады. Сол кезде осы жағдай ойыма сап ете қалып, кәдімгі экрандағыдай көз алдымнан тізбектеліп көрінгені. Мен «Осы жағдай қай жылы болды?» деп сұрадым.
Әже: – Сенің әкең соғысқа аттанған жылдың күзінде күз жаңбырлы болды. Сен білесің бе? Құйттай болып әкеңді жібермей шырқырап, жылағаныңды, білмейсің ғой, кіп-кішкентай едің, – деді.
Яғни 1942 жылдың күзі жылаңқы жауын-шашынды болған. Мен сонда үш жасқа да толмаппын. Шындықты есту қашан да қорқынышты деген. Көзден кетсе де көңілден кетпеген қыршын жас әпкем Әлимаштың 1995 жылы өмірден озғанына 40 жылдан асыпты. Артында ұрпақ қалмай шын өлген Әпкемнің тарихта аты қалса деген арманымды, фильм түсіретін бір азаматқа айтып едім ол; оқиғаны толықтыру үшін сол ауылға барып, білетін адамдармен кездессек. Мүмкін сол жігітті кездестірерміз деген соң Талдықорған жақтағы ауылға бардық. «Елу жылда ел жаңа» деген.
Ауыл өзгерген, тозған. Керекті адамдардан ешімді таппадық. «Шешінген судан тайынбас» деген. Алдымен сыр мінез ағаммен өзім сөйлесейін деп үйіне бардым. Маған Әлимаш туралы дерек керек. Фильм түсіртейін деп едім дегенімде: «Ол кім?» деп есіне зорға түсірді. Сосын «Оны қайтесің. Неменеге сөз ғып отырсың! «Жаман аты Рәзияға келеді ғой!» Бұл істі таста» деп жалынғандай, әйелін қорғаштап мәймөңкелеген сөздері құлағыма түрпідей тиіп, әзер шыдап отырғаным байқалса керек. Бір уақытта ағам, «мен сені сотқа берем» дегені…

***

Еркежан үйде сабақ оқығанын, жазғанын көрген емеспін. Осыған қарамай өте жақсы оқыды. Кейін Алматыда кездескенде соның сырын сұрадым. Сонда ол: «Үйге берілген жазбаша тапсырманы, есепті сабақ арасындағы үзілісте орындаймын. Ауызша сабақты мұғалім түсіндіргенде зейін сала тыңдап, ертеңіне өз айтқанын өзіне қайталап айтып беремін» деді.
«Болар бала боғынан» деген. Екеуі техникум бітіріп, институтқа түсіп, үйленді. Екеуі де халықтың елеулісі болып, жақсы қызметтер атқарды. Еркежан Мәскеуде аспирантура бітіріп, айтулы ірі институтта қызмет атқарды. Уақыт өте келе Еркежанмен кездескенімде бір келеңсіз жағдайдан сыр шерткен еді. Сол әңгіме былайша өрбиді.

АЙЛАКЕР ҚОНАҚ

Шамасы 1958-59 жылдар болу керек. Жалғыз баласы Алматыда оқуда, ауылда бір үйде жалғыз тұратын кейуананың үйіне бір жас жігіт келіп, жол-жөнекей сәлем бере кіргенін, Алматыда институтта осы кісінің ұлымен бірге оқитынын және оның жақсы досы екенін, тіпті кейуананың болашақ келінінің аты-жөніне дейін білетінін, баласының болашақта жақсы елге танымал азамат болатынына шейін әңгімелейді.
Көптен бері баласын сағынып жүрген ана – құрақ ұшып, сүтін сауып шәйіне қатып ішіп отырған жалғыз ешкісін сойып асып мәре-сәре болады.
Жатарда ұлының бөлмесі төргі үйге төсек салып жатқызады.Ертеңгісін күн арқан бойы көтерілсе де, ее, жолсоқты болып әбден шаршаған ғой қарағым, ұйықтасын деп түске шейін жүреді. Жігіттің қарасы көріне қоймаған соң есікті ашса, ешкім жоқ!.. жалмажан бар байлығын сақтайтын жалғыз сандықты ашса, үңірейіп бос қалыпты. Баласының үйленерде киемін деген кәстөм-шалбарын, бүкіл жаңа бұйымдарды тіпті жақсы кітаптарына шейін түгел үптеп кетіпті.
Еркежан-көп жолдастардың қайсысы екенін осы күнге шейін біле алмадық, деді.

Ауыл тынысы

Шамасы 1956-59 жылдары болса керек. Ел іші кедей. Күн ыстық. Ауылдағы елдің бар байлығы сол, бала туатын үйлерден бір-біріне тетелес өсіп-өніп келе жатқан, кемінде 5-6 қара домалақ балалары еді ғой.
Сондай көп балалы үйдің отағасы мектепте мұғалім жездем Заманбай ағай Оңғарбек ағаммен бір туған қарындастары Балжанға үйленген. Заманбай жездем қу тілді, күлдіргі, бойы сырықтай, ұзын, арық, екі көзі екі жаққа қарап тұратын қыли, боқтампаз қызық адам еді.
Ол кісінің үйінде аса үлкен дөңгеленген әрі аласа етіп жасалған (столы) дастарханын айнала қоршап отырып тамақ ішіп, шүпірлеген балаларын отағасы дастархан басында отырып күнделікті ең кемінде бір рет санап түгендеп отырады екен.
Бір күні сол әдетімен жоғарыдан қарап отырып, сұқ саусағын шошайтып, әр қайсысының басын меңзеп 1-2-3 деп санап, санына жете алмай қайталап 1-2-3…8-9…9-9…һі…?! ақтарылып әйеліне қарап:
– Әй қатын, мыналардың біреуі жоқ қой!.. Қайсысы жоқ! Қарашы, сен білесің ғой!.. дейтін көрінеді кешігіп жатқан бірін жоқтап.
Балаларының ұсақ-түйек киімі көбейген сайын, тірнектеп жинаған ақшасына айналы шифонер сатып алады. Балалары секіріп қатты қуанады.
Ертеңіне күндегідей есік алдындағы үлкен ағаштың көлеңкесінде шәй ішіп отырғанда бос жүрген ешкінің бірі есігі ашық тұрған үйге кіріп кеткенін байқап қалған үй иесі артынан есіктен кіре бере көргені, ешкі шифонердің алдында артқы екі аяғына тік тұрып алып, көзі аларып айнадағы өз бейнесіне өшігіп, мүйізімен періп кеп қалғанда айна күл-паршасы шығады да, айна артындағы жұқа фанер жұлынып ешкінің мүйізіне ілініп кете барады. Шошынған ешкі шыр көбелек айналып, ойқастап секіргенде бүкіл ыдыс-аяқ салдыр-күлдір, шақ-шұқ, қалайы кәстрүлдер, шелектер қаңғыр-күңгір бөлменің астаң-кестеңін шығарып орғып жүргенде, фанер қабырғаға соғылып ешкінің мүйізінен түсіп қалған соң, ешкі бақырып сырқа атып шығыпты.
Оқыстан болған іске не шара. Осылайша шифонер істен шығып «көрдім жоқ!» болған екен.
«Балалы үй базар» демекші Заманбек аға: менің 8 – шпионым, 2 – партизаным бар деп жүріп, бәріне институт бітіртті.
Балаларды ерте тұрғызып, тазалық сақтау жағын қадағалап, бәрінің өмірге бейім, пысық болуын қадағалаған екен. балалары өсе келе жақсы азамат болып, өмірде өз орындарын таба білді.

***
Не деп жазайын, қилы заман артта қалып, жылдар жылжып, екеуі де орта жастан асып кемелденген күннің бірінде, қарындасы аңсары ауып, хал-ахуалын білуге ағасының үйіне барады. Дастархан жайылып, шәй ішіп отырғанда көп сөйлемейтін ағасы бірден:
– Сен мен туралы кітап жаз дейді . Сонда қарындасы ағасының жүзіне бағдарлай ,көзіне алғаш рет тіке қарап: аға мен сізден 20 жас кіші екенмін, мен осы күнде 63 жасқа келіппін. Осы күнге шейін сізден 63 теңгелік мейірім не жақсылық көрмеппін!..Не деп жазайын?!
– Һі!..
– «Қайыры жоқ жақыннан, жаны жақсы жат артық» деген. Өз басым жақсылықты сырт елден көп көрдім, көріп те жүрмін. Ел-жұртыма разымын,-деп сөзін аяқтапты қарындасы.
Әдетінше ағасының үйіне тағыда барып хал-жағдайын біліп, енді қайтуға ыңғайланып дәлізге шықса, ағасы әбігерленіп, ілулі тұрған киімдерінің қалталарын ақтарып, қолына түскен 5 мыңын қимай, кемпірінің көрсеткен 200 теңгесін азсынып, оның 1 мыңын алып, қарындасына:
– Мә, мынау жолыңа, – деп мырзалық жасағаны тіпті, бар ғой жүрегін бір түрлі ғып елжіретіп жібергенін айтып:
«Осы 2010 жылдың ақпан айында 70 жасқа толыппын. Осыдан 7 жыл бұрын айтылған бауырымның өтінішінің сәті түскендей ме қалай?» деп жатыр.
Ары–бері, өткен-кеткенді ойша аудастырып, тағы да саралап. Жөнді ауызға ілігер ешнәрсе таба алмаған соң, бауырының осы жақсылығын газетке жазғанын (шығып жатса) айтып, үлкен кісінің тілегін орындадым-ау деймін депті қарындасы.

***
Апам кішкене күнімізде сіңлім Бишөкен екеуіміздің аяғымызға жастық салып, инемен матаны жастыққа бекітіп, кимешегінің жағын зер жіппен тіккезетін. Киім пішудің әдісін сүйемдеп, қарыстап өлшеуді үйретіп, мата беріп, осыны көйлек пішіп ки дейтін. Айтқанын екі етпеймін. Сол күндері матаны апамның бақылауымен пішіп, жүз тігіп, киіп көріп; жүз сөгіп түнімен отырып ертеңіне киіп шығу әдетім еді. Көз көрген өнерді; кесте тігу, ою басу, тоқыма тоқу, кілем тоқу; сурет салу, адам бейнесін өзіне ұқсатып салу, ауыл пейзажын; тапалтақ мыжырайған тамдардың ауласындағы жануарлармен бейнелеу сияқты әр нәрсеге бейім болдым.
Көрші-қолаң тігіп беруімді қалайтын. Сабақтан келгенімде апам: «Бәленше киізін әкеп тастады сен ойып берсін деді» дейтін. Ешкімнің көңілін қалдырмай; «Бірінің өзі жақсы, бірінің көзі жақсы» деп жасап бер нең кетеді дегендей пейіл көрсетеді. Әрине мен алдымен оюды киізге сызып, төрт бұрыштап алып, пышақпен кескенде пышақ өтпей (екі қабат киізге) әбден қолым қарысып қалатын. Бүкіл ауылдағы киіз жасағандардың оюын мен ойдым десем болар.
Елде біреу текемет басатын болса мені шақырып түрін салдыратын. Осы көп салалы өнер кезінде пайдаға асты. Бүкіл отбасыма киімді пальтоға дейін тіктім. Егеменді ел болғанда ұйымдастырған Шоқпаровтың қолөнер шеберлеріне біраз еңбектерімді тапсырдым.
Өткен шақта жас болдым, албырт болдым. Әр нәрсеге құштарлық білсем, үйренсем деген қызығушылық кемерінен асып тұратын еді. Амал не, талабым таудай болғанымен кедергілер одан да биік болып асудан аса алмадым-ау деймін.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *