ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ РӨЛІ
19.08.2018 0 3 871
Жастар – бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері, қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Ал, тәрбие – ұзақ әрі күрделі процесс. Білім ордасы мен жұртшылықтың бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты. Қоғамның негізгі қызметтерінің бірі, жеке адамды мақсатты, жүйелі қалыптастыру процесі, сондай-ақ аға ұрпақтың кейінгі буынға меңгертіп, олардың сана-сезімін, жағымды мінез-құлқын дамытуы. Дәстүрге келер болсақ, Мәскеу 1982 жылы жарық көрген «Совет энциклопедиялық сөздігінде» дәстүр дегеніміз – белгілі бір қоғамда, таптар мен әлеуметтік топтарда ұзақ уақыттар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырылатын әлеуметтік және мәдени мұраның элементтері деп берілсе, жазушы-ғалым Қойшығара Салғариннің пікірімен дәстүр – біздің таным-түсінігіміз бойынша белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптаудан өткізіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни бүгінгі түсінікпен айтар болсақ, қатал тірліктің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясы.
Демек, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясын басшылыққа ала отырып, жастар тәрбиесінің дәстүрмен сабақтастығы сіз бен біздің еншімізде. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс болып саналады. Ертедегі грек және рим ойшылдарының (Платон, Цицерон, Аристотель т.б.) еңбектерінде тәрбие идеялары көрініс береді. Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі жастар тұлғасын қалыптастыруда ұтымды қолдану – уақыт талабы.
Қоғамның алдына ұрпақ тәрбиесі жүктелген. Сондықтан бұл мәселе қайсыбір қоғамда атүсті қаралмаған. Қазақ жастары – ел болашағы. Бүгін де балабақшадан бастап, ата-ана, мектеп, жоғары оқу орындары, қоғам барлығы дерлік бала тәрбиесімен айналысады. Әрбір уақыттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Кеңес үкіметі тұсында жастарды тәрбиелейтін пионер, комсомол, партия сынды ұйымдар болады.
Сол ұйымдар жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, өтірік айтпауға, ұрлық жасамауға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйретті. Мектеп жанында Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлерді, тылда жұмыс жасаған аналарымызды, еңбек майталмандарын шақырып, жеткіншек жастарға үлгі-өнеге қылып, марапатын жеткізген. Бұл дегеніңіз, «тәрбие – уағыз айтумен берілмейді, іс-әрекетпен беріледі» деген сөздің жауабы десек те болады. Бұның астарында үлкен мән мағына жатыр. Әрбір жас өзінің алдындағы асқар таудай болған, елінің егемендігі мен балаларының болашағы үшін тайсалмаған ата менен әкенің ерлігіне, жүрегі мейірімге, ақылы дария, дәстүрін сақтаған, ошағын баптаған, керек кезінде алынбас қамалдай бола алатын қайсар ана менен апаға қарап бой түзейді. Ендеше, бұның жеткіншектерге беретін тәлімі мен тәрбиесі өте зор. Атқарылған қоғамдық жұмыстар бүгінгі бейбіт өмірдің бізге оңай келмегенін ұғындыратындай…
Ал, қазір тәуелсіз елміз. Ата-бабамыз аңсаған еркін елде өмір сүрудеміз. Отанымыз дамып, халықтың жағдайы да жақсаруда. Әркім қалаған еңбегімен айналысып келеді. Бірақ жастар тәрбиесі талайды алаңдатады. Күнделікті тірлікпен қоғамдық көліктерге жиі мінеміз. Ал қоғамдық көлік – жастардың (лицей, кәсіптік мектептер, колледж, университетте білім алушылар) қатынас құралы. Мүмкін, қазір жастарды «демократия» деп тәрбиелегендіктен бе, қайдам?.. Сол жастардың өзара сөйлесіп тұрғанын естігенде көңілің құлазиды, ұятың мазалайды. Құлақтарына «құлаққап» (наушник) салып алып музыка тыңдап, ғаламтор желісінен шыға алмаған кейіппен немесе естімеген сыңаймен алдына келіп тұрған үлкендерге орын босатып беруді де біле тұра, білмейді. Біздің қазақтығымызды көрсететін «Ассалаумағалейкум», «Сәлембердік» деген жарқын амандасуларымызды естімек түгіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілмеуді де жиі көретін болдық. Алайда, көпке топырақ шашу – менің қағидам емес. Жоқ емес, бар. Тәрбиелі, ибалы бойжеткен мен сырбаз бозбаланы көргенде мен ғана емес, айнала нұрға бөленгейдей болады. Өйткені, қоғам соны, сол тәрбиелі ұрпақты көргісі келеді. Сол себепті де елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастарды үкілі үміт пен асқақ армандарымыздың жарқын көрінісі» деп атаса керек.
Халқымыз өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық игіліктер мен құндылықтар, дәстүр сабақтастығын сақтауды мақсат тұтқан. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзінде қаншама ұлттық тәрбие, болашақты болжаған көрегенділік жатыр. Ұлт боламыз десек, тәрбие ана сүтімен беріліп, ана тілімізбен қалыптасып, дәстүрмен үндесіп жатуы шарт. Олай болмаса, қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы айтқан дүдамал ұрпақ өсіп шығатыны сөзсіз. Ел болашағы дүдамал ұрпақтың емес, елім деп жүрегі елжірейтін ұрпақтың өсуі үшін, әуелі, ұялы телефонның әуенін емес, бесік жырын айтатын Ұлжандай келіндердің болуымен, немерелеріне ақшаны көп табу қағидаларын айтатын емес, ертегілер мен батырлар жыры арқылы санаға ұлттық тәрбиені сіңіретін Зере мен Айғанымдай әжелердің болуымен, дәстүрді сыйлайтын, дәріптейтін, дастархан басында отыру тәртібі мен жанұя мүшелерімен қарым-қатынас орнату мәнерін білетін отбасының болуымен кемелді болмақ.
Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр болуы да ғажап емес.
Осы аспектілерді негізгі ала отырып, тәрбие деп аталатын халқымыздың ғасырлар бойы жинақтап, іріктелген озық тәжірибесін пайдалануымыз қажет. Себебі, тәрбие мәселесі – ұрпақтан-ұрпаққа таралып, жетілдіріліп отырған өмір мектебі. Оны халық даналығынан, рухани өмір беттерінен, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, салты мен санасынан, әдет-ғұрыптарынан іздеген жөн.
Өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау ежелден мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық көрсету сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Біз, бүгінгі жастар, осындай ұлтжандылығымызбен, өзімізге тән ұлттық болмысымызбен және рухани тазалығымызбен ерекшеленуіміз тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.
Тағы да айтамын, біздер, болашақ жастар – қоғамның бір бөлшегіміз. Сондықтан, сапалы білім мен саналы тәрбиені бойымызға сіңіріп, елдің өткенін, ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін бойымызға сіңіріп өсуіміз керек.
«Таяқтың да екі ұшы болады» демекші әрбір нәрсенің, жағдайдың екі жағы болады. Яғни, ақ пен қар, жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс секілді жағымды мен жағымсыз әрекеттің жүруі де заңдылық. Әйтпесе, салыстырмалылық, дамушылық деген болмас та еді. Осы орайда, қоғамның бір мүшесі ретінде, жастар тәрбиесі мен дәстүр сабақтастығының одан әрі жүйелі де негізді қолға алынуына өз ойымды (ұсынысымды) қосқым келеді.
Қоғамдық көліктерде ағылшын әуендері емес, тәрбиелілік мәні бар қарасөздер, кеңестер айтылса;
Жастарға, отбасыларға арналған психологиялық тренингтер өткізілетін орталық немесе сағаттар жүргізілсе (қатыгездік, тіл табыса алмау белең алып жатыр және бала тәрбиесіне жауапты,жұмыстан қолы тие бермейтін ата-аналар үшін);
«Ең үлігілі отбасы», «Тәрбиелі тұлға» сынды сайыстар облысымызда ұйымдастырылып, дәріптелсе;
Әр білім ошағында «Ұлдар кеңесі» мен «Қыздар кеңесі» құрылса (кеңес төрағасы мен мүшелері үлгі боларлықтай жүріп, жастардың амандасу, сөйлеу, киіну стильдері қаралып, бағыт-бағдар, кеңестер берілу үшін. Өйткені, өзгенің (ашық-шашық жүретін жұлдыздардың) өміріне алаңдаймын деп өз болашақтарын елестетуден, жоспарлаудан қалып бара жатыр).
Ұра берсең, қамал да құлайды дегендей, үлгілі сөздерді айта берсек, тәрбиелік жұмыстарды атқара берсек, ең әуелі әрбір тұлға өзімізді түзеп көрсете білсек, «АНА» деген әйел заты қай жерде болмасын өз болмысын жоймай, мейірімділікпен жауап беріп, ақылын айтса, «ӘКЕ» деген әрбір ер азамат қадірін кетірмей, батасын беріп отырса, жастар тәрбиесі мен дәстүр сабақтастығы осыдан жолын табады деп білемін.
Ойымды «Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекке, оның барлық өміріне апат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие» деп атаған ғұлама ғалым Әл-Фарабидің даналы сөзімен қорытамын.
Гүлназ Ибраева,
Маңғыстау гуманитарлық колледжі, Ақтау қаласы
Қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.