Кітапханадағы тіл тағылымы
19.08.2018 0 3 388
Зылиха Жантасова
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалынды,қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады»деп кеңестік биліктің ұлтты жоюға мақсатты түрде жұмыстар атқарғанын ашық жазды.
Ұлттың рухы, жаны, тарихы,санасы, дүниетанымы – тілінде. Сондықтан, ана тіліміздің мерейі үстем, келешекте сақталуы үшін біз бүгін қызмет атқаруымыз тиіс.
Мемлекеттік тілді білу, қастерлеумен қатар қазақ тілінің төңірегіне топтасу-ұлттық идеологиямыздың негізі. Осы мақсат тұрғысында жұмыстар атқарылуы және әр адам өзінің парызы санауы тиіс.
Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс аумағындағы кітапханалар желісі үшін ғылыми-әдістемелік орталық болғандықтан қазіргі таңда жаңа кітапхана өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Кітапханада білім беру процессін ақпаратпен қамтамасыз ету, ақпараттық ресурстарға қол жеткізу қызметінің диапазонын кеңейту, оқырмандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, еліне жанашыр, білімді, Отанын сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу, мемлекеттік тілімізді насихаттау бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мақаламызда сол атқарылып жатқан жұмыстардың біршамасына тоқталып өтеміз.
Мемлекеттік тілімізге қатысты өте үлкен, заманауи қажеттіліктен туындаған мақсаттың бірі – латын әліпбиіне көшу екені анық.
Кітапханамызда «Латын әліпбиі орталығы» ашылып, латын графикасының тарихнамасы жаса-лынып, латын әліпбиін үйрету бойынша семинарлар, арнайы сағаттар өтуде. «Латын әліпбиіндегі кітаптар жайында»арнайы көрмелер, танымдық сағаттар өтіп, латын әліпбиін үйренуге, сауатты жазуға үйретуге ерекше көңіл бөлінуде.
ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұлттық сананы жаңғырту» тақы-рыбында елімізге белгілі қазақ ақын-жазушыларымен кездесу өтті. Кездесуге жазушы, журналист Мереке Құлкенов, ақын Есенғали Раушанов, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын, журналист Аманхан Әлімұлы сынды қаламгерлер қатысты.
«Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар бағыт» деген атпен талқылаулар, пікірталас, дөңгелек үстелдердің жиі өтуі заңдылық. Себебі, бұл ұлт тағдырын айқындайтын маңызды шешім. Қазақтың мақалында « жеті өлшеп, бір рет кес» болса, бұл маңызды мәселені жетпіс рет ойланып, шешімге келу керектігін ескереміз.
Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс…
2017 жылдың 13 қыркүйек күні «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» тақырыбында облыс әкімі, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары, түрколог-ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысуымен кеңейтілген отырысы өтті.
«Жаңа әліпби – жарқын болашақ» атты көрмелер көрсетіліп, көптеген ауқымды іс-шаралар өтті. Қалай болар екен деген сан алуан пікірдегі оқырмандарға түсіндіру жұмыстары да пікірталас жұмыстары да жүргізілді.
Тіл мәселесі бойынша біз Алаш ардақтыларының сөздеріне жүгінгеніміз жөн деп білемін. Ұлттың болмысын, ұлттың маңызды рухани табиғатын түсінген Алаш қайраткерлері әрқашан тіл мәселесін ұлттан бөліп қарамаған. Алаш зиялыларының сөзінде ұлт тілінің маңызымен бірге ескерту, сақтандыру ойлары да жатыр. Біздің қоғамымыз үшін Алаш азаматтарының пікірлері құнды.
Алаш зиялыларының қазақ тіліне жасаған зор, тіпті ұлы еңбектері қай жағынан алсаңыз да тарихи миссия. Оның серпіні бүгінгі күнделікті еңбектеріміздің екпініне ұласуы қажет һәм міндетті деп ойлаймыз. Тіл жайындағы толғаныс, тіл жайындағы тебіреніс бір күннің аясына әсте сия қоймас. Тіл туралы кештер жыл бойы жүзеге асады. 21 ақпан — Халықаралық ана тілі күні «Тіл – татулық тірегі», «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» атты кештер өткізіледі. Ал, бүкіл іс-шараның өткізілуі барысында ана тілге құрмет сезіліп тұрады. Бүкіл іс-шаралар қазақ тілінде өтіп жатқанын көргенде жүректерде қуаныш сезімі орнайды.
«Тарихымды жазудамын бүгін мен,
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!»-деп Мұқағалидың жырын тәубашыл көңілмен қайталап тұрамын.
Шетел классиктерінің шығармалары да қазақ тілінде насихатталып жатқан сәттерінде Мұқағалидың:
«Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,
Сөйле, Данте, менің Ана тілімде» — деген жолдарын рухтана қайталаймын.
«Алаш» қозғалысына 100 жыл толуына орай «Дос Демеу» қоғамдық бірлестігі кітапханамен бірлесе «Азат-тықты аңсаған – арыстарым ардақты!» облыстық шығармашылық байқауын өткізді.
«Алаш» қозғалысының 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде атап өтуді мақсат тұтты. «Алаш» қозғалысы мүшелерінің шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарасын насихаттау мақсатында байқау өте жоғары деңгейде өтті.
Жазушы, әдебиеттанушы А.Байтұр-сыновтың туылғанына – 145 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынов әлемі» атты шығармашылық кеш өтті. Ахмет Байтұрсынұлының тілге, әдебиетке қатысты еңбектері жайында ғалымдар баяндама жасап, тіл құдіретін ұғындырды.
Алаш идеясын жастардың бойына сіңіруіміз қажет. Алаш мұраларын ыждағаттылықпен оқытып, ұрандарын үлгі етіп, идеяларын жалғастыруымыз қажет. Ел болу үшін қасиетті тілі болуы керектігін, оны мемлекеттік тұрғыда қолдану қажеттігін айтып биік мүдде тұрғысынан табылған Алаш идеясын сіңіруіміз қажет.
Кітапханадағы өткен
іс-шаралар
Кітапханада жыл бойы үш жүзден аса іс-шара өтті. Кітапханада әр іс-шараның мазмұндық тұрғыда терең, өтілуі көркем болуына ерекше мән беріледі. Әр іс-шараның мақсаты айқын, көрерменді қызықтырып, оқырманды ойландыруға негізделеді. Көрген іс-шаралар көрерменнің есінде ұзақ сақталуы керек, ішкі жан-дүниесін жылытуы , жанына сәуле құярлықтай мазмұнды болуына ерекше мән беріледі. Кітапханада өткен көптеген мәдени іс-шараларды мазмұндық тұрғыда бірнеше бөлікке бөлуге болады. « Қазақстан – келешегі кемел ел», «Қазақстандық патриоттық тәрбие» тақырыбында отансүйгіштік тәрбиеге рухани серпін беру көзделуде.
«ЭКСПО — 20170 көрмесі — елдіктің ерен жеңісі» атпен көптеген кітап көрмелері мен кештер өтті. «2017 жыл – Түркістан түркілердің мәдени астанасы» атануына байланысты «Түркілердің төл мекені – Түркістан» деген атпен кітап фестиваль өтті.Түркі халықтарының әдебиетін дамыту мақсатында түркі халықтары ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай бірнеше рет семинар кеңес, талқылау және насихаттау шаралары өткенін ерекше айта аламыз.
«Халықаралық ынтымақтастық пен ішкі тұрақтылық» бағытындағы шаралардың да маңызы ерекше. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақты насихаттауға, рухани танымды дамытуға бағытталған.
«Әдебиет әлемі әдемі» бағытында кітап және қаламгер жайында көптеген әдеби шығармашылық кештер, сұхбаттар, кітап талқылаулар, кітап көрмелері ұйымдастырылды.
«Әуезов әлемі» атты мүйіс жазушы М.Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына байланысты арнайы ашылды. Бұл салтанатты іс-шараға жазушының ұлы Мұрат Әуезов арнайы келіп, Оңтүстік жұртшылығымен кездесіп, әке тағылымы, әке бейнесі жайында ой-толғауларымен, естеліктерімен бөлісті.
Мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Тарлан», «Алтын жүрек», «Алтын асық», «Алтын адам» премияларының лауреаты Мұрат Әуезов елдің көкейінде жүрген сауалдарға өз көзқарасын бойынша терең әрі байыпты жауап берді.
Ол Әуезов мұрасын тек әдебиетші ғалымдар емес, қазақтың әр баласы оқуы тиіс, себебі сөздік інжу-маржандарын қалдырған сөз зергері деп тебіренді.
«Отырар» кітапханасында заңгер, қоғам қайраткері ,халықтың мәдени мұрасын зерттеуші, бірқатар кітаптар мен ғылыми жұмыстардың авторы Бекет Тұрғараевтың арнайы «Тұрғараев әлемі» атты мүйіс ашылды. «Ұлт руханиятның жанашыры» атты кездесу кеші өтті. Кешті ақын Т. Көпбаев жүргізді. Оны халық қазақ тілінің үлкен жанашыры ретінде құрмет тұтады. Мектептерге жиі барып, сөрелері босап қалған кітапханаларды қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен толықтырып, авторлармен кездесу ұйымдастыру – оның негізгі бағдарламасының бірі. Тіл реформасы жайлы мақалалар жазып тұрады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құр-метті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қуаныш Айтахановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Айдынды Азамат»атты кештің әсері ерекше. Елге қызмет атқара жүріп, елдің сүйспеншілігіне айналған тұлғалардың ойлары ұрпақтың бойына адамгершілік-өнегелік құндылықтарды қалыптастырады.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жердің киелі өңірлері жайында ақпаратты, зерделі зерттеулерді, аңыздар мен әпсаналар жайында ой өрбіту.
Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі киелі жерлер туралы,жер атаулары туралы ,ол жерлердің зерттелуі жайында өзіндік көзқарастар мен атқарылар жұмыстардың саралануы , болашақта атқарар жұмыстар жайында ой талқы, көзқарас, таным таразысы сипатталады.
Сандық формат, электрондық нұсқа сияқты жетістіктер – бүгінгі күн-нің басты талаптарының бірі. Ендеше, заман көшіне ілесу үшін аталған үдеден шығу маңызды. «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы сандық форматқа көшіру жұмыстарын бастады, осыған байланысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Елдің қолына түсе бермейтін ескі жазбаларды ендігі уақытта электрондық нұсқадан оқуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде, көне жәдігерлер мен әр заманның мәдени мұрасына болашақта кез келген оқыр-манның қолы жететін болады.
Кітапхана рессурстары сандық форматқа көшкелі бері керекті кітаптарды тез табуға мүмкіндік туындауда.
Жалпы кітапханамыздағы сирек кездесетін құнды кітаптардың саны – 3465. Оның ішінде тарихи жазба ескерткіштер мен қолжазбалардың көшірмелері де бар. Сандық форматтағы құжаттар саны 310 дана, соның ішінде кітаптар саны 128, мерзімді басылымдар 15 дана, авторефераттар 167 дана.
Бөлім қорында өлкеміздің төл мұрасына айналған мерзімді басылымдардан – 1946 жылдан бері облыстық газеттердің 200 түптемесі сақталған.
Сирек кітаптар бөліміндегі 1960 жылға дейін шыққан Абай Құнанбайұлының «Өлеңдер, аудар-малары», Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ һәм хандар шежіресі», «Қожа Ахмет Йассауи хазіреттің даналық сөздері», М.Л.Быковтың «Сборник трудов Южно-Казахстанской области» кітаптары сақталған, сандық форматқа көшірілген.
Қазіргі таңда Брокгауз Ефронның Энциклопедиялық сөздігінің (Санкт-Петербург., 1890 г.) 82 томдығы сандық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Мерзімді басылымдардан сандық форматқа өткен 1959-1970 жылдар аралығында шыққан «Оңтүстік Қазақстан» газеті. Алдағы уақытта 1946 жылдан бері сақталып келе жатқан газет материалдарының электронды нұсқасын дайындау жоспарлануда.
Өлкетану бағытында «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Жаңарған, жасарған Оңтүстік», «Оңтүстік Қазақстан табиғаты», «Оңтүстік Қазақстан тарихи-мәдени ескерт-кіштері» кітаптары сандық форматқа көшірілді.
Сондай-ақ, бөлім қорында сақтаулы көне кітаптардың сандық форматта көшіріліп, жастарға насихатталуы төл тарихымыздың насихатталғаны деп білемін. Көне кітаптарды мұқият сақтау, маңызын ұлықтап ұрпаққа жеткізу және насихаттау жұмыстары ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін арттыруға бағытталған игілікті іс болғандықтан қарқынды жүзеге асады деп сенім білдіремін.
«Бір өлке-бір кітап» акциясы оқырмандар
саны артуына
ықпалы мол
Республикалық «Бір ел – бір кітап-2017» акциясы аясында таң-далған қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығар-машылығы бойынша оқырмандар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелеріне сүйенсек ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығар-машылығымен көбірек әр түрлі ма-мандық иелері, қызметкерлер таныс екен. Үлкендер жағы «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдарын сүйіп оқыса, жастар жағы көбірек ақынның «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» өлеңімен таныстығы анықталды.
«Жыл кітабы-2017» көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын насихаттады.
«Ақын есімі – ел есінде» атты әдеби кештер, дөңгелек стол мен ойтолғау тұрғысында бірнеше шаралар өтті.
«Бір өлке – бір кітап» акциясы бойынша драматург-жазушы, Халы-қаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Тұрысов Еркінбек Тұрысұлының «Темірлан» романы таңдалған. Облыстың қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері 90 жасқа толғалы отырған қаламгер туындысына осындай мәртебе берген. Бүгінде ғасырға жуықтаған қарт қаламгердің қаламынан туған дүниелер әдеби үрдістің қолтаңбасындай қазақ әдебиетінің бір бөлшегіне айналып үлгерді.
Қазіргі таңда, қазақ әдебиетінің әр қилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетіне, әсіресе ұлттық дәстүрге, ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын тереңдеп зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік қолтаңбасын ажыратып, бағасын беру қажеттілігі туды. Ғылыми-тәжірибелік конференция, семинар, дөңгелек стол,талқылаулар, кездесулер өтті.
Сонау Жетісу өлкесінен қуанышты хабар жетті. Талдықорғандық ақын Шәкура Әліп жазушының рұқсатын алып, «Темірлан» романын бастан-аяқ поэзия тілінде сөйлетіпті. «Ақсақ Темір-Темірлан туралы жыр» тарихи роман-өлең кітабы баспадан шықты.
Тарихи роман-өлең кітабы «Қатерлі керуен», «Көгілдір күмбез» атты екі бөлімнен тұрады. Ақын Ш.Әліп жазушы Е.Тұрысовпен кездесіп, өлеңді жазудағы ойларымен бөлісті, қарт қаламгер ақынға батасын берді.
Акция әр аудандарда жалғасын тауып, оқырман қауым жазушымен кездесті.
Ғалымдар шығарманы талдады, ақындар жыр арнады. Студент жастар эссе жазды.
Қазіргі қазақ прозасы және Еркінбек Тұрысов шығармашылығы» атты драматург-жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Тұрысов Еркінбек Тұрысұлының 90 жылдық мерейтойына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конфе-ренция өтті, конфренция материалдары жинақ болып жарияланды.
Биыл республикалық «Бір ел-бір кітап-2018» жылғы акциясы үш бірдей кітап: Ш.Құдайбердиевтің шығармалары, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя » атты кітаптары таңдалып алынған болатын. Жыл бойы акция негізінде талқылау барысында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Қазақтың ақыны, философ Шәкәрім Құдайбердиевтің туылғанына – 160 жыл. Ар ілімін дамытушы Шәкәрім Құдайбердиевке арналған «Терең ой иесі – Шәкәрім» атты кеш өтті. «Н.Келімбетовтің прозасындағы адам тағдыры» атты дөңгелек стол, әдеби шығармашылық кештер өтуде.
Оңтүстіктен шыққан қазір ұлт мақтанышына айналған ақын-жазушылар мен қазір арамызда жүрген қаламгерлердің туындылары таңдалып алынады.
«Бір өлке-бір кітап-2018″ акциясына жазушы А.Сүлейменовтің «Бесін» романы таңдалды. Жазушы жайында танымдық сағаттар, дөңгелек столдар, әдеби кештер өтуде.
Бұл акциялар науқан емес, бір жылда сол ақынның бүкіл шығармасы оқылып, талданып, зерттеліп көптеген жүйелі жұмыстар атқарылады.
«Талғам» сараптамалық
кеңесі құрылды
Кітап демекші, көрінгенді қағазға түсіріп, көр-жерді өлең етіп тізіп том-том кітап шығарып жатқандар аз емес. Шыққан кітапты жарнамалап, кітапханаға өткізгісі келіп жүрген қаламгерлердің кітаптарын да таразылап, қажеттісін саралау да заман талабынан туындап отыр. Осы мақсатта «Талғам» атты сараптамалық кеңес құрылған. Кеңестің құрамындағы ақын-жазушылар, ғалымдар кітапты оқып, өз ойларын ортаға салып, қолжазбалардың құндылығы жайында пікір айтып, арнайы шешім қабылдайды. Осы мақсатта көптеген кітаптар сараланды.
2017 жылы Н.Төреқұловтың 125 жылдығына орай төрт қолжазба «Талғам» сараптамалық кеңестің талқысынан өтіп, кітап болып жарияланды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М.Тұрсұн, Г.Батырбекқызы «Нәзіртану негіздері» атты оқу құралы. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. М. Тұрсұн, Г.Батырбекқызы «Нәзір Төреқұловтың қоғамдық-саяси қызметі тарихының Түркістандық және Мәскеулік кезеңдері» атты монографиясы. т.ғ.д.,профессор Хазіретәлі Тұрсынның «Нәзір Төреқұлов: архивтік құжаттар мен материалдар жинағы» т.ғ.д.,профессор Хазіретәлі Тұрсынның «Нәзір Төреқұлов мақалалары мен материалдар жинағы» (өзбек тілінде) атты еңбектері талқыланды. Талқылаудан кейін ескертпелерді ескеріп, кей тұстарын қайта қарап,өңдеп кітапты баспадан шығарды.
Кітапханаға келген мазмұны да сауаттылығы да сын көтермейтін кітаптар сыналды. Авторларына кеңестің пікірі айтылды, жазбаша да тапсырылды. Бұл біздің кітапқа деген сүйіспеншілігіміз, таным мен талғамға бағытталған қызметіміз деп білемін.
Батырлар жырын жатқа айтатын жастар өсіп келеді…
Балаларға арналған «Ақерке» залы кішкентай оқырмандарға арналған. Кішкентай оқырмандарға кітапханашылар ертегі оқып береді. «Егер балаңыз ақылды болсын десеңіз,оған ертегі оқып беріңіз.Егер балаңыз асқан ақылды болсын десеңіз,одан да көп ертегі оқып беріңіз»- деген А.Эйнштейн пікірінде терең мағына бар.
Балалардың сурет салуына, аз уақыт компьютерде ойын ойнауына да жағдай жасалған. Шаршаса демалатын орындар да қарастырылған. Ара-тұра шағын кинозалда «Қазақфильмнің», «Оңтүстікфильмнің» мультфильмдерін тамашалауға мүмкіндіктері бар.
«Ақерке» балалар залының оқырмандары батырлар жырын жатқа айтады. «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр» жырларын жатқа оқитын өрендер өсіп келеді. Абайдың 7 өлеңін жатқа айтатын 4 жасар бүлдіршіндеріміз барлығын мақтана айтамыз.
Кітапхананың «Ақерке» балалар залында «Отан – отбасынан басталады» тақырыбында танымдық сабақ өткізілді. Сабақтың басты мақсаты жалпы оқырманға отбасы мен ата-ананы бағалауды үйрету.
Сондай-ақ, жас буынды отан-сүйгіштікке, адамгершілікке, рухани құндылығымыз кітап оқуға баулу мақсатында көптеген іс-шаралар, байқаулар өтті. Атап айтсақ, кітапхана ауласында оқырман балалар арасында асфальттағы сурет байқауы өтті.
6 қаңтар күні «Отырар» кітап-ханасының «Ақерке» балалар залы кітапханашыларының ұйым-дастыруымен «Алпамыс батыр» жыр кеші өтті. Кешке «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің жетекшісі, Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің директорының орынбасары, Журналистер Одағының мүшесі Омар Қалмахан Қалтайұлы және ардақты әже Мәлен Перне қатысты.
Іс-шарабарысында кітап көрмесі жасақталып, қатысушыларназарына ұсынылып, ары қарай оқырмандар «Алпамыс жырын» нақышына келтіре оқыды. Шара соңында белсенді қатысушылар Республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорыныңАлғыс хаттарымен марапатталды
«ON’TU’STIK» телеарнасы мен «Отырар» кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақерке» балалар залында «Алпамыс батыр» жырының композициясын насихаттау мен оқушының сөздік қорын дамыту және халық ауыз әдебиетін дәріптеу мақсатында «Мәңгілік ел ұрандары» тақырыбында іс-шара өтті. Іс-шара барысында бүлдіршіндер жыр шумақтарын, рухты өлеңдерді оқыды.
«Жас өркен » жас шеберлер үйірмесі балаларды шеберлікке баулуда. Түрлі-түсті қағаздан жапсырмалау әдісі, аппликация, Экибана, Бригамия өнерімен таныстырып, шеберлік дәрістерін өтуде.
Кітапханада ағылшын тілі курсы жүйелі жұмыс атқарады.
Кітапханашылардың жетістігі
Атқарылып жатқан жұмыстар жеміссіз емес. Кітапхана да, кітап-ханашылар да көптеген марапаттарға ие болуда. Кітапхана директоры Күлия Смайылханқызы 2017 жылы «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен, «Анаға тағзым» кітабы үшін республикалық әдеби «Жалын» журналы тарапынан Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықты иеленді.
Кітапхана қызметкері Азат Дидарбек «2017 жылдың ең үздік жас блогері» атағын иеленді. 2017 жылғы 9 қаңтар күні «Казахстанская правда» республикалық газет пен Қытай Халық Республикасының елшілігімен ұйымдастырылған ҚР мен ҚХР дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына орай /1992-2017/ «Ұлы Жібек жолында біргеміз» атты конкурсында ІІІ-орын иеленіп, қола медальімен марапатталып, Қытай еліне саяхатқа жолдама алды. 29 тамыз — 5 қыркүйек аралығында Қытай елінің Шеньжень, Шанхай, Синянь, Пекин қалаларына саяхат жасауға барып қайтты.
2017 жылғы 20 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Патриотизм мемлекеттік рәміздерді сыйлаудан басталады» тақырыбындағы байқауға кітапхананың сектор меңгерушісі Гаухар Медеуова қатысып, «Үздік қаламгер» атты номинация бойынша ІІІ-орын иегері атанды.
2018 жылы «Айбыны елдің – Алпамыс!» атты балалар тілін дамытатан
байқаудың нәтижесі
Республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қоры Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау әрі оны халық арасында кеңінен насихаттау, жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, балалардың сөз қолданысын, тілін дамыту мақсатында Республикалық «Айбыны елдің – Алпамыс!» атты арнайы байқау ұйымдастырған еді.
Сол байқауға қатысқан кітапхананың ғалым-хатшысы Зылиха Жантасова «ең үздік мақала» номинациясымен марапатталды. Кітапханашы Ботакөз Маметқызы «Шығармашыл тұлға» номинациясы бойынша арнайы дипломмен марапатталды. «Ақерке» балалар залының кішкене оқырмандары байқауда «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқып, ел ықыласына бөленді, арнайы марапатталды.
2018 жылдың 24 мамырында Назарбаев университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚР ЖОО кітапханаларының Ассоциациясы ұйымдастыруымен «Кітапханалық ықпалдастық: заманауи әлемдік үдерістер» тақырыбындағы VII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның 2-ші күні Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Конференцияда кітапханаларға білімді мамандарды тарту, кітапхананың дамуындағы заманауи үдерістер, кітапхананың қоғамдағы рөлі және т.б. мәселелер талқыланды.
Шара барысында Назарбаев университеті кітапханасының бас сарап-шысы П.Михаилович, кітапханалар Ассоциациясы мен мекемелерінің халықаралық федерациясының даму бағдарламасы кеңсесінің басшысы И.Бон, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген кітапхана ісінің мамандары баяндамалар жасады.
Кітапханашылар «БҰҰ-ның даму және іске асыру – 2030″ бағдарламасы аясында топтарға бөлініп, кітапхана ісі төңірегіндегі әлемдік мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Конференция семинар-тренинг түрін-де өтті. Қатысушыларға сертификат табысталды. «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры К.Айдарбекова «Кітапхана шебері» төсбелгісімен марапатталды. Кітапхананы дамыту бөлімінің басшысы Л.Қалтаева Алғыс хатқа ие болды. Мәдениет қайраткері – Күлия Смайылханқызы Халықаралық кон-ференцияны ұйымдастырушылар тарапынан арнайы тегін шақырту грантына ие болды. Бүгінгі атқарған істеріміз көңілге қонарлық. Алда атқарылар ауқымды істер аз емес.
Ұсыныстар да аз емес
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған жобаларда қазақ әдебиетін өзге елдерге таныту да көзделген. Осы мақсатта «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы жанындағы «Талғам» сарапшылар кеңесіндегі қаламгерлер кеңесті. Қаламгерлер Е.Тұрысов, Н.Бегалы, М.Әбдіәкім, Ә,Қалмырза, С.Исақ, З.Қыстаубай, Қ.Төретай, С.Нұрманұлы, Д.Танабай мен Қ.Сарыбаевтың қатысуымен өткен басқосуда Оңтүстік әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын шет тілдерге аудару мәселелері көтерілді. Облыстық мәдениет басқармасына әдеби дәстүрі бай Оңтүстіктің ақын-жазушыларының шығармаларын мейілінше қамту үшін антологиялар шығару туралы ұсыныс жасалды.
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтеді. Ана тілін ұғындыру мақсатында көптеген игі істер атқарылуда. Ана тілінде ертегі оқитын, жырды жатқа оқитын,елін, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.
Ал қазақ халқы үшін ана тілінің тарихи отанында еркін дамып, өркен жаюы этностың төл мәдениеті мен бар болмысынан, рухынан айырылмай, дербес ұлт ретінде сақталуының бірден-бір кепілі екенін жадымыздан бір сәт те шығаруға болмайды.
Тіл мәселесі ұлт болмысымен, оның тағдыр-талайымен тығыз байланысты өте маңызды .
Сондықтан оған өте сергек әрі жауапкершілікпен қарау қажет.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.