ТІЛ САЯСАТЫ: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІ
26.06.2018 0 3 221
Әбсадықов А.А.
ф.ғ.д., А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры
Хасенова Ж.У.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Филология мамандығының магистранты
Берілген мақала ғылым және инновация ғасырындағы қазақ тілінің сипаты, мәні мен маңызын көрсете тұра, үштілділіктің болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілікке ұғындыруға бағытталған. Сонымен қатар, дамушы ғасыр талаптарына сай болу үшін тек қос тілді мемлекет қана болып қалмай, көп тілді ел болу төтенше қажеттілікке айналу маңыздылығын сипаттайды.
Үш тілді – қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілін меңгергендердің қатары өсе келе қоғам, мемлекетті кең өріске жетелейтін бастаушы жолдар ашылуы негізделеді. Онымен бірге, көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, дамушы елдерден дамыған елдер қатарына қосылғысы келетін елдердің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі екендігі сипатталған. Көптілді елдердің қатарында Орта Азия елдері, оның ішінде Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және тағы көптеген елдердің тәжірибелері анықталып, олардың жеткен жетістіктері қарастырылып өткен. Мақалада үш тұғырлы тіл саясатының бәсекелестік құралы екендігі сипатталады. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта әлемге шығып, нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі. «Үш тұғырлы тіл» саясатын дамыту үшін қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді мемлекет тарапынан ең бірінші орынға қойылып жатқанын жеткізуге бағытталған.
XXI ғасыр – ғылым және инновация ғасыры. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» — деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. Бір азаматтың өз ана тіліне қанық болуы шарты астында өзге бір ұлттың тілін жеттік игеріп, сол ұлт азаматтарымен ойдағыдай тіл табыса білуін үлкен біліктіліктің белгісі деуге болады. Өмірде өзге бір ұлттың тілін игерген адам сол халықтың ішкі жан-дүниесін түсініп, барлық мәдени құндылықтарымен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Азаматтарымыздың қазіргі ай сайын алға ілгерілеп, күн сайын жаңарып, тез қарқынмен дамып бара жатқан өзгерісшең өмірге ойдағыдай сәйкес келуі үшін, қос тілді болып қана қалмай, қайта көп тілді болуы төтенше қажеттілікке айналуда. Бұлай істеу әр азаматтың өзіне де, өзгеге де тиімді. Сондықтан қазіргі қоғамда көп тілді болу әрқандай адамды кең өріске, жаңа өмірге бастайтын жол деп есептелмек. Ұлы Абайдың қарасөзіне сүйене отырып, мынадай ой сабақтауға болады: біраз уақытта өмір де, халық та, тіл де өзгереді.
Бір орында тұрмай, әлемнің өзгерісіне орай біз де өзгеріп, кемелдену керекпіз. Жаһандану заманының, жалпыәлемдік саяси, экономикалық және мәдени тұтастық құрылымына ену жолының негізгісі сол. Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін өзге иірімдерге сала алады. Қазіргі таңда елімізде «көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндет қылып отыр. «Үш тілді саясат» мәселесін халық дұрыс түсінбеуі әбден мүмкін. Алдымен ақты ақ, қараны қара деп, мәселені жеке-жеке бөліп, мемлекеттік тілге ешқандай зиянын тигізбейтінін насихаттау мәселесі жетіспей отыр. Үш тұғырлы тіл, негізінде, қазақ жеріндегі қазақ тілінің соңында қалған орыс пен ағылшын тілін қоса пайдалану болып табылады. Яғни, орыс тілі мен ағылшын тілі қазақ тілінің көлеңкесінде, ығында жүреді. Үш тілдің ішінде қазақ тіліне басымдық беріліп, қалған екі тіл сол ана тілімізге бағынышты күйде болады.
Әрине, дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Мәселен, Қазақстанда заң мамандары, экономика мамандары өте көп және жұмыссыз. Бірақ, көп компаниялар мен кәсіпорындар заңгерлер мен экономистерге зәру. Әрине, мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс тілдерін білетін, өз мамандығының нағыз іскерлері қажет. Осы кемшіліктерді толтыру мақсатында «Үш тұғырлы тіл» идеясы дүниеге келіп отыр.
Елімізге қажетті, үш тілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша байланысқа түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет. Аталмыш кадрлар мәселесін «Үш тұғырлы тіл» саясаты оп-оңай шешіп бере алатынына сенім бар [1, 86]. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» — деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті.
Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, дамушы елдерден дамыған елдер қатарына қосылғысы келетін елдердің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Көптілді елдердің қатарында Орта Азия елдері, оның ішінде Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және тағы көптеген елдер бар [2, 25]. Жарты ғасырға жуық уақытта үшінші әлем елдерінен бірінші әлем елдеріне көшкен ел — Сингапур. Сингапурдың саясаты мен мәдениетінде білім және жемқорлықсыз қоғам құрастырылған.
Білім жүйесінің негізі – ағылшын тілі. Және Сингапурдағы білім барлық шетелдіктер үшін қолжетімді. Мектепке дейінгі білім беруде — балабақшаларда 3-6 жас аралығындағы балалар санау, оқу, қарым-қатынас негіздерімен қатар үш тілді — қытай, малай, ағылшын тілдерін меңгереді. Бастауыш мектепте, керісінше, толығымен тегін және міндетті болып табылады. Ол екі кезеңнен тұрады: негізгі және бағдарлы. 1-4 сыныпта негізгі пәндерді оқиды. Бізден айырмашылығы — құқық негіздерін де меңгереді. 5-6 сыныптарда бала өзіне қажетті бағдарды таңдай алады. Аяқтаған соң міндетті түрде емтиханнан өту арқылы ғана келесі сыныпқа жіберіледі. Орта мектеп 4 жылға созылады, тек академиялық бағыт 5-6 жыл бола алады. Арнайы бағыт толыққанды орта білімді аттестат береді. Жылдам бағыт тереңдетілген ана тілін оқытумен сипатталады. Осы екеуінің аттестаттары О-деңгейі деп аталады. Ал, қалған екеуінікі сәл төмендеу N-дәрежесі деп аталады.
Жалпы, Сингапурдағы мектептер жан-жақтылығымен ерекше-ленеді. Балаларға таңдауға мүм-кіндік жасалған [3, 69]. Мектеп пен колледжді бітіргеннен кейін барып Сингапурдағы университетке түсуге мүмкіндік ашылады. Түсу үшін қабылдау комиссиясына құжат тапсырып, сұхбаттасудан өту қажет. Керек болған жағдайда түсу емтиханы тапсырылады. Шетелдіктер үшін сингапурлық білім ақылы және өте қымбат. Әртүрлі бағдарламалар арқылы шәкіртақыға ие болуға болады, бірақ, ол тек шығынның 1/2 немесе 2/3 бөлігін жабады. Сингапур 1997 жылы Thinking Schools, Learning Nation жобаларын іске қосты. Олардың барлығы ағылшын тілінде [4, 36].
Малайзия елінде барлық халық ағылшын тілін толықтай меңгерген. Университет тарапынан ағылшын тілінің арнайы курстар тегін жүргізіледі. Туған малай тілімен қатар ағылшын тілі толық қамтылған. Малайлықтар өз тілдерін қаншалықты жақсы меңгерсе, ағылшын тілін де дәл солай біледі. Үлкен университеттерқарамағында ағылшын тілінің тегін курстары бар. Кез-келген адамкеліп, сол арнайы курстарға қатысады. Адамдар бұл курстардан кейін жақсы кәсіпорындар мен өзге де жұмыс орындарына тест тапсыру арқылы қызметке тұра алады.
Көбінесе инженерия, туризм, бизнес салаларында білім алушылар көп. Ол елде АҚШ пен Еуропаның білім жүйесінің тиімді тұстарын пайдалана біледі. Студенттерге ерік беріледі. Олар қандай сабаққа қатысатынын өздері таңдайды. Дәрістердің бәрі арнайы компьютерлері бар аудиторияларда өтеді. Студент пен оқытушының мәртебесі бір-бірінен алшық емес. Екеуіне құрмет бірдей. Қытай білім жүйесін мектепке дейінгі дайындық, бастауыш мектеп, толымсыз орта білім, толымды орта білім, университет, аспирантура құрайды. Қытай Халық Республикасы 1949 жылға дейін болашақ шенеуніктерді ғана дайындаған.
Ал халықтың өзге бөліктері қамтылмаған екен. Бүгінгі таңда жаппай сауатсыздық толығымен жойылған. Алдымен тегін 9 жылдық білім алып, артынша ЖОО-ға түсу мүмкіндігіне ие болады. Ана тілі, математика, адамгершілік пен этика, музыка, шет тілі сынды пәндерге баса назар аударылады. 3 сыныптан бастап ағылшын тілі жиілей бастайды. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі — мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады. Біздің елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатынан бөлек, еліміздегі әрбір ұлыс өз тілдерін еркін меңгеріп, өз тілдерінде сөйлей алады. Бірақ, Үш тұғырдың қатарына төртінші, не болмаса бесінші болып орналаса алмайды. Әрбір ұлттың өзінің ана тілдерінде еркін сөйлеуі Қазақстандық демократияның айқын көрінісі. Біз осындай демократияның арқасында ғана әлемге танылып, жер жүзінде бейбітшілік үстемдігін жасай аламыз. Билік үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсететін саясат жүргізіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып дамуын қадағалайды. Мемлекеттік тіл — мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін билік аянбай еңбек етіп келеді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге аса береді:
басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі, ғылым мен техника; қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде;
қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери- патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында;
ҚР өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б.
Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтеріліп, мәңгілік тілге айналады.
Тағы қайталап айту керек, «Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді өшіруді емес, өсіруді, дамытуды көздейді [5, 16]. Бізде «Қазақстан-2050» стратегиясы бар, одан бұрын «2030 стратегиясы» болды. Бұлар күллі елді дамытуға арналған, барлық саланы қамтитын бағдарламалар.
Қазақстанның тіл саясаты негізінен Оңтүстік және Шығыс Азия елдерінің тәжірибесіне сүйенген. Бүгін сөзге ілінген елдердің барлығы ешқандай елден кем емес. Инженерлік-техникалық білім беруден бұл елдер алдыңғы қатарда. Техника ғылымдарына көп көңіл бөледі. Бұл тарапта жыл сайын жарық көретін кітаптардың санын санап шығудың өзі мүмкін емес. «Үш тұғырлы тіл» саясаты – бәсекелестік құралы. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта әлемге шығып, нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр.
Мәселен, орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі. «Үш тұғырлы тіл» саясатын дамыту үшін қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді мемлекет тарапынан ең бірінші орынға қойылып жатқаны да көзі ашық адамдарға шындық. Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін — ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады, түсінеді. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер. Демек, 130-дан астам ұлт пен ұлысқа қызмет етіп отырған еліміздегі орыс тілінің қазығы әлі де мықты. Саны бойынша 3/2 құрайды, бұл бізді бір жағынан үлес салмағы жағынан құтқарып та отыр. Бұл статистикаға қарап, «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің нақты уақыты екенін, яғни темірді қызған кезінде басатын кез екенін атап өту керек. Егер, «Үш тұғырлы тіл» саясатын кейінге қалдырсақ, онда дамудан тоқтап қалуға қауіп бар.
Әдебиеттер:
1. Оразбаева, Ф. Тiлдiк қатынас: теориясы және әдiстемесi [Мәтін]: оқулық / Ф. Оразбаева. – А.: 2000. – 208 б.
2. Оразбаева, Ф. Тіл әлемі [Мәтін]: оқулық / Ф. Оразбаева. – А.: 2009. – 368 б. 3. Қадашева, Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi [Мәтін]: пед. ғыл. док. … дисс. / Қ. Қадашева. – А.: 2001. – 301 б.
4. Воробьев, В.В. Лингвокультурология (Теория и методы) [Мәтін]: оқулық / В.В. Воробьев. – М.: Рос.ун-т Дружбы народов,1997. – 49 с.
5. Мечковская, Н.Б. Социальная лингвистика [Мәтін]: пособие для ст.гум.вузов и уч-ся./ Н.Б. Мечковская. — М.: Аспект-пресс, 1996.- 59 с.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.