болат курмангажы

Болат Құрманғажыұлы,
ақын, жазушы, журналист, сыншы,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі. 1959 жылы ҚХР-да туған. Шынжаң университетінің саясат-теория және қазақ тілі мен әдебиеті факультеттерін (1992-2002), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің
аспирантурасын (2003-2005) бітірген.

 

САРШЫНТАҚТАҒЫ* ШАЙҚАС

(Әңгіме)

 

1929 жыл. Жоңғар ойпатының батыс жиегіне жақындау Шөгей* ауылы Манас дәриясының бойына ірге көмген. Ескендірдден тараған әйгілі Дубай, Дулат, Әлібектер (Әкежан)түгел ержүрек батырлар еді. Жирма жеті жастағы үлкен ағалары  Дубайға Өр Алтайдың Шіңгілінегі* Есағасы Қазыбек руының бір дәулетті отбасындағы сұлуна құда түскен.

Сол Шіңгілдегі Қармақбай деген жомарт бай кенже қызы Кенжегүлді ұзатудың ұлан-асыр тойын жасады. Келінді алып қайтуға Әлібек бастаған ер-әйел құда-құдағилар тобы барған-ды. Алайда, Қармекең қызды он бес күннен соң аттандыратын болды. Өйткені, ел жайлаудан етекке түсуге тақап қалған. Қыз алғашында салт бойынша туыстарын аралап танысуға үлгермеген еді. Алыс елге кетсе, ол айланып келгенше кім бар, кім жоқ деген тұжырымдары басты шешім болған сияқты.

Осы кезде Шөгейліктердің де басы иіліп жерге тиетін қызыл тарысы  пысып, орақ салуға жақындаған. Қыстың қамын ерте ойлау бар дегендей, иектеген шашетектен шаруалары болғандықтан, құдалары Қармекеңнің   рұқсатымен бәрі келіндерін тоса алмай қайтып кеткен-ді. Қалындығын алып қайтуға тек Дубайдың өзі ғана қалды.

Олар салқын жайлауда Кенжегүлдің туыстарын аралап, олардың қошаметіне бөленіп, баталарын алды. Атаған құнды дүниелерін атандарына арта берді. Бәрі де әлекедей жаланған екбекқор, кісілікті, ауқатты ел екен. Оның үстіне мейірімді Қармекеңді түгел бастарына көтере сыйлап, Кенжегүлін еркелетіп, маңдайына қақпаған көрінеді.

Өр Алтай елі қауырт жайлаудан түсе бастады. Қармекеңнің тойынған неше түлік малын жылжыта айдауға малшылары да жетіспей, бала-шағасы да мал соңына аттанды. Сондықтан, Кенжегүлді ұзатып апаруға бәрінің де мұршасы тимейтін болды. Ақыры қоңырау таққан бес атан түйеге бір үйдің жасау-жабдықтарын артып берді. Қыз әкесі мен ардақты анасы ел күзеуге түскен соң арттарынан туыстарын ертіп барып қайтпаққа уәделерін берісті.

Сыңсымасын айтқан текті қыздарын анасы бастатқан жақындары қимастықпен аттандырып жіберді. Дубайға екі қосар ат, тағы екі атанға төрт  ағаш күбі артып жетелетті. Сусыз өңірге ілінерде күбі артқан түйелерді шөгеріп, түгел жауырмен су тасып құйып толтырып алуды қадағалады. Сол судың өздеріне де, ат, түйелеріне де жететінін біліп айтты. Атасы оның қарақшылармен соғыста елін қорғап қалған батырлығына ерекше құрмет көрсетті. Сандығына сақтаған  шашқа түсетін алмас дүзді, күміс сапты, қоңыр түске боялған өрнекті қынабына салынған жарқылдаған алмас қылышын тарту етті. Қыз анасы да Кенжегүліне алтын сақиналары мен қоса бір күміс сапты жарқыраған ұзын кездігін қынымен беліне қыстырып берді.

Сөйтіп, екі жас түйелері мен құраттарын жетелеп Шөгейге тартты. Олар жыла қонақтап, бір жұмадай жол басты. Жол-жөнекей Кенжегүлдің анасы қуырып қарынға салып берген май қуырдақ пен ақ жаңқа құрт, қызылсары ірімшік, тары-талқан екі бастың жегеніне жетіп асты. Атандарға артылған ағаш күбілердегі Шіңгілдің мөлдір суы шай қайнатып ішуге, беті-қолдарын жууға, ат,түйелерін суаруға еркін жетіп отырды. Далаға қонғанда, Дубай жүк пен күбі артылған түйелерді шөгеріп, аттарды қаңтарып суытады. Сосын атандарға желкілдеген тораңғы, сексеуіл, жыңғыл, қараған бүрлерін әкеп алдарына салады. Аттар мен күбісі босаған атанды шөптесін жерлерге алдын арқандап, артын шідерлеп, тұсап дегендей түгел бекітіп отырады…

Төте жолдармен суыт тартқан екеуі Шөгейге елу шақырымдай жердегі Саршынтаққа ілінді. Бір неше үлкен тораңғының көлеңкесіне атандарын шөгеріп, аттарын байлап тынықты. Шай қайнатып ішті. Май қуырдақтарын, құрт-ірімшіктерін жеді. Иықты келген еңселі Дубайдың қараторы өңі нұрланып, кесемен шай ұсынған аққұба, қара көз қалыңдығынан екі көзін айырмай:

— Мекенге таядық. Бұйырса ел жатарда жетіп қалармыз. Әке-шешем, туыс-туғандарым бар, інілерім Дулат пен Әлібектер деймісің, барлығы  думандатып той жасайды. Бетің ашылғасын, жеңгелерім ақ маңдайыңнан сүйеді. Ақ білегіңе алтын сақиналарын салып, үлбіреген құлағыңа сырғаларын тағады. Ауылдағы апалар шашуларын шашады. Ақ сақалдар баталарын береді. Екеуіміз басымызға үй тігіп, бауырымызға қазанымызды асамыз,-деді, жітірмелете.

— Па, бәрін шұбырттың ғой, өз тойыңды өзің елестетіп. Тағы не қалды?

— Айтайын ба?

— Айт!

— Алла қаласа, бабаларыма, өзіме тартқан басы бақырдай ұлды боласың!

— Ой-бүй-у, бетім-ай! – деді, екі алақанымен бетін баса қалған Кенжегүл жүзі өрт кеткендей алаулап, -қайдағыны айтасың өзі, адамды ұялтып! т-деді.

— Ха- ха- ха!…

Мазақтай берсең төркініме қайтып кетем.

— Кетсең, жолда жолбарыс құтқарсын ба?!…

Екі жастың әзілдері жарасып, жүздері бал-бұл жанып, бақыттың басталған қуанышын паш етісуде. Сөйтіп, ширақ қимылдаған Кенжегүл ыдыс-аяқтарын жиыстырып, бір атанға байланған баспаққа апарып салды. Дубай мініп келген тораттағы ерді алып қойған. Оны өзінің желаяқ көгіне ерттеді. Бабаларынан келе жатқан шойын қаңылтырмен қапталған қалқанын тастамайтын. Оны ер қасына іле салды. Шашақты қаратамақ найзасын қолына алды. Атасы берген алмас қылышын, күміс сапты пышағын кісесіне қыстырды. Кенжегүлдің де алынған ерін өзіне арналған кесірдей сұржорғасына салып, айылын тартып берді. Сөйтті де алдымен оны атына қондырып, тұрғызған атандарының қоңыр бұйдасын ұстатты. Өзі босаған екі атты жетегіне алып, алдыға түсті.

Саршынтақтағы осынау шағын керуеннің салтанаты кімді болса да таңырқатары сөзсіз. Маң-маң басқан адуынды бура сан атандардан бұрлығу байқалмайды. Барлығының тіп-тік қос өркештері баладай. Сыңғырлаған қоңыраулары Жоңғар даласының қуанышы мен жұбаныш күйлерін шертіп бара жатқандай…

Олар сар құмнан бұйрат адыршалар құраған сар жазықтың үлкен шынтағына таяғанда, жан-жақтарындағы тораңғы, сексеуіл арасынан қағылған дабылды естіді. “Бұл не сұмдық? Соғыс үні ғой!” деді Дубай таныс дабылдың қандай жаудыкі екеніне ой жүгіртіп. Сол аралықта жирмаға тарта моңғол қарақшылары алаңқайға шыға келіп, топтаса қалды.

Екі жылдың алдында ауылды шапқан осы моңғолдардың алдын ораған Дубай, Дулат, Әлібек бастаған он неше батыр мен  сайлауыт жігіттер Саршынтаққа олардан бұрын жетті. Жетті де, тұс-тұсқа жасырынып тосып жатты. Олжалаған әр түлік қалың малды айдаған 23 моңғол қарақшылары өздерінің күшіне сенгендіктен бағызор келе жатты. Дубай мен Әлібекте бесатар, Дулатта тоғыз атар бар. Қалғандарынікі найза, қылыш, пышақ, балта т.б. Бір тәуірі жау көзіне түспей аралда қалған жақсы аттарды мінген еді. Жауда түгел мылтық бар. Мылтығы бар үш ағайынды батыр үш жақтағы құмнан қарауыл алды.

Мал шаңды аспанға шығара сар жазықпен, батырлардың алдынан өтіп барады. Арттарынан айқайлап мал айдап айқұлақтанған қарақшылар да таяды. Алдымен көз ілестірмей сұлататын өте шапшаң Дубай мен Әлібек мерген бейғам жаудың үшеуін арт-артынан атып, тоңқалаң асырды. Атқан оғы жерге түспейтін сабырлы мерген Дулат есі шығып, жан-жаққа мылтық атып, шегіне бастаған жаудың үш те төртеуін қалпақтай ұшырды. Осы орайда бесатарларынан оқ жаудырған Дубай мен Әлібек жау аттарын ойната талайын жамсатып үлгерді. Қалған азаматтар оққа ұшқандардың қару-жарақтарын олжалай бастады. Жау қашып құтылғанша 11 адамынан айырылыпты. Сол жолы аман кеткендердің ішіндегі атаманы Мойылғы деген жуан қара аса әккі, қазақтар қоныстанған жерлерді бес саусағындай білетін қарақшылыр атаманы. Ол бастаған жау Қара үкір-Қаншоқыдағы* Гоминдаң шеріктеріне арқаланып, солардың айтағымен қанға семіргендер еді.

Дубай Мойылтыны алыстан шырамытты. Жау да екі жасты аңдып, кім екендерін білген тәрізді. Мүмкін әлгінде шайларын ішіп отырғанда жақындап келіп жасырына дүрбілерімен көріп, танып та алған болар. Олар “жекпе-жек!” деп даурықты. Мойылтының нұсқауымен бір жуан ала атқа мінген алпамсадай қарақшы қалқан, найза ұстап тобынан бөлек алдыға келіп, найзасының үшін көкке қарата шаншып айбар шекті.

Дубай жекпе-жекте қай жақ жеңіліс тапса, шабуылдамайтын далалықтардың ұстанымын жақсы біледі. Cоған сенді. Сонымен, Кенжегүлдің:

— Дуке, сен шықпашы, олар жеңілсе де бізді аман қалдырмайды. Онан да тоғанақтарымызды беріп құтылайық!-деп жалынғанына мойын ұсынбаған ол:

— Олай істей қоймас? Шақырып тұрғанда шықпасам – намыс. Нартәуекел, бір Аллаға аманат!-деді де, “дайынмын!” дегендей ишарат етті ала аттыға.

Жабайы өскен шашы желпілдеп әзер тұрған ала атты жуан атын тебініп, дауысы жер жара тұра ұмтылды. Желаяқ көгімен тайсалмай қарсы ұшқан Дубай жалбаңдап келе жатқан оның сол білегін қаратамағымен түйреп өтті. Оған да қарамай долдана шабынған жау Дубайдың жүқалтаң тақыр тайжақыдан тігілген қалпағын шаншып әкетті. Дегенмен, оның сол білегін қан жауып, жансыздатып бара жатқан сыңайлы. Әлгіндей емес, айқайы да бәсеңдей бастады. Үшінші рет айқасқанда, Дубай жауына қолында тек найзасы мен қалқаны ғана бар сияқтанып көрінген. Басқа қаруы барын аңғармаған жалбыр шаш жуан тайағанда, найзасын тақымына қыса салып, алмас қылышын суырып үлгерді. Қалқанмен оның найзасын қаға бере, қылышымен қарнын тіліп өте шықты. Анандай жерге барып атынан құлаған қарақшының боқ қарны ақтарылып қалды.

Жекпе-жекке қанағаттанбаған тағы бір сары ат мінген ұзын бойлысы шықты. Айқас басталып кетті. Одан аман қалуға тырысқан Дубай әдісін ала бастаған соң, ұшырта келген де әлгіндегі әдісі бойынша оның кеудесіне қанжар сұғып үлгерді. Ол да атын билей алмай лағып теңселіп, аз жүргесін құлады.

Осы кезде ашуға мініп астындағы кератымен олай-бұлай ойқастап бұрқылдаған Мойылты енді екі қарақшысын қаптатты. Дубай олармен қаша айқасты. Екі жағынан шықпай, бір тәуірі бірінің артынан-бірі құйрық тістесе қуып келе жатқан жаудан ат басын іркіп баяулата берді. Бұл да оның бір ебдейлі тәсілі еді. Аналар қуып жеттік деп ойлап, арқасынан найза ұратыны анық. Бұл жағдайды жылдам меңгерген ол, атының сол бауырына түсе қисая қалды. Осы кезде анталаған екеуі де арт-артынан сілтеген найзаларын дарыта алмады. Қолтықтарын қайта жиғанша қатарласа қалған соңғысының  сол жақ қолтығынан қаратамағын сүңгітіп жіберді. Жау қорқырып барып, ат жалын құшты. Қайта өршеленген енді біреуінде әлгіндей емес қорқыуы бар сияқтанды. Оның үрейін тіпті алу үшін ендігі ұранды Дубай шақырып: “Жаубасар! Жаубасар!” деді бар даусымен. Үрей билеген жауы сасқалақтап жетіп келгенде, қылышпен кеңірдегін бауыздап өтті. Мойны салақтаған ол да сары топырақты “бұрқ!” еткізіп құлап түсті.

Қалған он неше қарақшы Мойылтының бұйрығымен лап қойды. Осы кезде Дубай Кенжегүлге қарай құйындатып келе жатып, оған барынша айқайлады:

— Маған ілес, тез!

Ұшқыр біткен сұржорғасына қамшы басып, оның артынан тұйғындай ұшып шаңдатып бара жатты. Егер осы екпіндерімен қаша берсе құтылуларынан үміт байқалады. Екпінінен жел боратып бара жатқан сұр ат бір борпылдақтау жердегі борсық ініне қамшылар жақ алдынғы аяғын тығып алып, оңбай омақатты. Анандай жерге ұшқан Кенжегүл орнынан атып тұрып, шаң арасымен атына барып қайта мінбек болды. Алайда, жануардың жіліншігі үзіліп кеткен екен. Орнынан зорға тұрды.

Осы кезде артына қайта қайырылған Дубай Кенжегүлді ат бауырына ала қуалап бара жатқан қарақшының қуып жетіп басын қалпақтай ұшырды. Қанқұйлы жау екеуіне төніп келеді. Дубай жастайынан ат жалында өскен қалыңдығын іліп алып, мінгестіріп те үлгерді. Ендігі мәселе тез арада қоршауды бұза қашу. Солай істеді. Зырлаған бойда қаратамағын алдындағы біреуіне шаншыған бетте қоршаудан шыға берді. Өкінішке қарай, қаптаған жаудың лақтырған шалмасының бірі Кенжегүлдің белінен келіп түсті де атынан құлады. Дубай амалсыз жауды айлана шауып, өзіне біткен шапшаңдықтың көмегінде бірнешеуін жаралап, тағы біріне қылышын сұғып қорқыратты.

Беліне түскен шалманы анасы берген, етігінің қоншына тығып алған кездігімен тез қиып жіберіп, кездігін жасыра қойды. Бет-аузын жүн басқан бір қысық көз қарасұр қарақшы оны ат үстінен ұстай алып, алдына өңгеруге еңкейіп тартып жатқанда, жүрек тұстан өткір, ұзын кездігін періп-ақ жібергені! Ана дәмелі еңкейген беті ат үстінен басымен шаншылып түсті. Сөйтті де тіл тартпай кетті.

Қарақшының бірі ұстатпай қырғындап жүрген Дубайдың атын қосөкпеден атты. Шаң қауып жығылған ол, орнынан жылдам тұрғанымен, найзасы мен қалқанынан айырылды. Оны қайта қолына алуға жау үлгертер емес. Доңызша қорсылдап жүрген Мойылты тірі ұстауға бұйрқ берді “барқ!” етіп. Жаудан жарамдылары азайып кетіпті.

Арпалысқан Кенжегүл тағы бірін ауыр жаралап, бой бермей қаша жөнелгенде, ат үстінен жаңағы жалғыз мергені атып қалды. Оқ оның арқасынан тиіп, сәл бүгіліп барды да шалқасынан жығылды. Оны көрген Дубай ат үстіндегі алпамсадай Мойылтыны бар пәрменімен атылып барып қылышпен шапты. Айлалы атаман жалт бергенде, қанжар сол білегін шынтағынан қиып түсірді. Ақыры қаптаған қарақшыларға қайтпас қайраты мен алымды айласына, көз ілестірмес жылдамдығына сеніп алдырмай жүрген бұл жалынды жас батырды қарасұр мергені аяғынан атып жаралады. Қалғандары қолынан қанжары ұшып кеткен оны аттарынан түсе қалып бас салмақ болды. Осы кезде ең соңғы қаруы – атасы берген күміс сапты өткір пышағы еді. Сол аяғын сүйрете орнынан тұрып үлгерген ол, күміс саптыны пышақты екеуінің кеудесіне сұғып жамсатты. Жаудың қалғаны өлермендене ұмтылып, оны найзалап жықты да талықсыған орайында байлап алды.

Есін әзер жиған Мойылты да Дубайдың ұсталғанын көрді. Көрді де, оны жұлмалап өлтіруге қатулана бұйырды.

Сол-ақ екен, баскесерлері екі қол, екі аяғынан тұмылдырықтап арқан байлап, төрт атты қарақшы төрт жаққа тартып, Дубайды ат бойы биікте керіп, соңғы бұйрықты күтуде. Әрең сөйлеген Мойылты:

— Батырлардың бөлтірігі, қанша адамымды өлтірдің?! Тартатын сазайың осы болсын! – деді, ат үстінде бұйрығын күтіп тұрған қарақшыларына басын изеп.

Төрт атты қарақшы арқандарын тақымдарына басып, аттарын қамшылап, төрт жаққа тарта жөнелді. Жиырма жеті жастағы Дубай батырдың қолы қол, саны сан күйінде жұлынды да кетті!…

Көздерін қан жапқан дінсіз де дүниеқор жау қолға түскен тоғанақтарды жетелеп, атандарға өліктерін артып, аттарды айдап, сол қолынан айрылып қансыраған атамандарын атымен жетелеп кете барды.

Сұмдықты жау кете салып сол арадан өткен жолаушылардан естіп, өкініш өзектерін өртеп, бармақтарын шайнаған інілері Дулат пен Әлібекке  күңіренген ел-жұрты қайғыра көңіл айтты.

Аhұрған інілері бастаған жұрт Дубайдың шашылған сүйектерін тез жинап, шалқалап жатқан Кенжегүлдің мәйітімен қоса түйеге артып келіп арулап жерледі. Оның артта қалған жаужұрек батыр інілері халқын қанқақсатқан Мойылтылардың тұқымын тұздай құртуға бекіді.

 

Саршынтақ*, Шөгей*, Шіңгіл*, Қара үкір-Қаншоқы* – жер аттары.

 

БІР ҚАП САЗАН

(Әңгіме)

 

Бұл заманда ешкімді менсінбей тұмсықтарын шүйіретін компаниялардың дәурені жүріп, тастары өрге домалауда. Кейбірі есіктерінен де сығалатпайды. Өйткені, қоғам оларға «ақша бәрін шешеді» дейтінұғымды мықтап шегендеп бергендейсезінген-ау. Қалталары қампайған сайын сападан гөрі пайдаға құныққан. Несін айтасың, «алтын көрсе періште де жолдан тайыптының» кері.Олардың қолайына жағатын «Тендер» деген бәле шықты. Ол да бәсекеге қабілеттілік, әділеттілік, тиімділік қағидаттары бойынша конкурс арқылы нағыз дөкей компанияларды сараптап ұсыныс етудей дәрменінен жұда болған сыңайлы. Көріністе қылдан таймайтын құдырет иесі сияқтанатын. Көмескідегісіне жаға ұстайсың. Онда жүрілетін жыбыр, сыбыр, сылдырларды-ай десеңші! Жорғаларбүлкілдеп, теңге емес, доллар шытырлайды. Зар қағашырылдап заң байғұс белінен басылып,көбіндесе жымысқылар мен жымсымалардың жеңімпаз тулары желбіреп жатады. Сосынасықтары алшысынан түскен олар алшаңдап, «қақырығы құйма алтын, түкірігі түйме алтын» болып шыға келеді. Ал, енді ел десе еңірейтін, естен кетпес есілдері де бар-ау шіркін жыр боларлық!Өкініштісі олар мардымсыз, саусақпен ғана санарлықтай.

Айдарынан жел ескен, жойпанның бірі – «Шаңқан үй» құрылыс компаниясы. Оны құлағынан тұқырта шаужайлаушы Сатан Жапан деген қарынды келген орта бойлы божбан қара. Алпыстан асып қалған. Айтуларға қарағанда жылбұрынды, алымды, пысықайдың өзі. Үш әйелінен бірталай ұл-қыз өргізген. Өзі шып-шымыр, кеспелтек. Қақаған аязда мұз ойып суға түсушілердің маңдай алды құрышы. Қоңыр, ақ, сұрғылт түсті  көліктерінен  ат үркердей. Сатанды кеңсесіне қашан келіп кететінін де ешкім болжай алмайды… Хатшы қыздары болмаса. Олар да көбінде іздеп келген жұмысы барларға дәп басып айта алмай дағдаратын.Жетпісті желкелеп қалған  балықшы Бақытбек қарт осы директорға алыстан ат өксіте неше дүркін келсе де, кездесе алмай дымы құрыды. Ақыры жалықпай сұрап, табанынан таусыла жүріп кіші тоқалының үйін ізер тапты.

Алматының аптабы ми қайнатарлықтай айтулі күндерің біріеді. Қарт табарын тапса да таңырқап бірталай тұрды.Айландыра сырық бойы биік қоршалған тай шаптырым аумақ бау-бақпен, алуан гүлзарлармен, жасыл шымдармен көмкерілген. Малтау көлшігі, су  бұрқағы, сәнді самалдықтарына дейін көз сүрінеді. Қиял-ғажап ертегілердей үш қабатты зәулім ақ сарайдың қақпа күзетіде мығым көрінеді. Салпы ауыздары талыстай, шолақ құйрық тайыншадай шетел нәсіліндегі сарғыш және қоңыр, көк түсті жыртқыштақлеттес алабайлары дауыстары жер жарардай арсылдап тұр.Жылы да ұтымды әрі шешен сөйлейтін қарт өз ортасының беделдісі. Оның жылқы майындай мұзды ерітіп жіберетін сөздері жыланды да інінен шығаратын. Ол сөйтіп терлеп-тепшіп кеп қатулы қақпаға тұмсығын тірегені бар. Тіресе де ежелден қазаққа жатсасық такаппарлық қандарына өтіп кетіп, мойын бұрғызбай көкиткен күзетшілерді де ептеп «ләйліге» келтірді. Олар бастықтарын көрсетті.Сыптығырдай ретті форма киген, бидай өңді, ашаң жас азамат бөлімінен шыға келіп сәлем берді. Өзін «күзет бастығы Қама Қасым» деп таныстырды да ішкі жаққа ұсыныс етті. Қаракөкдиванға жайғасқан қарт ол бергенсалқын сусынмен қаталағанын басты. Жігіттің арғы-бергісін ақтарып-төңкере сұрастырды. Сөтсе, жақын руласы екен. Көңілді тіл табысудың құлпы оңай ашылды.Сұрақтарына қарай «Шаңқан үй» және Сатан директор жайлы, оның Айжамал атты ару тоқалының өзімен бірге оқыған сабақтасы екеніне дейін қоржынын біршама мәліметтермен толтырды.Басқасынбылай қойғанда, Қаманы мәртебелі «күзет» қызметін басқартып қойған да сол сабақтасы болды. Қарт та шаруа жайын оған бүкпесіз жайып салды. Жалғыз ұлы емтиханнан ағалап өтіп, Германиядан бағдарламаға сәйкес құрылыс мамандығы бойынша магистратурасын  тамамдап келген. Оның өзі де кәсібінеүйлесетін жұмыс іздеп сан есікті қаққанымен, меселдесі қайтып, тауы шағылған болатын.Әзірше бағы жанбай жүр. Арандай ашылған ауыздарға нығай саларлық қолдың қысқалығы да байлау еді. Енді қайтсін! Әжім жолақтары із салған қараторы өңіне қан жүгірген қарт иненің жасуындай ғана болмашы жылтылдаған үмітті місе тұтты.Ол «ұлым жасымасын, қайда ұялтпаған Тәңір?Егде тартқан жасым мынау, бетімді қайтармас!» деген дәмемен тентіреп жүргенін жасырмады.Оны бауыры күйінішпен тыңдап, қолдан келер көмегін аямайтындығын білдірді. Әңгіме арасында ол өткен қызықты күндерін де бір шола отырып:

-Айжамал екеуміз біре оқып,бір партада отырдық. Сабақта да бір-бірімізге қарайласатынбыз. Ол әже тәрбиесінде өсіпті. Өте ибалы. Қарақаттай жанары шанақты. Ақ сары өңінен нұр таматын қас сұлудың өзіболатын. Мектеп бітірерге тақаған шақ.Көптенбелең бергенмахабаттың алғашқы сезімдері оған қызға құлата берді. Еркімнен айырылдым. Жазып алған хатымды тартына жүріп,неде болса деп қолынаұстата салдым. Күлімсіреген беті алып кетті. Жүрегім атша тулап жауап күттім,-деді бір өкініш өзегін өртеп бара жатқандай терезеден Алатаудың шыңдарына телміре.

— Е, қарағым, жастық шақта пенде баласының басына нелер келіп, нелер кетпейді дейсің?! «Неке – ғайып» деген. Бәрін бұйрық біледі ғой.Айта бер, құлағым сенде!

— Бұрын Сатандармен ауылда көрші отырған екен. Оның қолы бәріне жеткен кезде уәдесін үйіп-төгіп, бар айласымен қырсоңынан қалмай қойыпты. Ақыры шырғалап жүріп тұзағына түсіріпті.Ол осы кешулерін маған ұзақ жазған хатымен жеткізгенде, төбемнен жай түскендей болдым. Кейін «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дегендей, ауыр аяқтығына бола үшінші тоқалы болып, етегінен ұстап кете барыпты…

— Астапыр Алла, не дейді! Ак-ау, рас па мұның?!

-Иә. Бұл жайлі ешкімге тіс жармаңыз. Сол бір ынтызарлық қаулаған күндерімізде, ол мені де қатты ұнатып жүреді екен. Бірақ, тым кешігіп қалыппын. Ал, қазір қалада үй жалдап тұрам. Әйелім, алды екінші класта оқитын бір ұл, бір қызым бар. Жағдайымыз да жаман емес. Айжамал тапсырған шаруаларымды едемде бітіртіп береді. Кейде күйеуі жоқта шақырып алады да, алдыма қазы-қартасын тартып, сары қымызын сапыра құяды. Естен кетпес есіл шақтарды айтсып мәре-сәре болысамыз.

Қама талай дүниенің басын қайырды. Сатанды қолға қондырудың  бірден-бір сенімді көпірі Айжамал екенін де қадап айтты. Бір неше күннен соң не нәрсе әкеліп, оны қалай ұсынудың жолында әбден тәптештеп ұғындырды. Мәз болған қалтқысыз қарт онымен қоштасты да, шақырып берген таксимен Саяхатқа жетті. Ары қарай Қонаев (Қапшағай) қаласының шетіндегі, көк айдын көл жиегіндегі үйіне қуанышпен асығыс тартып кетті…

Бақаң қарт кеңестік кезеңде балықшылар тобын басқарған. Талай марапат алған тәжірибелі балықшы. Ол қазірге дейін кәсібін тастамай, жан бағыс үшін балық аулайды. Өзі бір сулы түбекті көптен бері пайдаланып келеді. Оған жем шашып қояды ара-тұра. Осы нулы түбекте қайығымен жайған шағын торын жинастырып, шоршыған балықтардың ірі сазандарын ғана екшеп алып, ұсақтарын суға қайта қояберді. Көтергеніме жеңіл болсын дегендей аулангандарыныңішек-қарындарын өткір пышағымен жарып суға тастай бастады. Оған тірі балықтар таласа-тармаса кәні болуда.

Қақпаның алды. Қама қарт жеткізген бірқап сазанды күзетшісіне көтерткен бойда Сатанның үйіне енгіздірді. Жасыл халатпен толықсып жүрген Айжамал жайраңдай амандасып, төрге бастады.

— Қайсы күні шет жағасын айтқан едім ғой, сол Бақытбек деген әкеміз. Сен балықты жақсы көретін болғасын өзіңе міне, арнаулы бір қап сазан ала келіпті. Қайда қоямыз?-деді нығалған нұсқаған Қама.

— Үйбай-ау, атай, несін әуре боп жүрсіз мына ыстықта осыншама әуреленіп ?!-деп ыңғайсызданса да көңілді бейне танытқан Айжамал,-ана жаққа, қылтимаға (балконға) шығара тұрыңдаршы, тоңазытқыштың ішін реттегенше.

Қаймақтаған қызыл күрең шай да құйып үлгерген ол:

— Атай, бүгін туған күнім еді, келуіңізді жақсылыққа жорып отырмын! Қазан көтеріп, ас дайындасам болар еді. Алма Арасан жақта үлкен тойханамыз бар. Жаңа ғана долстарым маған айтпай соған дастарқан жайдырыпты. Оның үстіне қазір келіп алып кетпекші, қайта мен барда келдіңіздер,-деді жарқылдай шынын айтып.

— Қарағым, пейіліңе Алла риза болсын! Туған күнің құтты болсын! Өркенің өссін! Балаларыңның қызығын көр, айналайын!-деді ағынан жарыла ақ батысын ақтарақауқылдаған қарт.

— Ой, бәрекелді, кешір, ұмыта қалыппын-ау, туған күнің құтты болсын! Өзім арнаулы құттықтаймын ғой, кінәлі болғаным үшін,-деді қынжылған Қаман.

— Ең алдымен сенің құттықтайтын жөнің бар, ғой, ылғи да ұмытқансыйсың,-деп Айжамал оны бір ұялтып тастады.

Осы кезде достары қол телефонына сыртта көлікпен күтіп тұрғандарын хабарлады. Абдыраған ол:

— Сізден ұят болды-ау, атай, жөнді шай да ішкізбедік.

— Тағы ішерміз, құрбыларыңнан қалма, қарағым! Қаман да айтқан көрінеді, сол жалғыз ұлдың шаруасы ғой баяғы шаршатып жүрген. Сатан балама жақсылап тапсырарсың!

— Балаңыз шеттен керемет оқып келген маман екен ғой, оны алмағанда жұмысқа, кімді алмақ?! Алаңдамаңыз, атай!

— Айналайн, рахмет!

Қарт пен Қаман екеуіАйжамалға ақ жол тілеп далаға шықты. Бір зілмауыр  ийықтарынан түскендей жеңілдеп қалды. Кең тыныстап алған соң Қаман қартқа жақын барып, бәсеңдеу үнмен құлағының түбіне:

— Әлгі екі миллион теңгені конвертпен, немесе каспи арқылы бермегеніңіз қалай?-деп таңырқай сұрады.

-«Төртеу түгел болсын» деп, оны ақша күйінше төрт үлкен шортанның ішіне жұқа салапандармен бөліп-бөліп орап салдым.Бірден белгілі болу үшін тұмсықтарынан жіппен өткізіп қосақтадым. Оның үстіне салапанның ұштарын ауыздарынан шығарып, көрнеулеп қойдым. Келіннің қолына алдымен қосақтағы сазандар ілінер, бұйырса!

-Пай-пай, мұныңыз таптырмас тапқырлық болған екен, х- х- х!…

Айжамал сән-салтанатты тойханасында достары қошаметпен өткізіп беріп жатқан «туған күн» мерекесінде айы аспаннан туғандай айтағасын шаттыққа шомды. Емен-еркін көңіл көтерді. Думан тәулікке жалғасты. Ол аздай алдын ала әуе билетін алып қойған үш құрбысы Сатаннан рұқсат сұрады да Айжамалды Бурабайға алып ұшты.

Жер жаннаты Бурабай! Қарағайдан оюлаған әсем қонақжай, астатөк дастарқан, жұпар ауа, Сексен көлдің тұнық толқындары, Оқжетпестің жалама жартастары, сырын бүккен Жұмбақтас, Аблай хан текшесі т.б. қайталанбас сұлулықтар мен тарихи орындар Айжамалды бір жасағандай естен кетпестей шалқытты… Бәрін алдын ала жымдастырып қойған құрбылары да тіс қаққандар. Білмейтіндері жердің астындағыөңшең сығайланған сылқым бикелер шетінен. Олар шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін дөкей еркек тамырларын шақырып алып, саяхаттарының романтикалык бояуын қалыңдатып жіберді. Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа болсын ба?! Оның үстіне алуан түрлі ішімдіктердің де тоғыстырмайтыны, балқытпайтыны болсашы! «Демалыс үшін» делінген тізгіндері де мейілінше еркін қояберілді. «Өміріміздегі ең бақытты сәттеріміз – осы, кәне, көтерік!» десіп шексіз мақтанышқұшағына бөленді-ай келіп!Аблай ханға қорған болған нән қарағайлардан қиюланған қонақжайдың да мұндай лаззатты күндерге куа болуға әлде қашан еті үйір боп кеткен тәрізді, мүлде іш жияр емес.Ештемені сезбегндей қаз-қалпында…

Сатанның «үйде болам ғой» деген уәжі «жұмыс бабымен» делінетін терминге ауысып, сапарлары елдің түкпір-түкпірінде өтіп, тұмсығына су жетпей жүргені Айжамалға неше рет хабарланған сияқты болған. Ал, бүгін екеуі де уәделескендей араға он күн салып үйлеріне едел-жеделорала қалды. Есігін ашқаны сол еді, жанары алақандай болған Айжамал, қолқаны қабатын ғаламат күлмісі сасықтан тұншыға жаздап, аузына жалма-жан маска тауып тақты. Жанталаса есік-терезелерді ашты. Үй қараушы келіншектің сұранып кеткені де сол кезде есіне түсті. Оны дереу шақыртып алып, сасықтың қайнар көзін іздетті. Ол қылтимада тұрып ылжырап кеткен, толтырылған  бір қап сазанды мүңкіте көтеріп шықты.

— Масқара! Тез сырттағы қоқыс сандығына лақтыр!-деді бұлқан-талқан бола опық жеген Айжамал,-қайран  ақ көңіл атам-ай, терлеп-тепшіп жүріп әкелген еді, сазанды жақсы көретіндігім үшін!

Ол диванда сақал-мұрті алынбаған беті, сүлкіні түсіп, божбан беті бұрынғыдан бетер қара түнек боп отырған келте мойын Сатанына тебіте жетіп барды:

— «Тұмсығыңа су жетпей» жүргеніңнің шын сырын саққұлақ хабаршыларым әлде қашан жеткізіп қойған. «Екі айдан бері жалақы алмадық», «қатты жер сілкіністен ғимаратымыз жарылды» деп арызынданып жатқан жұмысшыларың анау. «Казино» түбіңе жетіп тынбаса игі еді сені!Былтыр келіскен бір үй сатып алудан асатын теңгелерің әккі құмаршылардың қалтасына түсіпсымпиып келгеніңді, жалынып-жалпайып, ант су ішіп, тәубаеткеніңді ұмыттың ба?Ес біліп қалған ұлымыз да өлердей намыстанып еді сонда. Ауру кетсе де, әдетің әлі кетпепген екен…Әттең, сорлы басым!…Өлімнен ұят күшті ғой, ұят!…

Ол ары қарай шыдастық бере алмай еңірегенде екі етегін көл қылды…Дәл осы сәтте басы салбырап отырған Сатанның қол сомкасынан телефоны шырылдай қалды. Ол шошына көтерді:

-Алло!-деді.

— Сәлем,Сатан мырза! Мен Қаржы Полициясынан Маңғазов Марат болам. Үйіңізге жаңа ғана кіргеніңізді білеміз. Көлікпен қақпа сыртында күтіп тұрмыз. Дереу келе қалыңыз!

— Не, не-ге?

Айжамал да оның телефонына құлағын төсей қалды.

-Дубайдан алған үйіңіздің жай-жапсары және қарша бораған жұмысшылардың арыздарына, т.б. істерге қатысты…

— Сұмдық!-деп өз бетін өзі шымшыған Айжамал,- мен неге білмеймін сенің Дубайдан үй алғаныңды?!Тағы бір тоқалыңа сыйладың ба оны?…

Салы суға кеткен Сатан екі иғы салбыраған күйде үн-түнсіз сыртқа шығып бара жатты…

Үйреншікті дағдысы бойынша қолына қысқыштемірін ұстап, кірқожалақ қабын қолтығына қысқан, үсті-басы тозыңқы, өзі жүдеу болсада қимылы тетік Голия деген жалғыз басты орыс кемпіртаныс күзеттерінен ілінбей өткен бетте қоқыс сандықтарына барды. Ол сасық исі мүңкіген, қабымен тасталған сазан балықтарды көріп, шегіне берді. Сосын сандықтың бір бұрышына қаратып төгіп жатып, қосақтаулы жүрген сазандарға таңырқай қалды. Ауыздарынан шығып тұрған салапандарынан ұстап суырып-суырып алды. Салапан ішіндегі шытырлаған қағаз теңгелерді көргенде,өз көзіне өзі сенбей қатты састы. Үрейлене жан-жағына жалтақтады. Жалғыз өзінен басқа ешкім жоғына сенген соң, етсіз саусақтары дірілдеген күйіқабына жылдам сүңгітіп үлгерді. Атқақтаған жүрегін басып, тамызған темекісін сорғыштапесін жиды. Жайбырақат қалпына енді. Соын қайта қақпаға қарай жітірмелетті.Оған «Ресейдегі інім талай шақырса да бара алмай жүр едім, енді сәті түсетін болды!» деген тәтті қиял да сол кезде орала кетті.

— Голия апай, тез қайттыңыз ғой, керегіңіз жоқ па екен?-деп саңқ еткен бір күзетшінің даусынан селк етіп, зәресі зәр түбіне кете жаздаған ол:

-И-ә, еш-те-ме-жоқ,-деп әреңтіл қатты қалтырап.

«Бейшараның құр қайтқаны-ай!» деп мүсіркескен болды күзетшілер.

Бақаң қарт кәдуелгісіндей орман-тоғайы сыңсыған терең сулы түбегінде қайығымен балықтарға аздап жем шашып жүр. Ол масадан желпініп демін алды. Баяу желемік тұрып, әлгіндегі бүк тыншуды сейілтті. Ойына «Шаңқан үй» компаниясы орала берді. «Аттай шауып екі ай өте шықты. Сатаннан, Айжамал келіннен хабар жоқ. Бергенім жұлындарына жұқ та болмаған көрінеді. Оның өзін кемпірім сауып отырған көк сиыр мен жалғыз тор атты сатып жүріп зорға толтырған ақшам еді. Е, не көрмеген басым. Керегі жоқ, бір қайыры болар. Бастан құлақ садақа. Аллаға тапсырдым!…»

— Әке, сүйінші!- дегенаққұба жүзі бал-бұл жанған ұлы Ұлағаттың жарқын даусы елең еткізді.

— Бәрекелді, балам! Сатандардан жағымды хабар келді ме?

— Керісінше, Астанадан қош хабар!

— Астанадан дейді?

-Иә, өткенде Астанада өткен білімді жастарды таңдаулы да сенімді конпанияларға кокурыс арқылы қабылдауға барып бағымды сынағам ғой. Сол компанияларың бірінен «Шақыру» келіпті. Алды боп өтіппін, міне!-деп почтадан арнаулы жіберілген тайға таңба басқандай айшықты пешеті бар қағазды көрсетті.

Ол қайыққа шықты. Түбектің басына қарай ескекті өз қолына алып есе бастады. Қуанышында шек жоқ. Әкесі шелектегі жемді балықтарға шаша отырып, оның болашақта атқаруға ниет байлаған ұлы жоспарларын мұқият тыңдап мәз боп барады…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *