Жолаушы Жолаушы

Жолаушы

30.09.2015 0 2 915

Айнұр МЕНДАЛИЕВА Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында дүниеге келген. 1998 жылы «Ерекше әдеби дарыны» үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша облыстық... Жолаушы

Айнұр МЕНДАЛИЕВА

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында дүниеге келген. 1998 жылы «Ерекше әдеби дарыны» үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша облыстық олимпиаданың жеңімпазы атанып, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің филология факультетінің грант бөліміне емтихансыз қабылданып, осы оқу орнын 2002 жылы тамамдаған. 2005-2007 жылдары Заң академиясының сырттай бөлімін оқып, Заңгер мамандығын игерген. Мемлекеттік қызмет, бүгіндері сот саласында табысты еңбек етіп келеді. 

Жігерді жолы болмайтын адам деп айта алмас едіңіз. Оның жақсы жұмысы, табысы, үйі де, көлігі де бар. Денсаулығы да сыр беріп көрген емес. Жанұясы мен сүйікті достары да әрдайым жанынан табылып келеді. Соған қарамастан, оған үнемі бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрінетін. Таусылмайтын, бір сарынды өмір жалықтырғандай ма, тар шеңберді айналып жүргендей бір беймаза сезімнен арыла алмай–ақ қойды. Бүгін жұмыстан кешірек шықты. Көлігін от алдыра сала, радионы қосты. Жігердің ойын оқып қойғандай, радиожүргізуші «Жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша әрбір жүз адамның біреуі ғана өміріне қанағаттанарлық деп баға берсе, елу адамның біреуі ғана өз өмірінде болған бақытты сәтті есіне түсіре алды» дей келіп, тыңдармандарға өте қарапайым сұрақ қойды. «Сіз бақыттысыз ба?». Оның ойын машина капотының астынан көрінген түтін бөлді.
– Шайтан алғыр–ай, бірі болмаса, екіншісі, – деп күбірлеген ол, жолдың жиегіне барып тоқтады. Түсіп, капотты көтерген сәтте, ып–ыстық бу бетін шарпыды. Өршелене соққан жел мен жаңбырдан қорғана, пәлтесін басына бүркене көтеріп, бір шақырымдай жерде орналасқан телефон үйшігіне келіп, апат жағдайында қызмет көрсету мекемесіне телофон шалуға тура келді. Тұтқаны көтерген кезекші кері оралып, бір сағаттай күту керектігін айтты. Сүйегіне дейін су өтіп, әбден жаурап, шаршаған Жігердің бойында өз–өзіне деген аяныш сезімі оянды. «Осының бәрінде қандай мән бар» деген ой тағы да қылаң берді. Жақындай келе өз машинасының жанынан үстіне қоңыр күртеше мен басына ақ кепка киген әлдеқандай адамды байқады. Орта бойлы, ұқыпты, қысқа қиылған ақселеу шашты, бейтаныс шалдың Жігерге ерекше әсер еткені оның өте көңілді, қой көздері еді.
– Тамаша боран, солай емес пе, жас жігіт?! – деді ол амандық сұрасудың орнына. –Мына керемет қуатты, ауадағы тазалықты сезесіз бе? – деді жақындап келген Жігерге күлімсіреп. Жігер қабағын түйді.
– Сонымен, көлігіңізге не болды? – деді шал сол жымиған қалпы.
– Не болғанын өзім де түсінбей тұрмын.
– Өмірде бәрі болады, жас жігіт, олай мазасызданудың қажеті жоқ. Түзелмейтін нәрсе болмайды, – деді ол капотқа үңіліп жатып. Без жүз мың теңгедей ақша берсеңіз, жөндеуге болып қалар.
– Немене, әзілдеп тұрсыз ба?! – деді Жігер зілді дауыспен.
– Әрине, әзілдеп тұрмын, – деген шал бұл жолы басын шалқайта, рахаттанып күліп алды.
Жігер де жымиды. Кенеттен көңілденіп, өзін жеңіл сезіне бастағанын сезді. Шал оған ұнай бастады. Шұрып кілтін алмаққа басын көтере берген шалдың жанары Жігердің жанарымен түйісіп қалды.
– Білесіз бе, мұның болмауы да мүмкін еді, – деді ол салмақты түрде.
– Ненің болмауы мүмкін еді?
– Сізді мазалап жүрген нәрсенің, не болғанда да.
– Мені ештеңе де мазалап жүрген жоқ,–деп қарсылық білдірді Жігер.
– А… түсінемін. Онда бәрі жақсы болды ғой,–деген шал ыңылдай әндетіп, моторға қайта үңілді.
– Көңіл-күйіңізге қарағанда, бүгінгі күн сіз үшін сәтті болғанға ұқсайды.
– Менің жасыма келгенде жердің бетінде өткізген әрбір күніңіз сәтті күнге айналады, жас жігіт. Менің пікірімді білгіңіз келсе, көңілсіз ойлар мен жағымсыз сезімдерге жоюға, өмір тым қысқа әрі қымбат деп есептеймін. Адамның орта жасы 76 жас деп есептелетінін білесіз бе? Ол бар болғаны 3648 апта, шамамен оның жартысы ұйқымен өтеді дегенде, адамның орта өмірі 1824-ақ апта екен.
– Не деген өмірлік маңызы бар ой, – деді Жігер кекесінін жасырмай.
– Мен бар болғаны, бақытсыздық туралы сезімдерге жоюға, уақыттың қаншалықты қымбат екенін айтып тұрмын. Сол себепті әрбір күнімізді қиналыс, күрес емес, қуанышқа айналдыра білуіміз керек, – деді шал мұның кекесініне назар да аудармастан.
Жігердің кеуде тұсы шым-м етті. Оның қандай сезімде жүргенін бұл шал қайдан белмекші? Кездейсоқ, айта салғаны да.
– Жаратушы адамды жасарда топырақты алып, алдымен денесін, басын, аяқ-қолын жасапты. Оған жан бітіріп, рух, ақыл-ой, сана беріпті. Аяқтадым-ау дегенде, кішкене балшықтың артылып қалғанын көреді де, адамнан: «Саған тағы не керек, адам?» деп сұрапты. «О, Тәңірім, маған бақыт бере гөр» деп жауап береді адам. Жаратушы сәл ойланып, қалған балшықты адамның алақанына салады. «Бақытты сен өзің жасап көр, адам» депті сонан соң.
– Қызық екен, – деді Жігер.
– Енді бір минут, міне, болды, тура бұзылмағандай жұмыс жасап тұр.
– Рахмет сізге. Жақсылығыңызды немен өтесем екен?
– Қаланың қарсы шетінде көп жылдан бері көріспеген досым тұратын еді, жеткізіп салмас па екенсіз, өтінемін?
– Әрине, о, не дегеніңіз. Түкке тұрмайтын нәрсе. Сіз болмағанда…
Жігер рөлге отырып, көлігін шал нұсқаған бағытқа бұрды. Жел ішін тарта гуілдеп, күшейе түскен нөсерден жол бедері көрінбеуге айналды. Аспан жарылып кетердей ақыра күркіреп, жарқ-жұрқ найзағай ойнады.
– Қандай керемет жел! Не еткен күш! Не еткен құдірет! – деді шал аса салтанатты дауыспен. Жігер: «Осы мені күлкі қылып отырған жоқ па?» деп күдіктеніп, оның бетіне қараған. Жоқ, салмақты қалпында. Кенет, шалдың үстіндегі күртешесі мен өзге киімдерінің құп-құрғақ екенін байқады. Бір тамшы да тимепті. Құйып тұрған жаңбырдың астында тұрған адам… қызық…
– Есіміңіз кім?
– Мені Қыдыр деп атайды. Сенің есімің ше?
– Жігер.
– Та-ма-ша есім, жас жігіт!
Енді Жігердің де бойын қуаныш керней бастады. Тіпті бүгінгі дауылды кеш өзіне де ұнай бастағандай. Бейтаныс шалға қарап күлімсіреп қойды.
Бұлардың іздегені сәні мен салтанаты жарасқан биік үй екен. Шал нұсқаған жерге көлігін тоқтатты. «Сен кіріп шық» деді шал. Аса жұмсақ үнмен айтқаны сондай, Жігер қарсылықсыз үйге беттеді. Есікті көпшілікке танымал, ғалым ақсақал ашты. Жасы сексеннен асса да тың, қуатты. «Кіріңіз, кіріңіз» деді ол бәйек болып.
– Сізді сыртта досыңыз күтіп тұр.
Ақсақал бұған енді зер сала әрі таңдана қарады.
– Досым дейсіз бе, сыртта күткені қалай? Менің шығуым керек пе?!
Жігер үнсіз көлігі тұрған жерге қарай бастады. Алдымен келіп көліктің есігін ашқан ол, бейтаныс шал отырған орындықтың бос тұрғанын көрді. Жан-жағына қарады, айналаны түгел шолып, іздей бастады. Ешкім жоқ. «Әлгінде ғана болған еді. Жолда кездескенбіз. Сізді көп жылдан бері көріспеген досым деді, маған сен кіріп шық деген» –деп ақтала бастады.
– Өзі осы жерде күтемін деді ме? – деп сұрады, түкке түсінбей айран-асыр болған ғалым.
– Күтемін деген жоқ, сен кіріп шық,–деген.
– Досым, деді, ә? Түр-түсін сипаттай аласың ба?
– Орта бойлы, бетінде әжімі бар кәдімгі шал, үстіне қоңыр күрте киген, басында кепкасы бар болатын, ақ кепка. Ал, көздері өте көңілді. Мен тіпті таң қалғам. Сіз маған сенбей тұрған жоқсыз ба?
– О, не дегеніңіз?! Көңілді дейсіз, ә? – ғалым ойланғандай болды.
– Иә, ол өте көңілді болатын… тіпті осындай күнде де. Жол бойында кездескен. Мен оны телефонмен шақырғанмын. Жоқ, негізінде… мен оны шақырған жоқ едім…
– Жарайды, жігітім. Былай істейік. Үйге кіріп, шай ішіп кетіңіз, оқиғаның қалай болғанын асықпай әңгімелеп берерсіз, – деді де, ішке бастады. Басқа амалы қалмаған Жігер оның соңынан ерді.
Кең, жарық қонақ бөлменің ортасында орналасқан үлкен үстелге ақсақалдың келіні дастархан жайып, жайнатып шай әзірледі. Қазы, жеміс-жидек, бал, бауырсақ, ыстық қуырдақ пен сорпа әкелді. Жігер өзінің жаурап, қарны ашқанын жаңа сезінді. Қонақжай қария: «Тамақ ал, шай іш» деп бәйек болуда. Шай үстінде қарияға жол үстіндегі кездесу туралы әңгімеледі.
– …Көңілді дейсіз, ә ?! – деді, Жігердің әңгімесін бөлмей тыңдаған қария: «Демек, сіз оған жолыққан екенсіз ғой.»
– Кімге?
– Қыдырды айтамын–деді ол күлімсіреп.
– Қайдағы Қыдырды айтып тұрсыз?
– Сіз әлгінде өзіңіз оны жолықтырдым деген жоқсыз ба?
– Иә, мені Қыдыр деп атайды деген… Ақсақалға үнсіз қарап қалған Жігердің кенет басына келген ойдан тынысы тарылғандай болды. «Мүмкін емес» деді сонан соң, басын шайқап, «Мүмкін емес!!!».
– Сонда ол, сонда-а…Мүмкін емес, жо-жоқ, мүмкін емес, жоқ! – жігіттің демі қысылды, тәлтіректеп орнынан тұра беріп, қайта отырды. Сонда ол Қыдыр ата ма? Кәдімгі аңыздардағы Қыдыр ата? …Ал сонда оның сақалы, шапаны қайда?? Аса таяғы ше?? Жо-о-қ, жо-о-қ, ол күртеше мен кепка киіп алған кәдімгі, қарапайым шал болатын… мүмкін емес… жо-жо-жоқ, мүмкін емес.. жоқ.. Ол менің көлігімді жөндеп берді ғой, кәдімгідей, өзінің қолдарымен, түсінесіз бе, қолдарымен жөндеді!… Неге үндемейсіз, ата?! …шынымен бе?.. Ал, мен онымен дөрекі сөйлестім… Құдайым-ай, қалай болғаны.??
…қасымда отырды ғой, екеуміз әңгімелескен болатынбыз…».
Жан дүниесі астаң-кестең болған жігіттің тұла бойын сұп суық тер қаптады… …Дем алысы жиілеп, көздері жасаурап, еріндері дірілдеді… Сонан соң, жанарынан жас парлап, сәбидей егілгені есінде… «Ал, сонда оның шапаны қайда?!» деп қайталай бергені есінде… Біраздан соң өз-өзіне келгенін біледі.
Ақсақал мұның жағдайын түсінгендей зерен ыдыспен су ұсынды. Қасына келіп иығына қолын салды. Жанарын бір нүктеге қадап, үнсіз біра-а-аз отырды.
«Мен онымен осыдан көп жыл бұрын, екінші дүниежүзілік соғыс уақытында кездестім. Ол кезде мен Қиыр шығыстағы тұтқындар лагерінде едім. Жағдайымыздың адам төзгісіздігі сондай, өлім – ол тозақтан құтылудың жалғыз жолы болатын. Бір күні әбден әлсіреп, сүлдерім ғана қалған мен, жалғыз өзім, лагерді қоршап, тоқ жүргізілген тікенек сымдарға қалай жетіп, соғылып өлудің амалын ойластырып отырғам. Кенет жанымда үстінде қоңыр күртесі бар, ақселеу шашты шалдың отырғанын байқадым. Ол маған аса көңілді жүзбен қарады да, аса қарапайым, бір сұрақ қойды. Ол – менің өмірімді құтқарып қалған сұрақ болатын.»
«Қалайша бір сұрақ адамның өмірін құтқарып қала алады?» – деп ойлады Жігер.
«Ол менен: «Сіз осы жерден шыққан соң, ең алдымен не істейсіз?» – деп сұрады. Мен ешқашан бұл туралы ойланбаған болатынмын, ойлануға батылым да барған емес-ті. Бірақ, жауабын білетінмін – туған жерімді қайтадан көргім келетін. Осы сәтте тірі қалу үшін бәрін де жасауға болатын мақсатым бар екенін түсіндім. Бұл сұрақ маған өзім жоғалтып алған, сол үшін өмір сүруім керек мақсатымды қайтарып берді. Сол күннен бастап, тірі қалу үшін күрес маған бұрынғыдай азап болып сезілмейтін болды, себебі, мен әрбір күн сайын соғыс бітіп, арманым орындалатын сәтке жақындай бердім.
Сол күннен бастап лагердегі тағдырлас бауырларыма осы сұрақты мен де қоя бастадым. «Сен осы жерден шыққан соң, ең алдымен не істейсің?» – сұраған сәтте олар алдымен түкке түсінбей, аңырап қалатын да, сонан соң бет-жүздері біртіндеп өзгеріп, көздеріне от орала бастайтын… Әлгі қарт есімім Қыдыр деген еді».
…Ғалым ақсақал Жігерді көлігіне дейін шығарып салды. Қоштасып тұрып: «Білесіз бе, сізбен кездескенге дейін, менің Қыдырды көргенім – аптап ыстықта, аш, әлсіз адамға көрінген голлюцинация ғана болар деп ойлайтын едім» деді.
Жігер көлігіне байқамай жоғалтып алып, көптен іздеген асылын тапқандай ғажап тыныштық күйде оралды. Көлікте емес, ұшып келе жатқандай, долы жаңбыр емес, нұр себелеп тұрғандай, дауыл дегені – өзінің жанының сілкінісі екен…

* * *

«Өмір» деп аталатын ұза-а-ақ жолдың бойында жолыққан әрбір жанға зер сала қарап, кездейсоқ жолаушы көрсеңіз, тоқтамай кетіп жүрмеңіз. Кім білген, «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді ғой.

Кусто ағайға хат

Амансыз ба, Кусто ағай! Менің атым Әліби, жасым 12-де. Орта мектептің 7Б сыныбында оқимын. Біз: атам, әжем, үшеуміз ауылда тұрамыз. Әкем мен апам қалада тұрады. Мен сурет салғанды, кітап оқығанды, табиғат аясында дем алғанды жақсы көремін. Сабақ үлгерімім өте жақсы, ылғи «бестік» бағаға оқимын.
Қазір – қазақ әдебиеті сабағы. Тұрсынай апай экология тақырыбына шығарма жазыңдар деп тапсырма берген. Өзге балалар бастап та кетті. Мен ғана не жазарымды білмей, әлі отырмын. Есіме теледидардан үнемі көретін Кусто мен оның командасы жүргізетін табиғат туралы қызғылықты фильмдеріңіз түсті. Біздер, атам екеуміз, оның әр көрсетілімін асыға күтіп жүреміз. Енді, міне, ойланып-ойланып, сізге хат жазып отырмын.
Сіздің өзіңіз секілді ержүрек командаңызбен бірге жер бетіндегі қаншама адам табиғат әлеміне сапар шеккендей болатынын білесіз бе?!
Әсіресе, дельфиндер туралы көрсеткен-деріңізді сағаттап қарай алам. «Киттер мен дельфиндер қырғыны» деп аталатын бір фильміңізде тау болып үйіліп, қызыл қанға бөгіп жатырған олардың өлігін көрсетті. Балықшылардың өздеріне адасқан кездерде бағыт көрсеткендері үшін оларға айтатын алғысы, міне, осы.
Спорттық қызығушылықпен балық аулау бүгінде 90 миллион тоннаға жеткені жөнінде айттыңыз. Құныс балық, Мөңке, Миро секілді балықтар мүлде құрып кетіпті. Өндіріс қалдықтары төгіліп, су қоймаларының ластанып бітуіне байланысты өздерін өздері жағалауға лақтырып, өліп жатырған су жануарлары туралы да естіп, жанымыз ашыды. Байғұстар-ай, не жазықтары бар еді?!
Табиғат байлықтарын ысырап ету мұнымен де бітпейді екен…
Сіз, әлбетте, Қазақстан туралы естіген боларсыз. Ол жер көлемінен әлем картасында тоғызыншы орынды алып жатыр. Біздің де елімізге келіп, біз туралы кино түсіріп әлемге көрсетсеңіз ғой. Еліміздің табиғаты сан алуан. Ертегідей әдемі жерлер, шипалы өзен-көлдер, асқар-асқар таулар, төрт түлік малымыз бен мәуелі бақша, бауларымыз бар. Шөл мен шөлейт те табылады.
Мүмкін, сізді біздің ауылға шақырудың да сәті түсер.
Әжемнің айтуынша, табиғат бұрынғыдай емес, азған. Бұрын мыңдаған құлан, киіктер көлікпен жарысып, жосып жүреді екен. Қоян, қырғауыл, түлкі дегендер жыртылып-айрылады дейді. Ал, балықтың көптігі сондай, адамдар оны қолмен де ұстап ала береді екен. Қазір, Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енбеген аңмен құсты табу қиын екен, Кусто ағай.
Жеріміздің байлығы, өзімізге сор болып жабысқан секілді. Қойнауы шұрық-тесік, мұнай, көмір, қорғасын, темір, сынап, уран секілді кен өндіріледі.
О-о-о, сіз атом жарылыстарының зардаптар-ын көрсеңіз ғо-о-ой!!. Бос жатқан жері көп деп, дамыған елдер өз өндірістерінің улы қалдықтарын біздің жерімізге төгеді екен. Сол үшін үлкен ақша төлеуге де дайын көрінеді. Білесіз бе, Кусто ағай, біздің де Каспий мен Арал секілді шалқар теңіздеріміз бар. Дәлірек айтқанда, Арал теңізі бұрын болған, ал, қазір жоқ. Бұрынғы теңіздің орнында мыңдаған шақырым аппақ сор жатыр екен. Содан ба, ол айналаның тұрғындары түрлі ауруларға шалдығып, адам айтқысыз азап көруде. Дүниеге екі қолсыз келген соң, башпайларымен сурет салатын Аралдың кішкентай тұрғыны жайында жорналдан оқығанмын. Рас айтамын.
Арал теңізі құрып кетті, Кусто ағай! Қалпына келтіре алсақ қой, шіркін!..
«Ал, Каспий ше?» деп сұрағыңыз келетін болар? Каспийдің де халі мүшкіл. Қойнауынан мұнай өндіруге байланысты оған да қауіп төнуде. Қара уылдырығы үшін аулап-аулап бекіре балығы да құрып кетуге жақындады. Сіз тезірек келсеңіз, ең болмағанда, Каспийді құтқарып қалуға болатын шығар.
Қазақстандықтар өздерінің байлығын мүлде қадірлемейді екен деп ойлап қалмаңыз. Біздің елде табиғатты қорғауға өз үлестерін қосып жүрген жақсы адамдар да өте көп. Тәрбие сағатында апай бізге арнайы су қоймаларында миллиондап балық өсіріп, кейін өзен, көлдерге жіберумен айналысатын жандар жөнінде оқып берді. Сонда қуанғанымыз-ай! Сондай-ақ, біздерде, Ақсу Жабағылы, Үстірт, Қорғалжын, Наурызым, Барсакелмес секілді көптеген қорықтар бар. Ондағы аң-құстың, өсімдіктің көптеген түрлері мемлекет қорғауына алынған. Ағаш егіліп, жасыл орман алқаптарына айналып жатырған жерлеріміз де аз емес.
Біздің көрші ауылда жыл сайын бірнеше мың қырғауыл өсіріп, оны еркіндікке жіберіп, олардың көбейгенін қалайтын кәсіпкер азамат өмір сүреді.
Менің атам да жақында ауыл шетіндегі алаңқайға 200 түп ағаш отырғызып, сыртына қоршау жасады. Күнде суарып жүрміз. Жұрт атама сыртынан «алжыған шал» деп күліп жүр. Мейлі, күле берсін. Атам екеуміз оған бола қайғыра қоймаймыз.
Біздің еліміз табиғи газға бай болса да, әлі күнге үйді тезек жағып жылытамыз. Тезектің бір арбасын 20 мың теңгеге сатып аламыз. Ақшасы жоқтар орман ағаштарын кесіп, отқа жағады. Өмір бойы отпен кіріп, күлмен шыққан соң ба екен, біздің ауылдағы байғұс әжейлердің белдері бүгіліп жүреді.
Атам «Жак-Ив Кусто ағайың қайтыс болған, бұл көзі тірісінде жасаған саяхаттары, сол кездегі жазбалар» дейді. Менің атам өтірік айтпайтын адам. Әйтсе де, бұл жолы менің оған сенгім келген жоқ. Мүмкін емес, сіз секілді ғажайып жан мәңгі жасай беруге тиіс. Әйтпесе, табиғатты адамдардан кім қорғайды? Кім әлемге сіз секілді дабыл қағады? Ол құрып бітеді ғой.
Менің осы хатымды оқитыныңызға, елдегі барлық өзен-көлдер құрғап, жан-жануарлар, ормандар мен өсімдіктер құрып кетпестен бұрын, міндетті түрде, біздің ауылға да келетініңізге сенемін.

* * *

Мен Сізді күтіп жүрмін, Кусто ағай!

Аян

Алланың өзі де рас, сөзі де рас…
(Абай)

Бірде менің түсіме Көк пен Жерді жаратушы құдірет иесі, он сегіз мың ғаламның падишаһы – Тәңірден сұхбат алып отырғаным енді.
– О, Тәңірім, менің Сізге бірнеше сұрақ қойғым келеді.
– Сұра, – деді Тәңір.
– Егер Сіздің уақытыңыз болса…
Тәңір күлімсіреді.
– Мәңгілік – менің уақытым.
– Сізді адамдардың бойында бәрінен бұрын не таң қалдырады? – деп сұрадым мен.
Тәңір маған жауап қатты:
– Оларды балалық жалықтырады да, тезірек ержетуге асығады, содан соң қайтадан бала болуды армандайды. Олар соншама қарапайым нәрсені түсінуден бас тартып, барлығын күрделендіреді де, өздері содан зиян шегіп жүреді.
Олар ақша табу үшін денсаулығын жоғалтады да, содан кейін, денсаулығын қалпына келтіруі үшін тапқан ақшасын жояды.
Олардың өткен мен болашақ туралы ойлауға көп уақыт бөлетіндері сондай, осы шақта өмір сүруді ұмытады. Олар ешқашан өлмейтіндей өмір сүреді және ешқашан өмір сүрмегендей өледі. Ол менің алақанымды өзінің алақанына салды да, біз біраз уақыт үнсіз қалдық.
– Адамдар Сізді аспанда деп ойлайды. Сіз көктен бәрін бақылап отырасыз ба?
– Мен олардың ішіндемін.
– Олардың Сізбен байланысқа шығуларына бола ма? Бұл мүмкін бе?
– Олар әрқашанда менімен байланыста.
– Қалайша?!!!
– Адамдар өздерінің ішкі дауысына құлақ түріп, жан-дүниесін тыңдауға және ойлары мен сөздерін басқаруға үйренуі керек. Олар Менімен біртұтас.
– Адамдар Құдайдың кәріне ұшыраудан қатты қорқады. Сіз адамдарды қателіктері үшін жазалайсыз ба?
– Адамдар өздерін өздері жазалайды.
– Сіз адамдарды түрлі апаттар мен қауіп–қатерден, олардың өмірінде жайсыз жағдайлардың орын алуынан неге сақтамайсыз??
– Сақтанса сақтаймын.
– Адамдар Сізге жалбарынып, біліп-білмей жасаған күнәларын кешуді сұрайды. Күнәдан тазарып, Сіздің кешіріміңізге ие болу үшін адам не істеуі керек?
– Олардың өздерін және өзгелерді кешіріп үйренгені, ой-ниеттері тазарғаны жөн.
– Адамдар Сізден тілек тілейді. Кейбірінің бар тілегі қабыл болса, кейбірін мүлде естімейтін секілдісіз. Тілектері Тәңірдің құлағына шалыну үшін адамдар сонда не істеуі керек?
– Олар «сенім» жайында ұмытпаулары керек… Әрекет дұрыс болса, нәтижесі де дұрыс болады.
– Адамдар «Дін» туралы әртүрлі ойлайды…
– Дін – олардың жаратылыс заңдарын зерттеу, түсіну және сақтау жолындағы ілімі, ізденісі. Менің заңдарым – 18 мың ғаламның бұлжымас заңдары.
– Әрбір адам өмірге белгілі мақсатты жүзеге асыру үшін келеді, және оның маңдайына жазылған тағдыры болады дейді. Ол мақсат не үшін беріледі және тағдыр деген не?
Тәңір жымиды.
– Әр адамның мақсаты – бақытты өмір сүру болуы керек. Бақытын тапқан адам – тағдырын да, мақсатын да табады.
– Бар болғаны осы-ақ па?!!
– Иә, бар болғаны осы-ақ.
– Адам ми қабілетінің бес-алты пайызын ғана пайдаланады екен. Қабілетін жүз пайыз пайдалана алған жағдайда адамзат не істей алар еді?
– Қабілетін жүз пайыз пайдалана алған жағдайда адамзат бәрін де жасай алады. Қаласа, олар уақыт пен кеңістікте еркін қозғалып, қаласа ұша да алады. Қаласа, ғаламның кез–келген нүктесімен ойша байланысқа шығып, кез келген ақпаратты ала алады…
– Адамдар «қатерлі ісік» тәрізді айықпайтын дерттерге қарсы не істей алады?
– Адам үшін айықпайтын дерт жоқ. Қаласа, олар өздерін кез келген аурудан емдеп жаза да алады.
– Адамдар өзге планеталарда тіршілік иелері бар ма, жоқ па анықтау мақсатында ғарышқа ұшатын космос аппараттарын ойлап табуда. Адамдар оларды таба ала ма? Олармен арада қарым-қатынас орнату мүмкін бе?
Тәңір тағы да күлімсіреді.
– Ол үшін адамға космос кемесін ойлап табу міндетті емес.
– Сонда, қалайша??! Олар өзге планета-лықтарды ешқандай космос кемесі, ешқандай аппаратсыз-ақ таба ала ма?!
– Мен адамның мүмкіндігі шексіз дедім…
– Ал, бірақ, адамдар ол туралы неге білмейді?
– Олар телепатия жайлы біледі.
– Ал, білсе олар өз мүмкіндігін неге пайдаланбайды?
– Оны мен адамдардан сұрауым керек.
– Адамдар неге өз қабілетін толық пайдалана алмайды?
– Олар өз қабілетін толық пайдалана алмаймыз дегенді қайдан шығарып жүр?
– Бірақ, Сіз айтқан нәрселерді жасау әрбір адамның қолынан келе бермейді ғой?!
– Адамның ондай қабілеттерді игі мақсатқа ғана пайдалануға санасы жететініне сенімді болуым керек..
Әрбір адам – қайталанбайтын жаратылыс, сондықтан, олар өздерін өзгемен салыстырып, өзгеден озам деп немесе өзгеден өзін кем санап өмір сүрудің мағынасыз екенін білсін.
Олар кез келген жағдайда өздерін құрметтеу керектігін есінде ұстасын.
Адамдар құдіретті әрі таң қаларлық жаратылыс. Адам үшін өзінің күшіне иелік ете алмайтын ешқандай себеп жоқ.
– Адамдар ақиқатты білгісі келеді. Олар: «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қалай жаратылдық? Қалай өмір сүруіміз керек? Нені білуіміз керек?» деген секілді көптеген сұраққа жауап іздейді» – дедім мен.
– Адамдар барлық сұрақтың жауабын біледі. Олар өздерінің ішкі күшіне сенулері керек.
«Сенің оянатын уақытың болды» – деді Тәңір.
«Уақытыңыз үшін рахмет» – дедім мен жаймен. «Адамдарға басқа ештеңе айтқыңыз келмей ме?» – деп сұрадым сонан соң.
Тәңір күлімсіреді. Күлімсіреді де, былай деді:
«Адамдар менің солар үшін осында екенімді білсін… Әрқашанда…»

* * *

Мен дүниеге жаңа келгендей ғажап бір сезімді басымнан кешіп ояндым.

ЕҢ МАҢЫЗДЫ САБАҚ

Барлық ұстаздарға арнаймын
(автор)

Көшеден екі әженің әңгімесін естіп келдім.
– Азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Теңге де құнсызданады деп жатыр…
– Сәбеттің ақшасы теңгеге ауысқан жылдары, айлап жалақы бермей, үйдегі тауықтарымызды сатып жеп, қаңғып кете жаздап едік. Пәшистің оғынан қорықпағанда, кризис дегеннен қорқатын болып жүрміз, қайдан білейік, айналайын, үкімет, бір амалын табамыз деп жатыр ғой.

* * *

«Сәбеттің ақшасы теңгеге ауысқан жылдары»
мен ортаңғы сыныпта оқыдым. Қыс мезгілі. Бұрынғыдай орталықтан көмір бөлу тоқтатылғалы, әйтеуір, «ық» демесең ауылдық жердегі үш қабатты орта мектептің іші қақап тұратыны сондай, сабақта сырт киіммен отыратынбыз. Қолғаптарымызды жазған кезде ғана шешіп, қалған уақытта киіп алмасаң, қолың икемге келмей қалады. Электр жарығын түс мезгілінде бір сағатқа, кешке бір сағатқа қосады. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Бірінші ауысымдағылар үшін таң қараңғысында басталатын бірінші сабақ, екінші ауысымдағылар үшін соңғы сабақтар күн батарға тұс келеді. Тақтадағы жазу тұрмақ, бір-біріміздің сұлбаларымызды әрең көріп отыратындықтан, жазбай, жай ғана тыңдап отыруымызға рұқсат етілетін.
Жалақылары Нобель сыйлығы секілді жылына бір-ақ рет берілетін ұстаздарымыз, сонда да біздің алдымызда қабақ шытпайды. Қақап тұрған сыныпқа міндетті түрде сырт киімдерін шешіп кіріп, еріндері суықтан көгеріп кетсе де, қырық бес минут бойы сыр бермей, біздерді әдеттегідей білім әлеміне үйіріп алып кететін. «Ең бастысы, енді біз – Тәуелсізбіз» дейтін әдебиет апайы. Сол сөзден жылынғандай жымыңдасып қоятынбыз.
Бұлай жалғаса беру мүмкін болмағандықтан аудан бойынша бірнеше ауылдық округтердегі мектептерде көктемге дейін оқу тоқтатылатын болды. Мектептер бірінен соң бірі жабылып жатты. Біздер де «қайран, кітаптармен» көктемге дейін қош айтысуға іштей дайындалып жүргенбіз.
Сол жылдары біздің ауылды Тоқсанов Қайыржан деген атақты басшы басқарды. Іскер адам болатын. Елді өте қиын кезеңдерден алып шықты. Мектепке 40 қашар сыйға тартып, Жәшітал деген жерден қыстақ, баз берді. Етін, сүтін сатамыз. Қойды қырықтырып, жүнін еңбек сабағында түткізеді, көрпе, құрақ тігеміз, кілем, шұлық-қолғап тоқимыз. Сатамыз. Тапсырыс қабылдаймыз… Мектеп өзін-өзі қаржыландыратын. Сөйтіп, ол бізге нарықтық қатынастардың алғашқы әліппесін үйреткен еді…
Мектептегі ұстаздарымыз да осал емес. Бұл жолы да олар тығырықтан шығар жол тауып, ешкімнің ойына келмеген тың шешім қабылдады. Бос тұрған бір қабатты, ескі интернат ғимаратын жөндеп, дереу әктетіп, әрбір сыныпқа бір-бір бөлмеден бекітіп берді. Балаға бәрі қызық, күліп-ойнап, улап-шулап жүріп, үстел, парталарды тасыдық. Жанындағы отын сарайға ағаш кесіп үйіп, тезек, көмір кіргіздік. Күнде ертемен еден сүртуші тәтей келіп, бұрқытып, от жағады. Жып-жылы, рахат!
* * *

Көктемге тарта мектебімізге оралдық. Қыстай от жағылмай дымданған қабырғалардың сылағы түсіп, суланған терезелердің сыры кетіпті. Едендер де көнерген. Сыр, сылақ секілді қажеттерді алуға қаржы бөлінбейтін болыпты.
Ақылды басшыларымыз тағы да жол тапты. «Сендердің замандарың басқа болмақ. Әрбір сыныптың қорында қаржы болуы керек. Оны ата-анадан емес, басқа біреуден сұрап емес, өздеріңіз тауып үйренгендерің жөн.
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап, мал ізде» – деп Абай аталарыңыз да айтқан» деп үйрететін.
Ұрыста тұрыс бар ма?! Тірлік қызып жүре берді. Табалдырығын аттаған сәттен мектеп өмірі қайнап жататыны есімізде. Домбыра, баян, қобыз, ән, би, көркемсөз үйірмелерінің жұмыстары үзілген емес. Оған тоқыма, тігін, ұршық, кілем тоқу секілді қолөнер сабақтарын қосыңыз. Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Батима апайды Егіндікөл деп аталатын шалғайдағы-ы, шағын ауылдың қарадомалақ балаларының көңілдеріне шырақ жағу үшін Құдайдың өзі жібергендей.
Сабақтан кейін түрлі үйірмелерге, қоғамдық шараларға қатысып, үйімізге кешке бір-ақ келетінбіз. «Соншама шоқынып, сол мектеп сендерді министр қыламыз дей ме?» – деп шешелеріміз сөйлеп жататын.
Батима апайдың сөйтіп, жетелеп жүріп үйреткен жеті өнерінің де пайдасы тиді. Акт залына ақылы концерт қоямыз. Біреуміз тамылжытып ән саламыз, біріміз мың бұрала билеп, біріміз нақышына келтіріп, өлең оқимыз. Теледидардан көргенімізді істеп, әзіл-сықақ қоямыз. Митың тірліктен шаршаған ауыл адамдары келіп, «Ой, бәрекелді!» десіп, бір жасап қалатын.
Үйден «видик» пен теледидарымызды әкеліп, кино көрсетеміз. Қаладан көтерме қақпен сағыз, шоколад, пепси әкеліп, оқушылар теңдей етіп, бөліп алып, үстеме бағамен сатамыз. Соғым кезінде ет жинап, буын бұрқыратып самса, мәнті пісіріп сатамыз. Шұлық, қолғап тоқып, көрпешелер тігіп, өткіземіз. Кілем тоқып үйренген шебер қыздарымыз да бар. Мектеп директоры Құрманғалиева Мақуза апай күз бен көктемде жәрмеңке ұйымдастыратын. Оған қоса мектептегі бос сынып бөлмелеріне шаштараз, аяқ киім жөндеу қызметін ашуға рұқсат берді. Әрбір оқушының атсалысуы маңызды болатын. Әр сыныпта есепші, экономист секілді старостаның жаңа көмекшілері пайда болды. Ай сайын есеп жүргізіп, арнайы дәптер ашып, кіріс-шығысымызды жазып отыруды әдетке айналдырдық. Сөйтіп, нарықтық қатынастың ережелері бірте-бірте санамыз бен өмірімізге сіңе бастады.
Оқу жылының аяғына таман табысымызды есептеп, сыр, шөтке, шпакль секілді қажеттерімізді алып, бәріміз бір адамдай үш қабатты мектепке жөндеу жасайтынбыз. Артылып қалған ақшаға сынып бөлмелеріне тұтатын терезе жапқыш алып, әдемілеп, іліп, гүлдер өсіріп, жайнатып қойғанымыз да есімізде. Әлеуметтік жағдайы нашар, көп балалы жанұяның балаларына оқу-құрал алуға көмек көрсетеміз.
Бұрын балалықпен олар бізге осының бәрін мектептеріне жөндеу жүргізу үшін жасататын шығар деп ойлайтынбыз. Үлкен өмірдің есігін ашқаннан кейін олардың «сабақтарын» талай рет есімізге түсіріп, шын өмірде қолдануымызға тура келді. Балаға не нәрсе үйретсе де өмірлік сабақ болсын деп үйрететін ұстаз жүрегінің тереңіне бойламаппыз. «Қандай жағдайда да адамның өзімен бірге болатын және оны одан ешкім де тартып ала алмайтын бір нәрсе бар. Ол – адамның арманы, қабілеті, ақыл-ой, білімі мен тәжірибесі. Армандарың аласармасын. Өмір – біздің ең дана ұстазымыз. Ең бастысы – өзіңнің кім екеніңді ұмытпау» – деуші еді олар.
«Балаға балық берме, қармақ бер» деген халық даналығын ұмытпаған олардың бізге үйреткен басты сабағы – қандай жағдайдан да шығар жол барын, біздің міндетіміз тек соны таба білу екенін ұқтырғаны еді. Тәуелсіздікпен бірге ендігі өмірдің мәңгіге өзгергенін, заманның бағыты мен болашақты болжай білген ұстаздардың даналығының алдында бас имеске шарамыз жоқ. Бар өмірін туған елді дамыту мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған олардың «сабақтарын» бүгінде аңыз қылып айтып жүреміз.
Сәл қиындықтан ұнжырғалары түсіп, иіндері салбырап, өмірге өкпелеп жүрген адамдарды көргенде, бұлардың жақсы ұстаздары болмаған болып тұр ғой деген ой келеді.

* * *

«Кризис» қорқынышты деп кім айтып жүр?!.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *