КЕШІККЕН… (өлеңдер топтамасы)

Турмаганбет

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар жəне
Журналистер Одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» əдеби
сыйлығының лауреаты

 

***

Ғашықпыз – ессіз,

Батырмыз – көзсіз.

Құдай-ау қайда жүргенбіз? –

Сен менсіз,

Мен сенсіз!..

 

Қайғысыз, мұңсыз

Күлеміз үнсіз…

Жаным-ау қалай жүргенбіз? –

Мен сенсіз,

Сен менсіз!..

 

 

***

Өмірдің, қалқам, әр күні өлең,

Әр күні шаттық, қуаныш.

Аңсаған әппақ аққуым менен

Адасып неге жүр алыс?..

 

Өмірдің, жаным, әр күні бақыт

Әр күні мейрам, мереке.

Сондықтан адам өмірге асық –

Өмірге ғашық емес пе?!

 

Өмірдің, қалқам, әр күні қымбат,

Әр күні қымбат мен үшін.

Жаным-ау бірге өтейік жырлап

Әр атқан таңның жеңісін!..

 

Өмірдің өзі ақын емес пе,

Ғашық емес пе сағынған?

Ынтық боп жұмбақ асыл елеске –

Қол жетпес Күнге табынған!..

 

Өмірдің, қалқам, әр күні өлең,

Әр күні шаттық, қуаныш.

Аңсаған әппақ аққуым неге –

Жете алмай менен жүр алыс?..

 

 

***

Сені ойлаймын «ойлама» дегенменен,

Сенен кетіп қайтадан саған келем.

Жан сырыңды жаятын бар әлемге –

Өсекші ғой о бастан өлең деген!..

 

Өзіңді ойлап, сәт сайын, сағат сайын,

Мың ұшып, мың қайтара қонақтаймын.

Сенен қандай хат-хабар келді екен деп –

Қайта-қайта поштамды парақтаймын.

 

Сені ойлаймын бағым ба, сорым ба екен?

Шаттығым ба, мұңым ба, шерім бе екен?!

Ойлайтұғын адамның болғаны да –

Мына өмірде шынында жөні бөтен!..

 

Сені ойлаймын күні-түн көз ілместен,

Бұлт көшті төгіліп-сөгілместен.

Жел айдаған қаңбақтай дөңгелеген –

Өмір өтіп барады сезілместен!..

 

Өсекші ғой әу бастан өлең деген,

Не көрсем де түбінде сенен көрем.

Ойдан кетпес адамның болғаны да –

Жақсы екен ғой, жақсы екен дегенменен!..

 

 

* * *

 

Сен де оқыпсың, соған қуандым

Байқамай қалсаң қайтер ем?

Адасып, жаным, таппай тұрағын

Жоғалды қанша ән, қанша өлең!?.

 

Оқыпсың сен де, ол да қуаныш

Жетті ме білмеймін жан сырым.

Жаныма менің сол да жұбаныш –

Сұрамаймын одан артығын…

 

Өткінші бәрі, өткінші жастық

Өтер қыс, көктем – өтер күз.

Аңсатқан арбап өзіне тартып –

Сол күнге біз де жетерміз!..

 

«Жүрек» басыпсың – соған қуандым,

Көрмесең мүлде қайтер ем?!

Адасып, қалқам, таппай тұрағын

Құрдымға кетті қанша өлең!..

 

 

***

Кешігіп, қалқам, кездестік

Түсінем бәрін, түсінемін…

Қиялмен көңіл тербетіп –

Тынамын үнсіз ішімнен!..

 

Білегіңді арттың мойныма,

Балқытып бойды қылығың.

Құшақтап тарттым қойныма –

Мас қылды жұпар бұрымың!..

 

Қуаныш кернеп кеудемді,

Бақыттан басым айналды.

Сыймаса қайтем бұл да енді –

Тағдырға тайқы маңдайлы?!

 

Кешігіп, қарғам, кездестік

Түсінем бәрін, түсінемін…

Қиялмен көңіл тербетіп –

Тәубе деймін үнсіз ішімнен!..

 

 

***

Мен саған қарыздармын!..

Жолыңда құрбан сенің, жаным – барым!

Бір өзіңсің сенерім, сағынарым,

Тіршілігім, тірегім, табынарым

Қажет қылсаң аяман, бәрін алғын!

Мен саған қарыздармын!..

 

Мен саған борыштымын!..

Шарласам да күллі әлем кеңістігін,

Арнасам да бар гүлін жер үстінің

Өтей алман, өйткені өзің маған

Қайта тартқан өмір – күй, жеңіс – жырын!..

…Мен саған борыштымын!

 

 

***

…Біз екеуміз

Биік шыңның басында тұр екенбіз!..

Қолаң шашың төгіліп иығыңа

Күн астынан күлесің Күнекей қыз!..

… Біз екеуміз!..

 

“…Төбеде – Көк!..

Төменге қарай беріп неге керек?!.” –

Дедің дағы, қалықтап көтеріліп

Кете бардың… Аң-таңмын : “ …Немене?..” деп…

… О, керемет!..

 

Түсінбеген…

Тысы таныс болғанмен іші бөтен,

Мына тылсым тірліктің жұмбағына

Көзімді ашсам жете алмай – түсім екен!..

…Шүкір етем!..

 

*  *  *

 

Арайлап атқан таңдармен,

Келмейді-ау қайтып бал дәурен!..

Сағымдай жанды тербеген

Сағыныш па едің, арман ба ең?!

 

Сағыныш па едің, арман ба ең

Балалық, шіркін, бал дәурен!..

Күндерім өтіп барады

Өзімді өзім алдаумен!..

 

Бақытты сол бір кездер-ай,

Кездер-ай, нұрлы көздер-ай!..

Жасындай көңіл көгінде

Жалт етіп ерте сөнгені-ай!..

 

Арман-ай, шіркін, арман-ай

Арманға толы жалған-ай!..

Арайлы сол бір күндердің

Алыста мәңгі қалғаны-ай!..

 

 

***

…Қайран, Жастық, жасындай жанып-өшкен!..

Өте шықтың жұлдыздай ағып өткен…

Құлазыған көңілдің гүлзар бағы

Қазан ұрған ағаштай сәні кеткен!..

 

Қайран, Жастық!.. Өмірдің сәні ме едің?!.

Сәні ме едің, әні ме ең, мәні ме едің?..

Сырласымдай көруші ем мына әлемді –

Қимасымдай болушы ед бәрі менің!..

 

Қайран, Жастық!.. Келмеске кеткенің бе?..

Кеткенің бе, шынымен өткенің бе?!.

Көктемімді ұрлады ұры уақыт

Көз жеткізіп күздің де жетпегіне!..

 

Қайран, Жастық, қайтейін, қош бол енді!..

Бекер ме еді барлығы, босқа ма еді?!.

…Білмеймін батамын ба, қаламын ба –

Ұстаған адамдаймын қос кемені!..

 

 

ҚҰЛЫНЫМ…

 

Қызым менің қандайсың,

Ойнақтаған лақтайсың

Бір сәт тыным таппайсың–

Тәтті ұйқыға жатпайсың!..

 

Қызым менің қандайсың,

Шырын-шекер, балдайсың!..

Көз шырымын алмайсың–

Ойынға бір тоймайсың!..

 

Қызым менің қандайсың?

Толықсыған Айдайсың,

Күлімдеген Күндейсің –

Арайланған таңдайсың!..

 

Қызым менің қандайсың,

Қызғалдақтай жайнайсың!

Жұпарымсың сен менің –

Жұтсам мейір қанбайтын!..

 

 

***

Қызым менің қайда екен?

Асқар-асқар тауда екен.

Онда неғып жүр екен? –

Жұлдыз теріп жүр екен!..

 

Қызым менің қайда екен?

Гүл жайнаған бауда екен.

Онда неғып жүр екен?

Бұлбұлдармен жарысып –

Әнге салып жүр екен!..

 

Қызым менің қайда екен?

Аспанда екен, Айда екен…

Онда неғып жүр екен?

Күн жетектеп, Ай мініп –

Асыр салып жүр екен!..

 

Қызым менің қайда екен,

Қайтар ойы бар ма екен?

Әлде, еркемнің әлі де –

Ойны қанбай жүр ме екен?!.

 

 

***

Айналайын құлыным,

Балдай тәтті қылығың!..

Бір жығылып, бір тұрып

Талпынасың ұмтылып.

 

Сықылықтап күлесің,

Тәй-тәй басып жүресің.

Шаршамайсың, талмайсың

Ойынға да тоймайсың!

 

Ойнақтаған лақтайсың,

Бір сәт тыным таппайсың…

Балам, өзің қандайсың?

Бір жыласаң қоймайсың.

 

Көтер дейсің, түспейсің

Айтқаныңды істейсің.

Ақыры әбден қалжырап,

Ұйқтап қалдың балбырап.

 

Алысумен ұзақ күн,

Атаңды да құлаттың!..

 

 

ФӘНИ – ЖАЛҒАН

 

Біреу Айға ынтық боп, біреу Күнге құмартқан,

Бірді барға мәз етіп, бірді жоқ қып жылатқан…

Бірді шыңға шығарып, бірді орға құлатқан –

Жаратқанның ісіне амал бар ма бірақтан?!.

 

Тынбай пенде шіркіннің таусылған ба арманы?

Ойында жоқ ешкімнің күннен күннің озбағы…

Көшкен, өшкен ғұмырдың бар ма қайта жанғаны?

Келдің екен – кетесің, Тәңірдің сол жазғаны!..

 

Алдамшы үміт жетелер сездірмеген салмағын,

Әркім өзі көтерер тағдыр басқа салғанын…

Қарғадайын боқ терген білмейтұғын тойғанын

Тірлікте кім ескерген бұл Фәнидің жалғанын!..

 

 

***

Қарызым көп мойнымда өтелмеген,

Ертелі-кеш өмірден өтер келген.

Пенде шіркін тыншымай тыным таппас –

Алдамшы арман, қу тірлік жетелеген…

 

Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген

Біз де өтерміз дүние-дүрмекпенен.

Гүлзарларға қарашы дірдектеген –

Тырналарға қарашы тізбектелген.

 

Көктемің де, жазың да, күзің де өтер

Қаһарлы қыс сізді де дірілдетер.

Мың сынбаған шөлмегің бір күн сынып –

Мың өшпеген шырағың бір күнде өшер!..

 

Көкшолағын тебініп, тепеңдеген

Жанталасып, жанығып жетем деген,

Жан-жағыма көз салып, қайран қалам –

Бір пенде жоқ Құдай-ау кетем деген!..

 

 

***

Сырт-сырт…

Жылжып,

Жүргені білінбей…

Сырғиды уақыт

Сағаттың тіліндей!..

 

 

Сырт-сырт…

Сырғып,

Үнсіз қозғалып…

Ағады уақыт

Ақырын айналып!..

 

Сырт-сырт…

Мүлгіп,

Қалғыған бөлмеден…

Жүректің үнінен –

Естілмейді өзге әуен!..

 

Сырт-сырт…

Түртіп,

Жан-жаққа қаратпай…

Асыққан уақыт –

Тоқтайды сағаттай!..

 

Сырт-сырт…

Дүрс-дүрс!..

Сырт-сырт…

Дүрс-дүрс!..

 

 

***

…Қарағым-ай!..

Қарашы бұл өмірдің мазағын-ай!..

Біреуге тар тіршілік біреуге кең

Білмедім, неге бұлай?!.

 

Жарығым-ай!..

Жаратқанның қайтесің жазуын-ай?!.

Қақпақыл ғып кебектей електегі

Лақтырған тағы былай!..

 

Қанатым-ай!..

Айырылып аққудың баласындай…

Алыстадың – ақыры кім біліпті

Боларын тап осындай!..

 

Қарағым-ай!..

Не қыларсың өмірдің мазағын-ай?!.

Біреуге кең тіршілік біреуге тар

Білдің бе, неге бұлай?!.

 

 

***

Ырық бермей көк тіреген кеудеміз,

Ақыл айтып, жөн сілтейміз елге біз.

Айып көрме артық кетсем, әйтпесе –

Біз де өзіңдей пендеміз.

 

Кейде сөнбей көңілдегі наламыз,

Өкінеміз, өтінеміз, жазамыз.

Жазылмаған жүректегі жарамыз –

Біз де өзіңдей адамбыз!..

 

Асық айтқан артық сөзге сенбеңіз,

Біз де сіздей аспанда емес жердеміз.

Қуанамыз, мұңаямыз: өйткені

Періште емес – пендеміз.

 

Келер күнге үміт арта қараймыз,

Атқан таңды жақсылыққа балаймыз.

Сағынамыз, арыламыз: себебі

Сайтан емес – адамбыз!..

 

 

СЕН…

 

Ештеңені жасырғам жоқ мен сенен,

Зіл батпан күш басса да езіп еңседен.

Шындықты айттым. Өйткені мен өмірді –

Өлеңіммен өлшегем!..

 

Ештеңемді аяғам жоқ өзіңнен,

Сені ойламай күнім де жоқ көз ілген.

Айнығам жоқ сөзімнен һәм өзімнен –

Тек бүгінде бағам төмен бөзіңнен!..

 

Ештеңе де күткен жоқпын халқымнан,

Сый-сияпат, атақ, дәулет шалқыған.

Жырым – сырым, жырым – шыным, түбінде

Сен іздейтін артымнан!..

 

 

***

О, Тәңірім! Не берсең де молдан бер,

Абырой бер, асқар таудай арман бер.

Бақ пен сорды қатар берсең егерде

Құтқаратын қорған бер!..

 

О, Тәңірім! Не берсең де көп қып бер,

Ұл-қыз берсең көкірегін от қып бер.

Бақыт берсең, байлық берсең көл-көсір –

Көтеретін шоқтық бер.

 

О, Тәңірім! Не берсең де мол ғып бер.

Ұлтымының алдын даңғыл жол ғып бер.

Не берсең де етек-жеңін кең ғып бер –

Алды-артын тең ғып бер!..

 

О, Тәңірім! Не берсең де көптен бер,

Ақ алмастай асыл сүйек тектен бер.

Ұмытпасын келгендер мен көргендер –

Айта жүрсін Көк пен Жер!..

 

 

***

Қаламымның ұшынан қаным тамып,

Қаным тамып, құмарым, жаным қанып

Бір жыр жазсам, содан соң өкінбес ем –

Өкінбес ем кетсе де барымды алып!..

 

Тірлік біткен жеңілер түбі өлімге,

Сұрарым тек сол ғана – тілерім де…

Бір-ақ өлең, жыр құмар бар қазақтың

Мәңгі-бақи қалатын жүрегінде!..

 

Қаламымның ұшынан қан тамызып,

Кең далама қалғыған ән салғызып

Бір жыр жазсам, шіркін-ай, бар ақынды

Бұл кім өзі дейтұғын таң қалдырып!..

 

…Содан кейін!..

 

 

***

Жаратқан ием, күнаһар құлмын

Санасын тұрмыс билеген!

Айтағына еріп сайтан мен жынның –

Құлқынның қамын күйлеген!..

 

Жаратқан ием, жаңылсам кешір

Адасқан соқыр пендеңмін!..

Өкінішпенен өткізген есіл

Келер ме қайтып өлген күн?!

 

Жаратқан ием! Айыбым шексіз

Амал не, бәрін кеш ұқтым!..

Сонда да мынау өмірге ессіз –

Өлердей бірақ ғашықпын!..

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *