«ДЕНЕГЕ ЕМ БАР, ЖАНҒА – ЖОҚ» Мағжан Жұмабаев

роллан сейсенбаев

Роллан Сейсенбаев,

жазушы, драматург, аудармашы. Оқырман қауымға прозалық жəне драмалық шығармалары жетпісінші жылдардың ортасынан бері таныс. Ондаған прозалық шығармалар жинағының авторы. Қазақстан комсомолы сыйлығының (1980), ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

 

ШЫҢҒЫСТАУ

Атам екі ұлы ақынның өлеңдерін бала кезімнен маған жатқа айтып санама сіңдіріп бақты.

Оның бірі – Шаһкәрім Құдайбердиев еді.

Екіншісі – Мағжан Жұмабаев болатын.

Бұл 1960 жылдың жазы болса керек. Мен сол күзде сегізінші класқа баратын едім. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров ағаларымыз ақталып, олардың кітаптары енді ғана жарық көре бастаған тұс. Атам дүкеннен сол баға жетпес асыл кітаптарды сатып алып келді. Кешке үйге ауылдың сөз ұғар кемпір–шалдарын шақырды. Абай ауылының ескіше хат танитын сөзге жүйрік ақсақалдары Шаһкәрімнің, Мағжанның, Ахметтің, Әлиханның, Міржақыптың кітаптарының шығуына жол берілмегеніне қатты қынжылып отырды.

Сол асылдардың сөздерін олар сағына тосқан болатын. Үкімет оларды ұзаққа ағартпауға бекінген болды. Соңдарынан шам алып түскендер әлі де тірі. Сол айғайшылар ғой, қасиетті адамдарға күйе жағуды тоқтатпай отырған, деп ой қорытқандары әлі есімде.

Атам Қажының өлеңдерін түгел дерлік жатқа айтатын. Мағжанның бір топ өлеңдері мен «Қорқыт» дастанын ғана жатқа білетін. Олардың өлеңдерін атам ел көзінше айтпайтын, екеуміз далаға шөп шабуға барғанда немесе атам аң шолуға шыққанда ғана жағымды қоңыр даусымен келістіріп өлең оқитын.

Бірде атам мені шөп шабуға Жидебай қорығына алып шықты. Атам өткір шалғымен құлаштай сермеп шөп шабады. Мен құлаған шөпті тырмалап жинап көпелер тұрғызамын. Екі түн қорықта қондық. Түнде арба үстінде шалқамнан жатып алып, қаракөк аспандағы кесек–кесек жұлдыздарға жалықпай қарап, солармен ойша сөйлесуші едім.

Ұйқың келмеді ме, балам? деп атам қозғалақтады.

Ұйқым келмей жатыр. Жұлдыздар ұйықтатар емес, ата.

Мен орнымнан көтеріліп отырдым.

Қап қара түн. Аспанда самсаған жұлдыздар. Дүние тылсым тыныштық құшағында.

Атам кенет бір өлеңді бастап кетті. Дауысы қарлығыңқы шыққанымен, өлең сөздерінің қайғы мен налаға толы мұңы жан жүрегімді толқытып жіберді.

Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?

Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?

Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,

Еңбегім, екі болып жанбадың ба?

Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,

Талып тұрсам, назарың салмадың ба?

Ортекедей орғытып, оққа жығып

Жалмауыз жауыз жалған, жалмадың ба?

 

Есіз даладағы қап қараңғы түнде, бұл өлең жолдары кеудеңнен жүрегіңді суырып алатындай аса қорқынышты болатын.

Бұл Мағжанның өлеңі, деді атам едәуір уақыт өткен соң.

Мен үндегем жоқ.

Өлім мен өмір ортасында Мағжан ақын тағдырмен айқасып жатыр еді. Маған солай елестеген. Көрпемді қымтанып жамылып алып үнсіз қалдым. Айтуға сөз жоқ еді. Атам да қайтып үндеген жоқ. Мен ұйықтай алмай дөңбекшіп жаттым.

 

Ортекедей орғытып, оққа жығып

Жалмауыз, жауыз жалған жалмадың ба?

деген жолдары ойға оратыла берді. Көзіме жас үйірілді.

Таңертең мен оянғанда таңмен таласа тұратын атам, шалғысы күнге шағылысып алысқа ұзап кетіпті.

Мағжан ақын, күшті ақын, дедім күбірлеп.

Шәйнекке су құйдым. Мосының астына от жақтым. Шалғысы күнге шағылысып атам қайтып айналып келгенде шай қайнап тұр еді. Атам мол орамалымен терін сүртті. Шағын ғана күркеге алып денесі әзер сиып жайғасты. Ақ құманға шәй шығарды. Апам дорбаға салған таба нанды шығарып бір үлкен үзігін маған берді. Құрт пен ірімшікті де, күрзідей қолымен маған қарай ысырды. Атам көп сөйлемейтін, аса ұстамды, уәдеге берік адам еді. Атам шайды қанып ішіп болған соң, маңдайының терін сүртіп, оңтайланып отырды.

Сен көп уақыт мазасызданып, ауыр ұйықтадың балам. Саған түн жамылып жатып Мағжанның қайғылы өлеңін оқығаныма өкіндім. Құдайдың құдыреті тілге өзі ілінгені. Не бір кесепат бар–ау бұл дүниеде, деді. Біраз уақыт үнсіз отырды. Қалың қабағы түксиіп, қалың қастары көзін жауып кетіпті. Құдайға тәуба, Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястің еңбектері елге қайтып оралды деп бөгелді. Ал анау Ахметтің, Міржақыптың, Шаһкәрімнің, Мағжанның еңбектері ақталмай жатыр. Жаман қазақ бірінің көтін бірі ашып, Алматыда қырқысып жатса керек. Бұл қасиетті тұлғаларды оңайлықпен ағартпайды. Тағы да талай уақыт өтеді, асыл даласы олардың сөздерін тосып алқам–салқам жатар. О жарықтық, Дешті–Қыпщақтың даласы да, оның төсіне табан тіреген халқы да бақытты бола алмағанына талай замандар өтті-ау. Мағжан ақынның аты қазақ даласына тез тарады. Өлеңдері, Абай атамыздың өлеңдеріндей ойға орамды, сұлу, нәзік суретке толы келетін бірден бір ақын еді. Мағжанды мен көрген емеспін, бірақ өлеңдерін көп оқыдым. Менде бір кітабы да бар болатын. Әттең, ескінің сол бір құнды кітаптары, даланы қанға бөктірген коллективизация мен ашаршылық жылдары уысымыздан үзіліп түсіп жатты ғой. Жанды қайда қоярға білмей тентіреген қайран қазақтың көргені азап болды емес пе?! Қажының көп өлеңдерін, поэмаларын жатқа білетінімді білесің. Ал Мағжан ақынның бірнеше өлеңдері мен «Қорқыт» атты ұзақ жыры ғана есімде өшпей қалыпты. Көп өлеңінің кейбір жолдары ғана еске түседі. Толық сурет, тегеурінді, отты өлең жолдары жадымнан жоғалыпты. Сенің атаң да қартайды білем…

Ата, Сіз әлі тыңсыз. Сіз әлі ұзақ өмір сүресіз.

Әй қайдам, сені үйлендіруге шамам жетпес. Ядролық сынақтардың зардабы Семейдің кемпір–шалдарын қынадай қырып жатыр ғой.

Ядролық сынақтың сізге шамасы жетпейді, Ата.

Атам үндемей, үнсіз қалды. Есіне Мағжанның өлеңдерін түсіруге тырысып отыр–ау, деп ойладым.

 

Мен ақынмын – жел жүйрік,

Гуілдеймін ұшамын.

Мен – ойыншы көбелек,

Көрінген гүлді құшамын.

Бүлдірген бетің сұрланып

Желге сенбе, жас бала!

Сыбырлар, кетер ұрланып,

Шын жары оның – сар дала…

Мен – ақынмын, жырлаймын,

Жүрекке жүйрік жел кірсе,

Мен – ақынмын, жылаймын,

Жүрекке ауыр шер кірсе.

 

Балаң бозбала, бүкіл шөп шабылып жатқан қорықты тентек жел гулей көтеріп әкетіп бара жатқандай сезінді. Ерке жел, салқын жел даланы тербетеді.

 

Мазасы жоқ жел ерке,

Оянып ап тым ерте,

Жорғалап басып кетеді.

Тыныш жатқан түс көріп

Көлдің бетін кестелеп

Оны әуре етеді.

Кәрі орманды оятып,

Бірдеңе деп жұбатып

Жымиып күліп өтеді.

Жұрттан ойын жасырып,

Алқынып өзі асығып,

Қарақат көзге жетеді.

 

Неткен сурет Құдай–ау! Неткен нәзік тіл! Неткен сырлы қасиетті жыр!

Жел. Жер. Аспан. Адам. Табиғат пен Адам біртұтас. Oйлы туыстық, махаббат пен сүйіспеншілікке толы аялы сезім. Табиғат пен Адамның ыстық құшақта тоғысуы һәм табысуы.

Бұндай өлеңді естіп пе едің балам? деп сұрады атам.

Жоқ. Естігем жоқ. Абай бабамның «Жазын», «Күзін» еске түсіре ме?..

Мағжанның өлеңі бөлек. Сезімге толы өлең. Сурет өлең, деді атам.

Ғажап өлең ата! Рахмет ата!

Үлкен арбаға толтырып шөп тиеп ертеңінде таң сәріден ауылды бетке алдық. Шөптің иісі мұрныңды жарады. Мен арба үстінде шалқамнан жатырмын. Атам ыңылдап бір ұзақ әнге басқан. Ал менің бала жүрегімді Мағжан ақынның жырлары мен Қорқыт дастаны тасталқан қылып жатыр еді.

Жол алыс.

Тағдыр ауыр.

Өмір қысқа болатын.

Сол жылы, таңға жақын қақаған сары аязда атам о дүниеге жүріп кетті. Жастығының астынан сафиян дәптер алып шығып қолыма ұстатқан.

Бұл Шаһкәрім қажының өз қолымен жазған өлеңдері болатын. Дәптерді кеудеме бастым. Өзім жылап тұр едім.

Жылама, деді атам. Ер жігіт жыламайды.

Бұл сөздерді атам әзер айтты.

Бұл атамның осы дүниеде айтқан соңғы сөзі еді.

 

ДАЛА

Шыңғыстауда Хакім Абай о дүниеге аттанып кеткенде (1904 жыл), Қызылжарда бала Мағжан он бір жасқа енді ғана толған кезі болатын.

Бұл кезде қазақ халқы ел билігінен де, жер билігінен де айырылған шағы еді. Дешті-Қыпшақ даласы Ресей патшасының қазына мүлкі деп жарияланды. Қазақ даласына сары орыс шегірткедей қаптады–ау!.. Қазақтың ең шұрайлы деген жерлеріне орыстарды қоныстандырды. Қазақ өз жерінен ығыстырылып шөл мен шөлейт жерлерді місе тұтты. Патша қазақты орыстандырудың жоспарын қауырт іске қосты. Жерінен, тілінен, дінінен айырылған халық, халық болып па?.. 1917 жылғы революция болмағанда, патша үкіметі қазақ халқын құртып жіберетін еді. Айлалы орыс мемлекетінің жоспары, бүгінгі Американың ЦРУ-ның айла-тәсілінен артып түспесе кем түспейтін. Патша ағзам қазақ халқын жер бетінен жойып жібере алмады, ал Американың ЦРУ-ы Кеңес үкіметі секілді алпауыттың быт-шытын шығарды. Бірақ күнде алып аспанын аяқтың астына басты.

Кеңестер Одағы құлады.

Кеңестер Одағы келмеске кетті. Сол Кеңес үкіметі де, қазақтардың рухын, ырқын, ырғағын жою үшін, колхоздастыруды, тың жерді игеруді, қазақ жерін өзге жұртқа «сый» қылып тартуды ұйымдастырды.

Дешті-Қыпшақ даласына ұлы Абай ақынның аманат сарқытындай болып Мағжан ақын келген. Қай елде де нағыз ақын қорлық пен азапта ғана күн кешкен.

Неге?

Бәрі де жап-жас күйі қыршын кеткен.

Неге?

Бәрі де жалғыздық атты тажалдың қамытын киіп күн өткізген.

Неге?

Тағдырлары талқыға түскен.

Неге?

Сол нағыз ақын, нағыз ерен, нағыз адам, нағыз жалғыздардың сапын бір қарап өтсек: әне, Байрон, Мицкевич, Пушкин, Лермонтов, Шоқан, Петефи, Махамбет, Абай, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Шукшин, Высоцкий, Айбергенов, Мақатаев…

Жер жаһанда жалғыздықтың қамытын киген, бірақ жүректеріне адамдық келісім мен сыйласым сыйдырған, Құдайға сенім артқан дара туған адамдар, терең ойлы Ақындар бар еді.

Алла мен Адамды қосып тұрған тылсым күшке сән мен салтанат, игілік пен береке беріп тұрған қара жерге Алла өзі жіберген жойқын күшті нағыз Ақындар болатын.

Қазақ даласын орыс Патшасы күндіз күңіне, түнде құлына айналдыруға бел шешкен XX ғасырдың есік ашар тұсында, о дүниеге хакім Абай аттанса, орысша сауат ашқан, мұсылманша хат таныған, түрік, фарсы, араб тілдерінде рухани кітаптар оқып, түрік тілдес халықтардың тылсым болмысымен, тарихи, саяси, рухани, тірлік–тынысымен жандарына жан шақырған бір шоғыр сауатты Алаш азаматтары Дешті–Қыпшақ даласында тірлік құруды бастаған. Азаттық. Бостандық. Дербестік. деген киелі ұғымдарды ары мен ұяты қылып ұстанған қазақ оқығандары қазақ даласының бақыты үшін өмірлерін бағыштаған.

Бұл XX ғасырдың Дешті-Қыпшақ дала аренасына бұлқынып шыққан жаңа қозғаушы күші болатын. Бірақ бұлардың асыл ниеттерінің алдына темірдей тегеуірінді тосқауылды тосқан Патша үкіметінің бодандық режимін 1917 жылдан соң-ақ Кеңес үкіметі айуандық репрессиямен жалғастырды.

Қазақ Республикасы бар, бірақ бас көтерер оқыған, озық ойлы азаматтарын түрмеге тоғытқан кез еді.

Қазақ даласы қайғы құшағында қалған. Қазақ ұландарының үнін өшірген. Оларды келмеске жіберген.

Бірақ Дешті–Қыпшақ даласының ойлы ұлдары мен қыздарының санасында олардың өшпес сөздері жатталып қалған болатын. Шеттің қыспағы да, өз елінің билік айтушыларының қыспағы да, шындық айтып шырылдаған асыл Тұлғаларының үнін өшіре алмады.

Билік ауыспалы. Оны адам береді, адам алады.

Хас талант айнымайды, ол тұрақты. Өйткені, талантты Алла береді.

Алланың сыйын Алланың өзі ғана ала алады. Сонан да саналарын ой тербеген тарлан таланттар билікке бағынбайды. Өздерінің сара соқпағын өздері соғады.

Алланың жолымен ғана жүреді. Сол жолдан таймайды.

 

ӨМІРІ

Мағжанның даласы билігінен айырылды. Қазақ еліне бағытталған алғашқы жойқын соққы Терістік, Шығыс өлкелерінен басталған болатын. Озбырлықты, дөрекілікті, мейірімсіздікті, орыс шенеуініктерінен де, өздерінің бай-болыстарынан да молынан көрген Мағжан, ары мен намысын биік ұстауды, адалдыққа адал болуды жасынан санасына сіңіріп өсті. Ұлан-ғайыр далада жалғыздық кешіп өскен өр жас ақын Мағжан от ауызды, жасындай жайнаған алып ақынға айналды. Өмірі ауыр, тағдыры қиылған, бағы сорына айналды. Адамды адам қылатын алдымен адамның өзі, сонан соң терең білім керектігін ол жасынан ұғып өскен болатын.

Жас Мағжан орыс оқуына ұмтылды.

Қатал әке оны ауылдың молдасы болуын қалады. Қарт өз ойынан, Мағжан өз арманынан қайтпады. Даланың қайсар, кесек мінездері текетіреске түсті.

1914 жылы Мағжан Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп, үш жыл оқыды.

1917 жылдың желтоқсанында Алаш қозғалысына бүтіндей араласты. Сол жылы ол аты Алашқа белгілі Міржақып Дулатовпен танысып жақсы аға–іні болып кетті. Мағжан үлкен ақын ағаны құрмет тұтты, оған көп өлеңдер арнады. Рухани достық, берік достық екеніне олардың тату–тәтті аз өмірлері мен ауыр тағдырлары куә.

1917–1920 жылдары Дешті–Қыпшақ даласының тарихи сахнасында не болып жатқанын дәл ұғып, дәл түсінген адам болған жоқ. Мағжан өмірінің ең бір қызу кезі де осы жылдарда өткен. Қым–қуыт дала өмірінің тамырын Мағжан да дәл басып таныған емес.

Ол мүмкін де емес еді.

Бірақ, дәл осы аласапыран тұсында жас ақынның жүрегінде туған асау өлеңдер толқыны лек–легімен төгілді.

 

ӨНЕРІ

Жанын тербеткен шабыт атты арғымақ Мағжанды биік поэзия әлемінде талмай шабуға шақырды.

Мағжанның өлеңі де талмады.

Мағжанның өнері де талмады.

Қазақ даласында қазақ тілі жоғалса өлеңнің де, өнердің, өмірдің де түкке керегі болмайтынын; Дешті-Қыпшақ кеңістігінің күмбірлеген үні, даңғырлаған дабылы таудан тас құлатқан асыл жыры бос бөшкедей қаңғырлап қалатынын жүрегімен сезді.

Мағжанның азаматтық ақындық асқарлығы жанға қуат береді. Достыққа сенесің. Достықты медет тұтасың.

Мағжанның күмәнсіз сенгені қазақ жастары болатын. Өкінішке орай ол ұрпақ коллективизацияда, аштықта қырылды, қалғаны соғыста Отан қорғап жан тапсырды. Мағжан сенген миллиондаған қазақ жастары аласапыран заманда опат болды.

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар – балапан,

Жайып қанат, ұмтылған.

Көздегені кең аспан,

Мен жастарға сенемін!

Жұмсақ мінез жібектер,

Сүттей таза жүректер,

Қасиетті тілектер –

Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш елім дер,

Алтын Арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға?!

Иман күшті оларда,

Мен жастарға сенемін!..

 

Өзін–өзі тану, ұғу, сонымен бірге өмір сүрген ортасын байқап бағуда Мағжан ерекше сезімталдық танытады.

 

Қысық көзді Күншығыс,

Бұл тұруың қай тұрыс?

Серпіл енді, алыбым!

Күңірентіп жерді ыңыраншы,

Күнбатысқа көз салшы,

Көрдің бе қанның жалынын?

Күнбатысты шаң басқан,

Шаң емес, қара қан басқан,

Тарсыл–күрсіл, қанды атыс.

Көп білем деп – бөлуге,

Көп күлем деп – өлуге

Жақын қалды Күнбатыс.

Дария еді ол өкірген,

Шапшып көкке лепірген,

Жемірілді кемері.

Өлгелі жатқан құрт ауру,

Жан-жаққа сүзіп көз салу –

Қолынан енді келері.

Ібіліске ерген есерлер,

Өзімшіл кеуде кеселдер,

Тұншықсын, қанға боялсын.

Оның өлген үнімен,

Қанды батқан күнімен

Күншығысым оянсын!

Қысық көзді Күншығыс,

Болсын соңғы бұл жүріс,

Күнбатысқа жүрелік.

Желкілдеген туменен,

Жер күңіренткен шуменен

Қаласына кірелік.

Күл қылайық қаласын,

Құл қылайық баласын.

Жоқ, жоқ! Ашу басалық!

Гүл қылайық қаласын,

Ұл қылайық баласын,

Мейірім есігін ашалық.

 

Мағжан маған Атилланың – Еділ бабамыздың ХХ ғасырда қайта туған мәмлүгі сияқты болып көрінеді. Түрікшілдік, қазақ деп соққан жүрек, бауырластық, қандастық Мағжанның нағыз болмысы болып табылады.

 

Оралдай атамекен жерлеріне,

Қасиетті атаның көрлеріне

Аузы түкті шетелдер ие болып,

Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.

Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,

Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал!

Қосылып батыр түрік балалары,

Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.

 

Өзегі

Терең ойлы, тегеуірінді екпінмен жазылған поэмалар тобы Мағжанның эпикалық қуатының молдығын көрсетеді. Ақынның қай поэмасын алсаңыз да кәусар бұлақтың салқын суын жұтқандай боласыз. Мөлдір бұлақ суы жаныңызды жадыратады. Ып-ыстық алқапты салқын, ерке жел лезде тазартып өткендей хал кешесіз. Поэма жазуда да Мағжан алдына жан салмады. Адам тағдыры, Ел тағдыры, Жер тағдыры, Отан тағдыры атты ең шоқтығы биік адамдық ойлар Мағжан поэмаларының ең басты тақырыбы болып қалды.

«Қорқыт», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Тоқсанның тобы», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» уақыт ыңғайында жоғалған, қолымызға түспеген басқа да поэмалары Мағжанның эпикалық ақындығының зор мүмкіндігінің куәгері.

 

Көкшені күндіз–түні мұнар басқан,

Қап–қара бұлттарымен құшақтасқан.

Алдыңда бұйра жалды бөлек тау тұр,

Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан.

Мөп–мөлдір дөп–дөңгелек көл ортада

Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан.

 

Сөз қандай, ой қандай, сурет қандай! Көкшенің сұлу табиғатын Мағжан жеріне жеткізе суреттеген-ақ!

Қазақ ақындары ол күнде, кедей жақсы, бай жаман дегеннен шыға алмай жүргенде, Мағжан ақын дала цивилизациясының құрдымға жеткенін, қазақ халқының сәулеті мен қадырының жоғалып бара жатқанына күйзелген, көзінен қанды жас ағызған.

Мағжан ақынның құдыретін анық таныған, таң қалған, тамсанған Алаштың асыл азаматтарының қысқа қайырған сөздерін алдарыңызға тоспақпын.

 

МҰХТАР ӘУЕЗОВ:

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда…

Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімділігі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ, түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңнен терген ақын болмайды, заманынан басы озық, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет – әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».

 

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ:

«Ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан.

Мағжан терең ойдың ғана ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ҰЛТ АҚЫНЫ. Ел ішінде бай, кедейдің арасындағы қиянатты, теңсіздікті көрмейді. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын.»

Мағжанға адалдығы мен адамдығын өзгертпеген бір адам болса, ол ақынның сүйген жары Зылиха апамыз болар. Асыл жар, асыл адам дүниеден бертінде қайтты. Асыл аналармен, асыл ағалармен сонау XX ғасырдың жетпісінші жылдары-ақ кездесудің, әңгіме-дүкен құрудың ыңғайы келуші еді ғой. Ыңғайын келтіре алмадым. Ол абзал ағалар көп ашылмайтын, көп сөйлемейтін. Өздерін де сақтаған болар, әңгімеге құштар біздерді де сақтағысы келген болар. Ол заманда адамдық келбет жоқ еді ғой. Солай болды, солай бола да береді.

«Находясь в лагерях Соловецких и Сибирских в течение 7 лет у меня примерно с 1931 года постепенно появилось безразличие к своему прошлому». (НКВД құжаттарынан).

Дәл осы кездері Зылиха апамыз Ленинградта пәтер жалдап тұрды. Карелия орманына үнемі сапар шегіп отырды. Онда да түрменің қатал заңына бағынды. Зылиха апай Мағжанмен кезекті кездесуге барғанда: «Жазғандарың болса, ала кетейін» дейді. Ақынның жүзі лезде сұрланып, қоңыр көздеріне мұң толып сөйлей алмай мүдіреді. Сұрланған жүзі қан–сөлсіз. Жараланған түз тағысындай ауыр ыңыранады. Бірақ сыр алдырмай, әйеліне телміре қарап үнсіз қалады. Зылиха да қайтып өлең туралы ләм деп ауыз ашпайды. Өз айтқаны болмаса, өзгеге билік бермейтін күйеуінің қайсар мінезі оған жақсы таныс болатын.

Мағжан ақынның жұдырықтай жүрегіндегі өлең киесі ұшып кеткен.

Шабыт шабуылға түскен. Бұл қапастан өзі де, Алаштың асылдары да құтылмасын сезген. Қырық бесінде өлетінін де білген. Шабуылға түскен шабытты қайырғысы да жоқ еді.

Не деп қайырады? Өлең киесінің Иесі бар. Өзі берді, өзі алды. Өлең тумады деп Мағжан қайтып қайғырған жоқ.

Өлеңді ұстап қалар сана сандалуға түскен.

Оны ұстап қалғанда қай керегіне жаратады? Кімге деп сақтамақ керек? Соңына түскен Мәскеудің, Қызылорданың, Алматының азғын қазақтарына бұның өлеңі неге керек? Атының мәңгіге жоғалуын ғана тосып қалған жауыз топ бұның соңына шырақ алып түскенін ол ұққан. Бірақ кеш ұққан.

Жемтік күткен қара құзғындай болған өз қазағы «Алашым!» деп жүрегі қарс айырыла жырлаған ақынның өлуін аңсады. Артынан арыз жазып, оны тар қапасқа құтылмастай қылып қаматты. Шерменде шерге түсірді. Бостандық базары келмеске кетті.

Енді ойласа, бостандық деген құр елес, арзан арман екен. Дүниеде бостандық болмай шықты.

Бостандық. Теңдік. Бейбітшілік.

Ұрандаған үн ғана екен.

Ұрандауға болады, өмір сүруге болмайды.

Жер жаһанда Мағжан ақын жалғыз қалғанын анық түсінді. Мағжан ақын жалғыздар тобының қайсар көкжал бөрісі еді–ау. Көкжал бөрі өнерін де, өлеңін де, өмірін де ұмытты. Рухани өлім оны ерте тапқан болатын.

Уланды жүрек, жан күйед,

Ішім толған қызыл шоқ.

Не себептен Тәңір Ие

Денеге ем бар, жанға – жоқ?!

 

Мағжан Тәңірі Иесімен де тілдесті. Бірақ сұрағына жауап ала алмады. Бір сұрағына емес, мыңдаған сұрағына жауап ала алмай жаһанда жалғыз қалды.

Мағжан туған Дешті-Қыпшақ даласында үнсіздік орнады.

Ал даланың көкбөрісі Мағжан дүниеден өтіп кеткен болатын.

Бір кезде НКВД-ның табағынан ас ішіп тойынған, «ас» десе атасын сататын қазақтың жазушысымақтары да өтті бұл дүниеден. Өздері кеткен соң олардың өлеңдерінің де демі өшті. Ақиқат аясы осы еді.

Мағжан бабамыздың жырлары Дешті-Қыпшақ даласынa дабыл қағып қайта оралды.

Мағжанды Кеңес мемлекеті сатты, Отаны сатқан жоқ.

Отанын Мағжан да сатқан емес.

Отанын сатқан адам Отансыз қалады.

Отаны үшін жанын пида қылған Мағжан бабамыз Отанына қайтып оралды.

Отаннан асқан ардақ бар ма?!.

Қазақ елі тірі де – Ақыны да тірі!

Ел Ақынсыз, Ақын елсіз болмаған!

Қызылжарға Мағжан бабамыз оралды.

Қарсы ал, туған ел!

Қарсы ал, асыл ата–жұрт.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *