Айтбай Тасилов+

Айтбай ТӘСІЛОВ,
1950 жылы туған. Дәрігер-жазушы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Жалғасы…

***

– Қой бизнесі осымен бітті! Басқа мол табыстың көзін іздеймін, – деп ішкі есебі бар жандай Тілләқызға қыр көрсете, өзінше күпінді, «Ковид күдігі» сейіліп, соңғы алты күнде алғаш рет отбасымен бірге дастархан басында отыр. Тоқта кемпір: – Баяғы жас кезіңнен «запас» жинағаныңда, қартайғаныңда бүйтіп,  ала құйын болып шапқыламас едің,- деп Тілләқыздың ескі «жарасына» тұз сеуіп жібергенін байқамай қалды.

– Құдайдың зарын қылдық қой… Тыңдады ма? Күндіз жұмыстағы медпункітінен, түнде үйдегісінен шықпай, біреу бұған «геройлық» беретіндей, үй шаруасына қарамай, «тік аяқ» болды емес пе?! Қулық-сұмдығы жоқтың, ақылы да таяз болады. Жоқтан бар жасай алмайды. Жолын білмейді де… Ақымақтың байымайтыны содан! – деп тастады ашынған Тілләқыз. Адырбай әйел баласына қарсы сөйлемеу «әдісінің» шеңберінен шығыңқырап:

– Жалақымды аз берді деп, ұрлық жасамайтын шығармын, — деп күңкілдей үн шығарды.

– Басқа шаруаның басын қайыру керек еді.

– Негізгі жұмысты кім істейді?

– Сондай жалақы бергендер…

– ?

– Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде айлық жалақысын әкелгенде мұның тағы бір отбасы жоқ па деген күдікке де берілгенмін. Айлықты жөндеп бермеген соң, берген жұрттан алу керек еді… Берді ғой ана Сапарәлі әйелі ұл туғанда, «Аман-есен босандырдың» деп, бір ісегін. Жолаттың ба?! Қантбекте, өлім аузында жатқан шешесін тұрғызып жібергеніңде, бордақы қойын арбаға салып, есік алдына әкелді. Түрің бұзылып: «Жұмысым үшін үкіметтен айлық аламындап», –бездіріп жібердің. Қой басын көбейтсін деп қора да салып қойып едім. Оншақтыға жеткенде, ана қойы көп кластасыңа қосып қойғаныңда, үш-төрт жылда жүзшақты болып алдыңа келіп тұрар еді. Сталиннің өзі кезінде: «Хорошего врача прокормит народ, а плохому так и надо…»,- депті. Ал сен жақсы шипагер едің. Ауыл адамдары аузынан суы құрып: «Егер Адырбай болмағанда, о дүниелік едім», деп әліге дейін айтып жүр.

Осы кезде мүлт кеткенін аңғарған кемпір, таразының баласы жағын басыңқырай мақалдатты: – «Аса байлық, жанға қас, өткір пышақ, қынға қас». «Аса байлықтың» аржағынан қылмыс қылтияды.

– Қайдағы «аса» апа-оу… Күнкөрісті айтып отырған жоқпыз ба?!

– Көлденең табыс жақпайды. Бүйірімді тесіп шығатын сияқты көрінеді де тұрады. – Бұл сөзді елемеген Тілләқыз желпініңкіреп алып, негізгі айтпағын бастады.

– Шіркін, бай деп, ақылды деп, Илон Маскті айтса болады. Екі жүз жетпіс миллиард доллары бар. Тек Америкада ғана емес, бүкіл әлемде бірінші орында, – деп таңдай қақты.

– Оның кім тағы?

–  SpaceX деген америкалық компанияның негізін 2002 жылдан қалаушы, миллиардер. Сен әлі көрген жоқ па едің? – деп, смартфонын іздей бастады. Бұл үйдің төрт тұрғынының қолдарынан алақандай ақылды аспап түспейді. Қалт еткенде қарай қалады. Тоқта кемпірге дейін ыстықтан қашып, үйде тығылып жатқанда, үш-төрт сағат тапжылмай сонысын шұқылауынан жаңылмайды. Смартфонын жұмыс режіміне келтірген Тілләқыз:

– Марсқа аппарат ұшырыпты, – деді, ондағы суреттерді Адырбайға көрсетуге  ыңғайлап жатып:

– Әлгі аппарат Марс бетінің суреттерін түсіріп, Жерге жіберіпті. Міне, қарашы, – деді. Адырбай суретке ұзақ үңілді. Таныс көрініс. Қылтиған қылтанағы жоқ, әр жерде жел үңгіп, қызғыш құмнан жартылай аршылған қой тастар…  Көкжиекте көлбей созылған жота… Тағы бір төбешік.

– Қой, мынауың Марс емес. Тура біздің «Тақыркөл». Ауылдың құм басқан жағын біреу суретке түсіріп ютубқа салып жіберген. Фейк. Қарасай! Аумайды, – деді Адырбай.

– Иә, шын екен. Ұқсап тұр, – деді суретке қосыла көз тастаған Тілләқыз.

– Бірақ, ана «Персеверенсе» деген аппараты дөңгелектерімен, антеналарымен жартылай көрініп тұрған жоқ па?! Ол қайдан жүр біздің «Тақыркөлде»?

– Ә, сол жағы бар екен-ау… – деп, тез мәмілеге келе қалған Адырбай:

– Жақында  Қытай Марсқа «Чжужун» атты аппаратын жіберді дегенді оқып едім, – деп, әңгіме ауанын басқа жаққа аудармақ болып еді, оны елең қылмаған Тілләқыз мектептегі мұғалімдігін еске ала:

– Соғысқа қатысқан тарихшы, марқұм Пәшекей ағай: «Қаруластарымды аңсаймын», деп шамалы «атып алып», қызынған шағында: «Осыдан төрт миллиард жыл бұрын Марс басқа ірі аспан денесімен соғысып қалды ма екен, сол кезеңде Марс пен Юпитер арасында астеройдтар қаптап кетіпті. Марстың сынығы болса керек, бір метеорит  Жерге ұшып жетіп, осы «Тақыркөлдің» солтүстік-шығысына құлапты. Одан «Қызылсай» пайда бодған», деп отыратын. Айтқанын сау кезінде есіне салсақ: «Мас адам не демейді», деп құтылушы еді. Сол Пәшекей ағай: –  Жердің жасы-төрт миллиард  бес жүз қырық миллион жыл екен, Марс Жерден сәл ертерек, Күнді қоршаған  газды-тозаңды бұлттан пайда болған, – дейтін.

Кесесінен баяу шай ұрттап, баласы мен келінінің сөздеріне құлақ түріп отырған кемпір, әңгіме осы жерге жеткенде шыдай алмай:

– Жоғалшы ары!.. Азанда ішкенін кешке ұмытып қалатын пенде… Төрт миллиард жыл бұрын, соноу Қызыл жұлдыздан ұшып шыққан оның сынығы Жерге жетіп, онымен соқтығысқанын қайдан біле қойыпты? Саусақ саңағандай, оп-оңай екен де…  Пәшекей ағайыңдыкі бос сандырақ! – деп жаратпаушылық рай танытты.

– Апа- ау, ғылым деген бар ғой… Жеті қабат жердің астындағыны,,, Қырық қат көктегіні алақандағыдай анықтай алатын… – деп Тілләқыз да тосыла қоймады.

– Кім білсін… Соншалықты ұқсастығына қарағанда, Марстың сынығы «Тақыркөлге» құласа құлаған шығар, сірә… – деп кемпір райынан қайтып,  келінін қостай салды.

Енесі ұсынған кесеге шай құйып берген соң, ұстаздығынан қалған ұзақ сөйлеу машығына салып, сөзін одан әрі жалғастырды.

– Марсқа дейін төрт жүз жетпіс миллион километр екен. Күн мен Жердің арасына қарағанда үш еседен де көп қашықтық. «Персеверенсе» алты айда жеткен. Енді қара,.. Масктың ақылдылығы сонша, 2050-ші жылы Марсқа бір миллион адамды Жерден қоныс аудартпақ.

– Мәссаған! Бір миллион дейсің бе? – деп күманданды Адырбай.

– Иә. Солай деп жазылған. Өз көзіммен оқыдым.

– Бара қоятындарды қайдан табады екен?

  • Табылады! Сұрастырғанда, мына солтүстік көрші елдің өзінде әр сегіз адамының біреуі Күн жүйесінің кез келген планетасына көшіп кетуге дайын екендіктерін білдіріпті. Ондайлар Жер шарында аз дейсің бе?!

– Есінен адасқанлар шығар…

–  Адаспаған, есі бар жандар. Мысалға айтсақ, қазіргі індеттің өлімге соқтыруы екі пайызға ұқсайды. Бұдан да қатерлісі, әр жүз адамның елушақтысын, тіпті сексенге дейінгісін жалмап кететін түрлері келешекте келуі мүмкін дейді. Жұрт қырылып бара жатса, шемоданын жиыстырады да, тайып тұрмай ма?! Одан басқа да Жердегі әр түрлі катаклизмалар… Ядролы соғыс… Жердің үлкен астеройдтармен соғысу қаупі… Жетпіс бес мың жыл бұрын болған «Суматра» аралындағыдай, табиғи катастрофа-«супервулкандардың» атқылауы…

Күн осы біздкіндей ыси берсе, мұзды мұхиттар еріп, Жер бетін түгелдей бес-жеті метрлік топан су басу… Тағы сол сияқты, аз дейсің бе, қорғансыз адамзаттың шыбынша қырылып қалуына себептер. Сондай да «запасной аэродром» керек. Жерден тайып тұрып, ғарыш кемелерімен ұшып барып, аман-сау қона кетуге…

– Оп-оңай екен де… Аман-сау жете қояр ма екен, алты ай ұшып? Жеткен күннің өзінде Марстағы радиация адамды бір минутқа жеткізбей сеспей қатыратынын білмей ме Маскың. Тоқсан градустан асатын аяз… Азықтық заттарды айтпай-ақ қоялық, оттегі ше… Ауасы көмірқышқыл  газынан… Магнит өрісі ше… Ол Марста болар-болмас. Жерге қарағанда шамада бес жүз есе аз. Магнит өрісі мардымсыз болған соң «Күн желінен», ғарыштық сәулелерден Жердегідей кім қорғайды? НАСА жазыпты, басында Марста мұхит та, магнит өрісі де болыпты деп. Жердікі сияқты оның да ортасында радиусі бір жарым мың километрден асатын темір мен никелден тұратын сұйық ядросы барға ұқсайды. Сол ядроның сырты қалыңдығы жүз елу километрдей қорытылған силикаттармен қапталып, ядроның Марс серігі Фобоспен, басқа да аспан денелерімен  гравитациялық  байланыстарының үзілуінен, магнит өрісі сөнген дейді. Апталап азынай соғатын, тақыркөлдікіндей құмды жел…  Ал, жарайды, қалыңддығы  бір метр алюминиден скафандр кисін… Реголитін кеулеп тығылсын… Ондағы өмір қандай болады? Азаптың көкесін сол жақтан көрмей ме, бірен-саран жеткендері. Нағыз тозақ қой! Марс түгілі мына өзіміздің Жер бетіндегі Эверестің басына шықпақ болғандар, сегіз мың метр бйіктіктен жоғары көтеріліп алған соң қайтадан жазыққа түсе алмай, оларға ешкім қол ұшын бере алмайтындай жағдайға түсіп, оттегі жетпей, сол құздың басында өлім құшып  жатқан жоқ па?! Ғарыштық жылдамдықпен зуласаң да, жүз жасасаң да, жетуге адам ғұмыры аздық ететін «Құс жолы» галактикасының басқа планеталарын білмеймін, ал, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дейтіндей, Күн жүйесіндегісінде, адамзатқа Жерден басқа орын жоқ. Одан да келетін ажалды Жерде-ақ күтіп алып, өле салу керек. Бір миллион адамды Марсқа… Ақымақ шығар! – деп, жаратпаушылық рай танытты.

  • Осыдан жүз жыл бұрын, жақын келешекте адам космосқа шығады, Айға аяғы тиеді деп батыл болжам жасағандарға, сене қойды ма екен? Сенбеді! «Кім қатерге бас тікпесе, Шампан ішпейді», дейтін Пәшекей ағай. Маскты түсіну үшін, Маск болу керек. Ал ақыл жағына келсек, күмәнданбай айтуға болады: «Егер сен соншалықты ақылды болсаң, неге кедейсің?», деп көңілге қарамай, төтесінен сұрайтын, әділдік билік құрған Құрама Штаттарда, байлық-ақылдың айнасы. Алғашқы шаруаларына мемлекет тарапынан қолдау болғанымен, екі жүз жетпіс миллиард долларды Илон Масктың қолына жайдан-жай ұстата салмаған шығар, – деп сәл кідірлі де, –  естуімше, басым жағдайда, бұл елде байлық-ақыл мен еңбектің көрсеткіші. Сен сияқты табысы таздың шашындай болса да, үйінде бейқам,  бүйірін қасып диванда жатпайды. Бірақ сен – «адал-ақымақсың». Ол жақта ондайлар байып кетеді дейді. Тілләқыз тағы біраз Масктың пайдасына ұпай жинай түспек еді, Тоқта кемпір: – Қойыңдаршы, қайдағыны айтып басты ауыртып жібердіндер ғой, түге, – деп тиып тастады.

 

***

Аристотельдің заманынан айтылып келе жатқан саналы түс көру дегеннің құпиясымен қабат, адамға түс көру неге қажет екені бүгінгі нейробиолгтарға да жұмбақ күйінде қалып отыр. Саналы түс көру кезінде, адамның жадысындағысы қайта жаңғырып, абстрактылы ойлау мен когнитивті бақылау тетіктері түгелдей сөнбейді екен. Шамада бірен-сараны жұмыс режімінде қалатын болса керек. Қалыпты жағдайда ұйқыдағы адамда сана жоқ, оянғанда ғана қайта оралады. Жалпы түс көру мидағы нейрондар байланысының жылдам фазасында болады. Бұл кезде ми аса белсенді болғанымен, сыртқы ортаның әсерін қабылдамайды. Ал, саналы түс көру кезінде адам өзінің ұйықтап жатқанын бағамдай алады және бұрын ойға алғандарын жүзеге асыруға әрекеттенеді. Мұндай саналы түс көре алатындар бір түннің ішінде төрттен алтыға дейін тоқсан минуттік түс циклын бастан кешіруі мүмкін. Ал, Адырбай сондай сирек қабілет иесі – саналы түс көретіндер қатарынан еді. Кешегі дастархан басындағы АҚШ-тық  миллиордер Маск туралы әңгіме әсері де саналы түсінің бір циклын қамтыды.

Адырбай 2050-ші жылы өмір сүріп жүрген сыңайлы. Алғашқы естігені –  «адамзат «Құсжолы» галактикасында, өзінен басқа саналы тіршілік иесі жоқ екеніне көзі жетіп, еларалық кикілжіңдерді соғыс жолымен шешуден бас тартыпты», деген болды. Сәл кідіріп, жан-жағына үңіле қарады. Масктың бір миллион адамды Марсқа апарамын деп уәде еткен уағы да келіп қалыпты-ау деп ойлады. Қазақ елі Тәуелсіздіктің алпыс жылдығын атап өтуге қамдана бастапты. Ішкі есебі бойынша, жиырма тоғыз жылда қазақстандықтардың саны әр жылы дүниеге келетіндер бес жүз мың деп есептегенде, оған шетелдерден оралуы тиіс жеті миллион қандастарды қосып, дүниеден өткендерді шегергенде, өсімі жиырма миллионнан асып, жалпы саны қырық миллионға жетіп қалар деп ойлаған. Мұнайлы, бай-бақуат араб елдеріндегідей әр дүние есігін ашқан сәбиге банктен есепшот ашылып, ақша салып қоюдың әсері болды ма, жыл сайын туылғандардың өзі миллионнан асып, қазақстандықтар елу миллионға иек артып қалыпты-ау деп қуанды. Көптің аты көп. Ұлт алдындағы бар өзекті мәселелер өз-өзінен шешімін тауып, қабырғалы, қарақұрым халқы бар, экономикасы, технологиясы дамыған, байлық-ақылдың айнасы іспеттес, әділетті, іргелі елге айналған. Ел алдындағы мақсаттарды орындауда салғырттық, енжарлық келмеске кетіп, бір кісідей жұмыла жұдырық болып, жинақы  әрекетке көшкен. Дәстүрлі тату көршілік саясатын ұстанған қазақ елі «Құдай қосқан» көршілерінің мүддесіне қылаудай қиянат етпей, тату, бейбіт жағдайда өмір сүру, сыртқы дипломатиясының басты қағидасына айналып, «ескі дос» орыстармен деп, «аспан асты елімен де», тау жайлаған «бір туғандармен де», «ала тақиялы» ағайындармен де, тәжік пен түркмен елімен де тонның ішкі бауындай өзара сыйластықта, достық пен ынтымақтастықта бейбіт өмір жалғасып жатыр екен.  Адырбайдың есіне анасының: «Тау мен тасты жел бұзар, Адамзатты сөз бұзар» дейтін, жиі ауызға алатын мақалы  түсті. Үйде төрт қабатты көрпеше үстінде жатып алып, әлеуметтік желілер арқылы: «Үйтіп жіберемін… Бүйтіп жіберемін» деп, «Дау шақыратын», кейде «Жау шақыратын» ғайбат сөздер тарату тиылған. Әр қазақстандық не істесе де, әуелі ел мүддесін бірінші орынға қоятын болған. Қазақстанмен әлемнің алпауыт, азулы елдері санасып, бірде-бір еларалық мәселе онсыз шешілмейтін дәрежеге көтерілген. Кешегі халықаралық конкурстардан физикадан, математикадан жеңіспен оралып жүрген көгенкөз мектеп оқушылары бүгін «Қазғарыш» орталығының әлем таныған, белді ғалымдарына айналып, олардың жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесінде Айдың Қазақстанға тиесілі бөлігі игеріліп, Ай бетінде тұрақты «Айлық база» құрылысын аяқтауға жақындап қалған. «Біріңді қазақ бірің дос» көріп, «Әр қазақ менің жалғызым!» аузынан түспейтін, «Қайдансың?» – деп, – руың, елің кім?» – деп, інішекті бөлмеңдер ағасынан» сынды ақындар армандай жырлаған заман туып, бөліну деген әдірәм қалған елге айналған. Жалақы дейсің бе, зейнетақы дейсің бе ең алдыңғы, дамыған «үштіктен» кем түспейді. Жан басына шаққанда, орташа есеппен айлық табыс – үш мың доллар. Орташа өмір сүру ұзақтығынан жалпы планетарлық көрсеткіш жетпіс үштен жетпіс жеті жасқа көтерілген. Ал, Қазақстанда Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Испания сияқты өмір сүру ұзақтығы жағынан ғасыр ортасында алдыңғы қатарға шыққан елдермен иық тіресе сексен бес жасқа жетіпті. Не керектің бәрі өз елімізде өндіріледі. Азаматтық өндіріс орындары мен бірге, әскери доктринасы еліміздегі жасампаз бейбіт өмірді қорғауға бағытталып, оған қажетті қару-жарақ жасау зауыттары бой көтерген. Жасанды интелекттүрлі қашықтықтарды қамтуға қауқарлы пилотсыз ұшу құралдары, дрондар, зеңбіректер, ұшақтар, танктер – не дейсіз, не керектің бәрін өзімізден шығаруға қол жеткізілген. Айта кетерлік тағы бір жаңалық-жасанды интелект «жазушылар» заман лебін, уақыт кескінін қалам ұшына іліктіре алған ірі жазушылармен терезесі тең шығармалар дүниеге келтіріпті. Оларға да әр түрлі деңгейдегі сыйлықтар берілген. Бір жақсысы бұл жасанды «жазушылар»: «Мен алуым керек еді» деп, жоқ жерден шатақ шығарып, жағаға жармаса кетуді ұнатпайтын көрінеді. Алса да, алмаса да ырза. Елесе де, елемес де ешкімге өкпе-наз артпайды. Өмірінде жан баласының ала жібін аттап көрмеген Адырбай жасанды интелектің жетілдірілген жалғандық-детекторымен жарақтанған жаңа түрі – жасанды суперинтелект-ЖСИ пайда болып, оның коррупциямен күресте қолданысқа енгенін аңғарғанда, «Мұнысы жөн екен» деп ойлады. «Көп асқанға – бір тосқан». «Қой» дегенде қоймаған соң,  корупционерлермен қабат жең ұшынан жалғасып, бармақ басты, көз қыстымен әділетсіз шешім қабылдап, елді зарлататын басшыларды анықтап, жазалауға туысы да, жеке мүддесі де болмайтын, аяушылық сезім дегеннен хабарсыз «ЖСИ»-ді тартқаны жақсы болды деп жұрт ризашылық кейіп танытатын сыңайлы. Жемқорлық саябырсып, қызмет орнын сауын сиырға айналдырғандар қатары күрт азайған.

Маск жиырма тоғыз жыл бұрын берген уәдесінің үдесінен шығып, Марсқа бір миллион Жер тұрғындарын көшіруді қамтамасыз ететін шаруаларымен осы уақытқа дейін айналысып келіпті. Космодром салуға, Жер бетінен пейзажы Марсқа ұқсас деді ме екен, Моңғолияның Гобби шөлін таңдап, ол құрылысын әлдеқашан аяқтаған. Марстағы марсастына үңги салған Жерден баратын «колонияға» арналған қаласының құрылысын да бітіріп үлгерген.

Құрылысқа марстық шикізаттар қолданылып, қыштар марстық реголиттен құйылған. Қызығы қыщқа бекемдік беріп, реголиттерді бір-біріне ажырамастай жабысуына қажетті «стаблизатор» ретінде мүйізді ірі қара қанындағы нәруыз-альбуминді қолдану қажет болған. Мүйізді ірі қараны Марстан қайдан тапсын. Оның орнына сондағы құрылыспен айналысқандардың әрқайсысынан жүз грамнан қан алып, «қанды» қыштар құйылыпты. Құрылыс сол бетонға бергісіз қыштармен-«биокомпозиттермен» жүргізілген. Құрылыс біткесін, алғашқы үш жүз адам мінген ғарыш кемесіне «Starship» ракетасын жегіп, Марсқа аттандырып жіберіпті.

Ракетаға қажетті энергияны Масктың ұйғарымымен көмір қышқыл газынан өндіреді. Марс ауасындағы көп көмір қышқыл газынан  ракетаға «отын» өндіретін зауытты іске қосып қояды.

Одан әрі аэропорттағы ұшақтар сияқты Масктың ракетасының жетегііндегі ғарыш кемелері белгілі графикпен алты айда Марсқа жетсе, тағы бір алты айда Жерге оралуға кіріседі. Космоста алты ай бой самғайтын жабық ғарыш кемесіндегі үш жүз адамды тамақтандыруға ондаған тона азықтық заттар қажеттігінен және экскрецияларынан арылу сынды алабөтен мәселелерді шешу үшін, Будды монахтарының медитация дәстүрі негізінде, планетаралық экскурсанттарға психотехнологиялық әдіс-жасанды гибернация қолданылып, адамның санасы өзгерісті қалыпқа түсуінен, жасанды ұйқытәрізді жағдайға енгізілген. Бұл кезде метоболизм, яғни, зат алмасу төмендеп, қуат қажеттілігі азаяды, Қан айналысы мен гиподинамикалық және псхологиялық мәселелер де осы жолмен шешілген.  Дегенмен әупірімдеп Марсқа жеткендер: «Ойбай, мына тозақта қалмаймыз. Қайтарыңдар! Жерімізге! Қалайша Жердің қадірін білмегенбіз. Аса рақымды Құдай тағаламыз білген екен-ау… Ғаламдағы адам үшін жалғыз жұмақ та, тұрақ та – Жер екенін. Жерімізге қайтамыз!» деп, зар илеген. Содан бәрін дерлік Жерге қайта алып қайтады.

Құдай иіп, түгелдей дерлік Жерге аман-сау жетіпті. Бірақ жыл бойы  «экстромальды» жағдайда, төрт жүз жетпіс миллион километр қашықтықты ары-бері шарлау оңай тимесе керек, оралғандардың кеудесінде жаны бар дегені болмаса, көздері ішіне кіре шүңірейген, терісі сүйегіне іліне жүдеген, концлагерден шыққандай азып–тозғандар. Ұзақ салмақсыздық жағдайда өмір сүру, Жерге оралғасын кейбірінің, денесін ұстап тұратын ірі сүйектерінің морт сынуына соқтырған. Бәрі аруханаларға жатқызылып, ондағы реанимация бөлімінің пациенттеріне айналыпты. Мұны көрген есі жайындағы адам Марсқа аттап баспасы анық. Адырбайдың басын жаңа бизнес-идея торлай қалып: «Тілләқыз!  «Марс-Тақыркөл» атты турфирма ашайық. Тақыркөл Қызыл жұлдыздың сынығы құлаған, Жердегі туысы деп жар салайық. Офисін өзің басқаратын боласын.  Ақша ағылып келіп, оны санаудан қолың босамайтын болады» деп жатып, оянып кетті. Түсін неге жорырын білмей, төсегінде ары-бері аунақшыған күйінде жатты да қойды.

 

***

Короновирустың пәлесін-ай! Үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін жағдай туғызып, бәрін «онлайнға» ендіріп жіберу Жер бетінде олан басқа қай вирустың қолынан келіп еді… Бәрін! Мектептегі оқуды айтасыз, елдің ірі оқу орындарының студенттері, магистранттары «Тақыркөлде» отырып-ақ дәріс алып, емтихан тапсырып, диплом алып жатты. Баяғыдан доспыз деп жүргендердің өзі «Жағдай қалай, ей!.. Жағдай!», деп ойқастай жөнелетінді шығарған. Түсінікті! Кім аты өшкір зерттеген жан тапсырғысы келсін…  Әрине, өмір сүргісі келеді. Ал көршілермен кездесе қалғанда, бұрынғыдай қол алысып, не құшақтаса кетіп жатпайсың. Жеңіл бас изесіп өте шығасың. Адырбай әкесінің «Көршімен татудың көңілі тоқ», деп ескертетіні есіне түсіп, қос көршісімен аралас-құралас болғысы-ақ келеді. Солтүстік жағындағысы – маскүнем. Жуып кетсең, жартылыққа ақша сұрап, оны берсең, аз уақыттан кейін одан сайын масайып, қақпаңды қайта қағып тұрғаны. Көшіп келгеніне бірер ай болған солтүстіктегісінің отағасы Зұлпыхар тұйықтау жан ба, бүгінге дейін үйінен шығып, төбесін көрсеткен емес еді. Ұлы сәскеде есігінің алдына шыққан Адырбай колымен көзін көлегейлей, өз үйінің қоршауынан мұның ауласына қадала қарап тұрған Зұлпыхарды көрді. «Бала емес, шаға емес, егделеу кісінің мұнысы несі?» деп ойлады. Ол да Адырбайды байқап, амандық-саулықсыз:

– Жеріңіз көп. Жер комиетінен білдім. Сіздікі жиырма сотық, менікі жеті сотық. Әділеттілік қайда? Құдыққа жақын осыншама жерді кім берді саған? Ясно! Тамыр-таныс! Коррупция! Барлық жерде. Жер комиеті берді ме? Қашан? Ондайларды індетудің жолын білемін, – деп зілдене жөнелді.

– Иә. Жер комитеті. Төрт ғасыр бұрын! – деді, мұндай пәлеқорлардың талайын көрген Адырбай кекесіндеу үнмен, барынша сабыр сақтап.

– Сен не деп келемеждеп тұрсың. Төрт ғасырың не, ей! – деп Зұлпыхар шатынай бастады.

– Ешқандай келемеж емес. Осыдан тұп-тура төрт ғасыр бұрын, дәлірегі қажет десеңіз, 1621-ші жылы, менің он бесінші бабам Өмірзақ осында құдық қазуға келгендерді күзетуші жасақтардың ішінде болған. Анау «Жауқашқан» жақтан келген жаумен қақтығыста жараланған. Кейін осы жерді қорғаған азғана жасақты басқарған. Жасақтың бәрі киіз үй тігіп, кепе қазып, осы қоршаудың ішінде тұрған. Ал сегізінші бабам – Күзен батыр да осы жерде тұрған. Жер комиетіндегілерге: «Осынша жерді не етемін, жартысы да болар» деп ем, «Екі балаңыз да жер телімін алмапты. Мүмкін ауылға қайтып қалар» деген қамқор ниетпен құжаттарын жасап берген,-деп, әлі де түсінер деген үмітпен, бар жайды жайып салды.

– Оны әлі көреміз!.. – деп «қызылкөз» күңкілдей сөйлеп, көрінбей кетті. Адырбай үйіне еніп, Тоқта анасының текшесінде Құранмен қоса, жүз жылдан бері, ұрпақтан ұрпаққа беріліп,  тығулы жатқан, үшінші бабасы-молда Ескерместің арабша «Тақыркөлдің» тарихы туралы жазбаларын таптырып, тәржімалауға Қартмолдаға апарып берді. Ұқыпты молда  жазбалардың қазақша нұсқасын, «қанттай етіп» қағазға түсіріп, екі күннен кейін Адырбайдың қолына ұстатты.

***

Еларалық мәселелер саясатсыз, тек күшпен ғана шешілетін, ойран салып жатқан ойраты бар, басынып жатқан басқасы бар, бейбіт өмір ұмытылған жаугершілік заман, Елінің мүддесін қорғау мәмілелі сөзбен жүзеге аспайтынын білген Есім хан ара-тұра алмас қылыш пен ақ найзаның ұшына жүгініп, қазақ әскерін кезекті жеңістеріне жетелеген тұс. Көктемнің соңына таман «Тақыркөлдің» солтүстік-батысынан жүк артылып, үстіне бір-бір  қарулы адамнан мінген жеті түйелі көрінді. Алдарында бес аттылы жасақ. Қапсағай денелі, алып кісі, бәріне басшы екені  байқалып, озыңқырап, алда келеді. Астындағысы  жал-құйрығы жарасқан қара бесті. өзіне сай, ірілігі түйеден кем көрінбейді.  Алдында көлденең жатқан шашақты найзасы мен жүгенді сол қолымен қоса ұстап, қорғасындай салмақты жанарымен алдыңға жаққа сүзіле қарап келеді. Бұл қабыландай қайраты сыртқа тепкен кейпімен-ақ қарсы шыққан дұшпанның қарадай зәресін алатын әйгілі Алатау батыр еді, Өмірінің көп бөлігін аттан түспей, ел шетін қорғап, ойраттармен соғыста қол бастаған қазақтың айтулы «хан батырларының» бірі. Түиедегілердің соңынан  найзалары шощайып тағы он бес аттылы келеді. Шекара шебіне жақын, иесіз иен далада жортып жүрген арам пиғылды кезіге кетіп,  шамасы жетсе, атыңды аударып мініп, өзіңді өлтіріп кете береді. Ханның өзінен: «Ол жақтың жай-жапсарын жақсы білесің. Су көзін табу керек», деген тапсырма алған Алатау батыр ай бұрын азғана жасағымен осы өңірді түгел сүзе шарлап қайтқан.  Оң қолындағы қамшымен алдыңғы жақты нұқый нұсқап: «Міне, осы жер!» деп гүрілдеді. Межелі жерге жетіп қалғандарына көңілі жайланды ма, ер басына ілінген торсықтағы қымызды алып, бір жұтым жасады. Бұлар жүз елу шақырымдай жердегі «Қаракөлден» үш күн бұрын осылай қарай жолға шыққан. Мақсаттары – құдық қазу. Төңірегінде жүздеген шақырымға дейін су көзі жоқ адырда ары-бері жүргіншілер, сауда керуендері, жорықтағы әскерлер өтетін сүрлеу жол үстінен құдық қазу бүгінгі тілмен айтқанда стратегиялық маңызды іс саналыныпты. Түйеге мінгендер құдық қазудың қыр-сырын білетін, ел ішінен арнайы іздестіріліп табылған адамдар. Жүздеген шақырымға созылған мидай жазық далада екі  жағын жота мен шағын төбе көмкерген ойпаңды жердің ортасындағы, биіктігі екі-үш метрдей жықпыл жартастармен қоршалған, аумағы бір отар қой сиып кетердей ойық, шұңқырлы жер Алатау батырдың көзіне түскен.  «Шұңқырлы жер суға жақындау болады. Осы жерден қазамыз», деп,  шешімге келіп, атының басын кейін бұрған. Енді сол жерге жетіп, жүргіншілер түйелерін шөгеріп, аттылар аяғын жерге тигізген сәтте батыр бірден бұйрық райда сөйледі:

– Бәрің бері жақындаңдар!.. – деп, үзеңгілестеріінің алдына таянуын күтіп біраз тұрды.

– Өмірзақ сен ішіміздегі ең жасымызсың. Жол қағып, шаршай қойған жоқ шығарсың?!

– Жоқ, батыр аға. Тыңмын!

– Онда қымызбен әлденіп ал да, бір құртты ұртыңа тыға сорып, анау оңтүстіктегі жотаға шығып, жан-жақты байқап қайт. Жотадан ары жүз шақырым елсіз жер, біздікі. Бейсауат жолаушылар көрсең, бой тасалап, жақындама. Жотадан аспа… Бізге көрінетіндей бол, – деді.

– Ал сен, Бақтыбай, – деді құдық қазатындардың ішіндегі жасы үлкеніне назарын аударып: – Құдықты мына ойпаң жердің қай тұсынан қазатыныңды қазірден бастап анықта. Су тереңде жатып, шыңырау қазатындай болсақ, шығырға түйе жегіп, қауғамен топырақ алатын жағын ойластыра шеш. Науа жағында ұмытпа! Түсінікті ме?

  • Түсінікті, батыр аға.

Ал қалғандарың жүктерді түсіріп, тездетіп үй тігуге кірісіңдер. Түйелерді тұсап жіберіңдер, жайылсын. Аттарды арқандап қойыңдар. Аттарға аздап  су беріңдер. Түйелерге қажеті жоқ. Суды үнемдеңдер. Артымыздан су жарты айдан кейін келеді. Анау үңгірді барып байқаңдар, –  деді, өзі ай бұрын келгенінде «Адам тұруға болар ма екен», деп атынан түсіп көрген тасты қуысты. – Ішіне күн түспейді екен. Ағаш бөшкелердегі суды сонда қоярсыңдыр. Тұйғынбек, сен үй тігуге қолғабыс етіп болғасын, демал. Түнде күзетке шығасың, – деп, қысқа нұсқауларын беріп болған соң, сәл ойланды да:

– «Жау жоқ деме, жар астында». Бұл жақ қауіпті. Мына жақта… – деді оңтүстік жотаны нұсқап, – Біздің ауызбірліктен айрылып, тоз-тоз болып, басымыз бірікпей тентірей әлсіреуімізді аңдып, жерімізге иелік ете алмай қалуымызды күтіп отырғандар бар. Олармен соғыс жағдайындамыз. Ескертіп қояйын, мына құдық қазуға келген бауырларға. Егер қарулы топ бізге жақындап келе жатса, тез түйелеріңе мініп, найзаларыңды кезене сес көрсетіп, аттылы жиырма бірімізден кейін, менің бұйрығымды күтіп, сап түзеп тұра қалыңдар. Ешкім бұйрықсыз жебе тартушы болмасын. Қалғанын, Барақ, өзің түсіндіре жатарсың… – деп, талай қырғында бірге болған, қанды көйлек қаруласына ескертіп барып, өзі де аттан түсті. Берілген бұйрықтар орындалып жатты. Құдық қазу дем басып, дәм татқасын басталып, сүттей жарық айлы түннің әлден уағына дейін жалғасты.

– Үш құлаштай жердің топырағын шығардық, – деген, іс аяқталған соң батырға келіп баяндаған Бақтыбай. – Топырақ құрғақ емес, ылғалды. Соған қарағанда су аса тереңде болмаса керек, –  деп батырды қуантты. Шөл далада сулы қабат көбіне тым тереңде жатады. Соны білетін құдықшылар шыңырау қазатын шығармыз деп сайланып келген. Ертеңгі түс мезгілінде, тағы екі құлаштай тереңдей түскенде  құдық түбіне арықпен ағып келгендей, ілезде су молынан жинала бастады. Төрт-бес құлаштық тереңдік дегеніңіз. жолаушының ыдысы болса, атының шылбырына байлап-ақ  су ала беруіне болады деген сөз.  Түбінен бастап қабырғалары түгелдей шашылып жатқан тастармен өріле  қаланып шықты. Сол маңайдан табылған сазбен тастарды бір-біріне айырылмастай жапсырып шығуға тағы үш күн кетті. Құдықтың ернеуін айналдыра қойылған жеті тастың шелек тастар жағындағы ірісіне үңги қашап, уақыт мүжіп өшіре алмастай етіп, мұсылманша білімі бар Бақтыбай  «1621 жыл», деп жазып, алғашқы құдықтың шаруасын осымен аяқтаған.  Түс ауа сол маңнан өтетін сүрлеу жолмен келе жатқан аттылы жолаушы бұрылып келіп амандасып, рұқсат сұрап, су ішіп, атын суғарып, месіне су толтырып алды. Киіз үйде кеңесіп отырған батыр мен Бараққа кіріп, жолаушы туралы ескерткен Өмірзақ:

– Маған онша ұнамай тұр мына кісі… «Қазақпын» дейді, қазақшасы бұзықтау… Көзі қысыңқы… Реңі қалмаққа келеді. Жанарымен адамдарды, көліктерді санағандай болды… Жансыз емес пе екен?.. Батыр аға! Жібермей, тұтқындай тұрсақ қайтеді? – деді.

– Қаруы бар ма? – деді Барақ.

– Жоқ. Киімі жұпыны, аты да шобыр…

– Мүсәпір біреу шығар. Не қыласын жолынан қалдырып. Қарғап-сілеп жүрер, – деді, тағы да батыр үшін жауап қатқан Барақ. Жолаушы атына мініп, рақметін айтып, алған бетімен жүрісін жалғастырып кете берді.

Одан кейінгі он күн ішінде тағы екі құдық қазылды.

  • Берілген тапсырманы он төрт күнде орындадық. Бұл жерді бұдан былай «Үшқұдық» атайық. Ертең, келісім бойынша артымыздан іздеушілеріміз су, азық алып, осы жерге он киіз үй артып, екі отбасын уақытша тұруға ала келеді.  Ірі, майда тұяқты мал да біртіндеп айдалынып әкелінеді. «Жүзге тарта жасақ ауысып, ауысып тұрақты осы аймақты бақылауға алады», – деген ел ағаларымен болған кеңесте – деді батыр, түскі астарын ішіп отырғанда, – Мына үй қалады. Бөшкелерді  алмаймыз, мұнда қажет болып қалар. Азықтық заттардан үш күндік жолға жетерлігін ғана, – деді де бата жасап, орнынан көтеріліп, тысқа шықты.

Елгезек, сезімтал Өмірзақ таңға жуық түс көрді. Түсінде әнеукүнгі жолаушы «шынымен тыңшы екен-ау» деп қояды. Екеуі құдық қазылып жатқан ойықты жағалаған жартастың бірінің үстінде тұр. Жартас тым биіктеп кеткен бе, төмен қарап еді, басы айналды.  Анау мұның жағасынан алып, сілкілеп, сілкілеп, итеріп құлатып жіберді. Ар жағынан шауып келген Алатау батыр әлгіні дәл төбесінен қылышпен шауып, омыртқасын орта тұсынан опырған бойы көтен ішегіне дейін жеткізе, қақ айырып тастағанын құлап бара жатып, байқап үлгерді. Оянып кетті. Тез киініп, тысқа шықты.  «Қызылсай» жақтан таң нұры біліне бастапты. Барып атын ерттеп, қайта үйге еніп, ұйқыдағыларды оятып жібермес үшін еппен басып, сауыт-сайманын алып шығып, үстіне ілді. Қылышын беліне байлап, жебелер салған қорамсасын садақпен қоса асынып, найзасын қолына алып, атына мінді.

– Жол болсын?! – деген күзеттегі Берікбайға: – Жота жақты барлап қайтайын, – деп жауап қатты да, оңтүстікке қарай шоқыта жөнелді.

Жотаға шыға келгенде, қарсы алдынан төрт шақырымдай қашықтықта осылай қарай шаңыта жортып келе жатқан, шамада елушақты аттылыны көрді.  Кейін шегініңкіреп, жотадан басын ғана қылтитып, қадала қарады. Қарулы адамдар. Суыт жүрістеріне қарағанда күн көтерілмей, ұйқыда жатқандардың есін жиғызбай, жусатып салу ойларында сияқты. Атына қамшы басып, кейін қарай құйындата шапты. Алатау ат тұяғының дүбірі құлағына жетіп, тысқа шығып, күзеттегі жігіттің баянын тыңдан тұр екен. Аттан секіріп түскен Өмірзақ: – Батыр аға! Осылай қарай елушақты аттылылар келе жатыр. Қарулы, – деді аптыға сөйлеп. Мән-жайды жарты сөзден-ақ ұға қоятын батыр: – Жарайды, келе берсін. Рахмет саған!  – деді, суық жұзінде сирек болатын мейірім нышанын байқата. Іле қатайып, Берікбайға: – Бәрін оят! Ары-бері жүгіре шаруаларын бітіріп, денелерін қыздырсын, – деді

– Өмірзақ, атыңды белдеуге байла да, үйдегі кеше қайнатылған ет пен қазы-қартаны  алып шығып, кесек, кесек етіп турай бер. Үлкен торсықтағы құрттың малтасын да ала шық. Жігіттер киіне жүріп, жұлып жеп, жүрек жалғап алсын, – деді. Сүт пісірім уақытта атқа қонған, түйеге мінген жиырма сегіз,  «жауынгер» ойықтан шығып, жау келе жатқан жаққа жарты шақырымдай жылжып барып, тоқтады. Алдында Алатау батыр мен Барақ батыр қатар тұр. Бәрі қаруларын ұрысқа дайындай, сап түзеп тұра қалған. Осы кезде жотадан шаңдата шұбырып асқандардың алғашқы легі көрінді.

– Өмірзақ, елушақты дедің бе? – деді, сабырлы үнмен, басқалар да естісін дегендей..

– Иә, дәл солай, батыр аға!

– Барақ екеуміз бес-бестен жайратсақ, қырқы қала ма? – деді. – Қалғандарыңа екіден ғана тиеді. Аттылылар! ортасына қарай жапыра ұмтылып, осып түсіп, екіге бөліп тастайық! Түйедегілір! Қос қанаттан қиқулай ұмтылып, түйе кеудесімен қаға-маға найзамен түйреп, қойға шапқан аш қасқырдай естерін жиғызбаңдар! Ешнәрсе емес, жігіттер! Артымыздан іздеушілеріміз де жетіп қалар. Болды! Бәрімізге Алла жар болсын! – деп, үзеңгіге аяғын тірей, өр кеудесін сәл көтеріп, терең тыныстады да, келе жатқандарға сүзіле қарауын жалғастырды. «Тұтқиылдан есін жиғызбай жусатып, қазақтарды қалпақпен ұрып аламыз», деп оңай жеңістен дәмеленіп, алдарындағы биік қызыл бүргенді кішкене төбешікке жеткенше арқа-жарқа гуілдесіп келе жатқан қалмақтар тас-түйін болып, шайқасқа дайын тұрғандарды көргенде,  тізгіндерін тарта тоқтап, «Бұларға хабар берген кім?», дегендей аздап аңтарыла абдырай қалғаны, басынан мұндай сәттердің талайын өткізген Алатау батырдың сүзіле қараған көзінен қалыс қалмады. Олар да шұбырған арттарындағылары жеткен соң қатарласа сап түзей бастады. Арақашықтық көп болса төрт жүз қадамдай. Қалмақтардың ортасындағы үшеуі шенділері болса керек, бір-біріне мойын соза қарап, әлденені айтып, ақылдаса бастағандай… Әрине, олар бұл жерде бүкіл қырғыз, өзбек түркіменге аты жайылған, қазақтың Алатау батырының тұрғанын білмейтін. Білсе, етек-жеңін жиыңқырап, он ойланып, жүз толғанып барып әрекетке көшер еді. Білмегесін де, көп күттірмей, әлгі үшеулің бірі ат ойнатып алға шыға келіп:

– Бір-біріңмен қырқысқан ақымақ қазақтар! – деген, ащы айқайы таңғы салқын ауамен бұлардың құлағына өзгеріссіз жетті.

– Барақ, мынау ит не деп үріп тұр? – деді, батыр, жайбарақат, не дегенін естісе де.

– Ит білсін, не деп үргенін, атасына нәлеттің, – деді, ол да, естісе де, естімеген болып, бейтарап үнмен.  Қалмақ өз тобынан ұзамай, оңға-солға ойқастай жүріп, тағы айқайға басты:

– Қимылсыз тұра қалғандарыңа қарағанда, бізді көріп, қорықаннан бұттарыңа жіберіп қойғаннан саумысыңдар?.. Енді тәндеріңнен жандарыңды айырамыз, – деп, жүз қадамдай жақындай шауып келіп тоқтады. — Қане! Жекпе-жекке шығар қайсың бар? – деп, айбат шеге, атының ауыздығымен алысқан күйінде.

– Мен барайын, – деп, ыңғайлана бастаған Барақты батыр тоқтатып:

– Жоқ! Өзім барамын. Барып, жаңағы сөзі үшін мұның тілін кесіп алуым керек,- деді де, жекпе–жекке шығардағы қарсыластың мысын басатын әдетіне салып, асықпай алға аяңдады. Жүз қадамдай жақындағасын, тізгінді тартты.

– Ей! – деп ақырды. Өктем, жуан, қою дауыс. тұнық ауада күркірей шығып, қарсыластарға тізелерін дірілдетердей әсер қалдырғаны еш шүбәсіз еді. Соғыста дұшпаңға үрей туғызу – «жарты жеңіс. Сәл кідіріп: – Ей, – деді тағы қайталап, зілді үнмен.

– Шіріген ауызды, іріген сөзді неме! Шақырмасамда атыңның тұяғымен жүз шақырым бойы менің жерімді таптап келіп тұрып, жаңағы сөзді айтуға қалайша дәтің барды? Біліп қой! Таң атпай ажалыңды іздесең, қазір  мына мен! Алатау батыр! оныңмен оп-оңай табыстрамың! – деп, бұған дейін алдында көлденең жатқан найзасын көтеріп, оң қолтығына қыса ұстап, шашақты ұшын ат құлағының үстінен қарсыласқа көрсете, шабуылға дайын екенін білдірді. Батырдың қарадай зәреңді ұшыратын кейпін жақыннан байқап, «Жекпе-жекте жеңілмеген Алатау», дегенді өз арасында талай құлағы шалған, қызбалау жас батырдың іші қылп ете қалды. Айқайға басып алға шығып қойды. Енді кеш… Кейін қайтып, басқаны жіберу-өліммен пара-пар. Артындағылары да дем бере шуылдап тұр. Намысқа салды ма, сәл  қимылсыз тұрды да, ол да тізгінді бұра, найзасын тіктеп, батырға қарай шапқылай жөнелді. Үзеңгімен түрте белгі беріп еді, жануар қара бесті иесінің ойында не барын сезтендей, алға қарай атыла шапты. Батырдың сол жағынан келген қалмақтың түйремек болған найзасын қалқанмен қағып үлгерді. Қара бесті де қарап қалмай, ағып өте бере өзінің салмақты денесімен жіңішкелеу торының сол сауырыны жағынан жанай соға  қиралаң еткізгенде, иесі ерден  ауып барып, денесін қайта тіктеп, кері бұрылды. Алатау сәл ұзай бере қайырылып қайта ұмтылғанда, оң жағынан келген қарсыласың дәл кеуде тұсынан найзасын дарытып, дүлей күш, қарсы әрекет етуге шамасын келтіртпей, ат құйрығынан сыпырылта жерге  аунатып түсірді. Аты ілезде ойнақтап, айдалаға безіп бара жатты. Сауыты сетінеп, жарақат алғанымен, есін жоғалтпаған қалмақ, ұшып кеткен дулығасына қарамай, орнынан тұра өздеріне қарай қашты. Артынан табандата қуып жеткен батыр,  қылышпен басын қақ айырып жіберді. Бұл кезде қалмақтар да, қазақтар да бір біріне ұмтылған еді. Келісілгендей түйелілер қос қапталдан қиқулай тиісті. Аттылылар ортасынан жапыра жарып, үш-төрт атты иесіз қалдырып өтті. Соғыса жүріп, Алатау бір қарай қалғанда құдықшы Сапар найзамен түйреудің орнына, онысымен құлаштай соғып жүргенін байқады. «Қаракөлде» кетпен сермеп, қауын еккен диханның соғу екпіні де қатты болды ма, жауды емес, атының дәл төбесіндегі, қимылға жауапты бөлігі орналасқан тұстан соғып, омақастыра құлатты. Тағы бір қарағанда түйе қайда қашарын білмей, бір-бірімен жан алып, жан берісе қырқысып жатқан адамдардың қатігездігіне қайран қалып, ызаланғандай бірер мәрте бақыра жынын шашып, Сапарсыз тұрды. Өмірзақ ебін тауып бір қарсыласты жайратты. Ат басын одан ары бұрғанда, түйедегілерге қарай садақтан жебе тартып тұрған, әнеукүнгі жансызды көрді. Сапардың дәл маңдайынан жебесін дарытқан да сол еді. «Су ішкен құдыққа  түкірген» сұмырай, деп қызынған Өмірзақ, «мүсәпірдің»  мойнының ашық қалған сол тұсынан қылыш сермеді. Күре тамыры осылған ол, қаны шапши ағып, атынан ауып бара жатты. Бұл оң қолын көтере қылышын сермей берген мезетте, арт жағынан байқаусыз жеткен жау, оң қолтығының астынан найзасын сүңгітпек еді, ол әрекетін түгелдей жүзеге асыра алмады. Оншақты қадам жерде қылышпен ұрыс салып жүрген Алатау, Өмірзақтың найза ұшына ілініп бара жатқанын көре алдыңдағыларды ат кеудесімен қаға–маға жақындап, найзалы қолды білезік тұсынан шортта кесіп жіберді.  Найза түгел бойламаса да, ұшы қолтығын жарақаттаған Өмірзақ атының жалына еңкейіп қалды. Мұны өлдіге санап, долданған батыр  жауды атының үстінен көкпарша жұлып алып. қос қолдай көтере ер басына көлденеңіңен соғып, бел омыртқасын үзіп жіберіп,  лақтырып тастады. Жақын жерде ту сыртынан өзін қорғаштай ұрыс салып жүрген Барақтың: «Сабыр батыр! Сабыр!» дегенін естігенде барып өзіне келгендей болды.

Осы сәтте «Үшқыдықтың» батысындағы төбені, солтүстік жағынан орағыта, «Қаракөлден» үш күн бұрын шыққан, оннан астам түйелерге артылған жүктің үстінде екі отбасы мүшелері, ішінде екі әйел де бар, қарулы қырық бес жасақтың қорғауындағы көш көрінді. Бастап келе жатқан жүзбасы Мырзабай, алдында шақырымдай жерде жүріп жатқан қанды қақтығысты бірден аңғарып, тізгінді тартып,  «тоқтаңдар» дегендей оң қолын көтеріп, белгі берді. Көш кілт тоқтады. Жылдам шешім қабылдай білетін жүзбасы: «Көш әзірше бес жасақтың қарауында осында қалып, жағдайды бақылап тұрсын. Қалған қырықымыз, пытырай шауып, жауға көп болып көрінетіндей, әр сарбаздың арасы он қадамнан, үш қатарға сап түзеңдер! Тез… Тез! Болды ма?.. Қолбасшы сонда. Атын ұрандата айтып, дем берейік, – деп, үзеңгісіне аяғын тірей көтеріліп, онына, солына, артына қарап, әлгінде ұзақ жолдан шаршап, мүлгіп келе жатқан сарбаздарының, қаруларын ілезде ұрысқа дайындап, өліспей беріспес, тас-түйін кейіптеріне, көкбөрідей суық жүздеріне көңілі толған Мырзабай: – Ал, Құдай жар болсын! – деді де, қылышын қынабынан күнге жарқ еткізе суырып, алға соза, «Кеттік!» деп айқайлап, атын тебініп қалды.

Жаяу қазақ сол кезеңде сырт көзге момындау, «кең қоныштылау» көрінсе де керек. Әсіресе дұшпанға. Ал, атқа мінген қазақтың, өзінің ұзақ сонар тіршілігінде, айлап аттан түспей, керек кезінде жауын да мұқата білген бабаларынан жеткен, ешкім өшіре алмас, қанында бар «негізі» оянып, «Қанға қан, жанға жан», деп айбаттанып, арқаланып кететінін есепке алмаған қиянатшыл, озбыр жау жағы талай пұшайман болғанына да тарих куә. Біз білмейтін ана төбенің сайында, ана жотаның басында қалған, мақтан тұтар ерліктер қаншама…

Кенет оншақты жау жағының жауынгерлері, аттарына қамшы басып, келген жақтарына қарай  қашып бара жатты. Алатау құдық жаққа қарап еді, қылыштарын жалаңдата  «Алатау!»-лап, өз сарбаздары келеді екен. «Дер кезінде… дер кезінде жеттіңдер! Қырандарым менің!» деп күбірлегенін, өзі аңғармады. Жүгенді бос жібере, қылыштарын алға ұмтыла жалаңдатып, аттарының тұяғы «Үшқұдықтың» топырағын аспанға ата шаңдата шапқылап келе жатқан қырық сарбаз, жер қайысқан қалың қолдай көрінді ме, жау жағы  аттарынан түсіп, қаруларын тастап,  тобымен, үрпиісе, «жан сауға» дегендей, тізерлей отыра қалып, алақандарын Алатау батырға қарай соза, өз тілдерінде  шуылдай шүлдіреп жатты.

Жиырмашақты сарбаз қашқындарды қуып кетті. Мырзабай жүзбасы атынан түсіп, Алатауға сәлем беріп:

– Жеткеніміз осы болды батыр аға! – деп басын иді. – Бізге қандай тапсырма бересіз?  Мыналарды қайтеміз?

– Бәріңе алғыс айтамын. Тапсырма сол, бұларға аттарымен келген жағына кетуіне мүмкіндік беріңдер. Өлгендерін, жаралыларын ала кетсін. Тек, қаруларын алып қалыңдар… Екінші рет қарумен келмесін. Келсе, бүйтіп тірі жібере самайтынымызды ескертіңдер! – деді де, атынан түсіп, жараланған жерін сол қолымен басып жатқан Өмірзақтың жанына барып, дулығасын шешіп, маңдайынан сипады. «Үйленгенше жарақатың жазылып кетеді. Біздің тірі қалғанымыз, мыналардың келе жатқанын біліп, дабыл қаққаныңның арқасы!  Әлі-ақ шапқылап кетесің, балам!», деп, түнере үн қатты. Өмірзақты батыр қос қолдай көтеріп, шөгерілген түйе үстінде отырған Бақтыбайдың қолына ұстатып: «Құдық жаққа апарып, күйген киіз басып, қанын тоқтатып, жарақатын таңыңдар», деді. Тағы бір түйедегі жігіт, Сапардың денесін алдына ұстаған қалпында, құдыққа қарай бет алды.  Ақан деген бозбала жауынгер, ту сыртынан сермелген қылыш жүзінен мерт болыпты. Оны да ат үстінде қос қолдай ұстаған жауынгер, атының шылбырынан жетектеген жасақтың соңынан кетіп бара жатты. Тағы үш жасақ, бір құдық қазушы әртүрлі жарақаттар алған. Құдық басына бәрі оралып, жаралылардың жарақатын таңып, тағы бірер сағат аялдағасын, Алатау батыр: «Бұл жер келіскеніміздей «Үшқұдық» аталатын болды. Ал, ана әлгінде жау қашқанда асқан жотаны, әрдайым жау барын ұмытпау үшін «Жауқашқан» атайық. Біз бірінші келгендер түгелдей қайтамыз. Жаңадан келгендерге басшылық етуді Мырзабайға тапсырамын», деді. Қаза болғандарды киізге орап, түйеге теңдей  артып, жаралыларды түиелерге мүмкіндігінше жайлы мінгізіп, түс ауа  Алатау батыр бастаған топ «Қаракөлге» қарай жолға  шықты. Қасіреті көп сол заманда туындаған мұңлы жырдың ел аузында қалған бір жұрнағы мынадай болыпты: «…Елемей, қар мен жауынды, Табытта жатқан бауырды, Қара нарға артайық, Қаракөлге тартайық…».

 

***

«Енді қай бизнестің құлағын ұстасам екен» деп, Адырбай қабырғасымен кеңесті, омыртқасымен ойласты. Үлкен ұлы Алматыдан әкеліп берген «Бизнес» деген кітапқа күні бойы шұқшиды. «Изучить основных показателей рыночных отношений: цен, спроса, предложения, товарных запасов, потенциала конкурентов», дегенді екі қайталай оқып, «товарных запасов», деген жеріне зер салыңқырап, астын екі рет сызып қойды. «Запас» маңызды. Бізде ненің запасы көп. Тау, тау болып үйіліп жатқан құмның… Құммен емдейтін емхана ашсам ба екен? «Псаммотерапия» аталатын бұл емде, құмды буын-омыртқа қабынуларында, 45-50 градусқа Күн қыздырған құмды ағзаға зиянды болмайтындай температураға төмендетіп, қалыңдығы 6-10 сантиметр ете, мәселен, «шалбар» аумағын жауып, 20-30 минуттан он-он бес рет, күнде, немес күнара тағайындауға болатынын білетін Адырбай, «спрос» деген сөз есіне түскенде онысынан лезде айнып қалды. Есігінің алдында құм үйіліп жатқан ауылдастарының ақылы ем ала қоюы екіталай. Қалалықтардың бұл жаққа сандалмасы тағы анық. «Значить, құм болмайды», деген тоқтамға келді. Адыраспан есіне түсті. Ойлана келе байқаса, «запасқа» да, қазіргі «спросқа» да жауап беріп тұр..

  • Адыраспанмен айналысамын. Мына індет соған сұранысты көбейтіп тұр. Зімбір, сарымсақ, лимон, қарабұрыштың да бағасы базарда бұрынғыға қарағанда екі-үш есе артыпты. Дұрысы-қаражат шығаруды қажет етпейтін, дайын тұрған «Қызылсайдың» адыраспаны.

– Гармала апаға «конкурент» болып, ренжітіп жүрмейміз бе? – деді Тілләқыз. «Гармала апасы»-жалғызілікті Мәрей кемпір. Ілгерректе адыраспанды есекпен тасып, тәуіпшілік жасайтынындығын білген мектептің химия пәнінің мұғалімі, улы шөптің арабша атын сыртынан таңа салған. Жұрт оны қағып алып, азан шақырып қойған атын ұмыт қалдырыпты. Тілләқыз ылғи осы кемпірден адыраспан алады. Жуырда төрт дестесін мың теңгеге алып, «Бәле жаладан, жын-шайтаннан, көз тиіуден, вирустар мен микробтардан қорғайды», деп, үй ішін ертелі-кеш түтіндетіп, бір дестесін сыртқы есіктің маңдайшасына іліп қойған.

– Жоқ, «конкурент» болмаймыз. Біз ауылға сатпаймыз, қалаға шығарамыз, – деді.

– Осы адыраспанды медицина мойындай ма? Құрамында не бар?

– Негізінен улы шөп болғандықтан, пайдалану жолын, мөлшерін білмесе, улану да қиын емес. Ондай жағдайда, тыныс бұзылып, жүрек айнып, елес пайда болып, қан қысымы артып кетуі мүмкін. Баяғы замандарда маңғолдар жауының ұлтарағына адыраспан уын жағу арқылы, қарсыластарын өлтіріп отырыпты. Батыр Сырым Датовты үзеңгісіне адыраспан уын жағып қастандық жасалған деген деректі оқығанмын. Құрамында жыйырылғанды басатын-гармалин, көңілді жайландыратын-гармин, ентікпені басатын-пеганин, микробтарды жоятын-пеганидин тағы басқалар бар. Біз клиенттерімізге түтіндету жолымен пайдалануға кеңес беретін боламыз. «Ковидпен» ауырған адам бөлмеге енсе, одан тыныс алу кезінде бөлінген короновирустар екі сағаттай ауада қалықтап тұрады дейді. Бұл екі сағаттың ішінде бөлмеге енген адам  вирус жұқтыралы деген сөз. Осы кезде түтінмен жеткен адыраспан уы оны өлімше етіп, адамға жұғу мүмкіндігінен айырады. Бұл ғылыми емес, жеке менің пікірім.

Ертелеп, таң біліне «Қызылсайға» мотоциклымен жетті. Сайдың табанына ұласқан сопақ ойпаңдағы екі-үш гектардай аумақты қоңырқай-қызғыш өсінді жауыпты. Бұл басқа жерде өспейтін, Пәшекей мұғалім айтатынындай «Қызыл жұлдыздың адыраспаны». Басқа жердікі – алтын түстес, ақсары. Адырбай адыраспанды аумаққа көз тігіп бірауық тұрды. Тоқта анасы: «Адыраспан киелі шөп, дәрет алмай жақындауға болмайды. Сондай ата салтымыз бар», дегені есіне түсті. Көлігінен дайындай шыққан жылы суды алып, ол талапты орындаған болды. Адыраспанның дәнді түйіндері де, сабағы да қызара түсіп, «пісіп» бабына келе бастаған тәрізді. Ана сүтімен берілген табандылық пен ұқыптылықтан кенде емес Адырбайдың көңіліне қонған бір істі бастауы қиын, бастаса, «кондицияға» жеткізбей тоқтауы қиын.  «Стимул» да жоқ емес. Мол ақша тауып, Тілләқызының тіліне бір жылдан бергі ұмыт болған «Гүлжамаштың папасы» дегенін қайта іліктіру. Ала келген екі қанарын шығарып, қайшы, орағын іске дайындады. «Бісміллә» деп, оруын бастады. Аракідік орғандарын қанарларына қаттай салып қояды. Екі сағатта қос қанардың бүйірі қампайды, Бүгінге осы жетер деп мотоциклдың люлкесіне қанарларды бірінің үстіне бірін қойып. жіппен тарта таңып тастады. Үйіне жеткесін есік алдындағы төбесі шимен жабылған көлеңкелі жаппаның астына ақ жаймалар төсеп, адыраспанды қанарлардан аударып, кептіруге жайып тастады. Күн сайын бұл ісін жалғастыра түсті. «Тақыркөлдің» ыстығы қойсын ба, тасығандары екі-үш күннің ішінде құрғап, дестелеуге дайын болды. Арасында, демін басып отырғанда, «алақандай ақылдысына» көз сала қойып еді, онысы Германия ғалымдарының жусаннан  биобелсенді зат-артемизинин деген «SARS-CoV-2» вирусының күнін қараң ететін дәрі тапқанын жеткізді. Адыраспанның әр дестесіне екі-үш тал, иісі бұрқыраған жусан қосса, қатып кетпей ме деп топшылады да, мотоциклге отырып, ауылдың батыс жақтағы «Күзентөбеден» аса зымырап берді. Отыз шақырымға созылатын жазықтың арғы бетінде, жусан молынан өсетін өңір бар екенін білетін. Боз топырақты,  тастақ, адырлы-бұдырлы жолдармен жалпайып жатқан беткейге жеткенде, адамды тыншытып, көңіл-күйін жайландыратын жусан иісі мұрнына жетіп, көлігін тоқтатты. Мидай даланың көркі-жусан гүлдеп қалыпты. Тездетіп орып, қанарларға сала бастады. Адыраспандай емес, бітік өскен жусанмен онысын тез толтырып, ауылға қайтты. Дестелеу шаруасын жас кезінде тігіншілікпен айналысқан, ебі бар Тоқта кемпір өз қолына алды. «Гармала әжейдің» ұзынды-қысқалы, көріксіз буындыларындай емес, қырық тал адыраспан мен екі тал жусаннан, қатаң стандартпен биіктігі қырық, ені жиырма бес сантиметрдей етіп десте жасалынып, белін жіңішкелеу түрлі түсті ленталармен буып, «товарный видке» келтірді. Осылай етуді немересі мен келінінен де талап етті. Қоңырқай-қызғыш адыраспан мен гүлдеген жусаннан, дәстүрлі жапон өнер туындысы саналатын икебана сынды, көрген көзді мұндалайтын сүйкімді дүние пайда болды. Күндік меже-жүз десте. «МП-2» қоймаға айналды. Дайын болғандары сонда еденнен төбесіне дейін тірестіре жиналып, жиырма күнде дестелер саны есеп-қисап жүргізіп жүрген Гүлжамаштың айтуынша екі мыңға жетті.

 

***

«Үшқұдық» атауы жүз жылдан аса  өзгерілмеді. Қазақ халқының жүзге бөлініп, ауызбірлігінен айрылған сәтін ұтымды пайдалана білген жоңғарлардың жойқын шабуылынан жойылып кетуге сәл-ақ қалған 1723 жылға дейін жетті. Жеті жыл бойы ары-бері сабылған қалмақ әскерінің уақытша тұрағына айналды.  Тағы бір ғасыр өтіп, бұл өңірге басқа көз алартқандар шапқыншылық жасап отырған тұста да «Үшқұдық» қалпында қалған. «Жауды адастыру жағы  ойластырылған», дейді бір білгіштер. «Жоқ», дейді тағы бірі. Ол кездің көлігі қазіргідей зырылдаған машина емес, ат, түие, есек қой. Бір дуалы ауызды кісі осы өңірмен жолаушылап келе жатады. Көктемнің жазға ауысар уағы болса керек. Бұл кезде жер әлі қызып үлгермей, ал ауа температурасы жоғары болғандықтан, желсіз, ыстықта, мидай жазық далада сағым пайда болатыны белгілі. Ерні кеберзіп, суды аңсап келе жатқан жолаушыға бұл сағым көгілдір көл болып көрінеді. Мұныңыз бүгінгі ғылыми тілмен айтқанда «оптикалық иллюзия». Тепеңдеумен жақындап келсе, көл ғайып болып, тақыр жазыққа тап болған. Сонда назаланған жолаушы: «…Сулы көл емес, тақыр көл екенсің!» депті. Онысын ұқпақұлақ үзеңгілестерінің бірі естіп, елге жайып жіберген деген де ұйғарым бар. Сонымен   «Үшқұдық» біртіндеп ұмытылып, «Тақыркөлге» айналады. Кеңес кезеңіндегі ауылға кіреберіс жол бойына жазылып қойылған «Целинныйды»-да елу жыл бойы ешкім  ауызға алмай, «Тақыркөл» міз бақпаған қалпы бүгінге жеткен.  Біз: «Шама, Шама! Сырдың суы-алты бөшке!» дейтін бабаларша кесіп айта алмасақ та, «шала тарихшы» қалпымызбен, «Тоқ етерін айт! Қай жылдан бастап Тақыркөл аталынған?- деп, тік мінезді біреу қадала қалса:  «1847-ші жыл-ау», деп, көзімізбен жер шұқып, күмілжіп қоямыз.

Байқасаңыз, ол да аз уақыт емес, Табаны күректей 174 жыл. Жер иесіз болмайтыны белгілі. Иесіз қалса, «Мынау пәлен елдің жері», деп картаға түсіріліп, мөр басылған құжат қолда жоқ кезде, басқа жұрт демде «менікі» деп иемденіп шыға келуден тайынбайды. Соны білген бабалар, үнемі бұл өңірге иелік етуді ойластырып отырған. Жалғасып келе жатқан «иелік ету» кезегі Күзен батырға жетеді. Ол баяғы құдық қазушыларды қорғауға келіп, қалмақтармен қақтығыста жараланған Өмірзақ бозбаланың ұрпағы еді. Бұған дейін қазақ әскерімен мыңбасы ретінде, әр түрлі жорықтарға қатысып, көзге түсіп, аты шыққан  Күзеннің жетпіске таяп, шау тартып қалған кезі. Бұл шамамен 1856-57 жылдар. Қарамағындағы отыз бір  жасақпен қазақ жерінің осы аймағын жат жұрттықтардың малын жайып, басқа жолдармен де сұғына еніп кетпеуін қырағы қадағалайды. Астындағы  басына ноқта симайтын «Нарқызыл» атымен соңынан жасағын ертіп, ұзағынан, жүз елу шақырымға созылған шекара аумағын апталап аралаудан бір танбаған, беймаза, ашушаң жан болыпты. Сол кезде ақ сақалды, ақ шашты, орта бойлы, жасына қарамай шапшаң қимылды, бүркіт қабақ, құс мұрын, шегір көзді коңырқай өңді қарт екен. Қазақтың жері дегенде ешқандай мәмілеге көнбепті. Қатал сұраушысы болғасын, жат жұрттықтар да аяғын аңдап басып, бос жатқан далаға «көзін сатып» сұқтана қарағанымен, «білек күші мен найза ұшы» естеріне түсе кетіп, райларынан тез айнып отырған.

…Күзен батыр ауыл шетіндегі киіз үйде, іңір түсе кемпірімен шай ішіп отырды. Әлденеге мазасызданған батырдың қабағындағы кірбіңді байқап кемпірі:

–  Бір жерің ауырып жүрген жоқ па? – деді.

– Жоқ, Құдайға шүкір! Дұрыспын!

Жаманшылықты жүрегі сезді ме, түннің әлден уағында, төсектен тұрып, қашықтау жердегі арқандаулы Нарқызылын жетелеп келіп  үйдің белбеуіне байлап қойды. Найзасын қол жетердей етіп, төсегіне жақындатты. «Қап!» деді, сауыт-сайманының бірер сөгілген жерін жамауға үлкен ұлының үйіне беріп жібергені есіне түскенде. Елеңдеп, жайсыз ұйықтаған батыр, таңалакеуімде ат тұяғының дүбірінен оянды. Найзасын ұстай тысқа атып шықты. Жарты шақырымдай жердегі төбе етегінде екі аттылының қараңдаған сүлбесін аңғарды. Ауыл ішіне қарай жақындап келеді. Шолғыншылар деп топшылады. Тез үйге қайта еніп, кемпіріне: «Жүгір! ауылды оят! Жау жақындап келеді. Төбенің ар жағында… Мен бөгей тұрамын. Жасақ менің соңымнан шапсын.  Кемпір –шал ,бала-шаға «Қызылсай» жаққа кетіп, ары қарай көліктілері ауылдан ұзаңқырай түсіп, қолға түспеудің жолын іздесін. Қаракөлге хабаршы жіберсін!» деп асыға ескертті де, қайта тысқа шығып, ерттеуге уақыт жоқтықтан, шылбырдағы жүгенсіз атына жайдақ мініп, «Е, Тәңірім!» деді де, найзасын әлгі екеуге кезене, төңіректі дүбірлете шаба жөнелді. Шолғыншылар төбенің ауыл жағы тік жарқабақ болғасын, оның оңтүстік жағын айнала қашты. Талай жаумен жекпе-жектерде иесін ұғынып, «жебей» білетін Нарқызыл тұлпар қойсын ба, ә, демей-ақ екі шолғыншыны қуып жетті. Жете, біріне желке тұсынан найза жұмсап, атынан аударып өтті. Екіншісінің есі шығып кетті ме, төбені айналу бағытынан айнып, «Жауқашқан» жотасына қарай лағып кетті. Күзен оны қумай, жайына жіберіп, төбе басына асықты. Төбе басынан арғы етекте екі жүздей аттылы жау әскері шолғыншыларының оралуын күтсе керек, үйріліп тұрғанын, бұл кезде таң нұры сәл-пәл жайыла бастағандықтан, анық байқады. Ескі әдіс. Мақсаттары-таң атпай, ұйқыдағы ауылға лап беріп, есін жиғызбай басып алу. …Батырдың басқалардан айырмашылығы сол, ол ұрыс алдында, осы әрекетім пемен тынады, қарсыласқа шамам жете ме, жетпей ие, мен өліп кетпеймін бе деген ойлар мүлдем болмайды. Күзен де батыр еді. Ол ауылын шауып, үйінің шаңырағын ортасына түсіріп, өзін өлтіргелі келе жатқан жауға барынша зиян келтіріп, аяусыз қарсыласудан басқа ойында ешнәрсе болмады. Жауға шабар алдындағы аузына түсетін «Е, Тәңірім!» деп жалбарынуын қайталап алғасын, ерсіз, жүгенсіз Нарқызылын тебініп қалды. Аяғындағы кебісі шолғыншыларды қуып жүргенде,  сыпырылып түсіп қалыпты. Тақиясы ұшпапты. Майданға кірер алдында, дулығасын түзетіңкіреп қоятын әдеті болатын, Сонысына салып, тақиясын басыңқырап қойды.  Ақ көйлекті, ақ дамбалды қалпында, жарты шақырымдай жердегі жауға қарай, Нарқызылының  щылбырын босата, тебініп қалды. Жау жағы әлі қараңғылық барлықтан, ағараңдап, қиқулап, өздеріне қарай құйындатып келе жатқанның кім екенін айыра алмай, әбігерге түскен сыңайлы. «Пері ме, жын-шайтан емес пе?!» деп те аяқтарын тартыңқырап тұрғандары да бар. Күзен батыр жете, жатжұрттықтардың екеуін, найзамен атынан аударып түсіргенде ғана естерін жиып, жабыла ортаға алды. Үш жерден садақ оғы тигенде, найзасы қолынан түсіп, ауып кетпей, Нарқызылының жалына қос қолдай жармасты. Есті жануар, аспанға шапшып, жолындағы екі-үш жау әскерін ат-патымен қоса кеудесімен омақастыра соғып, батырдың қан сорғалаған жансыз денесін ауылға қарай ала қашқан сәтте, ауыл жақтан отыз сарбаз қарсы шауып келе жатыр еді. Олар да күші басым жаумен айқаста, жанын жай бере салған жоқ. Сол айқаста елуге жуық жау аттары да иесіз қалды. Жау дегеніне жетіп ауылды басып алды. Күзен батырдың денесін тауып, басын кесіп, жұртты шошындыру үшін найзаға шаншып, ауыл ортасына қадап қойды. Нарқызыл жауға өзін ұстатпай, ен далаға қашты. Кеш мезгілінде ауылға оралып, Күзеннің тыста қараусыз жатқан бассыз денесін иіскеп тұрғанда, жанды жерінен садақ оғымен жаралап, қолға түсіріп, ауылды алу құрметіне бауыздалды. Күзеннің басы найзаға шаншылған қалпында бір жеті тұрды. Бір жетіден кейін, Қаракөлден хабар алған Жанқожа батыр бастаған әскер жетіп, жатжұрттықтарды түре қуып, ауылды азат етті. Күзен батыр отыз сарбазымен төбе басына жерленді. Содан бастап, төбе – «Күзентөбе» аталынып, «Тақыркөлде» қайтыс болғандар «Қаракөлге» апарылмай, «Күзентөбеге» жерленетін болған

 

***.

 

Ала таңнан екі қапқа елуден, жүз дестені салып алған Адырбай, жүзін таң самалына желпіте қалаға тартты. Базарға жеткесін, мотоциклын автотұраққа қойып,  алдымен байқайын деп, он данасын пакетке салып, бір дестені оң қолына ұстай базар ішіне енді. Алушылардың назарын өзіне аудару үшін: «Адыраспан! Адыраспанда… адыраспан!» деп әндете дауыстап келеді. Кезіге кеткен боянып-сыланған екі келіншектің бірі, Адырбайдың қолындағы «икебанасына» таңғала қарап:

– Қаншадан? – деді.

– Екі жүз елу теңгеден.

– Қымбат емес, – деді екіншісі.

– Ты смотри!.. Мұндай әдемі адыраспанды бұрын көрмеппін. Белін байлаған лентасына қара… Тап-таза. Жусанның иісі шығады… Жусанды да қосыпсыз… Керемет! Нанын адалдап жейтіндерден екенсіз. Рақмет. Пакетіңізде қанша бар?

– Солай деп бағалаған сіздерге де рақмет.  Пакетте он данасы бар. Өздеріңізде қандай әдемі едіңіздер, – деп, Адырбайда өз кезегінде келіншектерге көпшік қоя сөйледі.

– Біз бәрін аламыз. Көршілерге де бір-бірден силаймыз,- деп, бірінші үн қатқан келіншек ақшасын төлеп, жөндеріне кетті. Саудасының сәтті басталуын жақсы рымға балаған Адырбай, мотоциклына оралып, аузы ашылған қапты арқалай қайтты. Базаршылар ары-бері көбірек жүріп жатқан орта шеніне барып, «қой сатудан» сауданың көрігі- жарнама екенін біліп қалған Адырбай, қабының аузын ашып қойып, қос қолына дестеден ұстай, тағы  әндете түсті. «Адыраспанда… адыраспан!» Онысын екі –үш мәрте қайталап барып, арасына «Жусан!.. Жусан!..Жәрдем берер сіздерге, Егер, онымен вирусты қусаң!» дегенді де қыстырып қойды. Сауда қызды. Бір сағатта бірінші қапты, тағы екі сағат дегенде екінші қапты саудалап тауысты. Үш жүз теңгеден. Сағат он бірден өте қалтасында жиырма жеті мыңнан астам қаражаты бар Адырбай, «жабағысын» быт-быттата «Адыраспан да… Адыраспан!» деп әндетіп, «Тақыркөлге» қайтып келе жатты. Тағы бір үш күн өткенде, аздап «шыр» біткен Адырбай базар басшысына кіріп:

– Адыраспан сатуға «бутик»-дүңгіршек бөлсеңіз, – деп сұрады креслосына көміле шалқайған басшыдан.

– Босы жоқ, – деп кіржиді, бұны онша жаратпай. Сәл ойланды да: – Жарайды…  Жер берейін. Қайта бұзуы оңай материалдардан салып ал, – деп, ыңыранды. Ауылдан ағаш шебері, кластасы Әжіханды ерте келіп, бөлінген үште үш метр жерге, рейкелерден «сүйегін» құрастырып, оған ақ кенеп тартқызып, ойындағысын жүзеге асырды. Қалада тұратын Тілләқыздың інісі, сурет салуға икемі бар Мейірбек ақ кенептің  керілген үш бетіне, түгелдей гүлдеген адыраспан мен жусанның суреттерін салып тастады. Есігінің кіреберіс екі жағына екі шумақ өлең плакатқа жазып, іліп қойды. Біріншісі: «Ассалаумаәлейкум, адыраспан, Бізге сізді жіберді Омар, Оспан. Кеселге жеті түрлі ем болсын деп, Әкім Лұқпан Пірлері ақыл қосқан». Екінші шумақ өзінікі. «Үмітпен жолға қарадым, Айтылар әлі сан әнім… Адыраспаны даламның, Ковидтен емге жарадың!». Арасына, екі шөптің де улы екенін ескертіп: «Өлшемін білсе, жыланның уы да пайдалы, білмесе, араның балы да зиянды», дегенді қоса жаздырды. Ең жоғарғы жағындағы маңдайшаға: «Бұл адыраспан, кәдімгі, жай адыраспан емес, төрт миллиард жылдан астам бұрын Жерге құлаған Қызыл жұлдыз метеоритінің топырағында өскен адыраспан. Қоңырқай-қызғыш түсі соны растайды. Бүгінгі күні «Ковидтен» сақтайтын бірден-бір шөп дәрі», деп жаздырылған үшінші плакат тұрды. Сөйтіп, «Қызыл жұлдыз адыраспаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестік дүниеге келе қалды. Жеке кәсіпкер лицензиясын алып, салық төлеу жағын да заңдастырып қойды. Бұдан әрі өзіңіз де шамалап отырғандай, құрметті оқырман, Адырбайымыздың бизнесі өрге қарай дөңгелей жөнелді. Таңмен таласа тұрып,  мотоциклмен ары-бері шапқылап, адыраспан тасуын доғарып,  мың данасын бірден таксилетіп «бутигіне» жеткізіп адатын болды. Саудасын қыздырып, үйіне қайтпай, раскладушка алдырып, базарда түнеп жүрді. Базар қызметкерлерінің бірсыпырасымен жақын араласып, Қызыл жұлдыз адыраспаны мен «Тақыркөлдің» жусанының қасиеті туралы медик ретінде әңгіме өрбіту әдетіне айналды. «Егер «бутигіңізге» кірген ауру адам жөтелсе, не түшкірсе, сілекеймен ұшып шыққан вирус аядай тар, желдетілменген бөлмедегі сізге жұқты дей беріңіз. Ал менен алған дестені аракідік тұтатып, түтіндетіп тұрсаңыз, вирус кірерге тесік таппай, сізге жұғудың орнына, жеті қырдан аса, жан сауғалап қашады». Тағы бір орайы келе қалғанда: «Ароматотерапия деген бар медицинада. Оны жанға жағымды бұрыннан таныс иіспен көңіл – күйді реттеу, негативті жағдайдағы сезім-эмоцияны игеруге жәрдемдесу жолы деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, сетінеп кетуге шақ тұрған  «психологиялық қорғаныстың тігісін» қайта  жамау. Ол бізде  атам заманнан болған… Апа-әжелеріміз қуанышты сәттерінде де, мұңға батқан кездерінде де отқа май салуы, иіс шығаруы да осыған келіп тіреледі. Тұтатылған адыраспан иісі… Оған жусан иісін қосыңыз. Керемет емес пе?! Жығылған көңіл-күй көкте қалықтап шыға келеді. Көңіл-күй жақсарғасын, ұйқыға кеткен иммунитетіңіз де оянып, осқырына ойқастап, короновирусқа доқ көрсетіп шыға келеді. Ал, иммунитет — вирус сізге атқан жебеден қорғар қалқаныңыз. Ол жақсы болса, мына індетті дүниені жалпағынан басып жүрем дей беріңіз», деп те тастайды. Сөз жата ма. Бір-бірінен естіп, базардағы жүзге тарта «бутик» иелері түгелімен «түтіндетумен» қабат, бір дестесін «экибанус» ретінде вазаға салып,  көрнекті жерге қоюы  жарнаманың үлкеніне айналды. Алпыс мың халқы  бар қалалықтар да  көргендерін қайталауға көшті. Алпыс мың дегеніңіз кемінде он мың отбасы. Әр отбасы бір дестеден алған күннің өзінде, Адырбай әлі қанша десте сатуы керектігін есептей беріңіз. Дайындалған екі мың десте таусылуға айналғанда, еті тірі Тілләқыз ауылдағы бос жүрген қыз келіншектерді жалдап, тағы үш мыңын дайындап, «МП-2»-ге жиып, қажеттілікке қарай таксимен базарға жіберумен болды. Тамыздың ортасы ауғанда, қайнысының үйіне қонып, ақша санады. Ұзын саны бір миллион үш жүз мың теңгеден асып жығылып тұр. «Бір апта «пауза» жасап, осыны «сіңіріп» алу керек», деп ойлады. «Тақыркөліне» қайтты. Келе ақша үлестірді. Бір миллионды Тілләқызға ұстатып жатып: «Бес жұз мыңы Гүлжамаштың оқуына, қалғаны өзіңе», деді. Анасы мен қызына да жүз мыңнан берді. Ақшаның буы ма, үй іші желпініп сала бергендей… Ауыздарынан жарқын, жарқын сөздер шығып, болмашыға шуылдай күліседі. Мұны байқаған Адырбай: «Рас-ау… Бәрі баяғыла айтылып қойылған. Ақиқаттан қашып құтыла алмайсың. «Сананы-тұрмыс билейді», деп ойлады. Тоқта кемпір ақша жинайтын түйіншегіне Адырбайдың бергенін қосып жатып: «Мына жүз мыңды депозитке салып қойыңдар. Өсімі болады екен. Қисая калсам, қажет», деген ескертіуіне, баласы: «Алдымен қисайып алыңызшы. Содан кейін көре жатармыз», деп әзілдей жауап қатты. Тілләқыздың қабағында тұнып тұратын қаяудың ізі де қалмаған. Ақшаны сөмкесіне салып жатып: «Бас иеміз бар екен… Құдайға шүкір!» деп, Адырбайға бірер мәрте мейірлене қарап, баяғы жаңа түскен жас келін кезіндегідей қылымси,  «Жағдайың қалай  өзі?», дегендей, кемпірдің көзін ала бере, қасын қағып, қағып қойды. Көңілденген Тоқта кемпір: – Шетел шығып, сергіп қайтпайсыңдар ма»,- деді.

– Ой, апа-ай… Барғызбасымыз, барғызбас…

  • Кім ол барғызбайтын?

– Қаражат та… Мына ақшаның «иесі» шығып тұр емес пе?! Шетел асып, төбесіне су құйып қайтсақ, шаруамыз тағы ла пұшықтың өлеңіне ұқсап кетер. Қой апа, тыныштық қылайық.

– Солай екен-ау, – деген кемпір ары қарай сөз өрбітпеді.

«Оқуымның ақшасы не болады?», деп ылғи сұрақты кескінде, өзін панасыз жандай сезінетін Гүлжамаштың да жүзі жайнай түсіпті. Кіріп-шығып, дастарханға дәм тасып, құстай ұшып жүр.

Ет желініп, сорпа ішіліп жатқанда, анасы бөлмесінің терезесі тұсындағы көршісі, өткен түнде ұйқысын бұзғанын айтты.

– Шамшаттың сүмелек күйеуі Қойлыбай, өз қатынынан жеріген бе, ана көше басындағы байы жоқ Күнпатшаның үйіне кіріп кетіпті. Соны біреу жеткізсе керек, таң атуға таянғанда, Қойлыбайды алдына сала, жонынан шыбықтай қуып келіп, қырылысты да жатты. Өзі кішкене болғанымен, даусы қандай ащы. Тағы шәңкілдеп қайдағыны тауып айтады. Екі күн бұрын да Қойлыбай үйіне таң алдында мас болып келіп, шатақ шығарып, ұйықтатпаған.

– Менің Адырбайым сияқты есті болсын. Ерте тұрып, тірлігін бітірмей ме?.. Ақымақ та… Есер адамдар жұрттың мазасын алмай, сәскеге дейін ұйықтаса, содан да пайда көп болар еді,-деді, Тілләқыз, өткен жолғы Маскты мысал ете «ақылың кем» деп сөккенін жуып-шайып

– Ақымақтан: «Осынша ма нәрсені бүлдіре беруге қалайша уақыт таба бересіз?», деп, таңғала сұрағанда: «Ерте тұрамын!» деп нығыздапты ғой,- деп Тоқта кемпір де қалжың әңгімеге бейімділігіне салып, дастархан басындағыларға езу тартқызды.

Кеш түсіп, қас қарайып қалғанда Тілләқыз оңашада: — Басқалау болғаныңда, басқаша өмір сүрер едің-ау…-деді.

– «Басқалау болғаныңың» не?..

– Өзің жек көретін мінездерді айтамын да… Мысалы, ой-өрісі тар тоғышар болғаныңда, жақсылығы өз басынан аспайтын, өзін ғана ойлайтын эгойст, пайдакүнем, жылпос болғаныңда, не сен сияқты қазақтың тілін, ауызбірлігін үндеп, өзіне қарадай жау жинап, қиындық туғызып, бас қатырмайтын болғаныңда, Жер бетін осы ғасыр соңында топан су басу қаупін  қайғырмайтын болғаныңда, ядролы соғыс басталып кете ме деп уайымдамайтын болғаныңда, кітапқұмар емес, пұлқұмар болғаныңда, не ұят деген ұстанымды ұмытқан көп тобырдың бірі болғаныңда… Тағы сол сияқты.

– «Басқаша өмірің ше?..»

– Игіліктерге қол жеткізуді меңзеп тұрмын. Елдік төмен жерлерде, ішкі ізгі ниет есепке алынбайды. Талап-«мысықтың ақ, қарасы деп жатпай, тышқан ауласа болдыға», келіп тіреледі. Сен, Гүлжамаштың папасы, өте жақсы адамсың. Жақсы адамдарға лайықты өмір сүру мүмкіндігі Тақыркөлде ойластырылмағаны өкінішті.

Адырбайдың кей-кейде ұстап қалатын, Тоқта кемпірден берілген қылжақтығы ояна кетті.

– Тилка, «МП» адыраспаннан тазарып қалыпты-ау…

– Иә. Бес мың дестені жоқ қылдық қой.

– Сен былай ет! Киіз төсеп, екеумізге төсекті сол жаққа сал.

– Былтыр, «Тоздым, тоқтадым! Бұдан былай бөлек жатамыз», деген сияқты едің…

– Дегем. Оны ұмыт! Жекпе-жекке шығамыз.

– Ойпырым-ай, ә. Қорқытып жібердім деп тұрсың ба? Орыстар: «Кәрі аттың соқасы борозданы бүлдіре алмайды», деген…

–  Десе, дей берсін. Онысының шындыққа жанаспайтынын іс үстінде көресін.

Адырбай «адыраспан бизнесінен» әбден титықтаса керек, уәдесінде тұрмай, жастыққа басы тие бірден пырылдап ұйқыға кетті.

 

***

Бұл жолғы көрген саналы түсі позитивті эпизодтарға толы болды

Қызыл жұлдыздан құлаған метеориттен «Қызылсай» пайда болған деген гипотеза аксиомаға айналып шыға келді.  «Персеверенсе» Жерге Марс топырағын ала оралғанда, бес кило «Қызылсай» топырағын бес бұрышынан алып, «Қазғарыш» минстрлігіне жеткізген. Ондағы жауапты адамдар тиісті ғалымдарға жүгініп: «Қызылсай» топырағы мен Марстың топырағы арасында ұқсастық бар, жоғын анықтау қажеттілігін», сұрайды. Міне, енді қуанышты хабар жетіп тұр: «Электронды микроскопия жасау барысында «Қызылсайдың» топырағы Марстан әкелінген реголиттердің абсолютті аналогы екені анықталды», делінген.

Одан әрі халықаралық үлкен жиында сөйлеп тұрған сәті көріне кетті. «Қызылсайда өскен Қызыл жұлдыз адыраспанының құрамынан «Марсмайн» деген  Жер планетасында жоқ зат бөлінген. Ол «SARS-COV-2» вирусының жасушаға енуіне мүмкіндік беретін «қармақ»-«S»-ақуызды-коронаны өз қызметінен айыру арқылы, патогенді өлтіріп, тобыменен мүлдем жойып жіберуге қауқарлы», дейді Адырбай. Одан әрі: «Қазіргі пандемияға қарсы тиімді дәрі табылғанын әлемдік медициналық қауымдастық мойындады. Оны тапқан қазақстандық-Адырбай Жасағанбергенұлы Нобель силығына ұсынылды»,- деп әлдеқайдан диктор Әнуарбек Байжанбаевтың үнімен ағылшынша хабарлап тұр.

Стокгольм. Ратуша. Сахнада швед королі өз жанұясымен, премьер-министрі. бұған дейін осы силықты алған жаһандық ірі ғалымдар жайласқан. Залда силық алуға келгендер. Өңкей ығай мен сығай. Адырбай, жанындағы, стогольмдік сұлулық салонына барып танымастай түрленген Тілләқызымен мына ерекше салтанатты сәтті тамашалап тұр.

– Қазір саған не береді?-дейді Тілләқыз шыдамсыздана.

– Диплом мен миллионер болған Альфред Нобельдің кескіні салынған алтын медаль аламын. Король қолынан.

– Солақ па? Тағы не береді?

– Ақша.

– Қанша? – дейді Тілләқыз тағатсыздана жанын қоярға жер таппай.

– Он миллион, швед кронымен.

– Швед кроны! Жоқ біз швед кронымен алмаймыз. «Тақыркөлде» кронды ешкім білмейді. Берсе доллармен берсін. Қызғаншақ абысындарыма көрсетіп, ішін күйдірейін. Долларға шаққанда қанша болар екен?..

– Қазіргі курспен тоғыз жүз отыз төрт мыңдай деген.

– Рас айтасың ба, Гүлжамаштың папасы?.. – деп, жүзі жайнай түсіп. – Біз енді бай болдық. Ақымақ бай болушы ма еді. Ақылдым десе… Енді ол қыруар ақшаның үш жүз мыңына, қаланың қақ ортасынан, ауқаттылар тұратын аумақтан ойып тұрып, әркімнің есігін паналап жүрген екі ұл, бір қызыңа үш пәтер сатып аламыз. Елу мыңына  «Джип» аламыз да, анау «Джибімен» өткенде, мұрнынан құрт түсіп, селем бермей, шаңға көміп кететін, бес мың қойы бар, кластасың Өрісбайды біз де шаңға қалдырып, амандаспай  өте шығатын боламыз. Отыз төрт мыңына турист болып, әлемді шарлаймыз. Париж, Токио, Мәскеу, Алматы, Дубай, Пекин, Дели сынды қалалар мен ана Сейшельдік, Багамдық, Мальдвилік, Канарлық аралдардағы  экзотикалық курорттарға міндетті түрде барамыз. Қалған төрт жүз елу мыңын банкке депозитке салып қоямыз. Ары қарай… Па шіркін! Тарығу,торығу,зарығу, жетіспеушіліктен зар илеп, запыран құсу атымен жоқ, алдыңда арқаны кеңге салған, жайма-шуақ өмір жолы жосылып жатады.

– Жарайды… жарайды. Тек жүз мыңын «Тақыркөлден» дені дұрыс дәрігерлік амбулатория салуға берейік, – деді бұл да төңірегіндегілерден ыңғайсыздана, бастырмалатып бара жатқан әйелінің есін жиғызып, аузын жабу үшін.

– Мақұл! Үш жүз елу мыңның өсімі де шаш етектен болмай ма?! Бірақ мыналардың банкпен аударамыз дегеніне көнбе. Біздегідей «түйе көрдім жоқ, бие көрдім жоқ» дейтін сұхиттар бұл жақта да жоқ дейсің бе?! Беретін долларын қапқа салып қолымызға ұстатсын Ауылға дейін  өзім арқалап барамын.

Осы жерге жеткенде Тілләқыздың Стокгольмдегі үні өшті. Енді келіп, «Тақырккөлден» сөйлеп тұр. Өңінде. Алдымен үй ішін «вирустардан аластатқан» болуы керек, қолына түтіндеген адыраспанды тостақ ұстаған қалпында:

  • Әй, жекпе-жекшіл батыр-ау… Жата бермекпісің?.. Ерте күнді, кеш қылып. Жүрттың бәрі сағат бестен қыбырлап, күн ысып кетпей тірліктерін тындырып жатыр. Тұрсаңшы! Ана «Қызылсайың» күтіп қалды. Енем кеше жүз мың алғалы, тізесі ауырғаны басылып, «Екі қолға бір күрек» беріңдер. Іс таңдамаймын», деп, білегін сыбанып, тың отыр. Гүлжамаш та оқуға кетіп қалмай тұрғанда, «Қызыл жұлдыздың адыраспанын» дайындап, базарға шығарайық, – деп, ызғарсыз, жұмсақ үн қатып тұр.

Адырбай әлгі саналы түсін соңына дейін  көре алмағанына өкінді.  Төсегінен сылбыр қимылмен тұрып, жуынып-шайынып, кешегі «миллионер» болған күнге орай жайылған тоқ дастарханнан жүрек жалғады. Қанарлар мен орақты «үш аяқтысының» кебежесіне салып алғасын, жүріп кетті. Мәрей әже  есекпен адыраспан таситын сүрлеу жолмен ызғып келеді. Жолдың екі жағын шағыл құмда бітік өскен қызыл бүрген басқан. Алдынан жарты аспанды күлгін түске бояай таң нұры жайыла түсіп келеді. Қоңырқай-қызғыш өңді «Қызыл жұлдыз адыраспаны» өскен «Қызылсайға» да жақындап қалды. Ғалам қызарып,  Марсқа айналып кеткендей.., Бірақ оны елер Адырбай жоқ. Байыпты, табиғатынан көнбіс, тыныш, тұнық мінезі бағана ұйқысынан оянғанда, төсегінде ілеспей қалып қойғандай, әлденеге өкпелі балаша, бұртыңдай сөйлеп келеді: «Қаа-а-ай-да-ғы?.. Қартайғанда… Алаңсыз, мамыражай өмір! Қайдағы көңіл жайлылығы… Е, қу тіршілік! Жаның кеудеңнен ұшқанша, бітпейтін…», деуін жел уілі мен мотоцикл гүрілі құлағына жеткізбеді.

 

Соңы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *