ӘБІШТІҢ ШЕБЕРЛІК ӘЛЕМІН ЗЕРДЕЛЕГЕН ҒАЛЫМ

рима

Рима Жақсылықбаева,
Баспасөз және электронды
БАҚ кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

Шығармашылық – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі десек, өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуына көмектеседі. Табиғатынан шығармашылыққа бейім жандар өз ортасында да сол болмысын айқын аңғартып тұрады. Сондай болмысы ерек жандардың бірі ретінде ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Молдахан Абдраевты атап өтер едік.

Молдахан Абдраевтың ғылыми-зерттеу бағытына негіз болған тұлға – мемлекет қайраткері, белгілі публицист, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев. Жазушының журналистік қызметін, қаламгерлік мұратын, жазушылық қолтаңбасын жіті зерттеп, шығармашылық жолын ғылыми айналымға түсірді.

Зерттеуші Молдахан Әбдраев Әбіш Кекілбаевтың публицистік шеберлігінен заман сипаты мен уақыт шынайылығын тани отырып, ғылыми ой түйе білген. Мәселен, М. Әбдраев зерттеуі арқылы жазушы Ә. Кекілбаевтың 5-сыныпта оқып жүргенінде-ақ сын әлеміне саяхат жасағанын, әуелі өлең жазып, одан соң қарасөзбен бауырлас болғандығын, тауының шағылмауына, жігерінің жығылмауына түрткі болған, талай буынның ұстазы Тауман Амандосов екендігін білдік. Зерттеу еңбегінен біз «Құс қанаты» повесінің идеялық-көркемдік салмағын, «Бір шөкім бұлттың» шырғалаңға толы айшықты сәттерін, «Көз жасы» еңбегінің шынайылық сюжетін айқын аңғардық. Әбіш Кекілбаев шығармаларын оқығанда философиялық сұлулыққа, заман тербелісінің тетігін тапқандай дәуір дүбіріне тап болатыныңды орамды талдаулары арқылы көзіңді жеткізгендей болады. Ғалым ретінде өзі де Әбіш Кекілбаев шығармашылығына былайша баға береді: «Әбіштің осындай архитектуралық толғаныстарынан, ұлттық пішіндерді аршып алуға әбден болады. Жаратылысқа деген жанының тазалығы, елге, жұртқа, тіпті, әлемге тілеген тыныштылығы кемеңгерлік сипатын аша түседі. Лек-легімен төгіліп жатқан пайымдаулар, шымыр сөз, шебер сөйлемдер автордың көсемсөзділігіне шүбә келтірмейді, шеберлігіне күмән туғызбайды»…[1].

Молдахан Әбдраев Әбіш Кекілбаевтың публицистикасында рухани тереңдік, зерделі ой жатқандығын: «Әбішті тану – әлемді тану, Әбішті оқу – рухани дүниеңді кеңейту, Әбішті зерттеу – зердеңді зияттандыру»,-деп атап өтеді [1, 77б]. Бұл пікірден біз Әбіш публицистикасының көркемдік деңгейінің жоғарылығын, оқырман танымын кеңейтетін, деректерге бай екендігін байқаймыз. Жазу өнеріндегі артықшылықты осылайша зерделі зерттеу арқылы аңғарта білген.

Жақында Молдахан Әбдраевтың «Телевизия интеллектуалды коммуникациялық инновация: отандық және әлемдік тренд» атты оқу құралы университет баспасынан жарық көрді. Телевизияны – адамзат өміріндегі ақпараттың боямасыз тасымалдаушысы десек, бүгінгі ақпараттық кеңістікті телевизиялық бейнекадрлар арқылы көріп отыратынымыз айқын. Осы мақсатта Абдраев Молдахан «Телевизия интеллектуалды коммуникациялық инновация: отандық және әлемдік тренд» атты оқу құралын телехабарды ұйымдастыру технологиясы мен жанрлық ерекшеліктерін сараптап, студенттерге тәжірибелік оқу жиынтығы ретінде ұсынды. Еңбекте автор кадр сыртындағы мәтінді оқу, режиссерлік, операторлық, артредакторлық т.б. журналисік кәсіби құндылықтардың түрлі әдіс-тәсілдерін ұштастыра отырып, тележоба, тележоспар, телетақырып, телемәтін, телесценарий жасау шеберлігіне де машықтай түсетін технологияларды атап өтеді. Бұл – студенттер үшін аса қажетті дүние екендігі даусыз. Сондай-ақ, бүгінгі талапқа сай Интернет, БАҚ және онлайн ақпараттық инфографиялық кескінді жоспарлау да тасадан тыс қалмаған.

М. Абдраев оқу құралында «Телевизия – сұлулық пен әсемдіктің аралы», «Телевизиялық бейнеөңдеудің тілі мен мазмұндық стилі», «Телехабар – дауыс пен дыбыстың психологиялық аспектісі», «Сөз бен дыбыс қайтуы жоқ процесс» т.с.с. тақырыпшалар арқылы өз пайымы мен көзқарасын байыпты сарапқа сала отырып, бірнеше зерттеуші, ғалымдар пікірі арқылы ой сабақтастыра білген. Тележурналистика шеберлігінің бір қыры ретінде сөзгерлік қабілет пен ойтұжырым интеллектуалдығы екендігін, дыбыстың эстетикалық ой түзілімін сұлу тілмен суреттеп, идеялық ұғымдардың туындауына себепкер болатынын Қазақ телерадиосының ардагер айташы-дикторлары – Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сауық Жақанова, Тыныс Өтебаев, Әбдірәлі Бөлебаев, Омархан Қалмырзаев, Құсман Игісінов сынды тұлғалар еңбегі арқылы дәлелдеп, айқындай түседі. Заманауи тақырыпқа бағытталған ой-тұжырымдары студенттерге теориялық негіз бола отырып, телевизияның мүмкіндігіне жол ашады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидатыМолдахан Абдраев республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп,баспасөз арқылы шыңдалып, жазу машығын қалыптастырғанын жақсы білеміз. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясында және облыстық «Дидар»басылымында басшылық қызмет атқарды.

Зерттеуші Қуандық Шамақайұлы: «Тележурналист өнер туындыларын эфир арқылы көрерменге жеткізуді ұйымдастырушының деңгейінде қалып қоюға тиіс емес. Көрерменге ұсынылатын кино, спектакль, концерт, көркем-публицистикалық көрсетілімдер, деректі фильмдер, түрлі өнер туындыларының көрмелері мен туындыгердің шеберлігі жайындағы арнайы репортаждардың бәрі де журналистен белгілі бір мәтінді талап етеді. Әдеби-көркем, өнер туындыларын бағдарламаға дайындаудың өзі журналистен ерекше сезім мен оны түсіне білу түйсікті талап етеді. Әсіресе, сазды әуеннен тұратын жеке телехабарлар, сазгерлер мен көркем өнер шеберлері жайында телефильм, мұражай, тарихи ескерткіштер, мүсін туындылары жайында бағдарламалар даярлағанда жоғарыдағы талап тіптен күшейе түспек. Сондықтан, тележурналист үшін өнертанушы мамандығы да кәсіби қызметтің деңгейіне қойылады», — деп атап өтеді [2]. Осы тұста Молдахан Кәріпбайұлы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров туралы «Асқаровтың қолтаңбасы», ақын, жырау Кенен Әзірбаев туралы «Екі Кенен тумайды», «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай, «Қазақ» газетінің 100 жылдығы мен Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 140 жыл толуына орай «Ұлт санасының зергері», «Ұстаздың биік тұлғасы» (Салық Зиманов туралы), «Әз Наурыз құтты болсын!», «Ешкімге ұқсамайтын елес бейне» (С. Әбдрайымұлы туралы), «Ғасырдың жүгін арқалап» (Ө. Әбдиманұлы – 60 жас), «Ғалымның дара тұлғасы» (Қ. Әбдезұлы – 60 жас) атты деректі фильмдердің авторы әрі редактор-режиссеры болды. Өз ісінің білікті маманы ретінде осындай соны да көңілге қонымды дүниелерін ерекше атап өткенді жөн көрдік.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Абдраев М. Кестелі сөз кемеңгері. –Алматы: Қазақ университеті. -2013. -47-48 бб.
  2. Шамақайұлы Қ. Журналист шығармашылығы. 25 маусым. 2013. /https://abai.kz/post/17229

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *