СИРЕК ҚОРДА САҚТАЛҒАН ҚОЛЖАЗБА

Зейне Скендірқызы Оразбекова,
филология ғылымдарының кандидаты, Ph.D
Селжүк университеті Әдебиет факультетінің оқытушысы
Кония қаласы, Түркия Республикасы
МОЛДА МҰСАНЫҢ ТУЫЛҒАНЫНА 175 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ТАРТУ
Мұсабек Байзақұлы (1849-1932) туралы ең алғашқы және көлемді еңбек жазған, қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін салушылардың 6ipi ақын — Өтебай Тұрманжанов. Ол Оңтүстік Қазақстанға арнайы сапармен келіп, ақынның мұрасын жазып алған. Оның ақын жайындағы алғашқы мақаласы өте маңызды. Молда Мұсаның көзін көргендермен жүздескен Ө.Тұрманжанов көп мәселеге көзі жетіп қайтқан. «Әдебиет майданы» журналында (1935) басылған бұл мақалада ақынның шығармашылығына қатысты құнды деректер кездеседі.
Отызыншы жылдардың өзінде Молда Мұса өмipi менақындығы жөнінде бірнеше зерттеушілер қалам тартқан.Соның ішінде біздің назарымызды ерекше аударатыны, әрине,Мұхтар Әуезовтің пікipi. Ғұлама ғалым алтыншы сыныпқа арналғанәдебиет хрестоматиясында Молда Мұсаға арнаулы,қысқаша тарау қосқан, ақын шығармаларының әлеуметтікмәніне ден қойған Молда Мұса шығармаларын жанрлықтүрлеріне қарай топтап, жіктеп көрсеткен. М. Әуезовсынды қазақ әдебиетінің аса білгір ғұламасының ілтипатынаілінуінің өзі Молда Мұса туындыларының мәнділігіндәлелдесе керек.
Молда Мұса өз уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол араб, парсы, шағатай әдебиеттерін, тарихтарын жақсы білген. Қазақ, қырғыз, яки басқа Орта Азия халқының ескілігіне де қанықты, жетік болған. Сондай білімі, өлең сөзі арқылы ол қай ортаға болсын араласып, сыя беретін болған». Қазақ әдебиетінің білгір ғұламасы М. Әуезовтың аузынан шыққан мұндай сын, баға ерекше маңызды. Зерттеуші бұл арада Мұсабек ақынның шығармашылығында өз дәуіріндегі аса ірі әлеуметтік өзгерістерді тап басып, тапқыр мінез таныта білгендігін таныған.
1937 жылы әдебиетші Әшіp Yceнов орта мектептің тоғызыншы класына арналған әдебиет хрестоматиясында Молда Мұсаның өмipi мен ақындығы жөнінде де тоқталған.
Ә.Үсеновтың талдауларында да қызықты ойлар кездеседі, мәселен: «Молда Мұса XIX ғасырдың аяқ кезінде қазақ даласында феодалдық (бектік) қалып пен қатынастың негiзі қопарылып, ыдырауға айналған, оның орнына буржуазиялық қалып пен қатынастың орнай бастап, барған сайын өpicтeп, үстемділікті қолға алуға қызу аттанған кезінде әдебиет майданына шыққан ақын. Өз тұсындағы тарихи жағдайды, үстемдік үшін майдандасқан қарсы күштерді көре білген, көп заманнан беpi тұғырдан түспей, үстем болып келе жатқан ақсүйек, датқа, би бектердің беті қайтып, жүні жығылып, заманының арпалыс ағымына төтеп бере алмай отырғанын сезген, оны шығармаларында лайықты көрсете алған, көркем сөзге ұста ақын» — дейді.
Mінe, осы сөздерден Молда Мұсаның шығармашылығына тән кейбір ерекшеліктер байқалады. Бұл еңбектерде Молда Мұса бүкіл Таяу, Орта Азия елдеріне кең таралған үш тіл -араб, парсы, түркі тілін жете меңгергендігі атап өтіледі. Сонымен бірге, Молда Мұса Байзақұлы шығармаларында бүткіл түркі жұртының замана шындығын кең де терең жырлаушы тұлға болғандығын ұмытпаймыз. Себебі, ақын шығармаларының басымы адамгершілік пен имандылыққа, әділдік, кеңпейілділік қасиеттерге арналған.
Өкінішке орай, отызыншы жылдарда-ақ ғалымдар назарына ілінген Молда Мұса шығармалары ұзақ уақыт бойы елеусіз қалдырылып келді. Мұның өзіндік ceбептері жоқ емес. Соның ең бастысы — кеңестік дәуір кезінде әдебиетті, әcipece ескі мұраны бірыңғай таптық тұрғыдан бағалаушылыққа байланысты.Зерттеушілер қожа, молда, төре деген сөздер кездесе қалса, оларға жоламауға тырысты. Бұл айтылғандар бірыңғай үстем тап немесе дін уағызшысы деп түсіндірілді. Бертінгі дәуірдің өзінде Молда Мұса өлеңдерінің жинағы «Жазушы» баспасында жылдар бойы жатып, қысқартылып шығарылғаныәлгіндейкөзқарастың салдарынандемеске болмайды. Бip ғана Молда Мұса емес, шығыс классикалық әдебиетінен нәр алған, шығыс әдебиет дәстүрінде жазған көптеген ақындардың мұрасына да көңіл бөлінбей келгені белгілі.
Молда Мұса мұрасына жаңа серпін туғызған кезең — алпысыншы жылдардан 6epi басталды. Бұл ретте Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Рахманқұл Бердібайдың «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші кітабында жазған монографиялық тарауын ерекше атау керек. Ол: «Ақын Мұсабек Байзақұлының әдеби мұрасын жалпы шолғанда оның, негізінде, бұқара халық мүддесін түсінген шығармаларында замана шындығын жырлаған өнер иесі екенін көреміз. Оның тап кайшылығын ұтқыр ашып көрсеткен, жамағатты оқу-білімге, өнер үйренуге шақырған, жоғары адамгершілікке үндеген туындыларының тәрбиелік мәні бар. Ақын өзінің мысалдары мен дастандарында да өмірдің түрлі мәселелеріне үкім, ғибрат айтуға талаптанған. Сонымен қатар, ол айтыстың да әйгілі жүйрігі ретінде танылады…» — деп бағалайды.
Филология ғылымының кандидаты — Әсілхан Оспанұлы Қаратау атырабы ақындарының шығармашылығын зерттеген диссертациясында Мұсабек Байзақұлының өмipi мен еңбегіне де тоқталады. Бұл атаған еңбектерде де ақын мұрасының кейбір құнды сипаттары орынды атап өтілген. Бұл жұмыстар Молда Мұса мұрасын танып, тексерудегі маңызды қадамдар.
Ақын мұрасын таныстыру мен насихаттауда белгілі әдебиет зерттеушісі Әсілхан Оспанұлының сіңірген еңбегі елеулі екендігін ерекше атау ләзім. Ол Оңтүстік Қазақстанның Мәделі, Майлы, Құлыншақ, Нұралы, Мұсабек, Ергөбек сынды көрнекті ақындарының шығармашылығы туралы ізденістерін «Қаратау атырабының ақындары» (1983) деген кітабында келтірген.
Ә.Оспанұлының Мұсабек ақын шығармаларын жариялау, насихаттау жөніндегі еңбегі де маңызды. Молда Мұсаның «Өткен күндер» атты жинағын (1987) Мұса Тоққожаевпен бірлесіп баспаға әзірлеуі ақын туындыларының екі кітабын (Шымкент.1995) құрастырып, алғысөзін жазуы бұған мысал.
Осыларды жалпы шолып айтқанда — Молда Мұса мұрасының негізгі нұсқалары таныстырылып, олардың көрнекті, мәнді белгілері таныстырылғаны аңғарылады. Бұл жұмыстардың бәрініңде өзіндік мәні бар. Бұларды Молда Мұсаның өмірі мен еңбектерін тану жолындағы қажетті сатылар деп білеміз. Ендігі жерде ақын шығармаларын әдебиеттанудың қазіргі дәуірдегі деңгейіне сәйкес нақтырақ, тереңірек зерттеу қажеттігі туды. Осы кезге дейін жинақталған материалдарды, айтылған пікірлерді, тұжырымдарды ескере отырып, Молда Мұсаның XIX ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі тарихи орны мен мәнін анықтау қажет. Бұл тұрғыдан алып қарағанда бірсыпыра міндеттер екшеліп шығады. Соның бірі -Мұсабек Байзақұлы шығармашылық өмірбаянын мүмкіндігінше толығырақ қамтып көрсету болмақ. Осы кезге дейін жазылған еңбектерде бұл мәселе өте аз сөз болады.
Ақынның шығармашылық эволюциясының жетілу, даму жолдарын көрсетуде өмірбаяндық деректер мәнді болатыны анық. Молда Мұсаның өмір кешкен ақындық ортасы, тағылым алған көркемдік дәстүрі қазақтың бай әдебиеті мен шығыстың классикалық әдебиетінен алған нәрі қаншалықты?! Осының бәрі тереңдеп тексеруді қажет етеді. Әрбір ақын шығармаларының бағалылығы өзі өмір кешкен дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығын көрсете білуінде ғой. Мұсабек Байзақұлы туындыларының қадір-қасиетін арттыратын да өз заманының өзекті көкейкесті мәселелерінің айтылуы екені мәлім. Ақынның өлең, дастандарындағы тарихи шындық көрінісін жүйелі түрде ашу зерттеудің негізгі шарты болып саналады.Молда Мұса түрлі жанрда мұра қалдырған. Соның ішінде арнау өлеңдерден бастап, айтыстар, мысалдар, жоқтау өлеңдер әзіл-сықақтар, аудармалар, көлемді эпикалық дастандар да ұшырайды. Демек, ақын мұрасының жанрлық түрлерін, олардың табиғатын ашу, түп негіздерін көрсету әдебиеттанудың төл міндетінің бірі болса керек! Ақырында Молда Мұса туындыларының көркемдік кестесін сөз ету, олардағы заңдылықтарды талдау керек болады. Жалпы, Мұсабек Байзақұлының шығармашылығын зерттеу жұмыстары үш кезеңге бөлінеді:
Біріншісі, сол отызыншы жылдардағы М.Әуезовтың, Ө.Тұрманжановтың, Ә.Үсенов сынды ғалымдардың зерттеулері жатқызылады.
Екіншісі, Б..Кенжебаев, X. Сүйіншәлиев, Р.Бердібай, Ә.Оспанұлы сынды зерттеушілер акынның өмірі мен шығармашылығын талдауға кайта оралды; бағалы пікірлер берді. Акынның 6ip топ өлеңі түрлі жинақтарға («Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» т.б.) енді, жеке кітапша болып та (1987, 1995) шықты.
Үшіншісі, бүгінгі таңда Түркиядағы Селжүк университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Ph.D Зейне Скендірқызы Оразбекованың 1999 жылы «Мұсабек Байзақұлының ақындық мұрасы» тақырыбында қорғаған диссертациясы негізімен, тек кейбір мәселелермен ғана толықтырылып, «Гига Трейд» баспасынан 2012 жылы жарық көрген кітаптан ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы толық мағлұматтар алуға болады.
2014 жылыCүлейман Демирель атындағы университетте Мұсабек Байзақұлының туылғанына 165 жыл толуына байланысты «Молда Мұсаның әдеби мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Олғылыми семинарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Әдебиет және өнер институты, әл—Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мен Сулейман Демирель университетіндегі «Аударма ісі» және «Қазақ филологиясы» кафедралары бірлесе отырып өткізді.
28.10.2019 жылы Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасымен бірлікте (директоры Қаймақбаева Қ.Е.) «Молда Мұсаның әдеби мұрасы және Сирек қордағы ұлттық құндылықтар» атты ақынның 170 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Этнограф Әбубәкір Диваевтың ғылыми фольклорлық экспедиция материалдары ретінде көптеген қолжазбалары «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазбалар қорында (Шора батыр: Мұсабек (Молда Мұса) Байзақұлының дастаны. Қ.1960; Молда Мұса Байзаковтың өлеңдері мен айтыстары. Қ.1451; Молда Мұсаның шығармасы: Жолбарыс. Қ.1137. №4; Тама деген ел. Мұса Молда мен Манат қыздың айтысқаны. Қ.287. №1,2,3,4; Қ.1135. №22; Молданың қыз алып қашқаны. Есімбайдың асында айтқаны. Мақал. Молда Мұсаның Қызыл-Құмға барғанда айтқаны. Молда Мұсаның Сырымжан деген қызға айтқаны. Бұдабайдың Молда Мұсаға айтқан жауабы. Мұсаның Бұдабайға жауабы. Қ.410. №9,10; Молда Мұсаның өлеңдері. Қ.410. №5,7; Молда Мұса Байзақов өмірбаяны. Қ.410. №1) сақталған. Бұл қолжазбаларында ақын қазақ фольклорын, қазақ тарихын, ауызша аңыз, әңіме, мақал, мәтелдерді шебер қолдана білген. Дегенмен, ақынның Сирек қорда сақталған жыр-дастандарына қоса халық аузында сақталған өлеңдерін жинастыру жұмыстары бүгінгі таңда да жалғастырылуда. Мәселен, жақында тағы табылған қолжазбалары бүгінгі таңда Стамбулдық реставратор ғалымдар тарапынан қайта қалпына келтірілуде. Бұл іс шара ақын Мұсабек Байзақұлының туылғанына 175 жыл толу қарсаңында жақсы тарту іспеттес екендігі де көңіл қуантарлық жай…
Әрине, өткеніміз бен бүгінімізді түгендейтін, етек — жеңімізді жинайтын заман туғанына тәуба дей отырып, түрлі қиындықтарға төтеп бере отырып, талмай ізденіп, еңбектенуіміз қажеттігі айдан анық. Осы тұста ақынның бірсыпыра төте жазу түріндегі еңбегінің табылғандығын және бұл қолжазба түркиялық ғалымдардың көмегімен реставрация-консервация жұмыстары жүргізіліп жатқанын қуанышта ашықтағымыз келді. Бұл ғылыми жаңалық бола білер хабарымыз үстіміздегі Мұсабек Байзақұлының туылғанына 175 жыл толып отырған шағына тұспаттас келуі де ерекше қуантарлық жай, яғни ақынныңшығармашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғастырылуда…