ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ МІНДЕТІ – ЗАҢҒА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙТЫН, ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ ЖОҒАРЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУ

исаеков акылбек

Ақылбек Исабеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры

Адам мен азаматтардың конституциялық құқықтары заңмен қорғалады. Алайда, адам мен азаматтардың құқықтары заңмен қорғалумен қатар олардың (азаматтардың) заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Заң – халыққа бағытталған ортақ тәртіп, сол үшін де заң әрқашан өз үстемдігін жүргізеді. Заңның талаптарын дұрыс орындаған әрбір азамат заңның алдында заңды құрметтейтін саналы тұлға болып саналады. Заңның талаптарына қайшы келетін (заңға қарсы) іс- әрекеттер мен кез-келген құқықбұзушылықтарға баратын адамның іс-әрекеті құқыққа қайшы, қоғамға қауіпті болып сараланады. Сондықтан заңның талаптарын орындамай, заңды құрметтемей, құқыққа қайшы іс-әрекеттерге барған адам заң алдында заңды жауапкершілікке тартылады.

Заңды жауапкершілік – дегеніміз не? Кез-келген құқықбұзушылық (құқыққа қайшы, заңсыз) әрекеттер орын алған жағдайда мемлекет пен құқық бұзушының (күдіктінің не қылмыскердің) арасындағы ерекше байланыс сипатында пайда болатын міндетті процесс. Нәтижесінде құқық бұзушыға арнайы жазалау шаралары қолданылады.

Заңды жауапкершіліктің мақсаты – адамның құқығы мен бостандығын қорғау, заңдылық пен құқықтың тәртіптің орнауын қамтамасыз ету.

Заңды жауапкершіліктің неше түрі бар? Жасалған құқықбұзушылықтың сипатына және құқықтың салаларына қарай заңды жауапкершілікті келесідей түрлерге бөлуге болады:

  • әкімшілік;
  • азаматтық-құқықтық;
  • материалдық;
  • тәртіптік;
  • қылмыстық.

Әкімшілік жауапкершілік –16 жастан бастап қолданылады. Негізі – әкімшілік тәртіпті бұзу. Жазалау түрлері – арнайы құқықтан айыру (жүргізушінің, аңшының және т.б.), айыппұл, әкімшілік қамау және т.б.;

Азаматтық-құқықтықжауапкершілік –14 жастан бастап қолдналылады. Негізі – келісімшарт тәртібін бұзу, келтірілген шығынды өтеу және мүліктік сипат. Жазалау түрі – айыппұл, келтірілген шығынды өтеу және т.б.;

Материалдық жауапкершілік –16 жастан бастап қолданылады. Мекемелерге, ұйымдарға немесе кәсіпорындарға келген шығындардың нәтижесінде пайда болады. Жазалау түрлері – келтірілген материалдық шығынды толық өтеу.

Тәртіптік жауапкершілік – 16 жастан бастап қолданылады. Әскери, еңбек немесе оқу тәртібін бұзған жағдайда қолданылады. Жазалау түрлері – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату.

Қылмыстық жауапкершілік – 14 жастан бастап қолданылады. Тек қылмыстық кодексті бұзғаны үшін қолданады. Жазалау түрлері

  • бостандығын шектеу, бостандықтан айыру, айыппұл, өлім жазасы (Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталды).

Заңды жауапкершіліктің тікелей мағынасын құқық бұзған тұлғаға мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шарасын қолдану деп те айта аламыз. Ол шаралар арнайы талаптарға, яғни заңды жауапкершіліктің қағидаттарына сай болуы тиіс. Ықтимал құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік мәжбүрлеуді қолданатын жағдайлар болып тұрады. Мысалы, әуежайларда арнайы бақылау шаралары, пойызда, ерекше күзеттегі орындарда, көліктің және жолаушының жүгін тексеру шаралары; тәрбиелік әсерлердегі мәжбүрлеу шаралары, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары және т.б.Ондай шаралар алдын кесу, қорғаныс және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары деп аталады. Бұл әрекеттердің барлығы міндетті түрде заң жүзінде іске асырылуы тиіс.

Қорғаныс шараларының мақсаты – заң бұзушыны жауапкершілікке тартпай бұзылған құқықты қайта қалпына келтіру (мысалы, бала-шағаға арналған алиментті төлеткізу).

Алдын кесу шарасының мақсаты – қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық тірліктерде қалыпты өндірісті қамтамасыз ету (мысалы, ешқайда кетпеу туралы тілхат, ұстау).

Басқа процессуалды шаралардың мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу (мысалы, жеке тексермелеу, куәландыру, мәжбүрленген тексерулер, карантин болған жағдайда қимылдарға шектеу қою), сонымен қатар есі ауысқан ауруларға қолданатын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары.

Қоғамға, жеке тұлғаға және мемлекетке кесірі тигенімен, жеке тұлғаны заңды жауапкершілікке тартпайтын жағдайлар болады. Ондай жағдайлар заңда көрсетілген, заңды жауапкершілікке тартылмайтын жағдайлар деп аталады. Ондай жағдай орын алған кезде тұлға заңды жауапкершілікке тартылмайды.

Оларға:

  • ессіздік. Тұлға өз әрекетіне жауап бере алмайды;
  • қажетті қорғаныс. Тұлға өзін, өзінің құқығын немесе басқа тұлғалардың мүддесін қоғамдық қатерден сақтап қалу мақсаты көздейді. Дегенмен бұл жағдайда қажетті қорғаныс шектеулерінің шегінен шықпауы тиіс;
  • қылмыс жасаған тұлғаны ұстау әрекеті;
  • аса қажеттілік;
  • құқықбұзушылықты психикалық немесе физикалық мәжбүрлеумен жасату;
  • бұйрықты орындау – яғни, кесірін тигізіп отырған тұлға өзінің заңды міндеттемесін орындап отырған тұлға болса, мысалы, әскери бұйрық орындау;
  • азмәнділік – яғни, жасалған құқықбұзушылық қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді.

Құқыққа сай әрекеттің әлеуметтік және заңды антиподы болып құқықбұзушылық саналады. Демек, ол – құқыққа қарсы, қоғамға зиян келтіретін кінәлі әрекет. Қоғамдықдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында кез-келген құқықбұзушылықтың салдары заңды жауапкершілікке алып келеді.

Қылмыстық әрекеттер екі жағдайда жасалады: біріншісі, қасақана (әдейі, арнайы дайындықпен); екіншісі, абайсызда (байқаусызда) не білместікпен. Қасақана жасалған қылмыстардың сипаты түсінікті, кез-келген әрекет қасақаналық ниетпен орындалады. Ал, абайсызда не білместікпен жасалған қылмыстық әрекеттерді қалай айыруға болады?Адам баласы абайсызда кісі өлтіріп те қоюы мүмкін. Мәселен, жол жүру, жол көлік оқиғасы кезінде аяқ астынан орын алған құбылыстың әсерінен кісі өлімі болуы мүмкін. Сондай-ақ, үй құрылысы не ғимарат салу кезінде тас, темір-терсек секілді құрылыс заттарын тысқарыға лақтыру арқылы өтіп бара жатқан адамның басына түсіп, соның әсерінен өлімге ұласуы да мүмкін. Ондай жағдайларда, кінәлі азамат заң бойынша «абайсызда кісі өлтіру» бабымен заңды жауапкершілікке тартылады.

Ал, азаматтардыңбілместікпен (құқықтық сауатсыздықпен деп айтуға болады) құқықбұзушылыққа не қылмыстық әрекеттерге баруын саралау амалдары өте қиын жағдайлар қалыптастырады. Өйткені кінәлі азаматтың ниеті теріс емес, бірақ оның жасаған іс-әрекеті құқықбұзушылыққа не қылмысқа әкеліп соқтырғандықтан заңды жауапкершілікке тартылады. Өкініштісі, әрбір азаматтың заңды білмегендігі, заңның нормалық талаптарымен таныспағандығы оны заң алдында жауапкершіліктен құтқармайды. Сол үшін қоғамдағы әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру аса маңызды болып табылады.

 

Құқықтық сауаттылық– дегеніміз не?

Құқықтық сауаттылық–қоғамдағ әрбір азаматтың құқық нормаларының талаптарын ұғынып, оның бұзылуына жол бермейтін, кез-келген азаматқа (досына, туысына, танысына) қандайда бір мәселе болмасын дұрыс кеңес (бағыт-бағдар) бере алатын, қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықтың сақталуына азамат ретінде өз үлесін қоса алатын қарым-қабілетті иелену мүмкіндігі. Ал, құқықтық сауаты қалыптасқан адам – әркез сақтықпен, кез-келген әрекеттің негізіне үңілу арқылы оның мақсатына көз жеткізе алатын, өзі құқықбұзушылық не қылмыстық әрекеттерге бармайтын және өзгелердің баруына жол бермейтін, өмір сүру заңдылықтары мен қоғамдағы саяси құбылыстарға өз пікірін білдіре алатын жеке тұлға.

Демек, қоғамдағы әрбір жеке тұлға жоғарыда баяндалғандай, құқықтық сауаты қалыптасқан жағдайда, қоғамда келеңсіз оқиғалар мен дау-дамайлар өздігінен азаяды және қоғамдық көзқарас (менталитет) едәуір өзгереді. Халық сауаттылықтың нәтижесінде көп игілікке қол жеткізе алатындығын ұғынады және оны сезінетін болады. Құқықтық сауаты қалыптасқан халықты басқару мемлекеттік билік үшін әлдеқайда жеңілге түседі. Халықтың қалыптасқан құқықтық сауаттылығының нәтижесі – қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әкеледі және жаңа заң нормаларының қабылдануына әсер етеді.

Ал, құқық бұзушылық – қоғамға зиян келтіретін (қауіп төндіретін), сондай-ақ құқық нормалары бойынша жазаланатын заңға қайшы (қарсы) түрлі әрекеттердің жиынтығы болып табылады. Құқық бұзушылық: азаматтық (жеке басқа, азаматтың  немесе заңды тұлғаның мүлкіне зиян келтіру, азаматтың абыройы мен қадір-қасиетін қаралайтын мәліметтерді тарқату және т.б.), әкімшілік (ұсақ бұзақылық, жол ережесі тәртібін      бұзу), тәртіптік (жұмыстан кешігу, жұмысқа бармау және т.б.) теріс қылық пен заң қуаттамайтын нақты әрекеттерден тұрады. Жоғарыда келтірілген құқық бұзушылық әрекеттердің қауіптілігі сол – олар қылмыстық іс-әрекетке ұласады. Құқық бұзушылықтар үшін заңмен тиісінше әкімшілік, азаматтық құқықтық, тәртіптік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Құқықбұзушылық заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Құқықбұзушылықтың себептері қоғамның ауытқуында және адамның құқықтық білімдері мен ой-өрістерінің жетілмегендігінде. Құқық бұзушының психо-физикалық және биологиялық ерекшеліктері бар деп айтуға болады. Егер себептерін қоғамнан іздесе, онда олар экономикалық, саяси, әлеуметтік және имандылық шарттарға бөлінетіндігін айтып өткен жөн.

Қылмыс дегеніміз деп – кез-келген есі дұрыс азаматтың саналы түрде (қасақана) қоғамға қауіпті (қоғамға зиян келтіретін) және құқыққа қайшы (қарсы) жасаған іс әрекеті не әрекетсіздігін айтамыз. Демек, қылмыс болып табылу үшін қылмыскер тұлғасы анық көрініс табуы тиіс. Заңға сәйкес, кінәлі азаматты (сезікті не күдікті деп танылған адамды) қылмыскер деп тану үшін ең алдымен:

  • ол азаматтың есі дұрыс болуы шарт;
  • өзінің әрекетін не әрекетсіздігін саналы түрде орындауы тиіс. Егер қылмыскер қылмыс жасаған уақытта қандай да бір психикалық ауруларға ұшырап, соның салдарынан әрекетке барғаны анықталған жағдайда қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды;
  • жасаған қылмыстық әрекетінің дәрежесіне сай заңда белгіленген жасқа толуы тиіс.

Құқықбұзушылық қылмыс және теріс қылық болып екіге бөлінеді. Қылмыс қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Қылмыс қоғамның ең маңызды, байыпты, қылмыстық заңнамасымен қорғалатын мүдделеріне қол сұғады. Қылмыстардың түрлері мен санаттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көрсетілген.

Қылмыстар төрт топқа бөлінеді:

  • жеңіл қылмыстар;
  • ауырлығы орташа қылмыстар;
  • ауыр қылмыстар;

-аса ауыр қылмыстар.

Жазаның мөлшеріне қылмыстың дәрежесі әсер етеді. Сонымен қатар мерзімнің өтуіне байланысты жазадан босатылуынан мерзімінен бұрын шартты босатуына, сотталғандығын алып тастауына да әсер етеді. 2015 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодексті негізге алар болсақ, қылмыстық теріс қылық деп қылмыстық нормаларды бұзған іс-әрекеттерді айтуға болады. Бірақ осы іс-әрекеттер аса жоғары қауіп төндірмейді, аса ауыр зиян келтірмейді және бас бостандығынан айырылуы жазамен жазаланбайды. Қылмыстық теріс қылық үшін айып, қамау, қоғамдық жұмыстар және т.б. жеңіл жазалар қолданады.

Теріс қылық – қоғамға тиетін зиянның деңгейі төменірек болып келетін құқықбұзушылық, қоғам тіршілігінің түрлі салаларында орын алады, сонымен қатар түрлі заңдық салдарға ұшырайды. Қоғамға тиетін зиянның деңгейін анықтау үшін келесі белгілерді қолданады: қол сұғылған объектінің қоғам үшін маңыздылығы, келтірілген зақымның өлшемі, құқыққа қарсы істелген әрекеттің тәсілі, уақыты және орны.

Теріс қылықтың келесі түрлері бар:

  • Азаматтық-құқықбұзушылық немесе деликт. Өз әрекетімен кез келген азаматтың мүлкіне немесе тұлғаға және қандай да бір ұйымға келтірген зиянды іс-әрекет. Басқа сөзбен айтқанда, мүліктік немесе жеке мүліктік емес құқықбұзушылық, келісімшарт міндеттерінің орындалмауы.
  • Әкімшілік құқықбұзушылық. Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, азаматтардың жекеменшігіне, құқықтары мен бостандықтарына, белгіленген басқару тәртібіне нұқсан келтіретін кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік.
  • Тәртіптік құқықбұзушылық дегеніміз – еңбек заңын, әскери, оқу үдерісі және қызметтік тәртіпті бұзушылық. Ол кәсіпорынның, мекеменің және ұйымның ішкі тәртібіне залал келтіреді.

Қылмыстық теріс қылық – қылмыстық кодексті бұзған іс-әрекет. Осы іс-әрекет үшін айып, қамау және т.б. жеңіл жазалар қолданады. Қылмыстық теріс қылық сотталған деген белгіні туындатпайды.

Құқыққа сай мінез-құлық. Құқықтық нормалардың талаптарын әр адам сақтауға және орындауға тиіс. Сонымен қатар өз құқығын іске асыру үшін әр адамда құқықтық нормаларды пайдалануға мүмкіндік бар. Ондай іс-әрекет құқықтық мінез-құлық деп аталады. Ол заңға сай болады, мемлекетпен қорғалады және мадақталады. Құқыққа сай мінез-құлық дегеніміз – құқықтық норма нұсқамаларына сай келетін заңдық іс-әрекет. Құқыққа сай мінез- құлық, негізінде, қоғамға пайдалы және әлеуметке маңызды болып келеді.

Жалпы, адамзат баласының қолымен жасалатын қылмыс атаулысының көпшілігі пайдакүнемдік мақсатта жасалады. Көптеген қылмыстардың қылмыс құрамының субъективтік жағына назар аударылғанда қылмыскердің жеке басының пайдасын ойлаған психологиялық сұлбасы әшкереленеді. Қылмыскер қылмыстық әрекетке барар алдын және әрекет үстінде өз әрекетінің қоғамға (не жеке адамға) қауіп төндіретінін және құқыққа (заңға) қайшы екендігін саналы түрде сезінеді, соны толыққанды шын ықыласымен қалайды. Демек, қылмыскердің жүрек қалауы – оңай (заңсыз) жолмен мол пайда (олжа) табу. Сыбайлас жемқорлық не парақорлық қылмысын жасаған азаматтар (қылмыскерлер) сол әрекеті арқылы келген табысты «олжа» деп есептейді. Анығында (ақиқатында), сыбайлас жемқорлық не парақорлық қылмыстары арқылы келген табыс «олжа» емес, пайда яғни заңсыз жолмен келген пайда болып табылады. Сондықтан да құқық теориясында «пайдакүнемдік»ұғымы қалыптасқан. Адамның жеке басының пайдасына бағытталған заң талаптары мен құқық нормаларына сәйкеспейтін кез-келген әрекеті пайдакүнемдік қылмыстардың сипатын береді.

Ал «олжа» ұғымына келер болсақ, бұл ұғым қылмыскер психологиясындағы пайда мен табысқа мүлде жанаспайды. Олжа – олжалы болған адамның адал іс-әрекетінің жемісі. Қандайда бір құқыққа қайшы ой-пікір (ниет) мен амалдар (әрекет) араласқан кезде «олжа» ұғымы жойылады да заңсыз жолмен келген табыс көзіне айналады.

Қазақ халқының дүниетанымына көз жүгіртер болсақ, «Еңбексіз тапқан малда қайыр болмайды» деген нақыл сөз кездеседі. Түпкі мағынасы: кез-келген табыс (пайда) бейнет ету (кәсіп істеу) арқылы адал еңбекпен келуі тиіс дегенді білдіреді. Демек, белгілі кәсіп, адал еңбек адам баласын абыройға жетелейді, арсыздық пен азғындықтан алшақтатады. Халқымыздың дүниетанымында кездесетін бұл нақыл ғасырлар бойына ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі деп санағанАристотель: «Кез келген мемлекеттік құрылыста ең бастысы – заңдар мен қалыптасқан тәртіп арқылы істі лауазымды адамның пайда таба алмайтындай етіп құру керек» деп жазса, Гегель: «Афинада әрбір азаматтың қандай қаражатқа өмір сүретіні жөнінде есеп беруге міндеттейтін заң болған, ал қазіргі кезде бұнда ешкімнің шаруасы болмауы тиіс»деп атап көрсетті.

Расында, Аристотельдің де Гегельдің де пікірлері өмір тәжірибесінен алынған тұжырымдар деуге болады. Қазіргі таңда еліміз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына көшуде. Бұл бағыт – еліміздің гүлденуіне, сыбайлас әрекеттердің тамырын қиюға өз ықпалын жасап келеді. Себебі, Қазақстандағы барлық сала бойынша ақпараттар мен мәліметтер цифрландыру жүйесіне көшу арқылы орталықтандырылған базаға енгізілуде. Халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің барлығы-дерлік электронды жүйе арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен тұтынушыларды (халықты) кез-келген мәселе бойынша бетпе-бет жүздесуге жеткізбей, электронды үкімет порталының (онлайн) көмегімен қызмет көрсету үлгісі қалыптасқан-ды. Бұл қызмет түрі – ашықтық пен тазалықты (әділдік) қуаттайтын, халықтың игілігі үшін жасалған жүйе болып саналады.

Рим құқығында «сыбайлас жемқорлық» заң нысанын иеленді. Бұған мысал ретінде рим құқығының жиынтығын – XII кестелер Заңын (біздің эрамызға дейінгі V ғасыр, латынша legesduodecimtabularum) келтіреміз, онда «corrumpere» термині соттағы жауап беруді ақшаға алмастыру немесе судьяны параға сатып алу деген мағынада пайдаланылады. Сот ісін жүргізу кезінде (істі талқылау үшін) тағайындалған және осы іс бойынша ақша сомасын алған деп айыпталған судья немесе делдалды өлім жазасына кесетін заң қаулысы қабылданған.

Осы тұста қазақ халқының дүниетанымындағы «Би басына күн туса билігі кетер басынан» деген мақалын назарға алуға болады. Қазақ халқының ғасырлар бойғы құқықтық институттарының қозғаушы күші «Билер кеңесі» болғаны белгілі. Ұзақ жылдар бойы бұл институт өте нәтижелі қызмет көрсетті. Бұл институттың өміршең болуының себебі – кез-келген дау-дамай (көтерілген мәселе) бойынша төрелік етуші билердің ұстанымында адам тағдырына деген адалдық (адамгершілік) қағидасы мен турашылдық тетіктерінің қалыптасқандығында болды. Сол себепті де халқымызда: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз қалды. Рим заңдарында кездескендей, судьяға тағылатын өлім жазасы қандай ауыр жаза болатын болса, қазақ қоғамындағы «имансыз» деп танылған билердің жазасы одан да ауыр болып саналады. Себебі, біздің халқымыздың дүниетанымында «Өлімнен ұят күшті» деген мәтел бар. Ауыр жаза болатындығы сол, қоғамда «имансыз» деп танылған билердің ұрпағына деген сенімсіз теріс көзқарас қалыптасады.

Қазақ қоғамының ғасырлар бойғы тарихында да түрлі қылмыстық әрекеттер орын алғаны белгілі. Адам қоныстанған (тіршілік еткен) ортада (қоғамда) келеңсіз оқиғалар мен қылмыстық әрекеттердің бой көрсетуі заңды құбылыс. Себебі, қоғамдағы (әрбір ортадағы) барлық адамдардың дүниетанымы мен ой-пікірі, білімі мен ақыл-парасаты тең дәрежеде қалыптаспайды. Кейбір адамдар қасақана (біле тұра) қылмыстық әрекеттерге барып жатса, кейбір адамдар білімсіздіктен не сауатсыздықтан (білмегендіктен) қоғамға қауіпті, құқыққа қайшы іс-әрекеттерге бой алдырып жатады. Бұл күнделікті өмірде кездесіп жататын күрделі мәселе.

Қазақ халқының дүниетанымында «Кісінің ала жібін аттама» деген тиым салу түріндегі құқықтық норма бар. Қай бір қылмыс болмасын балиғат жасқа толған (заңда көзделген жас мөлшері) есі дұрыс адамның саналы түрде жасаған іс-әрекетімен не әрекетсіздігімен сипатталады және сараланады. Есі дұрыс адамның саналы түрде жасаған іс-әрекеті не әрекетсіздігі – оның жүрек қалауымен орындалатын таңдау жасаған амалы болып есептеледі. Заң талабы – қоғамда өмір сүріп жатқан барлық адамдарға ортақ, бірдей міндеттеме жүктейтін құқықтық күшке ие. Сондықтан да әрбір адам заңға бағынады, оған құрметпен қарайды. Әрбір қылмыскер тұлғасында екі таңдау болады:

  • біріншісі, заң талабына бағынып, қоғамға қауіп төндіретін, құқыққа қайшы келетін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жанаспау;
  • екіншісі, қасақаналық жолмен (зардабын біле тұра) қоғамға қауіп төндіретін құқыққа қайшы келетін әрекеттерге саналы түрде бару.

Егер де бірінші таңдау орын алып, әрбір адам өз жолымен жүріп, адал еңбек ететін болса, сол адам қоғамның дамуына, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жеке тұлға болып саналады. Сондай-ақ жоғарыда жазылғандай, қазақ дүниетанымына сай «ешкімнің ала жібін аттамаған» кісі ретінде танылады. Қазақ қоғамының құқықтық жүйесінде баланы жастайынан тәртіпке баулу мәселесіне қатты мән берілген. Мәселен, қазақ қоғамындағы

«Кісінің ала жібін аттама» деген тиым салу түріндегі құқықтық норманың тәрбиелік мәні өте тереңде. Талдай түсетін болсақ:

  • біріншіден, әрбір заттың не мүліктің өз иесі болатындығы, яғни мүліктік қарым-қатынастарға байланысты мүлік иесіне затқа не мүлікке иелік ету, пайдалану, басқару құқығы берілетіні ескерілген;
  • екіншіден, кісінің ар-намысына нұқсан келтірмеу, яғни әрбір адамның конституциялық құқықтары (ар-намысы, қадір-қасиеті, өзінің ой-пікірін білдіру еркіндігі) заңмен қорғалатындығы ескерілген;
  • үшіншіден, сананың тазалығын қалыптастыру және сақтау яғни әрбір қылмыс саналы түрде жүрек қалауымен орындалатындықтан, баланың бойында жастайынан қылмысқа қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін құқықтық сананы жетілдіру мақсаты ескерілген.

Жоғарыда келтірілгендей, қылмыскер тұлғасындағы екінші таңдау орын алған жағдайда, кінәлі адам өзінің саналы түрде жасаған іс-әрекеті не әрекетсіздігі арқылы қоғамға қауіп төндіруге өз үлесін қосады. Мәселен, «терроризм» қылмысы бойынша кінәлі деп танылған қылмыскер өзінің саналы түрде жасаған әрекеті арқылы бір немесе бірнеше ғимараттарды, көпірлерді, көпшілік жиналатын ортақ мекендерді жарып, отқа орануына, сондай-ақ көптеген адамдардың өмірлерінің қиылуына себепкер болады. Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында жазылғандай, әрбір адамның өмірі және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең асыл қазынасы болатын болса, терроризм әрекеті кезінде қиылатынбірнеше адамның өмірі немен және қалай өлшенбек? Бұл жерде, табиғаттың сыйы ретінде берілген бірнеше адамның орны толмас қазасы орын алып, мемлекет аза тұтады. Қаралы күн жариялайды. Жарылысқа ұшыраған ғимараттар арқылы мемлекетке қыруар шығындар келтіріледі.

Қазақ қоғамының өмір сүру дағдысында құқықтық күшке ие бірнеше «тиымдар» қалыптасқан. Сол себепті де қазақ халқында: әр елдің «әй!» дейтін әжесі, «қой!» дейтін қожасы болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Әй дейтін әжесі бар елдің әлеуеті түзу, қой дейтін қожасы бар елдің қоғамы тыныш болады деген сөз. Бұл жердегі «әй!», «қой!» деген тиымдар қоғамдағы бақылаудың ең биік үлгісі болып табылады. Қазіргі таңда қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықты сақтау, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше органдар күндіз-түні қызмет атқарып келеді.Мәселен, таратып айтар болсақ, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер органдары, Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Кедендік бақылау органдары және Бұқаралық ақпарат құралдары (телеарна, радио, газет, әлеуметтік желілер) ортақ мақсатта жұмыстар атқарады. Қазіргі қоғамдағы атаулары аталып отырған органдардың атқаратын жұмысының ауқымдылығын ескеретін болсақ, қазақ қоғамындағы «әй!» дейтін әженің, «қой!» дейтін қожаның тиымдарының үлес салмағын аңғаруға яғни саралауға болады. Өткен қазақ қоғамындағы «әй!», «қой!» деген тиымдар ұлттық, рулық және әулеттік деңгейлерде өз функциясын өте шебер атқарып келген. Бұл тиым сөздің аясында «ұят болады» деген түсінік бар. Осы «ұят болады» деген түсінік қазақ халқының еш ұялмайтын ғасырлар бойғы төл тарихын қалыптастырып келген тәлімге толы ұстаным. Бұл екі ауыз сөздің салмағы қазіргі таңдағы

«Ар-намыс кодексінің» барлық баптарына пара-пар келеді.Осы тұрғыда хакім Абай: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылдығы»   деген.   Сондықтан   халқымыздың   санасындағы «ұят» деген ұғым кез-келген тиымдардың тірегі деуге болады.

Қазақтың әдет-ғұрпындағы тиымдардың мақсаты – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әрбір адамның ар алдындағы адами қадір-қасиетін құрметтеу болып табылады, міндеті – әрбір адамның жүрек қалауымен орындалатын ізгілік нормаларын қалыптастыру болып саналады.

Қайбір халықтың болмасын бүгінгі күнге дейін ұстанып, бағынып келген көпке ортақ тәртібі (заңы) болған. Қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып нормалары – ол ерте заманнан жалғасын тауып келе жатқан жазылмаған «Дала Заңы» болып табылады. Әдет-ғұрып нормаларының бастауы сонау ерте заманнан басталғандықтан, түбі бір түркі халықтарының, сондай-ақ кейбір Орта Азия халықтарының өмір сүру дағдысындағы әдет-ғұрып нормаларының талаптарымен үндесіп жатады.

Қазақ даласының тарихында әдет-ғұрып нормалары (кей жазбаларда «Адат» деп те аталады), Шыңғысханның «Жасақ» (Яса) Ұлы ережелер жинағы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәуке ханның заманында қолданыста болған «Жеті Жарғы» заңдар жинағы» сияқты құқықтық нормалардың жиынтығын қамтитын заңдылық күші бар қағидалар өз қызметін атқарған.

Дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлуге болады. Екі рулы ел жерге, жесіріне немесе ұрланған малы мен малын жоқтап не қапыда қазаға ұшыраған ерінің құнын даулап таласқанда тоқтам айтысып, бітісер жері билер соты болған. Даулы мәселені екі рудың билері жоқтап өзара айтысқа түскенде, ара би әділ қазылық айтып, тоқтамға келтіріп құн кескен. Ердің құнын, нардың пұлын тауып айтқан тобықтай сөзбен бітістіру – сөз қадірін бағалай білушілік халық дәстүріне негізделген. Сөзге тоқтау, «Аталы сөзге тоқтамағанның әкесі өледі» деп сөз қадірін құдірет тұту, «Тура биде туыс жоқ» деп әділ билік айтқан билердің үкімін екі етпей, мүлтіксіз орындау парасаттылықты байқатады. Халықтың осындай қарапайым тәжірибесінен туындаған қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.

Қазақ даласында қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген Дала заңдарына қысқаша ғана тоқтала кетейік. Аталмыш заңдар жинағы жазбаша нысанда болмағандықтан, отандық және шетелдік тарихшы-заңгер ғалымдардың еңбектеріне және осы күнге дейін халқымыздың өмір дағдысына сіңіп кеткен әдет-ғұрып нормаларына сүйене отырып, тұжырымдар жасай аламыз.

Бізге жеткен ең шынайы әділеттілік ілімге бай дала заңдары – «Адат». Қазақ халқының құқық жұйесін әдет-ғұрып құқығы құрайды. Бұл жүйені бұрынғы кезеңдерде «адат» деп атаған. Ғалымдардың пікірі бойынша «Адат» араб тілінде әдет-ғұрып деген ұғымды білдіреді. «Адат» өте ерте кезден басталып, көптеген өзгерістер мен толықтырулармен қазақ қоғамындағы негізгі реттеуші нормалар ретінде 1917 жылға дейін созылды.

«Әдет-ғұрып» заңдары. Адаттың ең басты ережесі түркілердің жалғыз құдайы Тәңір алдында теңдігін мойындауы болды. Осыдан «қанға-қан, жанға-жан» деген кек алу заңы шыққан. Әдет-ғұрып нормаларын ең шынайы деп айтатынымыз – салт-дәстүр болып халқымыздың санасына сіңіп кеткендігі. Салт-дәстүрін сыйламайтын, құрметтемейтін ешбір адам болмайды. Сондықтан, халқымыздың салт-дәстүрі біздер үшін жазылған заң нормаларынан артық әсері бар және құрмет тұтуға лайық құндылық болып табылады. Әдет-ғұрып нормалары адамгершілік, гумандық, ізгілікті де қорғады. Қоғамның бірлігі мен топтасуын сақтау адаттың басты міндеттерінің бірі болды. Үлкенді, лауазым иесін, отбасы басшысын, ата-ананы сыйлау да әдет-ғұрып нормаларынан орын алды. Мұның өзі қоғамдағы тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың жолын кесті. Сондықтан да, әдет-ғұрып нормаларының қазақ халқының құқық жүйесінің қалыптасуында маңызы өте жоғары болып табылады.

«Жасақ» заңдар жинағы. Дала өмірінің барлық қыр-сырларын реттейтін заңдарының келесі кезеңі – ұлы қолбасшы Шыңғысханның «Ұлы ережелер жинағы» — «Жасақ» (Яса) болды. Бұл заңдар жинағында мемлекетті нығайтуға, соғыс жүргізуге басты назар аударылып, қатаң тәртіп бекітілді. Сол себепті өзін-өзі хан деп жариялау, әдейі алдау, қашқын тұтқынды немесе құлды жасыру, соғыста жәрдем бермеу, майданнан қашу, сатқындық, ұрлық жасау, жалған куәлік беру, үлкендерге құрмет көрсетпеу секілді қылмыстар өлім жазасына тартылды. Заңның құндылығы сол, Ұлы далада 400 жылға тыныштық орнады. Қолөнер мен сауда- саттық қатынас өркендеді. Халық әр түрлі діни нанымдарына қарамай, бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрді. Мұсылмандардың мешіттері мен христиандардың шіркеулері Тәңірге табынушылардың, буддашылар мен зороастрийлердің қасиетті мекендері қатар тұрды.

«Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағы. Қасым хан мемлекетті басқару кезінде «Адат» пен «Ұлы Жасаққа» негізделген жаңа заңдар жинағын жасады. Әскери қабілеті мен халықты соңынан ерте білу дарынымен танылған Қасым хан мемлекеттің нығайып, кеңеюіне бар күшін жұмсады. Қасым хан құрастырған заң бес бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде жер және жесір дауына орай құн төлеу, салық төлеу мәселелері қарастырылған. Екінші бөлімде қылмыс пен жаза өлшемдері белгіленген. Үшіншібөлімде әскери тәртіп пен оны бұзушыларға қолданылатын жаза түрі, ал төртінші бөлімде, елшілік қарым-қатынастар айқындалған. Бесінші бөлім халықтың ата-дәстүріне арналған.Ата-дәстүр мен салт-санадан алынған бұл заңның негізі қазақтарды тура жолмен жүруге шақырды. Әділдігіне орай «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған осы заң қазақ тарихындағы алғашқы заң ретінде саналады.

«Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағы. Қазақ мемлекетін нығайтып, заң үстемдігін күшейткен келесі адам – Есім хан.Оның билігі тұсында XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының жағдайы айтарлықтай күрделенді. Сырдария маңындағы қалаларға иелік ету үшін Бұхара хандығымен болған соғыс ұзаққа созылды. Қоғамда билікке деген сенім мен құрмет айтарлықтай төмендеді. Осындай жағдайда мемлекеттің ыдырауының алдын алу жолы – халықты ортақ мүддеге жұмылдыру, біріктіру болды. Қоғамдық тәртіп пен халықтың ауызбіршілігін сақтау мақсатында Есім хан халық жадында қалатын құқықтық ережесін жасады. Бүгінде Қасым хан мен Есім ханның заңдар жинағы Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» орын алған.

«Жеті жарғы» заңдар жинағы. Тәуке хан тұсында Билер кеңесі Қазақ хандығының ең маңызды мемлекеттік құрамына айналды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты.Билер кеңесіне қазақ даласының дипломаттары – қоғам қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дара тұлғалар төрелік етті. Осы үш тұлғаның қара қылды қақ жарған қанатты сөздері бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының ғимараттарында жазылып тұр. Мәселен, Төле бидің: «Ақты ақ деп бағала, қараны қара деп қарала!», «Өзіңе өзің кәміл бол, халқыңа әділ бол, жауыңа қатал бол, досыңа адал бол!»; Қалмақтың ханы Қоңтажы «Қаз дауысты Қазыбек» деп атаған Қазыбек бидің: « Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман!», «Би әлсіз болса дауға алдырады, жігіт әлсіз болса жауға алдырады!»; Әйтеке бидің: «Адамның жақсысы: тура сөзге тоқтай білгені және өзгелерді тоқтата білгені!», «Ашу деген – ағын су, ақыл деген – дария!» деген қанатты сөздері қоғамда қағида болып қалыптасқан.

Билер ар мен әділеттілік өсиеттерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сотты әділ түрде жүргізіп отырғандықтан, адамдар даулы істерді шешу үшін оларға шын ықыласымен жүгінген.

Қай уақытта (заманда) болмасын, көтерілген мәселенің (дау- дамайдың) шешімі әділ шығарылған кезде іске қатысты тараптардың әрбірінің өз мүддесіне қарай шешілгені не шешілмегеніне қарамастан шығарылған шешімге келісуге мәжбүр болады. Тараптардың келісетін себебі, сол шешімнің шығарылуына (қабылданып, тараптар тарапынан қуатталуына) себеп болған нақты дәйектер (дәлелдемелер мен фактілер) бар болғандықтан.

Қылмысты не құқықбұзушылықты әшкерелейтін фактілер әрқашан да көтерілген мәселе бойынша жауапкершілікті нақты бір тұлғаға (кінәлі адамға) жүктеу үшін қызмет атқарады. Көзге көрініп тұрған фактілер (заттар т.б.) не халықтың наным-сенімі мен ғасырлар бойы әдет-ғұрпына сіңген тиымдар мен қағидаларға қарсы жасалған іс әрекеттер қашанда сұрақ туғызады. Мәселе көтерілген кезеңдегі заңдылық күші бар нормативтік нормаларға (заң талаптарына), сондай-ақ ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан әдет-ғұрып нормаларына қарсы келіп, қоғамға қауіптілік тудырған іс-әрекеттер бойынша (бұрынғы билер болсын, қазіргі соттар болсын) әділ шешімін шығарған жағдайда халықтың сеніміне ие болары анық. Жоғарыда келтірілген ірі билер (Төле, Қазыбек, Әйтеке) халықтың сеніміне кіріп, жүрегінен мәңгілік орын алған тұлғалар болып саналады.

Тәуке хан (1680 — 1718) билік құрған кезең қазақ тарихында

«қой үстіне бозторғай ұялаған заман» атымен белгілі. Тәуке ханның билік жүргізу саясаты және сол тұста қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағы халық игілігіне қатты қызмет еткендіктен халық оны Әз-Тәуке, яғни даналардың данасы Тәуке деп атаған.Этнограф- ғалым А.Левшиннің жазбалары арқылы бізге жеткен Жеті жарғыдағы ең ауыр қылмыстар: адам қанын төгу, тонау, ұрлық, зорлау, зинақорлық, жақынына үйлену, біреудің әйелін оның келісімінсіз алып қашу өлім жазасына бұйырылған. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан оның көптеген талаптары мен қағидалары ХХ ғасырдың ортасы тұсына дейін қолданылып келді.

Әз-Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен» деген ғалымдардың пікірі бар.Мәселен, орыс ғалымдары: Г.Спасский «Жеті жарғының»11 үзіндісін 1820 жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялаған болса, «Жеті жарғының» екінші нұсқасы (34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде кездеседі. Сол деректерге сүйене отырып, сол өзгерістерді төмендегіше келтіре аламыз.

  • жарғыда: «Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын» (Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды).
  • жарғыда: «Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын» (Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).
  • жарғыда: «Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын» (Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірушілікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).
  • жарғыда: «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын» (Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор жаңалық).
  • жарғыда: «Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын» (Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің, мемлекеттік соғыс күші ретінде бағаланады).
  • жарғыда: «Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді».
  • жарғыда: «Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін».

Қазіргі таңда өз Конституциямызды бекітіп, озық технология дамыған жаңа заманда өмір сүріп отырғанымызбен өмір сүру дағдысында салт-дәстүрлерге жүгінбей тұрмаймыз. Халқымыздың әдет-ғұрып құқығындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ережелері халықтың күнделікті өмірінде жастар мен қарттар арасындағы қарым-қатынасын, жерлеу, ас беру, құда түсу, шаңырақ көтеру, бала тәрбиелеу және т.б. істерді реттеп, өз өміршеңдігін танытып келеді.

Жаңа Қазақстанның алдында заңға құрметпен қарайтын, гуманизм мен әділеттілік қағидаттарында әрекет ететін құқықтық мәдениеті жоғары құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Бұл мақсатқа тек жоғары құқықтық сана, құқықтық мәдениет, халықтың әлеуметтік және интеллектуалдық дамуы, өз таңдауын еркін қабылдау және өз әрекеттері үшін өз бетінше жауап беру қабілеті арқылы қол жеткізіледі. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі тәуелсіз, әділ, құрметті сот билігін құрған кезде ғана болады. Құқықтық мәдениет – бұл құқықтық актілер, құқықтық және құқық қолдану қызметі, жеке тұлғаның құқықтық санасы мен құқықтық дамуы, сондай-ақ оның мінез-құлық бостандығы арқылы қол жеткізілетін құқықтық өмірдің сапалы жағдайы.

Осыған байланысты сот жүйесі қазақстандық азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан да елімізде Конституциялық сот жүйесі құрылды.

Қазақстанда Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа қызмет көрсетуде. Конституциялық соттың басты міндеті – Конституцияның үстемдігін бүкіл ел көлемінде, қоғамның әртүрлі қабатында орнату. Конституция үстемдігі арқылы әр азамат өз құқығын біліп, қорғай алады. Бұл сот жүйесінің негізгі қағидасы – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда барынша ашық, жариялы және қолжетімді деңгейде қызмет түрін көрсету болып табылады.Қазақстанның бұл жүйеге көшуі – қазақстандықтардың құқықтық санасының қалыптасып, орнығып, дамып келе жатқандығын білдіреді.

Мемлекетіміз нығайып, нағыз дамыған елге айналуы үшін жалпы қоғамның, соның ішінде өскелең жастардың санасы тұнық, өресі биік болып өсуі тиіс. Олар ұлттық рухани құндылықтармен, құқықтық біліммен барынша қаруланып өсуі керек. Сонда ғана жастарымыз, егеменді еліміздің өткен жолын саралап, жарқын болашағымызды байланыстыра алатын болады. Еліміздің іргесін ел тағдыры жолында рухы биік, арманы асқақ, еңбекқор азаматтар құраған жағдайда құқықтық мәдениет қалыптасқан, өмір сүруге қолайлы әділетті қоғам қалыптасады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *