
Мінуар Әкімханов,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері
ҚЫРАН ҚАЗАСЫ ҚИЯДА
(Баллада)
Талай күн жас қыранды шал баптаған,
Аңшылық таумен тасты шарлатты оған.
Қартайып қалғанымен қолындағы,
Қыранның қызығы әсте шаршатпаған.
Танытып бойындағы күшті толған,
Жас қыран қасқырда алған, түлкіде алған.
Сүйсініп бүкіл ауыл шалға сонда,
Шығарма, деген мұндай құсты қолдан.
Дей жүріп мұны суық сақта көзден,
Сан түрлі қиындыққа қарт та төзген.
Қыранға мұңын үнсіз шағатын ол,
Кей кезде жаны ауырса қақпа сөзден.
Осынау жас қыранды тұлғасы алып,
Тағы да көрмек бүгін сынға салып.
Үміті баяғыдай ақталса егер,
Қалардай кәрі көңіл бір жасарып.
«Қыраным жассың әлі шаттығын көп,
Тағы да көк аспанда шалқып бір»,- деп
Сыпырып томағасын ұшырды да,
Соңынан қарап қалды шал күбірлеп.
Жол ашты қарсы соққан жел қақырап,
Төменде қалды қарлы жер жалтырап.
Қыранның қалт жібермес отты көзі,
Келеді оң мен солын тең бақылап.
Көрінді сайдан қасқыр қылаң беріп,
(Бөгелмей бара жатқан бұл аң желіп)
Сол сәтте тас түйін боп, тік сорғалап,
Бүрді оның желкесінен қыран келіп.
Сан мәрте көрді дағы қақтығысып,
Бір бірін жұмарлады қатты қысып.
Ақыры құшақ жазбай жардан ұшқан,
Екеуі қара тасты жатты құшып.
Жаңғыртып Алатауды қарт алыпты,
Зар қағып, қапа болып, шал қалыпты.
Ақ бастаудың осынау бір сілемі,
Қыран тауы деп содан аталыпты.
САРЫЖАЗДА ӨСКЕН САҢЛАҚСЫҢ
(Серікбай Бертаевқа)
Өзіңдей жақсы ініге жарқын мінез,
Жыр арнап, жазуға ағаң талпынды тез.
Көңіліңді таңғы шықтай мөлдіретер,
Таба алсам жарар еді тартымды сөз.
Інімсің іске мығым сенім артқан,
Ағаңның ұғынарсың сөзін айтқан.
Жасқанып, жалтақтамай атыңды айтып,
Жасадым қайда барсам сені мақтан,
Ойымды отырған жоқ жыр-ғып құры,
Есіңе түсірейін сыр-ғып мұны.
Өшірмей ошағының отын жаққан,
Өзіңсің Бертай қарттың бір мықты ұлы.
Жататын бір-біріне жанасып із,
Екеуміз бір атаның баласымыз.
Көргенде көз тартатын біле білсең,
Екеуміз бір жейденің жағасымыз.
Қызықтар есіңде ме бала күнгі,
Доп қудың, шаңға малып балағыңды.
Ақылды адам еді анаң Күлше,
Жататын әр сөзінен тарап үлгі.
Тағдырдың тимес сірә кімге ықпалы,
Біздерді бөліп кетті тірлік қамы.
О, Серік сен жарадың, тұрып қалдың,
Төгілген ауылыңда кіндік қаны.
Айтпайтын еш адамға тіке қатты үн,
Біреуі болдым менде міне қарттың.
Ізбасар іні екенің айдан анық,
Сен міне, сексен жасқа иек арттың.
Барыңда бұл бауырыңда бағамды тіл,
Демеймін көкке көтер ағаңды кіл.
О, менің ілтипатты ақылды інім,
Әуелі өз орныңды, бағаңды біл!
Айналды айтар сырым жұмыр жырға,
Болдың ғой бір әулетке бүгін тұлға.
Ауылдас ағайынға сыйы басым,
Өзіңдей кім сүйінбес жұғымды ұлға!
АСПАНҚОРА
(Көзім көрген оқиға)
Біледі қиындықты істеп көрген,
Жан емен, бірақ оны іздеп терген.
Әйтсе де бастан кешкен оқиғаны,
Жырыммен баяндайын тізбектелген.
Қолайлы қоныс демен асқан дара,
Сонда да есімдесің Аспанқора.
Сен жайлы қора болдың қойымызға,
Қабырғаң қаланса да тастан ғана.
Ертеде тастан қалап бір бұзылған,
Үй алдық қайта ағаштан тұрғызылған.
Күзгі қара суықта тонға орандым,
Осынау тар бөлмеде тым қысылған.
Бұлттанып аспан әне, құбылып тұр,
Кетердей жел гулесе жұлынып қыр.
Қаншама от жақсақ та тар үйде осы,
Көрмеді тұмсығымыз жылынып бір.
Демеймін сені ойлаудан кеш қалдым ба,
Көлбеңдеп өткен күндер көшті алдымда.
Жаз шықса Қараешкінің ой мен қыры,
Оранып кетуші еді көк шалғынға.
Көзге ұрып тұрмаса да іштарлық іс,
Көрмедім бұл өңірге құштарлы құс.
Тауында қара ешкінің қыстаған жыл,
Ерекше есте қалды ызғарлы қыс.
Кешсек те белуардан омбығарды,
Шығынсыз қой өсіріп болдық арлы.
Сол жылдар қалса да алыс көкірегімде,
Бейнетті күндерімнің орны қалды.
Көркем жер болғаннан соң, тұнық та өңі,
Тұратын көк шалғынға тұнып төрі.
Боранды түн кезінде кей уақыт,
Қалатын дөң үстінен ұлып бөрі.
Өрістен азық таппай тасқа ұрынып,
Қойымыз қалған емес, аш қырылып.
Бір сәтке көз жазбадық малымыздан,
Жатса да тоғай жақтан қасқыр ұлып.
Көргеннен көңіл қалай қалсын жеріп,
Еңбекпен өте шықты жас күн желіп.
Есімде сол өңірде өрістегі,
Тал түсте қойға шапты қасқыр келіп.
Көкжалдың мал етіне жерік болып,
Жүргенін қайдан білем келіп торып.
Аш қасқыр көз ілеспес жылдамдықпен,
Тамағын екі – үш қойдың кетіпті орып.
Тайпақтау болғаннан соң тұрағымыз,
Сол күннен бола түстік қырағы біз.
Қораның бір шетінде түнде жаққан,
Өшпейтін таң атқанша шырағымыз.
Демеңіз жырды өткеннің жайында аңыз,
Толқып тұр сол күнді ойлап жаным нағыз.
Ақтылы қойды бағып, анау бір жыл,
Қыстадық Қараешкінің сайында біз.
Болмайтын көрген жанның бос мақтаны,
Белгілі көркемдікке көз тоқтары.
Қараешкі сұлу жер ең өзгеше бір,
Қарағай қалың өскен қос қапталы.
Таусылса таудың қары құлап еріп,
Көктем кеп, жер анаға қуат еніп.
Дүние дүр сілкініп көгерненде,
Кетуші ем қыраттардан қына теріп.
Жібермей колхоз бастық еркімізге,
Сан мәрте ақыл айтып кетті бізге.
Сөзіне қарсы шығып сөйлей қалсақ,
Қарайтын қабақ түйіп бетімізге.
Алдыңа ақиқатты тізген шыным,
Кей жандар ісімізден іздер шығын.
Осылай сөйлеп тұрып бірде маған,-
Деді әкем ертеңді ойлап ізденші ұлым.
Демеймін пайда бермес қудым кекті,
Мақтанам әке көрген ұлмын текті.
Ертерек қойшылықтын сырын ұғып,
Өнерге кеш болсада бұрдым бетті.
Әкешім, болмаса да адам мығым,
Көрмеді ауыл – аймақ жамандығын.
Шығынсыз қой өсіріп ертелі – кеш,
Тіледі сол түліктің амандығын.
Аталған Аспанқора аулақтағы,
Қоныс ең Қараешкідей тау жақтағы.
Еске алып, ертедегі қойшы күнді,
Қайтсам ба, топырағыңа аунап тағы!?
АЯУЛЫМ, ҚАРАШЫ ӨЗІҢ
(Иісжанға)
Сен сұлу болмасаңда тым көрікті,
Бұл жүрек дәл өзіңдей кімге еріпті.
Келеміз тең көтеріп тіршіліктің,
Қайғысын, қуанышын күнделікті.
Қалса егер қабағыңа бір мұң түнеп,
Болады көзім алды мүмкін түнек.
Салсада өмір қанша қатал сынға,
Жаныңды тот баспауын жүрмін тілеп.
Алғашқы қанаттанып жырым ұшқан,
Сәттен –ақ, көңіліміз шын ұғысқан.
Жарқылдап тұрар болсаң қарсы алдымда,
Жандаймын күннің бейне нұрын құшқан.
Үстінен көркем жердің сұр түн қашып,
Таң келіп, терезеден тұр нұр шашып.
Шіркін – ай, туған дала неткен сұлу,
Аяулым, қарашы өзің ұйқыңды ашып.
***
Жолдарым болмаса да жеңіл менің,
Ойлаудан, армандаудан жерінбедім.
Бәйгеде кейін қалсам топқа ілеспей,
Ол рас, тайталаста жеңілгенім.
Ұстаман өзімді елден үстем биік,
Алмаймын бақытты да күшпен жиып.
Алайда көңілімді ұғынбаған,
Жандарға отырамын іштен күйіп.
Өкінбен жетпеді деп биікке өрем,
Тынбастан арман қуып жүріп келем.
Өлеңмен өмірге өрнек салмақ болып,
Айқастым алдамшы үміт, күдікпенен.
Жан аз ба, көкірегіне шуақ қонған,
Қиналсам бола білген, қуат қорған.
Кездерде сырымды айтам мен соларға,
Кеудеме жұмбағы көп сұрақ толған.
Білмеймін аз ба, көп пе алда ғұмыр,
Әйтеуір жаным жайсаң жан – жағым нұр.
Көлеңке көңіліме түспек емес,
Көктемде қауыз жарса талдағы бүр.
Асығым түспесе де алшы жастай,
Қалайын көңіл сырын қайтып ашпай.
Алайда арманға анау жету үшін,
Жөн болмас атыма енді қамшы баспай.
***
Бақытыма жүрсем дағы теліп мен,
Жылы қабақ танытпайсың неліктен?
Көшкен жұртта ұмыт қалған заттай бір,
Көңіліңдегі кісің мен бе кеміткен.
Көкірегіме жаз бейнеңді түнетіп,
Аяладым атыңды айтып, гүл етіп.
Орандым да сағыныштың отына,
Барады ылғи бос үмітпен күн өтіп.
ЖАЙНАДЫ АҒАШ БІТКЕН
Қауышар мезгілі ғой, бұл тағы ізгі,
Көктем кеп күн көзінен нұр тамызды.
Сірескен жердің тоңын жібітті де,
Құлпыртты тау мен дала қырқамызды.
Жөнелді жылы жауып қыс қақпаны,
Тентек жел тепсінбеді, жұмсақтады.
Аспаннан тамылжыған әнін төгіп,
Жеріме күміс көмей құс қаптады.
Қалғандай қайта түлер шағы бір кеп,
Жайнады ағаш біткен тағы бүрлеп.
Кешкілік қырға шықсаң жылы жұмсақ,
Тұрады қарсы алдыңнан сағым үрлеп.
Секілді жер ананың бағы көктем,
Жан кіріп жатыр өзен ағып өктем.
Жайнатып дүниені жаз келгенде,
Төбеңнен тұрары анық жанып от дем.
***
Анау аспан қара бұлтпен жабылған,
Әлсін – әлі суық жаңбыр бүркеді.
Жапырағымды үзер ме деп жамылған,
Ағаш біткен күз желінен үркеді.
Жол бойына өскен анау сұр шиді,
Қаңбақ келіп паналады тектен — тек.
Бүйірінен әлсін әлі шымшиды,
Басын жерге имек болып жел тентек.
САЛМАЙДЫ САЛМАҚ МҰНАР
Тәкаппар тұнық көкпен иықтасқан,
Ақ қарлы тауларымды сүйіпті аспан.
Тарам – тарам тарихын бастан кешкен,
Өскенмін көкірегіме түйіп жастан.
Салмайды тау мойнына салмақ мұнар,
Боран жоқ ертелі –кеш сарнап тұрар.
Бөктерге қаулап өскен қарағайы,
Бейне бір тойға аттанған салт аттылар.
Басына бүркеп алған торғын шәлі,
Тауымда жасыл – жайлау жердің сәні.
Сайлардан құлап аққан тұнық бұлақ,
Секілді бала күннің мөлдір шағы.
Қырқадан тердім талай қымыздықты,
Таңдайдан дәмі кетпес уыз тіпті.
Осындай жер жәннәтін сүймесін кім,
Алабын күн көмкерген құндыз түкті.
***
Қаймығып қабағынан күздің қатқан,
Барады қаздар қайтып біздің жақтан.
Көктегі қалықтағы құстың әні,
Оятты ормандарды мүлгіп жатқан.
Құстар кетті жып – жылы асып қырдан,
Не құдірет бұларды асықтырған?
Қанатына байланып ән барады,
Жасытты көңілімді тасып тұрған.
Қай жаққа қанат қақты мына құстар?
Не дейін, амалым жоқ бір ақ ұстар.
Суық желден сескенген мақұлықты,
Білмеймін шақырды ма жылы ағыстар.
***
Сөз түйіні осылай емес еді,
Сонда да ұмытайын неге сені.
Ақеркем ақылдасқан артық болмас,
Жаныма жақын келші кеңеселі.
Болсамда ақын, жанына жыр егілген,
Өзіңді ойлап ылғи жүдедім мен.
Несіне сырт айланып, сырғақтайсың,
Кім сені жұлып тастар жүрегімнен!
***
Белгілі көктемде жер көгереді,
Көп өтпей бәрі қайта көнереді.
Дүние дүбірлеп бір өзгергенмен,
Дерт меңдеген ақынға не береді?
Жырлары шығарған соң қарымды атын,
Көпжанның ішке бүккен дабыр – датын.
Өсектің отына ерте өртенді де,
Ақыры ақ төсекке таңылды ақын.
***
Жарқырап көктемнен соң жаз нұрға аусын,
Жер ана құлпырады жаңбыр жаусын.
Ақырын аспанға анау құлақ түрсең,
Естисің әсем үнді қаздың даусын.
Мұз еріп, жазғы күннің екпіні асып,
Өзендер өрекпіді, кетті тасып.
Қарашы табаныңа тас батпайды,
Жүгірсең бітік өскен шөпті басып.
ҰҚСАЙДЫ ҚЫЗҒА ҰЗАТҚАН
Ызғарлы күз кеп қалды ма,
Төкпейді күн де балқып нұр.
Мезгілсіз жауған қар мына,
Хабарын қыстың айтып тұр.
Тастады жерге тоң салып,
Күздеген суық алғашқы ай.
Өкпелі жандай томсарып,
Қабағын аспан қалды ашпай.
Толқынға толқын ұласып,
Ақпайды өзен сарқырап.
Қалыпты қазір жуасып,
Күлкісін күз кеп сарқып ап.
Ұйқысыз жандай ұзақ таң,
Жүдеді жердің күзгі өңі.
Ұқсайды қызға ұзатқан,
Көктегі құстың тізбегі.
Бораны тынбай қақсайды,
Аспан тұрса жанбырлап.
Жаз деген жарқын жақсы айды,
Қай күні, күз кеп, алды ұрлап?
ҚИЯЛҒА ЕНДІ ҚАЛАЙ ЖЫР ЕГЕМІН?
Емеспін сағынышты сезбес пенде,
Күлімдеп түсіме ендің түнде менің.
Соңғы рет кездейсоқ бір кездескенде,
Неліктен сыр айтпадың, үндемедің?
Тіл қатпай томсырайып, тұрдың үнсіз,
Қиғаштау қылығыңа кектенбедім.
Мен айтқан санайсың ба, сырды құнсыз,
Бір басың екеу болып, кеткен бе едің?!
Бір сен деп тағдырыма көнгегмін мен,
Қиялға енді қалай жыр егемін?
Өзіңді сондай жақсы көргеніммен,
Барасың таппай кетіп жүрек емін!
ЖАН ЕДІҢ МҰҢАЙМАҒАН
Күндерді басымыздан бір кешірген,
Шынымен шығардың ба, мүлде есіңнен?
Кездейсоқ кезіккенде әуелгідей,
Білемін көздеріңнің күлмесін мен.
Қатайса, қайта ерімес сенен жүрек,
Жүрсің – ау, ойға батып, сезем жүдеп.
Қасыңа қатарласып бара қалсам,
Қайырылып қарамассың сен елжіреп.
Мөлдіреп көздеріңде нұр ойнаған,
Жан едің, жабырқап бір мұңаймаған.
Басқаның отбасынан бақыт тауып,
Бір кезде жат болар деп кім ойлаған?!