ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты
Мұхан ИСАХАН, 1978 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданында туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетін, құқықтану магистратурасын бітірген. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының... ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты

Мұхан ИСАХАН,

1978 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданында туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетін, құқықтану магистратурасын бітірген. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының оқытушысы. ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы жобасын әзірлеуде қоғамдық комиссия мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Ғұламалар Кеңесі мен Сарапшылар Кеңесінің мүшесі.

 

Әлқисса

 

Үш жыл алдын (2021) Анадолы еліне іс-сапарлатып барғанымда Стамбулдағы Мармара университетінің профессоры, яссауитанушы-ғалым Неждет Тосунға жолыққанмын. Соңғы жылдары Құл Қожа Ахмет Ясауидің шығармашылығы хақында ізденіп жүргендіктен, марқасқа маманмен сәті келген сұқбатта сағаттар бойы көсіліп әңгімелестік. Құл Қожа Ахмет Ясауи әлемін індете зерттеп жүрген Неждет Тосун ұстазым әңгіме арасында Ауғанстанда Ясауи тариқатының силсиласын үзбей жалғастырып келе жатқан түрікпен сопылардың бар екенін тілге тиек етті. Естіген дерегіме қызығушылық танытып, Ауғандық сопылармен байланысу үшін Неждет Тосуннан қажетті мәліметтерді алып, қанжығамды майлап, елге мәз-мәйрам болып оралдым.

Ауылға келген соң Ауғанстандағы Ясауи тариқатының пірі Ихсануллах Ахрарға телефондатып, байланысқа шықтым. Екеуміз түрікшелеп-түрікпеншелеп гәпіріп, уақыттың ыңғайына қарай кейде екі-үш күнде, кейде жетісіне бір әңгімелесеміз. Қайта-қайта қазбалап, Ясауи тариқатының Ауғанстанға қай уақытта барғанын, қалай тарағанын сұраймын. «Диуани-хикмет», «Пақырнама», «Миратул-қулуб», «Хадиқатул-арифин», «Хужжатуз зәкиринли рәддил мункирин», «Бустанул мухиббин» шығармаларындағы рухани кемелдікке иек артудың әдіс-тәсілдері мен ережелерін алға тартып, олардың қазіргі діни тәжірибесімен салыстырып көремін. Сұрақтың астына аламын, құжат сұраймын, дәлел іздеймін. Өстіп қазымырланып жүргенімде екі жыл өте шығыпты. Қанық болған теориялық мағұлматтарыма жан бітіру үшін ендігі кезекте тәжірибелік зерттеудің қажеттілігі туындады. Сөйтіп, көктен тілеп жүріп, жерден табыла салған Ясауи силсиласын жалғастырушы түрікпен сопыларды өз көзіммен көру үшін Ауғанстанға сапар шегуге бел будым.

 

 Сапар барысы

 

Өткен жыл (2023) қыстоқсанның басында Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері Жомарт Жеңіс пен Елдос Орда сапарлатып Ауған өтіп, соңғы жүз жылдықтағы этникалық үдерістерді зерделеу үшін ғылыми экспедиция жасап қайтқан-ды. Бірі ағам, бірі інім, екеуімен де сыралғы таныс болған соң, Ауғанстанға барып-келудің жай-жапсарын сұрап білгем. Алматыдағы Ауғанстан консулдығынан пәйза* ұлықсатнамасын алуға қарекеттенгенімде, Жомарт Жеңіс ағам хабарласып, тағыда алтын шыққан жерді белден қазып, Қорасанға қол салуға ниетті екенін жеткізді. Сөйтіп, «қазан аузы жоғары», екеуміз сапарлас болуға анттасып, жолға қамдандық.

Ақпанның  3-і күні түс ауа Алматының Алтын Орда базарынан Самарқанға баратын автобусқа отырдық. Түнімен желдіртіп отырып, бозалатаңда Жібек жолы кеденінен өтіп, Тәшкент шаһарына кірдік. Ертесі күн Жызақты көктей өтіп, түс әлетінде Самарқанға жеттік. Әрмен қарай Термезге жеңіл көлікпен зуылдадық. Күн бата, қою қара іңірде Термезге тоқтап, Тәжікстанмен шекарадағы Гүлбаһор қышлағына келіп қондық.

Жол бойы байқағаным бұрындары Тәшкент шаһары Өзбекстанның байтағы болғандықтан, бізбен салыстырғанда пәлендей артта қалушылық білінбейтін. Ал, Өзбекстанның ішкі өңірлерінде сіреспе экономикалық ахуал, әлжуаз әлеуметтік жағдай, қожыраған көңіл-күй аңғарылатын. Осы жолы көріп білгенім – Өзбек елі етек-жеңін жиып, ілгерлеуге аяқ басыпты. Кластерлік экономиканы дамытумен қатар туризмді де өркендетуге барын салып жатқаны байқалды. Жол бойы заманауи сапаржайлар, бес жұлдызды қонақ-үйлер, зәулім мейманханалар, әмбебап дүкендердің бой көтергеніне куә болдық. Алашапанды ағайынның алқауы кеңейген, кеуілі көтеріңкі көрінді.

Гүлбаһор қышлағында кіреші Ибрахим әканың үйінде түнедік. Үй иесі Қоңырат тайпасының ішіндегі Қазаяқты руынан екен. Жомарт ағам кешкі ас үстінде Ибрахим әканы Мырзашөлді жайлаған Қазаяқты туыстарымен телефон арқылы байланыстырып жатыр. «Туыстығымызды арттыру үшін барыс-келісті күшпейтуіміз керек» деп, қазақ-өзбектің ағайын ел екенін айтып, үй иесіне Алты Алаш идеолгиясын насиқаттауда. Ибрахим әка да шат-шадыман болып қуанып, алғаусыз асты-үстімізге түсіп, дастарханын жайып, қонақ қылды.

Таң құлан иектене бере іргедегі шекарадан Тәжікстанның Қорғантөбе облысына өттік. Орталық Азиядағы бес елдің ішінде әлеуметтік ахуалы мен экономикасы кенжелеп дамып келе жатқан ел – Тәжікстан екені көпшілікке белгілі. Шекарадағы тексеріс жүйесі автоматтандырылмаған. Компьютер қолданылмайды. Әлі көк журналына қолмен жазып тіркейді. Жүргіншілердің жүгін ашып, қоржыныңды ақтарып, тіміскелеп тексереді. Кеден бекетінің сұрқы аңғал-саңғал. Қызметкерлерінің күйі ерқашты, қабақтары бір ашылмайды. Сірә, тәжік ағайындар жарқын күйге бөленуі үшін жарқын реформа керек-ау деген ойға қалдық.

Қорғантөбе облысының Айбадж, Шаһар-туз, Кабодиен, Жиликул, Дусти елдімекендері арқылы күнгейдегі Қызылсу* кеден бекетіне бет түзедік. Айбадж кеден бекетінен Ширхан-бандарға дейін шамамен екі жүз шақырым жол. Алайда, тақау жылдары жөнделмеген безеу-бет, ойдым-ойдым, шоқалақ тас жолмен біресе алға басып, біресе бәсеңдеп, шайқалып-теңселіп келе жатырмыз. Әмударияға құятын Кафирниган, Пяндж, Вахш өзендерін кесіп өтіп, Бабатағ сілемдерін қиялай жүріп отырып, бүлкіл желіспен кіші бесінде әйтеуір Ширхан-бандарға да маңдай тіредік.

 

Кермиық Құндыз даласы

 

Түске дейін бекер қабақ шытыппын. Қызылсуға келгенімде Тәжікстаным айналайын екен дедім. Шекарадан Ауған жаққа өтіп, Ширхан-бандарды көргенімде көңілім құлазып сала берді. Ауған халқының әлеуметтік қал-ахуалының төмендігі бірден көзге ұрады. Көшедегі ескі көліктер, қам кесектен салынған қоржын тамдар мен жатаған ғимараттар, алқа-салқа дүкендер, қиқы-жиқы ләпкілер, саудаға шығарған ескі-құсқы заттар, жұрттың киім киісі, жүріс-тұрысы түсіндіруді керек етпейтін әрі қашқан әлеуметтік ахуалдың көрінісі деуге болады. Қырық жыл күркіреуік соғыстан көш ашпаған ел болған соң, біржағынан бейдауа сұрықсыз көрініс, жадағай күйге амал жоқ түсіністікпен қарайды екенсің.

Бізді әуелі Тахар уәлаятындағы Таз ауылының қазағы Хикметулла Тадаш бауырымыз құшақ жая қарсы алды. Орта бойлы, қараторы, қаба сақалды, жанары отты, қаптал шапан жамылған Хикметулла қандасымыз аузын ашса көмейі көрінетін ағеден, аңқылдақ жігіт екен. Өзінің түркология мамандығы бойынша білім алғанын, қазіргі уақытта Қырғызстандағы Ош университетінде докторантурада оқып жатқанын масаттана отырып жеткізді. Қандасымыз Ширхан-бандардан шыққанға дейін Ауған қазақтары туралы бірсыпыра мағұлмат беріп үлгерді. Тахар, Бағлан, Саманган, Жәузан, Бойун-Қара, Мазари-Шариф, Құндызда қанша қандасымыздың бар екенін, не тіршілік қылатынын жан-жақты түсіндіріп берді.

Ширхан-бандардан шыға берісте Ясауи тариқатының пірі Ихсануллах Ахрармен жолықтық. Талайдан бері телефон арқылы сұқбаттасып жүргенімізбен, жүзбе-жүз көрісудің жөні бөлек ғой. Кісіге мейірлене қарайтын нұрлы жүзі албырап, «Қош келдіңіздер» деп біз пақырды ыстық құшағына қысып амандасты. Қасымдағылар бұл кісіні танымағандықтан, сын көзбен қарағанын аңғарып, оларға шайқыны қысқа қайырып таныстырып өттім. Амандық-саулық сұрасып болған соң Жеңіс Жомарт ағам екеуміз екіге айырылдық. Ол Хикметулла Тадашпен бірге Тахар уәлаятындағы қандастарымызды зерттеуге баратын болды. Мен Ихсануллах Ахрар пірге еріп, Құндыз уәлаятының Қала-й Зал ауданына бет түзедім.

Ширхан-бандарда үзеңгі салған жеңіл көлігімізбен кермиық Құндыз даласымен жүйтік келе жатып, оң қапталдағы сүрлеуге түстік. Әріқарай кенезесі кепкен шөл дала басталды. Адырлы алқапқа ентелеп енген сайын бұйрат-бұйрат құм-шағылды әлеменің құшағына кіріп барамыз. Аң көрінбес, құс ұшпас шөл даланың ойпауыт жерлерінде ара-сыра шеңгел, бұйырғын, баялыштың басы қылтияды. Мүлгіген қу медиен далада құс жолы іспетті бағдар беретін жалғыз белгі – күнбатысқа қарай таспаланған сүрлеу жол. Ара-тұра сәмиян далада да бір мән бар дегендей бақсадан тұрғызылған тоқал тамдар ұшырасады. Ихсануллах пір ойымды оқып қойғандай:

  • Қайбір жылы үкімет әскері мен пештундар соғысқанда, Қала-й Зал халқы осы меңіреу шөлге келіп жан сақтайтын. Жауласқан екі жақ бір-бірін зымыранмен атқылағанда, ауылдарды нысанаға алатын. Сол кезде, түрікпендер ауылдан қашып, шөлден пана табатын. Өйткені, жауласушы әскерлер шөлде ешкім тұрмайды деп ойлайтын. Кескіліскен шайқас кейде айларға ұзаушы еді. Бұл сонда тұрғызылған үйлер ғой, – деп жапандағы бақсының моласындай жарбиған үйлердің сырын ақтарды.

 

Қырық жыл қырғын көрген Ауғанстан

 

Жолшыбай уақыт қысқарсын деп Ауғанстанның бүгінгі саяси ахуалы туралы сөз қозғадық. Жаңа үкіметтің бет-алысын сұрадым. Ихсануллах пір саясаттың адамы болмаса да, Ауғанның қырық жыл қырғын көрген шерлі тарихын, Талибан билігінің түзімін, олармен қырбай болып жүрген саяси күштерді, ескі жүйемен арадағы қиғаштықты, Ауғанстандағы діни және этносаралық мәселелердің туындауына түрткі жағдайларды таратып айтып берді.

Әсілі, Ауғанстан 1973 жылға дейін монархиялық мемлекет еді. Осы жылы Мұхаммед Дәуіт бастаған демократшыл саяси топ өкілдері төңкеріс жасап, республикалық билік құруға талпынып көрді. Алайда, президент Мұхаммед Дәуіттің реформасы соңына дейін жетпей 1978 жылы Сәуір революциясында Ауған коммунистері билік басына келді. Нұр Мұхаммед Тараки және Хафизулла Әминнің коммунистік реформасы халықтың наразылығын тудырып, елде тыныштық орнай қоймады. Осы мәурітте Кеңес үкіметі Ауғанстанға әскер кіргізіп, Хафизулла Әминді жойып, өздерінің сенімді адамы Бабрак Кәрмалды билік басына әкеледі. Әйткенмен, елдегі діни топтар мен базбір этнос өкілдері коммунистік биліктің терісазу саясатына мойынсұнғысы келмей, Ауған даласы партизандық соғыстың қан-майданынан айналады.

Кеңес әскері 1989 жылы Ауғанды тәрк еткеннен соң саяси ахуал тіптен шиеленісті. Ауғанстан Демократиялық Республикалық Революциялық кеңесінің төрағасы Мұхаммед Наджибулла конституциялық реформа енгізіп, ел президенті болғанымен, азаматтық соғыс саябырсыған жоқ. Тәжіктердің мүддесін қорғаушы Ахмад Шах Мәсудидің «Жемият ислам» партиясы, Ихуан-муслимин идеологиясымен қаруланған, ұлты пештун Гулбеддин Хекматияр басқарған «Хизбу ислам» партиясы, салафилік көзқарастағы Устад Сеийадтың «Иттихати-ислами» партиясы, сондай-ақ, түркі этностарының (өзбек, түркімен, шағатай, моғол) саяси көсемі Рашид Дустум жетекшілік жасаған «Ауғанстанның ұлттық-ислам қозғалысы» партиясы билікке таласып, бір-бірімен соғысты. Осы тұста Пәкістандағы Хаккания медреселерінде діни білім алған пештун жастары «Талибан» партиясын құрып, аз уақыттың ішінде Ауғанстанның басым бөлігін басып алады. Олар 1996 жылы Кабулды алып, Мұхаммед Наджибулланы өлтіріп, «Ауғанстан мұсылман әмірлігі» теократиялық мемлекетін құрғанын жариялады. Десе де, Ауғанстанның теріскейіндегі Тахар, Бағлан, Құндыз, Жәузан, Мазари-шәриф, Фәрияб, Балх уәлаяттарында тәжіктердің жетекшісі Ахмад Шах Мәсуди мен түркілердің көшбасшысы Рашид Дустум жасақтары бірігіп, Талибан билігіне қарсы тұрады.

АҚШ бастаған НАТО әскері «әл-Кайда» жетекшісі Бен Ладенді паналатқаны үшін 2002 жылы Ауғанстанға басып кіріп, Талибан билігін талқандайды. Сыртқы күштердің ықпалымен демократиялық көзқарастағы  ұлты пештун Хамид Карзай билік басына келеді. Ол пештун, тәжік, хазар, беллудж, өзбек, түркімен, шағатай ұлт өкілдеріне тең құқық бергені үшін Ауғанстанда этносаралық шиелініс біршама азаяды. Діни мәселелерді реттеуде көбіне зайырлылық ұстанымға жүгінді. Елдің әр тұсында шақпақ шағылып, билікке қарсы үндеулер көтерілгенімен, жалпы Хамид Карзай (2001-2014) мен Әшраф Ғани (2014-2021) билігі тұсында Ауғанстан халқы жылымық кезеңді бастан кешірді.

АҚШ бастаған НАТО әскері 2021 жылы Ауғанстаннан шығуға шешім қабылдады. Бұрын Вазиристан өлкесінде партизандық соғыс жүргізіп келген Талибан қозғалысының өкілдері осы мүмкіндікте едел-жедел қимылдап, Ауғанстанның басым  бөлігін басып алады. Үкімет әскері қанша жерден қарсыласып көргенімен, өз ішінен алты алауыз болғандықтан, құр калашников автоматпен қаруланған Талибан жасақтарынан жеңілуге мәжбүр болады. Алайда, Ауғанстанды қайтадан теократиялық мемлекетке айналдырған жаңа билік өкілдері әуелгі Талибан (1996-2001) қозғалысының идеологиясын жалғастырушысы болғанымен, дін қатынастары мен этносаралық мәселелерді реттеуде қатқыл реформаға бармастан, біршама жұмсақ саясат ұстанып келеді.

 

 Қала-й Зал, Ақтөбе, Тавруз-Ғұзар

 

Саясатты соғып келе жатып, шаңдауыт, құм-шағылдың түгесіліп, Құндыз дарияның кенересіндегі Қала-й Зал оазисіне ойысқанымызды байқамай қалдық. Ауданның «Қала-й Зал» аталуының себебі, бұл жерде бағзы заманда «Зал қаласы» орын тепкен екен. Зал – Фирдаусидің «Шахнама» дастанындағы атақты Рүстем батырдың әкесі. Осындағы төбешік болып жатқан ескі қорғанның орнында Зал батырдың қаласы болған. Бірақ, Ауғанстанда археология ғылымы дамымағандықтан, «Қала-й Зал» қорғанына әлі қазба жұмыстары жүргізілмеген.

Қырдан ойға түскенімізде кезіккен алғашқы қышлақ – Ақтөбе деп аталады. Қышлақ тұрғындарының диқаншылықты кәсіп қылатыны жайқалып өскен бидайдан көрініп тұр. Бидайды көп өсіретінінің себебі, бұл – қалың бұқараны аштықтан құтқаратын ең бірінші дақыл. Ауғанстанға біздің елдің бидайы мен ұны экспортталғанмен, оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Сол себепті, диқаншылар егістік алқаптары аз болса да, бидай өсіруге құмбыл. Сосын ұлттық тағамы – Ауған палауы болғандықтан, күріш өсіруге де басымдық береді. Одан басқа арпа, сұлы, жоңыршқа да өсіреді. Өйткені, Қала-й Зал халқының диқаншылдықтан кейінгі кәсібі – мал шаруашылығы. Әсіресе, төрт түліктің ішінде қой-ешкі мен ірі қараны мол ұстайды.

Ақтөбеде шайханаға түскі ас ішуге тоқтадық. Киім киісім, жүріс-тұрысымды көріп, бөтен екенімді аңғарып, жұрттың бәрі ажырайып қарайды. Қасымдағы Ихсануллах пірді көргеннен соң барып «Қош келдіңіз» деп ақжарылады. Тіпті, Ақтөбедегі калашников автомат асынған талибан әскерлері де Ихсануллах пірдің қонағы екенімді түсініп, құжат сұрап, тықақтаған жоқ. Қайта бас изеп, меймандостық танытты. Ихсануллах пір де келіп амандасқан жұрттың бәріне ерінбестен қонағының қазақстандық зерттеуші екенін айтып жеткізіп жатыр. «Түрікпен төрін бермейді» деген бекер сөз екен, ұшырасқан кісілер үйіне мейман болуға шақыруда. Қонақжай пейілі көңіл-күйімді бір көтеріп тастады.

Ас ішіп, аяқ босатып болған соң Құндыз дариясының арғы бетіндегі Ихсануллах пірдің ауылы Тавруз-Гузарға беттедік. Бұрын Қала-й Зал тұрғындары дариядан ары-бері өту үшін ескекті қайық қолданған. Былтыр басталған көпір құрылысы тақауда аяқталып, бүгін таңертең соның ашылу салтанаты өтіпті. Көпірдің ашылуына Құндыз уәлаятының әкімінің өзі келіп қатысыпты. Ихсануллах пір түрікпеншелеп: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» демекші, сіз келердің қарсаңында үш айдан бері жаумаған жауын жауды. Былтырдан бері бітпеген көпір құрылысы аяқталып, бүгін қолданысқа берілді. Қала-й Залға құтты аяқ болып келдіңіз», – деп біз пақырдың мақамын тіптен асқақтатып жіберді.

Жаңа салынған көпірден өтіп, Тавруз-Гузар қышлағына кірдік. Бақсадан өрген биік дуалдары бар мәхәллалары, жатаған қоржын тамдар, әр жерде күмбезі шошайған мешіттер, су ағар омандары мен егістік үшін тартылған арықтары, пал-палға бөлген бидай алқаптары, дамбал киіп, шапан жамылып, шекеге орамал байлаған ер кісілер, бетіне шілтері перде тағып, пәрәнжа киген әйелдер – қышлақ әлемін ғана емес, Ауған мәдениетін паш етуде. Осыны көзбен көріп, ішке түйгенде, өзіңнің шын мәнінде басқа әлемде жүргеніңді сезінеді екенсің.

Тавруз-Ғұзардың қақ ортасында Ихсануллах пір жұмыс істейтін мешіт, оның қасында немер ағасы екеуі ашқан шипахана орналасқан. Шипахананың бір бөлігін сопылар дәргаһ ретінде пайдаланады. Ішінде қонақ бөлмесі де бар. Бізді осы шипахананың алдында Ихсануллах пірдің туыстары мен мүридтері құшақ жая қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып болған соң қонақ бөлмеге бас сұғып, төрге шықтық. Ақ дастархан жайылып, аста-төк ас әкелінді. Ауқаттанып, түркіменше демделген шайды сораптап ішіп, шаршағанымызды бастық.

Кешқұрым мешітте намаз оқып болған соң қышлақтың игі-жақсыларымен дастархан басында тағы да бас қостық. Жиналған жұртқа Жоқшының келгендегі мақсат-мұратын түсіндіріп өттім. Ихсануллах пірге Ясауи тариқатының силсиласын үзбей жалғастырып келе жатқаны үшін алғысымды айтып, басына мұрақ кигізіп, үстіне қазақы шапан жаптым. Елден әкелген кәде-сыйларымды тараттым. Мәре-сәре болған түрікпен ағайындар қаумалап, Қазақияның қал-ахуалын сұрап жатыр. Біз пақыр тіліміз жеткенше еліміздің жай-күйін айтып бақтық. Түн ортасына дейін тұрымтай кеңесте арқа-жарқа әңгімелестік. Мерейлі мәжілісте келешек үшін көшелі сөз айтылып, береке-бірлігіміз арта түссін деп бата қайырыстық.

Ихсануллах пірмен ертеңнен бастап Ауғанстандағы Ясауи тариқаты туралы сұқбаттасатын болып жоспар бекіттік. Тариқаттың силсиласы, хәл-мақамдары, рухани қабаттары, қағидат-шарттары, ішкі құрылымы, мүршид-мүрит байланыстары, зікірлері, уәзипалары, әдебиеттері т.б. мәселелер жөнінде екеуара талқылау жасайтын болып шешім жасастық. Жоқшының сонау ит өлген қияннан сапарлатып келуінің басты сыры осы емес пе еді?!

 

  Үміт сәулесі

 

Ихсануллах пірмен көсіліп сұқбаттасудың ретін таппай-ақ қойдым. Таңмен таласып тұрғаннан іңір қараңғысына дейін бір тыным таппайды. Құзырына жылыуар іздеп келушілердің дамылдайтын түрі жоқ. Шипаханаға бас сұққандардың қарасы – көбіне пірден дұға тілеп, батасын алады. Бірі түнде бастырылған. Келесі бірі ойсоқты болып дімкәстанған. Енді бірінің басы ауырады, тағы бірінің балтыры сыздайды. Сүт пісірім уақыт сайын келіп жатқан кісі қарасы осылайша ауық-ауық пірдің құзырына бас ұрады. Қала берді телефонына да тыным жоқ. Мухлистерінің бірі түс көргенін айтады. Енді бірі бүгін қандай дұға жасау керектігін сұрайды. Келесі бірі қайсы зікір абзалырақ екенін білгісі келеді. Ихсануллах пір ешбірін кері қақпайды. Асықпай тыңдап, көңілі тоғайғанша қарасып, қолынан келгенін аянбайды.

Пірдің жұмысына кедергі келтірмеуге тырысып, мен бір шетке ошарыламын да, қаламын. Омалып отыра берейін десем, уақыт сырғып өтіп жатыр. Ара-арасында босады-ау деп көкейімдегі сауалды ортаға қойып, жауап ала бастағанымда, тосыннан тағы бір іс шығып, сырлы сұқбаттың алдын кес-кестейді. Амал жоқ, ыңғайына қарап, босаған мезгілін күтемін. Мұсәлдат болудан ығырым шығып, құр қарап отырмай мүршит пен мухлис арасындағы байланысқа назар саламын. Кім келсе де, не естісе де, Ихсануллах пір дегдар қалпын бір бұзбайды. Кейде келген кісіге едел-жедел жауабын айтып, мәселенің күрмеуін ағытса, кейде ойпазданып, ештеңе деместен, сөз түйінін сабырлыққа үндеумен аяқтайды.

Зырғыған уақыт әйтеуір кешті де батырды. Құптан намазынан соң ғана барып, пірдің алды босап, емін-еркін көсілуге мұрсат алдық. Біз пақырдың көкейін тескен сұрақтың бірі – Ясауи тариқатының Ауғанстанға тараған силсиласын анықтау еді. Нағында, бұл тақырыпқа қалам тартқан зерттеушілердің көпшілігі өткен тарихымызда әртүрлі себептермен Ясауи жолының силсиласы үзілгенін сөз етеді. Ырасында, уағында мұқым ғаламды тітіреткен ер түріктің баласы ақиқаттың алтын арқау, күміс жалғауы бола алмаған ба? Алтын шынжыр неге бырт-бырт үзілді? Үзілуіне не себеп? Морт сынатындай, мойынсал күйге түсетіндей не қара басты? Санамызды сансыратқан бұл сауалдарға қиыннан қиыстырылған түрлі тұжырым айтылса да, неге екенін білмеймін маған дүдәмал болып көрінеді де тұрады.

Өз басым, қараңғылықтың пердесін серпіп, құдайлық ақиқаттың нұрын себезгілеткен балауыз шамның кенеттен жалп етіп сөне салғанына – бәлкім мойным жар бермей жүрген болар, илана алмай келемін.  Илаһи хақиқаттың биік шыңына көтеріліп, Хақ діннің темірқазығына (қутуб-ул ақтаб) айналған Әзірет Сұлтан бабамыздың телегей-теңіз рухани ілімінің су аяғы құрдымға кеткеніне сірә да сенгім келмейді. Өйткені, даналық дәнегі шіріп тозбайды. Ол – дәйім бүр жарып, гүлзарға айналатын қасиетке ие. Мен үшін бұл – талассыз ақиқат. Мінеки, талайдан бері жан-дүниеме қозғау салған ой-толғамның томағасын сыпыратын сәт те тақаған сыңайлы.

 

 Рух дариялары

 

Нағында, «Насабнама» жазбаларында Қожа Ахмет Ясауи жан тәсілім еткен соң, киелі қарашаңыраққа иелік еткен Әзірет Сұлтанның күйеу баласы Сүлеймен Уәли әл-Қарашұғи екені көрсетіледі. Оның лақап аты – «әл-Қожа» болатын. Кіндігінен өрбіген жалғыз ұлы Ибраһим суға таласта Сүйір халқының сүңгісіне ілігіп қаза болған соң, Әзірет Сұлтанның жұбанышы асырап алған қызы Гауһар Хұжтаж еді. Деректерде осы қызын Сейіт әулетінің жұрыны, Хусамаддин әс-Сығнақидің ұлы Сүлеймен Уәли әл-Қарашұғиге ұзатқандығы баяндалады. Әлбетте, Әзірет Сұлтанға күйеу болуға лайық болғандықтан, шұғаның қиығындай, алтынның сынығындай аяулы қызын Сүлеймен Уәли әл-Қарашұғиге ұзатқан. Ол қайын атасының өлімінен соң Ясауи ілімінің мирасқоры ретінде Түркістан өңіріне Хақ дінннің насиқатын жалғастырады. Ал, оның кіндігінен тараған әзлер әулеті кешегі ХХ ғасыр басына дейін Ясауи тариқатының Түркістандағы силсиласын селбестіріп, Аситананың шырағын жағып, түтінін түтетті.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістан қаласында мәңгілікке дамыл табуы, шаһардың атақ-даңқын арттырғаны әмбеге аян. Ал, Ясауи тариқаты кіндігінің (аситана) аталмыш шаһарда орнығуы, сопылық ілімнің осы атырапта салтанат құруына өз септігін тигізді. Түркістанға толассыз ағылып келіп жататын зияратшыларға қаладағы мирлер (сейіт қожалар), шайхтар, нақыбтар, әзлер, қаландарлар, шырақшылар, әлимшілер, борақшылар секілді әулет өкілдері діни қызмет көрсететін. Әрбір әулет Әзірет Сұлтан аситанасындағы өзіне тиесілі қызметтік міндеттерді орындады. Мысалы, шайхтар, нақыбтар, әзлер әулетінің өкілдері діни білім беру мен пәтуа мәселелеріне жауапты. Cайд және шариф әулеті келген зияратшыларға ақ батасын берді. Шырақшылар зиярат тәртібін қадағалады. Қаландарлар қисса айтып, зікір салды. Әлимшілер мен борақшылар ас-ауқат және жатын орынмен қамтамасыз етті. Аталған әулет өкілдері кейінгі дәуірлерде Нақышбандийа тариқатының кейбір діни жол-жорасын қабылдап жаңаша түлегенмен, олардың барлығы Ясауи тариқатының ізбасарлары еді. ХХ ғасыр басында Түркістан шаһарының муфтиі болған Әлиш Умарқожаұлы (1892-1937) әзлер әулетінен шыққан Ясауи тариқатының соңғы буын – ірі өкілі болатын.

 Әзірет Сұлтанның бел шәкірті саналатын Суфи Мұхаммед Данышменд Зарнұқи Отырар өңіріне Хақ діннің насиқатын жасаған Ясауи тариқатының сүйекті өкілдерінің бірі-тін. Ол Ясауи тариқатының таралуына өзінің жансебіл ғұмырымен ғана емес, өзінің қаламынан туған «Миратул Қулуб» трактаты арқылы сопылық ілімнің теориялық тұрғыдан дамуына да зор үлесін қосты. Суфи Мұхаммед Данышменд Зарнұқидің ізін жалғаған Суксук ата (Шейх Мұстафа) төрт түліктің бірін (ешкі) кәсіп еткен сопыларға пір бола жүріп, Ақсу-Сайрам өңірінде ислам дінінің нығаюына ат салысады. Ал, оның ізін басқан мүриті Ибрахим атаның ұрпақтары Исмайыл ата мен Ысқақ қожа Тұрбатта дәргаһ ашып, Қазығұрт өңіріндегі сопылық ілімнің тірегіне айналады. Әсіресе, Ысқақ қожаның Ясауи тариқаты өкілдерінің діни тәжірибесін негізге ала отырып, түркі тілінде жазған «Хадиқатул-арифин» атты трактаты сопылық ілімнің теңдессіз інжу-маржаны саналады. Сондай-ақ, Суксук атадан (Сексек ата) тағы бір иджаза алған Мәликуз-Зуххад есімді халифасы сопылық ілімді Тараз өңірінде өрістеткен. Ал, оның ізбасарлары – Әбу-н Нұр Сүлеймен Ашқ бин Дәуіт пен Жамалиддин Мұхаммед Қашғаридің ерен еңбегінің арқасында Ясауи ілімі Мәураннахр мен Түркістанға қанат жаяды.

Задында, Ясауи ілімінің әуелі Мәураннахрға, соңыра мұқым әлемге таралуына ізашар болған Әзірет Сұлтанның даңқты халифасы Сүлеймен Бақырғани еді. Қалың ел «Хакім ата» деп атап кеткен Сүлеймен Бақырғани (1186 ж.қ.б) пірінің батасын алғаннан кейін сопылық ілімді Хорезм аймағына насиқаттайды. Ұстазының үрдісіне салып Хакім ата түркі тілінде діни еңбектер жазып, Әмударияның төменгі ағысындағы елдің алқалауына бөленіп, осында Ясауи ілімінің туын тігеді. Оның «Бақырғани кітабы», «Ақыр заман кітабы», «Әзіреті Мариям кітабы», «Миғражнама» секілді хикмет дәстүріндегі жырлары түркілердің жан-дүниесінің сопылық іліммен біте қайнасуына алтын көпір болады.

Хакім атаның халифасы Зеңгі ата (1258 ж.қ.б) Тәшкент өңірінде сиыр баққан қауымның пірі болып жүріп, Ясауи ілімін теңіздей толқытқан иір бұтақты шәкірттер тәрбиелейді. Оның Ұзын Хасан ата, Сәйид ата, Садыр ата және Бадыр ата есімді төрт халифасы Ясауи тариқатының мейлінше күшеюіне ат салысады. Утемис қажының «Чингис-намесінде» Зеңгі ата халифаларының Алтын орда билеушісі Өзбек ханды ислам дінін қабылдауға үгіттеп, кереметтер көрсету арқылы Жошы ұлысы әміршісімен бірге 70 мың адамның Хақ дінді қабылдағандығы айтылады. Сарайда сонау Берке хан (1258-1266) дәуірінде ислам дініне бет бұрыс басталғанмен, Тоқтай хан (1298-1312) билігі тұсында Хақ діннің хәлі қыл үстінде тұрған-ды. Тоқтай ханнан кейін Өзбек хан (1312-1342) билік тізгінін қолға алған сәтте Ясауи тариқатының өкілдері діни пікірталастарда шешуші рөл атқарып, Дешті-қыпшақтың толықтай мұсылмандануына жол ашып береді.

Зенгі атаның мүриті Садыр атадан кейін Ясауи сүлігі Әлемин баба, Шейх Әли шейх, Мәудуд шейх арқылы өрістейді. Мәудуд шейхтен соң Ясауи жолы Кәмал шейх Иқани мен Хәдим шейх қалыптастырған мектептермен дамыды. Кәмал шейхтің сүлігі Шейх Әлиабади, Шәмседдин Өзгенди, Абдал шейх, Шейх Абдулваси және Шейх Абдулмухәймин болып жалғасады. Хәдим шейхтің сүлігі екі тармаққа бөлінген. Біріншісі Хәдим шейхтің халифалары Шейх Жәмаледдин Қашқари, Сүлейман Ғазнауи, Сейіт Мансұр Балхи (1557 ж.қ.б) арқылы Осман мемлекетінде Ясауи тариқатын дамытқан Ахмед бин Махмұд әл-Хазиниге дейін жалғасады. Осы сүліктегі Жәмаледдин Қашғариден кейін Шейх Худайдад әл-Бұқариден (1532 ж.қ.б) бастау алатын Мәулана Уәли Кухи Зәри, Қасым шейх Әзизан Кәрминәғи (1578-79 ж.қ.б), Пірім шейх, Мұхаммед Алым әс-Сыддықи (1633 ж.қ.б), Мәулана Оспан, Мәулана Мұхаммедке (1749- 1750 ж.қ.б) барып жалғасатын тағы бір тармақ өрістеген. Аталған тармақтағы Мұхаммед Алым әс-Сыддықидің қаламынан туған «Ламахат мин нәфәхатил кудс» атты трактатта Әзірет Сұлтаннан бастап өзіне дейінгі Ясауи тариқатының пірлері туралы маңызды мағлұматтар қамтылған. Ал, оның тағы бір халифасы Мұхаммед Шәриф әл-Бұқари  (1697 ж.қ.б) «Хужжатуз зәкиринли рәддил мункирин» атты шығармасында Ясауи өкілдерінің ғұмырбаянын айта отырып, жаһри зікірдің фәзилетін сөз еткен. Мұхаммед Шәриф әл-Бұқариден кейін Ясауи сүлігі Фетхуллах Әзизан және Лутфуллах Әзизанмен жалғасып, атақты «Бустанул мухиббин» рисәлесінің авторы Шейх Худайдад бин Таш-Мұхаммед әл-Бұқари (1801 ж.қ.б) арқылы оның халифасы Омар ишанға барып тіреледі. Омар ишаннан бастап Ясауи сүлігін жалғастырушылар Нақышбандийа тариқатының Мужәддидийа тармағын қатар ұстанады. Ақыр соңында екі кеменің ескегін қатар ұстаған Мәураннахрдағы Ясауи өкілдері бірте-бірте Мужәддидийаның құшағына еніп, діни ассимиляцияға ұшырайды.

 

Ясауи әлемінің жарық жұлдыздары

 

Иә, Әзірет Сұлтан бабамыздың рухани кәусарынан сусындап, атағын шартарапқа жайып, зүбәражат ілімді төрткүл дүниеге паш еткен оның маңдай алды ізбасарлары еді. «Садр ад-дин шайх рисаласында» Қожа Ахмет Ясауидің соңынан 99 мың мүрит, 20 мың мөрі бар ғұлама, 15 мың муфти, 14 мың мүжтаһидтің ергенді айтылады. Алғадай мүриттері арқылы Ясауи тариқатының дәрпі ұлықталып, рухани ілім жылғадан аққан қарғын судай мұқым ғаламға көл-көсір боп тарады. Десе де, Әзірет Сұлтанның дәргейіне бас ұрған мухлистерінің саны ұшаң-теңіз болса да, шар болаттай шыңдалған шәкірттері санаулы еді. Алтын тізбек осы таңдаулы тарланбоздардың арқасында жалғасын тапты. Ар ілімінің туын тік ұстап, хәл ілімі майданында басын бәйгеге тіккен «суфра тұтушылар» руханиятқа жұтаған жұртқа сан ғасыр бойы жол көрсетіп, алаулап жанған рух шамшырағына айналды.

Шежірелік мәліметтерде Құл Қожа Ахмет Ясауидің халифаларының ішінде Мансұр атаның ныспысы ерекше аталады. Өкінішке қарай, деректерде Арыслан бабтың ұлы деп көрсетілетін Мансұр ата жөнінде мағлұматтар жоқтың қасы. Кейбір аңыз-әпсаналарда Әзірет Сұлтанмен бірге Меккеге қажылыққа барып, қайтарында «суфра тұтмақ» (дін насиқаты) үшін Анадолы жерінде қалғандығы айтылады. Мансұр атадан кейін оның орнын ұлы Әбдімәлік ата, одан соң баласы Тәжі қожа басқан. Тәжі қожаның кіндігінен атақты Зеңгі баба тараған.

Мансұр ата тақылеттес Әзірет Сұлтанның көпшілікке беймағұлым халифаларының бірі Сағид атаға келетін болсақ, ол жөнінде де ғылыми айналымда толымды мәліметтер ұшыраспайды. Тек қолжазба деректерінде Құл Қожа Ахмет Ясауидің оң тізесін басқан ізбасарларының бірі ретінде есімі аталады. Осыған қарағанда Мансұр ата мен Сағид аталар өз аттарымен іргесі бөлек, сорабы кең, соқталы жол (шұбға) қалыптастырмаған тәрізді.

Әзірет Сұлтанның руханиятынан нәрленіп, нар тұлғаға айналған сопылардың көптігі соншалықты аттарынан адам жаңыласады. Әйтседе, тарихи деректерде Қожа Ахмет Ясауимен сөз таластырып, сұқбаттасып, соңынан мүрит болып, тәрбиесін алған төбелі шәкірттері хақында азды-көпті мәліметтер баршылық. Олардың қатарына Имам Мәрғузи (Көк тоңды ата), Баба Машын, Оқшы ата, Баба Ғариб, Үшбас ата, Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақы, Ғашық Жүсіп, Құсшы ата, Шопан ата, Бағдизан әулие, Лоқман Перенді, Шейх Нәджим ад-дин, Хасан әл-Бұлғари, Бираш ибн Абраш, Қоқырас хан, Жолбарыс хан, Маңғытай, Қарамұрт, Қарабура т.б. атақ-даңқы мен мақам-мансабы ілгері-кейінді сопыларды жатқызуымызға болады. Аталған даланың дара перзенттері Ясауи сүлігін сопылық ілім шарттарына сай жалғастырып-жалғастырмағаны бізге беймағұлым болса да, түркі-ислам мәдениетінің қалыптасуына ересен еңбек қылғанын сірә да жоққа шығаруға болмайды.

Ясауи тариқатының өкілдері түркі қауымының мұсылмандануына екпінді ықпал еткені соншалықты отырықшы мәдениетке тән диқаншылық, бәдізшілік, қолөнершілік, кірешілік, сауда-саттықты кәсіп етушілерді қамтумен қатар, төрт түлікті кәсіп қылған көшпелілердің ғұмырына – Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі ата, Шопан ата, Сексек ата культтері арқылы әсер етті. Түркілердегі озандық, жыраулық, шешендік өнері хәл-хикмет сарынына бет бұрды. Тіпті, хәл-хикмет иелері мемлекеттік саяси істерге де белгілі бір деңгейде ықпал етіп отырды. Мысалы, Алтын орда билеушісі Өзбек ханға – Садыр ата, Мәураннахр билеушісі Әмір-Темірге – Мир Әли Қожа, Моғолстан билеушісі Әбдірашит ханға – Сейіт Мұхаммед сопы, Ібір-Сібір билеушісі Көшім ханға – Шәрбати шейх, Герат билеушісі Хусейн Байқараға – Шейх Жамаладдин, Үндістан билеушісі Хумаюн шахқа – әш-Шайхун Шәриф, Осман билеушісі ІІІ Мұратқа – әл-Хазини, Әз-Тәуке ханға – Мүсірәлі әзіз, Абылай ханға – Жалаңаяқ әзіз т.б. руханияттың зәу биігіне көтерілген Ясауи тариқаты өкілдері саяси билеушілердің өмірінде маңызды рөл атқарды.

Әзірет Сұлтанның рухани кәусарынан нәр алған Баба түкті Шашты Әзіз, Яшлығ Жүніс ата, Отлуғ Жүніс ата, Боздақ ата, Кусәм шейх, Хәлил ата, Пехливан ата, Көк ата, Тонгуз шейх, Түрікшіл ата, Құл Шәмшаддин, Убәйси шейх, хазірет Бәшир секілді сопылар Мәураннахр мен Түркістан аумағында Ясауи тариқатының күшеюіне ықпал етті. Сонымен қатар, Шопан ата – Маңғыстауда, Зәрбап ана – Сарыарқада, Мұхаммед Шәриф Бузургвар, Шейх Һидоятуллах – Шығыс Түркістанда, Насыр бин Қасым, Хасан әл-Бұлғари, Бираш бин Абраш, Хусейн бек, Қасым шейх бин Ибрахим, Қожа Әмір Кәләл, Құл Шәриф – Еділ-Жайық өңірінде, Әушар баба – Әзірбайжанда, Гөзлі ата, Мақтымқұлы – Түркіменстанда, Әлішер Науай, Баба Илияс – Қорасанда, Қажы Бекташ Уәли, Айқазылы, Пір Дәда, Қораз Дәда, Ғажғаж Дәда, Шейх Нұсрат, Гиіклі баба – Анадолыда Ясауи ілімінің қанат жаюына өз үлестерін қосты. Жалпы, арда емген абдал-сопылар жазмыш болған жерге дейін Ясауи ілімін паш етті.

Ал, ХІХ ғасыр басында Орталық Азиядағы Бақырғани мектебінің соңғы өкілдерінің бірі Омар ишаннан кейін Ясауи сүлігі Мужададдийа ықпалына ұшырап, дербес діни ұстанымын жоғалтып алды. Десе де, Ферғана жазығында 1870-ші жылдары «Лачилер» (Аллаһшылар) атты Ясауи жолын ұстанушылар қайта төбе көрсетті. Алайда, Лачилер еркек-әйел бірігіп зікір салғаны үшін Қоқан билеушілері тарапынан қуғынға ұшырайды. Ош өңіріндегі лачилердің жалғасы саналатын «Шашты ишандар» 1920-ші жылдары діни қозғалыс жасауға ұмтылғанмен, олар коммунистік биліктің кәріне ілікті. Құйысқаны көтерілген Кеңес үкіметі «Шашты ишандарды» 1950-ші жылдарға дейін қатаң бақылауда ұстады. Үстінен құс ұшырып, астынан ит жүгіртіп қойған тасқұрсау тәртіптің кері әсерінен аталған сопылар қауымы Ясауи тариқатының діни салт-жораларын толық ұстана алған жоқ. Діни мәжілістерінде көбінесе дутар аспабының сүйемелдеуімен «Диуани хикмет» үзінділерін айтумен ғана шектелді. Бүгінде Лачилер қауымдастығының өкілдері Қырғызстанның Баткен, Ош, Өзгенд, Нарын өңірлерінде өмір сүреді.

 

Ауғанстан силсиласы

 

Шынтуайтында, Ясауи силсиласының үзіліп-үзілмегені әлі кешенді зерттелмеген тәрізді. Себебі, кейінгі уақытта Ясауи сүлігі ХІХ ғасырда ізім-ғайым жоғалды деген тұжырымды жоққа шығаратын бұлтартпас деректер табылып жатыр. Мәселен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шаянда өмір сүрген атақты Аппақ ишанның әкесі Сейідахмет ишан Ясауи сүлігін ұстаған пірлердің бірі еді. Бірақ, оның өзінен кейінгі ұрпақтары Нақышбанди тариқатына бет бұрды. Атақты башқұрт ғұламасы Зәки Уәлиди Тоған (1890-1970) өз естелігінде жас күнінде Ясауи тариқатының өкілі Молдағұлдан тәлім алғанын баян қылады. Сәдуақас Ғылмани (1892-1972) атамыз өз шығармасында замандасы Әбу Шахма қалпенің (1887-1963) Әзірет Сұлтанға зиярат жасап, тариқат жолына түскенін айтады. Ұлытаулық Балмағамбет Балқыбайұлы (1891-1967) өлең-жырларында Қарнақ медресесінде діни білім алғанын, өзінің Ясауи жолының өкілі екенін жеткізеді. Жазушы Сәбит Мұқанов 1957 жылы Қытайға жасаған іс-сапарында Қашқар ханакаларында Ясауи жолын ұстанушы сопылардың ара зікірін салғанын өз көзімен көрген. Түркістандық Ясауи тариқатын ұстанушы Мәмон хазірет (1900-1996) бертінге дейін Қарашық ауылында сопылардың алқасын құрып, жария зікір салып келген. Түркияның Малатия аймағында өздерін Арыстан бабтың ұрпағы санайтын Шейхь Ефнуллах мүриттері де өздерін Ясауи сүлігінен деп есептейды. Демек, Ясауи сүлігі ХХ ғасырда да жалғасқаны айпарадай анық десек асыра айтқандық емес.

Ихсануллах пірмен осылайша бабаларымыздың басынан кешірген алалай да бұлалай қилы тағдырын сөз етіп отырғанбыз. Кенет ол сұр түсті бөзден тігілген пәпкі пішіндес дорбасын ашып, түрки тілде өрнектелген бірнеше парақты менің қолыма ұстатты. Тысы шыт матаға оралған түйіншекті шешіп, елтіріден тігілген көне қоңыр бөрікті шығарды. Бір қолына киіз кітабын, бір қолына мөрін ұстап, Ауғанстанға тараған Ясауи сүлігінің шежіресін байыппен тарқата жөнелді. Бейне жүрек төріне құндақтаған інжу-маржан қазынасының қақпағы ашылып кеткендей түркіменшелеп гәпіріп, көмейіне тығылған түйдек-түйдек ой-дерегін төгіп сала берді.

Ихсануллах пірдің айтуынша Бақырғани сүлігі бойынша 28-ші пір саналатын Мұхаммед Алым әс-Сыддықидің (1633 ж.қ.б) шәкірті Мұхаммед Шәриф әл-Бұқариден  (1697 ж.қ.б) кейінгі Шейх Арслан Қоқанди, Әмір Шах Қарши, Сайид Кәміл дәруіш (1816 ж.т), Мұхаммед Сабыр Тирмизи (1808-1866), Қожа Сәлахаддин ата (1915 ж.қ.б) болып жалғасатын силсила зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген. Бұл сүлік жөнінде профессор Неждет Тосунға мәліметтер бергенін айтып өтті. Бірақ, аталған силсила өкілдерінің өмірбаяны туралы тақұл-тұқыл ғана деректер бар. Десе де, Қожа Сәлахаддин атаның орнын басқан Мұхаммед Шәриф ата (1958 ж.қ.б), одан кейінгі Дамла Гөк (1971 ж.қ.б) және Ораз Мұхаммед пір (2018 ж.қ.б) туралы мағлұматтар баршылық.

Шамамен ХІХ аяғында дүние есігін ашқан, тегі түрікпен Мұхаммед Шәриф ата өзінің ұлағатты пірі Қожа Сәлахаддин атадан (1915 ж.қ.б) иджаза алғаннан кейін Бұқара өңірінде Ясауи ілімін өрістетті. Алайда, Кеңес үкіметі 1920 жылы Бұқара хандығын құлатқаннан соң, ол Ауғанстанның Фәрияб өлкесіне бас сауғалап барады. Онда шәкірттерімен бірге диқаншылықты кәсіп қылып, кішігірім дәргаһ ашады. Бірақ, әзелден Ясауи тариқаты негізінен түркілер ұстанған сопылық жол болғандықтан, тек түрікпендер арасына тарап, Ауғанстанда кең өріс аша алмайды. Ал, Мұхаммед Шәриф атаның ақ батасын алған, тегі түрікпен Дамла Гөк Ауғанстанның Жәузан өңірінің тумасы еді. Ол Қарқын қышлағында медресе ұстап, бала оқытқан дін ғұламасы болатын. Оның тұсында да Ясауи сүлігі тек түрікпендер ішінде белгілі болады. Дамла Гөктен кейін Ясауи силсиласын жалғастырған, тегі түрікпен Ораз Мұхаммед ата Фәриябтағы Алты бұлақ қышлағының тұрғыны-тын. Ол күнкөрістің қамы ретінде етікшілікті кәсіп қыла жүріп, ара-арасында дутармен илаһи жырлар айтатын өнер иесі еді.

Ораз Мұхаммед ата сопылыққа бет бұрған жылдары Ауғанстанда дүркін-дүркін төңкерістер орын алып, оның аяғы қырық жылдық қанды қырғынға ұласады. Әсіресе, коммунистік билік орнаған жылдары Ауғанстанда бүткіл діни оқу орындары жабылып, жапа-тармағай жұрт атеизммен уланады. Байтал түгілі бас қайғы болған алмағайып дәуірде күн кешсе де, Ораз Мұхаммед ата «Алла-һайлап» зікір салуын доғарған емес. Ауғанстандағы Ясауи мухлистерімен дәйім тығыз қарым-қатынаста болады. Фәрияб пен Мәзари-Шәрифте құпия дәргаһ ашып, мүрит тәрбиелейді.

 

Зобалаң дәуір – дегдарлар өнегесі

 

Задында, Ауғанстандағы діни орта Ясауи тариқаты сопыларының киім киісі мен жүріс-тұрысына қомсына қарап, оларға сыни көзбен назар салған. Діндарды басындағы дағарадай сәлдесі, үстіндегі мауыты шапаны, қолындағы тырсылдатқан әшекейлі тәспісіне қарап бағалайтын Қорасан халқына келімсек түрікпен сопылардың елтірі бөрік, желбегей түйе жүн шекпен, шегірен мәсі-кебіс киіп, дорба арқалаған диуана кейпі оғаштау көрінген. Қала берді, ішкі тақуа бейнесін бүркемелеп, діни келбетін жасырып, сырт көзге көпшілік құралпы күн кешетін ғаріптік ғадеттері олардың ғиззат құрметке бөленуіне бөгет болған. Шілге отырып, қылуетте күн кешіп, дүниені тәрк қылу һәм дәйім зікір салу тәрізді қатып-семіп қалған қағидаларға жүгінуі – тіптен қоғамнан оңашалануына итермелеген. Бір сөзбен айтқанда, айырықша нәпсі майданына мән беріп, іштегі күбірге дүбірлі соғыс ашатын діни дағдыларды ердің ері еңсеретіндіктен, Ауған елінде Ясауи тариқаты қарқын ала алмаған, қарасы көбеймеген. Жүзден жүйрік шығып сұрыпталған соқталысы ғана суфра тұтмақ сорабына түсіп, сопы болуға жараған.

Ауғанстандағы абыржы қоғамның қысталаңына булықса да Мұхаммед Шәриф ата, Дәмла Гөк, Ораз Мұхаммед пірлер Алла Елшісінен (с.ғ.с) бермен келе жатқан аманат дәстүрді аялап ұстап, бағзыдан бекіген тариқат тәртібін бұлжытпай орындап, арқа еті арша, борбай еті борша болып, соңғы жүз жылдықтағы ауыртпашылықты арқалаған Ясауи сүлігінің бел-омыртқасы – ХХ ғасырдағы алтын буыны еді. Олардың аманатқа беріктігі, тағдыр жазған сын-қатер, құқай-теперішке қарсы тұрар қайтпас қажыр-қайратының арқасында Бұқарадан жылыстап барған сүлік – су аяғы құрдымға кетпей, әлем-тапырық Ауған елінде аман қалған. Жер қайысқан қол бастамаса да, бел майыстырар руханияттың жүгін иыққа артып, исі жұртқа сая болар иір бұтақты шәкірттер тәрбиелеген. Санға емес, сапаға мән бергендіктен де, саналы һәм санаулы санда күй кешкен.

Талайлы тағдырды бастан кешірсе де, шашасына шаң жұқтырмаған ұлағатты ұстаздарының тағылымды ғұмырын Ихсануллах пір құсша сайрап, құлақ түрушіге ерекше бір рәуішпен жеткізуде. Ұстаздарын қалың үркінге қарсы тұрған сайыпқырандай сомдауда. Тіпті, бейне пірлеріне деген ынты-шынты махаббаты марқадам тапқызатындай қанатын көтеріп, құлашын жазып сөйлеуде. Бек сенімді айтқандықтан, көмейінен төгілген құнды мәліметтері кім-кімді болса да, иландыратын құдіретке ие-тін. Осыдан кейін күпті көңілдің діңі босағандай болды десем өтірік емес. Десе де, әлі де аңқаны кептірген беймаза сұрақтар кеу-кеулеп көңілді алаңдатуда. Сөз арасында оның Ораз Мұхаммед атаға қалай мүрит болғанын сұрадым. Тағы да іркілместен, ағыза жөнелді…

 

Ихсануллах Ахрар

 

Ихсануллах пір – 1981 жылы Тауруз-Ғұзар қышлағында нәмі түрікпен Дамла Сапарқұлдың шаңырағында дүние есігін ашады. Әкесі Дамла Сапарқұл медресе ұстаған ғұлама, анасы Хадиша елге белгілі Ахрария шейхі Қожа Сейітқұлдың қызы болатын. Ілкі діни ілімін өз әкесінен алғанымен, 10 жасқа толғанда Дамла Сапарқұл дүние салады. Әкесінің ағайындары Ихсануллахты жетімсірітпей, бауырына басып, еркелетіп өсіреді. Жас өскін әке жолын қуып, діни білім алуға құштарлық танытып, Құндыз уәлаятындағы аузы уәлі ғұламалардан дәріс алады. Қажетінше араб және парсы тілдері, кәлам, фиқһ, тәпсір т.б. пәндерде игереді. Бадахшан барып хадис ілімі бойынша медресе тауысып, арнайы шатырхатқа ие болады. Қәули (шариғат) ілімге қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болған тас түлек одан арықарай хәл ілімін игеруге бет бұрады.

Өзінің жеткізуіне қарағанда Ихсануллах пір жиырма жылдай мерзім Ауғанстандағы айтулы Нахышбанди шейхтарының алдынан өтіп, сопылық ілімнің қазанында қайнап піседі. Абдухалық Ғыждуани, Қожа Ариф Рәугари, Қожа Махмұт Анжирфағнауи, Қожа Әли Рамитани, Баба Самаси, Қожа Әмір Құлал, Бахауаддин Нахышбанди, тіпті одан бертінде ғұмыр кешкен Қожа Ахрар, Молла Жәми, Имам Раббанидің қаламынан туған тариқатқа тиесілі бүкіл кітаптарды оқып тауысады. Ондағы хәл-мақамдарға иек артуға бар күш-жігерін сарқып жұмсайды. Алайда, неге екені белгісіз Нахышбанди пірлері Ихсануллахтан баят (қол тапсыру) алмайды. Олардан: «Сенің ұстанатын жолың – басқа жол», – деген кесімді жауапты естиді. Хәл әлемінің қақпасы ашылмай қойған соң, «бәлкім сопы болуға лайықты емес шығармын» – деген дәркүмән күйге де түседі. Өстіп дегбірі кетіп, әптер-тәптері шығып, біршама уақыт бейдауа күн кешеді.

Ойсоқты күйге түсіп, санасы сансырап жүргенінде бірде Мазари-Шарифте шайханалардың бірінде дутар шертіп илаһи жыр айтып отырған Ораз Мұхаммед пірді ұшырастырады. Жалпы, Ауған елінің ән-күйге деген асып-тасыған құрметі жоқ. Той-томалақтың нышаны ретінде әуендететіні болмаса, сырнайлатып-кернейлеткенге әуес емес. Жастайынан осы тәрбиені көріп өскен Ихсануллахқа шайханадағы дутар шерткен жыр иесіне ә дегенде көңіл-қошы соға қоймайды. Бірақ, дутар ұстаған жыр иесі күн сайын қайта-қайта түсіне енеді. Алқашқыда мән бермегенімен, жиі-жиі көрген түсінің тегін емес екенін ұғынып, Ораз Мұхаммед атаны өзі іздеп Мазари-Шарифке қайта келеді. Ораз Мұхаммед пір де нешеме уақыттан бері оны күтіп жүргенін айтып, Ихсануллахты құшақ жая қарсы алады.

  • Ораз Мұхаммед пір қолымнан жетектеп дәргаһтарына алып барды. Дәргаһтың табалдырығынан аттағанымда-ақ өзімнің іздеп жүрген рухани әлемімімен табысқанымды түсіндім. Ондағы бірәдарлар мәламилікті (өз-өзін діндар ретінде көрсетпеу) қатаң ұстанатын сопылар еді. Бірі көше сыпырса, бірі әжетхана тазалайды, ендігі бірі аш құрсаққа нан-су берсе, келесі бірі отыны жоққа отынын тасып көмек қылады. Кейде олар дала кезіп кетіп, жолда қалғандарға қол ұшын созады. Осылайша сырын ішіне бүгіп, күндіз қалың бұқараның қажетіне жараудан ләззат алатын, ал түнімен алқа-қотан отырып «Алла-Һайлап» зікір салатын машұғтардың (Құдайға ғашықтар) ортасына тап болдым. Иә, қаздай шулап «Алла-Һайлап» зікір салған бұл орта  – Құл Қожа Ахмет Ясауи тариқатын ұстанатын сопылардың алқасы еді. Сөйтіп, бірталай уақыттан бері аласұрып іздеп жүрген өз арнамды, өз алқамды тауып, алқауы кең, соны руханиятпен қауыштым. Сол сәтте шексіз қуанышқа кенелдім, – деп Ихсануллах пір бақытты күндерін риясыз кейіпте еске алды.

 

Ғадауат ғұмыр

 

Жай күнде қажетті мағлұматтарды түртіп қана отыратын қаламсабым қағаз бетінде ары-бері арғымақша ойқастап, тыным таппай өз өрнегін салуда. Ара-арасында мен сөйлегенде ғана іркіліп, кілт тоқтай қалады. Сырлы сұқбатқа сиясын төге түссінші, айызы бір қансыншы деп әңгіменің ыңғайына қарай сауалды қарша боратып мен отырмын. Сұқбатшым сөйлеп келіп бергенде қаламсабым да жүйтки жөнеледі.

Одан әрі сұқбат иесінен Ораз Мұхаммед пірмен танысып болғаннан кейінгі қарым-қатынасы қалай өрбігенін сұрадым. Ихсануллах пір демін ішіне тартып, терең тыныс алды. Нұрлы жанары ойпазданып, өткен күннің белгілерін қайта есіне түсіре бастады. Ой толғағын түйіндеп, тарих қойнауына кеткен оқиғаларды жадынан бір өткізіп алды да, бірнеше жыл бұрынғы басынан кешірген өз тағдырын асықпай нәумез үнмен баян қылды.

  • Ол кезде мен Құндыз уәлаяты Қалай-Зал ауданының Білім басқармасында әдіскер болып жұмыс істеп жүргем. Ауданымызда жүзге тақау мектеп бар. Осы оқу орындарындағы білім сапасына жауапты маман едім. Ауыл аймақ үшін бұл әжептәуір лауазым. Әрі отбасым мен ағайын-жұрағатым осында тұрады. Жан баға алатын жалақым бар, бала-шағам көз алдымда өсіп жатыр. Бір қарағанда төрт құбыласы түгел адаммын. Піріме қол тапсырғаныма әлі ай мерзім өткен жоқ еді. Бір күні Ораз Мұхаммед пірім хабарласты. Жұмысты тастап, дәргаһқа оралуыма бұйрық берді. Тосыннан келген бұл пәрмен біз пақырды абдыратып тастады. Нәпсіме салсам Қалай-Залдан кеткім жоқ. Бәрі орынша жүріп жатқан сияқты. Не істерімді білмей қатты дағдардым. Жүз ойланып, мың толғансам да шешім шығара алмадым. Күндердің бір күні ұйқымда түс көріп, руханияттан қатаң ескерту алдым. Жалма-жан сол күні жұмыстан кетуге арыз бердім де, Мазари-Шарифке тартып кеттім. Сол кеткеннен Ораз Мұхаммед пірім жан тәсілім еткенге дейін қызметінде болып, қал-қадерімше хәл ілімінің қыр-сырына қанығуға қарекет жасадым.

Ораз Мұхаммед пірім мені жетегіне алып, инабаттылыққа иек артудың, рухани қабаттарды еңсерудің жолын нұсқады. Илаһи сырға толы нұрлы әлемнің қазыналы қойнауына ендіріп, имани гүл бау-бақшасында серуендетті. Сайру-сулукте әрбір хәл-мақамның рухани нәр беретін өз гүлзар әлемі, өзіне тән жұпар иісі, жасыл желегі, көк майсасы, хауызы, шәрбаты, жемісі, мәйегі болады. Оның хош иісті ауасын жұтып, дәмін татып, нәрленбестен келесі хәл-мақамға өтуге жол жоқ. Әрбір хәл-мақамда рухани күш жинап, қайратыңды қайраққа салып өткірлеп, арықарай өрлеген үстіне өрлей бересің. Толысқан үстіне толыса түсесің. Ал, осы сапар барысында саған шамшырақ болып жол көрсететін ұстазың. Ол жөн сілтемесе, руханияттың қыр-сырын үйретпесе, батасын бермесе, кемелдікке қол жеткізуің неғайбыл.

Ораз Мұхаммед пірім маған тариқаттың тәртібіндегі құндылықтың бәрін түгін қалдырмастан үйретті. Қандайда бір кеңшілікте һәм қауырт жағдайда болмасын Жаббар-Хақты жадында ұстауды, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннетіне берік болуды, ата-анаға құрмет көрсетуді, ағайын-туыспен араласудың жөн-жосығын, бірәдарлармен байланыс жасаудың ретін, көпшілікпен иба сақтап, қалай қарым-қатынас жасауды, ұлтыңды сүюді, қалың бұқараның қажетіне жарап қызмет етуді, қылуетке түсудің ауы мен бауын, дүние құмарлығын тәрк қылуды, ішкі-сыртқы тазалықты, көркем әдепті, парыз және сүннеттен бөлек нәпіл құлшылықтарды да қаза қылмауды, Хай зікірін, Ху Зікірін, Ара зікірін қалай салуды, оның шалығына мас болмауды, қашанда өз-өзіңді сергек ұстауды, илаһи сырларға қанығу барысындағы көңіл-күйді күзетуді, әманда ақжүрекпен қарапайым бола білуді т.б. тариқат ережелерін масақ қалдырмастан түгел қамтып үйретті.

Бұл үшін әлбетте ең алдымен хақиқат кәусарынан дәм татқызған Жаббар-Хаққа сансыз шүкір етемін. Құл Қожа Ахмет Ясауидің жолында жүруді біз пақырға нәсіп қылған Құдай-тағалаға мадақтар болсын. Екі дүниенің сәруәры Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға Хақтың салауаты мен сәлемі болғай. Оның аманатын жалғастырған қутуб-ул ақтаб Құл Қожа Ахмет Ясауиге, Әзірет Сұлтанның силсиласын Ауғанстанға алып келген Мұхаммед Шәриф ата, Дамла Гөк және біз пақырды сопылық жолға салған ұстазым Ораз Мұхаммед пірге алғысым шексіз. Ясауи тариқатының тәмам тақсырларына Тәңір-тағала разы болғай, – деп Ихсануллах пір ерекше ыждақатпен ілгеріде өткен тариқаттың ұлық зат, әулие-әнбиелеріне рахметін жаудырды.

Түн ұйқысында Қалай-Зал әлемінде жымың қаққан аспандағы жұлдыздар болмаса, қыбыр-сыбыр тірлік сап тиылады. Мақпал түннің тыныштығын ара-сыра сақсынып үрген күшіктің дыбысы ғана бұзып, тіршіліктің бір белгісін беріп қояды. Құлақты түріп тыңдасаң ұзақтан Құндыз дариясының ағысы талып естіледі. Онысы өлі тыныштықты майда ырғақпен әлдилеген әдемі әуендей әсер қалдырады. Осы әдемі әлдиге елітіп, Қалай-Зал әлемі түн қойнауында маужырап қалың ұйқыда жатыр.

Ұзақ сұқбаттан алған әсерімді қорытып, естіп-білгенімді ой-елегінен өткізіп, түн қараңғысында көз іле алмай отырмын. Мен үшін әрбір естіген дерегім алтын-жақұтқа пара-пар. Бабамыз Құл Қожа Ахмет Ясауидің сара жолының Ауғанстанда жалғасқан силсиласы әлі ашылмаған арал тәрізді. Көріп білген дүниелерімді тізбектеп, ойыма хаттап, миымның қатпарына салып, қайта-қайта құнттап қоямын. Алда әлі де алар еншім бар екенін сезініп, бұйырса бүйірім томпайып, мол олжаға кенелетінімнен үміт қылып, мәз-мәйрам күйде ұйқыға кеттім.

* Ежелгі түркі-моңғол тілінде виза мағынасында қолданылған

* Ширхан-бандардың ескі атауы

 

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *