КҮН СИЯҚТЫ  КҮЛІП ОЯН АҚ ТАҢДА… КҮН СИЯҚТЫ  КҮЛІП ОЯН АҚ ТАҢДА…
Жанерке ТЕМЕШ, 2008 жылы Талдықорған қаласында туған.Талдықорған қаласындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Жетістіктері: «Мағжан оқулары» қалалық кезеңі 1-ші орын, «Мағжан... КҮН СИЯҚТЫ  КҮЛІП ОЯН АҚ ТАҢДА…

Жанерке ТЕМЕШ,

2008 жылы Талдықорған қаласында туған.Талдықорған қаласындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Жетістіктері: «Мағжан оқулары» қалалық кезеңі 1-ші орын, «Мағжан оқулары» облыстық кезеңі 3-ші орын, «Абай оқулары» қалалық кезеңі 2-ші орын, «Ақберен» ақындар мүшәйрасы 2- ші орын, «Бейсен Құранбек» қалалық кезеңі 3- ші орын, «Мұқағали оқулары» қалалық кезеңі 3- ші орын, «Ілияс оқулары» қалалық кезеңі 2-ші орын.

 

АБАЙ АТАМА

Бір беймаза күйді бастан кешкенде,
Дүйім жұрттар дүрбелеңге көшкенде.
Абай ата-ау, білесіз бе дәл сіздей,
Мыңмен жалғыз алыспаған еш пенде.

Жалын отқа жаны күйіп маздаған,
Тауқыметті тартпай жүрген аз ба адам.
Ешкім сіздей терең бойлап жүрекпен,
Ешкім сіздей қара сөзді жазбаған,

Белді бекем тәуекелге байлаған,
Жаны ашып, кейде қанық айнаған.
Сіздей ата – топқа түсіп бұл күні,
Қалың елін бар ма екен жан ойлаған.

Бәрі де ата — рас екен дегеніңіз,
Шүкір тәубе! Ел қамы жегеніміз.
Осы бір сөз есімнен еш кетпейді,
Болмасаң да ұқсап бақ деп едіңіз.

Қилы күндер ширықтырып ескенде,
Үміт деген өзегіңнен өшкен бе,
Ата, мен де елдің жайын ойлаған,
Сіздей адам болғым келеді өскенде.

 

МҰХАМЕТЖАН

Қазақтың қайталанбас айбатты ері,
Мұхаметжан – Алаштың қайраткері.
Ресейдің мемлекеттік думасына,
Депутат қып кезінде сайлапты елі.

Зерек болған балалық шақтарынан,
Атаның батасымен бақ дарыған,
Атақты теміржолшы атанды ол,
Ауылдың молдасынан хат таныған.

Ол кезде қиын-қыстау заман болған,
Елінің ертеңіне алаңдаған.
Верныйда даярлайтын курста оқып,
Алтын медаль белгімен тәмамдаған.

Мойымай тағдырының сынағына,
Үн қосқан елдің арман-ұранына.
Қазақтың аңсап ол да бостандығын,
Қабылданған Алаш орда құрамына.

Жол арқылы жалғаған арамызды,
Жырға қосып пір тұтайық дарамызды.
Ел еңсесін көтерген Мұхаметжан,
Ұмытпайық, ұлықтайық бабамызды.

 

ІЛИЯСҚА АРНАУ

Жетісудың паш етіп сұлулығын,
Алатаудың жырлаған ұлылығын.
Ілияс ақын қазақта дара тұлға,
Халқына аямаған жылулығын.

Іргетасын қаласып әдебиеттің,
Жағдайын да ойласқан әлеуметтің.
Білімімен өшпестей үлес қосып,
Гүл бақшасын жайнатқан мәдениеттің.

Дара ақын, жазушы ол, әрі сері,
Той-думанға кенелген ғой жүрген жері.
Алмас тілді, сөздері тіліп түсер,
Ілиясты үлгі тұтқан қалың елі.

Кешіп жүріп өмірдің өткелдерін,
Қасиетті өлкенің өпкен желін.
Қуғын көріп, жатса да тар қапаста,
Қазақ үшін аянбай төккен терін.

Алашым деп құшағын жайған ақын,
Ағып өтті. Ақбоздан сайлап атын.
Азаттықтың жолында тайсалмастан,
Өмірін құрбан еткен қайран ақын.

ҰСТАЗ-АНА

Мейірімін төгетұғын ұстаз ана,
Ұстаз тұлға, білімді ұстаз дана.
Жалықпай үйрететін шәкіртіне –
Ол әрине жанашыр ұстаз ғана.

Шәкіртінің есейтіп бала шағын,
Білімнің лаулататын зор ошағын.
Ұстаздай жан бар ма екен бұл өмірде,
Оқушының ойлаған болашағын.

Тәрбиелеп мінезін, тәртібін де,
Үйретіп жақсы сөзге, тартып үнге.
Әрдайым оқушымен бірге болып,
Оқытумен өткізер әр күнін де.

Ерінбеген ісіне жалықпаған,
Қанатында білімнің қалықтаған.
Ұстаз деген – сабырлы, салиқалы,
Қарапайым салмақты қалыпты адам.

Әр баланың ойлаған ұстаз қамын,
Тереңнен түсінетін қыс, жаз жанын.
Ендеше шын жүректен тілеп тұрып,
Алғысты айтайықшы ұстазға мың.

ТАЛДЫҚОРҒАН ГҮЛДЕНІП,
ЖАЙНАЙ БЕРШІ!

Талдықорған саған алтын күз келді,
Ару жүзің тағы да міне өзгерді.
Сылдыраған самалыңмен жай ғана,
Тербетші бір жапырақтай бізді енді.

О, Талдықорған! Мекенім Талқалам,
Мен өзіңмен күн боп әр кез, таң болам.
Сәл шығып кетсем болды шет жаққа,
Түрлеп жатқан келбетіңе таңқалам.

Күзде туғам еркелеп мен де сендей,
Екуіміз де қылық бар теңдесердей.
Шарықтап көк аспанда қалықтаймын,
Тең жайып қанатымды кеңге сермей.

Пейілің кең, қойнауың құтқа толы,
Іште ырысың ақтарылып, сыртта қомы.
Жататын жатырқамай сайраңдаған,
Төрің бар неше түрі ұлтқа толы.

Жыл сайын мерекеңді тойлай берші,
Кемелденіп терңге бойлай берші.
Дәл осылай көркейіп көз алдымда,
Талдықорған гүлденіп, жайнай берші!!!

МАҒЖАН БАБАМ!

Кең жүректі кемеңгер ұлы тұлға,
Ұқсатамын ең биік Ұлытауға.
Ұлы еңбек қалдырған нар бабамды,
Бір сәтке де болмайды ұмытуға.

Қара өлеңнің бағына енген бабам,
Қара түнек күндерді жеңген бабам.
Дархан қазақ даласына рух беріп,
Жалындаған жастарға сенген бабам.

Жастарға ең қажеті – білім деген,
Білім деген қазына бүлінбеген.
Ұстаздық еткен талай мектеп ашып,
Күлімдеген балаға күнім — деген.

Кешіп жүріп тағдырдың өткелдерін,
Қасиетті өлкенің өпкен жерін.
Қуғын көріп, жатса да тар қапаста,
Қазақ үшін аянбай төккен терін.

Батыр жүрек, бұйра шашты, ірі болған,
Үлгі тұтқан талайдың пірі болған.
Алаштың ақтаңгері Мағжан бабам,
Беделді бес арыстың бірі болған.

ҚАЗАҚ ТІЛІМ

Қазақ тілім – күнім сенсің мәңгілік,
Аспанымда жарқыраған сан күліп.
Жаным бар да жұдырықтай кеудемде,
Мен өзіңді жырлап өтем ән қылып.

Қазақ тілім – қайырылмас қанатым,
Биіксің ғой мен үшін сен дара тым.
Қазақ тілім – мақтанышым, бай тілім,
Жырым да сен асқақтатып салатын.

Қазақ тілім – арым сенсің мәңгілік,
Әр сөзіме тиек етем сән қылып.
Өзің тұрсың көкейімнің төрінде,
Жүрегімде рух сезімін жандырып.

Қазағымның аты мәлім әлемге,
Тілді де біз ұлықтайық бар елге.
Ұлттық рухты асқақтатып жүрейік,
Қазақ тілін айналдырып өлеңге.

Қазақ тілім – қаным, жаным, жүрегім,
Бар әлемге жар сап айтып жүремін.
Бүкіл қазақ ана тілмен сусындап,
Егеменді елімізде жүремін.

Қазақ тілім – алып биік тұғырым,
Құрметтемес, қадірлемес мұны кім?
Менің тілім өлмейтұғын ешқашан,
Ғасырлардан келе жатқан ұлы ұғым.

КҮН СИЯҚТЫ

Күн сияқты күліп оян ақ таңда,
Күліп тұрсаң құр қалмайсың бақтан да.
Күні бойы жан дүниең жадырап,
Көңіл-күйің шарықтайды аспанда.

Түн сияқты жатып ұйықтатып – тыныш,
Рақаттанып тереңінен, ап тыныс.
Ақ төсекте, ақ көрпені жамылып,
Көріп шық тек таусылмайтын тәтті түс.

Жылжып өтер сәтіменен күн айың,
Ажарланып жылы жүзді шырайың.
Әр күн жақсы, әрине түн де жақсы,
Болмаса егер ешқандай да уайым.

Күліп жатып сондықтан күліп оян,
Сарқылмас шабыт алып тұнық ойдан.
Мол ырысқа бөленіп ертеменен,
Шапағына ақ таңның тұрып боян.

БАРЛЫБЕК ДАНАҒА

Бабамыз жайлы көп бар аңыз,
Еңбегін зерттейтін баламыз.
Алаштың ғалымы, арысы,
Барлыбек – зиялы бабамыз.

Арманын, дәстүрін жалғайық,
Біліммен биікке самғайық.
Қазақтың уставын жазыпты,
Рухына өлең-жыр арнайық.

Аялап отанын, өңірін,
Халқына арнаған өмірін.
Елінің ертеңін ойлауда,
Сан рет мұңайтқан көңілін

Ақылмен сүре жол салдырған,
Барлыбек жасынан алғыр жан.
Ел үшін аянбай тер төгіп,
Қаншама мол мұра қалдырған,

Қазақтың санасын гүлдеткен,
Жандарға қараймыз құрметпен.
Барлыбек Сырттанов дананың,
Ұрпақпыз өмірін үлгі еткен.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *