МАХАББАТ ӘНІ МАХАББАТ ӘНІ

МАХАББАТ ӘНІ

30.09.2015 0 3 571

Төрехан ҚАЙНАРБЕКҰЛЫ 1945 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қарой ауылында туған. Ұзақ жылдар педагогика саласында қызмет еткен. «Жырлайды жүрек» өлеңдер, «Сырымды айтам» арнау өлеңдер... МАХАББАТ ӘНІ

Төрехан
ҚАЙНАРБЕКҰЛЫ

1945 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қарой ауылында туған. Ұзақ жылдар педагогика саласында қызмет еткен.
«Жырлайды жүрек» өлеңдер, «Сырымды айтам» арнау өлеңдер жинақтары, «Ғұмырбаяндық жазбалар», «Өнеге өрнектері» «Алыстағы ай», «Махаббат хикаялары», «Менің әкем және үш анам» атты кітаптары жарық көрген.
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысы, Талас ауданының құрметті азаматы.

ЭССЕ

…Күндерге алыс ұзаттым ғой,
Көкірегімнен жұлып сені.
Сені – аруды, ұнаттым ғой,
Сөзі, көркі күміс керім.

Сені көргенде осы бір жыр шумақтары көкейіме өз-өзінен құйыла кеткен. Құдірет-ай десеңші! Иә, иә жас өседі, жасамыс қартаяды. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, біртін-біртін кемілер, бәрі де баяғыдай көрінер. Бірақ, көңіл қартаймайды екен. Оған бәрі де баяғыдағыдай. Арулар баяғыдағыдай, тіпті өңін де бермеген. Оларға деген ілтипат-көңілің де суымаған, баяғы кездегідей алабұртқан, алып-қашқан сезімдер ше… «Сезімді қайтем тулаған» деп белгілі бір ақынның осындайдан шығарып айтқаны өлеңі есіме сап етіп түссін. Бұлықсыған, талшыбықтай бұралған сүмбідей қыз, уыздай жап-жас, ерке қылықты Тараз аруы – Қарлығаш еріксіз ынтықтырды мені өзіне. Тұп-тура магниттей тартты өзіне. Жүрегімнен (бәлкім, жаралы) үзіліп махаббат әні төгілді… Қайран қалдым өзім де. «Сымбатыңа жарасқан жүріс қандай, көз тартады жарқырап күміс маңдай. Сұлулыққа оранған табиғаттан саған шексіз әсемдік жұғысқандай». Қайырбек Асан ғой! Жо-жоқ Қаракең мен болып жырлап тұрған секілді… Үнсіз арбалдым сұлулықтың сиқырына. Ес жия алмай қалдым. Шыным сол. Бағзы бір көздері армандай жалт етіп көрініп, содан қайтып көрінбей, кездеспей кеткен бір бейне еді. Алабұртқан сезімім қайта бас көтерді, көкте асқақтата желбіретті жалауын! Өткен күндердің бәрі елес қой. Жүрек шым етті. Көз алдым тұманытты. Қылаңытып көз алдыма Қарлығаш бейнесі ғана келді. Басқасының бірін де көрмеймін. Осы елесімнен айыра көрме деп Жаратқаннан жалбарынып сұрандым. Бұл неткенім. Бұл сезімнен, масаң күйден арылуды да қаламадым. Ұзағынан, ұзағынан болса екен осы елесім деп күбірлей бердім…

Көз – алдымда тұрған елес.
Қырық жамау мына жүрек,
Сені ұмытқан емес,
Көңілдің жұмбақ сыры.

Сезімнің бас жарған гүлі.
Қарлығаш,
Тек өзіңе ғана арналған
Жүректің асыл жыры.

Тигендей денем тоққа,
Айналып тәнім шоққа,
Елесіңді өбем қиялдап,
Өртеніп, күйіп отқа.

Өтсе де жылжып күндер,
Көкейде қалды мұң зар.
Өзіңді сірә, ұмыта,
алмас-ау мендей мұңдар.

Махаббат шоғын үрлеген оның сұлу келбетіне қарай берем. Көз тоймайды-ау өзіне. Отты жанары бір жалт етіп қарағанында өзіңді түгел шарпып өртеп жіберетіндей. Жанарының тұңғиығына жұтылдым. Жан тыншыды. Бұл не сиқыр, құдайым-ау! Өзін ойша өліп-өшіп сүйгенімді қайран ару біле ме, білмей ме… Сондай ыстық көзқараспен бір жалт етіп қарап қойды. Елігім сол! Елжіредім. Ерідім. Бой балқыды ілкі әсерден. Ернінің томпайып көгершіндей уілдеп, күбір-күбір үн қатқаны да ғажайып өзінің. Бойымды бір ыстық сезім толайым шарпып өтті. Ол жас, ал мен егдемін, әттең-ай десеңші! Кеш… тым кеш сияқты. Кейде… махаббат та кешігеді емес пе! Әйтеуір, лапылдап күйіп, жанып кетпей, сезімімді әрең тіздеп келем… Оның жанарында алуан сезім дір-дір қағады. Ерні томпайып күбір-күбір үні келеді құлаққа. Күміс бұлақтың сыңғырындай.
– Қарлығаш, сені бесік тербеткен ана деп кім айтар. Құлын мүшең бұзылмапты. Өмірдің тар жол тайғағын кешсең де…
– Сүйіктім болған емес. Сүймеген жанға қосылыппын, бақытсызбын. Ол, менің жастық қателігім. Жастай сүймеген жанмен тұрмыс құрдым. Бір балалы болып, онымен ажырастым. Мені сүйетін жанды кездестірген жоқпын. Ғашықтыққа не жетсін! Сондай сезім үшін де ғашық жанды, аялы махаббатты аялағым келеді. Неке құру әрбір жағдайы келген мұсылманға парыз емес пе?! Алла бұйырса болашаққа жоспарлап отырмын. Мені жан-тәнімен сүйген жан болса деймін. Өмірде сүймеген жанмен өмір сүру қызық емес қой…
Иә, ол сүйіктісін жолықтыратынына әлі де үмітті. Рас қой енді. Үміт ең соңынан өледі… Кімнің ғана маңдайына бұйырар бақыт екенсің сен, Қарлығаш! Кімге бақ болып жолығар екнсің.

Махаббат әні мазмұнды, өр, мәңгісің,
Ұшырған ғашықтықтың арман құсын.
Шаттыққа сүйген жүрек бөленеді,
Басады жалпағынан жалғанды шын.

Сенбісің тірлігімнің тыныс – демі,
Басатын сағынышты күміс көлі.
Өзің деп пенде біткен ән салады,
Еңкейер айдыныңнан нұр ішкелі.

Жасай бер жүректерге мол от беріп,
Жаралы жандарды ылғи жанап келіп.
Өртей бер қылығыңмен – қызуыңмен,
Оятып жүректерді таңда от беріп.

25 мамыр 2010 жыл. Қаратау қаласы. «Нұр» мейрамханасы. Соңғы қоңырау соғылған күн. Біреулер үшін. Ал мына топ үшін қоңырау үнін естімегелі, мектеппен қоштасқалы бері жиырма жыл. Соның құрметіне жиылыпты. Нар қамыстай шалқи тербелген вальс ырғағымен билеген жұрт емен-жарқын көңілді еді. Қарлығашпен жиырма жылдық кездесуде кездестім. Өткен өмір белесінен Қарлығаш ақ сағым ару үздіге қол бұлғайтындай. Оның мөлдіреген тұңғиық жанары, сүзілген қалың кірпігі, әсем қоңыр үні, ақ – жарқын көңілі, асыл да, аяулы жүрегі, бір көргеннен-ақ мені өзіне үнсіз тәнті етіп, емексіте иіріміне тарта берді. Ақсағым арудың әсем лебізін жақыннан, тым-тым жақыннан тыңдау, сұқбаттасып, тілдесу дегенің… Мені қайта түлетті. Тұп-тура жиырма жасқа жасартты. Жүрегіме солмас мәңгі гүл екті! Қарлығаш! Қайда жүрсең де аман болшы, қарлығашым! Көктем құсы.
Содан үш күн өткеннен кейін сенбі күні Қарлығаш екеуміз бір-бірімізге қоңырау шалысып Тараз шаһарындағы «Бекзат» мейрамханасында кездесуге келістік. Мейрамхана алдында оны біраз күтуге тура келді. Әйелдердің үйден шығуы жүдә қиын ғой. Әсіресе, Қарлығаш секілді өзін-өзі күтетін, әсемдігін, сұлулығын сақтай алатын кірпияз, талғамы ерек перизаттар үшін. Оны мен күн астында тұп-тура сағат жарым уақыт бойы тапжылмай күттім. Мұндай сұлуды өмір бойы күтуге де бармын. Ол келмейін деп қиястанып, өзін әлдеқандай қылып көрсеткісі келіп те отырғысы жоқ қой. Боянып, тарану үстінде. Мен үшін, маған жақсы көріну үшін, ұнау үшін. Осыны сезінудің өзі қандай ғанибет еді десеңізші!

Жолыңды күтіп телміріп,
Келердей қазір сен кіріп.
Қараймын ұзақ үздігіп,
Қамығам сосын ес кіріп…

Сол күнді қалай ұмытайын, есте қалған сол бір күнді.
Қарлығаш таксиден түсіп, жымия күліп маған қарай жылдамдата басып, жадырай жақын келіп, өзіме құмартып, бетін тосып, жүрегімді елжірете ерітіп-ақ жібергені… Өзінен көп жас кіші жанды сүю кімге де оңай емес, әрине. Оның балбыраған аппақ жүзіне ерін ұшын тигізіп, балдай ерніне жанай келіп, сүйген сәтімде жүрегім дүрс-дүрс соғып, естен де таңғандай болдым. Екеуміз жеке отырып жайғастық. Бір-бірімізге құмарта қарап, көз тастадық. Қарлығаш менен көз алмай қарай берді. Онымен сырласу қызық та қуанышты да болды. Біз махаббат тақырыбында сөз қозғадық.
– «Махаббатсыз дүние бос» – деп Абай текке айтпаған. Шын сүйген жандар үшін өмір қызық. Адам бір-бірін құлай сүйсе, өмірдің басты тірегі, түп қазығы да – махаббат емес пе…
– Менің бірден – бір арманым – ес кетерліктей ғашық болу. Өзіме ұнайтын жанды кездестіріп, соны шын сүю бақытына ие болу. Ақын айтқандай ешкімге бұйыра бермейтін өлшенбейтін махаббат әлемінде өмір сүру…
Екеуіміздің ойымыз, пікіріміз бір жерден шықты! Екеуіміз қаракөлеңкелеу кабина-үстелде әрі ас ішіп, махаббат тақырыбындағы әңгімені де қыздыра түстік. Көгершіннің көгілдірі секілді Қарлығашқа, оның көз тоймас сұлулығына қызыға, сұқтана да қарайлаймын. Қауырсынын қатайтып қанатын ақша бұлтқа жайып, махаббатын сол жақтардан іздеп отыр ақ көгершін-ару қыз. Оған «Жырлайды жүрек» лирика кітабымды сыйладым. Махаббат кітабы еді ол! Одан аз-кем үзіндіні жатқа айттым.

Өзің едің өзектегім,
Өзіңді сүйіп өтем.
Сен дегенде мен отты едім…
Әні һәм күйі бөтен.

Өзің едің өзектегім,
Өзіңді жырлап өтем.
Сені ойласам өбектедім…
Жер-көкке сыймай кетем.

«Күнәлі – махаббат, кешір, күнім … Бұлай етейін демеп едім, қайтейін. Еркіме қойды ма ол күш… Махаббат күші. Тіл мен көзден аман болшы, сұлуым…» деп күбірлей бердім.
Жүрегіме әмірім жүрер емес. Болмысқа да. Махаббатыммен нұрланды жүрегім, жырым, тіршілігім. О, жаратқан! Өзіңе – шүкірлігім күнәмді кешір. Жарылқаушыңа – мәңгілік – құлшылығым. Имандылығы ұнады бұл қыздың маған. Қарлығашты Абайша сүйгім келді. «Көзімнің қарасы» жадымда жаңғырды. Бейне Абай мен болып жүрегі жылап, жырлап тұрған секілді. Жоқ. бұл өзім екенмін ғой. Абайша жырлап тұрған…

Ғашықтық тілі – тілсіз тіл
Сезін де, сез де, іштен біл
Жүректің тілі сөйлесе
Мейлі илан, мейлің күл.

Ғашықтық, сірә, отпен тең,
Сезімсіз ойдың бәрі кем.
Көзімнің қарасы,
Абайша сүйдім, ендеше
Қай адам келмек маған тең?!

Жүректің сен бір жарасы,
Көзімнің ақ пен қарасы.
Көрікті көркің кір шалмас,
Көңілдің сыйлас сарасы.

Абайдың көзінің ағы мен қарасы – Тоғжан арудай көзіме ыстық көріндің сен, Қарлығаш! Көп әсер алдым өзіңмен аз-кем сұқбаттың өзінен. Лебізің қандай жылы. Бәрі де маған ғажап әсер сыйлады. Тек уақыттың зымырап тез-ақ өткені болмаса.Төрт сағатқа созылған сұқбаттасуда бір-бірімізді іштей де, сырттай да танып, түсініп, ұғысып, біртүрлі бауыр басып та қалғандаймыз. Осы бір мажыра сәтті қимай-қимай сыртқа да шықтық. Тірлігіне асыққан Қарлығашты таксиге отырғызып жібердім. Көп ұзамай оған қоңырау шалдым.
Қоңырау көтерген Қарлығаш әлгі… мен берген кітапты бара салысымен бір шолып шыққанын айтты. Оның мұнысына қуанып қалдым. Міне, содан былай қарай оны көрмесем тұра алмайтындай күйге де түстім. Ессіз-түссіз ғашық болу, Қарлығашты сүю, оның бақытына ие болу мен үшін қандай бақыт десеңізші!.. Өмірден түйгені көп, зерделі, түсінігі мол, жүрек қалауы аруды қалай сүймеске!
Арада бір-ақ күн өткен-ді. Күн жексенбі. Таңертеңгі шуақты күн, жадыраңқы көңіл-күйім Қарлығашқа қоңырау шалмасыма қоймады. Алайда тәтті ұйқыда жатқан Қарлығашқы беймезгіл оятқым келмеді. Оның ақша беті албырап, мойыл шашы төгіліп, балбырай ұйықтап жатқан сәті көз алдыма келді. Ұйықта, жаным, күн шыққанда күліп оян, бірақ.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты»,
Мен де сүйдім Алланы жаннан тәтті.
Жақсыны, жаманды бастан өткіріп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Құлпырып тұрған гүлдерден бір кемі жоқ махаббатқа кім тойсын! Жаздым ыстық сезімменен оның атын түсіріп ақ қағазға! Ән болып туған ол, болды-ау шырын, шекер бал. Жүректе шыдам таусылып… телефон шалдым, ақыры, оған. Таңғы ұйқысын қия алмай, Қарлығаш, манаурап телефон құлағын көтерді.
– Сәлеметсіз! Не болды? – деді. Оның ұйқылы даусынан кейін (ай, шыдамсыз жүрегім-ай) беймезгіл оятып жібергенімді сонда бір-ақ білдім. «Жарайды, ұйықтай бер, кейін хабарласармын» деп телефонды қайта тұғырына қойдым.
Терезеден таң самалы леки есіп тұр! Иә, иә, ұйқы тәтті таң алдында. Таң алдында бөленді санам нұрға… Құдірет бары білінді маған мұнда. Өлең өн бойымды кернеп, жүректі сыздатты… сол сәт Қарлығаштың баласына деген аналық махаббатының айырықша әлеуетті екені, жалғыз ұлының болашағын ойлап, Алматы қаласындағы «Бауыржан Момышұлы» атындағы әскери колледжге даярлап жүргені есіме түсті. Қарлығашқа ұялы телефонмен қоңырау шалып, баласына оң сапар тіледім…
Біз танысқалы бері арада бары-жоғы алты-ақ күн өтті. Бірақ біз бұрыннан таныс, бір-бірімізді ішек-қырындымызға дейін түгел түстеп тани білген сыралғы жандар секілдіміз. Менің де одан ұзап шыққым жоқ. Әлі Таразда жүрмін. Бүгінгі балаларды қорғау мерекесі ғой. Бала бауыр – ет. Олар біздің жазатын жырымыз, салатын әніміз, әркімге ашпайтын сырымыз емес пе? Әке мен ана баласын «Құлыным» деп еркелетеді. Сол ананың бірі Қарлығаш!

Сен менің ең жақын жанымсың,
Бақ, дәулет, береке бағымсың.
Сен менің кешегі бал дәурен,
Қимайтын балалық шағымсың, – деп тұр Қарлығаш жүрегі. Оның жалғыз ұлы жайлы ағынан жарыла айтқаны жадымда жаңғырды. Ана жүрегінің лүпілі құлағыма естілді! Ал Менің көңілім – Қарлығашта. Ақ таң даланың көркін асырып, жел де азынай «Қарлығаш» деп леки есіп тұр. Таңның нұрында – Қарлығаш көркі көлбең қағады! Жүрегімде әсем лебізі. Осы бір тамылжыған таңдағы гүлдердің жұпар иісі бұрқырап, Қарлығаш иісін, құстар сайраумен Қарлығаш үнін жеткізгендей маған. Шабытым буырқанып, шалқып-тасып жүре берді…

Сыздайды көкірегім,
Жүректің оты керім.
Сөзімді өткізе алмай,
Құр босқа өкінемін.

Жоқты іздеп қарманамын,
Жете алмай дал боламын.
Қол жетпес жұлдызымсың,
Мәңгілік арман-әнім.

Жыр болып іздегенім,
Ұйқымды жүз бөлемін.
Байлығым мұратым да,
Ақ парақ ізгі өлеңім.

Сөз болып дертім – мұңым,
Байланды еркім бұрын.
Тұлпар – жыр тудырсам бір,
Сезілер еркіндігім.

Сыздайды көкірегім,
Сезімнің оты керім,
Мәңгілік сапардамын,
Соны ұғып отыр едім…

Осы бір өлеңді Қарлығашқа арнай отырып, сезім селі тасқындайды тереңде, бәлкім, содан буырқанып келем мен де жыр өрнектеп. Тілеп жүрмін оның нұрлы келбеті қалса екен деп, өлмейтұғын өлеңде. Оған айтарым, ғашықтық пен махаббатымды құрметтеп, өмір деген жол тұсындағы адалдық пен ақтықты тек жүрегіңмен сезінуіңді өтінем дер ем!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *