

ДАНА ҒҰМЫР ӨЗЕГІ – ҰЛЫ ДАЛА
22.02.2025 0 105

Даража Нәбиқызы БАЛАПАН,
заңгер, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Т. Айбергенов атындағы әдеби
сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Сезімді сыртқа шығарып үйрену қажет. Әйтпесе, ол іште жатып, қатайып, өледі…
Харуки Мураками
МЫҢ ЖҮРЕК
Кеудемде бар бір жүрек,
Бүрінде жатыр мың жүрек.
Қабығы қылау, еті ұлпа,
Тұрады әр кез елжіреп.
Түбіне тоң қатпайды,
Ақжауын арман сіркіреп.
Туған жер, жастық, жалын жыл,
Жүреді жіпсіз жетелеп.
Жаның сүйген жақсылар,
Жатады төрін мекендеп.
Кеудемде соққан бір жүрек,
Қойнауы кемел мың түбек.
Тербеліп, толқып жатады,
Ұшталып қиял, ой түлеп.
Жадымнан жауhар еншілеп,
Кетеді жиі жыр түнеп,
Қобалжып кейде сол жүрек,
Зәредей затқа үлбіреп,
Таң атырып, түн түред.
Оқиға, сипат, ұғымды,
Теліп-ақ өзі білдіред.
Кеудемдегі бір жүрек,
Қалғып кетсе бейуақ,
Қалғымасын мың жүрек.
Бала, бауыр тінденіп,
Немерелер бірге өніп,
Соғып тұрсын мың жүрек.
Мәңгіге көшсе сол жүрек,
Артымда қалсын мың жүрек.
Сәулесі, нұры із кессе,
Ғайыптан тайып кездессе,
Мың жүрегімнің ішінен,
Сезеді сәруар1 ержүрек.
Айдыны арзу сол жүрек,
Көшеді бір күн тәнді іреп.
Бәлкім, Тәңірім сомдаған,
Тарамыс2 тектес – сомжүрек,
Сонары сүрлеу сыр-дерек.
Сомжүректің рухы,
Мың жүрекке тін – тірек…
Түсініктеме:
1. «Сәруар» — Пір, Рух.
2. «Тарамыс» — көннен сылынған берік жіп-таспа.
P.S. Е, сезім толқыны қырық рет тоғытылып, қырық жол құрапты… Қырық жол… Ол, «іште жатып, қата-йып өлмейін», — деп сыртқа шығыпты.
Сіздікі жөн, құрметті Харуки Мураками мырза! «Қырықтың бірі — қыдыр», — деген ұғым қалыптастырған халық — Ұлы! Бірі қыдыр болса таң қалмаңыз…
Махаббаттың бір сағатында бүкіл өмір жатыр.
Оноре де Бальзак
МАХАББАТ СЫРЫ
Махаббат деген не өзі,
Таусылмайтын дастан ба?!
Түптен тартқан тұма көзі ,
Жасқанбайтын тастан да?!
Махаббат – құдірет, не өзі,
Өткел бермес тасқын ба?!
Мұқалмайтын жүрек сөзі,
Ақ береннің астында?!
Махаббат – мәрт, не өзі,
Тәуекел ме асқарға?!
Асуда қалса төзеді,
Кездесем деп мағшарда?!
Махаббат – ұшқын деседі,
Жалын шашқан жалғанға?!
Жарқылдан тұнып өзегі,
Теңізде туған маржан ба?!
Махаббат шіркін, не өзі,
Бәсі артық тақтан да?!
Жадыда бірге жүреді,
Елес беріп ақ таңда?!
Махаббат ғажап, не өзі,
Алаулап жатқан жалқын ба?!
Мәңгі серік көкжиегі,
Бірге батқан алқымда?!
Махаббат мөлдір, не өзі,
Төркіні таңғы шықтан ба?!
Мөлтілдеп қана ериді,
Сәулесі күннің шыққанда?!
Махаббат бәлкім, қоштасу,
Үйреткен сабақ — шын сүю?!
Жүректің ісі — биік Ту,
Абзал оған, бас ию?!
Жанартау сынды елесін —
Ғажайып сырлы белесін-
Шын махаббат дер едім,
Сезімнің патша-төресін?!
Махаббаттан мың түрлі сыр туады.
Әл-Хорезми
МАХАББАТ ТУРАЛЫ ДОС СҰРАҒЫ
(Ирак досымның сұрағына жауап)
Бір досым маған
Сұрақ қойды,
Жүрек қылын шерітіп,
Бұрап қойды:
— «Неге, жазбайсың
Махаббатты,
Зерделейсің тарих-хатты,
Термелейсің ақиқатты.
Ал, махаббат –
Шексіз сезім әлемі,
Кейбіреуге жоқ емі.
Сонарында мезгіл жоқ,
Ғашықтардың мекені.
Еріксіз жетелейтін
Жіпсіз, ғажап жетегі.
Ширатқан ойдың шеті егер,
Тарқатылса кетеді,
Талай асу, белдерді,
Орасаң да жетеді.
Білеміз, екеніңді:
Қара сөздің шебері.
Көрсетші, ақын жүрегің,
Махаббатты сипаттап,
Қалай етіп өреді».
— «Сұрағың досым орынды,
Кім жырламады,
Махаббат – бұрқақ,
Арынды.
Жүректі тербеп
Тамырлар,
Оятты талай дарынды.
Сая таппай
Сабырлар,
Қарылды шоққа,
Жанартау отқа.
Махаббатта да
Ғұмыр бар,
Тоғыспасын мейлі,
Тағдырлар.
Ғашықтар,
Махаббат жәйлі,
Былай дейді:
Сезім-серік,
Жұбаныш кейде,
Сағымдар.
Әртүрлі әркім
Пайымдар.
Шынайы махаббаттар-
Қадірін сақтар,
Жады баптар,
Асылдар.
Мәрт махаббат–
Сәруар1,
Жұтамайтын жұтта да,
Киелі қомды,
Наруан2 – нар.
Әр жүректе адамдар,
Махаббаттың
Сыры бар!
Түсініктеме:
1. «Сәруар» – Пір, Рух.
2. «Наруан» – ата-бабаларымыздың көшкенде ағаштан дайындайтын жүк
артқыш дүниесі. Ұзындығы 2-2.5 м., ені 1м. шамасында. Оны екі ұзын ағаштың араларына көлденеңінен қысқа ағаштар қағып бекітіп, басқыш (зәңгі) сияқты дайындайды.Түйілген, көмкерілген, қадірлі заттарды соған байлап, оны түйеге немесе нарға артады. Көшпелі халық оны киелі санаған.
…Жақұттың ақық ашады шекарасын,
Киікте мүшкілән бар, таста — гауһар,
Інжілдің ғалым шешеді шын мағынасын…
Сырдың дарабоз шайыры, Ерімбет Көлдейбекұлының тағылымды өлеңдерінен (Ру атымен, «Қарасақал Ерімбет» атанған)
МҮШКІЛӘН
(Этимология)
Мүшкілән1 – без, ілеуге бір берілген,
Қасасы қасиетпен көмкерілген,
Киіктің бір киесі таңғажайып,
Шебердің шебері алған кіндігінен.
Ортасын осып тіліп жібергенде,
Жұпар шашып, иісін ауа керген.
Мүйізден құты жасап, тамшыларын,
Ғашығына сый еткен батыр — мерген.
Дана ғұмыр өзегі – Ұлы дала,
Тәжді жылан, төсінде құлан өрген.
Даланың оғландары тұрмысында,
Кереметті ұғынған киіктерден.
Үстірттен аң аулайтын Құламерген,
Алтын мүйіз, күміс жал киікке ерген.
Аң-құстың асылына қара тас та,
Тереңнен мумиёсін2 иіп берген ?!
Түсініктеме:
1. Мүшкілән – кейбір жануарларда
(киік тектес) болатын хош иісті без, қасиеті Құран сүресінде де (аль-Муттаффифун) аталған. Дана қарттардың айтуы бойынша шығыс ойшылдарының «мүшкілін» атаған дүниесі «мускус» сөзінің төркіні.
2. Мумиё – тасқа жабысып өнетін қара май, тасдәрі.
…Бұл дүние көрсең де жүз дөп-дөңгелек,
Бәрі су дүнияның, қыр-төңірек.
Ортасы ошал судың төрт қысымда:
Қара жер, дария, теңіз – бөлек-бөлек.
Кесілген төрт қысымға ықылымдары,
Айтамын атауларды жөні бөлек:
Азия, Европа, Африка,
Америка астыңдағы жерге дерек…
Ру атауымен «Қарасақал Ерімбет» атанған, қазақтың жазба ақындары арасынан жердің дөңгелек екенін алғаш айтқанның бірі, Сырдың дарабоз ша-йыры Ерімбеттің «Қырық кеп» атты 1910 жылы жазылған танымдық толғауынан…
Автор
ШАЙЫРДЫҢ ШЕШЕН ДАНАСЫ
(Ақша батыр ұрпағы
Ерімбет Көлдейбекұлы
атамның рухына арнаймын)
«Сыр-Алаштың анасы»,
Ешкімнің жоқ таласы,
Сүлей-дүрді түлеткен,
Шебер сөз ұстаханасы.
Бәрі жүйрік, сыр-нақыш –
Кемелді ойдың сарасы.
Дөңгелек дүние назарда,
Мірдей-ді берген бағасы.
Ерімбетті атады:
«Шайырдың шешен данасы».
Аруақты ер бұлты бар,
Қалт кетпейтін наласы.
От шашып әркез тұратын,
Көзінің ағы-қарасы.
Сусыны шығыс ілімі,
Жүйріктің асыл порасы.
«Жер дөңгелек», — деп айтқан,
Шайырдың өлшем-пардасы.
Көлдейбекұлы Ерімбет,
Ұшқыр ойдың ардасы.
Сөзінен сөздік құраған,
Қазақтың дана Нұртасы1…
Түсініктеме:
1. «Нұртас» — арабша-қазақша түсін-дірме сөздігінің авторы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов.
Сұрақтың көзіне су құятын жауаптан асқан ақылды жауап жоқ.
Элиас Канетти
«НЕГЕ», — ДЕЙСІҢ…
(Элегия)
…Суырпақтап асыл тінін жан-сырдың,
«Неге»,- деген сауал қойдың жан құрбым.
Жүрегім қалағанмен сабыр, санам,
«Қал», — деп тұр ғой
биігінде парқыңның.
Мезеттік бақ сыйлаған үнсіз сәттер,
Сыйлығы ма, кім біледі… тағдырдың?!
Біле тұра бәрін де, «неге» , — дейсің,
Жанарыңнан мейірім себелейсің.
Жапырақтан үзілмей тұнып тұрған,
Таңғы шықпен егіздей мөлдірейсің.
Көңілдің көкжиегі ұзын сонар,
Қимайсың… ұзатасың… елжірейсің…
Дұрыс еді өзіңді көрмегенім,
Айдынынан ақ сезім, ақ кеменің.
Ақ желкен жел айдаған арзу ару,
Арманға алдандырар ақ кемерін.
Ұлы сапар – өмірде адам аз ба?
Іздеп жүрген жанына бір керегін…
Еске алдың «жез киікті» жанап өткен,
Бір кездегі сырыңды жәудіреткен.
«Жезмарал» жараларын сағым жұтқан,
Бере алмайсың дауаға «кесіп еттен».
«Негенің» жауабы жоқ, ол – сағыныш,
Бейсанадан безмезгіл сабыр үккен.
…Суырпақтап сара тінін жан-сырдың,
«Неге, неге», — деген едің жан құрбым.
Сауалыңның жауабы көш қомында,
Бел асқан белесінен алты қырдың.
Асыл сезім жатады қылыш-қында,
Серігі алмас-берен, ақ жарқылдың…
ШІЛТЕР ТЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
1. Қоштасу
Әсемдеп тоқып шілтермен,
Жиегін көктеп көмкерген,
Көпшіктің тысын ұстатып,
Көз жасын төкті «көзкөрген».
-«Анаңнан қалған бір белгі,
Нағашы жұртың берген-ді,
Кеудеңе басып, иіскеп,
Мауқыңды ботам, бас енді.
Анаң бекзат – көргенді,
Отызға жетпей жерге енді,
«Сарғасқа – жомарт» атанған,
Сөзге де шешен – мерген-ді.
Күттіріп жылдар перзентті,
Әулие кезіп – сенделтті.
Аянмен берген баланың,
Қызығын Тәңірі бермепті.
«ОГПУ»-дің таққан айыбы,
«Халық жауының» зайыбы.
Ақыры жұтып тынды оны,
Заманның жойқын «жайыны».
Тартып тұр тағдыр жетегін,
Қош айтып туған мекенім.
«Бас сауға еткен» жандармен,
Ілесіп мен де кетемін.
Өскейсің болып азамат,
Тұлпардан қалған қазанат,
Анаңа туыс, апаңмын
Тапсырған шілтер – аманат».
…Айқастырып кірпігін,
Іздеді ізін күлкінің,
Бетіне басып қуанды,
Бедеріндегі бүртігін.
Маңдайын сүйіп күптінің,
Жанынан бір сәт үкті мұң.
Сол ару сәби жүректің,
Мекендеп қалды түкпірін.
Жадында қалды:
-Ғайып Ерен-Қырық Шілтендер,
«Жебейді жаным», — дегені,
-Анаңның исі – шілтер-зер,
«Қорғайды жаным», — дегені,
Күрсінген демнің – тереңі,
Болмыстың бөлек – ерені,
Үйірілген ымыртта,
Жаққаны жүдеу білтені.
2. Жан сауға
Еді ол – …32-нің қара күзі,
Қоштасқан жетім қозы, нала жүзі.
Амалы жоқ, жетектеп кете алмады,
Қуғында – өзі, арқада – азап жүгі.
Ұлттың қамын ойлаған асыл жары,
Азаматы Алаштың ғасырдағы.
«Жау» болып айдалғанда шетінеді,
Жалғыз тұяқ, үміті қасындағы.
Тәркіленген үйінде қара құлып,
Жан ауырды тәнінен таспа сылып.
«Кіріптарда» үзілген жар түймесін,
Алып кетіп барады тұмар қылып.
Басы ауып, ілесті бір қараға,
Сауға сұрап жатпады жан-дауаға.
Айлап жүріп ілінді құр сүлдері,
Адамы жат, көрмеген, бір қалаға.
3. Өмірдің соңғы белесі…
Анасынан қал қалған көз шетінде,
Әкенің парасаты – келбетінде.
«Халық жауы» баласы – сол Қалдыаян,
Жылдар өтіп жетілді жел өтінде.
«Детдомдағы» сәби шақ санасында,
Балалығы Әму, Сыр сағасында,
Жастық шағын қалдырып, елге оралды
Пермьдегі Каманың жағасында.
Сақтамай-ақ бойына ыза, кекті,
Еңбегінің бақытқа жолы жетті.
Өзіндей «Халық жауының»
жалғыз қызын,
Қырық бес жыл аялап, жары етті.
Жетпіс бір ғұмыр кешті, өсіп-өніп,
Шаңырақтың қалмады оты сөніп.
Шілтер берген жанкешті, аяулы ару,
Тұратын Қалдыаянның, түсіне еніп.
Қайран апа, дариға-ай, тіні текті,
Ел бұйырмай, сүйегі жатта кетті.
Өлерінде: «өзіммен жерле», — депті,
Бір уыс топырақ пен иткөйлекті.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі – санаға сын,
Әке де, жар да ақталды, бір өкініш…
Содан кейін көрмеді жан-апасын.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі – санаға сын,
Арыстардың арманы – Тұғырлы елде,
Сүргін көріп ешкім де жыламасын…
ПЕРІШТЕ ЖЫЛАҒАН ТҮН
(Баллада)
Жаралы жаз. Қою түн… …
Босағаға таң таянды… … ,
Сезіп жатты, азалы үн… … .
Жаратқанға жан таянды,
Біліп жатты, көрмейді енді жарық күн.
Жүрегіне сенім салды… …
есіне алды… …
жарықтық, соңғы аянды:
— «Алла – сақта, періште – қорға»,-деді,
Аякөзім – артымда – Қалдыаянды.
Құлақ тұнды,
үдеп барад азалы үн… …
қонақтанды,
керегеде тұмша-мұң.
Жарақтанды,
арсыз ажал — хабаршысы қазаның.
Керуен-мұндар: бұйда тартты –
көшін артты,
тарихатқа наланың.
Жанып кеткен ғұмыр еді,
жай отына жаланың.
Сөне алмады… …
ұшқындаған от-жанар,
ала алмады… … ,
асыл жардан бір хабар,
«жар бол, оған – Жаратқан,
сүйеу бол, — деп — пірадар»,
ақыл-сана қайталады… …
сыздаса да, жүректегі жаралар.
Тәңіріне айта алады… …
қайталады: «халық жауы» емес — ол,
Соңғы сөз бұл, иманымен пара-пар.
***
Сабыры көтерсе де қарасынды,
Жан кеудені қия алмай аласұрды.
Көбесін қайғы сөккен ала таңның,
Алқымында егіліп дала тұрды.
Жаутаңдаған сәбиге дәрмен таппай,
Тебіреніп періште, ауа тұнды.
Аялап шара-көзі балапанын,
Арудың демі үзіліп, жүрек тынды.
Уахи1 етіп, көзіне көрсеткендей,
Қылыш бүтін, беймезгіл қыны сынды».
Мойнына бұршақ салған қазақ қызы,
Арқалап кете барды, сыр мен сынды…
1.Уахи – аян берілу.
Уақыт адамның барлық нәрсесін өзге-ріске ұшыратады. Сырт пішінін де, мінезін де, есімін де…
Исаак Ньютон
Уақыт — ұлы шебер.
Халық даналығы
УАҚЫТ
Айды азайтар күндері түтуменен,
Ғұмырыңның бөлшегі күту деген.
Қиял ұштап, ой түйіп ұмтылады,
Арманына адамдар жетем деумен.
Өтіп кеткен күндерің тірілмейді,
Уақыт-патша әмірі алмас-берен.
Адамзаттың сапары бір үзік көш,
Екі дүниенің арасы бір-ақ кеден.
Бақытты да, бұлтты да кешеді күн,
Бір бүйірден қиялап еседі мұң.
Жүрегіңнің түбінде жата берер,
Жадың тұтқан елесі кешегінің.
Уақыт-қазы саралап өткеніңді,
Сыбағасын тартқызар есебінің.
Ысырап етсем ғапу ет, «Ұлы шебер»,
Қазынамның қардары кешегі күн.
Сыр өрілген жалыңда арғымағым,
Қайыруға дәрменсіз тіл мен жағым.
Жоныңда жаңқаланып ұзап барад(ы),
Қайталанбас дәуренім, көктем-жазым.
Қысқарғанын жолдардың еске салар,
Жылда келіп-қайтатын қоңыр қазым.
Қарашада қомдалған қанататтарға,
Ілеседі-ау, бір күні ерке-назым …
СЫРЛАС АҒАМЕН ҚОШТАСУ
(Дарынды журналист, белгілі қаламгер Әлібек Қайыровты
еске алғанда)
Өзгеше жанар, ұшқындап жанып тұратын,
Жаны жайсаң, жүрегі жылы болатын,
Шұрайлы сөзін, киелі салтын қазақтың,
Қадірлеп өткен – асыл еді, мұратың.
Қимағанмен, шара жоқ, жоқтап тұрмыз
Тоқтатты уақыт, жүректі қайсар соғатын,
Асыл аға жоқ енді, ноқтаға басы симайтын,
Риясыз қуанып, ақсиып күліп қарайтын.
— «Айсыз түнгі құс жолың»
керемет деп, Дәрешжан,
Ақ жарылып Әлекең…,
ерекше айдар тағатын.
Жиырма бес сөз дастаннан,
тізіп қойдым, Дәрешжан,
Архаизм – саф алтын, әдемілеп
өріпсің, ойың құнды айтатын,
Әзірлеп қойдым баспаға,
жыл соңында басатын», —
Дегенде жаны жадырап,
шаттанып тыныс алатын.
Қалдырдың артқа,
рухани мұра, зерттеулер,
Келешек ұрпақ,
әдебиеттің керуеніне таңатын.
Есінде қалды талайдың,
асау арын, биік өре, санатың,
Бұйыртсын Алла алдыңнан,
бахидың бесік-жәннатын.
Авторы белгісіз әйелдің:
«Печку письмами топила,
не подкладывая дров.
Все смотрела,
как горела,
моя первая любовь», – деген өлеңін, С. Мауленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттарын»,С.Есенин,Ф.Тютчев, А.Блоктың өлеңдерін құрметпен, тебірене айтатын айбарлы қазақтың бейнесін оның көзін көргендер ұмытпайды. Менің әрбір өлеңіме құрметпен қараған ниетіңіз үшін, Сіз жатқа айтатын жоғарыдағы өлеңді ана тіліме аудардым:
«Ошағыма отын салмай,
хат қаладым.
Көп қарадым,
көзімді алмай,
алғашқы махббатқа жанған лаулай».
Адам сезімін жан-жақтылы зерт-тейтін құдірет болса, ол тек поэзия.
М. Мақатаев
ТҮНСОНАР… ЖОРЫҚ… НАЗБЕДЕУ…
(Элегия)
Ұзақ түнде бейуақ көз ілмеймін,
Жамыратып ойымды нені іздеймін?
Патша көңіл қаңтарған назбедеумен,
Бәлкім, алыс күндерім, сені іздеймін.
Тағдырының сыр, мұңы қанатында,
Шағалаласын күтетін теңіздеймін.
Шолпан туған сәттегі, жұлдыз тарап,
Таң оятқан самалмен егіздеймін.
Асыл сезім бүр жарған жағалаудан,
Ұзап кеткен ерке қыз сені іздеймін.
Түнгі жорық тынымсыз, түлкі майдан,
Қарусыз шайқасады әдіс-айлаң.
Жады мерген — жолбасшы жалтаңы жоқ,
Ақыл-сана қолбасшы — сайыпқыран.
Түнгі жорық тұрады сағыныштан,
Қоламтаның табынан сағым ұшқан.
Жастықтың жайлауына жетелейді,
Жігіт дәурен, қыз ғұмыр сағынысқан.
Бірі кем дүниені толтырғандай,
Ғайыптан тайып келіп бағың ұшқан.
Қылаң берсе құла таң, сабыр тауып,
Басылады көңілің алып ұшқан.
Шұбатыла жылжыған буды іздеппін,
Көңіл аулап, көз тартқан нуды іздеппін,
«Жалбағай-Сарықыздың»1 елесімен,
Қыдыр қонған ата-жұрт сені іздеппін.
Қанша көктем, қанша жаз өтсе дағы,
Өздеріңнен ардақтым, тін үзбеппін.
Түнгі жорық көп маған бергендерің,
Сыр теңдедім қомына керуендердің.
Қиял ұштап, ой түйді өткен күннен,
Ғұмырымның бөлшегі –серуен-серім.
Сол іздерім бүгінде, сүрлеу екен —
Сонарыма баратын алтын зерім.
Сағыныш та, серуен де бір бақытым,
Мезгіл жетіп, көшкенше дүние-дүрім2 ?!
Ар-намыс, абыройы жоғалмаса,
Жорықтардан жолы өткен өмір керім?!
Мезеті бар таразы – сарас түннің,
Сонарында сынайтын ердің ерін?!
Дариға-дәурен елесі таңды атырар,
Қаңтаруға Назбедеу-Ақтаңгерін ?!
Сейіс-көңілім үктірер, бабын тауып,
Ой-серік – дүлдүлімнің ащы терін?!
Сарқылмайтын сағыныш сағым қуып,
Аялдайтын қазығым, туған жерім –
Қиял-қанат талғауы сенің нәрің?!
Жүрегімнің шындығы бұл өлеңім,
«Қырық тоғыз» таспалы3, жұмыр өрім?!
Түсініктеме:
1. «Жалбағай-Сарықыз» – ата әуле-тінің құлаққа сыбырлап тұратын кие-
сінің атауы.
2. Дүр – асыл тас, інжу-маржан.
3. «Таспа» — қамшы өрімі үшін тілінген қайыс. «Қырық тоғыз» — бұл жерде өрілген өлең «қырық тоғыз жол» деген мағынада.
Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі.
Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы
Нағыз түрік затты
халық тілі – қазақта.
Әлихан Бөкейханов
Сөз құнары мәйегінен,
Дау тынары дәйегінен.
Көбеген Лекеров
(«халық жауы» атанған
Сапақ бидің жиені)
ТІЛ ҚҰДІРЕТІ
(Аударма хақында)
«Аударма» деген ауылға,
Белімді будым баруға.
Арғымағымды қаңтардым,
Жаратып, терін алуға,
Сипай қамшы сілтедім,
Жаба тоқып жауырға.
Қазақтың тілі – ең бай тіл,
Береке біткен жағына.
Жайқалып еркін өреді,
Бір сөзден өнген мағына.
Мәйегі асыл тілімнің,
Қойнауы тұнған қазына.
Ұлтымның Ұлы тынысы,
Бұйырсын ұрпақ бағына.
Топшысы таймай асыл тіл,
Санадан өшпей сара діл,
Қонсын мерей тағына!!!
Қарапайымдылық, жақсылық пен
ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ.
Лев Толстой
Кеңес үкіметі кезеңінде Қазақстанда
5 миллион адам қолдан жасалған аштықтың құрбаны болды. Ол, «Жойқын жұт», бірақ «Ұлы» емес…
Автор
ҰЛЫ ДЕМЕ ЖҰТТЫ ХАЛҚЫМ…
Ұлы деме жұтты халқым,
Ол – жалмайтын жойқын,
«Великий голод», – дегендер,
Білмегендер «Ұлы» парқын.
«Ұлы» – биік, асқар – шың,
Тәңір сыйы, дүниенің –
Асылы ол, ақ жарқын.
Ұлы деме жұтты халқым,
Кесапатты, ол – қырғын.
Ара шөлден ар көшкен,
Ұлы жұртым қан кешкен,
Қасіреті ұлтымның.
Ұлы деме жұтты халқым,
Уланған Ұлы салтым,
Ошақтан от өшіріп,
Жалмаған улы жалқын.
Сауға сұрап масақтан,
Баз кешсең жаннан,
Несі «Ұлы», – деп сұраймын мен:
Жаhаннан, Жаратқаннан?!
Сөлі солып, нұры кетіп,
Жанарын ашық қалдырған,
Көмілмей денесі іріп,
Өлімтігіне құзғын қондырған,
«Сен ұлы ма едің», – деп сұраймын мен:
Сол, кеселді қырғыннан?!
Уызың кеуіп, үзіліп тінің,
Айырған текті тұрқыңнан,
Гені ерекше тұқымнан,
Сұраймын мен: «қандай ұлылық»,-деп,
Сол, аштық – жексұрыннан?!
Не деймін, сөзге:
Аштыққа «Ұлы» деп айдар таққан?
Жойқын ғой ол, халқым-ау,
Жоюға жарақтанған…
P.S. «Великий голод в Казахстане», «Қа-зақстандағы ұлы аштық», – деген ең-бектерді зерделеп оқимын. Жүрегім қан жылайды. Жылап тұрып, жан дүнием дір етеді, «мұның несі ұлы екен», – деп…
Эпиграф
О, Жаратқан… Тоқсан жылға жуық-тапты… Өзгермеген… Сол шиен, шидің түбірі… Қасиетіне бас идім… Қасіретті қақтаған киеңнен айналайын, Ұлы далам!
…Иә, аманат арқаламасам дәл осы күйді кешер ме едім, кешпес пе едім, кім біледі ?!
2017 жылдың мамыр айында жадыма сіңірілген ізбен, көзі көріп, куә
болғандардың айтуымен төрт облыс-
тың (Қостанай, Ақтөбе, Қызылор-да, Жезқазған) қиылысқан тұсын-дағықорымға келдім. Құдірет күші же-
тектеп, сезім берген құбылыс, ой-пайымның қорытындысымен жусан жауып, көзім ілінген жерге қада қақ-тырдым.
Алты айдан кейін келіп ескерткіш «Қара тақта» орнату үшін іргетас орынын қаздырғанымда, қабырғасы шиенмен өрілген лаһатты таптық. Маған көмекші болып, қызмет көр-сеткен зерделі азаматтар – Мақсот Сағидоллаұлы, Асылхан Ақбайұлы, Ұзақбай Молдабайұлы сол маңайдан жұлып әкелген шиенді қолдарына ұстап ағынан жарылды, қуанды, мені-мен бірге толқыныс күйін кешірді… Оларға Алланың нұры жаусын!
Бірнеше күнге созылған жұмысты аяқтап, құран бағыштап, қажетті рә-сім жасағаннан кейін, әрқайсымыз жағалай тұрған көліктің дөңгелегіне арқа сүйеп, ой құшағында ұзақ отыр-дық… Қоңыр күз еді, түс қайтқан… Құдіретке дауа бар ма?! Жарқыраған күн сәулесін көмескілеп ақша бұлт төбемізде қайырлады…
Сәлден соң қоңыр-бұйра бұлтқа айналып орала жылжыды да, біз отырған ауқымды аймалап жұп-жұмсақ тамшыларын баяу бүрікті. Жаңа ғана орнатқан қара гранитке тамған тамшылар бірін-бірі қуалай, тізбектері құлдилап құлап жатты… Үп еткен жел жоқ, үдей берді… үдей берді… Жаңбыр тамшыларымен қосыла кеудемді жуған жанар тамшыларын топырақ та сіңіріп жатты… Қоштасар уақыт та жетті … Тұсындағы үш жүздің басы қосылып 1710 жылы Қазақтың алғашқы Құрылтайы өткен «Құлжұмыр – Қасқатөбе» де даланың нұрына бөленіп биіктей берді. Абай елді мекеніне бет бұрып жолға түскенде, көз байлар қара нөсерге айналды. Осы жылы шегіртке қаптап, тасаттық жасаса да, бір тамшы жаңбыр тамбаған далада, елді мекендердің аумағында тынбастан үш күн, үш түн жауған нөсер айналаны айдынға айналдырды…
Сол жауынға малшынған күйім-де, кешқұрым қаракөлеңкемен қабат-тасып, анасының қабірінен пакетке салып алған азғана шиен пен белдеу ағаштың жұқанасын әке кесенесінің ішіне орналастырдым… Төпеген нөсер мен жан-жүйемнің жаңбырлы сәті де мәңгі есімде қалды.
Әкемнің жамбасы жерге тиген күні таңда көрген аянда, анасымен табысқан сәтін анық көрген едім. Табыстыңдар, Алланың қалауы болар. Содан бері, он жеті жыл өтіпті… Кешіктірсем ғапу етіңіздер, асылдарым?! Ғажайып
дүние, бұйырған мезет…
ШИЕНТҮП ҚАСИЕТІ
(Баллада)
1. Сөз басы
Сапардамын…
Құлан иек, құла таңды атырдым,
Құба жоннан ізін кесіп ғасырдың.
Құм жиекті қырқадан шиені1 мен,
Ши шоғырын іздеп келе жатырмын.
Қасіретті қыл үстінен көшірген,
Куәсі еді, қиямет пен ақырдың.
Оң жақ Торғай — «Қыпшақ мекен,
Ұлы арыс»,
Көтеріліп келеді күн патшалықта
тым-тырыс.
Маң даланың сексеуілі сыр тартып,
Жан-жүйемді кеулеп алды бір тыныс.
Шиентүпті шиге әкелген аманат,
Жүрегімді жаулап алған жарқын іс.
Батыс – Ырғыз, маңдай алдым Тегене2,
Қолат-қырлар көз тартады елене.
Торғайдың қақпасына иек артып,
Айбаттана көмкерілген кенере.
Көк аспанды көбесінен көтерген,
Көнсіз көктеу, айқарылған кереге…
2. Аманат сыры
«Атан басы ақ ирек»3 сайлы қырат,
Жиегінде құнарлы асыл тұраб4,
Шиентүпті көзіммен көру үшін,
Өремді өрдім, елсізден сауға сұрап.
Зейін-жадым, ақылым зерделеді,
Аманаттың сырынан сан ой құрап.
Тұран жатыр Үстіртпен оймақтасып,
Сарыарқа – Ұлы дала аймақтасып.
Машинаны тоқтатып барлап тұрмын,
Әлденеге алаңдап қаным тасып.
Осы маңда жатыр-ау, әжетайым,
Пәк-періште ұлымен қолтықтасып.
Айдалада күн көзі шуақ шашып,
Сәске түсті аударды манауратып,
Жүйткітті көлігімді жол-мырза да,
Мен іздеген қорымды жақындатып.
Ана жолғы «боз жылан», «мама киік»,
Жолды тосып тұр еді, алаңдатып.
Топырағын таптым-ау, мекен еткен,
Жермен жексен бейітті ай күзеткен.
Ши қоршауы желге ұшып кетсе-дағы,
Қабірдегі шиентүп кие неткен?!
Алмағайып амалға нұр беріпті,
Түрі, қалпы бұзылмай қасиеттен.
Ши де таптым желбасы үлпілдеген,
Алақанға ақ қабық іркілмеген,
«Дүниедегі киелі өскін сен», — деп,
Жанарымнан тамшылар мөлтілдеген.
Қоңыр түбір – шиенін суырғанда,
Сөз төркінін тоғыттым «текті», — деген.
Дала жатыр ұрпаққа жөн тілеген,
Қабырғасын қасірет тілгілеген.
Шалықтаса шарана, «Қырық шілтен»,
Тебіреніп, тербетіп, әлдилеген.
Найзағайлы сол түнде, нұрмен жуып,
Кіндігін өзі кескен «Ғайып ерен»…
3.Толғаныс
Қолыма ұстап толқыдым шиентүпті,
Талай жылғы тарих сырын үкті,
Қабірдегі түр-кескін бұзылмастан,
Көз алдыма әкелді кереметті.
Қаншама жыл қуаты құрғамаған,
Рухындай даланың мың жүректі.
Бір қолымда шиентүп лаһаттағы,
Бір қолымда жаңасы жол жақтағы.
Айырма жоқ, біп-бірдей, жарықтығым,
Төсегіме әжемнің жұмақтағы?!
Ғасыр көшті қомына қан теңдеген,
Жай таптырмай жамырап жұмбақтары …
Эпилог:
Сәуле салған түйсігіне сананың,
Қыркүйегі – қандай ғажап даланың,
Құба жоны маңғаздана сыр тартса,
Жайсаң жолы – тілеулесі ананың.
О, Тәңірім, ризамын, көрсеттің –
Табысқанын ана менен баланың…
Түсініктеме:
1. «Шиен» — Шиентүп, ши өсімдігінің түбірі.
2. «Тегене» — Торғай қақпасының ойпатқа ойысар тұсындағы сай.
3. «Атанбасы ақ ирек» – бір жағы тік жартас, екінші жағы иректенген, сайлы, атанның басына ұқсайтын, Ырғызға жақын Торғай қақпасында жатқан алып қырат.
4. «Тұраб» — Топырақ (араб.)
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.