ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
10.11.2024 0 51
Алмас АЛМАТОВ,
Қазақ халқының жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы жырау, домбырашы, фольклор зерттеушісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
1998 жылдың жаз айы. Нағашы ағамыз Мұратбек Жиенбаевтың УАЗ автокөлігімен «Қызылқұмның» қия шөлін кесіп өтіп, «Сарбұлақ» аулына қарай келеміз. Біздің «Жаңақала» мен екі орта 60 шақырым. Мал шаруашылығында отырған «Қазалы» совхозының 50-60 үйлі перме (ферма) орталығы. Биыл қыста қар суы мол түсіп, Қызылдың іші мал аяғы сирегесін ерекше тусырап, түрленіп тұр екен.
«Ен жайлау құлазиды ел кеткен соң» дегендей, балалық шақтағы біз білетін малдың қыстау мен жайлаулары қаңырап бос жатыр. «Бартер» деген ұран шығып ақтылы қой, қоралы малды жыл тәулігіне жеткізбей сап қылған халық басқарған азаматтар, елді есеңгіретіп-ақ тастады. Оңай пайда іздегендер екі ортаға тартылған жоғарғы кернеулі электр тоғының алып бағандарының өзін талқандап, ішіндегі темір өзегіне дейін тасып алып кетіпті. Ел де ертеңіне екіталай елеңдеулі — өліара кезең…
Біздің совхоздан шалғай алыста «Кекіреліге» орналасқан ел, он жылдық мектептің жабылуына байланысты, тоз-тоз болып көшіп жатыр. Ұясын бұздырған қарлығаштай ата-ана бала-шағасын жетектеп, мектебі бар ауылдарды жағалап ағайыншылап жүр. Бұл ауылдың жағдайы… Қаладағы айлап айлық алмай жүрген жұрттың тіршілігі тіпті қиын. Тәубасын тауыспай, тәуекелге арқа сүйеген халықпыз ғой. Тәуекел!…
Осылай ой қуалап келе жатып «Сарбұлақтың» шығысындағы жон төбеге шыға келдік. «Қуаңдарияның» құярлық сағасына таяу қызылқұмның ішінен орын тепкен бұл ауыл, айналасы малға жай, қадым заманнан халық мекен тұтқан — құтты қоныс.
Ғалымдар осы өңірдегі «Алыптың қаласы» деген қорғанды ерте дәуірдің жәдігері деп есептейді… «Ер Сейтпенбет әулие», «Жәрімбет әулие», «Мырзалының мешіті», «Бурабайдың мешіті», «Жабағының үйтамы», «Баханың үйтамы»,» Кәрібайдың үйтамы», «Ақынқожаның қорымы» т.б. болып жалғасып кете беретін айтулы тұлғалардың тек-баяны, тарихтан тыс қалып бара жатқаны көңілімді алаңдатып жүр. Төрт Шөмекейдің* баласы толық қоныстанған бұл елдің бауырына басқан тарихы көмескіленіп бара жатыр. Дүниеден өткен, бағзы әңгімені білетін үлкендердің ішінде қаншама қайталанбас мұра кетті. Үлкендік бізге келгенде, ұрпаққа не айтамыз?…
Бұл өлкеде жас кезімнен көзім көріп, әңгімесін тыңдаған елге белгілі ақсақалдарым; Сайман (1887-1967), Құлбарақ (1888-1988), Бекмұрат қожа (1894-1980), Шамұрат қожа(1900-1985), Иса ақсақал (1900-1975), Қожаберген сейіс(1905-1990), Бегалы сейіс(1907-2008), Жолдасбай (…), Мырқияс(1912-1983), Нұрабай(1912-2090), Әли сейіс(1914-1984), Әби қожа(1919-1999), Мұхамметқайыр қожа(1919-1992), Күзембай (1923-2003),Төлес Шертай(1924-2005), Бермағамбет қожа(1924-1990), Дүзелбай (1925-2006), Шахар қожа (1926-2008), Елеужан (1927-2011), Келдібай Тоқа(1930-1989), Елтай (1933-1989), Жұбанышбай(1933), Сибадулла (1934-2006), Бүркітбай, Жарылқаған Төре, Нұржан Тоқа (1940), Мылтықбай, Сражадин қожа(1946) сейіс т.б. кісілер еді. Әкеміз Нұрмахан қожамен (1900-1975) замандас бұл кісілердің үлкендері, сәлем бере келіп қона-жастана жатып, әңгімелесетін. Соңы алдымызда аға болып, осы кісілердің қолына су құйып, көш-көлігін жайғап өстік. Бүгінде ол кісілердің көбі кетіп, азы қалды.
Әсіресе Дәріқожа ишанның баласы Бекмұрат қожа әкеміз ел тарихы мен ескілікті сөздің кені, қазына жан еді.
Бұл күнде орнында Құттыбай ағамыз`(1954) бар, ат басын сол үйге тіредік. Құтекең ағамыз «кедейжомарт» көңілі кең азамат. Мал сойғызып, шаруашылығына кірісіп кетті. Жеңгеміз Өміркүл біздің ауылдан, Кеген Кете Әбілда ағамыздың қызы. Сайыпқыран, бесаспап күні-түні қазаны оттан түспейтін, ілтипатты жан. Бір малдың еті пісіп-түсемін дегенше, ауыл ақсақалдары мен дос-жаран жиналып қалды. Шәй-суланып, амандық-саулық сұрасып, арғы-бергі хабарлармен бөлістік.
Осы ауылға айрықша үйірсектеуіме бала досым Балтабай Ыбырайұлы (1955) себеп болды. Балтекең де құйма құлақ, шалдардың қосшылығын көп шеккен азамат. Балтекең «Көксерке» деген атты, өзім «Көкатты» қаделеп мініп, Қуаң мен Сырдың арасын бала жігіт кезімізде бірге жол қылып, жортып жүріп ержеттік…
Сол үлкендерден қалған төрде Бегалы ақсақал отыр. Бұл кісілер, Кіші жүз, Шөмекейдің Аспан аталығының Есім тайпасынан. Қапсағай ұзын бойлы, ашаң, атжақты, қыр мұрынды, қою қасты, сақал мұртын салалап қойған, қойкөз аққұба өңді адам. Заманында ат үстінде барымта-қарымтаға араласып, құс салып, жүйрік жетектеген белгілі кісі. Сонау 60-шы жылдары, Бегалының «Қарақасқа» арғымағы , Әлидің «Торы аты» екеуі Облыстың атынан Алматыға дейін барып, Одақтық аламан бәйгеден жүлде алған, атсейіс. Өз дәуірінде дүниенің ашын да, тоғын да көрген жан.
Бұл кісіні алғаш көргенім, 1969 жылы жаз ортасы ауа, осы «Сарбұлақтан» 30 шақырым Сырға таман «Желжарған» деген бұлақтың басында, «Сайманның асы» деген кәделі жиын өтті. Асқа Өзбекстан, Қарақалпақ, Түрікпеннің бәйге аттары келді. Біз сол астың атшабар балалары болдық. Аста құнан мен ошақтың аттарын (тоқбәйге) аламан бәйге аттарымен қосып айдады. Ол заманда тіке шабыс. Белгілі жеріне жеткенде құнандарды қайтарды. Тоқбәйгеге шапқан біздерді олардан 8 шақырым әрі апарып жіберді. Топтың ішінде айрықша бір «Көк ат» барғанша басын тауға-тасқа ұрғандай ұрынып барды. «Бұл ат келгенше күшін тауысты-ау»- дедім.
Қайтарда сапқа тұрып ұмтылғанда сол ат жалғыз кетті. Бас бәйгені сол алды. Ол ат осы Бекмұрат қожа әкеміздің аты, үстіндегі атшабары біз түсіп отырған үйдің егесі Құттыбай қожа еді. Сол «Көкат», осы Бегалы ақсақалдың «Қарақасқа атының» бел баласы екен.
Бізден соң «Аламан бәйгенің» аттары келе бастады. Аламаннан Ләтіптің «Шұбар аты» жалғыз келді.
Қалған аттар үздік-создық келіп жатыр. Біздің Жаңақаладан келген Қартаңбайдың «Кераты», Орынбайдың «Сары аты» алдыңғы кеудеге ілінді. Сол аста, алдына ат түспеген Нияз Әлибайдың «Торы арғымағы» 25 жасында қосылып, мұрнынан қанды көбік атып 11 -ші болып өтті.
«Бұл ат бір жаздағы шабысында 10-15 түйеден алып жұрген, қазақ, қарақалпақ, түрікпенге бәйге бермеген, талақсыз жүйрік мал»-деп, аты шыққан тұлпар еді… Бірақ аттың бәйгелері дұрыс берілмей айқай-шу шықты. Астында «Көк аты» бар Бегалы ақсақал мен «Күрең қасқа» байтал мінген Кеген Кете Балшын ақсақал екеуін, осы даудың бел ортасынан көрдім…
Сол астан кейін Әлибайдың торы арғымағын да осы кісі тұқымын аламын деп сол жолы алып қалған еді… Содан бергі жерде ағайын-тума болып араласып келе жатырмыз. Бүгінде жасы 91-де. Құлан сүйек, қағылез* адам.
Баласы Сахи (1953):
— Қожеке, шал атпен малды өзі көріп қайтады. Бұл кісінің мінезін білесіз ғой. Қой деп айтуға болмайды, онымен қоймай «Қызылдың» ішінен бүркіт ұстап әкеліп:
— Осыны саласың, Тазың бар. Қалай баптауын өзім айтып отырамын — деп, ала жаздай бөлек жұмыс тауып бергені? -деп, мұртынан күліп қояды.
— Оны не қылдың?-деп, шалттатып сұрап жатырмыз.
Ол:
-Үкіметтің жұмысынан қолым тие ме? Ұшырып жібердім-деді…
Сонда Бекең ақсақал:
— Қожеке, баршылықтың үстінде туған бұлар ненің мәнісін білсін?! -деп, салалы әңгімеге түсті.
— Кешегі, 32 жылғы ашаршылықта Қуаң бойынан ауып, Қарақалпақ бетіне кеттік. Құлбарақ ағамыз осы жерде қалды. Әкеміз Есенбай шаруасына қайым, мініп-түсер көлігі, қос артар бірді-екілі түйесі бар кісі еді. Ауа көшіп келеміз. Қасымызда әкемнің інісі Байбарақ ағамыз бар. Ол кісінің де көш-көлігі, әйел-баласы бар. Әкемнің айтуы, Төрткүлде нағашымыз Сарыбай Боранбай деген кісі үкіметке араласып, кішігірім* қызметте тұр екен. Сол кісіні сағалап бара жатқан жағдайымыз бар.
Бір күні Қызылдың ішіндегі құдыққа жаппа* тігіп отыр едік, есек мінген екі адам келді. Екеуінің де алдында сандықшалап өңгерген жүгі бар. Амандық-саулық сұрассақ, әкеміз танитын осы «Қызылдың» ішінің адамдары болды. Алып келе жатқандары бүркіттің ақүрпек балапандары екен.
Әкем оларға:
-Әй, екеуің де құс салмайсындар. Бұны не істемек ойларың бар?-деді. Жасы үлкені:
— Біреуге уәде беріп ем, соған алып бара жатырмыз-деді.
Әкем:
Бұл қайсы жердің құсы?-деп жатыр. Ол кісі:
— «Атан сойған,»Үш шағылдың» құсы-деді.
— Онда бізге сат? Ақыңда берейік-деді, әкем.
-Жоқ, бере алмаймын. Көптен қолға түсіре алмай жүрген құсымыз еді, кісіге берген уәдеміз бар-деп, жолатпады.
Сонда әкем:
— Әй, сен кімге берсең де еңбегіңді аласын ғой. Мына жетегімдегі «құнан атанды» ал. Құсты маған бер? Семіз, басбілгі мал-деді. Ана кісі келісе кетті. Қасындағысы Әмірәлі деген кісі екен. Балапанына үңіліп қарап тұр едім, Байбарақ ағам:
— Мына құсты біздің Бегалыға бер? Ақысына ұрғашы тайлақ ал-деді. Солай бір «құнан атан», бір «тайлаққа» қол басындай екі балапан құсты алып қалдық…
Сонымен ығыса көшіп отырып Төрткүлдегі «Көкшіге» бардық.
Екі құсты жаздай бағып отырмыз. Сол арада Сарыбай Боранбай нағашымыз да, «екі құс асырап отырмын»- деді. Біз құстың жәйін біліңкіремейміз. Ол кезде алдағы күзге атты семіртіп, бағып мінеді.
Әкем сол кісіге өтініш айтты:
— А, Бореке біздің баланың құсын бағып бер. Біз етекке түсіп, бір ай ат семіртіп қайтайық?-деді. Ол кісі де айтқанға келісе қалды. Біз екі атты 40 күнде семіртіп оралдық. Келсек Боранбайдың құстары қоян, түлкіні өндіріп алған екен.
Бізге:
— Сенің құсың алмады. Бір-екі салып көрдім-деді. Оның құсы ірі құс. Біздің құстың қарасы кішкентай. Ас-суға таршылықтау уақыт. Борекең 10-15 қояннан алып тұр. Кейде құстың жемін береді. Кейде бір қоян береді.
— Япырмай, бұл құсты бекер алдық-ау!?-деп, ойлап қойдым. Аппаз деген ағамыз бар, уақытында құс салған адам. Денсаулығы нашарлап, үйінде отырып қалған еді. Сол кісіні алып келдім. Ол кісі құсты көріп:
— Ойпырмай, құсың арық екен! Әрі, алған құсқа қызылшы* болып жаман үйренген. Болмаса құсың алатын құс екен! -деді. Оған ішім жылып қалды. Менікі жаңа талап, ізденіс. Аппаз ағам құстың төсін, санын өзіме ұстатып көрсетіп:
— Құс арықтағанда осылай болады. Атыңды бағып әкелдің. Енді ол құстың қасына ерме. Бүгін тазыны ертіп бар да қоян әкел. Кешкісін құсты бір қоянға тірілей жібер. Тойып жесін. Сосын алып кел!?-деді. Аңға салып жүрген жүйрік тазы бар. Айтқанын істеп, бір қоянды тірілей жарып жегізіп қайта әкелдім. Ол кісі құсқа қарап отырып:
— Енді екі күн тұғырға отырғыз!-деді. Екі күннен соң құсты қайта көріп:
— Ойпырмай, бүгін қоянға екі қайтара шүйлігіп түсіп, табанын жерге тигізбей шықсы, түбі алады. Үш қайтара түсуге жарамас. Қоян оңай алдырмайтын аң ғой. Бүгін тазыны ерітіп бар. Жемі орта болып жүр екен, көтеріліпті. Егер тіленіп жейтін болса тағы бір қоянды беріп, қызылдатып жібер-деді. Сонымен құсты алып, итті ерітіп Боранбай нағашымызбан бөлек арқа бетке қарай шығып кеттім. Көпке бармай-ақ алдымыздан қоян қашты. Құстың томағасын тарттым. Салғаннан көріп ұмтылды. Төмендеу бара жатыр. Сол күні алғашқы қарқынында шүйіліп екі түсіп, екі қоян алды. Айтқандай-ақ, үшіншіге жарамай қоянды індетіп, іннің аузына барып қонды. Құсты ұстап:
— Ә,ә талабы жақсы екен!-деп. Қоянның біреуін беріп, асықпай тойындырып алып, ауылға келдім.
Аппаз ағамыз:
— Не болды?-деді. Болған жағыдайды айттым.
— Енді осы жемімен құсты үш күн отырғыз-деді. Айтқанындай екінші күннің кешінде құсты көріп:
— Қоянның етін суға салып, қанын жуып ақ жем қылып бер. Еті толыққан екен. Ертең көрейік-деді. Бәрін айтқанындай істеп болдым. Ертеңіне аңға шығар алдында Аппаз ағамыз:
-Құдай біледі! Құсың қалайда, көңліңді қалдырмас. Бүгін қызылдатпай мұздай тартынақтан беріп, ажыратып отыр-деді. Аңға шығып кеттім. Сол күні құс, он бір қоян алды. Содан сол құс салған сайын өрлеп ала берді.
Аппаз ағамыз:
— Ал енді құсың тапқа түсті. Осы қалпынан аудырма. Төмендейін десе, жеті-сегіз күнде бір қызылдатып отыр- деп, үйіне қайтты. Сол құсты қыстай салдым. Қарнымыз тойып, ел қатарына ілестік. Құс салуды үйреніп алдым. Сол қыста әкемнің «құнан атанға» алған құсы, жүзден астам түлкі алды… Түлкінің терісі қымбат заман…
Көретініміз алда екен, 33 жылы аштық күшейіп ел жаппай қырыла бастады. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті». Әкеміздің екі әйелі бар еді. Кіші әйелімен ол кісі бір үй. Үлкен әйелінен екі ағайындымыз. Екеуміз екі үйміз. Әзір төрт-бес түйе, екі-үш атымыз бар. Бұхараға қарай көштік. Құс қолымда. Бағып жүрмін. Жазды күні оның жемі де қиын екен. Күнде, күнара қызыл керек. Содан «Алтықұдық» деген жерде, совхоз бар екен, мен сонда жұмысқа қалдым. Жұмысымның түрі, 500 қойға құдықтан қауға тартып суаратын қауғашы, екі адамның бірі болдым. Әкем одан әрі, ішкері көшіп кетті… Марқұм әкеміз өзімен отбасы төрт жан еді. Төртеуі де сол жақта өлді. Бұхарада ауру көп болды. Барған ел өле берді. Келер жылы қойдан шығып, «өлген кісілердің басына белгі салайық»- деп, қайта көштік. Бұхараның бергі етегіне барып, «Лағлахы» деген жерге орнықтық. Өлгендерге қоянсүйек*, қандымннан* бастырып белгі қойып, қайта құс салуға шықтым. Ат жоқ. Бір есек, үш түйеміз бар. Бірі бура. Құсты алып есекпен аңға шығам. Екі-үш қоян, кейде 7-8 қоян алып келемін. Қоянның басын 4-5 келі жүгеріге сатамыз. Бір күні Байбарақ ағамыз:
— Мен де сенімен аңға шығайын -деді. Біздің әулетте аң ауламайтын, қызықпайты осы кісі. Қолдағы малдың билігі өзінде.
— Мақұл. Шығыңыз-деп ертіп алдым. Есегіне мініп шықты. Өзім жаяумын. Жал төбенің етегінен бір қоян желге қарсы қашты. Құстың томағасын сыпырдым. Ит те, құс та ұмтылды. Жел қаттырақ еді, жете алмай бара жатыр. Ұзатып барып құс ілді. Екі шақырым шамасына кетіп қалды. Ізінен жаяу салдым. Жас кезім 27-28 демін. Жүгіріп келе жатырмын. Барғанша жеп қоймауы керек. Жеп қойса, базар алмайды. Жетіп ажыратып алдым. Ізімнен есегін айдап бірауықтан соң ағамыз келді. Келгенде әлі ентігіп отыр едім. Сонда Байекең:
— Әй, сенің күнде қоян алған да, кәсібің осылай ма?-деді. Үндемедім.
— Әй, бұл құс емес, адамның ажалы ғой!?- деп, кейіп қарады.
Сосын шамалы ентігімді басып:
— Оу, үйде отырғанда бізге кім тамақ береді? Сатып отырмыз. Ішіп-жеп отырмыз. Бала-шағаны қайтіп асыраймыз?-дедім.
Ол кісі:
— Жоқ, бұл құсты қой! Қақпан құрып, тазыңды жүгірт. Мына кәсібің адам өлетін бәле екен! -деді. Бір жүйрік тазы бар…
— Бұл құсты қоя алмаймын-дедім. Тайлаққа құс алып берген өзіңіз. Үйреніп қалдым және күн көріске де сетігі тиіп тұр-дедім.
Ол кісі:
— Шын қоймайсын ба?-деді.
— Қоймаймын!-дедім.
— Онда қоймасаң, бураны сатып базардан бір ат әкеліп берейін. Болмайды екен!?-деді, жарықтық.
Жанымызда «Реков» деген совхоз бар, соның бастығы түрікпен жігіт екен. Сол бураны шарыққа* жегуге сұрап жүр екен. Соған сатып ақшасын алып келді.
Осы Жарылқағанның әкесінде жорға жүрмал бір ат бар. Баста өзімізден шыққан мал еді.
— Соны базарға қойдырып бағасына аламын. Ертең барамын-деді. Ертесіне ешегімен кетті. Атты алып келе жатып, Балғынбай деген кісінің үйіне түсіп, соның түлкі алып жүрген құсы бар, соған:
— Бала құс салып әуре болып жүр. Соған ат алып келе жатырмын. Қой десем қоймайды. Құсы кішкентай. Осы құсыңды бер?-депті.
Ол кісі:
— Біз де ермек қылып тамақ асырап отырмыз ғой!?-десе;
— Сен де атың жоқ, жаяу салып жүрсін ғой. Мына шағын құсты аласын — дейді. Ол да ағаларымыз. Есенәлі деген баласы салады екен.
— Онда, алсаң ал. Бірақ Есенәлі жаяу қалмасын құсыңды есегіңмен бер?-депті. Содан кешке торы атқа мініп, құсты алып келіп тұр, ағамыз.
— Бұл не?-десем,
— Бала сені кішкене құстан да құтқардым. Мына құсты сал, құмар болсаң!-деп жатыр. Сол құсты салдым. Бұл құс түлкіні де, қоянды да ала берді. Семіздеу ұстап салдым. Жаяу адам арықтатып салады. Ұзамас үшін. Жарықтық сол құс, көктемге салым құсты тоқтатардың алдында бір қу құйрық* түлкіге түсіп, жарға соқтырып өлтірді. Қалай да түйенің пұлын қайтарды. Ол заманда түлкінің терісі қымбат. Бір түлкіге төрт метер асыл тауар береді.
Сонымен, тағы құссыз қалдым. Түйені де тауысуға айналдық…
Бір күні, Қаракесек бажбан* (түтін пұл жинаушы) жігіт бар еді. Өзі Шөмекейден қыз алған жігіт екен. Сол жігіт, келіп маған:
— Атыңды бер? Тамыр боламыз- деді.
— Қой берілмейді! Күн көріс жасап отырған көлігіміз-деп қайтардық. Екінші қайтара, үш-төрт адам болып қайта келді. Үйде кепір шешеміз бар. Жеңгеміз бар. Ол кісілерге көйлек жаулық, қалта-құлта ала келіпті. Ол кезде мал жоқ. Киік, қоянымызды асып қонақасы бердік.
Азанда аға бажбан:
— Байеке, біз ұлқсат болса жүреміз?!-деді.
Ағамыз:
— Ал дегендей. Қош келдіңіздер! Жұмыстарың бар ма?-деді.
Бажбан:
— Жұмысымыз бар. Айта алмай отыр едік. Сұрадыңыз. Айтайық. Мына жігітіміздің тор жорғаға көңлі кетіп, сізбенен дос боламын деп, Торы атты сұрап келдім?-деді. Елдің аштықтан есін зоға жиып жатқан уақыты. Бұрын аралас-құралас, алым-берімі жоқ адамдар.
Ағамыз:
— Осы атқа бір уыс шөп салмаймын. Бағып-қағып мініп жүрген осы бала. Ал бала не дейсін?-деді. Жас уақытымыз.
— Ат берілмейді!-дедім.
Сонда аға бажбан:
— Бала, ат берілмейді -деп, отыр. Біз балаға сеніп келіп отырған жоқпыз. Сізге келіп отырмыз. Сіз, не дейсіз?- деді, отырыңқырап барып. Сөзді әуелгі ізге қайта соқтырды. Сол кезде ағам:
— Әй, бала сен далаға шыға ғой. Қонақтар, біз ойласып алайық?-деп, өзі де шықты. Оңашалау шығып:
— Ал бала ойласайық. Бір адамның назары ат пен құсқа түссе оны кері қағып болмайды. Бұрнағы жылы, елден міне шыққан «Көк атты» үш түйеге сұрағанда бермей қалып, бір уыс раңға* түйіліп арам өлген жоқ па? Осы адам ниеттеніп қасына кісі ертіп келген екен, атты бер! Тәуекел, мінетін ат табылар!-деді.
-Мақұл-дедім. Үлкен адам не айтса, тыңдайын заман. Үйге қайта кіріп, ағамыз:
— Ал, әдейі ат басын тіреп келген жұмыстарың сол болса, атты алыңдар. Балаға түсіндіріп келдім-деді. Қонқтар жадырап қуанып қалды. Бажбанның астында кәрі боз аты бар екен, өзі жауыр. Сол атты қалдырып:
— Мынау, торы жорғаның қазығына байлағаным. Көшке жаяу жүрмеңіз. Аттың қолқасы* бұл емес. Одан да құтылармын. Сізбен дос болайын-деп алып тұрмын. Бұл кезде ат тұрмақ, лақ беретін заман емес!?-деп елпелектеп жатыр. Сонымен қонақтар жөніне кетті. Құс жоқ деп отырғанда, аттан айрылдық. Мына заманда не сахилық екенін қайдам? Ағама:
— Ал, мін бозатты-дедім. Ішімнен ренжулімін.
Ол кісі:
— Ай. тәуекел! Бәрі жақсы болар-деді. Далаға шықпай, ауылды бір-екі күн жатып қалдым. Содан ағам:
— Әй, сен жата бересін бе? Тіршілікке шықпайсын ба?-деп жатыр. Күнде қазанын қайнатып тұрған мен едім, кәіпсіз қалдым. Азанда тұрып:
— Мен, енді «Жыңғылды» совхозына барамын-дедім.
— Күн жылынды. Сол ауылға барып жұмыс істемесек, қалай күн көреміз? -деп, ақ таяқты алып жолға шықтым. Бірталай жер. Сол ауылда адам дәрігері Ақтөбенің Табын жігіт бар еді, осында келгелі көзі таныс болған сол үйге келіп түстім. Әке-шешесі бар, ағалары бар кілең оқыған адамдар екен. Көргеннен, жылы тартып:
— Төрлет, қайдан жүрсіздер?-деп, сұрастырып жатыр.
— Осы маңайда, жақын жерде отырмыз-дедім. Жайғасып отырған соң, ол жігіт:
— Келіп елге қосылмайсыздар ма? Жұмыс істеп, тіршілік ету керек қой-деді.
— Мен де соны ойлап, ақылдасайын деп келіп отырмын-деп жатырмын.
— Онда, оқу-тоқуың жоқ. Дүкенге қарауыл бол. Інімді қойып едім жастау болып, келген заттарды қабылдап алалмай жүр,соған көмекші бол. Отбасыңды да көшіріп алармыз-деді. Махұл деп кірісіп кеттім.
Сохоздың 10 000 қойы бар екен. Қойға әкеліп ақ сұлыны төкті. Қой қозылап жатыр. Сол кезде біздің ауылды да көшіріп әкеліп ауылдың сыртына орналастырды. Боз атты алдырып сұлыға байлап қойдым. Атта тегін сұлыға семірді. Байекең атты апарып сатып жіберді. Өзі түйе бағып сыртта отырды. Бір күні дүкенде тұр едім, бір бала жүгіріп келіп:
— Сізді Байекең ағаңыз үйге шақырып жатыр. Баяғы ат берген тамыры келді-деп, хабар айтты.
— Ол адамның хабарсыз кеткеніне бірталай болып еді. Не жағдай екен?-деп, үйге келдім. Біреулер күліп жүрген «Торы атты алып қашты тамырың!»-деп. Келсем әйелі мен екеуі екен. Көрісіп сәлемдесіп отырдық. Таудың үстінде мал жағдайында отырған ағамызды алдырып, шәй-судың қамына кірісіп жатырмыз. Тамырым өзі торы атқа мінген, әйелінің астында жарақты ақ есегі бар. Онымен қоймай бір жәшікке салып бүркіттің балапанын алып келіпті. Ол босағада шыңқылдап тұр. Бір күн қонып, сорпа-суымызды беріп, ертеңіне тамыр:
— Мынау қарындасыңыз, Нияз Ерлептің ағасының қызы-деді. Әрі қарай таныстық. Белгілі орынның баласы екен. Осы қарындасыңыз:
— Қане саған мына заманда ат мінгізген қандай Шөмекей екен, барып көрейін?!-деп келе жатырмыз деді.
— Ал енді мына ақ есекті алып қал. Көлік болсын. Мына бүркітті алып келдім Бегалыға. Кеше таудан алып келе жатқан біреуден, бәле салып алып қалдым-деп, жасырып отырған жоқ. Онда Байекең:
— Әй, мен сенен есек аламын, құс аламын деген жоқпын. Қарындасымның танысқаны дұрыс. Балаға атап әкелген екенсін, құс қалсын-деп, көйлек-жаулық кигізіп қайтардық. Құсты шал бағып отыра берді сыртта. Үш-төрт түйе бар. Өзім дүкендемін. Бір күні шал келіп:
— Мына құсты құрт! Сен бақ дегесін бағып едім. Ауылда бір шалға түсіп өлтіре жаздады-деп отыр.
— Ойбай құрт па! Жаздай бағып, оны құртсақ қалай болады? Өзім барамын. Жұмыстан шығайын. Кетебер ауылға деп жолға салып жібердім.. Совхоздан шығып есептесіп ақшамды алып, бір есек сатып алып ауылға келдім. Келіп көрсем бақпамыз, шоқалақтай құс болыпты. Сол жердегі жігіттер Бегалының құсын ұшырып көрейік дегенге берсе, ауылдан ұзамай томағасын алса құс ауылға қарай ұшып, 80-ге келген түлкі тымақты түйе айдап бара жатқан шалға түсіпті… Есегінен аударып түсіріп, бүгерлеп жатқан жерінен жұрт ажыратып жатса:
— Байқаңдар, байқаңдар Бегалы жанның құс ғой! Мәнжамы мықты екен!-деп астында жатыр дейді, жарықтық. Жігіттер мойнын үш қайтара бұрағанда барып тырнағын жаздырды-дейді.
Байекең:
— Бұл құстың көзін құрт! Бала-шағаға түседі. Өлтір, тірі жіберме!-деп отыр.
— Жарайды. Таң атсын, көрерміз-дедім.
Ішімнен, «Ойпырмай, бұл құмның болмаса қызылдың құсы емес, таудың құсы ғой. Келімі келген аққұйрық құс екен, қолыма жақсы түсіп еді — обал болады-ау!»-деп жаттым. Ертең ерте тұрып құсты дайындап жатсам, ағам келіп тұр. Көшершілікте түйенің қомына* жасырып алып жүретін 32 нөмірлі мылтық бар. Соны алып келіп:
— Мә, мынаумен атып таста!-деді. Иығыма іліп алып, итті ерітіп есекпен жүріп кеттім. Құс қолымда. Дұрыс қайтарылмаған, шалабурыл табы бар. Тарпаң тартып, томағаға көндікпей асау-соқыр мінез танытып келе жатыр. Биялайдың сыртынан қолымды сыққанда, бұрынғы құстардан күші басым екені білініп тұр. Ауылдан біраз жер шығып кеттім…
Ұзаған үстіне ұзайын деп тағы бірталай жүрдім. Көңілім құсты бір салып көрмек.
— Бұл құсты өлтіргеннен, болмаса ұшырып жібергеннен не пайда?-деп,
биік төбеге шықсам, алдымда екі төбеден әрі қабақта бір түлкі жүр екен.
— Ай, тәуекел!-деп, екі аяғына алқа бау* тағып, құстың томағасын сыпырдым. Жүнін жығып ұмтылды. Ит те кетті. Қарап тұрмын. Құс көтеріліп ұшып бара жатыр. Ақыры аспандап кетті. Түлкі жөніне қалды.
— Ойбөй құдай-ай! Мынау тағы ауылға барып, біреуге түспесей кетті? Шал, өзімді құспен бірге құртатын болды-ау! -деп, тұрғанымда құс биікке шығып алыстан шеңберлеп айналды.Онымен де қоймай, төмен сорғалап мен тұрған төбеге қарай бетін дүзеді. Биіктен шүйліккен құстың, қанатының сарылы жақындап-ақ қалды.
— Ойбай, атаңа нәлет! Мына бишараның, адамнан басқа қорегі жоқ екен ғой!-деп, көне ұясы бар биік саржігер* сексеуілдің түбіне паналай бергенімде, сол бетімен сорғалап келіп ұяны теуіп өтті. Сексеул жігер ортасынан қақ бөлініп, төрт-бес қадам жерге ұясымен ұшып кетті. Құс қайқаң етіп көтеріліп, қалқып барып қарсы төбеге қонды.
— Ойпырмай, мына құстың тепкісін-ай! Мынау алатын құс. Адамға түстің деп тұғырда отырғанда біздің шал жасқаған екен. Мынау, соның ашуы ғой?-деп құсқа тұра жүгірдім. Құс қашпады. Балақбауынан алып қолыма қондырып, томағасын кигізіп басынан, төсінен сипап біраз отырдым. Құс дүр сілкініп басылды.
— Мынау қашпады ғой!-деп, құсқа одан сайын кеулім еріп, үміттеніп келіп есегіме міндім. Күн әлі ерте.
— Қой, ауылдан әлі де ұзайын. Бұл құсты,тағы бір сынап көрейін. Көпболса ұшып кетер. Атасы жан алғыш Әзірейлі* болмаса, өнемейін адамға шаба бермес. Бұл құстың ашуы басылды ғой!?-деп, тағы жолға шықтым. Бұрынғы ұстап жүрген құстарымнан екі есеге жақын салмақты. Еті де қалың.
Бағанағы түлкі қуған ит те жалақтап жетіп келді. Ит, құсты түлкіге түсті деп, айнала шауып іздеп жүр. Біріміз-бірімізге түсіп жатқанымызы қайдан білсін?
Біраз жер жүргесін биік жон төбенің етегіне есекті байлап, жаяулап басына шықтым. Итте әбден құспен бірге аң алып машықтанған жүйрік тазы еді. Құсты жібер деп шыр айналып, тіленіп тұр. «Тәуекел!»-деп. томағасын сыпырдым.. Басын бір сілкіп алып, бірден түлкіні көрді де теуіп, ұмтылды.
— Я, құдай бере көр!?-деп тұрмын. Түлкі жал төбенің қабағында жүр екен, мен де көрдім. Құс бұрын жетті. Бір құйылып қайтып жоғары шықты.Түлкі әккі* екен. Құсты көріп дарақ сексеуілдің түбін айналып жүріп алды. Сол кезде итте жетіп түлкіні қуып шығып арғы ойға түсірді. Құс та құйылып ойға құлады. Сол кезде қаңқ еткен иттің дауысы шықты.
— Ойбөй, құртты-ау! Қап түлкі алады деп жүргенде бір үйді асырап отырған итті құртты-ау!- деп, жан ұшырып жүгіріп келе жатырмын. Иттің қаңсылаған даусы басылар емес. Төбеге шыға келсем, ойда ала-шаңғыт болып жатыр. Құстың бір аяғы иттің тұмсығында, бір аяғы түлкінің тұмсығында құйрығын жайып, қанатын керіп, екеуін сырнай қылып, жіберіп-тартып отыр. Жарықтық тырнақалды* алғашы аңы ғой, желке жүнін күжірейтіп масаттанып-ақ қалыпты. Ит екі жаққа кезек атылып бүлініп жатыр. Келе сала түлкіні тізеге салып өлтіріп, иттің тұмсығын ажыратып құсқа түлкінің қолдау етінен тартынақ беріп қолыма алдым. Ит қыңсылап, тұмсығын екі аяғымен кезек сипап төбенің басына барып жатты. Бұл иттің қадесі, құс аңға түссе бірге жетіп аяғынан тістеп, керіп жата қалатын. Мына құсқа да сол қызметін көрсетем дегенде, құс алған аңын қызғанып тұмсығынан іліп алғаны ғой.
— Ойпырмай бұл құс, түлкіні алды-ау! Бұдан әрі тапқа түссе болайын деп тұр екен-деп түлкіні алып, есекке мініп тағы кеттім. Ит бізден безіп, бөлек кетті. Көп ұзамай жал төбенің басына шығып тұр едім. Құбыла беттен иттің дауысы шықты. Киікті қуғанда солай дыбыс беретін. Сөйткенінше болған жоқ жантақты табаннан төрт киікті алдына салып, шыға келді. Ит киікке жақындап қалды. Құстың да томағасын ағыттым.
— Ал, тәуекел! Құс бұл жолы жеңіл кетті. Жақсы көтеріліп барып, соңында бара жатқан ешкіні жамбастан ала көтеріп, аунатып түсірді. Ит құсқа қайрылмай қабаққа барам дегенше екінші ешкіні ұстап қалды. Жалғыз өзім:
— Құдай берді! Құдай берді!-деп айқайлап келе жатырмын. Жылдам жетіп киікті мауыздап, құсқа тартынақ беріп босатып, балақ бауынан сексеуілге байлап, итке жүгірдім. Барсам киіктің мойнын қайырып тастап жатыр екен. Екеуі де семіз ешкі. Итке де киіктің сан етінен ұзыншалап кесіп тастадым.
Иттің бағанағы құстың тырнағы тиген тұмсығы ісіп кетіпті. «Жылағанда кімнің аузы қисаймайды»-демекші, езуі ырсиып ыпыны* кетіп қалыпты. Ұстап алып, киіктің өтін* құйып жуып жібердім. Құстың тырнағы тиген жер жел көтерсе, асқынып кетеді. Итке:
— Ойпырмай бұл құстың тұмсығыңды бүріп түскені саған да сабақ болд-ау!? Болмаса киіктің бір борбайын керіп жататын едің. Енді еншіңді айырып, сен де бөлек аулайтын болдың-деп жатырмын. Құс ауылға қайтар жолда тағы бір түлкі алды.
Сонымен, «Өлді деген батырың — өгіз мініп келе жатыр»-дегендей, екі ешкіні арытып, екі түлкіні байлап түннің бір уағында үйге келіп түстім-ау!…
Әне сол құспен бір қыста 150 түлкі алдым.
Бұл құс түлкіге алғыр болды. Түлкінің аяғы* 50 сом, 70 сомға дейін сатлады. Қарық қылды. Содан бастап мен құсты 20 жыл салдым -деп, әңгіменің бір түйінін қайырып Бегалы ақсақал алдындағы суып қалған кеседегі шәйіне қолын созды.
Әңгіменің қызығымен біз де байқамаппыз.
— Жаңартып берсін?- деп, қол созып едім, «болдым» деген ишара білдірді. Содан соң:
— Ал, Қожеке ата-бабамыз сыйлаған «Ер Мағзаман әулиенің» тұқымысыз. Ол білгенге. Жарықтық аталарымыз «Тіріде пірімсін, өліде туымсын»-деп, Айтқұл* бабамнан бері қарайғы жерде «Наның ұсағынан, қожаның ұрпағынан сақтан» деп халық сыйлаған әулетсіздер. Осы жерде біздің үйдің «мырзасы» да отырған шығар, ол да айтар. Жігіт-желеңіңді алып қонақ бол. Бір мал сыбағаңыз бар, балаларға бата беріп кетіңіз? Бұйырса қалған әңгіме болса сол жерде жалғастырармыз. Маған ұлқсат беріңіз?-деді… Тәтті әңгіменің тіні үзіліп кетпесе екен!?- деп, ертеңді күттім…
Ертеңіне Сахидың үйінде Бекеңнің әңгімесін қайта жалғадық.
— Біз онда Төрткүлдеміз*-деп, бастады әңгімесін ақсақал.
— Ауыл Көкшіде. Құсты түлетіп, енді 40 күн қайырайын деп отырмын. Қырық күнде сары етінен арылып тапқа келеді…
Бұхараға көшіп кеткенде, Қазалыда, «Қуаңда»* қалған Құлбарақ ағамыз келген-кеткен кісілерден Бегалының құсы 150 түлкі алыпты дегенді естеді ғой. Сол кісі баласы Әбжаппарды жіберіп, сәлем айтыпты:
— Бар. Ол да қызығын көрді ғой. Маған құсын қиса берсін? Мен де сары тұлкіге салып қызығын көрейін?»-депті. Бйбарақ ағам сөзге келмей:
— Әй, «құс қашады, ат өледі»-деген. Ағасы өлгелі де хабарласа алмап едік. Көрмегелі 3-4 жыл уақыт өтті. Шал жіберіп отырған болса, бер құсты! Бір құс сатып аларсын-деді. Қимай отырмын. Қимағанмен амал жоқ. Шал бер дегесін бердім.
— Жарайды берейік-дедім.
— Сен беретін болсаң, мынадан біреу жолай тартып алып кетеді.
Я, өлтіріп кетеді. Онда, ат пен құсты қолына тапсырып, сәлем беріп қайт!- деді.
Әбжаппарға:
— Ал сен, сәлем бердің рахмет! Әкең қорқып отырған шығар қайт енді. Бір апта жаттың. Берген ат саған мінгізгенім. Мына ағаңмен елге жетіп қал!-деп, жолға салды. Сонымен жүріп кеттік. Екі арада ел сиректеу.
Құлекең Қуаңда «Өтебаста» отыр екен аман-есен келдік. Малдан 4-5 жылқысы, бір түйесі бар. Жолмүй*, қос үйі бар. Көрісіп табысып, көңіл айтысып сағынған мауқымызды басып қалдық. Бұрын қыздай алған жеңгеміз бар. Он күн жатып ұлқсат сұрадым:
— Ал аға, қайтамын. Аң аулайтын мезгіл болып қалды. Амандығыңызды көрдім?-дедім.
Шал:
— Мына екі тайдан қалағаныңды ал. Ат қылып мінерсін. Шал басқа не айтып жіберді? Байбарақ біздей емес, оны-мұны салыстырып көп ойлап отыратыны бар еді?-деді.
Сосын мен де:
-Тайыңды алмаймын. Өзімізде мінерлік ат бар. Қызылдың ішінде ат бағу да оңай емес. Ағаңның сәлемі бар, айтайын:
— Ортада 3-4 жыл уақыт өтіп кетті. Бір-біріміздің өлі-тіріміге қатыса алмай қалдық. Біз отырған К.Маркс колхозында 150 үй Есім бар екен. Ағаңа айт елге қосылайық?!-деп сәлем айтты дедім.
— Ойпырмай, солай дейтінін біліп едім ғой!-деді.
— Енді маған биылғы жылды қи. Мына бүркітті сары түлкіге салайын. Келімі келген дұрыс құс екен. Кеулім толып отыр! — деді.
— Ал, елге қашан барасыз?-деп, сұрадым.
— Көктемге жақын, құс тоқтағасын барамын-деді. Қызылдың көкше түлкісін алып жүрген құс қой, осы араның сары түлкісіне салайын-деп, ұзатты.
— Ендігі жылы баратыныңызды, көшіп келеді деп айтпаймын. Онда мен қайтамын!-дедім.
Жеңгеміз шалын «Батыр» деп тергейтін* еді:
— Ойпырмай Батыр-ау! Осы араға келгенімізге 4 жыл болды. Сәлеміңе 150 түлкі алған құсын әкеп беріп отыр. Басқа жұрт мысық әкеліп берген жоқ. Осы араның да қызығын көрдің ғой. Бала көш десе — көш! Ағайыннан бөлініп қалғанда не арттырдың? Баламен бірге көшейік, бұдан қалып болмайды!-деді.
Шалы:
— Ой, мына атаңа нәлет, не дейді!?-деп, оқыс бұрылды. Бұрын әйелге ойласпаған адам ғой.
— Осыны 15 жасында алып ем, маған осы уақытқа дейін сөз қоспап еді, бұл не бәле?!-деп, шошып кетті. Бишара жеңгеміз момын адам еді:
— Сіз шошымаңыз. Осы баланың айтқанын қылыңыз. Сонша жерден келіп, төмен қарап кетпесін. Баланың да сыртында ел бар, күтіп отырған. Ту Төрткүлден туғанын іздеп, бауыр ғана келеді. Болмаса мына заманда кім келеді? Осы түлкі сол жақтан да табылады. Құс анық сіздікі болды ғой!-деді, жеңгеміз.
Жеңгеміздің атасы Жолжан деген кісі билік айтқан кісі деп еститін едік. Ошақтың шоғын көсеумен қайтарып отырып айтқан әңгімесі «Асылдың түбі бір кесер, есебін тауып қайраса»-дегенді көрсетті.
Ағамыз екі жағына аударылып-төңкеріліп:
— Ойпырмай! Ойпырмай!-деп;
— «Анда санда қатынның да айтқанын істеуге болады»- деген, рауият бар ед, а-а?! — деп, әрі-бері отырып:
— Мына қасқа биені бір нарға сұрап біреу келіп, бермей жіберіп едім. Бір нарға қос-қорамыз сия қоймас, Мен сол нарға барып келейін-деп, орнынан тұрып атына мініп, сонда кетті.
Кешкісін адамымен, бір қарақоңыр нарды жетектеп келді. Ақта нар екен. Биеге беретін мал емес. Ол кезде жылқының сүті сусын, тамақ қой. Қасқа бие бір үйге сауын болатын мал екен. Нарға жұмыс жоқ. Содан биені ол алды, біз нарды алып шалды көшірдім.
Есентөбенің ойындағы Жаңадарияның «Жүндеген» деген құдығына келдім. Колхоздың аңшылары еңбек күнге аң аулайды. Бес-алты үй сол жерге келген екен, біз де барып түнде қондық. Азанда Қарға деген жігіт, бізің шалмен жасты сәлем бере келді. Бар жағыдайды баяндадым.
Сонда Қарға:
— Ай, Бегалы — Құлекең- Құлбарақ ағамызды бізбенен қалдыр. Көкшеге алып барып не қыласын? Жылқысы ол жерді жерсінбейді. Біз аң аулауға келіп жатырмыз. Аулыңа барып қақпаныңды алып, отбасыңды көшіріп кел. Ол жақта сататын құс болса, құсыңды алып кел. Күз болды ғой-деді.
— Бұл да жөн екен- деп, ауылға келіп, тайлы бие бар еді соны жетекетеп 25 күнде менде келіп қосылдым-ау. Менің алдымда үш -төрт күн бұрын құсты салған екен. Келдім. Үйдің айналасы жатқан түлкінің еті…
Құлекең:
— Бүгін құсты салғаныма төрт күн болды. Әдепкі күні құсты байқап көріп ем, күніне тоғыз түлкіден ілді. Құсты оясына* келтіріп сала алмаған екенсін!-деді.
— Менде жүргенде бес түлкіден артық ұстаған жоқ еді-дедім.
— Етін кем салып жүр екенсін. Етін толықтырып салсаң бұл алымды құс екен!-деп, желпініп отыр. Маған да құс салуды үйреткен сол кісі.
— Ол айтқаныңыз дұрыс қой. Мен түсіп жатып байқадым құсыңызды. Бала жылының өзінде қолға сирек келетін құс еді. Шақырғанда шырғаға*, тартынаққа* да сараңдау. Күн болса әлі жылы ғой. Қазанның аяғы. Қалайда етін көтеріп жіберіпсіз-дедім.
— Ой сандалып! Менің қасымда құс салып сен де адам болып, маған ақыл айтыпсын!?-деп мазақ қылды.
— Онда құсыңызды көрейік -дедім. Құс тұғырда тұр екен. Алып сипап қарасам, еті өте артық кетіпті.
— Еті артық қой-дедім.
— Ой сандаласын. Осы үш күндегі етімен алды, 9 түлкіден. Үш-төрт күннен бері атқа шауып, қарасан* болып қалдым. Өзің атқа мініп сал. Көрейін алмағанын?!- деді.
— Меніңше бүгін ұстамайды. Түс қайта алып шығайын дедім. Құсың шақырып отыр, артық кеттім деп отыр ғой!-дедім.
Түс қайта құсты алып шығып кеттім. Биік жал төбеден томаға тарттым. Тартқаннан түлкіні көріп ұшты. Барды да үстіне айналды, түлкіге түспеді. Айнала-айнала жоғары шығып алды. Өзі киікке де құмар еді. Мына жаға «Тоғазтау», «Кереге тауға» қарай ығысып барып қайтты. Шақырсам, жақындап келіп қайта көтеріліп кетеді. Келмеді. Содан бір кезде, түстік жаққа қарай «Жалпақтау» қайдасың деп асты ғой. Төбенің үстінде қарап тұрмын. Кереге таудың бергі ойындаға жалға барып еңкейді.
— Алда, ойбай-ай! Бұрын түлкі алғанда, ит барғанша бір аунатып салып үстінде қалқып жүретін. Дәрәу атты қойып, түс қайта әлгі жерге келдім. Он-онбес шақырым жерге кетті-ау. Келіп ана жер, мына жер ден күн батқанша құсты таппай жүрдім. Алып тастап, ұшып жүрген құс жоқ. Сол кезде киіктің ізін көрдім.
— Ойпырмай ұстап қалып жарып жеп отыр-ау!-деп, келемін. Болмаса түлкі болса шығады, я шақырса келеді ғой. Күнді батырып,үйдегілер ас-су ішейін деп жатқанда келдім өлейін деп.
— Уя, не қылдың?-деп жатыр.
— Құс кетті!-дедім.
— Ойпырмай, кетпейтін еді ғой!?-деді, Құлекең.
— Барған жерінен қайтып шықпады. Киікке түсті ме, білмедім-дедім. Азанда барып тауып алармыз деп жаттық. Үш күн қарадық. Шықпады. Күн де тұман болады. Ауылда қояншыл құс бар еді соны алып бардық. Құс көреді ғой, өлімтікте отырса. Әр жерге ұшырып қарап жүріп ол құстан да айрылып қалдық. Сандалып төрт күн қарап таппай:
— Әй құрысын енді! Бұйырмаған құс екен!-деп, қайттық ауылға. Бір құсты, бір құс ала кетті. Қарғаның баласының құсы еді. Құстан күдер үздік. Аттарды да болдырдық. Қарасақал Лепес дейтіннің Ақырзаман дейтін інісі бар еді. Сол бір бала құс ұстады дегенді естіп шал:
— Енді құр отырмайық-деп, сонда кетті. Ауыл арасы жақын Шертайдың әкесі Алпыспен бірге еді. Сол Алпыс Ақырзаманға:
— Сен құс салмайсын. Мына кісіге бер- деп, құсын біздің шалға алып беріпті. Ол жаң құрып ұстаған құс екен. Кішкентайлау құс, онша іріге жатпайды. Соны әуереледік… Оны әкеліп беріп:
— Сен мен келгенше осы құсты сала тұр. Баяғы мен құс алатын Балғынбайда (Көжектің әкесі) түлкі алып жүрген тағы бір құс бар дейді, бір биені берсем де соны алып келемін!- деп, Байекең атымен тартып кетті…
— Бағанағы бала құстың оншақты күн ұйқысын алып жуасытып. Қоян алдырып жүрмін. Қақпанға түскен түлкіге жіберсем бармайды. Шалдың кеткеніне де он-он бес күн болды. Хабар жоқ.
— Мынаған бәулі* берейін. Бұл соны жемегесін бармай жүрген шығар- деп. Қақпанға түскен тірі түлкіні аузын байлап алып жүр едім, қашырсам оған да бармайды.
Содан құстың аяғына түлкіні байлап томағасын алып қоя бердім де, кеттім. Атымды ойға қойып, Жонтөбеге шығып бұғып отырдым. Түлкі әрі тартты, бүркіт бері тартты. Айнала қашып жүр. Түлкі сүйрей бергесін бүркіт шамданып бір кезде басалды. Жықты түлкіні.
Сол кезде мен де шықтым. Түлкіні тұмсықтан мықтап басып ұстаған екен. Дәрәу ажыратып, түлкінің қолдау етінен жегізіп алып, енді ұстайтын түрі бар-ау!- деп, дәмелендім.
Сәрсен деген атамыз «Бабын тапса,түлкі алмайтын құс болмайды»-деп, отыратын еді. Сол кісіден естіген әңгімем бойынша істедім.
— Енді ертең көреміз?! — деп, қойдым.
Қостаға бала:
— Қой аға түлкіге әлі келмес?-деп, қауіптеніп отыр. Құсты бір күн отырғызып, кешкісін су, жем беріп ертеңіне қайттық ауылға. Қақпан салып алған киік, қоянымыз бар қасымдағы балаға:
— Сен қайта бер. Мен ертең осы құсты түлкіге салып көремін — дедім.Бір түйелі бір аттымыз. Содан құсты алып шығып көрейін деп ойладым. Түлкінің де көрініп қашу сирек болады ғой. Жал төбенің басына шығып, құстың томағасыны тарттым. Көрді түлкіні. Лып етіп жеңіл ұшты.
Ит те кеті. Мен де атпен сыпыртып келе жатырмын. Құс бір қағып шығып жоғарлады. Түлкі дарақ сексеуілді айналып жан сақтап жүр екен. Түлкі құсқа қарап жүргенінде ит заулауымен келіп алып түсті. Сол кезде құс та құйылып сап ете қалды. Екеуі түлкіні екі жаққа керіп жатып алды.
— Ә, мынауың өнер шығарайын деді ғой!-деп, дәрәу келе салып, түлкіні іреп жіберіп тартынақ* тартырып, қолдау етінен жегізіп жатырмын. Тырнағы қадалып қалыпты аузынан. Қосқа қайтар жолда тағы бір түлкі алдырып, кешке келдім.
Аңшылар:
— Оу, мына құс түлкі алыпты ғой! — десіп күліп жатыр.
— Қара ит пен екеуі қоятын емес-деп қойдым. Сонымен шал келем дегенше он сегіз түлкі алдым. Шал құсты алалмай келді. Сол құсқа қыстай 70 түлкі алдырдым. Жаз болса колхозда жұмыс істемеймін. Күзде түлкіден пылан* алып кетеміз. Түлкіні еңбек күнге* береміз. Әйел екеуміздің еңбек күнімізді түлкіден өтейміз. Колхоздың түлкіден пыланы болады.
Сонан құсты салып қайтып бара жатыр едім, қашып жүрген Жүрген деген жігіт бар еді. Ауылсоветке кінәлі болып қашқан. Сол «Қырғын» деген қақтың басында екен. Біз құсты тоғарып Мыңбұлаққа, ауылға көшіп бара жатқанбыз.
Сол Жүрген жолықты:
— Жұмысты болғансын, жалғыз да болсам жүрмін-деді.
— Оу, Қызылда жүрсең, құс бар ма? Ұя-пұя таптың ба?-дедім.
— Бір ұя таптым. Баяғы Құлбарақ ағаң салатын «Сарыбас төбенің» құсы. Ішінде екі жұмыртқасы бар-деді.
— О, маған біреуін бер?
— Онда отыр қасымда. Туғанына да үш күн болды. Жұмырқа жарғанынша үйіңді тігіп маған қара болып отыр. Жұмыртқаның қалағанын сен-ақ ал. Сенің кетіп қалғаныңа бермеймін!- деді.
Оған да қара керек. Бала мен Әбжаппар бар қасымда, соларға:
— Үйді тігіп беріңдер? — дедім.
— Мен қашан құс жұмыртқасын жарғанша осында боламын. Сосын үйді өзім артып жеткіземін. Мына екі түйе мен жабдықтарыңды алып ауылға кете беріңдер-дедім.
Үйді тіктіріп алып қалдым. Құс жұмыртқасын қырық күнде жарады екен. Санап отырдық. Қырық күнде бардық. Шиқылдап тұр, тұмсығы көрініп. Сол жерден қоянның етін талдап береді. Екі күннен кейін қабығы жарылып өзі түсіп қалады екен. Жарды. Енді біреуі қалды жұмыртқаның. Тұр жармай. Арада бір күн болып ол да жарды, тұмсұғын. Оған да анасы қоянның етін тарап беріп тұр. Бұл да екі күн тұрып жарды. Ұяны үлпілдетіп жасаған екен. Қоянды жеп болғаннан кейін көлеңкеге, ұяның астына іліп қояды. Ата құспен екеуі кезек отырып балапанды күтімге алды. Басқа құс жеп кетпесін деп. Күнге қанатын қалқан жасап, кешке баурына басып жатады. 15-20 күн болғасын балапан жүретін болды. Бағанағы Жүрген, түйемен ұяға келгесін:
— Ал, енді қалағаныңды сен ал! Көштен алып қалып едім-деді.
— Құстан да зорға алдық. Мен үлкенін алдым. Бұрын жарғаны еді.
Ауылға келгесін, бұрын құс салған ағаларым көріп, мән-жайға қанығып:
— Екі жұмыртқаның қайсысын алдың?-деді.
— Бұрын жарған үлкенін алдым -дедім.
— Ой, ұябасары* үлкен болады ғой.
— Онысы кішкентай-деп жатырмын. Сол құсты бағып отыра бердім. Итім бар құсқа жүгіретін. Колхоздан 70 түлкі пылан алдық. Алдында екі жыл пыланды орындап мақтау алғанбыз. Сол жылы ұрыс* басталды (1941-1945). Астымдағы атымды күш көлік деп әскерге алды. Бір таймен ілдәлдалап* келемін. Содан құсты алып, колхоз 13 адам аңшыны бөлек ұйымдастырып шығарды.
Көшіп келе жатқанымызда қоян қашты. Құсты жіберіп едім қоянды ұзатып алды. Әне-міне деп жүргенімде көштен қалып кеттім. Енді тай жарамайды. жау айдайын деп, дізгінді ердің басына ілдім де құсты ердің үстіне қондырып алдыма салып айдап келемін. Бір биік жалдан төмен түсер жерде тай жүрмейді. Қамшымен тартып жібергенімде тай атып кетті. Бүркіт тайдың баурына жалп ете қалды. Аяқбауды тартпаға орап қойғанмын. Тай тулап ала жөнелді. Қос аяқтап теуіп жүр, теуіп жүр. Құс шырылдап жүр. Ойға түскенде құс жерге түсті. Барып көтерсем ортан жілігі майда-майда болған екен. Тай анадай жерге барып тұрды.
— Қап еңбегім күйді-ау!-деп, тайды қайтадан ұстадым. Қырық күн жұмыртқасын жарғанша жатқан еңбегім, алажаздай баққан еңбегім. Жетпіс түлкі пылан алып едік, келіспеген сапар болды-ау!-деп іренжідім.
— Қой енді, құсты осы жерге тастайын. Түлкіге жем болады ғой-деп, аяқбауын шешіп қалдырып тайға мініп жүріп кеттім. Қабаққа шығып баражатып қайрылып қарап едім, екі қайтара ұшқысы келіп талпынды ұшалмады. Ойға тіскенімді үш қайтара шақырды.
— Кеттің бе?!-деді-ау. Дауысы жүрегіме батып кетті. Балапанынан баққан құсым еді. Құс күндіз олай шақырмайды ғой. Қой, үйде тазы бар. Жейтін ас табылар. Қасымда жүре берсін -деп, құсқа қайтып келдім. Келсем менің ізімнен жорғалап аяғын сүйретіп, төбеге шығып келе жатыр екен. Көрпешеге орап алдыма алып, таймен итермелеп келдім. Мен келмегесін көш те қонып жатыр екен. Бүркітбай деген ағамыз:
— Бұған не болды? Ақсақ құсты неге әкелдің?- деп, жатыр
— Ай аға бұның тарихы көп. Ізімнен баладай шырылдап қалмағасын алып келдім. Ертең құралайды аулағанда бұл құстың да несібесі келер. Болмаса өлер-дедім. Содан ол құсқа киізден байпақ тігіп, қанатының астына қолдау жасап, сынған сүйектерді орнына салып, дұз сеуіп аяғын ізіне тастай таңып, сыртынан тігіп тастадым.
-Ой құдай-ай! Сонша әуре болып!?-деп, жатыр жұрт. Ертесіне қайта көшіп «Қосшеген» деген жерге келіп қондық. Бұрын бізден бұрын кеткен аңшылар бар, қосылдық. Құс жоқ.
Кәңгелді Садақбай деген жігіттің бір құсы бар. Жирмашақты түлкі алған. Быйыл түлектен шыққан екен. Сол сататын түрі бар деп есіттім.
— Ойпырмай соған барайын. Бір нарым бар, қасында қүнаншасымен. Осы құнаншаға берсе алайын деп ойладым. Менің 70 түлкі пыланым бар ғой. Түйемен келдім. Садақбай Ізғұт дегеннің баласы еді. Бізбен жасты.
— Шалға сәлем бере келдім- дедім.
Тәңертең Ізғұт ақсақал:
— Ал бала жұмысыңды айт-деді.
— Жұмысым сәлем беру-дедім.
— Сәлем берсең дұрыс. Бақытты бол!-деді. Үйінде кемпірі, баласы, келіні бар екен.
Сосын:
— Менің бір жұмысым бар. Сізде емес. Мына Садақбайда-дедім.
— Ау, айт! Бізде естиік-деді.
— Мына Садақбайдың құсын сұрап келдім. Бұлар колхоз емес.
— Менің колхоздан алған 70 түлкі пыланым бар еді. Соған бола келіп отырмын?- дедім.
Ақсақал:
— Шырағым сәлемің де, сұрағаның да дұрыс. Біз отбасында отырып қалған жанбыз. Құрбың берсе біз қой демейік. Өтінішің сол болса-деді. Бұрынғының адамдары ғой, жобаны білетін.
Сонда Садақбай:
— Бұл құсты былтыр жаяулап жүріп салып 20-30 түлкі алдырдым. Жаздай жалаңаяқтанып осының жеміне жүгірдім. Осы кезде қайтарып салуға жақындатап отырмын. Мені артық қинама?!-деді.
— Әй сен жаяу жүріп сала алмасын ғой. Сенің еңбегіңе мына қоспақ құнаншаны ал-десем.
— Ай, мен де өзіңдеймін құсқа. Маған нар емес, құстың құмары керек-деп беттетпейді. Сонымен бермеді. Қайттым. Ауылда төрт-бес шал бар, бәрі келіп жатыр.
-Оу, құс әкелдің ба?
-Ой бермеді-дедім
Азанда тұрып қасымызда Жайылхан Төре деген кісінің Исабек деген баласы бар, шалға сәлем бере барсам, құсқа жаң* істеп жатыр.
— Ассалаумағалейкум! Оу, Исабак құс салмайтын еді. Бұныңыз не?-дедім.
— Ай, сен барып құсты алалмай келдің. Исабектің бір көріп жүрген құсы бар екен «Саздының» алдында «Қара молада». Қақпанға түскен киігін жеп тыныштық бермейді -дейді. Соған жаң істеп бер. Ұстасақ Бегалының түйесін алайық- деп отыр-деді.
-Исабек қайда?
-Жаңа шығып кетті.
Шақыр дедім. Ол да келді.
-Әй мынауың не?
-Ал Беке. Бір құс бар. Қақпанға түскен киіктің текелерін тырп еткізбей, бұзып жеп отырады. Соны алып келіп сізге сатайын деп отырмын-деп, күлді. Өзі жиен бізге.
— Әй, сен құс салмайсын ғой. Маған бер сол «молаңды»?-дедім.
— Ой бермеймін-дейді.
— Құсты әкеліп, түйеңді алғасын беремін- деді.
— Онда жаңды мен құрайын?-дедім.
Сонда әкесі:
— Әй, Бегалы оны бір құдайдан сұрасай! Исабектен несіне сұрайсын. Үш таяқ әкеліп бер, саған да жаң істеп берейін . Соның мына жағына томарды үй де сенде құр. Құдай саған береме, оған бере ме көрерсіндер. Адамнан сұра ма. Құдайдан сұра!-деді. Молда адам еді.
— Бұның сенің түйеңді алудан басқа ойы жоқ-деді.
Дәрәу жүгіріп барып «Қауымбет» деген құдықтың бсында отыр едік, үш сабау жыңғылды кесіп әкеліп бердім. Маған да істеп берді. Бас жағын төрт қарыстай, түп жағын екі қарыс қылып, томардың үстіне қойып, табалдырықтың екі ұшын алып келіп қоянның терісін іледі ғой…
Жаңды* алып Исабек менен бұрын жолға шығып кетті. Артынан түйеге мініп мен де шықтым. Ол өзі көрген «қара молаға» қарай кетті. Мен одан әрі барып жаңды құрып қайтып Исабекке соқтым. Ол сол жаң құрған жерінде отыр екен:
— Ау, не қылдың?-десем,
— Келсем құс отыр екен. Үшырып жіберіп жаңды құрдым. Түйеңді маған қайымдай бер!?-деді.
— Оау, біз де құрдық!
— Қайда құрдың?
— «Алақайдың» тақырының алдындағы «Сары төбеге» құрдым -дедім.
— Ой, қайда? Ту, анау қияндағы жерге ме? Құс онда бармайды-деп жатыр.
— Ай, тәуекел! -деп, ауылға бірге келдік.
Ауылда Есім Құдабай мергеннің баласы Есахмет деген ағамыз бар еді. Өзі молла кісі. Сол кісі жолығып:
— Бегалы жаңды қайда құрдың?-деп сұрады.
— «Сары төбенің» басындағы сексеуіл молаға* құрдым-дедім.
— Жақсы жерге құрған екенсін. Ол мола, Мерует деген апамыздан туған жиеніміз, Жолдыбай деген кісінің бейті* еді. Жарықтық қасиеті мол адам болды. Құдай қаласа, құсты аласын!-деді.
— Айтқаныңыз келсін, аумин!-деп жатырмын.
Екі күннен соң жаңды көруге Исатай екеуміз ауылдан бірге шықтық. Біз жаңды құрып қайтқан күннің ертеңіне азаннан бастап қар жауды. Жерде екі елідей қар бар. Бір-ақ, жел мен құрған жаңның алдынан болды.
— Жаң дірілдеп тұр еді. Құлап қалмасай кетті!-деп, келе жатырмын.
Онда, Исабек:
— Қар менің жаңыма бір қырын жауды. Маған түседі!-деді. Сонымен екеуміз біраз жерге барғасын екі бөлініп жаңымызға кеттік. Жолшыбай қақпаннан бір түлкі, бір киік алдым. Жаңға жақындап келіп қарасам, құлап қалыпты. Түйені ойға тұсап тастап, асығып жаң құрған төбеге шықтым. Келсем жаң құлап, үстіне қар жауып қалыпты:
— Ой, тұқымы құрсын! Бұл қардан бұрын құлапты. Құдай ұрған екен бұны! Біз кеткен күні не ғып түсе қалды?-деп, таяқпен түртіп қалсам асты сатыр-сұтыр етеді.
— Оу, үкі түсіп қалған екен!-деп, жаңның үстіндегі қарды сыпырып жіберсем қол басындай құйрығы шығып, астында бір аққұйрық құс жатыр.
— Ойпырмай, құдай берген екен!-деп, жаңның маңдайын көтеріп жіберіп, қолды салып құстың екі аяғынан ұстап, жаңды аударып тастап, құсты бауырға бастым. Құс шырылдап жатыр. Құстың аяғына жіпті әдемілеп байлап, бөлеп алдым.
Ірі шойтық* бір түлеген, «бүр түлек» құс екен.
— Ай, құсты құдай берді! Бұның аты болмады-ау?-деп жатырмын. Атқа кеткен шалдан да хабар жоқ. Күн кеш болып кетті. Құсты томағалап, томарға отырғызып байлап қойдым. Ол талпынып жатыр. Құстың қуанышымен бір ойдың сексеуілін сындырып ортаға үйіп, қонықтың* жағыдайын жасадым. Түйеде қос-қолабаң бірге жүреді. Жалғыз өзім, от жағып қазан асып киік қуырдақ жасадым. Түнімен айқайлап, құсты ұйқтатпай отырмын. Құстың қуанышы адамды шаршатпайды ғой. Таң сарғайған уақытта құсты бөлеп алып түйемен ауылға тартып отырдым. Таң намазының уақытында ауылға жеттім. Сол кезде жаң жасап берген Жәмет төре де құманын алып, үйінен дәретке шықты. Үйме-үй отырамыз. Біздің үйдің іші әлі тұра қоймаған екен. Түйені шөгерген кезімде құс шыр ете қалды. Дәрет алып отырған Төре жалт қарады.
— Ай, бақсының тұқымы алыпты-ау, мына құсты!-деді. Айтқан сөзі құлағыма сап ете қалды.
— Е, бұлар алмаған екен-дедім. Үйге әкеліп, баяғы аяғы сынған құстың ілулі тұрған балақ бауын тағып тұғырға отырғыздым. Ол құс та үйде жүр.
Әйелге:
— Мына киікті қазанға сал! Құстың құйрығын майлаймыз. Шалдар келеді-дедім.
Шәй қайнамай-ақ Мырзатайдың әкесі Рахмет деген кісі, Жәмет төре, Жұбат сопы бастап үлкендер келді.
Жәмет төре:
— Ай, біздің Исахмет алалмай келді. Сен алыпсын ғой құсты! Бақсының тұқымы, аспандағы құстан құдай несібелеріңді жазған ғой. Құтты болсын!-деді. Кісілердің соңын ала Есахмет ақсақал келді.
— Ай бала құсты алдың ба?-деді.
— Алдым-деп жатырмын.
— Онда құтты болсын! Шалдар не деп жатыр? Еңбек қайтатын құс па, жоқ әшейін қарға ма ұстап келгені?-деді.
— Ой біз, жақсы-жақсы деп жатырмыз. Бір әйдік құс-, деді Рахмет ағамыз.
— Ой, сендер босқа көйлек тоздырып жүр екенсіндер ғой! Бұл құстың атасы, оның аталуы бар ғой бәрінің де. Құстың атасын танымасаңдар құсшы боласыңдар ма?-деп,
— Кәне құсыңды тұғырынан қолыңа алшы?-деді. Құсты қолыма қондырып алдым. Төрден құсқа қарап отырып:
— Құстың сыртын қарат!-деді. Айтқанындай қараттым. Құстың ту құйрығы* қара, үстіндегі екі қақпақ құйрығы* ақ еді.
— Ох-о-о! Құдай берген екен бала! Ана екі қанаты ақ емес, қара болғанда, бұл құстың бір күндік олжасын ат емес, түйе көтере алмайды. Бұл,»Байқасқа» деген құстың екінші түрі екен. Атаң қазақ «Байқасқа сал — байымасаң маған кел»-деген. Бұл, Байғасқаның «Сары» деген тұқымы. Бұдан да атыңның қанжығасы толы болады. Еңбегің қайтқан екен!-деді. Бұл кісінің аталары атақты құсшы адамдар еді.
— Ой, аға айтқаныңыз келсін!-деп жатырмын. Жыйналған жұрт:
— Әне бұлар бірі алады, бірі мақтайды-деп жатыр…
Сонымен сол құстың ұйқысын алып, тоғыз күн күні-үні ұйқтамадым. Ауылда бала-шаға, жігіт-желең бар. Бойжетіп қалған төрт қыз бар. Күн батып жұрт тамақтарын ішіп болғасын әйелге қазанға етті астырып төрт қызды шақырамын. Олар келгесін бозбаланың бәрі жиналады. Құсқа ұйқы бермейді. Кезек-кезек сипап, ырғақтағы құсты тербетіп таңды атырады. Тоғызыншы күні құс арқанын сүйретіп, шақырған жемге келетін болды. Сол
күні қабақта құсты шақырып тұр ем, төбенің қапталынан бір түйе жетелеген екі атты адам шыға келді. Аулдың сыртымен біздің үйге қарай жағалай берді. Құс маған барып, тартынақ жеп тұр еді…
Мен де үйге келдім. Келсем біреуі жылқы, түйенің пермесі (ферма бастығы) біздің туысқан ағаларымыз, екіншісі қой перме Нағашыбай деген Сарғасқа* жігіт екен.
— Осында кеткен 13 аңшының пылан орындауын тексеріп, олжасын алып кетуге келдік-деді. Бізде алған түлкі жоқ. Құс арқанын сүйретіп әлі жүр. Бір құс үйде байпақ киіп ол жүр.
Содан Нағашыбай перме:
— Ал, Бегалы не тындырдың?-деді.
— Ай, әзірге қолда бары қақпан мен тазы қосып мына 14-ақ түлкі, 70 түлкіден алып тұрғаным-дедім.
— Ойбай-ау, сені аудан бойынша «стахановышы» аңшы деп, дәрежелеп келіп отырмыз. Өткен жылы байраққа мылтық алдың. Өндірмепсін ғой?-деді.
— Оу, өндіретін құс қой-дедім.
— Байекең қайда?
— Ол кісі құс салатын ат алып келемін деп кетіп еді. Колхоз жібермей жатыр екен. Келеді-дедім.
— Бізге, ат керек. Құс ұстап отырмыз?-дедім.
Нағашыбай:
— Ойпырмай құсың келісті құс екен. Көлігі болмағаны қиын болды-ау! Ал енді пыланыңды қайтесін?-деп жатыр.
— Пылан атқа қарап тұр. Мына аттарыңның біреуін берін кетіңдер? Пыланды орындаймын. Осы құсқа алдырамын. Алады . Алайын деп отыр. Мына 14 түлкіні алып тұрыңдар-дедім. Екеуінің де мінгені байтал екен.
Әуелі жақын ағамыз сөйледі:
— Менің қолхоз бастығым қарақалпақ еді. Маған «осы байтал құлын тастаса, бір жылқының пәсін* төлейсін!»- деп берді. Мен бұл байталды бере алмаймын-деді.
— Ал енді Нағашыбай сен не дейсін?-деп, оған қарадым. Біреудің жалғыз баласы, көңілді жігіт еді.
— Ойпырмай, ағаң бермегенді мен қалай беремін?-деп күлді.
— Әркімнің жағыдайы біледі ғой. Ал өзіңнің азаматшылығыңды күтеміз?-дедім.
Сонда Нағашыбай:
— Кел, Бегалы — байталды ал! Қалса кеулің аттан қалсын. Менен — қалмасын! Өлсе төлермін. Мына құсыңның салуын білмеймін. Бір-ақ, жасаған бейнетіңе қарным тойып отыр. «Тоғыз күн ұйқтамадым»- деп отырсын. Сол еңбегіңді далаға жіберуге болмас?!-деді, азамат.
Сол кезде 200 қойы бар қордалы жан. Мектепте мұғалім болып жүріп, шаруашылыққа ауысып еді.
— Ой, бәрекелді, рахмет!- дедім. Екеуіне сүрленген үш киіктен алты киік, 14 түлкіні бердім.
Сонда Нағашыбай:
— Осы байталмен құсты 50 күн сал аға. Сол кезде аттың жейтін екі бұт* жемімен адам жіберемін. Тірі болса қайтарарсыз!?-деді. Олар жөніне кетті…
Содан құсты алып шықтым. Қақпанды араласам ештеңе түспепті. Құсты жемге шақырсам атқа келеді. Құс жүдеп, етті тапқа келген екен. Құстың аяғына алқа бау* тақтым. Құс қашып адамға келмейін десе, бұтаға ілініп қалатын тұйығы болады. Содан биік төбеге шығып құстың томағасын тарттым. Құс бірден түлкіні көрді. Жүнін жығып сәл кідіріп ұшты. Төмендеп ұшып бара жатыр. Құс арықтап қалған екен. Алдында кесе жалдың бетінде бір түлкі жүр екен, мен де көрдім. Ұзақ емес. Барып бір түсті. Ұстай алмады. Итте жетіп барды. Мен де шауып жел бетінен жетіп қалдым. Түлкі де жалт бұрылып желге қарсы қашты. Құс жете алмай жоғарлай берді. Мен де аттың басын жібердім. Торы байтал бауырын жазды. «Бұл атақты Сүйінқараның* атының тұқымы»-деп айтып еді. Жануар үстіндегі сотқалдай бізді, тұмақ құрлы көрмей жердің ашысын қуырып келе жатыр. «Арал төбенің» тұмсығына жеткенде түлкінің алдынан төбеге бұрын шықтым. Түлкі жалт беріп ыққа қарай қайтты. Жоғары да жүрген құс та ізінен сырғанады. Тап ілетін жерінде інге кіріп кетті.
— Алда, тұқымы құрғыр-ай! Құс та іннің аузына барып қонды. Итке кет-кет деп келе жатырмын. Құсты үркітпесін-деп. Келіп іннің аузына қақпанды құрып, құсты қолыма қондырып қызылдаттым. Қоянның екі санын алып шығып едім. «Әлде қалай болады?»-деп. Содан алып келдім.
— Құс не болды?-деп жатыр.
— Әй болмады. Арықтап қалыпты-дедім. Көршім Исабектің көк тазысы бар. Түлкіні іздеп өзі табады. Соған:
— Маған көк тазыны бер? Құсқа бәулі* берейін-дедім.
— Ал, ал-деп, жатыр.
Түнімен сипап, әйел мен екеуміз алма кезек құсқа қарап тағы ұйқтамадық. Бағана жемді қызылдай жеген. Содан топырақты үйіп, ұстіне су сеуіп, мұз қылып бүркітті соған отырғыздым. Қалғиын десе қайта ішке әкеліп отқа жылындырып таң атқанша жүрдім. Таң білінгенде бір тұтам түлкінің құйрығын құсқа жұтқызып жіберіп, күн шыға атқа міндім. Екі төбе асқан кезде құс аузындағы қоясын* атып жіберді.
— Ә, жемі тарқады ғой. Құдай жеткерді!-дедім. Еті де қатайып қалыпты. Айдап отырып «Кекірелінің» кесе жалына шықтым. Сол кезде күнде төбенің ұстіне шықты. Күн суық. Құстың томағасын сыпырып алдым. Алғаннан көріп ұмтылды. Алқа бауын шешіп:
— Тәуекел!-деп жібердім. Алыс емес екен. Құс көтеріліп барып, құйылып түсті. Ойдан түлкінің шар еткен дыбысы шықты. Атпен келсем Түлкіні өлтіріп тастапты. Ит қасында жатыр. Дәрәу ала сала құсқа тартынақ бердім. Қасындағы төбеге шығып тағы томағасын тарттым. Тартқаннан көрді түлкіні. Кекірелінің батысына қарай жөнелді. Ит те кетті. Мен де көрдім. Түлкі алыста жалдың үстінде жүр екен. Барып бір қағап құс қайта көтерілді. Ит барып түлкіні қуған кезде ізінен сыпырып отырды түлкіге. Кәпеләмде екі түлкі алдық. Күн әлі сәске болған жоқ. Төбеге шықсам ит қорда-қорда жантақтан бір киікті қуды да шықты. Алдымнан жүз қадамдай өтетін ыңғайы бар. Тұсыма келе берген кезде томағасын жұлып алдым. Құста ұмтылды. Заулаумен барып киікті ұрып домалатып түсірді. Мен де жетіп киікті мауыздап, артқы асық жілігінің қансыз жерінен тойғызып жегіздім. Итке де сыбағасын тастап:
— Бұл құс ашылды ғой!-деп, ауылға екі түлкі бір киікті алып келдім. Ойым, мына киікке шалдардың батасын алайын-дедім. Түсте келдім.
— Ау не қылдың!-деп жатыр.
— Ой, мына бір аяғын қақпан қиған ақсақ киік екен, ит алды. Соған, сіздерден бата алайын деп жатырмын дедім. Ит, құс қабат алды деп айтуға болмайды. Тіл-көз бар. Ат пен құс тілігеді* ғой. Түлкі алдым деп айтпадым. Шалдар киіктің етін жеп, батасын беріп кетті…
— Бір күні құс үкіге түсті. Үкіні көкке ұшырып астынан барып іледі. Жерге дермендей айналып келіп түсті.
— Ой, әтегене-ай! Құсты құртпасай кетті?!-деп жеттім. Бір әйдік үкі екен. Құс үстіне мініп отыр. Үкі де құстың бір аяғына тырнағын салған екен. Кіріп кетіпті. Құс аяғын қысса, үкі аяғын босатыңқырайды. Босатса қайта қысады. Үкіні өлтіріп, құсты тартынақпен босатып алып, алған түлкінің өтін құйып аяғын орап алдым. Аман-есен жазылып кетті. Түлкінің тісі тиген жерге де өзінің өтін құиямыз.
Мәлін* анау-мынау құсты жарып жібереді. Бұл құс мәлінді тура басынан ұстайды. Екінші аяғын құйрығынан салып шалқалап жатып алады. Бұрын далада жүргенде ұстап үйренген кәдесі екен.
Сол құспен ат егесі келемін дегенше, 50 күнде: 65 түлкі, 20 мәлін, 8 үкі, 14 киік алдым. Тап сол күні Нағашыбай да Әбділланың баласы Дәумішарды жіберген екен, бір нармен келді. Артқан екі бұт* ат жемі бар. Байтал да торы етіне тақап жүдеңкіреп жүр еді. Жем жеп көтеріліп қалды.
Мен салған құстың ішіндегі өндіріп алған құстың екіншісі осы болды-деді, Бегалы ақсақал…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.