ҚАРЛЫҒАШ пен ҚҰРАЛАЙ ҚАРЛЫҒАШ пен ҚҰРАЛАЙ
Маруана Хамзақызы (Абуова), Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тумасы. Жетісу университетінің  орыс тілі факультетін тәмамдаған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Ресейдің «Писатель года» байқауының... ҚАРЛЫҒАШ пен ҚҰРАЛАЙ

Маруана Хамзақызы (Абуова),

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тумасы. Жетісу университетінің  орыс тілі факультетін тәмамдаған.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Ресейдің «Писатель года» байқауының екі мәрте номинанты, орыс әдебиетіне қосқан үлесі үшін «Иван Бунин» медалімен марапатталған.
Шығармалары қазақ, орыс тілдерінде жазылып, түрік, әзірбайжан, ұйғыр тілдеріне аударылып, Әзірбайжан прозасы антологиясына енгізілген.

 

Мейірім жайлы сөз бола қалған кезде көз алдыма Садық атамның бейнесі елестейді. Жүзінен нұры төгілген қария жәймен сөйлеп, қашанда: я, Алла, бергеніңе шүкүрді аузынан тастамайтын, жарықтық. Бала күнімде қай туысым деп бас қатырмайтынмын, бар білетінім, ол — менің атам. Есейіп, ес білгенде барып Садық Қобдалыұлы әкемнің жездесі екенін білдім.

Атам жастайынан бүркіт баптап, тазы жүгіртіп, қақпан құрған елге танымал аңшы екен.Торы атына мініп, мылтығын асынып, соғыс жылдары амалдап, аш-жалаңаш тума-туысын аңнан түскен олжасымен ішіндіріп-киіндіріп, асыраған. Атам сопылық жолын ұстанған, емшілік қасиеті  бар адам екенін білсем де, саяткерлік қырын білмегендіктен, жақында Садық атамның жалғыз қызы — Қарлығаш әпкемнен суыртпақтап сыр тарттым.

Өз кіндігінен бала болмай, немере інісінің қызын жөргек жасынан асырап алған Атам: баласыз өтуімнің себебі – мен бүркіттің қарғысына қалған адаммын,- деген екен бір әңгімесінде.

«Жасым шамамен 16-да болатын, аталас бауырым Кәрбоз Қарғалының шатқалындағы құзар шыңға бүркіт балапан басыпты,- деп айтып келді. Көптен бері бағып жүрмін, қауырсыны  қатайып, балапаны ұшуға жарап қалды, ұядан алып, өзіміз баптайық,- деп қызықтырды. Кәрбоз ағам өзімнен он жастай үлкен, сөзін жерге тастай алмаймын, оның үстіне өзім де құсбегі атанудан кет әрі емеспін, келісе кеттім.

Белгіленген күні өзенді бойлап өрге қарай бірталай жүрдік. Бір кезде Кәрбоз құзар биіктегі ұяны меңзеді. Дәу жартасты қиялай айналып, өрмелеп төбесіне жеттік. Сүйегі қатайған ағамнан әлдеқайда жеңіл, ептірекпін. Кәрбоз белімді арқанмен тас қып буып, аяғын құзға тіреп тұрды да, мені төменге түсірді.Ұядағы балапан тұмса көрінді, басында айбат шегіп, қарсыласқан болды. Оған қараған мен жоқ, басы-көзін тұмшалап, балапанды қойныма сүңгіттім. Жалама жартасқа жабысып, жоғары көтерілгенім сол еді, қанатынан жел есіп, бүркіттің ұябасары сусылдап жетіп келді.

Ағам екеуміз алды-артымызға қарамай, қабынып-сүрініп, қаша жөнелдік. Бар пәрменмен ызғытып келеміз, бүркіт шаңқылдап соңымыздан еріп келеді. Төбемізден төніп, тап-тап беріп, ауылға дейін бір елі қалмады. Әбден күдерін үзгенде ғана, үстімізден соңғы рет бір айналып, сұңқылдағанда даусы құз жарып, тауға қарай ұзап кетті.

Олжалаған балапаным үмітімді ақтап, тұяғы тегеурінді қыранға айналды, талай  қуантып, талай түз тағысын олжалатты.

Дегенмен, бүркітті тектен-тек   киелі құс атамаса керек, сол бүркіттің қарғысы тиді білем, Кәрбоз екеуімізге де перзент сүю бақыты бұйырмады…».

Бұрындары бір әңгімемде айтқанымдай, соғыс кезінде ауылда бас көтерер еркек кіндік қалмаған соң, колхоз атама бір отар қойын сеніп тапсырып, мініске кәрі биесін берген екен.

Содан, жазғытұрым шаруашылықты аралап жүрген бастық қой соңында жаяу жүрген атамызды көзі шалады. Құйындатып қасына барып:

– Оу, ақсақал, айдалада жаяу жүргеніңіз қалай?,-деп сұрағанында, атам:

– Қыстан әзер шыққан көтерем жануар күншуақта бір рахаттанып ұйықтап жатыр екен, ұйқысын қимадым,-деп жауап берген екен.

Иә, атамыз жапан  түзде мал бағып жүргенде  де қақпан-мылтығын, желаяқ тазысын жанынан қалдырмапты. Сирағы ұзын, қарны қабысқан Лашын – иттің төресі еді,- деп еске алады әпкем. Үйдің іргесінде, бөстекте жататын, сумаңдап төрге шығу дегенді білмейтін. Қаншама аш жүрсе де, асты қолдан ғана ішетін. Ақылы анау-мынау адамыңнан кем емес еді.

Атамның сүйіп киіп жүретін, әдемі шибарқытпен сырған ұзын түлкі ішігі бар болатын. Кемпірінің ісмерлігін мақтан еткен атам: аязды күні – қорғаным, түзде жатсам –  көрпем, жантая кетсем – жастығым деп отыратын.

Әлі есімде, қансонарда атам түлкі соғып қайтты. Қанжығасы майланса да, атам үйге көңілсіз оралды. Аңның қызығына түсем деп жүріп, ішігімнің қайда сыпырылып түскенін байқамай, Лашыннан да көз жазып қалдым деп қынжылды. Апам:

– Ымырт үйірілгелі қай заман, жапан түзде ішігіңді кім ала қояр дейсің? Есті ит иесінен қашпайды, табылар,-десе де, атам Лашыным ит-құсқа жем болды ма деп уайымдап, таңды көзбен атырды.

Атам елең-алаңнан атын ерттеп, жоғын іздеп кетті. Апам а, құдайлап!, екеуіміз үйде қалдық. Араға көп  уақыт салмай, соңынан құлағы салпақтаған Лашынын ертіп, түлкі ішігін өңгерген атам үйге оралды. Мәз болып, келе сала атам әңгімесін ағытты.

– Аңнан қайтқан ізіммен алысқа ұзай қоймағам, бір төбеден аса бергенімде анадайдан қарауытқанды көзім шалды. Бұл не болды екен деп жақындағаным сол еді, арсалаңдап, итімнің алдымнан шыққаны! Ішігім түскен жерде астына басып, түнімен тапжылмай мені күтіп жатыпты, текті неме!

Атам күні бойы қойдың соңында, апамның тірліктен қолы босамайды, мен болсам ойын баласымын, айдаладағы жалғыз үйде ішім пысады. Бар ермегім – үйдің қасындағы үлкен қой тас.Тастың үсті тегіс те, беті ойық-ойық шұқыр. Оның не шұқыр екенін де білмеймін, сөйтсем, төбедегі  тас қойшылардың тоғызқұмалақ ойнауға қашаған тақтасы екен.

Шұқырларға бірде су құйып, бірде топырақ үйіп ойнаймын. Одан зеріккенде шалқалай жатып, бұлттарды тамашалаймын. Көктегі жөңкіген ақша бұлтқа мініп алып, жер-жаһанды шарлап қайтамын. Алатаудың қарлы шыңдарына, ұшар биігіне қарап, қиялға батам. Күні бойы өзімді-өзім осылай алдарқатқанмен,  қатты жалғызсыраймын.

Содан апам айнадай сыпырып қойған аулаға тор көз төртбұрыш сызам. Бір аяқпен, іле сыңар аяқтап секеңдеп, әртүрлі әдіспен тордан-торға секіріп шығамын. Жалғыздан-жалғыз ойнағаның түк те қызық емес! Ауылдағы құрбыларыңмен ойнағанға еш жетпейді. Әрі-беріден соң ойынға апамды сүйрелеймін. Еркіме көнбеген соң, атамның келуін күтем. Кешке малдан шаршап келген атамды қояр да қоймай, ойынға тартамын. Дегенмен, апама қарағанда, атам көнбістеу, көңілімді қайтару дегенді білмейді.

Ойынның шартын атама ежіктеп түсіндіріп:

– Шеткі сызықтан секіріп барып, тордың ішіне түссең «мак», сызықты басып кетсең «дөрәк» боласың,- деп, торды бір айналып, көрсетіп шығамын.

Содан соң атамның кезегі келеді. Қос тізесі сықырлаған қарт, ұртын томпайтып, иығын қомдап, қолын әрлі-берлі сермеп тордың шетінде біраз тұрады да, оуп!,-деп секіргенде сызықты басып кетеді. Мен мәз болып, қолымды шапақтап: Ата, дөрәк болдың, дөрәк!,-деп айнала жүгірем.

Атам тез болдырып, қайта-қайта дөрәк болуымен ойын тәмамдалады.Сілесі қатып, кемпірінің шәйіне әзер жеткен атам:

– Секер, мына балаға бір ермек керек-ақ екен,-деп, төрдегі жастыққа жантая кететін.

Атам жазғытұрым қырдан тілерсегі дір-дір етіп, мойылдай көздері жәудіреген сүп-сүйімді еліктің құралайын алып келді. Менің қуанышымда шек жоқ! Бізге бойы бірден үйренген елігім сиыр сауып отырған апамды айналсоқтап, өлместің күнін өзі тапты. Сол күннен бастап Құралайым маған таптырмас серік болды. Күндіз-түні менен бір елі қалмай, ертелі-кеш екеуіміз секеңдеп, жұбымыз жазылмайтын болды.

Жатар орынға да сүріне-қабына бірге жетеміз. Құралай қойнымда жатады, елең-алаңнан қарынды сүтке тойдырып алып, екеуміз ойын қуып кетеміз. Баяғы үлкен қой тасты жағалаймыз, одан қалды иен далада жарысамыз. Желден желгірдің тұқымы, орғып-орғып маған жеткізбейді. Содан соң мен қулыққа көшетін болдым. Құралайды аңдып, көзі ілініп кеткенінде қос өкшеммен май құйрықты сабалап, қаша жөнелем. Елігім есін жия сала, арқан бойы озып кеткен менің соңымнан құйғытады! Қыр тағысы қойсын ба, көп ұзамай, орғып-орғып, менен басып озады.

Кейінірек, ауылға көшкенде, апам Кәдірбайдың үйіне жұмсап, одан кеш қайтқанымда, жапан түзде зәрем ұшып (екі үйдің арасы бір шақырымдай жер), баяғы құралай желісіме салып, үйге қарай құстай ұшатынмын. Апам көз тимесін деп қос иығыма, тақияма тіккен аппақ үкілерім желбіреп, аяғым жерге бір тисе, бірде тимей, сол мезет өзімді жеп-жеңіл, әуеде қалқыған қауырсындай сезінетінмін. Құралаймен жарысып жүріп, желаяқ та атандым, жүгіргенде алдыма жан салмаушы едім.

Сол жылы мен мектепке баратын болып, атам малды өткізіп, күзге таман  елге көштік. Ауылға келгенде Құралайым маған мақтаныш, өзгеге көздің құрты болды.Талай елдің еркесін елігіме маңайлатпай, талай жұрттың баласын жылаттым. Ауылдастар бұл қылығымды жақтырмаса да, атамнан аса алмай, іштей тынды. Бірақ, елге келген соң елігім екеуіміз бұрынғы еркіндіктен біржола айрылдық. Құралайды ит тартып кетер деген желеумен апам бізді ауладан сыртқа шығармай, екеуміз тар қоршауға қамалдық.

Бәле күтпеген жерден келді. Едәуір өсіп қалған елігім ойнақтап жүріп, ұйқылы-ояу жатқан менің тіземді оңдырмай басып кетті. Аша тұяғы денеме оқтай батып, удай ашыды. Құлындаған даусым шықса керек, ата-анам сүрініп-қабынып жаныма жетіп келді. Үй тұрмақ, ауылды басыма көтеріп бажылдап жыласам керек. Құралайды атарға оғы жоқ, екеуі мені жұбатумен әлек… Солығым әзер басылғанда барып, атам:

– Бәйбіше, мына тірлігіміз болмайды екен,-деп, басын шайқады.

Сол сол-ақ екен, құланның қасынуына мылтықтың басылуы дөп келіп, жирен қауға сақалы омырауын жапқан, қазақтар Қазантүп (Казанцев) деп атап кеткен көк көз орыс көрші жетіп келіп:

– Ақсақал, жабайы аңның обалына қалмаңыз, үйіріне қосайын. Бір балаға ермек болғанша, бар баланы қуантсын, қаладағы хайуанаттар паркіне апарамын,-деп, атамды көндіріп, елігімді жетектеп алды да кетті.

Бөтен адамның жетегінде кеткен жалғыз серігімді қимай, егіліп, елігімнің соңынан ұзақ жыладым. Ата-анамның есі кетіп, бар тыққан тәттісін шығарып, аузыма тосқанына да қарамадым.

Көз ұшында селтеңдеп ұзап кете барған елігіме ілесе, қайғысыз-мұңсыз күндерімнің, балғын балалық шағымның ұзап бара жатқанын сезгендей, өксігімді баса алмай, көз жасым көпке дейін тиылмады.

Сол ағыл-тегіл, толассыз төгілген көз жасы бала күнгі еркеліктің емес, есеюдің көз жасы еді…

Бұл күні жасым жетпістен асып, сексенге таяп қалды. Десе де, сол күні тұяқ тиіп көгерген, көлемі бұршақтай ғана дақ, Құралайдың естелікке салып кеткен таңбасындай болып, тіземде әлі де басулы тұр,-деп,- әпкем әңгімесін аяқтады.

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *