ҚАЗАҚТЫҢ ТАҢБАСЫ МЕН ҰРАНЫНЫҢ ТАРИХЫ
10.11.2024 0 28
Көкбөрі Мүбарак ҚИЗАТҰЛЫ,
қаламгер, шежіреші-тарихшы
Ұран — соғыстағы бірлік дауысы
«Игорь жасағы туралы жыр» дастанынында Қыпшақ арбаларырың қиқылдан темір дөңгелектерінің дыбысын «үріккен аққудай қиқу салады» деп әсерлі бейнеленген еді. Сол секілді жаппай қосыла бір ғана ұран айтып, үріккен аққудай қиқу салған көшпенділердің бірлігін жау күші бұза алмас. Осы ұлы ұрандардың қиқулаған мың неше адамның ауызында тоқтаусыз қайталануы жау жүрегіне үрей ұялатып, сенімінің күл-паршасын шығаратын еді. «Нұрғожай батырдың естеліктері» жинағында өздерінен он есе көп жау басып қалғанда, оған қарсы соғысқан Оспан батыр жасақтарының ел үрейленіп бағынып кетпесін, жауынгерлердің сағы сынбасын деп әр бұрышта алау жақтырып, ұраншы қойып, олар тоқтаусыз «Жәнібек!» деп Абылайдың бес тірегінің бірі болған оң тізесін басқан уәзірі, Абылайдың киелі ақ туын иеленген, өз заманының «Ер-Жәнібек», «Ақыр Жәнібек» аталған ержүрегі әрі тамағына бұлбұл ұялаған шешенін ұран етіп шақырып елге күш беріп отырған екен.
«Арқалық батыр» дастанында Арқалық батыр Дөрбіт Қалмақтарының түрмесінде қолы көзірлеулі, аяғы кісендеулі жатып, түсінде Ер-Жәнібек аян берген соң, оның атын ұрандап оянып кетіп, екі қол, екі аяғын кергенде темір кісен мен көзір шарт-шұрт етіп үзіліп кеткен екен.
Татар режиссері Болат Мәнсүров түсірген, сценарийін Болат Мансүров пен Морис Шамис бірлесіп жазған «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде Алау(Холағу) ханның Мысырға шабуыл жасаған жасақтарының ұрандап, жаппай қиқуға көшіп, қатарларын бұзбай екпіндеп келе жатқанда, сұлтан Бейбарыс «олардың қиқуын бұзса олардың бірлігі ажырап, естері шығып қалатынын» айтады. Осы айтқанын орындап, оларды жеңіліске ұшырату үшін Нілді күні бұрын бөгеп, қарсы жағының жасақтары өзен арнасына келгенде суды жібере салып, олар суға батқанда қиқуынан айырылып, әрбірі өзімен әуре болып кетеді де, сұлтан Бейбарыс айтқандай олар үшін жеңіліс сағаты соғады. Осылайша ұрандауды тоқтатқан жасақтар жылдам жеңіліске ұшырады.
4100 жыл бұрын Ибраһим пайғамбардың заманында өмір сүрген Ескендір Зұлқарнайынның дәл өзі болған «Озған пайғамбар», «Уыз хан» деген аттармен де жүретін Оғыз(Өгіз) қаған «Оғызнама» шығармасында айтылуынша, ол өз елінің тізгінін қолына алған соң қалқан мен жебені таңба етіп, Көкбөріні ұран етеді. Сондағы Көкбөрісі оның әскерінің алдында жол бастап, қылшықтарынан ақ сәуле шашып сәттілікке жол ашып отыратын, Оғызды үнемі жеңіске жетелеп отыратын киелі бөрі еді. Ұранның пайда болу тарихын Оғыз қағаннан бастасақ 4100 жыл болды дей аламыз. Алайда, ұранның тарихын бұдан да әріге 4500 жыл бұрынғы уақытқа дейін соза алады екенбіз.
1990 жылы басылған «Совет энциклопедиясының» «Мифологиялық сөздігінде Түркі-Моңғол мифологиясында Ұмай ананың сүйікті ұлы ретінде өлім мен өлілердің, жер астының киесі Ерлік Номун-хан немесе Ерлік Номин-хан, Ер-хан айтылса, Шумер мифологиясында бұл атауға сай келетін Шумерлік Ұмайдың ұлы соғыс киесі және күн күркіретіп жауын жаудыру, қырман киесі Нин-Гирсу(Нинурта, Ниниб) бар. Оның соғыс киесі ретінде атының шақырылуы 4500 жыл бұрынғы уақытқа тура келеді.
Біз бұдан Шумерлік Нин деген құрметті ер адамға арналған құрметті атаудың Моңғол нұсқасында Номун болып, Қалмақ нұсқасында Номин болып тұрғанын, «Ноён» атағы мен Қазақ эпостарында кездесетін соғысты білдіретін Түркілік «ойын» сөзі мен Славянға енген «войн» сөзінің содан шығып тұрғанын, Гир сөзінің Түркі-Моңғол нұсқасында Ер болып, Ерлік болып алынғанын көреміз.
Ол Ер-Лек(Моңғолда), Ер-Лик(Қырғыз, Тыва, Қалмақ, Бурят қауымдарында), Ир-Лик(Хакаста), Ер-Хан(Алтайлықтарда) деген аттармен танымал.
Түркі-Моңғол мифологиясындағы Ерликтың сақал-мұрты ерекше ұзын делінсе, Шумер мифологиясындағы Нин-Урта(Ұр-ата) сақал-мұрты кіндігіне жақындайды. Осы Ұр-атаның Түркілік Ұр-хан атауының уақыт өте келе ықшамдалып, «х» дыбысының қатардан түсуімен дүбірі жер жарған «Ұран» атауы туындаған. Ұр-хан атауын ең алғашқы ұран деуге болады. Өйткені, ол ең алғашқы соғыс киесі ғой. Алтайлықтардың оның атын «Ер-хан» деп шақыруы тегін емес. Оның кейінгі Түркі-Моңғолдық Ерлек, Ерлик деген аттары да «Ерлік» деген соғыстағы батырлықты білдіретін ұғымды беруі содан.
Шумер мифологиясындағы оның атына қосарланған Нин деген құрметті ер адамға арналған атақтың Моңғол нұсқасында Номун болып, Қалмақ нұсқасында Номин болып кейінгі «Ноён» атағын тудырды деп едік. Қазақ эпостарында кездесетін соғысты білдіретін Түркілік «ойын» сөзі мен Славянға енген «войн» сөзінің де содан шығып тұрғанын тілге тиек еткенбіз.
Моңғол мен Қалмақ, Бурят пен оның арғы жағында Ленада жатқан Сақалар біртұтас «Ноён» деп атаған, Тывалар мен Қазақтар «Ноян» деп атаған бұл атақ біздің бабалардың «в» дыбысын қолданатын заманда «войн» деген сөзінің, «в» дыбысының уақыт өте келе «о», «н» дыбысына айналуымен «Ойын», «Нин», «Ноёон», «Номин(Номун» сөздерін тудырғанын парықтаймыз. Бұл атақ көшпенділер арасында кіші хан дәрежесіндегі белгілі өңірді жеке дара иелеп билеп-төстеушілер мен қаракөк, текті әулеттердің абыройлы, ықпалды адамдарына арналған еді. Бұл атақ туралы деректер 11 ғасырдан бастап кездескенімен, оның бастауы Шумердегі 4500 жыл бұрынғы Нин-Гирсудан басталатынын атап өттік. Шыңғыс хан заманында бұл атақ әуелгі Шумер кезеңінде әйгілі болған соғыс ардагеріне берілетін атақпен толық ұштасып, Суан Жармақан Ноян, Ысты Жорғатай(Жебе) ноян, Ысты Бәйже ноян қатарлы қолбасылардың аты шықты.
«Ойын» сөзінің Қазақ эпостарында соғыс ұғымын білдіргеніне төбедегімізді түгендеп төрт мысал келтірейік.
«Бабалар сөзі» көп томдығының 35 томында «Қобыланды батыр» жырының Құлзақ нұсқасы, 190 бетінде:
«Көзіңді сал ойыныма,
Қылышым тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа» деп келсе, осы томдағы «Қобыланды баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр» -дың 343 бетінде:
«Бала ойынды салады,
Қолына алды қылышты,
Бала салды ұрысты.
Алдын шауып тастаса,
Арты басым болады.
Өлгенінің орнына,
Өлмегендер толады» делінген.
«Бабалар сөзі» көп томдығының 38 томында «Қобыланды батыр» жыры, 75 бетте:
«Қырық мың атты Қызылбас
Алдында қойдай қамалды.
Қамалмасқа бола ма,
Кез қылды Құдай қабанды.
Қабанның ойыны жаман-ды,
Қырық мың атты Қызылбасқа
Тұтам қылды заманды» делінсе, осы жырдың жалғасы, 149 бетте:
«Жаннан күдер үзісті.
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі,
Сөйтіп ойын ойнасты.
Шыбын жанды қинасты,
Артық туған Қобыланды,
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймас-ты» деген екен.
Осыдан 4100 жыл бұрынғы тарихтан хабар беретін «Оғызнама» шығармасында Оғыз қағанның жебе мен қалқанды таңба еткені, Көкбөріні ұран еткені айтылады. Оның немерелеріне үлестірілген 24 таңба мен құстың тарихы да сол ғасырдан басталады. Оғыз ханның осы жерде аталған қалқан мен жебе таңбасын ежелгі Оғыз бірлестігінің Уыз деп қысқаруына орай, Қытай жазбасында Юезі(月氏) деп түскеніне қарай, осы таңбаға тікелей мұрагер болған бүгінгі Ыстылар еді. Ыстының ойық таңбасы мен тілік таңбасы сол қалқан мен жебені бейнелейді. Қаңлы — Қаңлы болғалы Оғыздың, ертеде Қаңға болып тұрғанда Юезінің тіректі руы болғандықтан Қаңлының қолданатын көсеу таңбасы да солардан. Қаңлының төл таңбасы — күн басты таңба. Нығмет Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы» еңбегінің 1994 жылы «Жалын» баспасындағы басылымының 90 бетінде Қаңлының күн басты таңбасы мен көсеу таңбасы берілген. Юезілер әуелде Шөлен тауының солтүстігіндегі Жауву (昭武) қаласы маңын мекендеген. Кейінірек Орта Азияға келген. Әму мен Сыр арасындағы Қаңлы бастатқан тоғыз елді осы Жауву қаласының атымен аталған тоғыз аталы Жауву әулеті билеген екен. Осы Жауву атауы жамбы, жебе сөздерімен бір мағынада. Жебе таңбалы әулет бұл.
Шанышқылы ұраны — Айырылмас. Бұл Бату ханның бас сардары болған Қият Боралдайдың әкесі Арыл-Барыс деген батыр. Алтай халық фольклорында оның аты Арылмыс делінеді. Ол Шыңғыс ханға еңбегімен жаққан. Оның өмір сүрген уақыты 12~13 ғасырларға тура келеді. Ежелгі Қият хан ұрпақтары Қатаған атанады. Қатағандар осы Айырылмас(Арылмыс) ерді ұран тұтса, олардың жұрнағы болған Шанышқылы бұл ұранды 8 ғасыр бойы шақырып келе жатыр деген сөз.
Сақтардың(Шақтардың) оңтүстік жерін еншіге алған Шағатай хан әулеттері ошақ таңба пайдаланды. Бұл таңбаны сол Шағатай ұлысында пайда болған Моғолстан хандығынан шыққан Әмір Темір қолданды. Оның таңбасы үш тастан тұратын ошақ таңба еді. Бұл ошақ таңбаны қолданушы ру — Ошақты атануда. Сондықтан, Ошақтының ошақ таңбасына кемінде 2800 жыл толды деген баға беруге болады. Бұл Сақтардың төрт төңіректегі тарихқа белгілі уақыты. Ошақтының жартысы қан жағынан R1 гаплогруппасына ие болып, Сыр бойының жергілікті Сақтарының тікелей ұрпағы саналады.
Албан мен Рамаданның шөміш таңбасы олардың ортақ ата-бабасы саналатын 4 ғасырдағы Әруан(柔然) қағанаты кезінен бастап қолданылып келеді. Бұл таңба Жетісуда ғана емес, Алтай, Моңғол үстіртіндегі балбал тастарда, жартастарда ұшырасады. Рамадандар Албанның ағайыны Дулаттың атын ұран етсе, екеуінде де Бөрік(蠕蠕, 蝚蠕) рулары бар. Албанда Қызылбөрік, Қоңырбөрік(皇芮), Рамаданда Ақбөрік, Қарабөрік. «Жиннама(晋书)» -ның 125 томында Әруан қағандарының руы Үйсіл(郁久闾) делінсе, Рамадан содан шықса, ал онымен тамыры бір Албанның Үйсінге кіретінін білесіздер.
Суандардың үштен бірі R1a1a гаплогруппасына тән, ежелгі Сақ нәсілінен болып табылады. Олардың бабасының Саған(Шаған, Сауан) деген атпен құрылған елі Сұрхан өзені мен Қисар алқабында орналасты. Осы атаумен ең қабысатыны, Дулат құрамында Сарыбағыс деп аталатын 2 бірдей атаның біреуінен Шабан атасы таратылады. Бұл ел 6~11 ғасырларда белгілі болды. 6 ғасырда табылған теңгенің бір бетінде қазіргі Суан таңбасына ұқсас таңба ойылған. Суан таңбасын содан бері есептесек 1500 жасқа ие таңба болып отыр. Суан таңбасы Тәжікстан жеріндегі билеуші әулеттердің ата қонысы болған Шуан көлін бейнелеуден пайда болған. Көне Суандар астанасын Бағч(Бағыс) өзені бойындағы Барбағч(Барбағыс) қаласы деп бекіткен болса, қазіргі біздің Суанның 3 тарауының біреуі Қарабас(Қарабағыс) деп аталып, өз ішінен Есбағыс, Досбағыс, Ханбағыс деп бөлінеді. Суан шежіресінде Қырғыз, Уақ құрамында жүрген Сарыбағыс руын өздерінен кеткен деп есептейді. Мұның жаны бар. Ал, бұл мемлекет Тохарыстан аймағының жерінде құрылған тұрса, шежіреде Суанның 3 тарауының біреуі Тоқарыстан деп аталады.
Сары-Үйсіннің абақ таңба қолданатынына келсек, бұл Сары-Үйсін Үйсіндердің билеуші руы. Олар Байтоқ деп ұрандайды. Бұл Үйсіннің Батыс Түрік қағанына қарауға дейінгі тарихи астанасының атына айналған атау. Боғда тауының етегіндегі Бейтик(北庭) қаласының атымен Өр-Алтайдың шығысындағы үзбе жүлгесі де Бәйтік тауы атанған. Бұл қаланың тарихын Қытайлар «Көне Таңнама(旧唐书)» -ның 20 томындағы 646 жылы Батыс Түріктердің Аспара ққағанының осы қаланы өзіне байтақ(астана) еткенінен бастайды. Сары-Үйсіннің аты Сарғусын деген атпен Ертіс бойындағы, Тарбағатай етегіндегі жер аттарында сақталды. Сары-Үйсін ұраны Байтоқтың шақырылу мерзімі мұнымен шектелмейді, қалайда 2 мың жылға қарай ұзай түседі. Олардың абақ таңбасы осы Бейтик қаласының жұртына жақын жатқан Боғда көлінің бейнесінен алынған. Боғда — Боғ ата сөзі мен Абақ атауының түбі бір. Боғда көлі орналасқан жердің әкімшілігі әлі күнге дейін Бөкен қаласы деп айтылады. Оның атауы 9 ғасырдағы Абақ Керейлердің бабасы Боғ-ханның(仆固俊) осы жерде орда тігуімен байланысты.
Үйсін одағындағы рулардың Тарақ(Жансақал), Абақ(Ақсақал) болып екіге бөліну кезеңі 8 ғасырда орын алған оқиға. Құйқ(Күйік) қағанатын құрған Жалайыр ұрпақтары тарақ таңбалы болса, осы қағанаттың екінші кезеңдегі билеушілері Абақ Керейдің ноқта ағасысы болған — Ителі руынан. Ителі руының билігі Көзін ханнан басталатын. Оларда — абақ таңба. Қағанатты құрған Күйік руы қазір Ителі құрамында.
Ескі кезде Жалайыр руының аты «Таңнама» -да 曳落河(Желек) 、拽落何(Жолоқ), «Сұңнама» -да 夜落纥(Желек), 夜落(Желоу), «Ляонама» мен «Жиннама» -да 迭剌(Төре) 、曳剌(Жела) 、移剌客(Жылақ) 、移剌里(Жылаер) 、迭剌葛(Тарақ, Төрег) 、达剌乖(Тарағай) деген аттармен таңбаланған. Бұл Жалайырдың алауұстапалға жүрген, жалау ұстап жауды жарған Үйсінге «ноқта ағасы» болған ерекше орнымен байланысты. Қырғыздар жалауды «желек» деседі.
Жалайыр мен Абақ Керейдің тарақ, абақ таңбалылығы 8 ғасырда белгілі болғанымен, бұдан арғы ғасырларда да олардың мұны қолданып келгені аян. Жалайырдың тарақ таңбасы Көк Түрік қағанатының тарақ таңбасынан алынған.
Ашамайлы Керейдің таңбасы Хинган тауының кереге көзденген айқасқан жүлгесін таңба етуден келіп шыққан. Хинган тауының байырғы аты — Шяньбей(鲜卑山) тауы. Хинган тауы Үлкен Хинган, Кіші Хинган, Сыртқы Хинган болып бөлінеді. Осы үш Хинган айқасып ашамай пішінді жүлгені құрайды. Шяньбей(Сяньби) қауымының атын тікелей сақтап қалған солардың, мұрагері осы Ашамайлы(Шамай-ел). Шяньбейлердің 6~12 ғасыр аралығындағы үзіктері Шивэйлер деп аталса, оларға басшылық еткен Керей руы болған. Олардың аты қытайша 室韋(Шывей) деп таңбаланып, «в» дыбысының уақыт өте келе «м», «б» дыбыстарына айналуымен Шәмей, Семей сөздерін тудырады. Оның үстіне, Ашамайлының Ошыбай(Шыбай) деп шақыратын ұраны осы атауды есте сақтағаны. Осы Шыбайлар туралы айтылатын «Сүйнама(隋书)» -ның 84 томы(Қидан томы)-нда Ашамай атауы Исаймей(移塞没) деп те алынған. Бұлар Керейдің төбе биі Мәмидің қалдырған шежіресінде Шеп, Сеп деп алынған. Семейтау, Самай, Сібір атауларының бәрі, балбал тұрғызу үрдісі осы Шяньбейлердің тарихи естеліктері. Шяньбейлер заманымызға дейінгі 3 ғасырдан бастап белгілі бола бастаған. Сондықтан, осы ашамай таңбаға да 2200 жылдай уақытта толып отыр. Олар таңба еткен Шяньбей тауы Моңғолдар ауызында Қиянған тауы делініп, Орыс мәтіндерінде Хинган болып жазылып жүр. СымаЦяньның «Тарихнама» -сында 呼衍氏, 呼延氏 деп таңбаланған Ғұнның Хуян(Қиян, Қият) руынан өрбитін Кете, Керейттердің де осындай ашамай таңба қолданатыны содан. Хуян руы Керей шежіресінде Қоян би деген атпен алынады. Дана биден Қоян би, Қоян биден Сары би, Сары биден Қара би, яғни Керей би тарайды.
Ең ескі Қыпшақ Кавказ тауынан шыққан. Қыпшақ атауы туралы аңызда оның ағаш қуысында дүниеге келген жан екені, есімінің қуыспен байланысты екені айтылады. Осы жердегі «қуыс» сөзі Кавказ атауының Каукаос(Καύκασος, Кокувөс(Κόκυνθος) деген Грек авторлары таңбалаған атауының мәнін ашады. Кавказ тауы үлкен және кіші тау болып екіге бөлініп, ортасы қуыс жатады. Осы Каукаос атауы «қуыс» сөзінің ховхос(ковкос) болып айтылған ескі нұсқасынан келген. Бұл біздің қуысты «кеуек» деп те айтатынымызды еске салады. Осы Ховхос сөзіндегі «о» дыбыстарының «а» болып әшекейшеніп айтылуынан өз аттарын алған Гагауз халқы бұл күндері өздерін Қыпшақ ретінде санап Молдавияның Гагаузия автономиясында 140 мыңдай адам болып тұрып жатыр. Украина, Ресей, Түркия, Греция, Румыния, Бұлғария елдеріндегі саны 140 мың адамға жақындайды.
Мұндағы Ховхос сөзінің Ховос деген ықшамдалған нұсқасына Шақ(Сақ, Скиф) атауы қосылып, кейінгі Қыпшақ аты содан пайда болған. Қыпшақтың төрттен бірін ұстайтын J2 гаплогруппасы міне осы Кавказдың қуыс тауынан түлегендер болса, жарымынан көбі R1a1а гаплогруппасына жататын Шақ(Сақ, Скиф) нәсілінен. Үлкен және Кіші Кавказдың ортасындағы қуысты көлденеңінен кесіп Кура өзені ағады. Міне осы Кура өзенінен ұмтылып шыққан қауым Қара-Қыпшақ атанған. Кура сөзі бұл маңдағы Гүржілердің тілінде «Хру» деп дыбысталып, «қуыс» деген мағына береді. Хорезм тарихшысы Өтеміс қажының «Шыңғыснама» кітабында Қыпшақ таңбасы ретінде екі қатар тік сызық көлбеу сызылады да, ортасын көлденең сызықпен кесіп өтеді. Мұндағы көлбеу жатқан екі қатар тік сызық Үлкен және Кіші Кавказды білдіреді де, ортада кесіп өткен көлденең сызық осы Кура өзенін ұғындырады. Кура өзенінің Қарасұй деген аты да бар. 11 ғасырда Қыпшақ қағанаты құрылды. Қыпшақ таңбасы 11 ғасырдан бері қолданылған болса, соның өзінде бұл таңбаға мың жыл толады. Алайда, Кавказдан бастау алған осы таңбаның тарихы J2 гаплогруппасына тән бабаларының осы таудан әр кезеңде таралу бағытымен анықталады. Бұл есеппен таңбаның тарихы неше мың жылдықтарға барып тіреледі.
Беріш таңбасы екі қоспа сызықтан тұрады. Беріш өзі Қыпшақ қағанатының батыс бөлегін сұраған Бөрішоғлы руының жалғасы. Оларды таңбасының астыңғы қысқа көлденең сызығы Қырым түбегін білдірсе, оның үстіне қойылған жатқызылған 7 саны сияқты сызық Қырым түбегімен шектесіп жатқан Қаратеңіздің солтүстік жағалауындағы Херсон, Запорожье, Донецк қатарлы көне Қыпшақ жұрттарында құрылған аймақтардың аумағын білдіреді. 11~12 ғасырларда олардың арасынан шыққан Мойнақ, Әсілек, Бөлек, Қозай хандардың атағы Қырым ауызында дүркіреді.
Төрт Төлегетайдың арғы түбі болатын Қынтай бидің елінің «Ляонама» -дағы деректері бойынша, ескі уақытта олардың соғыс және аңға аран құрып, қан-қасап жасағанда ата-баба әруағын шақырып ұран салатыны көрсетілген. Бұл кезең 10 ғасырға тура келеді. Алайда, олар жайлы деректің алғаш қағазға түсуі 5 ғасырдан басталады.
Ергенекті Найманның көшін бастап тұрған Сарыжомарт руы — ежелгі Савроматтың жұрнағы. Савроматтың Арал теңізі мен Дунай арасындағы ежелгі жерлеу орындарынан табылған заттардан үнемі ергенек таңба табылып отыр. Сарыжомарт руы өз шежіресінде түп бабасын Ұлан батыр деп таратса, Савроматтар болса Алан қауымынан тарайды. Осы ұқсастықтар ілгергі және кейінгі екі қауымның тобықтай түйінге байланған толық бір қауым екенін білдіреді. Олардың ергенек таңбасының екі басы Кавказ тауының Қаратеңіз бен Каспийге қараған екі жағын, ортасындағы көлденең сызық Кавказдың өзін, таңбаның ортасына ара-тұра қойылатын тесік Армениядағы Көкше көлін білдіреді.
Ергенекті Уақ ішінде Шайгөз руы бар. Мұндай атпен аталған ру Савроматтың құрамында да болған.
Савроматтың заманымызға дейінгі 6 ғасырда белгілі болғанын ескерсек, Ергенекті Найман мен Ергенекті Уақ рулары қолданатын ергенек таңбаға ең кемінде 2500 жыл толды дей аламыз.
Қоңырат руы Шыңғыс хан жорығына дейін Когурё түбегінің аузына жақын отырғандықтан, арғы тарихы сол түбектің тарихымен байланысатындықтан, Қоңырат атауының өзі Когурё атауының Когурёт деген көпше түрінен шығатынын ескерсек, Қоңыраттың босаға таңбасы Когурётүбегінің ұлы құрлықтан сақал секілді бөлектеніп тұрған пішінінің таңба ретінде қолданылуы болып табылады. Қазіргі ақпарат бетінде Когурё делінген елдің атауын Енисей бойындағы қауымдар «Қонгорай» деген атпен сақтап қалған. Қонгорай одағы Енисей бойындағы Шыңғыс ханнан тараған қаракөктердің 14~18 ғасырларда құрған одағы. Олардың бұл атты таңдауы жергілікті халықтың тарихына құнметі. Бұл тарихи танымның түбін қуып, Когурё елінің көшпенділер тарапынан шыққан әсілгі басқарушылары ретінде ескі Қоңыраттарды атауға тура келсе, Қоңыраттың осы босаға таңбасының тарихын да Когурё елінің заманымызға дейінгі 1 ғасырда құрылған уақытынан бастай аламыз. Соған қарағанда Өтеміс қажының «Шыңғыснама»-сында Қоңыраттың Саңғыл руы бас болып ұстаған осы босаға таңбаға да 2050 жыл уақыт толды дей аламыз.
Тоқарстан жерінде өмір сүрген Арғын бабалардың бір бөлімі Тоқар атауына сай Тоқал Арғын атанады. Тоқарстан жерін Түрік қағанаты 7 ғасырда өз құрсауына алып, Моқто-аға қағанның ұрпақтарынан бұл жерде «еге» лауазымына ие адамдар билік жүргізді. Тарақ таңбалы осы әулеттің жұрнағы ретінде Тарақты руын бағалауға болады. Тарақтының Тарақты атанып, Түрік қағандары ұстанған тарақ таңбаны қастерлеп қолданғанына 14 ғасыр толған екен.
Тобықты — Сяньбидың Тоба руы. Бұл жағынан Тамалармен тегі бір. Бастарынан тұмағын тастамаған байырғы Томоқтар Алтайдың теріскейіндегі Том өзені бойынан шыққан. Керей шежіресінің түбіндегі Дана би дегендегі Дана атауы да осы Тама, Тобық атауларымен ұштасатын, барлығы дерлік ескі уақыттағы Томоқ(Дұңху東胡) қауымының атының жаңғырығынан шыққан. Бұлардың қаны да бірдей. Тамалар Қыпшақ таңбасын қолданып кеткен. Керейдің өз таңбасы өз алдында. Тобықтылардың атауы заманымызға дейінгі 8 ғасырда белгілі болған тобық таңбалы Томоқ((Дұңху東胡) қауымының атын қаз-қалпында сақтап тұр. Соған қарағанда, олар кемінде 2800 жыл бойы тобық таңбаны пайдаланып келген. Тама ұраны — Қарабура 11~12 ғасырларда өмір сүрген адам. Оның Селжұқ көсемі Санжарды ойсыратқаны, оның Жанкенттегі ордасына ойран салғаны туралы Сыр бойының аңыздары жақсы сақталған. 16 ғасырда Қазан төңірегінде 40 мың үйлі Тама болған екен. Бұл ескідегі Томоқ((Дұңху東胡) бабалары өмір сүрген Сібір жерінен батысқа қарай жылжыған топ болып есептеледі. Сол уақытта Ноғайлы қолбасы, Қазан бекзадасы ретінде атағы жер жарған Шора батыр осы 40 мың үйлі Таманың ішінен суырылып шыққан еді. «Шора батыр» эпосы — Қазақтың мақтаныш көретін эпосы.
Алшын атауының шыр етіп дүниеге келген жері — Алшын өзені.
257 шақырымға созылған Алшын өзені ҚХР, Хилұңжияң өлкесінде. Бұл өзен 1927 шақырымға созылатын Шұңғар(松花江) өзенінің бір саласы ретінде белгілі. Алшын өзенінің атауы жергілікті Маньчжурлардың тілінде «алтын» деген мағына берген. Біздің Байұлындағы Алтын руының Алшын деп те аталатыны, оның ішінде Шұңғыр руының болуы, Шұңғырдың екі үлкен тармағының бірінің Алсай атанып осы Алшын өзенінің тарихымен тығыз қабысуы — олардың Алшындардың негізін қалаған ру екенін, олардың түп тарихының осы екі өзеннен басталатынын білдіреді. Алтын руының жалпы Алшынның ортақ таңбасына айналған екі бұрышты шошақ таңбасы осы Алшын өзенінің екі бұрышты шошақ таңбаның сызығы сияқты бұрышталып ағатын көрінісінен алынған. Қарасақал руының да осындай таңба қолдануы, оның ішінде Шұңғырмен үндесШіңгір руының болуы, ол рудың да осы Шұңғар өзені бойынан шыққанын білдіреді.
Алшынның «аға баласы» болған Әлімдер 1 ғасырда Илоу(挹娄) деген атпен хатқа түскен. Әлімнің таңбасын да сол ғасырдан бастауға болады. Осы Әлімнің қарашаңырағын ұстаған Қаракесек руы Қарасұйық суының бойында Хиұйық( 黑水部) деген атпен 7 ғасырда танымал болған. Ал, оның алдында қосылған «қара» сөзі Маньчжурия аймақтарында «ру» деген мағына берген. Қаракесектің кесек таңбасы Қарасұйық(黑龙江) суының Ергене мен Усури суының арасындағы пішінін бейнелейді. Біз бұл таңбаның әйгілі болғанына да 14 ғасыр толғанын бағамдаймыз. Төртқаралар Қара-Машақ деген атпен, қытайша Мажек(㒝羯), Важек(袜揭) деп таңбаланып, 5 ғасырдан бастап Қаракесектен де бұрын әйгілі болды.
Адайдың ескілікті ұраны — Тегелен. Заманымызға дейінгі 8~3 ғасырлар арасындағы дәуірдің бірінде жазылған «Тау мен теңіз жинағы(山海经)» деген кітапта Диклиң деген атпен белгілі болған ру қытайша 钉灵 деп таңбаланады. Кейінгі дәуірлерде мұның 丁零, 丁令, 丁灵 деген ұқсас дыбысталатын, түрліше жазылған таңбаланулары болды. Бұл ру Байқалдың оңтүстігінде өмір сүрген. 4 ғасырда Ішкі Моңғолдың орта бөлігінде Дай(代) елі құрылды. Олардың астанасының орны Холыңгір(和林格尔) деген атпен Ішкі Моңғолдың орталығы Көкқот қаласының маңында жатыр. Адайдың екі үлкен тармағының бірінің Келімберді атануы содан. Аталған елді Сяньбидыңаймаңдай руы — Тобажы(拓跋氏) руы басқарды. Келімберді тармағының көшңн бастап тұрған Тобыштар содан шығады. Адайдың Керей, Тама, Тобықты рулары сияқты тұмақ киетін әдеті де бәрінің ортақ бабалары болған тұмақты Томоқ(Дұңху東胡) қауымынан алынған салт.
Керейт ұраны Ақсақалға келейік. Кете мен Керейт екеуі өздерінің түп бабаларын Ғұн империясын құрған Бозан-Шардан(Бодан-Шардан) таратады. Бодан-Шардың орнын басқан, заманымызға дейінгі 174~161 жылдары ел билеген, Ғұн империясының екінші ұлы билеушісі АқсақалдыКерейттер әлі күнге ұран етеді.
Ғұн атауы Керейт шежіресінде Көн, Көне деген ру тармақтарын пайда қылса, заманымызға дейінгі 49 жылы Сыр бойына Қаңлылар арасына ауып келген Ғұн билеушісі Шаужайдың(Шөже, Жыжы, 郅支单于) атының өзі Керейт ішінде Шаужайлы руын қалыптастырған.
Керейт ұраны Ақсақалға осымен 2200 жылға жуық уақыт толып отыр. Ал, осы Ғұнның екінші ұлы императоры болған Ақсақалдың қытайша Кизоу, Кижоу (稽粥) деп таңбаланған, Көзі, Күрзі деген төл атаулары Кете шежіресінде Қожа болып дыбысталып, БозаншарданАдамқожа, Түменқожа, Тойқожа таратылса, Керейт шежіресінде Күрзі деп қана айтылады. Кетенің Әлім мен Шөменнен үлкен болып есептелетіні де сол елді басқаруға қойылған Ғұн бекзаттарының тұқымы екенін білдіреді. Ғұндардың бес тірегі атанған 5 ақсүйек руы болған. Соның бірі — СымаЦяньның «Тарихнама» -сында 呼衍氏, 呼延氏 деп таңбаланған Хуян(Қиян) руы, көпше — Қият. Кете мен Керейт содан шығады. Ғұн атауын білдіретін Көн деген атау Есентемір руының құрамында да айқын көрінеді. Есентемір үлкен жақтан Тағышы, Көн деген екі үлкен тараудан тұрады. Ескі уақытта Ғұнды Хунну десе, сол заманның Ғұндары өздерін және біздің Қазақ оны Көн, Көне деген. «Көнеден келе жатқан салтымыз» деп сөйлейтініміз, «Көненің көзі» дейтініміз сол Ғұннан бері ұстанып келе жатқан әдет-салттарымызға қаратып айтатын сөзіміз.
Табын руы тарақ, шөміш, көсеу(тарту) деген үш таңбалы елден тұрады. Рудың басты ортақ таңбасы — тарақ таңба. Табын руы бұл таңбаны Көк Түрік қағанаты басталғалы бері, 6 ғасырдан бастап қолданып келеді.
Кедері руы 4 ғасырда құрылған, Балықты астана еткен Кедері жұртының ұрпағы. Олардың Самарқаннан табылған теңгелердің бетінде қашалған таңбасы сол ғасырдан бері әйгілі.
Орхон-Енисей тас жазбаларының «Үлкен Жазу ескерткішіндегі» жырдың екінші шумағында Білге қаған үнімен оның 2 ғасыр бұрынғы Тумын(Бумын) қаған, Моқто-аға қаған бабаларының «ілгері жүріп Қадырқан жазыққа дейін ел қондырғанын» айтылады.
Бұл Қадырқан қай Қадырқан?
Бұл жазық Әму өзенінің тұндырған жазығын білдіреді. Әму жазығының Қыдырқан аталып кету себебі бұл жерде 4~5 ғасырдарда 150 жылға таяу уақыт дәурендеген Қидар(Кедері) мемлекеті болды. Оны құрған Ас(Юез, 月氏) қауымының Кедері тарауы еді. Әму құйған Арал теңізінің бір кездері Кедері аталғаны да содан. Осы Қидар елінің атауына қон деген өзен сөзінің синонимы қосылып, бұрын Сейқон аталған алап Түрік қағанаты кезінде Кедеріқон аталып тұрған. Кедері руы Қазаққа кіргенде Кедері болып та, Кердері болып та айтылады. Кедері руын Кердері демей, Кедері деп барынша байырғы атауымен атау керек.
Бұл жырдың басында-ақ Тумын қағанның, Моқто-аға қағанның Алтайдан Аралға әкеп ел қондырған асыл мұратты қағандар екені білеміз.
Қарашай, Балқар қауымдары Мыңғ-Тау деп атайтын осы қасиетті, кіршіксіз әппақ тауды Манатау деген атпен Жағалбайлы баласы ұран етіп жүр. Түпкі мәні Нұх ата дегенге апарады. Яғни, Қазығұрт сияқты кеме тоқтаған жер деген есеппен қаралады. Жағалбайлы руының айыр таңбасы осы Солтүстік Кавказды мекендейтін, атауы ағылшын тілінде «Capracylindricornis» деп алынған талтақ мүйіз тау ешкіні кие тұтудан және Кума өзенінің Каспийге Т үлгісіндегі құю сызығынан қалыптасқан. Бұл бүгінгі уақытта Дағыстанды мекендейтін Лақ(Легіз, Лез) қауымы мен олармен ұқсас қандағы Жағалбайлының Ілез руларының осы лақ, тау ешкі тұқымын қадірлеуінен келген. Лезгинка биі де тау ешкінің таудағы өжет, қайтпас әрекетінен туындаған. Жағалбайлы өзі Ілез, Мырза деген екі үлкен рулар тобына жіктелгенде екеуін Кеме деген атау біріктіреді. Бұл Солтүстік Кавказдағы атақты Кума өзенінің аты. Жағалбайлы руы осы өзеннің бойында қалыптасты. Бұл өзенді Құмықтар Кум десе, Ноғайлар Күми дейді. Өзен Қарашай-Шеркеш автономиясынан басталып Ставропольскийкрай, Қалмақияны басып Дағыстан жерінде Каспийге құяды. Ставропольскийкрайдағы Қарамық өзені осы Куманың бір саласы, бұл атау Жағалбайлы шежіресінде Қарабұқа болып кірген. Осы Куманың бір саласы Байулы өзені делінеді. Бұл атау Жағалбайлы атауының қалыптасуына ықпал еткен атау. Лақтардың Ағыл(Яғыл) руымен осы тайпа қосылып Жағалбайлы болды. Дағыстан текті Байұлы руы(Біздің Байұлы емес) Башқұрттардың құрамында молынан отыр. Башқұртта Бурзян руы болса, біздің Жағалбайлыда бұл Мырза руы делінеді. Қарашай-Балқардағы Шегем өзені Жағалбайлыға Шеген атауы ретінде кірген. Қабардин-БалқардағыБалықсу болса Жағалбайлыға Балқожа, оның ішінде Балық тарауы болып кірген. Мысыр мен Сирияны билеген тау халықтарынан шыққан сұлтандардың біреуі Деле Яғалбай сұлтан, яғни долы мінезді Яғалбай сұлтан. Ол билігін 1467~1468 жылдары жүргізді. Ол өз есіміне руының атын алған көрінеді. Генетикасы бойынша Лезгиндердің(Лездердің, Лақтардың) 66 пайызы Қыпшақтармен ұқсас шыққан. Дағыстандағы Құрақ-Шүй бойындағылары Жағалбайлыға Құрши болып кірсе, Ширақ-шүй бойындағылары Жағалбайлының Мырза атасына Сирақты болып енген. Черкес атауының қалыптасуы да осы өзенмен тығыз қатысты. Қарашай, Балқар халықтарының атаулары да сол Құрши, Балық өзендеріне байланысты қалыптасқан. Жағалбайлының Құржы деген бабасы мен Құрши, Қараша(Есірқожа) деген руының Қарашайлармен туыстық қатынасы бар. Дағыстандағы Биржалы су — Мырза су. Бағана атап өткеніміздей Мысыр мамлүктерінің екінші династиясы болған Бурза(Буржа) династиясы осы Жағалбайлылардың Барақ деген бабасынан бастау алады.
Жағалбайлы Ілез тарауының түп басында жатқан, тау ешкісін кие тұтқан Лазки елінің 5 ғасырда құрылғанын ескерсек, сол тау ешкісінің мүйізімен байланыстыра отырып, Кума өзенінің Т үлгісіндегі ағыс арнасын таңба еткен Жағалбайлының осы таңбасына 16 ғасыр уақыт толды дей аламыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.