САРАЙШЫҚТАҒЫ ҚАРЫНДАС САРАЙШЫҚТАҒЫ ҚАРЫНДАС
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 1955 жылы туған. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін, Мəскеу Əдебиет институтының Жоғарғы курсын бітірген. 1984 жылдан КСРО, 1991 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 20-ға... САРАЙШЫҚТАҒЫ ҚАРЫНДАС

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

1955 жылы туған. ҚазҰУ-дің журналистика
факультетін, Мəскеу Əдебиет институтының
Жоғарғы курсын бітірген. 1984 жылдан КСРО,
1991 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі. 20-ға жуық прозалық жəне көсемсөз
кітаптардың авторы. Жекелеген шығармалары
түрік, ағылшын, араб, қытай, неміс, ұйғыр
тілдеріне аударылған. Халықаралық «Түрік
дүниесіне қызмет», Ұлттық «Айбоз», Қазақ
ПЕНклубы сыйлықтарының лауреаты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

(әңгіме)

Біз, үшеуміз. Алдымдағы әпкем – анамның тұңғышы, өзім және қарындасым Гүлзада. Әкем екінші жаһандық соғысқа қатысып, жамбасынан жаралы боп келіп, отыз жеті жасында рак саркома деген обырдан о дүниелік болды. Жарты жыл төсек тартып жатты. Доптай боп дүңкиіп кеткен жарасыжанына батып қиналса да, қасына кенжесі Гүлзаданы отырғызып қоятын. Басынан сипап, әлсіз саусақтарымен шашын тарақтайды. Мен – сегізде, ол – бесте, ол кезде бүлдіршін қыздың жарыместігі білінбейтін, айтқан сөзі мен жүріс-тұрысын балалыққа балап, сәбидің тәтті қылығы деп қарайтынбыз.

Әкем үйге күнара мас боп келетін, он сегіз жасқа дейін ащыны татып алмаған қазақы бала соғыстан ішуді үйреніп келіпті. «Қақаған аязда жүз грамм спірт береді, шабуылға да қызып шығамыз, жүре келе бой жылытарды іздеп тұратын болдық, адам организмі деген тіленшек екен  ғой, — депті бірде шешеме басы жазылып, жайраңдап әңгіме айтып отырып. – Жоғары жақ бұйрық беріп тұрып, адамды өлімге алдап айдайды екен», – деп қосып қойыпты. Соғыстан келгесін ауылда әжептәуір атқамінер боп желдіртіп жүріпті. Бұл – «Мәскеудің айрықшасынан» дәм татып, қызып жүргендер «тәуір жігіт» атанған заман. Сонда жамбасына тиген оқтың орны сыздап, жаны қиналып жатқанда: «Мен әруақты ерегістіріп алдым, ішкен зәһарым өзіммен бірге кетсін, бала-шағамнан аулақ», – деп жалбыр шаш Гүлзаданың басынан сипай беріпті деген сөзді де шешем қайғысы сейіліп, қатарға қосылған кезде айтып қалды.

Қарындасымның «Жынды Гүлзада» деген лақап аты бар. Ауылда өзі қатарлас Гүлзада көп, өмір шіркін иіп әкеп осы жанама есімді жанына байлады. Жынды боп бірдеңені бүлдіріп жатқан жоқ, тек алаңғасарлау, аузына келген сөзді ірікпей айта салады. Көбіне қыздармен емес, ер балдармен ойнайды, жазда шешініп тастап, жапқа суға түседі. «Мені не, қыз деп кемсітесіңдер ме, мен де жүзу білем, сендерден артық жүзем, тек менің әпшуім жоқ» дегенде, балдар: «Тағы бір айтшы, Гүлзада» деп оның сөзін қызық көріп, шоқ тастап тұрады екен. Бір күні судан шыққанда толысып келе жатқан қыз денесіне қарап күле берген бір баланы қызыл жыңғылды сындырып ап әбден сабапты.

– Менің ағам Москвада оқиды, келгесін сенің әкеңді танытып, тағы да сабайды, ол — боксер. Сен мені ешкімі жоқ жалғыз деп жүрсің бе?! – деп әлгі ыржақайды қуып жүріп, қызыл жыңғылмен шықпыртқанда еркегің жар жағалап дызақтап қашыпты, дейді. Жетіге толғанда шешем қатарынан қалмай оқысын деп біраз сүйрелеген екен, медициналық комиссия «миында ауытқу бар, оқуға жарамсыз» деген қорытынды шығарып беріпті.

Сонымен, әкем өлгесін жылын берісімен шешем колхоздың қара жұмысына жегілді. Әпкем темір жолда істейтін бір жігітке күйеуге шығып кетті. Өзім мектепті алтын медалмен бітіріп, Мәскеудің Ауыл шаруашылығы Академиясының студенті атандым. Жастайымнан топырақ пен егіншілікке құмар едім, енді біражола соның жолына түстім. Гүлзада Сарайшықтағы жүйке жүйесінде ауытқуы бар жандардың республикалық мекеніне аттанды. Он жыл болды, соңынан ешкім барған жоқ, шешем колхоздың қара жұмысынан қолы бір босамаайды, әпкем теміржолда билет сатушы кассир, күйеуі станция бастығы боп көтерілді, қолдары «күліс» – «ішкені алдында, ішпегені артында», бірақ бір туғанының артынан іздеп баруға мұршасы жоқ. Сарыағаш, Мерке, Алматы санаторилеріне қол ұстасып, судай тасып, «нәшәндік стансаның әйелі» боп барғанмен бір жатырда жатқан сіңлісіне үй түбінен өтетін қара рельсті жағалап жолы түспей-ақ қойды.

Міне, өзім төртінші курсты тәмәмдап, жазғы үш айлық стипендиямды сарп етіп алыстағы қарындасыма келе жатырмын. Көрмегелі он жыл болыпты. Жеті жасында үйден кетіп еді, қазір он жетіде. Бой-бітімі түрленіп, балаң шақтан бойжеткен шаққа ауыса бастаған шығар. Бала күнгі кескін-келбеті үш күн пойыз үстінде көз алдымнан бір кетпеді, өз-өзінен селкілдеп күлетін әдемі күлкісі де құлағыма естілгендей болады. Ең соңынан, төсек тартып жатқан әкемнің Гүлзаданың жалбыр шашын сипаған еттен арылған әлсіз саусағы тарам-тарам боп көз алдыма тартылды. «Әкем байқамай кеселін осы қызға қалдырып кетті ме екен, әлде ішкен зәһарының зардабы қызының санасында кесел боп қалып қойды ма екен? Әй, бірақ, өзі жанындай жақсы көретін перзентін осындай жарымжан ғып тастап кетпейді ғой. Жоқ, әкемнен қалған ештеңе жоқ, бәрі бір Алланың қолында» деп, доңғалағы сартылдаған пойыз үстінде етжеңді жолсерік әйел: «Келесі аялдама – Атырау, дайындалыңдар» дегенде, қол сөмкемді ұстап, тамбурға атып шықтым. «Енді қырық шақырым жер жүрсем қарындасымды көремін, Сарайшықтағы Гүлзадамен бетпе бет жүздесемін» деп жүрегім аузыма тығылып, пойыз доңғалағымен бірге дүрс-дүрс соғып, көкірегім алай-түлей боп бір тыншымай-ақ қойды.

 

***

Жолда мін жоқ, жып-жылтыр асфальтпен Сарайшыққа қарай жүйткіп келе жатырмын, енді жиырма минөтте он жыл көрмеген қарындасымды көрем, «ол мені көргенде не айтар екен, тани ма екен, ал өзім ше?» деп өз-өзіме сауал қойып, көзімнің астын сипадым. Келе жатқанымды шешем де, әпкем де білмейді, елге барғасын бір-ақ айтам. Мен тура Мәскеуден Сарайшыққа жол тарттым, туған жерім де алыс емес, Ақтөбеден өтсем, Ақмешіттің төбесі көрініп тұр.

Сыртының сыры кеткен жағал-жағал қоңырқай көне «Москвичке» отырарда шопыр жігітке: «Менен басқа ешкімді алма», – дедім. Көлденең жолаушы қиялыма бөгет жасайтындай  көрінді.

– Сарайшықта туысыңыз бар ма еді? – деп сауал қойды шопыр жігіт.

– Қарындасым бар.

– Сол жаққа тұрмысқа шыққан екен ғой.

– Жоқ, жарыместер үйінде.

–Дом ненормальнихта екен ғой. Ол үйді бәрі біледі. Қазір бірден табамыз, – деген сөзі жүрегіме инедей қадалды. Адамды  неге жақсы-жаман, жынды-сау деп екіге бөледі екен? Құдай жаратқан пендеміз ғой бәріміз. Жарымес болғанмен ол да қоғамның бір мүшесі. Қоғам оған да жағдай жасап отыр. Гүлзаданың ақылы кімнен кем еді, тек санасында бір кінәрат саңлау бар, ол кемістік емес, артықшылық дер едім. Оны кемістік деуге болмайды. Тауып айтқан, шындықты жасырмай айтқандар қоғамдағы жарыместер боп есептеліп жүр ғой. Булгаков та жақсы иттен жаман адам жасаған шығармасында Шарик Шариков ит құсап шәуілдеп сөйлеп, ақиқатты айтып, жұрттың мазасын алмай ма?

– Сен, бала, азық-түлік дүкенін көрсең, тоқтай қалшы, – дедім ойымды іркіп.

– Қазір алдымыздан «Нұрзаман» деген магнум шығады, адам жанынан басқаның бәрі бар.

– Соған тоқта, – дедім де, жарты жолын жүрген Сарайшық туралы ойлап кеттім. Менің тарихтан білуімше, 14-16 ғасырларда Алтын Орда мемлекетінің астанасы болған. Отанымыздың жүрегінен қазақтың көне астанасына келе жатырмын деп ойымды тұйықтай бергенде, шопыр: «Мынау», – деп, «Нұрзаман» деген қызыл шамы бір жанып, бір сөнген зәулім дүкеннің алдына кеп тежегішті басты. – Тез кіріп шығыңыз.

Ала қоржынға шоколад пен банан, алма мен алмұрт, борсиып піскен жүзімді сықай толтырып тез шықтым да, жолға түстік. Көне қалаға жақындаған сайын жүрегім дүрсілдей бастады. Хандар мекені болған киелі жердің топырағын басамын, сол жерде өмір сүріп жатқан он жыл көрмеген қарындасым қандай болды екен?

Көне «Москвич» зу етіп лагер бейнесінде салынған жап-жалпақ жатаған үйдің алдына кеп тоқтады. Әрі қарай өтуге болмайды, сып-сидам ала таяқ алдымыздан тартылып тұр. Таяқ ұшына «Вход строго запрещен» деген орысша жазу ілініпті. Кішкентай үйшіктен көзілдірік таққан тарамыс жігіт ағасы шықты да:

– Кімге келдіңдер? – деді.

– Қарындасыма.

– Қай бөлім, қай группа?

Мен абдырап қалдым.

– Онысын білмеймін. Аты Гүлзада.

– Білмесең неге келесің?! – дегенде, не дерімді білмей сілейіп тұра бердім.

– Пәмилісі?

– Қаңтарбаева.

– Қайдан келдің?

– Мен…  Москвадан…

– Клиент те Масквадан ба? Бұл тек Қазақстаннан келгендерді қабылдайтын жер.

– Қызылордадан.

– Е-е, сүйдесейші, – деп үйшігіне кіріп, қонжиған қара телефонның құлағын қолына алды да:

– Тұлпаркүл, Мәскеуден бір жігіт келіп тұр. Қарындасы бар екен. Аты кім дедің, – деді маңдайын жиырып.

– Гүлзада.

– Гүлзада, – деді де, ата-тегін мүдірмей айтты. — Қаңтарбаева. Қызылордадан екен.

– Қай жылдан бері? – деп тағы да сұрады.

– Биыл оныншы жыл.

– Он жыл болыпты. Қазір келеді, – деді де, менің төлқұжатымды сұрап, саусағын шошайтты.

Бұл жердің де ережесі қатаң екен, дәл бір жабық мекеме сияқты. Бірақ, бұл да жабық мекеме емес пе? Ешқайда шығармайды, ата-анасына жібермейді. Осы жабық есік ашылып, қазір Гүлзадашты көрем бе? Жүрегім дүрс-дүрс, оң қолымды сол жақ кеудеме апардым. Әкем өлгенде сегіз жасар ойын баласымын, жылап-сықтаған жұртты көріп, үн-түнсіз сұлқ тұра бердім. Қазір көңілім босап, көкірегімді бір ағын су басып бара жатқандай халдемін. Мәскеуге оқуға түскенде де осындай күй кештім, химия мен биологияның жалынан сипап тұрып бәрінің аузын аштырдым, тек орыс тілінен шорқақтай бердім. Мейлі, ол менің тілім емес, адамда екі тіл болмайды деп өзімді- өзім жұбаттым. Сөйтіп, Отанымыздың жүрегі атанған Мәскеуде студент атандым. Бірақ, жүрек шіркін біреу емес пе, адамда екі жүрек, екі тіл болмайды деген кереғар сауал көшеде жүрсем де, сабақта отырсам да кеудемді тепкілейді. Ал енді өз жерім – өлең төсегім Алтын Орданың астанасында сол жалғыз жүрек еркіме бағынбай атқақтап тұр. Хандардың киесі ме екен? Гүлзада маған қарай алып-ұшып келе жатқан шығар. Әудем жерде жүрісі ширақ сымбатты келіншек үйшікке сидаң басып келе жатыр. Көзілдірікті қарауылдың қасына кеп:

– Келген кімдер? – деді.

– Тұр ғой мынау.

– Келген менмін…

– Сіз Гүлзадаға келдіңіз бе? Қаңтарбаева. Кімі боласыз?

– Туған ағасымын.

– Біз оны ешкімі жоқ деп жүрсек… Он жылдан бері…

Тілімді тістеп, төмен қарадым.

– Куәлігіңізді мына кісіге беріңіз… – жүрісі ширақ сымбатты келіншектің соңынан ере бердім. Жиырма-отыз адым аттап, жатаған үйдің алдына жақындай бергенде еңіреп жылап келе жатқан сүйріктей қыздың сұлбасы көрінді. Бітімі сұңғақ, сәл еңкіш тартқан, басына тартқан шымқай көк орамалы бар. Бар даусымен даланы басына көтеріп келе жатыр. Қасынан өткен өзі секілді шымқай көк орамал тартқан екі-үш егде әйел көздерін сүртіп тұр. Өзі қатарлас екі қыз: «Гуля жетім, Гуля жетім», – деп айқайлап еді, алдымдағы бақылаушы әйел қасына жетіп барып, «Қайтыңдар!» деп ішке қарай итермелеп жіберді. Гүлзада: «Мен жетім емеспін, ағам келді , – деп әлгілерге тұра ұмтылғанда, олар шалт бұрылып, ішке қарай тұра қашты. Қасыма кеп өксігін баса алмай біраз тесіле қарап тұрды да:

– Сен кімсің ? – деді.

– Қанышпын.

– Неге мені іздемейсіңдер. Өліп қалды деп жүрсіңдер ме? Мен Гулямын, – деді.

Бақылаушы әйел: «Жұрт Гуля дейді. Әйтпесе өзінің атын ұмытқан жоқ, – деді де, — Жүріңіз, арнайы бөлмеге барайық», – деп алға түсті.

Есігіне «Кездесу бөлмесі» деген тақтайша қағылған шағын бөлмедегі көне диванға Гүлзада жайғасты, мен қарама-қарсы түрегеп тұрмын. Әлгі әйел есік аузында селт тұрып қалды.

– Сөйлесе беріңіздер, – деді бізге қарап.

Гүлзада көз жасын алақанымен сипай сүртіп тастап, маған түйіле қарады. Ағасын көріп, көзайым болған түрі жоқ.

– Ауылда жүгері өсіп тұр ма? – деп бірден сөз бастады.

– Өсетін шығар. Мен қазір Москвадамын.

– Онда неғып жүрсің? – деп ызбар шаша қарады. Қарындасымның көзі өткір, түсі қандай суық.

– Оқудамын.

– Ауылда оқу жоқ па? Айдалада қаңғырып… Сендер оқыдыңдар… мен оқымай қалдым, – деп қамыға қарады. – Әріп те танымаймын, әріп танысам хат жазар едім. Неге мені оқытпадыңдар? – Сәл күлімсіреп, сөзін жалғады. – Жүгері жинағанда шашағынан мұрт жасап алып, «Чапаевпын» деп мені қорқытушы едің ғой. Мен Чапаевыңнан қорықпаймын, ондайдың талайын көргем, тек Құдайдан қорқам.

Мен басымды изедім.

– Мен жүгері шашағымен басымды дөңгелентіп орап ап прическа жасайтынмын. Қазір менде шаш жоқ, – деп көк орамалын тартқылаған кезде бақылаушы келіншек қасына жетіп кеп:

– Гуля, орамалыңа тиіспе, шашың әлі өседі, – деді де, маған қарап мойнын бұрды.

– Бұл жерде шаш өсірмейді, тақырлап алып тастаймыз, биттеп кетуі мүмкін, – деп себебін айтты.

Қарындасым маған қарап күбір етті.

– Енді солай қорқытсаң, аямаймын.

Мен тағы да басымды изедім.

Ол, сірә, күрт үзілген балалық шағын көз алдына келтіріп тұр. Бойжете бастаған шағында жұрт сияқты ұзын шашпен сәнденіп жүруді армандап отырғандай боп көрінді.

– Ата жапта су бар ма? – деді жұлып алғандай. (Егістікке арнадан су алар үлкен арықты «Ата жап» дейміз).

Басымды изедім.

Не анасын, не алдындағы үлкен әпкесін сұрамай тек бала кезде көрген-білгенін көз алдына елестетіп отыр.

– Анау біздегі профессор: «Сенің еліңде су жоқ, бәрі тартылып, құрғап кеткен, Арал да, Сырдария да ақпайды, сендер түбі шөлдеп өлесіңдер» дейді. Сол рас па? Ата жаптағы су қандай мұздай еді, шешініп тастап, балдармен бірге түсуші едім.

– Бар ғой, су ағып жатыр, – деп күбір еттім.

– Енді анау профессор «Сендерде су жоқ» десе, кешірмеймін, пышақ сұғам, – деді де, – «Не әкелдің?», – деп ала қоржынға қарады.

Алма мен алмұрт, шоколад пен банан – әкелгенімнің бәрін біртіндеп шығара бастадым. Бананды ұстап көрді де:

– Мынау маймыл жейтін тамақ қой. Телевизордан көргем. Не, мен маймылмын ба? Мені адам қатарынан шығарып тастадыңдар ма? – Соп-сопақ бананды жалпақ үстелге лақтыра салды. – Мен маймылға қарағанда ақылдымын. Тек торда отырғаным болмаса…

– Ренжімеңіз, – деді бақылаушы әйел күлімсірей қарап.

– Неге ренжимін. Он жыл көрмеген қарындасымның сөзін көтере алмасам, неге келдім, – деп жуып-шайған болдым.

Гүлзада тағы да сұрақтың астына алды.

– Ана Алматыңда жұрт қазақша сөйлемейді дейді ғой.

– Сөйлейді, қазақтың астанасы болды ғой.

– Ана профессор орыс әйел «Алматыда ешкім қазақша сөйлемейтін болғасын Астанаға көшірді. Қазақтың астанасының атын Астана қойды, ұят-ай» деп маған қарап күледі…

Байқаймын, Гүлзада өзіне қарап күлгендерді кешірмейтін сияқты, жан-дүниесінде бір уытты ыза бар.

– Ол профессор айта береді, тіпті де олай емес, – деп жауап бердім.

– Енді мені солай мазақтаса оған пышақ сұқпай қоймаймын, – дегенде, ауызда тұрған бақылаушы әйел де аяғы талды-ау деймін, жұп-жұмыр тізесін сәл бүгіп:

– Гуля, ондай сөзді айтпай-ақ қой, – деді.

– Сіз отырсаңызшы, – деп орындықты нұсқап едім, басын шайқады. Ол ереже бойынша есік аузында тік тұруы керек екен. Кім біледі, жарымес жағымсыз қылық көрсетіп, сыртқа қарай тұра қашуы да мүмкін. Сақтық шарасын қатаң сақтап тұр.

– Мынау шоколад, мынау алма, – деп ала қоржыннан шығара бергенімде:

– Торт қайда? – деді. – Тортты сондай жақсы көрем. Неге әкелмедің? Өздерің тәттіге тойып ап… бізге тәтті жеуге болмай ма? – Алмадан қырт еткізіп бір тістеп: – Тойсары қайда? – деді шатынап.

– Қай Тойсары? – дедім таңқалып. Біздің отбасымызда, жақын-жұрағатымызда ондай есім жоқ еді.

– Балабақшадағы Тойсары ше? Тәрбиеші апа. Ол менің басымнан қатты ұрды, – деп быртық саусақтарын тізілтіп, алақанын төбесіне қойды. Көк алманы қырт-қырт шайнап сөйлеп отыр. – Сонан бері басым ауырады. Ол тірі ме?

– Жоқ, ол қайтыс болды. Қартайды ғой.

– Тірі болса, шыққасын барып өлтірер едім.

Еркін өмірге шығудан үмітіңді үзбепсің-ау деп жүрек тұсым бүлк ете қалды.

– Сенің кінәң не? Неге ұрып жүр? – деп сұрақ қойдым.

– Балабақшаның алдында Ленин атаның ескерткіші бар еді ғой, соның мойнына мініп, ойнап отырсам… келді де, «Өй, көксоққыр, ойнайтын жерді тапқан екенсің!» – деп мойнынан түсе бергенімде төбемнен қойып қалды. Сонан бері төбем сыздайды, – деп тағы да алақанын төбесіне қойды. – Өздері емес пе, «Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз» деп балабақшада тақпақ жаттатып жүрген. – Сөйлеп отырып көк алмаға қақалып қалды. Бақылаушы келіншек тез-тез басып кеп арқасынан бір салып қап, «Сарыағаш» суының бөтелкесін быжылдатып ашып, бір ұрттатты.

– Алманы жеп болғанша сөйлей берме, – деп жәйлап ғана ескертті.

Гүлзада көк алманы тағы бір қырт еткізіп, малжаңдап отырып, сөзін жалғады.

– Лениннің құлағын жұлып алған мен емес, бұзық Әбдіразақ, соны менен көреді. Екі күннен кейін бақшаға бір жақтан тексеру келді. Лениннің құлағын қанша желімдесе де, түсіп қала берді. Бірақ, кәмәсия оны байқаған жоқ. Ол әлі бір құлақпен тұр ма? – деп шатынап сөйлеп, сәл басылды да, үн-түнсіз ойға шомды. – Құлағын жұлып алған Әбдіразаққа түк ұрысқан жоқ, менен кейін мойнына сол мініп отырған…  Тойсары апа оны көрсе де көрмеген боп жүре берді. Әбдіразақ Тойсарының туысқаны, оған ұрыспайды, туысқанын итше қорғайды, қит етсе бізге қолын ала жүгіреді. Әкесі жоқ, дымы жоқ деп менен көріп, менің басымнан ұрды, сонан бері басым ауырады. Балабақша әлі де сол күйі ме? – «осы сен кімсің?» дегендей маған шұқшия бір қарады да, тағы да шамырқанып сөйлеп кетті. – Осыдан, осы жерден тірі шықсам, Тойсарыны өлтірем, өзімді мазақтағандардан да өшімді алам.

– Қой, ондай жаман сөзді айтпа, – деп бақылаушы келіншек аяғы талса да, білдірткісі келмей жұмыр тізесін бұлт еткізіп, бір аяғына салмақ сап тұрып ереже бойынша ескерту жасады.

Менің былтыр ауылға барғанда естіген жаңалықтарым құлағымда шуылдап қоя берді. Қайта құру басталысымен балабақшаның ауласындағы  Лениннің сол ескерткішін қисық аяқ тракторшы Сейітқазы «Беларусімен» тартып құлатып, көшемен дырылдатып сүйретіп, шошқа баздың қасына апарып көміп тастапты. Осы сөзді есіме ап:

– Қазір Ленин де, Тойсары да жоқ, – деп күбір еттім.

Гүлзада  өкініші бардай терең күрсініп, маған тағы да шұқшия көз тікті.

Бір сағат жылжып өте шықты. Қабырғаға ілінген дөңгелек тас сағаттың асықпай жылжыған тіліне қарап, есік алдындағы бақылаушы-тәрбиеші келіншек маған мойнын бұрып, нәзік тіл қатты.

– Бір сағат болды, мұнан артық кетсе Гуляны шаршатып аламыз. Осымен доғарайық. Енді қашан келесіз?

– Құдай біледі.

Атеизммен қаруланған қызметкер келіншек төмен қарады .

– Біз келушілердің алдын-ала кестесін жасаймыз. Негізінен көктем шығарда, күз басталарда келмеген дұрыс. Бұл кезде мұндағылардың жүйкесі қозып, әртүрлі сөздер айтып кетеді. Гуля, ағаңмен қоштасып, палатаңа бара ғой.

Қарындасым менен көзін алмай шұқшиып қарап біраз отырды да:

– Мені қашан алып кетесің? Мен Сарайшықта қала берем бе? – деді.

Жарыместің үміт оты өшпей маздап тұр. Мен болсам, сап-сау басыммен үндей алмадым.

– Енді қашан келесің?

– Келесі жылы оқуды бітірем, сонда келем.

Ол сенер-сенбесін білмей селт тұрып қалды да, қоштаспастан бұрылып жүре берді. Бақылаушы-тәрбиші: «Сізге айтар мәселе бар еді» деп ол шығып кетісімен сөз бастады.

– «Жаман айтпай, жақсы жоқ», сізге ескертіп қояйын. Егер қарындасыңыз олай-бұлай боп кеткен жағдайда, мүрдені алып кетсеңіздер Гуляның жинаған зейнетақы қоры сіздерге беріледі. Ал, егер бас тартсаңыздар, Сарайшықта зират бар, сонда жерленеді, бірақ зейнетақы қоры қайтарылмайды.

– Оған әлі ерте емес пе?

– «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Ескерту біздің міндетіміз. Мына жерге қол қойыңыз, – деді де, үстел тартпасынан екі бет қағаз шығарып, «Таныстым» деген тұсқа қол қойғызып алды. Не жазылғанын оқымадым, бәрін де көзіммен емес, көңіліммен оқып тұрмын.

Гүлзада сұлық қоштасқан күйі жатар орнына кетті. Мен жолға шығып, көрген-білгенімді әулеттің үлкені – алдымдағы әпкеме айтқанша асықтым. Екі күн жол жүріп, әпкемді көргенде ол бірден Гүлзаданың зейнетақы қорын сұрады. Оған бәрін тәптіштеп  түсіндіріп бердім.

– Бір шаршы метр жер беріп, бір уыс топырақпен көмгені үшін бүкіл зейнетақысын жегені ме? Енді бұлар жарыместің ақшасын жеуге шықты ғой… — деп шамданып тұрып алды.

– Гүлжаһан, Гүлзада өлген жоқ, тірі ғой. Мүмкін, алып келерміз.

– Ол– тірі өлік. Мен оны алып келе алмаймын.

– Онда артынан бір барып, көзіңмен көріп қайтпайсың ба?

– Көзім жарамайды. Катарактыға операция жасатайын деп жүрмін.

– Онан да көргім келмейді десейші…

Ысқырып қайнаған құмандағы шәйіне де қарамай үйінен шығып кеттім. Енді Сарайшықтағы қарындасымды қашан көрер екенмін деп армандап келе жатырмын. Күні кеше көрсем де, Құдай мүсәпір ғып жаратқан бір туғаныма деген көкірегімде тұнған сағыныш лапылдап жанып, тұлабойым от боп өртеніп келе жатыр.

 

***

Оқуды бітіріп, туған ауылыма агроном боп оралдым. Бала күннен бергі арманым да осы еді. Қара жерге иелік етіп егін егіп, елді асырасақ, мұнан артық кәсіп бар ма? Бірақ, бұрынғыдай далиып жатқан жер жоқ, көлбеп жатқан егістік  жоқ, колхоз тарағалы әркім базардағы саудагердей жерді бөлшектеп сатып алған. Қалтасы қалыңдар мен билік басында отырғандар жердің сүбелісіне ие боп, қалтасы саяздар тыртыңдап, солардың арбасын сүйреп жүр. «Осы… жерді сату дегенді кім шығарды екен?» деп жас маман басым көкірегім мұздай боп ішімнен тынамын. Қатты айтуға «жалғыздың үні шықпас» деп айналамнан қорқам, жалғыз шешем мен әпкемді, алыстағы қарындасымды ойлаймын. Ресейде жер сату деген атымен жоқ, олар баяғы қаба сақал шал Толстойдың «Жерді сатуға болмайды» деген сөзін құран ғып ұстанып қалған, бұл да сақалды шалдың әруағын силағаны емес пе? Біздің де айтып жатқан зиялыларымыз аз емес, бірақ ешкім құлақ аспайды. Беларустар колхоз-совхозды таратпай сақтап қалды, қазір бұрынғыдай бір-бірінің аузына қарап, ұжым боп үйіріліп жүр. Біздегі жекеменшіктің сұрқы жаман, бай мен кедей боп бөлініп, алашапқынға түскен біреу, жылт етіп көзге ілінгеннің бәрін тоқыраудың сарқыншағы деп быт-шытын шығарып талқандап тастадық. Неткен науқаншыл халықпыз. Енді көреміз, жекеменшіктің жетістігін. Әнеукүні, айтуға ұят, аудан орталығына барып едім, әжетханаға ақша төлеп кірдім. Оқуды бітіріп, туған ауылыма келгенде осының бәрін ойлап, көңілім бір тыншымай-ақ қойды. Енді бір айда алғашқы айлықты алақаныма саламын, қалтам томпаятын күнді ойлағанда көңілім сергіп, жеңілдеп қалам. Алғашқы айлығымды қарындасыма жаратам, былтыр «Енді қашан келесің?» дегенде үндемей қалып едім. Мен оның бірге туған ағасы емеспін бе? Құранда да «Мүсәпірді жебе, жақсылық істегенге жақсылық істе, қолыңнан келмесе, үндемей қал» демей ме? Ол біздің әулеттегі Құдай мүсәпір ғып қойған біреу, оның жан дегендегі жалғыз жақыны – менмін, әпкем болса, күйеуі мен бала-шағасынан артылмайды. Осы күндері адамдар бұрынғыдай емес, тасбауыр боп бара жатқандай. Қасына жолай қалсаң, қалта телефоннан басын көтеріп сөйлесуді де қиынсынатын секілді.

Алдын-ала тон пішуге болмайды екен. Қарындасыма бір емес, екі жылда да  бара алмадым. Егістік жерді жыртатын трактор жүрмей қалды, себебі, жанармай қымбат. Күтімі жоқ егін шықпай қалды, себебі, атызға су көлкімеді. Оңтүстіктегі көршілер Сырдарияның суын бөгеп ұстап, бізді ойламады, оларға «қой дейтін қожа» табылмады. Осылайша дән шіркіннен дәме болмады, қалта саяз, көңіл қоңылтақ. Күткен адам күте берсін, оның пешенесіне күту жазылған ғой деп өзімді іштей, қарындасымды сырттай жұбатып, араға үш жыл салып Сарайшыққа жол түсіп отыр. Биылғы егіннің өсуі де, түскен түсімі де жаман болған жоқ. Сырдарияның суын «өзбек өз ағамнан» тартып алғандай болдық, биліктегілер байыптап бір сөз айта алмағасын өзіміз қазақша сөйлестік,  «сулы жер – нулы жер» деген мәтелімізде мін жоқ, ісіміз де соған сай болса ғой. Енді екі адамдық купесі бар жүрдек пойызға билет алып, екі күнде Сарайшыққа жетіп, қарындасыммен жүздесем.

– Сені аудан әкімі шақырып жатыр, – деді ұжым төрағасы ойламаған жерден. Үш шақырым жердегі әкімшілікке тайқар «Коворовец» матасекілімді парылдатып жетіп бардым. Әкім де агроном, жер мен топырақтың жай-күйін білетін адам екенін жұмыс беріп,  жөн сілтегенде байқап қалдым. Тарихтан да хабары жоқ емес.

– Атырауда ұлттық құрылтай өтеді. Түбінде Сарайшық бар, Алтын Орданың астанасы. Соны көресің. Ең бастысы, сен жердің, дәннің жағдайын ойлайтын жігітсің. Оның үстіне Мәскеу көріп, жөйттермен араласқан қақсалсың. Сонда ел мен жердің жағдайын айтып, қазақша сөйлейтін жас маман керек. Сені таңдап отырмыз. Көкірегіңде жүрген түйткілдің бәрін қазақшалап айтып қайт.

– Сарайшықта менің қарындасым бар, – дедім жұлып алғандай.

– Қарындасыңа да барып қайт.

Жүрегім аузыма тығылып шықтым да, жолға дайындалдым. «Сонда Сарайшыққа барып-қайтуым тегін бе? Гүлзада үшін жинаған қаржым бар емес пе? Қарындасым пәк, ниеті адал, сол адал ниетімен шақырып тұр ғой. Енді соған жаратар ақшама қоржынымды толтырып тамақ пен жеміс алам, бір емес, екі торт алам». Бұның бәрі Сарайшықтың қақпасын ашқанға дейінгі еңку-еңку жер шалған қиялымның көріністері.

Құрылтай өтті, мен қазақша сөйлеп, жері сатылып кеткен қазағымның мүшкіл халін жеріне жеткізе  айттым. Мұнайдың үстінде отырып жанар-жағармайдың удай қымбат екенін де  жеткіздім.  Жоғары білімді сыныптастарымның Қытай жалдамалыларына бағынышты боп мұнай бұрғылап жүргенін мысал ғып айтқанымда, көңілім бос қой, көзімнен жас ытқып кетті. Бірақ, сөзімді аяқтағанда ешкім қол соқпады, басқалар сөйлегенде үсті-үстіне қол соққан қатысушы қауым сең соққандай үн-түнсіз қалды. Ел басшысы насыбай атудың зиянды екенін айтқанда ду қол шапалақ залды көмкеріп кетті, дәл бір Коммунистік партияның сиезінде Бас хатшы сөйлегендей қазанға бидай қуырылды. Оу, насыбай деген «жынды шөп» пен арақтың қасында «қой аузынан шөп алмас» баладай ғой. Қазақ бір-бірімен «шақшаңды бер» деп силасқан халық емес пе? Құрылтайда айтатын қауырт мәселе құрып қалғандай… егіске жетпей жатқан су мен аяқ астынан тұтанып жатқан өртке тосқауыл қойуды неге айтпайды? Тасқын да әлсіз бөгеттерді бұзып кетіп жатыр. Бірінші басшы кілең қазаққа қарап, бірде қазақша, бірде орысша сөйледі, бұл да көңіліме жақпады. Өзі өкпешіл боп туған басым өкпем қара қазандай боп саяхаттауға арналған соңғы күні топтан сытылып кеттім де, тағы бір «Москвичке» отырып ап  Сарайшыққа бір-ақ тарттым. Бір сағатта жарыместер үйі аталған жап-жалпақ жатаған тамның алдында тұрмын. Сол көзілдірікті ашаң кісі ала таяқты күзетіп отыр. Зерек екен, бірден таныды.

– Бұрын бір рет келдің ғой, – деді де, қара телефонның құлағын көтерді. – Тұлпаркүл, былтыр ма, алдыңғы жылы ма, келген бір кісі тағы келіп тұр. Кім еді? – деп маған қарай мойнын бұрды.

– Гүлзада.

Тағы да сол сымбатты келіншек екі тізесі бұлтиып, жіті басып аяңдап келе жатыр. Арада өткен үш жылда кескіні сәл кексе тартайын депті. Ол да мені бірден таныды, бірақ жүзі жайдары емес, өңінде салқындық бар. Мені үн-түнсіз ала таяқтан өткізіп алды да, алға түсті. Үш жыл бұрын қарындасым анадайдан солқылдап жылап келе жатқанда біреулер: «Гуля жетім, Гуля жетім» деп тіл безеп мазақтап тұрып еді, бұ жолы не дер екен? «Ол жетім емес, міне, мен – туған ағасы, тағы да іздеп келе жатырмын» деп ала қапшықтағы тамақ пен жемісті ауырсынбай иығыма салдым. Сол қолымда бірінің үстіне бірі байланған «Надежда» деген атауы бар екі торт. Гүлзадаш өмірдің тәттісін бір тіл үйіріп жесінші деп  өзім де тамсанып қоям.

Тәрбиеші Тұлпаркүл үш жыл бұрынғы бөлмеге алып кірді де, дәл сол Гүлзада отырған көне диванға жайғасты. Бір бөтелке «Сарыағаш» суын быжылдатып гүлді крөшкеге құйды да,  мені қасына отырғызып,  төмен қарап тіл қатты.

– Қарындасыңыздың алдынан жарылқасын! Бір жеті бұрын жүрегін ұстап біраз отырып, «Менің енді ешкімге керегім жоқ» деп қасындағы бөлмелес қызға сөз айтып, жөнеп кетіпті. Сізге телефондап ала алмадық, енді жеделхат арқылы хабар жібергелі жүргенде… Сарайшықтың зиратына жерленді, – деп мен емес, өзі өксіп-өксіп алды. – Жас кетті, жиырма бір деген немене… Бізде бүкіл өмірін осында өткізіп, қартайып о дүниелік болғандар бар. Гүлзада жынды емес, басына бір ауыр зардап келген… дер кезінде емдеткенде айығып кетер ме еді. Оқығанда ғой, бір жерден шығар ма еді. – Тәрбиеші Тұлпаркүл көзін сүртті. Сосын үстел тарпасын ашып, бүртік қыстырғышпен қыстырылған екі бет қағаз ұсынды. – Мынау жерлеуге кеткен шығынның есебі. Квитанция.

Мен қолымды созбадым.

– Өздеріңізде тұра берсін.

– Онда ең жақыны ретінде қол қойыңыз, – деп тағы бір қағазға қол қойғызып алды. Не деп жазылғанын оқығаным жоқ, қарындасыма келген ажалға қол қойып бергендей болдым.

Ала қоржынды қолына ұстаттым, төртбұрыш қораптағы екі тортты да үстел үстіне қойдым.

– Гүлзадаштың құрбы-құрдастарына берерсіз.

– Біз бейсенбі сайын өлі әруақтың атын атап бейсенбілік береміз. Құран оқитын молдамыз бар. Қырқын да өз ережеміз бойынша өткіземіз. Біз Гуляны іздеушісі жоқтардың тізіміне енгізіп қойғанбыз.

– Мен бірге туғанмын, мен де Құран оқытамын, – деп алдына түсіп кеттім. – Жаңағы құлақ-квитанцияңызды беріңізші, әпкеме көрсетейін, – деп быжырлаған жазуы барбір бет қағазды қайтып алдым.

– Әпкеңіз де бар ма еді? Бір рет келмеді ғой.

– Иә, соған көрсетем.

Түртиген қыстырғышпен қыстырылған екі бет жазуы бар жалбыраған қағазды екі бүктеп қалтама салдым.

Алғашқы жалақымды Гүлзадаштың жолына  жарата алмадым. Тегін келіп, тегін қайтып барамын. Ақшаны қойшы, ақша кімге жеткен. Өзін көре алмадым.

– Зират қай жерде?

– Алыс емес, өзіміз алып барамыз. Молданы шақыртайын, – деді тәрбиеші сергек сөйлеп.

– Жоқ, өзім… Құлқуалланы үш қайыра алам, – дедім батыл сөйлеп.

– Жақын жер болса жаяу барайықшы. Сарайшықтың топырағын еркін басқым кеп тұр.

– Екі-ақ шақырым, – деп Тұлпаркүл алдыма түсті.

Сұлбамды сүйретіп соңынан ердім. Сарайшықта қалған қарындасым шын ниетімді сезсе екен деп Құлқуалланы ішімнен қайталап,  күбірлеп келем.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *