КЕУДЕМ КҮЙ БОП КҮМБІРЛЕДІ…
17.09.2024 0 191
Қуаныш Жазай
1994 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. Халықаралық, Республикалық мүшайралардың жеңімпазы. «Толқынға қарсы» атты жыр кітабы жарық көрген.
ЖЕРШІЛ
Бақай атам сезіммен бір керемет,
Туған жерін сүйеді мүлде бөлек.
Айнымайтын бір түрлі әдеті бар,
Айналса да жер шарын шыр көбелек.
Ұшқын атып жүзінен от шырайлы,
Одан өзге «құбыла» жоқ сыңайлы,
Қайбір үйге қонбасын, ұйықтар сәтте,
– Нарынқолың қай жақта? – деп сұрайды.
Бұл сұрақты сен қалай ұғынасың,
Жауап таппай еріксіз бұғынасың.
Көз іле алмай,
Әр тұсқа басын түзеп,
Кетеді іздеп өзінің «құбыласын».
Қиналмайды, әйтсе де, қарт ұста көп,
Таңғаламын кеудесі компас па деп.
– Ә, осында екен ғой… – деп тыншиды,
Нарынқолға қараған дәл тұсқа кеп.
Болғанына төзе алмай «астаналық»,
Жатады атам сақалын жасқа малып.
Ой-хой, сосын басады қорылына,
Туған жерін басына жастап алып…
РОМАНС
Маздап түнгі маздақ құрлы,
Жалын атқан кеудемен,
Тамып кете жаздап тұрды:
Көкте – жұлдыз,
Жерде – мен.
Таусылғанша түннің демі,
Жанарымыз байланып.
Кеудем күй боп күмбірледі,
Күйсандыққа айналып.
Бір әуенді биіктетіп,
Биіктетіп, аңсарым,
Күйсандыққа тиіп кетіп,
Тиіп кетіп саусағың,
Бір ырғақпен,
Бір леппенен,
Әр нотадан аңқып гүл,
Мың-мың Моцарт,
Мың Бетховен,
Кетті-ай дейсің шалқып бір!
Сол әуенмен сырды – сырға
Қостық
(Керең жан да естір.)
Саусағыңның тұрды ұшында,
Ең… ең Ұлы Оркестр!
Бір алапат сезім кештік,
Сезім кештік, паң күліп.
Айлы түннің көзінде өстіп,
Қалып қойдық мәңгілік!
Осыншалық алып күшті,
Көтере алмай… ал, содан:
Жұлдыз маған тамып түсті,
Тамып кеттім мен саған.
* * *
– «Ақсерек, көксерек,
Бізден сізге кім керек?»
– Қуаныш керек!
Қыр астынан жетеді дауыс кенет.
– Мұндамыз! – деп және бір қол бұлғайды,
Бір қауым ел түр-түсі таныс-бөлек.
Анау – көкем. Таныдым.
Анау – атам,
Әжем анау – мейірімге толы алақан.
Екі өкпемді қолға алып солай қарай,
Солай қарай асығып бара жатам.
Мазасыз ой жанымды жегідей жеп:
«Бұл – өлгендер…
Өлгендер елі ғой» – деп.
– Барма! – дейді,
– Қайт! – дейді артымда анам,
Тасқа аяғы шалынған еңірей кеп.
Аспан да сұр,
Қалды артта далам да сұр,
Алда кілем жаюлы маған жасыл.
Өлгендерді қимаймын – қайтам десем,
Қалам десем – қимаймын анамды асыл.
Екі дүние тұр ашып тең есігін,
Құшады анам тілазар емес ұлын.
Өлгендермен «Ақсерек» ойнап жүрміз,
…Келесі кім?
ҚҰЙЫН
Шумақталды қылды тұзақ —
Көтерілді бір құйын.
Түсіне алмай жүрдім ұзақ,
Табиғаттың бұл «биін».
Мазалаймын қос әпкемді,
— Ол не? — деймін, — неден бұл?..
…Ағам ойыншық жасап берді,
Зырылдауық деген бір.
Зырылдауық, зырыл қағып,
Шыр айналды құйындай.
Қарай бердім күлім қағып,
Екі езуім жиылмай.
Жер әлемнің «жынын қақтық»,
Мен және сол періште.
Алма-кезек зырылдаттық,
Аспан — сыртта, мен — іште.
Зырлайсың-ау, жанды жеген,
Ой, өмір-ай бес күнгі.
Зырылдауық қалды менен,
Бой түзедім, ес кірді.
Жылап-күлем ешкім жоқта,
Сәби шақты ойлап бір.
Аспанға әлі ес кірмепті, ә?
Зырылдауық ойнап жүр…
* * *
…Түн.
Есік қағылды.
Есік қағылды.
– Кім?
Шынашақтай бала едім.
Ес білемін.
Атам сол түн жылытып қошқыл өңін.
«Келді…» деді есіктен көзін алмай,
«Келсе, қане?
Мен неге естімедім?»
Есікті ашпақ боламын.
– Тоқта, ботам…
Қолымды ұзақ аялап отты алақан.
Ұйықтауымды өтінді ыммен ғана,
Құбылаға бет бұрып жатқан атам.
Мендей қырсық болар ма бала атаулы,
Бірге атырдық ұйқысыз ала таңды.
Көз ілуге қорқамын,
Қалғып кетсем,
Біреу ұрлап кетердей жан атамды.
Содан кейін мен оны «күзетпедім»…
Содан кейін мен оны «күзетпедім»…
– Атаң өлді! – дегенді білем, және
Білем алғаш жүрегім тыз еткенін.
Еріксізден мөп-мөлдір тамды да ақық,
Қала бердім көзімді жаудыратып.
…Біреу түнде ұрланып келіп менің
Есігімді қағып жүр соңғы уақыт.
…Түн.
Есік қағылды.
Есік қағылды.
– Кім?
ҚОС ЖАПЫРАҚ
Таптың, бәлкім, басқа тұрақ,
Кеттің, бәлкім, тіпті, алшақ?
Бәрі үзілді… қос жапырақ,
Сені ғана күтті аңсап.
Ойран салып мына басқа,
Небір долы түн өтті.
Бірі – менде, бірі – ағашта,
Қос жапырақ дір етті.
Қос жапырақ… жалғыз үміт…
Кешті тағдыр ойранын.
Ағаштағы қалды үзіліп,
Мендегі ше?..
Беймәлім.
* * *
Ай!
Мұңлық Ай!
Мұңлық Ай!
Екеуімізді серік етті қу құдай.
Маған еріп бекер келдің қалаға,
Не жоғалттың, құрғыр-ай?..
Жалғызсырап мені өледі деп пе едің,
Маған еріп, қане, арманға жеткенің?
Орта жолдан Мойнақ ерді, сен аздай,
Ерме! – дедім,
Кет! – дедім.
Екеуіңді бір сыбап,
Қара тасты уысыма ап,
Құлаштай кеп атып қалдым, обал-ай,
Тиді, білем –
Қыңсылап,
Мойнақ қалды өкпелі,
Ойлап қалды қаныпезер деп мені.
Қал! – деп саған қайыра бір тас аттым,
Атқан тасым жетпеді.
Тұрсың енді жанарыңнан тамып шық…
Мойнақ құрлы болмадың ғой,
Талықсып,
Талып ұйықтап жатпас па едің ауылда,
Ауызыңнан ағып сүт…
Ай!
Мұңлық Ай!
Қате кетті, кеш, менен,
Жөн еді ғой мен бейбаққа ілеспеген.
Маған еріп бекер келдің қалаға,
Ал, келмесең… не істер ем?
ҚОШТАСУ
Тоқта!
Бөліп алайық:
Алматының жарты бұлты – сенікі,
Алматының жарты бұлты – менікі.
Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,
Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.
Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,
Ал, ала кет… құзырыңда ол сенің.
Жадырасын аспан да сұр,
Жер де сұр,
Бар, нөсерлет,
Гүл біткенді шөлге өсір.
Екеуміздің қайғымызды той қылып,
Екі жақта ел қуансын көл-көсір.
Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,
Мұнда – шуақ,
Онда – нөсер жоқтатпа…
…Менің бұлтым желді күні –
жел жаққа,
Күн көзіне төселеді – аптапта.
Менің бұлтым –
Қалса ашылып етегі,
Аруларды киіндіріп өтеді.
Анда-санда сағынғанда өзіңді,
Алматыны жылатуға жетеді.
* * *
Неге ертерек сөнді сезім,
Неге өзгерді шешімің?
Сағыныш па енді сенің
Есімің?
Саған бақыт мен тіледім,
Жасадым да кешірім.
Жалғыздық па енді менің
Есімім?
СЫРҒАНАҚ
Анау бала мен емес пе,
Жақын әрі неге алыс тым?
Ала таңнан қара кешке,
Сырғанаған демалыс күн.
Тақымында қара шана,
Тебінсе, ой-хой, ала қашпақ.
Қас қаққанша бала-шаға,
Оқ бойы озып барады асқақ.
Салады асқақ Көкке көзін,
Қиял шоғын өтеді үрлеп:
«Шаң қаптырып» кеткен өзін,
Күнді қуып жетемін деп…
Жеткізбеді Күн бірақ та,
Жүйрік екен шанасы оның.
Қалды бала бір қыратта,
Үнсіз жұтып нала-шерін.
Сол қиялшыл «дара батыр»,
Қош айтысқан бала күнмен.
Күндер жүйткіп бара жатыр,
Өңшең жүйрік шана мінген…
* * *
Саған күнді жібердім, жаным,
Алты қырдан әрі асып,
Жеті қырды тағы асып,
Елемедім алда не бар – тау, құм ба,
Айлық жолды екі-ақ аттай салдым да,
Сарайына бардым да,
Ұйқысынан ерте оятып алдым да,
Асықтырдым еркем күтіп қалды деп.
Жүзін жуды дара шық –
Шыға келді мөлдіреп.
Үлбіреген күміс шашын тарасып,
Әлсіз еді – әл бердім,
Сәнсіз еді – сән бердім,
Жүрегімнің әр талшығын суырып,
Сәуле ілдім.
Көкірегімнің отын құйдым – ол бейбақ
Жанып кете жаздады.
Саған деген сағынышымнан аумай ғап,
Маздады.
Ала бұлтты – Оңтүстікке,
Қара бұлтты – Солтүстікке,
Қақ айырып бөлдім де,
Жолын ашып бердім де,
Саған күнді жібердім, жаным,
Күліп атты ол. Көрдің бе?
* * *
Туған жер!
Сен дегенде дара шауып,
Көргем жоқ алды-артыма қара салып.
Бір тентек қиядан тас домалатса,
Биігің қала ма деп аласарып,
Шарқ ұрам кеткендей-ақ құдай безіп,
Дұғамды күбірлеймін түн, ай кезіп.
Әлгі тас жанарыңнан домалай кеп,
Менің дәл жүрегіме құлайды езіп.
Шап-шағын болмысыма сыйып кеткен,
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Тұрмын мен теңестіріп иық көкпен!
Жол жүрсем, қимастықпен бара жатып,
Қараймын отты көзді саған атып.
Білмеймін, сені аңсасам, тас па, жас па,
Отырам әлденені домалатып…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.