ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ  ЖЕҢІЛ ЖОЛЫ ЖОҚ  НЕМЕСЕ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА  ОЙЫНДАРЫ ТУРАЛЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ  ЖЕҢІЛ ЖОЛЫ ЖОҚ  НЕМЕСЕ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА  ОЙЫНДАРЫ ТУРАЛЫ
Майра Алдабергенова Жарыс дегенде, ішкен асымызды жерге қоятын халық кім десе, бірінші көрсететін халықтың біріміз. Ата-бабамыз ұлттық спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, намыс пен... ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ  ЖЕҢІЛ ЖОЛЫ ЖОҚ  НЕМЕСЕ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА  ОЙЫНДАРЫ ТУРАЛЫ

Майра Алдабергенова

Жарыс дегенде, ішкен асымызды жерге қоятын халық кім десе, бірінші көрсететін халықтың біріміз. Ата-бабамыз ұлттық спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, намыс пен жігерді бірге қайрап аттың құлағында ойнаған, оны атадан балаға мирас етіп қалдырғаны жасырын емес. Сондықтан, қанда бар нәрсе тектен-текке бір орында жатпаса керек. Арада қанша ғасыр өтсе де, қазіргі ұрпақ жарыс десе, Олимпиада десе, атымыз озып келуін Құдайдан тілеп, тақым қысып көгілдір экранға, ұялы телефонға телміреміз. Ертеден келе жатқан ұлттық спорт түрлері: көкпар, бәйге, ат жарыс, ұлттық ойындарымыз: асық, тоғызқұмалақ, Қыз қуу десек, осының барлығы ат құлағында ойнаған халықтың өмір салтын, мінезін көз алдыңа келтіреді. Сондықтан болар, биылғы жазғыОлимпиадада жүлде қорына бір ғана алтын түскенге, көңіл-күйіміз болмай еңсеміз жаншылды. Ал, алтын медаль алып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды төбемізге көтеруде, өмір бойы мақтан тұтуда, жастарға үлгі етуде алдымызға жан салмаймыз. Мәселен: Ермахан Ибраимов, Бекзат Сәттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Геннадий Головкин сияқты бокс чемпиондарының есімін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жақсы біледі.

Алтын олжалап, әлем чемпионы атанған спортшыларды Олимпиада өткен Париж төрінен келген бетте әуежайдан қарсы алып, ат мінгізіп, шапан жауып қарсы алдық. Жергілікті әкімдік аппараты, қалталы кәсіпкерлерчемпиондарға пәтер сыйлап, көлік мінгізді. Ал, ақшалай сыйақыға келсек, бірінші орын алған әлем чемпионы 250 мың АҚШ долларымен марапатталса, күміс медаль иегері 150 мың доллар, қола жүлдегер 75 мың доллар алды. Жалпы алтыншы орынға дейін орын алған спортшы ақшалай марапатталды.

Спортты өмірінің мақсаты етіп, қаршадайынан дайындықта жүрген жеткіншектердің еңбегі ұшан-теңіз. Жанымен, тәнімен таңдаған спортының бүге-шігесін меңгергенше жаттығу залында шеберлігін шыңдап, қара терге малынған спортшының мақсаты айқын. Осылайша, қажырлы еңбектің, күрескерлік сананың, алға ұмтылыстың арқасында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанып қалың топтан суырылып шығады. Алдымен елінің абыройын асқақтатып, өздері жетістік мен мен беделдің биігінде жарқырайды. Бірақ спортшы біткеннің барлығы осындай бақыттың, яғни жеңіс тұғырының биігінен көрінбейді. Жеңістің тасасында қалып қоятындары қаншама. Яғни, бағы жанғандар озса, бабы келсе де бағы жанбағандар бір төбе болып қала береді.Өкінішті, бірақ өмір заңы. Сондықтан әрбір спортшының арманы Олимпиада чемпионы атану.

Сонымен, тақырыпты біржола биылғы жазғы Олимпиадаға бұрмас бұрын Қазақстандағы спорттың жағдайы туралы біраз тоқталайық. Әрине жетістіктер де жеткілікті, олқылықтар да белшеден асады. Мәселен, тәуелсіздігімізді жариялағалы бері елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынған және 2 мыңнан астам спорт залыбой көтерген. Ұлттық спортты да дамыту қолға алынып, қазақ күресі, асық, тоғызқұмалақ, саятшылық ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне енген.  Осы уақытқа дейін мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром ашылған. Бұл инфрақұрылым жағынан жеткен жетістіктер.

Осыған дейін бокстан әлем чемпиондары көбірек шыққандықтан, Олимпиадада үміт артатын спорт түрі – бокс болып саналды.Бірақ, биылғы Париж-2024 жазғы Олимпиадасында төмен нәтиже көрсетті деп,аталмыш спорттың жанкүйерлерінің салы суға кетті. Спорт сарапшыларының сарабынша, осы қалыптасқан қатаң көзқарасты жоятын кез жеткен секілді. Оның орнына басқа спорт түрлеріне көңіл аударып, жастарды жан-жақты тәрбиелейтін кез жеткен сыңайлы. Осы көзқарасты биылғы Олимпиада нәтижесі дәлелдеді. Себебі құрама команда дзюдо, грек-рим күресі, пневматикалық мылтықпен нысананы көздеу, қыздар арасындағы бокс, спорттық гимнастика сияқты спорт түрлерінен жетістікке жетті. Яғни, «боксты дамыту керек, біз бокстан мықтымыз» сияқты ескі қағиданы өзгертетін уақыт жеткен сыңайлы.

Спорттың дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында ерекше назар аударады. Солардың кейбіреуіне кезек берсек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашуға баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын.

2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деп атап өткен.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді.

Бұл жасалып жатқан жобалардың біразы ғана. Дегенмен, мақтанғанға келгенде, жол бермейтін қазекең сынға келгенде желкеміздікері тартып қалады. Спорттың дамуына, Олимпиада сияқты жарыстарда көш бастау үшін сарапшылардың айтуынша, спорттық ғылым мен спорттық медицинаны дамыту қажет.Ауқымды территорияны алып жатқан Қазақстан халқы үшін Спорт  академиясы  жанынан ашылған бір ғана Ғылыми-зерттеу институты аздық етеді. Яғни, спорттық ғылымды өркендету арқылы, инновацияландыру жолымен жеңіс төрінен көріне аламыз. Екінші кемшілік – спорттық медицинаның кенже қалуы. Ғаламтор сөздігінде: «Спорттық медицина – дене тәрбиесі мен спорттың денсаулыққа, дене дамуы мен ағзаның функционалдық мүмкіндіктеріне әсерін зерттейтін медицинаның саласы» деп көрсетілген.

Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған Спорттық медицина бөлімінің қызметі спортшыларды, спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын тұлғаларды медициналық қарап тексеру.Осы міндеттер қаншалықты атқарылып жатыр? Осы жағы күмәнді. Жақсы мамандарды спорттық медицинаға тартып, бір ізге қою арқылы спортшылардың кәсіби, физикалық даярлығын шыңдаймыз. Еститін құлақ болса, келесі Олимпиадаға дейін спорттың олқылығы түзеліп, биылғы жазғы Олимпиададан қарағанда едеуір жетістіктерге жетеміз деген сенім мол. Солай болғай.

Енді әңгіме ауанын жазғы Олимпиада ойындарының шығу тарихына бұрсақ.
Олимпиада ойындары немесе Олимпиада төрт жылда бір рет өткізілетін ең ірі халықаралық кешенді спорттық жарыс. Ежелгі Грекияда болған дәстүр, XIX ғасырдың соңында француздық қоғам қайраткері барон Пьер де Кубертенмен жаңартылды. Алғашқы кезде тек қана жазғы Олимпиада ойындары, төрт жылда бір рет өткізіліп отыратын, дүниежүзілік соғыстар болған жылдарды қоспағанда. 1924 жылы жазғы ойындарымен қатар қысқы Олимпиада ойындары да өткізіле бастаған. Бірақ 1994 жылдан бастап жазғы және қысқы ойындар екі жылдық айырмашылықпен өтіп тұрған. Олимпиада ойындарының ұраны бәріміз білетіндей: «Тезірек, жоғарырақ, күштірек».
Олимпиада ойындарын ежелгі адамзат баласының өткен тарихының дамуымен байланыстырады. Осы күнге дейін ойынның пайда болу мерзімі нақты айтылмаған. Олимпиада ойындарының пайда болу себебі нақты болмаса да, Олимпиада ойындарының пайда болуы жайында эллиндерде бірнеше қызықты аңыздар бар. Алғашқы ойындар Зевс құдайының құрметіне б.з.д. 776 жылдан бастап төрт жылда бір рет Олимпия қаласында өткізілетін. Кейін б.з. 394 жылы Византия императоры Федосий І-нің бұйрығы бойынша тоқтатылды.
ХІХ ғасырдың орта кезінде Грекияда олимпиада ойындарын қайта жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалды. Сөйтіп, 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афинада грек спортшыларының қатысуымен секіру, жүгіру, диск, найза лақтыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Шынында, спорт жанкүйерлері үшін төрт жылда бір келетін Олимпиада кішігірім мереке сияқты. Көңілі тасып, телміре спортшылардың жетіс-тіктеріне қуанатын кез, жеңілістеріне күйінетін сәт. Биылғы Париж-2024 жазғы Олимпиадасының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Барлығы үш мыңнан астам әнші, бишілер жұмылдырылған шоу әлемнің аузын аштырып, санасын телміртті. Әрине, сын айтып жатқандар да көп. Дегенмен, спортшылар бір желпініп, Сена өзенінің бойында қанатын қағып, құлшынып қалды. Эйфел мұнарасы, Құдай-ана соборының маңындағы әсемдікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемнің 205 мемлекеті қатысқан шеруге алғашқылардың бірі болып Ауғанстан, Алжир, Оңтүстік Африка, Албания сияқты мемлекеттердің құрама командалары қа-йықпен жүзіп өтті. Жүз жылдан кейін Парижде жанған Олимпиаданың алауы француздардың беделін бір көтеріп тастады. Француз тілінде құттықтау сөздер айтылып, ән шыр-қалып, француздардың төбесі көкке бес елі жетпей қалды. Енді бұл Олимпиаданың бір ерекшелігін атасақ, 1896 жылы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада тек қана ерлер қауымы бақ сынаса, мұнда ерлер мен әйелдер саны теңестірілді. Бұл Олим-пиаданың тағы бір ерекшелігі каратэ, бейсбол, софтбол сияқты спорт түрлері жарыс тізімінен алынып тас-талып, спорттың брекдэнс түрінің қосылуы болды.
Қазақстанның спорт құрамасынан Олимпиадаға барлығы 78 спортшы қатысты. Өкінішке орай, Олимпиада болатын күні екі спортшымыз денсаулығына байланысты жарыстан шеттетілді. 25 спорт түрінен жи-
нақталған құрама команданың 54 спортшысы бірінші рет Олимпиадаға қатысты. Яғни, жас спортшылардың саны басым болды.
Сонымен қорытынды есеп бо-йынша Қазақстанның спорт құрамасы 43-ші орынды қанағат тұтты. Алайда, сарапшылар бұл көрсеткішті Токио Олимпиадасынан қарағанда дұрысырақ болды деген баға берді. Дегенмен бір алтын, үш күміс, үш қола жеңіп алған құрама командаға жанкүйерлердің көңілі толмады. Ал, жалпы медаль саны бойынша бірінші орында 40 алтын, 44 күміс, 42 қола медальмен АҚШ, екінші орында 40 алтын, 27 күміс, 24 қола медальмен Қытай, үшінші орында 20 алтын, 12 күміс, 13 қола медальмен Япония жайғасты. Дегенмен, өткенге өкініш жоқ. Қайта жеңіс тұғырынан көрінген сегіз спортшымызды елге оралғанда, құрметпен қарсы алып, мақтан тұттық. Барлық үмітті 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өтетін Олимпиаданың еншісіне бердік. Спортшылар да әттеген-айын келесі Олимпиада еншісіне тастап, ойларын уәдемен қорытындылады. Сонымен, екі аптаға созылған Париж-2024 Олимпиадасының Қазақстан үшін
жеңісті сәттері жайлы қысқаша тоқталсақ.
Алтын медальды қанжығасына байлаған 60 келіге дейінгі салмақта күш сынаған дзюдошы Елдос Сметов бірінші айналымда Нидерланды палуанын тізе бүктіріп, екінші айналымда украиналық палуанды жеңді. Ширек финалда Токио олимпиадасының және 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Янг Ю Вейден басым түсті. Жартылай финалда әлемдік рейтингте үздік бестікке кіретін испаниялық Франциско Гарригостан айласын асырды. Финалда Лука Мхеидземен белдесіп, француз палуанын жеңді.
Келесі қола медальды жеңіп алған Александра Ли, Ислам Сатпаев пневматикалық мылтықпен нысананы көздеуден бір командада бақ сынап қола медальды жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанның спорт құрама командасы үшін күтпеген жағдай болды. Себебі 1996 жылдан бері бірінші рет жеткен жеңістері екен. Айта кетерлігі, аталмыш спорт түрінен 82 ел қатысып, оның тек 19-ы ғана жүлделі орын алғанын ескерсек, бұл жеңістің орны еліміз үшін бір төбе.
Дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып қола медальды жеңіп алды. Ол ақтық сында оңтүстік Кореялық Ан Ба Улды жеңді.
Сондай-ақ, 80 келі салмақ дәрежесінде бокстан күміс медальды жеңіп алған Нұрбек Оралбай ақтық сында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасып ұтылды. Жалпы, боксшылар Олимпиадаға толық құраммен барған, яғни 10 спортшы қатысты.
Бірақ үміт күттірген боксшылар қарсыластарын жеңе алмады.
Биылғы Олимпиадаға алғаш рет бокстан үш әйел боксшы қатысты. Солардың ішінде 50 келі салмақ дәрежесінде Назым Қызайбай жартылай финалға дейін жетіп 6-шы тамызда қытайлық боксшы ЮВумен жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіліп, қола медальды қанағат тұтты.
Тағы бір жеңіс – грек-рим күресінен 35 жастағы Демеу Жадыраев күміс медаль иеленді. Екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Акжол Махмудовты 3:1 есебімен жеңді. Бірақ, финалда жапондық Кисако Наодан жеңілді.
Спорттық гимнастикадан, яғни тұтқалы ат үстінде жаттығу жасаудан Нариман Құрбанов та топ жарып күміс медаль жеңіп алды. Ол өз кезегінде АҚШ, оңтүстік Корея спортшыларын қапыда қалдырды.

Бұл жеңімпаздар тарих сахнасын-да жарқырап есімдері мәңгі қалады. Қалған спортшыларымыз әлі талай белестерді бағындырады деген сеніммен биылғы жазғы Олимпиаданың шымылдығын жаптық. Енді әр жеңістің артында табанды еңбек пен қажыр жатыр десек, әр жеңімпаздың өмірбаяны, еңбек жолы баршаға өнеге. Жастар үлгі алсын, сабақ алсын деген ниетпен биылғы жазғы Олимпиада жеңімпаздары туралы қысқаша мәліметтерге кезек берсек.
Елдос Сметов 1992 жылғы 9-шы қыркүйекте Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында туған Қазақстан-
дық дзюдошы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Рио де Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы (Астана, 2015 жыл), Жастар ара-сындағы Әлем Чемпионы (2010 жыл), Азия Чемпионы (Ташкент, 2016 жыл), Халықаралық «Grand Prix» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, Жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (Бангкок, 2013 жыл), Азия ойындарының жеңімпазы (Инчхон, 2014 жыл).
Елдос Сметов «Париж-2024 Олимпиада» ойындарында дзюдо бойынша Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальды еншіледі. Париждегі ойын-дардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Елдос Сметов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетін тәмамдаған. Әкесі – жеке кәсіпкер, анасы – үй шаруасындағы әйел. Елдос Сметов өзінің дзюдомен кәсіпқой дзюдошы ағасы Жандос Сметовтан үлгі алып, 5 жасынан спортқа белсене араласқан. 1998 жылы 6 жасында Алматыда өткізілген республикалық турнирде алғашқы жеңісіне ие болды. Кейін Елдос Сметов Астанадағы және Алматыдағы спорт интернаттарында оқыған.
Елдос Сметов халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайтында 2017 жылдың қаңтарында жаңартылған дзюдо рейтингісі қатарына кіреді. Ерлер ішіндегі 60 келіге дейінгі салмақ санатына Қазақстаннан келген Елдос Сметов жетекшілік етті, ол өткен жылдың желтоқсан айында татами шеберлерінің тізімінде үшінші орынға ие болды. Оның үстінде Азер-байжанның Орхан Сафаров (екінші орын) және корейлік Ким Вон Джин (бірінші орын) болды.

Ислам Сәтбаев 1998 жылы Алматы қаласында туған. Нысана көздеумен айналысуды 7-сыныптан бастаған. Сәтбаев балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бес жыл жаттыққан соң мамандандырылған жоғары спорт
шеберлігі мектебіне ауысып, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Романович Насоновпен бірге жаттығып, күні бүгінге дейін бірге қызмет етеді. 2021 жылы оқ атудан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. 2023 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында спортшы 10 метрлік пневматикалық мылтықтан атуда төртінші орын иеленіп, 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға квота алған.
2022 жылы Қытайда өткен Жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанған. 2024 жылы 27 шілдеде Парижде өткен Олимпиада ойындарында пневматикалық винтовкадан атудан (Александра Лемен бірге) аралас жұпта қола жүлдегер атанды.

Ғұсман Қырғызбаев 1992 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысында туған. Парижде тұңғыш рет
Олимпиадаға қатысып, дзюдодан
қола медаль иеленді. Осы уақытқа дейінгі жетістіктеріне тоқталсақ: Әлем чемпионатының күміс жүлде-гері (Будапешт, 2021 жыл), Азия чем-пионатының қола жүлдегері (Фуджейра, 2019 жыл), Азия чемпионатының қола жүлдегері (Астана, 2022 жыл), Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің күміс жүлдегері (Астана, 2023 жыл), Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің қола жүлдегері (Тель-Авив, 2021 жыл), Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің жеңімпазы (Абу-Даби, 2019 жыл), Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің қола жүлдегері (Абу-Даби, 2018 жыл).

Нұрбек Оралбай 2000 жылғы 11 маусымда Астана қаласында туған. Париж-2024 жазғы Олимпидасының бокстан күміс иегері. Спорт шебері, әлем чемпионы (2023), Азия чем-пионатының қола жүлдегері (2022), Қазақстанның чемпионы (2021).

Назым Қызайбай 1993 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Жетіген ауылында туған. Қазақстандық бокс-шы, бокстан Қазақстанның 3 дүркін, Әлемнің 2 дүркін чемпионы. 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының 51 келі салмақта қола жүлдегері.
2014 және 2016 жылы өткен бокстан Әлем чемпионатының чемпионы. Назым Қызайбай 2014 жылы Оңтүстік Кореяда болған турнирде алтын жүлде – Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Юниор чемпионатында қола жүлде, Қытайдағы турнирде 3 орынды иеленді. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы. 2016 жылы Астанада өткен əлемдік турнирде алтын медаль иегері атанды. Әйелдер арасындағы бокстан екі дүркін Əлем чемпионы.

Демеу Жадыраев 1989 жылғы 2 қарашада Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында туған. Грек-рим стиліндегі қазақстандық балуан, 2024 жылғы Париж қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойын-
дарының күміс жүлдегері. Күреспен 2001 жылдан бастап айналысады,
2007 жылдан бері Боранбек Қоңыратовпен жаттығады. 2015 жылы 66 келіге дейінгі санаттағы Азия чемпио-натының қола жүлдегері атанды. 2016 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2017 жылғы әлем чемпионатының 71 келіге дейінгі санаттағы күміс жүлдегері.

Нариман Құрбанов 1997 жылғы 6 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақстандық гимнаст, 2024
жылғы Жазғы Олимпиада ойында-рының күміс жүлдегері. Гимнастикамен бес жасынан бастап айналыс-ты. Бапкері әкесі – Құсанжан Құрбанов. 2022 жылғы Азия ойындарында қола жүлде алды. Сол жылы Доһада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. 2023, 2024 жылғы Азия чемпионы.
Осымен биылғы «Париж-2024 жазғы Олимпиада» ойындарының жеңісті күндері мен жеңімпаздары туралы әңгімемізді тәмамдаймыз.
Әрине, отандық БАҚ әлі талай жазады, суреттерін жариялайды, сұхбаттарын ұсынады. Себебі әрбір чемпион ел тұғырын биікке көтеріп, Қазақстанның әлемдік аренадағы салмағын арттырған азамат. Олар туралы қалай жазсақ та, тебіренсек те аздық етеді. Қалай мақтансақ та жарасады. Сондықтан келешекте еліміздің байрағын асқақтататын осындай чемпиондардың саны арта берсін деген тілек білдіреміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *