ҚАЗАҚ СПОРТЫ: СЕБЕП ПЕН САЛДАР
21.08.2024 0 133
Бақтияр ТАЙЖАН,
Спортшылар туралы көптеген көркем деректер мен келелі мақалалардың авторы. «Қазақ балуандары» және «Қазақ боксшылары» жинағын құрастыруға қатысты («Ер Даулет» агенттігі). С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты
Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырханның жеңісін спорттағы Батыраш Қотыраштар ұрлап алғаннан кейін мен үшін Париж олимпиадасының қызығы тарқады. Ауылға кеттім. Арқаға. Бал балалығымның ізі қалған Ералиев ауылына.
Үлкен асқа бардық. Тама тайпасының Дәулеткелді тармағынан тарайтын Байболат бабаның қалың қазаққа аты шыққан ұрпағы Тасыбай әулие мен Жолдыбай баба рухына алты алашқа сауын айтылып ас берілді. Бұл қос кісі-батыр Баянның, Абылай хан соғысқа аттанғанда жорық туын ұстайтын әйгілі батырдың қалмақ қонтайшысының қызынан туған. Алғашқы ұл дүниеге келгенде ұлы хан мейірленіп:
«осы келін келгелі елімізде тыныштық болып, берекеміз кірді. Астық, тастық. Баланың есімі Тасыбай болсын» деген екен.
Жетіқоңырды жайлаған қос бабаның әз сүйегі жерге тиген әулие Жартаста құрбандыққа боз бие шалынып, ас берілді. Хатым құран түсірілді. Алқалаған ағайынға тарихтың құпия сырлары ақтарылды. Ертеңінде Мәдениет үйінде конференция өтті. Бізге де баяндама жасау тапсырылған еді. Біздің кеп халықтың бірлік, ынтымағы ғой. Сол жағынан біраз жайтты айттық. Бір әңгүдік қазақтың Қабанбай батырынан бастап, Исатай Маханбетке тіреп, «олар ел, жер үшін емес, дін үшін соғысты» деп тантып еді. Кейінгі кезде әруақтың аты аталса «астапыралла» деп шоршып аспанға секіретіндер көбейіп кетті. Деструктивті ағым үлкен спортқа да жетті. Жеңсе де, жеңілсе де «аллахтың қалауы» деп Отанын ауызға алмайтындар көбейді. Тап осы жерде ұлттық рухты жоғалттық.
Осы адайлар «Пір Бекет» деп әруағынан медет сұрап айқасқа шығып, қазақтың батыс өлкесін кеңейтіп берді. Ермахан Ыбырайымов айтады. Көзсіз ер ғой. Финалда әлем чемпионы Марин Симонды атойлап жеңді. Шоқпардай жұдырығымен көсіп ұрып, жеңісті жұлып алды.
Ермаханды ең көп жазған мен ғой.
«Шаршы алаңнан шығайын десем аяғым тартпайды. Бір тылсым күш тежеп тұр. Сиднейге аттанарда әуелі Алла, сосын арғы бабамыз Сүйінбай әжінің әруағына сиынып шыққам. Сиднейдің аспанын күркіретіп «Әруақ!» деп аттандадым. Денем босап қоя берді. Бойым жеңілейіп, рахат сезімге бөлендім». Деп. Сүйткен қазақ бүгінде әруақтан неге қашады?!
Қазақ әлімсақтан мұсылман. Бірақ, деструктивті ағымдардан сақтанбаса болмайды. Осы Жолдыбай бабаның бел баласы Ерубай би қазақ жері тұтастығы, ел бірлігі, ынтымағы үшін теңіздей тер төккен кісі. Сондықтан, ата-баба әруағын қастерлеу керек. Салт-дәстүр, мәдениеттін ардақтап, соған қызмет етуі керек. Бірақ, жолы осы екен деп ата жарыстыруға, арзан бедел жинауға, бекер мал төкпекке ұшастыруға болмайды.
Мұндай болған. Болып та жатыр. Бола да береді. Бірақ, ұлтты құнсыздандыратын кесел. Осы жағын айттым-ау.
Ертеңінде ауыл сыртындағы атшабарда ұланқайыр ас берілді.
Аламан бәйге. Өгіз көтеру. Қол күрестіру. Балп балп басқан балуандардың белдесуі.
Сахнаның алдында отырған апаларыма сәлем бердім. Ауылдан жырақтап кеткеніме қырық жылдан ауыпты. Біз жас кезінде көрген апа, жеңгелеріміз келісті бәйбішеге, кейуанаға айналыпты. «Өй, «мынау өзіміздің Бәйкеннің баласы ғой». Әй, сен Бақтиярсың ба? «Келші, еңкейші маңдайыңнан сүйейін. Бетімнен сүйеді. Маңдайымнан өбеді. Қолымды әжімді қолдарымен қысады. Ортасында қарқарадай болып ұстазымыз Рабиға апайымыз отыр.
Ақсақалдарға сәлем бердім. Тағы осы сәт. «Бәйкеннің баласы ғой. Әкең өте жақсы адам еді». Ауылымыздың абыз ақсақалы, шежіреші Берген қария сәлем бермедің деп өкпеледі. Ондайым жоқ қой. Клубта алдынан шығып, қолын алғам. Жетелеп орындығына отырғызғам. «Көзім көріңкіремейді, құлақ нашар. Бәсе, Бақтиярда кісілік жоқ еді деп ойлап едім» деп қояды қартың.
Әкем екі ағайынды еді. Құжаттағы есімдері Байдулла, Жанділда. Бір нағашымыз келіп, аузы дуалы екен әскердегі достарының құрметіне Бәйкен, Коля деп қойып кетіпті.
Әкем жарықтық көшелі кісі болатын.
Ішкі мәдениеті жоғары. Кісіге сіз деп сөйлейді. Өз ісінің білгірі. Бұрын училищеде сабақ бергендіктен жаңа техникаға мықты. Кейін денсаулығына байланысты мектепке ауысты. Трактор пәнінен сабақ берді. Керемет түсіндіретін еді дейді шәкірттері. Шешем-Алтын мол пішілген кісі. «Жер қозғалса қозғалмайтын Алтын» десетін ауылдастары. Екеуінің де кісіге қылдай қиянаты жоқ. Бізді де солай тәрбиеледі.
Біз, өзімді айтам, қала көріп сұмдау өсіп қалғанбыз ғой. Әкеміздің жақсы қасиеттері бойымыздан табылғанымен ә дегенге мә деуге шама жетеді.
Кентай деген аталас ағамыз бар еді. Қызы Гүлмира біздің жазған пост астына. «Әкеңізге тартқансыз ғой. Әкем Кентай «Бәйкендей таза адам бұл дүниеде жоқ қой» деп мақтап отыратын деп коммент жазыпты.
Әкеңді мақтап жатса қалай мерейленбейсің. Жасым алпыстан асса да осы аға, әпке, жеңешелеріме мен әлі баламын.
Бақтияр Тайжан деген журналист бұ кісілер үшін түк те авторитет емес.
Бұларға кешегі шалдуар, өздері еркелетіп өсірген бала Бақтияр қымбат.
Әке! Тірі кезінде үмітіңізді ақтай алдық па, білмеймін. Бірақ, отаншыл, ұлтшыл ұл тәрбиелегеніңіз ақиқат. «Сізді дүниеге әкелген әке-шешеңізге мың алғыс» деп жазды ірі кәсіпкер, қазақтың Атымтай Жомарты, қалалық мәслихаттың депутаты Бәйкен Әшірбаев. Бұл бірі ғана. Жазған мақалаларыма үн қосқан жүздеген адамдардан естіген тілек.
«Сіздей қарапайым, кішіпейіл, білімді, текті, ақ көңіл азаматтарымыз көп болсын. Бәрінен бөлексіз, жымиған күлкіңізбен қатал, суық қоғамды жылытасыз, сіздей алтын ағамның болғанына қуанамын, шүкір етемін. Сізді туған анаңызға, тарбие берген әкеңізге мың алғыс!». Дейді Оңтүстіктен тапқан алтын қарындасым Ұлжамал Үсенова.
Ал, ауылдағы аталарым мен әжелерім алпыстан асып, бата берер ағалардың санатына кіріп қалсам да бұлар баяғы бала Бақтиярды көргісі келеді екен.
Інілерімізде өсіп қалыпты. Әкімдіктің баспасөз қызметінде істеген Әмірхан Қаратай ініміз «Бақтияр ағаның олимпиададан жазған мақалаларын таласа тармаса оқитын едік» десе, ауылда да жазғанымды індете оқитын інілерім бар екен. «Суретке түсейікші сізбен» деп қиылады.
Оңтүстікте мені «жауы жоқ адам» деп атайды. Осы өмірде менде бәрі жақсы болды десем өтірік болар еді. Сатқындық көрмедім емес көрдім. Жанымда жақын жүргендерден. Бір құдайға тапсырып, кек алмадым. Құдыретім жетер еді. Төмендегім келмеді. Ауылға келгенде соның бәрін ұмыттым.
Бабаларға арналған ас жоғары деңгейде өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен мың қаралы ел келді. Осынша жұрттың көңілін тауып, шып-шырғасын шығармай өткізген қауым басшысы Қайырбек Кемелов бауырыма рахмет. Іскер жігіт екен. Әкесі Оразбай Кемелов, жұбайы Ғалия біздің сүйікті ұстаздарымыз еді. «Жас келсе-іске» деген осы екен.
Ауылға аға болып барып бала болып қайттым. Ардақты аға, асыл аналар!Аман болыныздаршы. Ғасыр құрдасы болыңыздар.
Әке-шешем келместің кемесіне әлдеқашан мініп кетсе де сіздерден солардың жан жылулығын сезініп қайттым. Бар болыңыздар, жақсы адамдар!
***
Мырзағали Айтжановпен сөйлестім.
Басын кесіп алсаң да өтірікке жоқ, әлдебіреулер сияқты түлкібұлаңға жоқ азамат Парижде әлемнің әр түкпірінен жиналған бапкерлердің Сәкен Бибосыновты нағыз чемпион еді деп танығанын айтты. Ішінде өзбек бапкерлері де болған. Дусматов қандасымыз еді деп өтірікке бармапты. «Алдын ала шешіліп қойған мәселе. Сіздің жігіттер осалдық қылды. Сәкеннің жеңісіне дауымыз жоқ» депті.
Бұл бір жағы ғана. Өзімнің бокс сарапшысы емес, қазақ боксының жақсы жанкүйері екенімді үнемі айтып келемін.Меніңше, бәрі дұрыс болғанда бес жігітіміз финалға шығу керек еді. Олар шыққанда мына Париж олимпиадасының бокс аламаны Өзбекстанның ішкі чемпионаты болмас еді.
Әлеуметтік желіні жиі шолып, осы жағдайлардың бағасын білу үшін бағанмдап отырам, Мырзағалиды бұрыннан жек көретіндердің құдайы беріп қалған сияқты.
Енді біреулер Қазақстан құрамасының босаған бас бапкерлігіне лайықты адам таппай, «Мырзадан асатыны жоқ» деп жатыр.
Әбдімәжит Сыздықбеков деген азамат бар. Ұлтшыл. Кешегі алаш ардақтыларының сарқыты. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына барып, қазақ жанкүйерлеріне басшы болып жүреді.
Әбдімәжит досым телефон шалды. Парижден. Алғашқы күні-ақ. Мына бокс сеткасы өзбек құрамасы үшін жасалған деп. Ала топылы ағайын алды-ала шешіп қойған сияқты. Себептер көп. Біздің елімізге есімі белгісіздеу, ҚР Бокс Федерациясының Президенті Шамұрат Мүтәліптің бұл жағдайдан хабары жоқ.
Әлемдік арена түгілі өзіміздің Қазақстанда есімін шатып бұтып естіген адам Парижде кіммен сөйлеседі, ол кімнің шікірасы?!
Қазақстан боксшыларының жаны қиналып, бапкерлердің алды инфарктан құлаудың алдында тұрғанда біздегі сұмпайылар тар жерде қолтық астынан пышақ ұрып бақты. Біле білсеңіз, мұндай мықты құрам Қазақстан боксында бұрынғы сонды жоқ еді. Бәлкім, Сиднейде болған шығар.
Қазақ боксын алдымен екеу жоққа шығарды. Тұрсынғали Еділов. Бақыт Сәрсекбаев. Баз біреулер оларға ауыр сөз айтасыз, екеуі де мықты ғой дейді.
Рас. Мықты. Бірі атақты бапкер, бірі даңқты боксшы. Бірақ, бүгінгі жағдайда ешкім емес.
Ал, айталық. Еділовпен дос-жар болдық. Сәлеміміз түзу. Бірақ, шындық қымбат. Сиднейден бері жиырма төрт жыл өтіпті. Сынауды жақсы білетін осы бапкер одан бері Ұлттық құрамаға қандай талантты боксшы қосыпты?! Жоқ қой. Жақсы өнім бере алмаған бапкерді бас бапкер ретінда танығысы келгендер уақыты өткен азаматтан не күтеді?!
Бақыт Сәрсекбаев. Өзбекстан құрамасында бірінші болғанымен олимпиадаға бара алмады. Елге оралды. Азамат жасымасын деп қолдап мақалалар жаздық. Жеңіске жетті. Алғашқы үй коммуналдық болып өзі шу көтерді. Жабыла жазып жүріп үйін жекесіне бергіздік. Бейжіңде арыстандай арпалысып, күмәнсіз жеңімпаз болды. Ұшақпен қайтып келеміз. Түбі жоқ аспан. Жұрттың алды тойлап жатыр. Мен Бақыттың жеке бапкері, туған нағашысы Кәрім Махмудовтан жеті қат аспанда сұхбат алдым. Сонда Бақыт нағашысының иығына басып сүйеп, тәтті ұйқыда еді. Кәрім бапкерлер құрамында болмады. Көрермендер қатарында отырды. «Ол менің дауысымды мың адамның ішінен жазбай таниды. Барлық ақылымды мүлтіксіз орындады» деп жарылған осы жеке бапкеріне, Олимп биігіне шығарған туған нағашысына осы Бақыт не істеді. Айтпайын десе айтқызасыздар. Шешесін неге жылатты? Қыздай сүйіп алған жары, балалары туралы тереңдемей-ақ қояйын. Бокста жүрді. Бір шәкірті жоқ. Осындай адамға боксты жерлеуге кім рұқсат берді?!
Осы екеуімен қанша сыйласам да осы қасиетсіздіктерін кешіре алмайды екенмін. Тұрсынғали Еділовпен сыйластығымыз жақсы екенін айттым. Кейінгі сұхбаттарында осы азамат Сиднейден екі алтын, екі күміс әкелгенін, қызметсіз қалғанын айтып шағынып жүр. Рас, еңбегі үлкен. Құрама мықты болды. Бапкерлер корпусында Апачинский, Сафиуллин сияқты бокс корифейлері болды.
Тағы басқа кім болды?!
Біз ұмытып кеткен бір жайт бар. Ол сол кездегі ҚР Бокс Федерациясының президенті, қазақтың біртуар ұлы Нұрлан Балғымбаев. Боксшы болған. КСРО спорт шебері. Шешенстанда өткен студенттер арасындағы халықаралық жарыстың жеңімпазы. Премьер министрдің баспасөз қызметінде жұмыс істеген Шархан Қазығұл ағамыз бір әңгімесінде Балғымбаевтың бетті екендігін мысалдармен айтқан. Үкіметтік Мәжілісте «Каржова бар ма?» деп сұрайды дейді. Әйел заты жоқ болса жұмысын дұрыс істемеген үкімет мүшелерінің шешелерін түгендеп береді екен.
1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды. 1999-2007 жылдар аралығында «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ, «Қазақстанның мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ-ты басқарды. Қазақстан Бокс Федерациясының президенті болды.
…Лондон олимпиадасының алды. Тау бөктеріндегі «Ақбұлақ» санаториында келе жатырмыз. Боксшылардың оқу-жаттығу жиынына. Көлікте жүргізушіні қосқанда төрт адам. «Қазақ боксының бойтұмары» атанған Мүслім Дайырбеков аға. Қазақ боксының профессоры, мемлекеттік жаттықтырушы Серік Әбденалиев және мен. Бастамашы Мүсілім аға қазақ боксының тұрақты демеушісі. Ақшасы көп деп айта алмаймын. Алматыда жақсы араластық.
Баласы ақылдаспай қыруар несиеге жер сатып алған екен, салмақ әкеге түседі ғой. Сонда да арыстандай ағамыз арықтығын білдірмей боксшыларды қолдауға келеді. Кейбіреулер сияқты қазақ боксына түк бермесе де артымен бал ашып, жұрты шатастыратын кәрі азбан емес абадан қасқыр бұл кісі.
Сиднейдегі тарихи жеңіс сөз болды. «Әуелі Алла, сосын Нұрлан Балғымбаевтың ерлігі» деді Серік аға. Әрі қарай індеттік. Премьер Министр болған, кейін ірі мұнай компаниясының президенті әрі Қазақстан Бокс Федерациясының президенті Нұрлан Балғыбаев шойын жұдырық жігіттеріміздің керегінен ақша аямапты. Ірі халықаралық турнирлерге мемлекет көмегінен бөлек қаржы беріп отырған. Сиднейде өтетін олимпиада төрешілерінің семинарын Алматыға сұрап алған.
«Қымбат қонақ үй, үздіксіз жайылған дастархан, қылаусыз күту төрешілерді өте тәнті етті» дейді Серік аға.
Жиналған 50 төрешінің 35-і олимпиада ойындарына төрешілік етеді. Ішінде мен де бармын. Семинар соңында үлкен банкет берілді. Аста-төк дастархан. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Алғаусыз күту, қазақтың ақ пейілі, Басқа да сый-сыяпат болып жатыр. Төрешілер алғысын айтып жеткізе алмайды.
Банкетте Нұрлан ағамыз сөз алады. — Жігіттер, менің сіздерге бір өтінішім бар,-дейді. –Біздің жігіттер жеңіп жатса жеңісін ұрламаңыздаршы. Ал, тепе-тең түсіп жатса өздеріңіз шешесіздер.
Нұрлан Балғымбаевтың құрметін көрген сол төрешілер қазақ боксшыларына барына әділ төрелік жасапты. Дәл есептеген. Бекзат Саттарханов пен Рамаз Палианидің жекпе-жегі өте шиеленісті болды. Таразы басы екі жаққа кезек ауып түсіп жатты. AIBA-ның бірінші вице-президенті түрік Доганели жанұшырып отыр. Бір ұпаймен Бекзат алған шыққан. Мұхтархан Ділдабеков пен Рустам Сайдовтың да жекпе-жегінде төрешілер қазаққа жақ тартқан. Екі минуттан төрт раундтық айқас. Ермахан үшінші раундта финалда әлем чемпионы Марин Симоннан екі ұпайға ұтылып жатыр. Соңғы раундта Ермаханның бір-екі соққысы саналмаса алтын жоқ еді.
Осы үш жекпе-жекте де таразының басы қазақ жағына ауған. Балғымбаевқа деген құрмет төрешілердің қараулығына жол бермеген.
Серік аға осыны айтып еді.
Париждегідей төрешілік болғанда осы үш батырымыздың жеңіске жетуі екі талай-тын.
Ал, Парижде не болдық?! Қазақстан спорт министрі мен ҰОК-і Президентінің түрі анау. Ақырып теңдік сұрайтын аға жоқ болған соң қазақ боксы аяққа тапталды. Әйтеуір, біреу таяқ жеп, соққының өзіне алу үшін Мырзағали бастаған жігіттерді құрбандылыққа шалып жібердік. Обал болды. Өте обал болды. Марат Жақиев, Нүркен Андасовтар-өте тәжірибелі бапкерлер болатын.
Ал, өзбек бауырлар жарады. Шеше алды күрмеулі мәселені. Саудада қолы жүретін ала топылы ағайын Олимпиада ойындарын Өзбекстанның ішкі чемпионатымен шатастырып алды-ау деймін. Мейлі, «өз ағам өзбекке» осы жеңіс құтты болсын. Бірақ, осы келеңсіздіктер АҚШ-та өтетін олимпиада ойындарында бокстың жерленуіне алып келіп жатыр.
Ұлтымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің төмендегідей жыр жолдары бар: «Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл; Келеміз қадірлемей ірісін де!».
Нұрлан Балғымбаевы жоқ, Бекет Махмудовы жоқ бұл олимпиада алтын алуға қабілеті бар шойын жұдырық жігіттеріміздін жігерін жасытты. Қазақтың Шерханы айтқандай, бір кем дүние…
Ал, біз, өңкей шуылдақтар, әлем мойындап, тәжірибесіне бас иген Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалып жібердік.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.