Даража Нәбиқызы БАЛАПАН
14.07.2024 0 381
Заңгер, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Т. Айбергенов атындағы əдеби сыйлықтың иегері. “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мекемелерінде заң қызметтерінің басшысы, департаменттер директоры, ұйымдастыру-құқықтық және корпоративтік жұмыстар жөнінде атқарушы директор лауазымдарын атқарған.
«Айсыз түнгі құс жолы» назым-дастаны, «Ұлы дала рухы» өлеңдер жинағы, «Тоба қазық» повесті жарық көрген.
БІР ҮЗІК СЫР…
(Ата рухымен тілдесу)
Тағдыр-Тәңірдің ісі.
Күлтегін
«ТОБА ҚАЗЫҚ» ескерткіші
Иіріміне іліккен дүлей-кердің1,
Жатта қалды сүйегі талай ердің.
Жастық жалын өткенмен ГУЛАГ-тарда,
Топырағы бұйырды туған жердің.
Бұршақ2 салды мойнына сенің жарың,
Қақыратып қамалын қайғы-шердің.
Тоба қазық таянып айдалада,
Тіні үзілді, беймезгіл алтын-зердің.
Бәлкім, оның тілеуі елге оралтқан –
Арасынан қасірет, қан мен тердің.
Іздегенде жүрегің сол бейнені,
Жанарыңнан сағыныш, мұңды көрдім.
Ұқсатып жан-жарына болмысымды,
Жан-дүниесі толқитын есіл ердің.
Ернің тиген алғашқы немереңді,
Еркелетіп, деуші едің: «назаркердім»3.
Иткөйлегім жейдеңе тігіп қойған,
Пәкизат, жоралғысы Шілтендердің4.
Қатепті қара нардай, қайран атам,
Нелер жүкті кеудеңмен көтермедің?!
Пролетарлық жүйенің қолшоқпары,
«Ат айырып, алдынан ағаш кердің».
Ерік болса басыңда аяулыңа,
Бір ескерткіш қоя алмай өтер ме едің?
Сабырың болмағанда күлге айналып,
Өкініштен өртеніп кетер ме едің?
Рухы берік азамат, «халық жауы»,
Сен өмірден озғанда он бесте едім.
Бүгінде бәрі өзгерді, ақталдыңдар,
Кеңес-тарих, елесі – келмес-керім.
Эпилог:
Репрессия құрбаны Зейфун ханымның аяулы жары да, бауыр еті баласы да мүрдесі қалған жерге бір ескерткіш қоя алмай, дұға бағыштаумен өмірден өтті. Себебі, мемлекеттік қауіпсіздік қомитетінің көз қырында болған біреуі — «халық жауы», екіншісі — «кеңес детдомы қамқорлап, қарық қылған» «халық жауының» баласы еді. 70 жыл салтанат құрған кеңестер жүйесінде құрбандар да, ұрпақтары да құрметке лайықсыз болды, еске алуға да рұхсат етілмеді. Олардың аманаттарын немерелері орындады.
2017 жылдың 31 мамырында 1710 жылы қазақтың алғашқы құрылтайы өткен «Құлжұмыр-Қасқатөбе» тұсын-дағы сүйегі жатқан жерге белгітас орнатты. Ескерткіштің атауы – «ТОБА ҚАЗЫҚ». Ол жерде, аяулы ана тоба қазығына таянды, сүті тамды, денесін нұр пәктеді, боз даласы боздады, жалған дүние де жылап қоштасты…
Түсініктеме:
1. Дүлей-кер — ауыр жағдай, қасірет белгісі.
2. Бұршақ салу — мойнына белгі салып, құрбандыққа барып тілек тілеу.
3. Назаркерді – назасы қатты, ықыласы қабыл, бұлтты адам. (Бабалардың сөз қорында: «назары хақты, наласы қатты, жанары отты» деген сөз тіркестері қалыптасқан).
4. Шілтен – Періште.
Сан тараулы тарихымыз тоғысқан
Ұлы жол Ұлы далада жатыр.
Автор
ҰЛТ ЖАЙЛАУЫ, ҰЛЫҒЫМ,
ҰЛЫ ДАЛАМ!
Киелі, ұланғайыр, Ұлы далам,
Ғажайып сырларыңа іңкәр ғалам.
Бір уыс топырағын, қарыс жерін,
Жанын беріп қорғаған жаудан бабам.
Басқаның таласына түсірмеймін,
Баға жетпес қазынам, асыл мұрам.
Ұлт сыйладың, тек бердің, бай тілімнен,
Марсқа да өрнектеп көпір салам.
«Жібек жолын» жалғаған жота-жонның,
Тарих-хатта ізі бар тарам-тарам.
Бір заманда жоғалтқан өзендерін,
Қайта шайқап тірілткен құрсақханам.
Олар – Сейхун, Танаис, Яксарт еді,
Мирасы – қайта өнген Сырдариям,
Тұранның шөлін басқан Жейхун-Оксус-
Аралдың бір бұрымы Әмудариям.
Теңізден айрылғанда «Үш шоқысы»,
Жетімсіреп тұратын сыр-қариям.
Ұлтанынан тұз ұшып, адамзатты,
Шырт ұйқыдан оятты үн-жариям.
«Аралды құтқарам», – деп армандады,
Азаматтар жүйелеп небір толғам.
Табаны тамырланып теңіз келді,
Қайта айналып қасірет тозағынан.
…Құтқарды.., теңіз келді.., енді аманат,
Қарашығы көзіңнің, білгін балам.
«Рухани жаңғыру» – ұлт қуаты,
Қасиет, тұңғиық-сыр сенен табам.
Әлемнің ғылымына азық болар,
Ұлы істерің көп сенің, Ұлы далам!
Бабалардың рухы қонақтаған,
Ұлт жайлауы, Ұлығым, Ұлы далам!
О, туған жер,
…Келемін, әлі, келемін,
Өзің берген ұшқыннан,
Лаулатып жалын беремін…
Автор
Туған жердің жалқыны
Төбемнен тұрды ай қарап,
Жібектей самал аймалап,
Ізіне күннің қараймын,
Көзімді қолмен қалқалап.
Көкжиек кетіп барады,
Алауды жанған арқалап.
Мынандай бояу таппаспын,
Шарласам сені шартарап?!
Ерекше мейірім төгесің,
Жанымды нұрмен жаңқалап.
Қарашы, қандай керемет,
Маужырап жатқан қыр-алап?!
Сәл кідірші, ей, алау,
Ғанибет саған әр қарау?!
Сабақтап жатыр жүрегім,
Бояуды тіндеп сан-тарау.
Қарадың ұзақ мейріммен,
Дегендей: «сүйсін, балам-ау».
Салтанат құрып көшеді,
Көкжиек, жалқын, жағалау.
Сезімді салып барасың,
Алдымда әсем таң бар-ау?!
Қарашы, қандай керемет,
Жаны сұлу жандар-ау?!
Қоштаспаймын, келемін,
Желкенін тартып кеменің.
Келемін талай, келемін,
Шарлаймын құмын төбенің.
Сырыңды ұғып қайтамын,
Көзіндей көріп көненің.
Қорамса, қоңды, көзайым,
Қоржыны ерен жебенің.
Жанымда мәңгі жүреді,
Сыйлаған алмас-беренің.
Өзіңнен алдым, туған жер,
Жайсаң жанымның керегін…
О, пәлі:
«Дәрінің «қара тоқтысының» аяғына шалынып, Ордаңнан үзіліп қалған
Торымая екенсің ғой, жарықтық…»
Ақжан абыз айтқан деректерден
Мейірімді болыңыз, өйткені Cіз кездес-
тіргендердің бәрі үлкен шайқасқа түседі.
Платон
Торымая туралы баллада
(Торымая — текті жылан, ғайып дүние)
Архетип
Кездейсоқ ғайып, кезіккен өмір жолымнан,
Еншім бәлкім, аянды көрген таңымнан?!
Түндік бауындай ғана, жарықтық, Торымаям,
Жетектеп кеткен, өткелсіз асау ағыннан.
Жүрегім үнсіз жылағанда, түн қатып,
Шырақтай жанып, босатқан мұңның торынан.
Адасқанымда алып шыққан бір сәуле,
Қаптаған қалың, қиырсыз ой-орманнан.
Дүлділ ерттеп, құтқарған ағла періштем,
Қашаған қашқын, бұйдалап алған сағымнан.
Туырлық1 тұттың, турылқас2, үзік3 жауып,
От жандырдың, түндік ашып отаудан.
Ғайыптан, тайып қонған дүр-дүниеге,
Тоқтатып, түйсік түрттің айналамнан.
Бұл не ғажап, біле алмадым, Торымаям,
Сездің нені тамырымдағы қанымнан?!
Ұғынғаным, әйтеуір, тылсым күштің,
Желі тартқан жетегі – «бейсанамнан»4?!
Дөдегеге5 қыстырдың бір зүбаржат6,
Мирас па екен, білмеймін Дәрі анамнан?!
«Кімсің сен, несің», — деймін, жол торыған,
Мына менің, жеркіндік, құба жонымнан?!
О, Жаратқан, кім біледі, үзіліп қалды ма екен,
Ұйысқан орда, текті жыландар – тобыңнан?!
Сен көрінсең жан-дүнием жадырап,
Сырымды айтам, жарылып саған ағымнан.
Ұтырлы күнде ғайыпты қарпып ғарыштан,
Жорға аяғың жөргем өрген бауырдан.
Көрігің ғажап, қорегін алған кілт сомдап,
Қораба7 қоңды, қатталған «баба-тоңымнан».
Жақсы көрем өзіңді, жантілеу – мейріміңді,
Торым менің,торыққан кезде табылған?!
Білмедім бірақ, себепті, таңдауыңды,
Нендей зады таптың сен, өн-бойымнан?!
Кейде ойлаймын, жолыққаныңды:
«мүмкін деп»,
Жарыған уыз, тоғайрақ8 тұтқан тоғымнан…
Түсініктеме:
1. «Туырлық» — киіз үй керегесін уық қа-рынана сырып үзікке дейін жабатын киіз жапқыш.
2. «Турылқас» — туырлықтың кереге басын
сыртынан жауып, үзіктің ішкі бетіне орналастыратын киізден немесе шұғадан юлап жасалған жиектеме(қас).
3. «Үзік» — турылқастың сыртын ала, туырлықтан жоғары жалғасып, уықтың өне бойын жауып, түндіктің астында орналасқан киіз жабынды.
4. «Бейсана» — сананың қатысуынсыз, ойланбай, қасиет арқылы жасалатын әрекет.
5. «Дөдеге» — үзіктің төменгі жиегіне сыртынан жиектеп тілегілетін киіз қалақша.
6. «Зүбаржат» — изумруд (жасыл мұз).
7. «Қораба» — қор, ашытқының негізі.
8. «Тоғайрақ» — малдың қарны мен жұ-мыршағы арасындағы қарынша.
Торымая тұқымдастарынан ерекше:
Сұлу. Тұмарлы. Жүрісі түндік бауындай толқиды. Көзі шығыңқы, қабығы тоқ. Бауыр бүрі тебен көз. Сезім беретін сәруар.
Салынғанына екі ғасырға жуықтаған жеркіндіктегі «Ұябай» кесенесін мекен-дейді. Ол кесенені Хиуаның ұсталары биенің сүтіне иленген кірпішті күйдіріп салған.
Түбірсіз сөзде тін болмайды.
Автор
Сөз киесі
(сонет)
«Жақсы сөз — жарым ырыс» екендігін,
Дәлелдеген текті тін, асыл ділім.
Жақсы сөз айт, жаныңды жадыратар,
Жаман айтсаң желеді жекенді мұң.
«Жақсы сөз — жарым ырыс» екендігін,
Білер, сезер барлығы мекендінің.
Тәрбиеле жақсы айтып жетпестігін,
Бетіне баса бермей мінеп мінін.
Сөз құдірет, қасиет-киесі бар,
Қадап айтсаң кептейді, назасы нар.
Кіндігін қыдыр кесіп, үр байласа,
Мәйегін мың ұйытқан бек асылдар.
Жаратқан жақсы сөзді елеп берер,
Берекеті ғайыптан тайып келер…
Тірліктегі бар бақытың — арманда,
Бас имейді тағдырға ақын жалғанда.
Александр Пушкин
Шын ақынның дүниеге келуі-
тарихи оқиға.
Мұхтар Шаханов
Мұқағалиға
Мұқағали дегенің ғашық адам,
Аспан, жерге, айға да ашық адам.
Жұлдыздармен сырласып, өзен-көлге,
Жанарының жарқылы шашыраған.
Мұқағали дегенің жасын адам,
Өзегінде өрт тұтап, жалындаған.
«Қазақтың қара өлеңін шекпен жауып»,
Алтын зермен көмкеріп асылдаған.
Мұқағали дегенің қазына адам,
Жетілген жел өтінде азынаған.
Өмірге, табиғатқа, сұлуға да,
Асау сезім толқыны басылмаған.
Мұқағали дегенің дарынды адам,
Сөз дәнегі шытынап, жарылмаған.
Мінелсе де мінезі, жауhар өлең,
Шоққа күйіп, аязға қарылмаған.
Мұқағали дегенің қарымды адам,
Тумыштың тұлпарындай арындаған.
Ғашық жандар іздейтін аялдама,
Сезім селден кеудесі қақыраған.
Мұқағали дегенің жасыл адам,
Боран, желге, суыққа жасымаған.
Тағдыр оған тауқымет тартқызса да,
Жемісін үзіп жеген нұр-бағынан.
Мұқағали дегенің жұмбақ адам,
Тылсым дүние тербеткен құндақ адам.
Топшысы тегеурінді түз қыраны,
Құлдилаған қаймықпай құз-қиядан.
Мұқағали дегенің ақын адам,
Ұрпаққа да замандас, жақын адам.
Дәметпеген жомарт жан барымтадан,
Көкірегі кенде емес қарымтадан.
Фаризаға мұң шаққан жалғыз адам,
Сая таппай сандалған аңыз да адам,
«Садағының үзіліп серіппесі»,
Иесіз оқ-жебені қаймалаған.
Көш керуенін тартады мынау ғалам,
Кезегімен ілесер қомына адам.
Өзің айтқан: Ей, Мұқа, данышпаным,
«Сағынышқа жаралған ғашық адам».
* * *
Ноқтаға басы сыймай кеткен,
Ғашық оты сөнбей кеткен,
Жан-дүниесі алауда кеткен,
Жүрегі сезіммен тыныстап кеткен —
Қайран Мұқағали…
Махаббат-адамды қайта
қалпына келтіруші сезім.
Пабло Пикассо
Ғашықтық сөзбен түсіндіріп беретін ғылым емес, бастан кешу арқылы
ұғынуға болатын ақиқат.
Хазіреті Мәуләнә
Сезім төре, күз-ғұмыр…
Бүр жарып бір дән кеудеңде,
Көктемің қайтып келген бе?!
Аялайды нұр шашып,
Жанарың толып көргенде.
Жүрегің үнсіз толқиды,
Сағыныш сезім бергенде.
Кешкі алау, жалқын-жалыны,
Оттан да ыстық білгенге.
Көңілдің жібек пердесі,
Сәулелі серік желкенге.
Ақ қанат іңкәр — аққұсың,
Бекзатты болмыс, зердеңде.
Сапарлап алыс кеткенде,
Нұрланып тұрдың іргемде.
Әдептен аттап кетпедің,
«Зер белбеу» — белгі кергенде.
Оянған сезім, асыл-ды,
Күз-ғұмыр — алтын кермеңде.
Ғашықтық оты бір азап,
Лаулатып алған желкемде.
Көкорай, шалғын көңілің,
Жадырап тұрды бір демде.
Сағынған жаның жадыңда,
Бақыттың кілті — «бір кемде».
Жалқында жанған махаббат,
Тұңғиық па, нұр кен бе? …
Арманды қалдыр асқарда,
Мәрт шынар кейіп, түрге енде.
Сезімді іркіп, арды ойлар,
Азамат сайып келгенде.
Кінәлі емес ғашық жан,
Жақсыдан жауhар ілгенге.
Бүгінгі алау ертең жоқ,
Ілесер ілбіп керуенге.
Сезімнен асқан төре жоқ,
Шұғыла шашқан «бір кемге»?!
«Ғашықтың тілі-тілсіз тіл»,
Емес ол, бірақ «бір кемде»?!
Аңсарың ауған аяулың,
«Бір кемде» емес, кеудеңде …
P.S.
Сәл кідірші, ей, алау,
Керемет, кешкі жағалау,
Жалқыннан жалын суырып,
Ғанибет, саған бір қарау…
Салт-сананың негізі —
елдің қолданған кәсібінде.
Міржақып Дулатұлы
Қазан тасу
(этнология)
Мән-мағыналы қазанның тасығаны,
Түбінен түк бетіне асығады,
Түбіт толқын түтіліп көбіктенсе,
Құт айналып, береке асылады.
Қадір-құнын жария ете берер,
Жон-арқасы жонылып ғасыр әлі.
Қақ айрылып тасудың тасуы бар,
Несібенің асқардан асуы бар.
Түбі құрғақ, қу қазан тұра берсе,
Иесінен алатын ашуы бар.
Өкпеліге ас берсең ізет тұтып,
Жоғалатын реніш басуы бар.
«Қазан көтер»1 тіркесі әлмисақтан,
Жомарттықтың белгісі келе жатқан.
Көлденең көк аттыға малын сойып,
Ошағының бұтынан жалын атқан.
Күйесін де түбінің дәру санап,
Ісік емдеп, бармақпен «таңдай басқан»2.
«Қазан салу»3 қазақта дәлелді ұғым,
Қазан жүзсе іркілер судағы ағын,
Батып кеткен мүрдені рух демеп,
Қазантүпке байланар сұлба-сағым.
Кім біледі …
Ас жұғыны — киесі өзек жалғап,
Ақырғы рет тарта ма тіл мен жағын?!
Бәлкім ол – темір-болат сүйектегі,
Қасиеті сындырмас «туыс» сағын?!
Ей, менің қадір білер замандасым,
Қағидасы мұраның саған да сын.
Қорытпадан құйылған қара қазан,
Хас өнерде кепілің, бағаң басым.
Шарболаттан шыңдаған Ұлы дала,
Қазанын да, беренін-ақ алмасын.
Сақ-ғұнның аманаты жауhар дүние,
Санасынан ұрпақтың жоғалмасын …
P.S.
«Қазан көтеру», «Қазан салу» сөз тіркестерінің пайда болуы – халықтың тұрмыс-тіршілігінде қолданылып, ел арасында қалыптасқан шынайы үрдіс.
«Қазан салу» тіркесіне байланысты халық арасындағы: «Суға салынып, жүзіп бара жатқан қазанның мүрдені айналып, шаншылып тұруы нәті темір болғандықтан, адамның сүйегіндегі те-мір, қазан құрылысындағы темірмен тартылысқа түседі», — деген ұғымы кім-кімді де ойландырары хақ…
Түсініктеме:
1. «Қазан көтеру» — дәстүр, қазақтың үйіне қандай қонақ келсе де, сәлемдесуден кейінгі әрекеті қазанға ет салып, тамақ дайындау. Ол «қазан көтеру»,- деп аталады.
2. «Таңдай басу» — әдет-ғұрып, сәбидің тамағы ісіп кеткенде қазанның түбіндегі күйені саусаққа жағып, таңдайды басып емдеу әдісі.
3. «Қазан салу» — өзенге, көлге батып кеткен денені қазанды суға салып, жүздіру арқылы іздеу.
Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына
үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету.
Әл-Фараби
Күй құдіреті
(баллада)
Күй қазақтың асылы, аза, жаны,
Әлмисақтан болмысы, ақ-адалы,
Әлемді әлдилеген әуенімен,
Екі ішектің құндақты қу шанағы.
Домбыраның жаны бар сан тараулы,
Ғарышта үні, сыр-мұңы ай қонағы.
Қыранның қанатымен хаса сұлу,
Сыны кетпей, қалықтап шың қонады.
Жүрегіңнің лүпілі жұлдыз барып,
Үлпершекке үлпілдеп үр қонады.
Жан пернесін басқанда қос ішегі,
Денең балқып, көңілің шаттанады.
Дыбыстың сыңғырымен сүзгіленіп,
Қарасудың түбіне қақ тұнады.
Құдіретті қарашы, күй желпісе,
Қоламтадан жалындап от жанады.
Әуен-сарын арбасса иіріммен,
Теңіздердің толқыны тоқталады.
«Көбік шашқан» екпіні айдын көмсе,
Су жадында сұлбасы сақталады.
«Жұмыр қылыш» жарқылдап қос ішекте,
Сиқырымен перненің шыңдалады.
Айбатын асқақтатып батырлардың,
Белдігінде киелі қын қалады.
«Ақсақ құлан» ызасы жай таптырмай,
Күйшінің саусағымен жан алады.
«Тіл бітіп, балаң өлді деп тұрғасын»,
Қу шанақтан Жошы хан құн алады.
Қазанғап күй төресі «Көкілім», — деп,
Қасіреті пернемен жоқталады.
Бауыр еті баласын еске алғанда,
Қу ағаш күңіреніп мұңданады.
Төрт аяғын тең басқан «Қара жорға»,
Құйрық жалы төгіліп паңданады.
Сауырдан су төгілмес жорғалардың,
Шашасына жұға алмай шаң қалады.
«Шидеме, шегелеме» Наушақыздың,
Айлы түн аялаған ақ тамағы.
«Ақсүйек» іздеп жүріп сынып кеткен,
Өкшесі етігінің саптамалы.
Шегелеген шиіндей күй сазынан,
Ер жігіт сезіміне бақ тамады.
«Нар идірді» жібітіп тас желінін,
Күйшінің кие, дарын, жан амалы.
Ботасы өлген жарықтық, күйге елтіп,
Үрпі айрылып, моншақтап сүт тамады.
«Сарыжайлау» самалды алтын бесік,
Әр қазақты әлдилеп, аялады.
Түтіні түзу шыққан текті жұрттың,
Күй толқытқан жамбасы, жан самалы.
«Сарыарқаның» сарыны ұлт рухы,
Арғымақтың дүбірі айтағалы.
Дүлдүл демі домбыра кіндігінде,
Қос ішекпен үндесіп бапталады.
Динаның «Бұлбұл» күйі — бұлбұл үндес,
Әнші қыздың дауысы, тас-таланы.
«Адай күйде» — тумыштың тұлпарлары,
Ауыздықпен алысып шаттанады.
Отпан таудың оттары пернеде ойнап,
Дұшпанынан қайтпаған бақ-талабы.
«Көңіл ашар» көл-көсір ұлт көңілі,
Көкорай бүгін, кешегі «Ақ табаны».
Жан еріткен тұяқтың дүбірлері,
Ой-санаңда мәңгіге жатталады.
«Аққу күйі» айдында аймаласқан,
Ғашықтардың ынтызар жұп-тағаны.
Күймен бірге үзіліп, үздігеді,
Қосақталған қыл мойын, ақ сағағы.
Қанатын қағып-қағып мөлдірейді,
Аршылып ақ айдында жан азабы.
Айта берсем күйлердің сыры мұхит,
Айға жетер астары сан-салалы.
Күй дегенің тіршілік кереметі,
Жалықтырмас ешқашан, бір ғажабы!
Әлемдегі ең қуатты су —
әйелдердің көз жасы.
Джон Морли
Аш өзек, қорегі бір ожау баттасқан ботқа
болған «АЛЖИР»-лік ананың перзент таңдайына тамған бір тамшы сүті — Құдірет иіткен, әлемдегі ең тәтті сүт.
Автор
Жылатпаңдар, адамдар,
аналарды…
Жылатпаңдар, адамдар, аналарды,
Жел жағыңда жүретін паналарды,
Сарқылмайтын сағыныш бұлағы бар,
Жүк көтергіш, қатепті қара нарды.
Баласы үшін жанпида, жансебілдің
Жүрек оты еріткен сіреу қарды.
Тілегі тас үгіткен асыл жандар,
Кепілсіз кеңейтеді қыннан тарды.
Жаныңды жадыратқан көкіректе,
Түйсінгенге, дариға-ай, жұмақ бар-ды.
Бойыңдағы нәрің де, қасиет те,
Ана сүті, уыздан құрақтанды.
Ей, замандас, жылатпа аналарды,
Жел өтінде қорғаның қара нарды.
Тәуекелі жел қайық, перзенті үшін,
Өзен өтіп, кешеді қан сонарды.
Ұл-қызын – бақытым деп ғұмыр кешкен,
Аяла, ренжітпе сен, оларды.
Ұмытпайық, «АЛЖИР»1 -лік аналарды,
Күрсінісі қақ жарған құба жонды.
Рухтары іздейді көшіп жүріп,
Балам ба деп, қарайған қарағанды.
Аналардың көз жасы, сүті кеппей,
Елес кезіп жүр әлі, Сарыарқаңды.
Тұл қазық, жетім жатқан «Мамочкино»2,
Желге қосып зарлайды «Анажанды…»
Мүк басқан мүрделер де түйсінеді,
Мамалаған дауысты — мәңгі «Азанды».
Жылатпайық, адамзат, аналарды,
Мың шырақты әлемде, абзал жанды …
Түсініктеме:
1. «АЛЖИР» — ҚАРЛАГ құрамындағы «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері», «26-нүкте».
2. «Мамочкино» — ҚАРЛАГ балалары мен тұтқын әйелдер жерленген зират.
«Шүкіранім1, менің, сен Якуб пайғамбармен жұлдыздассың», — деуші еді, кішкентай кезімде асыл атам.
Жадымда жатталған сол сөз, менің жұлдыздарға деген ықыласымды
оятқан серігімдей болды.
Автор
…Жұлдыз деген қара түннің көздері,
Жанға қуат жарқыраған жүздері…
Автор
Жұлдыздар да жылайды…
(этюд)
Күлімдеп, қал сұрайды,
Жарқырайды, құлайды,
Жұлдыздар да жылайды.
Шоғырынан шоқ сөніп,
Жоғалтады шырайды.
Аспанда үйірлестер,
Тебінгі, мың талайлы,
Тоғысып, тоғаяды,
Тұлданып, тұралайды.
Кермедегі кері аттай,
Көгінде тыншымайды.
Көгені үзілгенде —
Ол, жылайды.
Көкжиек көбе сөгіп,
Жарығын шым-шымдайды.
Жайнайды, жарқылдайды,
Желіден ағытылса —
Ол, жылайды.
Шеруі шетінесе ұяластың,
Мың — жылайды.
Әлсірейді, шұбайды,
«Ақ тұмандық» құрайды.
«Құс жолынан» ығысып,
Әрсіз өңін шылайды.
Иектесе түн айды,
Мөлтілдеп саған қарайды.
Әр адам бір-бір жұлдыз деп,
Өзіне түптеп балайды.
Құпиясы тағдырдың,
Сойынан соққан сарай-ды.
Ілімде — адам, пайғамбар,
«Жұлдыздас», — деп санайды.
«Жеті қарақшы» жансерік,
Жетіскеніңді қалайды.
Таң суытып «Таразы»,
Түннің шашын тарайды.
«Темірқазық», «Шолпандар»,
Көзіңе тура қарайды.
Адастырмай әлемді,
Алмастырар арайды.
Келіп, кетіп «Үркер» де,
Шаруаға, сынға жарайды.
«Құйрықты жұлдыз» мәрт неме,
Өртеніп барып мұздайды.
«Сәулелі жұлдыз» ақ кеме,
Қаратар жерге Ұмайды.
Қасында бірі жымыңдап,
Түбекте бірі жылайды.
Адамның да, жұлдыздың,
Жарығы сөну тұл-қайғы.
Таңсәріде бір жұлдыз,
Ағып барып, қарайды.
Сондағы мезет есімде,
Түйсігім тұтты бір ойды.
Тіршілік деген құбылыс,
Бір орнында тұрмайды.
Мекенін мәңгі қалдырып,
Үзіледі ол, құлайды,
Құлап бара жатырып,
«Мен бе екен», — деп жылайды.
Аққан жұлдыз тұрмайды,
Құлдырайды, құлайды,
Иә, достым, олар да жылайды…
Түсініктеме:
1. «Шүкірән» — ризашылық ниет, рахмет (араб.)
Дос сыры
(сонет)
Көз ілмедің, бүгін де білем оны,
Кірпігіңе кептеліп түннің жоны,
Оңай емес, досым-ау «түс ауғанда»,
Ар түтетінасудың қия жолы.
Жамап келе жатырсың жан жарасын,
Тектілік болмысың бар таңданатын,
«Бойтұмарың» — бойыңда, сыр — жүректе,
Сыпайының самалы — ар қанатың.
Жаба тоқып көңілдің құрақтарын,
Көтердіңтағдырыңныңсынақтарын,
Жаның сүйген аруды жар толқында,
Көкірекке көмкеріп, ардақтадың.
Арман болған айбоздар ай қонағы,
Ой толқыса сабырды мұң жонады…
Гипотезаны ойдан шығармайды.
Исаак Ньютон
Әке елесі
Қоңыр қобыз құлағын бұрағанда,
Бекзат бейнең айналып нұр-адамға,
Кетіп бара жатасың анаңды іздеп,
Қоңыр күзде ілесіп шырағданға.
Періште қанатыңды көмкереді,
Шырыш шекпен, үммі1 гүл — шаранаң да.
Сездім әке, бір құстың ағараңдап,
Нұр себелеп тұрғанын жаназаңда.
Анаңменен табысып аян бердің,
Жамбасың жерге тиген таң азанда.
Тәй-тәй басқан кезіңдей еркелетіп,
«Ая қозым, қон», — дейді алақанға.
Қоңыр қобыз құлағын бұрағанда,
Бекзат бейнең айналып нұр-адамға,
Құлдыраңдап әкеңнің ізіне еріп,
Кетіп бара жатасың бұралаңда.
«Детдомыңда» өмірде ұмытпаған,
Алғыс айтып тұрасың сол адамға.
Рухың жебеп жүреді жетімдерді,
Жер бетінен жай таппай жылағанда.
Жаның жомарт, жан әке, қолың сахи,
Беріп кеткен керегін сұрағанға.
«Бұршақ салған» анаңның тілегі асыл,
Кенде емессің қазына — мұрадан да.
Қоңыр қобыз құлағын бұрағанда,
Бекзат бейнең айналып нұр-адамға,
Мейірім теңізіне шомылдырдың,
Жанарыңмен аялап қарағанда.
Тектілігің түр салды өрмегіме,
Жауhар сөзің арқауға жарағанда.
Сәтімен түлеп тұрды өзің берген,
Бір түйіршік — ақ желең ара қанда.
Рух дейтін өлмейді, көшіп жүред(і),
Шек келтірмес ешкім де Жаратқанға.
Бейуақта санамда шалықтайсың,
«Жақсымын»,- деп ұрпағым дін аманда…
Түсініктеме:
1.«Үммі» – үмм, негіз, бұлақтың көзі (араб.)
«Жезкиіктің» желкені
(Кәкімбек Салықовтың
«Жезкиік» әніне сонет)
Жанары ғажайып сыр мөлдіреткен,
«Күміс бауыр жезкиік» жан еріткен.
Ақ таңын самал желпіп, сағым қуып,
Сарыарқаның жел өтін желкен еткен.
«Жезкиік» сол мырзаны іңкәр еткен,
Сезім ғажап, тұңғиық сыры неткен.
Күміс бауыр, жел-танау, жәудір көзін,
Жаны қимай, жүрегін сабыр үккен.
«Ғайыптан душар болып сорды кешкен»,
«Жезмарал» жаралы еді жанап өткен.
Қимасындай жаутаңдап ұзай берді,
Жанға батып жарасы меңдеп кеткен.
Жан дүниесі елжіреп қала берген,
«Кезікпесін», — деп тілеп Құламерген…
P.S.
…«Жезкамзолмен» сұлуды көркемдедің,
«камзол киген, дариға-ай, еркем», дедің,
сағыныш-сыр кеудеңнен толқып ағып,
«өз етімнен ет кесіп берсем», — дедің…
Планетадағы әр адам өз ақылымен
ойланып, өзгенің пікірінен тәуелсіз шешім шығара білуі керек.
Цицерон Марк Туллий
Арзу
(ағзалар монологы)
Жүрек іңкәр — жаһанның,
Жан баспаған аралын,
Аралауға барамын.
Сан-қатпарлы сананың,
Самалына барамын.
Қимас дәурен-өткенді,
Сағынғаннан барамын.
Өмірімді, өзімді,
Саралауға барамын.
Емін іздеп жараның,
Кәусарына барамын.
Дүрданам берген аянмен,
Артамын теңін мұраның.
Бара шешіп көрермін,
Сынағы менен сұрағын.
Кәнекей, енді сәт сапар,
Қамшыгер- қаным, пырағым…
Әлқисса:
…Ақыл мен жүрек «құп», – деді,
Керуенге қомды жүктеді.
Сапарлап барам, елестеп,
Көңілдің қайран көктемі.
Ой орап кетті мың белді,
Жадымның босап жентегі.
Өрмегімнің жүзінде,
Шымтерудің өрнегі.
Сезім-төре құдірет,
Дүр жауһарды ертеді.
Көкірек-көрік ұшқындап,
Асылды соғып береді.
Арғымақ қиял, жібек жал,
Шалғынды орап келеді.
Өкпе-бауырым елжіреп,
Көктегі нұрды кертеді.
Бабамнан жеткен асыл дән,
Қанымда жатып бөртеді.
Жанымның шуақ, жылуы,
Көгілдір мұзды ерітеді.
Миымның тіні тепкілеп,
Құпияны түртіп, тінтеді.
Ал, жарықтық үлпершек,
Үлпілдек үрді іркеді.
Сүйегім тасып, сыбырлап,
Сендегі таңба – «тек» деді.
Сәйкестігің білінсе,
Алдыңнан шығар «бек» деді.
Тізгінді ұстап ағзалар,
Назбедеуді ерттеді.
Арманым болған аралға,
Жан-жүйем түгел беттеді …
Әлбетте,
…Ақыл мен жүрек асықпай,
Сұңғыла сауал «тектеді».
Басқа ағзалар секілді,
Шаба, жөнеп кетпеді …
Ақыл айтты:
— «Ей, жүрек, ғасыл жүрек,
Жаратылған дүние ерен-зерек,
Үнсіз-ақ шылауыңа шырматқанда,
Қиналамын, айтуға дәлел-дерек.
Шыңға түнеп, селдеткен сезімдерді,
Түбегіңе тұндырдың бекзат жүрек.
Салтанатың, сабырың, жараң да бар,
Бәлкім мынау, аралда дауаң да бар.
Мәрттік мәртебеңді тағдыр сынап,
Биігінде қалдырды қалағандар…
— Ей, жүрек, ғасыл жүрек,
Жыладың, жыл асырдың, бәрі кезек,
Қуандың, қуды ұстадың, сен — елгезек.
Жанарға мөлдір тамшы іркілгенде,
Жұтатын ұлы тыныс сен — желбезек.
— Ей, жүрек, ғасыл жүрек,
Ақ таңсың, арайлайсың,
Жалқынсың — өртенесің, қарайлайсың,
Өзің ғана білесің, «нені ойлайсың» …
— Ей, жүрек, ғасыл жүрек,
Сен бөлексің, құдіреттісің,
Ол сөзсіз, аян-дерек.
Бірақ, бірақ …
Өрт орап, отқа жанып кетпеу үшін,
Жүрегім, жүрегім-ау, ақыл керек.
Бойыңды ауырлатса«тоңды тезек»,
Ерітуге — ердің де, ері керек.
— Ей, жүрек, ақыл деген ар қонағы,
Елемесең егесіз түз қонады.
Айсыз түнде адассаң алып шығар,
Алдаспаның, жарқылдың айбарағы»…
Жүрек айтты:
— «Әрине, айнымайсың, ақыл-патшам,
Әуелде жазып берді Тәңір-ағзам.
Сезім жеңіп бұлқынсам, түн тұмшалап,
Жансерік, шырағымсың мәңгі жанған.
Дауренім де бар еді арғымақты —
Өмілдірік, құйысқан алтындатқан.
Жанымның пауескесі -арзу арман,
Көк орайды еншілеп аулым қонған.
Көңіл көші іркілмей ар бұйдалы,
Шаңырақтүйе мінгізген сәні болған.
Уақыт – патша бәрін де керуенге артты,
Тек сағыныш, қойнауда әні қалған.
Тексіздің ренжіткен амалына,
Бейуақ беренімді жонып та алғам …
-Кездерім де бар шығар ғашық болған,
Алмағайып,айшықты ашық талғам.
Шыдамсыздық, ақыл-ау, болған шығар,
Пернемде күй ойнатып, түрлі толғам.
Құпиялар Аллаға, өзіме аян,
Болмысымның баяны – сенің айнаң …
-Ғапу ет, тыңдамасам, ақыл мырза,
Қындағы қылышыма жүрмей айлаң.
Шарпыған от-жалынға күйдірмедің,
Ризамын, сақтадың асылы – ағлам.
— Ей, ақылым, асылым, ар қонағым,
Болмысымның көрігі, нұр бұлағым,
Алып ұшсам лүпілдеп сезімге еріп,
Көңілімді кестелеп, ой құрадың»…
Япырай, шыдай алмай тіл қосылды:
— «Ұяласпыз бәріміз бір қосынды,
Үшеуміз бірге аттансақ «сапарларға»,
Игереміз илікпей біраз сынды.
Кәусарына қанайық, зерделейік,
Жетегі тоқ аралдың жоны мыңды…
Үшеуі әлгі аралға ұрын жетті,
Айқарылған әз жүрек сезімді үкті.
Тіл жарықтық толғағын таң асырып,
Сөз уызын сыздатып, желіндетті.
Ақыл-патша сабырмен таққа қонып:
«Жанға самал, саумалы керім депті,
Сыр саралап, жауапты берем депті» …
О, тоба:
…Барады қиялымды шыңдар алып,
Тыншытпай тұр, жанымнан өзен ағып.
Жан баспаған аралдың құпиясын,
Кейінге қалдырамын пайымдатып.
Жүрегім, сана-сезім, ақыл, тілім,
Керегін пішіп алар, қайымдатып …
Сонымен,
Әлгі аралға сапардың жалғасы бар,
Тілдің нәрін құятын арнасы бар,
Рухтар ұя салған мекен бе екен?
Тұңғиығы, тұнығы, пардасы бар…
Алғашқы махаббат
Көкорай шалғын көктеміңде бүр атқан,
Сезіміңді мөлдіреткен аппақ таң,
Жүректердің алғашқы махаббаты,
Ақ қанатты армандардан бақ тапқан.
Ақ бантик, құлын мүсін, маржандай тіс,
Пәк бейнені жадың сәндеп орнатқан.
Ғашығының есімін ойып жазып,
Әріптерін алфавиттен жаттатқан.
Қиял-қанат сабыр таппай сабылып,
Алыс-алыс қияларға самғатқан.
Терезеден шам сөнгенде бозбала,
Тұрып-тұрып қайтушы еді шарбақтан.
Әсем қыздар ақ тотыдай таранған,
Ой берсе де, сыр бермейтін қабақтан.
Ерке қызға ғашық болған қырандар,
Ән арнайтын кірпігіне бір қаққан.
Ұстазы да, бүкіл класс тыңдайтын,
Сабақ айтқан кейпі де оның бір арман?!
Сезімдерін білдіруге тіл жетпей,
Хат апарып беретін-ді шабарман.
Бұла сезім шырматылып төзімге,
Бір үмітті күтетін-ді жанардан?!
Үйірмелелер, талдаулар, ол жүрген жер,
Көрікті еді көз құраған тұмардан.
Алтын ұя – мектеп те қош айтысты,
Мезгіл жетіп жетектейтін жол алдан.
Еліктей еркелеген, жаны сұлу,
Дариға, сол қыз, болып қалды бір арман?!
Мейлі, қалай десеңдер де құрбылар,
Бала сезім бүр жаруға жаралған?!
Бой түзеген, ойды өрген сол жылдар,
Қайталанбас, алыс кеткен нұр арман?!
Ақ қайыңның кірпігін,
Шылап тұр жұмсақ қар бүгін,
Жағаласып жаңбыр да,
Қондырмайды қар гүлін.
Жылайды үнсіз ақ ару,
Аппақ қар өбпей ақ бүрін…
Автор
Ақ қардағы ақ қайыңға
(С. Нүсіпханның орындауындағы
«Ақ қарда тұрған ақ қайың»
әнін тыңдағаннан кейінгі ой өрнегі)
«Иә.., қайта-қайта тыңдадым,
Тоғытылып жүректегі сырларым,
«Ақ қарда тұрған ақ қайың» —
Ақ түсіңді ай нұрымен сырладым.
Сұлу бейне, сәніңді, ақ қырауды,
Алтын сапты ақ алмаспен қырладым.
Бүгін сенің кірпіктегі қарыңда,
Алыстаған, бір кездегі арманым.
Бәлкім, сенің бір тініңде өрілген,
Жалындаған, ғашық болған жылдарым.
Жадыңда ма, ақ ұлпа алаңқайда,
Сені аялап, еркелетіп тұрғаным.
Енді бүгін бекзатты болмысыңа,
Ақпақ қардан шілтер тоқып тұр ханым.
Ақ қарда тұр, бақтарда тұр, бәрібір,
Cенcіз шабыт шақырмайды жыр-ханым.
Ұғынғанға мөлдірейтін көп көзің,
Жанды ерітер ақ жібектей ақ тозың1,
Жүректерге бір ұшқыннан от берген,
Ерке-назды, табиғаттас шандозым.
Айлы түнде, самал да саған ғашық,
Иек артып асығады таң бозың.
Ақ қарда да сұлусың, тектісің сен,
Шөп-шөңгені елемейтін паң бозым.
Бір кезде күйін кешкен бозбаланың,
Мырза жігіт,ол сенің аңсағаның.
Сырдан тартқан сыбағаң елестетер,
Арулардың ақ уыз ақ тамағын.
Өркендей бер аққайың, ұялатып,
Адамзаттың кіршіксіз аппақ арын.
…Иә, «Ақ қарда тұрған ақ қайың» —
Жібергенде әуеніңді бір досым,
Зерделедім, қайта-қайта тыңдадым,
Тоғытылып, жүректегі сырларым …
Түсініктеме:
1. «Тоз» — (Қайыңтоз) қайыңның қабығына жабысқан ақ жолақ (бетулин)
Кездейсоқ құбылыс тудырған
нәрсенің – ақылда азығы, ойда
орыны, қиялда қанаты бар.
Автор
Әрбір халық өз мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік алған кезде
архетиптеріне жиі оралады.
Ғылыми негіздерден
Айпара
(Кездейсоқ кезіккен перизат)
Архетип
Аяқасты, тысы ауып еркімнің,
Ішкі түйсік неге тулап, сілкіндің?
Үркер туып, сарша тамыз, ай толған,
Мезеті еді қызыл іңір, бір күннің.
Су жиекте бір қыз тұр шашын тарап,
Дегендей-ақ: «бері кел, неге іркілдің».
Бәдені көз тартады, сөз суырып,
Кебенегі сусыған тал мүсіннің.
Жетелейтін түрі бар бой алдырсам,
Сыбызғының сазындай тылсым үннің.
Тіл қатпадым… бірақ, тура қарадым,
Сойы ерек тұрпаттағы ен-түрдің.
Ұғынғаным әйтеуір, біреуі емес,
Залым шайтан, ібілістей шіркіннің.
«Періште де, пенде емес, пері», — дедім,
Үйірі алыс, жетімегі төркіннің.
Су шоршып, дірілдеді сұлбасынан,
Айпара, сұлу бейне, қыз кескіннің…
* * *
…Батқан күннің жалқыны айды ыстады,
«Қара шашты, құс қанат» аңдыспады,
«Ибай, ий… бу… «Жалбағай-Сарықыз»1,-деп,
Ахмарланып2 алаумен жылыстады.
Ай заты, айрық өкше, сәнді қызбен,
Көл қоштасып, құмжиек тыныстады.
Кім біледі, бір заман батыр-ердің,
Ғашық болып тұтынған «құйысқаны»3.
Мәулімнияз4 жар еткен пері қызы,
Күнікейдің 5 бәлкім ол, туысқаны,
Пендесіне өкпелеп кеткенімен,
Едігедей ұл берген әзиз таңы6.
Сол Ұлыны тербеткен «Тоқал терек»7,
«Барсакелмес»8 бұл жердің жақын-маңы.
Перизат қайталанбас сезім берді,
Кездейсоқ кезіктіріп Жаратқаны.
Серттеспеді, ұзатты бейбіт жолмен,
«Жабағай-Сарықыздың» алдаспаны»…
Түсініктеме:
1.«Жалбағай-Сарықыз» — аруақ атауы.
2.«Ахмар» — қанық қызыл түс (арабша).
3.«Құйысқан» — ат әбзелі. Ердің артқы жағы мен ат құйрығының астынан тартылатын былғары байлау.
4.5.7.8. «Мәулімнияз, Күнікей, Барсакел-мес, Тоқал терек» – Нұртуған Кенже-ғұлұлының «Едіге» жырындағы кейіп-керлер, жер, тал атаулары.
6. «Таң» — адамның шабы.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.