Жеңіс Сәбитұлы
14.07.2024 0 346
СЕРГЕЛДЕҢ АҚЫН
(хикаят)
Мезгіл – жаңа ғасырдың әдепкі алтыншы жылы, яғни ит жылы, маусым айы. Қостан көше жиегіндегі дүңгіршекке кідіріп, самсытып іліп қойған газет-журналдарың арасынан өзіне керекті, кезекті сандағы қазақша бірнеше газеттерді алды. Көлденең жатқан екі көшені кесіп өтіп, қарсы беттегі бақшаға барды. Айнала төңірегіне қарап аз жүрді де, өзіне қолайлы көрген, оңаша жердегі бос орындыққа барып отырды. Иә, бұл бақшада бірер сағат аял етсеңіз бәрін де көресіз. Кімдер келіп, кімдер кетпеген бұл бақшаға.
Дағдысынша алдымен газеттің әдебиет беттерін парақтады, дағдысынша әрбір дүниені соңынан бастап кері қарай атүсті шолып көрді. «Жастар» айдары бетіндегі бес-алты өлеңге тұрақтап, оқып шыққан ол «Сенің көзің»аталған шағын әңгімеге көзі түсті, оқыды. Көркем шығармадан гөрі өсиетнамаға жуықтау көрінеді. Көбік сезімге берілген, ойы бұлдыр, жалаң еліктемелі лепіруге бой алдырыпты деп тапты. Поэзияда жұтынып тұрған дүниелер бар екен. Әйтседе, образды ойы солғын, дидактикалық сарнампаздыққа ерік берген, арқауы босаңдауы да бар. Әрқалай. Осылайша әрнені бір шолып тағы да жарты сағат уақыт оздырды.
Ақынның сана толқыны анау керіліп жатқан ақ айдынмен тоғысыптасқындайды… Жер төсінде шауып өткен дүбір құмар жануар тізгін жұлқып кісінейді… Жақсылыққа жаралған нұрлы ғаламда жауыздық та қараң-кұраң қарбалас. Жанарынан ұшқын атқан тұлпар иесімен тілеулес бейтаныс ақын жүрегі:
«Тұяқ қағар томардан сақта,
Тасадан тап берер жамандықтан сақта,
Арманының тізгінінен айыра көрме!» – деп қызғыштай болады. Өлең жолдарының әсерінен арыла алмаған Қостан:
«Жастық – жалын, құштарлық.
Бәрін аңсап…
Тұлпар мініп жүргенде бағзор ән сап,
Тізгініңді жамандық кетсе іліп,
Мерт етпей ме томар-ақ жатқан қаусап!?
Солай өмір, солайда ой салады,
Өмір – үміт, бәрін де қарсы алады,
«Бере көрме тізгін» – деп, «жамандыққа!»
Қызғыш болып жақсылық жар салады…» – деген өрнектерді қайталай берді.
Таяу жердегі жасамыс самырсынның діңіне жармасқан жалғыз сарғыш тиын елегізіп, тынымсыз сып-сып етеді. Үлпек кұйрығы бұлаң қағып, жоғары-төменді бұтақтар бойын қуалап өрмелейді. Шырша түбін төңіректеп кішкентай қыз бала ойнап жүр. Жол жиегіндегі орындықта атасы отыр. Қарттың сұр түсті кәстөмінің өңірі орденмен толған. Бір қолын таяғына қойып отырған бәкене бойлы қазақ қартының өңі тым салыңқы, аса салқынқандылық танытады. Құрық бойы жердегі, қарсы бағыттағы орындықта газеттердің айқарма беттерін парақтап отырған бұған ауық-ауық көз салып қояды.
Қостанның және де көңілін аударғаны бір кісінің қолынан шыққан, бас-аяғы балғадай екі шағын әңгіменің бірі «Қияда» деп аталған дүние болды. Қалам иесінің жалт-жұлт еткен жасанды сөз саптаудан ада, шынайы, байыпты жазылған шығармасы оның жан дүниесін бір баурап тастады. «Ұтықты ой айтқан дүние екен…» деп жерден шөптің қылқанын үзіп алып кідіре ойланып қалды. Бірде дана, бірде бала болып отырған ақын жігіт шіркіннің мінезіне жіп тағуға келеме, өзгенің дүниесіне өз қолынан шыққандай көңілі марқаяды. Бірде көңілі алақызып, қырық кұбылады. Өзіне келе алмай шырмалған бұлқынысты сезім аңғарды. Әрменде сарындатып, тасқын судай жөңкіліп, лек-легімен ағылып жатқан көше көліктеріне көз салады. Зердесінде де ары-бері сынаптай сырғыған ойларымен арпалысып отырған ол қалтасынан шығарған жарты парақ қағаздың бүктеуін жазып, ондағы «Алғашқы жаза», «Сарқыт», «Қара нұр», «Сөз», «Мешіттегі ән», «Пәтерлестің жүрегі» деп аталған бес-алты өлеңдік шикі тақырыптарға әрі-бері үңіліп отырды да, қайта жинастырып төс қалтасына салып қойды.
Бақшаның қолқа жүрек тұсында оқшау бой созып тұрған сары ала шоңғал шіркеу орын алған. Оның ұшар төбесінің құлама биік, қоңыраулы мұнарасында бір топ кептер қанаттары сатыр-сұтыр етіп ұшып-қонады. Кейбірі кеңістікке шығандап көтеріліп, шалт қимылмен ыра төмен құлдилап түседі де, бір-біріне жанасалай келіп лезде қайта тайқып, айнала шарықтап ұшады. Төменде, шыршалар арасындағы алаңқайда сәл құныстау орыс қарты жүр. Қолында шәкене жем дорбасы бар ол айнала жүргіштеп, шүңірейген көкшіл көзін ауық-ауық жоғары кеңістікке аударып, қызықтап қарай береді. Солайша бір қолындағы аздаған дәндерді бір шеттегі тас текшенің үстіне, басқа да жерлерге андыздап шашып қояды. Бақшаның ұзын, арқалықты орындығына жайғасқан етжеңді кемпірі құшағына алған күшікті өбектеп, әлденелерді айтып отыр.
Газеттің келесі бетінде шағындау әдебиет сын мақаласы орын алған. Қостан оны да қағыс етпеді. Бірақ, тың ой кезіктіре алмаған. Әлгі бір ақын айтқандай, сыншы шығарма бетінде көбікше қалқып, өзгенің дүниесін шып-шырғасын шығармай қайталап әңгімелеуден арыға бара алмаған екен. Пендешілік бөтен-бастақ ойдан ада, тамаша жазылса әдебиет сыны да көркем шығармадан кем соқпайды. Демек, екеуіне де өскелең өре керек ғой. Қостан көптен бері көңілінде жүрген бір істі жәнеде ойына алып «…Арғы беттегі кейбіреулер Шынтұрдың қазіргі әдебиетінде дәріпті шығарма жоқ дегенді айтады. Былтыр осы Алматы қаласында сексен жасқа келгенін атап өткен, Шынтұрдың маңдайына сыймаған Қажығұмар Шабданұлын қайда қоямыз!? Оның атақты романдары «Қылмыс» Шынтұр түгіл, қара үзіп келген дүние классиктерімен үзеңгі қағыстыра алады. Оның ешкімге ұқсамайтын дара азаматтық тұлғасы өз алдына, оның «Қылмыс» романы әдебиет атаулының ең жоғары марапатына лайықты!.. Амал нешік, тіл кедергісіне ұшырап, өз ауылынан ұзай алмай тұрғаны. Ұзау түгіл, ол шығарманы ол елде жөргегінде тұншықтырып, алапестен қашқандай аластады емес пе?! Сексеннің босағасын аттаған сол қарт қаламгер туған елінің де босағасынан аттауға қол ұшын беруін сұрап, былтыр анау газет арқылы анау төрде отырған ағамыздың құзырына үшбу ашық хат та жолдап еді ғой. Қартымызды қолтығынан сүйеп бері өткізер кісі шыға ма, жоқ па, калай болар?! Балық арты жылмағай деп, атқарылмаған жел сөздің бірі болып, ол іс те жайына қала ма?!. Өлмесек, оны да көреміз!.. Алайда, үлкен әдеби еңбек марапатқа зәру емес қой!.. Асырып айтсам екі жақты да ұялтады. Қазіргі кездегі Шынтұрдың төрт арысы – Қажығұмар Шабдан, марқұмдар Омарғазы Айтан, Мағаз Раздан, Ғалым Қанапия еді!..» деп ойлаған Қостан газеттен газетке өтіп парақтап, ақтара берді. Және де үңілді. Әдепкіде парақтың сол жақ басында тұрған бір танымал суретті шырамытты.«Осыны қайдан көріп едім?..» деп ойлана беріп, жадына түсірді. Көше бойындағы бағандарда, мүйіс там қабырғаларда ілулі тұрған әлгі жарнама суреттегі кісі ғой бұл. Ары-бері өткенді өзіне тартып тұрған, көшедегі ол суретке бұл да таяп барып көз салғаны бар. Кезекті сайлаудан үміткер көрінеді. Халық үшін жарғаққұлағы жастыққа тимей жүргеннің бірі екен. «Оп-оңды сондай боламын!» деп ант бере өзін-өзі саудалап, өткен-кеткенді жарылқап, уәдемен байытып тұр. Қостан жөткірінген дыбыс шыққан жаққа бұрыла қарап еді, қатарласа келіп жарнама суретке көз жіберіп тұрған шарға бойлы, ұрысқақ жүзді қаймана екен. Ол да там қабырғадағы жарнамаға аз-кем көз салып тұрды да, өзге тілде әлденені айтып, сөгініп алды. Сосын, алақанымен шалғы мұртын бір сылады да жүре берді.
Бейтаныс кісінің сондағы өзінен-өзі шала бүлінген әрекетін күле есіне алып отырып, газет бетіндегі жарнама иесінің баянына көз салды Қостан. Жалпы мәтіні анау там қабырғадағымен сарындас, осы жолы да жарылқап тастайтынын айтып, халықты өзіне күргейлеп аяқтатқан дүниенің бірі. Өзгесі қайдам, Қостанға таңсық емес.«Тілін сауып, сөздің тәуірін айтқан екен!» деді де қойды. Сонымен, және бір көлемділеу жазылымның шиырына ұзағырақ түсіп отырды. Бақшаның және бір тұсында көк ала кеудеше киген жұмыскер жігіт те өз шаруасымен әбігер. Ол ұзын сапты қырықтықпен жол жиегіндегі ұйысқан балапан қара ағаштардың селкеу шыққан бұта-бүрін шырпып, айнала күзеп, тегістеп жүр.
«Ассалаумағалейкум!» деген солғын дауысқа мойын бұра қарап еді, тусыртында сақал, шашы өсіп, кетеуі кеткен жүдеу бас, бейтаныс біреу келіп тұр екен. Ол сәлемін жорта жалғастырып, Қостанның қарсы алдына айналып өтті де емініп тұра қалды:
– Братан, бас жазарлыққа қандайсың?
– Братан, менің де басым ауырып тұр! – деді Қостан оған тігіле қарап. Үмітсізденген ол күйіне күлімсіреп, кері бұрылып жүре беріп еді, Қостан шалбарының қалтасын ақтарып, қолына іліне кеткен екі жүз теңгені оған ұсынды. Рахметін айтып, ұзай берген оның қарасы үзілгенше қарап отырды. Әдепкі ойының жетегіне ілесті.« Бәз-баяғы, баяғы, Байқожаның таяғы!».
Анау алдында жатқан газетте Қазақ еліндегі қызуқанды бір азаматтың төңірек ауқымына назарын тіге отырып, туған тіліне қызғыштай болған мақаласы еді оны толқытып отырған. Жалғанда қағынан жеритіндер де болады екен. Жазылым мәтінінен өңшең қасаң мидың қайрылып қараған ешкімі жоқ, айта-айта жақ талды, ести-ести жатталды сарыны есіп, таусылғаны аңғарылады.
«…Осының кебін өзім туып өскен арғы бет елінен де көре бастадым, – деді Қостан күйініп, туған тіл түйткілденді. Кем-кетік тілді, жарымжан ділді, төл болмысынан жұрдай көргенсіз азғын желікпелер көбейіп келеді. Түбі неге апарып соғар екен!?. Бұл іс ол жақтағы есі орынында болған әрбір адамның ортақ уайымына айналған. Етек алып барады.
Табаннан өткен ызғардай біртіндеп басқа шауып барады. Бір өктем күш көрнеуде тісін батырмағанымен, жұмсақ жегі құртша іштен кеулеп жеп барады!.. Жалғанда туып өскен өз жеріңе өзің өгей болған қиын екен. Ол үлкен «Ағалардың» қандай шырғасымен, қайда бет алып бара жатқаны ол жақтағы кейбір жетесіз қауымның кәперінде жоқ… жемге бөккен тірлігін баяшатым деп білетін көрінеді. Оларда ұлт мүддесі деген барма-ау?! Әрқандай елде бір қауым болады екен, заманға бейімделгіш жан бағарлығы керемет, дүние қанша рет өзгере төңкеріліп, басқа бейнеге көшсе, олар да сонша бейнеге көшіп, құбыла береді-ау!.. Және де солар белсеніп, өзгенің алдында жүреді. Өзіндік тұрғысы жоқ ол шіркіндер кімнің тарысы піссе соның тауығы. Бұл хамелеон жәндіктер де ақырзаманға дейін тұқымын жалғастыра береді…оны жайына қалдыра тұршы, Қостан!.. Балдан да тәтті тілімен ешкімнің бетіне тік келмей, сөздің тәуірін айтып, әрбір істі майдан қылшық суырғандай жөнге салатын әне бір үлкен «Ағалар» елінде, әр қандай заң-жарғы саясатының астарында шаңырақ иесі болып алған империялист зорекерлердің төл мүддесі бұғып жатар болса!.. Жуықтағы жылдардан бері «жүз жылдық жоспар» деген әнін озандап жүр. Ол ән сені ұрмай, соқпай ертең басқа бір «енеден» туғандай өзгертер болса!.. Ол «Ағалар» ертең басымдыоңға қаратпайды деп қара шаңырақ Қазақ еліне қара тартып, қадам қойып едім…жә, бұндағы жағдай осы болса!.. «Арқада кыс қатты болмаса, арқардың ауып несі бар» дегендей сен де жетіскеніңнен ел аттап жүрген жоқсың, сергелдең ақыным!.. Мына тірлігің екі оттың ортасы ғой! Қайда барсам да Қорқыттың көріндей бір проблема ғой!..Қайда барсаң да алдыңды орап, талақша жабысқан бір пәле ғой!…».
Оның гөй-гөйін тартқызып отырған газеттің табақтай-табақтай бірнеше бетін шарпып жатқан әне бір кіртік көз «Ағалар» туралы жазылған деректер мен әңгімелер, ата жұрттағы кейбіреулердің олардың тіліне, діліне, дүниелік ықпалына, боғына боталы түйедей көріп, таңырқай тамсануы еді.
Қостан газеттегі«Кіртік көз қаптап барады» деп аталған мақаланы да шолып сонына шығарды да, онымен желілес Ұлан есімді автордың «Қойынға кірген жылан» деген деректі жазылымына да көзін кідірте берді.
«Бір басынан асып өзгеге тиген кесірі демесек, тіріде төрі бөлек, өлсе көрі бөлек бөгденің малтасын езіп сонша неміз бар еді?! Бірақ шырқыраған шындық алды еркіме қоймай қолыма қалам алғызды, – деп айтады Ұлан автор атаулы дерегінде, – өзгенің ұлан-байтақ өңірін ешбір бодаусыз, су тегін иелеп болған сол үлкен Ағалар қазір керемет әділетшіл, бейбітшіл, жер ғаламның тыныштығын сүйгіш-дүр. Ол әулиелердің қазіргі уағызы – халықтар ынтымағы, бейбіт даму. Бұл жарапазанның мақсатын түптен тартып айтсақ, айласын асырып иелеп алған биіктегі тонды мен ат бас қобызшының түстік жарым қапталы, анау Манжұрияның Қара мұранына дейінгі жерлер және анау Формаса, Вьетнам теңізі, Филлиппін теңізінің арғы жиегі Индонезия шегіне дейінгі алаптың иелігін тіпті де бекемдей түсу. Осынша қиырсыз алап пен алқап зады кімге тәуелді, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?! Оған уақыт төрелігін айтар, ол түйеде менің жүгім жоқ! Мұндай тегін май шелпек, тарихи өз жерінен бес-алты есе кең аумақ өзге елдің түсіне де кірмейді. Кісінің ақылы жетпейтіні, олардың ертедегі көзі өткір балықшылары қиыр шеттегі Индонезия шегіне дейінгі алапты өзгеден бұрын байқап қойғанда шығыс іргесіндегі Құстұмсық түбегі мен Шарғаның аралдарына аяғы қалай жетпей қалған!? Ал, бүгін мына Арқаның кең даласында алшаңдай басып, артыңды орап алған сол үлкен «Ағалар» ертең саған да ағалығын істетіп, жетілген тегеурін, шеңгелімен бүріп жүрмесіне кім кепіл!? Әркіммен «келісімшарт» жасай берудің жөні жоқ-ау! Күндердің күнінде осы «шарт» сені ырықсыз күйге түсіреді. «Өзің тапқан пәлеге қайда барайын дауаға» демеуші ме еді? 1957жылы Совет Одағы «Варшава шарты ұйымын» желеу етіп, әскери күшпен жаныштап, Венгрия елінің министрі Имре Нагидің көзін құртқаны елдің есінде болар. Ал, бүгінгі күні сол алып имперя Совет Одағының күйрегенін көрген мына жақтағы екінші имперя да іле-шала, демек, бір жылға жетер-жетпес уақытта ежелгі тәсіл, кәдімгі сондай «шарттардың» бірі «92-жылғы ортақ танымды» Формозаның мойнына қарғыбау қылып іле қойды. Қазір осы «шартымен» оларды қыспақка алып, арал елін екіге жарып, іріткі салып отыр. Бұндай шарттарды олар өзгеге істетпейді деуге ешкімнің көзі жетпейді. Қазір осындай «шарттар» дүниедегі кейбір елге кесапат қайнары болып отыр ғой!? Ал, арал елін екіге бөліп отырған «сол таным» іріткі ме, әлде ұйытқы ма, кімдердікі дұрыс, кімдердікі бұрыс, оған да уақыт төрелігін айтар. Ол түйеде де біздің жүгіміз жоқ. Жеріндегі ең сүбелі, ең ірі сүйекті орынға ауыз салып, терең жоспармен мызғымастай орныққан «Ағалар» бүгін аузы-басыңа ақшасымен ұрса, ертең сені тындамақ түгіл өзіңе жон көрсетеді. Өр Алтайда еңіреп өткен батыр Оспан айтқандай бір атқа екі кісі мінгесетін күйге түсіп, елдігіңнен айрылып міскін халде қалар ма екенсің!? Көзімді тырнап ашқаннан көрген осы Ағаларға керегі сенің сатымсақ дүниең болыпты бүгін…бірақ, осы алым-берімді ұзақ уақыт көзге желеу, араға дәнекер ету арқылы таусылмас байлық жеріңе сұғын отыр ма!? Құмырсқадай құжынаған ол «Ағаларға» табан тірер жер болса өрмелеп ағаш басына да шығады, тірлік етеді. Алақандай жерге бүгін жалбызбалап ие болып алса, туада алтау болған шіркіндер өле-өле жетеу болыпты дегендей бүгін жеріңнің сөлін сорып, ертең қаныңды сорады. Керемет сабырлы, керемет епті, керемет сіңіргіш олардан аралық сақтап аяқ баспасақ болмас-ау!» – деп сөзін ұластырады Ұлан автор, – мәңгілік достық жоқ, мәңгілік мүдде бар.
Әрбір елдің алаңдап, сақтанатын қаупі болады. 1998жылы Индонезия астанасы Жакартадағы халықтың қанды назасы неден болып еді?! Бұндай қиракезік жағдайдың тағы да жүз беруін арғы бет те, бергі бетте каламайды. Қаупің неден болса, ажалың содан деген ғой, Құдай оның бетін ары қылсын! Кешегі күні сенімен қара таласып атажұртыңа қадам қойған Ағаның бүгінгі жүрісі қандай, алшаңдағанда ханға сәлем бермейді. Арғы жағында неткен күш, қандай пиғыл, пісіп жетіліп келе жатқан қандай ойы барын ішкі түйсікпен сезіп түршігесің. Тірлігіңді, кейбір осалдығыңды, халқыңның әл-қуатын, мінез-құлқындағы кейбір балаң, мешеулікті жете оқып алған Ағаның алшаңы ол! Еліңе келіп базар жағалаған жәутігінің өзі сырқынды. Өз майыңмен өзіңді шыжғыруға әбжіл болып алған. Басына ақ құйып жолына салатынды біліп жатқан ол жоқ. Ертең сабалап шығара алмайсың оларды. Әуелі, анау жақтағы айдаһар атаманы от-басыңның күлін шашып, өзіңді жұтпасына кім кепіл!?
Қай-қашанда күштінің арты диірмен тартады. Артқан түйемізден сүйенген иеміздің күшті болуын ескерсек ау! Өзгенің таңбасыз тай, енсіз қойын басы бүтін жұтып үйренген ол тобырдың әне бір жылдарда өткен күн көсемінің кетпектей қызыл кітабында да Шығыс түркі бір кесек майлы ет деп айпарадай жазулы тұр ғой! Тіріде төрі бөлек, өлсе көрі бөлек ешбір жат саған ұжымақ орнатып бермейді. Олардың көздегені сенің табаның тиіп тұрған ұлтандай жер болса, көкейіндегі сенің аузыңдағы асың. Үлкен Ағалардың екі жүз жылдан асқан шығысқа ірге жаю деп аталатын ірі тобыры Манжурияны келмеске кетіріп, тарихтағы тұтас жерді үш өлкеге бөлді де тастады. Ресейдің қиыр шығысы, калка жеріне «Ағалар» ірге көміп болды. Мынау ата қоныста да жарты миллион ағалар өріп жүр. Кейде анау шегара кеденіндегі жағдайды көріп басымды шайқаймын. Өткелекте тікесінен тік тұрып сүзгіден өткен азғантай қандасты біздікі кедейдің бес садыра ешкісіндей сауырынан қағып санап өткізіп тұр. Басқалқасын, азын-аулақ мал-мүмкін тиын-тебенге долайластырып, кіндік қаны тамған мекенінен кешіп, ата жұртым, қара шаңырағым деп аңсап келгендер бұлар. Олар екі жақтан да ештеңе дәметпейді. Олар ол жақта да аштан өліп, көштен қалып отырған жоқ. Құдайдың бергенін көріп, бермегеніне налымайды. Жалғыз тілегі мынау тұс-тұстан анталаған дәуірде қасиетті қазақи болмыс, бітімінен көз жазбауды тілейді. Ал, қандастармен кеденде иін тіресіп топырлаған кіртік көз «Ағалар» да кұр қалмай, анау елінің жасап берген ішкі жеңілдігінің арқасында әртүрлі айла-шарғымен, бақка да байланыспен лек-легімен бері өтіп, құмға сіңгендей болып жатыр. Және солар бөгденің жұртында табан тіреп, тіршілігін маздатуда. Ал, біз төрден құлдап айтайын, ел байлығын тонап, халық несібесін белден басып жымқырып жатқан баукеспе ұры қазақ; Бармақ басты, көз қысты жемпаз қазақ; Барахолка базарында әрбір жарылқағыш кіртік көз ағаның қол арбасына жегіліп жүрген бір-бір қазақ; өзге де орында тірсегі майысып, солардың қабағын бағып жүрген бір-бір қазақ; Рысқұлов көшесіндегі екі қолы алдына симай тұрған қазақ; жұмыссыз, көше-көшені жағалаған кейбір қара көз қарындастарымыз; Үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген кейбір оралман айдары бар қазақ; Көнектей болып, ісіп-кеуіп ішімдікке салынған кейбір аға-ініміз, әпке-қарындастарымыз!.. Жат елден келген менің көріп те, біліп те, естіп жатқандарым әзірше осы!..Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа дейміз ғой, анау кіртік көз елі іргелі ел болғанына да елу жылдан асты. Олар да олай да ауытқып, былай да ауытқып жүріп бүгінгі күнге жетті. Елу жылсыз бізге де бірдеңе деу қиын.
Газеттен көзін тайдырған ақын Қостан көңілі су сепкендей болды. Жабырқап, мына тірліктен запы, ығыр болғандай күй кешті. Қайратсыз ашу тұл деген. Не шара!? Ит тойған жерін аңсаса, ер туған елін, жерін ойлайды. Не қайран!? «…Бұл Ұлан азаматтың да айтқаны орынды сөз екен, – деді Қостан, рас, өздері болып, толып жетіскен олар қазір өзгені, бүкіл дүниені жарылқағыш болды да…мынау ғаламшардың түкпір-түкпіріне тежеусіз обадай таралған ол кесапат тобырдың табаны тимеген жер қалды ма!?. Жаңа ғасырда жаңа жоспар құрған олар, алты жылдан бері анау тың жатқан Африкаға да көзін сүзе бастады. Өзге жер, жат елге ірге тепкен ол тобыр алып имперяның сойылын соғатын, жат жұртқа қоныстанған басы артық жасағы десе де болады. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын сула» дегенді олар бақайына да алмайды. Ондай ұғым да жоқ оларда!.. Жаһанға симаған келімсектер құнарлы алқабынды шошқаша түртіп, құйқалы қыртысынды бауырша тіліп жатқалы қашан!? Апай төсіңді жарып аққан Ертісім келімсек тобырдың түпсіз көмейін толтыру үшін еріксіз арнасынан адасып 635 каналымен құба түз қаққа кетті! Туған ел мазаққа көнсе де, қасиетті жердің киесі төзбейді екен. Келімсектің улы табанына шамырқанды ау, келбеті кетіп, тоза бастады. Құты қашты. Ертісім анау, сай-саладан жырымдалып, соқыр көздің жасындай суалып барады. Ата-бабамның басы қалған, кіндігімнің қаны тамған ардақты ая мекенім, сенен және де ақтабандай болып тірі айрылдық!.. Осыны көрген сен шырылдап жазбай кім жазсын, бейтаныс азаматым!..» деді Қостан ақынымыз күйініп. «Қайда барсам болар екен!?. Бәр-бәрінен баз кешіп, аспандағы анау айға кетіп қалар ма еді!? Ойпырмай, онда да кіртік көздің қадымғы ғасырларда айды байқап, қадымғы ғасырларда ірге теуіп болған Чаң Ы деген кәрі қызы бар екен ғой! Қоныс бере ме ол бізге!?.» – деді дағдарып, енжар кейіпте отырған Қостан ақынымыз ызалана жымиып.
Бақшада кісі қарасы молая бастапты. Тұлғасы дыңдай, тоқ пішінді орыс жігіті айнала өскен ағаштардың саясында аузын тұмылдырықтап тастаған, жұлқынған, ірі тұрықты шымқай сары төбетті қарғыбауынан сіресе тартып, жетектеп жүр. Әр тұста найқала басып, сейілдеп жүрген қыз-келіншектердің соңында да түйтиген канден иттер бар. Басын жерден алмай түртіншектей иіскелеп, көрінген бұтаның түбіне бір сарып кетеді.
Кенет бақшаның арғы басы азан-қазан болды да кетті. Бақша кафесінің артқы жағында, шыршаның арасында жүрген иесіз иттер еді ол. Тұрқы әрқалай, қасқыр сияқты үйірімен белгілі бір жерді мекен еткен мұндай иесіз иттерді ол осы қаланың әр жерінен көруші еді. Әлдеқайдан бұларға тап болған, бұралқы, саяқ жүрген итті көрсе, өстіп төңіректі азан-қазан басына көшіріп, арсылдасып жабыла қуады. Кейде талап та тастайды.
***
Бақшадан шығып, екі-үш көше орамдарынан өтіп, және бір қосалқы жолдың көлденең түйілісіне таяғанда Қостанның алдын кес-кестеп жанасалай, екі-үш қазақ қыз-жігіт ұшырасты. Олар сәл именген әуенмен орысша тіл қатып, Қостанға бірнеше жұқа кітапша, журналдарды көрсетеді. Қостан бас тартып, шеткері ығысты. Манағы, анау бақшада жүрген әйел де емініп келіп, бір-екі кітапша ұсынып кетіп еді. Онысы Иегово куәгерлерінің «Сторожевая башня» деген журналшасы мен « Киелі кітаптың жауаптары» деген дүниелер екен. Қазір, мыналардың көрсетіп тұрғаны да сол нұсқалы кітаптар еді. «Осындай көше-көшені кезіп, жат дін, жалған уағыз тарататындарды менбүгін екі рет жолықтырдым… Бұл іске кімді шажылы етесің?!. Менің өз дінім өзіме, сенің өз дінің өзіңе, бара бер!..» деді ол күбірлеп. Жасыл шырақтың жануын күтіп, аз кідіріп тұрған бірнеше адамның қатарына қосылып, көшенің карсы бетіне өтті. Өз сезімімен іштей арпалысып келе жатқан ол, әр дүниеге аңыстай қарап аяңдап келеді.«Сыптығыр шалбар киіп, тырна сирақтанып, көрер көзге кораштау көрінетін адамдар әр өңір, әр елде көп кезігеді ғой… Көз үйірлеспеген бе, жоқ, жаппай етек алған мода ма, не?!. Әдепкіде, маған ерсі көрінгені кейбір қыз-келіншектер көпе-көрнеу темекі шегіп, келте киім киіп, қымсынбай кіндігін көрсетіп жүргені болды. Күн қағып, тотыққан салыңқы қарындысы да, талшыбықтай бұралған қыпша белдісі де… Әрқалайы, көше-көшеден көп ұшырайды. Әйел адам әдебімен сұлу… Және бір байқағаным, екінің бірі есімі – Әйгерім. Және шынымен кілең керімсал, өңді, – деді Қостан өз-өзіне тіл қатып,– әрине, ислами үлгіде киінген әйелзаты да көзге шалынады. Ондайлардан сүйкімді ұлы қасиет мұндалап тұрады. Тағы бір таңырқағаным, әуелі тақуалау еркектер де төменгі сұлбасын жасырып, ұзын етекті киім киеді екен. Адам көркі шүберек деген. Үстіндегі лыпасы болмаса, адам ең көріксіз, тақыр хайуан ғой!.. Көрген көздің жазығы не?!.Бір-екі көше бойынан өткенше менің сұғанақ көзім кімдерді көрмеді?!.Маған және де тосын сезілетіні көше-көшеде қаға беріске тінте карап, тіміскілей аралап жүретін тәртіп сақшылары болды. Олардың жат жұрттық қаймананы өңінен оқып жатылғаны сонша, жазбай айырады. Кейбір құлқыны дәніккендер шегара асып келген жателдікті көргенде көздері шырадай жанып, оның документін ақтарады. Жоқты жонып, қайдағыны айтып сұрайды. Ілік іздеп, паспортынан пүшек шығарып, жем тілеп тұрады. Әрине, бес саусақ бірдей емес, жаппай, кілең осындай болмаса да, кейбірі осындай. Осының бәрі менің қазіргі сәттегі ойым болса да, осының бәрін мен ауадан алған жоқпын!.. Осының бәрі екі мың алтыншы жыл деп аталған қазіргі мезгілде, мынау көшеде жер басып жүрген менің көзім көрген шындық!..Сырт көз сыншы дегендей, біраз уақыттан бері сезгенімнің бірі, кейбіреулер өзінен лауазымы жоғары адамға орынсыз жәреукеленіп, құрақ ұшып тұрады екен. Сыйлағанның жөні бір басқа, тіпті, кейбірі кұрша жорғалайды десе болғандай. Жалпы, қоғадай жапырылған құлшылдық, табынғыштық, айғайға ілескіш мінез пенде баласын бейшара көрсетеді екен!..Ал, бүгін қасиетті жұма күні. Күндердің ең кәттәсі. Әрқандай мұқарап періште болсын, яки, жер-көктегі жел, анау тау-тас, көл-теңіз барлығы жұма күнінен қорқады дейді. Бірақ, бұл күні өзгені айтпағанда, қай-қайдағы шайтандар да бұрынғысынан өгдеп, қағынып кете ме, қалай!? Осыны күні бұрын сезгендей, бүгін түстен бұрын мешіт төңірегіндегі көшелердің бірінде әркімге дағуат айтып жүрген иманжүзді екі жігіт те жылы лебізбен менің де жолымды бөгеп, кідіртті. Сонымен, қасиетті кәлима-шаһадатты ауыздарына алып, шариғат сөзімен демдеп, жүрегімді аптағаны бар.«Алладан басқа тәңір жоқ, пайғамбарымыз Мұхаммед Алланың елшісі» дедім мен олардың сөзіне қазақша үстеп.«Машшалла! Жұмалық тілегіңді Алла қабыл етсін!» деді разы болған олардың бірі.«Әмин! Аллаһу әкбар, – дедім мен, жан жүйем босай, көңілім толқып, – жұма мүбәрак болсын!». Міне, бүгін қасиетті жұма күні. Уақыт деген көрінбес ізді бойлап, жүрісінен жаңылмай, алмасып, өтіп жатқан күн мен түн. Зәредей ары-берісі жоқ, уағымен алмасып жатқан мезгіл, маусым. Осының бәрін жөнімен жылжытып отырған бұлжымас құдырет!..Анау ғалым таңырқағандай, ғаламды бет-бетімен бытыратып қағыстырмай, өз жолы, өз орнында тартып тұрған мызғымас кұдырет!.. Оған қанша таңырқағаныңмен, Қостан, біз үшін бұл алып ғалам, шек-шетсіз бостық дүние ол ғаламат иесінің дәргағында тарының қауызындай болар… Оған қанша таңырқағаныңмен, Қостан, тіршілік мекені болған мынау алып жұмыр жер тозаң ғана болар… Сенің көз ілестірмей самғаған жүйрігің ғалам төрінде құрт-құмырсқаның қыбыры болар… Оған қанша таңырқағаныңмен, Қостан, замана көші пенделердің еркінен тыс… – дейді оның қиялы өріс кезіп, Алла айтады, сендердің мың жылдарың менің қасымдағы бір күн. Мынау жұмыр жердің мың жылы түгіл, өзімнің ғұмыр кешіп, жер басып жүргенім рас па, жалған ба!? Көзім жетпейді… Пәрмені шексіз бір Алланың жаратқан мынау ғаламындағы, жылт етіп сөнген, ине жасуындай ұшқынға да арзымайтын өз басым өзіме бейтаныс. Үрлеп жіберсе ұшып жоғалған тозаң ғұмыр. Менің де мәнім осы. Соңғысын бір Раббым біледі…Шексіз хиқымет иесі осы ғаламды тек, мейір мен ізгілік нұрына жаратқан-ау!.. Ғалам жөнінен түкке тұрғысыз, өтпелі ғұмыр-тіршілік беріп, осынау жарық дүниенің тозаңымен тозаң етіп сынаған!..Пендесін жаратпаса бұл ғаламның бар, жоғы кімге керек, кім сезеді деп ойлаймын мен пақыр кейде. Бәрі де бір Алланың қалауында. Пенде қашанда пенде баласы. Өз орнымды білуім керек ғой… Раббым, кешір мазасыз пендеңді. Өзің берген менің азғантай мәделім бұл ғаламның бар екенін сезіп отырғандай, Алланың құдыретіне де шек келтірмейді. Ғұмырым тозаң болса да, рухымды бір Алла өзің жарылқа… Ақын атамыз да «дүние бір иілген жақ, иілтіп екі басын ұстаған хақ» демеді ме…Күн неге дөңгелек, ай неге дөңгелек, тұтас ғалам домалақ, дөңгелеп жүріп қай ұшпаққа жетеміз деп тағы бір мазасыз ақын өлендетпеді ме…Иә, Алла бұлардың да рухын өзің жарылқа… Мазасы кеткен әрқандай мен сияақты қарапайым пенделердің де рухын өзің жарылқа, сеніп табынған тәңірім бір Раббы… Дүйім жұртқа белгілі машайық, әйгілі ғалым имамның еңселі мешіттің миғрабында отырып айтқан ұлағатты уағызынан сөз саптасам қайтеді…Иман әуелі Раббыны тану. Бұл жерде Құдай бар, ойға келетін бар емес. Бір, ойға келетін бір емес. Барлығы, бірлігі ой жетпейтін, көңілдегі барлықтан да барырақ. Көңілдегі бірліктен де бірірек. Көңілдегі барлықтың бейнесі, тұлғасы бар. Көңілдегі бірліктің нахаяты, яғни, шегі бар. Раббы нахаяттан, тұлғадан, жисмнен, яғни денеден пәк. Пәктігі ойға келетін қандай да бір пәктіктен де пәгірек. Барлығы, бірлігі, кәмілдігі, заты ойшының ойы, ақылдының ақылы жетпейтін өте қашық, – деген жайсаң имамның шариғаты жамағатты уыздай ұйытты ғой, – деді көшенің қосалқы жан жолында аяңдап бара жатқан Қостан, бүгінгі жұма намазында көргендерін жадына келтіріп, – ғұмырымның бір күні, міне, осылай өтіп барады… Алла өзің кеш, сондағы жұртшылықпен бірге иін тіресіп, көк ала кілемнің үстінде қонжиып отырған менің кезеген ойым шешусіз түйіні көп, қыспақ тірлік бізді пәниде алды еркімізге қоймайды екен деп ауа жайылады… Періште емес, пендемін. Күнәһар пендемін. Ал, бақида арыламыз ба?!.. Бақидың ісіне әддіміз жоқ. Оны сұрама!.. Кеше ғана көз ашып, бұл дүниенің бар екенін білген сияқты едім… Әне, төрт-бес белегірдің арғы жағынан қырық деген асудың да төбесі көріне басталды. Осы төбе көрінгенше де талай мәрте көңілім жалқып, дүние боқтан түңілгенім…деп екінің бірі айтар дағдылы сөзді мен де айтайын, өткен өмір жолыма қайрылып көз салсам, көңіліме медеу тұтарлық не бар?.. Пенде болып көргенім не, ендігі күнімнің мәні не?!.Не үшін жер басып жүргенімді білмеймін. Бейне, бітпейтін ұзақ, жайсыз түс көріп жүргендеймін. Өмірімнің мәні не болды, соңғы тиянағы қайда екен?! Өзіме де белгісіз, көрінбейтін дүниенің қыр соңынан қалмаған мақсатсыз, бағдарсыз сенделіс… Міне, қазір мұнда отырмын. Осылай мешітке қадам басып, Раббыма мінәжат етсем әлденеден алақызған көңілім сабасына түсіп, бір сәтке жүрегім байыз тапқандай болады… Өзге пенделерде осындай хал кешетін болар… Әр пендеде әр түрлі қиял. Раббым, асылық айтсам кешіріміңе ал. Миша былыққан бұл фәни тозақ пен ұжымақтың азғантай қоспасынан жаралған тағы бір үшінші дүние ме, не?!.. Біз осы үшінші дүниеде жүрген жоқпыз ба?! Біреу ол… Біреу бұл… Біреу жылап жүр, біреу күліп жүр. Бақыт деген не, пендесі көрер шынайы рақат деген не, көру керек ғой!? Қайда олар?!..Бұларға апаратын ең дұрыс жол қай өңірде?!. Мұны Алланың көрсеткен жолынан тауып алуға болады екен ғой. Күрделі тіршілік жолында, осы бұраң жолда бағыт-бағдар көрсететін бір ғана қасиетті жол қасиетті кітап деп айтып отыр ғой анау мұддәрис имам да. Мұны мен тұңғыш естіп отырған жоқпын. Пенде болған мен де даңғыл жолға түстім деп айта алмаймын. Қашан да пендешілігім жеңе береді… Раббым, иманы әлсіз мен пендеңді осы шам-шырақтың жолына, қасиетті жолына түсіре көр. Өзімнің шағын әлем, аядай шеңберімнің ортасы болған мынау жүрегімде бір сенсің, Раббым!..Менің жұдырықтай жүрегім, мынау жұдырықтай ғана жүрегім, тек, сенің пазыл-рақымыңды алғау көріп тыныш табады. Құлазыған көңілім сенің шексіз мейіріміңді ойлап байыз табады.
Тірлігім сенің шексіз кұдыретіңе бағынышты. Жан болмысымды өз бұйрығыңдағы ғаламның жақсылығына бағышта!..».
Мешіттегі мың қаралы адам сілтідей тынған. Тек, анау көрнеу тұрғыда отырып шариғат сөйлеген имамның қоңыр әуезі бір қалыпты ұласса, оның әр сөзіне ілесіп Қостанның да ішкі әлемі өзін-өзі безбенге салып отырған. Мешіт ауласынан шығып дүңгіршектен газет алып тұрған кезде де, анау бақшаға барар жолында да миғрабта уағыз айтып тұрған имамның бейнесі жадынан шықпай, әлі де анау жұма жамағаты мен дағуатшылардың ортасында отырғандай өзін қаумашалаған сезімнен арылмаған ол «…Сондағы мыңдаған адам түгіл, бүкіл ғалам әрқашан Раббының назарынан қағыс емес. Біз жөнінен өткен дәуір, қазіргі кез, келер күн болашақ заманды бір мезгілдегідей өз құдыретімен көріп тұратын Раббым ештеңеге мұқтаж емес, деді күбірлеп, Бәрі менің риясыз ниет, кіршіксіз жүрегімде ғой… Раббымның кім мені есіне алса, мен оған оның бойындағы ағып тұрған қанынан да жақынмын дегенін білген мен пенде әуелі өзімнен-өзім алыспын, өзіме-өзім жатпын-ау! Пайғамбарымыз құлшылық қабыл емес, ниет қабыл деген ғой… Шексіз ракымды бір Раббым, тағы да тілеймін, жер бетінде адасып жүрген пендеңнің бірі менің де, оның да риясыз ниетінің мысқалдайын болса да даргағыңда қабыл ал! Дүниеден озған барлық мұсылман пенделердің, көкешімнің, әпкешімнің, інішімнің рухын бейіш нұрына бөле!..».
Арғы төрдегі Алатаудың ақ бас биіктеріне көз салып, Қостан әлі отыр. Етектен тартып тұрған жұмысы жоқ. Анау бақшадан бері үш-төрт көше бойын жағалап, одан туннелден өтіп «Саяхат» деп аталған вокзал алаңындағы орындыққа келіп отырғанына да жарты сағат уақыт өтті. Еркімен кетіп, сан-сақты кезген жүйрік көңілінде әлі маза жоқ. Арғы бет, туған жері шығыс Алтай өңірі мен Боғда бөктеріндегі Үрімжіде өткен күндерін есіне алып өткен ол «…Қара кәуір қаптайды. Сонымен дүние жалған аяқтайды дейді ғой, Қостан, сонымен замананың ең ақырғы күні де жұма күнімен тәмам болады дейді ғой, деді дауысын шығара күбірлеп, Ал, қазір аспан күмбезінде алақандай бұлт жоқ…».
Осылайша және де әрнені есіне алып, ұзақ уақыт отырған Қостанның ой кеңістігінде бүгінгі түс мезгілінде көрген әрқалай бейнелер жүзіп жүрді. Әр кездегі дағдысынша, бүгінгі жұма намазының барлық парызы өтеліп соңына шықты. Әдепкідей емес, иін тірескен адамдар қарасы сетіней ыдырап, айқара ашылған екі тараптағы есіктен шығып тарап кеткен. Кең, еңселі мешітте жамағат сиреп қалса да, әлі де өз алдына, оңаша намаз оқып жатқандар бар. Сәлден соң оларда үздік-создық сыртқа шықты.
Мұнда қалғандар әр тұста өзді-өзі отырған бірен-сараң адамдар. Мына бүйірде бір қадары қораланып отыр. Олардың арасында Қостанға дағуат айтқан әлгі екі жігіт те жылыұшырап көзге түседі. Әрменде үйілген сөмкелері тұр. «Үш күн», «Бір жұма», «Қырық кұн» деп мезгілге бөліп, алыс-жуық төңірекке таралып уағыз айтатын дағуатшылар екен бұлар. Өзгенің отарына айналған туған жері арғы бет Шығыс Алтай елінде жүргенде де құлшылығын үзбей мешіттерге барып тұратын Қостанға мұндағы жағдай, орта көрінісі әдепкіде тосын, таңсықтау сезілген. Мұндағының көбі ислами үлгідегі сүннет киімін киген тақуа жандар. Сақалды, иманжүзді жамағаттың дені жастар. Десе де, кейбір әлеуметтік ортадағы тіл табысуға келмейтін жатбауыр өгейлік, сырт беріп зілдене караған дөкір көзқарас, бюрократтық пиғыл бұларда атымен жоқ. Өзара татулығы туысқаннан да жақын, ежеттес. Кейбірі өздеріне арапша есім, лақап қойып алады екен. Бұл да оған тосындау сезілді. Шеткерілеу отырған бірнешеудің қатарына барып Қостан да тізе бүкті. Өң-әлпеті қазакка ұксамайтын, парсы бейнелі әнебір жас азаматтың ала-бөтен ұсқыны Қостанның есінде қалып қойыпты. Кекселеу бір кісінің жанынан арда емген тайдай әрдайым қалмайтын оны осы төңіректен, мешіт ауласынан бірнеше рет ұшыратқан. Сол екеуін бүгін бұл жерден және кезіктіріп отыр. Әркез орыс тілінде шүңкілдеп жүретін жас азаматтың мына арадағы қазақша жатық тілі оның әуесін қозғады. Кісілер қатарына келіп отыра берген Қостан ол азаматтың осыдан он төрт ғасырдың қалтарысындағы Мединеде өткен істі сөз етіп отырғанын аңғарды.
…Сонымен, төбесі құрма ағашымен жабылған аядай, жұпыны үй іші…үй ішінде көзге басылар мүкәмәл жоқ. Бір жайдақ төсеніш, бір-екі көрпе, ағаш күбі, шелек, ежіре табақтардан өзге мүлік атауы атымен жоқ. Әлгінде ғана тұрағының батыс жақ іргесіндегі шағын ғана қалқайма, қарапайым мешіттен оралған Алланың елшісі соңғы пайғамбарымыз ескі бойра үстінде отыр дейді… Жанында уылжыған аяулы жары Ғайша бар болатын-ды. Көптеген уақи түскен бұл, осынау қасиетті нұрлы панада Ғайша көңіліне түскеннің бірін де қағыс етпейтін: «Иа, расулалла, Ибн-жұд-ан караңғы заманда пенделерге игілігі тиген жан еді ғой, сол игілігінен өзіне қайыр бар ма?» деп сұраған. Аяулы жарының тілге алғаны исламиаттан бұрын Меккеде халық үшін қан төгіп өткен мүшірік-ті.«Қайыр жоқ, Ғайша! Ол пенде бір ретте де Раббыны тілге алып, қиямет азабынан өз күнәларына ғапу сұрамаған» деген пайғамбар Ғалайһиссалам. Бұл сөзді естіген Ғайша Алладан тілек тілеп сиынады. «Адамдарды жәннатқа алып баратын нәрсе олардың атақ-абыройы емес, Алланың рақымы» деп уағыздайды Расулалла. Алладан тілек тілеп сиынған Ғайша және де: «Иа, Расулалла! Сіздің атақ-абыройыңыз шы?.. Өзіңізге септігін тигізе алмас па?» дейді ғой. «Алланың рақымы мен кешірімі болмаса, ешкімді де жәннатқа кіргізе алмайды» дейді екен пайғамбар Ғалайһиссалам. Ғайша және де Алладан тілек тілеп сиынады….
Жігіттердің ұтырлап айтқан әңгімесі жалғаса берді. Әркімге жылы жүзбен көңілдене көз салатын, ашық ажарлы мына бір азамат та өзінше септеп, бір тәмсілдің басын қайырып кеп, соңында: «…Оның сараңдығымен бірге ептеген мақтаншақтығы да бар екен. Сол бай өлім аузында жатып, балаларына өсиет айтып: «Менің байлығымды өзгелерге таратып жіберіңдер» депті. Сонда балалары әл үстінде жатқан әкесіне «Әке, ол байлық қазір сіздікі ғой, өз қолыңызбен таратқаныңыз рауа. Сіз көз жұмсаңыз, ол байлық біздікі болады!» деген екен деп аз миық тартып қойады. Тәрки дүние соңына түскен пірәдар бейнелерінен терең байсалдылық ескен өзгелері де басын изеп, оны қостаған раймен езу тартысады.
Жамағаттың мезіретімен орнынан көтерілген және бір азамат сол түрегелген қалпында дағуат шартын айтып шешіле сөйледі: «Бүгінгі жұмалық дағуатта сапарында әуелі дағуатты көбейтеміз. Мақсат осы. Одан кейін, тәлім-мүтәлімді көбейтеміз, зікір-ибадатты көбейтеміз, қызметті көбейтеміз. Керісінше азайтарымыз тамақтану уақыты, ұйқы, дүние сөзі, рұқсатсыз беталды мешіттен шығу; Араласпайтынымыз саясат, халық арасындағы салт-дәстүр, сол жергілікті орындағы мешіт ісі, мазхаптар; Бой тартып сактанатымыз жүрекпен дәмету, сұрамшақ тіл, ысырап, рұқсатсыз кісі дүниесіне соқтығу; Бет бұрып қайтарымыз ғайбат, кісі қорлап кемсіту, сөз қайтару, таласып-тартысу; Бойсұнарымыз жамағатпен бірге болған штимал амалдар, әмір, тақажуд намазы, жамағат тәкбірі; Бұл жиырма төрт шарттан өзге, алты сипаттың маңызы бөлек, бауырлар. Демек, әуелгісі иман, намаз, ілім-зікір, ікрәм-мусилимин, ықлас-ниет, соңғысы дағуат. Яғни, алтыншы илалла. Бұл пайғамбарымыздың бойында болған сипат. Яғни, иман кәлима. Алладан басқа тәңір жок, пайғамбарымыз оның елшісі. Жүректе дұрыс сенім орнайды. Абзалы кім өмірде риясыз көңілмен бір рет айтса, ол кәміл мұсылман. Екінші сипат намаз. Әрбір иман келтірген адамға парыз. Арапша сұлат, бізше мағынасы Алламен байланыс. Алланың шексіз қазынасынан игілік. Абзалы, кім де-кім бес уақыт намаз оқыса, Алланың бізге көрсетер бес сыйы бар. Әуелі, осы өмірдегі ризығы жеңіл болады. Қабыр азабы болмайды. Сират көпірінен найзағай жылдамдығындай өтеді. Амал кітабы оң қолынан беріледі. Соңғысы, пендесі сұраусыз жәнаттық. Үшінші сипат ілім-зікірдің өзі білу. Алланы еске алу. Ілім Алланың үкімін білу. Зікірдің мақсаты жүрекке риясыз сезім ұялату. Бөстекі сөз, бос уақыттан арашалайды. Және бір сипат ікрәм мүслим. Яғни, сый-құрмет. Мақсұт етпегі мұсылман бауырлардың хақысын беріп, өз хақыңды Алладан сұрау. Абзалы дос көбейіп, дұшпан азайады. Сипаттың ықыласын айтсақ, оның өзі бір зор ниет. Не істесең де бір Алланың разылығы үшін. Абзалы риядан сақтандырады. Сипаттың соңғысы, міне, бүгін жұма күні Алланың қалауымен мешітте бас қосып, мұсылман бауырлардың алыс-жуыққа аттанбақшы болып отырған сапары дағуат. Мақсұт етпегі надандықтан даналыққа шақыру. Адасқан көп құдайлықтан бір Аллаға шақыру. Абзалы мұсылман бауырлар көбейеді…
Осылайша кезектесіп имани әңгіме, салауат айтылып, шариғат жолы, ғаламның сырлы жақтары қазбаланып, өтпелі жалғаннан гөрі екінші дүние бақидың шексіздігі, рахат-райысы емексітіп, көңілге медеу бергендей. Бір шақта бұлардың қарасына сырттан бір топ адам келіп қосылды. Отырғандар оларды қарсылап, орындарынан тұрды. Мұндағылармен төсқағысып амандасқан олардың сөз ләмінен осы қаланың өзге тұсындағы мешіттерінен келген адамдар екені аңғарылады. Осыдан кейін, өз жайымен бөлек отырған, және әр жерде алқа-қотан отырған өзге жамағат та бір жерге бас қосып, шоғырын молайтты. Бәрі де байсалды кеңеске түсіп, арада жартысағат уақыт өтті.
Өзінің жеке жағдайымен бұл дағуат сапарында қатысқысы келмеген Қостан мешіттің үлкен залынан сыртқа шығып, шығыс жақ мүйісін орағыта айналып, арғы қапталдағы «Құран оқу бөлмесіне» беттеді. Есік көзінде кезек күткен оншақты адамдар тұр. Шамалы уақыттан кейін бір шоғыр адам есіктен сыртқа шықты. Босаған бөлмеге жамағатпен ілесіп Қостан да кірді. Ортадағы жасыл шүберек жапқан үстелдің үстіндегі сандыққа жұма садақасын салып қойды да, жағалай қойылған ұзын орындықтардың шеткісін ала отырды. Жас шамасы әрқалай ер адамдардың кейбірі тақия киген, кейі жалаң бас. Басына орамал жапқан қыз-келіншектер, орта жасты әйелдер де тұс-тұсқа жағалай отырды. Сәл кешігіп, соңынан асыға кірген және бірнеше жастау ер-әйелдер кіре беріске таяу орындыққа келіп отырды. Осындай аз-кем дыбыр-сыбыр әрекеттен соң сілтідей тынған тыныштық орнады. Сәлден кейін, еңселі бөлмеде тек кұран оқыған молданың қоңыр мақамы көтерілді.
Өзін қаумашалап тұрған бүкіл дүние, бүкіл тіршілік, бәрі де бір сәт өзін ұмытып, екі дүниенің күңгірін бір өзіне сидырған осынау айысты әуенге кұлақ тұргендей. Тіпті, уақыт та тоқтап қалғандай…
Дұға, тілек аяқтады. Дабырсыз, ауыр басып үздік-создық сыртқа беттеген алқалы топ сиреп, тұс-тұсқа тарап кетті. Соңынан келіп, есік көзінде кезек күткен бірқадар адам босаған бөлмеге кірді.
Қайтадан бергі қапталға беттеп, мешіт текшесінің шығыс жағындағы баспалдақпен айналып түскен Қостан, айнала өскен шыршалы көгалдың жиегіндегі қатарлап қойған, ұзын, жайдақ арқалықты орындықтардың біріне келіп отырды. Жаны жабығып, басын көтере шалқалай тұңғиық зеңгір көкке біраз тесіле қараған ол, көзін жұмып еді, көз шарасына қою сарғыш рең тола қалды.«…Менің өзім ертең қай шұңқырда қаламын… Басымды оңға қарататын пенде шыға ма!?.» деп ойлады.
Уақыттың ісі қиын екен. Дүниеден көкесі кетті. Әпкесі кетті. Арада біраз жыл салып, нәубеті келіп соңынан ерген жалғыз інісі кетті. Өзекті жанға ертелі-кеш бір өлім. Алланың сызығынан кім асады. Бәрі де санаулы күндерін түгесіп кете барады. Әсіресе, бұның көңілінде шешілмей, кездейсоқ түйін болып қалғаны – ініснің ауруға шалдыға бастаған әдепкі күндерде асатынан хат танымай, тіпті, өз есімін де жазуды білмей қалуы еді. Шипагер қолына ұстатқан қаламды саусағымен қыса ұстап, жас балаша көндем жымиыспен ақ қағазға дағдара қарап отырған бейнесі көз алдында болса, сол інісінің үзілген шағы да күні бүгінге дейін көз алдында. Сап-сау жер басып жүрген жас азамат бір қол, бір аяғынан салданып, сайрап тұрған тілі де күрмеле берді. Бас-аяғы бір айға жетер-жетпес мезгіл ішінде жер тарта салғырттанып, мендей бастады. Емханадағы соңғы күндерінде кеңірдегінен дән өтпей, тек, білектен салған аспа уколдың көмегімен ғана арыстай азамат ұп-ұзын болып сұлап, жатты да қалды.
Төңірегінде күдері үзіле қарап отырған жандар екі, үш етбауыр жақындары, көрші-қолаң. Кеудесі сырылдап, алқына тыныстап жатқан інісіне еңсесін сала үңілген Қостанның жүзін шоқтың табы шарпығандай болады. Әбден кетеулеп, жұбына жеткен кейісті өңіне, шүңірек қабақтанып ішіне тартып кеткен көз ұясына шарасыз кейіпте көз салып Қостан отыр. Кісі танудан қалған інісінің аузына қасықпен болымсыз сыздықтата су тамызып, таңдайын жібітеді. Бірақ, ары өтпейді. Бір де кішкентай матаны сумен дымдап, кеберсіп жарылған ерніне сүртеді. Өзінше істеген шарасы ғой. Осылай басында көз алмай қарап отырған ол, естен, тілден айрылған, кеудесінде кұр шыбыны жатқан інісінің төбедегі бір нұқтадан көз алмаған нұрсыз, солғын жанарының шанағына мөлтілдеп шық толып қалғанын көріп іші бауыры езіліп кетті. Үзілерге таяған сәкірәт шағында көзіне не көрінді екен, Раббым!..Қол-аяғы бос ұмсынып, сұлық қалған інісінің, тек, кеуде тұсы ғана үздіккен тыныспен көтеріліп, басылады. Таң бозында тынысы біртіндеп бәсеңдей, үздік-создық болып, кинала екі-үш рет иек қағуының соңы болымсыз қыбырмен таусылып, жым-жылас болды да қалды. Күбірлей иман айтқан Қостанның үні құмығып, көз жасы суша төгіліп, бұрқ ете түсті. Үнсіз егіліп, інісінің жасаңсып шала жұмылған нұрсыз көзін жапты. Иегін көтеріп, сәл ашылып қалған аузын дұрыстап, маңдайынан иіскей сүйді.
Көз алдынан кетпеген марқұмдар бейнесі тағы да зарықтырып, сағынышты ойларға жетелейді.«…Осы уақытқа дейін көрген қуаныш-қайғым, пенде болып басымнан өткен әрқандай болмыс маған тән емес, менен ада, бәрі де ғажайып түсім болса шіркін!» деп ойлады ол, өмір көрген түстей деп айтады ғой. Расында, осының бәрі көрген түсім болып, тосаттан ояна келгенде, анау алыста қалған он жасар бала кейпіме оралсам, шіркін!..Мынау қасаң дүниеден тыс, мәңгілік балабейнемдегі және бір өзгеше әлемде өтсем…Көкем де, әпкем де, інім де… Бәрі, бәрі де жер басып жүрсе…». Адамның балалық шағы мезеттік болғанымен, одан қалған естемелер, сағыныш мәңгілік ғой. Арғы бет, туған елінде өткен күндерін емсеп, ой көзінен өткізген Қостан терең күрсінді. Осылай, өзімен-өзі жабығып, әрнені ойлап ұзақ отырған ол, осыдан үш күн бұрын көрген шым-шытырық түсін де есіне алды. Ондағы көмескі тартқан бейнелерді сұлбалап, жадына түсірді. Бір тау өлкесі екен. Дүниенің бәрі ап-айқын көрінеді. Төңкерілген аспан күмбезінде жұлдыздар жамырап тұр. Төңірек қадау-қадау биік дара. Ол да күндізгідей ап-анық көрінеді. Басы найзадай ұшталған серек құздар бой таласады. Осылардан оқшау, аспанмен тілдесіп тұрған бір заңғардың ұшар басы кенеттен тарс етіп айқара жарылды да, аппақ болып сарқырап төменге су түсіп тұр.
Бір биіктің иығында жүрген бұл қиядан жол тауып төменге түскісі келеді. Бірақ, аядай ғана жерде сарсылып жүр. Шыңғарлы биікте әлмисақтан бері қамалып жүргендей. Әредік төменге үңіліп қараған бұған қарайып көрінген жанның бәрі қозғалмай тұрған сияқты, қыбыры білінбейді. Өзінен алыстау тұрғыда, және бір талғар биіктің ұшар басында арқардай саңлақтанып тұрған бір адамды жанында тұрғандай анық көрді енді. Көз үйір, көк шулан желеңінің шалғайы желкілдеп тұрған інісі екен. Бұл оған бірдеңелерді айтады. Інісі мылқау жандай тіл қатпайды. Өз кеңістігінде тұрған ол, ағасын көрмеген де болар… Үнемі зарыққан сапары бітпейді. Үнемі бірнәрсені іздеп жүргендей. Осындай түгеп бермес албарынды әрекетте болса да, табан аударып қозғалған да жоқ, қас қаққанша зират басында тұрған бұл еңірей бүгіліп, інісінің күнсіп түрған құлпы тасын сүйе береді. Кенет, төңірек қара қоңыр түске ене қалды. Буазыған іңір мезгіліндей. Бұрын еш жерде жүздесіп көрмесе де, бірақ өңшең таныс бейнелер өмірі естіп көрмеген Қаратөбе деген жердегі зират қорымының арасында сабылып жүр. Қашаннан бері жанында болып қарап тұрған, бейнесі самарқау інісі күрмелген тілімен түсініксіз бірдеңелерді айтып еді, бұл еш кедергісіз «Бұлардың бәрі жер басып жүрген адамдар» деген ұғымды білді. Ілгері басып жүре беріп еді, ығы-жығы жайдақ үйлердің арасына кіріп кетті. Бұл жер бұрын бір келген жерінен аумайды. Елестей, анық есінде жоқ, баяғыда есік алдында жүгері собығының дәнін сытып, абажадай сары шелекке түсіріп отырған, басы қауғадай жирен сақалды шалды көргендей еді. Сол шал қозғалмай, әлі сол бейнесінде жүгері собығын уқалап отыр. Терезенің сытқы текшесінде бұғып, мүлгіп жатқан ақ мысық та қыбырсыз әлі жатыр… Ала көлеңкелі түкпір- түкпірді кезіп жүр. Бірде күліңгір тартқан үй қабырғасының бұрышынан біреудің қарасы көрініп, қайта жасырына қалғандай болды. Бұл лезде далаға барып еді, кеңістікте қалқып жүрген, кеудесіз, біреудің кесер басы қармалаған қолына іліне кетті. Қызықсынған бұл оны шеңгелдеп қыса бергенде желі шыққан қарындай қабысты да қалды. Тағы да қозғалып еді, қызыл сырмен боялған үйді көріп, үңірейіп ашық тұрған терезесінен басын сұға қарады. Іші толған кішкентай балалар шу-шу етеді. Тіпті, өз бас сүйегінің іші қоса дулығып кетті. Айналып барып босағадан аттап еді, көсілген жазық, иен далада, төңірегінде ешкім жок, жалаңаш сәби баланы көрді. Ол өзімен-өзі болып, басын тұқырта еңкейіп, жерге үңіліп отыр. Ол сәби үні шықпай, аузын ашып жылаған бейнеде, қолын жоғары сермеп талпынады. Бұл оны жерден көтермекші болды ма, бірақ, ол өзгенің құшағында кеткендей жоғары көтерілді. Быдырмақ төбешіктің арасында, андыз-андыз шала салынған үйлердің қабырғасын жинап, кірпіш қалап жатқан адамдарды көрді. Осылардың арасында сырғақсып, жат адамдай өзінен алыстап қалған інісі де көрінеді. Бұл баяғыда ұмыт болған түс таныс кісіні де ап-анық көрді. Онымен тілдеспекші болып, оған тағы да көз аудара беріп еді, егіздің сыңарындай одан аумайтын басқа бір адамды шырамытты. Еркін деген досы екеуі қалашықтың сыртындағы Ұрықты деп аталатын таулы жерде жүр екен. Бұл олардың қоларбасын тартып, үнемі отынға баратын өңірі екен. Қорымды беткейдің етегінде, балажігіт бейнесінде екеуі дем алып отыр. Мамыражай аумақ. Әудем жердегі жазықта тұнжырап аққан өзеннің бір иіні көрінеді. Ол Ертіс екен. Әп сәтте қару-жарақ асынған бірнеше атты адамдар көріне кетті. Олар аттарынан түсіп жатыр. Біреуі ат үстінен сүңгісін жерге қадап жіберді де, қанжығадағы шоңғал тұлыпты шешіп, илектенген қып-қызыл домбаз бірдеңелерді көгалға ақтара салды. Олардың арасында жалаңаш кеудесін түк басқан, зор тұлғалы біреуі айрықша көрінгендей.
Қап-қара шалғы мұрты сұсты бейнесіне әр қосып тұр. Жеңді білектей өрген шашын қазандай басының төбесіне шоқтап, айдарлап түйіп тастапты дейді. Онысы өте ұзын, сала құлаш болып, шұбатылған жартысы ширатылған қара жыландай иықтан аса қайрылып, күлтеленген ұшы оң жақ омыраудан құлдай кіндік тұсқа түсіп тұр. Жаурын ортасында құймышаққа тұтаскан шымқай қара жалы да бар екен дейді. Ғажабы, ол да сол жақ иықтан аса кері қайрылып, жарым кеудені жауып тұр. Мұның назарында бұлар Еркін айтқан ертедегі батырлар екен. Бұл олармен жәй сұраспақшы болып былай шыға беріп еді, тіпті, ұзын сайдың тұғылына кіріп кетті. Иен беткейде, жақпар тастың арасында тошала жемісін теріп жүр екен. Шәпкесіне салған тошаласын жерге шашып алды. Қоларбасы, ондағы балтасы, арқан-жібі қайда қалғаны есіне келмей қойды. Бұл үнемі бірдеңені іздейді де жүреді. Көше бойында ұйлыққан адамдар бірдеңені қаумалап тұр. Осылардың арасында отыншы досы Еркін де тұр. Ортада астау толы қойдың кілең үйітілген шикі сирағы. Еркін деп жүргені Ермек деген қасапшыға өзгеріп кетіпті. Астауға үңіле қарап тұрған бұл да кесек-кесек, қып қызыл шикі етті көрді. Жүрді ме, жүрмеді ме, өзі де білмейді, өзін бір үйдің ішінен көрді. Інісі терезе алдында теріс қарап, сыртқа көз салып тұр. Сәрәп сағым болып, шаңылтақтанып жатқан кең дала көз ұшында мұнартып жатқан бұйрат құммен шектеседі екен. Өзі кітап қарап отыр екен. Көріп отырған кітабының іші тірі суретке өзгеріп, кітап оқыған бейнесі жоғалып, өзі де осылармен бірге қым-қуыт болып кетті. Қапалақтап жауып тұрған қар жерге түспей, сансыз ақ көбелек болып ұшып жүрме-ау… Ешкім жақ ашып тіл қатпаса да, су деген әуенмен бірге құйылып, сылдырап аққан бұлақ көрінгендей… Қостан ояна беріп, тарс еткен солғын дауысты естіді. Көзі ілініп барады екен, қолындағы кітабы жерге түсіп кетіпті. Төсек басына жинаған жүкке арқасын беріп, шалқалап жатқан ол басын көтере еңсесін тіктеді. Парағы ашылған қалпы, кітап жерде төңкеріліп жатыр. Кешеден бері қайталап оқып жүрген өлеңдер жинағын жерден алып, жанына қойып жатып, түсінде көрген заңғар биіктің тарс етіп жарылған дауысы есіне оралды. Ол аң-таң бейнеде түсінде көрген інісінің келімін ойлады. Інісі жаңа ғана қасында болып, үйден сыртқа шығып кеткендей. Ол үш қайтара дұға оқыды. Білген зікірін айтты.
***
Мешіттің терістік дарбазасынан шыққанда батыс бағыттағы арқан бойы жерде көлденең көше болса, соның қосалқы жолына түсіп төмен құлдаған Қостан, оқшау бой созып тұрған ақ сұр ғимараттың мүйісіндегі адамдар шоғыры мол жерге беттеді. Сабылған ел. Әркімге еміне көз сала шақырып, жолаушы күтіп жүрген кіре машина шопырлары. Көлденең жатқан даңғылдың арғы жағы, карсыда «Саяхат» деп аталған жолаушылар бекетінің ірі әріпті маңдайшалығы сонадайдан көзге түседі. Үңірейіп төмен тарқан жер асты жолының бір шығар аузы солай, көшеге қараған алаңына апарады. Қостан жол жиегіндегі шағын дүңгіршектің тұсына кідіріп, қатарлап ілген басылымдарға көз жүгіртті.
Дүңгіршектегі сатушы әйелге сыртта тұрған келіншек лепіре әңгімелеп тұр. Сөз ауанынан әлде бір өңірдегі тойдан қайтқан жолаушы сыңайы білінеді.
Топ ортасынан айғайлап шақырған кіре жүргізушінің даусын естіп, келіншек бұл әйелмен асыға қоштасты да кете барды. «Екі күндік той қызығының қалай аякталғанын білмей қалдық дейді-ау, екі күндік сауық түгіл, қас-қаққанша көрген түстей ғұмырымыздың көбі өте шықты емес пе?!. От алғалы келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар деген міне, осы…» деп ойлаған Қостан, басылымдардың арасынан өзіне қажетті газетті іздеп, көзін кыдырта берді. Дүңгіршек иесі:
– Мынау бүгінгі жұмалық, жаңа нөмірлер, мыналар кешегісі, – деп сұрағанын алдына тастай берді. Қағаз исі аңқыған жаңа басылымдарды біраз ақтарыстырып қараған ол рақметін айтты да, ақысын төлеп жолына түсті. Жоғары қарай бет түзеп әудем жер жүрген ол, әртарапқа ұласып жатқан көлденең екі-үш көшені кесіп өтіп, қарсыдағы бақшаға барды. Осы бақша бұрын да бірнеше рет келген таныс аумақ. Тұс-тұста бой таласқан емен, көмкерілген көгал. Бақшаның төрінде алыс-жуыққа өзін әйгілеп, бүкіл қаланың символындай болып, қасқиып тұрған зәулім шіркеу. Жол жиегіндегі қатар-қатар тізбектеп орнатылған жауынгерлер ескерткіші, шыға беріс көшеге қараған зеңбірек, өзге де салқам бейнелі мүсін, өрнекті белгілер. Бақша аландарының қаға беріс әр тұсында адамдар қарасы қараң-кұраң, сирек. Тек, кіндік тұс, ортасын ала түскен шоңғал сары ала шіркеудің төңірегінде анау иіске үймелеген көк шыбындай шоғыры молаңдау.
Қостан сол жағындағы жолға түсіп, тас кірпіш төселген жолды бойлап аз жүрді. Қара тастай түксиген, тұғырлы алып мүсіннің ту сырты көрінді. Айналып өтіп қарсы алдынан көз салды. Шүйгіген бүркіттей төніп келе жатқан темір телпекті әйдік батырлар бейнесі тым сұсты. Төменгі, қарсы алдындағы жерде көлемді аласа текше. Оның ортасындағы шаңырақтай шеңбердің от орынындай өзегінен қызыл түлкідей бұлаңдап жалын шалқып тұр. Қос қапталға керегедей жайылған қоңыр тақтаның бетіне ірі әріпті үндеулер жазылған. Көзіне ұшқасқан дүниелерге тағы да зер сала аралап, бақшаның бір басына шыққан Қостан оң жақ бүйір тұсқа бұрылып, тұтасқан кірме жолды бойлап жүрді. Содан, айнала өскен шыршаның қалқасындағы оңаша бос орындықты көздеп, солай қарай беттеді.
Қос жақтауы өрнекті, арқалығы бар ұзын жайдақ орындыққа жайғасқан ол, газеттерді жанына қойған. «Кәне не жазды екен, көрелікші…» деп біреуін қолына алып, дағдысынша шола көз жүгірте парақтады. Сосын әдеби беттеріне үңілген. Қалам иесінің суреттерімен қоса берілген жазбаларға ден қойғанына жарты сағат уақыт өтті. Жұтынып тұрған тамаша сөз өрнектері бар екен. Тіршіліктің әр тарабын қағыстырған дүниелердің сарыны бөлек. Бір қақпай, шағын да болса шүңетіне үңілдірген қысқа өлең де, тілінен шаң шыққан айтқыштың ұзағынан орағытып, ширыққан желдірме толғауы да бар. Тағы бір парақтан дүбір шығады. Қостан бір шетінен көз салады. Әліне қарай шапқан әр алуан жүйріктер. Кейбірінің бір қалыпты көсіле шапқан бейнесіне қарап өзінің де табаны қызғандай болса, кейбір жортақтардың мәреге жетпей тасырқап, алқынғанын байқап қалып өзі де бірге кібіртіктейді. Бір де осы аламанның дүрмегіне ілесе шапқан қолау тайдың тосаң мимыртына тілеулес көңілмен сүйіне қарап, өзі де қоса тепеңдейді.
Осындай дүбірді қызықтап, қайыра келесі параққа өткен ол, және бір аумаққа қадам қойған. Қара нардай төс табандап жатқан, тұлғалы, сабаз мінез қара сөздің ауылы болар, онда да айналсоқтап, біраз уақытын оздырды.
Қолына алған газеттің тұтас бір бетін шарпыған дүниелерде тарихта өткен дәріпті адамдардан бірнешеуінің өмірі жайында жеке-жеке қысқа деректер айтылыпты. Олардың қарапайым пенде болмысындағы жекелік тұрмысы, махаббаты сөз етіліпті. Соңында қалам иесінің түптен тартып айтқан терең толғамдары махаббат жайында өзгелерді пікір сайысына шақырғандай екен. Мәңгілік тақырыптар- өмір, өлім, мақабат. Осындайда бәрі еске түседі. Баяғыда ағат басқан бір пенде өзінше мұңын шағып «Дүниеде махаббат деген бар ма?» деп бұдан сұрағаны бар еді.«Махаббат болмаса дүние күйрейді деген сөз бар» деді бұл. Махаббат деген киелі де, кең ұғым ғой. Тіпті, жан-жануар, хайуанның да өзгеге болмаса да, өз баласына деген мейір-махаббаты болады. Махаббаттың бір аты– аялау. Ол жоқ жерде дүние не болды!? Шынайы ұлы сезім, ұлы махаббат кісілігі жоғары адамдарда болады ғой. Олардың ары махаббат та, махаббат олардың ары. Арын қалай қорғаштаса, махаббатты да солай қорғаштайды. Бұл жолда өліп те кететіндер болады. Туада нәпсінің құлы болып жаратылғандарда махаббат деген ұғым жоқ. Оларда орға жығар қанағатсыз өзімшіл нәпсі ғана бар. Махаббат өзгеге арналса, нәпсі өзіне арналады.
Махаббат жайында өмірдегі қарабайыр істерді шарбыстырып ойлаған Қостан назарын «Өмір сүрді. Жазды. Бәрін сүйіп өтті» деп аталған желілес шағын мақалаға аудара берді. Ертеректе өткен Анри-Мари Бейль деген қаламгердің өмірі туралы екен. Өз дәуіріндегі өктем күштердің оның еңсесін басқаны жайында біраз сыр шертіпті. Және оның құлпытасына жазылған «Өмір сүрді. Жазды. Бәрін сүйіп өтті» деген сөздерге тоқталыпты. Мақала авторының шалқыған көңіл күйі ары қарай ұласып « Сенің жарсыз, өмірден жалғыз өтуің оқа емес. Сенің ұлы жүрегің бүкіл дүниені сүйіп өтті. Сенің ұрпағың- сен жазған асыл шығармалар. Ол адамзатпен мәңгі бірге. Өнерді сүйген жүрек бар жерде сен де әрқашан барсың…» деген сөздермен қағазға төгіліпті.
Рас, махаббат жайында тамаша шығармалар жазған бұл ұлы жүрек дүниеге келгеннен қазірге дейін қаншама дүниелер туды, өшті.
Ойдан ой туып, оның қиялы қай-қайдағыны шарлады. Дүниеден әрқалай адам өтеді ғой. Оның есіне тағы да өткенде бір оқыған мақалада тілге алынған Иван Буниннің «Өзінен аумаған ақымақтың дүниеге келгенінен келмегені абзал» деп жазғаны оралды.
Тірліктің жолы көп ғой. Бұл тек, қашып та құтыла алмайтын, тастап та кете алмайтын, өзімен кетер туада жабысқан дауасыз дерт. Оған ешкімнің шипашағы өтпейді де, оған ешкімнің төрелігі жүрмейді.
Ол бір жас талаптың шала шайқалған жұмыртқадай шағын әңгімесін де қағыс етпей оқып шыққан. Бұл шағын дүниені зерделеп білу мақсатымен екінші мәрте қайыра көз салуы еді. Қазіргі баспасөздегі кейбір келеңсіздіктің бір ұштығы мұнда да аздап көрінеді. Тілі түйткіл, тұтас бір жолының бас-аяғынан бір ұғым шықпайтын тантық, мағынасыздық, сөзі сұйылған лепірмелік; күйісінен жаңылған, өз-өзіне қайшы тіркестер де ұшырайды. Ал, мына тұста «Ол сенің басыңа шай қайнатады» деген шалағай тіркес тұр. «Төбеңе шай қайнатады» деген бейнелі, тұрақты сөзін кім жұтып қойған?! Мына бір жолда «Ұшқан оқ» деген сөз жазылған. «Атылған оқ», «Атылған жебе», «Айтылған сөз, атылған оқ» деген сөзіміз қайда?! Әнебір қаламгер айтқандай, келте сөзді, телеграф тілді тақыс мәтіндер де етек ала бастапты. Көпке белгілі, тілгерлік – тіл бұзу немесе ойдан жалған сөз жасау емес, халықтың ежелден бар айшықты тілін орнын тауып қолдану ғой. «Жаза баспас қадам жок, жаңылмайтын қалам жоқ» дегендей, кейбіріне түсіне қарауға болса да, «Соқырдың тыққанын сау таппас» дегендей, ешкім ұқпас татаусыз тіркестерді тізбелей бергеннен не өнеді?!
«Шынайы жазарман шағын әңгіменің өзін де қиналып жазады» дегенді бір жерден оқығаны бар. Әйтеуір, өз басы қолына қаламын алып, бес-алты шумақ өлеңге кіріссе де, жанын жеп отырады.
Осылайша, газеттегі әрнені ақтарыстырып, тағы да жарты сағат уақыт оздырған ол, және де іркес-тіркес берілген екі жазылымға көзін кідіртті. Бір кісінің қолынан шыққан екі дүние. Бірінің аты «Қияда» деп аталса, және бірі «Құндыз бөрік». Алдыңғысынан гөрі, көлемі тіпті де шағындау кейінгісін салған жерден іркілмей оқып соңына шықты. Бас-аяғы жұп-жұмыр, иі қанған шағын әңгіме. Өзі де бір сәт қолыңа алып тамашалап сипай қараған, жеп-жеңіл, шәкене-шақ құндыз бөріктей жұрыны олай-былай жұмсақ төгіліп тұр. Көркем дүниеде қатып семген өлшем жоқ. Көркем дүние былайғы елдің әрқалай қабылдау өресімен өлшенеді ғой. Шет елдің бір жазарманы айтқандай, мәселе шығарманы қанша адамның оқығанында емес, мәселе, шығарманы кімдердің оқығанында. Көркем дүние және санмен емес, сапамен өлшенеді. Әркім бір әңгімеге татымайтын кұр, жел сөзді бес әңгіме оқығанша, бес әңгімеге татитын сүбелі бір әңгіме оқығанды абзал көреді. Шынайы жазармандық көпіртіп көп жазуда емес ғой. Ішке сыймай бара жатса, сыртқа шығарып жіберіп, көп жаза бергеннің де сөкеті жоқ болар. Десе де, аз айтса да, саз айтқан, жалғыз кітаптық өлең жазған Абай атадай данышпан араға ғасырлар салып дүниеге келе ме, қалай?! Мұндай адамдар әр елдің әдебиет тарихынан кезігеді. Өмірінде отызшақты әңгіме жазған атақты классиктер де бар.
Қостан тізесіне қойған газетке еңсесін салып, назарын аудара берді. Бірінен соң және бірін ақтарып көз салған ол, тағы да сүт пісірім уақыт оздырды. Әр дүние көргенше ғана тәрізді. Бәрі де бұрыннан білер жай секілді. Не, бір жерден көрген, не, бір жерден естігені… Кейде оқып отырған кезекті дүниесін аяғына шығармай көңілі жалқып, өзімен-өзі болып омығады. Өлең үстіндегі шабытты шағындай көңілі аласатып отырған оның ой дүниесі сағым қуғандай сан-саққа тартып кетті. Қалам тартып, өзі де бірдеңе жазғысы келгендей. Бірақ жүйелі ештеңе жок. Дағдарып төңірегіне көз салады. Әрменде шулыған көшенің сарыны келеді.
Ол үш-төрт күннен бері ойын түйіндеп жүрген «Сарқыт» деп аталған эпикалық шағын өлеңін тағы да есіне алды. Қазақ халқында сарқыт деген жақсы дәстүр бар ғой. Оны халқымыз бата-тілектен кем көрмейді. Ол-жасы үлкен құрметті адамдардың өзінен кейінгі кішілерге өз қолымен татқызатын дәмі. Мұнда, үлкен адамның көңілі түскен кішіге өз қолымен татқызатыны да, кішілердің өзі қалап, ырымдап тататыны да болады. Сонымен, Қостанның кейіпкері бір шағын басқосудың арасында болады. Сырттан бір жас жігіт сәлем беріп, бұлардың үстіне келеді. Отырғандар сәлем алып, кеңестері сәл үзілді. Келген адам аңқылдаған ашық, сөзшең екен дейді. Тосырқамай ол да кеңеске араласыпты. Төрдегі Зәкәрия есімді қарт адам алдындағы кеседегі ішіп отырған, аз орталаған өз шайын оған ұсынды. Ол үнсіз кабыл алады. Мұның өзі – қазақ салты. Қарт адамның сарқытын ішу, қолынан дәм тату оның жасына жетсем деп ырымдайды. Ақылы, киесі болса маған да дарысын деп тілейді. Содан кейін Зәкәрия ақсақал дастарқаннан қолына бір жапырақ нан алып, бөле жарып отырғандарға үлестіреді. Мұны іштей түсінген бәрі де қаужаңдап наннан ауыз тиеді. Бұл дәстүрге қазақтың айрықша мән бергені сондай, «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деген мәтелді де айткан. Манадан бері бірде туатын түйеше жамбастап, бірде басын көтере бойын тіктеп, әлденеге асығып, елегізіп отырғандай бейне байқатқан бір жігітке карап Зәкәрия ақсақал: «Ата-анадан мал жақсы, алтынды үйден жан жақсы деп, сен, сауданың адамысың. Келіп кететіндерің көп. Бізге қарайлап шаруаңнан қалма..» дегенді айтады. Әлі де қағазға толық түсе қоймаған ол шағын дүниенің желісі осылай тартыла бастаушы еді. Қостан бәрін де ой елегінен өткізеді. Сұранып тұрған дүние көп. Бірақ, қиюы келмейді. Оның қялындағы «Сарқыт» дәмі бір басқа да, өмірдегі, шынайы тұрмыстың оған татқызған дәмі бір басқа. Олкейде солғын, кейде кермек, тіпті ащы болатыны да бар. Өмірдегі болмыс пен көркем дүние арасына теңдік белгісін қоюға келмейді ғой.
Қостан бірде, өткен аптада қағазға түскен «Алғашқы жаза» деген шағын дүниенің желісіне шырмалып езу тартады. Оның кейіпкері іңірде төрдегі көк шұбар жолақты кілемге жантайып теледидарды қоса бергені сол еді, кішкентай кейіпкер, сегіз жастағы қызы Гүлсара оқулық кітабын терезе алдындағы үстелге тастай салып, қос қолымен әке тізесіне жұмсақ жармасып бүгін де бір тосын сұраумен мазалайды.
– Әке, «Мәдени зор төңкеріс» деген не, онда кісі сабай ма?
– «Мәдени зор төңкеріс!?.»
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында бүкіл қытайды қоғадай жапырып, қолқа жүрек, көтен ішегін солқылдатқан «Мәдени зор төңкерісті» егде тартқан адамдардан естігені немесе кітаптардан оқығаны болмаса, бұл кейіпкер де оның «Сырына» төл басы бара бермейді. Бүгін кызынан күтпеген тосын сұрау түсіп тұр. Қазір 2006жыл ғой. Ол тарихты оның әкесі болған кейіпкер толық білмей тұрып, жаңа ғасыр жас төлі кішкентай кейіпкер қайдан білсін. «Мәдени зор төңкерісті» түсіндіру жындының ойын түсіндіруден де қиын. Бұдан сәл бұрынырақ кездерде мойылдай жанары өтінішпен жәудіреп әкесіне тігіле қараған қызы:«Әке, сен кім баласысың? Ол кім?» деп әкесін бір есіне түсіріп тастаған еді. Қазір де сол сұраудың шетін суырпақтап отыр. Ойына бүкпе қалдырмайтын шыншыл да, батылдың бірі бала ғой.
Төр алдында қонжиып жатқан бұл үлкен кейіпкер де бала болған ғой…
1973жылдың сүркейлі күзі ме, бұлыңғыр бұлтты мезгіл еді. Қарындасы Толғанай екеуі үй маңында сол тұстағы атышулы белсенділердің рөліне түсіп, жын-шайтандарды аластап ойнап жүрген. Балалар ойыны өткенде әкесін қамауға алып кеткен, қызыл қорғаушылардың жеңдігі етіп жасап алған бір суыртпақ қызыл шүберекке таласуға ұласып, соңы шын «Төңкеріске» айналып, бұл әлділігін көрсетіп қарындасын жылатып қойғаны. Сонымен, ойынға өкпелеп жылаған баланың даусын естіп шеше де сыртқа шығады. Сонымен, бұл кезде тілден қатты тектейтін шешенің «Тергеуіне» түсіп, көк шыбық астындағы кәдімгі серік үйірмесінің бала маймылындай тоғыз жасар қылмыскердің үй қабырғасын айнала жортқаны. Әке де сол аласталғаннан қайтып оңала алмай, көп ұзамай дүниеден озған еді. Өзін жанындай жақсы көретін Толғанай бұл кейіпкердің ол «Қылмысын» қазір ұмытып қалды ғой. Қазір есейіп ержетті. Ал, шеше болса бәз-баяғысындай ақ көңіл де аяулы ана. Сол заманда бір бала осылай «Төңкеріске» алынып алғашқы жазаны көріп еді. Бірақ балалық шақ балалығымен қызық. Кейіпкердің кішкентай қызы әлі де құтқуырлап, сұрауын үзбейді. Өткенді есіне алып, аз ойланып қалған әкесі: «Балам, ол «Мәдениетсіздердің зор төңкерісі!» – деді.
Шағын шығарма желісін бір сәт ойша сүзіп өткен Қостан:«Алғашқы жазаны» солай доғара тұр. Азырақ қырнап сырлап өзгесін көрсем қалай болар?… Төстік те күймейтін, істік те күймейтін амал ғана керек, – деді. Ойына әлдене келе қалған ол қалталарын ақтарып, төс қалтасынан шығарған жарты парақ қағаздың бүктеуін ашып, ондағы «Алғашқы жаза», «Саркыт», «Қара нұр», «Сөз», «Мешіттегі ән» деген жеке сөздермен қатарлас тұрған «Пәтерлестің жүрегі» деген жалгыз ауыз жазбаға да көзі түсті. Ұмытып қалмас үшін бір әредікте қаламмен түрте салған шикі тақырыптар еді бұл.«Бұл да ескерерлік дүние, – деді Қостан күбірлеп, – бір күндік жолдасқа мың күндік сәлем дегенді білетін дегдар інішек, қайда жүрсең, сен де аман бол!..».
Өткен күндердің бірінде Шынтұрден келген бейтаныс бір азаматпен пәтерлес болғаны бар. Оның айтуына құлақ түрсе, ол осы Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінен оқуын тәмәмдап, алдағы оқу сапарын жаңа бастап жүрген жігіт екен. Қостан толық түсініп кетпесе де сөзінің арасында ол жігіт:«…Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті… философия тарихы… мәдениеттану кафедрасы…» деп бұған бейтаныс орта жайында жиі тілге алып отырушы еді. Бір күні Қостан барахолкадағы жүк тиеп, түсіретін күндеме жұмыстан кештеу қайтып пәтеріне келсе, төрт-бес күн ғана сырлас серік болған осы азамат бұның сөмкесінің қасына бір парақ хат қағаз тастап кетіпті. Аз таңырқаған бұл төте жазумен маржандай болып түскен өрнектерге көз салды. Мәтіні қарапайым, бірақ рясыз, шынайы көңілмен мыналарды жазыпты: «Аға әрі досым, Қостан! Мен өткен аптада бір досыма мектепке жақын қолайлы орын қарайластыруды айтқан едім. Сол досым бүгін КазГудың жатақханасынан орын тауыпты. Айына 40$ төлеп сонда тұруға келістім. Аз күн болса да туған ағамдай сізге бауыр басып қалып едім. Бұл пәтерден кету маған қатты батып тұр. Аман болсақ, әлі де талай жолығып тұрамыз, аға. Мен сіздің жеке басыңыздың жағдайын толық түсініп тұрмын. Өйткені, менің басымдағы жағдай да осындай. Бұл күн әлі-ақ өтіп кетеді. Бақытты күндер алда болады! Аға әрі досым Қостан! Бұл хатты көңілім қатты босап жазып отырмын. Сізге айтарым, айдын жарған кеме болыңыз! Еркіңізді босатпаңыз! Мен сізді бұл жерге жалғыз қалдыруға қимай тұрмын. Деп іні досыңыз: Ә. Жабықбайұлы. 2006 жыл 6-шы маусым».
«Әркімді әрқалай жағдай билеген мына заманда, бұл хатты жазбасаң да мен саған өкпе артпаймын, іні досым!.. Жүрегің неткен жұмсақ еді! Кіршіксіз көңіліңді кір шалмасын! Рахмет!» деген Қостан хаттың соңындағы мәтіндерге қатты разы болып.
Төрт-бес өлеңдік шикі тақырыптар жазылған жарты парақ қағазға әрі-бері үңіліп, қайтып төс қалтасына салғанша оның зердесінде осылар сынаптай сырғып өте шықты…. Осылайша, сырғып және бір сағат уақыт өтті. Қайсы ұлт екені белгісіз, ине қармақтай имиген, ұсқыны жүдеу әйел сонадайдан жүрісін тежеп бұған бұрыла қарады да, назарын тіктеп таяп келеді. Келді де түсініксіз бірдеңені айтып, жынды қатынның дорбасындай кір-кір қапшығын ақтарып жіберді де бұған жұқалтаң кітапшаларды ұсынды. Жөпелдемде аңтарылып, оның дүниесін ала берген бұған рахметін айтқаны болар, делбе болған жануарша изектеп, түсініксіз және бірдеңені күбірлей қыбыр-жыбыр етті де жолына түсті. Оның бұл тастап кеткен кітапшаларды өзге дінді үгіттеу құралы еді. Қостанның аңғарымпаз көңілі оны ақтарыстырып отырмай-ақ сезді де, жинастырып былай қоя салды. Осыдан жарты сағат бұрын өмірі жүздесіп көрмеген, ішімдікке салынған бір қайманаға екі жүз теңге беріп жолына салып еді. Ал, қазір келіп кеткен бұл әйел де Қостанның мынау оқып отырған газетінің төбесінен түскендей болды. Қостан газеттегі «Қазақ елі әлемдегі ең көп дінді мемлекеттердің біріне айналды. Тұрғылықты халықтың он бес пайызы басқа діндерге немесе жалған діндерге өтіп кеткен. Республикада ел арасын қойға келген қотыр ешкідей бүлдіріп жатқан діни бірлестіктер үш мыңнан асып жығылады…» деген зарлы жолдары оқып, екіұдай, дүдәмал күйде болып еді.
Қостан әлі де ой қуалап отыр.«…Өзгеге ақылы жеткен адамдар неге өз-өзіне жау… Осалдық көрсетеді…» деген сарындағы түйсік ағыстағы балықтай жонын көрсетіп өте шықты.«…Әркім өз тіршілігінің соңында адасуда!..». Бірде тұтаса басып, бірде ыдырай сейілген тұман ағысындай назары шашылып отыр Қостанның. «…Олардың көзін, көкірегін бітеп тастағанбыз…» деген жолдар тайға басқан таңбадай зердесіне сап ете түсті.«Оларды (кәуірлерді) қиямет күні бетімен жер басқыза екпеттетіп, соқыр, мылқау, саңырау күйде тірілтіп жинаймыз. Олардың барар орыны – тозақ…» деген сүре тіркестерін күбірлей есіне алды. Қасиетті кітаптағы сөз ғой. Одан ары көмескі алапты шарлаған ойы әрнені шарпып, шалқып барып «Раббы әркімнің өз ісін өзіне дұрыс көрсетіп қояды» деген сөздерге үйіріліп келді. Бұны да кітаптан оқыған. Құранда ма, хадисте ме, есінде қалмапты. Әйтеуір, шарапатты ұлы сөз ғой.
Бұл жерге келіп отырғанына да үш сағатқа таяу уақыт өтіпті. Газетке қадала-қадала көзі талған ол еңсесін жазып, төңірегіне аңыстай көз салды. Шырша тасасындағы түйілісте бақшаның шығар ауызына тартқан жолды бетке алып, сұңғақ бойлы ер адам шірене басып кетіп барады. Тұтасқан кірме жолдың және бір жиегіндегі орындықта бірнеше бала жігіт отыр. Бірін-бірі нұқып, қылжақтап күле сөйлейді. Куақы өңді біреуі қоқыс шелегінің жанында темекі шегіп тұр.
Қостан орындықта айқара ашық жатқан газеттің біріндегі «Кіртік көз қаптап барады», «Қойынға кірген жылан» деп ат қойылған екі атаулы мақалалардың әсерінен арыла алмай бұйығып отырды. Көңілі күпті. Газетті бірде тастап, бірде қолына алып мақаланың бас-аяғына, кез-келген жолына үзіп-жұлып қайталай көз салып отыр.«…Азамат, сүйегің қызып, айтарыңды газетте сарқып-ақ айтқан екенсің. Бірақ естір құлақтың тапшылығынан екеуімізді мұнда кім тыңдасын!?» – деді ол күйініп, – күштілердің әлсіздерді жалмауы бұл жұмыр жердің арғы, бергі әр өңірінде болған ғой. Бұл үрдіс қазір түсін өзгертіп, кей өңірде әрқалай амалмен әлі де жалғасып келеді… Азшылық пен көпшіліктің табиғи іс екенін де білемін. Өзінің азшылығына бола өзге көпшілікті жазғыруға келмейді. Ал, көпшіліктің азшылыққа сұғын қадай берсін деген сөз тіпті де болмас! Рас, үлкен балықтың кіші балықты жұтатыны да табиғи іс екенін білемін. Қорқыныштысы – үлкен балықтың кіші балықты жұтуында емес, қорқыныштысы кейбіреулер оны көрмеске салса… Жәреукеленіп, ит терісінің өңін айналдырып майпаздаса… Мұнан да қорқыныштысы үлкен балықтың кіші балықты жұта салуында емес, қандай «тәсілмен» жұта салуында болса… Кәрі сайқалдың бас айналдырар тәсілі қанша көп болса, олардың да ескі-жаңа тәсілі сондай көп болса… Қайсыбірін айтасың!? Тарихта ешбір зұлымның ойына келмеген арамзалығы – әзелден өспеген бір азшылық халықтың өрбу жолына килігіп, тамырына балта шауып, тежеу болса… Таратып айтсақ, ол елде жоспарлы туыт деген зәрлі саясат бар болса… Мұның қөпшілік халыққа зарары жоқ болғанымен, әзелден өспеген азшылық халықтың тамырына балта шабу болса… Оның ар жағында өздеріне үлкен ұпай жатса… Бүкіл адамзатшыл әлдебір данышпан менің бұл ойымды сыңарезу, өңірлік ой дейтін шығар!?«Көпшіл» ол данышпан не десе, ол десін!.. Осы жасқа келгенше жұртшылық қатарлы көзім көрген, көз көрген соң ойға келген шындықтың бірі осы болса, Қостан!.. Қайсыбірін айтасың, олар ғаламшардың қанша жерден «Бейбітшіл», «Ғалам тыныштығын сүйгіш» ақжарылқап әулиесі деп аталған күнде де, бірақ, жымысқы арамза көлгірдің біртұтам құйрығы тышарын жаба алмай тұрса… Марксизм тонын жамылған ол екінші империялист тобырдың бет қалқасының артында осы замандық «Жаңаша империялизмнің суық жанары көлгірсіп тұрса… Қайсыбірін айтасың, қазір әккі имперялист тобырдың боданына айналған Шығыс түркі елінде, тек, азшылық халық қоныстанған ауыл, елді мекендерде мазақ қылғандай «Өмір бойы жалғыз балалы болып өтуді қалаған семяға үш мың қызыл құлақ ақща беріледі» деген тобыр елінің төтенше зәрлі үгіті бар. Ол үш мың қызыл құлақ ақшаның нарқы – ол елдегі орташа табысты қарапайым жалшының бір айлық еңбек ақысы ғана. Оның өзінде де бұл сыйлық бір мәрте ғана беріледі. Өміріңнің жалғасы ұрпақтың құнын осылай бағалап отыр. Албасты қабаққа қарап басады дегендей, өзің надан, өзің ез болсаң өзгелер сені иттен бетер қылмай қайтеді!..Қайсыбірін айтасың, Америка елінде өңің қазанның түп күйесіндей қара болса да қабілетіңе қарайды ғой. Кіртік тобыр елінде өңің аршыған жұмытқадай болып, қабілетің асып-төгіліп тұрсада саған орын жоқ. Көпшілік халыққа артықшылық беріледі деген бұлжымас қағидаға қарайды. Қыл аяғы кішігірім мекеменің де тізгіні аға халық нәсілінің қолында болуы шарт. Одан құлдайғы тірлік кұмадан туған азшылық халықтың нәсілінен!.. Ойбу! Қостан, бәр-бәрін жіптелеп, олардың әрбір шатпағына нали берсең басың борсып бітер!..
Қайда жүрсем де, газет пен өзге жазбаларға үңіле жүру Қостан болған менің де дағдым. Әр өңір әрқалай айтады… Есіме Абай атамыздың «Әрнәрсенің қалыбы бар. Қалыбынан асса боғы шығады» деп жазған сөзі келе қалғаны… Осы бір ауыз сөзді қарапайымдау талдасам, әрқандай мінезді адамның бейнесі көз алдыма тартыла қалады…Момындау бір адамды айтсақ, оның көнгіштігі жуастық. Одан ары асар болса, түбі жамандық, ынжықтыққа саяды. Ал, керісінше, тентектеу бір адамның шектен шығуы жүгенсіздік. Одан ары асса пәлекет. Ата сөзі әрқандай іске қаратылған екен. Әрқандай іс шегінен асса керісі болады. «Әрнәрседе орташа болыңдар» дегенді Раббының құлы әрі елшісі соңғы пайғамбарымызда айтқан екен. Соңғы пайғамбарымыздан асып ешкім де елді ақиқи дінге шақыра алмаған ғой. Бұл күнде әр тараптан жүз беріп жатқан әрқандай ұшқарылықтың құмалағын ешкім де төрттен қоймайды.
Әділет тонын жамылған кейбір үкіметсымақтар кей өңірдегі халықтың мазасын алып, тұқыржылатып бітірсе, радикалды теріс уағыз, бұрыс жолдағылар қасиетті дінімізді өзге жұртқа қаралатып бітірді. Философ қазағымыздың «Өлтіретін молда, өртейтін кітап бар» дегені осындайларға қаратылған…Кім отпен ойнаса, түбінде сол күйеді, Қостан!.. кейбіреулердің істегенін істеме, айтқанын істе! Дүние бір қалыпта емес, түлеп тұрады ғой. Жаратушы бір Раббы мәңгі ақиқат. Сен де, мен де, ол да, бәрімізде пендеміз… Диалектикалық материялизмшіл әнеу кісі айтқандай дүние мәңгі тыныш емес, қозғалыста. Бұл дұрыс сөз. Ол жарықтықтың түгел сөзін мансұқтауға болмайды ғой. Жер басып жүрген екі аяғым да қозғалыста. Бас сүйегімнің іші де, жүйке тамыр, жылы қаным, ой-қиялым да, бәрі де қозғалыста. Сондықтан, сенің де, Қостан болған менің де, қаймана оның да бүгін дұрыс деп тапқаны осы қозғалыспен ілесіп, ертең бұрыс болып шықпасына кім кепіл?! Бүгінгі теріс болып тұрған істің ертең дұрыс болып шықпасына кімнің көзі жетеді?!.. Әркім қолдан қатып-семген, өзгермейтін мәңгілік ақиқат жасай алмас. Ақын атамыз айтқан: «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек». Мынау дүние алуан түрлі. Адам тірлігін табан тірер жері жоқ сайқал демагогиямен матап қоюға бола ма?! Пенде баласы әне бір жылдарда айтылатын тот баспайтын темір, немесе ысқылап тазартатын механика емес ғой!.. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген ғой. Бұл диалектика, яғни, қозғалыс заңдылығы. Кеш болса қойға сақпан табылар. Өзгеге бодан, кіріптар болмай-ақ та, әрбір ел өз әлінше күнін көреді. Жат жарылқаушысыз да ешкім аштан өліп, көштен қалмайды!..Есіме әрқалай іс түсіп отыр… Әр нәрсе табиғаттың өз болмысымен… Шындықты тану қозғалысы да мәңгі жалғаса береді ғой. Солай, Қостан, әр іс екі жақтылы. Тіпті, олпы-солпысы болар. Бір істі желеу етіп, тістей қатып, әр екі жақтың да асыра сілтеуінің не жөні бар?! Айталық, дүниедегі ең қоламталы мәселенің бірі жер дауы ғой. Мыңдаған жылдан бері қақтығыстардың да қайнар көзі осы жер үшін екені бесіктегі балаға дейін мағлұм. Тіпті, хайуан да өз аумағындағы өңірді қорғаштайды. Санда бар, санатта жоқ шағын ұлыс емес, қадымғы заманнан бері өзге елге мәлім іргелі елдің саналы азаматы атадан қалған жерінің жоқшысы болу айып ба?! Мұндай азаматтар әр елде болған. Әлі де бола береді. Адам өледі, идея өлмейді. Олар да, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» екенін біледі. Олар да, кеше қолдан шығып кеткен жеріне бүгін ие болмаса, ертең өзгенің отарында қалғаны қалған, азғаны азған болатынын біледі. Елі үшін, атадан қалған жері үшін, шынайы ұлт болашағы үшін күрес жасағандарға да ұлтшыл ұшқарылық қалпағын кидіріп, бір шыбықпен айдауға болмас!.. Ол дыбыс пен бұл дыбыс ұқсамайды. Иісшілдің өзінен дегендей, өзгенің «Ұшқарылығына» киліге бермей, өзінің «Саяси ұшқарылығын» дұрыстап алсашы-ау! Нағыз ұлтшылдық астамсыған көпшілік ұлттан шығады. Екі сөзінің бірі «ұшқарылық!» деп өзгені жазғырып өзеурейтін ол сенің Иман шартың ба еді!?. Қайтесің оны, қойғын, Қостан!..Әділетін тағы да сол, соңғы пайғамбарымыз айтқан ғой: Бір қауым бар. Қандай болсандар, солай басқарыласыңдар» деп. Иә, әрқандай іс өзіңе қатысты. Тағы да сол, өзің ез болсаң өзгелер сені иттен ары қылмай қайтеді! Бәрі де өз қолыңда. Бәр-бәрі де әркімнің өз қолында. Иә, бұл жұмыр жерді әркім қанша бөлшектей кесіп, бет-бетіне тартқанымен, кім-кімнің де соңында баратын жері, тек, біреу ғана тарының қауызындай жер. Ең зор бөліс пен бөлшектеу де сонда!.. Тағы да сол, әрқандай іс өзіңе қатысты. Бұған сену де, сенбеу де әркімнің өз еркінде, Қостан!..».
Әдепкідей емес, саябақта кісі қарасы молая бастапты. Тұлғасы әлуеттілеу орыс жігіті ауызын тұмылдырықтап тастаған тайыншадай сары төбетті жұлқындырып, ағаш арасын айнала жетектеп жүр. Тұрқы әр алуан итақайларды ертіп, айнала аяңдап жүрген сұлу мүсін, сылаң қыз-келіншектер. Көңіл тоғайтқан көріністі тамашалап, әр тұста жәйімен жүрген өзге де жандар. Кенет, бакшаның арғы түкпірінен төңіректі басына көшіре, әлде бір бұралқыға жабыла абалап, төрт-бес иттің үрген дауысы шығып жатты.
***
Қостан газеттерді жинастыра сылбыр қозғалып, орнынан тұрды. Сонымен, бақшаның шығар ауызына қарай аяңдады. Аралықта, аз кідірістеп жан-жағына көз сала сейілдеген болды да, ешбір нәрсеге көңілі тартпай, шулыған көшеге шықты.«…Қазір тобыр елінде ат төбеліндей «Зор тобыршылдық» деген ұйым бар. Нағын айтсақ, «Ұшқар тобыршылдық». Оны тобыр үкіметі білсе де, жорта білмеске салады. Түгел тобыр демесек те, әнебір жылдардағы «Қызыл суыртпақты» адырақбайлардың нәсілінен бе екен, кім білсін?! Әйтеуір, бір желік қанында бар! Бейбіт дәуірде қара аспанды төндіре жау шақырып, әредік айғайлап қалатындары бар… Ол ұйым қара халықты бір жерге жиып алып үгіт жүргізеді. Екі сөзінің бірі өздерін дәріптеп мақтайды да жатады. Бұлардың басты уәкілі, тіпті, саяхатшы Марко Полоны да ілікке алғысыз етіп, шала мұсылман, сүйегі Үнді теңізінің түбінде қалған Жың деген кезбесінің құмалағын төрттен қойып жатады. Ақ деп, көк деп ауызына келгенін көгітеді де жатады. Өзін өзі мақтаған өлгенмен тең дейміз ғой. Шынайы асыл болса, шынайы алтын болса оны мақтаудың керегі не?!» – деді Қостан, әлгіндегі үзілген ойының сорабына қайта түсіп, – ешбір жапон өздерін солай да солай деп өзін дәстерлеп жатқанын көрмейміз. Ешбір франциялықтар біз француздар ондай да, мұндаймыз деп жатқанын көрмейміз. Өзге де ел, біз ағылшындар асылдың сынығы деп жатқанын білмедік. Сонда да, осы аталған ел өзгеден көш ілгері болмаса, ешкімнен кем, қор емес!.. Шіркін, бізде де жапон адамындай сана, жапон еліндей жарғы-тәртіп болса ғой!.. Осыдан екі мың жыл бұрын өзара қырқысқан тобыр қандас бес-алты бектікті біріктірген әне бір Шин Шы Хуаң әміршісін әлгі ұшқары ұлтшыл тобыр, тіпті, бүкіл тобыр да елді бірлікке келтірген данышпан, пәлен-пәштуан деп соның басы-қасынан келгендей алқайды. Ол жарықтық екі мың жылдан кейін Пәленше деген ел болады, солар үшін аз да болса үлес қосайын демеген болар?!. Әрқандай әмірші өз басының мүддесімен, өз дәуірінің ауқымына сай іc жүргізер!.. Кітаптарды өртеп, оқымыстыларды, тіпті, балаларды да тірідей көрге тыққан оның өз басы да зауал тапты. Кейінгі көтерілісшілер қолымен оны қыл аяғы жерге көмген, балшықтан соққан атты жасағының да біразы қирап, отқа оранды емес пе!?.Ол әміршісінің өз басы да қайда жатқаны анық емес… Оны доғара тұр, Қостан, қазір де келер күн, екі мың жылдан кейінгі дүниеге кім бас қатырып жатыр!? Ешкім де өз заманының шындығынан аса алмайды екен…ақын атамыздың «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек…» деген толғамы түсіп тұрғаны… кезекті дүние! Ақын атамыздың қара сөздерінен де өлеңдік сарын есіп тұратыны!..».
Қостан қарсы тарапқа өтіп, төмен тартқан жан жолды бойлап, аяңдап келеді. Көлденең түйіліс жолда шегір көзді, бет-аузы бір уыс шүйкедей кемпір әлі тұр. Қаққан қазықтай қыбыр етпей тұрған оның кішкентай құрысқан, тарамыс қолындағы шәкене қаңылтыр қалбырында көмескі жылтырап, ұсақ бақыр жармақтар шалынады.
Қостан аз кідіріп, қалтасындағы майда теңгелікті ыдысқа тастады. «Жалған дүние-ай, деген! Қарық қылам, жетістірем деген коммунизмнің сүзбе буаз пәлсапасы кімдерді алдап соқпады!.. Тіпті, тұтас өмірі томаға тұйық жалған сенімге табынып, көрге кіргендері қаншама?!. Көшеде қол жайып тұрған мына әжейдікі оқа емес. Адамның нағыз бейшаралығы – өмірі нағыз ақиқатты көре алмай, білмей өтуі ғой!» – деп ойлады Қостан мысқылды бейнеде сәл езу тартып. Ал, пәле-қазаның бәрін капиталистік қоғамға артып қоюға бола ма?! Ана қоғам, мына қоғам деп бөле жарып, қалпақ кигізудің не жөні бар?! Уақытпен ілескен өзгерісі болмаса, қоғамның бәрі ұқсас. Адам болған жерде пендешілік, мүддешілік, жақсы-жаман әрқалай істің бәрі бар. Қауқарсыз адамдардың қай қоғамда да «орны» белгілі. Капиталистік қоғамда адам тауар дейді анау кісі. Ойшыл ол марқұмның кей сөздеріне шек келтіруге болмайды. Десе де, қай қоғамда да өзіңді жалдамасаң, аспаннан жауған май шелпек жоқ… Бәлкім, менің бұл ойым қате де болар. Мен социолог емеспін, Қостан, онда не шаруам бар!? Социолог болмасам да, айып етпеңіз, сто процент ұлтшы екенім рас. Өз ұлтын сүймеген өзге ұлтты да сүймейді дейді әне бір кісі де… Ол сөзге де шек келтіруге болмайды… Рас, өз ұлтын сүймеген бүкіл адамзатты сүймейді. Жақсы халық, жаман ел деген сөз жоқ, бәрі де ала-құласы аралас адам баласы. Десе де, не ит емес, не мысық емес, тексіз азғын құбыжықтан, Раббым, өзің сақта!.. Ит пен мысық дегеннен шығады, тағы да айып етпеңіз, расымен, қазақи миымның аздығынан ба, бұл ғаламда түсінбейтін дүниелерім өте көп. Соның бірінен қарапайым мысал қозғайыншы, Қостан, жер бетіндегі маңдай алды өркениетті ел алдымен кісілік құқық деп өзеурейді!.. Ал, ит пен мысықты, тағы сондай хайуандарды күйеуіндей көру, әйеліндей көру, баласындай көру жер бетіндегі бүкіл адам нәсілін қорлау емес пе?!. Кісінің орны қайда қалды, құқығы қайда қалды?!. Түсінбедім!..».
Жұманың екінтісі ауып барады. Сенбінің қарсаңында төңіректегі адамдар қарасы мен көліктер легі үстеп, көбейіп кеткендей сезілді. Қостан бірнеше орамдардан өтіп, көше жиегіндегі қосалқы жан жолмен келеді. Ақынға тән сұғанақ көзбен әрнені бақылап келеді. Аялдамада көлік күтіп, ұйлыққан адамдар. Біреуі құйрық тістесе тоқтап, біреуі кетіп жатқан автобус. Топырлап түсіп, ізінше жапатарым көлікке шығып жатқан ел. Сілейе сазарып, әлі де көлік күткендер. Тұс-тұста ары өтіп, бері өтіп сабылған жүргінші. Аяғын жебей басып, әлденеге асыққан әлдекім. Қазір көрсең, қазір есте қалмайтын сан түрлі бейтаныс сұлбалар. Жанды, жансыз дүниенің бәрі де қара тастай безеріп, сырт беріп тұрғандай. Құжынаған қалада, расында, ешбір жан ешкімнің көзіне түспейді. Мынау жұмыр жерде замандас екі пенде ғұмыры бірін-бірі мүлде білмей өтеді. Миллиондаған бейтаныс адамдар өзара осындай. Дүниеге келгені де, дүниеден озғаны да белгісіз, ғайыптың құсы. «Қостан, көшенің қақ ортасында тырайып, құлап жатсаң да көретін көз атаулы жоқ шығар, – деді ол бір орамның мүйісіне таяғанда. Көзсіз, сезімсіз қара тас болу да абзал ма деймін. Азап атаулыдан ада, мәңгі мелшиіп тұрғаны… Бірақ, онда жан жоқ қой. Ондай мүмкіндік өзекті жанда болмайды. Қара тастың сезімсіздігі өлімен тең. Жандыдағы сезімсіздік тірі өлік. Хайуанда тән азабы болғанымен, рухани азабы болмас… Оны Құдай біледі. Ботасы өлген інгеннің боздауы қайсы азап?!. Ой деген де қақтығысады екен ғой… Зілзала болатынын алдымен сезетін хайуан баласын сезімсіз дейміз бе? Олар қара жер қойнындағы біз білмеген өзге де дыбысты естіп жүрген болар. Амал нешік, оларда айтар тіл жоқ. Жер басып жүрген хайуан түгіл, қыбырсыз тұрған өсімдік те зілзала боларын сезіп, күн ілгері гүл ашады дейді…».
Бір ойдан және бір ой суытпақтаған Қостан «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше деген мәтелдің есіме келе қалғаны, – деп күбірледі, – Сырт көзге соншама салқын, жат бауыр болып көрінгенімен осы адамдардың әр бірі ашылмай жатқан бір кітап. Пенденің көбі тіл табысып сырлассаң, парағы ашылып, күтпеген танымға ие боласың. Әлгіндегі салқын пішіні де ғайып болып, өзіндей ет жүректі пенде болмысында көресің ғой. Тіпті, көрер көзге жадаулау көрінген бір қаймананың ой өрісінің кеңдігіне, өзіңмен ежеттес толғамдарына ішің жылып, таңырқайсың. Адамдарды бір-бірімен түсіністіретін, білістіретін осы тіл мен адамдық мінез екен ғой… Ал, оның бірі жоқ жерде бедірейген бір-бір тірі тас мүсіндей салқын, жат. Сол тірі тас мүсіндейдің бірі – мына Мен. Төңірегіме сондай жатпын… Тек, өз ойыммен өзім әлек. Өзгелер де осындай. Адам осы ойымен де адам шығар. Әлгі, ботасы өлген хайуанның өз сезімі өзінде. Оны Құдай біледі. Қоралы қойдың шетінде тұрған кісі қалай да бір ой кешіп тұрады. Ал, осы бір қора кой әлгі адамға ойлана қарай ма?!. Ойбой, тас мүсін болған Қостан, сен де қиялшысың-ay!..».
Ол жаяу жүргіншілер сабылған көлденең туннелгетүсіп, қарсы бетке өткен.Туннелдің үсті Райымбек батыр даңғылы. Жер асты жолының жоғары тартқан баспалдақты бір шығар аузы «Саяхат» деп аталған автобекеттің қан көшеге қараған түстік алаңы. Шағын алаңның шығыс жақ қапталы жағалай түскен кафе, асхана, дүкен. Бекет алаңының жиегіндегі гүлдіктердің қатарында, әр тұста сыры өшіп, күнсіп кепкен жайдақ ағаш орындықтарда өз жәйімен отырған адамдар. Жүргіншілердің біреуі түсіп, біреуі шығып жатқантуннелдің бергі автобекетке қараған аузында ұсақ дүниелерді жаймалай сатып үш-төрт бақалшы әйел отыр. Солардан сәл оқшауланып отырған балгер әйел екі келіншекті аузына телміртіп, қарта ашып отыр. Көрнеу жердегі самса сататын дүңгіршектің жанында қысырдың тайындай тостақ көзді біреу шай ішіп тұр. Алаң ортасында тұрған Қостан, әлде қалай оған аңыстай көз салып «Шіркіннің қатынжандысын! Ауызы шайда болғанымен, көзі ары-бері өткен қыз-келіншектерде…» деп, осындағы көріністерге езу тартты. Күн өткізуді көздеген бейғам серуеншідей автовокзалдың ішіндегі шағын дүкен, телефонханаларды айнала жағалап қарап шыққан Қостан, алаңдағы оңаша тұрған бос орындыққа барып отырды. Қолындағы газеттердің бірін парақтап аз үңілді де, зауқы соқпай жанына қоя салды. «Қостанжан, Қостан, неге құмжіліктеніп, кетеуің кетіп жүдегенсің?! – деді ол көңілі көбең тартып, – Сен де Грегор Замзаша азғалы жүрген жоқсың ба!?.».
Әлгінде, вокзал ішіндегі дүкендердің бірінде, қарсы алдындағы заттарға жайымен шола көз салып, ту сыртына бұрыла бергенде есік жақ бұрышқа қойылған шар айнадан бір жігіттің тұтас тұрқы тартыла қалған еді. Қолында бүктеп ұстаған газеттері бар ол жігіт те ақ сұр жейде, қара шалбар киген. Орта бойлы, өңі жылы, ашық екен. Әйтсе де, жүдең кейіпті ол азамат бұның өнебойын көзімен тінте қарап тұр. Айна көріп жүрсе де, мынадай тұтас тұлғаға көз салмағанына көп уақыт болып еді. Қостан өмірдегі Қостанның өңіне көз салып көрмесе де, айнадағы бүгінгі Қостанның бейнесінен көргені осы болды. Әлгіндегі, анау дүкен айнасынан көрінген өз сөндесін бір сәт осылай есіне алған Қостан шулыған көше тарапқа жүзін бағыттап, көзіне ұшыраған әрбір адамға, әрқалай дүниеге қадала қарайды. Жүдеп-жадаған ешбір жан, кенеуі кетіп азып-тозған ештеңе көрінбейді.«…Өкініш, опығым көп сияқты, – деді Қостан, – кейде, анау бір адамға сол сөзді айтпаған да не болар еді?.. Мынау бір пендеге айтар сөзімді неге жұтып қойдым?.. Сол сөзімді іркімегенде не болар еді деп ойлаймын… Іс-әрекетте де солай ой кешемін. Анау есікті неге ашып көрмедім? Мынау есікті неге аштым… Қадам бастым? Мынау Пушкин атындағы көшемен жүрмей, әдепкіде, анау көшемен жүріп өтсем не болар еді, не көрер едім? Еш өзгеріс болмас, бәлкім болар. Жүретін шағымда кідіріп, аялдар шағымда неге жүрдім?.. Жақ ашпас шағымда сөйлеп, тіл қатар шағымда неге үндемедім? Тосаңсымас жерде тосырқап, абайлар кезде тартынбадым! Оны кімнен көремін?.. Қалау дейміз бе? Кімнің қалауы? Көз байлаған мынау жалған дүние бір кең сарай ғой! Кейде, анау ертектерде айтылатын жүрмейтін жолмен жүріп, ашпайтын есікті ашып қойдым ба деп ойлаймын! Неге бақытсыздау болдым!?. Бәрі өзімнен… өзімнің еркімде! Құдайдың бізге берген куатымен, мынау қос аяғыммен қайсы жолмен, қайсы есікті ашу, қайсы көшемен жүріп өту өз еркімізде ғой. Міне, сол еркіммен, солай…міне, қазір екі мың алтыншы жыл, маусым айының соңғы жұмасы Саяхат автобекетінің қан көшеге қараған алаңындағы орындығында отырмын…».
Осылай, әлденені есіне алып, нәумез бейнеде ұзақ отырған Қостан:«…Тіршілік қозғалыс қой. Көрер көзге қыбырсыз, сезімсіз көрінген жол жиегіндегі әне бір жайқалған өсімдікке көп үңілген үлкен ғалым Чарльз Дарвин: «Табиғаттың ұлы жасампаздығы – гүл», деп таңырқаған екен. Бәлкім, гүлден де көркем ұлы табиғатты кім жасампаздады деп таңырқайтын өзге жандарда болар… Ақсақал атамызға салсақ, ол да «безендіріп жержүзін Тәңірім шебер»демеді ме?!..» деп ойлады.
Кенет, оның көзі күйектей жирен сақалы кеудесін жапқан бір адамға түсе қалды. Сақалымен реңдес үрпиген кежеге шашы да иінін жаба желп-желп еткен екен. Еңгезердей күдіс жауырынды ол шіркін, жымнан шыққан арыстандай туннел жолының бергі, Саяхат вокзалына қараған аузынан шыға келді де қосалқы жан жолды бойлап ұзап барады. Қостанның көз алдына қара қоңыр жалды, керіскедей ызақор арыстан келе калды.
«Анау дүкендегі айнадан көрінген арық жігітке қарағанда, мелжемді еркек осы екен!..Хайуанның да, адам баласы ғой деп жүрген жандының да еркегінің бас бітімі күжірейген, жүндес, қылшықты келетіні қызық-ақ!..» деді сарабдал жымиып. Сол ойлы бейнеде ұзақ отырған Қостан қос қолына үңіліп, – мендегі мынау саусақ пен бақай тарбиған жәндік бақада да бар. Дарвинизмдегі түрлердің дамуында тек, қол саусағымыз бен аяқ бақайымыз өзгермей қалыпты. Шимпанзе, тағы сондайларға сәп салсаң, кімнің кімге тартқанын білмейсің… Әсіресе, тілсіз ол маймыл мақлұқтың бір әредік бізге «ойлана карайтын тұңғиық көзі не сырды жасырып тұр? Кейде сұқтана қараған өткір жанары өңменіңнен өтеді… Оларды маймыл болып қор болыңдар дедік» дейді мұсылман баласының қасиетті кітабында. Және «Сендерге дейін талай тіршілік иелерін тып-типыл құртып жібердік» дегенді де айтады ол қасиетті кітапта. Шүкір, әйтеуір анау сойдауыл сүйекті әйдік мақұлық динозаврдың құрығаны абзал болды!.. ГрегорЗамзаның дәу қоңызға азып кеткенінен келер қауіп жоқ. Ол байқұс ұзаққа бармай, үш-төрт айдан кейін өліп те қалды ғой… Ұлы ғалым Дарвинның мазасын алған маймылдардың әулеті әлі де ағаш басы мен жақпар тастан түсетін бейне көрсетпейді. Бәлкім, біздің мына тіршілігімізден жүрексінетін болар… Тәуекел етіп жерге түсерін түсіп алса да, бүгінгі мына мен сияқты киімді маймылдар енді қайсы түрге азарын білмей жүрген сияқты. Тек, сүйексіз ұсақ кұрттан жаралған шыбындар ғана түр-сүрді білмей, миллиондаған жылдар бұрынғы зәузатының салтын сақтап, боқ жегенді қанағат етіп жүр, – деді Қостан тағы да сол мысқылды бейнемен сәл миық тартып, – қанша жүйрік болғанымен, адам қиялында да шек бар. Пенде баласы өмірі көрмеген, ғаламда жоқ дүниенің сұлбасын елестете алмайды екен. Мәселен, әне бір қиялдан туған «Айдаһар» бейнесін алсақ, одан бұдан құралған құрама құбыжық. Демек, ол – қолтырауын бас, бұғы мүйіз, қабан жал, құмай тұяқ, жылан қаптал, айыр құйрық, солай да, солай мақұлық дүние… Кинофильмдердегі өзінше үрейлі болған құбыжықтардан да әйтеуір бір мақұлық хайуанның сұлбасы шаң беріп тұрады. Тіпті, фантази дүниедегі айтылатын өзге ғаламшар «Адамдарының» да келбетінен өз пошымымыз қылаң беріп тұрады екен… Оларда да екі көз, екі қол, екі аяқ… Бәлкім, өзге ғаламшардағы олар «Адам» емес, өзіндік ақыл-санаға ие басқаша аталатын «Жан иесі» болар. Әлде, ол ғаламшарда тек, сезімсіз, күнәсіз, сұраусыз, өзгеше, әрқалай бейнедегі кілең хайуандар өріп жүрген болар… Оның сырын кім біліпті, Қостан, ешкім білмейді… Оның сырын тек, анау бүкіл ғаламның иесі, Сол ғана біледі. Ал, мұсылман баласының қасиетті діни кітабында айтылған кейбір істерге бүгін де, тіпті, кейін де көп адам сенбейді. Күмәнмен қарайды… Пенделердің көбі көзбен көріп, құлақпен естігенге ғана сенеді ғой. Әр заманның өз шындығы өзінде… Ал, есте жоқ ықылым дәуірдегілерге өз пендесі қазіргінің темірге мініп, ғарышта жүрген адамдары жайында сөз қозғаса… Әуелі, ол пендені жынды деп ұйғарар…».
Манадан бері, қан көшедегі ерсілі-қарсылы жүйткіген тұрқы әрқалай көліктер мен бірталай көше автобусын да көзбен ұзатып, ойға батып отырған ол, қала төріндегі Алатаудың ақ бас шаршыларына көңілі ауаланып, көз сала берді. Тағы да ұзаққадалыс… «Қиялым киік өрген бір кәрі тау» деп Алтайдың қарт ақыны толғағандай, әркімнің ішкі дүниесі көсіліп жатқан бір алқап ғой. Дағдылап айтсақ, көңілдің қойнауы. Ондағы киіктердің бір үйірі иек артпада тұрса, бір үйірі көз ұшында жүреді. Тіпті, белестердің арғы көмескі алабында қалып қойғаны да бар. Қайрылып көз салып, қағуылдасаң әр тұрғыдан қылаң береді. Туған жері қара Ертіс шығыс Алтай өңірі де ойына оралды. Сан-саққа тартқан тынымсыз ой тізгін қақтырмай, өткен, кеткеннің бәрін есіне алып отырған оның көз алдына осы Алматыдай көсілген қала, Боғда тауы баурайындағы шаһар Үрімжі де есіне келді. Онда да көше толы жүйткіген көлік, құйрық тістесе тоқтап, ізінше кетіп жатқан автобус. Қайнаған тірлік. Ал, бұл Алматы дегеніміз де ат ала, ала шұбар ғой. Бараны, кұласымен қоса жирені де молынан екен.
«Ақырзаманға таяғанда жер жүзін қара кәуір басады» дейді… Ендеше, қара кәуір деген кімдер, Қостан, – дейді ол өзінен қайыра сұрап, – Оны анау ел, мына ұлыс деп дәп басып, тон пішуге келмес болар… Оған әркімнің өз жүрегі ғана жауап береді ғой…Қасиетті жазбаларда ол заманның пенделері шарап ішсе де, ішпесе де түгел мас адамдай болып жүреді дейдіғой. Мынау дарвинизмдегі хайуанның азуы адам болу жолын тапқан, ақылын тапқан азу екен де. Ал, келер күн, ол замандағы мен сияқты киімді маймылдардың азуы осындай болады екен… Осындай есеңгіреп азған қара тобыр, яғни қара кәуір қаптайды екен. Сонымен дүние жалған аяқтайды дейді, Қостан, сонымен замананың ең ақырғы күні де жұма күнімен тәмам болады дейді ғой… Ал, қазір аспан күмбезінде алақандай бұлт жоқ. Үш-төрт сағаттан кейін күн де ұясына кіреді. Қала көшелері мен думанды базарының бір күндік қарбалас тірлігі саябырлап, әркім өзді-өзі тұрағына асыға беттейді. Қаланың ақ саңдақ кеші болады. Одан кейін қызыл іңір ғой. Одан кейін маужыр түн. Күні бойы ауыз жаппай сөйлейтін көк малталар болады. Адамның бір күндік сөзінің тоқсан пайызы бөстекі сөз деп, батыс жұртының бір білермені айтыпты. Алыс, жатты қайтейін, өз қазағымыздың тоқ етер сөзі – «көп сөз – боқ сөз» деген нақылы да есіме келеді. Ал, ешбір аралас-құраласы жоқ, бөтен қаладағы мені шаршатқаны – қашан да күні бойы ми кептірген құр қиял. Арман асқақ, дәрмен пәс. Жазу не!? Кейде «байтал түгіл, бас қайғы» дегендей. Бұлбұлдың да жем жейтінін ұмытпа дегендей, пенде болған менің де қарақан басыма нан керек ғой… Мұнда тыраштанып жазып-сызғаның тамағыңды асырауға да жарамайды екен. Сұрауы, төлемі жоқ тегін еңбек! Тоғыз қатынның толғағы қатар дегендей бәрі қатарынан келіп тұр. Тұрақты күн көрістің ыңғайы жок, тұрақты баспана жоқ, жұтаң тірлік. Неке де баянсыз болды. Ұрпақ та жоқ. Соқа басым күні ұзын бағыт-бағдарсыз жүріп жатырмын. Думанды өмірден қаға беріс сопы тірлік… Қысқа жіп күрмеуге келмей, тауым шағылатыны. Қолда барда алтынның қадыры жоқ дегендей, жоқ болса көк ине, көк тебеннің де қадыры өтеді…
Әй, Қостанбай Қостан, естіген құлаққа ұят, кейде қалам тартып, қағаз шимайлайтын оңаша, өзіме бәсірелі бір жазу үстелінің де айы өтіп, тарықтырды-ғой, жүдә!..Өткенде «Теңізден де терең» деген балладамды көрінген жерде, Медеу орманында, бақшада отырып жазғанымды қайтерсің! Ал, көрінген жерде жұмыс істеп тапқан азғантай тапауатты қағыстырып, бір күні ондағы, бірде мұндағы жатын орын, жамбас ақыны төлеймін. «Ішкен асыңнан жатар орның жылы болсын», «Жатар орын жарым кұрсақ» дегенді де алыс, жат емес, өз қазағымыз айтқан… Көше бойынан өткенде қаншама үйлерге әуестене көз саламын… Кейбір үйдің балконында адам емес, әредік, ары өткен, бері өткенге әупілдей үріп тұрған лақса итті көріп күлгенім де бар…Бердік, қаланы осыларға! Мынау шулаған ортадан безіп, байырғы адамдардай дала кезіп, тері жамылып, тау үңгірін паналасам қайтер!? Не анау тау шатқалынан жер кепе қазып, суырша сонда түгер ме едім!.. Бірақ, кейбір арамтамақ малғұн жемпаздардың бүкіл қаланы басы бүтін жекешелендіріп сатып жіберуін заң көтерсе де, менің анау таудың тулақтай жерінен иттің үйшігіндей ін қазып паналауымды заң-жарғы көтермейді. Хайуан баласы суырға болады да маған болмайды!?. Дарвинизмде адам маймылдан азған десе, біздің қазақизмде суыр адамнан азған деген әпсана бар ғой… Айналайын, нәмім қазақ маған неге болмайды!? Грегор Замза қоңызға азып, өркениетті адамдар тұрағында ішқұса болып өлген екен, ал, мен кайтадан суырға азсам да суырлар мекенінде өле қоймаспын! Таудағы ол тарбаң туыстар інінде теріс карап жатса да, мені өзектен теппес. Ешбір сатымсақсыз, бұйырғанын көріп жүрген даланың еркін хайуанының да жаны тыныш-ау деймін… Құс түгіл, құстың да кеште қонақтайтын бұтағы, ұясы бар… Иә, бұлбұлдың да жем жейтінімен бірге, құлпырған тоты құстың да кәдімгі тауық сирақ, нәжіс тастайтын құс екенін ұмытпашы, Қостан!.. Қырық жылға таяу жер басып жүрген осынау тірлігімде өзімді канша ақтармалап, ішек қырындыма дейін үңілсем де мен өзімді әлі танып жетпедім. Дүние боқтың жоғына налып, барына лепіруден бойымды тартайын десем де тұрмыс талқысы ұмыттыра береді… Кейде, үзеңгі бауы сегіз қабат біреулерге шіріген бай деп тамсанамын. Бірақ, таланына бұйырғаны ғана өзінікі. Өлсе, өзгесі шашылып қалады… Ал, және біреулерге қараймын, өмірі ұзын арқан, кең тұсаумен жүрген біреу. Бай болып көрмеді, кедей болып өлмеді.
Әйтсе де, кедей байға, бай кұдайға жетсем дейді. Сол байға жетсем деген кедейдің бірі мен. Жетпедім!.. Қырық жасқа таяғанша тек, көзімнің жеткені барды бардай, жоққа налымай қанағат ету екен. Қырық жасқа таяған мен кейде ойлаймын, тиын санағанды армандағанша, алда қанша ғұмырым қалды, соны да біруақ есептеуді ұмытпашы, Қостан, деп!.. Бірақ мен де ұмытшақ пенденің бірімін. Қасиетті ділімізде пенденің әлсіздігі ұмытшақтығы дейді ғой. Иманы әлсіз пендемін… Өмір ғой бұл!.. Иә, өмір ғой деп тірлікке сенім артасың, сол тірлігің сені жынды етіп, әңгүдік ойнатқысы келеді. Сөйтіп, өз өміріңе өзің сенбейсің. Иә, сөйтіп өзім сияқты жер бетіндегі қос аяқтылардан да кімге сенеріңді білмейсің!.. Кедей болсам да өзімше кеуделі кедей болғым келе ме?!. Жатқан жыланның құйрығын басқан кейбір алағұспен ұстасып, кей жерде қол көтергенім де бар. Пендемін ғой, тіпті, өз басымнан да азды-көпті бұзықтық өтті…
Өстігенмен, ақын Қостан жүрегі жұмсақ-ау! Жаутаңкөз қасірет шегіп жүргендерге барымды бөліп бергім келеді… Жүрегі таза, кіршіксіз ғой, сәбилерді жақсы көремін… Иә, солай, осынау кемді күнде пенде болған мен де үнемі бір қалыпта емеспін. Көңіл күйіме қарай мінезім де сынаптай толқып тұрады. Кейде, еш себепсіз мейманам тасып, ашық күндей жадырасам; кейбір шақтары түнеріп, құрысым жазылмай қарадай таусылып, жүдеп жүремін. Осындайда ғұмыр шіркін табандап, өтпей қойғандай болады ғой, Қостан. Жер басып жүргеніме бір ғасыр болғандай. Адам өз-өзіне бағынбай ақылдан азып, сезімге берілетін кездері болады екен, Қостан!..
Тас түскен жеріне ауыр. Армандай өмір болмаса, құрып кеткен де абзал! Не деп қорқасың, ары кетсе өлесің, одан өзге не тілейсің!? Әр дүние көңілге қатысты ғой, пейілден өтсе, кейбіреулерге өлім де қорқынышты емес, рахмет саған қу өмір дейтіндер де бар!..
Қостан, сасық тірлігін қимай, ит жаны күңірсіп жүз жыл жүргені де, көл шайқап отыз-ақ жыл жер басып өткені де бәрібір, өтеді, кетеді жалған. Су аяғы құрдым. Алтынмен аптап, күміспен күптесе де жаны кеткен тәнің де бір, далада шіріп қалған жемтік те бір. Шексіз кұдыретті бір Алладан баска ешбір дүниенің баяны жоқ. Тіпті, бұл жалғанда бізді алдаусыратып, ақыры түбімізге жеткен, бас-аяғы жоқ деп жүрген шексіз уақыттың да баяны жоқ. Күн сөнеді дейді. Шексіз тұтас ғалам да тас-талқан болып, басқа бейнеге өзгереді дейді ғой. Бұл дүние, ол дүние деген ұғым жоқ, тек, бір ғана дүние болар.
Нағыз аяқталмайтын уақыт сонда болар, нағыз аяқталмайтын бақыт сонда болар, нағыз аяқталмайтын азап сонда болар!.. Жаратушы Раббы, оның сыры тек өзіңе ғана мәлім… Бұл ғаламда ешбір дүниенің баяны жоқ болса, күнәһар пендең болған маған осы баянсыздықпен бірге мәңгі жоқтыққа айналып кету де арман еді… Осындайда, тағы да сол хайуан баласы есіме келеді. Ғарасат күнінде шексіз әділетті Жаратушының пәрменімен хайуанның да хақысын алып береді дейді ғой. Сонымен, ешбір парыз түспеген ол мақұлықтарды топыраққа айналдырып жібереді дейді. Ешқандай отқа шарпылмай, екі дүниеде де топыраққа айналып кететін солардың жаны тыныш-ау деймін!.. Ешбір дүниенің мұқылас керегі жоқ! Жер басып жүрген мына мен, қара бас пенде де дүниеге келмеген отыз бес жыл бұрынғы мезгілдегідей неге ізім ғайып жоқ болып кетпеймін?!. Бірақ мен дүниеге келіп жер басардан бұрын, әуелі рухым жаралып болған деген сөз айтылады. Бәлкім, кіндігім жұмыр жерге байланып, қиян, ұзыннан-ұзақ ғалам шеңберінде айналып, сапар шегіп жүрген менің жасым отыз бес емес, отыз бес мың жыл болған болар, әлде отыз бес миллион ба?!. Қанша болса да, оған біздің әддіміз қайсы!? Әйтсе де бұл дүниенің азабынан күсіп, мәңгі құрып жоғалғым келеді… Рақмет саған қу өмір деген адамға анау дуниеде де бұдан да зор азап күтіп тұр деген сөз айтылады. Не істеу керек, қайда баруым керек!?. Анау аспандағы Айға кетіп қалар ма едім, жоқ, қытай сасыған айды қайтейін, анау Марсқа кетіп қаларма едім! Ол өңірде өрем кетіп, далада шіріп қалған жемтік болсам да, әзірше сүйегіме ауыз салатын ит те жоқ, құс та жоқ, қорқынышты көр топырағын да көрмеймін!.. Барар жер, басар тауы қалмады деген осы ма!?. Шексіз мейірімді бір Раббы, асылық болса сөзімді кешір! Таудан үлкен, тастан қатты күнәмді кешір! Судың да сұрауы бар!.. Бұл ғаламда менің ешкімге өтілім өтіп кеткен жоқ. Ешбір өзекті жанның да менде борышы жоқ. Яғни, мынау тіршілік мекенінде бейбіт жер басып жүрген әрбір пенденің де менде борышы жоқ. Анау күнделікті жатын орын, жамбас ақыны санап алып тұрған пәтер қожайынының да менде борышы жоқ. Тіпті, анау көше бойындағы үй самалдығында көрінгенге әупілдей үріп тұрған арсаң хайуанның да менде борышы жоқ! Тұжырып айтсам, расымен ешкім де менің бұл күніме, бұл өміріме борыштар емес! Менсіз де бұл жер ғалам қызық, менсіз де бұл жер ғалам азап. Менсіз де бұл жер ғалам солай да солай!.. Бір күні жұмылған көзім мынау көк зеңгір аспан, мынау жарық дүниені қайтып көрмейді-ау!.. Сүттей жарық кештегі толықсыған айдың жүзін қайтып мәңгі көрмейді-ау!.. Тұңғиық түндегі анау жымыңдаған жұлдыздарды қайтып көрмейді-ау!.. Жұмылған көзім өзекті жанға мекен болған анадай ардақты қара жерді қайтып көрмейді-ау! Көгілдір өзен, көкорай жасыл алқапты қайтып көрмейді-ау!.. Сарғайған жапырак, аппақ ұлпа қарды қайтып мәңгі көрмейді-ау! Қуанышты жанның күлкі үйірілген жүзін қайтып көрмейді-ау! Бәрі де ғайып. Өзім де ғайып. Көрмек түгіл, көзіме құм құйылған мен, өз басымның қайда қалғанын білемін бе, жүдә! Қара жер қойнына кетіп бара жатқан Қостан пақыр жұмылған көзімді ашып, қалып бара жатқан мынау жарық әлемге соңғы рет жанарымды сала кетсем, одан өткен қызық, одан өткен азап мынау жер ғаламда болмас!.. He деп Құдайыңа жазып сандырақтап отырмын мен, Қостан!? Тынысы біткен Қостанға жарық не, қараңғылық не, бәрі бірдей!.. Көрдің тастай қараңғы екенін сіз ғана, тіпті, әрқандай рең атаулыны қадырменді сіз ғана, жер басып жүрген асылзада сіз, тірілер ғана сезесіз! Өлілер әлемінің реңі бір Аллаға аян. Одан кейін дүниеден озған Қостанға аян!..».
Оңаша, өзімен-өзі бұйығып, ой кешіп отырған күйде және сүт пісірім уақыт өтті. «…Ойбой, оған Қостанның тілі түгіл, миы жетпейді!.. Қостан, сабаңа түс, сабыр!», – деді ол өзіне дауыстай сөйлеп, – Неге сонша таусылып, мазаң кетіп отыр!? Сен мүлде өзгеріп, жүнжіп барасың-ау! Жынданып кетпесең игі… Қаталдау мінезді көрінуші едің, казір айылың босап Қостанға ұқсамай барасың!.. Ненің шалығы тиді маған, мынау Қостан болған мен ауызға аларлық сөз бе!? Ақын дүние боққа тапшы болса болар, ақылдан кедейлік көрмейтінін білуші едің ғой. Бар да, жоқ та адастырады. Есіңді жи!.. Мейлі, қандай жағдайда болсаң да әуелі өзіңді біл! Тайсалмас азулы қара көктің тұқымы, тірідей терісі сыпырылса да көк бөрі үн шығармай кететінін білуші едің ғой. Боркеміктеніп үгілу бөріктінің тірлігі емес! Сен де бір қалжа жеп туғаның рас болса, жаман темірдей жасып, майыспа! Раббы өткірлікті сүйеді дегенді білуші едің ғой.
Азаматтың серігі тағы да бір тәуекел. Не бүк, не шік боларсың. Бәрі де саған жарасады. Тәуекел деген қайық бар. Оған мінсең өтесің. Әйтпесе, су түбіне кетесің деген бар еді ғой… Өткен күнге салауат! Сары уайымды қалтаңа салып қой да, жиналасың-ау, Қостан! Итшілеп жүз жыл жүргені де, көл шайқап отыз-ақ жыл жер басып жүргені де бәрібір! Бұл да сен білмейтін жарапазан емес… Пай, пай, өзіңді тәуір жазғырып, тәуір қамшыладың-ау, Қостан! Ал, одан не шықты?!.Күн ұзын ми кептірген әрқалай қиялымды өзгеге айтар болсам, біреу келісер, біреу келіспес. Ол да әркімнің өз талғамы. Айту маған міндет емес те, келісу де ешкімге міндет емес. Әр пенде екі ұшы жоқ шәкене шеңбер болса, бүкіл дүние үлкен шеңбер ғой…Ал, шексіз тұтас ғаламның төрт құбыла, оң-сол, өр-ылдиы қайсы, Қостан?!.Ал, оны білгенде не істер едің?! Күнұзын өзіңмен-өзің қайдағы, қойқаптағы әңгімені сарнап жүрген бір Қостан! Діңкең құрып, болдырған шығарсың, ақыным?!. Әуелі, алға ұрандап шабатын сен бе едің?! Құдайына жазып отырған Қостанның міне, тағы бір сандырағы! – деді ол ызалана жымиып, – анау қанды қақпандағы хайуан қасиетті қара көктің тұқымы екені рас болса үні шықпайды деген сөзді айтқым келіп тұрған жоқ. Ал, мен-мен, ешкім де емеспін. Осы аядай тар шеңберден аттап шыға алмай, бұлқынып жүрген менің де құрсау қысқан өз басым өзіме…».
Саяхат автобекетінің қан көшеге қараған алаңындағы орындықта отырған Қостанның сығымдап ұстаған қолында қосарлап бүктеген бірнеше газет. Көңілі де көбең тартып, нарау бейнеде отырған оның ой кеңістігінде бүгін жұма намазында көрген істер, адамдар әрқалай бейнелер жүзіп өте бастады.
(Соңы)
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.