СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ҚАБЫЛДАУ ИНДЕКСІ: ҚАЗАҚСТАН КӨРСЕТКІШІ
14.07.2024 0 371
Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» иегері
Мемлекеттік органдар мен басқару органдары қызметінің әртүрлі салаларындағы сыбайлас жемқорлық проблемасы қазіргі уақытта жаһандық және жүйелі сипат алды. Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді және біздің елімізде демократия мен азаматтық қоғам институттарының дамуына, азаматтардың білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, меншік қатынастары салаларындағы конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтіреді. Сыбайлас жемқорлықтың дамуының тарихи аспектілеріне назар аудару – бұл мәселенің генезисін ашып қана қоймай, сонымен қатар қазіргі ел аумағындағы сыбайлас жемқорлықтың тікелей жағдайына әсер ететін жағдайларды анықтауға мүмкіндік берді.
Сыбайлас жемқорлық – латын тілінен аударғанда «corruptio» «пара» дегенді білдіреді. Қазіргі Қазақстан заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық – бұл жеке тұлғаның қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделеріне қайшы келетін қызметтік жағдайын асыра пайдалануы, пара алуы, билігін асыра пайдалануы, мүлік немесе қызмет көрсету, заңды тұлғаның атынан немесе оның мүддесі үшін қаржыны, түрлі нысандарды, құндылықтарды және т.б заңсыз пайдалануы жатады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа парақорлық, алаяқтық, билікті асыра пайдалану, қаржылық алаяқтықтың әртүрлі түрлері, коммерциялық парақорлық, билікті асыра пайдалану және т.б.
Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі жыл сайын Transparency International халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы тарапынан сарапталып, көрсеткіштер қоры жасалады. Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (CPI) сарапшылар мен бизнес өкілдерінің пікірінше, әрбір елдің мемлекеттік секторы қаншалықты сыбайлас жемқорлыққа ұшырағанын өлшейді.
Дүниежүзіндегі елдер 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша рейтингке қойылған, нөл сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың ең жоғары деңгейі болса, жүз ең төменгі болып табылады. 50-ден төмен ұпай жинаған елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп танылады, бұл елдің экономикалық дамуы мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына кедергі келтіреді. 2024 жылдың 30 қаңтарында Transparency International жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы 2023 жылға арналған сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (CPI) жариялады. Жалпы рейтингтегі алғашқы бестікті Дания — 90, Финляндия — 87, Жаңа Зеландия — 85, Норвегия — 84, Сингапур – 83 иеленді.
Қазақстан 39 ұпай жинап, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына енді (180 елдің арасында 97 орын). Өткен жылмен салыстырғанда 3 орынға жоғары жылжу, ең алдымен, мемлекеттік органдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, активтерді қайтару және жоғары лауазымды шенеуніктерді және олардың ұсталуын қамауға алу салаларында біршама жақсартулар жасауға мәжбүр еткен азаматтық қоғамның жандануына байланысты.
Сыбайлас жемқорлықтың жазасыз қалуын тоқтататын кез келді. Өйткені, сыбайлас жемқорлық әділет жүйелері заңсыздықтарды жазалай бастағанша және бір ізге түсірмейінше өркендей береді. Заң жүзеге аспайтын жерде қарапайым адамдар зардап шегеді. Заң үстемдігін сақтайтын және сыбайлас жемқорлықпен күресетін институттардың тәуелсіздігі барынша қамтамасыз етілуі керек.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі 100-ден 35-ке дейінгі орташа балл жинап, сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары әлемдегі екінші аймаққа айналды. Аймақтағы бір ғана ел 50-ден жоғары ұпай жинады – Грузия (53 орын). Қазақстан (39 орын) бұрын-соңды болмаған жақсы нәтиже көрсетті.
«Transparency International – Kazakhstan» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоры сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен жан-жақты, ашық және тәуелсіз күресуге баса назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды бірлесіп жалғастыруға даяр екендіктерін білдіріп келеді. Тек қор мен ұйымдар, мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке адамдар да бұл күреске белсене кіріссе, бірлескен күш-жігердің арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, мемлекеттік мекемелерге деген сенімді нығайта аламыз.
Соңғы 2023 жылғы (CPI) көрсеткішінде Қазақстан мен Өзбекстан сәл болса да жоғары жылжыды, өсті, ал Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан төмендеді. Түсінікті болу үшін, 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша 100 «өте таза» дегенді білдіретін болсақ, Орталық Азияның бірде-бір елінде әлемдік орташа көрсеткіштен 43-тен жоғары балл жоқ.
Қазақстан 39 ұпай жинап, индексте қарастырылған 180 елдің ішінде 93-ші орында тұр. Сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуде, соның ішінде құқықтық реформалар және ұрланған активтерді қайтару арқылы белгілі бір прогреске қол жеткізілді. Бірақ бұл күш-жігер ашықтық пен сот тәуелсіздігінің болмауы салдарынан оның автократиялық басқарудың көлеңкесінде қалып қойып жатыр. Сонымен қатар, саяси элитаның тұрақты ықпалы да сыбайлас жемқорлықтың өркендеуіне мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлықтың салдары
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейді, қоғам өмірінің барлық салаларына кері әсерін тигізеді. Бұдан ең алдымен ел экономикасы көп зардап шегеді. Мемлекеттік бюджеттің әлсіреуіне көлеңкелі экономиканың өсуі, салық түсімдерінің азаюы, ақшаның оффшорлық компанияларға экспортталуы ықпал етеді. Жемқорлық әрекеттердің нәтижесінде мүліктік теңсіздік күшейеді, халықтың негізгі бөлігі кедейленеді. Мемлекеттегі сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі қоғамдық қатынастардың негізгі реттеушісі ретінде заңның беделін тікелей түсіреді, ұйымдасқан қылмыстың өсуі мен күшеюіне, қоғамның криминализациялануына ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік органдар мен билік органдарының қызметінің тиімділігі айтарлықтай төмендейді, халықтың билікке сенімі жойылып, елдің әлемдегі беделі төмендейді.
Жемқорлыққа қарсы әрекеттер үздіксіз жүргізілуде. Бірақ неге бұл үрдіс тоқтамайды? Деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Тереңірек үңілсек, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды ашу мен тергеудің өзіндік қиындықтары бар. Біріншіден, пара алу арқылы шенеунікпен жасалған келісім екі жаққа да тиімді. Олар куәлардың немесе дәлелдердің болмауына барлық жағдай жасайды.
Екіншіден, пара алған кезде адамдар бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды ойламайды, өйткені олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерін де «пара алушылар» деп санайды.
Үшіншіден, құқық қорғау органдарының алдында күрделі міндет – лауазымды тұлғалардың қылмыстық құқық бұзушылық жасағанына қызметтік жағдайына және мәртебесіне қарамастан сыбайлас жемқорлық немесе өзге де қызметтік қылмыс фактісін анықтау – тұр. Ал мұндай адамдардың көбіне айтарлықтай саяси және әкімшілік ресурстарға ие және оларды пайдалана отырып, қылмыскерлерді құқық қорғау органдарынан қорғайтын өз қорғаушылары болады. Осылайша, қылмыстың бұл түрінің латенттілігі (жасырын, сырт көзге байқалмайтын) артып келеді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын-алу шаралары
Сыбайлас жемқорлық саласындағы жасырын қылмыс әлі де жалғасуда яғни, ашылмаған қылмыстар саны әлі де жетерлік. Сондықтан сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жасырын болуының алдын алу үшін келесі шараларды ұсынуға болады.
Ең алдымен, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін қайтару керек. Нақтырақ айтсақ, қылмыспен күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам күш салғанда ғана табысқа жетуге болады.
Екіншіден, қылмыстарды ашудың, есепке алудың және есепке алудың жаңа жүйесін әзірлеп, құру қажет. Қазіргі қолданыстағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарламаны қабылдау және тіркеу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу қағидаларын тағы да жетілдіре түсу қажет.
Үшіншіден, жалған куәлік берудің негізгі себептерінің бірін, яғни қылмыс жасағандар мен олардың айналасындағылардан қорқуды болдырмаудың жолдарын табу керек. Әркім – өз өмірі, денсаулығы, мүлкі, заңды құқықтары, мүдделері, оның отбасы мүшелері мен жақын туыстары мемлекеттік қорғауда екенін біліп, өзінің қауіпсіздігін талап ету құқын пайдалана алу керек.
Сонымен қатар, көп нәрсе құқық қорғау органдарының материалдық, қаржылық, кадрлық және ғылыми жабдықталуына байланысты. Экономикалық қылмыстың алдын алу үшін құқық қорғау органдары қажетті заманауи технологиялармен және біліммен қамтамасыз етілуі керек.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық адам құқықтарына, заң үстемдігіне, демократиялық институттардың тұрақтылығына және қоғамның моральдық негіздеріне қауіп төндіретін, теңдік пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бұзатын, мемлекеттік басқаруға нұқсан келтіретін және экономикалық дамуға кедергі жасайтын деңгейге жетті.
Қылмыстық жағдайдың шиеленісуін және сыбайлас жемқорлықтың мемлекет болашағына төндіретін қаупін ескере отырып, жеке адамды, қоғамды және мемлекетті парақорлық пен озбырлықтан тиімді құқықтық қорғауды қамтамасыз ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы реформалап, уақыт талбына сай қатаңдату, маңызды саланы жүйелі жетілдіріп, нақты іспен айналысатын комитет құру қажет болды.
2003 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің №1255 жарлығымен Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (Қаржы полициясы) етіп қайта ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруды, құқық бұзушылықтарды анықтауды, тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган 2019 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі» болып құрылған.
Бүгінгі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық шараларға да белсенді түрде қатысуға дайын. Сыбайлас жемқорлықпен күресуді халықаралық талаптарға сай дамыту және күшейту қажет деген көзқарасты ұстануды жалғастыруда, бірақ бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бірлесе алға жылжуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлық және экономика
Сыбайлас жемқорлық ел экономикасына күйрете әсер етеді. Жалпы республика бюджетімен шамалас статистиканы құрайтын қаржы жемқорлық арқылы «қара экономикаға» құйылып отырады екен. Кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерін бопсалау және пара талап ету – кәсіп көздерінің жбылуына дейін апарып, әлеуетті инвесторларды үркітіп, тұрақсыздыққа әкеледі.
Мұның салдарынан экономика зардап шегеді, жұмыссыздық өсіп, өмір сүру деңгейі төмендеп, көшіп-қону басталып, халық саны азайады.
Сыбайлас жемқорлық білім және денсаулық сақтау саласына да кері әсерін тигізеді.
Білім мен денсаулық сақтауда пара беру мен заңсыз жолдарға бару – бұл қызметтер сапасының төмендігіне және өзгелерге қолжетімсіз болуына әкеледі.
Бәрімізді таң қалдыратын нәрсе, табиғи ресурстардың барлық түрі бар әрі олардың мол кен қорлары бар және жер аумағы өте кең, экологиялық жақтан көп елдермен салыстырғанда таза, елде адамдардың көпшілігі кедейшілікте, тұрмыстық жағдайлардың жоқтығында және көптеген қиындықтарда өмір сүреді. Айлығы шайлығына жетпей, қарапайым тұрмысқа алған кредиттерін төлей алмай, тамақтың өзін дүкендерден қарызға алып күн көруде. Өнеркәсіпті өркендетуге, әскерді ұстауға, ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуға, зейнеткерлердің, мүгедектердің, ардагерлердің қалыпты өмір сүруіне, т.б. ақша мен қаражат жетіспейтіндіктен, халық азабын тартады.
Сонда барлығымызда мынадай сұрақ туындайды: биік-биік қоршаулардың, видеокамералардың, күзетшілер мен иісшіл иттердің қалқасына бар дүниесін жасырған, шетелге асырған шенеуніктер шектен тыс жақсы өмір сүргендіктен, қалғандары нашар өмір сүріп жатыр ма?
Бұл орынды сұрақтың жауабы еліміздің сыбайлас жемқорлық индексін қабылдау рейтінгісінде тұрақтаған орнынан да парықтауға болады. Сол себепті күрес үздіксіз жүргізілуі қажет.
Қазіргі қоғам сыбайлас жемқорлықтың әртүрлі көріністерімен бетпе-бет келуде: белгілі бір қызметтері үшін шенеуніктерге сыйлық беріледі, оның орнына олар тендер жеңіп алып, тиімді тапсырыс алады, белгілі бір ақша сомасына жұмысқа орналасады, әскерге шақыру кейінге қалдырылады т.б. Бұл үйреншікті жағдайға айналғаны сонша… Халық пара беруге, алуға дағдыланған. Осы қорқынышты әлеуметтік кемшілік жойылмайынша, біз өз елімізде қалыпты өмір сүре алмаймыз, дамыған экономика болмайды, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау дамымайды, жауынгер әскер мен әділ сот, адал полиция қызметкері болмайды.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлық – жедел және қуатты шешім талап ететін күрделі мәселе. Ол демократияның экономика және әлеуметтік әділеттілік негізін бұзады,
Біз әділ қоғам құру үшін, мемлекет, қоғам, адам мүддесі үшін күш біріктіруіміз керек
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.