ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕҢБЕК АДАМДАРЫ
Майра АЛДАБЕРГЕНОВА   «Еңбек адамның еңсесін көтереді» демекші, қандай мемлекетте, жер шарының қай бөлігінде өмір сүрсек те, еңбектің наны бәрібір тәтті. Жатыпішердің күні қызықсыз,... ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕҢБЕК АДАМДАРЫ

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

 

«Еңбек адамның еңсесін көтереді» демекші, қандай мемлекетте, жер шарының қай бөлігінде өмір сүрсек те, еңбектің наны бәрібір тәтті. Жатыпішердің күні қызықсыз, қызығы болса да ұзағынан сүйіндіре алмайды. Сондықтан бабаларымыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек, еңбек! Еңбек бәрін де жеңбек» деген сияқты сөз мәйектерін алға тартып отырған. Егер еңбектің екі түрі: қол еңбегі, ой еңбегі болады десек, екеуінің де машақаты аз емес. Қай-қайсысының нанын жеу үшін де қажыр-қайрат, ынта мен шыдамдылық, құлшыныс сияқты адамзатқа тән қасиеттер керек. Сонда ғана еңбегің берекелі, ісің нәтижелі болады. Тәуелсіз Қазақстанның қоға-мында қарапайым еңбек адамдарын көп елемейді. Олар көзге көп іліне бермейді. Себебі, қаншама шаруаның басын қайырып жүрсе де, көкірегін қағып мақтанбайды көпшілігі. Шынтуайтына келгенде, мемлекеттің негізгі қызметін, ішкі ас үйінің жұмысын жасап отырған осы қарапайым еңбек адамдары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында кәсіпкерлерге ерекше көңіл аударады. Оның да себебі бар. Кәсіпкерлік – экономиканың қы-
зыл кірпіші. Қазіргі алмағайып, қымбатшылық қаптап тұрған заманда кәсібінің нәсібін қызықтап, шаруасын шалқытып отырған қаншама отбасылары үлгі алуға тұрарлық. Әрине кәсіпкерлік бір ғана саламен, шаруамен, өндіріспен шектеліп қоймайды. Ол еліміздегі барлық өмір сүрудің көздерін қамтиды. Сондықтан кәсіпкерлікті қолға алған адам түбінде жеңіске жетеді.
Алматы облысы Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінде аға тілші болып қызмет істеп жүргенімде, көптеген кәсіпкерлерден сұхбат алып, атқарып отырған істерімен таныс-біліс бол-ғанмын. Олардың қай-қайсысы да ауданның тыныс-тіршілігіне елеулі үлес қосып, халықтың күн көрісін жақсартып отырған азаматтар.
Сіздермен сол кәсіпкерлердің жеткен жетістіктері туралы мәліметтермен бөліскім келіп отыр. Мүмкін біреу болмаса да, біреудің ойына ой қосып, кәсіпкерлік сияқты табысты саланың шылбырын ұстап кетуіне себеп болар.

Көкеніс өсіріп көп өнім алған кәсіпкер

Нарықтық заманда жеке кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған еңбекқор жандардың ісі қашанда ел алдында еңселі. Мысалы көкеніс, жеміс-жидекпен көпшілікті қамтамасыз етіп, Жер-Ананы еміп, табиғат ырысын арттырған Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында орналасқан «Сейдахмет» шаруақожалығының иесі
Мұқан Қазыбековті ауыл тұрғындары жақсы таниды. Жерінің көлемі 10 гектар болатын шаруа қожалықта жылыжай көлемі 2,5 гектарды құрайды. Жұмысын 2015 жылы бас-таған қожалықтың ісі алға басып, жыл сайын жоғары өнім алып жүр. Жылыжайдың сыртына да көктемде айсберг, түрлі түсті қырыққабат, қытай қырыққабатын өсіреді. Сондай-ақ, күзде қиярдан 50 тонна, кәдіден 60 тонна, қырыққабаттан 210 тонна өнім алып, жоспарлы межеге қол жеткізген.
Жерді «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» 6 жылға лизингке алған қожалық басшысы: «Қарқынмен, талпыныспен жұмыс жасап, құнын төлеп жекеменшік иелігіне айналдырамыз» деп, ерекше құлшыныс танытып отыр. Жалпы 20 адамды жұмыспен қамтып, ауыл жастарына жұмыс көзін ашып отырған бұл ұйым жүк тасығыш машина, трактор, УАЗик сияқты техникалармен қамтылған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, жетім балалар үйіне қол ұшын беру имандылықтық белгісі. Осындай қайырымдылық іс-шараларына шаруа қожалық қатысып тұрады.
Мемлекет тарапынан «Сейдахмет»
шаруа қожалығы субсидияға алған. Бұл ұжым мүшелері электр қуатын орнатып, су тартып, егістікті тамшылатып суарып шаруашылықты гүлдендіруде. «Екі қолға бір күрек» демекші, істеймін деген жанға жұмыс табылатынының анық мысалы да осы шаруақожалық.

Бір облысты ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз еткен шаруақожалық

Көпшілік оқырманға үлгі болсын деп, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы тағы бір кәсіпкер аға-мыздың өмір жолымен, еңбегімен таныстырғымыз келіп отыр. Дүйсебек Малдыбайұлы аудандағы Үңгіртас ауылында, 1940 жылғы 29 қыркүйекте туған. Оқуға ынталы болып өскен Дүйсебек орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының құры-лыс бөліміне оқуға түскен. Жас маман оқу орны жолдамасымен 1962-1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан, Созақ аудандарында мамандығы бойынша қызмет атқарған.
Мол тәжірибе жинаған Д.Мал-дыбайұлы 1965-1973 жылдары «Қас-тек» асыл тұқымды қой зауытында құрылыс маманы болып еңбек еткен. 1972 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдап, зоотехник міндетіне ауысқан. Ал, 1973-1995 жылдары «Ұзынағаш» кеңшары мен Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында және Ленин атындағы ұжымшарда бас зоотехник қызметтерін атқарып, еңбегімен халық құрметіне бөленген жан. Алматы облысы және Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» атанған Дүйсебек Малдыбайұлы ауылшаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің «Құрмет қағазын» алып, «Ауыл шаруашылығының үздігі» медалінің иегері атанған. 1995 жылы жұмысына адал да, өз ісіне ұқыпты Дүйсебекті ұжымы құрметпен зейнет демалысына шығарып салған.
Еңбектен қол үзбеген тынымсыз азамат қол қусырып отырып қалмай, нарықтық қатынас саясатын терең түсініп «Сұңқар» шаруақожалығын ұйымдастырады. Мемлекеттің «Сы-баға» бағдарламасымен жұмысын жандандыра түседі. Бүгінде күніне жүздеген литр сүт сауып, Алматы облысын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жаз кезінде 40-50, басқа жыл мезгілдерінде 20-25 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Сұңқар» шаруа қожалығында асыл
тұқымды 200 сиыр, биязы жүнді 1500 қой, 130 жылқы баптап өсіріледі. Мемлекеттен жүн, сүт, етке жыл сайын субсидия алады. Сауылған сиыр
сүтін мұздатқышта сақтап, Еңбек-шіқазақ ауданында орналасқан «FOODMASTER» компаниясына тұ-рақты келісімшартпен екі күн сайын өткізеді.
Сондай-ақ ұжымшардан алған өзіне тиесілі 15 га жеріне арпа-бидай, жүгері егеді. Одан жиналған өнімнен малға сүрлем дайындатқызады. Одан
басқа 550 га жерге мал бағып, шаруашылығын дөңгелеліп отыр. Техникадан 5 трактор, шөп шабатын машина, 2 камазбен қамтамасыз етілген. Кезінде Үңгіртас, Ұзынағаш ауылдық Кеңесінің депутаты болған халық қалаулысы Дүйсебек Малдыбайұлы жетпістен асса да, жұмысын жандандыруда.
Дүйсебек Малдыбайұлынан алған сұхбатта былай деген еді: «Ерінбей еңбектенгеннің, табандылықтың арқасында ет, сүт өнімін мол өндіріп отырмыз. «Жасым егде тартты, зейнетке шықтым» деп қол қусыруға да болатын еді. Бірақ алға қойған мақсаттан қайтпадық. Шаруақожалық ашуды бұрыннан ойластырып жүретінмін. Аллаға шүкір, жемісін көріп жатырмыз».
Қайырымдылықпен сауап жинаған шаруақожалық

Ата-бабадан мирас болып қалған кең байтақ жерді игеріп, пайдасын көріп, кәсіптің көзін тапқанға не жетсін! Жер-Ананы мәпелеп, құнарландырып, маңдай теріңді төксең, ол сені риза қылады. Ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасын көтерудің бірден-бір жолы десек, оған қолдау көрсету зайырлы қоғам міндеті. Ұзынағашта осындай игі істерді мойнына арқалап, еңбегімен еленіп жүрген шаруақожалықтардың бірі «Достық» деп аталады. Басшысы – Жұмағали Балабеков 1964 жылы туған. Мамандығы – инженер-механик.
Жерінің көлемі 7 гектарды құрайтын қожалық 2013 жылы құрылған. Жылыжай көлемі 1 гектар болса, қалғанына жаздық көкеністер егіледі екен. Таудың басынан келетін сумен табиғи жолмен суарылатын шаруашылықта қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш өсіріледі. Жылына екі рет желтоқсан және наурыз-сәуір айларында өнім жиналады.
«Қайырымдылық іс-шараларына қатысып, Қарғалыдағы қыздар мед-ресесін азық-түлікпен қамтамасыз етеміз» дейді, Жұмағали аға әңгіме арасында. Аудан бойынша 15 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалық жыл сайын көл-көсір өнім алып, табысқа жетіп отыр. Техникадан трактор және жер жыртатын машинамен қамтылған.
Шаруақожалыққа арнайы барып тыныс-тіршілігімен таныстық. Жұмыс-шылармен тілдестік. Еңбек шартын бұзбайтын, барлық жұмысшыларына әділетті қарайтын басшыны ұжымы бірауыздан сыйлайтынын байқадық. Ауызбіршілігі мол «Достық» шаруа қожалығының жұмысшылары бір от-басының баласындай бау-бақшаны баптап, өнімін өндіріп отырғанын көріп қуанып қайттық.
Апортты алдымызға әкелген шаруақожалықтар

Қазақстан алма атаулының атасы сиверс алмасының шыққан мекені екенін бүкіл әлем жұртшылығы ежелден мойындаған. Себебі, Іле Алатауының баурайында пайда болған алма жемісі Жібек жолының көне бағыты арқылы Жерорта теңізіне, содан бүкіл әлемге тараған. Еліміздің оңтүстік астанасы – Алматының атауы алманың құрметіне қойылған.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Іле Алатауының бөктерінде жайғасқандықтан, алма жақсы өсетін аудандардың бірі болып есептеледі. Бүгінде азайып бара жатқан апорт ағаштарының бұрын ауылдарда жай-қалып өскенін көрген қариялар оның иісі мен тіл үйірер дәмін сағынышпен естеріне алады. Оны қайтадан баптап, күтімін жасауға мамандар тапшылығы кедергі келтіруде. Себебі Апорттың ататегіне жайлы болған топырақта оның болашақта қайта гүлденуіне қажетті химиялық барлық элементтер, тыңайтқыштар бар. Бірақ обалы не керек, кейбір шаруа қожалықтар алма бағын баптауға күш жұмсап отырғаны жасырын емес. Мәселен: Жамбыл ауданындағы «Сейдахмет», «Гүлден», «Ербол», «Мұсабай», «Горный апорт», «Шындәулет», «Демер», «Ранай» шаруа қожалықтары алма мен алмұрт ағаштарынан тонналап жеміс өндіріп, ауданның экономикасының жақсаруына үлестерін тигізуде.
Жамбыл ауданы Самсы ауылдық округінде 1999 жылы ашылған «Ербол» шаруа қожалығында 7 га егістік жерге апорт көшеттері отырғызылған. 1600 түп апорттан болашақта үлкен алма бағының жайқалып өсуі күтілуде. Барлығы 10 адамды жұмыспен қам-тыған қожалық басшысы Самсы ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы институтының түлегі, инженер-механик Берікбай Молдабеков.
Қазір базарға барып, жергілікті алма қайсы, импорт алма қайсы айыра алмай әуре сарсаңға түсеміз. Саудагерлер көршілес күншығыс елінен әкелінген, сырты мөлдіреген, құрт түспеген алмаларды «жергілікті» деп сатудың амалын әбден үйреніп алған. Сонымен Ұзынағаштың базарына барып, жеміс-жидек сататын саудагерлермен тілдестік:
– Біз қытайдың алмасын сатпаймыз. Алманың көпшілік сұрпы Есік қаласынан әкелінген. Сондай-ақ, жергілікті Апорт, Золотой, Американка, Лимонка, Пеструшка, Салтанат, Іле, Алатау шапағы, Алматы сияқты түрлері сатылымға қойылады, дейді.
Хош, сендік делік. Әйгілі халық әні жолдарындағыдай:
– Ендігісін айтпайын,
Ішің білсін, әлу-ай, деп іштен тынып базардан жөнеп кеттік.
Үйге келіп, «алманың пайдасы» деген сөз тіркесін ғаламтордың «гугл» іздеу жүйесіне енгізіп, оның химиялық құрамы, қанша дертке дауа екендігі туралы оқыдым. Мәліметтер қатары самсап тұр. Алманың ағзаға тигізер пайдасы туралы ата-бабамыз біліп, оны қадірлегендігін Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты кітабындағы мына деректер дәлелдей түседі: «Алманың ол кездегісі де құлжа екен. Құлжа – күздік алма. Алма атаулыда бұдан дәмді алмалар бар десе мен сенемін, ал бұдан хош иісті алма бар дегенге көнбеймін. Алма атамыз алманың құлжа, жазбақ, тасалма, саржұрт, қызылтаң, сарсағым, түйедақ, айбақ, күнбақ, шыбыр, шидем, шөңке, түрен, мөңке деген түрлерін өсірген. Олардың әрқайсысының гүлдейтін, шеруендейтін, гүлдейтін кездерін сапырып айтып отырады екен. Саржұрт деген алманың сарауруға ем болатынын, алманың адамның денесін, сүйегін қатайтуға зор әсері болатынын, алма жеп өскен баланың басқалардан бойының сұңғақ болатынын айтып, әр жемістің қасиетін тарататын болған» деген.
Жоғарыда айтқанымыздай 7500-ден астам сұрпы өсірілетін алманың тарихи Отаны – Қазақстан. Сондықтан «қолда бардың қадірін жоғалтпай» жойылуға шақ қалған апорт ағаштарын кейінгі ұрпаққа жеткізуді басты міндетіміз деп білген жоғарыда аттары аталған шаруа қожалықтар алғысқа лайық.
Сақтардан аманат болып қалған ұлттық сусынымыз қымызды немістер, қазыны француздардың патенттеп алғандай алманың да бір күні қолды болмасына кім кепілдеме береді. Жетісу жерінің киелі жемісі алмадан бренд жасап, экспортқа шығарсақ нұр үстіне нұр. Американың «Apple» компьютер, планшет құрастыратын компаниясының эмблемасы – тістелген алма. Осындай логотиппен жасалған техниканың сапасы жоғары, бағасы қымбат. Себебі ол – бренд. Алманың суреті брендке айналдырып жатқанда, жемісін неге брендке айналдырмасқа деген ой келеді. Әлемде 20-10 жыл аралығында өмір сүретін алманы ең көп өсіретін елдер қатарындағы – Қытай, АҚШ, Түркия, Польша және Италияның қатарына неге бізге енбеске?
Тропикалық елдер цитрус жемістерін өсіріп, әлем елдеріне таратып жатыр. 3-12 жылда жеміс беретін, әр гектардан шамамен 100-300 ц өнім алынатын алманың бабын неге таппасқа? Ол үшін ауыл шаруашылығы, агроном мамандардың бей-жай қалмай, қол ұшын бергені маңызды.
Міне, осы шаруақожалықтардың жыл сайын беріп отырған есебін естісеңіз, қажырлы еңбектің жемісі қандай болатынын көзге елестетесіз. «Жұмыс жоқ» деп қол қусыруға болмайтынын осындай кәсіпкерлер дәлелдеп қойған. Қазақстанда не көп, игерілмей жатқан жер көп. Міне, сол Жер-Ананы еміп елдің қамын ойлап отырған кәсіпкерлер, Құдайға шүкір, жыл санап көбейіп келеді. Жоқ дегенде, есігінің алдына азық-түлік дүкенін ашып, көрші-қолаңды күнделікті ішіп-жемімен қамтамасыз етіп отыр. Тегін емес, әрине, бірақ алыс дүкенге барып сарылмайсыз бір-екі зат үшін. Қажет кезінде көршіңіздің дүкеніне барып қажетіңізді сатып аласыз. Оның өзі кейбір жұмысбасты, яғни сенбі, жексенбі күндері ешқайда шыққысы келмей үйде демалғысы келетін кісілерге ыңғайлы. Алып-сатарлардың істеген тірлігіне көңілі толмай, үстіне ақша тауып байып отыр деп тыржыятындары да бар. Бірақ, оның өзі жұмыссыздықтан жоғары емес пе?
«Қайырымдылықпен айналысасыз ба?» деген дәстүрлі сұрақ бар. Сондықтан, көпшілігі қайырымдылық істерін жіпке тізіп айтып береді. Егер шынтуайтына келсек, қазір саудагерлердің күні туып тұрған кез. Сондықтан шығар қазір сатушы да, сатып алушы да көп. Алматы қаласының өзін алсақ, ай сайын түрленіп жаңа ғимараттар бой көтеріп отырады. Жаңа сән салондары, супермаркеттер, кафе, медицина орталықтары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Демек, олардың арасында бәсеке күшейіп отыр деген сөз. Оның үстіне кәсіпкерліктің дамуына ғаламтордың көпшілікке қолжетімді болғаны себеп. «Инстаграм, уатсап, телеграм, фейсбук» әлеуметтік желілері толған жарнама. «Мені ал, жоқ мені ал» деп тұрған қаптаған посттар. Өйткені заман талабы сондай. Қол қусырып, өкіметтен үміт күтетін кез емес. Субсидия беріліп жатыр, қолдау бар. Онда неге сол мүмкіндікті қолдан жіберіп алмай, пайдаланып қалмасқа? Кәсіпкерліктің тағы бір жақсы жағы ол тек ашқан адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, қасындағы басқа адамдарды да жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік жағдайдың жақсара түсуіне әкелетін фактор.
Біз қаланың сыртында жер үйде тұрамыз. Біздің көшенің бойында көршілеріміздің екі дүкені бар. Жанат пен Динара деген екі көрші,бір-бір үйдің ханымдары дүкен ашып таңнан қара кешке дейін соның ішінде сауда жасап отырады. Бала-шағаның қолына тиын-тебен түссе, баратына осы екі дүкен. Динара жаңадан үй салып, үйін қоршап жағдайын сол жалғыз дүкенмен көтеріп отыр. Жанат «жақында коттедж үй аламын» деп ауызын көпіртеді. Жастары ары кетсе қырықты алқымдаған келіншектер осылай шағын кәсіппен отбасын бағып отыр. Әрине, «жұмыс жоқ» деп әркімге қолын қусырып отырғанша ол да жақсы. Бірақ қазіргі жастардың санасын зерттесек, көпшілігінің арманы кәсіпкер болу. Өйткені кәсіпте нәсіп бар екенін ұғады. Және батыстың самсаған баюдың жолын үйрететін кітаптары да кәсіп ашуды үйретеді-ау. Әрине, тек баюды ғана ойлап, рухани азғындыққа түсудің қасіретін де біле білген жөн. Ол туралы Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасыр айрығындағы сырласу» деген кітабында:
«Шаханов. Байқайсыз ба, ұлттық тәрбие құралдарын тұншықтырып едік, қоғамдық психология табан астында өзгеріп шыға келді. Бұрындары, мәселен, бәлен кітапты, түген кітапты оқыдым деп, тең құрбысының алдында мақтанатын жеткіншектің аузынан қазір бес сомның затын бұлдап, он сомға өткіздім дегенді естісек, таңданып жатпаймыз. Заманына қарай адамы, оларды да кінәлай алмайсың. Десе де, елдің елдігін танытатын рухани байлықтың оныншы, он бесінші, кей жерлерде тіпті жиырмасыншы орынға ығысып кеткені көңілге қаяу салмай тұрмайды.
Қалтабайлығынруханибайлықтанжоғарықойғанелдіңертеңікүмәнді. Байлыққа белшесінен батқан, жасы әлі 25-ке де толмаған бір бизнесмен жігіт Алматыдағы жиырма бес қатарлы «Қазақстан» қонақүйінің ең ұшар басына зеңбірек сүйретіп шығарып, түн жарымында, ел шырт ұйқыда жатқанда, өзінің туған күні құрметіне арнап салют бергізіпті деп естідім».
Осы кітаптың үзіндісінде айтылған-дай материалдық байлықтың алдыңғы орынға шығып, рухани байлықтың ығысып қалуынан қауіпті не бар бұл өмірде? Соның салмағын жете түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Себебі рухани азған ұлтты өзге елдердің басып алуы тарихта жиі ұшырасады. Ал бұдан сорақы не бар?
Қазір әлеуметтік желіні ашып қарасақ, ысырапшылық пен даң-ғойлық, құр мақтанға салыну, яғни материалдық байлығын халыққа паш етіп көрсетушілер қаптап кетті. Ал, оқыған кітабымен мақтанатын, жарысатын ұрпақ азайып бара жатыр. Осы мәселе бармақ тістеткізіп жүрмесе болды ақырында. Қазір рухани тоқырауға ұшыраған уақытша кезең деп қана бағаласақ, келешекке үміт, жақсылыққа сенім пайда болады жүректің бір түкпірінде.
Ендеше, кәсібімізді дөңгелетіп қана қоймай, бір-бірімізге мейірімді, қайырымды болып, қарайласып, даң-ғойдан сақтанып, рухани байлық пен материалдық байлықты игерудің мөлшерін алшақтатып алмайық. Екі кеменің басын ұстаған, суға кетеді деп емес, екеуін ойлаған жетістікке жетеді деп тәрбиелейік келешек жастарды.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *