ШОҚ ҮСТІНДЕ ШИРАҒАН ШОНА ЕДІ… ШОҚ ҮСТІНДЕ ШИРАҒАН ШОНА ЕДІ…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтулы күндер — Шона Смаханұлы — 100 жыл      Бағзыдағы Бұқар жыраудан бастап бүгінгі ұлт мүддесі... ШОҚ ҮСТІНДЕ ШИРАҒАН ШОНА ЕДІ…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Айтулы күндер — Шона Смаханұлы — 100 жыл     

Бағзыдағы Бұқар жыраудан бастап бүгінгі ұлт мүддесі үшін күрескен от тілді, орақ ауызды шешендеріміз бен шайырларымыздың барлығы да жалын  пен шоқ үстінде жүріп ширықты, «халқым, жұртым!» деп жағаласып жүріп, жар жағалады. Қуғын-сүргін көрді, төбелерінен жаңбыр емес, тас жауды, сонда да мойымады, жасымады. Еңселерін тік ұстады. Солақай саясат сом темірмен соққыласа да сынбады. Сондай кеудесі намысқа толы қайсар азаматтардың бірі де бірегейі – Шона Смаханұлы болатын.

Тегі, Шона Смаханұлы туралы айтқанда, оның сатирик ақын екені еске түседі. Шоқ тілді Шона ағамыз талайлардың өр кеудесін өткір сындарымен де басты. Бірақ, біз әуелі оның ұлт мүддесі үшін жанқиярлықпен еткен еңбектеріне тоқталмақпыз. Өйткені, мұның өзі өшпес өнеге, ұлт болып ұйысамын деген кімге де салиқалы сабақ. Ал, өрісті өнегеден сабақ алудан ешкім де қашпаса керек.

Кеңес Одағы дейтұғын улы шеңгелді алып империяның халқымызға жасамаған қаскөйлігі қалмады. Солардың бірі ел астанасы—Алматыда қазақ тіліндегі бір ғана мектептің болуы еді.  Әрине, Алматы-қазақтың астанасы. Бірақ, солай бола тұра өздерін «аға ұлттанбыз» дейтіндердің баспанасы болғаны жасырын емес.  Жиналыс та орысша, би, жарыс та орысша. Оқуың да орысша. Қауашақтай басыңа әлденені тоқуың да орысша болатын. Балалар бақшасынан бастап, орта мектепті бітіргенге дейін, бұл аз болса аула, көшелерде орысша шүлдіреген қазақ балаларынан ұлтжанды азаматтар шыға қояды ма? Ақынның кеудесін осы жәйттер тырмалап, жанына тыныштық бермеді. Сондықтан ол жұлқынып, жалынға жалаңаш кеудесін тосты. Өртенуі, күйіп кетуі мүмкін еді, соны біле тұра тартынбады.

Ақселеу Сейдімбеков, Бексұлтан Нұржеке, Марат Тоқашбай, Орысбай Әбділда, Мұхтар Қазыбек, Ғабиден Құлахмет, Мұхаметжан Әлімбаев, Сұлтанғали Қаратаев, Медет Қайырғалиев, Марат Әбдіхалық, Нүкеш Бәдіғұлов, Рақымжан Өтеген, Саясат Бейісбай сынды ұлтжанды азаматтарды соңына ерте біліп, астанада қазақ мектептерін ашу туралы бастама көтерді. Кедергі-тосқауылдардан тайсалмай діттеген мақсаттарына жетпей тынбайтындарын істерімен де, сөздерімен де дәлелдеген Шона Смаханұлы бастаған зайырлы топтың жеңісіне сүйсінесіз әрі таңырқайсыз. Ойға алған жұмыстары белгілі бір дәрежеде ресмилік сипат алу үшін Қазақстан Жазушылар одағының жанынан мектеп кеңесін құрған олар тар заманда таудай тірліктер тындырды. Кеңестің төрағасы Шона ағамыз еді де, орынбасары жазушы, ғалым, дәрігер Советхан Ғаббасовболатын.  Марат Тоқашбай жауапты хатшысы болып сайланады. Қазақ радиосында жұмыс істейтін  Шона ағамыздың жұбайы Аманкүл Үсіпбекқызы жазу машинкасына басып әкелген қазақтардың балаларын қазақ мектептерінде оқытуы керектігі туралы хабарландыруды кеңес мүшелері кісілік танытпай-ақ жандарын шүберекке түйе жүріп, бағаналарға, аялдамаларға, басқа да жұртшылық көп жүретін жерлерге желіммен жапсырумен жүрді. Міне, сондайда ұлтжандылардың еңбектерін еш қылғысы келгендер де табылмай қалмаған.  Олардың кешке ілген хабарландыруларын таңертең жыртып тастайтындар пайда болды. Сондай қастандықтың бірі Шона ағамыздың көз алдында болған. Аялдамада бір орыс әйелі хабарландыруды жыртып тастайды. Сондағы Шона ағаның орыс әйеліне қалай тойтарыс бергенін көзкөргендер әлі де жыр қылып айтады.

Қ. Сәтбаев атындағы көшенің бойына орналасқан №65 мектепте ата-аналар жиналысы өтпекші. Сол мектепте Шона аға бастаған ұлтжанды азаматтар, қалалық білім басқармасының басшылары қатысқан жиын болады. Әуелі мектепке адамдар жинала қоймайды. Шона ағамыз терезеден қараса, бір мұғалім аулада тұрып алып,  жиналыс болмайтынын айтып, келгендерді кері қайтарып жатыр екен. Дереу әрекетке көшкен кеңес мүшелері келгендерді өздері қарсы ала бастайды. Осылайша жиын өтеді. Мұндай қарсылықтар басқа да жиындарда бой көрсетіп тұрған. Жиын өтетін мектеп, басқа да орындар алдына милиционерлерді күзетке қойып, келушілерге кедергі жасап баққан оқиғалар жиі қайталанған. Милиция көрсе кінәсі болмаса да қаша жөнелетін қазақтар мұндай жерге жетелесең де барады ма?

Бірде ынталы топ «Орбита» шағын ауданындағы №45 мектепке барады. Директоры Ким деген кәріс жігіті бұларды маңайына жуытқысы келмейді.  Ата-аналардың шуынан, жоғарыдағыларға арнайы хат жазуларынан соң ғана  мектептің бір блогын тұтас қазақ сыныптары үшін бөледі. Бірақ, 1984 жылдың күзінде мектептің кіре берісіне динамит қойып, жарып жібереді. Бұдан асқан қаскөйлік болады ма? Мұнан соң ынталы топ қалалық атқару комитетінің алдына мәселе қояды. Қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Серік Әбдірахмановтың көмегімен «Байқоңыр» кинотеатрының артынан жаңа ғимарат бой көтереді. Сол мектеп №145 қазақ орта мектебі болып ашылды. Артынша «Айнабұлақ» шағын ауданынан №118 қазақ орта мектебі пайдалануға берілген. Ширақ та шымыр Шона аға бастаған Жазушылар одағы жанындағы мектеп кеңесі 1983 жылдан 1990 жылға дейін Алматыда  23 қазақ  мектебі  мен 5-6  қазақ балалар бақшасының ашылуына себепкер болады.

Бірақ, шовинистердің шойын тістері қазақтың ұлтжанды зиялы қауымына қайраулы еді. Әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң жастарды түрмелерге тоқыту, зиялыларды партиядан, комсомолдан шығару, үй кезегінен алып тастау, жұмыстарынан босату сияқты кесірлі қарсылықтарын ашық жүргізе бастады. Солардың ішінде Шона ағаның да соңына шам алып түсті. Алғашында одақтық басылымдарда қазақ ұлтшылдығын «әшкерелеген» мақалалар дүркін-дүркін жарияланып жатса, «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде қазақтың атпал азаматтарын жерден алып, жерге салған күйелеш мақалалар жарияланып жатты. КГБ-ның саққұлақтары мен партияның «қырағылары»  Шона Смаханұлының «ұлтшыл» қырларын байқап, «Ржавчина» («Тот») атты авторы белгісіз фельетон жазады. Осы фельетон «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Сарбас Ақтаев пен «ЭкспрессК» газеті редакторының орынбасары Әділ Ыбраевтың қолдарына түседі.  Екеуі де бұл материалды газетке жариялаудан бас тартады. Авторы жоқ фельетонға ешбір журналист қол қоймайды. Ақырында кеңес мүшелері М. Горбачев пен Г. Колбинге жеделхат жолдап, фельетонның жарияланып кетуінің алдын алады. Егер қазақ зиялыларын қаралау материалы газетке шығып кеткенде жергілікті ұлтқа деген күдік пен сенімсіздік үдеп, зиялыларды одан әрі тұқырта түсер еді.

Осы екі ортада  Марат Тоқашбай мен Шона Смаханұлын қырағы қызметтің қырғилары шақырып, жер астындағы қараңғы бөлмеде біраз қыспаққа алады. Шоқ тілді Шона ағамыздың бұл қыспақтан қалай құтылғаны жұмбақ. Әйтсе де соңына сезік тудырмайтын мекеме қызметкерлері түскеннен соң ба, ағамыз біраз қиналса керек.

Міне, осындай тар соқпақ, тайғақ жерлерден өткен Шона Смаханұлы атында Алматыда №62 орта мектеп бар. Бұл қайсар қайраткердің ерлігіне қойылған ескерткіш тәрізді. Мектепте жыл сайын саңлақ сатириктің туған күні аталып өтіліп тұрады, шығармашылық кештері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Тараз бен Таласта да Шона Смаханұлы атындағы мектептер бар.

Шона ағаның  денені шым еткізер шымшымалары мен шаншымалары, сықақтары мен фельетондары жайлы айтсақ, ұзаңқырап кетеміз. Соғыстан  жаралы болып оралған ол Талас ауданындағы «Ақкөл» орта мектебінде мұғалімдік қызметке орналасады. Осында жүріп, ән-хор үйірмесіне жетекшілік етеді. Үйірме аудан және облыстық өнерпаздар байқауында үздік шығып, республикалық олимпиадада бас жүлде иеленеді. Ағамыз жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері»  төсбелгісімен марапатталады. 1959 жылы алғашқы жинағы «Тотияйын» деген атпен жарық көреді. «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, «Ара» сын-сықақ журналында, «Жазушы» баспасында еңбек етеді. Қаламгердің «Шимайбек пен Шыңқетпе», «Қу түлкінің сыбағасы», «Ұры тіс», «Ұр, тоқпағым, ұр!», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Кездік», «Қоңыраулы шеңгел», «Сандықтан шыққан сайтан», «Өткірдің жүзі», «Жымияды жеңешем», «Елпекпайдың телпегі» атты сатиралық және «Айнабұлақ», «Қыз сыры», « Әнші Әтеш», «Үміт жұлдызы» атты прозалық кітаптары жарық көрді.  Сонымен қатар ол жүзге жуық әнге мәтін жазды. Орыс тілінде «Купорос», «Ортеке», «Паутина» деген кітаптары оқырмандар қолына тиді.

Шоқ үстінде жүріп ширап өскен Шона ағаның өмір жолы кейінгі толқын жастарға үлгі-өнеге. Оның ұлтқа жасаған қызметі мен шығармашылық жолы ғасырдан ғасырға жетеді. 0ған таласымыз болмаса керек.

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *