Берік САДЫР — 70 жас мерейтой
12.06.2024 0 258
Заманға қарай жазушылықтың сатира-юмор жанры бойынша жазатын жастардың сирексігені айдан анық. «Сатира – күштілер қаруы» деген қанатты сөз де бар. Жас қаламгерлерге бұл жанрға да атсалысыңдар дей отырып, сендерге үлгі болар деген үмітпен бүгіндері жетпіс атты бедерлі белеске көтеріліп отырған сатира сардары Берік Садырдың біраз әңгімелерін ұсынып отырмыз.
Қаламгердің 1987 жылы «Не десем екен?!» атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой өмір», «Социализм сатирасы» жинақтарын шығарды. Аударма саласына да дендеп атсалысып, «Әлем әзіл әңгімелері» атты кітабын оқырманға ұсынды. Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан тапқыр сөздерін құрап «Бірде…» деп, айтқыштардың айтқандарын құрап «Ауылдың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері» деп қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті.
Қаламгердің 1987 жылы «Не десем екен?!» атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой өмір», «Социализм сатирасы» жинақтарын шығарды. Аударма саласына да дендеп атсалысып, «Әлем әзіл әңгімелері» атты кітабын оқырманға ұсынды. Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан тапқыр сөздерін құрап «Бірде…» деп, айтқыштардың айтқандарын құрап «Ауылдың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері» деп қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті.
Алаөкпе атақ
Мен үшін бүгінгі күн ғажап күн болып, бір хабарды естіп, «Әп бәрекелді, осы күнге жеткізгеніңе құлдық!» деп қуанғанымды жасыра алмаймын…
Бұған дейін мен еліміздегі ең дәрежелі «Атақ» болатынмын… е, иә, еңбегі сіңген, маңдай тері төгілген азаматтарға берілетін өкіметтің ең жоғарғы наградаларының бірегейі едім. Бірегейі деп отырғаным, анау ең мықты мығымы болмасам да, менің де өз дәрежем бар, көпшілік, әсіресе әдебиеті бар, мәдениеті бар өнер саласының өрелі атақ-дәрежесімін.
Алғаш атым белгіленіп, жарық жұлдыздай жарқ етіп елдің маңдай алды азаматтарының омырауына қадал-
ғанымдағы мақтаныш сезімімді жасыра алмаймын. Ойхой, ол азаматты кілең сен тұр мен атайындар құттықтап, омырауда тұрған қалпымда аялы алақандарымен сипап «Құтты болсын» дегендеріндегі сәтті әлі ұмыта алмаймын.
Басында жылына екі-үш ерен жүй-рікке ғана бұйырып мәртебем тасыған. Мен бұйырар жылдың мәртебелі мерекесін тағатсыздана күтетінмін.
Ойхой, көп өтпей маған деген ұмтылыс артып, жылына екі-үш мәрте марапатталатын дәрежеге жетіп, бір берілгенде оннан аса пенденің омырауына тағылатын болдым…
Не керек, міне бас-аяғы бес-алты жылда мен кімге бұйырмадым десеңші… Кім көрінгенге барып әтуерім кетті, абыройым азды, бедел-қасиет құлдырады…
Ойпыр-ай, өнерге он қайнаса да сорпасы қосылмайтын омырауына тақ-қанда жүзім жығылып, ел-жұртқа тіке қараудан қалып жүнжіп біттім… Ал ана бір сахнаға кеше ғана шыққан тарсыл-тайраң бозөкпенің мені омырауына таққандағы кірерге тесік қалмаған қалпымды көрсең… Мына бір аузынан бөзі түскен сайқымазақтың қорлағанын кімге айтып көр-жер боламын…
Ал ақшаның ашпас құлпы жоқ екенінің өз басым куәсі болдым. Сол бейбақ мені қаншаға сатып алғанын айтып қырлы үремкеге матырып сусынын сіміріп барып суырып алып қайта омырауына таққандағы қорлықты дұшпаныңның басына бермесін…
Құдай көз жасымды көрген болуы керек, айым оңынан туып, бүгін мені алмастырған, менен дәрежесі жоғары атақ белгіленген қуанышты хабарды естіп өлгенім тірілгендей болды… Қуанғанымнан келесілерге берілетін жерде жатқан жерімнен атып тұрып ең алғашқы болып әлгі сабазды «шын ниетіммен» құттықтап омырауыма басып сәттілік тіледім…
ДАТ ПЕН БАҚ
Басыңа бақ қонайын десе бір сәт-ақ екен! Өңім тұрмақ түсіме кірмес оқиға болып, қайдан тап болғанын – қарсы алдымда ертегілерде айтылатын қауға сақал жын тізерлеп отыр.
Тұла бойымды үрей билеген маған ол:
– Ләппай тақсыр, датыңыз болса айтыңыз, – дейді.
Ойлануға мұрша жоқ, бір сәт қиялымды ой-қырға кездіріп барып, бұл болса басыма қонған бақ шығар деп:
– Ел басқарайын, президент жаса! – деп төтесінен бір-ақ тарттым.
Жыным жиырылып, ширығып күйзелген болды да:
– Пәлекеттікі, президенттеріңіздің беделі өз еліңізден асып әлемдік деңгейге кетіп қалған-ақ екен, оның үстіне ол үстемдік құрғалы ширек ғасырға жуықтапты… тамыры тереңге кеткен кәрі емен екен, әлім жетпейді, – деді де, – Төңірегіне, президенттік әкімшілікке билік жүргізсеңіз қайтеді? – деп ұсыныс тастағаны.
Қабілетім өзіме белгілі, аса жауапты қызметтен бірден бас тарттым.
– Премьер-Министр болуға қалай-сыз? – деді.
Мына дағдарыстың етек жайған заманында бүгін бар, ертең жоқ Премьер-Министріңнен өткен өткелек жоқ екені санама сарт ете қалып, одан да бас тарттым.
– Министрдің бірін таңдаңыз! – деп қалды.
Ол қызметке ал отырдым делік… отырмай жатып жұлыны үзіліп жатқан министрлер қаншама! Оның істі болып итжеккенге айдалып кетіп жатқандарын білетін басым… оның үстіне он жылдықты әрең-пәрең оқып бітіргенім бар… білімнен біліксіздігім… қабілет-қасиеттен жұрдайлығым… айта берсем, өз кемшілігім өзіме белгілі, жынды осы жерден тоқтаттым да:
– Маған ерекше қабілет дарыт та, аса дарынды, өз елім тұрмақ әлем тамсана тыңдайтын әнші ет! – деп бұйыра сөйледім.
…Сондағы жынның қиналғанын көрсең! Ширығып жиырылып, аузы-басы қисалаңдап, тізесі дірілдей бүксиіп бүгіліп барып:
– Бұл датыңыз еш орындалмайды, ол қолымнан келмес кесек дүние… оны дарыту тек Алланың ғана қолында! – деп кемсеңдеген қалпы иіліп құлағыма:
– Алғашқы датыңызды орындайын, тек сізге президент болсаңыз болды ғой?! – дегенінде, қалай бас шұлғып қалғанымды білмеймін, аяқасты алай-дүлей болып, бір сәтке ес-түстен айрылып барып есімді жисам… ну орман арасындағы елді мекеннен бір-ақ шығыппын.
Жартылай жалаңаш, қаумалаған қалың жұрт… төрдегі нән орындықта отырған маған қарата: «Жасасын жаңа президентіміз!» деп даурып-ақ жатыр…
Жас иіс пен жер иіс
Ауылда бозбала шағымыздан бірге өскен Қилыбай құрдас қалаға келген сайын қылжағына басып, сөзінің тұздығын: «жас иіс» қалай екен?» деп бастайтын. «Жас иісі» – менен бір жарым мүшел кіші үйдегі екінші әйелім.
Басында үндемей, кейде күмілжіп «дұрыс қой» деп жүрдім де, келген сайын «жас иісті» кергілей берген соң, еңсе тіктеп «жас иіс» жөнінде жөнді сөз айтуға көштім.
Бір келгеніндегі «қалай екенін» іліп әкетіп: «Бірінші қатын бекер, екінші қатын шекер» деген қанатты сөз бекер айтылмапты» деп алдымда, айда кеп көпке айта бермес көрпе астындағы қылық-шыжықтарды қиялым жеткенше қосып айтып көсіліп едім… Ауызы аңқиып, жанары жалт-жұлт, құдды ертегі еліне еніп кеткен баладай балбырап-ақ қалыпты. Айтып болғанымда, «Е, бәсе!» деп қана тілге келіп, әлгі мұндайда айтайын «ауызының суын сүртті».
Келесі келгенінде, «қалай?» деге-нінен-ақ, алдын-ала дайындап қойған айтарымды ағыта жөнелдім.
Бұл жолы: кішіпейілділігіне, қонақ-жайлылығына тұздық қоса көпіртіп, жас айырмашылықтың арқа-сындағы әкесіндей беделге ие екенімді ежіктей айтып ертегідегіден де асырып жібердім.
Қилыбай құрдастың елтігені сонша, жанары жарқ-жұрқ, ара-арасында: «Ой пәлі, анық еркек!» деп еліріп, кей-кейде: «Ғажап! Бақыт құсы деп осыны айт!» деп кеуде кере күрсініп алатынды шығарды…
Келесі келгенінде оның үйреншікті сұрағын күтпей-ақ «жас иіс» жөніндегі «ғылымның дәлелдерін» тоғыта жөнелдім. Әсіресе «жас дененің қартамысқа әсер ететін күш-қуатын, өзі айтатын «жас иістің» алапат-ғаламаттылықтарын жіпке тізіп жіктеп берген болып, өз өтірігіме өзім иланып Қилыбаймен бірге аузым ашылып, көзім жұмылып-ақ қалыпты.
Қилыбай құрдастың келмей кет-кеніне де көп болған. Бір күні «Қилыбай қайтыс болды» деген суық хабар жетті.
…Топырақ салуға үлгеріп, Қилыбай құрдасты жер иіске мәңгіге табыстап келіп, мән-жайды сұрастырсам, екінің бірінің айтары: «Ажалы қатыннан болды… Қартайғанда несі бар еді жас қатын алып…» дегенге саяды.
Оңашада бажадан:
– Ажалы қатыннан болды дей ме?! – деп сұрап едім:
– Е, қайтесің! Қартайғанда алжып, жас тоқал алып… Сол тоқалы тоңқалаң асырып, жас иісі енді міне жер иіскетті емес пе! Тоқалдың «тоқымын» түген-деймін деп-ақ азып-тозды. Соның ырқына, қас-қабағына қараймын деп-ақ күпірліктен аттады… Несін айтасың, ең аяғы, ажалының өзі… пәлекетті айтуға ыңғайсыз… сол «жас иісін» иіскеп жатып… жүрегі тоқтап қалыпты, – деді.
Керауыз
Біздің елге арнайы шақыртумен келген шетелдіктің кетерінде жергілікті телеарна тілшісіне берген қысқа-нұсқа сұхбаты:
– Елдеріңізге келіп, өзекті де өмір-шең, қазіргі уақытта бүкіл әлемдік проблема болып отырған мәселені талқыға салдық. Осындай өрелі істі әңгіме өзегіне айналдыра білген басшыларыңыздың байыпты пайымдау
ларына дән ризамыз.
…Ал мынадай зәулім ғимараттар сап түзеген қала көркіне көзің тоймайды. Аралаған сайын әсем де көрікті үйлерге кезігіп таң-тамаша болдық. Жапондық үлгідегі ғимараттар да, қытайлық қалыптағы құрылыстар да, еуропалық сән-салтанаттар да ерекше үйлесім тапқан-ақ екен.
…Тау-тассыз мидай жазыққа орна-ласқан астаналарыңның алаңсыз тір-лігі кім-кімді де қызықтырады. Әр елдің пошым-үлгісіндегі әлеуметтік нысандар, әсіресе қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық отауы, дүкен-дүңгіршектері өздерінше жарасым тауып жадырап-ақ қалыпты.
…Қонақжайлықтарыңыз ауыз аштырып, таңдай қақтырды. Неткен көл-көсір баршылық! Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда болғанын айтсаңызшы.
***
Шетелдіктің өз еліне табан тірей сала жергілікті телеарна тілшісіне берген қысқа-нұсқа сұхбаты:
– Қайран қор болған алтын уақыт! Бекер бардым ба деп қалдым… Талқыға салғандары айта-айта жауыр болған атамзаманғы әлду-бәлду әңгіме. Айтылғанына ширек ғасырдан асқан тақырыпты қаузағандарына жынымыз келсе де, қайтейік, қонақ – қойдан жуас болдық. Байқағанымыз, осында осы тектес бекер шабылыс-жиылыс айына кемі алты-жеті рет болатын көрінеді. Осы оспадарлықтарын өздері де сезіп, онысын «Күлтөбеде күнде жиын» деп те сынап-мінейді екен. Өстіп жиылыс өткізгенді басшылық атаулысы «әп, бәрекелді!» деп құптап-қошеметтеп отырады екен.
…Қаласы иқы-жиқы… Баршылықтың арқасында ылдым-жылдым құрылысты бас-көз демей тұрғыза беріпті. Талғам-таразыдан жұрдай. Жапонның сыйдиғаны, қытайдың мыжырайғаны, еуропаның елеусізі – бәрі-бәрі осында ойып тұрып орын теуіпті. Ұсқыны кеткен, ұнжырғасы түскен ғимараттардан аяқ алып жүргісіз.
…Тау-тас, орман-тоғайдан жұрдай мидай жазыққа салынған қала тірлігі қарныңды аштырады. Әр елдің пошым-үлгісінде бой көтерген әлеуметтік нысандар, әсіресе болмаса да ұқсап баққан қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық отауы, дүкен-дүңгіршектері күлкіңді келтіреді. Күллісі жүрдім-бардым, олпы-солпы, жоқтан гөрі бар санатындағы сапасыз сайқымазақ бір әлем.
…Өздерін қонақжай ел дейді екен, қайда барсаң да асып-тасыған артық дүние алдыңнан шығады. Қор болған көл-көсір дүние! Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда қалды… Әй, бұнысы қайбір жақсылық дерсің!
– Тағы да қайтадан шақырса барасыз ба?
– Барғанда қандай! Бару-қайтуың олардан. Қона жату, ішіп-жеуің тегін елден айналып кетпеймісің! Ал алып қайтар сыбағамның өзі не тұрады…
Жазмыш
немесе пенденің ғұмыр белестері
Жарықтықтың ғұмыр белестерін қалта телефонында кімдердің болға-нымен таразылап көрелік.
Дүрілдеп дәуірі тәуірленген кезең-дегі «қалтадағы» қаймақтар: Облыс әкімі; Облыс әкімінің орынбасарлары; Облыс шеңберінде: Бас прокурор; Жоғарғы сот; Ішкі істер бастығы; Әділет басқармасының бастығы; Аурухана бас дәрігері; Газет бас редакторы; Телеарна басшысы…
…Гүрілдеп дәуірі жүрген кездегі қаймақтар; Мемхатшы; Президент әкімшілігінің жетекшісі; орынбасары; Республика деңгейінде: Бас прокурор; Жоғарғы сот; Ішкі істер министрі және барлық министрлер.
…Пәле-жала аяқ асты, бірақ күнде үстінен іс қозғалған мезет: адвокат; тергеуші; прокурор; сот… түрме бастығы.
…Он жыл отырып бостандыққа шыққан кез: құда-жекжат; ауылдас; сыныптас; курстас; бала-келін; кемпір…
…Кәртайып қалжыраған кезеңдегі ең керектілер: терапевт; хирург; онколог; кезекші дәрігер; медбике… сантехник; электрик…
Жазмыштан озмыш жоқ
Пықып ата кәсіпті жалғастырып, мына нарықтық заманда кәсібі де, нәсібі де болған диірменіне тәуба етеді. Күн демей, түн демей тау боп үйілген қап-қап дән атаулыны ұсақтап ұнтақтап-ақ тапқан табысы қомақты.
Тек көресені тышқандардан көріп-ақ бақты… Міне, қазір бірер сәтке арсыл-гүрсіл диірменін тоқтата қалып еді, пәлекеттер, тышқандарды айтамын – бағанадан бергі өз «шаруасын» кілт доғарып, жалмауызға да жан керек, безіп барады-ай!
Басында пәлекеттерге қақпан құрып көрген… Қақпанға ілмеген нәрсесі жоқ, дән тұрғанда, әсіресе бидай асының атасы болуы керек, біріне де пысқырып қарамайды.
Қақпаннан күдер үзіп, бір білгіштің деуімен өмірем қаптырар арнайы дәрісінде сеуіп көрген… Онысы аз-маз сеп болып, сәл-пәл теңкиткені бар болсын… бір-екі бидай иесі ұнымыздан жағымсыз иіс шығады деп дікеңдеген соң, іс насырға шаппай тұрғанда онысын мүлдем тыйып тастаған болатын.
Е, кезек мысекеңе ойысып, мы-сықтың екі-үш түрін асырап еді… Пәлекетің ата жауы емес пе, қырғидай тиді десе болады.
Көп өтпей «көбею» үрдісі ілгері озып, өзі де көбейгіш пәле – қамбамда мысық атаулыдан айнала алмайтын халге жеттім… Көбейгені сонша, азығы тышқан жетпей, оларды асырауда мойныма қосымша жүк болды.
Көршілердің күңкіл-сыңқыл, арыз-шағымынан соң қаптаған мысық атаулы басыма пәле болып жабысып, амалсыз мұның ата жауы ит асырауға тура келді.
…Е, ит пен мысық ырылдасып-қырқысып, қиқуы «қырқа» асып, не керек, ит пен мысық аулағыштарды жалдауға тура келді… Бұлардың ақысы ит пен мысықты асырағаннан он есеге асып жығылып, тапқан табысымның қомақты бөлігі соларға кетті… Жығылғанға жұдырық, аулағыштарды аңдитын «жан-жануар жанашырлары» ғайыптан тайып келе қалып, әйда келіп айыппұлын салып сығып алмасы бар ма… Олар ойсыратқан айыппұлмен шектелмей, мұның кәсібінің есігіне бақандай екі айға «қара құлып» салып қақыратты емес пе?..
Сондағы құлазып күңіренгені әлі есінен кетпейді. Ойлап көрсе, қақпаны мен дәрісі майда-шүйде дейік, мысықтың «мипалауы», иттің «ырың-жырыңы», аулағыштардың «аумақ-саумағы», соңғы сұрқия «жан-жануар жанашырлары» теспей сорып сорын қайнатқан-ақ екен!
Пықекең есеңгіреп тұрып, ес жинап, етек-жеңін жинап барып ата кәсібін қайта қолға алып еді, құдайға шүкір, кәсібі қалпына келіп, диірмені дүрілдеп-гүрілдеп жүріп кеп бергені. Пықып диірмен гүрілімен ілесе інінен қайта шыққан тышқандарға қарап жымиып қойып, ішінен «жазмыштан озмыш жоқ» деп күбірлеп алып ата кәсібіне құлшына кірісті.
Мойындау
«Құрметті газет-журналдар мен баспасөз басшылары! Мен өздеріңіздің сатира-юмор жанрындағы тұрақты авторларыңыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екі-үш елеулі сыйлықтардың иегері һәм бірнеше сатиралық кітаптардың иесі Пықып Асабас, осы үшбу хат арқылы шын-сырымды айтып ағымнан жарылсам деп отырмын.
Құлбүлтелемей, ежіктеп елжіремей айтпағым, тоқ етері мынау еді: осы уақытқа дейін өзімді сатирикпін деп келгенім бекер болып шықты… Оған көзімді ашып көкжиекке көңіл бөліп, яғни күллі әлемдегі сатира-юмордан там-тұмдап оқимын деп көзім жетті… Е, ия, менің бүкіл жазып келгендерім ана алпауыттардың жанында түкке тұрғысыз дүниелер болып шықты… Неғып қана жазбай тұрып өзге елдердегі өзгеше дүниелерді оқымағандығыма налимын… Бірлі-жарым мына іргедегі тілін білетін көршілердің көрім дүниелеріне, әріректегі түрік Әзиз Несиннің нелерін ғана місе тұтып келіпсіз…
Не керек, өзге елдің өнегелі де өрелі дүниелерін оқып біліп, өз басым ендігәрі сатира-юмор ауылына аттап баспауға бел будым… Бұған дейін мына менің әлду-бәлду дүниелерімді жариялап келген баспасөз атаулыдан, ол күлдібадам сын-сықағымды алтын уақытын қиып көзмайын тауыса оқып келген оқырман қауымнан кешірім сұраймын.
…Осыған қор болған қайран ғана қырық жылым-ай!.. Қырық жылда қиқым-сиқым болған қағаз қаламды есептеп кеп жіберсем… Жазамын, жариялаймын деп сарқа жұмсалған қайран ғана күш-қуат, ой-жігер… Өзімше «жазушымын» деп келген бет пішінім көз алдыма келіп, қараптан қарап жер қарс айрылса түсіп-ақ кетуге бармын… Бүйтіп көз жасымды көлдете айта берсем айтпағым ағыл-тегіл-ақ! Алтын уақыттарыңызды алмай, айтпағым белгілі болды-ау деп бітірдім».
P.S. Қадірлі Пықып Асабас, сіздің редакцияға жолдаған үшбу хатыңызды оқып шығып, оған «Мойындау» деп тақырып қоя газеттің әзіл-оспақ бұрышына сол қалпы, үтір-нүктесін өзгертпеген күйі жариялай отырып айтарымыз: «қарс айырылған қара жерге түспей-ақ қойыңыз… Өйткені, бұл жазғаныңызды біздер нағыз сатира деп бағалап, әзіл-оспақ отауынан ойып тұрып орын беріп, сіздің алғашқы әдемі сықағыңыз осы болды деген тұжырым жасап, алдағы уақытта осы тектес тұщымды туындылар туа берсін дегіміз келеді.
Тәлейлі тікішек
Аурудың жаманы не өзің көре алмайтын, не өзгеге көрсете алмайтыны деуші еді… Е, иә, көп отырғаннан болған тікішекке ота жасатуға тура келді…
Қиындығы артта қалып аңдығаным артым болып ілбіп басып қызметке барып келіп жүрдім. Хәліңді сұрағандарға айту қиын екен, «жамбасыма жасады» деп қысқа қайырамын. Ел құлағы елу, естіп ескерусіз «жазылып кетсін» деп жым-жырт қалатындар да бар.
Алдымен тәубә дейтінім, ауруыма орай әрі кетсе жарты сағатта омалып отырған жерімнен тұрып кетіп массаж жасауым керек. Осымды ескеріп басшылар жиналыс атаулыға жібермейтін болды. Қызметім қалам ұстаған тілші болғандықтан екі күннің бірінде баруға тиіс басқосулардан құтылдым… Тәубә дегенім осы.
Пәлекеттікі… айтуға да ыңғайсыз… егер естен шығып отыруым көпке кетіп оқыс қимыл жасап қалсам… Дүр етіп жел шығып кетіп абыройың айрандай төгіледі. Ал ол оқыс оқиға қаптаған журналистер отырған орында бола қалды делік… Бетін аулақ, бұның жанында атың шықпаса жер өрте атты мәтел жайына қалады. Осымды түсініп жиналыс атаулыдан босата қойған бәсекеңдерге рахмет.
…Өзімізде де екі күннің бірінде жиналыс… құтылғаныма құлдық.
Негізі – той атаулыдан құтылдым.
Біреуінде болып, ішімдік ішіп отырып әлгінің мезгілі өтіп кетіп дүр ете қалып… Содан кейін той-домалаққа келіншегім бір өзі ғана баратын болды… Е, ойлап көрсем, оған да тәубә.
Қызметте келіншекпен бір бөлмеде отырушы едім… Қашанғы «жарты сағаттық қағидаң» есте тұрсын… екі-үш рет ие болмай қалып… келіншек бәсекеңдерге майдалап айтып жеткізген екен, бір бөлмеде бір өзім ғана отыратын болдым.
Пәлекеттікі көп сөзден де қалдырды. Бірде көлгірсіп көп сөйлеп кетіп… «дүр» ете қалып абыройым айрандай төгілді-ау!… Содан бастап қысқа-нұсқа сөйлеуді қағида етіп қатып қалдым.
Содан осы тектес оспадар қылық-тарды ота жасаған корей азаматына айта қалып едім, осы айтқандарыңызды айна қатесіз жазбаша жазып берсеңіз деп әңгімесін өзі жалғастырды.
Ұққаным, ота жасаған аппарат заманауи технология екен. Оңтүстік Кореядан алдыртқандарына бір-екі жылдың жүзі болыпты. Ол арнайы біздің елдің «жағдайына», оның ішінде қазақтардың қыңыр-қырсық қылықтарына орай орайластырылып жасалған ғылымның соңғы жетістігі екен.
Тағы бір ұққаным, қысқа сөйлеумен бірге басқосу атаулыда пиғылыңыз дұрыс болып, өтірік көлгірсімей пікіріңізде шыңғырған шындық қана айтылып жатса – ана пәлекеттің ауылы алыс болып, отырған жеріңізде еш қиналыссыз ұзағынан отыра беруіңізге әбден болады екен.
Корей жігіттің өзіне бағанағы айтқандарымды жазбаша сұрауының жөні бар екен, сөйтсек ол Кореяның тікішекке ота жасайтын аппаратына біздің елдің жағдайына орай өзгерістер енгізіп кандидаттық диссертация қорғапты. Ал мына мен сияқтылардың «мойындауынан» соң дәрігер мырза бұл аппаратты әлі де жетілдіре түсіп докторлық қорғамақ екен…
Тоқтамаған тоқал
Туа бітті ылдым-жылдым ұйым-дастырушылық ерекше қасиетімен елге танымал болған Сәбит есімді продюссер жігіт теледидардағы «Ұят болмасын» бағдарламасындағы келін кейпін сомдаған Айгүлмен ажырасып, табиғатынан әншілік бұйырып жезтаңдай әнші болып тасы өрге домалаған Алтынайға үйленіп айды аспаннан бірақ шығарды емес пе…
Ойхой бұл оқиға біразға дейін газет-жорнал, теледидар атаулыға «ғажап азық» болғаны бар.
Бұның «ыстық-суығы» басылған мезетте, «Сәбит бұрынғы мен кейінгі әйелімен бірге үшеулеп концерт өткізейін деп жатыр екен» деген ғажап хабар тарады… «Жел тұрмаса шөп басы қимылдамайды»… онысы шындыққа айналып теледидардан көрген көпшілік аузын ашып, көзін жұмды.
Тілші қауым, әсіресе «екі қошқардың басын бір қазанға сыйғызған» Сәбитке сұрақ-пұрақты қарша боратып терлеп-тепшітті… Оның ішінде мен де бар, сондағы менің сұрағым мен Сәбиттің жауабының қысқа-нұсқа сұлбасы мына мәнде өрбіді.
– Сәке, үшеуің үлкен шоу өткізейін деп жатыр екенсіңдер, концерттеріңізге ұмтылған көпшіліктің қарасы нөпір… – деп кідіріп, – Түскен қаржыны не істемекшісіз? – деп төтесінен қайырып едім:
– Айгүлге қайтадан үйленіп аста төк той жасамақпын! – деп келте қайырды.
…Дегені болып, Сәбит пен Айгүлдің қайта үйлену тойы дүрілдеп-ақ өтті.
Біраз өтіп, бір күндері «Ана үшеудің шоу концерті тағы өтеді екен» деген сөз қайта жаңғырып, шынымен ол қайта болып «шыр-пыр» болдық та қалдық.
Сәбитке кезігіп іліп-шалып тілге тартып отырып сұрағымды:
– Түскен қаржыға?! – деп келте қайырып едім:
– Алтынайға қайтадан үйленемін… – деп шорт үзді.
Содан күндердің бір күнінде екі келіншек ақылға келіп бірі бәйбіше, бірі тоқал болып бірге тұрып жатыр екен деп естідік.
Екеуі де елге танымал әнші, үйде болғаннан түзде болғандары көп, екеуі ақылдаса келіп өздері үйде жоқта ие болсын деп Сәбитке тағы да тоқал алып беріпті дегенді естіп, «тоқалдан жолы болғыш» жігітке:
– Пайғамбарымыз төрт әйел алған екен?.. – деп мысқылдап едік, ер екен, миығынан күліп:
– Оның да реті келуі мүмкін. Өйткені, мына жас тоқал елі жағынан Алтынайдың сіңлісі болып келеді екен… оны естіп білген Айгүл келесіні өзі әкеп беремін деп жүр… – дегені.
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 6 298
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 381
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 381
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 669
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 766
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 42
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 51
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 49
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 74
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 54
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.