Өмір – сапар, жолаушымыз бәріміз…
26.09.2023 0 1 054
Өмірбек Қанай,
1984 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі Құтыби ауданында туған. 2004-2009 жж. Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-әдебиет факультетінде, 2009-2013 жж. Германияның Гиссен университетінің Түркология кафедрасында білім алған. Қазір Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарады.
АТАЖҰРТ
Тізгінді қапылыста жатқа беріп,
Кеткенде қолдан байлық, бастан ерік,
Жартымыз Алла сақтап аман қалдық,
Жартымыз оқтан өліп, аштан өліп!
Ойласам күңіреніп сан толғанам,
Дариға-ай, не қылмады сайқал заман!?
Күн кештім сұңқылдаған жетім құстай,
Адасып ұясына қайта алмаған…
Салды да ойға тұсау, сөзге құрық,
Өзге жұрт өгейсітіп бермеді ырық.
Қарын тоқ болғанымен қайғы басым,
Өктемдік рухымды өлмелі ғып.
Жұтылып кетпейін деп жатқа бір күн,
Басымда тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым.
Атажұрт — арқа тірек сен болмасаң,
Құшағын паналайын басқа кімнің!
Кешіріп жат қолында жетім өмір,
Болайын құлқын үшін несіне құл!
Егемен елге жетіп еңсе тіктеу –
Бір Алладан тілеген несібем бұл.
Өмір де өтер-кетер жылыстаған,
Енші қып мәңгі өзіне кім ұстаған?!
Мәңгілік бақыт деген осы болар,
Тәуелсіз еліңде еркін тыныстаған.
АДАМНЫҢ АЗҒАН ЗАМАНЫ
Адамның азған заманы келіп,
Көбейді кілең жат мінез.
Базардың бөзін бағалы көріп,
Ақшаға бәрі сатты көз.
Шайтан мен адам ауылдас болды,
Ібіліспен де көңілдес.
Тарыққан шақта табылмас болды,
Ағайын-туған, қалың дос.
Ғалым пен залым дәм-тұздас болды,
Ұлық пен ұры сыбайлас.
Ешкім еш неден арсынбас болды,
Ылыққан иттей құмарлас.
Аш иттің көтін сұқ ит жалайды,
Құлқынның құлы тым әккі…
Ындыны кеткен жүелік молайды,
Сұқтанған иттер сияқты.
Сатымсақ өнер, сатулы жүлде,
Сахна толы құр дүрмек.
Ұяттың беті ашылды мүлде,
Тежейтін тізгін-шылбыр жоқ.
Діні дүдәмал дүмше көбейді,
Тілі бір, бірақ, ділі жат.
Ата дәстүрін бүркемелейді,
Ата жұртында жүріп-ақ!
Береке кетіп, кесір көбейді,
Жесір көбейді панасыз.
Тастанды тірі жетім көбейді,
Әкесіз, үйсіз, анасыз.
Малы мен жанын ары үшін қияр,
Ісімен табар мол қадыр,
Жетелі жігіт намысын қуар,
Кездеседі тек шанда бір.
Ұят пен арда сұлулық гүлзар,
Бояулы көрік – алданыш.
Азайып кетті ибалы қыздар,
Арзандап кетті ар-намыс.
Бабамның қайда асыл арманы,
Қай жаққа бұрдық ат басын?!
Не болар екен ғасыр алдағы,
Бір Алла өзі сақтасын!
КИІКТІҢ ЗАРЫ
Құба, құба, құба дүз,
Зарымды тыңда бір ауыз…
Орғыған киік – тағдырым,
Болар ма ертең құр аңыз?
Мұнар, мұнар, мұнар көк,
Қайғымды жаңбыр журар ма ед?
Тұяғымнан хал кетті,
Көзімнің алды тұман боп.
Қобы, қобы көл-өзен,
Барады кеуіп кенезем.
Жете алмай жаным талықты-ау,
Жағаңа жетіп өлер ем!
Емін-еркін жайлаған,
Зарымды тыңда, ен далам!
Жас төлім қыршын қиылды,
Уызға әлі қанбаған!
Жамырап өрген жас төлім,
Жаудырап көзі тапты өлім…
Қан жылаған жүректің,
Ей, адамдар, тапшы емін!
ДЕМЕСІН
Атасы жат келімсек,
Жер менікі демесін!
Шата туған телімсек,
Ел менікі демесін!
Ақ алақан еріншек,
Төр менікі демесін!
Өңмеңдеген жебір топ,
Жөн менікі демесін!
Жабы туған тебіншек,
Жол менікі демесін!
Шындық десе шегіншек,
Сөз менікі демесін!
ҚАЙРАТҚА
Сағындым сені, беу, Қайрош…
Қапыда кеткен қайран дос!
Жөңкіле көшіп барады,
Уақыт деген жалған көш…
Шарамыз бар ма, жалғанға еш!?
Керуенін жегіп келместің,
Қайырылмайды-ау келмес күн…
Ауылға барсам алдымнан,
Аңқылдап шығар сен жоқсың.
Білініп жүр-ау жоқтығың,
Биік еді ғой шоқтығың.
Ерте-кеш сені еске алам,
Есіме түссе ескі күн.
Есіл күндер-ай біз кешкен,
Бірге өскен, күнде іздескен.
Жалықсам жалған дүрмектен,
Өзің болып ең сырдестем.
Арманға қойды-ау жеткермей,
Табылмас, сірә, дос сендей.
Жалғызсыратып сен кеттің,
Тұтас бір ауыл көшкендей.
«Жазымыштан жоқ озымыш»
дегенмен, бітпес сағыныш.
Сен өткен қыстан бері де,
Көңілде жатыр әлі қыс…
ШИРЫҒУ
Әкім жебір, бай қарау,
Қанағатсыз, имансыз.
Жарғы селқос, би нарау,
Ұрлық-қарлық тыйдаусыз.
Талғам таяз, ой жадау,
Ілім сөзі тыңдаусыз.
Өнер жұтаң, тіл жамау,
Ыржың-қылжың құр мәнсіз.
Көңіл алдау, көзбояу,
Өңкей жүелік ұждансыз.
Дұшпан әккі, жау жарау,
Дос сенімсіз… біз қамсыз…
КӨКІРЕГІМЕ КЕРМЕК
ОЙЛАР ТОЛТЫРЫП
Қайда бастап апармайды орай, бақ,
Бір қиырда жүрмін алыс дәм айдап.
Қойлы ауылдың қоңыр кешін сағындым,
Сағындырды атар таңы арайлап.
Сағынышқа бесік болып сана кіл,
Сағындырды, айналайын, әз ауыл!
Сағындырды шешем жапқан таба нан,
Сағындырды күрең шайлы самауыр.
Жүрген болар шешем де әр күн мені ойлап,
Келер ме деп соқпақ жолға қарайлап.
Әкем дағы есіне алар кенже ұлын,
Боз қыратқа шыққан сайын қой айдап.
Суының да дәмі бөлек ауылдың,
Бал ішсем де қара суын сағындым.
Көкірегіме кермек ойлар толтырып,
Зулап өтіп бара жатыр сағым күн…
БҰРАУЫ ҚАШҚАН ІШЕКТЕЙ
Айналам толы құрбылас,
Болса да, кім бар сыр ашар?
Көңілдің бағы жым-жылас,
Қаншаға тағы ұласар…
Көп ойды көңіл місе етпей,
Елітер күй жоқ еркімді еш.
Бұрауы қашқан ішектей,
Жәйім бар менің шертілмес.
ӨМІР – САПАР
Кім біледі алда жол бар қанша алыс?
Оған және сарып болар қанша күш?
Өмір деген – таныс әрі бейтаныс
Жолдар бойы туындайтын арпалыс!
Терлігінен тер ағызып күліктің,
Бұл жолдармен өтпеді екен жүріп кім?
Адастырса соқпақ жолдың сорабы,
Жеткізбейді желмаясы үміттің.
Біреулердің болмай өтсе жолы ұдай,
Біреулердің қонақтады қолына ай.
Сан байлығын санай алмай бай да өтті,
Кедей де өтті бір ішікке жарымай.
Мәңгі өмірді енші қылып кім ұстар?
Уақыт тек алға қарай жылыстар.
Өмір – сапар, жолаушымыз бәріміз,
Бізге қымбат әр секунд тыныстар.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.