«ПАТРИОТТЫЛЫҚ» ҰҒЫМЫНЫҢ АСТАРЫ ЖАЙЫНДА
24.05.2023 0 526
Майра Алдабергенова
«Патриот» сөзін ұранға айналдырып, оның астарына терең үңілмеуіміз қате әрекет. Иә, көпшілігіміздің санамызда «патриот» дегенде, өз елін шын ниетімен сүйетін, мемлекеттік рәміздерді қастерлеп төріне ілетін, адал еңбек етіп, еліміздің абыройлы азаматы болып жүрген ұл-қыздары болып елестейді. Бірақ шынтуайтына келгенде «патриот» ұғымының мағынасына осы түсінік қаншалықты сай келеді? Мүмкін осы ұғымның мағынасы бұдан да анағұрлым тереңде жатқан болар. Осы тұрғысында ойланып көрейік.
1465 жылы Керей мен Жәнібек хан қазақ хандығының туын көтеріп дербес мемлекет ретінде керегесін құрғанда, тіпті одан ары б.з.б. 1-мыңжылдықтағы сонау сақ дәуірлері кезеңінде, одан қалса Білге қаған (683-734 ж.ж.) Күлтегін қағанның (685-731 ж.ж.) қазақ даласында билік құрған тұстарында «патриоттылық» ұғымы мүлде болған жоқ дейсіз бе? Әрине бар болған. Ол заманның әлеуметтік, қоғамдық форматына сай, ішкі және сыртқы саяси арақатынастарының шеңберіне, әлеуметтік-тұрмыстық тіршіліктің ерекшелігіне, сол кездің тұрғындарыныңойлау деңгейіне қарай белгілі бір бекітілген ой-түсініктің болғаны анық. Бірақ «Елу жылда ел жаңа» демекші, арада қаншама ғасыр, сан мың жылдар зулап өткенімен заман ғана өзгермеді, адам баласы да танымастай өзгерді. Адамның санасы генетикалық-ақпараттық жаңа бірнеше лектерден өтіп, біршама жоғары сатыға ілгерілеп, дүниетанымы өсті.
Оны тіпті өзіміздің үйіміздегі балаларымыздың ой-санасының біздікінен гөрі едеуір өзгеше, сергек, дара екенінен-ақ байқаймыз. Демек, уақыт өте келе адамның ақпаратты қабылдауы, ой-танымы дамымаса, артқа шегінбейтінітура сияқты.Сондықтан «патриоттылықтың» қазіргі анықтамасы мен Орхон-Енисей жазба ескерткіштері (б.з.Ү-Х ғ.ғ.)тұсындағы түсінігі арасында жер мен көктей айырмашылық баршылығы да заңды нәрсе. Бірақ айтайын деп отырғанымыз түбегейлі олжайлы емес. Яғни бұрынғы мен қазіргі ұғымдарды салыстыруды мақсұт етіп отырғанымыз жоқ. Қазіргі «патриоттылық» ұғымын тереңірек түсіну, осы ұғымды дамыту, жастарға оқыту, оқыту бағдарламасына енгізу мәселелері төңірегінде пікірлеспекпіз.
Енді сараптамамызды басынан бастасақ. Патриот болу үшін әуелгіде біз айтқан критерийлерге ғана сай болып қою аздық етеді екен. Адамның жүрегінде еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік болуы керек. Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ аяқ астынан соғыс басталса, жанын шүберекке түйіп Отанын қорғау үшін қара басын бәйгіге тіге білуі де шарт. Міне осының барлығына сай болып келіп, бірақол адам космополит болса, онда оны қалайша патриот деуге болады? Сондықтан, «өз елінің нағыз патриоты екен» деген жоғары бағаға сай келу үшін алдымен өз ұлтын шын пейілімен сүюі және ана тілін өте жақсы меңгеріп, өз ұлтынан арланбай, керісінше оның бай тарихымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен мақтанатын деңгейге жетуі тиіс. Егер ондай сезім бойында болмаса, «мен патриотпын» деп кеудесін соққаннан түк пайда жоқ. Себебі космополит өз тілінен, салтынан, дәстүрінен, ұлтынан безінген, бірден әлем азаматы болуға ұмтылған адам деген деген мағынаны береді. Алайда, космополиттердің арасында да «патриотпын» деп кеудесін қағатындар баршылық. Олар өз таңдаған жолын бұрыс деп білмейді, басқа жолды мойындамайды. Қоғамда космополиттер де адал еңбек етіп, түзу жолмен жүріп, бір кәсіптің көзін тауып нәпақасын алыпжүруі мүмкін. Бірақ, өз тілінен, ұлтынан бас тартқандықтан, өзге ұлттың тілінде күнін көріп, өзге тілдің шашбауын көтеріп жүреді.Бұл азаматтарды патриоттардың қатарына қосып қалай абырой табамыз енді? Өз ұлтынан, ана тілінен намыстанған адам, өзге ананың етегіне жар-масқан жатбауыр бала сияқты өз еліне жексұрын болмай ма? Иә, тарих беттерін ақтарып-аударып қарайтын болсақ тіпті үлкен мансапта отырған космополит атақты тарихи тұлғаларға кездесеміз.
Олардың бірі: Иосиф Виссарионович Сталин (шын есімі Джугашвили). Оның негізгі шыққан ұлты грузин бола тұра, грузиндерге жаны ашымаған, өзін орыс ұлтының өкілі ретінде санап, орыс ұлтына, орыс тіліне қалтқысыз қызмет істеген қып-қызыл космополиттердің бірі де бірегейі болған. Сондай-ақ атақты орыс жазба әдебиетінің классик жазушыларының арасында да космополиттер болған. Мысалы: Николай Гогольдің тарихи ұлты украин бола тұра, Максим Горькийдің ұлты мордва бола тұра олардың әдеби орыс тілін жетік меңгергені соншалықты, оның көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтерген әдебиет алыптарының біріне айналып, орыс әдебиетіне, ұлтына өмірінің соңына дейін адал қалтқысыз қызмет атқарған. Осы космополиттер жайында, оның қасіреті турасындаалаштың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов көп жазды, көп айтты да түрлі мінбелерден. Енді Мұхтар ағамыздың «Космополит қазақтар» өлеңінен үзінді келтірсек:
–…Өз ана тілін игеруге
ділімен ұмсынып,
Өзгеріс енгізіп рухани тұрқына,
Космополиттер қайта ма
өзінің ұлтына?
Қайтуға тиіс. Әйтпесе
арзандап парқымыз,
Бөлінген үстіне
бөлініп халқымыз,
Қайғымыз қабаттап,
сағаттап өсе ме?
Ұлтсыздану самалы
тұс-тұстан есе ме?
Безбүйрек нарықтың
бәсейтіп даңғырын,
Зарланған, қорланған
туған тіл тағдырын
Космополит басшылар
шешпей ме, шеше ме?
Тіліміз қала бере ме панасыз
адамдай көшеде?..
Ұлт үшін қазір бұл
Нөмірі бірінші мәселе!
Сондықтан қоғамда космополиттерді тудырмау үшін, қазақы патриоттық тәрбиемен сусындату үшін «Тәрбие – тал бесіктен» деп ата-бабамыз айтпақшы, тал бесігімізді түзетіп, «Бесік жырының» мәтінін, мақамын жөндеп алу қажет. Әсіресе, қазіргідей рухани байлық екінші орынға ысырылып, материалдық байлық бірінші орынға шыққан кер заманда қазақ тілінің мәртебесін ұстап қалудың әрекетін отбасынан бастаған жөн. Өйткені көпшілік қазір кітап оқудан қол үзіп барады, қолықалт етсе ғаламтор әлеміне кіріп кетеді де, қайдағы мен жайдағыны, жұлдыздардың өмірінтексеріп, мә-дени өсек-аяңдарға құлақ тосумен таңды қалай атырып, кешті қалай батырып жатқанын білмейді. Ал, қоғамның қалған бөлігінің көпшілігі кеңселік жұмыстан қолы босамай, қағазбасты болып кеткен сияқты.
Сондықтан рухани тәрбиені, яғни патриоттылыққа баулуды балаға үйде, ошақ қасында, дастарханда, мектепте, университетте ғана бере аламыз. Сол себептіосы білім беру мекемелерінің бағдарламаларын қайта сараптап, қай пәнді болмасын патриоттылықпен ұштастырып, соған сай силлабустарды құру қажет. Міне, осыдан соң ғана өзімізді патриотпыз, ұрпағымызды патриот қылып тәрбиелеп жатырмыз деуге болатын шығар. Ал, бұл мәселелер шикі болып, шешілмей жатса және қоғамдық орындарда, көшеде өзіміз, ұрпақтарымыз өзге тілде сөйлеп шолжаңдап жүрсе, қалайша патриотпын деп ауыз толтырып айта аламыз? Осыны шешкен соң, бар түйткілді ынты-шынтымызмен, жүрегімізбен түсінгенде ғана еліміздің мерейі өседі, келешегі кеңейеді.
Сонымен алдымен отбасындағы тәрбиеде патриоттылықты баланың бойына қалай сіңдіреміз деген мәселеге келсек. Патриот ұрпақ өсіру үшін алдымен ананың өзі ұлтжанды, салт-дәстүрді сыйлайтын, патриот болуы қажет. әл-Фараби бабамыздың тәрбие туралы айтқан бір сөзіне құлақ түріп, яғни ананың құрсағында жатқан бала туылмай тұрып-ақ, анасының бойындағы бар қасиетін сіңіріп, тәрбиеленіп туады деген пікіріне келсек, баланы туылған соң ғана тәрбиелеу кеш екенін ұғамыз.Жас бала іші бос құмыра сияқты, оның бойына ізгіліктің, ұлтжандылықтың, патриоттылықтың рухын сіңірсек, ол солай қалыптасады, құмыра ішіне жақсы қасиеттерді толтырамыз. Ал, біздің қоғамда осы процесс қалай өтеді? Өкінішке орай қоғамдық көліктерде көзіміз шалатын бір көрініс: аналар жас балаларымен шүлдірлесіп орыс тілінде өзара сөйлесіп бара жатады. Көріп отырып қарның ашады. Сонда аналар баласының жас санасын өзге тілдің рухымен улап жатқанынан хабарсыз ба, әлде қалыпты жағдай ретінде қалыптасты ма екен? Алдында отырған баласы да анасына орысша жауап қайырып, сөйлегенде анасын жаңылдырып отырады. Ал, қазақ тіліне келгенде шорқақтау. Әрине бұл қалалы жердегі жергілікті халықты бақылау кезіндегі тәжі-рибеден алынған мысал. Құдайға шүкір, ауылды аймақтарда жағдай бұдан өзгерек. Дегенмен, урбанизация процесі қарқындап жүріп тұрған, ауыл қартайып бара жатқан кезеңде, яғни жастар легі қалаға жұмыс іздеп сабылып, көбіне қарттар ауылда қалып жатқан кезде бұл да көңілді көншіте алмайды.
Қазір балалар бұрынғылардың, яғни Айғаным, Зере әжелердің тәрбиесінен, ата-әже тәрбиесінен кенже қалды. Шынтуайтына келгенде, Батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, халық ертегілері тұнып тұрған патриоттылық тәрбие десек, қазір осы құндылықтардың орнын ғаламтордағы әртүрлі орыс тілді балаларға арналған каналдар, ресейлік «Маша және аю» сияқты ұлттық идеологияға қайшы келетін дүниелер басып кеткен. Жұмыстан қолы тимейтін ата-аналар балалардың не көріп, не тыңдап жүргенін бақыламақ түгілі олармен сөйлесуге уақыты болмай, оларды арнайы «бөбекжайларға» табыс-тап кетеді. Кешке жұмыстан кейін балаларын ұйықтайтын кезінде ғана алады. Сондықтан баланың балабақшада немесе бөбекжайда қандай тәлім алып жатқанында, қалай рухани байып, тілі қай тілде шығып жатқанында онша шаруасы бола бермейді. Себебі уақыты жоқ. Бір жағынан ата-ананы да түсінуге болатын шығар, ол да шекесі қызғанынан таңнан қара кешке дейін жұмысқа байланбайды, күнкөріс үшін барады.Ал, екінші жағынан балабақшаның тәрбиесі қандай, балаға ұлттық тәлім-тәрбие беріліп жатыр ма, тәрбиешілер патриоттылыққа баулып жатыр ма деген мәселені зерттеп, бас қатырып жүрген басқаларымызда шамалы. Көпшілігіміз күн көріс, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерге бас қатырып жүрміз.
Баланың өсу сатысы бойын-ша келесі тәрбие беретін құзыретті орын, білім мекемесі ол – мектеп.Сондықтан мектепте оқушыларды патриоттылыққа баулу үшін ұлт-тық мәдениет, салт-дәстүр, тарих, фольклор, халық музыкасын үйретіп, сол пәндерге олардың ынтасын оятуды мақсат ету керек. Мысалы: ынталандыру сый-лықтарды бәйгеге тігіп, түрлі өнер байқауларын ұйымдастырып, мектеп оқушыларының ұлттық өнерге қызығушылығын оятуға болады. Сонда санасы әлі де еліктегіш жас балалар құрдастарының ұлттық музыкадағы жетістіктерін, ұлттық аспаптарды меңгергенін, осылайша мектепте беделді болғанын көріп соны өзі де үйренбекке әрекет етеді. Үйірмелерге жазылады. Сонда баланыңұлттық өнерге қарай қадам басуы мектептен басталып, ол бала кейін жоғары оқу орнына түскенде, кейін бір отбасының тұтқасын ұстағанда да, ұлттық музыканы, ұлттық өнер мұрасын айналасына дәріптеуден шаршамайды. Осылайша мектептен басталған үрдіс өмірінің соңына дейін жоғалмай, өзгелерге үлгі болады. Шынында, қазақ халқыән-би өнері жағынан басқа ұлттардан ешқашанкем қалмаған. Тіпті кезінде қазақтың өнерін зерттеуге келген орысзерттеушісі Г.Н.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп тамсанған екен. Егер халық әндері қайта жанданып, ұлттық аспаптар қазіргі батыстың даңғырлақ музыкасынан озып алдыңғы орынға шықса, онда қазақ тілінің де бір бұтағы жайқалып жапырақ жаяр еді.
Сондай-ақ, «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Ертарғын» сияқты лиро-эпостық, батырлық жырларды қайта дәріптеп, қазақтан шыққан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы сияқты батырлар туралы мәліметтерді,Есім хан, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Жәңгір хан, Абылай хан сияқты хандарды терең зерттеп, олардың ерлігін жаңғыртып, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты алашордашыларды елеп, еңбектерін оқушылардың назарына жаңа, тың форматта ұсынып, түсіндіріп «Алаштану» немесе «Қазақтану» сияқты жаңа пәнді оқу бағдарламасына енгізсе қандай жақсы бола еді.Сонда ұлттық тарихты жақсы меңгерген, ұлықтайтын ұрпақ туып, жаңа буынның рухы оянатын еді. Сондықтан бұл идеяның артықшылығы жоқ сияқты. Жә, жарайды халық музыкасын музыка сабағынан, ұлттық тарихты, батырларды, хандарды қазақ тарихынан, фольклорды әдебиеттен оқып жүрміз ғой деуі мүмкін көпшілік оқушылар. Бірақ, біз мектеп бағдарламасының тек шолып қана өтетін құнарсыздығын бір адамдай білеміз ғой.
Ал, шіркін, жаңағыдай салт-дәстүрді, ұлттық ойындарды, ұлт-тық тағамдарды, ұлттық мәдениетті, ұлттық әдебиетті қайта түлетіп, кәдімгіғылым ретінде оқытуды қалыптастырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда мектеп жасынан бастап оқушылардың қазақ еліне, жеріне, тарихына деген көзқарасы өзгеріп, шынайы қызығушылығы, сүйіспеншілігі артып, патриот-тылығы шынығып есейер ме еді. Бірақ қазірмектептегі оқу бағдарламасында өкінішке қарай мұндай ұлттық тақырыптарды шолу ретінде сипап қана өтетіні көңіліңді жабырқатады. «Хабар», «Қазақстан» сияқты ұлттық арналардың тапсырысымен «Мағжан Жұмабаев», «Ұлт ұстазы – Ахмет», «Міржақып. Оян қазақ» сияқты телехикаялар түсірілді. Жуырда «Үздік телехикая» номинациясы бойынша режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян қазақ» атты телехикаясы жеңіс тұғырынан көрінді. Актерлық құрамы, режиссерлық шеберлігі сапалы шыққан осы телехикаялар адамның патриоттылығын ұлғайтып, жігер береді. Міне, осы телехикаяларды мектеп бағдарламасына кіргізіп, мұғалімдер оқушыларға көруге арнайытапсырма берсе, нағыз патриот қандай болу керектігі туралы мәлімет алар еді. Оқушылар мектеп қабырғасынан алаш алыптарынан үлгі алып, ұлттық тәліммен сусынданар еді. Орыс сыныптарының оқушылары мектепті тәмамдағанда орыстың Лев Толстой, Иван Тургенев, Александр Пушкин сияқты алыптарының ғұмырын бүге-шігесіне дейін зерттеп, том-том еңбектерін оқып, олардың ұстанған ұлттық идеологиясымен рухтанып шығады. Ал, қазақ бөлімінің сыныптары неге алаш зиялыларының ғұмырымен жан-жақты танысып, түгел еңбектерін, ұстанған идеяларын меңгеріп рухтанып шықпасқа деген ой келеді кейде.
Мектептегі патриоттылық тәрбие туралы сөз қозғамастан бұрын, неге алдымен қарапайым оқушыдәптерінің сыртындағы орысша жазуды қазақшаландырып алмасқа? Дәптер шығаратын Шымкент қаласындағы «Астра-Ш» ЖШС 12 парақтық жай дәптердің сыртынаорыс тілінің әліпбиі мен грамматикасының ережелерін жаз-ған, сонда мемлекеттік тіл қазақ тілінің мәртебесі қайда қалған? Осыдан кейін оқушылардың патриот-тылығы қалай қалыптасады, тілі қалай қазақшаланады, тілге құрмет қайдан туады? Тәуелсіздік алғанымызбен орыс тілінің басым-дығы сезіліп, қазақ тілі кенже қалып отырған қоғамда оқушылар қалайша қазақ тілін сыйлайды? Сондықтан қала мектептерінің дәлізінде орысша сөйлескен қазақ сыныбының балалары көп. Дәптердің сыртын түзей алмай жүріп, патриоттылық туралы сөйлеу немізді алған десеңізші?
Адамның жасына қарай келесі тәрбие алатын оқу орындары бұл – жоғары оқу орындары, яғни университет, институт, академиялар. Онда әрбір мамандықтың болашақ иесі кәсіптік саласы бойынша білімін жетілдіреді. Жоғары оқу орындарында көбіне бірге оқыған жолдастарының сана-сезімі, тәрбиесі, ақылы екінші бір адамға әсер еткіш келеді. Себебі жастық шақ еліктіріп, тұрлауы жоқтарды отқа да, шоққа да ұрындырады.Мектепте, отбасында алған ұлттық тәрбиесі мықты студенттер осы қалыбынан танбайды. Сондықтан осы студенттік шақтан бастап адамдықоғам тәрбиелей бастайтын сияқты. Айналасындағы достарына, жан-жағындағыларға қарап санасы өседі, не өшеді, патриоттылығы артады, не кемиді. Сондықтан ең дұрысы балаға отбасында тәрбиенің жақұттарын мектептен түлеп ұшпай тұрыпберіп үлгеру керек. Себебі кәмелеттік жасқа толған баланы қайта тәрбиелеу қиынға соғады. «Баланы бастан» деп ата-бабамыз бекер айтпаған ғой. Сол себепті, алдымен өзімізді, содан кейін ұрпағымызды дұрыс жолға салуға Құдай жазсын бізге.
Жоғары оқу орнын тәмамдап, бір мамандықтың иесі атанып дипломыңды қолыңа алған соң да еліңнің патриоты болуға ұмтылу қажет. Ол үшін бастапқыдағы критерийлер аздық етеді. «Еңбек түбі – береке» демекші, қалаға кеңселік қызметке ғана қаша бермей, ауылда игерілмей жатқан егістіктерді жалға болсын алып, ауыл шаруашылығын дамытуға күш жұмсап, жерді игерсе қандай ғажап! Себебі Жер-Ана рақымды ғой, терін төккен әрбір жаннан мейірін аямайды. Молшылық, нәсіп, береке, тоқшылық та жерді игеруден басталады. Қазір Қазақстанның жер аумағы бойынша құнарлығы жеткілікті яғни егістікке жарайтын 10 миллион гектар жер игерілмей жатыр екен. Жерді игерсең, бағыңа, игере алмасаң, сорыңа айналатыны ежелден белгілі емес пе?
Бірақ осы ауыл шаруашылығымен айналысуға көбіміздің арқамыз құрысып-ақ тұрады. Үкімет те болысып қанша қаржы мөлшерінде субсидия бөліп осы ауыл шаруашылық саласын дөңгелетемін деген барлық азаматтарға жағдайын жасап отырса да, амал қанша, сырттан келген бақша дақылдарын, көкөніс, жеміс-жидектерін қымбат бағаға сатып алуға үйреніп алғанбыз.Ал, шетелдің алмасының қаншалықты табиғи таза, қаншалықты дәрімен уланған яғни денсаулыққа зиян екенін ойланып жатқан ешкім жоқ. «Алма піс, аузыма түстің» керісі.
Үкімет жағынан жасалып отырған жағдай туралы айтсақ,Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің биылғы агроөнеркәсібін дамытуға 1 триллион теңге көлемінде қаржы бөлді. Ол туралы өз Жолдауында: «Жалпы, бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлде доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес,
ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Біз еліміздегі негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды» деп тапсырған еді Мемлекет басшысы.
Мал шаруашылығы да осындай мүшкіл халде. Дегенмен, малмен айналысып, қолдың сүтін, айранын, қатығын, қымызын ішіп отырғандар, оны сатып та, малды өсіріп сатып та кең пайдаға кенеліп жүр, байып отыр. Бірақ көпшілігімізге бұл артта қалған кәсіп сияқты көрінеді, ананы бір сылтау қылып, мынаны бір сылтау қылып, жем-шөп қымбат, өнімсіз депбасымызды ала қашамыз.Осылайша «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегената-бабамыздың ежелгі кәсібімал шаруашылығының қай түріне болсада онша мән бермей жүрміз.
Бірақ осы саланы дамытсақ, ежелден қазақтың жерік асы қымыз, қымыран, шұбат сияқты ұлттық сусындарын брендке айналдырсақ та мемлекетіміздің жағдайын көтеріп, беделін асырып алуға болар еді.Сол ұлттық сусындарымыздың, ұлттық тағамдарымыздың қадіріне жете алмай, бүгінде оны өзге мемлекеттер еншілеп алғанын көзбен көріп те жүрміз.
Мысалы француздар қазымызды, немістер қымызымызды көп жыл бұрын пайдасын тексеріп, денсаулыққа таптырмас ем екенін білген соң, патенттеп алғанын білеміз.
Сосын арамызда кәсіптің көзін тауып, жеке басының жағдайын түзеп, байып жүргендер көп.Кәсіпті дөңгелендіре отырып, пайданың бір ұшын ұлттық өнерді дамытуға да арнасақ қандай ғажап! Қазақ ежелден ою-өрнек ойып, оны киіз, тұскиіздерге, ұлттық киімдерге жабыстырып, бастырып тігіп отырған халық. Соған қарай ою-өрнектердің түрлері көп: қошқармүйіз, құсқанаты, итқұйрық, өркеш, сынықмүйіз сияқты.
Қазір осы дәстүрді дамытып, ұлттық киім тігуді, ою-өрнекпен көмкерілген құрақ көрпе-жастық тігуді кәсіпке айналдырып, осындай ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді қайта жандандырып, халықтың қызығушылығын тудырып жүрген кәсіпкерлер көбейіп келеді.
Мысалы биылғы Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамында Алматының ескі алаңына барған болатынбыз. Алматы – жастар қа-ласы болғандықтан шығар, алаңда қыдырып жүргендердің басым көпшілігі жастардан құралған екен. Бір байқағаным, қазіргі жас қыздар баяғы Қыз Жібек, Баян сұлу әжелерінің жалғасындай бас-тарына ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, моншақтармен безен-дірілген бірыңғай үлгідегі тақия киюді сәнге айналдырыпты. Көріп іштей қуандық. Өздеріне сондай жарасымды.
Яғни, осынау бір үлгідегі тақияны тігіп көпшілікке ұсынып отырған отандық өндіріс орны бар сияқты. Әзірше қай фабрика тігіп отырғанынзерттей алмадық. Бірақ базардағы бағасы қолжетімді ұлттық тақия қазақ қыздарының көркіне көрік қосып тұрғаны көз қуандырды. Ә, дегенде ала шапандарын тастамайтын өзбектер көз алдымызға елестеп, ақ қалпағынан алыстан танитын қырғыз ағайындар еске түсті. Біздің олардан қай жеріміз кем деген ойға келдік. Ұлттық киімді сән үлгісіне айналдырып, дәріптеген осы бастамаға да шүкір дедік.
Осы сияқты ұлттық өнерлердің қайнар бұлағы бітеліп, оты өшіп бара жатқанда демеу болған кәсіпкерлерді елінің патриоты демегенде, жеке басының қамын ғана ойлайтын кәсіпкерлерді, әлем азаматы болуға ұмтылған космополиттерді патриот дейміз бе?
Ұлттық өнерді, ұлттық мәдениетті, ұлттық тәрбиені дамытуды жан-жақты ойлап, соны іске асырудың қамын жасап жүрген кез келген азамат елінің патриоты болуға әбден лайықты. Жалған патриотшылықтан бойымызды аулақ салып, шынайы патриот болуға ұмтылсақ қана, қазақ тілінің көсегесі көгеріп, келешегі кеңейеді. Ата-бабамыздан қалған ата дәстүрді, кең байтақ жерді, рухани құндылықтарды көзіміздің қарашығындай сақтағанда ғана ұлтымыздың ғұмыры ұзақ, күні жайма шуақ болады.
Сондықтан, алдымен өзімізді сосын, өсіп келе жатқан ұрпағымызды, кейін айналамызды қоршаған қоғамды патриоттылыққа тәрбие-лесек ұлттық тәрбиенің өзегі талмай, діңгегі беки түседі.
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 6 298
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 381
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 381
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 669
ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Мар 13, 2019 0 15 599
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 42
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 51
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 49
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 74
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 54
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.