СЫР ӨҢІРІНДЕГІ САЛАЛЫҚ ЖУРНАЛДАР: БАҒЫТ-БАҒДАРЫ МЕН БЕТ-БЕЙНЕСІ
27.04.2022 0 1 172
Аягөз Абдразахова
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, баспа ісінің магистрі
Баспасөз өмірде пайда болып, кәсіби дәрежеге жеткен уақытқа дейін талай-талай кезеңді өткерді. Мәселен алғашқы қарапайым ақпараттан бастап, үстіміздегі ғасырға дейін өсу-өркендеу, даму, толысу мезгілдерін басып өтті. Уақыт өте келе мерзімді басылымдар үлкен қоғамдық-саяси мәселелерді көтерді. Елдің мұң-мұқтажын, қоғамның кемшілігін үнемі қадағалап отыратын журналистикаға халықтың назары да жоғары. Бұл оңайшылықпен келген жеңіс емес. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үнемі ізденіс жасап, оқырмандар алдындағы жауапкершілік сезімімен санасуға тура келді.
Қайнаған қызу еңбек, жаңалыққа деген құмарлық, орын алған оқиғаны жүрегімен қабылдау, қоғамның кемшілігіне немқұрайды қарамау қасиеттері арқылы оқырманның асыға күтетін басылымын дүниеге әкелетіні анық.
Қоғамның өзі әртүрлі идеялық пікірлерді туғызып отыратынын ескерсек, журналистикада да адамдардың түрлі қабілет-қарымы мен білім-білігіне, әлеуметтік топтарға жататынына қарай біртекті көзқараста болмайтыны ескеріліп, дүркін-дүркін пікір алысулар өтіп жататыны рас. Сол арқылы әрқилы пікір жиынтығынан белгілі бір тоқтамға келу, келісімге қол жеткізу де жоқ емес.
Қоғамдық тарихи дамудың қайбір кезеңінде де халықты толғандырып отырған өзекті мәселелер, олардың жан-дүниесінің толқулары мен ішкі сезімдері, замана үні мерзімді баспасөзде көрініс тауып отырады. Қандай да бір болмасын кез-келген басылым қалың жұртшылықтың өз дәуіріндегі «көзі» мен «құлағы» іспеттес.
Қазақ журналистикасының зертте-луіне өзіндік үлес қосқан ғалым Т.Амандосов: «… «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ әдебиеті» газеттері де жалпы ұлттық салалық газеттер болып саналады…» деп пікір білдірген.
«Қазіргі таңда дүниежүзінде және елімізде де тек қана сөзжұмбақтардан, киім-кешек сәндерінен, әйелдердің сән сұлулықтарын насихаттайтын материалдардан немесе әзіл әңгімелерден тұратын салалық басылымдар көп» дейді ғалым Қ.Шамақай.
Мәдениет саласында жарық көретін басылымдарды зерттеп жүрген ғалым Елена Дудинова мәдениет, өнер, әдебиет тақырыптарын көтеретін басылымдарды: «бұқаралық, оған қоғамдық-саяси басылымдардан бас-
тап ойын-сауықтық басылымдар жатады; мәдениет және өнер салаларындағы әртүрлі проблемаларды қарайтын салалық басылымдар; белгілі бір өнер түріне арналған, кәсіби мамандарға арналған арнаулы басылымдар» деп үшке бөліп қарастыру керектігін айтады.
Қазіргі кезде қазақ журналистикасында салалық басылымдардың үлкен шоғыры қалыптасып келеді. Ол туралы кезінде ғалым Т.Бекниязов былай деген: «Жалпы Қазақстандағы журналдардың көбі салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топталған және тақырыптық бағыттағы басылымдар бар. Мысалы, әдебиет пен өнерге арналған «Жұлдыз» журналы, қоғамдық-саяси бағыттағы «Ақиқат» журналы, медицина саласына арналған «Денсаулық» журналы, оқу-ағарту саласына арналған «Қазақстан мектебі» журналдары шығарылады. Балаларға арналған «Балдырған» мен әйелдерге арналған «Қазақстан әйелдері» журналы бар».
Өңірлік мерзімді басылымдар тарихында әдеби журналдардың алатын өзіндік орны бар. Сыр бойы ақын-жазушыларының шығармашылығы шы-ғыстық сарындағы көркемдік дәрежесі жоғары дастан, толғау-терме, насихат, сондай-ақ, нәзира-аудармаларға, жыраулық, жыршылық өнерге, әңгіме, суырып салма және жазба айтыстарға да өте бай. «Шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі ақиқат оқиғалар құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын» деген пікірді ескеріп, бүкіл Сыр еліне ортақ рухани қазынаны оқырмандарына таныстыру, жасалған зерттеулерді жариялау арқылы әдебиет әлеміндегі жаңалықтармен сусындату қызметін атқарып жүрген бірнеше басылымдар бар.
Солардың бірі Сыр өңірінде 2009 жылдың сәуірінен бері жарық көретін әдеби-мәдени, тарихитанымдық «Әлім-сақ» журналы өз оқырмандарына тұрақты қазақ халқының егемендік алуымен қатар еліміздің рухани өміріне жаңаша өзгерістер ене бастағандығынан, халыққа білім беру, ғылым мен мәдениеттің дамуы кеңінен жолға қойылғандығынан, әдебиет пен өнер – адам жанына нәр беріп, рухани жағынан күш-куатқа айналатын егіз ұғым екендігінен хабардар етіп келеді.
Басылымның бас редакторы Сыр өңіріне белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Жылдың үздік журналисі», «Өткір тілді журналист», «Жыл журналисі» номинацияларының иегері Нұрлан Көбегенұлы журналдың алдына қойған мақсатын: «…Қазақтың әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен төл тарихын, өлеңмен өрілген өмірін, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениетін, діні мен тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жаңа ғасырдағы ұрпағының жадында жаңғырту. Арандай аузын ашқан жаһанданудың алдына иірілген топтың патриоттық сезімін ояту, ұйқыда жатқан отансүйгіштік қасиетіне жан бітірту, жақсы мен жаманды таразылау, осы арқылы ұлттық иммунитет қалыптастыру» деп көрсетеді. Ақылдастар алқасында: жазушылар одағының мүшесі, жазушы С.Жұбатырұлы, филология ғылымдарының докторлары, профессор Қ.Әбдезұлы, Т.Тебегенұлы, профессор А.Жаманбаев, жазушы-публицист Әмірхан Бәкіров, дінтанушы Қ.Отызбаев, ақын А.Кенжебековтер бар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – журналдың ұстанымы.
Ұлт мүддесін жоғары қойған басылым тарих тереңіне үңіліп, ұрпақ санасын рухани байытып, кешегіні бүгінгіге жалғастырар рухани көпірге айналдыру үшін «Түгенделген руханият әлімсақтан сыр тартады», «Жанқожа – тарихи тұлға, әрі әдеби көркем бейне», «Ұлы күрескер Мұстафа», «Бабалардан ұлағат – ұрпақтарға аманат», «Ұлы даланың дара ұлы» атты танымдық-тарихи мақалалар жариялаған.
Осы мақсатта журналда Жанқожа батыр, Есет батыр, Қара бура әулие, Қара молда, Мұстафа Шоқай, Зейнолла Шүкіров, Темірбек Жүргенов сияқты тұлғалар «Ақсауыт» айдарымен берілген.
«Зерде» арқылы бүгінгі күннің басты қасіретінің негізгісі – Арал теңізінің тарихы, теңіздің тартылу себептер мен салдарлары, ғалымдардың осы мәселе төңірегіндегі зерттеулері жарық көрген. Әдебиет саласындағы проза, поэзия, сатиралық шығармалар да жарияланып тұрады. «Шамшырақ» айдары аясында діни мақалалалар қамтылса, «Дидар» бетінде өнердің барлық саласында жетістікке жетіп жүрген жас талант иелерінің жеңістері таныстырылады.
Сыр бойындағы алғаш рет руханият әлеміне қалам тартқан журналдың өз оқырмандарына берер рухани байлығы мол. Әр шығарылым сайын Сыр өңірінде ізі қалған тарихи тұлғалар туралы, ұлттық ерекшеліктерімізді насихаттайтын бұрын жарық көрмеген мәліметтер, өткенімізге зер салып, болашаққа дұрыс шешім қабылдауға арқау болатын ойлы жарияланымдар жарық көреді.
Саясаттан ада, шынайылық пен табиғилықты ұштастырған журналдың оқырмандардың рухани өміріне үлкен серпін әкелері даусыз.
Жарыққа шыққан уақыттан бері қарай бұл басылым ұлтымызды ұйыстырар басты баспасөз құралдарының біріне айналып отыр. Сондай-ақ Алаш зиялыларының өмірі мен еңбектері жайында, әдебиет, мәдениет, тіл саласындағы тұлғалардың шығармашылығы хақында өзекті материалдар ұсынып келеді.
Өңірдегі тағы бір ғылыми-әдістемелік «Тағлым» журналы 2011 жылдың наурызынан бастап шығады. Журналдың алғашқы бас редакторы: филология ғылымының кандидаты Зухра Ермағанбетова.
«Қадірлі оқырман! Ақпарат айдынына қанатын енді ғана қаққалы отырған «Тағылым» журналының мазмұнын жақсарту, жетілдіру, оны ұстаздың күнделікті қызметіндегі қажетіне жарайтын дүниесіне айналдыру сіз бен біздің бірлесе қызмет етуімізге байланысты» деп, бас редактордың ағынан жарылуы көп жағдайлардан хабар береді.
«Тағылым» – ұлттық дәстүрмен біте қайнасқан, ұлт ұрпағын жаман әдеттен жирентіп, жақсы әдетке талпындыруға баулитын ұғым. «Тағылымның» ерекшелігі – маман даярлаушы мен маман арасында диалог құруында, нарықтың тілімен айтқанда, тұтынушы мен тауар өндірушінің байланысын сақтауында. Бүгінгі күнде тәжірибе алмасу мінберіне айналып отырғандығы да шындық. Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру, сабақ өту барысындағы тәжірибелерін ортаға салу және тарату, ой-пікір бөлісу, өзара тәжірибе алмасу мақсатында түрлі жанрларда танымдық, әдістемелік материалдар жарық көрген.
Басылымда «Редактор бағаны», «Көкейкесті», «Ғалымның хаты…», «Озық технология – ортақ әдіс», «Зерде», «Жаңа сабақ үлгісі», «Рецензия», «Әріптес әлемі», «Болашақ маман ой қозғайды», «Ұстаз шығармашылығы», «Құттықтаймыз!» атты тұрақты айдарлар бар.
Зерттеуші ғалымдардың танымдық-тағылымдық мәні зор мақалаларымен оқырман «Ғалымның хаты» айдарында танысса, «Үздік ғылыми жұмыс» айдары студенттер мен мектеп оқушыларының үздік ғылыми жобаларын жариялайды. Бұл айдар аясында дарыны мен таланты бар әр жасты ғылым мұхитының інжу-маржанын теруге көмектесіп, бұлақтың көзін ашқандай, ғылымдағы жаңа есімдерді таныстыруды мақсат етеді. Жас ғалымдардың зерттеулері «Зерде» айдары аясында жарық көреді.
Мысалы, А.Абасилованың «Ше-шендік сөздер: оны оқытудың жолдары мен әдістері», Б.Жұмақаева, Ш.Қасабаеваның «Әдебиет сабағында тұлғаның құзыреттілігін дамыту жолдары», Қ.Әбдірахманованың «Сейіл Боранбаев шығармашылығындағы поэтикалық ізденістер» атты зерттеулерін атауға болады. Журнал бетінде мектеп ұстаздарының озық тәжірибелері жиі насихатталады, ғылыми тұжырымдары жарыққа шығады. Журнал бүгінде тұрақты болмаса да жарыққа шығып тұрады.
Журналда жарық көретін әрбір материалдар бүгінгі ұстаздың білім-біліктілігін, дүниетанымын кеңейтуге септігін тигізері даусыз.
Сыр өңірінен шығатын рес-публикалық ғылыми-әдеби, танымдық «Тұрмағанбет» журналы 2011 жылдың наурыз айынан бастап жарық көреді. Басылымның бас редакторы: Ғабит Тұяқбаев.
Журналда әдебиеттанудың өзек-ті мәселелерін сөз еткен зерттеу еңбектері, ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы танымдық мақалалар, заман, қоғам жайын сөз еткен публицистикалық мақалалар, қазақ қаламгерлерінің про-залық, поэзиялық шығармалары мен әлем әдебиетінің туындылары, дарынды жастардың шығармалары және жас ғалымдардың зерттеулері жарияланады.
Журналда «Тұрмағанбеттану мәсе-лелері», «Зерде», «таным», «Тағзым», «Әлем әдебиетінің асыл қазынасы», «Проза», «Поэзия» айдарлары бар.
Адамзат қоғамының даму заңды-лықтарына зер салып қарап отырсақ, даусыз бір шындыққа көз жеткізуге болады, ол – қандай қоғам болса да, руханият саласының алдына белгілі бір дәрежеде мақсат, міндеттер жүктейтіні. Ал, ол міндеттердің қалыптасқан қоғамдық, әлеуметтік, тарихи-саяси және рухани талап, тілектерден туындайтыны мәлім. Адамзаттың рухани дамуында әдебиет пен өнердің рөлі зор. Шын мәнісіндегі әдеби шығармалардың адамға айрықша ықпалы бар. Оның санасы мен сезімін билейді, оның өмір мәселелерін жіті бағалауына себін тигізеді. Осы мәселелер басылым бетінен үнемі көрініп отырады. Сонымен бірге журнал бетінде Сыр бойы өнерінің өзіндік ерекшелігін, ақындарының шеберлігін зерттеу, зерделеу, сараптау, өзіндік көзқарастар мен пікірлер білдіру, тұжырымдар жарық көреді. Мысалы, С.Қосанның «Тұрмағамбет тәлім алған әдеби орта және рухани үндестік», Т.Ізтілеуұлының «Шаһнаме», Ә.Қара-ның «Мұстафа Шоқай: өмірі, күресі, шығармашылығы» сынды мақалалардың жарық көруі соның дәлелі болса керек.
Ұлттық болмыс пен нақы-шымыздың, ана тілінің қадір-қасиетінің ең мол және құнарлы сақталған әдеби туындылар жөнінде толыққанды ақпарат беру де басылымның алдына қойған міндеттерінің бірі болып табылады.
Сыр бойы әдебиетінің тарихы мен қазіргі күнге дейінгі қалыптасқан мектебінің өзіне ғана тән ерекшелігін айқындай отырып, олардың көтерген тақырып аясының кеңдігін, ұстанған идеясын жанжақты талдауға арналған ғылыми жұмыстарға да көп мән беріледі.
Басылымда жарық көрген әрбір туынды оқырманын адамгершілікке үндеп, адам бойында болуға тиіс асыл қасиеттерді уағыздайды, Отанды құрметтеуге, әдебиетті сүюге үндейді. Десе де, қаржылық мәселеге байланысты журнал бүгінде жарыққа шығуын тоқтатқан.
Аймақта 2012 жылдың наурыз айынан бастап шығатын республикалық әдеби, ғылыми танымдық «Базар жырау» журналының бас редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Кәрібозұлы. Журнал үш айда бір рет жарық көріп, 1000 данамен тарайды.
Басылымның мақсаты – Сыр өңірінің тарихы, мәдениеті, өнерінің барлық түрлері, ғылымы туралы зерттеулерді оқырмандарға таныстыру. Сыр жастарының рухани жағынан жарымжан болмай, бай да байсалды болып өсіп-жетілуі септігін тигізу, мемлекеттің беріктілігін насихаттау болып табылады.
«Базар жырау» журналының бетінде жарияланатын мақалалар мен көркемөнер туындылары арқылы оқырмандарымыз туған жер мен елге, мемлекетіміздің қазіргі өмірі мен болашағына деген сенімдерін арттыра түсетіні анық.
Журналдағы «Әдебиеттану» бөлі-
мінде Базар Оңдасұлының шығар-малары тұрақты беріледі. Сонымен бірге басылымда «Тілтану», «Өнертану», «Тұлғатану», «Елтану», «Поэзия», «Проза», «Драма», «Ел аузынан» атты бөлімдер де бар.
«Рухани кемелдік – жан-жақты жетілген тұлғаның басты белгісі» дейді журналдың бас редакторы Б.Кәрібозұлы. Әдебиет саласында өзіндік орны бар, «Сырдария кітапханасы» арқылы 200 томдық еңбек шығаруда басшылық жасаған бас редактордың осы саланың жанашыры екендігі шындық.
Қазақтың тілі мен ділі, ұлттық қалып-қасиеті жайлы, адамгершілік ізгіліктер жайлы тынбай жазуды бастаған «Базар жырау» журналы Сыр өңірінің тарихы мен ұлттық құндылығын, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосты. 2015 жылдан бастап жарыққа шығуын тоқтатқан.
Республикалық әдеби-мәдени, қо-ғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық
«Сырдария» альманахы 2008 жылдың 18 маусымында жарық көрген. Альманах Сыр бойы аймағында тарайды. Бас редакторы: Жақсылық Рахматулла. Көлемі 11 баспа табақ болып шығатын басылымның таралымы 1000 дана.
Журналда «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік», «Зерттеу», «Поэзия», «Мәдени мұра», «Эссе» атты айдарлары бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» айдары жөнінде басылымның редакторы Ж.Рахматулла: «… «Бұлақ көрсең көзін аш» жобасы Жазушылар Одағы облыстық филиалы аймақтағы талапкер жастар, оқу орындарындағы студенттер мен мектептегі жоғары сынып оқушыларының шығармашылығына белгілі ақын, жазушылар арқылы демеу көрсетуді мақсат етеді. Өйткені жастар шығармалары басылымдарда өте сирек жарияланады. Жоба негізінде осы мәселелерді іске асыру көзделеді. Жоба жастарды ұлттық әдебиетті сүюге, қазақ тілін қадірлеуге тәрбиелейді.
Бойында дарыны, таланты бар балалардың келешекте әдебиет мұхитына құятын бұлақ көзін ашады деп үміттенеміз. Жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлтжанды болып өсуіне тәрбиелеу – қаламгерлер парызы», – деп пікір білдіріп, әр санында Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында өткен жастар шығармашылығының байқауында үздік деп танылған өлеңдер мен әңгімелерді жариялап отыратындықтарын хабарлайды. Дегенмен аталмыш басылым 2012 жылы қаржылық мәселеге байланысты тұрақты шығуын тоқтатты.
Сыр аймағында тағы бір басылым 2011 жылдан бастап жарыққа шыққан республикалық танымдық-тәрбиелік «Жарасымды жанұя» журналы болып табылады. Журналдың бас редакторы: Н.Б.Жарылқасынова. Басылымда журналистер Ә.Бердіқожаева, Ж.Шұғланова, Р.Жоламанова мен Ф.Әбдіраимовалар қызмет атқарады. Журнал айына 1 рет екі тілде, 59 бет көлемінде, 2000 данамен тарайды.
«Жарасымды жанұя» журналын жарыққа шығаудағы біздің мақсатымыз – отбасы, бала тәрбиесін жан-жақты зерттеп, оның кең ауқымда қаралуын, қызықты әрі сұранысқа сай тақырыптардың қатарына қосу» дейді басылымның бас редакторы Нәзікен Бекмұратқызы Жарылқасынова.
Журнал тың ойлар мен жаңа бағыттар бойынша жауабын таппаған сұрақтарға облыстың психология, заң, медицина, педагогика т.б. салаларының білікті мамандарымен сұхбаттасып, аймақтағы жаңа белестерді көрсетіп отырады. «Саясат», «Іскер әйел», «Жас отау», «Мектеп», «Бала тәрбиесі», «Тәлім», «Пайдалы кеңестер» рубрикалары арқылы келелі мәселелер қозғайды.
Сонымен бірге журналда «Қонақжай», «Бір шаңырақ астында», «Білім», «Классный час», «Денсаулық», «Ақын әлемі», «Жарасымды жанұя», «Сыр мен шер», «Бөбекжай», «Ана», «Көкөністер энциклопедиясы», «Үкілі үміт», «Деловая женщина», «fashion», «Коммерческое предложение» атты тұрақты айдарлар бар.
Журналда «Мектеп-білім бұлағы», «Сыр елі-жыр елі», «Спорт саңлақтары», «Тәрбие-тал бесіктен» атты тұрақты айдарлармен толыққан. Тұрмыс-тіршілігіміздің сан саласын қамтыған өткір де өзекті дүниелер жарыққа шығып тұрады. Журнал қазіргі күнге дейін жарық көреді, өз саласының үздіктерін дәріптеуде үлгі көрсетіп келе жатқан басылым болып табылады.
Ұлт мақтанышы, ұстаз-ғалым А. Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген даналық мәйектерінде шынайы шындық бар.
Асыл сөздің сыры мен сипаты, көркемдік-эстетикалық мұраты А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде нақты көрсетілген. Ұстаз-ғалым: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына бейнесіне ұқсату, суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, толғау».
Сөз өнері – өмірдің көркем шежіресі, рухани нэрі. Қазаргі уақытта қазақ әдебиетінің байлығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Осы мәселеге Сыр өңірінде жарық көретін басылымдардың да зор үлесі бар.
Аталмыш журналдардағы жарияланымдар арқылы оқырмандар әдеби мұраларымыздың уақыт өткен сайын ұмытылмай, қайта жаңарып, көркемдігі арта түскендігіне көз жеткізеді.
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 6 298
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 381
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 381
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 669
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 766
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 42
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 51
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 49
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 74
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 54
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.