ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ
22.04.2022 0 1 343
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі
Асылы, бұл пәни өмірде арына қылау түсірмеген, айналасына нұр-шапағатын шашып жүретін, жүрек жылуын ешкімнен де аямайтын, әділдіктің ақ туын әркез биік ұстайтын, маған емес, соған болсыншы деп тілейтін, ақ сөйлеп, ақ күлетін, шындықты ғана жақтап жүретін, адамзаттың барлығын туысым деп білетін жаны жаз, көңілі көктем жандар болады. Олар басқаларға жасаған жақсылықтарын бұлдамайды, ешкімді де алдамайды, өтірік айтып, жанын жалдамайды. Мұндай жаны ізгі адамдар ілуде бір кездеседі.
Міне, осындай ақ-адал адамдар жайлы ойлағанда менің есіме дос-бауырым, мемлекет және қоғам қайраткері, 1 шақырылған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы, Қазақстанның 1997 жылғы «Жыл адамы», Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әкім Ысқақ түседі. Әкімнің ат үркетін атақтарынан бұрын маған оның шы-
ғармашылықпен айналысатыны, өре-
лі өнер иесі екені, ақындығы, жазушылығы, композиторлығы қым-
бат. Біз не жайында сөйлессек те сол шығармашылығы жайында әңгімелесеміз. Бізді таныстырған да, табыстарған да шығармашылық сара жол дер едім. Әйтпесе, кіммен кім дос болмай жатыр? Кіммен кім курстас емес? Кіммен кім туыстас емес? Осы ретте Әкімнің адам алаламайтын адалдығы, шынайлылығы, тазалығы достық жібінің жалғануына, тарқатылмастай болып күрмелуіне сеп болды ма деймін!
Әкімнің қызметі – Нұр-Сұлтан қаласында. Шымкент қайда? Ұшақтың өзімен бір жарым сағат ұшасыз. Пойызбен ғой, тәуліктеп жүресіз. Билетіңіз удай. Уақытыңыз зулай өтіп жатыр. Міне, осы қиындықтарды еңсеріп, Әкім дос жүрегі алып-ұшып өзінің туған ауылы – Бөржарға апта аралатып келіп тұрады. Әр келгені бір думан-той! Тілеулестері – пішен! Не кием, не ішем демейсіз, думанның ортасына топ ете түсесіз. Шырайлы шығармашылық кеш дейсіз бе, дидарғайып кездесу дейсіз бе, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құру дейсіз бе, тілеулестердің туған күні дейсіз бе, Әкім жүрген жерден ештеңе де тыс қалмайды.
Тағы бір қадап айтар мәселе, сол басқосулардың барлығы да алдын ала бағдарламада бекітілгендей тап-тұйнақтай, жинақы да мазмұнды өтеді. Әкімнің бармаған жері, танымайтын адамы жоқ. Қай жерге барса да оны құшақ жая қарсы алады. Қимай шығарып салады. Бұл-оның бауырмалдығы!
Адамның адамшылығы – оның бойындағы ізгі ниеттерінен, асыл мұраттарынан, бойындағы тазалықтан көрінеді. Қаншама рет қасында жүргенде Әкімнің адамгершілік, қамқорлық қасиеттеріне куә болдым. Осы жөнінде талай рет әңгіме қозғағым келген де. Алайда, бұл жөнінде досымның аса құлықты еместігін аңғаратынмын. Десек те, бүгін Әкім Ысқақтың қайырымдылығы мен адалдығы хақында азырақ болса да тебіренбеске болмай тұр. Екіншіден, мұны айту парыз да. Өйткені, «жақсының жақсылығың айт, нұры тасысын!» деген де бар.
Әкімнің әркез адамдарға көмек қолын созғысы келіп жүретінін айналасындағылар, танитындар түгел біледі. Бірақ, ол мұны өзінің азаматтық парызым деп қана ұғынатыны, әркез адалдыққа жығылатыны бәрімізге ұнайды. Қарап отырсақ, санап отырғанымыз жоқ әрине, оның қайырымдылық шараларына қатысқан тұстары мол екен. Соның өзіміз білетін біраз бөлігіне ғана тоқталмақпын.
Сонымен…
Менің пайымдауымша, Әкім Ысқақ қайырымдылықты қанатым деп түсінетін жігіт. Сонау мұғалім кезінде де, одан кейінгі уақытта да оқушыларға «Ұлан», «Балдырған» журналдарын өз ақшасына жаздырып беретін. Бір қызығы, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы кезінде де «Ұланды» өзі де жаздырып алып оқитын. Ол өзінің елу жылдығында өзі білім алған Абай атындағы, сондай-ақ Сұлтан Ысқақов атындағы орта мектептерге интерактивті тақталар әпергені есімізде. Олардың сол кездегі бағасының өзі өте жоғары болатын. Бірақ, демеуші ретінде Әкім оған назар да аударған жоқ. Интерактивті тақталар енді ғана пайда бола бастаған кезде ауыл оқушылары оны пайдаланып жатты. Сол жылдары ғой, Бөржар әкімдігіне қарайтын ауылдардағы барлық мектептерге бес мың кітап таратқаны. Отыз жылдан бері ол жыл сайын Абай атындағы жалпы орта мектебінің бес оқу озатына, бес әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға өзінің атындағы стипендия тағайындап келе жатқанын мектептен басқа ешкім білмейді. Бұл туралы өзі тіс жарып айтқан емес. Осылайша ол балалардың оқуға деген ынтасын арттырып ғана қоймай, оларды қолдай да білді. Сондай-ақ осындағы екі сыныптың парта, тақтасын да әперген.
Төлеби ауданындағы балалар үйінің сол кездегі директоры Сәбидулла Тілеубердиев оны кездесуге шақырған. Осы кезде Әкім 20 оқушыға ұялы телефон сыйлады. Ұялы телефондардың номеріне дейін алып, оқушыларға ұстатқанда олардың көздері жайнап кетті. Мұнымен де шектелмей сол жолы өзінің «Жүрек дәптері» атты кітабын тартулаған. Жүрек жылуына зәру балалар сонда бір қуанып қалып еді. Жасаған жақсылығы туралы айтқысы келмейді.
Бүгінде Арайлым Мұратәлиева деген ақын қызды республикамыздың әдебиетсүйер қауымы жақсы таниды. Жас ақын қыздың тырнақалды жинағын осы Әкім Ысқақ шығарып беріп, облыстық А.С. Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында тұ-
саукесеріне дейін өткізуге өзі мұрындық болды. Астанадан арнайы келіп, кітапты өз қолымен тапсырды. Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Шымкентке арнайы келіп, Арайлымға билет тапсырып кетті. Демек, Арайлым Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі! Бұған әрине, Әкім ағасының да үлесі бар!
Сайрам ауданында тұратын ақын Бекзат Ахмедті қамқорлығына алып, рухани баласы ретінде құрметпен қарайды. (Елімізде мұндай рухани балалары аз емес). Дарынды бала көрсе қарап отыра алмайды. Бекзаттың да кітабын менің досым шығарып берген. Шығарып беріп қана қоймай, Нұр-Сұлтан қаласында кітаптың тұсаукесерін өткізуге белсене атсалысқан. Бұдан бөлек Мейіржан, Ерқасым, Берік, Абай, Батырхан, Нұртас, Нұрмахан, Нұржан және т.б. балаларын мақтанышпен атап отырады. Ақынжанды апамыз, жүрегі ізгіліктен жаралған, жұртшылыққа тек жақсылық ойлап жүретін Лира Сапарбекова апамыздың 75 жылдық мерейтойын өз тілеулестерімен бірге ұйымдастырды. Қарт адамның батасын алған адамның қашан да жолы ашық болады. Лира апайдың сондағы қуанышын көрсеңіз!
Тағы да өз тілеулестерімен бірге Түркістан қаласында тәжірибелі кітапханашы, қаламгер, Қазақстан Педагогика академиясының профессоры Алима Пошанованың 60 жасқа толған мерейтойын өткізуге атсалысты. Ол туралы «Қыр гүлі» деген ән жазып, «Әкімнің ән әлемі» деген кітапқа енгізіп, тойда тарту етті. Әкімнің тағы бір қыры қарапайым тілеулестері – өз оқырмандары туралы өзі мақала жазып, оны «Әйел құпиясы» (бас редакторы Фатима Жүнісова) газетіне жариялап тұрады. Бұл да адамды қуантудың бір тәсілі ғой.
Коронавирус деген індет елімізге ірің болып еніп, жұртшылықты әбіржітіп қойғаны белгілі. Міне, осы кезде Әкім тағы да қарап отырмай әлеуметтік желіде конкурс жариялап, алаңкөңіл адамдардың ықыласын басқа бағытқа аударды. Жұртшылық үрейлене бермей, көңілдерін басқа жаққа бұрды. Мектеп оқушылары бұл конкурсқа белсене атсалысты. Оқушылардың жазған шығармалары негізінде ол «Қанатты хаттар» атты кітап шығарып, Бадамдағы Сәбит Мұқанов атындағы орта мектебінің директоры, озат педагог, «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын жеңіп алған Нәзира Қаратайқызының қолдауымен тұсаукесерін өткізді. Өзіне хат жазған оқушыларға қолтаңба қойып, табыс етті.
Әкім Ысқақ досымыздың «Алтыным» атты кітабы адамдарға жігер беретін, рухтандыратын еңбек. Міне, осы кітапты оқығандар өмір өрісінде өзгеше бағыт алып, дүниетанымы қалыптасады. Жаман ойлардан арылады. Сондықтан бұл кітапты сұрайтындар көп. Ендігі жерде Әкім «Алтынымды» мәнерлеп оқитындар арасында конкурс жариялап, жеңімпаздарды ынталандырып тұрды. Университетте эстетикалық тәрбие жөнінде лекциялар оқып, жастарды адамгершілікке, имандылыққа үндеді. Бір қасиеті шақырған жерден қалмауға тырысады, бала-бақша шақырса да барып, бүлдіршіндерге арнайы түрлі сыйлықтар табыс етеді. Жыл сайын өзін оқытқан ұстаздарына құрмет көрсетуді ұмытпайды. Жақында ғана 92 жасқа келген қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазы Жақсылық Маханбетовке зерделі шапан жауып, сыйлықтар табыс етті.
«Алтыным» демекші, осы кітапты ХІ сынып оқушысы Мафтуна Нәжиева өзбек тіліне аударып, Ташкент қаласындағы баспаханадан шығарғанда Сайрам ауданында және Кентау қаласына қарасты Иқан ауылында тұсаукесерін Әкімнің өзі жасап берді. Сайрам ауданының әкімі Мафтунаға компьютер сыйласа, Иқан ауылының тұрғындары аудармашы қызға ерекше құрмет көрсетті. Бүгінде Түркістан облысындағы өзбек мектептері Мафтунаның аудармасындағы «Алтыным» кітабын сабақтарда эстетикалық тәрбие беретін құрал ретінде пайдаланып жүр. Сол Мафтуна Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мем-лекеттік университетінің филология факультетінің 2 курс студенті.
Киелі Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы орта мектепте Ә.Ысқақтың шығармашылық ке-ші өтіп, бір сыныпқа Әкімнің есімі берілді. Мұнан соң Жастар сарайында оның шығармашылық кеші өтті. Кешке республикамызға танымал қаламгерлер қатысты. ҚР Президенті сыйлығының степендианты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сайыпқыран сатирик Көпен Әмірбек, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлібек Тойлыбаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Райымбек Жолаев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әзімбек Қойлыбаев осы кешке қатысып, ізгі тілектерін арнады, иығына зерлі шапан жапты. Осы кездесу кешінде Әкім өзі құрастырған, өз ақшасына шығарған «Қуантқым келеді» атты жинақтың тұсаукесерін өткізді. Жинаққа болашағынан үміт күтетін мектеп оқушылары мен талапты жастардың Түркістан, Ордабасы туралы өлеңдері, әңгімелері, ой-толғамдары енген. Бұл да бір Әкімнің жас талапкерлерді қолдауы болатын.
Әкім туралы таратып айта берсек, мақала көлемі тым созылып кетеді. Біз мақаланың көлеміне емес, Әкімнің ісінің ереніне сүйсінуіміз керек. Ол Абай атасының «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасын жадынан шығармайтын жан. Сондықтан да жұртшылыққа жүрек жылуын шашып жүреді. Мұндай адамдардың мейірімі тасып жүреді. Жақсылық жүрген жерден жамандық қашып жүреді.
Әкімнің жүрек жылуы әлі талайларды қуанта береді деп кәміл сенеміз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.