ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ — ЖАСТАР
22.04.2022 0 1 314
Құдияр БІЛӘЛ
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Басы ашық жайт, біз Қазақстан Республикасының Президенті жүр-
гізіп отырған жастар саясатын, әсіресе тәуелсіздік кезінде бой түзеген қазақ елінің ұландары, мемлекетіміздің қазіргі жетістіктері – бұл мемлекетіміздегі ірі саяси қайраткер, Қазақстан Рес-публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан сан алуан реформалардың заңды нәтижесі екенін мақтанышпен айтамыз. Өйткені елімізде қазіргі кезде әр жас жеткіншектің барлық салада дамуына арналған әрқилы тетіктер жасақталғандығы нақтылы көрініс беруде. Ал оның мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына барынша септігі тиері сөзсіз.
Біздің ең басты құндылығымыз — тәуелсіздік. Ендеше тәуелсіздікке қол жеткізген күнді қастерлейтін, ардақ тұтатын жас ұрпақты қа-лыптастырайық. Мемлекетіміз қолға алып отырған Жастар саясатының да басты мақсаты сол.
Бұл тұрғыда атам қазақ: «Тәуелді елдің сұлтаны болғанша, тәуелсіз елдің ұлтаны бол!» – деген. Алайда осы күні қай қазақ та әрқилы көңіл ауанына беріледі. Ол көңіл Есенғали Раушановтың мына өлеңінде де көрініс беретін тәрізді. Оқып көрелік:
«Жоқтық деген немене –
барлық делік,
Бақыт деген дүние ме –
алдық бөліп.
Дүниедегі ең ұлы көрініс не?
Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.
Мен қайрылдым, сен-дағы
бұрылшы, інім,
Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.
Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,
Неге қақсай береді жіліншігім?»
Есенғали жіліншігі қақсауын әркім әрқалай қабылдайды. Кейбіреулердің біздің тәуелсіздікті кешегі КСРО құрамындағы елдер ішінде ең соңынан қабылдағанымызға өкпе-реніші бар. Кейбіреулер бұл күннің Желтоқсан оқиғасы болған күнмен қабат келгенін қош көрмейді. Кейбіреулер тәуелсіздік декларацисы қабылданған — 25 қазанға иек артады.
Алайда аталарымыз айтпақшы: «Ханның да, қараның да рухани өзегі – тәуелсіздік. Өзегінен айырылған ел өледі». Сондай-ақ: «Ерінен айырылған көмгенше жылайды, Елінен айырылған өлгенше жылайды», — дегенді де біз айтқанбыз.
Рас, Эрве Базен айтпақшы: «Кез келген Тәуелсіздіктің қайнар көзі — материалдық тәуелсіздік». Шынтуайтына келгенде, жіліншігіміз қақсауының бір себебі сол.
Материалдық тәуелсіздікке қол жеткізгендер де бар. Алайда біз көп емес.
Әйтсе де: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», — деген Әлихан Бөкейхановтың сөзін де қаперге алғанымыз жөн. Сондықтанда бізге: «Біз Италияны құрадық, енді италиялықтарды жасап шығарайықшы», – деп Камилло Кавур айтпақшы, Тәуелсіздік күні келгеніне шаттанатын қазақтарды жасап шығару қажет. Бұл тұрғыда Спартак: «Адам алаң үшін емес, тәуелсіздік үшін жаралған», – депті.
Қалай десек те Габриэль Лауб айтқан бір шындық бар. Ол: «Құл ешқашан тәуелсіз болуға ұмтылмайды, оның арманы – өзге құлдардың үстінен қарау».
Біз құл емеспіз. Бізге тәуелсіз ел көк туының мәңгілік желбірегені бәрінен де қымбат. Бұл тұрғыда ақын Алмас Ахметбекұлының осы аттас өлеңі біз айтқан ойды нақтылай түседі. Келтіре кетейік:
«Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені —
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені-
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені —
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені».
Иә, ақын айтпақшы, жас-тардың танымдық және рухани құндылықтары оларды өз халқының рухани мәдениетіне бағыттауы, мемлекетіміздің тарихи өткеніне баулуы, қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті нығайту жас ұрпақтың отаны үшін мақтан сезімін қалыптастыруы керек. Патриотизм, адамгершілік, кәсібилік, жауапкершілік сияқты жеке қасиеттерді иеленуге ұмтылуды ең басты міндетке айналдыруы тиіс.
Мәселен, әлеуметтік-экономи-калық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құ-қықтық, ұйымдастырушылық жағ-дай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, студенттерге жол ақысының жеңілдігінің қолданылуы, еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды еңбек нарығында қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттік ықпалдасу тетіктері, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады.
Жасыратыны жоқ, бәріміз ауылдан шықтық. Алайда ауылдан кіндігіміз ажыраған сайын жаттана бастадық. Не керек, біржола қалалық болдық. Бұл — «Қазақтықтан шықтық» дегенмен қарайлас сөз. Себебі қалада қазаққа тән мәдениет жоқ. Мәдениет демей-ақ қоялықшы. Сірә, «Ұлттық болмыс» деген жөн шығар.
Қаланы кемсіткіміз жоқ. Байыбына барсақ, кемшілік қалада емес. Бар кінәрат – қала мәдениетінің қазаққа тән еместігінде. Оның үстіне қай қалада да қазақ саны кем. Соған орай біз өзге ұлтқа қарап бой түзедік. Ол бой түзеу бізді біртін-біртін өз қағымыздан жерітті. Соған орай әу бастағы мәніне бас қатырмай:
«Үйден ұзап шықпасаң
Қатынға қадірің болмайды.
Ауылдан ұзап шықпасаң
Жақынға қадірің болмайды», – дейтін болдық. Сол көңіл-күйді ақын Гүлзат Уәлиева былайша береді:
«Қалаға келдім,
Қиын тағдырым күтті алдан
Шапағат күттім,
Аулымдай көріп жұрттардан.
Жетелеп келген,
Артыма қарайлатпастан.
Орындалуы күмәнді,
Көкейде жүрген күпті арман.
Ауылда қалды,
Жаныма жақын достарым.
Сағынам кейде,
Шүйіркелесіп бас қосқанын.
Қалада ше,
Бейтаныс адам, жат қылық,
Қызықтырмайды,
Жасанды әзіл- оспағың
Асы да мәнсіз,
Құрай салған ба жоқ, бардан
Тәттісі керім,
Шаршадым ылғи торттардан.
Сағынып жүрмін,
Күйбеңдеп әжем жабатын,
Таба нанды мен,
Қызартып алған шоқтардан.
Қалаға жат боп,
Төмпешік пенен қыраттар,
Қайнаған тірлік,
Сарқылардай ма қуаттар.
Талас тартыспен,
Күн кешіп жатқан тырбанып,
Қалалықтарда
Биік-ақ екен мұраттар.
Ауылда ғажап,
Үні шығады төлдердің,
Қаладан аңсап,
Шаңыңды сенің мен келдім,
Шаршатты миды,
Машиналардың гүрілі.
Сондықтан келер,
Өзіңде жатып емделгім.
Ауыл сағыныш,
Қаланы жүрсем бақылап,
Есіме түссе,
Жылағым келет жатып-ап.
Орнын да тапқан,
Жанымның жайлы төрінен.
Ұмытылмайды,
Кіндік қан тамған топырақ».
Бұл тұрғыда аталарымыз:
«Анамды жақсы көргендіктен
Келісін түйдім.
Аулымды жақсы көргендіктен
Желісін сүйдім», — деген.
Рас, «Өз ауылымның түтіні түзу шықсын», – деген талай жас қаладан ауылға оралды. Бұл орайда жазушы Нұрхалық Абдырақын:
«Дипломы бар студент қаладан ауылға келді, дипломы жоқ қыр баласы ауылдан қалаға келді. Не өзгерді?» – дейді.
Өзгеріс көп. Бұхар атамызға жүгінелік. Әйгілі жыраудың:
«Ауылда адам бар болса –
ауыл ада болмайды,
Ел иесі бар болса – елі ала болмайды», — деген аталы сөзі әлі өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Ендеше жастарды ауылға тартайық. Ауылды аңсап, сағынайық. Ол сағыныш композитор Құралай Сәтмұханбетованың Ибрагим Исаев-тың сөзіне жазылған мына әніндей болсын:
«Жол жүрем бүгін тағы да,
бүгін жол жүрем,
Ел жаққа барам жүрегім
«ел» деп елжіреп.
Ауылдың суы ауылдың нуы аңсатты.
Күйбең тірліктің дүрбең
шулары шаршатты.
Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,
Аңқылдайды олар,
қарамайды олар бар жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым
жайлы жыр жазам
Сүйеніп тұрып, анам
сүйенген шарбаққа.
Жол жүрем бармасам елге болмайды,
Тынысымды ашам тіреймін
елге маңдайды.
Ет жақындарым аттанып
кеткен келмеске,
Көз көргендер де азайып
қапты сол қайғы».
«Қазақстан жастары» жастар сая-
сатына арналған бағдарламада мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Бұл көршілес Қырғызстанмен салыстырғанда қан-шама есеге көп. Көршілес Өзбекстан Республикасында атышулы жастар арасындағы жұмыссыздықты шешу түгілі, мектеп бітірушілер үшін жоғары оқу орындарына түсудің өзі қат мәселе. Коледждер саны шектеулі.
Ал бізде ше? Грантта бағың жанбаса ақылы негізде білім алуға мол мүмкіндік бар. Ол мүмкіндік егер үздік оқуыңмен көзге түссең мемлекет тарапынан бөлінген гранттар мен несиелердің иегері болуға да жағдай жасалуда. Алайда сол мамандардың ауылдық жерлерден қол үзбегені жөн.
Ауылдың ажары – қыз, әдебі –келін. Соған орай атам қазақ: «Қызым келіннен ғибрат алып өседі, Ұлым елімнен ғибрат алып өседі», – деген.
Сонда қызға тағлым беретін ол қандай келін? Жауап айқын. Айқын болатыны, кезінде қазақтың барлық келіні сондай болатын. Әйтсе де: «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» – дегенді де біз айтқанбыз.
Мынандай бір әңгіме бар:
Шал мен кемпірдің жаңа түскен келіні есік алдын сыпырмайды екен. Шал мен кемпір өзара келісіп екеуміз таласайық, сен: «Мен сыпырамын” де, мен: “Жоқ мен сыпырамын” дейін, мүмкін келін ұялғаннан: «Мен сыпырамын» дейтін шығар», — депті. Сөйтіп шал мен кемпір сыпырғыны алып таласа бастапты. Мұны көрген келіні: «Не болды, неге таласып жатырсыздар? Бұлайша таласа бермей бір күн сіз сыпырыңыз, бір күн енем сыпырсын”, – деген екен.
Сірә аталарымыз:
«Келін-келін, келін – бақ,
Келмей жатып, сөзін бақ», – дегенді осындай келіндерге қарата айтса керек.
Ал бақтық. «Баланы – жастан, келінді – бастан» тәрбиеге алдық. Бетінен қақпай, өз ойымызды «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», – деп те жеткізіп көрдік. Әйтсе де аталарымыз:
«Жақсы енені
Жаман келін жер қылады.
Жақсы келін
Жаман енені ел қылады», – дегенді бекер айтпаған.
Тағы бір ескерер жәйт:
«Төркіні тентек келіннің тілі ұзын
Төркіні момын келіннің жібі ұзын».
Бұған керағар: «Келін жаман емес, келген жері жаман», – деген мәтелді де жоққа шығаруға болмайды.
Сондай-ақ Махмұд Қашқаридың: «Жасауы мол келіннің күйеуі жуас келеді», – деуі де өмір сабағы. Солай бола тұра аталарымыз айтпақшы:
«Келін кейін отырар болар,
Көтерілуге бейім отырар болар».
Алайда бүгінгі келіндерде, нақтыласақ, жастарда ондай түсінік жоқ. Себебі, біз үлкендер аузымен айтылатын мынандай ұлттық тәрбиеден ажырап қалдық:
— Апа, неге осы қазақтың келіндері орамалсыз жүрмеуі керек?
– Е, жарығым! Əйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады! Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі.
– Ал, сəлем салмаса ше?
– Сəлем салмаса – өзін сыйлайтын қайын ата, қайын ағадан айырылады, тегін батадан қайырылады!
– Келін міндетті түрде униформа (халат, ұзын көйлек, орамал) киіп, келін боп шауып жүруі керек пе?
– Қыз қалыптан əйел болуға көндіретін ол – сəлемі, жат жұрттың алдындағы əдебі! Қыз күнін қиып, қыдыруын тиған – қатын болады! Қатын болған адам – қазанға, отқа жақын болады. Құрсағын кеңітіп, бала тапқан – кең болады! Алпыс екі тамырын иіткен ана болады! Басқа салғаннан ой түйіп, тағдырына бас игенге құдай өзі пана болады! Үлкеннен көргенін бойына сіңіріп, өзі де сол əулетке сіңген келін – дана болады!
– Ой, қазір жастарды емес үлкендерді тəрбиелеу керек сияқты ғой!
– Бүркіт көзіне көрінгенді алмайды, көңілдегісін алады. Ақылды атаның баласы ерегіспей, тектілігіне салады. Көргеніңе көз жұм да, көңілдегіңді істе!
– Бəрін бір келін байғұсқа жүктейді қазақ!
– Е, балам! Жақсы келін ата-енесін бағады. Ата-анасы ұнатқанды – отағасы жылатпайды! Кемінде алты бала тапқанның не айтса да сөзінің құнары болады, қамықса – қарайтын “шырағы” болады. Аз бала тапқанның тыпыршып айтар “ұраны” болады. Көп баласы бардың – шөлдетпейтін бұлағы болады. Əйел – келін болмаса, керім болмайды. Ана болмаса, ене болмайды. Ене бола алмаса – əдепті келіні жəне болмайды!
– Бəрі əйелге байланысты емес қой. Ер азамат та жəрдем беруі қажет!
– Дұрыс! Азамат таппаса – ақшада береке болмайды! Дүние тапқанмен, баққаны көше болса – екі дүниеде сорлайды! Еркегі үйіне қонбайтын үйдің – қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды. Қылық сақтап, қымсынбайды. Айналасын жинайын деп ұмсынбайды! Ұлы – ұсақтау, бəдік болады, қатындардың тірлігіне қанық болады! Əйелі ашынып жүреді, бір ысып, бір суып, басылып жүреді. Көршімен əңгімешіл боп, үйі бықсып, шашылып жүреді. Ондай əйелден – əдеп сақтар жар, салиқалы ана шықпайды.
Еркекті ерітетін де – əйел, жерітетін де – əйел! Беделін биік қып, абыройын кемітетін де – əйел! Əйел жұмсақ болмаса – ер далаға қашады. Далада жүріп көп былыққа араласады. Араласқан соң – тапа тал түсте сөз таппай сасады, əрнəрсені сылтау ғып, өтірік ғайбат шашады. Əйелі жақсының ағайыны айналасында жүреді. Ұрпағы ізетті болады.
Иә, ол үшін кім де болсын өз ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеуі керек. Сол кезде келін де әдептен озбайды. Ал «Әдепті келін – ауылдың көркі». Сондай-ақ: «Келіні жақсы үйдің – Керегесі алтын». Ондай келіндер Ғабиден Қожахметтің «Қазағымның ардақты келіндері» атты өлеңінде де көрініс береді. Ендеше оқи отыралық:
«Ақсақалға ұсынып төрін берді,
«Алғысына бөленіп көңілдері.
Жасы үлкенге жаңылмай сәлем салған Қазағымның ардақты келіндері.
Үлкен үйден іргесі бөлінбеді,
Бір сыйластық арада өрілгені.
Абысынмен ас-суы ажырамас —
Қазағымның ардақты келіндері.
Қосылған соң жүрекпен өмірлері,
Риясыз жарасар сенімдері.
Отағасын қашанда пір тұтатын —
Қазағымның ардақты келіндері.
Еркелетіп ат қойып егілгені,
Жүрегінен ықылас төгілгені.
Қайын сіңлі, қайнының қамын ойлар
Қазағымның ардақты келіндері.
Бірлік артса береке еліңдегі,
Керегеңнің кеңінен керілгені.
Ұрпақ жібін жалғайтын ұлтқа лайық
Қазағымның ардақты келіндері».
Иә, әдет-ғұрыпты ұмытпаған жөн. Алайда жастардың қоғамдық-саяси рөлі ауқымды реформалар кезінде күшейюі барлық халыққа тән.
Себебі, жастардың жаңа жағ-
дайға бейімделуі немесе жаңа-шылдыққа ұмтылысы жоғары деңгейде болғандықтан қоғамдағы өзгерістерден шет қала алмайды.
Мәселен Ресейде шәкіртақы көлемінің өсуі 1,25 есені көрсетті. Бізбен салыстыратын болса, тек қана былтырғы жылдың өзінде мемлекетімізде президентіміз Қ. Тоқаевтың қолдауымен магис-транттарға 3 есеге ұлғайтылған шәкіртақы тағайындалған болатын.
Ресей Федерациясының соңғы жылдарға арналған 3 жылғы мемлекеттік бюджетінде білім беруге қаражат небәрі 19 пайызға ғана көтерілмек. Ал бізде 2021 жылдың өзінде бұл қаражат 25 пайызға көтеріліп отыр. Бұл ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы жас-тардың әлеуметтік жағдайына нақты қолдау көрсетілетіндігін дәлелдейді.
Алайда мына жағдайды да ескерген жөн. Қазақтың ең бас-
ты ерекшеліктерінің бірі – қонақжайлылығы. Бұл – ұлтқа тән болмыс. Соған орай Үмбетей жырау:
«Кісіні көрсең, есікке
Жүгіре шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар несіпке», — деген. Демек қонақпен бірге үйге несібе кіреді. Сонымен қатар көзден, тілден, сұқтан келген бәле-бетер, жын-жыбыр қонақ құрметіне орай үйден аласталады. Соған орай аталарымыз:
«Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», — деген.
Рас, қонақ та әрқилы. Солардың ішінде біздің күтетініміз – құтты қонақ. Ал «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады». Қойдың егіз табуы, шартты ұғым. Болмаса құтты қонақпен бірге келер несібенің мағынасы кең. Ол – біз күткен барлық жақсылық.
Бірде бір би қонақ болған үйдің түйесі өледі. Соны жаман ырымға балаған үй иесінің әйелі: «Қонағым құтсыз болды. Ауырмай-сырқамай түйем өлді», – дегенде, би: «Құтты қонақ келсе, түйесі өледі, құтсыз қонақ келсе, иесі өледі», – деген екен. Бұл оқиғадан, қалай болғанда да, қонақтың үйге келген бәлені алып кететіндігін аңғаруға болады. Әйтсе де азаматтық және патриоттық құндылықтар жүйесін тәрбиелеу процессінде, әрине, тек қазақтың ұлттық саяси мәдениетінен туындайтын тағылымдар жеткіліксіз болып саналатындығы белгілі.
Жалпы біз бойымызға сіңген сол қонақжайлылық қалпымызды жоғалта қойған жоқпыз. Соған орай жылы-жұмсағымызды әлі күнге дейін қонағымызға сақтап отырамыз. Тіпті ең үлкен бөлмеміз қонақ үшін ұдайы бос тұрады. Балалаларымызға да қонақтан қалғанын береміз. «Қонақ келсе ет пісер, ет піспесе бет пісер», — дегенді де біздің аталарымыз айтқан. Қысқа жіп күрмеуге келмеген күннің өзінде: «Қонағым, сен «ет» деме, мен «кет» демеймін», – дегенбіз. Солай десек те бір асым етті бәрі бір қонақ үшін сақтап отырамыз. Бұл тұрғыда Әйтеке би:
«Ағасы келсе,
ардақтап атын байлағандай;
Қонағы келсе,
құрметтеп жайлағандай;
Тындырымды інісі болса;
Қанат-құйрығы сай болып,
Көңілі жай болып,
Ағаның алар тынысы болса;
Інінің міндеті — басқару,
Ағаның реті – бас бағу емес пе?» – деген екен.
Тоқсары болса:
«Келген қонаққа достық көңіл, қонақжайлық пейіл таныту – үй иесінің борышы», – депті.
Солай бола тұра Майлықожа айтпақшы:
«Бақ қонады ұл таңдап,
Қонақ қонар үй тандап.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтыңдап».
Жалпы қонақтың үй таңдап қонатыны жасырын емес. Себебі жұрттың бәрі қонақжайлылық пейіл таныта бермейді. Соған орай аталарымыз:
«Қонағын сыйламаған баласын ұрады, не үйін сыпырады», — деген.
Қонақпен қатар жүретін түсінік дос, жолдас, жора. Достарды екі топқа бөліп, қарастыруға болады. Біріншісі – белгілі бір уақыт қана сіздің өміріңіздің қонағы болса, екіншісі – қандай қиындық туса да қасыңыздан кетпейтін жандар. Оларды бағалай білу керек. Өйткені олар өмір бойы сіздің қасыңызда болады», — депті.
Соған орай айтарымыз, жас-тар арасындағы түрлі қарама-қайшылықтардың болуы тәртіптен, бағалаудан, әрекет бағыттарынан, құндылық бағдарларынан көрінетін трансформациялы үрдістерден еке-нін дәлелдейді. Жастар жеткілікті дәрежеде ата-анасы алдында жауапты екенін біледі, бұл жастардың рухани-құқықтық саласында ай-тарлықтай болашағы барлығын керсетеді. Бұл потенциалдың іске асырылу дәрежесін өмір дәлелдеп отырады.
Жалпы адам баласы бір-біріне қонақ. Бір-біріне ғана емес, өмірдің өзіне қонақ. Соны қазақтай түсінген адам кем. Ендеше жастарымызды осы тұрғыда тәрбиелейік. Қазақ болсақ, қонақсыз болмаймыз. Ал қонақ өз несібесімен келеді. Сол қонақты күткен қазақ пейілін Қадыр Мырзәлі ағамыз өлең тіліне түсірген екен. Оқып көрелік:
«Жігіттің қапалысын,
Азалысын
Жырменен жұбатпасаң –
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін.
Осындай қазақ інің,
Қазақ ағаң.
О бастан аңсағаны таза қоғам.
Адамдар арасында ғұмыр кешіп,
Адаммен араласпау –
Азап оған.
О бастан жомарт қазақ топырағы,
Ол қашан дастарқансыз тоқырады.
Мейманға нәрін беріп,
Барын беріп,
Қонақтан қалғанын жеп отырады.
Халқымның ең қымбаты төрі ме еді?!
Төрден ол қай уақытта жерінеді!
Қонақсыз қалған күні
Сол қазаққа
Бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.
Баласы батаменен ауызданған
Бабамнан мәрттік
жайлы аңыз қалған.
Болмаса өз қонағы
Көршісінің
Қонағын бірер күнге
қарызға алған!
Кететін жемісіңді тонап күзде
Жел жылдар қайткенде де
шолақ бізге
Сондықтан санайды ол
Бұл өмірге
Келген бір бәріміз де қонақпыз деп.
Арудың қапалысын,
Азалысын
Күйменен жұбатпасаң –
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін!».
Иә, бәрі де ұлтымыз үшін. Бұл тұрғыда Қазақстан Халқына арналған Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың Жолдауында жұмыс жасайтын аяғы ауыр әйелдер үшін аналық, жүктілік және туу кепілдігі міндетті әлеуметтік сақтандыру еңгізілген. Бұл көмектің еліміздің жас отбасылы инабатты келіндері үшін қаншалықты маңызды екені жақсы түсінікті. Себебі мұндай жүйе жұмысынан айырылып қалмай мемлекеттің кәсіби дамуына үлес қосумен қатар жақсы ана, аяулы жар болуға мүмкіндік береді.
Жасыратыны жоқ, әр ұлтқа тән басты ерекшелік, оның тілі. Соған орай тіл мен Отан анаға баланады. Ал анаң қай тілде сөйлесе, сен де сол ұлттың өкілісің. Бұл тұрғыда Халел Досмұхамедұлы:
«Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», — дейді.
Қате болатыны, ондай жағдайда кім де болсын ана тілі арқылы қалыптасатын ұлттық болмыстан біртін-біртін ажырап, жаттана бастайды. Себебі, Константин Паустовский айтпақшы:
«Ана тіліне немқұрайлы қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз».
Бұл тұрғыда Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», — дейді.
Солай бола тұра кей жастарымыз өз ана тілінде жатық сөйлей алмайды. Әрине, ол күн бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда ол күн де келді. Өз ұлтын менсінбейтіндер бой көрсете бастады. Ал олар, Георг Гегельше айтсақ:
«Өз ана тілін менсінбейтіндер — өз ұлтын үш рет өлтіргендер».
Жә, өткен өтті. Бүгінгі күнге келейік. Тәуелсіз елміз. Өз билігіміз өз қолымызда. Алайда тілге қатысты саясат өзгеріссіз сол қалпы қалды. Соған орай «Үш тұғырлы тіл» саясаты алға шықты. Жастарымыз жаппай шет тіліне бет бұрды. Ана тілі де қоса дамыды. Осы жәйтты Мұхтар Шаханов өлең тіліне түсірген екен. Оқып көрелік:
«Тарихың тұр санаңа өткeл тастап,
Өз тіліңдe oйлау, сөйлeу
тoқталған сәттeн бастап
Бүкіл баба рухымeн
Ұлттық, гендік-ақпараттық
байланысың кeсілeр.
Тағдырыңнан атамұра шамын
сoлай өшірeр.
Өз тіліңді жeрсінбeудің,
Өз анаңды мeнсінбeудің
Арсыздығы қай дәуірдe
бoлып eді тапқырлық?
Oл – рухи мүгeдeктік
әрі ұлттық сатқындық!
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің
алдаса?..
Мейлі, он тіл, тіпті жүз тіл
меңгергенің далбаса,
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой-санаңа іргетас боп қалмаса».
Ана тілі үшін болған күресте ұлт зиялыларының дені алдыңғы шептен көрінді. Қалың көпшілік Парламент мінберінде саңқылдаған Шерхан Мұртаза ағамыздың даусын әлі ұмыта қойған жоқ. Ол кісі кезінде:
«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды», — деген еді.
Соған орай айтарымыз, әр жас ұрпақ өз кезегінде, қоғамның басым бір бөлігі, өзегі, өкілі болғандықтан, біз оны қоғамнан тыс қарастыра алмаймыз. Сонымен қатар қазіргі жастар деп бағалап отырған буын, болашақ қоғамның қайраткерлері және басшылары әрі өкілдері екендігі даусыз. Тарих бойынша қоғамда көпжылдық жоспарды жүзеге асыруға талпынған топтар мен ұйымдар алдымен қоғамдағы жастарды басты назарға алатындығы да осыдан болса керек.
Айта берсек, әңгіме көп. Әрине, бәрін билік таразылап отыр. Соған орай Ұлықбек Есдәулет «Қазақ тілі» атты өлеңінде бүй дейді:
«Қазақ тілі – ана тілім,
Көне тілім, жаңа тілім.
Ұрпақтардан ұрпақтарға
Мұра болып қалатұғын.
Абай тілі, Сəкен тілі,
Бабам тілі, əкем тілі,
Сені сыйлап, қастерлеумен
Мұратыма жетем түбі.
Халқымыздың азаттығы,
Салтымыздың ғажаптығы,
Жасай берер, жайнай берер,
Өзің барда, Қазақ тілі»..
Жасыратыны жоқ, ғылым-білім, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды қолдауда Қазақстан Республикасы Президенті орасан зор жұмысты атқарып отыр.
Себебі, Қазақ елінің атын үшінші мыңжылдық тарихына жазатын, аға толқынның ғылым мен мәдениеттегі өрелі жолын лайықты жалғастыратын да осы бүгінгі толқын — жастар болмақ.
Жалпы жастар саясатын тілге тиек еткенде, ұлттық құндылықтарға да басымдық берген жөн. Себебі, қай саясат та ұлтқа қызмет етуі тиіс. Ал ол мемлекеттік тұтастықты қалыптастырады. Осы тұрғыда саралағанда, жастарымыз бойына ұлттық құндылықтар нәрін де еге алуымыз керек. Мәселен, қазақ ұлтының мемлекет болып қалыптасуына, рухани дамуына ықпал еткен ерекше мәдени құбылыстың бірі — домбыра. Кейбір мәліметтерге сәйкес, домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар. 80-ші жылдардың соңында ғалымдар Алматы облысындағы Майтөбе шоқысында тастардан тапқан суреттерде би билеп жүрген адамдар мен домбыраға қатты ұқсайтын музыкалық аспап бейнеленген. Неолит дәуіріне жатқызылған бұл бірегей олжа Алматыда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы тұр.
Домбыра — сан ғасырлардан бері қазақ ұлтымен бірге жасасып келе жатқан көне жәдігер. Дегенмен домбыра әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі.
Домбыра аспабының негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған.
Домбыра шертудің «сұқпа» (сұқ және орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғары-төмен) деп аталатын түрлері бар.
Домбыра аспабының екі ішекті түрінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «балақай домбыра» деген түрлері де кездеседі. Домбыра хақында Ахмет Жұбанов былай дейді:
«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра — көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі».
Қазақ пен домбыраның ажырамас егіз ұғым екені Қадыр ағамыздың «Домбыра» атты өлеңінде де көрініс береді. Оқып көрелік:
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды,
содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре,
одан асқан жоқ дана.
Ақиқатты айтқандардың
бәрі осылай сорласын,
Деп бір хаһан шанағына
құйған оның қорғасын.
Бір ішегінде биіктік бар,
бір ішегінде тереңдік.
Ол мылқауды сөйлетеді,
жылатады кереңді.
Жалған сөйлеп көрген емес
соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын
жалап жатқан кезінде».
Домбыраны тілге тиек ете отырып айтарымыз, жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты бол-мақ. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бipi жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарының негізінде жастарға тәрбие беру саласындағы мәселелері шешу болып табылады. Жастар саясатының мақсаты өciп келе жатқан ұрпақтың рухани даму саласындағы жастардың еркін тұлғасын іске асыру болуға тиіс.
Ал домбыраға келсек, ол — нағыз өнер туындысы. Ол біздің жанымызға жақын болған соң ғана қымбат емес. Сондықтан да оған әлем жұртшылығы да назар аударуда. Мәселен, Александр Ефимович Алекторов бүй дейді:
«Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!».
Рас, музыканы шариғат қош көрмейді. Алайда хакім Абай айтпақшы: «Әннің де естісі мен есері бар». Бұл тұрғыда Әл-Фараби бабамыз былай депті:
«Музыканың үш түрі бар. Біріншісі, жәй ғана рахат сезімін туғызады, екіншісі құмарлықты, ынтықтықты білдіреді, үшіншісі біздің қиялымызға бағытталады. Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылады, ол бізді жақсы тынықтырады».
Соған орай айтарымыз, мем-лекеттік жастар саясаты елдің әлеуметтік-мәдени дамуының не-гізі болып табылады. Жастар саясаты өз кезегінде кез-келген елдің басты басымдығы. Сондықтан еліміздің жастарын ұлтжандылыққа, адамгершілікке, білімділікке, өрке-ниеттілікке тәрбиелеу біздің ең басты құндылықтарымыздың бірі болмақ.
Ал домбыра болса, өзіне тән қоңыр үнмен адам жанын баурап, жағымды сезім оятатын сиқырлы аспаб. Домбыраның бізге қаншалықты жақын екенін Ілияс Жансүгіровтің мына өлеңін оқығанда да жан дүниеңмен сезінесің:
«Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда-бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің күйшісі-ау,
Құлағымды қиқулат,
Көңілімді қандыра,
Тәтті-тәтті күйге тарт
Көргеніңді күй қыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің жыршысы-ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті-тәтті әңгіме айт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен сұңғыла,–
Құлшына тарт, домбыра!».
Біз ұлттық құндылықтарды бекерден бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Бұл тұрғыда Президентіміз қолға алған жастар саясатының мақсаты мен міндеттеріне тоқталсақ:
Қазақстан мемлекеттігін ны-
ғайтуға, отансүйгіштікті қалып-тастыруға, қоғамымыздың әрі қарай демократияландырылуына, еліміздің мәдени, экономикалық және саяси саладағы халықаралық байланыстарының одан әрі дамуына атсалысу.
Біз бұл орайда да өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге басымдық беруі-міз керек. Қазақ – жаратылысынан сөз қонған ақын халық. Сондықтан да біз: «Өнер алды – қызыл тіл», – деп қоямыз. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһра ала алмас.
Қиналма бекер тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ, ойға олақ», — дейді.
Алайда бүгінгі күні «Көңілсіз құлақ, ойға олақ» жандар көбейіп кетті. Көбейетіні, қай-қайсының да қазақ болғысы келмейді. Тіпті олар біздің ұлттық болмысымызға тән ерекшеліктерді кемшілік деп біледі. Олар ұғымындағы сол кемшіліктің бірі – сөз өнері. Бірақ қалай десек те:
«Түйеге мінген қазақ,
Төрт ауыз өлең біледі».
Соған орай Мұхтар Әуезов:
«Ескі қазақ баласы, шынында, өлеңмен қарсы алынып, өлеңмен шығарып салынатын болған. Бұл қазақ рухына анық сіңген мінез еді», – дейді.
Демек біз сол өнерден арылсақ, қазақы мінезіміз де өзгеріске түседі. Бәлкім басқа бір технократтық салада алға шығармыз, бірақ сол озған ұлыстың бүгінгі қазаққа сорпасы да қосылмауы мүмкін. Әйтсе де академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз Тұрсынбек Башар інімізге берген сұхбатында бүй дейді:
«Қазаққа кім керек? Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. «Ой, атамыз болтун екен»,- дейді. «Айта береді»,- дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?! Қазір сұрасаң: «Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен» дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені, бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз. Иса пайғамбар – еврей, Ассирия тайпасының бір тілінде сөйлегенін жұрттың бәрі біледі. Болды! Қазаққа «Боратсың» десе намысы келеді. Шындығында осындай санамен қайда барамыз. Себебі, біз Бораттың тірлігін қайталап отырмыз. Міне, осыған жұрт назар аударсын. Қазақ тек ақындық өнермен озамын деуі – бос сөз.
Ақындық қазақтан басқа ешкімге керек емес. Бұл «өлеңді таста» деген сөз емес. Ол «бүгінгі күннің кәсібін үйрен, жатпа, алға жылжы, позитив ізде» деген сөз…»
Қазақтың алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарынан көрінгеніне біздің де қарсылығымыз жоқ. Бірақ біз қай сапта тұрсақ та өзіміздің қазақтығымызды жоғалтпауымыз керек. Алайда Асқар ағамыз әлгі сұхбатында қазақ кежегесін кері тартып тұрған кейбір келеңсіздіктерден арылу қажеттілігін айтады. Ол кісі былай дейді:
«Қазақта айтыс деген өнер бар. Сөзбен салғыласу. «Сен Қыз Жібек емессің» дейді. Оған жауап ретінде: «Мен Қыз Жібек болмасам, сен Төлеген емессің» дейді. Айналып келгенде сөзбен салғыласу. Міне, осындай айтыс Италияда да болған. Бірақ ол айтыстың бұл айтыстан ерекшелігі Италияда сөзбен емес есеппен айтысқан. Бірі екеншісіне 10 есеп берген. Оны кәдімгідей нотариус арқылы бекітіп, пәлен күнде шығарам деп қол қояды екен. Жауабын кейін халыққа жариялайды. Ол есептерді халық түсінбесе де ішінен бір-екі түсінетін адам болған. Міне, сол кезде Тарталья деген кісі үшінші дәрежелі теңдеудің шығару жолын тапқан. Тарталья деген кекеш деген сөз. Өмірде де ол кісі кекеш екен. Оның қарсыласы Кардано деген математик болған. Кардано қулау, сөзге шебер кісі екен. Сол айтыста Тартальяны ешкім жеңе алмаған. Себебі ол қарсыласына ылғи үшінші дәрежелі есеп береді екен. Қарсылас шақ келтірмеген. Кардано соны білу үшін алдап, арбап: «Бұл не, бізге де үйретші?» деп іші-бауырына кіріп сұраған ғой баяғы. Сол кезде Тарталья өлеңмен жауап берген екен. Кардано да қу ғой біліп алғасын, Тарталья далада қалған. Сол формуланы «Кардано формуласы» дейді. Кардано – онсыз да белгілі мықты адам. Мысалы, көліктегі «кардан валды» осы кісі ойлап тапқан. Ол кездегі жұрт он қырлы еді…»
Өз басым Асқар ағамыздың Тартальясы мен Карданосына қой бағып жүрген қазақтың қара баласын айырбастамаймын. Себебі ол баланың жаны бөлек. Ол – қазақтың жаны. Соған орай айтарымыз, жер бетіндегі барлық технократты жинасаң да әлгі қой баққан баланың қолына су құюға да жарамайды. Сондықтан біз жастарымызға озық технократтық білім берумен қатар, ұлттық болмысын да қалыптастыруымыз керек.
Ондай жас өзіне тиесілі даралыкты сезініп, өзінің рухани және жеке тұлғалық қуатын сезініп, өзінің ең жақсы қасиеттерін болашақ ұрпаққа беруге тырысады.
Қоғамның қалыптасуы мен мемлекеттің өркениеттілігін арттыру үшін ондағы адамдардың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жетілген болуына баса назар аударылады. Олай болса, біздің еліміздің болашағы болатын жастардың белсенділігі қандай бағытта дамуы керектігі өзекті мәселелердің бірі екені дауысыз.
Айтпақшы, қазақ баласының не себепті әлгілер алдына шығатынын айта кетейік. Жә, оны Қадыр ағамыз айтсын. Ендеше Телғозиев әнін жазған Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Қазақ осы» өлеңін оқып көрелік:
«Е-е-ей!
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып,
қыз қууға жаралған.
Қазақ осы — айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы — аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы — ағыл-тегіл, көл-көсір.
Айхай!
Қазақ осы — ағыл-тегіл, көл-көсір.
Е-е-ей!
Қазақ осы — дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы — «Өнер алды — тіл» дейтін.
Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы — көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы — алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы — ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Айхай!
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Е-е-ей!
Қазақ осы — құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы — дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.
Қазақ осы — жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық — дәл аты.
Қазақ осы — өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Айхай!
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Қазақстанның ішкі саясаты мен халықаралық аренада қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына, халықтар достығын нығайтуға, еуропалық және азиялық мәдени байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастардың үйлесімді дамуына үлкен үлес қосты. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Президентіміз Қ. Тоқаевтың әлемдік деңгейдегі саясаткер ретіндегі тұлғасын ашып көрсету, оның сан қырлы қызметін ғылыми тұрғыда сараптау және насихаттау мақсатындағы шараларды ұйымдастыру жастар саясатының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Сонымен қатар біз жастар бойына өз ұлтымыздың ерекшеліктерін де сіңіре беруіміз керек. Себебі, өз ұлтын терең танымаған адам, әлемдік саясатқа жұтылып кетеді. Сондықтан да біз әуелі өзімізді өзіміз тануымыз керек. Мәселен, қазақ өмір салтының бір бөлшегі — киіз үй. Қазір біз киіз үйлерде өмір кешпесек те, қазақы қара үйге бас сұққанда арқаланып кетеміз. Себебі ол үйде кие, бабалар рухы бар. Соған орай киіз үйді қазақ халқы «қасиетті, киелі шаңырағымыз» деп дәріптейді. Өйткені ол — баспана ғана емес, біздің сан жылғы мәдениетіміз, ұлттық мақтанышымыз, мыңдаған жылға созылған тарихымыз, әрі көнеден жеткен ескерткішіміз. Мұнда ата- бабамыздың түсінік-түйсігі, ұғымы, танымы, талғамы, өмір тәжірибесі көрініс береді. Бір ғана осы киіз үйден сәулет, құрылыс, сурет, қол өнері сияқты бірнеше ұлы өнердің басын құрайтын ғажайып туынды көре аласыз. Біз сол киіз үйде өмір кештік. Өстік, өндік. Әлемді биледік. Сол дәуір елесін Қадыр ағамыздың мына өлеңінен де сезінуге болады. Оқып көрелік:
«Менің бабам қақтаған қыр аптабы
Көшіп-қонып,
Ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,
Алайда бабам шүкір етпеді ме?!
Астында жамбасының көмір жатып,
Қи жағып өмір бақи өтпеді ме?!
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,
Алайда бабам шүкір етпеді ме?!
Астында жамбасының жермай жатып,
Жарықсыз бүкіл түні өтпеді ме?!
Кеш ұғып
Көмір деген жаңалықты,
Кешігіп
Қазақ қолға шам алыпты.
Апырай, осылай ол аңғармады-ау
Өзінің бойындағы даналықты!».
Рас, Қадыр ағамыз біздің өткен өмірімізге бүгінгі күн биігінен төрелік айтып тұр. Болмаса қазақтың әр күні даналыққа толы. Тіпті киіз үйдің өзі тұнып тұрған даналық. Киіз үй туралы зерттеу еңбектерге назар аударайық:
Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.
Рас, жас кезде қалыптасқан идеялар мен құндылықтар уақыт өткен сайын өзгеріп отырады, дегенмен олар әлеуметтік маңызы бар тұлғаның дүниетанымдық негізін құрайды. Сол себептен де жаңа заңда жастарды әлеуметтік бейімдеу мен рухани және имандылық жағынан дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлінген.
Әйтсе де біз киіз үйден әлі де қол үзе қойған жоқпыз. Асхана, демалыс орындарын айтпағанда, мемлекеттік іс-шаралардың өзінде қаншама ақшаңқан үйлер бой түзеп жатады. Алайда дені жұпыны. Олар баяғы 12, 18, 24, 30 қанатты ақ орда, алтын үзік, алтын орда үйлерді көз алдыңа елестете алмайды. Болмаса бізге көшпенділер рухын қалыптастырған сол үйлер еді. Сол үйлерді тарих қойнауына жіберу арқылы біз қазақтығымыздан да ажырай бастадық. Себебі сол үйлермен қабат айтылатын талай құндылықтар біздің жадымыздан өшті. Олардың қандай құндылықтар екенін Ілияс Жансүгіровтың мына өлеңінен де аңғаруға болады. Зер салып, асықпай оқылық. Жаттап алсақ, тіпті жақсы. Бір сөзбен айтқанда, қазақ болайық.
«Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша
мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр,
арқан екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық,
ши, туырлық,
Он бес бау, ішкі –
сыртқы белдеу, желбау,
Түс киіз, көрпе, шай шымылдық,
Текемет, жастық,
шапан, кілем, сырмақ,
Алаша, бешпент, көйлек,
шәлі, берік,
Самаурын, үстел, кесе,
шәйнек, шәугім,
Кәдеге, сандық, кебеже, ақ түндік,
Патнос, шелек, мосы, адалбақан,
Ұстара, қайрақ, тарақ,
бақан, сырық,
Шылапшын, аяқ, қасық,
қазан, ошақ,
Жүкаяқ, шкаф, пышақ,
айна, орындық.
Тәрелке, ожау, шөміш,
саба, торсық,
Ұршық, біз, балға, көсеу,
қап, ине, жіп,
Сым, шалбар, жейде,
кебіс, дамбал, байпақ,
Дастарқан, тақия, ішік,
белбеу, белдік,
Ер — тоқым, жүген, тартпа,
айыл, қамшы,
Құйысқан, үзеңгі,
ішпек, өмілдірік,
Аяққап, тұз баспағы, сабын, сақар,
Ірімшік, жәшік, қоспа,
май, қымыз, құрт,
Айран, ұйтқы, ашытқы,
көже, саумал,
Ұн, тары, бидай, сұлы,
сұр мен шұжық,
Жүн-жұбыр,
қыбыр мен тері-терсек,
Келі, келсап, пышақ,аша, күрек,
Ат, қалта ноқта, бұйда, үскі, кілт,
Сыпыртқы, сүлгі орамал,
қырғы көнек,
Жайнамаз, қалам, қағаз,
дорба, сауыт,
Домбыра, тұтқыш, гармонь,
шаппашот, тұлып
Машина, кергіш, қайшы,
ілгек, шамдал,
Кепсер, қақпақ, саптыаяқ,
тәспі, құлып,
Асыл тас, ақық, меруерт,
маржан, үкі,
Бастырма, ілгек, жүзік,
сақина, шоқ,
Кимешек, шүберек, сағат,
құран кітап,
Темекі, қант, қағаз шай,
насыбай шелек,
Асық, шақша, шалғы, орақ,
бұрғы, қашау,
Желі арқан, көген, тоқпақ,
жылқы құрық.
Басқа түрлі жабдығын
санай алмай,
Сыртқы үзігін
көрмекке кеттім шығып».
Біз жастар саясатын тілге тиек ете отырып, біршама ұлттық құндылықтарды қаперге алдық. Бүгінде жастар саясатында сан-салалы жұмыстар қолға алынып, атқарылған шаралар аз емес. Атап айтқанда, айында Қазақстанның, Ресей, Қытай, АҚШ, Израиль, Үндістан, Германия және т.б. елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері, саяси және іскер топтарының өкілдері қатысуымен Парламент үйінде «Шығыс пен Батыстың сұхбаты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Осы ғылыми жиынның жұмыс қорытындылары бойынша еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар дүниеге келді.
«Қазақстан Республикасының стратегиясындағы ұлттық, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері» (ҚР Қауіпсіздік кеңесінің қатысуымен, ҚР Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетімен бірлесіп), «Әлемдік экономиканың ғаламдану және аймақтық жағдайындағы Орталық Азия мемлекеттері ұлттық экономикасының даму концепциясы», «Әлемдік және аймақтық державалардың стратегиялары және Орталық Азия мен Каспий жағалауы елдерінің мүдделері», «Саяси бәсекелестік және партиялық құрылыс: ортақтастығы және ерекшелігі» тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізді. Экономикалық даму мәселелері кеңінен қозғалып, жан-жақты талқыланған қазақстандық әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжамдау институтымен бірге ұйымдастырылған «Посткеңестік кеңістіктегі саяси жаңару» тақырыбындағы халықаралық конференция мамандардың белсене қатысуымен өткізілді.
Мұндай іс-шаралардың, әрине, берері көп. Әйтсе де біз жастар назарын ұлттық мәселелерге бекерден бекер бұрып отырған жоқпыз. Мәселен саясат пен спорт егіз ұғым. Сондықтан бізге бұл орайда да ұлттық мәселелерден аттап кетуге болмайды.
Біз күш атасы – Қажымұқанды туған халықпыз.
Алайда Мұхтар Шаханов айт-пақшы:
«Ертелі-кеш ұлылыққа
ауғанымен аңсары,
Біздің қоғам ергежейлі
дарындардан шаршады…
Япырай, бұл не, ұлтымыз
алыптықтан суынғаны ма?
Жүз қырық жылдай өтсе де
Қажымұқанның туғанына,
Күллі қазақ әйелдері жыл сайын
жабыла толғатқаныменен,
Намысын өр кеуде еркек қуаттарға
қорғатқаныменен,
Әкеле алмаған соң өмірге жойқын
күш – жаңа Қажымұқанды,
Әр әйелдің өз күйеуіне өкпе
қыжылы, назы тұтанды…»
Біз Мұхаң өлеңінің бастапқы шумақтарын ғана кесіп алдық. Болмаса ол кісі таланттың өзін «Бөдене және Қажымұқан» деп екіге бөліп қарастырады. Соған орай салмағы төмен чемпиондарға көңілі толмайды.
Жә, ол бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, өзімізге тән күрес өнері неге бізден сырт айналды? Қажымұқанға дейін желеп-жебеп келген бабалар рухы бізді неге тастап кетті? Болмаса біз ұлт атымен аталатын «Қазақша күрестің» иесі емес пе едік?!
«Батырға оң-солы бір» демекші, күрес болған соң оның барлық түрінен де біз алдыңғы қатардан көрінуге тиіс едік. Бірақ нәтиже біз күткендегідей емес. Неге?
Міне, осы сауал шешімін тапқан кезде күрес саласында Қажымұқандар бой көрсете бастайды. Себебі біз ол кезде күреске ұлттық өнер тұрғысында назар саламыз. Күресті өзіміздікі деп білеміз. Оны спорттың өзге түрлерімен шендестірмейміз. Болмаса біз спорттың барлық түрлерін бір деңгейде көретін болдық. Құдайшылығын айтсақ, біз футболдан ешқашан күресте қол жеткізген нәтижеге жете алмаймыз. Себебі ол біздікі емес. Сондықтан да бізге әуелі өзімізге тән спорт түрлерін анықтап алу керек. Оны анықтаудың да қажеті жоқ. Олар бізге бұрыннан белгілі. Соның бірі — күрес. Екіншісі — бокс. Біз жекпе-жек шығатын өнердің қай-қайсысына да бейімбіз. Біз үшін ол өнер емес, өмір мен өлім. Әу баста солай болатын. Бізге спорттың қай түрінен де сол рухты қайта оралту қажет.
Қазақ халқы қашаннан бала тәрбиесіне, жас ұрпақтың дұрыс қалыптасуына ерекше мән берген халық. Сондықтан «баланы бастан» тәрбиелеу керек деген даналық сөз қалдырған. Жастарды, ел болашағы ретінде жасынан қайратты, қайырымды, ақылды, адал, әділ, өнерлі етіп өсіру мәселесі қай кезде де айрықша мәселе болған.
Сонымен қатар біз құралайды көзге атқан мерген халықпыз. Алайда қанымызда бар сол қасиеттен де ажырап қалдық. Себебі…
Себеп көп. Ең бастысы – ұлттық рухтан көз жазып қалғанымыз. Бізге сол үшін де ұлттық тәрбиеге басымдық беру керек. Бұл тұрғыда Марк Твен: «Батылдық деген қорқыныштың жоқтығы емес, батылдық — қорқынышпен күресу және оны жеңе білу», — деген екен. Ал Брюс Ли болса: «Жақсы күрескер байбалам салмайды, дайындалады. Ол ойламайды да, армандамайды да, кез келген жағдайға дайын болады», — депті.
Байыбына барсақ, кез келген жағдайда дайын болу – ұлтқа тән қасиет. Соған орай аталарымыз:
Мергеннің
«Көзі де мерген,
Қолы да мерген», – деген. Сондай-ақ: «Ескі садақ сынығынан,
Жаңа садақ шығады», – дегенді де аталарымыз айтыпты. Демек, жаңа мергендердің шығатын уақыты жетті.
Ал күреске келсек, опық жеген, қапы кеткен кезіміз көп. Оны себебі… Ол себептің бірін Қадыр ағамыз айтыпты:
«Өзі өмірдің адамды тірестірген,
Бірі жаңа тірестің, бірі ескірген.
Алқа-қотан отырып иісі қазақ
Азаматын өзара күрестірген.
Күрес деген осы ғой батыл-өктем,
Қимылда сен алайда ақыл-еппен.
Айласы көп әлсіздер атып ұрып,
Қулығы жоқ қара күш
қапы кеткен!»
Саясаттың ауқымы кең. Ол — ұлттық мәселе. Ол – қауіпсіздік. Ол – халықаралық жағдай. Бүгінде халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселенің бірі – ауған жерінде бейбіт тіршілік пен тұрақтылық орнықтыру жайы. Жылдарға жүк болып келе жатқан осынау жағдайға байланысты тақауда ғана «Ауғанстан айналасындағы аймақтық қауіпсіздік: лаңкестікпен күрес қаншалықты нәтижелі?» атты халықаралық конференция өткізілді
Бұл жастардың халықаралық қарым-қатынастар және алыс-жақын шет елдердегі жетекші ғылыми, сараптамалық мекемелермен өзара байланыстарды қалыптастыру, ха-
лықаралық ынтымақтастық, бей-бітшілік пен тұрақтылық ісіне үлес қосу бағытындағы арналы жұмысының бір сарасы. Әлем экономикасын шарпыған қазіргі дағдарыс жағдайында ғылым-білімді қолдаудың маңызы тіпті ерекше.
Бір сөзбен айтқанда, жастар саясаты елдің әлеуметтік-мәдени дамуының негізі екендігі күмәнсіз. Жастар саясаты қалай десек те барлық мемлекеттердің ең өзекті ұстанымы. Өйткені жастар саясатының өзі жастардың қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени-рухани мәртебесін сақтау әрі қорғау шаралары жүйесі, осы тұрғыдағы мемлекеттік және қоғамдық органдардың қызметі екендігі даусыз. Соған орай еліміздің жастарын ұлтжандылық пен адамгершілікке, отансүйгіштікке, білімділікке, өркениеттілікке тәр-биелеу біздің ең басты міндетіміз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.