Түркі əлемінің рухани жұлдыздары
25.04.2015 0 4 689
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Шәкәрім Құдайбердіұлы
(11.07.1858-02.10.1931)
ХIХ ғасырдың екінші жарымы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, ұлы Абайдың немере інісі, Абайдың ақындық мектебін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Әкесі Құдайберді 37 жасында дүниеден өтіп, жеті жасында әкеден жетім қалған Шәкәрім Абайдың тәрбиесінде болып, жетімдіктің тауқыметін тартпайды. Жастайынан ауылда ән салып, сауық, саятшылық құрып, өнер-білімге ынталы болып өскен Шәкәрім домбыра, гармон тартуды, сурет салуды үйренеді. Сауатын бес жасында ауыл молдасынан ашып, өздігінен оқып, орысша хат таниды. Абайдың тікелей ықпалымен әр түрлі кітаптар оқып, ой өрісі тереңдеп, білімді де, парастты азамат болып өсіп, шартарапқа көз салды. Арнайы оқу орнын бітірмесе де өздігінен ізденудің арқасында ол өз дәуіріндегі қазақ даласының санаулы ғана білімдар азаматтарының бірі болып қалыптасады. Түрік, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ол өмірдің шындығын іздеп, ғылым әлемін шарлайды. Өз дәуірінің білімпазы саналған ол Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің мүшесі болып сайланады.
Ш.Құдайбердіұлы 1905 жылы 47 жасында Меккеге сапар шегіп, «қажы» атанады. Сапардың мақсаты қажылық жасап, мұсылманшылық парызын өтеу болғанымен де ақын мұны өзінің білімін жетілдіре түсуге де пайдаланады; Меккенің, Стамбулдың кітапханаларында болып, білім-ғылым әлеміне тереңдей түседі.
Жасынан білім қуып, ойлы өлеңдер жазған Шәкәрімнің ақындық, азаматтық даңқы ел арасында кеңінен тарайды. Ақынның Қазан төңкерісіне дейін жазған өлеңдерінде қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, өмірде болып жатқан түрлі әділетсіздіктерге қарсылық, үстем тап өкілдерін сынап, халықтың мұңын мұңдаушылық, надандықтан шығудың бірден-бір жолы ретінде білімді, өнерді насихаттаушылық басым.
Қазан төңкерісі кезінде алпысқа толған ақын жаңа заманнан үлкен үміт күтті.
«Түзелер деп, қазағым,
Николай құлап өлген соң,
Тағы да тарттым азабын,
Алпысқа жасым келген соң.
Құлдықтан қазақ босады,
Білмеймін қайдан тосады.
Күн шыққанға ұқсады,
Бостандық сәуле берген соң…».
Бірақ алдағы өмірден ылғи да жақсылық күтумен болған ақынның арманы орындалмады. Керісінше, төңкеріс тыныш жатқан қазақ даласына топалаң алып келді. «Ақтар» мен «қызылдардың» арасындағы текетірес ұзаққа созылып, елдің берекесі кетіп, тыныштығы қашты. Соңы 20-шы жылдардың соңына қарай жаппай жазалауларға, аштыққа ұласты. Міне, осындай аласапыран кездерді басынан кешіріп, тығырықтан шығар жол іздеген, өмірдің құйтұрқы келеңсіздіктерінен әбден шаршаған, күйбең тіршіліктен түңілген ақын тыныштық іздеп, жалғыз өзі тауға кетеді; оңашада өзімен өзі сырласып, ойларын өлең қылып өрнектейді. Алайда ақынға мұнда да тыныштық бермейді; «жынды болып кеткен», «есалаң», «бандылармен байланысты» деген сияқты не бір өсектер таратып, бірнеше рет абақтыға жабады.
Ақыры аңдыған жау алмай қоймайды, 1931 жылдың 2-ші қазанында өмірдің күйбең тіршілігінен аулақта, жеке тұрып, ойларын жыр жолдарына айналдырып, өзімен өзі оңаша өмір сүріп жатқан Шәкәрім зұлымдардың қастандық оғынан қаза табады. Ұзақ уақыттар бойы «халық жауы» ретінде шығармалары халыққа «зиянды» саналып келген ақын 1988 жылы ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы еліне қайта оралды.
Шәкәрімнің артында қалған әдеби мұрасы аса бай. Ол әдебиеттің барлық салаларында дерлік қалам тербеп, өмір шындығын көркемдікпен ашып бере алған туындылар қалдырды. Ақын шығармаларынан Абайдың ақындық мектебінің идеялық, көркемдік сарыны анық көрінеді. Халқының қамсыз тіршілігіне күйінген ақын
«Ойда жоқ, өнер, білім, жол табатын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын…
Қайран елім, қазағым, қайран жұртым,
Көп айтып, а дариға, не қылайын..
Көретін көзі жоқ,
Ұғатын сөзі жоқ.
Қазақтың бұл күнде
Аты бар өзі жоқ.
Түзелер кезі жоқ,
Түзетер тезі жоқ.
Жер жүзі халқының
Қазақтан езі жоқ» – деп, ашына сынайды.
«Қазақ айнасы» жинағына кірген «Бай мен кедей», «Өмір», «Өзіме», «Қулар», «Қаншыр мен бөдене», «Ақылшы торғай», «Талап пен ақыл» секілді өлеңдерінен-ақ әділеттілікті ту еткен ақын поэзиясындағы сыншылдық, гуманистік сарын анық көрінеді.
Абай дүниеден өткеннен кейін жазған «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» тақырыбымен жазылған топтамасына кірген «Жастарға» атты өлеңіндегі:
«Кел, жастар, бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал, енді олай болса, кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,
Жалыналық, Абайға, жүр баралық!
Білімді сол кісіден ізденейік!
«Әдейі іздеп келдік сізге» делік…
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік…» – деген жолдардан Абайдың ағартушылық жолын ұстанғанын көреміз. Өлеңде өзіне де, жастарға да Абайды жолбастаушы, қазақтың жүрер жолын бағыттаушы ретінде суреттеледі. Сондықтан да ақын өмірдің шиырларынан шаршап, жол таппай қиналғанда, әрдайым Абайға жүгініп отырады.
Шәкәрім шығармаларының ұзақ уақыттар бойы жабық болып келуінің бір себебі онда имандылықтың, мұсылманшылықтың жырлануы болатын. Ақын өз туындыларында Құранның сөздерін, пайғамбарымыздың хадистерін жиі қолданып отырған.
Қазақ поэзиясында поэма жанрының алғашқы үлгілері Абайдың «Ескендірі» мен «Масғұты» саналса, бұл дәстүрді Абай мектебінің Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әсет секілді өкілдері ары қарай дамытып алып кетті. Шәкәрім «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр»», «Нартайлақ-Айсұлу», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Қодардың өлімі», т.б. тақырыпты поэмалар жазды. Бұл поэмалардың жазылуына Абайдың өзі ықпал етіп отырған. Ал «Еңлік-Кебек» дастаны тікелей Абайдың тапсырмасымен жазылған.
Шәкәрім поэмалары тақырыбы, мазмұны, идеясы жағынан бір-біріне ұқсас, биік махаббатты асқақтата жырлау болып келеді. Шығарманың негізіне тарихта болған нақтылы оқиғалар, адамдар алына отырып, өмір шындығының шынайы суреттелуімен, кейіпкерлерінің күйініш-сүйініштерінің, іс-әрекеттерінің нанымды берілуімен ерекшеленеді.
Ш.Құдайбердиевтің шығармашылығында «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны өзіндік орны бар. Поэманың өзегіне араб ақыны Қайыстың (Мәжнүннің) Ләйліге ғашық болып, басынан кешкен оқиғалары өзек болған. Кезінде бұл тақырыпты алғашында Низами бастап, кейіннен Дехлеви, Жәми, Науаи, Физули, Андалиб секілді шығыс ақындары нәзирашылдықпен жырлаған. Шәкәрім де Шығыс поэзиясының алыптары қалам тартқан осы тақырыпқа қорықпай барып өнер жарыстырған. Барып қана қоймай, осылардың ішіндегі озық үлгілерінің бірі, қазақтың ұғым-түсінігіне жақындау Физулидің нұсқасын таңдап алып, негізінен соның нұсқасын сақтай отырып, кей жерлерінде дастанның сюжеттік желілерін, идеясын, көркемдік тұстарын жетілдіре түсіп, өз сүрлеуімен жүріп өткен. Сол себепті де поэманы аударма дегеннен гөрі Шәкәрімнің төл туындысы деген жөн.
Шәкәрім прозада да қалам сілтеп, «Бәйшешек бақшасы», «Шын бақтың айнасы» әңгімелер топтамасы мен «Әділ-Мария» романын жазды. «Әділ-Мария» – қазақтың алғашқы роман жанрын игерудегі ізденістердің бірі болуымен де құнды. Романда ақынның поэзиялық туындыларында жырланған махаббат тақырыбын жалғастыра отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылындағы бостандық, әйел тақырыбы мәселелері батыл көтерілген.
Ақын ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының зәру мәселелеріне елгезек үн қосып, «Қазақ» газеті, «Абай», «Айқап» журналдары бетінде мақалалар жариялап тұрды. Ғалым ретінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911), «Мұсылман шарты» (1911) трактаттарын жазды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» романын, «Боран» повесін, Л.Н.Толстойдың «Аскардонпатша», «Үш сауал» секілді алты әңгімесін, американ жазушысы Гарриэт Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын қазақ тіліне аударған.
Әрі ақын, әрі жазушы, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі сазгер Шәкәрім Құдайбердиевтің артында қалған рухани мұрасы жалпытүркілік, жалпыадамзаттық сипатымен де біз үшін аса құнды.
Әдебиеттер:
Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, «Жалын», 1988, 253 бет; Бес ғасыр жырлайды. 2 том, Алматы, 1989; Ш.Қ.Сәтбаева. Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы, 1990, 52 бет; Б.Әбдіғазиев. Асыл арна. Алматы, 1992, 128 бет; Қ.Мұхамедханов. Абай мұрагерлері. Алматы. «Атамұра», 1995, 208 бет; У.Қалижанов. Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым. Алматы, 1998; Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет. Алматы, 2001; т. б.
ҒАБИТ МАХМҰТҰЛЫ МҮСІРЕПОВ
(22.03.19020-31.12.1985)
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы 22-ші наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Ғ.Мүсірепов атындағы ауылында өмірге келген. Тоғыз жасында хат таныған ол ауылдағы төрт сыныптық орыс мектебінде дәріс алады. Орынбордағы жұмысшы факультетін (1926), Омбыдағы Сібір ауылшаруашылық академиясының бір курсын (1927) бітірген. Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы (1928-1930), осы баспаның бөлім меңгерушісі (1931-1933), «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы (1934-1936), ВКП(б) Қазақстан Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1936), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті саяси ағарту жұмысы бөлімінің меңгерушісі (1937), Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің көркемөнер жөніндегі басқармасының бастығы (1937-1938), Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумының мүшесі, «Әдебиет және искусство» журналының редакциялық алқа мүшесі (1938-1954), 1954-1956 жылдары шығармашылық жұмыста, «Ара», «Шмель» журналдарының бас редакторы (1956-1957), Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы (1957-1962, 1964-1966) қызметтерін атқарды. 1959 жылы КСРО Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы болып сайланды. Ол АПН-нің қазақ бөлімшесінің төрағасы, КСРО әдебиет және көркемөнер жөніндегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі, Еуропалық мәдениет жөніндегі дүниежүзілік қоғам атқару комитетінің мүшесі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Советтерінің бірнеше дүркін депутаты болды. 1974-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Ғабит Мүсірепов артына мол әдеби мұра қалдырды. Ғабең көзінің тірісінде-ақ аса дарындылығымен, талғампаздығымен, шығармашылық шеберлігімен халқының зор құрметіне бөленген болатын. Сөз зергері атанған Ғ.Мүсіреповтің інжу-маржандай құлпырған көркем шығармалары қазір де оқырмандар жүрегіне жол тауып, ізгілік дәндерін себуде; өмірдің құпияларына терең бойлатып, асқақ идеалдарды уағыздауда; жүректерге жалын, рухани қуат беріп жарқын болашақтарға бастауда; эстетикалық ләззат құйып, адамдардың бақытты өмір сүруіне көмектесуде.
Ғ.Мүсірепов – ең алдымен, жазушы. Тырнақалды туындысы 1927 жылы жарық көрген «Тулаған толқында» повесімен әдебиетке келген Ғабит қазіргі заман тақырыбына жазылған «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Шұғыла», ана тақырыбына арналған «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» секілді шоғыр әңгімелері арқылы қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді; сөйтіп әңгіме жанрында хас жүйріктің шабысын танытты.
Оның қаламынан шыққан «Оянған өлке» (1953), «Жат қолында» (1984), «Қазақ солдаты» (1945), «Ұлпан» (1974), «Кездеспей кеткен бір бейне» (1968), т. б. – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл дүниелер. Жазушы шығармаларында қазақ халқының ХІХ, ХХ ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігі, арман-аңсары кемел көркемдікпен шебер бейнеленді; сөз өнерінің асқан шебері ретінде академик-жазушы атанды.
«Қазақ солдатында» екінші дүниежүзілік соғысқа кеңес әскері қатарында қатысқан қарапайым қазақ Қайырғали Смағұловтың басынан өткерген ауыр күндер көркемдікпен нанымды баяндалады. Романда Қайрош Сарталиев аталған бас кейіпкердің бойына соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің ортақ қасиеттері жинақталып берілген.
«Оянған өлке», «Жат қолында» романдарында ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында өндіріс орындарының ашылып, жандана бастауы, кейіннен олардың отаршылдық саясаттың салдарынан жат жұрттардың қолына түсе бастауы шынайы көрініс тапқан.
Мүсірепов – дарынды драматург. Күні бүгінге дейін қазақ театрларының сахнасынан түспей келе жатқан «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесалары қазақ драматургиясының классикалық үлгілерінен саналады. «Амангелді», «Болашаққа аманат», «Қыпшақ қызы – Аппақ» сияқты драмалық шығармалары тарихи қайраткерлерді көркем сомдай білген кесек туындылардың қатарында.
Ғ.Мүсірепов – ағымдағы әдебиет мәселелеріне белсене араласқан алмастай өткір алымды сыншы. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде Ғабең пікір білдірмеген жазушы, елеулі мәселе жоқ дегендей. Оның басты сын-зерттеу еңбектері «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет»,(1982), «Дәуір дидары» (1986), «Әдебиет – кәсіп емес, өнер» (1987), «Күнделік» (1997) жинақтарында топталған. Ол өзінің «Авгейдің ат қорасынан бастайық», «Ана тілін анамыздай ардақтайық» секілді сын мақалалары арқылы көркем әдебиеттегі тіл тазалығы үшін күрескер ретінде көзге түсті. Орыс тілінде жарық көрген «Черты эпохи» (1996), «Күнделік» (1997) сияқты еңбектерінде де қазақ әдебиеті жайлы құнарлы ойлар баршылық.
Ғ.Мүсірепов – шетел әдебиетінің озық туынды-ларын қазақ оқырмандарына таныстырған шебер аудармашы да. Ол М.Горькийдің, М.Шолоховтың, И.Эренбургтің, О.Генридің, А.Островскийдің, В.Шекспирдің, Мольердің, Я.Галанның, К.Симоновтың, Л.Леоновтың, А.Сафроновтың, А.Штейннің, т.б. шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Ғабит – елді аралағанда, шетелдерде түрлі сапарларда болғанда алған әсерлерін хатқа түсіріп отырған көркем очерктің майталманы. Жазушы – «Аттың сыны», «Жапон әсерлері» «Кездесулер» сияқты тамаша очерктердің авторы.
Ғ.Мүсірепов «Қыз-Жібек» операсының либреттосын, «Амангелді» (Б.Майлин мен В.Ивановпен бірге), «Қыз Жібек» кинофильмдерінің сценариін жазған.
Ғ.Мүсірепов екі томдық «Қазақ театрының тарихы», бес томдық «Қазақ ССР тарихы», екі томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты академиялық басылымдарды шығаруға қатысқан. Шығыстанушылардың 1-ші конференциясына (Ташкент,1958), Азия, Африка жазушыларының конференциясына (1958), Т.Г.Шевченконың 150 жылдығына орай өткізілген мерекелік ғылыми сессияда (Алматы, 1964), «Сөйлеу мәдениеті және баспасөз» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияға (1972), т.б. көптеген халықаралық, республикалық конференцияларға, жазушылардың республикалық, одақтық құрылтайларына қатысып, қазақ әдебиетінің түрлі зәру мәселелері хақында баяндамалар жасады.
Ең бастысы, ол еліне абыройлы, халқына қадірлі азамат болды. «Ақын болмасаң болма, азамат болуға міндеттісің» деп Некрасов айтқандай, Ғ.Мүсірепов те отанына адал қызмет еткен, қазақ халқының жарқын болашағы үшін әдебиет майданында аянбай күресіп, сөз өнерінен биік рухани мұнара тұрғызған ұлттың рухани көшбасшыларының қатарында көрінді.
Ғ.Мүсірепов – Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі (1958), ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері (1977). Үш рет Ленин, Октябрь Революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1984 жылы «Социалистік Еңбек Ері», «Қазақстанның Халық жазушысы» атақтарын алды.
Әдебиеттер:
1. М.Бекбергенов. Сөз зергері. – Алматы, 1967;
2. Х.Әдібаев. Талант, талғам, тағдыр. – Алматы, 1971;
3. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. –Алматы, 2002;
4. Қазақ әдебиетінің тарихы. 8 том. – Алматы, 2004;
5. Д.Ысқақұлы. Сырбаз суреткер. – Алматы, 2002.
Кулаковский Алексей Елисеевич
(04.03.1877-06.06.1926)
Ақын, ғалым-ағартушы, философ-гуманист, якуттың тұңғыш әліпбиін жасап, жазба әдебиетінің негізін қалаушы Кулаковский Алексей Елисеевич (якутша – Өксөкүлээх Өлөксөй, лақап аты – Алексей Ексекюлях) 1877 жылы 4-наурызда қазіргі Ресей Федерациясындағы Якут АССР-інің Алексеев ауданына қарасты Тәтті (Ботурус) ұлысының Жехсогон елді мекенінде мал баққан шаруаның отбасында өмірге келген. 1897 жылы Якутскідегі реальды училищені бітірген. Одан ары оқуға мүмкіндігі болмай, өздігінен ізденіп, білімін жетілдіріп, бұрқ-сарқ қайнап жатқан өмірге ерте араласып кетеді. 1926 жылы 49 жасында Мәскеуде қайтыс болған.
Алексей Елисеевич туған өлкесін ширек ғасырдай шарлап, оның табиғатын, экономикасын зерттеп, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Қарапайым халықтың ауыр жағдайы болашақ ақынды көп ойландырады. Ел ішіндегі түрлі келеңсіздіктерді, отаршылар мен кейбір жергілікті ел билеушілердің озбырлықтарын көріп, өмірге деген азаматтық көзқарасы қалыптаса бастайды. Оны әсіресе сахалардың өткен тарихы мен рухани мұрасы қызықтыра түседі.
Кулаковский өздігінен іздену, үйрену барысында өз дәуіріндегі жан-жақты білімдар, озық ойлы азаматтардың бірі болған. Оның ерте кезден қолына қалам алып жаза бастаған публицистикалық мақалаларына саха халқының басынан кешіріп отырған ауыр жағдайлардың барлығы да нәр беріп, негізгі тақырыбына айналды; оның қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауына алып келді. Ғалым якут халқының тарихы мен мәдениетін алғаш зерттеушілердің бірі болумен бірге оның экономикасы, этнографиясы, этнопсихологиясы, әлеуметтік жағдайы, мифологиясы жайлы да құнды зерттеулер жазып,тілтану, әдебиеттану, фольклортану салаларында классикалық еңбектер қалдырды. Кейін біржола қаламгерлік жолға түскенде де ғылымнан қол үзбей, халықтың сөзін сөйлеу оның өмірлік мұратына айналды.
А.Е.Кулаковский якут халқының тарихындағы аса бір шешуші кезең – ұлттық ояну дәуірінде өмір сүріп, оның рухани көшбасшыларының біріне айналды; заман ұсынған ұлттық құндылықтар мәселесі саласында тарихи еңбек сіңірді. Бүкіл саналы ғұмырын сахалардың өмірін зерттеуге, олардың ел болып, жұрттан қалмай өмір сүруіне арнаған Кулаковский өз халқының ұлттық мақтанышына айналды.
Оның тырнақалды туындысы 1897 жылы жарық көрген «Орыстардың өз атымен мақтануына хұқы бар ма?» («Вправе ли русские гордиться своим именем»), «Пушкин поэзиясының басты құндылықтары» («Главнейшие достоинства поэзиии Пушкина») болды. 1900 жылы «Баянайдың қарғысы» (якут тілінде – Байанай алгыһа, орысша – Заклинание Баяная) атты якут тіліндегі тұңғыш жазба әдеби өлеңді жазды. Ал орыс тілінде жазылған «Орыстар өз атымен мақтануға хұқылы ма?», «Пушкин поэзиясының басты артықшылықтары» аталған алғашқы шығармалары 1897 жылы жарық көрді.
1900-1910 жылдарда ол сыншыл реализм үлгісіндегі «Саха әйелдерінің портреттері» («Саха дьахталларын мэтириэттэрэ», 1904), «Жүз жасаған кейуананың әні» («Сүүһүн туолбут эмээх синырыата», 1906), «Сараң бай» («Кэчэгэй баай», 1907), «Өзен сыйлары» («Өрүс бэлэхтэрэ», 1909), т.б. поэмаларын жазды. Бұларда сол кездегі сахалардың ауыр тұрмысы көрініс тауып, халықтың жағдайын осындай күйге соқтырып отырған ескіліктің қалдықтары мен отаршылардың, ел билеген ұлықтардың қарамағындағы елге жасап отырған шектен шыққан зорлық іс-әрекеттері сынға алынды. Әсіресе, сын көтермейтін қорлықтағы якут әйелдерінің жай-күйін ашына жырға қосты.
«Шаманның түсі» («Ойуун түүлэ»,1910) поэмасында және де «Мас буржуйдың әні» (1915), «Қала қызы» (1916), «Арақ» (1916) т.б. өлеңдерінде үстем тап өкілдерінің адамгершілікке сыйыспайтын іс-әрекеттері мен қылықтары, қарапайым халықты екі жақтан сорып, тұрмыс жағдайын құлдыратқан патша өкіметі мен дүниеге көзі тоймай халықты сүліктей сорған жергілікті байлардың қанауын барынша сын тезіне салды.
Ақын бірсыпыра өлеңдерінде халықты жерді өңдеумен, мал шаруашылығымен айналысуға, еңбек етіп, кәсіп қылуға, мектептер ашып, білім алуға шақырды. Бұл ретте дамыған озық елдерден, оның ішінде орыс халқымен достық қарым-қатынастарда болып, оның озық жақтарынан үйренуге үндеді.
«Жаз келді» («Сайын кэлиитэ», 1924) поэмасында, «Самолет» (1924), «Қарттың әңгімесі» (1924), «Қар-мұз жастанған елдің әскері» (1925), т.б. шағын өлеңдерінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі елде жүріп жатқан өзгерістерді халықтың жағдайын жақсартуға бағышталған шаралар ретінде жырға қосты.
А.Е.Кулаковский жаңа тұрпаттағы жазба якут әдебиетінің классигі, халық әдебиетін зерттеген фольклортанушы, ұлттың тұрмысын зерделеген этнограф қана емес, сонымен бірге якуттың бай халық тілімен ел аралап жүріп танысып, оны алғаш рет жинап, хатқа түсірген, зерттеп, еңбектер жазған тілші ғалым да болды. Өзінің ана тілін, нағыз халық тілін жетік меңгеріп, оны барынша сүйе де білді. Сондықтан да якут тілінің тарихи кезеңдегі қилы тағдыры оны бей-жай қалдырмай, оның өткеніне, бүгінгі жай-күйіне, диалектілеріне, лексикасына, әліпбиіне арнап өзекті мәселелерін көтерген құнды еңбектер жазды.
Оның якут жазуын жасау мәселесіне арналған алғашқы мақаласы 1921 жылы жарық көрді. Ол орыс графикасы негізінде якут тілінің әліпбиін жасаушылардың бірі болды. Якут тілінің өзіндік тілдік дыбысталуы барынша сақталған А.Е.Кулаковскийдің әліпбиі кейін ұлтшылдық тұрғыдан сынға ұшырады.
«Якут тілінің жаңа транскрипциясы жайлы» («Новая транскрипция якутского языка»), «Якуттар ауысып алып, қолданып жүрген орыс сөздері» («Русские слова, перенятые и усвоенные якутами (кроме собственных имен и названий)», «Якут тілі» («Якутский язык»), «Якут» сөзінің шығу төркіні жайында» («О происхождении слова якут»), «Якуттарға таныс жануарлардың түрлері мен өсімдіктер патшалығы» («Виды животного и растительного царств, известные якутам»), «Якут өлең құрылысының ережесі» («Правила якутского стихосложения»), «Архаизмдерді, арнайы аңшылық терминдерді, омонимдер мен синонимдерді қоса алғандағы жергілікті жерлердің, ұлыстар мен округтердің диалектілік ерекшеліктері» («Наречия разных местностей, улусов и округов с прибавлением архаизмов и специальных охотничьих терминов, омонимов и синонимов»), т.б. еңбектерінде якут тілінің аса маңызды мәселелері көтеріліп, өмір талабына сай шешімін тапты.
1924-1925 жылдары ақынның екі томдық өлеңдер жинағы шыққан. Кеңес өкіметі кезінде А.Е Кулаковский буржуазиялық ұлтшылдықпен айыпталып, оның шығармалары ұзақ жылдар бойы жабық болып келді. 1955 жылы шыққан «Якут кеңес әдебиеті тарихының очеркінде» оған осындай баға беріліп, шығармаларына орын берілмеді. Бұл жағдай кейін барып түзетіліп, А.Е.Кулаковский якут әдебиетінің, мәдениетінің тарихындағы өзіне лайықты орнын иемденді.
Әдебиеттер
Башарин Г.П. «Три якутского реалиста-просветителя» (Кулаковский, Софронов, Неустроев). Якутск, 1944; Статьи и материалы по якутскому языку. Якутск, 1946; Сборник докладов к 85-летию со днярождения А.Е.Кулаковского. Якутск, 1964; Алексеев Е.Е. Өксекулээх Өлексей. Монография. Якутск, 1966; Очерк истории якутской советской литературы. Москва, 1970; Краткая литературная энциклопедия. 3 том, 1966; Духовное наследие. Наука и культура Якутии. Москва, 2002 (якут, орыс, ағылшын тілдерінде), т.б.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.