17.10.2021 0 1 473
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен
көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат
…Біздің балалардың шешесі (Ақтеңгеш жеңгең) аңқаулау-тұғын: қайсысы айлық, қайсысы қаламақы – бастапқы кезде мән бермейтін. Оған ақша болса болды. Оның сол осал тұсын пайдаланып, мен кейде айлық-қаламақы алатын күні есік-қақпаның алдын торып жүретін бірер жоқ-жұта студенттерге, қарыз сұрағандарға таратып кететінмін. Қарыздар, әрине, қайтты.
Бірте-бірте ол әдетім үдеп, біреу-міреу өлеңімді мақтаса да, оларды жалма-жан ресторанға шақырып, есіретінді шығардым Жастық қой. Бірте-бірте келіншегімнің де сауаты ашылып: «осы сендерге айлық бермей жүр ме», «сен осы жазбай кеттің бе, ана нең де сиреп кетті ғой» дейтін болды. «Неңді» дегені қаламақыны айтқаны. Менің «әртістік» өнерім, міне, сол кезде басталды.
Айлықтың бір жартысын «аванс» дейді. Келіншегімнің сол күдігінен кейін авансты ышқырыма қыстырып қалып, балалардың шешесінің қолына айына үш рет ақша ұстатып жүрдім. Кейінірек «үш ретті» екі ретке түсірдім. Бір күні балалардың шешесі: «Не мә, сен осы өткен айда екі-ақ рет ақша әкелдің ғой деймін», – деді көзін бір нүктеден айырмай. «Дұрыс қой, ол – айлық. Қаламақы жазсаң болады, жазбасаң қайдан болады», – деп, мен бір тығырықтан аман-есен шығып кеттім.
Қалам ұстайтындардың кітап ауруы бар емес пе? Мені өтірікке үйреткен тағы бір нәрсе – кітап. Қалтаға тиын-тебен түссе, кітап дүкендері, қара базар… Пенде ғой, балалардың шешесі сезіп, бірдеме деп қала ма деген қауіппен әкелген кітаптарды үйге бірден кіргізбей аулаға тығып, ішке кіруге түнге қарай «рұқсат» етіп жүрдім. Жинала берді. Бір күні балалардың шешесі: «Мына кітап бұрын жоқ еді ғой», «мына кітапты да бірінші рет көріп тұрмын», – дейтін болды. «Дүйсенбек сыйлады, Тәжібай, Төлен сыйлады», – деп бұл тығырықтан да аман-есен шығып кеттім.
Мені өтірікке «ауыздандырған» тағы бір нәрсе, баяғы өзің білетін көңілшектік. «Үмбекеңе бір күрежке сыра әперсең, ол оны екі-үш есе қып қайтарады», – деп, Жеңіс Қашқынов қой деймін, үстімнен «анекдот» боратып жүр деп естідім. Көрші тұрғанбыз, айтса айтқан шығар. Той-томалақтарда шаршап қалған бірлі-жарым жора-жолдастарды таксимен үйлеріне жеткізіп тастаймын. Бәрі қарашығын.
Базарда ақшасын ұрлатып, не пойызға, ұшаққа билет алуға қаражаты болмай жүрген таныс-бейтаныстар жұмыс орныма вокзал, аэропорт жағынан телефон шалып қалады. Кімнің басында не болмайды, кім қиналмайды — тыпырлау басталады. Өз қалтамның мүмкіндігі болса, әрине, бұл мәселені табанда шешіп тастаймын. Болмаса қызметтес жолдастарды «қытықтаймын». Олардан айлық-жалақы алғанда құтыламын.
Сондай-сондайда балалардың шешесінен ыңғайсызданып, басқа рөл ойнауға кірісемін. Айлық-қаламақыны сұрап қала ма деп, кейде жұмыстан «ауырып» келемін. Балалардың шешесіне менің денсаулығым қымбат – жүргені сол зыр-зыр жүгіріп. Әңгіме ыңғайы кейде айлық-жалақыға қарай келе жатса, мен жылдам-жылдам сөйлеп, оны ойынан адастырып жіберемін. Отбасыма, Отаныма адал екенімді дәлелдеп, бұдан бұрынғы бір сауал-сұрақтарыңа жауап бергенім есінде шығар. Опасыздық дейсің бе, өзің біл, әлгідей осал тұсым болды, оны қалай жасырамын?
Сондай-сондайымды байқағаның шы-ғар, бет-ауызын маған қаратып жазған бір өлеңіңде сен:
Сәл нәрсеге дір етпей,
Жүре алмайды бұл кісі, – депсің ғой. Тұспалынды түсіндім.
Өтірікке қарай ауызым қазірде де бұрылып кетіп тұрады. Ол былай.
Ұйқыларын қимағанда немесе тығыз бір жұмыс үстінде отырғанда балалар телефон тұтқасын көтерген маған: «Пап, мені жоқ деп айтшы», – дейді. «Жоқ», – дей саламын. Ол әбестігімді әп-әйдік басыммен кейін түзеттім. Екіншілей олай демеуге балаларға да қатаң тыйым салдым.
Анда-санда Мариям жеңгең: «Жас кезіңде сұлуларға көзің көп түсті ме?», – деп сұрайды. «Түскен жоқ», – деймін. Бұл өтірік емей немене, оған кім нанады. Көзі бар адамның гүлге, гүл түстестерге көзі түспей тұра ма?
Қорыта келгенде, айтайын дегенім, Көпен, өмір сүрген ортаға, қоғамға, адамдарға қауіпті, қауіпсіз, залалды, залалсыз – өтіріктің де өтірігі бар. Бірдеме біліп айтқан шығар, ағылшын жазушысы Роберт Льюс Стивенсон: «Ең сорақы өтірік, көбінесе үнсіз айтылады», – депті. Неміс жазушысы Георг Кристоф Лихтенберг: «Ең қауіпті өтірік – сәл-пәл бұрмаланған өтірік» деген. Кім айтқаны есімде жоқ, осыған ұқсас: ең жаман өтірік шындық араласқан өтірік дегенді бір басылымнан көзім шалды.
Бұл айтылғандарға қарағанда, менің «өтіріктерімнің» өзімнен басқа ешкімге зияны жоқ сияқты.
Шындықтың бетіне түкірген қауіпті, зиянды өтірік қай заманда өмір сүрмеген? Ол қазір тіпті жер-көкті жаулап алған жоқ па? Оған қарсы ішкі наразылығымды мен өлеңмен де, қарасөзбен де аз білдіргенім жоқ. Кішкене кідіре кетейін.
…Өтіріктер, о, біздің өтіріктер,
Өттіңдер ме сайланып «округтен»?
Күллі әлемдік ақиқат басы қатып,
Мәселеңді шеше алмай отыр көптен!
Бері қара, өтірік, бері қара:
Ақсаттың ба сен жалғыз мені ғана.
Мұңын тыңдап тастанды балалардың,
Қара жерге кірмейсің неге ғана!
– Оқысын, оқымасын, ақын-жазу-шылардың көбісі кітап жинауға әуес. Елдің жорамалдауынша – кітапханасы бай Қадыр Мырза Әли мен Әубәкір Нілібаев. Кітапхана – рухани деңгейіміздің көрнекті көрсеткіші ме?
Менің туып-өскен жерім – Отырар. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, дүние жүзіндегі ең бай кітапхана Александрия қаласынан кейін осы Отырар қаласында болған екен. Бірақ соншама рухани жиһазымыз 1219 жылы Шыңғысханның жойқын шабуылыңда өртеніп кеткен немесе жер астына жасырылғаны тарихи дәйек. Александрия кітапханасына да үш рет нәубет келген. «Біраз бөлігі біздің заманымызға дейінгі 47-жылы өртенген. Қалғаны біздің дәуіріміздің 391 жылы жыртылып, желге ұшты, үшінші рет кітапхана қалдығы VII ғасыр аяғында талан-таражға түсіп жоғалғанын жазушы Дүкенбай Досжан ағамыз ілгерілі-кейінді шежіре мен жылнамаға арқа сүйеп жазғаны ғылыми тұжырым. Мәскеудің «Наука» баспасынан 1967 жылы шыққан «Бейбарыс сұлтан хикаяттары» атты кітаптың 67-бетінен адам тебіренерлік мысал келтіреді.
Бейбарыс Сұлтан бабамыз Сирияда, кітапхана жанына жерленген себебі, артына мынадай аманат қалдырып кеткен екен: «Көзім жұмыла кетсе, перғауындарға ұқсатып басыма тастан тау үймеңдер, зәңгілерге ұқсатып от қойып өртемеңдер, мағараж көсемдерінше кептіріп, келістіріп зәулім кесене орнатпаңдар да, пәруәрдігер дүние!.. Соңымда қалар ұрпақ!.. Сүйегімді кісі аяғы көп жүретін жол бойына, ізгілік ниет жетелеп келетін кітапхана жанына жерлесеңдер жетеді!»
Ал біз қайттік? Осыдан оншақты жыл бұрын республикадағы бүкіл кітапхананы жойып жібере жаздадық қой. Әйтеуір Құдай сақтап, қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Соның бір айғағы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында «Отырар кітапханасы» құрылды. Адамзаттық құндылықтарды сақтап келген ежелгі Египеттегі Александрия кітапханасы он екі жыл бойы салынған. Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің кітапханасы, Джон Клорн Гувер атындағы мұрағат қоры, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхана, Лондондағы Британ мұражайындай дәрежеге жету үшін араға жылдар керек, әрине.
Мәдениет мәселелеріне айрықша маңыз берген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында көп нәрсе көзделгенін баса айтты. Алла жазса, кітап пен кітапхананың күні туып келеді.
Олжас Сүлейменов «Кітапхана өркениеттің ең басты тегершігі –кітаптарды сақтап келді және ол мәдениеттің тұтқалы қазынасы болып табылады. Сондықтан да, дәл қазір біз оның адамзат өміріндегі маңызын бұрынғыдан да терең сезінуіміз керек», – дейді. Зиялы қауымның шыбын жаны бекерге шырылдай ма? Жоқ!
Сіздің кітапханаңызда «Отырар кітапханасына» тапсыратындай көненің көзі іспеттес шежірелі мұра бар ма?
– Кітап, кітапхана мәселесіне мен әртүрлі әңгіменің ыңғайында өз үнімді шама-шарқымша білдіріп келемін. Әр жерде ауызша, жазбаша қойылған сауал-сұрақтарға да жауап бердім. Осы екеуміздің сұхбатымыз барысында да жанамалай болса да ауызға алдық.
Рас айтасың, кеңес қоғамы тұсында кітапты сәндік үшін жинағандар болды. Кітапқа ондай жалған әуестік біздің қаламдастардың арасында бар деп айта алмаймын. Көзінен қалмаса, қай-қай қаламгердің де кітап оқымай, қағазға қарамай отыруы мүмкін емес. Соның бірі – өзім. Қатарлас-замандастарым — Әубәкір (Нілібаев), Әбіш, Қадыр, Төлен (Әбдіков), Әнес, Қалихан, Ғаббастай көп кітап жинадым, көп оқыдым деп тағы айта алмаймын. Дегенмен көзге тыным жоқ.
Кітапхана демекші, ғалым-қаламгер Т.Әкімовтің «Даналық мәйегі» («Ана тілі», 1997 ж.) деп аталатын кітабына көзім түсті. Сонда «Мұхтар Әуезовтің кітапханасы» деген тақырып бар екен. Оқып кеп қалсам, құдай сақтасын, ұлы жазушы қандай кітап оқымаған! Кітап авторларының көпшілігін мен есіме түсіре алмадым. Бәрі бейтаныс! Әне, оқу!
Көне, сирек, аса құнды кітап менде жоққа тән. Сөз орайында бір жағдайға қайырыла кетейін.
Бұдан сәл бұрынырақ, ел жаққа бір барғанымда «Қайырхан көне үйдің кесегін тарқатып алып жатып, араб қарпімен жазылған 4 кітап тауып алыпты», – деген хабар құлағыма тиді.
Қайырхан да, оның жұбайы Күләйім де өзімнің мектепте бірге оқыған жақсы жолдастарым.
Содан Қайырханды «Ақши» елді мекенінде кездестіріп қалып, бұйым-тайымды айттым. «Осылай да осылай, сенде араб қарпімен жазылған төрт кітап бар көрінеді. Сен оларды маған көрсет, көзің қиса Алматыға алып кетейін», – дедім. Қайырхан «Екеуі үйде, екеуі біреудің қолында. Көп болды – қайтармай жүр. Үйдегіні алсаң ал. Сұраған кейбір мәжігүндерге бермей жүр ем. Ұстатып жібере ме деп. Саған сенем ғой», – деді күліп.
Сөйтіп, бұйымтайым орындалды. Мұқабасы терімен мұқият қапталған қалың екі кітап қолымда. Жазуы арабша. Не нәрсе, не жайында? Ешкім білмейді. Ол кезде мен Жазушылар одағының жанынан жаңадан ашылған аударма редакциясында қызмет істейтінмін. Ғаббас (Қабышев), Мұрат (Әуезов), Ақселеу (Сейдімбеков) т.б. қаламдастар сондамыз. Арабша жазуды таниды деген бірнеше жолдасқа әлгі кітапты көрсеттім. Мұрат басын шайқады. Ақселеу жыға танымады.
Қытай жағынан келген әріптестер де оқи алмады. Біреуі «бұны бір оқыса сыртқы істер министрлігіндегілер оқи алады», – деп кеңес берді. Ондағылар «Сіз Ғылым Академиясына барып көріңіз, онда араб жазуының көнесін де, жаңасын да оқи алатындар бар», – деп, ғылым ордасына қарай иек қақты. Содан бір күні «қаншалықты құнды, құнды еместігін білмеймін, менде осындай кітап бар. Маған ол кітаптың үйде жатқаны қызық емес, халыққа қызметі қызық» деген мағынада мақала жазып, «Алматы ақшамы» газетіне ұсындым. Мақала көп ұзамай жарық көрді. Содан бірнеше күн өткен соң Ғылым Академиясынан бір қазақ: «Сізді Манаш аға, Қозыбаев, академияға келіп кетуіңізді сұрайды. «Алматы ақшамындағы» мақалаңызды оқығанға ұқсайды», – деп телефон шалды. Уәделескен уақытта бардым. Бұл академик ағамыздың қолын өмірімде бірінші рет алуым.
– Ауруханада ем қабылдап жатқанмын. Сіздің «Алматы ақшамындағы» мақалаңызды оқығаннан кейін «ол неғылған көне кітап екен» деп ұйықтай алмадым. Сұранып келдім, – деп, мен алып барған кітапты бірінен кейін бірін аударып-төңкеріп қарады. Ұмытпасам Көмеков деген жігіт қой деймін, соны қасына шақырып алып: «Мынау не кітап?» – деді. Қызметкері оқыды. Менің түсінгенім: кітаптың иесі – татар. Бірнеше кітап көшірдім депті. Біздің қолымыздағы кітаптың біреуі тазалық, екіншісі саяхат жайында көрінеді.
Академик маған қарап:
– Бұл кітаптар бізде қалсын, әрман қарай көрейік. Бізде жоғалмайды, – деді.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін үйге Ырғыз ауданы мұражайының директоры Бекарыстан Мырзабаев деген жігіт келіп, біз әңгіме етіп отырған кітаптарға сұрау салды. «Мен оларды бірнеше дана етіп көбейтіп, түпнұсқасын Ырғыз мұражайына қойып, көшірмесінің бір данасын сізге беріп, бip данасын Ақтөбе мұражайына қойсам деймін», – деді. Мен мән-жайды түсіндіріп, академияға жон сілтедім. Естуімше, Бекарыстан академия қызметкерлерінің тілін тауып, екі кітапты қолына тигізгенге ұқсайды. Ол уақыттан бері Ырғыз жағына менің әлденеше рет жолым түсті. Әлгі кітаптарды Ырғыз мұражайьшан көре алмадым. Ақтөбе мұражайында болуы мүмкін.
Сауал-сұрағың көне мұра жайында болған соң кішкене кеңейтіп айтқан себебім сол, Көпен.
Кітап – мұраның мұрасы ғой. Бұдан бұрынғы бір әңгіме барысында айттым ғой деймін, атам Қызылбас сопыдан, әкем Уәйда молдадан қалған жалғыз мұра – Құран әлі күнге шейін үйге келген жоқ. Оның талай әңгімесі бар.
Көлде жүзген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсін.
Қырда жүрген дуадақ,
Көл қадірін не білсін.
Жаңылыспасам, бұл Асанқайғы бабамыздан қалған даналық сөз ғой деймін. Бұл жолдарды мен әртүрлі жағдайларда ыңылдап айтамын. Талай жер, талай үйде ет желініп болғаннан кейін дар-дұр газет, дар-дұр кітап жыртылғанын көзіммен көрдім. Сондайда жүрегім жыртылғандай болып, Асанқайғы бабаның әлгі даналығы тіліме оратылады.
Ақтөбелік Әбдісағи Мүтәлиев деген журналист жолдасым бір әңгімесінде:
– Сенің ертеректе шыққан «Өмірге құштарлық», – деп аталатын кітабыңды бір үйде бір қасапшының қолынан аман алып қалдым. «Ойбай, ана кітапты жыртпаңыз, орнына мен қол сүртетін таза шүберек, көп сүлгі әкеп берейін», – дедім. Соның арасынша болмай алғашқы бір-екі беті жыртылып кетті», – дейді.
Ырғыз кітапханасының директоры Рахия Омарова қарындасымыз да талай кітапты суық қолдардан арашалап алып, кітапханаға әкеліпті. Бұл жайында мен кейінірек бір кеңдеу отырғанда әңгімелессем деймін.
Сонымен, Көпен, байқадың ғой, «Отырар кітапханасына» қосатын менде көне кітап жоқ екен.
Кітап! Кітап!
«Кітапсыз үй жансыз дене тәрізді».
Цицерон
«Кітапсыз үй – сұрқай да көңілсіз».
М.Танк
«Кітаптарды дәл бір түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге (ес) сөзсіз көшіп отыруға тиіс».
Ф.Петрарка
«Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштымын».
М. Горький
– Күндердің күнінде Бертольт Брехт өкпелеп жүрген бір танысынан хат алыпты. «Құрметті досым! Аман-есенмін. Саған да соны тілеймін!» деп жазыпты. Бітті! Басқа сөз жоқ.
Арада аз-маз уақыт өткесін әлгі танысы поштадан «посылка» алыпты. Жәшіктің ауырлығы сондай оны ат-арбаға артып, төртінші қабаттағы пәтеріне әрең көтеріп әкеліпті.
Жәшікті ашса – ішінен қазандай қара тас шығады. Бір жапырақ қағазға «Құрметті досым! Көптен бері жүрегімдс шемен боп қатып қалған қара тасты қопарып алып, саған жіберіп отырмын» деп жазып жіберіпті.
Байқадыңыз ба, бір атым насыбайдан қалған көңіл, бір ауыз жылы сөзге шуақтанып қалған. Хат – елші. Хат – жақсылық жаршысы.
Кешегі күнге дейін данышпандарымыз бен ғұламаларымыз көңілдегі көрікті ойлары мен ізгіліктің іздерін бір-біріне хат жазып қалдырған. Қазіргі техникалык прогресс оны түбірімен жойып, өшіріп тастады. Маңызды мәселенің көпшілігі ауаға жайылып, телефонмен шешілетін дәуір басталды. Кімнін кімге қандай ой тастағаны беймәлім, інжу-маржандарымыздың ізі суға жазған жазудай.
– Хат. Амандық хат. Сәлем хат. Амандық хабар.
Хат. Хаттар. Өлеңмен жазылған сағынышты сансыз хаттар.
Мен сәлем жазамын,
Қарағым, қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?
(Абай).
Махаббатпен қарап бақ,
Тамыр соқса солқылдап.
Мен жазайын сізге хат,
Оқып көрсін ол шындап!
(Абай. «Әбдірахманға
Кәкітай атынан хат»).
Хат. Хаттар. Әнмен жазылған сағы-нышты хаттар.
Ерлікке, батырлыққа, достық-ынтымаққа, сабырға шақырған жалынды хаттар: «Лейся, песня!», «Письма с фронта», «Жауынгер жазған хаттар». «Хаттар, хаттар» (Әбділда Тәжібаев).
«Хат жаздым қалам алып қалқатайға».
«Әже, ата, алақай, сүйінші, көкемнен хат келді!»
Қандай… Қа-а-ндай жақсы сөздер!
Теледидар адамзаттан ытапты тартып алды деп Олжас айтқандай, қазіргі электронды техника бізден хат жазу мәдениетін, хат тәрбиесін, хат арқылы берілетін сезім тәрбиесін ұмыттырып барады.
Жақсы хабарды да, жамандық хабарды да бүгінде арылдап-дарылдап, гүрілдеп телефонмен айта салатын болдық. «Атам қайтыс болды», «Әжем өліп қалды» деген сықылды жеделхаттар пошта жәшігінен сопаң етіп шыға келеді… Хаттар қалай басталатын еді: «Құрметті», «Қадірлі», «Қадірменді», «Аса қадірлі», «Мәртебелі…»
Бала кезімде қатты бір мәз болғаным әлі жадымда. Сондағы «Құрметті Үмбетбай!» деп, леп белгісі қойылған ауыз сөздің жылуы мені әдебиетке, жазу-сызу өнеріне ынтықтырды!
Қазіргі «Ұлан» ол кезде «Қазақстан пионері» аталатын. Шимай-шатпақ-тарымды көбіне-көп сол газетке жолдап тұратынмын. Кері адрес – мектеп. Бір күні түске шейін оқитын Мұхтаров Әбдісалам деген әрі туыс, әрі құрдасым қарсы жолығып: «Саған Алматыдан тасқа басылған хат келді. Газеттен. «Құрметті Үмбетбай!» депті», – деді.
Хат қолыма тиді. Иә, «Құрметті Үмбетбай!» – деп басталыпты. Аяқ жағында ұмытпасам Сансызбай Сарғасқаев деген ағайдың аты-жөні тұр. Ғалым Нығмет Ғабдуллин ағайдан да хат алып тұрдым. Маған әлгі «құрметті» деген сөзді қиып хат жазып жүрген сол екі ағайдың біреуі.
«Құрметті» – туғалы ешкімнен есті-меген сөзім. Қандай жанға жайлы жылы сөз!
Өкінішке орай, ол хат менде сақталмапты. Бала кездегі өлең, анау-мынау жазылған дәптерім мен редакциялардан келген хаттар жоғалды. Бірер өлеңдерім басылған газеттерді өзіміздің Ұлттық кітапхананың қорынан таптым! Жазған-сызғандарымды, атыма келген хаттарды тігіп-жинап қою дағдысын мен алпысыншы жылдардан кейін бастадым. Көз жүгіртсең, альбом қарағандай қызық, көңілге ыстық: күлесің, күрсінесің!.. Сол тігінділердің бірінен, Көпен, бәлкім, сенің Қиыр Шығыс жағынан, әскери қызметіңді өтеп жүргенде жазған хатың да табылып қалар.
Редакцияға келген хаттарға жарысып жауап беретініміз есіңде ме? Менің мұрағатымда сол уақыттан қалған екі папка бар. Онда: авторлардың аты-жөні… шығарманы пайдалана алмаған себептер… Шолпан апа тіркеген хаттардың журналдағы рет сандары… т.б. Кім біледі, ерте ме, кеш пе, олардың да сөйлейтін кезі келер.
Рас айтасың, «Хат – елші». Хат – өткен шақтың таңбасы, шежіресі, тарихы. Лев Толстойдың, М.Горькийдің, И.С.Тургеневтің, А.П.Чеховтың, В.И.Ле-
ниннің, ерлі-зайыпты Булгаковтардың, сондай-ақ өзіміздің Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Бауыржан Момышұлының, Бейсенбай Кенже-баевтың, оның аржағындағы Әлихан Бөкейхановтардың хат, күнделіктері қазір тарих емес пе? Және қандай қызық!
Хат, біле-білсек, ғылым және журналистика мен көркем әдебиеттің жанры да ғой. Хат түрінде жазылған романдар каншама!
Менің ойымша, Көпен, шежіре-хатқа, тарих-хатқа, оқып отырып жылайтын, оқып отырып күлетін хатқа адамдар қайтып айналып соғуы тиіс. Құдайым соған жеткізсін.
Әумин!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.