ШАҺАР АУМАҒЫНДАҒЫ АУЫЛДАР сапалы интернетпен қамтылады Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында Цифрландыру басқармасының цифр- ландыруды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің басшысы Н. Ботабаевтың қатысуымен брифинг өтті....

ШАҺАР АУМАҒЫНДАҒЫ
АУЫЛДАР

сапалы
интернетпен қамтылады

Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында Цифрландыру басқармасының цифр-
ландыруды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің басшысы Н. Ботабаевтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Нұрбек Қасымбекұлы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылдан бастап қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылыды. Алғашқы кезеңде қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станса орнатылды. Ал, биыл жеке инвестор қаражаты есебінен 8 жерге (А2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р32 трассасы, Ынтымақ шағын аудандары) базалық стансалар орнатылмақ. 6 елдімекенге (Абдулабад, Забадам, 226 орам, Асар, Самал-3, Достық ш/а) станса орнату үшін операторлар тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрбек Ботабаев.
Спикердің сөзінше, жоғарыда аталған жерден бөлек, қала аумағынан шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен шағынаудандарға жеке инвесторлар тартылып, талшықты-оптикалық желі жүргізу жұмыстары қарастырылған. Бүгінде қалада интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталған. Бұл ретте, оларға оптика тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қала қауіпсіздігін арттыру мақсатында SOS батыр-масының қойылатын нүктелері анықталып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталды. Ал Ә.Жангелдин көшесіне ақылды жаяу жүргінші жобасы қойылды. Бүгінде 3D жол шектеу белгілерін пилоттық режимде орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның қалалық қызметтер мен сервистерін орталықтандыратын портал құрылып жатыр.
Айта кетейік, қоғамдық көліктерде электрондық билеттеу жүйесі енгізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру аясында 3 жоба («Ақылды квартал», «Тұрғын үйлерге IoT элементтерін енгізу», «IoT элементтерін әлеу-меттік нысандарға енгізу») іске асырылды. Білім саласы бойынша Egov (Е-акимат) порталы арқылы 8, «indigo24.kz», «school.shymkent.edu.kz», «college.snation.kz», «Mindal», «HR-Process» қызметтері автоматтандырылып, 147 мектеп кең жолақты интернетке қосылған.
Көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілді

Шымкенттің келбетін келісті етіп, әрін арттыратын – оның жайқалған жасыл желегі. Қаланың шырайын шұғылалы ету мақсатында Әл-Фараби ауданында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағында жасыл-желектерді суғару, газондарды қырқып ретке келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ, тал-теректер отырғызып, оларға күтім жасау – аса маңызды әрі қажетті жұмыстардың бірі.
Биыл көктемде ауданның басты көшелерінің бойына егілген туя шыршалары тамырын кеңге жайып, жақсы өніп-өсуі үшін оларға арнайы қоршаулар жасалды. Шыршаларды суғару, күтіп баптау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Аталған жұмыстарды атқару «Build stroi» мекемесіне жүктелген. Көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғаса бермек.

Мобильді бригадалардың жұмысы қатаң бақылауда

Шымкент қаласындағы емханалар жанынан құрылған мобиль-ді бригадалардың жұмысы қатаң бақылауда. Мобильді топ қызметкерлердің науқастарға үй жағдайында дұрыс амбулаторлық қызмет көрсетуін ситуациялық орталықтағы мамандар үйлестіріп отырады. Бұл жұмыстар штаб отырысында қала әкімі М.Әйтенов берген тапсырма негізінде жүзеге асырылып отыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов емханаларды аралап, мобильді бригадалардың жұмысын үйлестіретін ситуациялық орталықтың жұмысын бақылап шықты. Мобильді топтың құрамына жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт, педиатр және медбике кіреді. Науқастың денсаулығын тексерген мамандар одан ПТР-сынама алды. Нәтижесі кейінірек белгілі болады.
Қазіргі таңда 39 мемлекеттік және жекеменшік емханада шақыртуға баратын 216 мобильді бригада және 45 онлайн консультация беретін бригада жұмыс істеуде. Бригада қызметкерлері Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері барпациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп, ковидкекүдікті пациенттерден жедел ПТР сынамасын алады. Шымкент қаласы қазір коронавирус індеті өршіп тұрған өңірлердің қатарында. Қауіптіліктің қою қызыл деңгейі жарияланды. Жағдайды бақылауда ұстауға барлық сала жұмылдырылған.

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Шымкентте жолдарды жөндеуден өткізу бойынша қайта құру жұмыстары жоспарланып, бір нысанның жер телімін мемлекеттің мұқтаждығына қайтару мәселесі қозғалса, үшеуінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында Ержан Жақсылықұлы қаладағы жол құрылысына қатысты барлық мәліметтер бойынша есеп берді.
– Жол жөндеу жұмыстары орташа, күрделі және қайта құру бойынша жүзеге асырылады. Орташа жөндеу негізінде шалғай және ішкі орамдағы көшелерге басымдық берілді. Осы орайда 139 нысанның 36-сы аяқталып, 52-сінде жұмыстар атқарылуда. Күрделі жөндеу жоспарланған 4 нысанның 1-еуінде аяқталып (Бадам ш/а), қалған 3-еуінде жұмыс жалғасуда, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, бүгінде мердігер мекеме «Корпорация Береке-А» ЖШС-мен келісім-шарт арқылы жасалған күрделі жұмыстар 98 пайызға игерілген. Брифинг барысында Ержан Жақсылықұлы жол құрылысымен қатар қоғамдық көліктерге де тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдауда 18 жекеменшік көлік компанияларының 882 қоғамдық көлігі күнделікті қалаішілік 79 маршрутта қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің 80 пайызы жаңартылған.
Айта кетейік, жоспарға сәйкес сатып алынған 590 автобустың 300-і қолданысқа берілген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толыққанды аяқталады.

М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ – ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚУ жыл сайын үздік университеттер қатарынан көрініп келеді. Бұл оқу орны жылда 7 жаһандық және 2 ұлттық рейтингке қатысады.
– М.Әуезов атындағы ОҚУ 2012 жылдан бастап QS әлемдегі беделді университеттер рейтингісіне қатысып келеді. Әлемдік рейтинг агенттігі Quacquarelli Symonds (QS) 2021 жылғы әлемнің ең үздік университеттерінің тізімін жариялады. Осы ретте, Қазақстанның 14 ЖОО-ның ішінде біздің университет 3-орынға ие болды. Ұсынылған нәтижелер бойынша ОҚУ 482-орынды (өткен жылмен салыстырғанда 8-ге жоғарылаған) алып, университеттің әлемдік білім кеңістігінің жоғары стандарттарына сәйкестігін дәлелдеп отыр, — дейді басқарма төрағасы-ректор Дария Қожамжарова.
Университет ректорының айтуынша, бұл білім ұясы «Greenmetric» рейтингісінде – 458-орында болса, «RankPro – 2021» рейтингісі бойынша ТОП – 500 оқу орнының қатарына кіреді. Сондай-ақ, ОҚУ – «Химия ғылымдары» пәндік рейтингісіне енген Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны.
Сонымен қатар, университет 2 жыл бойы Орталық Азиядағы Нобель фестивалінің ресми серіктесі болып табылады. Өткен жылы бұл жоба университеттің имиджі мен трансформациясына оң әсерін тигізді. Ал 13 500-ден астам қатысушы тамашалған Нобель фестиваліне университеттің 6 ғалымы (үш негізгі бағытта: мүмкіндіктер экономикасы, болашақ индустриясы және EdTrends сессиялары) спикер және модератор ретінде қатысты.
Сондай-ақ, «Әуезов оқулары – 19: Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» атты халықаралық ғылыми – практикалық конференциясы Central Asia Nobel Fest екінші фестивалінің ғылыми-ақпараттық платформасы болып жұмыс істеді.
Айта кетейік, ОҚУ – Қазақстанның ірі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінгі күнде мұнда 29 343 адам білім алады. Университетте әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерге көмек көрсету жүйесі қолға алынған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 222 студентке күнделікті тамақтануға, оқу ақысын төлеуге, жатақханада тегін тұруға мүмкіндіктер жасалған.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТЕГІ ПІКІРТАЛАС КЛУБЫ

«Оқушылар мен студент жас-тардың дебаттық қозғалысы» жал-пыұлттық мәдени-білім беру жобасы тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әдістемелік орталықтың қолдауымен жазғы мектеп пікірсайыс турнирінің күнтізбесі жасалынып, жоспарға сай жұмыстар атқарылды.
Ю.Сареми атындағы №107 м/л дебат клубының ұйымдастыруымен үш лига бойынша (қазақ,орыс,ағылшын) лицей оқушылары мен Түркістан облысы Кентау қаласының М. Қашғари атындағы мектеп –лицей оқушылары арасында өткізілген аймақтық жолдастық кездесу турнирі, №88 жоббм «ЖасStar» дебат клубының ұйымдастыруымен «Зерделі» оқу орталығының базасында және «@study_on_samal» оқу орталығының базасында өткізілген «CAT DEBATE CUP ІІ» атты, №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы базасында өткізілген Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің тұлғасы» тақырыбындағы турнирлер жас пікірсайысшыларды шешендік өнерге, пайымдауға, талдауға және сыни ойлауға, командада жұмыс істеу дағдысын дамытуға, қарама-қарсы пікірге құрметпен қарауға, өз көзқарастары мен пікірлерін белсенді қорғауға үйрете алды. 65 команда қатысқан бұл турнирлерге 142 оқушы қамтылды.
Жазғы мектеп пікірсайыс турнирлері оң нәтижесін көрсетті. Аймақтық деңгейде Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің IKTU DC пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткізілген «TURKESTAN school Cup І» ашық турнирінде №88 жоббм «ЖасStar» дебат клубының мүшелері Абукарим Сүйрік (ІІ-орын), «Үздік спикер» номинациясын Бердіхан Айбек және №1 Пушкин атындағы м/г оқушылары қатысып (Сейсенбай Бақдәулет ІІ-орын, Құрманәлі Рахымжан ІІІ-орын), жүлделі орындарды иеленсе, еліміздің астанасы «Нұр-сұлтан қаласы» күніне орай «Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталығы ұйымдастырған «Елін сүйген, елі сүйген — Елбасы» қалалық пікірсайысшылар турниріне Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия оқушысы Құрманәлі Рахымжан қатысып, «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.

АЙЫНА 2 МИЛЛИОН ДАНА ШҰЛЫҚ ШЫҒАРАДЫ

Шымкентте айына 2 миллион дана шұлық шығаратын кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Шұлық шығару үшін ең басты шикізат – жіп, мақта. Ол елімізде бар, жетпей жатса көрші Өзбекстаннан әкелінеді.
Кәсіпорын жіпті өздері бояйды. Шұлықтардың бағасы жіптің бағаларына байланысты нарыққа шығарылады. Бүгінде Шымкенттен шыққан шұлықтарды кез келген қазақстандықтың қалтасы көтереді. Нарықта олардың бағасы 80-300 теңге арасында. Бүгінде тоқыма цехында 240 тігін машинасы жұмыс істейді. Онда әр 3 минутта бір шұлық дайын болады.
– Қазір Қазақстан нарығында Түрік және Қытайдан әкелінген шұлықтар көп. Сондықтан «Made in KZ» деген белгіде шұлықтарды сатылымға шығару оңай болмады. Алайда отандық өнім бәсекеге төтеп берді. Аз уақытта біздің компания «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында шұлық импортын алмастыра алатындай жағдайға жетті – дейді кәсіпорын басшылары.

ҚАЛА КҮНІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТЕДІ

Шымкентте қала күні мерекесіне орай өтетін мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы берген брифингте мәлімдеді. Жиында басқарма басшысы 19 маусым – қала күніне орай өткізілетін іс-шаралардың дайындық барысы жөнінде баяндады.
Білім, мәдениет, спорт, денсаулық салалары бойынша 5 локацияда 52 іс-шара және театрлық сахнада 2 – премьера, 22 — қойылым өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ , шаһарға Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты елдегі жетекші театрлары мен филармония ұжымдары шаһарға гастрольдік іс-сапармен келеді.
Қала күніне орай Абай кітапханасы, Орталық балалар кітапханасы және «Шым-қала» тарихи-мәдени кешені барысында 3 музей ашылады.
Айта кетейік 18, 19, 20 маусым күндері қатарынан үш күнде тұрғындар мен шаһар қонақтары Шымкент қаласындағы барлық театрда қойылымдарды тегін тамашалай алады.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА КӘСІБИ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «SHANYRAQ» орталығында көпбалалы аналарға кәсіби кеңес берілді. Жиынға қалалық тұрғын үй басқармасы, білім басқармасы, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты.
Мамандар көпбалалы аналардың сұрақтары мен өтініштері бойынша кеңестер беріп, мәселелерді заң аясында шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік портал және атаулы әлеуметтік көмекке байланысты онлайн құжат тапсырудың тиімділігі мен атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндірме жүргізді.
Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек — табысы төмен азаматтарға төленетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Құжат тапсырғаннан кейін арнайы құрылған комиссия өтініш тапсырушының тұрмыстық жағдайын тексеріп шешім қабылдайды.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасылық табысы жан басына шаққандағы кедейлік шегі 22 535 теңгеден төмен болған жағдайда тағайындалады. Ал, жұмыссыз жүрген азаматтарға қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан «Жұмыспен қамтудың» белсенді шараларына қатысу ұсынылуда.
Айта кетейік басқарма тарапынан халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған кездесулер алдағы уақытта жалғасын таппақ.

БАРЛЫҚ ҰСЫНЫС ТІЛЕКТЕР ЕСКЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласында «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 259 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайына қарай сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 195 нысанда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талапқа сәйкес келмегендерге ескерту берілді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуы үшін тиісті аяқжолдар мен пандустардың ыңғайлылығы тексерілді. Қала көшелерінде біркелкі замауани үлгіде аялдама павильондарын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Биыл 250 аялдаманы мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықтау жоспарланған.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жабдықталған 18 «Инватакси» көлігі қызмет етеді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға жеткізу үшін 43 «Әлеуметтік такси» автокөлігі бөлінген. Жалпы Шымкент қаласында бүгінгі таңда 36 928 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, биыл мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету шараларына 3,3 млрд. теңге қарастырылған. Сондай-ақ кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс-тілектері ескеріледі.

АБАЙ КІТАПХАНАСЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өткен Абай атындағы қалалық орталық кітапханасының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының директоры К.Пикат та арнайы келді.
Қала әкімі кітапхана аумағындағы оқу аймақтары, кітап және оқырмандар залы, «Music and Art Community Space» залының жаңа жұмыс жүйесімен, кофехана, сондай–ақ, «Абай» муралының жұмыстарымен танысты.
Абай атындағы қалалық орталық кітапханада мамыр айында жаңғырту жұмыстары басталған еді. Жөндеу жұмыстары 19 маусым-қала күні мерекесі қарсаңында аяқталып, пайдалануға берілді. Кітапханаға «Ашық» қосымша жүктемесі арқылы кіруге мүмкіндік бар. Бүгінде Шымкент қаласындағы өзге де мәдениет нысандарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

8 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев қаланың стратегиялық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді. А.Сәттібаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен толықтыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, АӨК өндірген өнімнің экспортын 2 есеге ұлғайту мақсаты көзделген.
Шымкентте агроөнімдерді өндіруге басымдық беріліп жатыр. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 24 млрд. теңге болатын 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 7 жылыжай кешені, 3 тауарлы сүт фермасы, 1 бройлер етін шығаратын жоба, 11 мал бордақылау алаңы, 1 құс фермасы, 2 балық шаруашылығы, 2 жеміс көкөніс, 1 сүтті қайта өңдеу кәсіпорыны және 4 сауда нүктелерін кеңейту және қайта жаңғырту жобалары бар.
Бүгінгі таңда 931 млн. теңгеге 8 жоба іске қосылып, жаңадан 51 жұмыс орны ашылды («Корно-1» ӨК, «Эгамназаров» ЖК, «Шымкент құс» ЖШС, «Асыл-жұлдыз», «Ералы» ШҚ, «Абдукаримов» ЖК, «Наркулов» ЖК, «Лапиев» ЖК).
Биыл жалпы егілген 29,3 мың гектар алқаптан 71,7 мың тонна өнім жинау күтілуде. Қаланың шеткі елдімекендеріндегі үй іргелік жерлерін тиімді пайдаланып, халықтың жағдайын жақсарту мақсатында инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі бағдарлама шеңберінде биыл 164,0 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылады. Әрбір инновациялық жобаны іске асыру кезінде шаруаларға және тұрғындарға жобалар практикалық тұрғыда түсіндіріліп, көрсетілетін болады.

КӘСІПКЕР БОЛСАҢ ҚОЛДАУ КӨП

Шымкент қаласы – республиканың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өнеркәсіп саласында 719 кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде. Оның 24-і ірі, 49-ы шағын кәсіпорын. Онда 32,6 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда 58 млн. теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2021 жылға 3 376 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде: банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 3 376 млн. теңге, банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру 200 млн. теңге. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 81,6 млрд. теңгеге 82 кәсіпорыннан өтініш түсті. Екінші деңгейлі банктермен 46,2 млрд. теңгеге 59 жобаға қолдау көрсетілді, – дейді қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев.
«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде осы жылға 2 396 млн. теңге бөлінді. Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 816,1 млн. теңге бөлінген. Бұл бағдарлама аясында несиелерді рәсімдеу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на өтінім тапсыру қажет. Сонымен қатар, әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында әкімдік тарапынан «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шара жоспары іске асырылуда. Аталған іс-шара аясында 10 млн. теңгеге дейін 1%-дық несиелер беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 060 млн. теңге қаржы қаралған. Жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша толық мәліметтерді «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» арқылы алуға болады.

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығында қала прокуратурасының және қалалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірге алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, кеңес беру немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркеу және келешекте алимент қарыздарын өтеу.
– Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 10-ға жуық кәсіпорын мен мекемелер қатысты. Оған қатысқан 50-ден аса борышкерге 190-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар «Azala Textile» ЖШС, «Каз Шпал» АҚ, «Мурат-Фарм» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Жаса 4» ЖШС және т.б. Сондай-ақ борышкерлерге жұмыспен қамту орталығы тарапынан 1382 бос жұмыс орындары ұсынылып, кеңес берілді, – деді жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы А.Қабылбек.
Қазіргі таңда өңірлік палатаның мәліметі бойынша Шымкент қа-ласында 10 311 алимент өндіру туралы құжаттары тіркелсе, оның 500-ге жуығы проблемалық борышкерлер қатарында. Жыл басынан бері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 131 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал атқару құжаттарының талабын орындамаған 1 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қарызы 6 млн. теңгеден асатын 1 борышкерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Одан бөлек алимент төлеуден жалтарып жүрген 4 борышкерге қатысты қылмыстық іс тергелуде.
– Айта кету керек, борышкерлер ұсынған жұмыстан бас тартса немесе Халыққа қызмет ету орталықтарына келмесе, ол атқару құжаттың орындауынан жалтарған деп саналады және заңмен көзделген әкімшілік немесе қылмыстық іске тартуға негіз болып табылады, – деді Шымкент қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары А.Сартбаева.
Жалпы, бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесінде 47 борышкер жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 15-сі тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Айта кетсек, жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына өңірлік атқарушылық округінің жеке сот орындаушыларынан 379 жұмыссыз алимент бойынша борышкерлердің ұсыныс хаттары жолданған. Оның ішінде 107-сі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 29-ы жұмыссыз болып тіркелгендер, 21-і жұмыстан бас тартқандар.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТІҢ
САЛТАНАТТЫ ЖАБЫЛУЫ ӨТТІ

Шымкентте жазғы мектептер өз жұмыстарын ZOOM платформасында онлайн форматта қорытындылады. «Нәтижеге бағытталған жазғы мектеп» атты онкүндік іс-шаралар шеруінің жабылу салтанаты қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында өтті.
Іс-шара «Менің атым Қожа» фильмінің желісімен ұйымдастырылды. Оқушылар білім ұйымындағы спорттық үйірмелерді, STEAM кабинетті. робототехниканы, көркем еңбек галереясын, оқу кабинеттеріндегі жазғы мектеп сабақтарын көріп, сахналық көріністерді тамашалады.
Айта кетейік, 26 мамыр мен 19 маусым аралығында ұйымдастырылған жазғы мектептерде қаладағы 184 білім ордасында 121 мыңнан астам оқушы оқытылды. Онда бастауыш сыныптар және 6, 7, 8, 9, 10 сынып оқушылары білім алды. Жазғы мектеп оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік берді.

СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ
КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында демеушілер есебінен тағы екі спорт алаңшасының лентасы қиылды. Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында осымен 6 спорт алаңшасы ашылып отыр. Шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Қаламызда балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында көптеген жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Серік Тульбасовтың қоры мен Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында алаңшалар ашылып жатыр. Әрбір нысанның үлкен спорт алаңы, жасанды жабыны, жарықтандыруы және жоғары қоршауы бар. Онда балаларға баскетбол, волейбол, футбол, теннис ойнауға барлық жағдай жасалған – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, осыған дейін Әл-Фараби және Абай аудандарында салынған болатын. Жобаның ерекшелігі демеушілер салып берген алаңшаларды тұрғындар өздері қалағанынша пайдаланып, жауапкершілігіне алады. Жалпы Шымкент қаласында аулаішілік 231 спорт алаңшасы болса, биыл 101 спорт алаңын салу жоспарланып отыр.

ВАКЦИНАЦИЯЛАУ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА

Шымкент қаласында ақпан айынан бастап вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Шымкенттің 239 506 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін, ал 141 328 тұрғыны екі компонентін де алды. Бұл – вакцинацияланатын тұрғындардың 44 пайызы. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент көш басында. Иммундау шарасынан өткендердің басым бөлігі педагогтар.
Азаматтарды вакцинациялау үшін қалада 43 егу бекеті жұмыс істеп тұр. Мұнан бөлек 25 жылжымалы егу пункті бар. Шымкентте егу пункттерінде медицина мамандары демалыс күндерге қарамастан, вакцинациялау жұмыстарын жүргізеді. Егу пункттерінің жұмысы таңғы сағат 08:00 мен 20:00 аралығында.
Жаппай вакцинациялау алгоритміне сәйкес, қала тұрғындары вакцинаны жергілікті емханалардың егу кабинеттерінде арнайы тізім және алдын ала жазылу тәсілі бойынша салдырады. Бүгінге дейін қалаға барлығы 394 545 доза ковидке қарсы вакцина жеткізілген. Қазірде емдеу мекемелерінде 63 463 доза инфекцияға қарсы вакцина бар.

65 ЖАСТАН АСҚАН ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Асыл жүрек» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлерді салауатты өмір сүруге шақырып, өмірге деген құштарлықтарын арттыруда.
– Орталығымызға 65 жастан асқан қала тұрғындарын қабылдаймыз. Келем деушілерге ешқандай шектеу жоқ. Қызмет алушылар алғашқы орталыққа келгенде міндетті түрде дәрігерлік тексеруден (терапевт, кардиолог, невропатолог, физиотерапевт) өтеді. Апта сайын дендросаябаққа барып йогамен айналысады. Йога иммунитетті қалыпқа келтіруге көмектеседі. Оның мақсаты — тән мен жанның үйлесіміне жету. Сонымен қатар массаж, физиотерапия, фитобар, тұзды кеніші және өзге де қызмет түрлерін көрсетеміз — дейді орталық басшысы Мауия Сахибекқызы.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 241 зейнеткер бар.

ҚАЙНАРБҰЛАҚТЫҚТАР
ДӘН РИЗА

Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабы келер жылы сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Бұл туралы Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков аталған алаптың тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Айта кету керек, Қайнарбұлақ тұрғындары алабтың табиғи газбен, сапалы электр қуатымен және ауыз сумен қамтылмай жатқандығы жөнінде наразылықтарын білдірген болатын. Осыған орай сала мамандары тұрғындардың талаптарын тыңдап, Қайнарбұлақтың инфрақұрылымы бойынша жоспарланған жұмыстармен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Нақтылап айтсақ, Қайнарбұлақты электр қуатымен қамту бойынша қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. 2022 жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде, ондағы тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабын табиғи газ және ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама да әзірленуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша құрылысты жүргізетін «МПК проект» ЖШС-і анықталған. Енді 2022 жылы жобаға сараптама қорытындысын алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылыс жұмыстары 2022-2023 жылдары жүргізілетін болады.

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Қызыл су тұрғын алабындағы тұрғындардың көтеріп жүрген ауыз су мәселесі қазіргі уақытта түбегейлі шешілді. Бүгінгі күнге дейін тәулігіне 3,4 сағат қана су берілетін. Ал қазір тұрғындар тәулік бойы үздіксіз сапалы ауыз суды пайдалануда.
Шалғайда орналасқан тұрғын алапта ауыз су мәселесін оңтайландыру мақсатында Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жауапты мамандары тиісті жұмыстар атқарған.
Нәтижесінде, іске қосылмаған 50 текше метр су жинақтағыш жөнделіп, құбырларды жуып-тазалау, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, 200-ге жуық абонент тұрақты түрде ауыз су тұтынуда.

МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІМ БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында 2021 жылдың сәуір айынан бастап «Ashyq» мобильдік қосымшасы іске қосылған болатын. Жоба 1-деңгейге шектеулерді әлсірету жолымен шағын бизнеске шектеу шаралары кезеңінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, «қызыл» аймақтағы кәсіпорынға «сары» аймақтың қағидалары бойынша індетті жұқтырғандар мен олармен қатынаста болғандарды кіргізбей, жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Маусым айындағы жағдай бойынша «Ashyq» жобасына қатысу үшін қала бойынша 1148 өтінім берілді. Оның ішінде 31 ерікті қатысушы – қонақ үйлер, университеттер, түзеу мекемелері, әскери бөлімдер, ХҚКО, хайуанаттар бағы, цирк, денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті, Шымкент қалалық соты бар.
Қала бойынша барлығы 649 QR код берілді. Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында оның 574-і орналастырылған. Мобильдік қосымша Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған (Ұлт-
тық сараптама орталығы, бірыңғай ПЦР-зерттеулер порталы, COVID-19 бақылау орталығы, жекеше ПЦР-зертханалар, Президент Іс-Басқармасының Медицина орталығы) және ПЦР-тестер мен санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер дерек-терін пайдаланады.
Ғимаратқа кірер алдында қолданушы смартфонмен QR-кодты сканерлейді (немесе жеке куәлігін ұсынады) және өзінің мәртебесін көрсетеді. Ақпараттық жүйелермен салыстырып тексеру негізінде сіздің мәртебеңіз анықталады: «қызыл» — ПЦР-тесттің оң нәтижесі, «сары» — қатынаста болған, «көк» — ПЦР-тест міндетті болып табылатын орындарды қоспағанда еркін жүріп-тұру, «жасыл» — ПЦР-тестің теріс нәтижесі болып есептеледі.

ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРҒА WІ-FІ ҚҰРЫЛҒЫСЫ ОРНАТЫЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қоғамдық орындарға тегін WІ-FІ нүктелерін орнату жоспарланған. Осыған орай қаланың 10 нүктесін 30 тегін WІ-FІ нүктелері орнатылды. Қазір қалалық цифрландыру басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Бәйдібек би ескерткішінің алаңына – 2, Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының артындағы парктің алаңына – 4, Назарбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы Нұрсат аллеясына – 2, «Қызғалтақ» субұрқағы маңына — 2, Арбатқа – 4, Нұрсат №130 мектеп артындағы аллеяға – 2, Наурыз алаңына – 4, Жерұйық саябағына – 4, Шәмші аллеясына – 2, Дендросаябаққа – 4 WІ-FІ жүйесі орнатылды.
WІ-FІ құрылғыларына қосылу үшін «Aimaq WІ-FІ-ды» таңдап, әрі қарай «Aimaq WІ-FІ» веб-парақшасына өту керек. Веб-парақшада пайдаланушы өз нөмірін тіркеп, нөмірне түскен смс-кодты енгізуі қажет.

500 АЗАМАТҚА ТҰРҒЫН ҮЙ
СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат тіркелген. Жоспарға сәйкес, биыл 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, бес айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына қолданысқа берілді. Қалған 368 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяталып тапсырылуына қарай үлестірілетін болады.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында несиелік бағдарламалар ұсынылуда. Биыл тіпті мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Биыл жоспар бойынша пайдалануға берілетін кредиттік тұрғын үйлер саны – 60-қа жеткен. Ондағы патер саны – 3 824. Бұл үйлерге түрлі бағыттар бойынша қол жеткізуге болады. Атап айтар болсақ, «Шаңырақ 5-10-20» бағыты бойынша 27 үй, 1728 пәтер; «5-20-25» бағыты бойынша 18 үй, 1088 пәтер; «7-20-25» бағыты бойынша 15 үй, 1008 пәтер берілмек.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша өңірлер шеңберінде бөлінген лимитке сәйкес 589 азамат екінші нарықтан «Отбасы банк» арқылы несие рәсімдеп пәтермен қамту жоспарда бар. Сонымен жоспар бойынша 4413 азаматты несие негізінде пәтермен қамту көзделген. Ал ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылуда.

ТӘУЛІК БОЙЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ОРТАЛЫҚ

Шымкент қаласында Елорда күні мерекесіне орай медициналық мекемелердің ашылу салтанаты өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов тәулік бойы жұмыс істейтін «Виктория» оңалту орталығының ашылуына қатысты.
Ауруханадан шыққан науқастар енді бірден оңалту емін қабылдай алады. Қала әкімінің бірінші орынбасары оңалту орталығының қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Жаңадан ашылған емдеу мекемесі 120 орынға лайықталған. Мұндағы қызметтің барлық түрі тегін көрсетіледі. Нақтырақ айтқанда, орталықта неврологиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық, травматологиялық бе-йіндегі және күндізгі стационарда 18 жастан асқан науқастарды қалпына келтіру және медициналық оңалту емдері жүргізіледі. Бұл орталықтың ерекшілігі, ауруханадан шығарылған науқастар кедергісіз ем қабылдауға мүмкіндігі бар.
Орталықтағы медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде тегін көрсетілетін болады. Сондай-ақ, мұнда медицина қызметкерлері үшін 120 жұмыс орны ашылды.

ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ
ЖАНДАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты «Жедел медициналық жәрдем көрсету» стансасының 112 Call-орталығының жұмысымен танысты. Қазір Call-орталыққа бір тәулік ішінде 2100 шақырту түсуде. Мұнда тәулік бойы 30 диспетчер қызмет етеді.
Орталық жұмысының дайындығын пысықтау барысында қала басшысы науқастарды жедел қабылдау және емдік шараларды тез арада жүргізу процесін оңтайландыруды және қателікке жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, пандемияға байланысты құрылған штабтың жұмысын күшейтуді тапсырды.
Мұндағы ерекшелік – орталық келіп түскен қоңырауларды басқаруда PRI арнасындағы үздіксіз режимдегі байланыс желісі және спутниктен бақыланатын жүйе мен мобайл интернет пайдаланылады. Операторлар небәрі 10 секунд ішінде бригадаға шақырту туралы хабар жібереді. Сонымен қатар осы ақпарат жүйесі арқылы Шымкент қаласы картасынан мекенжайларды іздеп, көлік қозғалысын қадағалап, жылдамдығын, күту уақытын және тағы басқа операцияларын автоматты түрде бақылай алады.

«ТҰРАН» ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен «Тұран» шағынауданын дамыту бойынша көшпелі жиын өтті. Жиында шағынауданды көгалдандыру, тұрғын үйді пайдалануға беру және жол құрылысы мәселері талқыланды.
Жиында сөз алған қала басшысы ең алдымен азаматтарымыздың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажет екенін айтты. Ол үшін инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету ісін қолға алуды атап өтті.
– Ең алдымен сапалы тұрғын үй салу, сонымен бірге газ, ауыз су, сапалы электр жарығы, жол мен абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін ретке келтіруіміз керек, – деді шаһар басшысы.
Көшпелі жиында «Тұран» шағынауданының даму жоспарына сәйкес, №14, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24 орамдарындағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандар, саябақтар құрылысы, №25, 26, 28, 29 орамдардың инженерлік жүйелердің құрылыс жұмыстары мен жол құрылыстарының барысы пысықталды.
Бүгінде «Тұран» шағынауданында (Солтүстік-Шығыс бөлігі) №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13 көшелерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол, веложол және автомобиль жолдардың сызбалары енгізілген. №1,2,6,7,8,10 көшелердің құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал №3,4,5,9,11,12,13 көшелердің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталмақ. Сондай-ақ, шағынауданды мектепке баратын жолмен қамтамасыз ету бойынша жалпы ұзындығы 908 метр, ені 6 метр жолға 2 қабатты асфальт төсеу жоспарланған.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов салалық басқармаларға құрылыс жұмыстарының кестеге сай өз уақытында сапалы атқарылуын қадағалауды және әрбір мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарының барысында қауіпсіздік шараларына мұқият болуды тапсырды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгін қала әкімінің орынбасары М.Исахов шымкенттік тұрғындарды кезекті рет онлайн қабылдады. Қабылдауға тұрғындар қала әкімдігінің ресми сайтына өтінім қалдыру арқылы және әлеуметтік желідегі жеке парақшасына хат жолдау арқылы алдын-ала жазылған.
Қабылдаудағы мәселелердің басым көпшілігі қоғамдық көліктердің жүру жүйесі, шағын аудандардағы ішкі орам көшелерді асфальттау және заңсыз салынып жатқан кәсіп нысандары мен спорттық алаңшаларға қатысты болды.
Көтерілген мәселелердің дер кезінде шешімін табылатынын Мақсұт Пернебайұлы тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Сонымен бірге, орындалуы тиіс шараларды қадағалауға алып, басқарма басшыларына тез арада орындауды тапсырды.
Айта кетейік, карантиндік талап-тарға байланысты азаматтарды қабыл-дау онлайн режимде, WhatsApp желісінің видеоқоңырау жүйесі арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, қабылдауға жазылуға ниетті тұрғындар болса, әкімдіктің арнайы портлаына кіріп, тіркеле алады.

ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирургтері туғаннан ауыр дертке шалдыққан 4 жасар балаға күрделі ота жасады. Нәресте күнінде сепсиспен ауырған балақайдың аяғы іріңдеп, сан сүйегі шығып кеткен. Соның салдарынан балақай өздігінен аяқ басып жүре алмай қалған.
Төсекке таңылған балақайды аяғына тұрғызу үшін дәрігерлер хирургиялық емнің күрделі әдісін қолданған. Операция кезінде дәрігерлер науқастың аяғының зақымдалған аймақтарын хирургиялық жолмен тазалап шықты. Кейін патологиялық шыққан сан сүйегін буынға орналастырып беріпті.
– Баланың аяғы нәресте кезінен іріңдеп кеткендіктен, буын жандарында анатомиялық өзгерістер болған. Салдарынан сан сүйегін жоғарыдан төмен түсіру қиын болды. Дегенмен, біз анатомиялық өзгерген тіндерін тазалап, сүйегін 2 сантиметр төмен түсірдік. Ота сәтті өтті, бала өз еркімен қимылдай алады. Бұл балаға әлі бірнеше ота жасаймыз, – дейді ортопед-травматалог Болат Нұсқабаев.
Медицина мамандарының сөзінше, мұндай оталар сирек жасалады. Операция күрделі әрі бірнеше хирургиялық ем кезеңінен өтуі қажет.

Инвестициялық штабтың отырысы өтті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онда 8 жоба таныстырылып, өзекті мәселелері талқыланды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан тағы бір аяқ киім шығаратын жаңа кәсіпорын ашылмақ. Ол үшін өндірістік аймақтан 1 гектар жер берілетін болды. Қала әкімі жобамен танысып, инфрақұрылым мен экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.
Тағы бір жоба — кеңселік және типографиялық қағаз шығаруға бағытталған. Құны – 621 млн теңге болатын кәсіпорын іске қосылған кезде өнімін ішкі нарыққа және ТМД елдеріне экспорттайды. Мекемеге «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 1,96 гектар жер берілген. Бүгінде барлық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Кәсіпкер жер және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету жөнінде көмек сұрады. Жобаға қолдау көрсетілетін болады.
Одан өзге, маңызды жобаның бірі – өндірістік аумақ құру туралы болды. «ADS Industries» ЖШС түрлі кәсіпке арналған дүңгіршек салуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер оған 1 гектар жер сұрап отыр. Шаһар басшысы қала ішінен жер тауып беріп, барлық қолдау көрсетілетінін айтты.
Ал, «JANNA ELTANOVA» ЖШС киім, аяқ киім мен шұлықтар шығармақ. Оған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 0,7 гектар жер берілді. Бүгінде онда құрылыс жұмыстары басталып кеткен, трансформатор қойылған. Қала әкімі жерді жалға беру ақысы, дайын инфрақұрылым мен экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлкеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Asar House» тұрғын үй кешенін салуға ниетті кәсіпкер жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп беруін сұрады. Мұрат Әйтенов көп қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы мен орналасатын орны бойынша қаланың Бас архитекторымен бірге қарап, ұсыныс енгізуді тапсырды.
«Штабтекс» кәсіпорны аралас және мақта-мата шығаруды қолға алмақ. Жаңа мекеме арқылы 100 адамды жұмыспен қамти алатынын айтқан ЖШС жетекшісі жер бөлуді және дайын инфрақұрылым арқылы АЭА-да жеңілдіктер қарастырып беруді сұрады. Жоба штаб барысында қолдау тауып, «Оңтүстік» АЭА-тан 1 гектар жер бөлінетін болып шешілді.
Тағы бір инвестор тоқыма емес материалдар өндірісін ашпақ. Жобаны іске қосу үшін мемлекеттік қолдау ретінде «Оңтүстік» АЭА-дан 0,8 гектар жер беріліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болды.
Құрылыста маңызды болып табылатын газоблок өндірісін ашу туралы жобаны «Асыл Өркен Құрылыс» ЖШС ұсынды. Тәулігіне 60 текше газоблок шығаратын кәсіпорынды іске қосу үшін 0,5 гектар жер сұрап отыр. Қала әкімі «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер қарастыру бойынша сала басшысына ұсыныс беруін тапсырды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы штабқа ұсынылатын әрбір жобаның өзіндік ерекшелігі мен тиімділігіне мән беруді жүктеді. Сала жетекшілеріне инвестиция тарту мәселесіндегі түйткілдерді зерделеп, хаттамалық негізде бақылауға алуды тапсырды.

Жаңа реформа түсіндірілді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік желіде апта сайын тікелей эфир өткізеді. Әдеттегідей қала басшысы алдымен қалыптасқан эпидахуал жөнінде қысқаша айтып өтіп, жағдайдың күрделі екендігін, бекітілген санитарлық талаптарды сақтау жақындарымыздың амандығына кепіл болатынын айтты. Бұл эфирді шаһар басшысы тұрғын үй қатынастары саласындағы маңызды мәселе – мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер мәселесіне арнады.
«Бір үй — бір бірлестік — бір шот» қағидаты бойынша іске асатын бұл реформа тұрғын үй қатынастарын жаңа деңгейге шығармақ. Көпқабатты тұрғын үйді басқару формасы айқындалып, пәтер және тұрғын емес үй жайлары иелеріне ортақ мүлікті басқаруға кең мүмкіндіктер берілмек.
Тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанын енгізу арқылы әрбір үйге өз тұрғындары ішінен ортақ ұйым құрып, оның есепшоты арқылы қаржылық операциялар жүргізуге мүмкіндік беріледі. Осы ұйымдарға біріккен тұрғындар өзара кеңесе отырып, ортақ мүлікті басқаруды іске асырады, олар бойынша жөндеу жүргізу, жалға беру бастамаларын атқарады. Тұрғындар тарапынан түскен сауалдардың мазмұны әркелкі болды. Оның ішінде экологиялық жобалар, тұрғын үй құрылысы, коммуналдық салаға қатысты сұрақтар, індетпен күрес мәселелері, балалардың сабаққа бару мүмкіндігі, тағы басқа сауалдарға толыққанды жауаптар берілді.
Эфирге арқау болған тақырып аясында мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерді құру тәртібі түсіндіріліп, осы ұйымдарға бірігу арқылы тұрғындар өз үйлерін жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжат әзірлеуге тапсырыс бере алатыны, жөндеу жұмыстарына 0,02 пайызбен ұзақмерзімді және қайтарымды несие алуға тапсырыс беруге мүмкіндігі болатыны, ортақ мүлкін жалға беріп, одан түскен қаражатты өз үйлеріне жарата алатыны айтылды.
Тұрғындар жөндеу жұмыстары бойынша тапсырыс беруші міндетін атқарып, мердігер тарапынан атқарылған жұмыстарды тиісті акт бойынша қабылдап алады және бұл жұмыстарға акт бойынша төлем жүргізетін болады.
Айта кету керек, Шымкентте жаңа басқару нысанын құруға болатын 2106 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінде 94 үйде мүлік иелері бірлестігі, ал жай серіктестіктер 475 үйде құрылған. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Эфир барысында қала әкімі тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берді. Парақшада қалдырылған әрбір сұраққа мемлекеттік құрылымдар тарапынан жазбаша түрде жауап беріледі.
10 үйге ортақ алаң абаттандырылуда
«Нұрсәт» шағын ауданында 10 үйге ортақ алаң абаттандырылып, көгалдандырылуда. Бір кешенді құрайтын тұрғын үйлер 2019-2020 жылдары әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын отбасылар мен жастарға берілген болатын. Аулада заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу тренажерларын орнату бастамасы іске асырылуда. Жасыл желектер отырғызылып, оларға су жеткізу жүйесі орнатылған.
Тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселесі қала басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Бұл нысанға қала әкімінің аппарат басшысы Ғ.Мәуленқұлов пен Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов арнайы барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізудің жүйелі тәртібін іске асыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруда тұрғындардың талап-тілегін орындау және қала тіршілігін заманауи үлгіде дамыту шеңберінде қала әкімі Мұрат Әйтенов берген тапсырмалардың іске асырылуын қадағалады.
Жұмыс сапасын арттыруда нақты міндеттер қойылып отырғанына назар аударған Ғ.Мәуленқұлов мердігер ұйымның өкілдеріне ағаштар отырғызу мен оларды күтіп-ұстауда аграрлық талаптарды қатаң ұстануды тапсырды.
Аудан аумағын көріктендіруде қала әкімі жүктеген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жөнінде аудан әкімі А.Әліқұлов есеп беріп, жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының жайын баяндады.
Айта кету керек, соңғы алты жылда аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің 95 ауласы абаттандырылып, барлығында балалар ойын алаңшалары орнатылған. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстар екі кезең бойынша қарастырылып, 31 аулаға балалар ойын алаңшалары қойылады деп жоспарланған. Қазір абаттандыру жұмыстары төрт аулада қызу жүргізілуде. Сонымен қатар аудан аумағында осы жылы 25 спорт және 2 әмбебап спорт алаңшалары салынады.

13 көшеге кәріз жүйесі тартылып жатыр

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес қала тұр-ғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында биылғы жылы Еңбекші ауданындағы 13 көшеге кәріз жүйесі тартылуда.
Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек «Ұлағат» шағын ауданында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылысын қадағалады. Мердігер мекеме «Алем Строй-1» ЖШС-нің құрылысқа жауапты өкіліне қауіпсіздік шараларын басты назарға алуды және жұмыстарды сапалы атқарумен қатар қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізуді тапсырды.
«Ұлағат» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстары келер жылға дейін аяқталуы тиіс. Шағынауданда жалпы ұзындығы 40,9 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі. Қазіргі таңға биылға жоспарланған 12 шақырым құбырдың 8 шақырымы тартылды. Кәріз құбырын тарту жұмыстары Ақсарай, Ұлар, Заңғар, Балбұлақ, Еділ, Қызылшоқы, Қызылшілік, Қышбөгет көшелерінде жүргізілуде. Одан бөлек, Шаяхметов көшесімен «Солтүстік-Шығыс» шағынауданындағы Кербұлақ, Үшөзен, Ақша тау, Ақшоқы көшелерінде кәріз жүйесі тартылады. «Мирас» шағынауданына да кәріз жүйесін тарту жұмыстары басталғалы тұр.
Еңбекші ауданының орталығындағы көпқабатты және жеке секторлар кәріз жүйесімен қамтылғанымен, ауданда кейінгі жылдары жаңадан бой көтерген шағынаудандар кәріз жүйесіне қосылмаған.
Аудан әкімі Д.Есілбек аудан әкімі аппаратының мамандарына аталған жұмыстарға тапсырыс беруші Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандарымен бірлесіп құрылыс жұмыстарын қадағалауды және тұрғындардың талап-тілектерін басты назарда ұстауды айтты.

Сапалы білім саналы ұрпақ қалыптастырады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйым – қалалық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің атқарған жұмыстарымен танысты.
Қала басшысы білім сапасының жоғары болуы ең негізгі міндет екенін баса айтты. Қаламыздың мегаполис ретінде қалыптасуы білім көрсеткіштерімен тікелей байланысты екенін тілге тиек етіп, осы салада қызмет атқаратын ұйымдардың жұмыс нәтижесі педагог кадрлардың кәсіби тұрғыда білікті маман болып танылуымен, оқушылардың білім деңгейінің жоғары болуымен өлшенетінін атап айтты.
Департамент басшысы Нұргүл Шамшиева берген мәліметке сәйкес, мекеме төрт негізгі бағыт бойынша қызмет атқарады. Білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылау шараларын жүргізу, педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау, білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия және лицензияға қосымша білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою осы департаменттің негізгі міндеттері.
Департамент қызметі білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету функциясымен толығып, бақылау жүргізу міндеті 51 параметрлік көрсеткіштен 31 параметрге дейін төмендеген.
Жүктелген міндеттер шеңберінде биыл қалалық білім басқармасына қатысты 22 білім беру ұйымы профилактикалық бақылаумен қамтылған. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктерді білім беру ұйымдарының жетекшілерімен келісілген мерзімде жою туралы ұйғарымдар шығарылған.
Педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау міндетін іске асыру бойынша департамент жанынан білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп жөніндегі кеңесші орган құрылған. Кеңес мүшелері қала аудандарында педагогтармен мақсатты кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ұлттық біліктілік тестілеу ережелерін бұзған педагогтармен жеке-дара әңгімелесулер жүргізіп, білім беру ісінің стандарттары мен талаптарын түсіндірген.
Балалардың құқықтарын қорғау міндеті бойынша арнайы мониторингтік топ құрылып, жеткіншектердің құқығын қорғау бойынша қоғамдық бақылау жүргізеді. Осы бағытта департаментте сенім телефоны ашылып, жауапты маман бекітілген. Әлеуметтік желілер контентінде «Бала қорғау» айдарымен жедел көмек беру чаты іске қосылып, оған қаланың мыңнан аса тұрғыны қосылған.
Департаменттің атқарып отырған қызметімен мұқият танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов сапалы білім арқылы саналы ұрпақ қалыптасатынына назар аударып, білім сапасын арттыруда білім беру ұйымдарының арасында саналы бәсекелестікті орнықтыруға көңіл бөлу керектігін айтты.
Шымкент қаласында биылдың өзінде 16 жекеменшік мектеп іске қосылатынын атап өткен қала басшысы, осы санаттағы білім беру ұйымдарындағы білім сапасы тұрақты бақылауға алыну керектігін атап өтті. Мұғалімдердің кәсіби дайындығы жоғары, оқушылары оқу озаты болып табылатын мектептердің үлгісін барлық білім беру ұйымдары зерделеп, жұмыстарын осы бағытта жетілдіруге талпындыру керектігіне назар аударды.
Білім саласын жетілдіруде де-партаменттің атқарып отырған қызметі маңызды. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша департаменттің қызметі жөнінде БАҚ өкілдері үшін тұрақты брифингтер өткізіп тұруы тиіс.
Н.Шамшиева жұмыс тиімділігін арттыруда қолдау көрсеткен қала әкіміне алғысын жеткізе отырып, мектептер мен балабақшалар салуға жеке инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша Шымкент республикада алдыңғы қатарға шыққандығын атап өтті. Педагог кадрларды жұмысқа орналастыруда, мектеп директорларын ротациялауда мейлінше жариялылық қамтамасыз етіліп жатқандығына тоқталды.
Шымкент қаласы білім саласына қаржы бөлу көрсеткіштері бойынша елімізде алдыңғы орында тұрғандығына назар аударып, педагогтар мен оқушылар артылған үмітті ақтайтынына сенім білдірді.

Санитарлық тазалық жұмыстар басты назарда

Қала әкімінің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов аудан аумағында орналасқан көп қабатты тұрғын үй аулаларының санитарлық тазалау жұмыстарына бақылау жүргізді. Мердігер мекемелерге тазалық жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Абай ауданы бойынша 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. Мұнда тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, мүлік иелерінің бірлестігіне тіркелген көп қабатты тұрғын үйлер де бүгінгі таңда нәтиже беруде. Мәселен, тұрғын үйлердің қасбетін реттеп, күтіп ұстау жұмыстарын тұрғындар өз есептерінен жүргізуде.
Жалпы аудан бойынша мүлік иелерінің бірлестігіне 42 үй тіркелсе, 90 үй жай серіктестікке тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстар күнделікті жүргізілуде.

Инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып келеді

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, жол инфрақұрылымдарымен қамтылған. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, аудан ауыз сумен 94,4%-ға қамтылған болса, мемлекеттік электр жүйесімен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 95,2%-ға, ал табиғи газбен қамту 86,4%-ға жетеді екен. «Аудан тұрғындарының ауыз сумен қамтылмаған 5,6 пайызын ауыз сумен қамту жұмыстары келер жылы жүргізілсе, қазіргі таңда Жалын тұрғын алабында 566 абонентке, Жұлдыз тұрғын алабында 484 абонентке, Қарабастау тұрғын алабында 750 абонентке, жалпы 1800 абонентке сапалы электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге биыл Бадам (195 орам) шағынауданында 331 абонентке газ кіргізілді. Бүгінде тұрғындардың газ жүйесіне қосылу жұмыстары жүргізілуде», деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан әкімі жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында осы жылы 57 көшеге (58,9 шқ.) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 19 көшені асфальттау жұмыстары аяқталғанын және 38 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әуе базасы тексерілді

Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары полковник Тимур Омаровтың төрағалығымен комиссия Шымкент қаласында орналасқан авиациялық базаның жауынгерлік әзірлігін тексерді.
Авиацияның жауынгерлік әзірлігінің нақты жай-күйін анықтау үшін кенеттен дабыл беріліп, жеке құрам жұмылдырылды. Комиссия кезекші күштерді, оқу-материалдық базаның жағдайын, сондай-ақ жауынгерлік құрам мен қару-жарақты тексерді. Ұшу құрамының жауынгергерлері ұшу дағдылары, нысанаға дәл шығу және шартты қарсыласты жою, сондай-ақ ұшуды орындау бойынша бағаланды.
Тексеру барысында комиссия жа-уынгерлік кезекшілікті ұйым-дастыру, жауынгерлік даярлық, ұшуларды жерде қамтамасыз ету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ инженерлік-техникалық құрам мен байланыс мамандарының жұмысына назар аударды.
Тексеру қорытындысы бойынша комиссия төрағасы полковник Тимур Омаров авиациялық базаның жеке құрамы жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын екенін атап өтті.

Дәрігерлер пайдалы кеңестер алды

Медицина саласына түсіп жатқан ауыртпалық еселей түскендігі белгілі. Дертке тоқтам салар тұста дәрігерлерімізге көмек пен қолдау көрсетуіміз маңызды. Әсіресе, індетпен күресуде тың әдіс, тиімді тәсілдер жөнінде мамандар беретін кеңестің орны бөлек.
Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен өткен кездесуде шымкенттік дәрігерлер әдістемелік көмек алды. Министр жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен, бірқатар емханалардың дәрігерлерімен кездесулер өткізді. Оның сапары алдында Шымкентке бір топ тәжірибелі мамандар келіп, індетпен күрес барысымен танысып, жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар айтқан болатын.
Әкімдікте комиссияның қорытындысы бойынша коронавируспен күрес жөніндегі штаб өтті. Штабта Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаятқызы стационарлар мен емханалардың жұмысын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтты. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова эпидахуалды тұрақтандыру бойынша құнды кеңестер берді.
Шымкент қаласындағы меди-циналық мекемелердің дәрігерлері Денсаулық министрі бастап келген мамандардың сапары қаланың денсаулық жүйесі үшін өте пайдалы болғанын айтуда. Білікті мамандардан кеңестер алу тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасын табады.

Тапсырмалардың
орындалуы зерделенді

Жаңадан тұрғызылып жатқан шағынаудандардың құрылыс барысы қала басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Құрылыс алаңдарының басында сала жетекшілері және мердігер ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүйелі түрде жиындар өтіп тұрады.
Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, «Шымсити» және «Тұран» шағынаудандарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов көріп қайтты.
Аппарат басшысы алдымен «Шымсити» шағынауданындағы көпқабатты үйлерге жылу беретін қазандықтың қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Модульды жылу қазандығының жүйесі арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылады. Нысан басында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылыту маусымына дайындықты ұйымдастыру жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
«Тұран» шағынауданында қала әкімінің аппарат басшысы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған мердігер ұйымдардың өкілдерімен жиын өткізді. Құрылыс штабында өткен кездесуде баспана салу барысында өндірістік кестенің сақталуы, ішкі орамдық жолдардың сапасы, жарықтандыру мәселесі, су жүйелерін жүргізу, аяқжолдар салу және абаттандыру мәселесі бойынша қала басшысының берген тапсырмаларының іске асырылуы пысықталды. Аталған мәселелер бойынша тапсырыс беруші қалалық басқармалар қойып отырған талаптар мен мердігер ұйымдардың орындаушылық тәртібі талқыланды.
Жиын қорытындысында қала әкімінің аппарат басшысы ішкі орамдық су жүйелері мен абаттандыру мәселелері бойынша жұмысшылар атқарып жатқан істерді зерделеді.

Үйірмені ата-ана өзі таңдайды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Эфир биылғы мамыр айында қолданысқа енгізілген мемлекеттік тапсырыс арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру жүйесі тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысының бұқаралық және балалар спортын дамыту жөніндегі нақты тапсырмасы бар екендігін атап өткен қала басшысы спортты дамытуда мақсатты жұмыстар атқарылып отырғандығын айтты.
Бұл бағытта мектептердегі спорттық үйірмелерге 156 мың бала қатысып, спорт мектептерінде және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс жүргізетін 5 спорттық ұйымға 17 мың бала тартылған.
Спорттық нысандардың тұрғындарға қолжетімді болуын ұйымдастыруда шағынаудандар мен тұрғын алаптарда 115 спорт алаңшаларын орнату бастамасы қолға алынып, іске асырылуда.
Қала әкімі Президент тапсырмасына сәйкес биыл спорттық және шығармашылық секцияларға жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгенін атап өтті. Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез-келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады.
Жаңа жобаға сәйкес ата-аналар спорттың 71 түрі бойынша өтініш бере алады. Қазір спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу спорты, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 2211 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биылға 339,8 млн теңге бөлініп, 4096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндік берілген.
Шығармашылық үйірмелер бойынша мың баланы қамтуға 72 млн. теңге қаралған. Мемлекеттік тапсырыс 13 шығармашылық бағытты қамтиды. Ата-аналардан ұлттық би, халық биі, балл биі, деректі және көркем фильм, актерлық шеберлік үйрмелері бойынша 689 өтінім түскен. Балаларын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге жаздырғысы келген ата-аналар artsport.edu.kz бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасы арқылы өтініш қалдырады. Жүйенің ерекшелігі – әрбір ата-ана спорттық секцияны немесе шығармашылық үйірмені өзі таңдай алады. Жаттықтырушылардың біліктілігін, нысанның орналасқан жерін таңдау мүмкіндігіне ие. Тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берген қала әкімі бұл жүйе тұрақты болатынын және алдағы жылдары оған бөлінетін қаражат пен балаларды қамту көрсеткіші өсетінін атап өтті.

Қысқа дайындық жұмыстары пысықталды

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы аумағында 672 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 615-і жылу қабылдайтын көпқабатты тұрғын үй ретінде тіркелген.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев «Отырар» және «Спорт» шағынаудандарын аралап, «Қуатжылуорталық-3» мамандарымен бірлесе жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтады. Бүгінде 143 көпқабатты тұрғын үй жылыту маусымына дайын.
Әл-Фараби әкімдігі мамандары тарапынан үй басқарушыларына қысымдау, сығымдау жұмыстарын жүргізу қажеттігі ескертілуде. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің келбетін, тазалығын және жылуын сақтау мақсатында кіреберіс алаңдардың есік-терезелерін бүтіндеу, істен шыққан құбырларды ауыстыру бойынша үй тұрғындарына түсіндірме жұмыстары да қатар жүргізілді.

Өтінім нәтижесі портал арқылы жолданады

Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына жалпы саны 319 өтінім келіп түсті. Азаматтар тарапынан жіберілген өтінімдер қарауға алынған соң, нәтижесі 3 жұмыс күні ішінде азаматтардың egov электрондық порталындағы жеке кабинетіне жолдануда.
Қазіргі таңда 51 азамат өз өтінімін қайтарып алса, 218 азамат тұрғын үй сертификатын алудың талаптарына сәйкес келмегендіктен бас тартылған. 20 өтінім тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес келіп, өтінімдері мақұлданса, 30 өтінім қаралымда. Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдайтын интернет портал тәулік бойы ашық болады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша баспана алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек беріледі.
Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.

Эпидахуал бойынша штаб отырысы өтті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен коронавирус инфекциясына қарсы қалалық штабтың отырысы өтті. Жыл басынан бері қалада 25 мыңға жуық адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 16 мыңнан астам науқас жазылып шыққан. Жалпы екпе науқаны басталғалы қаладағы 319 мыңнан аса тұрғын вакцинаның екінші компонентін қабылдаған.
Айта кетейік, соңғы аптада жедел медициналық көмекті шақырту көрсеткіші төмендеген. Мәселен, бір апта бұрын жедел жәрдем қызметіне бір күнде 2 275 шақырту түскен болса, бүгінде тәулігіне 2048 шақырту түседі.
Ал, мобильдік бригадалар қызмет көрсеткен барлық пациенттерге клиникалық хаттама мен алгоритмге сәйкес емдеу тағайындалған. Базистік терапия анамнезінде 5 756 пациенттің жағдайы жақсарғаны байқалған. Бұл амбулаториялық бақылаудағы барлық пациенттердің 51,7 пайызын құрайды.
Отырыс соңында жауапты мамандардың ұсыныс-пікірлерін тың-даған қала әкімі короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында мониторингтік топтың жұмысын жандандыруды, сондай-ақ вакцина алу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттілігі туралы айтты.
Қазір диспансерлік науқастар тобына жататын адамдардың ішінде созылмалы ауруы бар науқастардың 54% вакцина алған. Әкім қаладағы ахуалды назарға алып, вакцина алуға қарсы медициналық көрсетілім болмаған жағдайда созылмалы ауруы барларды да вакцина салдыруға шақыруды айтты.

Спорт баршаға қолжетімді болады

Қала әкімі М.Әйтенов дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдерімен бірге Шымкентте қолжетімді және бұқаралық спортты дамыту мәселесін талқылады.
Қалада осы жылдың 6 айында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 340 305 адамға жеткен. Бұл қала тұрғындарының жалпы санының 31,2 пайызын құрайды. Бүгінде Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 спорттық клуб жұмыс істейді.
Солардың бірі – Мирас спорт кешені. Мұнда 5 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер футбол мен дзюдо секциясына тегін қатыса алады. Жаңа футбол алаңында 13 жасқа дейінгі балаларға арналған республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге болады. Жаңа спорт нысанының ашылуы күзге жоспарланған.
Сондай-ақ, бокстан әлем чемпоны Біржан Жақыповтың «Әли спорт» клубы да бокс пен дзюдодан болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде. Мұнда 200-ге жуық бала спорттан тәлім алып жүр.
Сондай-ақ, қала әкімі Қызылжар шағынауданындағы спорт кешенінің қызметімен танысты. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған бокс, дзюдо, грек-рим күресі және каратэ үйірмесі бар. Балалар спортпен тегін шұғылдана алады. Бұл клубтың каратэ мен күрес үйірмесіндегі шәкірттері республикалық жарыстарда нәтиже көрсете бастады.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, қазақстандықтардың 35 пайызы бұқаралық спортпен қамтылуы тиіс. Осыған байланысты қала аумағында әрбір қала тұрғынын спортпен қамту үшін көптеген спорт алаңдарының құрылысы жоспарланған.

74 азаматқа пәтер кілті
табысталды

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі келген 74 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталды. Оның ішінде 28 пәтер – көпбалалы отбасыларға, 39 пәтер – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 7 пәтер – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға берілді. Аталған көпқабатты тұрғын үйлер «Тұран», «Тұрлан», «Асар-2» шағын аудандарында орналасқан.
Жалдамалы баспанамен қам-тылғандардың қатарында қала тұрғыны Фарида Жүнісова да бар. Ол 2014 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне көпбалалы отбасылар санаты бойынша кезекке тіркелген. Қала тұрғыны осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегін үнемі «e-gov» электрондық порталы арқылы бақылап отырған. Бүгінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышында шек жоқ.
Айта кету керек, осы жылдың сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, мамыр айында 147 арендалық баспана тұрғындар игілігіне табысталған болатын. Сонымен бірге жыл басында 300 пәтер жұмыс істейтін жастарға үлестірілген еді. Ал, жыл соңына дейін 294 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарлануда.
Былтыр тұрғын үй кезегіндегі 1596 азамат арендалық баспанаға қол жеткізген болса, 904 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілген болатын.

Қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бюджет есебінен пайдалануға беріліп жатқан «Тұран» шағын ауданындағы тұрғын үйлердегі орнатылған жедел сатылардың (лифтілер) қауіпсіздігі тексерілді.
Қалалық орта сапасы және бақылау, құрылыс басқармаларының жауапты мамандары мердігер мекемелердің қатысуымен «Жүк көтергіш ме-ханизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларындағы» бекітілген ережеге сәйкес жедел сатыларға комиссиялық сынақ жүргізіп, тіркеуге алу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі таңда құрылысы аяқталып пайдалануға берілетін 21 тұрғын үйде орналасқан 42 жедел сатыға сынақ жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету реестріне енгізіліп электронды түрде тіркелді. Мердігер мекемелердің қызметкерлеріне жедел сатыдағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты тұрде жалғасатын болады.

Сапалы ауыз сумен қамтылады

Шымкент қаласының Солтүстік Батыс бөлігінде орналасқан елді-мекендерді ауыз сумен қамту мақсатында үш магистралды су құбы-рының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылау мақ-сатында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту бас-қармасының басшысы Боранбай Булатбеков құрылыс нысанын аралады.
Жалпы ұзындығы 11,37 шақырымды құрайтын «Көмешбұлақ» нысанының құрылысы былтыр басталған болатын. Қазіргі уақытта 8,3 шақырым құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталды. Нысан құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ұзындығы 13,6 және 11,76 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларының құрылысы да биыл аяқталып, жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Аталған магистралды су құбы-рының құрылысы аяқталса «Асар-2», «Достық», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ», «Ынтымақ-2», «Батыс», «Қызылжар», «Игілік», «Жаңаталап», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» тұрғын алаптары толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі уақытты қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 14 нысанның, яғни 3 магистралды құбыр мен 11 ішкі орамдық жүйелердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ал биыл барлығы 9 елдімекенде құрылыс жұмысы аяқталып, «Тұран», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ-2», «Батыс», «Жаңатұрлан», «Асар-2», «Ақтас», «Жаңаталап» және «Сәуле» шағынаудандары сапалы ауыз сумен қамтылады.

144 көшеге шағал тас төселді

Қала әкімінің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде қаланың шалғай орналасқан шағынаудандардағы жалпы 52,7 шақырымды құрайтын 144 көшеге шағал тас төселді. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары мәлімдеді.
Басқарма мамандарының айтуынша, жүргізілген жұмыстардың 47,2 шақырымы яғни, 131 көше Абай ауданына тиесілі екен, ал, қалған 13 көше, 5,2 шақырым жол Әл-Фараби ауданына қарасты.
Атап айтқанда Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ», «Жаңаталап», «Игілік», «Қызылжар», «Сәуле», 276-орам, «Ақжар-2» тұрғын алаптарындағы көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС атқарды.
Бұл тұрғын алаптар қалаға жаңадан қосылғандықтан ішкі орам көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмеген. Орташа жөндеу жұмыстары ережеге сай инфрақұрылым жүйелері жүргізілгеннен кейін бастау алады.

Жаңа спорт алаңшасы пайдалануға берілді

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, қалада көптеген спорт нысандары ашылып, тұрғындар игілігіне берілуде. Бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да бірқатар шағынаудандарда спорт клубтары жұмыс істеуде.
Шымкент қаласы әкімінің шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту және баршаға қолжетімді спорт жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданы «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында жаңа спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Қаратау ауданының әкімі А. Әліқұлов демеушілер есебінен салынған көп функционалды спорт алаңшасының жұмысымен танысты.
Аталған спорт алаңшаның құры-лысына демеушілер есебінен 14,5 млн теңге қаралып, жұмысты мердігер мекеме «Ферротекс» ЖШС жүргізген. Қазіргі таңда спорт алаңшасы осы тұрғын алаптағы №83 мектептің иелігіне берілді.

 

Дайындаған:
Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының қызметкері

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *