ХХ ҒАСЫР ГОМЕРІ
18.08.2021 0 2 167
Бір актілі пьеса
ҚАТЫСУШЫЛАР:
1. Жамбыл – қарт ақын
2. Бала Жамбыл
3. Сүйінбай
4. Сарыбай би
5. Жұмабай Шаяхметов – Қазақстан басшысы
6. Сталин – КСРО басшысы
7. Мұхтар Әуезов – жазушы
8. Сәбит Мұқанов – жазушы
9. Шаңбаев – ЦК–ның жауапты қызметкері, ақын
10. Қасым Аманжолов – ақын
11. Л. Соболев – КСРО Жазушылар Одағының хатшысы,
ЦК мүшесі, депутат
12. Тезекбай – Жамбылдың кенже ұлы
13. Күләш Байсейітова – әнші
14. Жамбылдың дәрігері
15. Ханғалин – жас ақын
16. Туыстары
17. Көпшілік
Бірінші көрініс
Ақын жазушылардың кішігірім жиыны болып жатыр. Он екі қаламгер кабинетте арақ ішіп, темекі тартып, кеңесіп отыр. Қақ төрде шашы желбіреген, шала мас Шаңбаев екпіндеп сөйлеп тұр.
Шаңбаев:
– Мен тек шындықты айтамын! Шындық үшін жаным пида! Міне, атыңдар! Атыңдар мені!
Бір ақын күбірлейді:
– Немен атады екенбіз, қаруымыз жоқ.
Шаңбаев:
– Мен бәрібір шыңғырып шын–дықты айтып өлемін, білдіңдер ме? Кедей жалшы отбасынан шықтым, көрмегенім жоқ! Байлар деген мені қанады ғой! (жыламсырайды). Содан ашынып, ақын болып кеттім емес пе…
Қасым Аманжолов:
– Мұнда жетіскен бір адам жоқ. Жалғыз сен ғой дейсің бе…
Шаңбаев:
–Жарайды, айтпағым ол емес.Иә, мен тағдырдың талай сүрлеу соқпақтарынан өттім. Мені Максим Горький, Владимир Маяковский десеңдер де артық болмайды. Өлеңді де, қара сөзді де пулеметпен атқандай боратамын! Оны өздерің білесіңдер. Оқып жүрсіңдер. (кенет айқайлап) Неге? Неге Жамбыл? Жамбыл деген кім? Сонша әспеттеп, асқақтатып аспанға көтеретіндей ақын ба ол? Тоқсаннан асқан тобықтай шал! Сауатсыз! Қасына хатшы қойып, күні түні аузынан шыққан бәдік сөздерін алтыннан қымбат санап жазып алады да жатады, жазып алады да жатады. Мен өлең жазамын деп түні бойы ұйықтамаймын! Түні бойы мына ащы темекіні жеймін!
Бірен-саран адам күледі.
Шаңбаев:
– Неге күлесіңдер! Шынымен, міне, шайнап тастаймын! (темекі шығарып, біреуін шайнап көрсетіп, былай түкіріп тастайды. Біз оның сөзінен, іс қимылынан психикасы дұрыс емес адам екенін сезуіміз керек). Себебі ішім күйіп барады, мына кеудем бар ғой, от болып жанып барады.
Қасым Аманжолов:
– Не болды соншама? Түк түсінсем бұйырмасын. Жамбыл қартта не ақың бар? Ол немене сенің ырысыңды ішіп отыр ма?
Шаңбаев:
– Қасым, Қасымжан-ау, мәселе сонда болып тұр ғой, бәріміздің, осы отырған барлығымыздың жолымызды байлап, қазақ әдебиетінің аспанын жалғыз өзі билеп төстеп алып отырған жоқ па? Қайда барсаң да Жамбыл, елдің аузында Жамбылдың жырлары, қай газетті ашсаң да Жамбыл! Ол кім? Сауатсыз, тоқсанға жетіп алжып кеткен қара шал ғой! Он никто! Товарищи! Товарищи! ОЛ өзі бір ауыз сөз орысша біле ме екен? Ол Лениннің кім екенін, Сталиннің кім екенін қайдан біледі! Ол мына (алдында жатқан газетті умаждап, бұрышқа бір ақ атады) өлеңдерді қалай жазады? Мынау деген саяси сауатты адамның санасынан туған жырлар ғой!
Бір ақын:
– Жамбылдың қасында кәдімгі саяси сауаттандыратын адам бар дейді ғой. Күнде белгілі бір уақытта Революция, коммунизм тарихы жайлы дәріс алады ол шал.
Шаңбаев:
– Бәрібір, он жерден сабақ алсын, бірақ осындай өлеңдерді өзі шығарды дегенге мен сенбеймін, сендер де сенбейсіңдер! Оны жазып беріп отырған қасындағы хатшылары, орысшаға аударып «Правдаға» басып дуылдатып, бәрімізді алдап отыр! Сталин жолдасты алдап отыр! Міне, мәселе қайда? Авантюра республиканского масштаба! Біз осыған жол беріп қарап отырамыз ба? Біз, кедей жалшылардың ұрпағы, біздің деген өтірікке жанымыз қас емес пе? Әлде мен қателесем бе?
Дауыстар:
– Дұрыс айтасыз!
– Жол бермейміз!
– Долой Жамбыла!
– Анеке, бірақ бізде не қауқар бар? Оны қадірлі жолдас Сталиннің өзі қолдап отыр емес пе?
Шаңбаев:
–Біз Сталин жолдастың көзін ашуымыз керек.
Дауыстар:
– Өзімізге бәле болып жүрмей ме?
–Анеке, алды-артымызды мықтап ойластырып алайық.
Шаңбаев:
– Алдымен мынаны айтыңдаршы, сендер менімен келісесіңдер ғой? Ол шалдың көзін құрту керек деген идеямды қолдайсыңдар ғой?
Дауыстар:
– Қолдаймыз!
– Қолдаймыз, қарағым.
Шаңбаев:
– Олай болса, арыз дайын, өзім Мәскеуге жолдаймын. Сендер қол қойып берсеңдер болды. Сол шалдан құтылсақ, көресіңдер барлығымыздың жолымыз ашылады. Мен сендерді өсіріп, қызмет беріп, қасыма аламын. Атақ аласыңдар, үй беремін, ЦК–ға өтесіңдер, депутат боласыңдар. Тек енді быт–шытын шығарып, күйрете құлатуымыз керек. Мен сендерге сендім олай болса.
Қасым Аманжолов:
– Ақылдарыңнан алжастыңдар ма? Қалжың ба десем, шындап барасыңдар ғой? Тоқтатыңдар!
Дауыстар:
– Әй, Қасым, аз қаңғырдың ба, үй аласың деп тұр ғой.
– Үйінен шыға алмай отырған кәужіреген жаман шал былай да өліп қалады ғой. Ең болмаса, бізге пайдасы тисін!
Қасым Аманжолов:
– Мына түрлеріңмен сендер кісі жейсіңдер ғой. Мен сендерге жалғыз нәрсе ғана айтамын. Жуырда Жамбыл ауылына кездейсоқ барып қалып бір түн, бір күн оның жырын өз құлағыммен естігенмін. Жамбылмен ойнамаңдар, ол деген тұнғиық дария ғой, қисса-дастандарды таңды-таңға ұрып айтқанда бір мүдірмейді. Мен қол қоймаймын. Шаңбаевақа еріп, сендер де ақымақ болмаңдар.
Ханғалин:
– Олай болса мен де қоймаймын.
Шаңбаев:
– Әй, Аманжолов, қисық тартқанды қашан қоясың?Өзің әне міне, пәтер алайын деп тұрсың.Қол қоймасаңдар, Ханғалин екеуіңнің кітаптарың да шықпайды, үй де жоқ, жұмыс та жоқ сендерге. Білдіңдер ме?
Қасым Аманжолов:
– «Берсең бер, бермесең
ғой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды»
Екеуі есікті тарс ұрып шығып кетеді. Қалғандары түгел арызға қол қойып жатады.
Шаңбаев:
– Есалаң, жүр солай қиялданып. Өлеңнің оты дейді ғой, идиот! Өз обалдарың өздеріңде.
Барлығы ду күледі.
Дауыстар:
– Шаңбаев Анарбайдай ұлы тұлға үшін.
– Анарбайдай ақын үшін.
– Шаңбаев Анарбай жасасын.
– Кел, Анекең үшін алып қояйық!
Бәрі түрегеп стакандағы арақтарын алып, Шаңбаевты құшақтап жатады.
Екінші көрініс
Жамбыл ауылы. Киіз үйде Жамбыл демалып жатыр. Қолында домбыра, өзінің күйін тартып отыр.
Тезекбай:
– Мұхаң бір орыс жазушыны алып келіп тұр, ата.
Жамбыл:
– Келсін, келсін!
Л.Соболев пен Мұхтар Әуезов кіреді. Екеуі сәлемдесіп Жамбылдың қолын алады.
Жамбыл:
– Мынау қыстан арып шыққан қызыл нардай болған жігіт кім?
М.Әуезов:
– Бұл Леонид Соболев деген Мәскеуден келген СССР Жазушыларының басшыларының бірі, депутат. Сізге сәлем беруге арнайы келіпті.
Жамбыл:
–Аман-есен келдің бе, қызыл нарым,
Аяғы да мойылдай ұзын нарым.
Қыз-келіншек қуанып қалған шығар,
Кіріп барсаң тобына бұзып-жарып.
М.Әуезов сыбырлап Соболевке аударып тұрады. Соболев риза болып басын изейді. Жамбылға сынай қарайды.
Жамбыл:
– Тезекбай мал алдырт. Мәскеуден нар жігіт келіпті.
Мейман достық қазақтың бір белгісі,
Сый көрсету ескінің жоралғысы.
Жорға мінгің келе ме, жүйрік мінгің,
Тілегіңді айта отыр мейман кісі.
Соболев:
– Бұл кісі қандай өлең айтып отыр?
М.Әуезов:
– Импровизация! Сіздің келген құрметіңізге орай суырып салып өлең шығарып айтып отыр.
Соболев:
– Ғажап! Ғажап! Рахмет, Жамбыл ата!
М.Әуезов:
– Бұл Жамбыл миллион жол өлеңді жатқа біледі. «Көрұғылы» эпосын он бес күнайтады. Өзіне дейінгі бар ақындар өлеңін жатқа білген.Ал «Манасты» үш күн тоқтамай айтып береді. Бүкіл шығыс эпос, дастандарын түгел өз мәнерімен айтып бере алады.
Соболев:
– Қалай үш күн тоқтамайды? Ұйықтамай, тамақ ішпей жырлай бере ме?
Әуезов күледі.
М.Әуезов:
– Әрине, дем алып алады ғой. Онсыз бола ма? Дегенмен, бір сөзінен жаңылмай, үзілген жерінен әрі қарай іліп әкетіп айтады.
Соболев:
– Шынымен феномен екен. Сіз менің арыз тексеріп келгенімді айтпай ақ қойыңызшы. Ақсақалдың көңіліне келіп жүрер.
М.Әуезов:
– Жоқ, айтпаймын. Алаң бол-маңыз. Жұмысыңызды жасаңыз, асықпаңыз. Ақсақалдың жанында бір жыл жатсаңыз да бұл кісі қуанбаса ренжімейді. Ол жаңалыққа құмар, әрбір жаңа адаммен әңгіме дүкен құрып, көкірек көзін аша түскісі келіп отырады. Білімге құштарлығы жас баланікіндей.
Соболев:
– Ғажап екен. Бұл кісіні тоқсаннан асқан деп кім айтады.
Тезекбай:
– Ата, дастархан дайын. Қонақтар шәй ішсін.
Мұхтар Әуезов:
– Жүріңіз ас дайын екен, сонда барайық.
Жамбыл сыртқа шыға бергенде Соболев сүйемелдейді. Соболевке асыла Жамбыл кебісіне галошын сұға алмай жатыр.
Соболев:
– Вот, ата вот!
Жамбыл:
– От болса, онда от!
Жігіт едім жасымда қысылмаған,
Көрсеткен жоқ тірі жан қысым маған.
Тар саңлаудан дәл соққан
мерген Жамбыл,
Кең гәлөшін кие алмай пысылдаған!
Соболев:
– Не айтты?
Мұхтар Әуезов (күлкісін жасырып): – Галошын кие алмағанын айтып жатыр.
Соболев:
– Міне, нағыз импровизация! Жамбыл ата аузынан түйдек–түйдек өлеңдер вулкандай бұрқырап ағыл–тегіл төгіліп жатыр. Не деген жауһар алтын теңеу жырлар! Қымбатты Жамбыл ата! Даңғыңызды естуші едім, енді көріп таң–тамаша қалдым! Мен бақыттымын!
Жамбыл:
–Алда разы болсын, шырағым! Ақкөңіл екен, байқұс. Ал қызыл нарым, дастарханға жүр, қадірлі мейманым бол.
Жамбыл атаны Тезекбай сүйе-мелдеп алып кетеді.
Соболев:
– Мұхтар, Бұл кісіні Мәскеуге апарып, Сталинмен жүздестірейік. Ол кісі бұндай абызды өз көзімен көруге тиіс. Он күндікке баратындардың тізіміне Жамбылды да қосыңдар.
М.Әуезов:
– Бәрекелді! Құп болады, қосамыз!
Соболев:
– Жамбыл нағыз ұлы ақын, ғаламат импровизатор! Мұндай ұлыны туғызған қазақ елі шынында бақытты екен!
Үшінші көрініс
Тезекбай:
– Жамбыл ата, бір кісі келіп тұр.
Жамбыл:
– Үйге кірмей ме?
Тезекбай:
– Асығыспын дейді.
Жамбыл:
– О несі? Асығыс болса асықпаған бір уақытында келсін.
Тезекбай шығып кетеді. Іле Шаңбаев қасында дәрігері бар үйге келіп кіреді.
Шаңбаев:
–Ассалаумағлейкүм, Жамбыл баба!
Жамбыл:
– Әлекүмассалам, жүзің таныс, шырамытып тұрмын.
Шаңбаев:
–Шаңбаев Анарбаймын, Орталық комитетте Мәдениетті басқарамын. Сіздің онкүндікпен Мәскеуге баратыныңызды естіп, ұшып келдім. Құтты болсын!
Жамбыл:
– Барсақ барармыз. Барлығы мына жаңа заманның, айналайын өкіметтің арқасы.
Шаңбаев:
– Соған орай жеке дәрігеріңізді ауыстыру жайлы шешім қабылдадым, ата. Бұрынғы дәрігеріңіз енді келмейді. Енді мына кісі Сіздің денсаулығыңызды тексеретін болады.
Жамбыл:
– Е, мейлі. Ана доғдыр балаға үйреніп алып едім, бұл қазақша біле ме?
Шаңбаев:
– Білмейді. Бірақ өз ісінің маманы. Жоғары деңгейдегі дәрігер.
Жамбыл:
– Мұсылман біреу табылмады ма?
Шаңбаев:
– Ата, сіз ондай сөзді қойыңыз. Ленин іліміне сәйкес дін халық санасын улайтын апиын болып жарияланды. Күн көсемді жырлап отырған адамның аузынан ондай сөздің шығуы ұят. Ертең Сталинмен кездескенде өстіп отырсаңыз, барлығымызды құртасыз.
Жамбыл:
– Е, қарағым. Тоқсанға келген мен бұл дүниенің емес ана дүниенің қамын жеймін. Басымды алса да маған бәрібір. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барды, Құнанбаймен Меккеде қазақтарға арнап үй салды, мешіт салды. Сол үлкен жолдан қайтып келе жатқан сапарында өлді. Немене менің жаным Тәйтіден артық қой деп пе едің?
Шаңбаев:
– Вот он дает, а! Его ведь надо расстрелять без суда и следствия.
Дәрігер:
– Анарбай Каримович, не беспокойтесь, все будет под контролем. Я буду все фиксировать, кто придет, кто уйдет, кто что скажет, весь отчет будет представлен в письменном виде.
Шаңбаев:(көзі жасаурап).
– Какая несправедливость. Змею греем на груди, этот человек первый враг всего революционного, всего прекрасного. Не ради такого будущего кровь пролили наши товарищи. Этот человек враг… (қыстығып қалады)
Жамбыл:
– Әй, балам, немене шүлдірлеп кеттің. Асығып тұрғаның қайда? Мына жолбарысым сені жақтырмай гүрілдеп кетті. Жолыңнан қалмай баршы өзің. Неғылған адамсың.
Шаңбаев:
– Жамбыл Жабаевич, мына дәрігер осында қалады. Мәскеуге барып келгеніңізше сіздің қасыңыздан кетпейді ұқтыңыз ба?
Жамбыл:
– Тезекбай, қонақты шығарып сал. Мына күзендей жылтыраған тақырбас доғдырды тоқал тамға апаршы, сонда жатсын, түге. Көзі тұздай жаман екен.
Төртінші көрініс
Мәскеуге кетіп бара жатқан поезд ішінде Шаңбаев пен дәрігер.
Шаңбаев:
– Мына дәріні қымызына салып жібер.
Дәрігер:
– Торсыққа салайын ба?
Шаңбаев:
– Қайдағы торсық? Бір вагонды түгел қырайын деп пе едің? Кесесіне сал.
Дәрігер:
– Аузынан көбік ағып уланып жатса, сезік тумай ма? Алдымен менің басым кетеді.
Шаңбаев:
– Жолдас Соколов! Бұйрықты орындаңыз!
Дәрігер қалт тұра қалып, қолын шекесіне апарады.
Дәрігер:
– Құп болады!
Бесінші көрініс
Жамбыл төсекте жатыр. Поезд іші.
Сәбит Мұқанов:
– Жамбыл тәте ауырып қалды.
Шаңбаев:
– Не болды?
М.Әуезов:
– Салқын қымыз ішем деп қызуы көтеріліп, үні бітіп, дауысы шықпай қалды.
Шаңбаев:
– Құрыдық десеңші! Айттым ғой, өлмелі шалды алысқа сүйремей–ақ қояйық деп. Басқа да домбыра ұстаған, әу дейтін ақындар толып жатыр емес пе еді? Ертең Сталин жолдастың алдына баруы керек. Ол кісіге не дейміз? Мұқанов, Әуезов екеуің жауап бересіңдер!
Зілдене басып, ашуланып кетіп бара жатып күбірлейді:
– Сендерге сауап болды. Жамбыл, Жамбыл деп жүргенде, шалдарың жолда абыройсыз өліп, Сталин мен Политбюро жандарыңды жаһанамға жіберер. Бір оқпен бірнеше қоянды атып алған Шаңбаевтың бағы жанды деген осы. (Шығып кетеді).
М.Әуезов:
– Ақсақал сәл тынықсын. Бері жүріңіздерші. Асыл болат майысқанмен шорт сынбас. Тоқсан жыл жырлаған жүрек тынығар, тынығар да құлшынар.
С.Мұқанов:
– Айтқаның келсін, Мұқа. ЦК екеуміздің шаңымызды қағатын болды. Мені қойшы сенің тағдырың қыл үстінде тұр емес пе?
М.Әуезов:
– Қуға қу, сұмға сұм дос. Бір топ итаршы-арызкөйлері бізді сүріндіруді көздеп отыр ғой. Дегендері бола қоймас. Өткен мен бүгінді жалғап, бүкіл әлемге қазақтық рухты паш еткен соңғы жыраудың бүгін өлетініне мен сене алмаймын.
С.Мұқанов:
– Оңбағандар Тәтем арқылы бәрімізді омақаса орға жықпақшы. Жамбыл тәтем қазір жолда өлсе, он күндіктің өтпей қалуы да кәдік. Онда алдымен біздің бас кетеді. Осы кісінің қасында жүрген біз ғой.Екеуміз біржола құримыз. Қап! –ау, қап!..
М.Әуезов:
– Сәбит,қоя тұршы. Жамбыл Жамбыл болғалы ешуақ жарым жолда қалып көрмеген, бәйгенің алдын бермеген нағыз тұлпар емес пе! Мен тәтеме сенемін.
Мүлгіп жатқан Жамбыл күбірлейді.
Жамбылдың түсі. Бала Жамбыл. Сүйінбайдан бата алу, Қызыл шұбар жолбарыс жайлы Сарыбай бидің аяны
Тұманнан Сүйінбай көрінеді:
О, Жамбыл, бата дедің, бердім саған,
Бақытты, өмірлі бол, жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шығып
кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.
Бала Жамбыл Сүйінбайдың берген домбырасын иіліп алып, жыр төгеді.
Дауыстар:
– Тура Сүйекең ғой мынау!
– Қызыл жел ғой!
– Ыстық жел!
– Даусы биікке, дабысы алысқа кетеді мына баланың! Айналайын–ай, болайын деп тұрған бозым екенсің! Тіл-көзден сақтай гөр!
Сарыбай би:
– Жамбылжан, тарықпа, қорықпа! Жел айдамай бұлт кетпес, тарығып жүрсең – сүйінерсің, қамығып жүрсең – қауанарсың! Есті тентек едің, енді ел таныған ақиық ақын боласың. Ел тірлігі бұзылмасын, жаңа ұйыған ел ірімесін деп Бұрым сұлуыңнан айырдым. Қиянат жасадым. Сонда да сыртқа теппедің. Сыйластық жібін аттаған жоқсың. Ақ батамды саған бердім. Тек, әттең басыңа бақ кештеу қонады екен…
Қарасай бабаның қызыл шұбар жолбарысы саған ерді, басыңа бақ қонды. Енді қолыңды оңға сілтесең – күнді ұстарсың, солға сілтесең – айды ұстарсың! Бақты көтерер салмақ керек. Соны ұғын, Жамбылжан!
Сол кезде жолбарыстың елесі Сарыбайдан шығып, Жамбылға барады.
Пойыздың іші.
Жамбыл (оқыс оянып):
– О, қасиетіңнен айналайын, – Қызыл шұбар Жолбарыс!
Әруағыңнан айналайын Сүйекем!..
Сәбит:
– Тәте! Тәте! Туһ! Шошыттыңыз ғой. Есіңізді жидыңыз ба?
Мұхтар Әуезов:
– Тәтем оянды.Дауысы ашылыпты.
(Бәрі жиналады).
Жамбыл:
– Бір кесе қымыз әкеліңдерші.
С.Мұқанов:
– Ойбай, тәте, қымыз емес, шәй берейін!..
Күләш Байсейітова келіп құшақтай алады.
Күләш:
– Ататай! Сізді өліп қалады екен деп зәре құтымыз қалмады ғой.
Жамбыл:
– Ойхой дәурен! Жанымда өзіңдей ару келе жатқанда мен қалай өлемін?
Ар жақтан Шаңбаев көрінеді. Дәрігер шарасыз кейіппен екі қолын екі жаққа жайып Жамбылды көрсетеді. Шаңбаев тістенеді.
Шаңбаев:
– Шал не болды? Өліп қалған жоқ па, масқара ғып?
М.Әуезов:
– Тәтем оянды.
С.Мұқанов:
– Үні саңқылдап, өлең айтып жатыр.
Шаңбаев:
– Мына шалдың қырық жаны бар шығар. Түрегеп отыр ғой әуелі?
С.Мұқанов:
– Мәскеуге келдік! Пәлі, мынаны қара. Вокзал толы халық, құшақ–құшақ гүл ұстаған ел.
М.Әуезов:
– Вокзалдағылар, бәрі «Жамбыл! Жамбыл!» деп жатыр.
Кенен:
– Ойпырм-ай, қолдарында Жамбыл портреті.
Жамбыл:
– Ау, бұл Мәскеуліктер мені қайдан біледі?
М.Әуезов:
– «Правданың» бірінші бетіне суретіңізбен өлеңдеріңіз басылды. Кеше тағы да шықты.
Жамбыл:
– Қой, онда мен киінейін! Халықтың құрметінен артық не бар? Өлеңің өрге сүйреп, шыңға шығарады деп еді Сүйінбай ұстазым!
(Жамбыл киінеді).
Сыртта дауыстар:
–«Жамбул, Жамбыл!», «Қош келдің Жамбыл!» – «Жаса Жамбыл!».
Шаңбаев дәрігерге ашуланып қалшылдап қарайды. Дәрігер қорқып тез кетіп қалады.
Алтыншы көрініс
Кремль. Георгиевский залы. Қазақстанның барша мәдениет қызметкерлері, үкімет басшылары.
Дауыс (микрафонмен):
– Құрметті Қазақстандықтар! Қазір Сіздермен кездесуге Сталин жолдастың өзі, Политбюро мүшелері келеді. Протокол бойынша алдымен Сталин жолдасқа Жамбыл ақын сәлем береді. Барлықтарың сап түзеп тұрыңдар.
Шаңбаев:
– Жәке, бері жүріңіз!
М.Әуезов:
– Тәте, кел алдымызға.
С.Мұқанов:
– Ал, бүгін айтпаған өлеңді, тәте, қашан айтасың? Дұрыстап бір орындаңыз.
М.Әуезов:
Қазақтың кім екенін танытыңыз!
Жамбыл: (аспай-саспай)
– Ойпырм-ау, мынау тастан қаланған сарайдың зәулімін-ай!.. Сталин қайда?
Осы кезде дауыс:
– Сталин жолдас жиналыста. Дайындалып отырыңыздар, ол қазір шығады (Бәрі күтіп тұр).
Жамбыл елдің көзін ала бере шетке ыңысып, тасалау бір жерде белбеуін шешіп, төсеп, бөркін алып намазын оқи бастағанда Сталин бастаған Политбюро мүшелері келіп кіреді.
Сәбит Мұқанов Мұхтар Әуезовты түртеді.
– Тәтем қайда?
Сонда барып, олар бұрышта намаз оқып жатқан Жамбылды көреді. Бәрі сілтідей тынып қалған.Жамбылдың намаз оқыған дауысы естіледі. Сталин міз бақпай Жамбылды күтіп тұрады. Барлығы амалсыз күтеді. Қазақ делегациясының барлығында өң де, түс те жоқ, саудамыз бітті деп тұр.
Шаңбаев: (бұрышқа барып)
– Құртты шал. Бәрімізді құртты. Масқара болдық. Ең қызығы мені де құртты. Кремльде сұңқылдап намаз оқығаны не сұмдық!
Жамбыл намазын оқып бітіп, белбеуін тағынып, құндыз бөркін киіп, бұларға салмақпен қарайды.
Жамбыл:
– Ассалаумағалей–көм, Стеке!
Сталинге сәлем берді.
Сталин: (Жамбылдың қолын алып)
– Әр ұлт өз дінін қадірлеу керек. Кел, төрлет, Совет Одағының даңқты ақыны Жамбыл ақсақал!
Барлығы жамырап қуанып, иықтарынан жүк түскендей жеңілдейді. Жамбыл «Туған ел» өлеңін айтады.
Сталин:
– Міне, міне нағыз ғұлама, данышпандық. Ленин жөнінде, Компартия жөнінде бүкіл Совет Одағының барша ақыны өлең жазды, жыр арнады. Бірақ мына Жамбыл жыры бәрінен жоғары, бәрінен артық. Жамбыл нені жырласа да алтындай жарқыратады, күндей жайнатады. Жамбыл жырына ешкім жетпейді. Жамбыл – ХХ ғасырдың Гомері!
Дауыстар:
– Жамбылды Гомерге теңеп жатыр.
– Гомер дегені – данышпан дегені.
– ХХ ғасыр Гомері – Жамбыл ата!
Сталин:
– ХХ ғасырдың Гомеріне арналған дастарханға барлықтарыңызды шақы-рамын. Гомер бізге оралды, Жамбыл болып оралды.
Шаңбаев:
– Кемеңгер көсеміміз біздің! Сіз данышпансыз!Алдыңызда басымызды иеміз! Не деген керемет сөздер!
Сталин:
– Айтпақшы, жолдас Шаңбаев, Жамбыл Жабаевтың жеке дәрігері сіздің контрсоветтік іс әрекеттеріңіз жайлы толық түсініктеме берді. Ол кісі қазір изоляторда отыр, сіз сол сыбайласыңызбен бірге кешкі асты түрмеде ішесіз. Алып кетіңдер!
Жетінші көрініс
Жамбылдың үйі.
Дауыстар:
– Соғыс бітті! Сүйінші! Сүйінші!
– Жеңіс!
– Жеңіс! Біз жауды жеңдік! Жеңіс жасасын!
Шаяхметов, Қасым Аманжолов т.б. бір топ адам кіреді. Төрде Жамбыл түрегеп тұр.
Шаяхмет:
Қадірлі Жамбыл баба! Соғыс бітті! Біз жеңдік! Бұл жеңісте сіздің де үлесіңіз бар! Совет әскерін рухтандырған өр жырларыңыз блокадада, ассыз, сусыз жатқан қаншама ленинградтықтың өмірін сақтап қалды. Бұл жайлы олардың өздері де айтып та, жазып та жатыр. Тіпті төбеден құйғытып бомба түсіп жатқанда Ленинград тұрғындары Сіздің жырыңыз басылған газеттің кезегінен тарқамай, табандап тұрып алған күндер де болды. Себебі адам рухы құлағанда ғана жеңіледі. Майдан жылдары Сіздің даусыңыз асқақ та айбынды естілді, өршіл рухты оятып, адамзат баласын ерлікке бастады! Мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған жырларыңыз фашист басқыншыларына қарсы бірегей қару болды! Ұлы жеңіспен құттықтауға рұқсат етіңіз, қадірлі біздің ақсақалымыз!
Жамбыл:
– Айналайын ай. Жақсы болған екен. Осы Жеңісті қанша күттік! Қанша боздақ қыршынынан қиылды.
Кемсеңдеп жылап, «Алатауды айналсам Алғадайды табам ба» деген жоқтауын орындайды.
Шаяхметов:
– Жамбыл ата, бұныңыз не? Еліміз жеңіс тойын шат-шадыман тойлап жатыр. Бүкіл Совет Одағының абыз ақсақалын, ХХ ғасырдың Гомері Сізге арнайы сүйінші хабарды естіртуге келдік, тәте! Жыламаңыз!
Жамбыл:
– Қойдым, қойдым, қарағым. Құтты болсын! Баянды болсын, Қарақтарым!
Қасым Аманжолов:
– Жүз жасқа міне келіп, жеңісті көрдіңіз. Мен Сіз жөнінде поэма жаздым, тәте.
Шаяхметов:
– Не тілегіңіз бар, ата? Бізге беретін тапсырмаңыз бар ма?
Жамбыл:
– Енді еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Балдырғандай балалар, құлпырған жастар аман болсын! Біздің тілек – Жеңіске жеттік, бейбіт өмірде баршаңыз қуанышқа кенеліңіздер! Дегенмен бір өтінішім бар. Мен өмір бойы ораза-намазымды қаза қылмаған жанмын…
Шаяхметов:
– Ойпырым-ай, а, солай ма екен!
Жамбыл:
– Қызыл шұбар жолбарысым таңға жуық босағамнан шығып кетті. Үш рет шақырып едім, бұрылмады. Мен енді көп ұзамаспын. Тілегім: анау Алматыға Шәріп қари молдаға жаназамды шығартып, мұсылманша осы өз алма бағымның ішіне жерлеңдер.
Шаяхметов:
– Ой, ата олай айтпаңыз.
Жамбыл:
– Мен бір ғасырда бәрін көрдім. Ризамын ел-жұрт, қадірлеген халқыма. Осы тілегімді беріңдер. Мұсылманша жерлеңдер мені!
Шаяхметов:
– Ата, енді жеті-сегіз айдан кейін 100-ге келесіз. Келер жылы осы уақытта бүкіл Совет Одағы Сіздің сол тойыңызды өткіземіз. Аман болыңызшы тек. Қазақты Сіз арқылы әлем таныды.
Қасым Аманжолов:
– Жамбыл ата, аманатыныңыз орындалады. Мен өзім басы қасында боламын. Уәдемді беремін.Енді өзіңізге арнаған поэмамды оқиыншы. Бүгін той ғой. Жамбыл ата тойына арнағанмын мұны.
Жамбыл:
– Оқи ғой, Қасымжан!
Қасым Аманжолов дүрілдеп «Жамбыл тойына» деген поэмадан үзінді оқиды.
Ел сахнаға жинала береді.
ШЫМЫЛДЫҚ
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық Жамбыл
сыйлығының лауреаты
Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,
Мәдениет және спорт министрлігі
Мәдениет комитетінің төрағасы
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 7 125
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 421
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 394
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 685
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 783
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 43
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 54
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 51
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 77
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 56
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.