ОЛ БАРЛАУШЫ БОЛҒАН ЕДІ…
17.05.2021 0 1 262
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі
Жау ел шебін бұзып, ішке қарай сұғына енгенде Шаян ауданы Тасқұдық елді мекенінің өзінен жүзге тарта жас қолына қару алып, майданға аттанды. Соның бірі он тоғыз жасар комсомол мүшесі Сарман Әлімбеков болатын. Уақыт өте тығыз еді. Сондықтан оларды қысқа мерзімді даярлықтан өткізіп, майдан шебіне жіберді. 2 Украина майданы, «Қызыл ту», «Суворов» және « Богдан Хмельницский» орденді артиллериялық зеңбірек бригадасы 2 двизионы, 6 батереясына байланысшы болып келген Сарман алғашқы күндерінен-ақ өзінің өжеттігімен, алғырлығымен, жауынгерлік тапсырмаларды аса ыждағатты да жауапкершілікпен атқара алатындығымен көзге түседі. Байланысшыларға аса маңызды да жауапты тапсырмалар жүктелетін. Олар қиян-кескі соғыс кезінде артиллерия мен жаяу әскер арасындағы байланысты үнемі жалғап отырумен қатар зеңбірек оғының нысанаға дөп тиюі үшін межелі жерді айқындап беріп отыруы тиіс. Бұдан қалды керек кезінде қолына қару алып, қолма-қол шайқаста ұрыс алаңына шығады. Осынша қиындықтарды арқалау байланысшыға оңай болсын ба?
Тасқұдықтан аттанған жүзге жуық жас жауынгердің арасынан Сарман мен Қамбар ғана бір бөлімге түсіп, қатар шайқасты. Бірде әскери бөлім үлкен шабуылға дайындалып жатты. Батерея командирі төрт байланысшыны бөліп алып, оларға аса жауапты тапсырма берді. Аға сержант Андрейді байланысшыларды командир етіп тағайындады. Тығыз тапсырма алған төртеу жер бауырлап құпия нысанға қарай кетіп бара жатты. Олардың соңында шұбатылып телефон сымы қалып барады. Олар межелі жерге жеткенде төбесін ағашпен жапқан, жартылай құлаған блиндажға тап болды. Осында телефонды орналастырып, бұйрық күтіп жатты. Айнала тып-тыныш. Украйна орманы үнсіз мүлгиді. Тіпті, бұл аймақта соғыс жүріп жатыр десе, сенбегендейсіз. Фашистер де мойындарын ішіне тығып, үн қатпайды. Андрейдің түсіндіруі бойынша біздің әскер фашистердізеңбірекпен жарты сағат бойы үздіксізатқылайды да соңынан жаяу әскер шабуылға шығады. Бірақ, ол айтқандай болмады, немістер ұйқысынан шошып оянғандай бірінші болып атқылай бастады. Артиллериядан атылған снарядтар айналаға топ-тобымен түсіп жатыр. Бұрқ-бұрқ көтерілген шаң-топырақтан ештеңе көрінбейді. Осы кезде Андрей «байланысты жалғаңдар!» деп бұйрық берген. Қас қылғанда бұлар жасырынған блиндаждың дәл қасына келіп снаряд жарылды да «ұяны» топырақ жауып тастады. Сарман мен Қамбар топырақ арасынан әзер дегенде шықты. Осы кезде байланыс үзілді. Жаңбырша жайып тұрған снаряд сымды үзіп кеткені белгілі еді.Оны жалғауға Андрей екі жауынгерді жіберді. Соның бірі Сарман болатын. Әлден соң байланыс жалғанды. Андрей дүрбісін алып, зеңбірекшілерге нысананы дәл бағыттап тұр. «Оңға», «Солға!» деген үні жаңғырып естіледі. Әлден соң немістер жағының үні өшті. Андрей «Молодцы! Точно!» деп қояды. Соған қарағанда біздің зеңбірекшілер немістердің нысанасына снаряд оғын дәл тигізіп жатқан болуы керек.
Ал, бұл кезде Сарман қасындағы байланысшымен бірге жауып тұрған оқ пен отқа қарамай үзілген сымды жалғаумен жүрген-ді. Қасындағы қызыл әскер жараланған соң оны снаряд қопарып кеткен жерге жатқызып кетіп, бір өзі еңбектеп отырып, үзілген сымды үзілген жерінде жалғай берді. Осылай ол сымның үзілген жерін жеті рет дәл тапты. Арада сәл ғана үзіліс жасап, байланысты қайта жалғап отырған байланысшыға командирлер дән риза болды. Міне, осы ерлігі үшін Сарман Әлімбеков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бір өкініштісі, Сарманның снаряд түскен жерге жасырып кеткен қарулас досы бөлімге тірі келгенімен, дала госпиталіне жетпей көз жұмды. Сонда Сарман тұңғыш рет көзіне жас алып еді.
Мұнан кейін байланысшы Сарман Әлімбековтің жауынгерлік жорығы Берлинге дейін жалғасты. Ол Чехославакияның Вышков қаласын азат етуге қатысқан ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен награтталды. Сонымен қатар әр жылдардағы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, басқа да медальдармен марапатталды.
Соғыстың бір сұрапыл кезінде Сарман ауылдас ағайыны Қамбардан көз жазып қалды. Оны басқа бригадаға айыстырып жіберген еді. Тасқұдықтан соғысқа аттанған жүз жігіттің жиырмаға жетер-жетпесі ғана оралды. Соның өзінде олардың көбісі жаралы. Қамбар бір аяғының тізеден төмен бөлігін ұрыс даласына тастап оралды. Бір қуаныштысы, соғыстың алғашқы жылдары бір бригадада соғысқан Қамбар мен Сарман ауылға аман-есен оралды. Сондағы екеуінің қуана қауышқанын көрсеңіз ғой. Көздерінен сел болып аққан жасты тия да алмады. Соғыстан алған ауыр жарақаты салдарынан Сарман 1963 жылы бар-жоғы 39 жасында қайтыс болды. Бұл кезде оның ұлы Дәулет алты жаста ғана еді.
«Қай балаға да әкенің орны бөлек, өте қымбат қой. Әкемнің бейнесі еміс-еміс қана көз алдыма келеді. Бірде мен жұмыс істейтін мектеп алдында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арнап ескерткіш тұрғызылды. Көпшілік үйлеріндегі құжаттарды әкеліп, әкелерінің соғысқа қатысқаны туралы құжаттарды көрсетіп жатты. Мен анам Фатимадан (бүгінде 94-ке келді) «әкемнің құжаттары қайда?» деп сұрасам, «балам-ау, оларды мемлекеттен жәрдем береді деген соң аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне өткізіп жібергенмін» деп отыр. Содан салып отырып, аталған бөлімге барайын. Жоқ. Арада қанша қызметкерлер ауысты, жылдар өтті дегендей, анамның білместіктен өткізіп жіберген құжаттарын ойлағанда ішім удай ашиды. Алты жасар балаға жеңіс жауынгері не естелік айта қояды? Тек Қамбар ағамның беріде айтқан естелігінен соң ғана әкемнің соғыстағы ерліктерін білуші едім. Таяуда Мәскеу түбіндегі әскери мұрағаттан әкем туралы біршама құжат тауып, мерейім өсіп қалды. Мұрағатта әкемнің қай соғысққа қатысқаны, қандай марапаттар алғаны түгел сақталыпты. Дивизия командиры, майор Филатов әкемді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғаны туралы хаты қаз-қалпында қолымда тұр. Мен жеңіс жауынгерінің ұлымын», – дейді Дәулет Сарманұлы кеудесін қуаныш кернеп.
Бүгінде Дәулет әкесінің соғысқа қаты-сып, көрсеткен ерліктері туралы барлық құжаттардың көшірмелерін өзі жұмыс істеген мектеп мұражайына өткізді
Иә, сұм соғыс талай тағдырды талқандап кетті. Оның зардабы әлі де бар. Жоғарыда біз әңгімелеген тағдыр соның бірі ғана.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.