Әрі әкем, әрі ағам, әрі қамқоршым еді…
17.05.2021 0 1 904
Бекжасар Нәрібайұлы,
Төтенше және Өкілетті Елші,
Қазақстан Республикасының
Дипломатиялық қызметіне Еңбек
сіңірген қайраткер,
Саяси ғылымдарының докторы, профессор
Көк күркіреп, жер екі жарылғандай,
Өмір сенсіз бір түрлі тарылғандай.
Жолайрықта жан-жаққа жалтақтаймын,
Сағыныштан сарытап сарылғандай.
Аян Нысаналин
Көпжасар бауырым киелі Әулие-Ата топырағының тумасы. Әулие-Атамен қатар жатқан Бектөбе ауылында 1938 жылы 3-ші маусымда дүниеге келген.
Бауырымның қасиетті топырақта туып, текті әулетте дүниеге келгенін айтпақшымын. Қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөзі бар. Көбекеңнің тұла бойы толған тектілік, парасаттылық, зиялылық, ар-намыс, ұлтжандылық еді.
Біздер атадан бесеу едік – ең үлкен әпкеміз – Үрләйім ертеде 80-ші жылдары дүниеден озған. Одан кейінгі Көпжасар бауырым, мен үшіншімін, менен кейін қарындасымыз – Күләйім, ең кенжеміз – Сейтжапар еді. Өкінішке орай ол 2007-ші жылы 54 жасында дүниеден озды. Көпжасар бауырым туралы естелікті қысқаша ата-аналарымнан бастағанды жөн көрдім. Себебі перзент ретінде біз ең алдымен ата-анамызға қарыздармыз, өйткені біздің өмірге келіп, адам болып қалыптасуымыз, азамат болып өсіп есеюіміз, білім алып биікке шығуымыз осы ата-анамыздың арқасы. Әрине, әр кімге өз ата-анасы қымбат, үлкен рухани тірек. Ал біздің әке-шешеміздің тағдырымыздағы алатын орны ерекше. Біздер үшін олар ірі тұлғалар.
Көпжасар Нәрібайұлы отбасымен бірге
Әжеміз – Қалдықыз біздің отбасын ұстап тұрған, үйдің ішкі-сыртқы тірлігін бітіретін, ағайын-туыстармен қарым-қатынасты реттейтін де осы киелі жан еді. Бәрімізді тәрбиелеген осы әжеміз. Ол кісіні бәріміз апа дейтінбіз. Ал әкемізді тәте, шешемізді жеңеше деп өстік. Олар екеуі де таңның атысы, күннің батысы Колхоздың жұмысында болды. Әжеміздің мінез-құлқы, жүріс-тұрысының өзі тәрбиеге шақырып тұратын. Біреуге дауыс көтеріп ұрысқанын, немесе айтысып дауласқанын көрген де, естіген де емеспіз. Әжеміз тек үйде ғана емес, бүкіл ауыл-аймаққа қадірлі, киелі жан еді. Қазақтың бір туар ұлы, Баһадур батыр – Бауыржан Момышұлының әпкесі. Әжеміз 1959 жылы өмірден озды.
Әкеміз – Нарбай арнайы жоғары білім алмаса да көзі ашық, көкірегі ояу саналы азамат еді. Ескіше де оқымаған, жаңаша сауатын кейін өз бетінше ашқан. Колхоз құрылысына белсене араласып, Бектөбе колхозының ұйымдастырушыларының бірі болған. Ұзақ жылдар сол колхозда бригадир, ферма меңгерушісі болып істеді. Осы еңбектерін ескеріп, 100-жылдығына орай ауылымыздағы жаңа бір көшеге Нарбай әкеміздің атын берді. Әкеміз балаларына өте мейірімді еді, ешқашан бізді ұрсып, зекіп, дауыс көтерген емес. Ол кісі отбасында өте қарапайым, жайдары болатын. Ауылдағы адамдар әкемізді «Нарекең әулие адам ғой» дейтін, себебі өзінің шиеттейбала-шағасы бола тұрып, тапқан азынаулақ қаражатына ауылдағы жесір кемпір-шалдарды асырап отыр дейтін. Әкеміз 1973 жылы желтоқсан айында дүние салды.
Анамыз – Бүбікүл, өте таза, парасатты және іскер адам еді. Әйел болып ешқашан өтірік-өсекке жуыған емес. Бұл бір жағынан өзі текті жерден шыққандықтан болса, екінші жағынан Қалдығыз әжеміздің тәрбиесі деп ойлаймыз. Анамыздың өмірінің көбі колхоздың жұмысымен өтті. Шешемізқолынан бал тамған шебер еді. Қолы босай қалса отырып тігін тігетін. Ол кездерде дүкендерде дайын киім бола қоймайтын, болғанымен де оны сатып алуға қаражат жоқ. Сол себепті біздің бәріміздің киетін киіміміз Бүбікүл шешеміздің қолынан шығатын. Анамыз жұмсақ, мейірімді, жібек мінезді, біреуге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Бізге, туған балаларына да ешуақытта қатты сөйлемейтін. Шешеміздің ең үлкен қасиеті – әулетіміздің ұйытқысы бола білді. Қалдықыз әжеміз дүниеден өткен соң біздің ағайын – туыстарымыз бұрынғыдай қатынастарын үзбеді, қайта жақындай түсті. Себебі анамыз әр туыстың өз орнын, өз қадір-қасиетін толық түсініп, жақсы сыйлай білетін. Анамыз жоғары оқу орнында оқымаса да ой-өрісі кең, кемел адам еді. Ол кісі 1997 жылы 87 жасында дүниеден озды.
Елбасы Н.Назарбаевтың ректорлар ұжымымен кездесуі
Әрине, біздер әжеміздің, әке-шеше-міздің алдында борыштармыз. Көздері тірісінде ол кісілерге лайықты жақсылық істей алмадық. Бірақ біз бәріміз өмір бойы оларға, Иман тілеп аттарын ардақтап, абыройларын асыруға тырысып келеміз.
Осы жерде айта кетейін Көпжасар бауырым әке-шешемізге жасай алмаған жақсылықтарын бізге-бауырларына жаса-ды. Әкеміздің жоқтығын сезбесін деп бүкіл әулетіміздің ауыртпалығын өз мойнына алды. Дүниеден өткен күнге дейін сол қамқоршылық міндеті мойнынан түскен жоқ.
Зымырап өтіп бара жатқан уақыт, бауырым Көпжасардың өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты. Бұл жыл – Кәбиса жылы (високосный год) біздер үшін, әсіресе мен үшін өте қасіретті жыл болды, себебі әрі әкем, әрі ағам, әрі қамқоршымнан айырылдым. Ол өмірден ерте озды, әлі де халқына, білімге, ғылымға берері мол еді. Амал нешік, бәрі бір Алланың әмірінде.
Көбекең өз заманының, Қоғамның заңғар тұлғасы еді. Қазақстан тәуел-сіздігінің туын көтеріскен, оның экономикасының дамып, білімі мен ғылымының, мәдениетінің өсіп-өркен-деуіне орасан зор үлес қосқан тұлға еді. Өзінің атақ-даңқы туған жерден асып алыс-жақын шетелдерге кеңінен тараған, еңбегін әлемнің белгілі ғалымдары мен ғылыми орталықтары мойындаған ғұлама ғалым еді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жаңашыл, білім жүйесінің дарынды жетекшісі және жаңашыл реформаторы, қамқоршы ұстаз-тәлімгер, жайдары жарқын жүзді, ақылды, қайратты, сегіз қырлы бір сырлы кемеңгер адам еді. Бір сөзбен айтқанда –дархан талант, дара тұлға еді.
Көпжасар Нәрібаевтің 70 жылдық мерейтойында Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың Президент Н.Назарбаевтың
алғыс хатын тапсыру рәсімі
Бұл Көпжасар бауырымның бойындағы қадір-қасиеті туралы қысқаша сипаттама. Ал енді осы абырой-атаққа қалай жетті, осы биіктікке қалай көтерілді, осы туралы қысқаша мәлімет беруді жөн көрдім.Көпжасардың балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келді. Ауыл жағдайы өте ауыр еді.
Туған халқының тума қасиеті Көбе-кеңнің жүрегіне жылылықтың, адалдық пен азаматтықтың, кішілік пен кісіліктің сәулесін құйды. Ана сүтімен сүйегіне сіңген мөлдірлік пен мейірімділік, сабырлық пен сергектік Көпжасардың ғұмыр бойғы адами тұрғысына, табиғи болмыс-бітіміне, қасиетіне айналды. Көбекеңнің мектепте оқыған жылдары –Ұлы Отан соғысының соңғы жылдарына, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамда тәртіп күшейген жылдарға тап келді.
Көпжасар және Бекжасар Нәрібаевтар Пәкістанның Лахор қаласында
Көпжасар 1955 жылы Жамбыл қаласындағы №38 орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің экономика факультетіне түседі. Аталмыш университетті 1960 жылы үздік бітіріп Мәскеудегі Плеханов атындағы қаржы институтының аспи-рантурасына жолдама алады.
1960-1963 жылдары Мәскеуде қаржы институтының аспирантурасында оқып, 1964 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.
Ал 1964-1976 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында (НАРХОЗ) аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор болып қызмет атқарды.
Көбекең осы «Нархоздың» ашылуының басы қасында болып, оның шаңырағын көтеріп, ірге тасын қалаған. Жоғары оқу орынының дамып-өсіп, жоғары деңгейге көтеріліп, Одақ көлемінде әйгілі болуына орасан зор үлес қосты. Барлық күш-жігерін экономикалық білім берудің, жас мамандар дайындаудың сапасын арттыруға жұмсады. Бұл жылдары институт үшін де Көбекеңнің жеке өз басы үшін де өрлеу, өсіп өркендеу жылдары болды. Институтта қызмет атқарған кездерінде Көбекең өзін оқу жүйесі мен ғылыми зерттеу жұмыстарын салаластырудың ұтымды ұйымдастырушысы, жоғары дәрежелі ұстаз-тәрбиеші ретінде таныта білді. Өндірістегі тәжірибе мен теорияны тиімді ұштастырып, өзінің ғылыми дәрежесімен ұстаздық шеберлігін үнемі дамытып, жоғары деңгейде сапалы сабақ өткізетін ғалымның лекциялары мен семинар сабақтары студенттерді тек қызықтырып ғана қоймай, олардың білімге, ғылымға деген ықылас-ынтасын анағұрлым арттыра түсті. Осы кездерде Көпжасар бойына озық тәжірибе жинап, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, ірі тұлға, жоғары оқу орнының басшысы ретінде қалыптасты. Жалпы, осы «Нархозда» Көбекең білім, ғылым саласының барлық сатыларынан сүрінбей үлкен абыроймен өтті. Қорыта айтқанда Көпжасардың аты еліміздің жоғары мектебінің даму тарихымен тікелей байланысты. Оның барлық саналы өмірі осы салада өтті. Қарапайым оқытушылық қызметтен бастап қазақтың Жоғары және арнаулы орта білім министріне дейін көтерілді.
1976 жылы Көпжасарды ұйымдастыру мен басқару, білім беру саласындағы аса ірі маман ретінде Қазақ КСР-нің жоғары және арнаулы орта білім министірлігіне Министрдің орынбасары қызметіне шақырады. Бұл жаңа жауапты қызметте тың серпін, үлкен қажыр-қайрат, күшті ерік-жігер қажет еді. Осы тұрғыда Көбекең өзін байсалды басшы, талантты ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.
1977 жылы Мәскеудегі КСРО ғылым және техника жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің Басқару институтын тә-мамдаған.
Жоғарыда айтылғандай 1976-1983 жылдары Көпжасар Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, 1983-1987 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып қызмет атқарды. Көбекеңді мұндай биікке көтерген – өзінің еңбекқорлығы және ұйымдастырушылық қабілеті. Ол барлық қолға алған ісін жан-жақты, терең қарап, ғылыми көз қарас тұрғысынан көңіл бөліп оны жоғары деңгейде орындай білді. Көбекең министр болған кезеңде білім мен ғылымның дамуына белсене араласты. Министрлікті басқарып жүріп ол Қазақстанның білім беру жүйесін, ғылыми әуелетін дамыту жолында орасан зор еңбек сіңірді. Көптеген жаңа оқу орындарынашуға және республикаға ауадай қажет болған жаңа мамандықтар даярлауға тікелей жетекшілік жасады. Соның нәтижесінде Қазақстанда жоғары білім беру саласының аясы кеңейіп, халықаралық талаптарға сай білім алған жастардың қатары көбейді.
Айта кету керек Көпжасардың басынан күнгейлі кездер де, көлеңкелі сәттер де өтті. Соның бірі кешегі 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы. Ел басына күн туған Желтоқсан көтерілісі кезінде тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінен өтті. Мансап үшін жанын жалдаған жоқ. Бұл кез ұлтымыздың зиялылары үшін үлкен сын болатын. Осы кезде кімнің кім екені белгілі болды. Көпжасар бір басына жетіп асарлық тауқыметті тартса да, сол сыннан сүрінбей өтті, болаттай серпіліп, қайсарлық танытты. Сол бір қиын-қыстау уақытта өзінің адами қасиетін, азаматтық ары мен намысына кір келтірмеді.
Аллаға шүкір, уақыт кейін бәрін өз орнына қойды. Көпжасардың әділдігін, дұрыстығын дәлелдеді, ал ана айқайлап–шулаған мансапқорлардың жазасын Құдайдың өзі берді. Мәскеудің тікелей араласуымен Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ балалары шектен тыс көп, ал басқа ұлттың өкілдері, әсіресе орыс халқының балалары зиян шегуде деп Дінмұхамед Қонаевты және Көпжасар Нәрібаевты ұлтшыл деп кінәлаған. Бұл 1986 жылы ақпанда ҚКП ХVІ-шы съезінде айтылған әңгіме. Осыдан кейін Көбекең барлық материалдарды талдап, жинақтап, ғылыми түрде сараптама жасап, оған түсініктеме жазып Димекеңнің алдына барып апарған деректерін дәлелдеп береді. Сол жылдары орта мектепті бітірген балалардың 60%-ы қазақ жастары екен. Ал Республикадағы барлық студенттердің 53%-ы ғана қазақтар болатын. Оған қосымша ұлты орыс әрбір 10 абитуриенттердің 7-еуі институтқа түседі, ал әрбір 10-қазақтың 5-еуі ғана студент болады. Сонда қайдағы ұлтшылдықты меңзейді Мәскеу?!Сондағы Димекеңнің айтқаны дейді: «Көпжасар айналайын, Мәскеу тексеріп жатыр деп қаймықпа. Ешкімге де жалтақтамай қазақтың балаларын оқыта бер. Иісі қазақтың отаны осы. Өз елінде оқымаса, қайда оқиды олар және оларды сен оқытпасаң, мен оқытпасам кім оқытады. Бірақ мұны ешкімге дауыстап айтпа. Үлкен істерді үндемей жүріп бітіру керек»,- депті. «Қайран Димекең! Бар уайымы ұлтымыздың бірлігі мен болашағын ойлаған керемет ғұлама, дана, алып тұлға еді» — деп еске алушы еді Көбекең. Сонымен қазақтарды көп оқытқан, басқа ұлттардың обалына қалған «Ұлтшыл» министр орнынан босатылады.
1990-1991 жылдары Көпжасар Қазақ КСР Министрлер Кеңсесінің экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік Комиссиясы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Осы кезеңде ол экономиканы басқаруды түбегейлі өзгертіп, қайта құру мәселелерін зерттеп, жаңа нарық қатынасына көшудің жолдарын ұсынды. Осы ұсынған жобалары мен тұжырымдары нарыққа көшу туралы Республикалық бағдарламаның негізіне айналды.
Ал 1991 жылы Көбекең әл-Фараби атындағы Казақ Ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды. Осы Қазақтың білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Қазақ Ұлттық университетін он жылдан астам уақыт басқарды. Осы жылдар ішінде айтулы тарихи оқиға – ол университетке Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың атын алып бергені. Енді сол ғұлама бабамыздың атақ абыройына лайықты болу үшін университеттің халықаралық беделін көтеруге, қалыптасқан дәстүрлі заманауи жаңашылдық үрдістермен ұтымды үйлестіріп, білім ордасындағы оқыту шеберлігімен ғылыми шығармашылықты жаңа биіктерге көтеруге орасан зор еңбек сіңірді. Ол ел экономикасы қиын жағдайға тап болған 90-шы жылдары университетте білікті профессор-оқытушылар құрамын сақтап, студенттердің барлық жағдайын жасап, университетке автономдық статусын алып берді. Соның арқасында Қазақтың Ұлттық Университеті Отандық білім ошақтарының көшбасшысы және дүние жүзіне танымал болды. Әрине, университетті жаңа уақыт талабына бейімдеу оңайға түскен жоқ. Егемендік алған елімізге жаңа мамандар дайындау үшін жаңа мамандықтар ашу қажет болды. Оған қосымша әлемдегі озық тәжірибені меңгеру үшін белгілі – танымал әлем университеттерімен байланыс орнатып, қарым–қатынастарды нығайту қажет болды. Осы мәселелердің барлығына Көбекең өзі тікелей жетекшілік жасап, ұжымды жұмылдыра отырып жоғары оқу орнын өте жоғары халықаралық дәрежеге жеткізді.
Жаңашыл ректор жоғары білім берудің сыннан өткен әлемдік стандарттарын басты бағдарлама ретінде қолданды. Соның нәтижесінде университеттің оқу және ғылыми зерттеу құрылымдары өзара тығыз байланыста, табиғи бір-тұтас бірлікте қызмет атқаратын кешенге айналды. Жоғарыда айтылғандай уақыт талабына сәйкес жаңа мамандықтар ашылды. Демек, университет мемлекет қажеттілігі мен сұранысына тікелей бет бұрды. Сөйтіп, халықаралық қатынас, менеджмент, маркетинг, мемлекеттік жүйелеу және экономикалық басқару, информациялық тетік, экология, туризм, медициналық биология салаларында білікті мамандар даярлана бастады. Оған қосымша жоғары білімді мамандар даярлау ісі екі сатылы жүйе бойынша жүргізілетін болды – бакалавриат және магистратура.
Оқу үрдісін компьютерлендіру мәселесі шешілді, соның нәтижесінде уни-
верситет әлемдік «Интернет» компью-терлік жүйесімен жалғастырылды.
Әрі қарай, ректордың бастамасымен ҚазМУ әлемнің көптеген елдерінің оқу орындарымен ғылыми орталықтарымен іскерлік қарым-қатынастарын кеңейтіп, нығайтуға қол жеткізді. Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті – Халықаралық университеттер ассоциациясы (МАУ) мен Еуразия университеттері ассоциациясының мүшелігіне қабылданған тұңғыш және бірден-бір жоғары оқу орны болды. Осыған орай Көпжасар бауырымның өз аузынан естіген бір оқиғаны еске алуды жөн көрдім. 1992 жылы 12 қаңтарда Қазақтың біртуар ардақты ұлы, ірі тұлға, өзінің даналығымен де даралығымен де халқының шексіз құрметіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 80 жасқа толады. Осыған орай жақсы құттықтау адресін дайындап, шапанымды алып үйіне бардым дейді. Құттықтау адресті оқып бердім. Онда жан тербер жақсы сөздер, әсіресе ҚазМУ-нің қалашығын тұрғызуға өзі тікелей бас болып, ерекше көмек көрсеткені жазылған еді.
Димекеңнің көңілі көтеріліп: – О, мынау Қазақ мемлекеттік университетінің атынан айтылған болса, бұл жақсы нәрсе екен. Рахмет, айналайын, деп риза болып қалды деді. Сәлден кейін – Көпжасар, қазір қирап жатқан дүние ғой, ҚазМУ–ді сақтап қалуға шамаң жете ме? – деп маған көңіл бөлді дейді. Мен – сақтауға тырысып жатырмын, Димеке. Еден жуушылардан бастап барлық оқытушылардың, профессорлардың айлығын екі есе көбейтіп, университетке автономиялық статус әпердім. Жақында студенттер сарайын пайдалануға береміз. Ал университеттің жалпы құрылысы бітейін деп қалды деп жауап беріп едім: – Е, оның дұрыс екен. Жақсы айналайын, осы бетіңнен тайма. Маңдайымызға біткен жалғыз университет қой, дұрыстап ұста, тоздырып жіберме. Университетке әл-Фараби бабамыздың атын алып беріпсің, бұл үлкен айтулы тарихи оқиға. Енді сол ғұлама бабамыздың атақ-абыройына лайықты болыңдар лайым, – деп ақ батасын берді. Бұны айтып отырғаным Димекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де елінің, халқының қамын ойлаған ұлы тұлға, керемет ғұлама еді, – деп Көбекең өз сөзін аяқтады.
Көпжасар бауырым өмірінің соң-ғы кезеңіне дейін белсене жұмыс істеді. 2008 жылдан бері дүниеден өткенше Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті Ректорының кеңесшісі қызметін атқарды. Сол кездегі ректор Серік Піралиевтің қолдауымен «Алаштану» орталығын ашып, оның жетекшісі болды. Қазіргі ректор Тахир Балықбаевтың қамқоршылығының арқа-сында «Тұлғатану» орталығын ашып ұлтқа өнеге, ұрпаққа үлгі болатын көптеген еңбектері жарық көрді.
Көпжасар аса көрнекті ғалым, оны үлкен биікке көтерген де, жарты әлемге танымал еткен де, асқан абырой-атақ әперген де және оны ірі тұлға етіп қалыптастырған да оның ғылыми еңбектері. Төрт жүзге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Олардың ішінде 30-дан аса іргелі монографиялар, оқулықтар, 25 шағын кітапшалары бар. Мәселе жазылған еңбектің санында емес, олардың ғылымға қосқан үлесі мен қоғамға тигізген пайдасында. Ал оның негізі – ең алдымен Көбекеңнің тума таланты, шексіз еңбекқорлығы, жалықпайтын іздемпаздығы. Ол әр мәселеге байыппен, парасатпен қарап, ой өрісімен өлшеп, осал жерін тауып, оны жетілдіруге ұмтылатын.
1980 жылы Көпжасар Мәскеудегі Плеханов атындағы қаржы (финанс) институтының мамандырылған ғылыми кеңесінде экономика саласынан док-торлық диссертациясын қорғайды.
Ал 1981 жылы КСРО-ның жоғары аттестациялық комиссиясы оған эконо-мика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 1982 жылы профессор ғылыми атағын береді.
Ал енді Көпжасардың ғалым ретінде қалыптасып, кемелденуі көрнекті ғылым қайраткерлері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері, белгілі ғалымдар С.Бәйішов, Т. Әшімбаев, Я. Әубакиров, профессорлар С. Нейштадт, М. Бутин, Т. Шәукенбаев, Д. Қабдиев, В. Пуриц сияқты ғалымдар негізін қалаған ғылыми мектеп ықпалында өтті. Және де оның ғылыми бағыты мен мақсаттық бағдарының қалыптасуына көрнекті академиктер – Л. Абалкин, А. Аганбегян, Т. Хагатуровтардың көп игі әсері болды.
Көпжасар барлық республикалық, бүкілодақтың, халықаралық ғылыми–әдістемелікконференцияларға тұрақты қатысып жүрді. 1977 жылы Қазақ КСР-нің делегациясын Үндістанға бастап барды, ал 1984 жылы КСРО жоғары және арнаулы орта білім министірлігінің делегациясын басқарып Кампучияға барып қайтты. Ал 1985 жылы Францияда білімді демократияландыру мәселелері жөнінде өткен ЮНЕСКО-ның симпозиумына қатысып, онда ағылшын тілінде үлкен баяндама жасап қайтты. 1992 жылы — Жапонияда, 1994 жылы — Германияда, 1995 жылы — Италияда, 1996 жылы — Түркияда, 1997 жылы — Тайландта өткен халықаралық конференцияларға қатысып баяндамалар жасаған. Көпжасар – ғұлама ғалым ғана емес ұлағатты ұстаз. Қаншама мыңдаған студенттерге дәріс оқыды, тәрбиеледі. Көптеген ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын дайындап, үлкен ғылыми мектептің негізін қалады. Бүгінде Көбекеңнің шәкірттерінің ішінен көптеген ғалымдар, қайраткерлер, ректорлар шықты.
Осы жоғарыдағы аталған ғылыми еңбектерінің нәтижесінде ол экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Сонымен қатар Халықаралық және Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академияларының, Халықаралық Еура-зия экономикалық академиясының, Украинаның экономикалық академия-сының толық мүшесі болды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағына ие болды. Біраз еңбектері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия мемлекететтерінде жарық көрді. 1973-1974 жылдары Көпжасар Америка Құрама Штаттарында ғылыми тәжірибе жинақтайды. Белгілі ғылыми орталықтар мен Принстон, Нью-Йорк, Флорида университеттерінде болып экономикасаласында америкалық тәжіри-бемен терең танысады.
Соның нәтижесінде оның бірқатар еңбектері осындай тәжірибелерді түбе-гейлі талдау мен пайымдауға арналған. Солардың ішінде «Өндірісті басқаруды ұйымдастыруда электронды машиналарын қолданудағы шетелдік тәжірибе» (1976 ж.)атты іргелі монографиясын атап айтуға болады. 2000 жылы Англиядағы халықаралық Кембридж орталығында Көпжасар Нәрібаевқа «Халықаралық жыл адамы» деген құрметті атағы берілді. Ал 2001 жылы осы аталмыш орталық оны халықаралық аса көрнекті 500 қайраткер – «ХХІ ғасырдың негізін қалаушылар» қатарына қосты. Елімізде сіңірген ерен еңбектері үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және де көптеген медальдармен марапатталды. Көпжасар ұстаздық, ғылыми және негізгі әкімшілік қызметтерімен қатар белсенді өмірлік ұстанымымен дараланып, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің қалың ортасында жүрді.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депу-таты, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетіне мүше болып сайланған. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі комитеттің Президиум мүшесі болған. Қазақстан Республикасы Президенті жаныныдағы мемелекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің және Жоғары экономикалық кеңестің мүшесі және кезінде Білім министрлігінің коллегия мүшесі болған. Премьер Министрдің білім-ғылым саласындағы штаттан тыс Кеңесшісі болды. Соңғы кезде Ұлттық ғылым Академиясының Қоғамдық-гуманитарлық бөлімінің төрағасының орынбасары болды. Ұлтымыздың мақтанышы, батыр «Бауржан Момышұлы Қорын» ашып, соған жетекшілік етті.
Жоғарыда айтқандай Көпжасар бауырымыз сегіз қырлы бір сырлы кемеңгер еді. Өзі экономист бола тұра әдебиетке, тілге, дінге үлкен мән берген парасатты жан еді. Осыған орай «Ана тілі» газетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, елімізде танымал ақын-жазушы Нұрлан Оразалин бауырымыздың көңіл айту хатында мынандай қанатты сөздері бар: -«Көбекең өзінің ұстаздары, замандастары туралы нағыз жазушы әдебиетшілер секілді талдау жасайды. Кейде мен: «Көбеке, сіз экономика саласына адасып барған жоқсыз ба, әдебиетке келсеңіз тіпті басқаша болар ма еді» дегенімде, «Нұрлан ау, өзін-өзі сыйлаған, өзінің ұлтын жақсы көретін адам ең әуелі тілін құрметтеу керек. Кешегі Әлихандардың, Тұрарлардың, Сәкендердің мықтылығы сонда емес пе? Олар қоғамды да, белгілі бір саланы да атқару жұмысын да, қайраткерлікті де бірге алып жүрді ғой. Міне, сол кісілерден үлгі алуымыз керек. Мен ешқандай жазушы да, ақын да емеспін. Бірақ әдебиетті мектепте жүргеннен бастап ессіз сүйген, кітапты көп оқыған және сол арқылы танымымды, көзқарасымды қалыптастырған замандағы ұрпақтың өкілімін» деп жауап беріпті.
Осыған орай белгілі майдангер-жазу-шы Әзілхан Нұршайықовтың мынадай қанатты сөздері есіме түседі. Әзекеңнің 70 жасқа толған мерейтойына байланысты КазМУ-да кездесу кеші ұйымдастырылып, онда университеттің ректоры Көпжасар өзі баяндама жасайды. Сол кештен кейінгі жазушының айтқан пікірі: «Өзі қазақша сондай шешен, шебер сөйлейді екен, өмірімде Нәрібаев тұстас азаматтардың қазақша сондай шешен сөйлейтіндерін көрген жоқ едім. Ол кісінің ана тіліне жүйріктігіне тәнті болдым. Қазақтың үлкенді-кішілі зиялылары тегіс ана тілін, ана тілінің әдебиетін мамандығы экономист Көпжасар бауырымдай білсе, ұлтымыздың мұртын балта шаппас еді-ау!» – деп армандадым дейді қадірлі Әзекең. Дегенмен де Көпжасар бауырымның біраз ақындық және жазушылық өнері бар еді. 2013 жылы көлемі 9 баспа табақ «Жасырын жатқан жырларым» атты өлең жинағы жарық көрді. Бұл жинағында негізінен өзінің 1950-1960 жылдары және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты жазылған өлеңдері топтастырылған.
Өзінің бүкіл саналы өмірін білімге, ғылымға, мемлекет ісіне арнаған Көбекең ақындық айдынында да жарқырап, әр жылдары жазған жыр шумақтарын қойын дәптерінде қастерлеп сақтап келген екен. Жалпы өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адамгершілік, достық, махаббат, туған жер, табиғат туралы.
Көпжасар халқымыздың көрнекті тұлғалары әл-Фараби, М.Х. Дулати, Абай, Жамбыл, О. Жандосов, Д. Қонаев, М. Бейсебаев, М. Әуезов, Б. Момышұлы, А. Асқаров, Т. Тәжібаев туралы керемет естелік шығармалар жазып, осы ұлылардың көркем портреттерін жасады. Оған қосымша ұмытылмайтын ұлылар, тарихи тұлғалар, ұлағатты ұстаздар, замандастарына арналған «Тұлға-ларға тағзым» атты 27 баспа табақ көлемді кітабы 2012 жылы жарық көрді. Көпжасардың ғылыми жетекшілігінің арқасында «Ұлы дала Тұлғалары» атты ғылыми-танымдық 8 томды кітап басылып шықты (2020 ж.) Бұл еңбектердің бас редакторы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі Т. Балықбаев, ал жоба идеясының авторы және ғылыми жетекшісі академик Көпжасар Нәрібаев. Бұл оның жазушылық қабілетінің де өте жоғары екенін көрсетеді.
Көпжасар бауырым қай деңгейде қызметте жүрсе де, қандай лауазымда болса да адами қалпынан айнымай, азаматтығынан айрылмай, кісілігін жоғалтпай, үнемі ақыл-парасат биігінен көріне білді.
Жалпы адам бойындағы асыл қасиеттер ар-ұят пен намыс адамды нағыз адам ететін тірек. Ал Көпжасардың тірегі түзу және берік болды, себебі ол өзінің кісілік келбетіне кір шалдырмаған, жан-дүниесі кіршіксіз таза тұлға еді. Осыған орай, енді бауырымның адами қасиеттеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдім.
Көпжасарды көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз – тәлімгер, білікті басшы, белсенді қайраткер деңгейіне көтерілуіне себеп болған, негіз болған оның адами болмысы, адамгершілік қасиеттері. Дархан талантына қоса еңбекқорлығы, ұқыптылығы, зеректілігі, зиялылығы, парасаттылығы еді. Көбекең жастайынан өте зерек, ұқыпты және еңбекқор болып өсті. Әр мәселеге өзінің алғыр ойымен, тани білу талантымен және творчесволық көзқараспен қарайтын. Көпжасардың ерекше атап айтатын адамгершілік қасиеттері өте көп. Солардың ішінде ерекше көңіл бөлетін қасиеті – досқа адал, достыққа берік болуы. Оның достасу пиғылы да, дос таңдау принципі де ерекше еді. Себебі жаны жомарт, жүрегі кең Көбекең ешкімді алаламаған, ешкімді бөтен көріп, жат санамаған. Оның бір ғана арманы кім-кімді болсын бауырына тартып, тек достық қолын ұсынғаны. Өзіне емес, өзге үшін шырылдап, ылғи да жанұшырып, жағдай жасап жүргені. Мұндай қасиет әр кімнің қолынан келе бермейді, себебі ол үшін үлкен жүрек және қайсарлық қажет. Көбекеңнің әрқашан да өзіне емес, өзгеге болсын дейтін ыстық ықылас пейлі оны көкке көтерді. Табиғаттың берген мұндай асыл мінезінен Көпжасарда және одан тараған ұрпақтарының да қашанда Алланың нығметіне бөленері хақ.
Көпжасар бауырымның тағы бір асыл қасиеті ол үлкенді сыйлау. Жалпы қазақ үлкенді сыйлап өскен ел ғой, бірақ Көбекеңнің үлкенді сыйлауы, оларды құрмет тұтуы ерекше еді. Мұны саналы сабақ, айрықша адамгершілік және Көпжасардың парасаттылық мектебі десем қателеспеймін. Өмірден өткен ұлы ағаларымыз Дінмұхамед Қонаев, Мәсімхан Бейсебаев, Бауыржан Момышұлы, Асанбай Асқаров, Тұрғанбек Қатаев, Қаратай Тұрысов, Кәкімжан Қозыбаев сияқты саңлақтарды Құдайдай сыйлайтын. Осы жоғары да аталған қазақтың атақты ұлдарымен өзі қызметтес болып, олардың тәрбиесін көрді. Осы жерде есіме бір өте маңызды оқиға (эпизод) түседі. Ол 1992 жылы қараша айы еді, ол кезде мен Түркияда Елшілікте қызметтемін. Түрік бауырларымыз Д.А. Қонаевты Түркияға арнайы құрметті қонақ ретінде шақырған. Анкара қаласындағы 5 жұлдызды «Үлкен Анкара» деген мейманханаға орналастырды. Мен 1-2 күннен кейін сәлем берейін, жағдайын білейін, бір тапсырмалары бар ма екен деп мейманханаға келдім. Төменгі вестибюлден бөлімесіне телефон шалдым, телефонды Димекеңнің немере інісі Дияр көтерді. Біз қазір төменге түсеміз, сонда жолығайық, күте тұрыңыз деді. Мен Димекеңді бұрын сыртынан көргенім болмаса, бетпе-бет жеке кездесуім бірінші рет болғандықтан біраз қысылып, қобалжып тұрдым. Бір 5-7 минут өткен соң ол кісі лифттен шыға келді. Мен орнымнан атып тұрып екі қолыммен сәлем бердім. Жылы жүзбен бетіме біраз барлай қарап тұрып – сіз осы Көпжасар Нәрібаевтың інісі емессіз бе? – деді. Мен – иә, туған інісімін Көпжасардан 5 жас кішімін,- деп жауап бердім. Одан кейін Димекең күлімсіреп тұрып, – Көпжасар өте терең білімді, парасатты, мәдениеті жоғары, өте таза, ұйымдастыру қабілеті өте биік азамат, – деп жақын тартып қолтығымнан демей сөйледі. Димекеңнің даналығы, кеңдігі, кереметтігі қысылып, қобалжып тұрған мен сәл уақыт өтпей-ақ өзімді еркін сезініп, төбем көкке жеткендей болдым. Міне ғұлама Димекеңнің менің Көпжасар бауырым туралы айтқан аталы сөздері осындай еді. Осыдан кейін мен Димекеңді және Диярды түскі тамаққа шақырдым (уақыт түскі тамақтың кезі болатын). Ол кісі айтты, –Бізбен бірге жүр, мына түрік бауырларымыз бәрін дайындап қойыпты деп мейманхананың ішіндегі ас бөлмесінің VIP-залына ертіп барды. Ас кезінде байқағаным Димекең тамақты өте аз жейді екен. Сонда өзінің айтқан бір сөзі есімде қалыпты – біздің жігіттер диета-диета дейді, ең жақсы диета ол тамақты аз жеу деп күлімсіреді. Тамақ ішіп болып қоштасарда мен Димекеңе айттым,- бір нәрсе қажет болса, көлік керек болса, қаланы қыдырамыз десеңіз біз дайын, мынау менің телефоным деп визит картамды ұсындым. Оған ол кісі – Рахмет айналайын, біз бүгін түс қайта Кония қаласына ұшып бара жатырмыз, одан әрі Ыстамбұлға, сосын елге қайтамыз деді. Бәрін түрік бауырларымсыз өздері ұйымдастырып қойыпты деп протоколға сәйкес маған өзінің визит карточкасын ұсынды.
Сонымен ол кісімен қоштасып, Елші-лікке келіп жаңағы Димекең берген визит картасын мұқият қарадым. Оқып шығып өте қатты таңғалдым. Карточкасындағы көрсетілген мәліметтер – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Тау-кен инженері, үйінің адресі мен телефон номері. Басқа ешқандай мәлімет көрсетілмеген. Не деген қарапайымдылық, кішіпейілділік. Мен мұны Димкеңнің ұлылығы, даналығы, даралығы, кемеңгерлігі деп түсініп «Ұлық болсаң кішік бол» деген ата сөзі Димекеңе арналған екен ғой деп ойладым.
Осыған орай Көпжасардың Димекеңе арналған естелігіне мынадай бір қанатты сөздері бар – «Мен де кезінде біраз лауазымды қызметтер атқардым. Еңбегіме елім өз бағасын бере жатар. Тағдырыма ризамын, әрине. Дегенмен менің ерекше мақтанышым – Құдайдың құдіретімен Димекең, Мәсімхан, Асанбай, Тұрғанбек ағалар сияқты алып тұлғалармен араласып, оларға іні –шәкірт болғаным» деген.
Көпжасар бауырымның тағы бір ерекшелігі – ол қамқоршылық қасиеті. Қамқоршылық деген кім болса соның қолынан келе бермейді. Бұл қасиет жаны таза, өзі әділетті, жүрегі қайырымды, ой өрісі кең тұлғалардың еншісі. Көбекең кімге де болсын жақсылық жасауға, қамқор болуға асығып тұратын асыл тұлға еді. Жалпы, Көбекеңнің өмірдегі негізгі қағидасы – төңірегіне қолынан келгенше көмек беру, ақыл айту, жәрдем беру, қамқоршы болу еді. Өмірден озғанша айналасына шуақ шашып, шапағат төгіп, жақсылық істеп кетті. Жоғарыда айтқанымдай Көпжасар бауырым әке-шешемізге жасай алмаған жақсылықтарын бізге-бауырларына жасады. Бәрімізді оқытып білім беріп, дұрыс – тура жолға салып тәрбиеледі. Әсіресе өзіме жасаған қамқоршылығы ерекше. Менің жоғарғы білім алып, азамат болып қалыптасуыма ерекше қамқоршылық жасады.
Мен 1970 жылдары Ленинградта аспиратура да оқып жүрген кезімде екі өкпеме суық тиіп қатты науқастанып емханада жатқанымда барлық жұмыс-тарын жиыстырып қойып арнайы ұшып келіп қасымда болып, үлкен демеу көрсетті. Ал аспирантураны бітіріп, кандидатық диссертациямды қорғағанда да жанымда жүріп қолдап демеуші болып, соңында ғылыми кеңестің мүшелеріне Нева өзенінің жағасында көрнекті бір мейрамханада қазақшалап дастархан жайып шай берді. Ал 1979-1980 жылдары Америкада іс-сапарда жүргенімде менің отбасыма жоқтығымды білдірмей барлық қамқоршылығын жасап тұрды.
Кейін докторлық диссертациямды қорғау кезінде де үлкен демеу жасады. Қолжазбамды бірнеше рет оқып, өзінің ой-пікірлерін айтып, көптеген ұтымды ұсыныстар жасады. Жалпы Көбекең бәрімізге, бауырларына өмірден өткен күнге дейін қамқоршылық міндетін мойнынан түсірмеді. Көпжасар өмірде өте қарапайым жұпыны, тұрмысы ортаң қолды зиялының тұрмысындай ғана болды, одан артық емес. Бар байлығы қабырғаларға тақай қойылған көп сөрелердегі алуан түрлі кітаптар, суреттер. Зейнетке шыққанда жекеменшік не автокөлігі, не саяжайы болмады.
Жалпы Көбекең өз тағдырын өзі жасаған, өз тұғырын өзі тұрғызған, өз тұлғасын өзі сомдаған азамат. Елі таныған, жұрты сыйлаған, халық құрметтеген кемел де кемеңгер тұлға Көпжасар бауырым осындай болған.
Ұлы адамдар уақыттан оза жүреді, ақылдылар уақытпен бірге қадам басады деген аталы сөз бар. Көбекең осы ұлы адамдардың қатарына жатады. Көпжасардың өмірінің қай қырын алмайық – ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік, жетекшілік, қоғамдық, басшылық –осылардың әрқайсысы бір адамның барлық өміріне жетіп артылатын ауыр жүк. Ал Көбекең болса, осының бәрін бір өзі абыроймен атқарды. Сондықтан оның аты тарихта қалатынына күмән жоқ.
Көпжасар бауырым бақытты өмір сүрген қадірлі де, құрметті әулеттің бас иесі болды. Отағасы міндетін мінсіз атқарып өнегелі әке, сүйкімді ата, сүйікті жар, қамқоршы тәрбиеші – тәлімгер бола білді. Көбекең тек қана шәкірт тәрбиелеумен ғана емес ұрпақ тәрбиелеуге де ерекше мән берген. Аллаға шүкір, Валентина жеңгеміз екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бақытты да мерейлі отбасы болды. Осы ұл-қыздары, немерелері Көбекеңнің бойындағы барлық жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп, бәрі жоғары білім алып, ата анасының өсиетін орындап, елімізге адал қызметтерін атқарып жүр. Үлкен ұлы тұңғышы Марат экономика ғылымдарының докторы, профессор. Әке жолын қуып халқына аянбай қызмет етіп жүр. Қызы Эльвира ғылым кандидаты, доцент, дизайнер. Кенже қызы Надия – заңгер, ғылым кандидаты. Алты немересінің алды Елжан да есейіп, қызметке араласып, азамат болып қалды. Міне, менің текті тұлға, бекзат бейнелі асыл ағам Көпжасар осындай азамат еді. Өмірге сирек келетін Алаштың арысы, ұлтымыздың намысы болған біртуар дара тұлғаның бауыры болып, өмір бақи қасында жүріп, ақылын тыңдап, көңлінің нұрына бөленгенімді жаратушымның маған берген ерекше сыйы деп білемін. Асыл ағамның атын ардақтап, аруағына өмір бойы бас иіп өтемін! Бір де Күләйім қарындасымның маған айтқаны бар еді –«Тәте, Көбей тәтем екеуіңіз егіз қозыдай бірге жүруші едіңіздер, жалғызсырап қалдыңыз ғой» деп жанашырлық білдіріп еді. Сол айтпақшы жетімсіреп қалдым ғой.
Жақында балалары Марат, Бауыржан, Елжан бәріміз бірігіп Көбекеңнің басына ескерткіш орнаттық. Ескерткіштің өңіне Шығыстың ойшыл, ғұлама философы, ғалымы, ақыны Омар Хаямның бір шумақ өлеңін жаздырдым:
«Жаһанда жан тең келмей туған дана,
Жұлдыздай жұрттан биік тұрдың дара.
Баршаға жақсылықтың нұрын төгіп,
Өттің ғой бұл дүниеден, бар ма дауа?»
Меніңше Омар Хаямның осы бір төрт тағанындаКөпжасар бауырымның барлық өмірі бейнеленген сияқты.
Қорыта келе айтарым – Көпжасар бауырыма арналған естелікке Көбекеңнің өмір жолына, атқарған қызметтеріне, адами қасиеттеріне аздаған шолу жасадым. Бірақ бәрін айттым дей алмаймын, ол мүмкін емес. Асыл бауырымның барлық өмірін бір қысқаша естелікте сыйғызу қиянат болады деп ойлаймын. Мен сол айтулы деген оқиғаларды ғана қамтуға тырыстым. Соңында айтарым – Көзімнен кетсең де көңілімнен, жүрегімнен еш уақытта кетпейсің асыл бауырым! Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын. Жаның жанатта болсын, Пейіштің төрінде бол! Бұл дүниеде көре алмай кеткен жақсылықтарды о дүниеде көргін!
Иманды бол, Иманың саламат болсын. Әумин!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.