ЫБЫРАЙ МҰРАЛАРЫНА КӨБІРЕК КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ…
16.04.2021 0 1 759
Бабаш ƏБІЛҚАСЫМОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Ұлы қоғам қайраткерлері халық өмірінің елеулі бір бет бұрысында тарих сахнасына шығады. Шоқан, Ыбырай, Абайды туғызған дəуір де сондай бір тарихи кезең еді, яғни олар өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысы қазақ халқының Ресейге қосылу процесінің толықтай аяқталып, оның Ресей арқылы баяу да болса, капиталистік дамудың жолына түсе бастаған шағы еді. Орыс халқының прогрестік мəдениетінен сусындаған осы үш адам өз халқының болашағы үшін елден ерек орасан зор қызмет етті. Олардың бұл қызметі тек кеңестік шындық тұсында ғана терең бағаланып, олар қалдырған асыл қазыналар халық қажетіне кеңінен пайдаланып отырғаны мəлім. Алайда олардың өшпес те ескірмес еңбектерін жан-жақты бағалап, зерттеп болдық десек, бұл ұшқарырақ айтылған пікір болар еді. Заман өткен сайын, ғылым өскен сайын ұлы ағартушылармен байланысты жаңа деректер табылып, олардың еңбектері жаңа бір қырынан таныла берері хақ. Осы тұрғыда бізге Абайтану ғылымы бүгіндері қандай етек алып дамып отырса, Шоқантану, Ыбырайтану да сондай дəрежеге көтерілуі керек сияқты болып көрінеді. Ыбырай Алтынсарин өз халқына, оның жас буынын оқу-өнерге, еңбекке баулуда, олардың бойындағы асыл қасиеттерін жетіл-діріп, ұнамсыз жақтарынан жирен-діруде қаншама еңбек етті десеңізші?!
Ұлы ағартушының бар саналы өмірі тек осыған арналды деуге болады. Ол қазақ балалары үшін мектеп ашсын не оқулық құрал жазсын, орыс клас-сиктерін аударсын не өзі өлең шығарсын, мейлі, бəрі бір мақсатқа – өз халқын ағарту ісіне арнады. Алайда Ыбырайдың барлық мұралары əлі жиналып біткен жоқ жəне өкінішке орай, бұл саладағы жұмыс белгілі бір жоспар бойынша жүргізілмей отыр. Ыбырай мұрасын жинап, зерттеумен айналысып жүрген жекелеген тарихшы, əдебиетші, тілші, педагог ғалымдар бола тұрса да, олардың басын қосып бір бағытқа нұсқаушы ғылыми орталық жоқ деуге болады.
Содан болуы керек, Ыбырайдың бірнеше жыл енбектеніп, бітірген «Қырғыз хрестоматиясының» 2-ші кітабының қолжазбасы əлі күнге дейін табылмай отыр. Осы орайда көңіл аударарлық бір жай мынадай. Қазақ ССР Ғылым академиясының сирек кітаптар қорында Ы. Алтынсариннің бұрынғы шəкірті Ғабдолғали Балғым-баевтың естелігі сақтаулы тұр. Онда мынадай жолдар бар. «Ол (Ыбырай) қайтыс болғаннан кейін оның орнын басқан А.А. Васильевте қазақ тарихы бойынша жəне тағы басқа да, оның ішінде Хрестоматияның 2-бөлі-мінің жəне тасқа басылған «Шарият-ул исламның» қолжазбалары болды. Хрестоматияның қолжазбасын баспаға дайын күйінде өз қолымен қайта көшіріп, 1940 жылы басқа да қазақ фольклорларымен бірге мен арқылы академияның қазақ филиалына өткізу үшін беріп жіберді, ол үшін, меніңше, 200 сом ақша төленді». Бұған қарағанда, «Хрестоматияның» 2-ші бөлімінің қолжазбасы А.А. Васильевтің өзінде сақталып қалғанға ұқсайды, ал академияға тапсырылған көшірмесі жоғалған.
1977 жылы баспадан шыққан Ахмет Жұбановтың «Əн-күй сапары» атты кітабында Қазан қаласында сол А.А. Васильевтің баласы Николай Александровичпен тұратынын, оның жеке архивімен танысу жөнінде өзінің онымен келіскенін жазады. Ахаң бұл талабын орындай алды ма, жоқ па – ол бізге белгісіз. Сондықтан бұл да бір еске алатын шаруа болса керек. Оның жекелеген хаттары мен басқа да деректер əр жерден кездейсоқ табылып жүр. Бұдан бірнеше жыл бұрын Ыбырайдың араб графикасымен қазақша жазған бір хаты «Н.И. Ильминскийдің папкасы» деп аталған есепке алынбаған қағаздар ішінен кездейсоқ табылды. Мәскеудегі кітапханадан алғаш тауып, оның орысшасын татар ғалымы М.А. Османов жариялаған болатын.
Зерттеушінің топшылауынша, хат 1883 жылы Баяділ Кейкин деген кісіге жазылған тəрізді. Бірақ хат адресаттың қолына тимеген. Оқытушы Мазохиннің кейін мойындағанындай, хаттағы Баяділ атына айтылған қатты сөздер оны ренжітер деген оймен жəне мектеп үйі туралы мəселе реттелгеннен кейін хат арналған кісісіне тапсырылмай қалады да, кейін Ыбырай қайтыс болғаннан соң, оның өзге хаттарымен бірге Н.И. Ильминскийге жіберіледі.
Ағартушының орыс тілінде жазыл-ған хаттары «Алтынсарин туралы естеліктерде» жарияланады да, олар-дың ішіндегі қазақша жазылған бір хат аударылып жарияланбай, архивте қалып қойған сияқты.
Хаттың мазмұнынан ұлы ағартушы-ның мектепке, мұғалімге деген қам-қорлығын тағы бір рет байқағандай боламыз. Мұны анығырақ байқау үшін хат тексін қазіргі алфавит негізінде жариялауды дұрыс көрдік, тыныс белгілерін өзіміз қойдық, бірақ хат емлесін сол күйінде сақтадық.
«Қадірден ағамыз Байекеге көп сəлем! Бағдүнде алхамдилла саламат бармыз. Бұл жақтың кары жұқа, малы семіз, бірақ малда да, адамда да сырхау бар. Адам ауруы – қорасан, малда сығыр бірлə түйе еліп жатыр. Мұның бағдүнде жаңа арада учитіл Мазохинден хат жолық(тыр)дым. Моллалар Бақтұбайның тұрған үйінден қуамын деб машахатланұбдұр. Биұл школда болған уақытымда Бақтұбай жамағатым бірлə тұрамын деген соң, мен айтұб едүм сол Бақтұбайның осы тұрған фəтерінде тұрұр, оның учүн учитіл болған адамлар жақын жерде тұрмаса, күн-түн қатынамағы боран-шашын болғанда мүшкіл болса керек деб. Жəне осы Бақтұбайның тұрған үйі түбінде школға керек болады деб былтыр школ ачқан уақытда да ауызша неше рет өзіңізге де айтұлған сөз еді. Һəр нечік əуелде школының медіресе жайларында болмағына рұқсат берулері рас болса, школның өзіне кереклі орынларын алұб файдаланмасқа түбінде де мүмкін емес. Бұл реуішлі һəр бір молла һəм ғайры қазақлар күнде біреуі келүб учитіллерге азар берүб, жəбірлей берселер, школның күн көрүб тұрмағы қиұн болса керек. Соның үчүн хазіретүңізден көб өтінемін бұл тығызлықларны кім етүб жүрсе де, қойдұрсаңыз еді. Моллалар айтады-мыс шəкірд балалар оқытуға керек деб. Сұраб қарасақ, медіресеге оқимын деб келген бір де шəкірд жоқ. Мұндан көрінедүр тек школға тығызлық берунің талабы бар екенлігі. Егер бұл тұғрыда сізің мəслихатұңызға тоқтамасалар, өтінемін маған тез арада хабар берсеңіз еді тиүшлі хакімлерге мүндай кісі басына хакімлік етүб, учитіллерге абида беруден құтқарсаңыз еді деб жазұб өтіимегім үчін. Қазірде сізден бір ақыл сүрамай һəм хабарұңызға еріштірмей бөтен кішілерге білдіруні лайық кермеген үчүн сізні бимазалаб хат йаздым ғайыбқа биүрмайсыз деб. Хайыр дұғаларыңыздан үмідде қалучы ихласлы хызметкеріңіз Ибраһим Алтұнсарин, 28-ғинуарда».
Бұл хат бізге тілдік жағынан да өте қызықты. Бұдан біз, біріншіден, Ыбырай тұсындағы жеке адамдар арасын-дағы хат үлгісін, стилін көрсек, екінші-ден, ұлы ағартушының өз ана тілінің сөз байлығын қалай пайдаланғандығын, ол тұстағы жазба əдеби тіл дəстүрін қалайша сақтағанын байқаймыз. Ең алдымен, бұл хат сол тұстағы өзге ресми хаттарға тəн текстің басында келетін ұзыннан-шұбақ жартылай арабша, жартылай қазақша арнау сөздерден аулақ. «Қадірден ағамыз Байекеге көб сəлем» деп бастайды да, бір-екі сөйлеммен амандықты қысқаша айтып, өзінің білдірейін деген негізгі мəселесіне бірден көшеді. Хат негізінен, сол тұстағы халықтың сөйлеу тілімен жазылған, сөйлем құрылысында, сөз қолдануда оны айқын байқауға болады. Алайда хат тексінен сол кездегі қазақ қауымы қолданған көне жазба əдеби тіл (түркі) дəстүрі де көрініп қалады. Бұл, əрине, хаттың кімге арналып отырғандығынан да болуы мүмкін. Өйткені осы мақалада келтірілетін оның өз қолымен жазған қолжазба газетінің материалдарында бұл дəстүр сақталмаған. Аталған дəстүр емледе «с, ж» дыбыстарының орнына «ш, й» дыбыстарын жазып жіберу, түбірге қосымша қосылғанда, үндестік заңы-ның сақталмауы сияқты жəйіттардан көрінеді. Сол сияқты ш орнына «ч» əрпін жазу, етістіктін шартты рай формасынан кейін лар, лер, көптік жалғауын косу, есімшенің ар, ер, р жұрнақтарының ұр, үр келуі де дəстүрлі орфографияның заңдылықтары деуге болады. Хаттың лексикасы, негізінен, қазақтың байырғы сөздерінен тұрады. Қазіргі əдеби тіл нормасы тұрғысынан алып қарағанда, көнерген немесе жергілікті сөз қолданысқа тəн бірен-саран сөздер бар. Мəселен, «еріштіру» сөзі – көне түркі ескерткіштерінде «кездестіру» мағынасында жиі ұшырайтын сөз. Сол сияқты жамағат (туысқан), азар беру (мазасын алу), жайлары (үйлері), рəуішлі (сықылды) т.с.с. сөздер қазір осы мағынада қолданыла бермейді.
Хат тексінде араб, парсы сөздерінің саны да мардымсыз, барының өзі (медресе, шəкірт, хакім, ғайры)’– халықтың күнделікті қолданып жүрген, жақсы таныс сөздері. Терминдік мағынадағы школ (школа), учитіл (учитель), гинуар (январь), пəтер (квартира) сөздерінен басқа бір-ақ жерде стильдік мақсатта орыстың обида (ренжіту) сөзін қолданыпты.
Осы қағаздар ішінде белгісіз ақынның Ыбырай қайтыс болғанда шығарған жоқтау өлеңі де бар. Бұл өлеңді де Н.И. Ильминскийдің сұратуы бойынша жіберген болуы керек. Өлеңде Ыбырайдың адамгершілігі, білімі, ел-жұртының арасындағы қадірі көрсе-тіледі. Өлеңнен бір-екі үзінді келтіре кетейік: «..Үлкен атаң Балғожа Осынұм адам болар деб Жас күнінде сынады; Корпуске берүб окұтүб, Байқаған екен шаманы; Жасы он беске келмей-ак, Нечелер үлұғ бəйгеге Косылуға жарады; Алтұнсарин дегенде, Кырда қазак, ойда орыс Бəрі аузына қарады…» Немесе: «Ғаділдігін сұрасаң, Ғұмар менен Ғұсмандай; Жомартлығын сұрасаң, Ғали атты арысландай; Заманында жан бар ма, Сізден бір қазақ асқандай; Toп ішінде сөйледің, һеч бір жаннан жасқанбай, Дауылдай соқкан жел едің, Болды ма шама тосқандай…» Мұның бəрі, айналып келгенде, ұлы ағартушының мұраларын жинап, оны сақтаумен, зерттеумен айналысатын ғылыми орталықты – жазушының музе-
йін жасауды қажет етеді. 1978 жылы жарық көрген Ыбырай Алтынсариннің шығармалар жинағының орысша басылымында Ыбырайдың казақша газет шығару ісін де қолға алғаны, сол газеттің 1-ші номерінің макетін жасағаны сөз болады. Біз Орынбордың облыстық архивінен бұл мəселеге қатысты кейбір деректермен таныстық. Бұл мақалада сол деректер төңірегінде жəне газеттің өзі туралы толығырақ сөз етпек ойымыз бар.
1879 жыл ұлы ағартушы өміріндегі ең бір елеулі жыл болса керек. Өйткені бұл жылы көп жылғы еңбегінің жемісі «Киргизская хрестоматия» атты алғашқы кітабы жарық көрсе, өзі Торғай облыстық мектептердің инспекторы деген қызметке тағайындалады. Осы жылы оның «Начальное руководство к обучению киргиз русскому языку» деген методикалық құралы да Орынборда басылып шығады. Осы кітаптың басылуымен байланысты архивте мынадай деректер сақталыпты. Ыбырайдың осы аталған кітапты шығаруға қанша қаражат қажет екенін айтуды өтініп сұраған хатына Орынбордағы баспахана қожасы Ефимовский – Мировецкийдің 19/ХІ-1879 ж. жазған жауап хаты сақталған. Онда аталған кітапты 2000 дана басып шығару үшін 345 сом ақша қажеттігі айтылған. Осы соманы генералгубернатор кеңсесінің есебінен төлеуге рұқсат берген Н.А. Кржижановскийдің бұйры-ғы да (23 XI-1879 ж.) сақталған. Сөйтіп Ыбырайдың бір жылда екі кітабы қатар жарық көрген. Дəл сол жылы Ыбырай Алтынсарин қазақ тілінде газет шығару жөнінде де жергілікті патша əкімшілік орындары алдына ұсыныс жасаған. Болашақ газеттің үлгісі ретінде оның бірінші номерінің макетін өз қолымен жазған. Газет қазақ жəне орыс тілдерінде 45X35 см көлемінде 8 беттік болып жоспарланған, алғашқы 4 беті қазақша, соңғы 4 беті – соның орысша аудармасы. Газеттің аты «Қазақ газетісі» деп аталыпты (орысшасы – «Киргизская газета»), Газеттің атынан кейін «1880 жыл. Ақпан айы. Бірінші жыл» – деп жазылыпты. Осы газет үлгісін ішкі істер министріне жібере отырып, Орынбор генерал-губернаторы Н.А. Кржижановский өзінің 1879 жылғы 11-желтоқсан хатында орыс графикасымен ана тілінде осы үлгімен газет шығару қазақ арасында сауаттылықты арттырып, халық ағарту ісін жолға қоюда көп пайда келтірер еді жəне үкімет ойлаған шаралардың халыққа тез жетуіне көмектесер еді деп көрсеткен.
Газет шығарумен байланысты бас-пахана ашудың қажеттігі, ол үшін жылына 4 мың сом қаражат қаралуы керек екенін ескертеді. Бұл хатқа Ішкі істер министрлігінің кеңсесі 1880 жылғы 28 мамырда: «Господин Министр внутренних дел не изволил изъявить согласие на издание проектированной Вами газеты для киргизских степей» – деп жауап берген.. Сөйтіп, қазақша газет шығару жөніндегі Ыбырайдың талабын не себеппен болса да жоғарғы үкімет орындары қабылдамаған. Жəне соған іле-шала жазылған екінші хатта (1880 ж. 30/V, №106) «Канцелярия имеет честь препроводить при сем образец газеты для киргизских степей Оренбургского ведомства, киргизскую хрестоматию и начальное руководство к обучению киргизов русскому языку, составленные киргизом Алтынсариным…» – деп мəлімдеген. Бұған кара-ғанда, Ыбырай шығарған кітаптар да, газет үлгісі де патша əкімшілік орындарын аса қуантпаған тəрізді. Енді аталған газеттің мазмұны мен тіліне қысқаша тоқтала кетейік. Газет 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімнің руб-
рикасы «Бас əкімдер жағынан шыққан хабарлар» деп аталған. Мұнда бас мақала есепті қазақ халқына арналы жазылған үндеу-өсиет бар. Бұл мақаланың негізгі түйіні – Ыбырайдың өзінің ағартушылық идеясынан туындайды. Бұдан біз ұлы ағартушының өз халқының болашағына деген үлкен қамқорлығы мен жанашырлығын тағы бір айқын көргендей боламыз. Көлемі əжептеуір болса да газеттің Ыбырай жазған сол бас мақаласын түгел келтіруді мақұл кердік. «Өнерлі ерге жүзеді» деген бұрынғылардан қалған сөз бар екен. Бұл күнде бақ та, дəулет те, күш те сол мақалды ұмытпай ескерген жұрттарда. Қазақ халқы көшіп-конып, шаруалық қылып, болашақ күйді ойламай бейпіл жүріп, бұл күнде бөтен қатар жұрттардан əр бір ісі кемге соғып жүр. Қазақстан бөтен ақ патшаға қарап тұрған жұрттардың қай-қайсысы да болса, еш болмаса өз мұңын, арызын өзі айта біледі, болмаса кағазбен жазып көрсететін адамдары бар. Біз жұмысты болсақ, бір білер-білмес кісіні алдымызға саламыз, қараңғы кісіге тек орысша тіл білгеннің бəрі де зор білімді кісі ретінде көрінеді, не болмаса біреумен барып, ісіміздің мəнісін айтып, ақылдасамыз. Ол ақылдасқан кісі арызымыздың заңға сыймайтын жері болса, тура мұнан еш нəрсе өнбес, əуре болма деп айтпайды, ой, ісіңді түзеуге тек арыз берсең болады дейді. Сонан соң бір-екі, үш қараның пұлын беріп, əлгі кісіге арыз жаздырамыз. Бірақ ол арыздан ештеме тағы болмайды, себебі сол: не арызымыз əуел бастан-ақ орынды емес, не болмаса əлгі арыз жазған ақылшымыздың өзі адам сөзіне қанша түсінерлік шамасы болса, оның да заң түсіну шамасы сонша, оның ниеті тек біздің ақшамызды алдап алмақ еді. Осындай кемшіліктен қара халық түгіл, біздің бас адамдарымыз да азат емес. Біздің болыс, ауылнайларымыз қызмет істерін жазып беріп тұруға орыстан песір жалдайды бір түлік малдың пұлын беріп, ол песірлер көбісінше іс мəнісін білмегендіктен, ауылнай болыс-
тар əкімдерден ұятқа қалып, əуре болып жүргені. Қос, бұл күнде заманымызға қарай, мұқтаждық жылдан жылға үйретіп келеді қыс күні үйдің пайдалы екендігін. Ал, үй салуға кірісейік десек, қазақтың өзінен жөнді терезе, пеш, есік (жасайтын), жөнді үй салатын бір адамымыз жоқ. Өнердің ең жаманы ағаш табақ, аяқ, күрек, балта, төрт аяқ арба болса, соларды да өзіміз істей алмай, базардан сатып аламыз. Малымыз бізге есепші көп май, жүн, тері береді, олардан өзіміз еш бір нəрсе істей алмай, терімізді 30 тиыннан 3 теңгеге дейін, майымызды 2-3 теңгеден сатамыз. Кент жұрты теріден дереу былғары істеп, өзімізге 2-10 теңгеге шейін кайта сатады, майдан шам құйып, бүтін 5-6 теңгеден сатады. Тіпті жерден илеп, кім болса сол істеп жатқан кірпішті өзіміз істей алмай, керек болса не казак-орыстан, не естесек, не ноғайдан аламыз. Осылардың бəрі де оқып, үйреніп байқасақ, кез келген қазақ істейтін нəрселер, бірақ. Білім жоқ надан болған соң, бізге бəрі де қиын көрінеді. Атығай Қошан ақынның бір мұңшылық сөзі есімнен кетпейді. Ол мынау жаңа штат ашылған соң, уездіқ мекемелеріне арызға барып, соның турасында айтыпты: «Уезде бір казақ бар помощнек Олдағы іс істей алмайды басып-көктеп, Арызды айтар кісің уезнай Күн кайда айтатұғын сөзіңді ептеп; Сөзіңе қанша айтсаң да түспеген соң, Песірлер қуалайды пошал – кет деп… Барар жер, басар тауың болмаған соң, Қақпадан кете алмайсың төңіректеп, Бір ауыз тым болмаса тіл білмейсің Өлдің ғой біздің қазақ тентіректеп…» Міне, қазақтың осындай күйде екендігін аңғарып, жаңа біздің жұрт тумысында зерек, ақылды халық екендігін ескеріп, бұл құдайдың берген білімі зая кетпес үшін, бас əкімдеріміз қазаққа орысша жазу, тіл жəне əр түрлі өнер үйрететін əр уезге бір жақсы медіресе салдыруға жатыр деп есітеміз. Əр медіреседе жүзге шейін бала оқуға болады дейді. Құдай бұйырып, бұл хабар тек расқа шықса еді.
Рас болғандай болса, бұрынғы-лардың айтып кеткен үгіттерін ұмыт-пасқа керек. «Темірді қызығанда соқ» жəне «Тентектің ақылы түс-тен кейін енеді» деген. Əуелгі ақылдың керегі сол – əкімдердің осындай жақсы талабының үстінде кейінгі жастарға білім-өнер үйреттіріп, пайдаланып қалу керек, біздің халықты жақсылыққа түсінбейтін халық екен деп таулары қайтып қалмасын. Екіншісі сол – уақытымен осындай істен пайдалана алмай, артынан өкініп жүрмелік. Осы бұрынғылардың ақылын орнына келтірсек, кім біледі, манағы мақал қалыбынша, біздің арамыздан да «Өрге жүзетін» адамдар табылар».
Міне, Ыбырай бұл мақаласында өз халқының кемшілік жақтарын айқын дəлелдермен көрсете отырып, оның себебін ашып, бұл кемшіліктерден құтылар жол – жастарды мектепке беріп, оқу оқыту екенін көрсетеді, соған шақырады. Осы бөлімде ел ішіндегі ұрлықты тоқтату үшін алынатын шаралар мен облыстық əскери губернатордың елді аралауы туралы ресми хабарлар жазылған.
Сондай-ақ жаңадан сайланған волостной управительдер мен наград-талған адамдар туралы хабарлар бар. І-бөлімде «Ел ішіндегі хабарлар» деген рубрикамен елде болған жұт, мал ауруы жэне ауа райы туралы қысқа-қысқа хабарлар мен Орынбор маңайындағы малдың, басқа да тауарлардың бағасы қандай екендігі жазылыпты. ІІ-бөлім шет жұрттардан келген хабарларға арналған. Мұнда Англия мен Ауғаныстан арасындағы қақтығыс, қазақ жеріне тыныштық бермей тұрған түрікмендерді тəртіпке шақыру үшін Əмудария генералгубернаторының өз əскерімен солай қарай кеткені жазылыпты. Ал газеттің 4-бетінің астыңғы подвалы «Таңсық əңгімелер» деген рубрикамен түгелдей «Жиренше шешен туралы» əңгімеге арналыпты. Мұның «Қырғыз хрестоматиясына» кірген вариантынан біраз өзгешеліктері бар. Енді бірер сөз газеттің тілі жайында болмақ. Ең алдымен, газет қазақша жазылып, содан кейін орысшаға аударылғанға ұксайды. Өйткені қазақша текстердің тілі жатық, өте жүйелі жəне қазақтың мəнерлі, көркемдеуіш сөздеріне толы. Газет таза орыс графикасының өзімен жазылғандықтан, кейбір сөздердің оқылуында қиындықтар кездеседі, дегенмен аңғарып оқыған адам тез оқып кете алады. Қазақ тілінің өзіндік дыбыстары орыс алфавитіндегі əріптерге қосымша жүктелген. Мəселен, «к» əрпі қазақтағы əрі /к-ні, əрі /қ-ны білдірсе, г əрпі əрі г-ні, əрі ғ-ны білдірген і, и дыбыстары бірақ и əрпімен, ы жəне жуан и да бірақ ы əрпімен таңбаланған. ң дыбысы и мен г таңбаларының қосындысы арқылы берілген. Ал у, ү, ө дыбыстары үшін əдейі таңба алынбай, олардың бəрі у таңбасымен жазылған. Сол сияқты е дыбысы а əрпімен берілген, сөз басындағы е дыбысы орнына неге екені белгісіз, э таңбасы алыныпты. Сөздің жіңішкелігін білдіру мақсатында кейде жіңішкелік белгісі (ь) қолданылған. Мысалы: эль (ел), бзь (біз), тль (тіл) т.с.с. Газетте тыныс белгілері бірсыпыра дұрыс қойылған. Бірақ көп жағдайда жалғау мен шылау ажыратылмай, екеуі де өзінің алдындағы байланысты сөзімен бірге жазылған. Дəстүр бойынша X əрпімен жазылып келе жатқан хан, хабар, халық деген сөздер газетте ауызша айтылуынша қан, қабар, қалық болып жазылған.
Атап айтатын жайт – газет текстінің лексикалық жағынан тазалығы. Мұнда оқымаған қазақ түсінбейтіндей сөздер жоқ деуге болады. Əкімшілік хабарлары жазылған ресми бөлімде ғана бірен-саран орыс əкімшілік терминдері кездеседі, олар да, көбінесе, қазақтың байырғы айту формасында жазылып берілген (персір, болыс, ауылнай, нагрет, мұнай). Бұлардан өзге бірнеше сөз атап айтқанда, штат, уезд, помощник, приговор, волостной управитель, областное правление, чрезвычайный съезд, орысша айтылуынша жазылыпты, өйткені бұл сөздер ол кезде халық арасында əбден сіңісті болмаған сөздер болса керек. Сондықтан олардың, орысша транскрипциялануы сақталған. Араб-парсы сөздерін қолданғанда, олардын, бұрыннан халыққа түсінікті болып кеткендерін ғана қолданған. Мысалы: əкім (кызмет адамдары), кент (кала) мекеме (канцелярия), медіресе (оқу орны), т.с. Газет материалдарындағы 2-3 сөздің ғана жай халыққа түпкі мағынасы түсінікті болмауы мүмкін. Оның бірі – киная. Бұл сөздің негізі арабтың сөзі болса да, татар тілінде «астарлап сөйлеу» мағынасында жиі қолданылатын сөз, газеттегі беретін мағынасы да осыған жуық. (Шешен енді ойына бір нəрсе алып, тіке сөйлеуге үйдегі қарттан ұялып, кинаямен қызға қарап тізесін сипады. Əлгі кинаялардың мəнісі…). Осы сияқты кетқұдайшылық деген сөз де түсініксіз. Парсы тілінде саудагер деген мағынада парсыша сез бар екен, мүмкін мұның осы сөзден туындаған сөз болуы. (Хан Жиреншеден тəттіде не тəтті, қаттыда не қатты? – деп сұрағанда, Жиренше: тəттіде-тұз, қаттыда кетқұдайшылық қатты» – деп жауап береді. Сонда қаттыда саудагер қатты деген ұғым туады, ол «саудагер алушыны аямайды» деген мағынада айтылды ма екен? Сұлу деген мағынада бір-ақ жерде гузель сөзін қолданыпты. Мысалы: Мен саған, дұрыс, жазықтымын; сендей гүзелді не киімге жарытпадым, не сый қонақтарың болса ұялмай сыйлайтын ауқат тауып бермедім. Ыбырайдың жалпы басқа тілдерден сөз алуға қалай қарағанын байқауға мына жағдайға көңіл аударуға болады. Ол Ильминскийге жазған бір хатында өзінің табиғи қазақ тілін бұзатын татаризмге о бастан қарсы екенін айта келіп, «Алайда, қазақ тілінде қажетті сөздерді таба алмағанда, қазақ жазбаларында кейбір парсы немесе араб сөздерін қабылдау бөтен болмайды. Менің өзім қазақша жазбаларымда оларды осындай ретте қолданамын» – деп жазды. Газет материалдарында қазақтың кейбір сөздері əкімшілік термині мағынасында қолданылған. Мысалы: ел-шi (посол), жарандар (сотрудники), бұйрық (приказ), төре (господин), жұрт (страна). Енді бірқыдыру сөздер мен сөз тіркестерінің қолданысынан жергілікті ерекшелік сипатын аңғарамыз.
Жоғарыда келтірілген бір мысалда ауқат сөзі «азықтүлік», «ас» мағынасында қолданылған болса, сол мағынада «екінші бір жерде «мəзір» сөзі кездеседі (Соның үшін бұл қаймақты өз сүтімді сауып сонан істедім. Бұл мəзірім сіздерге қос көрінсін, мен бейшара бүгін екі есе бақытты болдым). Сол сияқты ер ортасы болу (жігіт ағасы болу немесе жер ортасы жасқа келу), орнына келтіру (орындау), кермісім жоқ (көргенім жоқ), сөйлес қылды (сөйлесу) тəрізді сөз тіркестері бүгінгі əдеби тіл нормасынан тысқары жатқандықтан, бұларды жергілікті сөз қолданыс па деп топшылаймыз. Ал аңның ау, жауапты жауап түрінде кездесуі – көне түркі тілдік дəстүрдің салдары болса керек. Ыбырай тілінде кездесетін бір фонетикалық ерекшелік – əдетте ш əрпі жазылатын патша, қош, ғашық деген сөздерді патса, қос, асық түрінде жазу. Бұл – оның басқа да шығармаларында кездесетін жайт. Газет материалдарының грамматикалық құрылысынан қазіргі əдеби тілімізден бөлек түрған ерекшелік таба алмаймыз.
Сол дəуірдегі казақ жазбаларында кездесетін өзге тілдік жалғау жұрнақ, көмекші сөздер мұнда атымен жоқ. Қазақ тілінің өзіндік жалғау жұрнақтары да, көбінше, ауызша сейлеу тілінде кездесетін формада ұшырайды. Мəселен, ыңғайластық жалғаулық жəне көмектес септігі қосымшасы қызметін атқаратын мен /бен/, пен формасы газетте дəл осы варианттарда жəне бұған қосымша менен тұлғасында кездеседі. Қазіргі тілімізде сондықтан себеп-салдар жалғаулығы газетте соның үшін түрі де, сияқты көмекші сөзі реуішті түрінде ұшырайды. Бұл да – жергілікті сөз қолданысымен байланысты қаралса керек.
Қорыта айтқанда, Ыбырай жасаған бұл газет үлгісі – қазақ баспасөзі тарихынан белгілі орын алатын, сонымен қатар ұлттық жазба əдеби тіліміздің XIX ғасырдың екінші жартысындағы жай-күйін танытатын бағалы документ.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.