САЙТАННЫҢ САПАЛАҒЫ
21.10.2020 0 2 754
ПА, ШІРКІН, ПАРОДИЯ!..
Көпен Әмірбек,
Қазақстанның Еңбек
сіңірген қайраткері
Бұралқы сөзді күлмекке жақсы деп есептеген бұ қазақта «сайтан иектеп жүр», «жын ұрды», «түлен түртті» деген түбірлі сөздің түрлі нобайы бар. Айтылуы әрқилы болғанымен, мән-мағынасы біреу-ақ. Оның өзі де оңған ойды білдірмейді. Қай жылы екенін қайдам, Қазақстан Жазушылар одағына түлен түртті ме, жын соқты ма, білмеймін, сайтандай сап етіп бара қалсам бар ма?
Қарсы алдымнан еменнің қарсы біткен иір бұтағындай Мұхтар Мағауин ағам ұшырасты. Апыл-ғұпыл амандастым да:
– Аға, сізбен сұхбаттасуға бола ма? – дедім.
– Болмайды!
– Неге?
– Мен ешкімге сұхбат бермеймін. Мен жұрттың соңынан ермеймін. Мен не айтсам да өз пікірімді өзім айтамын. Мен…
– Себебі?
– Себебі… Мен – Мағауинмін!
– Сіз «Ешкімге сұхбат бермеймін» деп едіңіз, сұхбат беріп қойдыңыз, аға. Аз-кем сұхбаттасқаныңызға рахмет! – дедім сөзімді әзілге жығып.
«Мен өйттім, мен бүйттім, қойдың басын үйттім!» дейтіндер аз ба? Жалпы «Мен!» деп төрге шықпай-ақ төсін ұрып сөйлеу – Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановқа жарасатын сияқты.
Өйткені қос Мұхтардың «Мен, мен!» деп қанша ұрса да сына қоймайтын төсі бар. Қолдарында жер шарының осі бар. Дүниені шыр айналдырмаса да бір айналдыратындай қауқарлы. Қайсыбір қаламгерлеріміз ше? Шона ағамыз айтпақшы «Мен, мен деп төсін ұрады. Төсі сынса несін ұрады? «Жер шарының өзі тозаңдай болған ғаламда, өзіңді өзгеден жоғары санау не әдепке, не ақылға сай келмейді» деген бұрынғы заманның ғұламаларына қарсы қояр уәж қайсы?
Жарықтық Жұматай Жақыпбаев-тың ақындығы аспандағы ақша бұлттай көз жауын алатындай көркем дүние еді-ау. Ал, ауыз-екі айтқыштығы ше? Әзілі-шыны аралас әдемі уәждері мен тапқыр сөздері аттаған сайын табанының астынан табылатын.
Бір кездесуде қалың оқырман сұрақты қардай боратып, бұршақтай жаудырса керек. Оған сасатын Жұматай ма?
– Күшті ақын кім? – десе.
– Темірхан Медетбеков! – депті қысқаша.
– Ол неге күшті ақын?
– Себебі ме? Себебі, ол 100 килә штанганы оп-оңай көтереді. Күшті.
– Көрнекті ақын кім?
– Бақтыкерей Ысқақов.
– Неге көрнекті ақын?
– Теледидардан Бақтыкерейді көр-генде «Әр қазақ осындай болса екен!» деп армандайсың. Ондай көрнекті ақын жоқ. Бальзакқа ұқсайды.
– Ұлы ақын кім?
– Сәуірбек Бақбергенов пен Ғафу Қайырбеков.
– Неге?
– Екеуінің де ұлдары ақын. Өлең-дерін орысша жазатын екі қазақ жігіт бар ғой. Солар Сәукең мен Ғафаңның ұлы.
– Биік ақын кім?
– Жүсіп Қыдыров.
– Неге биік?
– Бойы 2 метр 18 сантиметр. Одан биік ақын бізде жоқ!
Ойды ой қозғайды да қай-қайдағы есіңе түседі. Күшті ақын кім? Көрнекті ақын кім? Ұлы ақын кім? Биік ақын кім? Жұматайдың жұмбақтап айтқандары ғана ма? Күнсіген көйлектей оңа бастаған оқиғалар көз алдымда көлбеңдей бастады.
Театрда өтетін бір әдеби кештің тізгіні қолыма тиіп, жүргізетін болдым. Ақын ағам Серік Тұрғынбеков маған майтабандап келді де «Қазір мені сахнаға шақырғанда дұрыстап таныстыршы» деді. «Мақұл, Секе!» дедім елбең қағып. Алқалаған сөзді аяйын ба? Кезегі келгенде ойдан-қырдан жинаған орден-медальдары мен лауреаттық лауазымын қыстырып «Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбековті сахнаға шақырамыз!» дедім. Маған екі дүниеде риза шығар деп ойладым. Жоқ, олай болмады. Кеш соңында:
– Бәрі дұрыс! – деді бипаздап. – Бірақ бір сөзді неге қимай қалдың?
– Қандай сөз, Секе?
– «Көрнекті ақын» дедің. Дұрыс. Соның алдыда «Аса» деген бір сөзді қосып жібергеніңде қатып кететін еді…
Өкпесі орынды. Былай ойлап қарасам «Көрнекті ақындар» көп. Өте көп. Құмырсқадай құжынап жатыр. Ал «Аса көрнектілер» ше? Аз ғой. Аз. Қамшының шашағындай ғана санаулы.
Күндердің күнінде Шөмішбай Сариев «алыстан сермеп, жүректен тербеп» әңгімені әріден қозғады.
– Жақында елуге келдім, — деді. – Елу грам коньякты тартып жібердім де бұрын Мәдениет министрі болған Мүсілім Базарбаевқа телефон шалдым. «Ало, Шөмішбай ініңіз ғой. Бүгін елуге толдым» деп ем, ол: «Елуге келсең жетпіске қалай келгеніңді білмей қаласың!» деді. Тағы бір елу грамды зыңғыттым да, академик Зейнолла Қабдоловқа қоңыраулатып «Мен шәкіртіңіз Шөмішбай ғой, аға. Бүгін ердің жасы елуге толып отырмын!» деп ем, о кісі «Айналайын, Шөмішжан, — деді арқамнан қаққандай, — сол елуіңді екі-үш күнге маған бере тұршы!».
Саған осы әңгімені әдейі айтып отырмын. Әрі қарай өрбітіп, жалғастыр. Сахнаға шығып сал алуан сатираң мен пародияларыңды орындап жүрсің ғой. Соның бір ұрымтал жеріне мені қосып, ұлы ақын екенімді бір ауыз сөзбен айтып кетсең болды.
Е, жарайды! Оны бірақ қалай қиыстырып, қалай қыстырам? Оның да есебін таптым. «Көпен келе жатыр!..» атты әзіл-сықақ кешінде саңылау тауып былайша қылжақтадым:
– Қазақстан Жазушылар одағының жеті жүзден астам мүшесі бар. Солардан «Кім ұлы ақын?» деп сұрасаңыз бәрі де «Мен!» деп төсін ұрады. Құдайшылығы бар-ау деп Шөмішбай Сариевтан сұрадым. «Шөке, бір білсе сіз білетін шығарсыз. Бізде ұлы ақын қаншау?» деп ем, Шөкең шөгіп барып қайта көтерілді.
– Ұлы ақын қаншау дейсің бе? Абай, Пушкин, Мұқағали Мақатаев… Жалпы, біз онша көп емеспіз! – деді байсалды қалыппен басын қасып.
Шөмішбай былай тұрсын, жас кезінде классик Пушкин де көп ақындарды көзге іле қоймаған. Шалықтап, шалқақтаған шағында қарсы ұшырасқан Мицкеевич деген жас ақынға асқақтап сөйлеген.
– Картаның алтылығы құсамай кет, былай жолдан. Тұз келе жатыр! Тұз! Поэзия тұзы! – депті. Сонда жас ақын:
– Алтылық қөзір жай тұздың енесін ұрып жібереді, Александр Сергеевич! – десе керек.
Аса көрнекті болып көріну үшін асқақтамаса ақын болмай қала ма? Түсінбеймін.
Кешегі қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманында отарлау саясатымен «…ов, …ова, …ев, …ева» сияқты ата-тегіңе жалғайтын жамаудан бас тартқан төрт-ақ қазақ.
1. Бауыржан Момышұлы.
2. Шона Смаханұлы.
3. Шохыр Бөлтекұлы.
4. Балғабек Қыдырбекұлы.
Батыр Баукең сықақшы інісі Шонаның атын айтпай «№2 Ұлы!» деп шақырады екен. Астары айтпаса да түсінікті. «№1 Ұлы – менмін!» деп тұрған жоқ па? Иә, солай. Ерлік желі есе ме? Еседі.
Бұл әдет-ғұрып пен салт-дәстүріңді сақтап, ұлт үшін ұлы тірліктің басында жүрудің байыпты белгісі. Ұлт үшін «Ұлы» болудан асқан бақ-дәулет жоқ. Тебіреніп кеттім бе, тереңге батпай тұрғанда қайтадан қалқып су бетіне шығайын.
Жарты ғасырдан астам бұрын КазГУ-дің журналистика факультетінде оқып жүргенімізде профессор Белгібай Шалабаев бізге дәріс берді. Бір қарасаң дана сияқты, бір қарасаң бала сияқты. Жаңғалақ мінезді жақсы ұстаз. Шырттай киініп жүреді. Оспанхан ағам айтпақшы «Шалбарының қырынан қыл құлайды». Бет орамалы бес-алтау. Сабақ барысында:
– Қыз Жібек қыпша бел болған! – деді. Бір студентіміз!
– Ағай, қыпша бел деген қандай бел? – деп әдейі орағытып сұрақ қойып еді, Белгібай ағайымыз белін таянып теріс қарады да:
– Мына менің белімдей белді қыпша бел деп айтады! – деді. Біз мырс-мырс еттік.
Бір күні мәсі киіп келді де, кебісін есіктің алдына шешіп сабақ өткізді. Сол тіп-тік қалпы. Дәрісі біткесін папкісін қолтықтаған күйі кебісін кимей кетіп бара жатыр еді, студенттер шулады.
– Ағай, ағай. Кебісіңізді ұмытып кеттіңіз.
– Ә, кебісім бар екен ғой. Ұлы адамдар ұмытшақ болады! – деді де есіктен қайта шықты. Ойыны ма, шыны ма? Түк түсінсем бұйырмасын. Белгібай ағайдан емтихан тапсыратын да күн туды. «Бұл кісі емтихан соңында «Сыншылардан кімді білесің?» деген сұрақты міндетті түрде қояды. Сонда көп сыншылардың ішіне бұл ағайдың аты-жөнін қосып айтпасаң батпаққа батып құрисың!» деген қауесетті естігенбіз. Оған сақадай саймыз. Төңкеріліп жатқан билетті алып, жауап беріп біткенімде әдеттегідей:
– Қандай сыншыларды білесің? – деді. Несіне қысылам. Сайрадым.
– Белгібай Шалабаев, Белинский! – дей бергенімде:
– Тоқта, айналайын. Тоқта! Әуелі Белинский, Белинскийден кейін Белгібай Шілабаевты айт! – деді шорт кесіп. Сөзімді түзедім. Белинскийге Белгібайды тіркедім бе, әлде Белгібайға Белинскийді тіркедім бе, әйтеуір қыл көпірден құламай өтті.
Немістің ұлы ақыны Гете бес рет министр болған. Қалай? Жыл сайын патшаны мақтап ода жазып қояды екен. Сондай бір одағайлау одасын оқыған ұлы композитор Бетховен айтыпты. Не деп? «Әй, Гетежан, — десе керек, — мен сені ақындардың патшасы ма десем, патшалардың ақыны екенсің ғой!».
Ұлы адамдар ұмытшақ қана емес, ұқсас та болады. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой терезенің сыртында өсіп тұрған еменге қарап еміреніп, ерекше шабыттанып жазады екен. Бір күні он-он бес күнге демалысқа кететін болады да, жұмысшыларға үйінің іші-сыртын әктеп, жеңіл-желпі жаңалап қоюды тапсырады. Жұмысшылар жазушының айтқанын айнадай қып атқарады. Бірақ терезенің тұсындағы еменді тамырымен қопарып алып тастайды. Неге? Терезені жауып тұр, жарық түсірмейді деп ойлайды. Толстой демалыстан оралса – еміренетін емен жоқ. Қатты әбіржиді. Шабыты келмей шаршайды. Ашуланады. Еменді ескі орнына түп-тамырымен әкеп қайта қондырғаннан кейін ғана қаламы жүре бастайды. Нені меңзеп тұр дейсіз бе?
Ұлы адамдар ұқсас болатыны рас, менің ақын құрдасым Несіпбек Айтұлы Бәйтерекке қарамаса өлең жаза алмайтын ауруға ұшырады. «Бәйтерегім – байтақ елім!» деп жүріп Мемлекеттік сыйлық алды. Сосын барып сол ауруынан айықты.
Жазушы Серік Байхонов:
– Қазақстанда менен мықты мақ-танатын адам жоқ! – деп кергіген кезінде ақын досы Байбота Қошым-Ноғай:
– Олай деме! Сенен де мықты мақтанатындар бар! – депті.
– Бар дейсің бе? Ол кім?
Байбота сұқ саусағын көкке шошайтып көкесінің атын айтпай ымдап тұрса Серік құрдасы түсінді ме, түсінбеді ме «Ә-ә-ә!» депті де аузы ашылған күйі аңырып қалса керек.
Сол Серік студент кезінен таланты танылып, бәйгеден келген жүйріктей есімі ерте шықты. «Жалғасым менің – Жалғасым менің» повесі екінші курста «Жалын» альманағында жарияланды. Ол туындысын сыншы Төлеген Тоқбергенов жер-көкке сыйғызбай мақтап, мақала жазды. Ақын-жазушылардың жылдық қорытындысы да қалыс қалған жоқ, Дулат Исабеков арнайы тоқтап атап өтті. Өз буына өзі піскен Серік:
– Біздің курстағы ең талантты кім? – деп сұрапты Байботадан. Сірә «Әрине, сенсің!» деген сөзді күтсе керек. Байбота не десін?
– Ең талантты – курстасымыз Марат Нұрқалиев! – депті.
– Қалай?
– Оның қолынан келмейтіні жоқ. Ақын десең ақын. Сатирасы өз алдына. Өзі әнші. Композитор. Домбыра, гитар, сырнайыңның құлағында ойнайды. Шебер суретші. Карикатуралары қандай, езуіңе күлкі үйіреді. Екі тілге бірдей, орысша да қазақша жазады… Міне, нағыз талант!
– Жарайды, — дейді Серік шамалы жуасып, — одан кейінгі талантты кім?
– Мен! – дейді Байбота.
Екінші орын да бұйырмай еңсесі түскен Серік бейбақты өз курсындағы үшінші талант кім екені қызықтырған жоқ.
Түркістанда тұратын «құрымсары Құлбек» інім (Оспанхан ағаның қойған аты) бір жолыққанда:
– Көпеке, шыныңды айтшы, Қаз-ақстанда менен өткен сыншы жоқ қой, ә? – деді. Бас изегендей болдым. Расында да көл-көсір көрнекті сыншы ғой. Тағы бір ұшырасқанымызда:
– Мен Қазақстандағы №1 сыншы-мын! – деді. Бұл жолы бас иземей, баға бердім.
– Жоқ, – дедім, – сен №3-ші сыншысың!
«Екеуі кім?» дегендей елең ете қалды.
– №1-ші сыншы кім екенін білесің бе? Құдай! №2-ші кім? Халық! Сен солардан кейінгі сыншысың!
«Бәрібір бірінші екенмін ғой» дегендей ха-ха-халап күлді.
Қара дауыл. Дұрыс-ақ! Оны дауылға теңепті. Кімді? Қыры да көп, сыры да көп сыралғы композитор Қалдыбек Құрманəліні. Дауылға теңеген кім? Құдияр Білəл. Дауыл деген не? Ауа.Тып-тыныш тымық ауаның алай-дүлей ұйытқып соғуын «Жел» демей ме? Жел дейді. Сол жер-жаһанды желпіген желдің де неше түрі бар.
1. Өкпек жел.Оның орысшасы — «Сквозняк».
2. Самал жел.
3. Дауыл.
4. Құйын.
Қарағым Қалдыбектің болмыс-бітімі мен жаратылысында осы табиғи құбылыстың төртеуі де бар. Өкпек желі өкпеңнен өтіп, мұрттай ұшыруы мүмкін. «Сұрың жаман, сұлық түсіпсің. Не болды?» деп сұрасаңыз ол «Ойбай, «сквозняк» соғып оңбай қалдым!» деуі хақ. Ал оның самалы сарайыңды ашып, сайрандап жүргендей рахат күйге бөлейді.Талбесікте тербетілген сəбидей сезінесің. Дауылы тұрса ше? Оһо-о-о, атама! Ондай сəтте Қалдыбегіңіз дауыл емес, қара дауыл! Шəуілдірді шулатып, Отырардыойрандап кететін Арыстанды Қарабастың желінен қатты. Шатырыңды ұшырып, шалағай шаруаңды шаша салуы түк те емес оған. Бір жұтым ауа жоқ қапырық кезде ше? Ондай сəтте опалаң-топалаңыңды шығарып, ойда жоқта құйын боп ұйытқуы ықтимал. Құтырған желіңіз құйын ғой, құйын дегенің қиын ғой. Құйынның қиындығы сол-шашылғанды жинай-ды, жиналғанды шашады. Қалай десек те Қалдыбектің желі-қасиетті жел. Қасиеті қайсы? Бұрынғы ескі шаңдарды ұшырып, орнына жаңа шаңды қондырады. Мұндай азаматтарды атам қазақ «Арқасы бар!» деп ардақ тұтқан.
Баяғы балаң кезімде «права» алу үшін шопырдың үш айлық оқуына барғам. Сонда орыс ағайымыз алғашқы сабақта машинаны үш-ақ сөзбен сипаттап берген. Былай: «Машина состоит из трех частей.
1.Кузов.
2.Двигатель.
3.Шасси.»
Бітті. Осы-ақ. Былай қарағанда машинаңыз соғымға сойған жылқыдай жілік-жілікке, мүше-мүшеге бөлінетін сияқты көрінеді. Негізінен үш-ақ бөліктен тұратынын бірінші рет білдік. Алыстан орағытып айтпағым не? Алда-жалда біз Қалдыбекті машинаға теңей қалсақ, оның «кузовы» ақ емес, көк емес, шымқай қара түсті. Қар-жаңбырыңыз жауып, қанша бұршақ ұрса да асты-үсті шірімек түгілі тот баспайды.
Двигатель-машинаның қолтығын жазып арғымақтай алға заулататын мотор ғой. Қалдыбектің «моторы» күшті. Кілтін салып бұрағанда «қыж-қыж-қыж» деп жуық арада отала қоймайтын оңбаған мотор емес. Жүйкеңді жүндей түтіп, итіңді шығармайды. Бірден оталады.
«Шасси» деген не? Тұлпардың тұяғы. Яғни, төрт доңғалақ. «Запас-кісімен» бесеу. Қалдыбекте «запас» доңғалақ жоқ. Болған емес. Болмайды да. Жол-жөнекей балоным жарылып, айдалада аңқиып қалам-ау деп ойлаған емес. Ойламайды да! Тек алға! Алды-арты бірдей істегесін бе қайдам, батпақка батып көрмеген. Доңғалақтарының бүрі мықты, бүтін балон. Жарылмайды. Тесілмейді. Импортный. Арабский. Көз тимесін, оның осал жері біреу-ақ. Тормозы онша емес. Бір басқанда жер тістеп тоқтай қоймайды… Рульде өзі. Ешкімге ұстатпайды. Айтқан жерден аулақ, апатқа ұшырап «авария» жасамай аман-есен өрге тартып келе жатқан Өнер шопыры.
Тың жəне тыңайған жерді игер-гендей əн өлкесіне дəн сеуіп, өзінің түренін салған ұлы композитор Шəмші Қалдақов атындағы республикалық фестивальді жыл сайын өткізіп жүрген кім? Қалдыбек Құрманəлі. Ебепке себеп іздеп қаншама өнер бұлағының көзін ашқан кім? Қалдыбек Құрманəлі. Вальс королі атанып дүниеден озған жарықтық Шəкеңнің рухына арнап 82 əн жазылғанын біреу білсе, біреу білмес. Соншама шоғырлы əндердің ішіндегі шоқтығы биігі қайсы? Қалдыбектің «Əн аға немесе Шəмшімен сырласу» əні. Өлеңін жазған Ибрагим Исаев. Ұлы тұлғаларға мəрмəр қашап, қара тастан ескерткш орнатып жатамыз.Оны да жөн дейік. Əйтсе де біздің Қалдыбек қазағын əнге бөлеп тербеткен Қалдаяқовтай қайталанбас тұлпар тұлғаға əуезді əнмен ерекше ескерткіш орнатқан азамат.Тау суындай тасып аққан жас шағында «Менен асқан ешкім жоқ. Мен!» дейтін. Кейінірек «Мен жəне Шəмші Қалдаяқов!» деді. Есі кіргенде «Шəмші Қалдаяқов жəне мен!» дейтін болды. Қазір ше? Тек «Шəмші Қалдаяқов!» дейді.Айнымайды.
Қалдыбек қай қырынан болса да ешкімді қайталамайтын жəне қайталанбайтын қазақ. Құдай берген төрт ұл, бір қызының азан шақырып қойған аттары да айрықша. Алты Алаштың аузында жүрген айтулы азаматтардың есімі мен фамилиясын қоса тіркеп, бір-атаған. Тұңғыш ұлының аты Шəмші Қалдаяқ.»…ов»ты алып тастаған. Одан кейінгілерінің есімдері Бекзат-Саттархан, Мұхтар-Шахан, Иманғали-Тасмағамбет. Қызы Мақпал. Оған сірə, Жүнісованы тіркеу ыңғайсыздау көрінсе керек.
Қос есімді қосарлап қою ұлтымыздың дəстүрінде бар салт. Мысалы Шоқан Уалихановтың шын аты – Мұхамед-Қанапия. Қазақ əдебиетінде детектив жанрын қалып-тастырған жазушы Кемел Тоқаев 1953 жылы дүниеге келген ұлын əуелі Жомарт деп атағысы келген. Соғыстан оралмаған Қасым ағасының есімі ұмытылмас үшін Қасым-Жомарт деп атаған. Тарихы солай. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазір тарихи тұлға. Сол сияқты Қалдыбек бауырым да əр баласының есімін ата-баба салтымен ырымдап қойған-ау?
Қалдыбектің хикаясы жырдан да қызық. Үшінші ұлын үкілеп Алматыда сүндет тойын жасауды ұйғарады да, шақыру билетін таратады. Бір кемпір үйіне əкеп тастаған шақыру билетіндегі «Сізді Мұхтар-Шаханның сүндет тойына шақырамыз» деген хабарламаны оқып талып қала жаздапты. «Ой, масқара-ай! – депті таңырқап. – Алқым жүні ағарған Мұхтар Шаханов осы күнге дейін сүндетке отырмаған ба?»
…Қалдыбек Құрманəлі жарық дүниеге таң қалу үшін емес, таң қалдыру үшін келген сияқты.
– Осы біз «Шайтан, шайтан» дейміз. Шайтанның аты бар ма?
– Бар.
– Кім?
– Ібіліс.
– Ібілістің әкесі бар ма?
– Бар.
– Аты кім?
– Әбілет.
– Шешесінің аты ше?
– Тәбілет.
– Ұл-қыздары бар ма?
– Бар. Ұлының аты – Сапалақ. Қызының аты – Албасты.
– Шайтан неге жұмақтан қуылған?
– «Топырақтан жаралған жұмыр басты пендеге қызмет етпеймін. Мен олардан биікпін! Мен – Ұлымын» деп астамшылық жасағасын Құдай оны оңдыра ма? Қуып шықты жұмақтан.
Әр адамның жүрегі – жұмақ. Сол жұмақтан Сайтанның сапалағына орын берсек, онда олар оны тозаққа айналдырмай ма? Қайран жүрек, қайтіп соғарсың?..
Шарждарды салған – Еркін НҰРАЗХАН
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.