Абай – ару Тоғжан
24.09.2020 0 2 798
(МАХАББАТ ДАСТАНЫ)
БАҚЫТ ПЕН ҚАЙҒЫ ҚҰШАҒЫНДА
…Жайлап ашып, батсайы ала көрпесін,
Кеш оянды ерке Тоғжан ертесін.
Оятатын «қанған шығар ұйқың» деп,
Ақ жеңгесі еркелетіп еркесін.
– Ұйқың қанса, тұршы еркем, қарағым,
Айтпай болмас, жайсыз ауыл хабарын.
Екі-үш күнде күйеу келер ұрын, деп,
Жеткізді әкеп құдалардың талабын.
Көктемде кеп, кеткендігі Абайдың,
Өсегіне азық бопты талайдың.
Бүгін түнгі болар соңғы кездесу,
Не шешсең де, енді өзің біл, арайлым.
Ойда жоқта қарақұстай қонар мұң,
Елдің сөзін біраз тыңдап оралдым.
Алып қашып, теңдік бермей кетер, деп,
Асықтырып жатқаны сол олардың.
– Тағдыр маған аз күн қызық қимады-ау,
Балдай бақыт маңдайыма сыймады-ау.
Бір аптадай болармыз, деп, ойлап ек,
Мына хабар жанымды езіп қинады-ау.
Енді мәңгі қоштасам ба, Абаймен?
Шыдай алар екем қалай бұған мен.
Базардағы саудаласып сататын,
Сорлы қыздар тең
болдық қой тауармен.
Іш құса боп, Тоғжан өксіп жылады,
Жеңеше-ай, деп жастығына құлады.
Екеуінде қайран қылар дәрмен жоқ,
Тас заманның тас керең ғой құлағы.
…Кешегі уақыт, кешегі жер – шоқ терек,
Ғашықтарға бүгін сақтық көп керек.
Не салса да талайынан көреді,
Ешкімге арыз айта алмайсың өкпелеп.
Қарсы алысып құшақтары айқасты,
От сезімдер жандырғандай жартасты.
Кездесудің қуанышын, қызығын,
Уайыммен бұзбауға сөз байласты.
– Шүкір, – дейік Абай бұған алайда,
Бал бақыттың балын жұттық қалайда.
Сайран салдық әр күні тең жүз жылға,
Пәк махаббат деген алтын сарайда!
Бұл күндерді мәңгі есімде сақтаймын,
Жырларыңды жүрегіммен жаттаймын.
Тоғжаныңның бар қызығын көр бүгін,
Еркіңдемін қолыңды еш қақпаймын.
– Сөздерің де, ойларың да кіл асыл,
Ақын жазған бейне көркем жыр асыл.
Сен де менің көңілімнің көгінде,
Сөнбей мәңгі күндей күліп тұрасың!
Бақыт деген қыран қонар құзар шың!
Ал сен, Тоғжан, шыңға біткен шынарсың!
Біз екеуміз тұрмыз сол шың басында,
Бас айналмай қалай шыдап тұрарсың?!
Бақыт құстың балағынан ұстадым,
Осы нағыз қанат бітіп ұшқаным.
Аңсап жеткен ең сәулелі шағым бұл,
Әлемде жоқ ең сұлу қыз құшқаным!
– Өмірден бұл алған бақыт ақымыз,
Жырыңмен бір қалар болды атымыз.
Неткен ғажап!
Неткен ләззат тіл жетпес,
Күйіп-сүйіп тұрған осы сәтіміз!
— Көрінесің тәтті түсім тәрізді,
О, дариға-ай, болар ең-ау жар ізгі!
Осыншама бақыт-ләззат сыйлаған
Қалай, қайтіп қайтара алам қарызды?!
Қанатының астына алып түн бізді,
Ай қондырып, құшып тұрмын жұлдызды.
Аллаға алғыс сүйіндірген, сүйгізген,
Елім ертең аңыз етер жыр-қызды!
— Керісінше қарыздармын мен саған,
Арманыма қол жеткіздің аңсаған.
Махаббаттың ләззатына бөледің,
Ғажабына таңдай қағып тамсанам.
Деп жүргенде бір көре алмай қалдым ба,
Жалыныңа жандырдың да, жандың да.
Баға жетпес зор қуаныш сыйладың,
Жаным сүймес жанға кетіп,
ұзатылар алдында.
— Табиғатың жерден емес, көктенсің,
Жұпар гүлдер жұпар шашқан көктемсің.
Пенделердің ішіндегі періште,
Адамдардың арасына
қалай кіріп кеткенсің?!
— Ендеше Абай, қарызыңды ал менен,
Сенен аяр жоқ қой менде жан деген.
Екеуміз де арманда боп қалмайық,
Кетесің ғой атар алда таңменен.
Деп, Тоғжан ашты омырау құшағын,
Махаббат та тасыған су – күш-ағын.
Құмарлық та ауыздықпен алысты,
Ағытқандай арғымақтың түсауын.
Арулар-ай, келер көктем, жазды алып,
Ерекше боп жаратылған әз халық!
Аппақ анар, ақ төсінен сүйгізіп,
Күндей күліп, еркеледі назданып.
Сүйгізгенде аппақ анар, төсінен,
Айырыла жаздады ерің есінен.
Тоғжанның жанды баурап барады,
Лебіз-лебі ақ самалдай есілген.
– Жаным Тоғжан, ай сәулесі,
күн нұрынан жаралған,
Саған теңдес табылмас кең даламнан.
Сені сәулем, дүниеге келтірген,
Айналайын алтын құрсақ анаңнан.
– Не тылсым күш еткен саған ынтызар?
Сен құшқанда еркін демім тұншығар.
Құпиясы Аллаға тек белгілі,
Адам миы жетпейтұғын сыр шығар.
– Ол махаббат жүректегі от сезім,
Балап-теңеп айтар осы дөп сөзім.
Бірдей оның қуаныш пен қайғысы,
Қайғысына керек шыдам, көп төзім.
Сенсің Тоғжан, шын махаббат көктемім,
Көктеміңнен сезім қаулап көктедім.
Бір көргеннен ғашық етіп өзіңе,
Махаббаттың сен кигіздің шекпенін.
Махаббат бұл – Алла сыйы – құдірет!
Құдіретке көрсетейік құрымет!
– Сол махаббат сенсің Абай ендеше,
Ет жүрегім елжірейді сен десе.
Ұшып барар секілдімін құстай боп,
Мейлі қашық жер түбіне кел десең.
Махаббатты сен ақын боп жырласаң,
Мен де онымен оңашада сырласам.
Абай, Абай, – деп, соққанын естисің,
Дүрсіл қаққан жүрегімді тыңдасаң.
Махаббаттың сал шекпенін кигесін,
Жігіт қалай аруға бас имесін.
Тыңда десең, тыңдайын деп, дұрыстап,
Омырауда ағыттырды түймесін.
Қыпша белі бейне балғын талшыбық,
Тұрды Тоғжан жасамай еш қарсылық.
Түн ішінде ай нұрымен жарқ етті,
Омырауы жұмыртқадай аршылып.
— Ойлап қайтем, ертеңгі мен күнімді,
Сүймес жанмен өткізетін түнімді.
Ұста, тыңда, сүйгеніңше сүй, жаным,
Иесі сен ақ төсімнің бүгінгі.
Құлағын ол қыз төсіне төседі,
Ыстық лебі жібек желдей еседі.
– Рас, Тоғжан, жүрегіңнің естідім,
Әр соғысы Абай, Абай деседі.
– Жүрегімде атың Абай жазылған,
Айнымаймын айтқан ерке назымнан.
Тәнім менің садағасы жанымның,
Сендік қазір бойдағы бар қазынам.
— Мен де дайын сен үшін жан қиюға,
Салсаңдағы қандай ауыр қиынға.
Сөзге сені қалдырмайын, деп, шештім,
Құмарлықты тиістімін тыюға.
Ағыттық біз сырдың ашып тиегін,
Хас сұлусың асыл текті сүйегің.
Қыздай емес, қатын болып келдің, деп,
Жүрмесінші ертең тиген күйеуің.
Жаңа жұртта дедім сағың сынбасын,
Өсекшілер өсек торын құрмасын.
Ару Тоғжан қай жерде де жасқанбай,
Аруға тән тік ұстасын тұлғасын!
— Ауылымның әні менен сәні едім,
Қандай таза жан дүние әлемің!
Тізгіндеген алай-дүлей сезімді,
Жаным Абай, неткен асыл жан едің?!
Қимасымды қимақ едім сен үшін,
Үлкен ерлік жасап тұрсың мен үшін.
Шыдай білген құмарлыққа алапат,
Төзімің бұл тебірентті мені шын.
Мені бүгін бір биікке көтерді ой,
Біз тұрған жер –қасиетті мекен ғой.
Күнім Абай, маған деген сендегі,
Нағыз Ұлы, әз махаббат екен ғой!!!
— Асқан сұлу иесісің ақылдың,
Мен сен үшін неге болсын мақұлмын.
Нұр бейнеңе түспесін деп көлеңке,
Бойдағы бар шыдамымды шақырдым.
Ғашық жарым, қуанышым,бақ, қайғым,
Мен де өзіңдей, ойлап тыныш таппаймын.
Жүрегімде бейнеңді мен кіршіксіз,
Періштедей пәк күйінде сақтаймын.
— Абай, сенің маған жазған жыр-әнің,
Ғұмыр бойы бойда сақтар тұмарым.
Шоқ терекке жылда келіп еске алып,
Махаббатымызға тәуәп етіп тұрамын.
— Ақылдым-ау, ойың мынау керемет!
Тәуәп ету қуанышқа бөлемек.
Келер жылы кездесейік осында,
Қарсы аламын, Ербол досқа ере кеп.
Шоқ теректің түбіне кеп түнеймін,
Аңшылықпен аттың басын тіреймін.
Аман-есен махаббатым Тоғжанға,
Жолықтыр, деп, Тәңірден тілеймін.
Киелі жер –мен қасиет тұтамын,
Саф ауасын құмарана жұтамын.
Сен сүйеніп тұрған мынау теректі,
Сен деп құшып, сүйем әрбір бұтағын.
— Шоқ теректі көрем жиі түсімде,
Келейік біз осы екі күн ішінде.
Терек емес,
Тоғжаныңның өзін құш,
Құштарлық бұл тұрған кезде күшінде.
Соғып тұрам келген кезде төркінге,
Мендей емес, өз билігің еркіңде.
Қалай да кел уақытында кешікпей,
Сағыныштан құса қылып өлтірме.
— Махаббаттан бұл өмірде мәнді не?
Тоғжан бұл таусылмайтын әңгіме.
Келер жылы кездесуге сенемін,
Көрісеміз айрылыспай мәңгіге.
— Жаным Абай, таң атуға таяды,
Жоқ, дейді, ғой бұл өмірдің баяны.
Хоштасайық көзге түспей тұрғанда,
Көзге түссек өсек елге жаяды.
Көрісеміз деген үміт дем берді,
Дегенменен айрылысар кез келді.
Құшағыңа қысшы мені қаттырақ,
Өксік қысып бара жатыр кеудемді.
Тоғжан сөзін тұрсын қалай құптамай,
Кеудесіне құшырлана қысты Абай.
Көзді тартып төсін керген қос көжек,
Қос көжекті тұрсын қалай ұстамай.
Сезім бұлқып , қанда сырғып сынаптай,
Құмарлық та мазаны алар шыдатпай.
Ақыл келіп, билік айтып , ар сақтап,
Екеуін де сақтап қалды құлатпай.
— Жыламашы, берік болшы, жан сәулем,
Жүздесеміз жүрсек те біз аңсаумен.
Алла сыйы екеумізге аз емес,
Санамыздың безбеніне салсам мен.
Оған жаным, жетер емес дәрменім,
Жанымды алар сияқты атып таң менің.
Таң асықпай сәл кешіксе қайтеді,
Бір тілегі орындалмас жан ба едім.
Екі-ақ күнде өте шықты жас дәурен,
Қалған өмір өтер соны аңсаумен.
Сұңқарым-ау, несіне аман жібердің,
Құшағыңда өлсем деймін нансаң мен.
Тәнім тірі болғанымен жан өлді,
Құр сүлдерім несіне айтам дәлелді.
Қыз тағдырын неге сонша тарылтқан,
Жаратушы билеп тұрған әлемді.
Тумай жатып не жазыппыз Құдайға?
Құдай қыздан не тілеуін сұрай ма.
Сүймегенмен ғұмыр бойы күн кешіп,
Жара түсер жүрек пенен шырайға.
Неге,неге сүйе алмаймыз жар таңдап?
Махаббатсыз жар боламыз жаутаңдап.
Қыз байғұсты бар еркінен айырып,
Құдай бізді қойған неге арқандап?
Өмір емес, өлім маған мына таң,
Деп келеді жаныңды алып жылатам.
Ғашық жарым, сенсіз өмір сүргенше,
Құз жартастан өзімді өзім құлатам.
— Меніңдағы тілім-тілім жүрегім,
Қалыңмалға байлаулы қыз, білемін.
Айналайын, жыламашы, жұбаншы,
Көздің жасын көлдетпеші – тілегім.
Аллаға айтар менің де көп арызым,
Орындаймыз бұйрық-жарлық парызын.
Махаббат – күн, жаратты өзі ұл-қызға,
Неге теңдей түсірмейді жарығын?
Жүректері ғашық жар, деп жанса да,
Амал таппай, сарсаң болған сан сана.
Қозы-Баян, Еңлік-Кебек, Төлеген…
Махаббаттың құрбандары қаншама.
Жаным Тоғжан, біз де соның біріміз,
Жүрек мұңлы, тек әйтеуір тіріміз.
Махаббаттың күн екені шын болса,
Жүректегі сөнбесін сол күніміз!
Елден алыс Алатауға көш мейлі,
Жүрегімде жазулы атың өшпейді.
Махаббаттың татсаң ләззат тәттісін,
Азабын да көріп бастан кеш дейді.
Шегі жоқ қой, сабыр менен төзімнің,
Жас болса да айқын оны сезіндім.
Ғұмыр бойы көздің майын ағызып,
Жырлап өтем: «Қарасы, -деп,- көзімнің».
Ол әнді айтар бүкіл қазақ баласы,
Тыңдар ұйып, орман-тауы, даласы.
Жүз жыл емес, мың-мың
жылдар айтады,
Болмас оған ешкімнің де таласы.
Атың қатар қойылады Жібекпен,
Сендей ару болсын деген тілекпен.
Тоғжанға арналғанын беледі ел,
Жыр жолдары қайнап шыққан жүректен.
— Өлсем де онда жоқ екен еш арманым ,
Ғашық жарым,, жаным сүйген ардағым.
Таң атып та қалды-ау, әттең, қайтейін,
Көрдік міне көзбен өмір жалғанын .
Ән-жырыңмен көкке мені көтердің,
Сендей менің қадіріме жетер кім.
Жат құшаққа қайтіп қиып барасың,
Мен де сені қиып қалай кетермін?
— Қиналдым-ау, қинадың-ау, ойпырмай,
Тұра ма өмір миға мұңды толтырмай.
Тәуекел, деп, ертең тағы келсем бе,
Көзге түсіп, ұсталсам да тартынбай.
Ақын болып, көкірекке жыр тұнып,
Жүргеніммен жігіт болып жұлқынып,
Аяқ-қолға заман салған бұғауды,
Кешір мені, бұза алмадым бұлқынып.
Қыздар зарын кім бар дейсің тыңдаған,
Өлім құшып, талай жүрек мұздаған.
Қосыла алмай зар шегеді ғашықтар,
Айнала тор шырмауықтай шырмаған.
— Жоқ, жоқ, Абай , ойлама ертең келуді,
Аман кетіп , орнықтыршы көңілді.
Соққы жесең, менің тірі өлгенім,
Тіге көрме қатерге жас өмірді.
Өзің едің махаббатым көктеген,
Сені ойламай бір де күнім өтпеген.
Хош бол, Абай,хош бол асыл арманым,
Жетіп тұрып, қолым қайта жетпеген.
Абай, міне келіп қалды жеңешем,
Асықтырып ерте келді-ау деме сен.
Алла жазса, көрісерміз біз алда,
Қайда жүрсең ,аман-сау жүр,бол есен.
— Таң түруде қара түннің түндігін,
Қимасақ та айрылысар күн бүгін.
Қайда жүрсем, жарық қылар жолымды,
Хош бол, сәулем,
хош бол жарық жұлдызым.
Махаббатың орап мені жалынға,
Жүргендей нақ боласың сен жанымда.
Бал-шырыны тәтті тілің-ерніңнің,
Араласып сіңіп кеткен қаныма.
Қанға сіңіп, тамырымда жүргесін,
Жүрегімде сен менімен біргесің!
Мәңгі, мәңгі біргесің!
ТОҒЖАН ТОЛҒАНЫСЫ
Махаббаттың қызығына тоя алмай,
Хоштасудың қиынын-ай, ой Аллай!
Бірін-бірі сүйіп-құшып , аймалап,
Көп қиналды құшақтарын жаза алмай.
Хоштасты да ауыл,үйді бетке алып,
Ақ жеңгесі Тоғжанды кетті алып.
Атқосшы кеп, атқа мінді Абай да,
Қарай-қарай артына сәл тоқталып.
Қыз жеңгесі деді: -Тоғжан, шырайлым,
-Жасың тыйшы, өтінемін, сұраймын.
Шыдағаннан басқа бұған амал жоқ,
Басқа салған бұйрығы бұл Құдайдың.
— Жұбанғанмен жеңілдемес бұл қайғы,
Қайғы-мысық кеудемді осып тырнайды.
Шемен шер боп жабысты ғой жүрекке,
Сарнатқандай сыбызғы мен сырнайды.
Екі-ақ күн мен өмір сүрдім қиялдай,
Жыр етуге болар әбден ұялмай.
Адалдығы, ізгілігі жанда жоқ,
Азамат па айрылуға қиярдай.
Адамдығын есте мәңгі сақтаймын,
Ойлауменен жанға тыныш таппаймын.
Пәктігіме тиіспеді сақта деп,
Десем де мен
қолыңды Абай қақпаймын.
Жеңеше, айтшы адамшылық не деген!
Мені қанша өлең-жырға бөлеген.
Шыдам жайлы келтірейін бір мысал,
Бір өлеңді келе жатқан көнеден.
«…Ұзақ таңға ер жігіт қалай шыдар,
Сарымайдай толықсып қыз жатқанда.»
Құмарлыққа шыдай білді ал, Абай,
Көңілі кең неткен дархан даладай.
Құштарлығы қанша қысып тұрса да,
Мені ойлады, ол өзіне қарамай.
– Жас дәуренге қойылатын сын бар ма,
Көңілденіп дұрыс сауық құрған да.
Қалай төзген құшағында «еркің» деп,
Майдай еріп айдай ару тұрғанда.
– Соны айтам-ау, тұрғам төсеп төсімді,
От сүйістен әзер жинап есімді.
Қызуыма өзі өртеніп тұрса да,
Жоғарғыдай айтты-ау сөзін кесімді.
— Қыз емессің жатқансың деп бөтенмен,
Ертең күйеу шертпесін, деп, шекемнен,
Ерлік қой бұл мен үшін ол жасаған,
Патшасына жігіттің
ғашық болған екем мен.
— Еркем мен де, тұрмын бұған таң қалып,
Алла Абайды жаратқан ғой арда ғып.
Жүкті боп қап, жүрер кей қыз жігіттің,
Күйем-сүйем дегеніне алданып.
— Арда болса, сол ардадан айрылдым,
Алтын болсам,
мысқа айналып майрылдым.
Жеңешем-ай, сырласым-ай қайтейін,
Зілдей ауыр, шегі де жоқ қайғымның.
Ту ететін адамшылық, елдікті,
Заман келер қыздар алар тіңдікті.
Еске алыңдар сонда мұңлық Тоғжан мен,
Ат сүйртіп еңіреген Еңлікті.
Теңдік қана жазар жүрек жарасын,
Теңдік тисе, бақыт шамын жағасың.
Біліңдер тек болашақтың қыздары,
Бұйырмаған бізге бақыт бағасын.
Қай қоғамда болары анық талай мін,
Тең теңіне қосылуды қалаймын.
Жігіттерге қыз ертеңін ойлаған,
Тілер едім адалдығын Абайдың.
Өмір жолы үлгі болар ұрпаққа,
Ақылы асқар данышпанға балаймын!
АБАЙ ТОЛҒАНЫСЫ
Қайран Тоғжан шыныменен қалдың ба,
Қандай тағдыр тұрған күтіп алдыңда?
Жұлдызым ең жарқыраған көгімде,
Сөнгенің бе бір жарқ етіп жандың да.
Қайран Тоғжан, қайран ару аққуым,
Екі-ақ күн біз желбіреттік бақ туын.
Қайран ару – шарт үзілген шаттығым,
Әрі қайғы, әрі мәңгі тәтті мұң.
Қалды адыра арманың мен арманым,
Жол таппадым, қара тұман жан-жағым.
Қаласаң да, бола алмадың жан жарым,
Қос жүрекке салды заман қанжарын.
Аққан мынау қан ба, жас па сорғалап,
Безіп келем, құрған тор мен сор қамап.
Бас еркі бар,орыстың да немістің,
Ондай теңдік бізде қашан орнамақ?
Қайран Тоғжан, қайран тотым тордағы,
Құтқаруға амал-айла болмады.
Қашсам алып, пана болар қашанғы,
Шыңғыстаудың үңгірі мен орманы.
Қайран Тоғжан, торға түскен тотым-ай!
Дастанымсың қалған толық оқылмай.
Сүйіп-күйіп қосылғанмен қос жүрек,
Армандамыз төсекте бас қосылмай.
Қайран Тоғжан, қылығың-ай, назың-ай,
Үнің – әннің әуезі мен сазындай.
Мінезің-ай, ашық- жарқын жайдары,
Сарыарқаның жанға жайлы жазындай.
Шағың еді жауқазындай жайнаған,
Мына заман бағыңды, әттең , байлаған.
Мал бергенге жар боп кетіп барасың,
Соны ойласам, зығырданым қайнаған.
Жастық шаққа тағар, сірә, сын бар ма,
Теңдік қашан тиер ұл мен қыздарға.
Қалыңмалмен ғашықтарды зарлатқан,
Мына заман өзгеретін күн бар ма?
Таңғажайып ой-қиялдан тұратын,
Талқан болды асыл арман, мұратым.
Бірге соққан қос жүректі айырса,
Бақытсыздық болмас бұдан сұрапыл.
Сұрапылды бастан кешіп барамын,
Қуғын көрген тағысындай даланың.
Екі-ақ күн біз өмір сүрдік жұмақта,
Орны толмас жүректегі жараның.
Мұң-қайғымның куәсісің боз далам,
Бір ойдан соң, бір ой туып қоздаған.
Көз алдымнан кетер емес, хош айтып,
Жасын төгіп, ботадай боп боздаған.
…Аз да болса, басайын деп шерімді,
Қамшы басып, аттың басын жіберді.
Бәйге торы жер апшысын қуырып,
Құйрық-жалы суылдап,
құстай ұшып жөнелді.
Шапқан сайын, торы үдетті шабысын,
Көр дегендей жылқының да намысын.
Жетпек түгіл, тапап басып өтердей,
Қасқыр, түлкі түз- даланың тағысын
Шап, шаба түс , белден белге асайын,
Сардалада шер-мұңымды басайын.
Жанға шипа таңғы салқын ауасы,
Қайғы қысқан тынысымды ашайын.
Шаба-шаба тартты бір кез тізгінін,
Түсе қалып, иіскеді түз гүлін.
Күн де шықты, шашып алтын шашағын,
Серпіп ашып,әлем-үйдің түндігін.
Күн тіл қатты: балам бағың жанбады,
Білем бүгін өмір сені алдады.
Тоғжаныңдай болмағанмен ұқсайтын,
Сұлу қызды жар етесің алда әлі.
Мұң-қайғыға қайыспайды ер мықты,
Ал бәріңді көтеретін жер мықты.
Теңдік орнар заман келсін десеңдер,
Ел үшін!-деп, жасау керек ерлікті.
Күн анасы айтты солай ақылын,
Абай тыңдап: «Ұқтым»- деді ақырын.
Жырға толы, бақ пен соры аралас,
Жатты алдында
жолдар мың-мың шақырым.
***
Жар да сүйер, Әйгерімдей ақ маңдай,
Сор да кешер салмағы ауыр батпандай.
Жолға түсті болашақты бетке алып,
Бұйырады маңдайына бақ қандай?…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.