ОЛАР-АТАСЫНЫҢ БАЛАЛАРЫ (хикаят)
26.07.2020 0 2 323
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Тау баурайындағы шағын ауыл екі кештің арасында дүрлікті де қалды. Кеше ғана қаладан ата-әжелеріне қыдырып келген Жолдас пен Мирас ойнап жүрген жерлерінен ұшты-күйлі жоғалды. Қаладан келгелі бұзау арқандап, қозы-лақтарды қуалап, ара-арасында желідегі құлындардың қасынан шықпай жүретін олардың қайда кетіп қалулары мүмкін? Әлде тентектер қаладағы әке-шешелерін сағынып, айтпастан қайтып кетті ме екен? Бірақ екеуінің мұндай әдеттері болмаушы еді. Оның үстіне тау түкпіріндегі шағын ауылдан қалаға қатынайтын көлік те жоқ. Сонда олар қайда кетуі мүмкін?
Жыл сайын жазғы каникулда екеуін әке-шешесі осында әкеліп тас-тайды.
– Атаңның қасында жүріп, көп нәрсені үйренесіңдер. Біздің әкей дала академигі ғой. Ал, әжелерің ірімшік, құрт жасаудың шебері. Апамның дайындаған қай дәмі де тіл үйіреді. Бал татыған қымызын айтсаңшы, қымызын! – дейді балаларын осында әр әкелген сайын Олжас.
Олжас – құлдыраңдап ойнап жүр-ген осы екеуінің әкесі.
– Әй, бұлай әкеңе жағымпазданбай-ақ қой. Онсыз да немерелерімізді сендерден кем көрмейміз. О, несі-ей, соншама! – деп Пернегүл әжесі жорта ашуланады.
– Біздің апа енді сөйтеді, – деп өтірік шарасыздық танытып, Олжас пен Перизат кері қайтуға жиналады.
Машиналарына отырып жатып та, жүргелі тұрғанда да екі ұлын қасына шақырып:
– Ата-әжелеріңнің тілін алып жүріңдер. Тентек болмаңдар. Ауылдан ұзамаңдар, адасып кетесіңдер. Сосын ата-әжең алаңдап қалады, – деп ақылдарын айтудан жалықпайды.
– «Ата-әжең алаңдап қалады» деп көлгірсімей-ақ қой. «Әр күнімізді санап біз алаңдап отырамыз» десеңші одан да. Қорықпа, біз де оларды сендерден артық көрмесек кем көрмейміз. Осыдан қара да тұр, ертең балаларыңды танымай қаласыңдар. Жұмыс істетіп шынықтырып, қымыз ішкізіп жардай етіп жібереміз.Бар, барыңдар алаңдамай, – деп Пернекүл оларды асықтыра түседі.
Жеңіл көлік ауылдың шаңын бұрқыратып әудем жер ұзағанша көзіне күн салып қарап тұрады.
– Әй, болды енді. Кешке дейін осылай тұрамысың? Әлі-ақ мына немелерді сағынып, ананы-мынаны сылтауратып жетіп келеді. Жүр үйге. Шайыңды қайта демде, – дейді Санжар қабағын түйген болып.
Міне, енді сол тентек болмауға уәде берген қос құлын табан астында жоғалып кетті.
– Қайда жүр екен? Жарығым-ай, әлденеге ұшырап қалмаса екен! – деп Пернекүл әже аһ ұра күрсінгенде үй сілкінгендей болды.
Оның бұлай ауыр күрсінетініндей де бар. Олжас пен Перизаттың қос перзентін қаладан ауылға ала қашуының өзіндік себебі де бар. Қазір тек қалада ғана емес, бүкіл әлемде коронавирус деген бір тосын тажал шықты емес пе? Аш айдаһардай айналасының бәрін түгел жайпап келеді. Өзі де бір тойымсыз неме екен, қаншама отбасыны қан қақсатса да «тойдым, болдым» дейтін түрі байқалмайды. Қайта жұрт күңіренген сайын құтырына түсетін сияқты. Дәрігерлер «бұл ауру балаларда жеңіл өтеді» дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Жылдағыдай тау баурайындағы ата-әжесіне барып, олардың көз қуаныштарына айналып жүреді әрі оларға көмектеседі, құшақтарын жылытады, сағыныштарын басады. Оның үстіне жылқының етін жеп, қымыз ішіп, ағзаларын тазартып, қай ауруға да қарсы тұратындай мықты болып оралады.
– Әке, қалада індет өршіп тұр. Талай жақсы адамдарымыздан айырылып қалдық,- деген Олжас бір сөзінде.
– Е, балам, оны біз де есітіп отырмыз. Бұл бір ел басына түскен зұлмат болды ғой. Өзің де сақтанып жүр.Қалада бірталай құда-құдағи, жекжаттар, көзтаныстар кетіп жатыр деп естиміз. Барып, Құран оқып қайтуымыз керек еді, – деп Санжар ұлына сұраулы кейіппен қараған.
– Ойбай, әке! Ажалыңыздан үш күн бұрын өлгелі жүрмісіз? Қазір өлік шыққан үйлерге дәрігерлер, полициялар жолатпайды да. Сырттай қарап қайтасыз. Неңіз бар, тыныш отырыңыз үйіңізде. Жақын жекжаттарға амалсыздан біз барып жатырмыз ғой. Сол да жетеді. Сіз апам екеуіңіз мыналарға қарап, тырп етпей үйде жүргендеріңіз дұрыс. Бұл ауыртпалық та кетер. Содан кейін екеуіңізге арнайы көлік жіберемін. Қайтыс болғандарға, келін түсіргендерге барып қайтасыздар. Әзірге ешқайда қозғалмаңыздар, – деп нығарлады Олжас.
Осыдан кейін қалаға түсіп қайту жоспары бұзылған. Малына, ауласындағы бау-бақшасына қарап, немерелеріне сүйініп, тәубемен күн өткеріп жатқан күндерінің бірінде құрдасы Атанбек сырқаттанып жатыр деген суыт хабар келді емес пе? Енді таяқ тастам жерде тұрып дос көңілін сұрап қайтпаса болмайды. Онда несіне құрдас? Несіне дос?
Санжар күрең айғырға ер салды. Кемпірінің «кейін барсаң болмай ма?» деген ескертуін құлағына да қыстырмады. Әлден соң тау етегіндегі бұралаң жолмен күрең айғырды жорғалатып кетіп бара жатты.
Пернегүлдің де енді алаңдайтыны бар. Жаздай ер салдырмай тың жүрген айғыр былай шыға өнер шығарып, осқырынса кәрі немені жығып кетуі бек мүмкін. Жол-жөнекей бос жүрген биелер кездеспейді деймісің? Оның үстіне шатқал үстімен өтеді. Ат сүрініп кетсе, Санжардың кәрі сүйегін құздан іздей бер.
Алайда, Пернегүл кемпірдің күдігі күтпеген тұстан келді. Атанбекпен құшақтасып көріскен бе, қасында сарыжамбастанып жатқан ба, кім білсін-ай, Санжар сол келген бетте мұрттай ұшты. Өн бойы қалш-қалш етіп, барып-келіп жатыр. Пернегүл оның үстіне сары тонды қымтап жапты. Тыққыштап жүрген дәрілерінің бірер түйірін ішкізген. Санжардың шөптен қайнатып дәрі жасай беретін де өнері болушы еді.
– Әй, шал! Қайсы шөбіңді қайнатып берейін,– деп өлмелі шалына шұқшия қарады.
– Көкнәр ішсем, тәуірленіп кетер ме едім. Бірақ соны кім тауып бере қояды? Мына үкімет оны жинауға да, егуге де рұқсат бермейді. Олар өз адамдарына Құдайдың қу шөбін де қимайды. Оны ішкеннен адамдар нашақор болып кетпейді ғой. Біле білсең, көкнар мың да бір ауруға шипа, – деп Санжар шыдай алмай әрі-бері аунақшыды.
Сөйтіп жатып оның ойына ертедегі гректердің бір аңызы түсті. Кемеңгер ұйқы құдайы Морфей диқан құдайы Церерге миллионыншы баласын туған соң ұйықтап демалсын деген мақсатпен бір өсімдіктің тұнбасын ішкізеді. Бұл дәріні ішкен соң ол қатты ұйқыға кетеді. Церер оянған кезде далада масағы теңіздей толқып, жайқалып өсіп тұрған бидайды көріп, өз көзіне өзі сенбей, таң-тамаша болады. Бұл дәрі көкнәр тұнбасынан дайындалған еді. Осыдан да болар, ертедегі гректер көкнәрді диқаншылық символы ретінде құр-меттейді екен. Дәрінің атын Морфей құдайдың құрметіне осылай атаған. Ежелгі гректердің Құдайдың суретін салғанда қолына көкнәр суретін ұстатып қоюы тегін болмаса керек. Санжардың шығыс көкнәрін алғаш рет өткен ғасырда француздың белгілі ботанигі Жозеф Турисфор Армениядағы Арарат тауынан тапты дегенді бір кітаптан оқығаны бар. Көкнәрді алыстан іздемей-ақ мына Шу бойынан қалағанынша жинауға болады. Оны қолдан да өсіреді. Ауланы сиякөк түске боялған гүлдер көмкеріп тұрады. Негізінен көкнәр өнімді көп береді, өнгіштік қабілеті өте жоғары.
– Ау, шал, сен әлі көкнәр туралы қиялыңнан шыға алмай жатырмысың? Ана екі немерені не істеймін? Әке-шешесін шақыртып, қаласына қайтарайын ба? Сенің мына тұмауыңның сұрқы жаман. Ауруыңды жұқтырып жүрерсің, – деді Пернегүл терлей алмай қиналып жатқан Санжардың қасына тақап.
– Мен де соны ойлап жатырмын. Тәуірленсем, қайта шақырып аламыз ғой. Өздері қайда жүр? – деп Санжар тонның арасынан басын қылтиытты.
– Тұрма. Тершіп келеді екенсің. Азырақ жата тұрсаң, терлейсің. Сосын сауығып кетесің. Ыстық шай берейін бе? – деп кемпірі жік-жаппар болды.
– Әй, керең болып қалғаннан саумысың? Екі бала қайда деп сұрап жатырмын ғой, – деп Санжар қалш-қалш етті.
– Жаңа ғана құлындармен ойнап жүрген. Қайда кете қояды дейсің.
– Байқа, құлындарға мінемін деп жығылып қалып жүрмесің. Әке-шешесі алдында есеп бересің.
– Немене менен есеп алатын олар кім еді сонша?
– Бар енді, бар сұңқылдай бермей. Ана екі тентекке бас-көз бол. Әне-міне дегенше әке-шешесі де құйындатып келіп қалар, – деді Санжар ентігіп жатып.
Сыртқа шығып кеткен Пернегүл сүт пісірімдей уақыттан соң сүрініп-қабынып үйге кіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей. Тілі күрмеліп қалған ба, ауа қарманып, сөйлей алсашы.
– Әй, жын иектеп кетті ме,түге! Не болды? – деп Санжар басын жастықтан жұлып алды.
– Отағасы, ана тентектерді жер-
көктен іздеп таба алмадым. Көршілерден түгел сұрап келдім. Көрдім-білдім дейтін бірі табылсашы. Алтындарым қайда жүр екен? Мана оларды қалаға қайтарайық дегенді есітіп қойып, өздері кетіп қалып жүрмесің? Алайда, олардың бұлай етуі мүмкін емес, – деп Пернегүл жер тоқтақтап отыра кетті.
– Байбайлама! Жамандық шақыр-ма! Ой, нәлеті сол! Қай-қайдағыны бастап. Осы тұрған жеріңде жерге қазық қылып қағып жіберейін бе? –деп Санжар тепсінді.
– Мен тағы да маңайды шолып келейін, – деп кемпірі далаға ытқып шықты.
Жолдас пен Мирас көршілес балалардың арасынан табылмады. Жолдас көршінің қызы Айарумен ойнағанды жақсы көруші еді. Айару оны бүгіндікке көрмепті. Үлкендер биік қыратқа шығып, қалаға қарай түсетін айнау жолға дүрбі салып көрді. Нысанаға ештеңе ілікпеді. Сосын ауылдың үш-төрт жігіті атқа қонып, төңіректі түгел шолып шығу үшін шұғыл аттанды.
Ал бұл кезде Жолдас пен Мирас Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығының ішінде қия жартастардың арасында тауға тырмысып бара жатыр еді. Олар аталарының құрдасының көңілін сұрай барып, қатты ауырып келгенін естіген. Әжесінің:
– Бармай-ақ қой деп Құдайдың зарын қылдым. Тыңдадың ба? Ал не болды енді? Сен барғаннан Атанбек орнынан тұрып кетті ме? Ана екі немереңе жұқтырып алсаң қайтесің? – деп ұрысып тұрғанын да естіген.
Кеше ғой, ауыл балаларымен барлығы тығылмашақ ойнаған. Араларында Айару да бар еді. Екеуі Айарудың атасы жинаған маяның үстіне келіп тығылды.
-Сен білесің бе? Қазір коронавирус деген ауру шығыпты. Адамдар содан көп ауырып жатыр дейді ғой. «Қалада осы аурудан қайтыс болғандар көп. Құдай бетін әрмен қылсын» деп атам айтып отырады, – деп сыбырлады Айару.
– Білемін. Біздің бір көршіміз осы аурудан қайтыс болды. Папам сондықтан бізді осында әкеліп тастады,– деді Жолдас.
– Осы аурудың емі табылмай жатыр дейді ғой. Дәрігерлер барлық аурудың емін біледі дейтіндері қане? – деді Айару тағы сыбырлай сөйлеп.
– Жер шарының барлық аумағына таралған дейді менің папам. Сондықтан, аса сақ болу керек деген. Менің мамам да ауырды ғой. Ол терлететін дәрі ішіп, жазылып кетті. Коронавирустың емін табады біздің ғалымдар, – деп қойды Жолдас өзінше білгішсініп.
– Қайдам, – деді Айару мұңайып,– біздің әжемізді аман алып қала алмады ғой.
Жолдас енді байқады, Айарудың екі иығы солқылдап жылап жатыр екен. Жолдас оны не деп жұбатарын білмеді.
Оның Айарумен танысуының өзі қызық. Бұл осыдан бірер жыл бұрын еді. Қаладан ата-әжелеріне келген бұлар ауыл балаларымен қосылып, аяқдоп ойнап жүрген. Ойын қызығымен байқамапты, көйлегін шешіп тастамақ болып алаңның шетіне келсе, бір қыз көзін сығырайтып бұған қарап тұр екен. Аппақ жүзінде қызғылтым нұр бар. Мойылдай көз қарашығы алыстан жылт-жылт етеді. Самалмен көйлегі желбіреп тұр. Көйлегімен бірге қара шаштары толқындана лықсиды. Ақша жүзі арайлана түсіп, бұған ұяла қарағыштайды. «Сынай қарайды ғой өзі. Бәлесін қарай гөр өзінің» деп ойлаған Жолдас көйлегін анадай жерге лақтырып жіберді де ойын қызығына қайтадан сүңгіп кетті.
Әрі де бері қара тер болып жүгірген Жолдас ойын біткен соң көйлегіне келгенде қол созым жерде өзіне күле қарап тұрған жаңағы қызды қайта көрді.
– Жақсы ойнайды екенсің,-деді қыз бұл мақтау күтіп тұрғандай-ақ.
Жолдас қысылыңқырап қалды.
– Қаладан келдің ғой,ә. Қаладағылар футболды жақсы ойнайды, – деп әлгі қыз өз тұжырымын айтты.
Содан кейін кешке балалар жиналып футбол ойнағанда алаң шетінде жанкүйер болып отыратын қызды ол күн сайын көріп жүрді. Бірде доп алаң шетіне шығып кеткенде сол таныс-бейтаныс қыздың допты алып бергені бар.
Жолдас жағының командасы бұл жолы да жеңіске жетті. Балалар бір-бірін құшақтап, мәре-сәре болысты. Бір кезде қараса қасына таныс қыз келіп тұр.
– Құттықтаймын!-деді әдеттегінше бір көзің сығырайта қарап.
Дегенмен оның осы бір көзің сығырайтып қарайтыны өзіне әдемі жарасады. Найзадай кірпіктерінің арасынан жүзімдей жарқ ете қалған тұңғиық көздері қандай! Жолдас неге екенін өзі де білмейді, тіктеп қарай алмады.
– Менің атым Айару! – деп қыз қолын ұсынды.
– Жолдас!
– Енді біз таныспыз, – деді қыз сабырлы күйде.
Осыдан соң екеуінің жұбы жазылмайтын болған. Кейде Айару да қозы жая шығады. Мұндайда екеуі қырат басындағы қойтасқа шығып алып, ұзақ сөйлеседі.
– Мына жартастағы суреттер кейде маған сөйлеп тұрған сияқтанады. Осындағы әр шөптің де өз құпиясы бар, – дейді Жолдас атасынан естігендерін айтып.
– Өзің бір қиялшыл бала екенсің. Бірақ қиял дегенін алға жетектейтін күш қой. Өскенде кім болғың келеді? – деп сұрады Айару.
Жолдас иығын қиқаң еткізді. Бұл «білмеймін» дегені.
– Сендей қиялшыл баланың мамандық таңдамауы мүмкін емес. Ал, менің дәрігер болғым келеді. Мамам: «Қызым, үлкейгенде дәрігер бол. Қазір мамандықтың сұлтаны-дәрігерлік. Бізді емдейсің. Науқас адамдарға шипа дарытасың. Сені сыйлайтындар, құрметтейтіндер көп болады» дейді, – деді Айару алысқа көз жіберіп тұрды.
– Мен де дәрігер болатын шығармын. Атам қорықтағы дәрілік өсімдіктерді жақсы біледі. Маған да үйретіп жүр. «Үлкейгенде мен сияқты емші боласың» деп қояды,– деді Жолдас .
Бұған Айару қатты қуанды.
– Алақай! Екеуіміз бір университетте оқимыз.
– Құдай қаласа! – деп қойды Жолдас атасынан естігенін және қайталап.
Жолдас қайткенде де таудан емдік шөптер теріп әкеліп, атасына қайнатып беріп, емдеп жазғысы келді. Осы ойын інісі Мирасқа айтқанда оның көзі жайнап кетті.
– Мен де барамын!
–Жоқ. Сен үйде қал. Әлі кішкентайсың. Жол алыс әрі қиын. Шаршайсың. Шөлдейсің. Атам да, әжем де іздеп қалады. Сен «қазір келеді» деп алдаусырата тұрасың,– деді Жолдас.
Мирас көнгендей сыңай танытқан. Үйден ұзаған соң соңына қарап еді, ілби басып ілесіп келе жатқан інісін көрді. Өзі жасырынбақ ойнағандай ана тастың, мына тастың тасасына барып тығылып қалады.
– Көріп қойдым. Қайт, ауылға!-деді Жолдас.
– Қайтпаймын. Сенімен бірге барамын. Маған тауды көрсетемін дегенсің.
– Тауды онсыз да көріп жүрсің ғой.
– Менің тау ішін аралап көргім келеді. Сен сияқты мен де шөп теремін. Атама мен де ем жасаймын,– деп қояды Мирас.
– Қарай гөр өзің! Ал, қуып жет ендеше!
Інісінің ендігі жерде қалмайтынын әрі ауылдан тым жырақтап кеткенін ойлап, Жолдас бауырын қолынан ұстап тауға өрмелей жөнелді.
Біраз жер өрмелеген соң екеуі де шаршады. Бір тастың үстіне отырып демалды.
– Үйден мына қоржынды ала шыққанымның себебін білесің бе?–деп сұрады Жолдас інісінен.
– Неге?
– Ақымағым-ау, бұған жинаған шөбімізді саласыз.
«Иә, солай екен-ау» дегендей Мирас басын шұлғып қойды.
– Ақсу-Жабағылы қорығында жабайы өсімдіктердің сан түрі өседі,-деп қойды Жолдас өзін мұғалімдерше ұстап.
Сырт қарағанда ол шәкірттеріне сабақ түсіндіріп тұрған ұстазға ұқсайтын да еді.
– Осы ауданда бұрын Мичурин атындағы шаруашылық болыпты. Атам айтқан. Мичурин мықты биолог, агроном екен. Сол кісі қара жемісті шетенмен кәдімгі шетенді будандастырып, «ликерная» деген сорт шығарған,– деп бір қойды.
Мирас мұның бірін де ұққан жоқ. Жеті жасар баланың ұғымына бұл өте ауыр еді. Оған ағасымен бірге келе жатқаны ғана қызық. Оның үстіне, таудың құз-шатқалдары бұрын көрмеген бұған аса таңсық. Сонда да Жолдас атасынан естігендерін інісіне айтып бергелі отыр. Өйткені, ол інісінің бұл арман сапарына не үшін шыққандарын аз да болса түсінсе екен дейді. Сол мақсатпен:
– Мирас, тыңдап отырсың ба? Саған айтып тұрмын. Осы қорықта таңқурай деген жеміс бар. Оның жемісінен безгек, гүлінің спиртке салған тұнбасынан жылан мен шаян шаққанда уды қайтаратын дәрі жасайды. Жапырағы мен сабағының қайнатпасынан жасалған тұнбамен тұмауды, бронхит, ларингит ауруларын емдеген. Оны қақырық түсіруге де пайдаланған. Ал, қарақатта аскорбин қышқылдары көп.
Қарақат тұнбасы жұқпалы ау-руларға ем. Атам халық медицинасында қарақат қайнатпасынан ревматизмді емдеу-ге болатынын айтқан. Жапырағы мен жидегі суық тигенде ем екен. Әрі ол денедегі ыстықты қайтарады. Таушымылдық тапсақ, жақсы болар еді, ол ұйқы қашқанда жақсы екен. Жанаргүл деген де өсімдік бар. Оны жүрек ауруына қарсы пайдаланады. Алтын тамыр мен тасжарғанды тапсақ, тіптен қатып кетер еді. Осының бәрі де атама ем болады ғой. Дермене мен адыраспанды Арыс, Бәйдібек аудандары аумағынан іздеу керек. Папа ата ауырғанда осы шөптерді айтқызбай-ақ әкелуші еді ғой. Адыраспанмен үйді ыстайды. Сонда вирустар қырылып қалады екен, – деп Жолдас ұзап барып тоқтады.
Атасы атына мінгестіріп алып, тауды аралатқанда талай өсімдіктің атын атаған еді, біразын ұмытып қалыпты. Есіне түскендерін інісіне айтып берді. Ал, Мирас болса, ештеңеге зауқы жоқ, балбырап отыр екен.
– Әлден шаршапсың. Баратын жеріміз әлі ұзақ. Енді сені тастап кетуге де болмайды. Кері қайтарсам, адасып қаласың. Ертіп жүрейін десем, түрің мынау. Не істесем екен сені? – деп Жолдас ойланып қалды.
Біраз қалғыған соң Мирас орнынан тұрды.
– Ілесе аласың ба?
– Ілесемін.
– Кеттік онда.
Олар шатқал бойлап ұзақ жүрді. Жолдас атасы көрсеткен біраз өсімдікті теріп, қоржынына салып алды. Бір қияда қарақат тұнып тұр екен. Екеуі қып-қызыл қарақаттан біразын үзіп жеді. Тағы бір түкпір-
ден шырғанақ, шәңгіш терді. Осы қызықпен олар ауылдан тым қашықтай берген еді.
Күн көкжиекке ілініп тұр еді. Ол тау арасына жасырынып, ілезде айналаны қаракөлеңке басты. Жаңа бір әзірдегі айналаны өрт шалғандай қып-қызыл түс ілезде жоғалды.
Ирелеңдеген жалғызаяқ жолмен ағалы-інілі екеуі бір төбенің үстіне тырмысып зорға шықты. Жабағалы тауы алыстан бозамықтанып көрінді. Төменде асау өзен гүрілдеп ағып жатты. Олар төменге ілбебайлап зорға түсіп, өзен арнасы бойымен жүрді. Ақкөбіктеніп ағып жатқан тау өзеніне қарап келе жатып Жолдас түрлі ойға шомды.
– Аға, ауылға қашан қайтамыз?-деп сұрады соңында қорқып келе жатқан Мирас.
Жолдастың өзі де былай шыға адасқанын іштей сезіп еді. Алайда, атасына керек дәрілік шөп пен жемістерді таппай қалай кері қайтады? Атасы оны күтіп жатыр емес пе? Әжесі не дейді? Айару орта жолдан қайтып келген қорқақ баланы жақсы көре қояр ма? Осы ойлармен ол қажетті шөп пен жемісті таппайынша ауылға оралғысы жоқ-ты. Алайда, құртақандай інісі аяғына оралғы болып келе жатқанын көрмеймісің?
– Аға! Мен шаршадым, – деді Мирас.
Екеуі өзен бойындағы бір тасқа келіп отырды. Жолдас қолындағы кішкентай шелекпен өзеннен су іліп алып, інісіне ішкізді.
– Қарным ашты, – деді Мирас.
– Бағана үйде қалуың керек еді. Осыны айтатынынды білгенмін. Шыда,-деді Жолдас.
– Менің нан жегім келеді, – деді Мирас тағы да.
– Менің жегім келмей ме? Табылса екеуіміз де жер едік.
Мирас қорсылдап жылай бастады.
– Сен жігіт емессің бе? Жігіт адам жыламайды. Біз атама дәрі іздеу үшін келдік мұнда. Дәрісіз оралсақ, атам жазылмайды,– деді Жолдас.
Атасының шөп қайнатпасысынсыз жазылмайтынын ойлап, Мирас та аздап тыңшығандай болды.
Күн батқалы айналаны соқыр қараңғылық басты. Таудың бір бұрышыдан үкінің көзіндей дөңгелек, толысқан сап-сары ай көрінді. Айналаға аздап болса да сәуле түсе бастады. Сонда да бойда бір секем бар. Жолдас атасының «тау ішінде қалсаң, бір қуысты, тапсаң үңгірді панала» дегенін еске алды. Ол өзен жағасында қалу қауіпті екенін білді. Ай жарығымен аяғын ептеп басып, шатқал үстіне қарай өрмелеп келе жатты. Бір қолында дорбасы, екінші қолымен інісін тарс құшақтап алған оның жүрісі өнбеді. Мирас бірер жерде сүрініп, тізесін жаралап алды. Бұдан соң оның жүрісі мүлде қиындады. «Таса жер табылса ғой. Сонда қона кетер едік» деп ойлап келе жатты Жолдас. Бір аттам жер екеуіне бір шақырымдай көрінді. Мирас та ауырсынып жүруден мүл-дем қалды. Ол енді інісін арқалап жүруге мәжбүр болды. Түртінектеп келе жатқан адамның жүрісі өнер ме? Олар алысқа ұзай алмады. Шатқалдың ортан беліне келгенде әйтеуір бір жазықтау жер кездесе кеткен-ді. Арқасындағы інісін жерге жатқызып, Жолдас шөп тере бастады. Оларды інісінің астына төсеп берді. Ендігі кезекте отын жинау керек. Ол ұзаған сайын Мирас «қорқамын, аға» деп жылайды. Ұзамауға шара бар ма? Жолдас қарманып жүріп, біраз қураған бұта жинады. Алайда, оны тұтату оңай емес-ті. Үйден асығып шыққан Жолдас азық-түлік, сіріңке ала шығуды қаперіне де алмаған. Енді соның жазырын тартып отыр.
– Охо! – деп айқайлап жіберді ол әлден соң.
Оның есіне атасы айтқан сіріңке жоқ кезде отынды қалай тұтату керек екені түскен еді. «От – тіршілік атаулының жаны. Жалын адамдарға жылу ғана емес, үміт, сенім сыйлайды. Түнде жалғыз-жарым қалатын болсаң, от жақ. Оттан жын-шайтан да қашады. Отқа ешқандай пәлекет жолай алмайды. Қасқырлар да отқа жоламайды» дегенді Санжар атасы талай рет айтты емес пе?
Бірде Санжар атасы Жолдасты алып тауды күні бойы аралаған. Кешке бір үңгірге келіп, бел жазды. Атасы ат үстіндегі қоржынды алып, тамақ қамына кірісті. Аттың тоқымын мұның астына төседі. Үстіндегі күпәйкесін иығына жапты. Сол түні атасы екі шақпақ тас тауып, бір-біріне ұрғылаған. Жарқ-жарқ еткен тастардың жанына тез тұтанатын құрғақ шөп қойды. Әлден соң жалпылдақ отын бұрқ етіп тұтанды. Оны атасы үрлеп жіберіп еді, қау лап ете түскен. Сол лап етіп тұтанған жалынмен бірге үміт шоғы да лаулады.
Ол кезде қасында асқар таудай атасы бар еді ғой. Ал мына құйтақандай інісі қорқақ әрі аш жатыр. Көмекті кімнен алады? Мирас оны үлкен сүйеніш көреді. Сондықтан да ол ағалық қамқорлық танытуы керек. Осыны ойлап Жолдас ширықты. Түртінектеп жүріп, екі тас тауып әкелді. Бірақ, бір-біріне қаншама соққыласа да от тұтанбай-ақ қойды. Ол енді жыларман күйге түсті. Ызаланып, тасқа тасты қатты-қатты соққылады. Уф! Әлден соң қау лап етіп тұтана кеткені. Жолдас енді тұтанған ағаш үстіне отынды бір-бірлеп салып отырды.
– Сен алаңсыз ұйықтай бер. Мен таңертеңге дейін от жағып шығамын,-деді інісіне.
– Қорықпайсың ба?
Мирастың дауысы дірілдеп шықты.
– Неден қорқады екенмін?
– Қараңғыдан.
– Енді бізге қараңғы болмайды. Міне, от жақтым емес пе?
– Қасқыр ше? Қасқыр?
– Мынадай биікке қасқыр шыға алмайды.
Осыдан соң Мирас тыныштал-ғандай болды. Енді шамалы уақыттан соң мұрыны пысылдап ұйықтап та кетті. Бар жауапкершілік өзіне қалған Жолдас бір құшақ отын әкеліп, інісінің бетіне үңілді де отырды. Мұндайда уақыт деген мүлдем өтпейді екен. «Таң қашан атар екен?» деп айналасына үздік-үздік қарайды. Күн де әбден қалжыраған ба, ұясынан шықпай-ақ қойғаны.
Түн тылсымы тыныштықты бұзды. Жолдастың ойына небір оқиғалар келді. Селкем жел саяқ жортқан қасқырдың зарлы үнін жеткізді. Әудем жерден бірнәрсе пыр етіп ұшқанда онсыз да қорқып отырған Жолдастың жүрегі ауызына тығылды. Әлдеқайдан «ауп, ауп» деген үн келді. Бұл не болды екен? Нені көтере алмай жатыр? Адам ба әлде басқа ма? Мына бір жарықтың айналшықтап шықпай қойғанын көрмейсіз бе? От болып айналып жүрген шайтан шығар? Ол орнынан тұрып тұра қашпақ еді, алаңсыз ұйықтап жатқан інісін тастап кете алмады. Оның пыс-пыс етіп демалып жатқанының өзі оған үлкен демеудей көрінді. Күні бойы қозы-лақ қайырып, одан бұзау арқандап, кешкісін ауыл балаларымен доп қуалап келіп, төсегіне қисайғанда тұяқ серпуге шамасы келмей қатып қалушы еді. Таңертең бірақ оянатын. Ол түнді соншалықты шолақ деп ойлап келген екен. Сөйтсе, түн дегеніңіз тұңғиық терең екен ғой.
Бұл Жолдастың даладағы қор-ғансыз қалған бірінші әрі ең ұзақ түні еді.
Арайланып атқан таң шапағы таудың жотасына ілініп тұрды. Күн көтерілген сайын айнала дүние әр алуан түрге ауысып, өзгере түсті. Айналадағы көп төбелер күн сәулесіне малынып, айқындала түсті. Дағдылы қарабарқын тау төбелері маңғаздана зорайып, жазиралы жазық, белді биіктер жаңғыра жадырап, алтындай сары, ашық реңкке ауысты.
Жарықпен бірге Жолдастың да бойына жылу дарып келе жатты.
Бұл Жолдастың жапан далада атасынсыз қарсы алған алғашқы аппақ таңы еді!
Ол Мирастың оянуын күтіп ұзақ отырды. Інісі жаурап қалмасың деп үстіне жаппағаны қалмаған. Сірә, үйде жатырмын деп ойлайды-ау шамасы, әрі-бері аунап түсіп, бірнәрселерді былдырайды. Өзі де әлі ойын баласы бола тұрып бауырдың тәтті ұйқысының қымбат екенін Жолдас түсініп келе жатқандай. Үйде болса ғой, қытықтап, шымшылап әлдеқашан оятып алушы еді. Қазір оның әр қимылың бағып, тыныштығының бұзылмауын қалап отыр. Бауыр деген осыншалық қымбат болады екен ғой.
Күн найза бойы көтеріле Мирас қозғалақтап, оянғанының белгісін берді. Көздерін уқалап, айналасына жатырқай қарағыштады. Сірә, есіне зорға түсті-ау шамасы, жанында сауысқандай сақ отырған ағасына бажырая қарады.
– Мирас, міне таң да атты. Енді қорқыныш жоқ. Біраз жүрген соң ауылды тауып аламыз, – деді інісінің көңілін аулап қою үшін.
Әншейінде көзін тырнап аша сала тамақ сұрайтын Мирас бұл жолы қыңқ еткен жоқ. Өмір-ау десеңші! Адамды өз дегеніңе тез көндіреді екенсің ғой. Бұл уақытта Мирас әжесінің әлпешімен ояна салып, бетін жумастан таңғы асын ішіп отырушы еді. Дәл қазір Жолдастың бауырына суырып алып бере салатын дәнемесі жоқ. Сондықтан, ол інісі қашан жүреміз дегенше күтпеске шарасыз да.
– Ауыл қай жақта? – деп сұрады әлден соң Мирас.
Жолдастың қайда қарап жүрерін білмей басы қатып отырған.
–Мына жаққа, – деп ол күн шыққан жақты нұсқай салды.
Сірә, шоқ болып шығып, көңілге от үрлеген Күнді көңіліне медет санаған шығар. Күншығыс жақ оған құтқарушы болып көрінген болар.
Мирас әуелі ширақ жүріп келе жатты. Бір сағаттай жүрген соң оның қыңқыл-сыңқылы қайта басталды. Ол түгілі Жолдастың өзі шөлдеп келе жатыр еді. Сондықтан ол құламалы биік жартастар тереңіндегі асау өзенге түсуге мәжбүр. Жұлқына ағатын өзен адам түгілі аюды да ағызып кетеді дегенді ол талай рет естіген. Сондықтан, өзен жағасына келгенде інісін аулақырақ жерге тұрғызады. Құздағы өзеннен аң-құс болмаса жаяу адам өте алмайды. Өзеннің екі қапталы сыңсыған қалың ағаш. Жазды күндері құз, шың, шатқалдардан төмен түсіп, борлы судай бозамықтанып ағатын өзен жағасында отырсаңыз, сары торғайлар, басқа да құстар қурай, бұталардың басына қонақтап, әр түрлі әнге салып, құйқылжыта сайрайды. Бүгін де өзен маңы сол әуеніне салып жатыр екен.
Сірә, табиғаттың тамылжыған көркем көрінісі мен сан түрлі торғайлардың құйқылжыта сайра-ғаны әсер еткен шығар, Мирас өзен жағасында біраз тынышталғандай болды. Бұған Жолдас кәдімгідей қуанды.Ол өзен бойын жағалап түрлі жеміс теріп әкелді. Ағалы-інілі екеуі таңғы несібелерін осылай тауып, ішіп-жеді.
Бұл – Жолдас пен Мирастың өз беттерінше тұңғыш рет тамақ тауып жеулері еді!
Көп ұзамай ағалы-інілі екеуі қайтадан жолға шықты. Бұл жолы Мирастың жүрісі өнбеді. Қайта-қайта сүріне береді. Кешегі жаралап алған тізесі ауырды деп отыра кетеді. Мынадай ілби басып қозғалудан жол жүріп өндіре алмасын біліп Жолдас жыларман күйге түсті. Бірақ, інісі үшін шыдап бақты. Шыдау керек еді. Шыдамдылық керек болатын. Мұны үшінші сыныптың оқушысы жақсы түсінді. Есіне атасының: «Балам, сабырлылық ер жігіттің басты қорғаны. Ахмет Игүнеки деген бабаң «Сабыр ет, қуаныш пен бәле келсе, Күте тұр, қайғы, реніш ала келсе» деген екен. Бір ауыртпалықтың соңында бір қуанышы болады. Сондықтан шыдамды бол!» деген сөздері құлағының дәл түбінен естілгендей болды. Ол айналасына алақтап қарады. Атасы атымен дүбірлетіп келе жатқандай көрінді. Бірақ ол дүрсілдеп тұрған өз жүрегі екенін білген жоқ.
Баяу жүріп келе жатып та жас жолаушы ой сорабынан шыға алған жоқ. Қаладағы әке-шешесін, кластас достарын ойлады. «Қазір олар қалада балмұздақ жеп, рахаттанып жүрген шығар». Осыны ойлағанда Жолдас өзінің еріндері кезеріп, оны тілімен қайта-қайта жалағыштап келе жатқанын аңғарды. «Менің күйім мынау. Ал, Мирас қалай шыдап келеді екен?» деп ойлап қойды. Иә, басқа түссе бәріне көндігеді екенсің. Әншейінде аулада атасынсыз жатпайтын Жолдас пен Мирас бір түн далада түнеді-ау.
Бұл күні де ұзақ-сонар жүріс өнбеді. Қарындары шұрқырап ашты. Жеміс теріп жейтіндей өзен бойынан алыстап кетті. Әлдеқайдан кезіккен бұлақтан су ішті. Жолдас жолай тауып алған ыдысына су құйып алды. Мұны Мирас үшін істеді. Өйткені, ол әр қадам жасаған сайын «шөлдедім» деп отыра кетуді көбейтті. «Жүрейік» десе Мирастың иегі кемсеңдеп, жыламсырай бастайды.
Таудан асып құлаған күн қызылкүрең шапағын шашып тұрды да соңына қаракөлеңке қалдырып жоғала бастады. Енді лезде көз байланбақ. Осыны ойлаған Жолдас «қараңғы түспей тұрып қасқыр шыға алмайтын бір таса жерге жетіп алсақ» деп ойлады.
Шатқал бойының табиғаты тамылжып тұрды. Екі қапталдағы құз-қия түрлі пішінде мың құбылады. Әншейінде болса мынадай сұлулыққа сұқтана қарап отыра беруге болар еді. Бірақ, қазір бір адым болса да алға жылжи берулері керек. Кенет жүрегі атқақтай соқты. Бекер үрейленбеген екен. Қалай болғанын өзі де түсінбей қалды. Ойламаған жерден алдынан бір аюдың қорбаңдап шыға келмесі бар ма? Жолдас пен Мирас қаладағы зообақтан аюдың қаншамасын көрген. Алайда, олар арнайы тор ішінде еді. Ал, мынау бетпе-бет қарсы ұшырасты. Не істеу керек? Ағайынды екеуінің де жүректері тоқтап қала жаздады. Екеуінің де денесін ток соғып өткендей болды. Төбе шашынан басталған шымыр аяғына дейін жетті. Бұл-үрейдің нағыз өзі еді. Бірақ, адамды үрей билесе қауіпке ұшырайды. Санжар атасы солай деген. Сондықтан Жандос есін тез жинады. Дереу інісін көтеріп алды да тауға қарай өрмеледі. Аю бұлардың әлі бала екенін білді-ау шамасы, соңдарынан түскен жоқ. Екі аяғымен адамша тұрып барып, бір өкіріп қойды да қалың қамыс ішіне кірді де кетті. Қорыққанынан шың басына шығып кеткен Жолдастың жүрек дүрсілі көпке дейін басылған жоқ.
Енді ол шатқал жаққа жоламауға тырысты. Жота-жотаны бетке алып ілбіп келе жатты. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, білмейді, бір кезде жота басына қараса бір үйшік тұр. Неде болса сол үйге жетіп құлауды ойлаған жас бала бар күшін салды. Терлеп-тепшіп биікке көтерілгенде бір үйдің тұрғанын көрді. Бұл қорықшылар бас-
панасы еді. Соған сүрініп-қабынып зорға жеткенде көз де байланды.
Жандос түртінектеп жүріп қорық-шылардың уақытша баспанасынан бірқатар дүние тапты. Мына бұрышта шүберекке ораулы әлдебір зат жатыр. Орауын ашып қараса бір үзім нан екен. Бірақ, тастай болып қатып қалыпты. Жолдас сонда да қатты қуанды. Қорықшылардың тостағанына нанды салып жібітті де інісінің ауызына тосты. Кешеден бері нәр татпаған Мирас нанды соғып алып жата кетті. Иә, екеуі де күні бойғы өнімсіз жүрістен шаршаулы еді. Бұл түні Жолдас қорықпай ұйықтауға болатынын білді. Өйткені, қорықшылар баспанасына жабайы аң жолай қоймайды. Мұнда мылтықтың иісі бар. Қорықшы мылтығын өзі-мен бірге алып кеткенімен, исі қалады. Күндіз мұнда төрт аяқтылар жүретінін білетін аң екеш аң да бұл жерге жоламайды. Жолдан зорығып келген Жолдас осыны ойлап жатып, інісін құшақтап қалың ұйқыға кіріп кеткенін өзі де байқамай қалды. Екеуі де дым сезбеген күйі пырылдап жатты.
Жолдас түсінде атасын көрді. Күрең атымен келген екен дейді. «Адасып кетіңдер ме? Мен сендерді алып кетуге келдім» дейді емірене иіскеп. «Алақай!» деп көзін ашып алғанда бетін күн сүйіп жатқанын сезді. Сығарайтып көзін ашып еді, күн көкке тырмысып қалған екен. «Қатты ұйықтаппыз-ау» деп ойлаған ол інісіне қарап еді, ол әлі маужырап жатыр екен. Қорықшылар үйінен сыртқа шыққан Жандос мұнда бірталай зат жатқанын көрді. Түнде шаршап келгендіктен де шығар, ештеңені аңғармапты. Мұнда божыда шәйнек ілулі тұр. Демек, шай қайнатып ішуге болады. Ол құтыдан шай да тапты. Ағаш жинап әкеліп, от тұтатты. Қорықшылардан қалған сіріңке оның кәдесіне жарады. «Тағы бірдеңке табылып қалар» деп түкпір-түкпірді ақтарып қарап еді, қолына ештеңе түсе қоймады. Шағын үстел үстінде нанның қиқымдары ғана жатыр. Қорықшылар балық консервісін жеген екен, қалбыры анадайда аузын ашып қаңырап жатыр. Мұны көрген Жолдас ернін жалап, тамсанып қойды. Есіне әжесінің ерте тұрып беретін ыстық наны мен қаймағы түсті.
Қазір Мирас оянады. Оянады да тамақ сұрайды. Не істесе екен? Ол нан қиқымдарын жинап, тәрелкеге салып жібітті. Шай да қайнап қалған еді. Оған теріп әкеле жатқан шөптерін қосса дәмі де кіреді әрі қуат та береді емес пе? Қолына басқа ештеңе түспеген соң інісінің таңғы асына осыларды беріп жұбатты. «Бүгін атам бізді қалайда тауып алады» деп кішкентай Мирасты қуантып қойды.
Кетерінде Жолдас күрке ішін тағы бір сүзіп шықты. Қалай байқамаған, киіздің бір шетінде әлдене томпайып жатыр. Шіркін-ай, нан болса ғой. Ол дереу киізді көтеріп жіберіп, астындағы затты алып шықты. Дүрбі. Екеуіне қызық табан астында табылды. Олар дүрбімен тау баурайын, айналаны кезек-кезек қарап мәз болыс-ты.
– Дүрбіні алып кетеміз,–деді Жолдас.
– Атам «бөтеннің бұйымын алмаңдар» деуші еді ғой, – деді Мирас.
– Атам дұрыс айтады. Бірақ, бұл бізге керек. Ауылды тауып алуымыз үшін керек. Түсіндің бе? Уақытша аламыз. Кейін атам тауға шыққанда мұны иелеріне қайтарып береді.
– Өзі ауыр екен. Қалай алып жүреміз?
– Сол да сөз болыпты ма? Мен көтеріп жүремін ғой. Шұрқ етпе.Шіркін, мылтық болғанда ғой, оны да ала кетер едім.
– Аға, сен мылтық ата аласың ба?
– Атқанда қандай? Жолбарыстың өзін жайратып салам.
Мирас ағасының мылтық ата алатынына сенді. Енді қолдарында дүрбі бар емес пе? Ауылды бүгін қалай да табады.
Алайда, алда әлі бір түн бар еді.
Бұл күні де олар беті ауған жаққа жүре берген. Жолдас өзі білетін өсімдіктерді теріп, оны жуып, інісіне жегізді. Екі күн бойы тоқтаусыз жол жүргендіктен де, бұл күні Мирас тіптен қалжырап қалды. Жолдас оны біресе арқалап, біресе жетектеп, зорға жүріп келе жатты. Еріндері кезеріп кеткен олардың түрлері де адам шошырлық еді. Үрей мен аштық, ұзақ жол оларды әбден қалжыратқан еді. Жолдастың жүрегі сыздады. Көзіне жас келді. Тамағына өксік тығылды. Бірақ оны інісіне білдірмеуге тырысты. Ағасы боркеміктенсе, інісі қандай күйге түспек? Осыны ойлап ол інісіне күле қарағысы келді.
Жолдас енді бір орында тоқтап қалмау керектігін түсінді. Кім біледі, тамақ таппай жүрген кез келген жыртқышқа жем болуы мүмкін ғой. Мына түрінде екеуінің қарсаққа да шамалары келмейді. Ал, сәл де болса аяңдап, бір жерге жатып қалса, тұрып кетулері қиын. Шақырайған күн бастарынан өтіп кетуі де мүмкін. Сондықтан Жолдас саялы жерлермен көбірек жүруге барын салды. Өзен, бұлақ жағалап жүру пайдалы екенін ол кешелі бері жақсы біледі. Су жағалауы салқын әрі шөлдетпейді. Мирасқа су да болса ішкізгеніне қуанады. Атасының «адам аштан бірнеше күн жүре береді. Ал, сусыз екі күннен әрі шыдауы қиын» дегені еске түседі. «Демек, әлі де біраз уақыт шыдауға болады» деп ойлайды Жолдас. Не болыпты сонша, оған дейін іздеушілер тауып та алар.
Тас төбеден төңкеріліп түпсіз терең тұңғиық төніп тұр. Шексіз де шетсіз. Осынау ғажайып әлемге қарай бергің келеді. Түнде самаладай етіп жұлдыздарын жамырататын заңғар көк күндіз нұрын себелейді. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарына Жолдас осы жолы ғана назар аударған. Әне, ана бір бүйірден әлдеқандай бір құс көрінді. Қанатын кең жайып жіберіп, жер бетін асықпай сүзіп келе жатқан сыңайлы. «Осы қанат менде болар ма еді. Ауылды оп-оңай тауып алар едім ғой» деп ойлады ол. Ана көк жүзін шарлап жүрген қанатты құста еркіндік бар, мүмкіндік бар. Ол қазір қаласа атасы тұратын ауылға оңай ұшып барады. Егер оған тіл бітсе «Жолдас пен Мирас ана жерде жүр ғой» дер еді. Бірақ, табиғат оған бәрін беріп, осыған келгенде сараңдық жасапты.
Қолында зілдей дүрбісі, күркеден ала шыққан күпәйкесі, шөп толы қоржыны бар бала алыстан сағымданып көрінген көкжиекке телміріп ұзақ қарады. Сағымдар арасынан бір кеме бұлдырап көрінгендей болды. Өз қиялына елітіп тұрған оның көңілі өрекпіп, қуанып қалды. Ақ желкен арман алыстарға самғатып бара жатыр еді. Ол енді сол кемеге мініп, ауылының дәл төбесінен топ ете түсетіндей жүрегі атқақтады. Сосын кемеге қарай ескі сүрлеуге түсіп ілби басып жүре берді, жүре берді…
Екі күннен бері хабарсыз кеткен екі баланы іздеу операциясы бұл кезде қызу басталып та кеткен еді. Ал бүгін үшінші күн. Ішкі істер басқармасы, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, Біркөліктегі әскери застава, еріктілер, қорықшылар екі күнненбері жықпыл-жықпылдарды, шатқалдарды, құз-жартастарды ,сай-саланы, түкпір-түкпірді тінте қарап, ештеңе таппастан пұшайман күйге түсті. Япырмай, көрдік-білдік деген бір пенде табылсашы. Сонда бұл екі бала қайда кетеді? Бір дерегі табылатын уақыт болды ғой.
Санжар ата кемпірінің хабарынан соң-ақ ауырғанын ұмытып, күрең айғырына ер салған. Әрине, жаңғалақ кемпірін жазалап кетуді де ұмытпады.
– Күйбеңдейсің де жүресің. Көз
алдындағы екі балаға ие бола алмаған саған не дейін, – деп кемпірін ала көзімен ата қарап, қыр асып бара жатты.
Қаладағы балалар да сол күні көліктеріне мініп, тау қойнауындағы ауылға шұғыл жетті. Олжас пен Перизатта өң-түс қалмаған. Қадырбек пен Салтанат Олжастың үйіне қызы Диананы қалдырып, ұлы Даниярды ертіп ол да шұғыл келіп жетті. Диананы үйде қалдырған себебі, егер екі бала қалаға қайтып келсе, үйдің кілтін таба алмай далада қалмасын дегендік еді. Дінмұхамед пен Гүлзат та іздеушілермен бірге жүр. Гүлзат балалар дәрігері. Оның қолынан қобдишасы түспейді.
Іздеушілер табандарынан тау-сылды. Сонда да шатқал бойын тағы бір рет шолып шықпаққа бекінген. Қадырбек те, Дінмұхамед те төтеншеліктерге қайта-қайта айтып, іздестіруді жалғастыра беруді сұранған. Екі баланың тағдыры ойландырды ма әлде ағаларының жалынышты түрлерін көріп аяныш сезімдері оянды ма, іздеушілер неде болса бұл түнде де кері қайтпауға бекінген. Мұнда ұялы телефон толқын ұстамайды. Сондықтан төтеншеліктер, полицейлер, әскерилер бір-бірлерімен рация арқылы сөйлеседі.
Үміт оты қоламсаға айналып, бірте-бірте сөне бастаған ауыр да азапты сәтте рация сөйлеп қоя берді. Қорықтағы биік таудың ұшар басынан жылтылдаған от көрініпті.
– Бұлар кімдер болды екен? Тауға шығып, демалып жүрген еріккендер ме? Әлде мал ұрлығымен айналысатындар ма? Ал, біз іздеген балалар болса ше? Қайткенде де сақтық керек. Өте абай болуымыз керек. Ұрылар болса қашып кетеді. Ал, балалар болса жарықты, улап-шулаған бізді көріп алға ұмтылуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар тас-
тай қараңғыда аяқтары тайып кетіп, құздан құламасына кім кепіл. Ал, құлама жардың тереңдігі елу-алпыс метрдей. Одан құлағанның аман қалуы мүмкін емес. Балалар бұл биіктікке қалай шығып алған? Түсінбей тұрмын. Сірә, қарақшылар-ау осылар, – деп полковник Сәруар таңданып тұрды.
– Төтеншіліктер мен полицейлер аса сақтықпен қимылдап, от көрінген жерге жақындап барып тығылып жатасыңдар. Бірақ менен бұйрық болмай нысанаға жақындамаңдар. Таң сыз бере іске кірісеміз. Бұл кезде ұрылар шырт ұйқыда жатады. Балалар да ояна қоймас. Осылай еткенде ғана операция сәтті өтеді, – деп полковник жоспары мен бұйрығын қатар жариялады.
Тағат таусылып бара жатты. Санжар қария бастап, балалардың әке-шешесі мен ағайындары алаңдай бастады. Таң қашан сібізгілеп атады? Мұндайда сағаттың тілін біреу шынжырлап тастағандай тіптен қозғалмайды екен. Сарсылтып барып күткен уақыт та келіп жетті. Операция басталды.
Құтқарушылар үш күндік ауыр сапардан соң талықсып кеткен екі баланы төбелерінен түсіп, төменге тікұшақпен аман-есен алып түсті. Телеарналардың тілшілері осы бір қуанышты да толқымалы сәтті таспаларына тартып алуға тырысып бақты. Қуаныштан жылап жүрген бір адам. Танысын, танымасын кездескен жандар бір-бірлерін құшақтай алады. Осы бір елжіремелі-толқымалы шақ сүт пісірімдей уақытқа созылды. Дәрігерлер дереу өз жұмыстарына кіріскен.
Сәруар рациямен екі баланың аман-сау табылғанын хабарлап жатты. Журналистер іздеу операциясының қалай жүргізілгенін сұрап, интервью алып жатты. Сырт көз мұнда малшылардың дәстүрлі жиыны немесе көкпар болып жатыр деп ойлап қалатындай.
Ал, етегі жасқа толған Санжар мен Пернегүлдің жағдайын айтып тауысу тіптен де мүмкін емес. Қайғы мен қасіреттен қу сүйектері ғана қалған екеуінің түрінен адам шошырлық. Жылай-жылай екеуінен де әл-дәрмен қалмапты. Санжар немересінің хабары жеткенде үш ұмтылып орнынан тұра алмады.
Санжар қария үш күннен бері Жаратқанға жалбарынып, екі немересінің аман-есен табылуын жатса да, тұрса да сұраумен болған. Көзінен аққан жас терең әжімдер бойымен тарам-тарам болып ағып келіп сақалына сіңіп жатты. Өң мен түс аралығындағы шал мен кемпірдің жанына келген дәрігер екеуінің қан қысымын өлшеп көріп, шошып кетті. Жиналғандар екеуін «жедел жәрдем» машинасына сүйемелдеп мінгізді. Сонда да Санжар қарт «ауруханаңа бармаймын, балаларымның жанында боламын» деп қарсыласып бақты.
Кенет Санжар қарт көкке қолын жайып, Жаратқанға жалбарынды:
-О, Жаратқан Ием! Күллі әлемнің ұлы билеушісі! Саған ғана жалбарынамыз, сенен ғана сұраймыз! Сен шексіз құдіреттісің, ешкім саған шек келтіре алмайды. Жердегі пенделеріңді өзің шарапатыңа ал! Адасқандарға тура жолды көрсет, ауырғандарға шипаңды бере гөр! Мына әлемді түгел жайпап келе жатқкан індетті тия гөр! Мүсәпірлерді өзің жебей гөр, теріс жолдағылардың санасына сәуле түсір! Жақсылардың тілектерін оңғар! Сен асқан мейірімдісің, қамқоршымызсың, пенделердің біліп істеген, білмей істеген күнәларын кешіре гөр! Иә, Құдіреті күшті Алла! Шарапат-шапағатыңнан ешкімді де тыс қалдырма. Менің балапандарымды құтқаруға көмектескен мына барша қауымға тек жақсылығыңды нәсіп ет! Әумин! – дегенде жиналғандардың барлығы тізе бүгіп, алақан жайып отыр еді.
Қария бет сипағанда талайының жанарынан мөлдір моншақ аунап түсті.
Дәрігерлердің біршама уақыт ем-домынан соң Жолдас пен Мирас көздерін ашып, айналасына таңырқай қараған. Жолдас өзіне төніп қарап тұрған атасын көріп құшақтай алды.
– Ата, сіз қашан жазылдыңыз? Біз сізге емдік шөптер әкелдік, – деп атасына үлкен тірлік бітіріп келгендей мақтана қарады.
– Иә, батырым, мен сендер әкелген дәріден ішкен соң жазылдым емес пе? – деп Санжар немересін емірене иіскеді.
Екі күннен соң Жолдас пен Мирас тау етегіндегі аталарының үйінде құлдыраңдап шауып жүрді. Санжар бір қошқарын сойып, көршілерін шақырып, әруақтарға арнап Құран оқытты.
Сол күні үйге әжесіне еріп Айару да келді. Әжесінің тасасында отырып, Жолдасқа жылт-жылт етіп қарағыштап қояды.
Үлкендердің арасынан сытылып, екеуі далаға шықты.
– Мирас екеуіміз таудан теріп әкелген шөпті қайнатып ішіп, атам жазылып кетті, – деп мақтанды Жолдас. Сосын:
– Атам айтады енді сол шөптен теріп әкеліп, ауырғандарды емдейміз деп. Біз коронавирустың емін таптық. Атам солай деді, – деп қосып қойды.
– Екеуіңнің жоғалып кеткендерінде атаң мен әжең қатты жылады. Папаң да, мамаң да жылады. Мен де жыладым, – деді Айару.
– Сен неге жыладың? – деп сұрады Жолдас.
Айару ұялып, төмен қарады. Бұл кезде көршілер Құран оқылып біткеннен соң үйлеріне қайтқалы жатыр еді.
– Атасының балалары. Үлкен-дердің қолына су құйыңдар, – деді Олжас.
Жолдас пен Мирас үлкендерді жағалап қолдарына су құя бастады.
– Өркендерің өссін!
– Үлкен жігіт болыңдар!
– Қашан да Қызыр баба шылау-ларыңда болсын!
– Ғайып Ерен Қырық Шілтен қолдап жүрсін!
Баталар жаңбырдай жауды.
– Балапандарымды аман алып қалған әуелі Алла, сосын сендердің бата-тілектерің ғой! – деп Санжар бетін сипады.
Ертесіне Олжас балаларына қарап:
– Ал, атасының балалары! Қалаға қайтамыз, – деді.
– Жоқ, – деді Жолдас жұлып алғандай, – Атам екеуіміз тауға барып шөп тереміз. Атам ауырған адамдарды емдейді. Қайтпаймын. Мен атамның баласымын!
– Мен де, – деді Мирас орынынан қарғып тұрып.
Иә, олар атасының балалары!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.