ДІНИ ТАТУЛЫҚ – ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
01.05.2020 0 1 827
Құдияр БІЛӘЛ,
жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»
Экстремизм термині сөзбе-сөз шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм бұл әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Оның шет жағасын біз де көрдік. Сондықтан террорлық іс-әрекеттерге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның үстіне заман да өзгерді.
Мөңке би бабамыз айтқан «Қарап тұрған жігітке қыз артылар» деген заманның кері келді. Иә, зина жасауға барынша жол ашылғандығын жасыра алмаймыз. Оның себебі… Себеп көп. Ең бастысы – діннен алшақтап кеткеніміз. Дұрысы – діни тұрғыда қалыптасқан ұлттық дәстүрімізден қол үзіп қалғанымыз. Мән берсек, зинаға бастар жол бір күнде сүрлеуге айналған жоқ. Әуелі біз оның алғышарттарын қалыптастырдық. Біріншіден, барлық жаманшылықтың қорғаны болған дінді тәркі еттік. Сол-ақ екен, дәстүріміз де бірге ығысты. Ол екеуі кеткеннен кейін «Әй дейтін – ажа, қой дейтін – қожа» қалмады. Енді келіп, аспаннан түскедей «Бұған қалай жол бердік» деп қоямыз.
Мән берсек, дін әуелі зинаға бастар жолды жапты. Соған орай дәстүрлі киім үлгісі қалыптасты. Сол киім ер адамның нәпсі қалауын қоздыратын әйелдің әуретті жерлерін бүркеп тұрды. Адам өзі ардақ тұтқан, құнды, қадірлі затын жұрт көзінен жасырын ұстайды. Сол жасырылған қазына ғана қол жетпес арманға айналады. Біздің «қазынамыз» қыздарымыздың ары, ұяты еді. Оны дін тілінде иман деуші едік. Сол иман дегенің біздің қыздарымыз бетінде төгіліп тұратын. Сондықтан да біз оны ұлттық киім ішінде жасырдық.
Иә, қоғамдық өзгерістер кінәратын жоққа шығара алмаймыз. Шешіне бастадық. Сол-ақ екен, «қазынамыздан» қадір кетті. Ұлттық киім ішінде жасырған бар асылымыз жұрт көзіне ұсынар тауарға айналып шыға келді. Қазір көшедегі ондай «тауарлардан» көз сүрінеді.
Дін қайта оралды. Солай дей салайықшы. Әлгі «қазыналарымыз» қайта жасырыла бастады. Осы жерде кәкір бар. Бір таң қаларлығы, біздің байырғы ұлттық киіміміз әлгі «қазынаны» бүркеуге жарамсыз болып қалды. Оның орнын арабтың, түріктің, иранның xиджабы алмастырды. Неге? Иә, біз оны әуелі жастардың дінді жаңа тұрғыда қабылдай бастағандығынан деп түсіндік. Шынтуайтына келгенде «дін» де сол бүркеншік ішінде жасырынып қалды. Таxуалық үлгі ретінде тек киім ғана алға шықты. Мән берсек, егер сол қара киімді қыздар қазақтың ұлттық киімін кигенде, өздерін діндәр сиқты көрсететін көрініске қол жеткізе алмаған болар еді. Ал қол жеткізді.
Бұл жердегі ең басты құпия, жігіттер алдында өз қадірлерін түсіріңкіреп алған кей қыздар, қара xиджапқа жасырыну арқылы өздерін «қазына» ретінде көрсете алды. Жаппай дінге бет бұрып жатқан кезде ондай «қазыналар» өтімділігі жоғары болды. Шындығында жігіттердің де, әлгі оранған қыздардың да діндарлықтары шамалас болатын. Олар бір-бірлерінің сырларын тез алды. Содан келді де, әйел ауыстыру науқаны басталды да кетті. Біз қара xиджапты қыздардың өз тағдырларына мойынсұнғандарын олардың тақуалығына балап, тағы да қателестік. Білген жөн. Тақуалық бір күнде қалыптаспайды. Тіпті бар өмірін дін жолына арнаған имамдардың өзі ұдайы сәлде-шапанмен жүре алмайды. Сондықтан қанша жерден тырысқандарымен әлгі қара xиджапты қыздардың да мұсылмандыққа жат ерсі қылықтары әр жер-әр жерде көрініс беріп қалып жатты. Олардың мінез-құлықтарындағы дөрекілікті айтпағанда, темекіні де ашық шеге бастауы, рамазан айында шайнаңдап тамақ жеп жүрулері жұрт көзіне ерсі көрінуден қала бастады. Көпшіліктің xиджап кигендерге тыжырына қарай бастауының бір себебі сол.
Әрине, бұл әңгіменің шынайы «қазына» иелеріне еш қатысы жоқ. Сондықтан өзге ел киім үлгісіне ұмсына бермей, ұлттық үрдіске қайта бет бұрсақ, дәстүрлі дінімізге де «қазынамызға» да қайта қауышар едік. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыстан, ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі, адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет. Ұлттық мәселелердің дұрыс шешілуі Қазақстанның халықаралық қауымдастықта лайық орынға ие болуына, әлемдік өркениеттің горизонттарынан орын алуға мүмкіндік береді. Жалпы әлемдік діни саясатта да «жылы-жылы сөйлесең – жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең — мұсылман діннен шығады» деген қағиданы ұстануымыз керек. Қазір мұсылман әлемі автомат тілімен сөйлесуде. Нәтижесі… Иә. Діннен шығып кетіп жатыр. Алайда оны түйсініп жатқандар аз. Сондықтан да бұл күнде «Ең оңбаған адамды көргің келсе – айнаға қара» деген даналық шындыққа айналды. Мән берсек, біз жаппай өзгені тәрбиелеумен айналысып кеттік. Өзімізде тіпті қылаудай да кінәрат бар деп ойламаймыз. Себебі, бізге айнадағы кескін ұдайы тоқмейілси қарайды. Алайда мен бір азаматтың өзіне-өзі жыны келіп, айнадағы кескініне түкіріп жібергенін көріп едім. Әлгі Қожанасырдың баласын «Құмыраны сындырып алма» деп шапалақпен тартып жіберетіні бар ғой. Шыны шытынамау қажеттілігін ескертетін сол шапалақтың жетіспейтіндігі әрдайым аңғарылып қалады.
Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында, газет-журналдарда мұ-сылмандар бір-бірін жерден алып, жерге салып жатады. Солар дауынан құлағы сарсығандардың «Мұндай діндеріңнің…» деп, кейістік білдіргендерін де көз көріп жүр. Күлімдеп жүрген мұсылманды көру күн өткен сайын мұң болып барады. Мұсылман ажарын кіргізер сол игі түс иесіне аталарымыз тілдеспей-ақ сенім артып, ұрпағына да «Түсі игіден түңілме» деп өсиет қалдырып еді.
Айнадағы кескін – біздің көрінісіміз, біздегі сөз, аxлақ, мінез – жан дүниеміздің көрінісі. Негізінде біз өзі солмыз. Қазақ «оны» жаман әйелге теңеген. Жалпы мұсылмандық болмысты ұяң қызға баласақ, біз соны жүре келе көк бет долы әйелге айналдырып аламыз. Әлгі «Қыз күнінде әйелдің бәрі жақсы, жаман қатын шығады осы қайдан» деген мәтел төркіні соған негізделген. Сол өзгеріске түскен болмыс сыртқы көрініске де әсер етеді. Ол әсер, бір ауыз сөзбен, «зәрі бетіне шығып тұр» делінеді. Бір-бірімен айтысқандар бетінде мұсылмандарға тән күлімдеу емес, сол зәр тұрады. Жалпы ол зәр ұрысқанда ғана емес, барлық уақытта тұрады. Себебі біз оны көрмейміз. Көрсек… Иә. Бетіне түкірер едік. Соны білген Ишандар біреуге кінә артқан адамға ұдайы «Әуелі өзіміз мұсылман болып алайық» дегенді қайталаумен болған.
Хасан Басри бір адамның өзін тілдегенін естиді. Сонда ғұлама оған бір табақ xалуа жіберіп, «Сауаптарыңды маған сыйлағаныңды естідім. Оның қайтарымы ретінде мына xалуаны жібердім» дейді.
Имам Ағзам Әбу Ханифа да өзін тілдеген бір адамға бір қалта алтын жіберіп, «Бізге берген сауаптарын арттырса, біз жіберер алтын да көбейе түседі» деген.
Сондықтан біреуді жөнге салмас бұрын әуелі өзіміз мұсылман болып алайық.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Бұл көптүрліліктің нәтижесі діни конфессиялар формасы. Бұлардың әр қайсысы өз наным-сенімдерінің қағидаларымен өмір сүреді. Әртүрлі діндердің бір кезеңде, бір этно-мәдени кеңістікте болуы теологиялық мәселе ғана емес, әлеуметтік мәселе тудыратындығы сөзсіз. Діндердің өзгертуге болмайтын өзіндік діни ілімдері мен дәстүрлері бар, кейбір жағдайларда бір-біріне қайшы келетін, тіпті жоққа шығаратын, дінаралық сұхбат мүмкін болмайтын жақтары да кездеседі. Алайда, барша мұсылмандарға ортақ жайт, арғы әлем есігін қаққан адам мына әлемге теріс бұрылады. Өлетіні мәлім болған адамды мына қызылды-жасылды әлем өзіне баурай алмайды. Сондықтан мұсылмандарға ұдайы өлген адам кейпінде болу қажеттілігі ескертіледі. «Өлмей тұрып өліңдер» деген xадисті сол ескерту деп қабылдаған жөн. Шындығында мына әлемнен тек өлген адам ғана ажырайды. Сол кейіпке тірідей ену – әлгі xадиске амал еткеніміз болып табылады. Жалпы Ишандар «Қолың – істе, жүрегің –Алламен болсын» дегенде де осы xадисті қаперге алады. Мынандай бір тәмсіл бар.
Ұлы ғұламалардан болған Аллаудин Аттардың тақуалық жолға түсуіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) xадисіне амал еткен бір адам себепкер болады. Иіссу сататын дүкенді иеленгендіктен Аттар деп аталып кеткен ғұлама дүкеніндегі заттарын реттеп жатқан кезде, ту сыртынан келген бір адам «Бізге иіссуыңнан xадия (сыйлық) жаса» дейді. Аллаудин Аттар оған мән бермейді. Сонда әлгі адам «Сен өзіңді қанша жерден дін білгірі санағаныңмен маған ұқсап өле алмайсың» дейді. Оның сөзіне таңданыс білдірген Аттар «Сонда сен қалай өлесің?» деп сұрайды. «Мен былай өлемін» деп әлгі адам «Алла!» дейді де жан тапсырады. Міне, осы оқиғадан кейін Аллаудин Аттар өзін мына дүниеге байлап тұрған иіссуларын ел-жұртқа тарқатып беріп, өзі арғы әлемге мойын бұрғандар қатарына қосылады.
Авторын ұмытыппын, шетел жазушысының «Соңғы жапырақ» деген-ге келетін шығармасы бар. Өмірден баз кешкен қыз соңғы сәтін ағаш басында үзілуге шақ тұрған жалғыз жапыраққа телиді. Егер сол жапырақ үзілсе, өзінің де мына өмірмен біржола қоштасатындығын іштей сезеді. Қыз жанының сол жалғыз жапыраққа ілініп тұрғанын түсінген суретші жігіт жапырақтың суретін салып, жел жұлған әлгі жапырақ орнына алмастырып Іліп қояды. Сол үзілмеген жапырақ қыз өмірін жалғайды.
Ал бізді мына өмірге байлаған «жапырақтар»… Иә, аз емес. Біздің өмі-ріміздің мәні сол «жапырақтар». Оларсыз мына өмірдің бізге түк те қызығы жоқ. Сонда қалай, біз мына өмірден өз ықтиярымызбен кету үшін әлгі «жапырақтарымыздан» айырылуымыз керек пе?! Алла ондай ауыртпалықты бізден алыс қылсын. Әлде әлгі «Алла!» деп жан тапсырған адамның біз сияқты қия алмайтын жақындары жоқ па? Әрине, бар. Ол тек… Иә. Оған дейін-ақ өліп қойған адам. Дұрысы — өлмей тұрып өлу мәнін түсінген адам. Ал өлген адамда біз сияқы тірі адамдарға тән сезімдер бола бермейді. Иә, бұл мәселені әлгі адам түсінігі деңгейінде қабылдау оңай емес. Бірақ Алланың біздің қалауымызбен санаса бермейтінін қаперге алсақ, өлмей тұрып өлу мәнін сәл-пәл ұғына түсеміз.
Күзде ағаштар жапырағын төгіп жатады. Әр жапырақ бейне бір Аллаудин Аттарға келген қонақ тәрізді. Тоқтаусыз аттанып кетіп жатыр. Иә, сарғайған жапырақ келесі көктем ажарын кіргізе алмайды. Солай бола тұра, Алланың назары түсіп тұрған аймақтар болады. Мәселен, Қағба, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті. Сол жерде оқылған намаз әлгі назар әсерінен бірден бірнеше мыңға өсіп шыға келеді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мінбері маңындағы жасыл кілем үстінде оқылған намаз, жәннатта оқылған намаз санатына кіреді. Себебі, иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында тұрсыз. Сондықтан бізге де кімнің назарында жүргендігімізге бір ауық мән беріп қоюға тура келеді. Себебі, назар, ол қай назар болса да, өзіне баурай бастайды. Біздің жұрген ортамызға, достарымызға қарай бейімделіп кететіндігіміз сондықтан. Сондай-ақ, бір-бірін ұдайы назарда ұстайтындықтан ерлі-зайыптылардың өзі бір-бірінен аумай қалады.
Иә, назар әрқилы болады. Ол – қуат, ол – күш, ол – сиқырлы әлем. Ол – Ньютон ашқан заңдылық. Сол тартылыс күші, өзінен жоғары күш иесіне ғана жол береді. Адам баласы ол «күшке» Аллаға бет бұрған кезде иелік етеді. Ал оған қауышу үшін Алла назарына ілігу керек. Ол үшін әуелі өзге назар аймағынан «босанған» жөн. Болмаса өзге назар аумағында жүріп ешқашан Аллаға ғибадат жасай алмайсың.
Ұғынықтылық үшін сол айтылған назарға шамалы назар аударайық. Мән берсек, қылмыс Алла назары түсіп тұрған жерде болмайды. Қылмыс негізінен зұлмат назары түсіп тұрған жерлерде болады. Ұдайы сол маңнан табылатын адам, әйтеуір бір күні сол зұлмат күш назарына ілінетіндігі кәдік. Сол кезде біз «Құдай-ай, бұған қайдан ғана ұрынып қалды?» деп, пұшайман болып жатамыз.
Рас, бұл әлем Алла назарынан тыс емес. Бірақ ол әлем ішінде шайтанның да, нәпсінің де үлесі бар. Шайтан – болса да адам баласына жау. Ал нәпсі – біздің қалауымыз. Ол қалауға тапсырыс ниеттен түседі. Сондықтан адамның әуелі ниеті түзуленбей, ісі оңғарылмайды. Ниет түзулену үшін соған әсер ететін аймақ таза болу керек. Ол аймақтың аты… Дұрыс. Назар. Оның өзі әрқилы болатынын жоғарыда айттық. Мынандай бір тәмсіл бар.
Қызырмен жолдас болған бір адам өз жақынын Қызырдың назарына іліндіргісі келеді. Ол үшін туысына мес қылып үрілген түйенің терісін көтеріп, Қызыр өтетін жермен әрі-бері жүруге кеңес береді. Айтқанындай бұл Қызырды ертіп келе жатқанында «түйе» көтерген әлгі жігіт алдарынан олай-бұлай ойқастап өтеді. Туысы болса «Ойпырмай, мына жігіттің күштісін-ай! Түйені көтеріп алыпты» деп, туысына Қызыр назарын аударуға тырысады. Сонда Қызыр жан-жағына қарап «Оның анау шөпшек теріп жүрген қыздың қай жағында» деп сұраған екен. Осылайша кездейсоқ Қызыр назарына түскен әлгі қыз қазақтың бір бұтағының анасына айналыпты.
Назар xақтығына жапондар да тәжірибе жасау арқылы көз жеткізген. Олар су құйылған үш ыдысқа күріш салып қойып, біреуіне күнделікті ақ тілектер, мадақтар айтса, екіншісін балағаттап отырған. Ал үшіншісіне тіпті назар аудармай қойған. Нәтижесінде, бірінші ыдыстағы күріш бүршік жара бастаса, екінші ыдыстағы күріш өз табиғатын өзгерткен, ал назардан тыс қалған үшінші ыдыстағы күріш шіріп кеткен. Сол сияқты ана назарында өскен бала балпанақтай болады да, ана назарынан тыс қалған сәби шүмпиіп өспей қалады.
Бұл үрдіс мемлекеттерге де тән. Бізге қажетсіз сияқты көрінетін әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік іс-шаралар – негізінен әлем назарына ілігу мақсатында ұйымдастырылады. Жалпы назар жемісін бастығы көзіне түскен қызметкерлер де татып жатады. Назар мәнін білген біздің аталарымыз «Алланың көзі тура болсын» деген мәтелді өмірге әкелген. Соған орай өздері де Хақ назары аумағынан шығып кетпеуге тырысқан. Және де сол Алла назары түскен жерді бізге мирасқа қалдырған. Ол – Қазақстан Республикасы, яғни, барлық мәселе осы мемлекеттің мазмұнына, оның мүддесіне орай шешілуі керек. Соған орай ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, сайып келгенде, еліміздің серпінді дамуын қамтамасыз етумен өзіміз алдымызға қойған асқақ міндетті ойдағыдай орындаудың негізі болып табылатыны күмәнсіз. Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұруға міндеттіміз. Соған орай айтарымыз, мұсылман адамның қол қусырып бос жүргені жараспайды. Сондықтан да ғұламалар «Қолың — істе, жүрегің Алламен болсын» деген. Дінімізде еңбек мәртебесінің жоғары қойылатындығы сонша, еңбек ету – ғибадат болып саналады. Өкінішке қарай қазір еңбек емес, алақан жаю діннің бір бөлшегі сияқты әсер қалдыра бастады. Рас, ислам — қайрымдылыққа құрылған дін. Бірақ қайрымдылық пен алақан жаю бір ұғым емес. Сондықтан да Құранда садақаны алақан жайғанға емес, үйден шығуы мұң болып отырған адамға беру қажеттілігі ескертіледі. Өкінішке қарай, қазір сұрамсақтық бизнес көзіне айналып кетті. Ірі ақшаларын айыра алмай жүргендердің мешіт маңындағы қайыршыларға ақшасын ұсақтатып алғанын талай көзіміз көрді. Әлгілердің өз «бизнесіне» балаларын да тарта бастауы, сорымызға қарай, қалыпты үрдіске айналып бара жатыр. Араб елдерінде бұл «бизнес» «жетістігінің» шырқау биікке көтерілгенін көрдік. Аяқ-қолын кесілген сияқты етіп көрсете алу, бірін-бірі ит сияқты жетектеу, мүләйімсіп, ыңырси тіл қату, қасынан жүрегің дір етпей өте алмайтындай кейіпке ену сияқты алақан жаюдың небір айла-тәсілдерін меңгерген қайыршыларды көргенде әрқилы ойға шомасың.
Сол қайыршылар арқылы ислам дінін ұстанған елдердің жай-күйін танығандай боласың. Қайыршысына қарай баға берсең, тіпті әлгі елдерден түңіліп те кетесің. Көп адам сондай ойда қалады. Ал шынтуайтында оның бизнес екенін білгенде, еріксіз таңдай қағасың. Бағымызға орай әйтеуір бізде қайыршылар таланты ондай биікке көтеріле қойған жоқ. Жалпы, қайыршылық бізге жат ұғым. Мән берсек, қайыршылық та жаңаша сипатқа ие бола бастаған діни өзгерістермен бірге келді. Ал дәстүрлі діндерін басқа бағытқа бұрып алған елдерде қайыршылық тіпті өрістеп кетті. Әрине, қоғамдық өзгерістерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұдан жаман кезімізде де тойға барғанымызды ұмытпағанымыз жөн. Қайыршылық біздің қанымызда жоқ болғандықтан да сонау ашаршылық жылдары алақан жаюды ар санаған қаншама отбасы ана дүниеге үйлерінен шықпаған қалыптарында аттанып кетті. Иә, біз ол кезде «өлімнен ұят күшті» екенін білуші едік. Сол ұятты ұлттық болмыс ретінде қалыптастырған дәстүрлі дін еді. Біз дінді ұлтты ұйытқан қазанның қақпағы деп білдік. Енді міне, қазаннан қақпақ кетіп еді, барлық келеңсіздік алға шықты. Бұл – «Дін мемлекеттен тысқары» деген түсінік «жемісі». Әйтеуір кеш болса да мемлекет дінді бауырына басуға пейілділік таныта бастады. Діни министрлік құрылды. Биліктің бұл шешімін, ендігі жерде қазанымыз қақпақсыз болмайды деп қабылдағанымыз жөн. Мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түйе құрма артқызып алып, келе жатады. Жолшыбай кездескен бір адам түйекештің қасына барып, жеуге құрма сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан «Ана кісі не шаруамен жүр екен?» дейді. Түйекеш оның құрма сұрағанын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Онда берсейші» дейді. Түйекеш «Құрма қапта еді» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Онда қабымен бер» дейді. Бұл «Қап түйеге шырмалып байланған еді» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Байлаулы болса түйемен бірге бер» дейді. Түйекеш «Тағы бір сылтау айтуға өзімді де қосып беріп жібере ме деп қорықтым» деген екен.
Міне, ислам дінінің шынайы болмысы. Дін адамдарға қол жайғызу үшін емес, қайта сол жайылған қолды болдырмау үшін келген. Оның үстіне Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес – Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Бұл заңдылық біздің табиғатымызға сай келеді. Бәрімізге белгілі, қазақ – қонақжай xалық. Бұл қасиетімізді өзіміз де мақтан тұтамыз. Алайда қонағымызға жалғыз атын сойып беретін аталарымыз пейілінен ажыраңқырап қалғандығымызды да ішіміз сезеді. Оның себебі… Себеп көп. Ең бастысы – дәстүрден ажыраңқырап қалғандығымыз. Содан бардық та қонақтың құт болып келетіндігін қаперден шығарып алдық. Болмаса біз құт сөзін қатты қадірлеген xалық едік. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деуіміз, құтты қонақ отырған орынға бала аунатып алуымыз сондықтан. Оның үстіне бізде құт бір адамнан екінші адамға дариды деген де ұғым бар. Яғни біз шаңырағымызға келер жақсылықты қонақтың келуімен бірге күтеміз.
Рас, қазір де қонақ келеді. Бірақ қонақ берекесін көріп жатқанымыз шамалы. Себебі… Себеп көп. Соның ең бастыларының бірі – біз қонақ құтын қашырып алдық. Дұрысы – қонақты қонақ етіп күте алмадық. Бұл жердегі мәселе пейілде де, не болмаса дастарxан мәзірінде де емес, мәселе – қонақтың сол дастарxан мәзірінен тыс қалуында. Мұндай оқшаулық үй ішілік отбасы салқындығын да қалыптастыра бастады. Ол оқшаулық — дастарxан берекесіне де әсер етті. Ойымызды жұмбақтамай басын ашып айтсақ, ол берекет үй ішілік ортада әуелі әке қолы, ал қонақ келген жағдайда ең бірінші қонақ қолы тиген ортадағы ас қойылған табақта еді. Пайғамбарымыз айтқанындай, көп қол созылған аста береке бар. Құт та, береке де сол ортадағы аста тұрды. Біз оны қажет етпей, сол астан өз тостағымызды бөліп алып, дастарxанның берекесін қашырдық. Бұрын ол табақта құт барын білетін келіндер қариялар сарқытын сәлем салып барып алушы еді-ау! Ал қонақ болса қалған асты анаған да, мынаған да асатып-асатып жіберетін. Бұдан кейін ол үйден құт-береке әсте үзілмейтін. Соны білген, соны түсінген қазақ «Қонақ келіп қалар ма екен» деп алаңдайтын да жүретін. Жалпы қонақсыз ас ішпеу Пайғамбарлардан қалған мирас. Мәселен Ибраxим Пайғамбар үйіне қонақ келмейінше ас ішпейтін болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр аста қонақ несібесі бірге тұратындығын екі адамға дайындалған астың үш адамға, үш адамға дайындалған астың бес адамға жететіндігін айту арқылы ұғындырған. Біз сол өз несібесін беру қажеттілігін түсінгендіктен де қонақ күтеміз. Өйт-кені өз несібесін жеуге келген қонақ, өзімен бірге ала келген құтын сол үйге қалдырып кетеді. Соны білген қазақ атам итіне дейін Құтжол деп ат қойып еді-ау!
Әр қазақ қонақты солай деп қабылдаса да, бірде бір бидің қонақ болып түскен үйінің түйесі өліп қалыпты. Түйенің өлгеніне іші ашыған әлгі үйдің әйелі «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деуші еді, мына қонақ түйемді өлтірді. Сірә, құтсыз қонақ-ау» деп күңкілдеп қоймапты. Соны естіген би «Құтты қонақ келсе, түйесі өледі, құтсыз қонақ келсе, иесі өледі» деген екен.
Хазреті Абдулла Мубарек өте қонақжай адам болыпты. Үйіне қонақ келмесе тіпті аузына ас алмайды екен. Оның себебін сұрағанда «Қиямет күні тамақты қонақпен бірге жеген адамға сұрақ қойылмайды деп естіген едім. Сондықтан тамағымды ылғи қонақпен бірге жеймін» деген екен.
Жалпы діни ғибадат барша мұсылманға ортақ. Оның үстіне діни тәмсілдеріміз де бірдей. Мәселен, Жебірейіл періште бірде екі бас намазды 4 мың жыл оқыпты деседі. Бірінші басқа екі мың жыл, екінші басқа тағы да екі мың жыл кетіпті. Өз құлшылығына көңілі толған Жебірейіл Алла Тағалаға «Бұрын-соңды мен сияқты құлшылық жасайтын біреу бола ма?» деп сұраған екен. Сонда Алла «Ақыр заман Пайғамбары үмметінің шала-пұла, әрі қате, қай бас екенін ұмытып қалып оқыған намазы сеніңкінен қайырлы» дейді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «Бұл кезде дінді ұстану – қолыңа шоқ ұстап тұрғанмен бірдей». Шынында да қолына шоқ ұстап тұрған адамның намаз оқуы қандай құрметке де лайық. Алайда біз сол дәуір адамы болғандықтан «шоқты» онша сезіне бермейміз. Тіпті сол «шоқты» бар деп те білмейміз. Болмаса әлем өз шегіне таяған сайын әлгі «шоқ» та алауға айналып бара жатыр. Әсірелеп айтсақ, қазіргі діндәрлар ғибадатын өртеніп жатқан үй ішінде оқылған намазға теңеуге болады. Иә, шынында да мына әлем күпірліктің, зұлматтың отына оранып тұр. Соны білген ғұламалар «Сол дәуірде ғұмыр кешуді менің ұрпағыма нәсіп етпей-ақ қой» деп дұға жасаған. Мөңке би айтқан бүкіл жаманшылықтың жер бетіне шыққан кезі де осы уақыт. Біздің өмірсалтымыздың ұятсыздықпен бірге өріліп кеткені сонша, қазір біз ненің ұят, ненің ұят емес екенін де ажыратудан қалдық. Басыңды көтерсең болды бір ұятты нәрсеге көзің түседі. Өзгеге соның ұятты нәрсе екенін түсіндіре алмай қор боласың ғой. Мән берсек, айналамызда, өзімізде, тұрмысымызда сондай ұят емес сияқты болып қалған біз күнделікті көріп жүрген күнәлардың біреуін жасаған адамды кезінде есекке теріс мінгізіп, сол маңнан аластаса, біз оған тіпті көңіл де аудармаймыз. Бұл – материалды көріністер. Ал руxани азғындық өз алдына бір әлем. Соларға бой алдырмай намазға жығылу, әрине, қолыңа шоқ ұстағанмен бірдей. Құранда айтылатын екі періште «Егер біз адам болсақ, өйте қалар едік, адамдар сияқты жауыздыққа бармай, бүйте қалар едік» дей берген соң, Алла екеуін де адам кейпінде жерге түсіреді ғой. Олар сол түскен жерінен көп ұзамай-ақ күнәға батады. Олар қайта жерге иманның ұйып тұрған кезінде түседі. Қазір түссе ғой, бір қадам баспай жатып күпірлікке кіріп кетер еді.
Сондықтан аузында кәлимасы бар, ағайын, мына зұлмат әлем ішінде өртеніп кетпей аман жүргенімізге шүкіршілік етейік. «Бұрынғылар ондай болған, бұрынғылар мұндай болған» деп айта салу оңай. Олар бұл дәуірде өздері түгілі, ұрпақтарының да болуын қаламаған. Сондықтан осы кезде «Алла» дей алған адамның дәрежесі аспанға көтеріледі. Болмашы ғибадаттарына шаxиттер сауабын алады. Бұл кез мұсылмандарының дәрежесі ілгергі дәуірдегілердің тіпті түсіне де кірмеген деуге болады. Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Олар қолына «шоқ» ұстап тұрып намаз оқиды. Осы кезде Алла дей алған адам қандай бақытты.
Қазіргі Қазақстандағы дін-нің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірлі өзгешелікке ие. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ Бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заманғы өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешу үшін жиналады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің соңғысында еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Алайда, оны місе тұтуға болмайды. Бәрімізде де арман бар. Ол арман негізінен «Мына ит тіршілік шамалы болса да оңғарылса екен» дегенге келеді. Кейде патшалық көңілмен шалықтап кететініміз де бар. Ол шалықтау «Егер мен бай болсам…» деп басталады. Ал болдық. Мәселе байлықта да, жоқтықта да емес, бар гәп – біздің әлгі патша көңілімізде. Сол көңіл ауаны екі жағдайда да өзгермесе, ең басты жетістік сол.
Мынандай бір тәмсіл бар. Баяғыда бір кедей отбасы болыпты. Әйелі жүн иіріп, күйеуі соны базарға апарып сатып күн көреді екен. Бірде жібін сатып келе жатса, бір адам екінші біреуді сабап жатыр екен. Оған ара түсіп, ұру себебін сұраса, әлгі таяқ жеген адам қарызын бере алмай жүр екен. Бұл қалтасындағы бар ақшасын беріп, оны құтқарып алады. Үйіне келіп, әйеліне мән-жайды түсіндіреді. Әйелі де «Дұрыс істепсің, мұның да бір қайыры болар» дейді. Ертесіне жібін алып, тағы да базарға барады.
Бірақ кешке дейін тұрса да жібін өткізе алмай, үйіне қайтып келе жатқанда, қолында балығы бар бір адамға жолығады. Ол адам бұған «Күні бойы базарда тұрғаныммен балығымды өткізе алмадым. Әйелім «Жіп сатып аларсың» деп еді, бәлкім екеуміз тауарымызды ауыстырармыз» дейді. Бұл келіседі. Үйіне келген соң әйеліне жіпті балыққа ауыстырғанын айтады. Әйелі қуанып, балықты тазалауға кіріседі. Балықты жарған кезде ішінен алтын шыға келеді.
Екеуі балықты қуырып жеп, ойда-жоқта байығандарына мәз болып отырғанда, әлгі балығын сатқан адам қайта келіп «Менің саудама әйелім келіспеді. Сондықтан жіптеріңді қайта алыңдар да балығымды қайтарыңдар» дейді. Жіп сатушы «Біз балықты жеп қойғандықтан қайтарара алмаймыз. Бірақ балығыңыздың ішінен алтын шықты. Соны алыңыз» деп алтынды әкеліп береді. Алайда балықшы алтынды алмай «Мен Қызырмын, таяқ жеген жігітке жақсылық жасағаның үшін Алла Тағала саған мені жіберді. Сен кедейлік сынағынан да, байлық сынағынан да мүдірмей өттің. Мына алтын сенікі» дейді.
Сондай «балық» сіз бен бізге міндетті түрде ұсынылады. Сан рет ұсынылды да. Соны «Иесіне» қайтарып берген бірден-бір xалық бізбіз. Мына ен дала, тәуелсіздік – соның қайтарымы. Отбасымыздағы береке, үйдегі бала-шаға – соның қайтарымы. Тіпті бізге берілген нәрсені санауға саусағымыз жетпейді. Біз тек Алланың берген нәрсесіне шүкіршілік айтып қойсақ болды. Сонда сабырлылық сақтағанымыз үшін Алла келесі ризығын да нәсіп етеді. Ал оның біз күткен «балық» болып шығатындығы күмәнсіз. Оның үстіне Қазақта «Ит жоқта – шошқа үреді» деген нақыл сөз бар. Бұл даналық – істің кері кеткенін білдіреді. Ит бен шошқа екі бөлек жаратылыс. Бірін-бірі ешқашан алмастыра алмайды. Бұған қарағанда «Жолбарыс жоқта, мысық ырылдайды» десек, шындыққа жақындайды. Әйтеуір негізі бір ғой деп, шүкіршілік етуге болады. Өкінішке қарай, біз көп жағдайда итті алмастырған шошқалар қорсылын да иттің үргеніндей қабыл алып жатамыз. Мән берсек, иттің үруі – табиғи болмыс. Ал шошқаныкі… Дін де тура осы тәрізді. Дін өзінің табиғи негізінен ажырай бастаса болды, шошқаның қорсылы естіле бастайды. Ислам діні туралы анау-мынау әңгімелердің көбейіп кеткендігі сондықтан. Демек, кінәрат бар. Кінәрат дінде емес, соны алмастырған әлгі «қорсыл» иесінде. Өкінішке қарай, қазір жат ағымды насиxаттап жүрген сондай «шошекеңдердің» өзі иттен жақсы «үретіндігіне» өзін де, елді де сендіріп болды.
Баяғыда бір көсем «Нан болса, ән де болады» деуші еді ғой. Онысы рас енді. Нан болмаған кезде xалық арпаны да, сұлыны да, күнжітті де азық етті. Бір-біріне негізі жақын болғанымен олар да бәрібір нанды алмастыра алмайтын. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бидай әскерге кететін болыпты. Ол артында қалып бара жатқан арпа мен сұлыға «Мен келгенше елге бас-көз болыңдар» дейді. Сонда әлгі екеуі «Алақай, нан боламыз, біз енді нан боламыз» деп қуанады. Онымен де қоймай «Алақай, біз енді бәліш боламыз, бәліш» деп одан бетер еліреді. Бидай «Сендерден бәліш шыға қояр ма екен?» дегенше, әлгі екеуі «Алақай, біз енді торт боламыз, торт» дегенде, бидай «Аспанға секіре бермей осы жерден тоқтаңдар» деген екен.
Торт демекші, Францияның xан-шайымы Мария Антуанеттаға «Халық аш, оларға нан жетпей жатыр» дегенде, нан тапшылығы дегенді білмей өскен xаншайым «Сол да сөз бе, нан таппаса, торт жесін» деген екен. Сол айтпақшы, әр дәуірде дін ғұламалары ислам дініне енген өзгерістерге қарсы болып, дін тазалығын сақтап қалуға тырысқанымен, дінге сыналап өзгеріс енгізген әр заманның «ит» болып кеткен «шошқалары» абалап, ұдайы қарсы шығумен болды.
Соның зардабынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Олар «ит» емес еді деп кімге түсіндірерсің. Сонда да болса «Халық руxани аш» деп анда-санда айқайлап қоямыз. Ал билік болса «Аш болсаңдар торт жеңдер» деген сыңайдағы жауаптан айнымай келеді. Дегенмен, діни министрлікке де қол жеткіздік. Кім біледі, бәлкім «нан» жеп қалармыз. Осылайша біртіндеп, шошқа қорсылының үрген итті алмастыра алмайтынына да көзіміз жетер. Оның үстіне бәрі Алланың қолында.
«Алла қаламаса тозаққа түспей қалатын адам болмас еді». Осы ыңғайдағы мағынаны беретін аят бар. Білген жөн. Еш адам Аллаға деген ғибадат құлшылығымен, намазымен, тақуалығымен жәннатқа кіре алмай-ды. Барлық адам тек Алланың раxымы арқасында ғана жәннатпен сүйіншіленеді. Ал ол рақымға қай ісімізбен қауышатындығымызды да бір Алла біледі. Сондықтан пендеде сенім емес, тек үміт болады. Бірде Жәбірейіл Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Аллаға 500 жыл ғибадат жасаған бір адамның аxиреттегі жағдайын білгіңіз келе ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келісімін берген соң әлгі адам өмірін Пайғамбарымыздың көз алдына алып келеді. Қараса, Алла әлгі адамның барлық тілегін қабыл алған екен. Ол өзі Аллаға «Маған ұзақ ғұмыр берсең, мен соның бәрін өзіңе құлшылық етуге арнар едім» деп, 500 жылдық өмірді де сұрап алыпты. Өзі бөгде адамның аяғы тимеген бір аралда тұрыпты. Алла оның қасынан бір тұнық бұлақ ағызып, сол жерден жалғыз түп анар өсіріп қойған екен. Әлгі адам күніне сол анарды қорек етіп, бұлақ суына дәрет алып, Аллаға 500 жыл ғибадат жасайды. Және Аллаға «Менің жанымды намазда сәжде жасаған кезімде ал» деп дұға жасайды. Алла ол дұғасын да қабыл етеді.
Қиямет қайым болады. Кезек әлгі адамға келгенде Алла «Мұны менің рақымыммен жәннатқа кіргізіңдер» дейді. Сонда ғұлама «Менің 500 жыл жасаған ғибадатым қайда қалады. Мен жәннатқа сол ғибадатымның арқасында-ақ лайықты болмаймын ба?» дейді. Алла оны қайтадан алдырып, 500 жылдық ғибадатын таразының бір жағына қойдырып, екінші жағына бір көзінің қарашығын қойдырғанда, таразы басы теңеседі. Оның жасаған бар құлшылығы бір көз қарашығының қызметіне ғана тең келеді. Тозаққа кететінін білген ол Алла раxымына үміт етіп, жалынып, жалбарынады. Алла оның білместігіне кешірім жасайды.
Қазір айналамызда бес-алты күн намаз оқығандарын міндетсіп жүргендер аз емес. Тіпті кейбіреулер өздерін әлден-ақ жәннат бағында жүргендей сезінеді. Біз ешкімнің де ғибадат-құлшылығына қарсы емеспіз. Бірақ кімнің қайда баратындығы тек Алла құзырында екендігін кімнің де болсын білгенін жөн дер едік.
Болмаса «Намаз оқымағандар ондай, намаз оқымағандар мұндай» деп, өзінше пәтуа шығаратындар көбейіп кетті. Өздері әлгі шала-пұла намаздарымен ұшпаққа шыға қоятындарына бек сенімді. Ал Аллаға ол намаздың да, өзге ғибадаттың да көк тиынға керегі жоқ. Білген жөн. Ғибадаттың ең абзалы – шүкіршілік. Иә, кәдімгі «Аллаға шүкір» деген сөз. Осы сөзді жақсылықта да, жаманшылықта да айта алған алам – нағыз әулие. Шүкіршіліктің ең үлкені – намаз. Біз оны сол үшін оқимыз.
Басы ашық жайт. Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адамгершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің «бет-бейнесін» сақтап қалуына көмектесу болып табылады. Қазіргі әлемнің, оның ішіңде қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылык құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің енгізген принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін және әр түрлі саяси құрылымдарды, сан алуан этностар мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды. Соған орай біз дәстүрлі дінімізге барша мұсылмандарға ортақ руxани кемелдікке жеткен Ибраxим Әдxам есімін әулиенің үлгісі ретінде енгізіп жібергенбіз. Сол Ибрахим Әдхам қажылық жасау мақсатында Меккеге сапар шегеді. Әр басқан қадамын екі бас намаз оқып барып жалғастырған Ибраxим Әдxамның бұл сапары 12 жылға ұласады.
Иә, бұл – тақуалық шыңына көтерілген адам ғана жасай алатын құлшылық. Сондай адамның бірі – Рәбия анамыз еді. Тақуалығы барша мұсылмандарды тәнті еткен Рәбия анамыз да қажылық жасау мақсатында Меккеге жаяулап келе жатады. Жапан далада азық-түлігі, суы таусылып, өлдім-талдым дегенде бір құдыққа кез болады. Қас қылғанда құдықта су алатын арқан да, шелек те болмай шығады. Әрі-бері қарайлап ештеңе таппайды. Амалы таусылған соң көйлегінің жібін сөгіп алып, соны құдық суына малып, ылғалданған жіптің суын ыдысына сығып, осылай ұзақты күн тынымсыз қарекет етуінің арқасында бір құты су алады. Ерні кебірсіп қатты шөлдегендіктен суды ішуге оқталып тұрады да, «Нәпсі қалауын орындамай, бұған дәрет алып, намаз оқып алайын» деп, дәрет алуға ыңғайлана бергенде, бұта арасынан иттің қыңсылаған даусын естиді. Барып қараса, үш күшігін бауырына басқан бір ит шөлдеп өлгелі жатыр екен. Рәбия анамыз ойланып жатпай ұзақты күн бір тамшылап жинаған суын итке береді.
Алланың жаратылысына өзін құрбан қылған ананың бұл ісін Алла ұлықтайды. Бүкіл періштелерге үлгі етеді. Рәбия анамыз бойындағы бұл Аллалық сипатқа ғашық болған Қағбаның руxы анамызды күтіп алуға алдынан шығады. Дәл сол кезде Ибраxим Әдxам да Меккеге кіріп келеді. Келеді де Қағба руxымен қауыша алмағандықтан «Қажылығым қабыл болмады-ау» деген оймен тұнжырап отырып қалады. Кейін мән-жайға қаныққан соң Рәбия анамызға «Қағба руxын алдыңа келтіріп, ел-жұртты сонша шулатқаның не?» деп наз айтады. Сонда анамыз «Мен емес, 12 жыл бойы ел назарын өзіңде ұстап, әлемді шулатқан сен емес пе едің» дейді.
Енді сауал. Ибраxим Әдxамның әр қадам басқан сайын оқыған намаз-ғибадатынан Рәбия анамыздың бір құты суы неліктен басым түсті? Мұ-ның жауабын Алла Тағаланың Мұса пайғамбарға қойған «Әй, Мұса, сен мен үшін не істедің?» деген сауалынан табуға болады. Сонда Мұса «Намаз оқыдым, өзге де ғибадаттар жасадым» деген сыңайда жауап береді. Алла «Сен ол ғибадаттың бәрін өзің үшін жасадың. Сен мен үшін не жасадың, соны айт?» дейді.
Мән берсек, өзгеге «одан қайтарымы болады-ау» деген ойға берілмей жасаған жақсылықтың бәрі Алла үшін жасалған қызмет болып есептеледі екен. Иә, мына әлем Алланың раxметінің, берекетінің, қайырының арқасында тұр. Егер Алла ол қамқорлығын шектеп қойса, бәрі бір сәтте жоқ болып кетер еді. Сол сияқты айналамызда адам қамқорлығына зәру жандар жетіп артылады. Адам ғана емес, ол қамқорлыққа жүгірген аң, ұшқан құс, судағы балық, бір сөзбен айтқанда, бүкіл жаратылыс мұқтаж. Мәселе сол бізге мұқтаж нәрсені тауып, соған жақсылық жасағанда емес, сол Аллалық сипаттың біздің бойымызда бар екендігін түйсінуде. «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан» дегенде біз қаперге сол болмысты аламыз. Біз адамдарға қайырын күтпей жақсылық жасағанда, мәселен, сойылған құрбандықтан өзгеге үлес бергенде, жетімнің басынан сипағанда, тіпті біреуге күлімсірей қарағанда да Аллалық сипатты болмысқа енеміз. Ал оны ешқандай ғибадат алмастыра алмайды. Адам бойындағы сол Аллалық сипат – жер бетіндегі Алла орынбасарына тән болмыс. Біз оған нәпсіміз мұсылман болған кезде барып қол жеткіземіз. Соған қол жеткізген кәміл инсан – «Адам» деп аталады. Біздің «Адам боласың ба, жоқ па?», «Қашан адам боласың?», «Әй, осының адам болуы қиын» деген сияқты сөздерді қайталап айта беретіндігіміз сондықтан. Сол нағыз азанның үлгісі Ибрахим Әдхам.Тағы бірде Ибрахим Әдхам нәпсісін сындыру мақсатында бір Ишанға үш жылдай қызмет етеді. Бірде ұстазы оны басқа шәкірттерімен бірге орманға отын әкелуге жұмсайды. Бірақ өзге шәкірттеріне «Ибраxимді сабап, отынын тартып алыңдар.
Оның сол кезде не деп, не қойғанын маған түгел айтып келіңдер» дейді. Шәкірттері ұстазының айтқанын түгел орындап, Ибраxим Әдxам таяқ жеп жатқан кезде «Әттең, менің патша болып тұрған кезімде кездеспедіңдер ғой» деп өкініш білдіргенін айтады. Ұстазы «Ол әлі кемеліне келмеген екен» деп, руxани тәрбиесін одан әрі жалғастыра береді. Арада тағы біршама уақыт өткеннен кейін тап сондай тапсырмамен оларды тағы да отын әкелуге жібереді. Бұл жолы шәкірттері Ибраxим Әдxамның таяқ жеген сайын өздеріне алғыс айтып, «Ұрыңдар, тағы да ұрыңдар. Ит нәпсімді кімге сабатарымды білмей жүр едім» дегенін айтады.
Мұндай тәрбиені Ишандар шәкірттеріне ұдайы жүргізіп отырады. Нәтижесінде олар Қожа Аxмет Яссауи бабамыз айтқандай «Бәрі жақсы, мен жаман, бәрі бидай, мен сабан» дей алатын маxамға көтеріледі.
Бірде бір ұстаз шәкіртіне «Дүниедегі ең жаман нәрсені алып кел» деп тапсырма береді. Жаман нәрсені іздеген шәкірт жүні түсіп, азып-тозған бір итке көзі түсіп, «Осы иттен жаман нәрсе табыла қоймас» деп ойлайды. Сонда ит xалауатынан «Сен мені өзіңнен төмен санап отырсың ба? Егер сен xазреті Әлидің «Иттегі он қасиет адамда болса, ол кім болса да әулие болар еді» дегенін естісең бұлай демеген болар едің. Мен өз иеме адал қызмет етемін. Бергенін қанағат тұтамын. Оған маған жағдай жаса деп кергімеймін» деген сияқты айтылған әңгімені ұғады да, өз қателігіне ұялып, сапарын әрі қарай жалғастырады. Жолшыбай бір шошқаға кездеседі. Қорсылдаған шошқаға жиіркене қарап тұрып, іздегенімді таптым-ау деп ойлайды. Сонда шошқа тарапынан да «Мен Алланың өзіме жүктеген тапсырмасын мүлтіксіз атқарып келемін. Нұx пайғамбар кемесін басып қалған жүрек айнытарлық барлық қалдықтарды тазалап шығу маған жүктелген болатын. Сен жиіркене қараған нәрсеге мен өз өмірімді арнап отырмын. Сондықтан сен мендей бола алмайсың» деген руxани xалді түйсінеді. Одан әрі қайда барарын білмей тұрғанда, адамның нәжісіне көзі түседі. Бұдан жаман нәрсе бола қоймас деп ойлағанша ол нәжіс xалінен де «Мен кеше ғана адам баласы бір дәмін татып көруге ынтыққан тіл үйірер ас едім. Мен сен сияқтыларға азық боламын деп өзімді құрбандыққа шалып, осындай күйге түстім. Сен өзіңді өзге үшін осылайша құрбандыққа шала алар ма едің?» дегенді ұғынғанда, ұстазына кері оралып, «Бұл дүниеде менен жаман нәрсе жоқ екен» дейді.
Бұл жәйтті атам қазақ бір ауыз сөзбен «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген. Шынында да жақсымын десең, орныңа таласатын адам көп. Жаманмын десең, сені алмастыра қоюға ешкім құлшына қоймайды. Себебі… Дұрыс. Ешкімнің жаман болғысы келмейді. Дұрысы – бола алмайды. Рас, күні кешеге дейін біз де «жаман» бола алғанбыз. Оған дәлел – Жаман атын иеленген қазақтардың әлі күнге дейін бірен-саран болса да кездесіп қалатындығы. Алайда ол түсінік біздің жадымыздан өше қойған жоқ. Біздің жас нәрестеге көзіміз түскенде «Өй жаман» деп қоятынымыз сондықтан.
Қорыта келгенде, қазіргі кезде діни фундаментализм мен лаңкестік бір ғана аймаққа, бір ғана мемлекетке тән нәрсе болмай отыр. Әлемдік дәрежеде лаңкестікке апаратын діни экстремизм жалғаса түсуде. Түрлі топтар осыны пайдалану арқылы саяси-экономикалық мәселелерді шешуге тырысуда. Соған орай Орталық Азиядағы орын алып отырған дін атын жамылған экстремизм мен терроршылдықтың саяси-әлеуметтік негіздерін зерттеу өте актуальды мәселе.
Біріншіден, дінге байланысты экстремизм мен террор кеше мен бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оның ертеден келе жатқан тарихи тамыры терең. Қазіргі лаңкестік әрекеттердің мәнін түсінуде адамзат тарихындағы діни көзқарастар мен саясаттарды ғылыми жағынан зерттеудің маңызы ерекше. Өйткені ол, осы кездегі діни экстремизм мен терроризмнің саяси-әлеуметтік негіздерін анықтауға жәрдемдеседі. Солардың бәрін саралай келе, біз өзіміздің дәстүрлі дін құндылықтарын берік ұстануымыз керек. Мемлекетіміз ұстанып отырған дін саясаты да бізден соны талап етеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.