ҒАСЫРЛАР ҒҰЛАМАСЫНЫҢ ҒҰМЫРЛЫҚ МҰРАСЫ
Қанат АЛТЫНБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазіргі таңда ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы

(әл-Фарабиге қатысты тарихи мәліметтер мен тың мағлұматтар)
Ғұмырдариясы ғасырларға жалғасып, Шығыс пен Батыс дүниесінде трактаттары таралып, «Ғасырлар Ғұламасы» ретінде саналған – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби ат-Түркидің саналы еңбектерінің санаулылары сонау жарқын да жақұт болған орта ғасырлар кезеңінде зерттеле бастағаны бүгінгі күнде ғылыми айналымда нақты дәлелденіп жатыр. Әйтседе ғұламаның ғұмыры туралы көп деректер бізге беймағлұм болып келгені жасырын емес. Сондықтанда біз осынау мақала төңірегінде ұлы философтың өмірі туралы ғасырлар құпиясынан сыр шертеміз.
Көшпелілік пен отырықшылық дамыған орта ғасырлар кезеңінде туып, шығыста бірінші, әлемде екінші ұстаз бола білген әл-Фараби бабамыз 870 жылы Арыстың Сырдарияға құяр сағасында Фараб шаһарында, түркілік ауқатты отбасының шаңырағында дүниеге келеді. Десекте жарық сәуле бар болғандай, көлеңкелі құбылыстарда бар екені анық. Әл-Фарабидің туған жылында аздап талас-тартыстар бар. Кейбір ғалымдар ғұламаны 871 десе, келесі ғалымдар оны 872 дейді. Әйткенмен дүниежүзі ғалымдары 870 жылы туылған, деген ғылыми байламға келіп 871, 872 деген негізсіз болжамдарды жоққа шығарды. Ал енді ойшылдың туған жері туралы да ғалымдар арасында бір тоқтам болмай келген. Яғни әл-Фарабидің туған жері туралы үш нұсқалы деректер қатар жүрген. Оның біріншісі «Фараб» деген қала. Қазіргі Өзбекстан Республикасындағы Бұқара қаласындағы, Әмударияның бергі жағында расында да «Фараб» атаулы жер бар.
Біріншіден ол қала емес, кішкене ғана қыстақ, екіншіден араб тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектерінде ғұламаның туған жерін Арыстың Сырға құяр тұсы деп ашық жазады. Сондықтан Бұхара қаласындағы «Фараб» қыстағымен әл-Фараби туған Фараб қаласының ешқандай байланыс болуы мүмкін емес.
Келесі «Фараб» деген қала Ауғанстанда бар деген де жорамалдар кездеседі. Бірақ бұл аймақтағы қаланың атауы «Фараб» емес, «Фариаб» бұл қаладан түлеп ұшқан ғалым да бар, оның есімі Фариаби деген қосымшамен жалғанған.
Үшінші «Фараб» деген қала Тәжікстанда да бар деген кейбір топтардың болжамы тіптен шындыққа жанаспайды, себебі бұл аймақта мұндай атауға ұқсас бірде-бір қала, тіптен кент, қыстақта жоқ екендігін ғылыми-практикалық тұрғыдан дәлелдеген дін қайраткері, шығыстанушы-ғалым Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі болатын. Отырар шаһарының тарихы тағдырлы болып келеді. Сондықтанда ғаламға ғылым нұрын шаша білген Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыз хақында сөз қозғар болсақ, оның туған жері хақында да іркілмеуіміз ләзім.
Арыстың Сырдарияға құяр сағасында орын тепкен қазіргі Отырар бұрынғы Фараб шаһары турасыда азды көпті тарих парақтарын парақтап, архелогиялық тараптарына тоқталалық.
Жаратқан сыйға тарқан сексен жыл жылдық ғұмырын тек қана жаратқанның жаратқан құбылыстарын зерттеуге арнаған данышпан ғұлама Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыз кіндік қаны тамған Отырар шаһары жайлы жоғарыда азды көпті мәліметтер келтіріп тоқталдық. Оған тоқталуымыздың басты себебі қазіргі таңда біз ғұламаның тікелей мұрагерлері бола тұрып оның есімін «әл-Фараби» деп білеміз. (әрине фарабитанушы, ғалымдардан өзге қарапайым халық, Қ. А.) Ал негізінде оның азан шақырып қойған есімі өзге. Ал «әл-Фараби» деген тіркес оның Фарабтық деген мағынаны білдіреді. Сондықтанда өркениеттерде өрлеу жасай білген бабамыздың туған жері де сол өркениеттер арасында шоқтығы ең биігі. Қаланың толық тарихын білмей біз әл-Фарабиге толық кіре алмақ емеспіз.
Әл-Фарабидің толық аты-жөні «Әбу Насыр Мухаммед ибн Мухаммед ибн Узлағ ибн Тархан әл-Фараби ат-Турки».
Ортағасырлық «Ислам дәуірі» кезеңінде өмір сүрген көптеген ғалымдардың аты секілді ғұламаның да атының ұзақ болуы табиғи заңдылық. Ал ендеше есіміне толық түсіндірме берер болсақ:
«Әбу Насыр» деген сөз араб тілінен аударғанда «Насырдың әкесі» деген ұғымды білдіреді. Осы орайда өздігінен бір сұрақ туындайды, Әл-Фараби өмір бойы үйленбей кеткен болса қайдан «Насырдың әкесі» болады, ал енді нақты жауап берсек, араб елдерінде «Куния» деген ұғым бар, яғни «лақап» ат қою. Ғалымдардың айтуынша ғұламаның өте зерек бір Насыр атты шәкірті болыпты, оны өзіне қатты тартып, қасынан тастамай алып жүрген соң замандастары ойшылды «Насырдың әкесі атап кеткен болса керек.
Ал өзінің азан шықырып қойған есімі «Мухаммед», әкесінің де есімі «Мухаммед». Осыдан-ақ ғұламаның отбасы Ислам дініне деген қандай құрметпен қарағанын аңғарамыз. Яғни «Мухаммед» деп «Ислам дінінде» Алланың елшісі бола білген соңғы пайғамбар «Мухаммедтің» (с.а.у) құрметіне қойған.
Ал «Узлағ» арғы атасының есімі болса есіміндегі келесі «Тархан» сөзі ғұламаның ауқатты және әскери отбасынан шыққандығын көрсетеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда «Тархандықдардың» балалары тоғыз рет қылмыс жасаса да кешірім болады екен. Содан-ақ бұл әулеттің ел алдындағы абыройының қай деңгейде екендігін көрсетіп тұр. Кейбір тарихшылар осы «Тархан» сөзі арқылы ғұламаның түркі тектес Қаңлы руының «Дархан қаңлы» тармағынан шыққан деп те айтып жүр. Әрине бұл қазіргі күнде тек қана болжам ғана, дегенмен шындықтанда алыс емес.
«әл-Фараби» сөзі қазақ тілінде «Фарабтық» деген мағынаны білдіреді. Ортағасырлар кезеңінде өмір сүрген барша ғалымдардың есімі туған қаласының атымен аталған. Мысалы Қашқар қаласында туылған ғалым Махмуд Қашқари, Баласағұн қаласында туған Жүсіп Баласағұни, Иассы қаласында туған Құл Қожа Ахмет Ясауилар сынды Фараб қаласында туғандықтан әл-Фараби атанған болатын.
«ат-Түрки» атты соңғы тіркесі ол кісінің түркі тектес екендігін білдіреді. Әл-Фарабидің аты жөні көптеген араб тарихшыларының еңбектерінде кездеседі. Солардың бірі 1172 – 1248 жылдар аралығында өмір сүрген Жамал ад-Дин Әбулхасан әл-Қифти деген ғалымның еңбегінде әл-Фарабидің есімі аталған екен. Тіптен оған арналған арнайы тарауда бар. Ол жерде әл-Қифти «Мухаммед ибн Мухаммед Тархан әл-Фараби» деп жазған екен. Келесі әл-Фараби туралы жазған Ибн Әби Усайбиға (1203 – 1270) атты ғалым өз еңбегінде оны «Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ» деп жазыпты. Әрі қарай ғұлама туралы арабтың белді ғалымы Фар Саъд өзінің зерттеу монографиясында тура қазір қалай жазып жүрсек дәл солай жазған екен. Дәлірек айтқанда «Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки», деп жазады. Яғни жоғарыда келтірілген Түркі тектес деген ұғымды бұл ғалымда қуаттағанын анық байқауға болады. Бұдан өзгеде әл-Фарабиді түркі тектес деп жазатын үлкен ғалым, зерттеуші Ибн Халиқан болатын. Ол өзінің зерттеу кітабында ғұламаға арнаған «Әл-Фараби – файласуб», яғни «Әл-Фараби – философ» деген көлемді тарау бар. Сол тарауда әл-Фарабидің Фарабтан шыққанын, философ екенімен қоса түркі тектес ұлттан шыққандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазады. Негізінен Әл-Фарабиді дүниежүзілік ғалымдар Түркі деп жазады, жалғыз Ирандық ғалымдар ғана оны парсы текті деп жазады, жазып та жүр. Оларды парсы тектес деуінің басты себебі әл-Фараби туған аймақты сол кезеңдерде «саманилер» билеген екені шындығында тарихи тұрғыдан рас. Дегенмен саманилер тек қана басқарушы билікте ғана болды ғой, ал негізгі отырықшы халық түркілер болатын. Сондықтанда ғылыми тұрғыдан парсы текті деп айту да жазу да қате болмақ. Дәл осы парсы тектес, түркі тектес туралы сөзге байламды, арабтанушы, академик Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Мен дін қызметінде жүргенімде Тегеран қаласына конференцияға қатыстым. Мұндағы бір үлкен кітапханаға барғанымда көргенім – кітапхана дәлізінде «Әбу Насыр әл-Фараби» деп жазылып тұр екен. Сонда мен әл-Фарабидің қазақ топырағында дүниеге келгенін айттым. Бірақ ол кезде маған қарсы шығып сөйлеген кітапхана директоры болды. Ол кісінің айтуынша әл-Фараби – парсы, себебі ол кезеңде Фарабты саманилер билеген-ді. «Рас, сол кезеңде Фараб саманилер қол астында болғаны тарихтан аян. Бірақ, саманилер тек билік басында ғана болды емес пе? Жергілікті халқы түркі тектілер еді», — деп едім. Оған да сенгісі келмеді. Ендеше мен былай дедім: «Кітапханаңызда Ибн Халиқанның кітабы бар ма?». Ол кісі «Иә, бар», — деді. Кітапты әкеліп еді, кітап ішінен «Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында туылған, түркі текті, алғаш үйренген тілі түркі тілі» — деген сөздерді өз көзімен көргенде менің сөзіме иланды». Яғни тағыда ғылыми тұрғыдан айтарымыз әл-Фарабиді түркі деп жазу тарихи тұрғыдан әділеттілік.
Бірақ кейбір зиялы қауым өкілдері соңғы кездерде ғұламаны тіптен «қазақ» ұлтынан шыққан қазақ деп біледі. Бірақ тарих тұрғысынан қарастырар болсақ «Қазақ хандығы» XIV – XV ғасырлар аралығында ғана ұлттық негізде мемлекет болып қалыптасқан еді. Ал, әл-Фарабидің өмір сүрген кезеңі ІХ – Х ғасырлар аралығын қамтиды, сонда әл-Фарабидің тағыда түркілік кезеңнің көрнекті өкілі екенін байқаймыз. Яғни әл-Фрабиді жекелеген ұлттарға қосудың ешбір тарихи негізі жоқ. Дегенменде көрнекті фарабитанушы, академик Бабажан Ғафуров осы талас-тартысқа байланысты пікір қайшылығын жою мақсатында мынадай керемет ғылыми пікір білдіреді: «Әл-Фараби өмір сүрген кезеңде қазақ, өзбек сияқты ұлттар болған жоқ. Бірақ, әл-Фараби қазақ жерінде өмір сүрген түркі тайпасынан шыққан, сол тайпа кейінірек қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан, әл-Фарабиді жеке ұлттарға бөлудің қажеті жоқ», — деп өз сөзін түйіндейді.
Ғұлама турасында көптеген мәліметтердің нұсқаланып кетуі де заңдылық. Себебі ойшыл бізге белгілі көптеген еңбектерінде өзінің жеке басы турасында мәліметтер қалдырмаған. Жәнеде ол сарайларда көп тұрақ таппаған яғни саяхатты ұнатқын. Әрине тек қана қызық үшін әлемді шарламаған. Ғылым іздеп, өркениетті елдердің бай мұраларымен таныс болған. Жәнеде оларды ғылыми айналымға жүйелі түрде енгізе білген.
Қазыналы қуатты, шұғылалы шуақты Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген ғұламаның энциклопедиялық білімді жер-жаһанды шарлап, кітаптарды барлап, жиһанкездікпен жинағаны бізге мәлім. Дегенмен ойшыл алғашқы ғылымхәлді кіндік қаны тамған Отырар медреселері мен кітапханаларынан алғаны анық.
Оған дәлел келтірер болсақ, көрнекті фарабитанушы Мұзаффар Хайруллаев 1975 жылы Ташкентте жарық көрген монографиясында былай дейді: «Көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мауаранаһрде балаларды қолөнер түрлері мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған» [1, 155-157б.], – деп әл-Фарабидің ең алғашқы бастау бұлағын туған жерінен алғанын дәйектеді. Ендеше Орта Азия оның ішінде Дешті Қыпшақ даласында жазу, сызуға деген қызығушылық сонау ерте кезеңдердің өзінде-ақ болғандығы жөнінде қолымызда бар нақтылы деректерге тоқталып, әл-Фараби бабамыздың ғұмыр кешкен дәуір аралығындағы өркениеттерге назар аударсақ, сонда ғана әл-Фарабидің бірнеше трактаттарының тарихи мәнін ашар едік.
Перзентінің ғылымға деген ынталы ықыласын алғаш байқаған ата-анасы Отырар медреселеріне берсе, кейіннен ондағы ерекше дарынды сезіп, бала Мұхаммедті Таяу және Орта Шығыс елдеріне білім мен ғылымның сапарына дайындайды. Болашақ ғұлама жастайынан жаратылыстану ғылымдарымен гуманитарлық ғылым салаларына да бей-жай қарамай медресе ұстазының үйреткенен дәрістерінен өзге, өздігінен кітапханалардағы антика мәдениетіменде танысқан деген дәйекті болжамдар бар. Отырарлық білім мен ғылымның барша түрін толығымен меңгергеннен соң, ол ғылымның машақаты мен махаббаты ерекше болған ұлы керуен жолына аттанады. Ғалымдар арасында оны білім жолына ересек болғаннан соң шықты деген пікірлер бар.
Академик В.В Бартольдтың еңбектерінде: «ІХ – Х ғасырларда ғылыми жұмыстар негізінен Тигр мен Ефрат алқабындағы ескі мәдени орталықтар болған Басра мен Харранға шоғырланды. Антиохиядан грек ғылымы да осында қоныс аударды. Бағдад бүкіл мұсылман әлемінен, әсіресе Иран мен Орта Азиядан шыққан әдебиетшілермен өзіне тарта білді», – дейді. Шыныменде Бағдадқа сапар шегуі заңдылық екенін бірден ұғуға болады. Яғни ол Бағдадқа барар жолында ғылым мен мәдениеттің білікті ошақтарына тоқталып, білімін толықтырып, әр қаладан әртүрлі ғылым салаларын меңгеріп алады. Ұлы жібек жолымен қазіргі Өзбекстан жеріндегі шаһарларға аттанады.
Отырардан кейінгі білімді, Шаш (қазіргі Ташкент), Самарқанд, Бұхара қалаларынан алады (араб ғалымдары нақты қанша жыл тұрақтағаны жөнінде деректер келтірмеген).
Кейіннен ол Иранның бірнеше қалаларына тоқтап, олардан парсы халықтарының мәдениетін меңгереді. Мысалы Нишапур, Рей, Исфаһан, Хамадан сияқты ғылым мен мәдениеттің едәуір дамыған орталықтарына тұрақтайды. Хамаданнан шыққаннан соң бірден Бағдадқа қарай аттанады. Шығыстанушы В.В Бартольдтың келтірген дерегін жоғарыда айттық, ал енді Бағдадқа барудың тағыда бір себебі әл-Фараби өмір сүрген кезеңде бірнеше жылдарға созылған шайқастың соңы араб халифатының жеңісімен аяқталып, Орталық Азиядағы елдерді халифат құрамына қосып алады. Яғни Оның ішінде Фараб шаһарыда қосылып кеткен болатын. Заңдылық бойынша халифаттың құрамында болған халықтардан жинақталған салықтар түгелімен халифаттың орталығы болған Бағдадқа жинақталады. Сөйтіп ең білгір ғалымдар да, шеберлер де ел орталығында шоғырланатыны секілді әл-Фараби де Ефрат пен Тигр алқабындағы көне мәдени ошақтар саналған Басра мен Харранға қоныс аударған болатын. Бір сөз бен айтқанда қоғамдық-философиялық ғылымның орталығы болған Бағдадқа осылай келеді. Ал бұл шаһарда жаратылыстану, медицина, логика саласының білгірлері Әбу Бишр Митта, Йуханна ибн Хайлан мен Әбу Бәкір ибн Сираж сынды белгілі ғалымдар ұзақ жылдардан бері тұрақтап, алыс-жақын аймақтарға атағы шығып тұрған болатын.
Әл-Фараби бұл оқымысты ғалымдардан медицина мен логиканы Йуханна ибн Хайланнан үйренсе, Әбу Бишр Матттадан көне грек тілімен жаратылыстану ғылымын терең үйреніп алады. Орта ғасырлық белгілі тарихшы Ибн Халиканның келтірген деректеріне қарағанда Бағдад шаһарында мәшһүр фәлсафашы Әбу Бишр ибн Йунустің де өмір сүріп жатқан кезеңі әл-Фарабидің шаһарға келуімен тұспа-тұс келіп тұр. Ибн Йунус өз шәкірттерімен қарапайым жамағатқа дәріс оқыған кезінде Аристотель еңбектерімен логика ілімі хақында дәрістерді аса шеберлілікпен оқыған екен. Белгілі бір себептерге байланысты әл-Фараби бірнеше жылға Харран қаласына қайта қоныс аударып, кейіннен қайта Бағдадқа оралып, бар ықыласымен зейінін философияның терең салаларымен айналысуға кірісіп, өзінің білімін жетілдіреді.
Кеңестік ғылым кезінде алғашқыда белгілі себептермен орта ғасырлық зертеушілердің еңбектері толық зерттелмей келді. Тәуелсіздік жылдарынан кейін шығыстанушы ғалымдардың ізденістерінің арқасында орта ғасырлық тарихшы, зерттеуші-философтардың әл-Фараби хақында айтып, жазып қалған мәліметтері бізге кеңінен таныс бола бастады. Орта ғасырлық сондай ірі араб тарихшыларының бірі Ибн Халликан өзінің кітабының бір тарауын «әл-Фараби – фәйләсуф» яғни «әл-Фараби – философ» деген арнайы тақырып берген. Жәнеде оның ішінде ол, ғұлама туралы мынадай дерек қалдырыпты: «Ол аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысыда оның деңгейіне жете алған жоқ. Тіптен мәшһүр дәрігер Әбу Әли ибн Синаның өзі де кейбір шығармаларды жазу барысында әл-Фарабиге сүйенген һәм антика философиясына емін еркін бойлауына да әл-Фараби еңбектері арқылы жол тапқан», – деп ғұламаның еңбектерінің әр кезеңдерде өзінен кейінгі ғалымдарды тәрбиелеуде рухани ұзтаз болғанын жазады.
Ибн Халликанның жоғарыда айтқан дерегіне мына бір оқиғаны келтіруді жөн көрдік. Әбу Әли Ибн Сина бір естеліктерінде: «Логиканы, физиканы, және математиканы меңгергенімнен кейін назарымды метафизикаға аудардым да «Метофизика» деген кітапты оқып шықтым… Мен оны 40 мәрте оқып, жаттап алдым. Алайда мағынасын, не көздеген мақсатын түсіне алмадым. Мен бұл кітапты түсіну мүмкін емес дедім өзіме, үмітімді үзіп. Бір де мен түс ауа базарға кітап түптеушілерге бардым. Бір делдал саудагер кітабын дауыстап мақтап жатты. Маған ұсынды. Бірақ мен оның ешқандай пайдасы жоқ-ау деп, бірден бас тарттым. «Алшы», — деп өтінді делдал саудагер. «Мен бұл кітапты саған арзанға, небәрі 3 дирхемге беремін. Мұның иесіне дәл қазір ақша аса қажет болып тұр», — деді. Мен алдым. Бұл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Метафизика кітабының мақсаттары туралы» деп аталатын еңбегі екен. Мен үйге оралып, оқып шығуға асықтым. Сол сәтте, менің соған дейін оқып, жаттап алған, алайда түсіне алмай жүрген кітабымның мағынасы шайдай ашылды. Менің қуанғаным сонша, Жаратқанға ризашылығымды білдірдім де, келесі күні кедей-кепшікке көп садақа бердім», – деп, өзінің метафизика ғылымына қалай келгенін баяндайды. Яғни Ибн Синаның өзі де медицина ғылымын жетік меңгеруіне әл-Фарабидің еңбектерінің үлесі мол.
Ибн Халликан секілді орта ғасырлық тарихшы, зерттеуші, саяхатшылардың әл-Фараби хақында жазған құнды да құпия мәліметтеріне зерттеу барысында арнайы тоқталамыз.
Сонымен қоса ғұламамыз ғаламдық деңгейде «рухани ұстаз» бола білді. Оған мысал Батыс, Шығыс ғалымдарының көбісі өз діңгектерін әл-Фараби арқылы бекем еткенін жазады. Жәнеде әл-Фараби Орта Азияда философияның етек жаюына бастау бұлақ болды. Мысалы оның «Кемел адам» концепциясын, ғасырлар ауған соң, түркі-мұсылман сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауиде өз хикметтерінде «Кәмил инсан» деп жазады. Одан әрмен жазба әдебиетінің негізін салушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлыда бұл ғұламалардың ізін жалғап, «Толық адам» деген ұғымды қалыптастырады. Яғни бұлардың бастамасы әл-Фараби екенін растайды.
Әл-Фарабиде, Ясауиде, Абайда адамдардың кемелдік деңгейге жетуі үшін көп оқып, қайырымды болуды басты шарт ретінде жазады. Жоғары да келтіргеніміздей әл-Фараби өзінен кейінгілерге рухани ұзтаз болды. Мысалы оның әлмуқабала ғылымы бойынша алгебра мен геометрияны біріктіру идеясын дамытқан Омар ибн-Ибраһим әл-Хайями болатын. Омар Хайямда Ұлықбек те өз еңбектерінде әл-Фараби концепциясын жалғасырады. Сонымен қоса оны Еуропа ғалымдары да ерекеше мойындап, оны ұстаз тұтады. Мысалы оны Еуропада «Альфарабиус» деген атпен құрметтеп атаған болатын. Мысалы әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» атты еңбегін XV ғасырдың өзінде латын тіліне аударылады. Ал бұл еңбектерді Еуропа тілдеріне тәржімалағандар қатарына: Герард Кремонский, Джон Севильский, Доминик Гундиссалия сияқты тілдік қоры бай белді аудармашылар жатады.
Сонымен ұлы ғұламаның жиһанкездікті ұнатқанын сөз барысында айттық. Дегенмен ол тек қана саудагер көпестер сықылды ел-жерді аралап жүрген жоқ. Қай қалаға сапар шекседе ондағы ғылым мен мәдениетті меңгеріп отырды. Яғни ол Бағдад қаласында біраз жылдар болған соң келесі сапар ретінде Шамға келеді, ол мұндағы бай кітап қорларымен емін-еркін сусындап, кейбір ғылым салалары бойынша өзін жетілдіріп болған соң көп аялдамай Мысыр еліне қарай бет алады.
Орта ғасырлық кейбір зерттеушілердің естеліктері бойынша оның бұл қалаға келуінің екі себебі бар десе, біріншісі әдеттегідей бұл жерде де ғылымның дамыған салаларын меңгеріп өзінің ғылымын жетілдіру болса келесі бір тарихи деректерде, әл-Фарабидің бұл жерге келген кезінде сол кездегі әйгілі әмірші Мұхаммед ибн Тұғұж әл-Ихшидтің 935 – 946 жылдары аралығында Мысыр әміршісі ретінде билік құрған кезіне тұспа-тұс келеді екен.
Ал енді сізді қызықтыратын нәрсе мұндағы әл-Фарабименен әл-Ихшидтің қатынасы бар деген сауал болуы заңдылық. Екеуін байланыстыратын екі дүние бар, оның біріншісі екеуі де әлемге ғұламаларымен мәшһүр болған Орта Азия даласынан, екіншісі екеуі де әскери беделді әулеттен шыққандығы.
Шығыстанушы ғалымдардың дерегіне қарағанда әміршінің есіміндегі «әл-Ихшид» тіркесін оған 934 – 940 жылдары аралығында халифа болған әйгілі ар-Радидің өзі берген екен. Ал нақты оның қандай мағына беретіні бізге осы күнге дейін белгісіз. Не дегенмен көпшілік зерттеушілер бұл тіркестің өте абыройлы адамдарда кезедесетінін басшылыққа алады. Әл-Фараби қай қалаға барса да ондағы әміршілер оған лауазымы жоғары қызметке тағайындаса да оған көбінше келіспеген, келіскен жағдайдың өзінде алатын қаражатын ең төменгі деңгейде алып отырған.
Ол өте жұпыны киініп, ел арасындағы ойын-сауық, көңіл көтеретін шаралардан оқшауланып, өзін аулақ ұстап, күндіз сарай бақшасын күзетіп, тапқан аз қаражатына жазуға керекті парақтар мен сия алып отырады. Оның замандастарының айтуына қарағанда ол әрқашан өз үстінен түркілік киімдерін тастамаған, және де бойы ортадан жоғары болыпты, садақты жақсы меңгергендігін айтады.
Ұзақ түндер бойы түрлі ғылым салаларына байланысты кітаптарды оқып, олардан өзіндік түйін жасап, көпшілікке мүлде түсініксіз болып келген антика дүниесіне емін-еркін бойлап, ғылыми түсініктеме, трактаттарын жаза бастады. Әрине әл-Фараби де алғашқыда өзі де антикалық философтарға түсінген жоқ, сондықтанда Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін жүз рет, «Риторикасын» екі жүз рет, «Метофизикасын» қырық рет оқыды. Негізінде мұндай табандылық көпшілік ғалымдарда бола бермейді. Сондықтада әл-Фарабиді күллі жер-жаһан екінші ұстаз деген баға береді.
Негізінен кейбір фарабитанушылардың пайымдауынша «Логика» мәселесі бойынша ол Аристотельден де асып түсуі мүмкін деп те баға береді. Әйтсе де әл-Фарабиден бірде «Егерде сіз Аристотель кезеңінде ғұмыр кешсеңіз не істер едіңіз», деген сауалға ол: «Әлбетте мен оның ең алғырда сөз ұтқыр шәкірті болар едім», деп өзінің рухани ұстазына деген ықыласын білдіреді.
Әл-Фарабидің қалам тарқан салаларын зерттеушілер қатарында шығыстанушы, фарабитанушы, академик Бабажан Ғафуров өз естеліктерінде былай жазады: «Біз – ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, медицинаға, әуез теориясына, алхимия мен магияға арналған дүниелерді көреміз. Ұлы ғұлама фәлсафаның, логиканың, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен әлеуметтанудың сан қырлары жөнінде пікір айтып, келелі еңбектер жазған. Әл-Фараби есімін бүкіл әлемге танытып, оны дүниежүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да – оның осы салалардағы еңбектері», – деп ғылыми пікір білдіріп, ғұламаның ерекше табандылығымен қоса көбінде кездесе бермейтін дарынын жазады [2, 5-6б.].
Біздің пайымдауымызша ғұламаның еңбектеріндегі өзіндік қолтаңбасы ретінде танымал болған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» туралы жазған әлеуметтік-философиялық мәшһүр еңбегі жайдан-жай жазылмаған. Оны кейінгі кезде белгілі бір топтар әл-Фараби идеясын утопияға теңеп ондай қоғам мүмкін емес деген де негізсіз пікірлер келтірген. Ал негізінде әл-Фараби антикалық философтар сияқты қатты әсірелеп те, қиялға да берілмеген, тек қана нақтылы факторларды басшылыққа алған.
Ғұлама бұл еңбегін Бағдад шаһарында бастап, Дамаск (Димашық) қаласында аяқтаған еді. «Қайрымды қала тұрғындары» атты еңбегінде мемлекетті барлық жағынан зерттеп, мемлекеттіліктің бірнеше үлгілерін жазады. Әл-Фарабидің басты назар аударған алғашқы мәселелерінің бірі, мемлекет ізгі болу үшін ол елді басқарып отырған басшының өзіне де көптеген талаптар қойылады. Одан соң қала яғни мемлекет тұрғындары да қайырымды болуы ізгіліктің басты нышаны екенін баяндайды. Яғни әл-Фараби өзінің осы еңбегінде мемлекет басшылырын ең әуелі Имам, және қайрымды қаланың бірінші басшысы дей келе, төмендегідей міндеттер жүктейді:
1) Басшының мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс;
2) Жартылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсіну тиіс;
3) Өзі көрген, естіген нәрселерді жадында жақсы сақтауы тиіс;
4) Алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы тиіс;
5) Ойын ашық жеткізетін ділмар һәм өнер білімге құшатар болуы тиіс;
6) Тағамға, ішімдік ішуде қанағатшыл болып, бұлардан ләззат алуға жиренуі тиіс;
7) Шыншылдықты сүйіп, жалғандыққа жау болуы тиіс,
8) Ар-намысын ардақтай білуі тиіс;
9) Жаратылысынан игі істерге ынтық болып, пасық болмауы тиіс;
10) Дирхем, динар сияқты дүние мүлікке салынбауы тиіс;
11) Әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, озбырлыққа қарсы болуы тиіс;
12) Жақындарына да жат адамдарғада әділетті болуы тиіс;
Бұл келтірілген 12 талап бір адамның бойынан табылса мемлекетті бір адам, ал бірнеше адамның бойынан табылса елді ұйым болып басқаруы керектігін кең көлемде, философиялық ойлары арқылы жеткізеді. Қазіргі тілмен айтқанда парламенттік басқару жүйесі бұған өте қатты ұқсайды. Яғни осы талаптардың жартысына дерлік басшы лайық болса ол елдің бірінші басшысы болады. Ал екінші басшыға қойылатын тағыда 6 талап бар. Олар: дана болу; имамдар белгілеген заңдарды жетік білу; елде заң сақталмаған болса, имамдар үлгісімен жүру; тапқыр да білгір болуы; жұртты жігерлендіре білу; әскери жағынан қабілетті болу. Қарап тұрсақ бір мемлекет басшысының өн бойынан осыншама қабілеттердің табылуы шындығында өте сирек кездескені тарихтан мағлұм. Ал осындай қабілеттері бар мемлекет басшысы елді басқарса ол мемлекет шартты түрде ізгілікке еркін қол жеткізеді.
Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бұл еңбегінде мемлекет ізгілікке жету үшін тек қана мемлекетті басқарушы басшы ғана қайырымды болуы жеткіліксіз екенін баяндай келе, оның тұрғындарына да көптеген талаптар қойып, сынай түседі. Яғни аты айтып тұрғандай «Қайырымды қала тұрғындары» деген атқа лайық болуы үшін тұрғындар әуелі иманды болып, адасушылыққа күллі болмысымен қарсы болып, дүнияуи һәм рухани ілімдерден хабардар болуы керек. Онымен қоса бұл дүниеде болып жатқан табиғи апаттарға, астроаномиядағы яғни аспан әлемінде орын алып, жатқан құбылыстардың сырын толық меңгеріп, философиялық тұжырымдар жасай білуді де басты шарттардың бірі екенін айтады. Онымен қоса бұл мемлекеттің тұрғындары тек қана бұл өмірде қайырымды қоғам бар демей, өздеріне қарама-қарсы яғни надан елдерде бар екенін біліп, одан өздерін аулақ ұстауды басты қағида етіп, олардың яғни, надан, ақымақ, қайырымсыз мемлекеттердің бұл деңгейге қалай тап болуының себептерін біліп, бұлардан өздеріне ғұмырлық өнеге ала білуі тиіс екенін жеткізеді. Ізгілікте өмір сүру үшін ең алдымен тұрғындары да түгелімен иманды, ізгі ниетті, қайырымды, білімді, ақылды, әділ, әскери тәртіпке шебер, өркениеттерден хабардар болуы, сынды бірқатар жақсы қасиеттерге ие болуға шақырады.
Адамдардың соншалықты бір-біріне ізгі ниетпен, қайырымды көзбен қарап, көмектесуі соншалық, табиғат құбылыстарына, яғни ағаштарға, жан-жануарларға да бөлекше қамқор болуы керек екендігін басшылыққа алады. Әл-Фараби тағыда мемлекеттің басты 3 ерекшелікке ие екенін айтады, яғни тілі, әдет-ғұрпы, табиғи қасиеттері. Ал осы келтірілген үш ерекшеліктің үйлесуі арқылы қоғам кемелділікке жетеді, ал үшеуі бір биікте түйіспесе елде тұрақтылық болмай, алауыздық белең алатынын айрықша айтады. Қаланың тұрақты түрде дамуы үшін алдымен елде кіші мемлекеттер яғни отбасылардың да қайырымды болуы шарт. Осы отбасылардың дұрыс болуы арқылы көршілер жақсы болады, ал көршілер жақсы болуы арқылы қалалар, қалалардан мемлекет кемелділікке жететін болады деген тұжырым шығады.
Қарап тұрсақ қазіргі «Жаңа Қазақстан» идеясының негіздері тұтасымен ғұлама еңбектерінде көрініс тапқанына куә боламыз. Оның «Бақыт жолын сілтеу» атты әлеуметтік-этикалық трактаты негізінде қазіргі таңда Шығыс пен Батыстың озық елдерінің көпшілігі «Бақыт» министрлігін құрып, философ келтірген пікірлерін жүзеге асыруда. Шындығында да әл-Фарабидің жазып тұрған бұл «қала» ұғымы ерте, орта ғасырлар кезеңінде «мемлекет» деген ұғымды береді. Яғни әл-Фараби өз еңбектерін тек қана идеялық тұрғыдан емес практикалық тұрғыдан да орындалуына басты назар аударып, көптеген ізденістер жасай білген.
Шығыстың шығып, Батыс елдеріне ренессанс ұғымын енгізген Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі туралы тағы да бір қызықты деректің бірі оның жетпіске жуық тіл білгендігі болса керек. Ал бұл дерек жай ғана әпсана емес. Бұл туралы әйгілі тарихшы Ибн Халликан өзінің «Уафайат әл-ағайан уа анба абна аз-заман» атты тарихи құнды еңбегінде мынадай оқиғаны баян етеді:
Әбу Насырың Мысырдан Халабқа келген кезде Сайф ад Дауламен нөкерлері мәжіліс құрып отырғанның үстіне кіріп келгенде, Сайф ад-Даула оған: «Отыр!» — деп әмір деп етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» — дейді. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сонда отыр», — дейді. Әл-Фараби Сайф ад-Дауланың тура жанына жақын келіп, ығыстырыңқырап жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса, жазалаңдар», — дейді. Сонда әл-Фараби іле-шала әміршінің өзі сөйлеген құпия тілменен: «О, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» — деген кезде, ол қайран қалып: «Апыр-ай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» — дейді. Сонда әл-Фараби: «Иә, мен жетпіске жуық тіл білемін», — деп әміршіні сабасына түсіріп қана қоймай өзінің де сарай алдында біршама даңқы артады.
Кейбір деректерге қарағанда Француз зерттеушісі Канардың айтуына қарағанда, әңгіме «күрд» тілі жөнінде болып отыр дейді. Себебі әміршінің әкесі араб ұлтынан болғанымен, анасы күрд еді. Онымен қоса әмірші қызметшілерінің арасында күрдтерде болған, деген деректі алға тартады.
Сарай әміршісі Сайф ад-Дауланың сарайындағы халықтарды өзінің музыкасыменде ерекше таңғалдыруы жөнінде де қызықты оқиғалар өте көптеп кездеседі. Әл-Фараби қай ғылымға қалам түртсе де оны міндетті түрде математикаменен сандарға байланыстырады. Тіптен ол «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» («Рисала фи қауанин сина, ат аш-шир») атты ғылыми еңбегінде әрбір қолданылатын сөздер мен тіркестерді де математикалық қағидаттар арқылы жаза білген.
Халаб шаһарының әйгілі билеушісі Сайф ад-Даула билік еткен саналы ғұмырында ғылым мен ғалымға деген ықыласы ерекше болғанының дәлелі, сол кездің өзінде «Ғалымдар үйін» қалыптастыруы еді. Ол түрлі ғылым салаларын меңгерген ұлы ғұлама, ғалымдарды сарайға шоғырландырып, оларға қажетті барша жағдайын жасай білді. Яғни өзінің саяси стратегиясында мықты етіп қалыптастыру мақсатында да ғылымды қолдауды басшылыққа алды. Сөйтіп өзінің шабыуылдары кезінде де ғылыми мұрасы мол, ғалымдар мен ақындарды сарайға шоғырландыра білді. Сондай аты Шығысқа кеңінен мәшһүр бола білген шайыр Ахмед әл-Мүтанабби еді.
Ақиық ақын әл-Мүтанабби хақында кеңінен зерттеулер жасаған академик, шығыстанушы-ғалым Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі өз еңбектерінде прфессор Абд әл-Уаһһаб Аззамның мына бір дерегін дәйек етеді [3, 14-15].
Онда профессор: «Ахмед әл-Мүтанабби ұрыс тақырыбындағы қасидаларымен өзге ақындар немесе қара сөз зергерлері шыға алмаған шыңға көтерілді. Бұл араб ақыны өлеңдерінің қуаттылығы сонша – оған теңесетіндері жоқ. Тіпті «Иллиада», «Шаһнаме», Римнің «Энейдасы» немесе үндінің «Махабхаратасы» мен «Рамаянасы» әл-Мүтанаббимен үзеңгі қағыса алмайды», — деп оның жорық ақыны екенін айтып қана қоймай, өлеңдерінің аса жоғары жазғандығы хақында жоғары баға береді. [4, 94-105].
Ал енді әл-Фараби мен әл-Мүтабби екеуін не байланыстырады деген сауалға жауап берер болсақ. 946 жылы әл-Мүтанабби өзінің қан-майданда бірге болған Амшар досының арнайы шақыруыменен Шамда орналасқан Антакия қаласына қоныс аударады. Осыдан екі жылдай уақыт өткеннен соң шағын қала Антакияға әмірші Сайф ад-Даула келіп тоқтайды. Ол кезде әмірші Византияға жасаған жорығынан қайтып келе жатқан болатын. Сарай зиялыларымен болған келелі кездесу кезінде оған әл-Мүтанаббидің ер мінезділігемен шайырлығы қатты ұнап қалады да оның келісімімен сарайға алып кетеді.
Бұл кезде әмірші сарайынде әл-Фараби де қызмет етіп жатқан кез болатын. Әл-Фараби бұл кезеңде мосқал тартып қалған кезі болса, әл-Мүтанаббидің жасы енді ғана отыздың ішін аралап кеткен болатын. Екі ержүрек көп ұзамай айырылмас дос та болып кетеді. Десекте көп ұзамай екеуі де сарайдың жампоз жағымпаздарына ұнамай қалып, негізсіз сындарға ұшырай бастайды. Әуелгіде екеуінің сыртынан қағытпа сөздерді айтып жүрсе, кейіннен көздерінше бір кешкі жиында айтып қалған кезде, ақын әл-Мүтанабби екеуінің атынан былай деп лезде сөз қайырады: «Бізді осындағылардың бәрі біледі. Өйткені біз әмірші сарайындағы екіжүзді, жорғалап жүретіндерден емеспіз. Біздің достарымыз – қас тұлпар, қою түтін, кең дала, алмас қылыш, өткір найза, қалам, қағаз», — дей келе досы екеуінің сарай жағымпаздары емес екенін басып айтады.
Әйтседе бұдан кейін олардың жаулары көбейе бастайды. Ол туралы белгілі әдебиет зерттеушісі Фильштинскии И.М 1965 жылы Мәскеуде жарық көрген зерттеу монографиясында былай дейді: «Бірде әмірші алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халауайх әл-Мүтанаббиге сын-ескертпе жасағанда, ақынның арқасы қозып: «Иа, сен араб емессің, парсысың, саған арб тілін білу қайда?!», — деп қалады. Жарыла жаздаған Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мүтанаббидің басынан ұрады, ал жанжалдың басы қасында болған Сайф ад-Даула ауыз ашпайды», — деп әміршінің де әділетсіздігін жазады. [5, 174-175б].
Бұл уақиғадан кейін әл-Фараби сарай жүйесінің бұзылып бара жатқандығына қатты қапаланып, әл-Мүтанабби екеуі де кезек-кезек шаһарды тәрк етеді. Дегенмен бір деректерде Ибн Әби Усайбиға атты орта ғасырлық араб зерттеушісі мәшһүр дәрігері әл-Фарабидің сарайды тастап кеткенін дұрысынан түсінген әмірші оған берілетін 4 дирхем айлығынан қыспай беріп тұрған дейді. Бірақ ол ақшаны әл-Фарабидің алғандығы немесе алмағандығы хақында бізде нақты деректер кездеспеді. Осыдан-ақ ғұламаның қаншалықты деңгейде қарапайм болғандығын аңғаруға болады. Ол сондай ең жоғарғы қызметте жүре тұрып ең төмен қаражатты қанағат тұтқандығы бізге ғұмырлық қағидат болса артықтық етпейді.
Ғасырлар ғұламасының өмірінің соңы туралы қолда бар мәліметтерге сүйенер болсақ. Әл-Фараби бабамыз 950 жылы қайтыс болып, Шамда «Баб ас-сағир» зиратында жерленген болатын. Сексен жасында.
Фарабитанушы ғалым Мұзаффар Хайруллаевтың жазба дерегінде былай жазады: «Әбу Насыр қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда, жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан»[1, 80-81].
Негізінде ғұламаның жаназасының әміршінің өзінің оқуына қарағанда күллі Мұсылман әлеміне оның сіңірген еңбегінің қандай орасан болдығын көре аламыз. Себебі оның зиратының маңайында 1-2 ғана шақырымдай аумақта күллі Мысыр еліне әмірі жүрген Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс бабамыздың да зираты орналасқан. Және де әл-Фараби жерленген зиратта Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың туыстары (қыздары) жерленген екен. Мұнан анық байқайтынымыз әл-Фараби бабамыз билік пен Исламның да көрнекті қайраткері болған.
Қосымша дерек ретінде айтар болсақ. Ғұламаның мінездес һәм пікірлес ғұмырлық досы ақиық ақын, ер жауынгер әл-Мүтанаббидің де өмірінің соңына қатысты әл-Фараби секілді ұқсас та құпия мынадай мәлімет бар.
Әл-Мүтанабби қасына баласын ертіп, Уасыттан Бағдадқа келе жатады. Күн ыстық болса керек. Рахте қаласынан өте бере Фатих ибн Джаһл әл-Асади бастаған қарақшылар келе жатады. Әл-Мүтанабби кейінгі жылдары жазған өлеңдерінің жазбаларын қарап келе жатса керек. Аталмыш қарақшы әл-Мүтанаббидің басын қылышпен шауып түсіреді. Шайырдың қолындағы өлеңдері құмда шашылып қалады [6, 97-98].
Екі ұлы данышпанның да өмірінің соңы туралы осындай күмәнді және құпия мәліметтер кездеседі. Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің ғұмырын тек қана ғылымды зерттеуге және де оны жаңа сатыға көтеру үшін арнады. Тіптен үйленбей де кетті. Кейбір деректерде оның бір ғашығы Бағдадтың Бану атты қыз болған екен. Бірақ ол бар уақытын ілім-ғылымға арнады және де жетістігін бүкіл әлем мойындап, күнделікті өмірде пайталануда.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген секілді, он бір ғасырдан әрі ассада ешқандай еңбегі замана көшінен бір елі қалған емес. Керісінше әлі күнге дейін мемлекеттердің даму бағдарламаларында ғұламаның мемлекетті басқарушы және дамытушы қағидалары туралы мұралары қолданылу үстінде.
Әлемдік философияны ерекше бір көкжиекке көтеріп, Ислам философиясының негізін қалануына һәм әрі қарай өрлеуіне аянбай еңбек етіп, қайталанбас мол мұра қалдыра білген дархандық данышпаны Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыздың ғасырларға созылған рухани-ғылыми ғұмырбаяны хақында біздің зерттеулеріміз әлі аяқталған жоқ. Әл-Фараби бабамыздың өмірбаянының беймәлім беттерімен қоса ғаламшар ғылымына «темірқазық» болған мол мұрасы туралы да кейінгі кезеңдерде зерттелген еңбектерменен қоса фарабитанудың алғашқы кезеңіндегі тарихи-философиялық зерттеулерді келесі ғылыми-зерттеу мақалаларымызда кеңінен тоқталатын боламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Хайруллаев М. Фараби. Эпоха и учение. – Ташкент: Узбекистан, 1975. – с. 155.
- Бекжан.О.Д. Күлтегін ескерткіші және жай сөйлемнің теориялық мәселелері. Монография, — Түркістан, 2005. – 176 бет.
- Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы, 1975.
- Әбсаттар қажы Дербісәлі. Әбу Насыр әл Фараби – Ұлы даланың дара тұлғасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. – 420 бет.
- Ханна әл-Фахури. История арабской литературы. – Москва, 1961. ІІ Т., с. — 110.
- Фильшинский И.М. Арабская классическая литература. – Москва, 1965. С. 175.
